Социология негіздері

ЖОСПАР

Вебер Макс 

М. Вебердің әлеуметтану жөніндегі көзқарастары 

Дюркгеймнің өмірбаяны 

Дюркгеймнің әлеуметтану  жөніндегі көзқарастары 

Қолданылған әдебиеттер тізімі 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Вебер Макс

Вебер Макс (24.4.1864, Эрфурт — 14.6.1920, Мюнхен) — неміс социологы, философ. Вебердің дүниетанымдық көзқарасы жаңашылдық ағымның ықпалы негізінде қалыптасты. Вебердің пікірінше, қандай болмасын әлеумeттік-экономикалық құбылыстың мәнін оның объективті жақтары ғана емес, ең алдымен зерттеушінің көзқарасы, осы процеске берілетін мәдени маңыз анықтайды. Қоғамдық ғылымдар құбылыстардағы жалқылықты зерттейді деген пікірге келіп, ғылыми абстрактілеуді “идеалдық типпен” алмастыруға тырысты. Вебер бойынша “идеалдық тип” өмір шындығын бейнелемейді, бұл — жалғыз-жарым фактілерді жүйеге салу мен түсінудің құралы. Мазмұны жағынан Вебер идеялары қоғамдық-экон. формациялар туралы маркстік ілімге қарсы бағытталды. Вебердің “идеалдық тип” теориясы, сондай-ақ, оның тарихи факторлардың “көптігі” концепциясы және “рационалдық” идеясы мемлекеттік институттар қызметінің негізі ретінде қазіргі социологияға зор ықпал жасады.

“Протестанттық этика  және капитализмнің рухы” еңбегінде. Вебер өркендеп келе жатқан капитализм мен XVІІ ғасырдың протестанттық құндылықтары арасындағы байланысты көрсетеді. Оның “таза типтік заңды билік” концепциясында үш түрлі:  жария, дәстүрлі және харизмалық биліктің бар екенін көрсетеді.

 

М. Вебердің әлеуметтану жөніндегі  көзқарастары

Әлеуметтанудың дамуына  он тоғызыншы ғасырдың соңы мен жиырмасыншы  ғасырдың басында маңызды үлес қосқан неміс ойшылы Макс Вебер (1864-1920) болды. Оның әлеуметтануы қазіргі кезде қайта өркендеуде. М. Вебердің әлеуметтанулық көзқарастарының көптеген жақтары қайтадан ой елегінен өткізіліп, пайымдалуда. Оның дайындаған әлеуметтік таным методологиясы, түсіну концепциясы, идеалдық типтер тұжырымдамасы, мәдениет, этика мен дін әлеуметтануы туралы ілімдері өмірде қолданылып отыр. М. Вебердің әлеуметтанудық көзқарастарының қалыптасуына түрлі бағыт ұстаған көрнекті ойшылдар ықпал етті. Солардың арасында Г. Риккерт, К. Маркс, Н. Макиавелли, Т. Гоббс, Ф. Ницще және басқалары болды. Вебердің өзі көптеген ғылыми еңбектер жазды, солардың ішінде "Протестанттық этика және капитализм рухы", "Шаруашылық және қоғам", "Әлеуметтік-ғылымилық және әлеуметтік-саяси танымның объективтілігі", 'Түсінуші әлеуметтанудың кейбір категориялары туралы", "Негізгі әлеуметтанулық ұғымдар" туындыларын атап айтуға болады.

М. Вебер көзқарасы тұрғысынан ой жүгіртіп, сараласақ, әлеуметтану ең алдымен адамның немесе адамдар топтарының мінез-құлқын және әлеуметтік қызметін зерттеуі тиіс. Алайда, олардың кез келген мінез-құлқы мен қызметі әлеуметтанудың зерттеу пәні бола алмайды. Оның пәні, біріншіден, адамның және адам топтарының мақсаты және оған жетудің құралдары, екіншіден, басқа субъектілерге бағытталған, яғни өз әрекеттерінің оларға тигізген ықпалын және олардың бұған жауап реакциясын есепке алуын қарастырады. Егерде әрекет өзге адамдар тарапынан жауап реакция алуға есептелмесе, айталық, машиналар немесе табиғат тарапынан болатын жауапты Вебер әлеуметтік деп санауға болмайды дейді. Сонымен бірге еліктеу әрекеті де әлеуметтік әрекет қатарына жатпайды. Әлеуметтік әрекетті М. Вебер типтерге бөледі: 1) ұтымды мақсатты әрекет. Бұл әрекет субъектінің саналы түрде алдына қойған мақсатына жетуге ұмтылуымен сипатталады. Осы әрекетті іске асыру барысында басқа адамдар мен заттар құралдар ретінде қолданылады; 2) құнды ұтымды әрекет — белгілі бір абсолюттік құндылыққа (этикалық, эстетикалық, діни, т.б.) сана¬лы түрде жетуге бағытталған әрекет; 3) аффектілі әрекет, ол субъектінің көңіл-күйі мен сезімінен туындайды; 4) дәстүрлі әрекет, бұл қалыптасқан әдет дағдымен іске асатын әрекеттің түрі. Әйтсе де, М. Вебер осы типтердің шартты екенін мойындаған, әлеуметтік әрекеттерді зерттегенде көп жағдайда аралас мотивтерді басшылыққа алған, себебі кез келген адамның әрекеті мотивтен туындайды. Нәтижесінде әрекет субъективтік мағынаға ие болады. Сөйтіп, М. Вебер әрекеттің мотивін, мақсатын ұғынуды әлеуметтік зерттеудің бірден-бір міндеті деп түсіндіреді. Өйткені қоғамдық қатынастар жеке адамдардың өзара әрекетінің нәтижесінен құралады. Әлеуметтік әрекеттер, Вебердің айтуынша, адамнын немесе адам топтарының саналы пайымдалған өзара әрекет жүйесін, осыдан келіп олар түсінуші әлеуметтану деп аталатын түсіну пәнін құрайды. Мәселенің мәні мынада: егерде адамның әрекеті ойластырылған және іштей бірдемеге бағытталған болса, онда әлеуметтанушы бұл әрекеттердің мазмұнымен қатар, олардың басқа адам¬дар үшін қандай салдарлары болуы мүмкін екендігін көре білуі тиіс. Субъектінің осы қызметтегі мотиві, басшылыққа алған рухани құндылықтары есепке алынады. Басқаша сөзбен айтқанда, әлеуметтік әрекет субъектісінің рухани дүниесінің мазмұнын пайымдап, түсіну қажет. Осы рөлде әлеуметтану түсінуші ретінде қарастырылады.

М. Вебер түсінуші әлеуметтану  концепциясын жасап дамытты, оның міндеттеріне: біріншіден, адамдардың өз талаптарына ұмтылуы қандай ойластырылған әрекеттер арқылы іске асатынын және қандай дәрежеде, қандай себептермен бұларды олардың жүзеге асыра алатынын немесе асыра алмауын ұғынып, түсіндіру; екіншіден, әлеуметтанушыға түсінікті болған олардың талаптарының салдарлары басқа адамдардың мінез-құлқына қалай әсер ететінін ұғындыру негізге алынды.

Субъектілерінің әлеуметтік әрекеттерін және олардың ішкі жан  дүниесін түсіндіру түсінуші әлеуметтануда  логикалық тұрғыдан бо¬луы мүмкін, яғни ұғымдардың көмегімен пайымдалған және таза эмоционалды болуы ықтимал. Бұл жағдайда әлеуметтанушының түсінуіне "сезімдік", әлеуметтік әрекет субъектісінің ішкі жан дүниесіне "төселу" арқылы қол жетеді. М. Вебер бұл процесті өз бойынан өткізу деп атаған. Адамдардың қоғамдық өмірі қалыптасатын әлеуметтік әрекеттерді қайсыбір деңгейде түсіну өз рөлін атқарады. Бірақ Вебердің ойынша, әлеуметтік процестерді логикалық түсіну, оларды ғылыми деңгейде пайымдау өте маңызды. Олардың "сезімдік" деңгейде қол жеткен табысын М. Вебер зерттеудің қосымша әдісі ретінде сипаттады.

М. Вебер өзінің түсінуші әлеуметтануында құндылықтар проблемаларынан, соның ішінде мораль, саясат, эстетика, діни құндылықтар мәселелерінен айналып өте алмады. Бұл жерде әңгіме аталмыш құндылықтар жөніндегі субъектінің саналы түрдегі түсінігі туралы болып отыр. Өйткені олар субъектінің қызметі мен мінез-құлқының мазмұнын және бағытын анықтайды. Сонымен бірге әлеуметтанушы да белгілі бір құндылықтар жүйесін басшылыққа алады. Бұл оның зерттеуінің барысына және нәтижесіне сөзсіз әсер етеді. М. Ве¬бер құндылықтар проблемасын шешудің жолдарын ұсынды. Неокантшылдар аталмыш құндылықтарды тарихтан да бұрын болды деп қарастырды. М. Вебер құндылықты қайсыбір тарихи дәуірдің қалыптасуы ретінде, дәуірге тән мүдделердің бағьптары ретінде қарастырды. Сөйтіп, тарихтан бұрынғы деп жүрген құндылықтар тарихқа қайтарылды. Құндылықтарды осылайша қарастыру — адамдардың санасын, олардың мінез-құлқы мен қызметінің шындығын түсіндіру үшін аса маңызды. Бұл М. Вебердің әлеуметтік әрекет теориясын дамытуда маңызды рол атқарады.

М. Вебердің келесі маңызды  тұжырымдамасы — идеалды типтер. Ол идеалды типке теориялық, конструкция  түрінде көрінген дәуірдің мүддесі ретіндс қарады. Адамға аса пайдалы осы идеалды модель адамның өмір сүрген дәуіріндегі мүддесін объективті түрде көрсетеді. Осыған орай идеалдық типтер ретінде моральдық, саяси, діни және сол сияқты басқа да құндылықтар және олардан туындайтын адамдардың мінез-құлық және қызмет көріністері, олардың мінез құлық ережелері мен нормалары, сонымен қатар әлеуметтік қарым-қатынас дәстүрлері болуы мүмкін.

Идеалды типтер қоғамдық күйдің бүкіл мәнін — өкімет билігінің жағдайы, тұлға аралық қарым-қатынас, жеке адам және топтық сана және т.б. сипаттайды. Осының арқасында олар өзіндік ерекше критерийлерге айналады, соған сәйкес адамдардың рухани, саяси және материалдық өміріне өзгерістер енгізу қажет болады. Идеалды тип қоғамда орын алған дүниемен толық сәйкес келе бермейді, кейде өмір шындығымен қарама-қайшылыққа да түседі, сондықтан мұнда қиялдың да белгілері орын алған.

Қалай дегенмен де, идеалды  типтер рухани және басқа да құндылықтар жүйесінің өзара байланысын көрсетумен қатар, маңызды әлеуметтік құбылыстар ретінде байқалады. Олар қоғамдық өмірде адамдардың ойлауы мен мінез-құлқына, ұйымдасушылығына мақсаттылықты енгізуге ықпал жасайды.

М. Вебер тарихи процесс  барысында әлеуметтік әрекеттің  ұтымдылық дәрежесі артады, бұл әсіресе  капитализмнің дамуынан айқын көрінеді, ұтымдылықтың жүзеге асуы құқықтық мемлекет тұсында болады, құқықтық мемлекеттің өмір сүруі азаматтардың мүдделерінің өзара әрекеті, ол ұтымдылықпен толық байланысқан, олар заңға, сондай-ақ бәріне ортақ саяси және моральдық құндылықтарға бағынады, құқықтық мемлекет басқарушылар мен басқарылатындардың мақсатты ұтымды және құнды ұтымды әрекеттері негізінде дамиды, алайда, бұл әрекеттер тек мол пайда табу мотивінен туындап, қалған нәрсенің бәрін соған бағындырады, деп талдап көрсетті. Мұндай ұтымдылықты М. Вебер протестандықтардың "шаруашылық этикасына" негізделген дей келіп, оны ерекше капиталистік рухпен байланыстырады. Діннің бәрі де белгілі бір "шаруашылық этикасын" ұстайды, әрі адамдар тіршілігіне қажетті "мақсаттарды да белгілейді. Алайда, осыған қарамастан, діни аскетизмнің формалары әлі де әр түрлі болып келеді. Шығыс діндерінде — енжарлыққа еліктіру, о дүниелік аске¬тизм басым. Мұндай дін, әлбетте, капитализмге тән саналы да белсенді қызмет етуге мүмкіндік бермейді дей келіп, М. Вебер христиан, т.б. діндерге белсенділік, "ішкі дүние" аскетизмі тән, сондықтан олар құдайдың ырқына сәйкес адамдарды жерде тіршілік етуге бағыттайды деген тұжырымға келеді.

Капитализмдегі ұтымдылық  идеясын М. Вебер ұтымды бюрок¬ратия  тұжырымдамасымен ұштастырады. Бюрократия — капиталистік ұтымдылықты іске асырушы. Ұтымды бюрократияның болуының озі капиталистік ұтымдылықтың ең жоғары көрінісі деп бағалайды, М. Вебер.

Қоғамның әлеуметтік құрылымын зерттеуде М. Вебер таптарда болатын объективтік өзгешеліктерді мойындайды. Бірақ ол таптар ұғымын адамдардың экономикалық қауымдастығы тұрғысында қарап, өмір стиліне, жалпы намыс, бедел, т.с.с жәйттерге негізделген статус, жай-жағдай ұғымына оны қарсы қояды. Дегенмен, қоғамда материалдық жағдайымен ғана ерекшеленіп қана қоймай, басқа да, айталық, өмір стилі, мәдениеті, санасы, т.б. белгілерімен ерекшеленетін әлеуметтік топтардың өмір сүретіні мәлім. Осыған орай бұл өзгешеліктерді түбегейлі алып қарастырсақ, онда олардың экономикалық ерекшеліктермен салыстырғанда екінші қатардағы ерекшеліктер екеніне көз жеткізуге болады. Вебер статус пен тапты бірбірінен алшақ, ешқандай қатысы жоқ, тәуелсіз етіп көрсетеді. Нәтижесінде таптар мәселесі, күрделілігі мәз емес екінші қатарға қойылған. Жалпы бұл идея қазіргі батыс елдер әлеуметтануында кең тараған.

М. Вебер өз еңбектерінде өкімет билігі жөніндегі көзқарасын анықтап тұжырымдады, негіздеді. Сөйтіп, ол өкімет билігін үш түрге бөлді: 1) заңды өкімет билігі; 2) дәстүрлі билік; 3)харизматикалық билік (харизматикалық ұғымы гректің "харизма", яғни құдай берген қабілет деген түсінігін білдіреді). Заңдастырылган өкімет билігі — қоғамда қалыптасып, өмірде басшылыққа алынып отырған тәртіптің заңдылығын мойындау негізінде құрылған биліктің түрі. Ал заңды биліктің таза түрі етіп бюрократиялық билікті алған. Бұл жағдайда чиновник жеке адам ретінде қарастырылмайды, керісінше, оны белгілі бір саяси функцияны атқарушы ғана ретінде қарастырады. Сондықтан адамдар чиновникке тұлға ретінде бағынбайды да, оны тек нормаларды іске асырушы ретінде ғана мойындайды. Дәстүрлі билік — ежелгі дәстүрлер, адамдардың заңды жәйттеріне, қасиетті деген сенімдерге сүйенген, сол дәстүрлердің негізінде іске асатын билік. Мысалы, патриархалдық билікте дәстүр бойынша билік ер адамның қолына шоғырланады. Харизматикалық билік — тұлғаның көсемнің барлық адамдарда болмайтын ерекше сапаларына сенуден туындаған биліктің түрі. Бұған дәлел ретінде М. Вебер көріпкелдерді, балгерлерді, бақсыларды, соғыс батырларын, т.б. келтіреді. Міне, М. Вебердің қысқаша әлеуметтанулық көзқарастары осылар.Классикалық кезеңнің әлеуметтанушыларының ілімдері мен тұжырымдамалары көптеген елдерге тарай бастады. Сондай елдердің бірі Ресей болды.

 

Дюркгеймнің өмірбаяны

Дюркгейм Эмиль (1858, Франция, Эпиналь — 1917, Париж) — француз  философы, социолог, “француз социология мектебінің” негізін қалаушы. 1896 жылдан Бордо, 1902 жылдан Сорбонна университеттерінің социология және педагогика профессоры, “L’ Annec Socіologіgue” журналының негізін  салушы (1896). Р.Декарт, К.А. де Р.Сен-Симон  дәстүрін жалғастырып, Ш.Монтескье, Ж.-Ж.Руссо, И.Кант, Г.Спенсер, О.Конт, т.б. шығармаларын зерделеген. Ол, негізінен, ұжымдық сананың, оның әр алуан пішімдерінің (діннің, ахлақтың, құқықтың) рөлін зерттеді. Социологияны адам туралы ғылымдардың арасында жоғары бағалап, әлеуметтік болмыстың онтология проблемаларын түсіндіруге арқау етті. Социологиядағы биологиялық және психологиялық бағыттың редукциялық әдістеріне (барлық пәндер үшін ортақ тұжырым түю арқылы ғылыми білім бірлігі мәселесін шешуге арналған тәсілдер) қарсы шықты. Дюркгеймнің пікірінше, адам дегеніміз — жекеше және әлеуметтік қасиеттерді бойына жинақтаған екі ұдай шындық (homo duplex), әсіресе, соңғысы адам болмысында басымдық иеленеді. Міне, сондықтан қоғам индивидтердің алуан түрлі өзара байланыстарының нәтижесінде пайда бола отырып, даралықтан тыс және даралықтан үстем болмысты құрайды. Дюркгейм “Социологиялық әдістің қағидасы” (1895) атты кітабында өзінің методологиясындағы басты қағиданы “әлеуметтік фактілерді заттар ретінде қарастыру керек” деп түйіндеді. Жалпы, Дюркгеймнің философияға көзқарасы екі ұдай әрі қарама-қарсылықта болды. Бір жағынан, ол өзінің социологиялық тәсілдерінің әлдеқандай философиялық тұжырымдарға тәуелсіздігін ерекше қасиет тұтты, сол арқылы әлеуметтік философияның толып жатқан бөстекі ділмарлығын жек көретіндігін аңғартты. Екіншіден, Дюркгейм философия мәселелердің барлығын социология ілімі тұрғысынан шешуге талпынды.

Дюркгеймнің әлеуметтану  жөніндегі көзқарастары

Француз әлеуметтанушысы  Эмиль Дюркгейм (1858—1917) әлеуметтану  ғылымын дамытуға елеулі үлес қосты. Ол көптеген ғылыми еңбектер жазды, солардың арасында оның негізгі туындыларына "Қоғамдық еңбек бөлінісі туралы" (1893), "Әлеуметтанулық әдістің ережелері" (1895), "Өзіне-өзі қол салу" (1897), "Діни өмірдің қарапайым формалары" (1912) жатады.

Э. Дюркгейм қоғамдық өмірде болатын құбылыстарды индивидуалдық  және психологиялық тұрғыдан түсіндіруге қарсы шықты. Бұл көзқарастар бойынша адамның мінез-құлқы мен жалпы тарихи процесті саналы түрде ұғыну, психологиялық факторлар, яғни адамдардың әуестігі, талаптануы және мүдделері негізгі рол атқарады. Ол өзінің әлеуметтік реализм теориясында қоғамдық құбылыстардың табиғатын әлеуметтік факторлармен түсіндіру керек деп пайымдап, индивидтердің, әлеуметтік топтардың және әлеуметтік институттардың өзара әрекет ету жүйесі ретіндегі қоғам адамдардың мінез-құлқына, олардың сан салалы қызметіне талдау жасаудың түптөркіні, бастауы болады деп санады. Мұнда әлеуметтік орта үлкен рөл атқарады. Дюркгеймнің әлеуметтік реализм көзқарасының негізгі ережелері осылар.

Дюркгейм "социологизмінің" басты принципі мен ерекшелігі —  оның әлеуметтікті әлеуметтікпен түсіндіруінде  еді. Бұның мәні — құндылықтар  мен идеялардың әлеуметтік нормаларда жүзеге асуы мен әлеуметтік реттеушіліктің тұтқасына айналуында. Қалыпты жағдайда сыртқы әлеуметтік детерминация адамның құнды бағдары арқылы іске асады. Нормалар мен құндылықтар әлеуметтік құбылыстың, жалпы эмпирикалық өмірдің екі жагына айналады. Әлеуметтік нормалар әлеуметтік факторлар сияқты мәжбүр ету сипатында болады, яғни адамды солардың мазмұнына сәйкес әрекет етуге күштейді. Дюркгеймнің ғылыми айналымға құндылықтар және құнды бағдарлар ұғымдарын енгізуіне байланысты оның әлеуметтануының жаңа қырлары көрінді; егерде сырттан әсер етілетін мәжбүр етуге сүйенбей, қоғамның адамгершілік беделіне, адамдардың адамгершілік қасиеттерін жетілдіруге көңіл бөлінетін болса, әлеуметтік нормалар да соғұрлым тиімді болады.

Э. Дюркгейм әлеуметтанудың ғылыми әдістерін дайындауды қолдаушылардың бірі болды. Мұңдай әдіс кезінде байыптылық, яғни қоғамдық өмірдегі құбылыстарды түсіндіруде қатаң логикалық әдіс сақталу керек, дейді ол. Өзіне дейінгілердің негізінен алғаңда қоғам дамуы туралы ойша, дерексіз теориялар жасауға көп көңіл бөлгенін және олардың әлеуметтік факторларды зерттейтін ғылыми әдіс әзірлеумен аз айналысқанын айта келіп, әлеуметтанудың әдісін дайындауды қолға алады. Оның пікірінше, әлеуметтану — әлеуметтік факторлар туралы ғылым. Бұл дегеніміз  адамдардың ұжымдық санасы қалыптастырған саяси, құқық мораль, діни және басқа да идеялар, нормалар мен құндылықтар және жекелеген индивидтерді осы идеялар, нормалар мен құндылықтарға сәйкес қалыптастыруға мәжбүр етушілік.

Адамдардың күнделікті өмірде іске асыратын идеялары мен рухани құндылықтарын әлеуметтік құбылыстардың  соңғы себептері ретінде карастырады. Олардан кез келген әлеуметтік эволюцияның  қайнар көзін көреді. Әңгіме ұжымдық  сананың көрінісі ретіндегі идеялар мен рухани құндылықтар туралы болып отыр.

Жеке адамдарға қатысты  әлеуметтік нормалар, құндылықтар және өзге де қоғамдық сананың көріністері объективті өмір сүреді. Әрбір адам қалыптасқан белгілі бір саяси, құқықтық, моральдық және басқа да нормаларға, құндылықтарға және әлеуметтік нұсқауларға кезігеді. Адам болса оларды меңгеруі қажет және күнделікті өмірде іске асыруы тиіс. Осыған байланысты Дюркгейм әлеуметтік фактілердің екі негізгі белгілерін көрсетеді: жеке индивидтерге қатысты олардың объективтік өмір сүруі және олардың адамдарға мәжбүр ету ықпалы. Осылар арқылы Дюркгейм адамға әлеуметтік тіршілік иесі деп қарайды, оның дамуы мен қызметі әлеуметтік нормалар мен жарлықтардың ықпалымен жүреді. Әлеуметтік фактілердің ортақ рухани табиғаты және мәні бар. Олардың бәрі топтық немесе бұқаралық сананың көрінісі. Олар адамдарға ұйымдасқан саналы ықпал етеді және әлеуметтік институттар, соның ішінде құқықтық, діни, т.б. арқылы жүзеге асады.

Дюркгейм қоғамдық болмыс формасы немесе қоғам құрылымы мен  жеке "материалдық" бөлімінің  формасын қарастыратын әлеуметтік морфология деп аталатын фактіні ұжымдық сана немесе түсінікке қарсы қойды.

Морфологиялық фактілер — "материалдықты", қоғамның сандық аспектісін, оның субстратын, ал ұжымдық сана рухани, саналы аспекті  болып саналатын "ұжымдық түсінікті" құрайды.

Сөйтіп, Дюркгеймнің әлеуметтік фактілер жөніндегі ілімінде қоғам мен тұлғаның өзара әрекетін тусінуге мүмкіндік беретін қажетті, маңызды ережелер қалыптасқан, топтық, ұжымдық сананың рөлі көрсетілген. Осының бәрі әлеуметтанудың ғылым ретіндегі шынайы пәні болып саналады.

Дюркгеймнің қоғамда болатын  нормальдылық пен патологияның өзгешеліктері  туралы, әлеуметтік аурулар және оларды жоюдың жолдары жөніндегі ілімдері аса маңызды. Нормальды және патология  қоғамдағы келеңсіз құбылыстарды, соның  ішінде қылмыстарды, дағдарыстарды, т.б. интерпретациялауда қолданылған. Дюркгеймнің пікірі бойынша, нормальды — бұл әлеуметтік организм ретіндегі қоғамның өмір сүру жағдайынан келіп шығады. Қылмыс және басқа да әлеуметтік аурулар қоғамға зиян келтіріп, жат қылыққа ұшыратса да, нормальды болып саналады, өйткені олар белгілі бір қоғамдық жағдайда ірге тепкен және пайдалы да қажетті қоғамдық қатынастарды қолдап отырады.

Өзі кең түрде қолданып келген оның нормальды түсінігі Дюркгеймді күтпеген қорытынды жасауға, кейде релятивизмге әкеп соқтырды. Мысалы, кезкелген қоғамда кездесетін қылмысты ол нор¬мальды құбылыс ретінде қарастырды. Керісінше, XIX ғасырдың соңында өзін-өзі өлтірушілердің санының артуы және экономикалық дағдарыстың кейбір типтері патологиялық деп сипатталды. Қоғамның нормальды қалпын жоспарлы экономиканың дамуы және еңбек қатынастарын нормативпен реттеуден туады деп түсіндірді.

Сонымен катар әлеуметтік саулық, Дюркгеймнің пікірі бойынша, индивидтің, ұжымның немесе қоғамның өмірлік күштерінің нормальды дамуында, олардың орта жағдайларына бейімделу қабілеттерінде, олар¬ды өз дамуларына қолдана білуіңде. Қоғамның дамуына және адамдардың тұрмыс жағдайын жақсартуға ықпал ететіндердің бәрі пайда¬лы және қажетті деп танылуы керек. Қоғамның ауруы онын кез келген саласында пайда болуы мүмкін. Егер қоғам тұтастай ауру болса, оны әмбебап емдеу қажет. Дюркгейм қоғамның моральдық және саяси сауығуына үлкен маңыз береді.

Қоғамның нормальды емес қалпына аномия жатады, бұл —  индивидтердің мінез-құлқын нақты моральдық реттеу әдісінің болмауынан қалыптасатын қоғамдық жағдай. Дюркгейм аномияны түсіндіруді әлеуметтік функциялардың арасын реттеп отыратын ережелердің әзірленбеуінен іздестірді. Ол реттеуге көнбейтін бәсекелестіктің, таптық шиеленістердің ескішіл еңбектің және жұмысшы күштерінің деградациясының болуын өндіріс пен еңбек бөлінісінің жедел түрде асқынатын сырқаты ретінде анықтады.

"Нормальды емес формаларды" жоюда Дюркгейм шиеленістерді  бейбіт жолмен шешуді, күрес пен бәсекелестікті көңілге сыйымды мөлшерде бәсеңдетуді, таптар қатынастарын қатаң реттеуші ережелер жинағын шығаруды, әділеттілікті және теңдікті енгізуді ұсынды.

Дюркгейм қоғамдық құбылыстарды зерттеуде, әлеуметтік фактілерді түсіндіруде  себептік және функционалдық талдауды әлеуметтанулық зерттеудің маңызды  әдісі етіп қарастырады.

Себептік түсіндірудің мәні — әлеуметтік құбылыстың әлеуметтік ортаға тәуелділігіне талдау жасауда.Функция ұғымын Дюркгейм биологиядан алады, ол бойынша физиологиялық процесс мәліметтері мен организм қажеттілігінің арасында сайма-сай келетін қатынастар бар. Осы ережені ол әлеуметтік терминге айналдырып, әлеуметтік құбылыстың немесе институттың функциясы — институт пен қоғамның кейбір қажеттіліктерінің арасындағы сәйкестіктерді жөнге салу, деп түсіндіреді.

Дюркгейм социологизмінің  айқын корінісінің бірі — оның дін тұжырымдамасы. Діннің шығу көздерін ол қоғамнан іздеуді ұсынды. Австралия тотемизмін зерттеген ол діннің шығуын алғашқы қауымдық құрылыммен, оның әлеуметтік ұйымымен байланыстырады. "Дін әлеуметтік ортанын жемісі" деген тұжырым жасап, қоғамның одан басымдылығын мойындайды. Алғашқы қауымдық дінді зерттеп, одан қазіргі "күрделі" қоғамның бейнесін көрген Дюркгейм тотемизмнің ерекшеліктерін қазіргі діндерге көшірді және діни жүйенің басты элементі ретінде құдай идеясын жоққа шығарды. Онын пікірінше, сенушілердің құдайы тек "қоғамның фигуральды көрінісі", ал бұған керісінше құдіретті принцип — "қоғам басқаларға қарағанда гипостазданған және басқа түрге айналғыш". Осыдан келіп мәдениетке, тұлғаға, сонымен қатар адамзат ойлауының негізгі заңдылықтарына діннің шексіз ықпалы жасалады. Қоғам діни сенім мен догматтардың авторы және пәні, ол дінді жасайды және дінге табынуға итереді, қоғам — бір мезгілде құдай және табынушы. Дюркгейм дінге символдық жүйе ретінде де қарайды. Алғашқы қауымдық тотем алғашқы адамдардың қандай топқа жататынын анықтаушы символ ретінде түсіндірілді. Материалдық мәдениеттің өзге заттары белгілер ретінде қарастырылды, солардын көмегімен белгілі бір тарихи дәуірдегі ұжымдық санаға үңілуге мүмкіндік туды. Әлеуметтанулық сараптама бұл жүйенің базисі қызметін атқаратын реалдықты, яғни қоғамды көруге тиісті еді. Дін символдық белгілер жиынтығы ретінде қарастырылды. Сол белгілердің көмегімен діннің қоғамдық интеграторлығы мәдениетті таратушы қызметтерді жүзеге асырып отырды.

Діннің басты компоненті, Дюркгеймнің пікірінше, оның догматтық бөлімі емес, жораларды атқарудағы ұжымдықтан көрінетін діннің практикалық қызметі. Белгілі бір қоғамдық қажеттіліктерді білдіре отырып, дін қажетті қоғамдық міндеттерді атқарады. Дюркгейм табыну практикасындағы негізгі әлеуметтік қызметтерді атап көрсетті; тәртіпке шақыру, немесе мәжбүр ету және бақылау қызметі, соның негізінде әлеуметтік бірлік нығайып, бекиді; жаңадан өндіру міндеті, бұл жаңа ұрпаққа әлеуметтік-мәдени мұраларды берудің және оның жандануының көмегімен іске асады; эйфориялық міндет, бұл әлеуметтік аман-есендік қуаныш сезімін қалыптастырудан тұрады. Діни ырымдар, ғұрыптар маңызды әлеуметтік міндеттер атқарады, қоғамның әлеуметтік ынтымақтастығын қолдауға және нығайтуға қызмет етеді, ал индивидуалдық деңгейде адамның өз күшіне сенімін арттырады.

Дюркгейм дін ұғымын діннің басты компоненттерінен, яғни құдай, т.б. айырып, дінді кез келген әлеуметтік объектіге қатысы бар наным мен  ырымдардың жүйесі ретінде кеңірек  көлемде түсіндіреді. Түптеп келгенде, дінді уақыттан тыс тұрған, мәңгі сипатталған, кез келген қоғамдық типте ұқсастығымен көрінетін абстрактілі идеологиямен теңестірді.

Дюркгеймнің маңызды зерттеулерінің бірі мораль болды. Оның табиғатын, шығуы мен атқаратын қызметтерін баяндауда Дюркгейм әлеуметтану концепциясын басшылыққа алды. Моральды өзінің ерекшелігіне орай, ол әлеуметтік жағдайдан, әлеуметтік ортадан, әлеуметтік құрылымнан туындатты.

Дюркгейм моральды мінез-құлықтың объективтік ережелерінің жүйесі ретінде қарастырып, жеке индивидтің мойындамаска лажы қалмайтын олардың императивті, мәжбүр ету сияқты айрықша белгілерін де көрсетті. Моральдың басты белгісі ретінде борышты (парыз) атады, оны қолдау адамның моральдық қасиетін арттырады. Бұдан кейін Дюркгеймді қызықтырған моральдың еріктілік мәселесі, қажеттік, тартқыштық және моральдық құндылықтарға адамның мүдделі болу белгілері де оның назарынан тыс қалмады.

Моральдың әлеуметтік мәнін атап көрсеткен Дюркгейм, оның дін сияқты "құдіретті сипатын" ашып, индивидтен өзінің күшімен, беделімен асып тұратын қоғам моральдың қайнар көзі және объектісі екенін баяндады.

Моральды қоғамдық жағдаймен  байланыстырса да, Дюркгейм әлеуметтік құрылымды түбегейлі өзгертетін қоғамдық идеалды қажет емес деп санады. Әлеуметтік құрылымдағы өзгерістерге қоғамдық идеалды сәйкестендірсе жеткілікті деп есептеді. Сол кездегі қоғамдағы табиғаты жағынан моральдық саналган дағдарыстың негізіне жалпы адамдар санасының сипаты мен мазмұнының өзгеруін алды. Нормалар мен құндылықтарды тез өзгерту қоғамда бұрын қалыптасқан тәртіпті жояды, соның салдарынан қоғамды моральдық жүгенсіздікке (хаосқа) әкеліп соқтырады. Дағдарыстан шығудың жолы ол мо¬ральды ретке келтіруді күшейту.

Дюркгейм концепцияларында "ұжымдық ақын" мен ұжымдық мүдделердің қорғаушысы міндетін қоғамның бұдан басқа да мәселелерін "ойлайтын және әрекет ететін" мемлекет атқарады. Либера¬лизм рухында мемлекеттің рөлін баяндаған ол өкімет билігінің асыра күшеюі мүмкіндігін алдын ала көре білді. Мемлекеттің асыра бақылауынан тыс индивидті "екіншілік" немесе аралық әлеуметтік топтар — діни, өндірістік, т.б. қорғау қызметін атқаруға тиіс. Осыған байланысты Дюркгейм белгілі топтардың өкілдері ретінде индивидтердің мінез-құлқын реттеуші ерекше партикулярлық моральдық, кодекстер идеясын ұсынды. Солай дегенмен де, Дюркгейм қоғамдық маңыздылығы дәрежесі бойынша моральдық ережелердің қатаң иерархиясын орнатуды талап етті. Отбасы, кәсіби және азаматтық мораль иерархиялық құрылымды құрады, оның биік шыңында мемлекеттен көрініс табатын жалпы адамзаттық құндылықтар мен идеалдар орналасты.

Мораль проблемаларын  баян етуде Дюркгейм адамның екі  жақты табиғатын пайымдаған антропологиялық  теорияға сүйенді. Адамның биологиялық  табиғаты {қабілеті, биологиялық функциясы, импульстері, құмарлығы) оның тәрбие жолымен (нормалар, құндылықтар, идеалдар) қалыптасқан  әлеуметтік табиғатымен қарама-қайшылықта болады. Бұл қайшылықтарды тудыратын тоқтаусыз ішкі мазасыздық, шиеленіс сезімі мен үрейлену, бұлар тек қоғамның әрекетімен ғана шешіледі. Ол адамның биологиялық табиғатына бақылау жасайды, құмарлығын және тәбетін шектейді, оларды белгілі бір шеңберде ұстайды. Егер қоғам индивидтерге өзінің бақылауын әлсіретсе, аномиялық жағдай қалыптасады, яғни қоғам мен индивид дезинтеграцияланады, теріс моральдық тәртіпке, ретсіздікке, бақылаусыздыққа әкеп соғады. Бұдан барып өзіндік бір моральдық кеңістік пайда болады, соның салдарынан бұрынғы нормалар мен құндылықтар бұдан әрі өз ролдерін орындамайды, ал олардың жаңалары әлі нығайып үлгермеген болатын.

Түптеп келгенде, Э. Дюркгейм қарастырған проблемалардың және оларды шешу концепцияларының теориялық әлеуметтанудың іргелі проблемаларының қатарына жататыны даусыз, олар бүгінгі күнде де өз құндылығын жойған емес, әлі де пікір сайыстарын туғызып келеді.

 

 

Қолданылған әдебиеттер тізімі

 

1. Социология Лекциялар  курсы. Жалпы редакциясын басқарған  профессор Ә.Х. Тұрғынбаев Алматы., 2003

2. К.Бикенов. Социология. Алматы, 1998.

3. М. Тәжин, Б.Аяғанов.  Социология негіздері. Алматы, 1993.

4. Краткий словарь по  социологии. М., 1986.

5. Современная западная  философия, М., 1991.

6. Вебер М., Избр.  труды  в 4-х томах, М., 1993;

7. Гидденс Э., Социология, М., 1991;

 


Социология негіздері