Шоқан Уалиханов
Шоқан Уәлиханов
Өмір жолы
Орындаған:А.Алиева
Жоспары:
- Шоқанның өмірбаяны: шыққан тегі.
- Құсмырында өткен балалық шақ.
- Білімге құштарлық.
- Шоқанның қызмет жолдары.
- Шоқанның саяхат жолдары.
- Шоқанның достары.
Ш. Ш. Уәлихановтың ата-бабалары байырғы сұлтандар әулетіне жатады. Оның бабасы, Орта жүздің ханы Абылай алғашқылардың бірі болып Ресейдің қол астына кіріп, өмірінің соңына дейін Ресеймен сауда және саяси байланыс жасап отырды. Абылайдың үлкен баласы, Орта жүздің соңғы ханы Уәли бұл байланысты одан әрі дамыта түсті . Шоқан Уәлиханов фамилиясына туған атасы Уәли есімін алады. ХIХ ғасырдың екінші жартысында Г. Н. Потанин жазып алған Уәлихановтардың отбасына қатысты әңгімеде былай делінеді: «Уәли ханның екі қыстауы болған, бірі - Көкшетаудың шығыс жағындағы хан көлінде, екіншісі - Сырымбетте. Абылайдың бәйбішесі Сайманнан өрген ұрпақтар қазір де сонда (яғни, Бурабай жағасында) тұрады. Айғанымның (Уәли ханның кіші әйелі) балалары Сырымбетте». Уәли хан мен оның ұрпақтарына мұрасы ретінде тиген Бас орда Бурабай көлінің жағасында орналасқан және ол түрліше (Орда, Хан көлі, Ханның Қызылағашы т. с. с.) атпен белгілі болатын. Хан билігі жойылып, «Сібір қырғыздары жөніндегі Жарғы» қабылданғаннан кейін Уәли ханның мұрагерлікке қалдырған жерлері балаларына бөлініп берілді. Оның қара шаңырағы Қызылағаш үлкен баласы Ғұбайдоллаға және оның ұрпақтарына көшіп, ал Сырымбет Уәлидің кіші әйелі Айғанымның балаларының еншісіне тиді. Шоқанның әкесі, Абылай ханның немересі Шыңғыс Уәлиев 1811 жылы Қызылағашта (басқа деректер бойынша Сырымбетте) туған. Уәли қайтыс болғанда Шыңғыс жеті жаста еді. Шыңғыс жас кезінен бастап орыстармен тығыз қарым-қатынас жасады, Омбы әскери училищесін тамамдады, патша әкімшілігіне жақын қазақ ақсүйектерінің бірі болды. Әке мұрасына Уәлидің үлкен баласы Ғұбайдолла ие болу керек еді, алайда саяси себептерге байланысты ол өзінің бұл құқығына ие бола алмады. Сөйтіп отбасына Уәли ханның жесірі, Шоқан Уәлихановтың әжесі Айғаным (1783-1853 жж.) бас болады. Айғаным ақылды, көреген, өзінің заманына сай білімді болған әйел. Ол шығыстың бірнеше тілдерін білген, орыс мәдениетіне ден қойып, Сыртқы істер министрлігінің Азия департаментімен және Петербордағы Сібір комитетімен хат жазысып, байланысып отырған. Айғаным жергілікті халықтың арасында өте зор беделге ие болды. Мұрағат мәліметтері Айғанымның қоғамдық-саяси мүдделерінің өте ауқымды болғанын көрсетеді. «Сібір қырғыздары жөніндегі Жарғы» қабылданғаннан кейін, Орталық және Солтүстік Қазақстандағы қандай да маңызды оқиғалар оның қатысуынсыз өткен емес. Айғаным қазақтар мен орыстардың арасындағы достық қарым-қатынастың нығаюына ұмтылып отырды. Ол Қазақ даласында геодезиялық зерттеу жұмыстарымен айналысып жүрген орыс ғалымдары мен инженерлеріне көмек көрсетті. «Уәли ханның орысқа бағынуын, - деп жазды П. П. Семенов Тянь-Шаньский, - Айғанымның өзге туыстары, Уәли ханның алғашқы әйелінен туған балалары мен інілері мойындағысы келмегенде, тек Шоқанның әжесі, Уәли ханның жесірі Айғаным ғана өзінің балаларымен бірге Ресейге адал болып қалды. Александр I Уәли ханның жесіріне үлкен ілтипат көрсетіп, Қырғыз даласында оған арнап үй салдыруға әмір еткен. Шоқан Уәлиханов сол үйде туған». Айғаным орысша білім алудың маңызын жақсы түсінді. 1827 жылы ол өзінің баласы Шыңғысты Шоқанның әкесін Сібірдің шептік казактарының әскери училищесіне оқуға берді. Училище жалпы білім беру бағытында еді және ол орта білім беретін, оның жанында білікті аудармашы мамандар мен топографтарды даярлайтын шығыс тілдерінің арнаулы сыныбы болды. Жеті жылдық білім алғаннан кейін Шыңғыс училищеден жеткілікті дәрежеде сауатты, ғылым, әдебиет пен өнер мәселелерінен хабардар адам болып, сондай-ақ тарих пен географиядан, өз елінің статистикасынан терең мағлұмат алып шықты. Шыңғыс орыс тілін жақсы білетін алғашқы қазақтардың бірі болды. Әскери училищені бітіргеннен кейін Шыңғыс 23 жасында сол кезде жаңа құрылған Аманқарағай округіне аға сұлтан болып тағайындалады да, оған майор, кейіннен полковник шені беріледі. Әскери училищені бітірген жылы (1834 ж.) Шыңғыс Аманқарағайға келгеннен кейін дәстүр бойынша жастайынан атастырып қойған қалыңдығы Зейнеп Шормановаға үйленеді.
Обаған, Құндызды, Терісбұтақ өзендері мен Құсмұрын көлін жағалай қоныстанған атығай, қарауыл, керей, қыпшақ және уақ руларынан тұратын көптеген қазақ ауылдары аға сұлтанның қарамағында болды. Бұл рулардың отырған жерлерін, қыстаулары мен жайлауларын жас Шоқан жазғы демалысқа келіп жүрген кездерінде (1850-1852 жылдары) өзінің суреттері мен сызбаларында бейнелеген. 1835 жылы Аманқарағай округінің орталығы Құсмұрынға көшірілді де, осыған байланысты ол Құсмұрын округі деп аталды. Бұл кезде барлық тұрғын үйлер, шаруашылық құрылыстар және гарнизонға арналған жатақ үймен бірге Құсмұрын бекінісін салу да аяқталды. Уәлихановтың отбасы осы бекініске келіп қоныстанды. Құсмұрын көлінен алыс емес жерде орманның саясында Уәлихановтар «Күнтимес» деп атаған келісті жаздық орда салынды. Шоқанның картасында ол «біздің үй» деп жазылған. Онда Шыңғыс өзінің барлық орыс достарын жинады, онда онымен ғалымдар, журналистер және көптеген инженерлер әңгіме-дүкен құрды. Шыңғыс Құсмұрында жиырма жыл тұрды. Бұл жерде ол үлкен отбасына айналды. Оның жеті ұлы мен бес қызы болды, осылардың ішінде тек Сақыпкерей (Қозыке) мен Әпия және ең кішілері Нұрмұхаммед (Көкіш) қана Сырымбетте туды, үлкен балалардың бәрі Аманқарағай мен Құсмұрында туды. Құсмұрын Шыңғыстың екінші отанына айналды. 1853 жылы Батыс Сібір генерал-губерна-торының ұсынысы бойынша патша үкіметі Құс-мұрын округтік приказын тарату және «оның құрамындағы бес болысты Көкшетау округіне қосу» туралы өкім шығарды. Ол бұйрықта: «Таратылған Құсмұрын приказының орнына Атбасар станицасы орналасқан жерден Атбасар округтік приказы деп аталатын жаңа округтік приказ ашылсын» делінген. Сөйтіп Құсмұрынның орнына Есіл өзенінің бойындағы - Ақмола приказының солтүстік-батыс жағындағы Атбасар елді мекені жаңа әкімшілік орталығына айналды. Шыңғыс отбасымен бірге 1853 жылдың маусым айында көп жыл тұрып, бауыр басып қалған Обаған өзенінің жағасынан көшіп, Сырымбетке, анасының мекеніне қайтып оралды. Шоқан Уәлиханов балалық шағының көбін сол арада өткізді. Уәлихановтардың ата-бабаларынан келе жатқан мекені мен үй-ішілік жағдайы 1865-1867 жылдары Дала комиссиясының мүшесі ретінде Қазақстанды зерттеу жұмыстарына қатысқан Бас штабтың офицері А. К. Гейнстің жазбаларында толық сипатталған: «Шыңғыстың қыстауы бұл арадан он шақырымдай жерде. Оның мекенін қалың қарағайлы әсем екі тау қоршап тұрды; тастақты бір қырқадан асып, ылдиға қарай түскенімізде біздегі орташа помещиктердің дәстүрінде салынған бірнеше үй мен олардың ортасында тұрған мешітті көзіміз шалды. Шыңғыс пен әйелі екеуі тұратын үйдің жиһазы помещиктер үйінің жиһазына ұқсайды. Залда он екі пьесаға дейін ойнайтын орган; аралық қабырғада айналар; хрусталь салпыншақты қола үлкен шырағдан; сондай бра; жұқа, бірақ кең аграмантпен тігілген шағын жібек перделер. Қонақ бөлмесінде гарднер немесе корнилов вазаларының орнына қытай вазалары қойылған; стол үстінде шам, диван және т. б. Еденге ташкент және парсы кілемдері төселген, жиһаздарға жолбарыс, барыс, аю терілері жабылған. Жалпы әсер сүйсінерлік». Шыңғыс Сырымбетте қыста ғана тұрып, жазды жайлауда өткізген. Жазғы демалысқа келген кездерінде кейде Шоқан мен Г. Н. Потанин де Шыңғыспен бірге көшіп жүрген. XIX ғасырдың 50-60 жылдарында Шыңғыстың жаз жайлауы Сырымбеттен алыс, Есіл өзенінің жоғарғы жағында, қазіргі Атбасар даласында болған. Г. Н. Потаниннің суреттеуі бойынша Шыңғыстың белгілі жайлаулары - Құлаайғыр, Қалмақкөл, Салқынкөл және Тоқты. Кейіннен көшіп-қону аумағы тарылып, Шыңғыс жаз мезгілін Сырымбетке жақын, Қазан ауданындағы Саумалкөл (Айыртау), Күйгенкөл, Ақжар мекендерінде өткізген. XIX ғасырдың аяғына қарай Уәлихановтардың отбасы жайлауға көшуді доғарып, Сырымбет төңірегінде өмір сүрген. Шыңғыс туралы көптеген мұрағаттық және әдеби деректерде мәліметтер сақталған, оларда ол сол дәуірдегі қазақ қоғамы тұрмысының, әдеп-ғұрыптарынын, экономикасы мен саяси өмірінің білгірі ретінде сипатталады. Шыңғыс өз заманының мәдениетті және білімді адамы болған, ғылым мен әдебиетті, өнерді бағалай білген. Шыңғыс Солтүстік Қазақстанға ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуге келген ғалымдарға жан-жақты көмектесті. Ғылыми мекемелер мен жекелеген ғалымдар одан Қазақстан жөнінде жаңа мәліметтер алу үшін өтініш жасап отырған. Ондай кездерде Шыңғыс өзінің білгенін және қолындағы бай материалдарды әрдайым зор ықыласпен бөлісіп отырған. Ол қазақтардың адаты жөнінде жазып жүрген С. Сотниковке, И. И. Ибрагимов пен А. К. Гейнске, А. К. Крохалевке және басқа да зерттеушілерге өзінің заңға қатысты және статистикалық мәліметтерімен жиі көмектесіп тұрды. Ғылыми мекемелер мен жекелеген ғалымдардың өтініші бойынша қазақ фольклоры мен этнографиясы жайлы материалдарды жинап, оларды М. В. Ладыженскийге, Н. Ф. Костылецкийге, Г. Н. Потанинге, Қазан университетінің жанындағы антропология және этнография қоғамына табыс етті. Шоқанның ұстазы Н. Ф. Костылецкий 1852 жылы профессор И. Н. Березинге жолдаған хаттарының бірінде: «Сізді бұл тізім Орта жүздің соңғы ханы, Уәлидің баласы, Құсмұрын приказының аға сұлтаны Шыңғыс қайтыс болған таныстарымның біріне табыс еткен «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» халық поэмасының мазмұнымен таныстырғым келеді». Шыңғысты Шоқанның әкесі және орыс ғылымы мен ағарту ісінің Қазақ даласындағы жақтаушысы ретінде, Мәскеу мен Петерборда, әсіресе Географиялық және Антропологиялық қоғамдарда жақсы білген. Бұл қоғамдарға ол қазақтардың өмірінен алынған сирек кездесетін этнографиялық жәдігерлер жинаған. Орта Азия Ресейге қосылғаннан кейін, Мәскеуде ұйымдастырылған өнеркәсіп көрмесіне ол көп деректер берді. Оның этнографиялық коллекция үшін профессор В. В. Григорьевтің өтініші бойынша жинаған жекелеген заттары бүгінде Петербордың, Мәскеу мен Гамбургтің музейлерінде сақтаулы тұр. Шыңғыстың жаңашылдыққа ұмтылысы, әсіресе отставкаға шыққаннан кейін айқын көріне түсті. Бұл «Сібір сепаратистері» саяси процесінен кейін болған оқиғаларда белгілі бір көрініс тапты. 1865 жылы Шыңғысқа «Сібір патриоттарына» деген үндеудің Омбының кадет корпусына таралуына тікелей қатысы бар деген сылтаумен және Уәлихановтардың достары - Г. Н. Потанин, Н. М. Ядринцев, Ф. Н. Усов және басқалар тұтқындалуына байланысты саяси айып тағылды. Омбы мұрағатында «Сұлтан полковник Шыңғыс Уәлихановтың үкіметке қарсы қылмыстық ойлары туралы» деген атпен іс сақталған. Шыңғыс Уәлихановтың Шоқаннан басқа орысша оқып, білім алған тағы да бірнеше дарынды баласы болды. Шоқанның бауырларының арасында ең қабілеттісі жастай дүниеден өткен Сақыпкерей (Қозыке) еді. Өнерді бағалай білген Шоқан Уәлиханов ауылға келген кездерінде дарынды ақын, әрі композитор інісі оны әндерімен риза қылып, қуантып жүрген. Қозыке халық композиторы Ақан серімен достық қарым-қатынаста болған, онымен бірге романтикалық сарында бірқатар ән-әуен шығарған. Ол шығарған әндердің ішінде кең таралғандары - «Ай көкек», «Топай көк», «Сырымбет» және «Көкенің аманаты». Соңғы ән сүйікті ағасы Шоқан Уәлихановқа арналған. Шоқанның тағы бір бауыры Мақы (Мақажан) Уәлиханов (1844-1923 жж.) суретші болған. Ол Петербордағы мылқаулар мектебінде білім алып, кейін түрлі ғылыми мекемелер мен кітапханаларда суретші болып қызмет істейді. Шоқан бауырының дарынына назар аударып, Мақыға Көркемөнер академиясының шеберханасына орналасуға көмек көрсетеді. Ол сол жерде сурет салу өнерімен шұғылданады. Мақы Петерборда 11 жыл тұрған. Туған елге қайтып оралғаннан соң қоғамдық жұмыстармен айналысып, қылқаламын қолына сирек алады. Шоқан Уәлиханов арқылы Мақы Петербор мен Омбыдағы көптеген ғалымдармен, қоғам қайраткерлерімен танысады. Мақыны өте жақсы білген Г. Н. Потанин былай деп жазады: «Көкшетаудан шығып, Уәлихановтардың ауылын іздеп келе жатып мен қазіргі көзі тірі ағайынды төртеуінің бірімен өте ашық байланыста болуым керек болса, ол әрине Мақы болар еді деп ойладым». Г. Н. Потаниннің айтуы бойынша, Мақы Шоқан арқылы қабылдаған орыс халқы мен мәдениетіне деген керемет құштарлығын сақтап қалған. Шыңғыстың өзге ұлдарының ішінен Махмұт Уәлихановты (1848-1918 жылдары) атап өткен жөн. Ол Шоқанның күшті ықпалында болып, бала кезінен орыс және батыс-еуропа классиктерін оқуға құмартты. Махмұт та ағалары сияқты жас кезінен орыс ғалымдарымен, жазушыларымен және инженерлерімен араласты. Олармен достық қарым-қатынасын өмірінің аяғына дейін үзген емес. Оған Географиялық қоғамның Батыс Сібір бөлімшесінен ғалымдар жиі келіп тұрды, кейде Петербордан да келетін. Ол 1908 жылы Н. Павлова арқылы Петербордың қоғамдық кітапханасына (қазіргі М. Е. Салтыков Щедрин атындағы мемлекеттік қоғамдық кітапхана) Ф. М. Достоевскийдің Шоқанға 1856 жылы Семейде жазған хатын беріп жіберді. Болашақ ғалым және ағартушы Шоқан Уәлихановтың туып-өскен отбасы, міне, осындай еді. Шоқан Уәлиханов (толық есімі - Мұхаммед-Ханафия, ал Шоқан - анасының еркелетіп қойған аты) 1835 жылдың қараша айында Құсмұрын бекінісінде туған. Бұл деректің растығын КСРО Сыртқы істер министрлігінің мұрағатындағы Шоқан Уәлихановтың қызметі жөніндегі формулярлық тізім дәлелдейді. Шоқан балалық шағын әуелі Құсмұрында, содан кейін ата-бабаларының мекені болған Сырымбетте өткізді. Бұл тарихи аңыздарға бай Солтүстік Қазақстандағы көркем жерлер Шоқанның балалық шағын және жасөспірім кезінде салған суреттерінде бейнеленген.
Әлі тіптен жас Шоқан қазақ халық эпостарын алғаш Құсмұрында жазып алған. Уәлихановтардың естеліктеріне қарағанда, Шоқан өте ширақ, әрі ақылды бала болған. Оның балалық шағы далада, өзінің ерлікке толы өткені жайлы көптеген аңыздарды сақтаған халықтың арасында өтті. Алғыр бала жастайынан тарихи аңыздарға құлақ қойып, халық арасынан шыққан адамдармен араласуға, ән-жыр және қарапайым адамдардың әңгімелерін тыңдауға құштар болды. Шоқанның рухани байлығының басты белгілері бала кезінде-ақ біліне басталды. Ол ерте есейіп, үлкендерше ойлайтын болды. Бала Шоқанның рухани жағынан өсуіне әжесі Айғаным үлкен әсер етті. Тумысынан сезімтал, дарынды балаға әжесі білім мен халық даналығының сарқылмас көзі болды. Ол Шоқанға қазақтың ежелгі аңыздары мен хикаяларын қызықты етіп әңгімелеп, күні кеше өзі қатысқан тарихи оқиғаларды еске алып отырды. Халықтың озық дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарын бойына сіңірген әжесінің жарқын бейнесін Шоқан өмірінің соңына дейін ұмытпай есте сақтады. Шоқан әуелі Құсмұрындағы жеке қазақ мектебінде оқыды. Мұнда ол арабша хат танып, қарындашпен сурет салуды үйренді. Әдетте бұл мектепте қыпшақ және шағатай тілдеріндегі ортағасырлық әдеби мұраларды оқумен, ауызекі араб және парсы сөздерін білумен жаттығып, шығыс ақындарының өлеңдерін жатқа оқумен айналысатын. Дәстүр бойынша сұлтанның балаларына бірнеше шығыс тілдерін үйрену, яғни «жеті жұрттың тілін білу» міндет болатын. Бұл дәстүр ол кезде әлі сақталып тұрды, сондықтан Шоқан, мұрағат материалдарынан аңғарылғандай, шығыс тілдерімен айналысып, әуелі араб жазуын, кейіннен ұйғыр жазуын да жақсы меңгерді. Шоқанның бала кезінде құмартқан өнерінің бірі сурет салу еді. Бұл өнерді ол Құсмұрын бекінісіндегі Уәлихановтардың үйінде ұзақ уақыт тұрған орыстың суретші-топогрофтары мен геодезистерінен үйренді. Оның үстіне Уәлихановтардың ауылында жиі қонақ болып жүрген орыс ғалымдары, инженерлер мен білімді офицерлер қабілетті баланы өнер мен әдебиетке құштарландыра түсті. Жас Шоқанға сұңқармен аң аулау үлкен ләззат сыйлады. Шоқан далада ұзақ жүретін. Оны шексіз де шетсіз кең дала, жасыл орман, өзен алқабының тоғайлары мен биік жартастар өзіне тартты, ол туған елінің сұлу табиғатынан ләззат алатын. Осындай саяхаттар Шоқанды туған өлкесімен етене етті. Бала кезінде-ақ ол Ақмола мен Баянауыл жерлерін аралап, Баянауыл тауының маңындағы нағашыларына жиі қонақ боп жүрді. Бұл сапарларынан алған әсерлер көпке дейін Ш. Уәлихановтың есінен кетпеді. Кадет корпусының тәрбиеленушісі бола жүріп ол досы Г. Н. Потанинге сол жерлер жайлы естеліктерді әңгімелеп беретін. Шоқан Уәлиханов ерте жастан қазақтың халық поэзиясына қатты құмартып, оның классикалық үлгілерін жазып алып, ата-анасына оқып беріп жүрді. Бала кездің өзінде-ақ ол «Қозы Көрпеш - Баян сұлу» және «Еркөкше» халық поэмаларының түрлі үлгілерін жазып алып, кейін оларды ұстазы Н. Ф. Костылецкийге табыс етті. Оның отбасында жиі қонақ болатын қазақ әншілері мен жыршылары Шоқанның халық поэзиясына деген қызығушылығын оятуға көп әсер етті. Шоқан шығыстың басқа да халықтарының поэзиясымен шұғылданды. Ауылда жүрген кезінің өзінде ол шығыс әдебиеті классиктерінің өлеңдерін оқудан бас көтерген емес. Шоқан өзі жазғандай, шығыс поэзиясына деген сүйіспеншілігін өмір бойы сақтап қалды. «Шоқан ақынжанды және шығыстық кейіптегі адам еді, - деп жазды Шоқанның жақын достарының бірі, белгілі публицист Н. М. Ядринцев, оған араб өлеңдері қатты ұнайтын және ол ұстазы Костылецкиймен бірге сол өлеңдермен масаттанып отыратын». Шоқанның ғылымға қызығушылығын қалыптастыруда, жоғарыда айтқанымыздай, әкесінің алдыңғы қатарлы орыс зиялы қауым өкілдерімен байланыста болуы көп әсер етті. Шыңғыстың ауылында академик А. И. Шренк, Сібір қазақтарының облыстық басқармасында қызмет істеген декабристер С. М. Семенов, В. И. Штейнгель, Н. В. Басаргин, Қазан университетінің студенттері С. Сотников, Н. Ф. Костылецкий, Т. Сейфуллин сияқты көптеген жоғары білімді адамдар болды. Қазақстанды зерттеп жүрген орыс ғалымдары үшін түрлі материалдар жинап, оларды дайындауға Шыңғыс кейде баласын да қатыстырып отырды. Шыңғысқа қазақтың халық поэзиясы мен ертегілерінің, аңыз-әңгімелерінің нұсқаларын жинау жөнінде декабрист В. И. Штейнгельдің сол уақытта Шекаралық комиссияның бастығы полковник М. В. Ла-дыженскийдің атынан жазған хаты бүгінге дейін жеткен. Шыңғыс М. В. Ладыженскийдің өтінішін орындай отырып, үйіне үздік ақындар мен жыршыларды талай рет шақырып, Шоқанның көмегімен қазақтың әндері мен аңыздарын жаздырып алып, оларды одан соң Омбыға жіберіп отырған. Шоқанның білмекке құштарлығы барған сайын күшейе түсті. Ол үлкен қалада оқуды армандайды. Шыңғыс баласын жақсы білім алатын оқу орнына бергісі келеді. 1847 жылдың күзінде әкесі 12 жасар Шоқанды Омбыға оқуға әкелді. Шыңғыстың орыс достары оған баласын Сібірдің сол кездегі ең жақсы оқу орны деп саналған Сібір кадет корпусына оқуға түсіруге көмектесті. Үлкен қала, байтақ өлкенің орталығы ауылдан жаңа келген қабілетті балаға күшті әсер етеді. Шоқан үлкен сүйіспеншілікпен Омбының көріністерін қарындашпен сала бастады. «Орыстың қаласы баланы таңқалдырып, ол қарындашпен қала көріністерінің бірін салды», - деп еске алады Г. Н. Потанин. Шоқанның кадет корпусындағы оқу жылдары - бұл николаев реакциясының жылдары және сонымен қатар феодалдық-басыбайлық құрылысқа қарсы қоғамдық-саяси күрестің күшейген жылдары. Ресей бұл кезде зор тарихи оқиғалардың қарсаңында тұрған болатын. Патшалық құрылысқа қарсы азаттық күрестің жаңғырығы, петрашевскийшілдер жайлы хабарлар самодержавиеге қарсы күреске шақырған В. Г. Белин-скийдің Н. В. Гогольге жазған хаты елдің шалғай аймақтарына да жетіп жатқанды. Белинский мен Герценнің алдыңғы қатарлы революциялық-демократиялық идеялары бүкіл Ресейге белгілі болды, орыс қоғамының маңдайалды өкілдерінің ақыл-ойына өзгерістер енгізді, азаттық қозғалысының дамуына барынша ықпалын тигізді. В. Г. Белинский мен А. И. Герценнің идеялары Сібір мен қияндағы Қазақстанға, сол кезде Шоқан Уәлиханов оқып жүрген Сібір кадет корпусына да жетеді. Сібір кадет корпусы 1845 жылы Сібір шептік казактарының әскери училищесі негізінде құрылып, сол кездегі ең жақсы оқу орын-дарының бірі деп саналды. Декабрист И. За-валишиннің берген бағасы бойынша ол «оқу-ағарту мен патриотизмнің ордасы болды». Н. Г. Чернышевскийдің досы, корпуста дәріс берген В. П. Лободовский Сібір кадет корпусын «әскери және жалпы білім берудің алғашқы ордасы» деген еді. Бұл оқу орнының мәдени маңызын дәл бағалау өте қиын. Аса көрнекті қоғам және әскери қайраткерлер, ғалымдар мен публицистер осында тәрбиеленіп шықты. Олардың кейбірі өздерінің географиялық және ғылыми жаңалықтарымен әйгілі болды. Сібірді жетік білетін, кейіннен ағартушы ғалым, Сібірдегі тұңғыш жекеменшік баспа органы «Амур» газетін шығарушы әрі редактор болған В. И. Вагин осы корпуста оқыды. Ол өзінің корпустағы оқуы жайлы қызықты естеліктер қалдырды. Омбы кадет корпусында кейіннен аса көрнекті саяхатшы және Сібір, Қазақстан, Моңғолия мен Орталық Азияны зерттеуші Г. Н. Пота-нин оқыды. Сібір кадет корпусымен XIX ғасырдағы алдыңғы қатарлы орыс қоғамдық ойшылдарының көрнекті өкілдерінің бірі, Қазақстан мен Сібір халықтарын зерттеуші, публицист Н. М. Ядринцевтің есімі де байланысты. Сібір кадет корпусының аса көрнекті түлектерінің қатарына Шоқан Уәлиханов пен Г. Н. Потаниннің досы, кейіннен атақты ғалым-статист және публицист болған Н. Ф. Анненский де жатады. Корпустағы оқу оның көптеген шәкірттеріне, соның ішінде Шоқан Уәлихановқа үлкен игі ықпал етті. Кадет корпусы жан-жақты және терең жалпы білім беретін оқу орны болды. Корпустың оқу бағдарламасында әскери пәндермен бірге жалпы география, Ресей географиясы, жалпы тарих пен Ресей тарихы, орыс және батыс еуропа әдебиеті, философия негіздері, ботаника, зоология, физика, математика, геодезия, архитектураның басты негізіндегі құрылыс өнері және жаратылыс тарихының жалпы түсініктері, сонымен қатар сызу мен сурет сабағы, каллиграфия жүргізіліп, орыс, француз және неміс тілдері оқытылды. Оған қоса корпуста шығыс тілдерінің арнайы сыныбы да бар еді. Бұл сыныпта түрік, моңғол, араб, парсы тілдері оқытылды. Кадет корпусы сегізжылдық оқу орны еді. Онда екі даярлау сыныбы, бес негізгі және алтыншы - арнаулы сынып болды. Соңғы сыныпта әскери ғылымдар (тактика, артиллерия, далалық фортификация) және ауылшаруашылық ғылымының негіздері оқытылды. Даярлау сыныптарында шәкірттер орыс тілі мен арифметика және сурет сабақтарын оқыды. Негізгі сыныптарда шет тілдері, оған қоса шығыс тілдері: қазақ, татар, шағатай тілдері де оқып-үйретілді. Бұл тілдерді үйрету сабақтары мәтін оқу, сөз жаттау, өлеңдер мен аңыз-ертегілерді мәнерлеп оқуға жаттықтыру тәсілдерінен тұрды. Оқу бағдарламасын аяқтағанда шәкірттер бұл тілдерді тәуір игеріп, еркін сөйлеп, түсінісе алатын. Тарих, география және әдебиеттен бағдарлама көп нәрсені қамтыды. Бастауыш сыныптардан-ақ кадеттер ежелгі заман тарихын, Еуропа географиясын өтті. Төртінші және бесінші сыныптарда әдебиет теориясы, орыс және батыс еуропа әдебиеттерінің тарихы, Ресей империясының тарихы мен географиясы оқытылды. Географияға пән ретінде энтография мен антропология, адамзат нәсілдерін зерттеу, тілдерді топтастыру, туыстас тілдерді басты топтарға бөлу, халықтарды діни түсініктеріне және өмір салтына қарай бөлу енгізілді. Азия елдерін (Қытай, Үндістан, Ауғанстан, Иран) зерттеуге үлкен маңыз берілді. Мұнда Азия халықтары, олардың шығу тарихы, діндері, тұрмыс-салты; Қытай империясы, оның жері, құрылымы мен басқарылуы; Қытай билігіндегі және оның қанаты астындағы жерлер, Тұранның географиялық және саяси тұрғыдан бөлінуі; Бұқара, Қоқан, Хиуа мен Құндыз хандықтары; Шығыс Үндістан мен Арабия мемлекеттері қаралды. Ресей империясының географиясы жөніндегі оқу бағдарламасы да кең көлемді болды. Ол экономикалық география, статистика бағдарында оқып үйретілді және Ресейдің өнеркәсібі мен ауылшаруашылығы мәселелерін қамтыды. Қазақстан географиясына зор көңіл бөлінді, алайда, оның табиғи байлықтарын зерттеп, игеру мақсатында емес, әскери-стратегиялық тұрғыда қаралды. Онда «Қырғыз даласының шекаралары, жері, жер сипаты, өзендер мен көлдер; судың ерекшеліктері, қатынас жолдары, керуендер жүретін тау жолдары; шүйгін алқаптар, ауа райы және табиғи байлық мәселелері оқытылды. Қырғыздардың саны, тегі, тілі мен діні, бодандықтың басталуы, хандық өкімет билігінің жойылу кезеңі, Бөкей ордасының пайда болуы; сол кездегі ордалардың саны және географиялық орналасуы; Бөкей, Орынбор, Сібір қырғыздарын басқару және соңғыларының ішкі құрылымы; Ресейдің Ұлы жүзді қарауына алуы; Қырғыз даласындағы бекініс орындары және тамаша станицалар. Қолданбалы ғылымдар саласынан сызба геометрия, топографиялық сызу және сәулет өнері мейлінше кеңінен сөз болды. Соңғысы Орынбордағы Неплюев кадет корпусының азаматтық сәулет өнері бағдарламасы бойынша оқытылды. Оқу бағдарламасы сәулет өнері және оны құрайтын элементтер жайлы кіріспе дәрістерді қамтыды. Шәкірттер дәрістер тыңдаумен қатар, құрылыстарда тәжірибеден өтуге, салынып жатқан үй-жайлардың жоспарларын белгілеумен, іргетастарды түзетумен айналысуға тиіс болды. Омбы кадет корпусында оқылған осы көлемді курстардан көрініп тұрғандай, ол әдеттегі орта білім оқу орындарынан көш ілгері тұрды. Ол шын мәнінде ғылым ордасы болды. Оның оқу бағдарламасына тек арнаулы жоғары оқу орындарында ғана оқылатын пәндер (сәулет өнері, сызба геометрия, топографиялық сызу және басқалар) енгізілді. Корпус Ресейдің шет аймақтары зәру болып отырған жоғары білікті және жан-жақты білімді адамдар даярлауды жүзеге асырды. Бағдарламадағы оқу пәндеріне қосымша ретінде ән, гимнастика, жүзу, би, семсерлесу және шабандоздық өнері енгізілді. Сыныптан тыс уақытта кадеттер әскери тактикамен айналысуға тиіс болды. Жазғы лагерь маусымында олар түрлі ұрыс тәсілдерін, топографиялық суретке түсіруді, саперлік және әскери-лабораториялық жұмыстарды, атысуды үйренді. Ішкі тұрмыс тәртібі бойынша кадет корпусында тәрбиеленушілер екі бөлімге: рота мен эскадронға бөлінді. Ротаға ірі шенеуніктер мен жоғары шенді офицерлердің балалары бөлінді, олар жеке, ерекше дортуарларға орналастырылды. Эскадрон казактардың балаларынан құрылды да, дәрежесі бойынша ротадан төмен тұрды. Шоқан эскадронға жіберілді. Рота мен эскадрон шәкірттері бөлек дортуарларда тұрғанымен, сынып сабақтары кезінде бір жерге жиналатын. Сол кездегі әскери оқу орындарының басқарушысы генерал-адъютант Я. И. Ростов-цевтің (1803-1860 жж.) бұйрық хаты бойынша 1851 жылдан бастап қазақ тәрбиеленушілерге корпуста кейбір пәндерді (саяси және жаңа тарих) оқыту шектелді, олар әскери ғылымдар оқытылатын арнаулы сыныпқа көшпей, корпусты бір жыл ерте бітіретін. Я. И. Ростовцев қазақ балаларын «астаналық корпустардан жалпы төртінші сынып курсын бітіргеннен кейін офицер болып шығатын» таулықтардың жағдайымен теңестіруді ұсынды. Осыдан соң корпустың оқу бағдарламасының жаңа жобасы жасалды. Омбы кадет корпусы тәжірибелі педагог, жан-жақты білімді, сыныптар инспекторы, кейіннен Мәскеу кадет корпусының басшысы болған И. В. Ждан-Пушкин іріктеп алған аса білікті оқытушылар құрамымен ерекшеленді. Оқытушылар мен профессорлар арасында университеттік білім алған қабілетті педагогтар көп болды. Шоқан кадет корпусына келгенде орыс тілін жақсы білмейтін, бірақ сирек кездесетін қабілетінің арқасында осы қиыншылықты тез жеңіп шықты. «Шоқан тез дамыды, - деп еске алады оның мектептес досы Г. Н. Потанин, - орыс жолдастарын басып озып, оған көп адам назар аударды, оның қабілеттілігі сондай, тіпті оқуға түспестен бұрын сурет сала бастаған еді». Арада екі-үш жыл өткеннен кейін-ақ Шоқан «тек өз сыныбының алды болып қоймай, өзінің зеректігімен екі жыл жоғары сынып оқушыларын да басып озды». Екінші курстан бастап Шоқан мен оның ұс-таздары арасында етене жақындық және достық қатынас орнады. Шоқанның дамуына Қазан университетінің шығыс факультетін аяқтаған және корпуста орыс әдебиетінен сабақ беретін әдебиетші және шығыстанушы Н. Ф. Костылецский (1818-1867 жж.); өркениеттер тарихынан сабақ беретін, жер аударылған ғалым П. В. Гонсевский; жас кезінде Н. Г. Чернышевскиймен дос болған және оның идеяларын жақтаушы әдебиетші П. В. Лободовский көп ықпал етті . В. Г. Белинский мен А. И. Герценнің революция-демократиялық идеяларымен тәрбиеленген демократ орыс зиялылары еді. Мұрағаттарда Н. Ф. Костылецский мен Шоқан Уәлихановтың сол кездегі атақты шығыстанушылардың бірі И. Н. Березинмен болған ғылыми және әдеби байланыстардың ертеден басталғанын көрсететін эпистолярлық және қолжазба материалдар сақталған. Омбыда Н. Ф. Костылецскийдің қолында қазақ халық поэзиясының көптеп жиналған қолжазбалары, соның ішінде Обаған өлкесінде Ш. Уәлиханов қағаз бетіне түсіртіп, кейін Шоқан өзі табыс еткен белгілі «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» жырының бірнеше үлгісі бұл әдеби байланысты жандандыра түсті. Қазақ халық әдебиетінің қазынасын ғылыми ортада жылдамырақ жария ету үшін Н. Ф. Костылецский бұл көп материалды Петерборға, профессор И. Н. Березинге жіберді, содан бері олар ғалымның мұрағатында сақтаулы. Н. Ф. Костылецкий жас Шоқанның ең жақсы ұстазы болды. Олар біраз жыл бойы зор сүйіспеншілікпен қазақтың халық эпосын зерттеумен шұғылданды, олардың осы саладағы бірлескен жұмысы жемісті болды. Олар «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» поэмасының ежелгі анағұрлым толық нұсқасын орыс тіліне аударып шықты. 1852 жылы Н. Ф. Костылецкий арқылы Шоқан мен И. Н. Березиннің арасында достық байланыс орнады. И. Н. Березинге хан жарлықтарында кездесетін кейбір терминдерді талдап түсіндіру үшін көмек қажет болды. Бірақ Н. Ф. Костылецкий И. Н. Березинге: «Тоқтамыстың жарлығындағы» талдауға мүлдем келмейтін кейбір сөздер жөнінде бар ықыласыммен көмектесейін-ақ десем де сіздің қасіретіңізді жеңілдетуге шарасыз болып отырмын»деп жауап қайтарып, оған бұл мәселе туралы Шоқан Уәлихановпен байланысуды ұсынды. И. Н. Березин мен Шоқан Уәлихановтың арасындағы хат арқылы байланыс осылай басталған еді. Ш. Уәлихановтың И. Н. Березинге жазған жауап хаты бүгінге дейін жетіп отыр. Бұл хатында Шоқан И. Н. Березиннің барлық сұрақтарына толық жауап береді. Шоқан: «Тоқтамыстың жарлығындағы» бүгінде татар тілінде қолданылмайтын кейбір сөздердің мағынасын қырғыз тілінен іздестіру жөніндегі сіздің ұсынысыңызды өзімнің бұрынғы ұстазым Н. Ф. Костылецкийден естігеннен кейін мен қазақ қарияларынан сұрастыра жүріп, біздің тілімізден бірсыпыра сөздер таптым, оларды сізге жіберуге асық боп отырмын», - деп жазды.Г. Н. Потанин көрсеткендей, Шоқанның тез дамуына оның жеке басының ересен дарындылығы мен сол кездегі кадет корпусында қазақ халқының жалғыз өкілі ретінде оған ерекше назар аударылуы себеп болды. Шоқанға тек корпустың оқытушылары емес, сонымен қатар Омбы зиялыларының кейбір көрнекті өкілдері де зейін қойды. Әдетте мерекелерде оны Уәлихановтардың отбасымен достық қатынастағы адамдардың бірі үйіне қонаққа шақырушы еді. Алғашқы оқу жылдарында Шоқан шығыстанушы Сотниковтың отбасында болып, кейін сурет пәнінің оқытушысы Померанцевтің үйіне барып тұрды. Корпустағы соңғы жылдарда ол білімді офицер К. К. Гутковскийдің отбасында жиі қонақ болды. Осы байланыстардың арқасында Шоқанның кемелденуі таныстық шеңбері әдетте кадет корпусынан әрі аспайтын құрбы-құрдастарына қарағанда тез болды. «Оның кемелденуіне, - деп жазды Г. Н. Потанин, - және оның жалпы тағдырында Гутковскийдің және оның туысы Капустиндер отбасының маңызы зор болды...». Н. Ф. Костылецкийден кейін Уәлихановтың ой-өрісінің кеңеюіне ықпал жасаған педагог, тарих пәнінің оқытушысы, ғылыми қызметке дайындалып жүрген аса білімді адам - Гонсевский еді. Ол корпуста қоғамдық қозғалыстар тарихы жөнінде дәріс оқыды және «оның дәрістері, - дейді Г. Н. Потанин, - біздер үшін өте маңызды болды». Корпустың осындай маңдайалды оқытушылары, өз заманының алдыңғы қатарлы адамдары жас Шоқанды білімге, ғылымға талпындырып, оның демократиялық көзқарастарының қалыптасуына көмектесіп, зорлық-зомбылық пен бүлінушілікке қарсы өшпенділікті тәрбиеледі. Жас Шоқан буржуазиялық қоғам шынайы көрсетілген философиялық трактаттар мен әлеуметтік романдарды тереңдей зерттеді. В. Г. Белинский мен А. И. Герценнің әшкерелеуші мақалалары, Н. В. Гогольдің ащы мысқылы Шоқанға әсер ететін және ол қоғамдық кеселдермен, өмірдегі әдепсіздікпен бетпе-бет келгенде әрдайым жоғарыдағылардың еңбектеріне назар аударатын. Шоқан философиялық танымын көбінесе В. Г. Белинский, А. И. Герцен, кейінірек Н. Г. Чернышевский мен Н. А. Добролюбов секілді ұлы орыс ойшылдарының шығармалары арқылы жетілдіріп отырды. Уәлиханов Т. Карлейльдің әлеуметтік-философиялық трактаттарымен зейін қоя танысты. Кейде Шоқан өз мақалалары мен жазбаларында соларға сілтеме жасады. Шоқанға А. С. Пушкин мен М. Ю. Лермонтовтың поэзиясы зор әсер етті. Олардың көптеген өлеңдерін ол жатқа білді. Шоқан батыс еуропа жазушыларынан Ж.Ж. Руссоның, Ч. Диккенстің, У. Теккерейдің еңбектерін үлкен зейінмен оқыды. Алайда, Шоқанға өзін қызықтырған кітаптарды тауып алудың сәті түсе бермеді. Корпус басшылығы кадеттегілерге прогресшіл бағыттағы әдебиетті, әсіресе В. Г. Белинский, А. И. Герцен және батыс еуропа материалистерінің философиялық еңбектерін оқуға тыйым салды. Сөйткенмен де Шоқан корпуста оқып жүрген кезінде тыйым салынған әдебиеттің көбін оқи алды. Жазғы демалыс кездерінде Шоқан Уәлиханов ауылы - Сырымбетке баратын. Бұл сапарлары оған үлкен ләззат алумен қатар туған халқының өмірімен етене танысып, халық аузынан өлең-жырлар, аңыз-ертегілер жазып алып, тұрмыс-тіршілік көріністерін суретке салып бейнелеуге мүмкіндік беретін. Зейінді Шоқанға сурет салу өнері сол кездің өзінде-ақ халық өмірін бейнелеудің тамаша бір құралы болды. Ол ауылда, туыстары мен достарының арасында жүріп, Сырымбеттің, жаз жайлау мен мекен-қоныстардың суреттерін салумен шұғылданды. 1847-1852 жылдарда салған суреттерін Шоқан «корпустан елге, отпускіге барғанда язмыш суреттер», яғни «корпустан елге, демалысқа барған кезде салған суреттер» деп атады. Бұрынғысынша, демалыс кезінде Шоқанның қызықтайтыны құс салу болды. Алайда Шоқан сұңқармен саят құруға енді басқаша көзбен қарады. Аңшылық ол үшін тек көңіл аулайтын спорт түрі емес, сонымен қатар зерттеу нысаны да болды. Туған елі мен Шығыс елдерін зерттеуге деген қызығушылық Шоқанның бойында кадет корпусында оқып жүрген кезде-ақ пайда болды. Ол осы бастан «белгісіз Азияның» даласына үлкен ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуді арман етті. «Корпус оқытушылары Шоқан - болашақ зерттеуші, ғалым деп қарап жүрген кезде, ол небәрі 14-15 жаста болатын», - дейді Г. Н. Потанин. Шоқан Омбыда табыла қоюы қиын сирек басылымға жататын тарихи-географиялық әдебиетті құныға оқыды. «Мен үшін басшылардың Шоқанға бас кітапханадан кітап алуға рұқсат еткені, үлкен қуаныш болды. Шоқан кітап қоймасынан Палластың сапарнамасы мен Рычковтың күнделік жазбаларын әкелгенде бұл біздің дамуымыздың бір кезеңі болды. Қалың кітаптар, олардың пішімі, көне баспа, көне сөздер мен ескірген қағаз исі - қандай ғажап, әдеттен тыс, көне заман поэзиясына толы еді. Біз Палластың кітабын, әсіресе, оның біз үшін қымбат жерлерді суреттеген беттерін қызыға оқыдық» - деп жазады Г.Н. Потанин. С. Ф. Дуров, П. П. Семенов Тянь-Шаньский, Г. Н. Потанин, Н. М. Ядринцев Ш. Уәлихановтың білім-дарлығын, әсіресе, шығыс әдебиеті саласындағы білімпаздығын жоғары бағалады. Шоқан Уәлихановтың ағартушылық идеялары мен демократиялық көзқарастары кадет корпусында оқып жүрген кезінде-ақ қалыптаса бастады. Шоқан корпустан жан-жақты терең білім алып, замандастарынан өресі анағұрлым биік адам болып шықты. «Шоқан нағыз плебейлік ортаға түсті... Плебейлік ортада өмір сүру Шоқанның демократиялық идеяларының қалыптасуына, сірә, әсер етпей тұра алмаған болуы керек», - деп жазады Г.Н. Потанин. 1853 жылы 18 жасында Шоқан кадет корпусын бітіріп, «армиялық атты әскердің» корнеті болып шықты.
Шоқан Уәлихановтың қоғамдық және әдеби
қызметі оқуды бітіріп
Жоңғарияда бас-аяғы бес ай болып,
бұл өлкенінің Алакөлден Тянь-
Біздің агенттің... Қашғарда болғандығы және оның Шығыс Түркістан немесе Кіші Бұхария туралы жинаған қызықты мәліметтері туралы хабар Е. П. Ковалевскийдің граф Блудовпен жақын таныстығы болғандықтан, Петербордың жоғарғы қауымына да жетті. Бұл сыбыстың, әсіресе, Үндістаннан Қашғарға жіберілген ағылшын агенті Адольф Шлагинтвейттің Қашқарда қазаға ұшырауы Сыртқы істер министрлігінде белгілі болғандықтан да әсері еселене түсті. 1859 жылдың қара күзіне дейін Шоқан Омбыда болып, сапары жайлы есебін жазды. Ол есебін тез аяқтап, шана жолы ашылысымен Петербоға барып, өте бай және аса құнды ғылыми материалдарын қорытып, өңдеу үшін, тез жетуге асық болды. Тамыздың аяғында оған Тверь қаласына қайтып бара жатқан Ф. М. Достоевский жолықты. Шоқан өзін Петерборда келуін талап етіп отырғандарын, енді бір айдан соң жолға шығатынын айтты. Ш. Уәлихановтың Қашғар экспедициясының нәтижелелері өте маңызды болды. Олар ғалымдардың орасан зор қызығушылығын туғызды. Шоқан Қашғардан «Тазкирян Сұлтан Сутуқ Боғра хан» (Сұтұқ Бұғрахан тарихы), «Тазкирян Туғлуқ Темір хан» (Туғлуқ Темір хан тарихы), «Тазкирян Ходжаган» (Қожалар тарихы), «Абумүслим Маурузи» және басқа да сирек кездесетін шығыс қолжазбаларын, сонымен қатар, тау жыныстарының коллекциясын, нефрит үлгілерін, гербарий, нумизматика ескерткіштерін және т. б. алып келді. Ш. Уәлиханов жинақтаған бай материалдардың ішінде оның Шығыс Түркістан халқы мен олардың кәсібін бейнелейтін қарындашпен салған суреттері үлкен орын алады. Уәлиханов сапарының ең басты нәтижесі «Алтышардың немесе Қытайдың Нан-Лу (Кіші Бұхара) провинциясының шығыстағы алты қаласының жайы туралы» атты үлкен еңбегі болды. Бұл Шығыс Түркістан халықтарының тарихы мен географиясына, әлеуметтік құрылысына арналған, Ш. Уәлиханов заманындағы ғылым жетістіктеріне орайластыра жазылған алғашқы ғылыми еңбек еді. Жаңа материалдарды қамту және оларды терең талдау жағынан оның еңбегі отандық ғылымға қосылған үлкен үлес болды. Ол күні бүгінге дейін өзінің маңызын жойған жоқ. Бұл тамаша еңбекте жас ғалымның жан-жақты терең білімі, асқан дарындылығы, көреген ақылдылығы айқын көрінеді, бұл еңбектің таза әдеби сапасы жақсы әсер қалдырады - көркем тілі, нәзік юмор, қызықтылығы. Ш. Уәлихановтың бұл еңбегінің іс жүзінде қолданылуының да үлкен маңызы болды. Уәлихановтың замандастары - ғалымдар, жазушылар мен әскери мамандар Ш. Уәлихановтың Қашғарды зерттеуін жоғары бағалап, оны «шын мәнісіндегі географиялық жаңалық, үкімет әрі ғылым үшін аса пайдалы», «осы кезге дейін басшылыққа алып келген еуропалық географ-ғалымдар мен шығыстанушылардың кемшіліктерін» толықтыратын еңбек деп санады. Уәлихановтың есебі кейіннен Қашғарда сауда факторияларын орнатуда, сондай-ақ, Ресейдің Батыс Қытаймен сауда және мәдени байланысын орнықтыруда пайдаланылды. Саяхатшы-ғалымға еңбегі үшін штабс-ротмистр атағы беріліп, орденмен марапатталды, ақшалай сыйлық берілді. Ш. Уәлихановтың ұсынысы бойынша, Қашғар саяхатына қатысқан адал серіктері, барлығы 23 адам марапатталды. Керуенбасы Мұсабай мен Семей көпесі Бұқаш, полковник К. К. Гутковский және басқалары да марапатқа ие болды. Ш. Уәлиханов Петерборға 1859 жылдың күзінде келді. Орыс ғалымдары оны батыл саяхатшы, тамаша зерттеуші, Орта Азия мен Қазақстан халықтарының өмірін терең білетін адам ретінде қарсы алды. Орта Азия мәселелері бойынша беделдігімен танылған Ш. Уәли-ханов Сыртқы істер министрлігі жағынан да, Бас штаб жағынан да айрықшы ықыласқа ие болды. Екі мекеме де П. П. Семенов Тянь-Шаньскийдің Ш. Уәлихановты ғылыми жұмыспен айналысуы үшін Петерборда қалдыру туралы айтқан пікірін қолдап, мәселені үкіметтің алдына қойды. Е. П. Ковалевский 1860 жылы 3 сәуірде Әскери министрдің атына жазған хатында: «штабс-ротмистр Уәлихановты Сыртқы істер министрлігінен алатын ақысына қоса, әскери ведомоствоның қаражатынан шеніне қарай берілетін сыйақысын сақтай отырып, Азия департаментіне қызметке тіркеуді» сұрайды. Е. П. Ковальский қажет болған жағдайда «штабс-ротмистр Уәлихановқа Әскери министрлік алдағы Қоқанға қарсы экспедицияға байланысты тапсырма беруге» болады, Сыртқы істер министрлігі оны іссапарға жіберуге ешқандай қарсы емес», - деп жазды. Сыртқы істер министрі А. М. Горчаков Ш. Уәлихановты әскери министрліктен Азия департаментіне ауыстыру жөнінде Александр II -ге өтініш жасап, Шоқанға мынандай мінездеме береді: «Өткен жылы Қашғарға сапар шегіп, Орта Азияның Шығыс бөлімін зерттеп қайтқан және түркі тілінің бірнеше диалектісін жетік білетін штабс-ротмистр Уәлиханов өзінің арнайы мәліметтерімен Азия департаментіне пайда келтіруі мүмкін. Сондықтан, Әскери министрмен алдын-ала келісім бойынша Уәлихановты аталған департаменттің қарамағына алуды ұсынар едім. Ш. Уәлихановты Азия департаментіне ауыстыру туралы бұйрықты Александр II 1860 жылы 15 маусымда бекітеді. Онда былай делінген: «Атты әскер штабс ротмистрі сұлтан Шоқан Уәлиханов атты әскер құрамында да қалдырыла отырып, Азия департаментіне ауыстырып қызметке алынсын». Ш. Уәлихановтың Азия департаментінде болған уақыты өміріндегі ең жарқын кезеңдердің бірі болды. Ол туралы ерекше іс сақталған және ол құжаттар Оңтүстік Қазақстан мен Орта Азияның Ресейге қосылуы кезеңінде Ш. Уәлихановтың маңызды рөл атқарғанын көрсетеді. Ш. Уәлиханов Петерборға Тянь-Шань таулары мен Шығыс Түркістанға жасаған саяхаты барысында жинақтаған қызықты мәліметтерге бай зор білім қорымен келді. Бұл мәліметтер Ш. Уәлихановтың Петерборда көрнекті орыс ғалымдарымен, жазушыларымен болған ғылыми әңгімелердің тақырыбы болды. Петербор туралы Шоқан Омбыда жүргенде жер аударылған С. Ф. Дуровтан көп естіген еді. С. Ф. Дуров революционер демократ, патша үкіметіне қарсы күрескер еді. Ол 1849 жылы 23 сәуір күні петрашевші 35 адам - негізгі топпен бірге тұтқындалды. Петропавл бекінісінде сегіз ай қамауда отырғаннан кейін, Әскери сот С. Ф. Дуровты ату жазасына бұйырды, кейін ол үкім жер аударуға өзгертілді. Қол аяғы кісендеулі С. Ф. Дуров Ф. М. Достоевскиймен бірге Тобылға этаппен айдалып, содан кейін 1850 жылы 23 қаңтарда Омбының каторгалық түрмесіне қамалды. Онда жағдай жан төзгісіз болды. С. Ф. Дуров түрмеден денсаулығы мүлдем нашарлап шықты. Каторга мерзімі аяқталғаннан кейін, 1854 жылы 11 қаңтар күні Петропавл қаласындағы шептік үшінші Сібір батальонының әскери түзету қызметіне қатардағы жауынгер есебінде жіберілді. Бірақ денсаулығына байланысты С. Ф. Дуров әскери қызмет атқаруға жарамады. Оған азаматтық қызметке тұруға рұқсат беріліп, «Сібір қазақтарының облыстық басқармасына төртінші разрядтағы кеңсе қызметкері» етіп тағайындалды. Сонымен қатар, Николай I-нің нұсқауы бойынша, С. Ф. Дуровтың сыртынан «қатал жасырын бақылау қойылып, оның үстінен сол маңдағы басшылық қадағалап отыратын» болды. Басшылықтың қатарында - Сібір қазақтарының әскери губернаторы фон Фридрихс те бар. Облыстық басқармада қызмет істей жүріп, С. Ф. Дуров адамдарға деген ізгілік қарым-қатынасымен, адалдығымен, еңбексүйгіштігімен және іскерлігімен өзіне назар аудартты, К. К. Гутковский мен Ш. Уәлихановтың талабы бойынша, кешікпей үшінші разрядты кеңсе қызметкеріне ауыстырылды. Облыстық басқармада қызмет істеу С. Ф. Дуровқа қырға шығып, қазақ халқының өмірімен танысуына мүмкіндік берді. 1855 және 1856 жылдары оған «денсаулығын түзету үшін» Көкшетау округінде тұруға рұқсат етілді. Бірақ мұнда да ол «жасырын полиция бақылауына» алынды. Генерал Фридрихстың нұсқауы бойынша, Көкшетау округтік приказы ай сайын С. Ф. Дуровтың жүріс-тұрысын хабарлап отыруға тиіс болды. 1856 жылы 26 тамыз күні С. Ф. Дуровқа «Сібірден қайтып, Петербор мен Мәскеуден басқа, империяның қалаған жеріне тұруына рұқсат етілді». Алайда оны Батыс Сібірде тағы бір жыл ұстады. Тек 1857 жылы, тамыз айының соңында ол Омбыны тастап, Одессаға қоныс тепті. Ш. Уәлиханов пен С. Ф. Дуровтың достық қарым-қатынасы Сергей Федорович Омбы бекінісінің абақтысынан босап шығысымен басталды. Бұрын Ш. Уәлиханов ол туралы К. К. Гутковский арқылы естіп, оның тағдырына жаны ашып, ниеттес екенін білдіріп, онымен кездесудің сәтін іздеп жүрді. 1854 жылдың көктемінен достардың әрдайым кездесетін жері Капустиндердің үйі мен Ш. Уәлихановтың пәтері болды. Кездесулер кезінде жан толқытар әңгімелер ортаға салынып, елдің сол кездегі барлық алдыңғы қатарлы адамдарды толғандыратын әлеуметтік саяси өмірінің ең көкейкесті мәселелері талқыланатын. С. Ф. Дуров пен Ш. Уәлихановтың қөзқарастарында көп нәрсе ортақ болып шықты.Шоқан С. Ф. Дуровпен бірге Омбы бекінісінде каторга мерзімін өтеп жүрген орыс жазушысы Ф. М. Достоевскиймен жақын таныс болды. Шоқан Ф. М. Достоевский туралы Капустиндер мен Гутковскийлер үйінде көп естіген. А. Е. Врангельдің айтуынша, Шоқан Ф. М. Достоевскиймен алғаш 1854 жылы Омбыда, Достоевский жиі барып тұратын Ивановтар үйінде танысады. Бұл кездесу екеуінің қөзқарастарының жақындығын, мүдделерінің бір екендігін танытты, сөйтіп олар жақын дос болып кетті. Өзі «өлі үй» деп атаған Омбының каторгалық түрмесінде отырып және одан шыққаннан кейін де Ф. М. Достоевский петрашевшілер тобында қалыптасқан алдыңғы қатарлы көзқарастарынан бас тартпады. Шоқанмен әңгімесінде, оған жазған хаттарында да ол өзін үлкен прогресшіл, ойшыл, Ресейдегі тозығы жеткен помещиктік құрылыстың кемістіктерін әшкерелеуші етіп көрсетті. Шоқан жазушының жақын достарының бірі болған кезде 19 жаста еді. Шоқанның Ивановтар үйіндегі таныстықтан басталған Ф. М. Достоевскиймен достық қатынасы Семей пен Петербордағы кездесулермен жалғасып, алты жыл (1856-1862 жж.) хат жазысуға созылды. 1854 жылдың көктемінде патша үкіметі Ф. М. Достоевскийді облыс орталығынан алыстатып, шалғайға жіберу қажет деп тапты. Ол Семейге, Сібірдің шептік казак әскерлерінің 7-ші батальонына мерзімсіз уақытқа солдаттық қызметке жіберілді. 1856-1858 жылдары елге шыққан сапарларында Ш. Уәлиханов Ф. М. Достоевскийге міндетті түрде соғып, саяси және философиялық тақырыптарда әңгімелесіп жүрді. Шоқанның Ф. М. Достоевскиймен Семейде кездесуі оның өміріндегі аса бір жарқын беттер болды. Бұл кездесу осы күнге дейін сақталған фотосуретте бейнеленген. «Соңғы кезде бізге келіп-кетіп жүрген аз ғана адамдардың ішінен, - деп жазады А. Е. Врангель, - Ф. М. Достоевскиймен көрісу үшін өте сүйкімді жас қырғыз офицері, Омбы кадет корпусында тәрбиеленген Мұхаммед Ханафия Уәлихановтың жолай соғып кеткені есімде... Ол Ф. М. Достоевскиймен Омбыда, Ивановтардың үйінде танысып, оны өте жақсы көрді». Ф. М. Достоевский қазақ ауылының өмірін жақсы білді. Попов, А. Е. Врангель мен М. М. Хоментовский секілді сол кезде жауапты қызметте жүрген адамдарға жақындығын пайдаланып, Ф. М. Достоевский Ш. Уәлиханов және А. Е. Врангельмен бірге қазақ ауылдарын аралап, археологиялық зерттеу жүргізу үшін Арқатқа, Шыңғыс және Тарбағатай тауларына бара алды. Қазақ халқының өмірі Ш. Уәлиханов пен Ф. М. Достоевский әңгімелерінің жаңа қызықты тақырыбы болды. Семейдегі кездесуден кейін олар көпке дейін ажырап қалды. Үлкен қоғамдық тарихи мүддені аңғартатын екі бауырлас халықтың тамаша өкілдерінің жақын идеялық қарым-қатынасының үлгісі саналатын хаттар ғана оларды өзара байланыстырды және Ш. Уәлихановтың хаттарында оның қоғамдық көзқарастары, орыс халқына, орыс мәдениетіне деген оның сүйіспеншілігі көрініс тапты. Атақты орыс жазушысы уақытша Барнаулға кеткеннен соң, Семейден шыққан Ш. Уәлиханов Ф. М. Достоевскийге былай деп жазды: «Өзіңіз кеткеннен кейін мен Сіздің қалаңызда тек бір қонып, келесі күні ертемен жолға шықтым. Бұл кеш мен үшін өте көңілсіз болды. Өзіме жақын адамдардан ажырау және өзіме жақсы ниет білдірген адамдармен айырылысу маған өте ауыр тиді. Сізбен бірге Семейде өткізген аз ғана күн маған сондай ыстық, ендігі менің бар ойым - сізбен тағы да кездесу. Мен адамның сезімдері мен жай-күйі туралы жазуға шебер емеспін, бірақ оның қажеті де жоқ қой деймін: менің Сізге қандай берілгенімді және Сізді қалай жақсы көретінімді, әрине, білесіз». Ф. М. Достоевский жауап ретінде Ш. Уәлихановқа шын жүрегінен шыққан жылы сөздермен былай деп жауап қайырды: «Мейірбан досым менің, Сіздің хатыңызды маған Александр Николаевич табыс етті. Сіз мені жақсы көрем деп жазыпсыз. Ал мен Сізге қысылмай-ақ тура айтайын - мен Сізге ғашық болып қалдым. Мен еш уақытта да және ешкімге де, тіпті, туған бауырыма да, тап Сізге көңілім түскендей жақындықты сезген емеспін... Бұл жерде көп нәрсені айтуға болар еді, бірақ Сізді несіне мақтай берем! Сіз менің ақ ниетіме дәлелсіз-ақ сенетін шығарсыз, қымбатты Уәли хан, бұл туралы 10 кітап жазсаң да, ештеңе жаза алмайсың. Сезім мен құштарлық дегенді түсіндіруге болмайды... Сізбен күймеде тұрып қош айтысқанда, бәріміз күні бойы көңілсіз болдық. Сізді бүкіл жол бойы еске алдық». Ф. М. Достоевский хатында Шоқанға пайдалы кеңес беріп, оны туған халқына қызмет етуге шақырады, өзінің күшін публицистика саласында байқап көруді ұсынады. Ол: «Қолға алған ісіңізді тастай көрмеңіз, - деп жазады. - Сіздің материалдарыңыз өте көп. Дала туралы мақала жазыңыз... Сіз өз тағдырыңызды Отаныңызға өте пайдалы болатындай бағыштауыңызға болар еді. Мысалы, даланың не екенін, оның маңызын және өз халқыңыздың Ресейге қандай қатысы бар екенін Ресей халқына түсіндіру ұлы мақсат, қасиетті іс емес пе?.. Еуропаша толық білім алған тұңғыш қырғыз екеніңізді есіңізге алыңыз. Оның үстіне тағдыр Сізді абзал адам етіп жаратқан. Артта қалуға болмайды, болмайды», - деп жазды. Ф. М. Достоевский бұл жалынды сөздерімен халық ағарту майданында белсенді қимылдауға жігерлендірді. Әрі қарай Ф. М. Достоевский: «Мен сізді жақсы көретінім сондай, Сіз және Сіздің тағдырыңыз туралы ойланам. Әрине, қиялдарымда Сіздің тағдырыңызды ойластырып, әлпештеймін. Бірақ сол қиялдарымның ішінде бір шындық бар, ол - Сіздің өз еліңізден еуропалық білімге тұңғыш қол жеткен адам екеніңіз. Осының бір өзі ғажайып нәрсе және соны ұғынудың өзі Сізге міндет жүктейді... Қош болыңыз, қымбаттым, өзіңізді құшақтауыма, 10 қайтара сүюіме рұқсат етіңіз», - деп жазады. Ф.М. Достоевский бұдан кейін де Ш. Уәлихановтың ғылыми табыстарын қадағалап, оның одан арғы тағдырына шын мәнінде мүдделік танытып жүрді. Ф. М. Достоевский А. Е. Врангельге Тверьден жазған хатында: «Уәлиханов өте сүйкімді, өте тамаша адам. Шамасы, қазір ол Петерборда болса керек? Мен сізге ол туралы жаздым ғой деймін? Ол - Географиялық қоғамның мүшесі. Уақытыңыз болса, Уәлиханов жайлы сұрастырып, біліңіз. Мен оны өте жақсы көремін және оның хал-жайын білуге өте құштармын». Ш. Уәлиханов пен Ф. М. Достоевскийдің достық қарым-қатынастары көп жылға жалғасты. Олардың байланысы Петерборда да үзілмеді (1860 ж.). 1861 жылғы реформадан кейін мистицизмге салынып, самодержавиеге қарсы күрестен бойын аулақ сала бастаған жазушының қызметі мен көзқарастарына Шоқан сын көзбен қарай бастады. А. Н. Майковке жазған хатында Шоқан былай дейді: «Енді Сіздер туралы, Петербор жайлы, менің петерборлық достарым жайында айтайық! Достоевскийлер не істеп жүр? Олар сирек жазатын болды, бірақ оған өзім де кінәлімін, өйткені сирек жауап қайтарамын. Журналдарының жағдайы қалай? «Жалғасы бар» деулеріне қарағанда, жақсы болу керек. Өз арамызда айтқанда, мен солардың негізін, халықшылдығын жөнді ұқпаймын, біресе славяншылдықтың иісі аңқиды, біресе шектен асқан батысшылдықтың иісі шығады. Бітісу байқалмайды немесе бітісу қолдарынан келмей жүр. Менің ойымша, екінің бірі, не батыс үлгісімен түбірінен қайта құру керек, не ескіден айырылмай, тіпті ескі сенімнің өзін де пайдалану керек. Қытайлар секілді «ортаны ұстану» енді жарамайды». Ф. М. Достоевский қазақ досын өмір бойы еске алып жүрді. Шоқан Уәлихановтан алған заттарының бәрі кейіннен ол үшін ең қымбат естелік болып қалды. 1866 жылы Шоқан қайтыс болғаннан кейін Ф. М. Достоевский бірде әйелі А. Г. Достоевскаяға: «Мына үлкен палисандр жәшікті көрдіңіз бе? Бұл - менің сібірлік досым Шоқан Уәлихановтың сыйлығы, сондықтан ол маған өте қымбат. Мен қолжазбаларымды, хаттарым мен қымбат естеліктерімді осында сақтаймын», - деген. Ш. Уәлихановтың Петерборда болған жылдары - өмірінің жарқын беттерінің бірі. Өзінің әрбір табысты қадамын қадағалап жүрген орыстың алдыңғы қатарлы зиялыларымен араласа жүріп, Ш. Уәлиханов осы жылдары әдеттен тыс ерекше таланты мен білімдарлығын таныта алды. Сол кездегі баспасөз беттерінде оның астанаға келуі туралы мақалалар жарияланып тұратын. XIX ғасырдың орта шеніндегі ірі ғалымдардың бірі П. И. Небольсин Шоқан туралы: «Петерборда қырғыздар аз, бес-алты адам бола қояр ма екен? Олар жалпыеуропалық әскери киім киіп жүреді, тек бір адамнан басқасы ғана бұл адам өзінің бар екендігі туралы ерекше ештеңе байқатпайды. Ол біреу - өте жас, кавалерия офицері, сұлтан Шоқан Шыңғысұлы Уәлиханов» - деп жазды. «Мен Уәлихановпен Петерборда жақын таныстым және бірнеше өте тартымды кешті бірге өткіздім, - дейді Л. Н. Плотников, - оның қабілеттілігі мен біліміне олар (Мұхаммед Қали Тәукин және Бабажанов) түгіл, біз Небольсин мырза екеуміз де тең келмеспіз». Ш. Уәлихановтың қызметі Петерборда қайнап жатқан және жан-жақты болды. Ол бірнеше мекемеде қызмет істеді: Бас штабтың Әскери-ғылыми комитетінде, Азия департаменті мен Географиялық қоғамда және сонымен бірге универсиетте лекция тыңдады. Әскери ғылыми комитеттің тапсыруымен ол Орта Азия мен Шығыс Түркістан картасын жасады. Оның редакциясымен «Балқаш көлі мен Алатау жоталары аралығының картасы», «Іле өлкесінің батыс бөлімін рекогносировкалау» (1856 ж.), «Құлжа қаласының сызбасы», «Ыстықкөл экспедициясының нәтижелері туралы есепке қосымша карта» (1856 ж.), «Қытай империясының Батыс өлкесінің картасы» және т. б. жасалды. Ол әрқилы тілдердегі ескі карталарды зейін сала зерттеді. «Шоқан Уәлихановты мен Петерборда офицер кезінде ұшырастырдым, - деп есіне алады Н. М. Ядринцев, - бұл оның даңқы шығып тұрған кез еді. Мен оның Шығыстың көне заманғы жазбаларымен және карталарымен жұмыс істеп отырған үстіне тап болушы едім». Географиялық қоғамда ол К. Риттердің еңбектерін баспаға дайындау ісіне қатысып, Қазақстан мен Орта Азияның географиясы мен этнографиясы жөніндегі материалдарды құрастырып, Шығыс Түркістан және Тянь-Шань және Қырғызстан жайлы қоғам мүшелеріне дәріс оқыды. Оның дәрістері қызықты, әрі тартымды болды, кейбір дәрістері қысқартылып газеттерге де басылып тұрды. Петерборда Шоқан ылғи да көптеген көрнекті орыс ғалымдарымен және әдебиетшілермен араласа жүріп, олармен достық қарым-қатынас орнықтырды. Ол Географиялық қоғамның вице-президенті П. П. Семенов Тянь-Шаньскиймен әрдайым достық қатынаста болып, қызмет бабымен араласып тұрды. Көп реттегі онымен болған әңгімелері Шоқанның ғылыми көкжиегін кеңейтуге ықпал етті және оның жұмысын айтарлықтай Қазақстан мен Орта Азияны зерттеу саласына бағыттады. Ш. Уәлиханов кадет корпусында оқып жүргеннің өзінде, университеттік білім туралы армандайтын. «Шоқан Потанинмен әңгімелесе жүріп, - деп жазады академик В. А. Обручев, - саяхатқа дайын болу үшін, олар Петерборға барып, университетке түсу керектігі жөнінде жиі айтатын». Ш. Уәлиханов Петерборда тұрған кезінде бұл арманы орындалуға жақын еді. Ол университетке жиі келіп, әрдайым П. П. Семенов Тянь-Шаньскиймен дәрістер туралы пікір бөлісетін. «Жаңа қалыптаса бастаған ең жас, талантты әрі жандары таза жергілікті қайраткерлер білім аңсаған Г. Н. Потанин мен Ш. Уәлиханов сияқтылар Петербор университетін бітіріп, жоғары білім алуға ұмтылды», - деп жазды П. П. Семенов Тянь-Шаньский. Петерборға келместен бұрын Ш. Уәлиханов шығыс факультетінде лекция тыңдамақшы болып жүрді. Бірақ ол жерде Ш. Уәлихановты бәрінен бұрын көп қызықтырған тарих, философия және қоғамдық даму тарихы курстары оқытылмады. Сондықтан ол университеттің тарих және филология факультетінің дәрістеріне қатысып , шет тілдерді оқып-үйренуін жал-ғастыра берді. Сонымен қатар, Ш. Уәлиханов өзінің еңбектерін Географиялық қоғамның басылымдарында жариялау үшін дайындайды. Оған мұнда да П. П. Семенов Тянь-Шаньский үлкен жәрдем көрсетті. «Мен Гасфортқа оның генерал губернатордың қол астындағы қызметте қала жүріп, қазақ даласы жөніндегі жинақтап қойған тамаша этнографиялық және тарихи материалдарын өңдеу үшін Петерборға ұзақ уақытқа келуіне мүмкіндік беруін өтіндім. Сонымен қатар, Ш. Уәлихановқа Географиялық қоғам үлкен қамқорлық істеп, жәрдем көрсетеді деп уәде еттім», - деп жазды Ш. Уәлиханов туралы орыс ғалымы мемуарларында. Шоқан орыстың шығыстанушы-ғалымдары-мен, бәрінен бұрын «Орыс географиялық қоғамы жазбаларының» редакторы, профессор А. Н. Бекетовпен тығыз қарым-қатынас орнатты. Азия департаментінде ол Е. П. Ковалевский, Ф. Р. Остен-Сакен, Петербор университетінің профессоры, Құлжадағы бұрынғы елші И. И. Захаровпен араласты. Ол И. И. Захаровпен бірге Азия департаменті жанындағы ғылыми жұмыстарға арналған жоғары мектепте жұмыс істеп, сол арада Орта Азияға баратын адамдарға түркі тілдерінен сабақ берді. Ш. Уәлихановтың пәтерінде шығыстанушы В. В. Григорьев, В. П. Васильев, В. В. Вельяминов-Зернов және т. б. жиі болып тұрды. Ш. Уәлихановтың Петербордағы өмірінің жарқын шақтарының бірін оның орыс жазушыларымен достық қарым-қатынасы құрайды. Әдетте ол Ф. М. Достоевскийдің үйінде жиі болып, оның үй-ішімен, бауыры М. М. Достоевскиймен, сонымен бірге, ақын А. Н. Майков пен Я. П. Полонскиймен, сыншы Страховпен және т. б танысты. Оның Н. Г. Чернышевскиймен ниеттес ағайынды Курочкиндермен достығының маңызы зор болды. В. Г. Баскаковтың зерттеулеріне қарағанда «Н. С. Курочкин 1861 жылы күзде Чернышевскиймен тығыз байланыс жасап, сол уақыттан бастап, пәтерінде жиі болған. Екеуі де Добролюбовты жерлеуге қатысты, шахмат клубында кездесіп тұрды». В. С. Курочкин «Чернышевскийдің пәтерінде болып, онымен шахмат клубында бірнеше рет кездесіп «Земля и воля» құпия қоғамның жұмысына қатысты. Ол тыйым салынған мақалаларының бірқатарында Н. Г. Чернышевский бастаған ұлы іс жолында аянбай күресуге шақырды». Василий Степанов Курочкин (бүркеншік аттары - Знаменский, Темный) 60-шы жылдардағы белгілі ақындардың бірі болды. Шоқан Уәлихановтың достарының бірі - В. С. Курочкиннің бауыры Николай Степанович онымен дүниеден өткенше байланысын үзбеді. Ол ақын және журналист болған (Скорпионов, Преображенский деген лақап атпен жазды). 1861 жылдан бастап ағайынды Курочкиндер «Земля и воля» қоғамының мүшесі болды.1862 жылдан бастап «Лондон насихатшыларымен байланыстары үшін айыпталған адамдар жөніндегі», яғни, А. И. Герцен мен Н. П. Огаревпен байланысы үшін қозғалған істің салдарынан патша күзетінің бақылауында болды. Александр II-ге жасалған қастандық әрекеттен кейін ағайынды Курочкиндер тұтқынға алынып, біраз уақыт Петропавл бекінісінде қамауда отырды. 1861-1862 жылдары Н. С. Курочкин «Иллюстрация» журналының редакторы болып, Ш. Уәлиханов әкеліп берген, қазақ тұрмысын бейнелейтін бірнеше суретті басып шығарды. Көрнекті орыс жазушыларымен және ғалымдарымен күнделікті араласа жүріп, Шоқан олардың Орта Азия мен Қазақстанға қызығушылығын оятып, шет аймақ халықтарына деген олардың достық сезімдерінің қалыптасуына мүмкіндік жасады. Ол кейбір ақындарға шығыс өмірінен тақырыптар берді. Ш. Уәлихановпен болған әңгімелердің әсерінен ақын А. Н. Майков «В степях», «Альпийские ледники», «Емшан» атты өлеңдер жазды. Оның материалдары мен кеңестерін көп авторлар пайдаланды, мысалы, Ыстықкөл, Орта Азия мен Қазақстан туралы жазған Бас штабтың офицерлері А. Ф. Голубев пен Д. И. Романовский, Ш. Уәлиханов материалдарын П. П. Семенов Тянь-Шаньский, М. И. Венюков, Ф. Р. Остен-Сакен, Е. П. Ковалевский мен А. А. Татаринов, П. И. Лерх және басқа да көптеген ғалымдар пайдаланды. Шоқан әзілдегенді, қоршаған ортасындағы кемшіліктерді әжуалағанды жақсы көретін. Ш. Уәлихановтың тапқырлығы, шешендігі оны жақсы білетін достары - ғалымдар мен әдебиетшілерді сүйсіндіретін.
1861 жылдың көктемінде ауыр науқас
Шоқан Уәлихановты Петербордан
кетуге мәжбүр етеді.
Шоқан, әсіресе, қобызшы Құрымбай Қанғожанинді, әнші Көке Әлжановты, Шәкенді, жыршы Кәркені, акробат Әбе Тоғжановтарды қатты ұнатты. Атақты қобызшы, Шоқанның атасы, халық күйлері мен лирикалық әуен-дерді сыбызғы мен домбырада шебер орындайтын Қанғожаның өнері оны жан рахатына бөледі. Шоқанның: «Бақыт - менікі, өнер - Қанғожанікі», - деген нақыл сөзі әлі күнге дейін сақталған. Шоқан Қанғожаға «Балбырауын», «Тарғыл бұқа» күйлерін үнемі тартқызып отырған. Шоқан Сырымбетке таяу Тұранғұл көлінің маңында тұрған атақты Тулақ қобызшының баласы Төлепбергеннің де өнеріне тәнті болды. Ол халық әуендерін қобыз бен сыбызғыда келістіре орындайтын дарынды жас болды. Олар туралы әкелі-балалы күйшілер Тұранғұлда күй тартқанда, қобыз бен сыбызғының дауысы Сырымбет тауына жетіп жатады деген аңыз бар. Ақындар мен жыршылардан Шөже мен Тоғжан, Орынбай мен Арыстанбай, ақын Ажар қыз, әйгілі Шал ақынның ұрпағы Соқыр жырау Шоқанға жиі келіп тұрған. Шоқан ауылда болғанда, Шыңғыс әрқашан ең үздік әншілерді олардың әндерін баласы жазып алу үшін шақыратын болған. Ауылда өмір сүре жүріп ғалым-ағартушы артта қалған мешеуліктің мұңды көрінісіне, екі жақтан езгіде қалған халықтың қасіретімен тағы да бетпе-бет келді. Ол отарлаушы шенеуніктердің жүгенсіз озбырлығы мен қазақ феодалдарының әділетсіздігін көрді. Ол мұндай зорлыққа төзе алмады. Халықтың құқығын қорғап, зорлық-зомбылыққа қарсы тұрады. Бірақ ол утопиялық идеяларға беріліп, «халық бақытын» жоғарыдан, «өкімет билігімен» орнатуға болады деген қате пікірде болды. Оны Атбасар эпизодынан (1862 ж.), Уәлиханов өз кандидатурасын Атбасардың аға сұлтаны болуға сайлауда ұсынуынан көруге болады. «Мен сұлтан болып өз отандастарыма пайда келтіріп, оларды шенеуніктер мен қазақ байларының озбырлығынан қорғайын деп ойладым, - деді Шоқан өзінің Ф. М. Достоевскийге жазған хатында.
- Сондағы бар ойлағаным - өзімнің
үлгім арқы-лы жерлестеріме
тонап жатқан патша шенеуніктері туралы өте ашына жазды. «Ашықтан-ашық аямай сорады...», - деп дала әкімшілігі жайлы ызамен жазды. Алайда, Ш. Уәлиханов қоғамды түпкілікті қайта құру үшін радикалды шаралардың қажет екенін түсінбеді, ол жамандық тұтас отарлық жүйеде емес, патшалық әкімшіліктің кейбір өкілдерінде деп қате ұғынды. Осыдан келіп оның әлденеше рет реакцияшыл шенеуніктерді либералды көзқарастағы адамдармен алмастыру әрекеттерін жасайды. Ш. Уәлиханов қоғамдық үрдістерді түсіндіруде тұтастай алғанда идеалистік бағыт ұстанды, оның шығармаларында терең және таза ойлар сақталған... Осы тұрғыдан алғанда, оның «Сот реформасы жайында» деген еңбегі көп қызығушылық тудырады. Бұл еңбегінде ол қалың бұқараның мүддесін көздеп, үстем таптың жүргізіп отырған реформаларының мән-мағынасы жайлы мәселе көтерген. Қазақ даласындағы әзірленіп жатқан сот реформасы жайлы өз пікірін айта келіп, Ш. Уәлиханов реформаларды жүргізгенде қоғамдық-тарихи процесті ескеріп, қоғамдық өмірдегі әртүрлі факторлардың рөлін сараптау керек деп жазды. Қоғамдық реформа жүргізудің маңызын ескере келіп, Ш. Уәлиханов әлеуметтік іс-шаралардың негізінде жатқан түрлі теорияларға сын көзбен қарау қажет екендігін атап көрсетті. Ол былай деп жазды: «...халық реформасынан жоғары тұратын маңызды қоғамдық реформа жоқ. Барлық заң шығарушылар мен реформаторлардың қоғамға пайданы көздеп келгені және көздейтіні күмәнсіз, бірақ қоғам дамуына пайдалы, зиян деген түсінік әр ғасырда әртүрлі болды. Қазір біздің арамызда бағзы замандардан бері көпшілік санасына сіңіп, бұлжымас аксиомаға айналып, күнделікті тірлік пен дағдыға сай қалыптасып кеткен көптеген жабайы гипотезалар бар, ғылым олардың қателігі мен заманға сай келмейтінін дәлелдеп отыр». Реформаның табиғаты туралы айта келіп, Ш. Уәлиханов бұл мәселенің «экономикалық және әлеуметтік» жағына баса назар аударды, ол «халықтың ең маңызды қажеттіліктеріне қатысты» екенін айта келіп, ал «саяси реформалар қажетті экономикалық реформаларды жүргізу құралы ғана, себебі әрбір жеке тұлға және тұтас адамзат қоғамы ең басты мақсатқа - өзінің материалдық әл-ауқатын жақсартуға ұмтылады, даму дегеніміз осы. Осы тұрғыдан алғанда, адамның тұрмысын жақсартатын реформалар ғана пайдалы, ал сол мақсатқа жетуге кедергі болатын реформалар зиянды» - деп түйіндеді. Ш. Уәлихановтың қоғамдық-саяси жаңарудың қозғаушы тетігі ретінде экономикалық және әлеуметтік факторларға бірінші кезекте мән беруі, қоғамның алға басуының шарты - қоғамның материалдық қажеттіліктерін қамтамасыз ету екенін түсінгенін байқатады. Алайда, оның бұл ойлары дұрыс жобаланған әлеуметтік жоба түрінде қалыптаса алмады. «Прогресс» ұғымының мазмұнын адамдардың материалдық әл-ауқатын жақсарту ретінде айқындай келіп, Ш. Уәлиханов ағартушылықты тек «ақиқат білімді» таратуды, мәдениетті көтеру арқылы осы құралдардың көмегі ғана прогресске жетуге болады деп санады. «Халықтың қалыпты дамып, өсуі үшін, - деп жазды ол, - ең алдымен бостандық пен білім керек. Бұдан келіп шығатыны, бәрінен бұрын оқу қажет». Ш. Уәлиханов қоғамдық құбылыстарды ағартушылық тұрғыда түсіндіреді. Сол тарихи кезеңде мұндай көзқараста болуы оның көрегендігін байқатады, өйткені ағартушылық қараңғылықпен күресуге жетелеп, зайырлы білімнің таралуына ықпал етіп, қазақ халқының түпкір-түпкіріне алдыңғы қатарлы орыс мәдениетінің таралуына қол жеткізді. Сот реформасының халыққа қарсы табиғатын анықтай келіп, Ш. Уәлиханов байлар мен кедейлердің мүддесі екі бөлек екенін айтады. Таптық күрестің қоғамды қозғаушы күш екенін түсінбесе де, Ш. Уәлиханов қазақ патриархалдық-феодалдық қоғамының таптарға бөлінуін: қоғамның ерекше құқықтарға ие табы - сұлтандар, билер, байлар, қожалар бір жақта және Ш. Уәлиханов айтқандай, «қыр пролетарлары» кедейлер екінші жақта екенін анық байқай алды. Бұл таптардың мүдделері мүлдем керғар «...ақсүйектер мен байлардың мүддесі, тіпті мәдениеті жоғары қоғамда болсын, көбінесе қалың бұқара мүддесіне дұшпандық сипатта болады». Ш. Уәлихановтың көздегені - халық мүддесіне жауап беретін қазақ феодалдарның тобына емес, «...сұлтандар мен билердің көзқарастары назар аударуға тұрарлық емес, - деп көрсетті ол, - өйткені бүкіл ұлттың мүддесі қай жағынан алып қараса да, жекелеген топтың пайдасынан басым тұруы қажет». Ш. Уәлиханов қоғамдық құбылыстарды түсіндіруде идеалистік ұстанымдарда болса да, ол, жоғарыда аталғандай, бірқатар мәселелер бойынша сол замандағы ақиқат құбылыстарды түсінуде материалистік ұстанымдарға көтеріле алды. Ш. Уәлихановтың философиялық көзқарасы көңіл аударуға тұрарлық, әсіресе оның адамдардың діни сенімі туралы пікірлері қызықты... Ш. Уәлихановтың діни танымдар мәнін түсіндіруі, әсіресе, қазақтардың шамандығы туралы айта келіп, философияның негізгі мәселесі - материя мен сана байланысын материалистік тұрғыда түсіндіргенін көрсетеді. Ағартушы табиғат пен қоршаған ақиқат-шындық адамның санасынан тыс (тәуелсіз) тіршілік етеді деген шешімге келді. Ол әлемнің басын да, аяғын да мойындамайды, әлемді мәңгілік және шексіз деп санайды. Сонымен қатар, Ш. Уәлиханов адамдардың діни түсінігінің пайда болуы табиғат күштерінің ықпалының ақиқат шындықтың әлемді түсінуге, оның құбылыстарын түсіндіруге тырысқан адамға тигізген және адамның табиғат күштері алдында дәрменсіздігінің нәтижесі деп есептейді. «Қырғыздардағы шамандық қалдығы» мақаласында ол: «Табиғат пен адам, өмір мен өлім үнемі таңданыс туғызатын және құпиясы ашылмаған ерекше құбылыс болып келді. Табиғат пен адам! Адам мен табиғаттан асатын тамаша әрі жұмбақ құбылыс табылар ма екен? Бүкіл әлемді оның барлық кереметімен тануға, адамның өмірі мен өлімі туралы құпияны ашуға деген талпыныс шамандықты - бүкіл әлемді және табиғатты сүю, өлген жандардың аруағын қастерлеуді туғызды. Осылайша санасы әлі толықпаған адам баласы күнді, айды, жұлдызды, тағы да сондай мәңгілік әрі әртүрлі біз табиғат немесе әлем деп атайтын құбылыстарға бас иді»... Ш. Уәлихановтың озық ағартушылық ойлары оның Орта азиялық хандығы туралы жазғандарында жақсы көрініс тапқан. Орта Азия халықтарының феодалдық хандар мен бектерінің езуінен жапа шегіп жатқан өмірін жақсы білгендіктен, ол өзінің еңбектерінде феодалдық құрылыс пен деспотизмді сынап, сол аймақтың артта қалғандығын өкінішпен: «Ежелгі Шығыстың ең бай және білімді елі - Мәуренахрда, қазір қараңғылық пен кедейшілік жайлап кеткен» дейді. Діни білімнен басқа білімді мойындамай, Самарқанд, Ташкент, Ферғана..., Хиуа, Бұха-ра және басқа жерлерде... Самарқандтағы обсерватория татарлардың аяусыз қолымен жасалған вандализмі мен бұқара инквизициясынан орнына келместей болып қирады. Ш. Уәлиханов Орта Азия мен Қазақстан халықтарының консервативті өмір сүру формаларына белсенді түрде қарсы шығып, осы артта қалушылық пен дағдарысты тудыратын қоғамдық құрылыстың кеселдерін сынады... Ұлы қазақ ғалымы, ағартушы, Ш. Уәлихановтың туған халқының білім алып, мәдениетінің өрлеуі, деспотизм мен зорлық-зомбылықтан құтылып, бақытты да азат өмір сүруі жайлы ой-армандары ол дүниеден өткеннен соң көп жылдардан кейін ғана жүзеге асты... Шоқан Уәлихановтың құрметіне Көкшетау облысында аудан, Талдықорған және Көкшетау облыстарында бірнеше ауылдар аталып, Көкшетаудағы педагогикалық институт пен Алматыдағы Тарих, археология және этнография институты, №68 орта мектеп пен көше аты ғалымның есімімен аталады. Алматы мен Көкшетау қалаларында Ш. Уәлихановқа орнатылған ескерткіш бар. Шоқан бейітінің басында (Талдықорған облысы, Алтынемел асуы) обелиск және мемориалды кешен тұрғызылған. Уәлихановтың құрметіне қоғамдық, география ғылымдары салаларында жеткен табыстар үшін ҚазССР ҒА сыйлығы және көркем өнер мен сәулет өнері саласындағы жетістіктер үшін Мемлекеттік сыйлық тағайындалды. Іле Алатауының солтүстік баурайында орта Талғар бастауында Уәлихановтың құрметіне шың бар. Омбы қаласындағы Шоқан оқыған бұрынғы Кадет корпусының ғимаратына ескерткіш тақта қойылған. Соңғы ширек ғасырда ұлы ағартушының мерейтойы жалпыхалықтық деңгейде екі рет (1959, 1985) аталып өтіп, оның таңдамалы шығармалары басылды (1961-1972, 1984-1985 жылдар). Жазушылар Г. Марков, С. Мұқанов Шоқан туралы роман жазса, И. Стрелкова «Жизнь замечательных людей» атты серия бойынша «Ч. Валиханов» атты кітап шығарды..
Қолданылған:
Интернеттен алынған мағлұмат.

- Шоқан Уалиханов (1835-1865)
- Шоқан Уалиханов 1835-1865
- Шоқан Уалихановтың әлеуметтік көзқарасы
- Шоқан Уәлиханов
- Шоқан Уәлиханов
- Шоқан Уәлиханов
- Шоқан Уәлиханов
- Шоколад
- Шоколад. Его значение и роль в современном мире
- Шоколад - рецепты красоты и здоровья
- Шоқан казақтың ұлы ғалымы, тарихшысы
- Шоқанның құрдасы Мұхамед-Cалық Бабажанов туралы не білеміз?
- Шоқан Уалиханов
- Шоқан Уалиханов