Техногенді сипаттағы экстремалді жағдайлар

ЕУРАЗИЯШЫЛДАРДЫҢ  ИДЕЯСЫ ҚАЗАҚҚА ҚАЖЕТ ПЕ?

“Ресей өзiн Еуразиялық держава ретiнде ғана құтқарып қала алады, тек Еуразияшылдық арқылы ғана”

Л.Н. Гумилев 

Еуразияшылдық идеясы кейiнгi жылдары жиi еститiн сөзiмiзге айналды. Оны қозғап жүргендер бұл ТМД  мемлекеттерiнiң, оның iшiнде әсiресе Қазақстанның бiрден-бiр даму жолы екенiн  дәлелдегiсi келедi. “Қазаншының өз еркi, қайдан құлақ шығарса” дегендей, көсемдерi көбiне орыстар болғандықтан олар Еуразияшылдықты орыс мүддесiне қызмет етуге бейiмдеп алған. Оған: “Еуразияшылдықты Ресейдiң геосаяси тұжырымдамасы  ғана емес, бiздiң мемлекеттiң геосаяси дәстүрi деп те айтуға болады” деген  пiкiрлерiн дәлел ретiнде келтiрсек болады. Яғни, бұл Ресейдiң империялық мүддесiмен астасып жатыр. Ендi бұл  идея қазаққа несiмен тиiмсiз деген  сұраққа жауап iздеп көрелiк... Еуразияшылдар  қозғалысы әуелде шетелдегi орыс эмигранттарының  арасында дүниеге келдi. Олар барлық халықтарға үстемдiк етуге ұмтылған Еуроцентризм мен романдық-германдық  мәдениеттiң агрессивтiк сипатын  сынға алып, 1928 жылы “Еуразия” деп  аталатын газет шығара бастайды. Кейiн  қозғалыс мүшелерiнiң көпшiлiгi славяншылдықты өздерiнiң рухани негiзi деп тани бастады. Қазаққа жақпайтын жағы осы. Себебi қазақтар славяндар емес, аттарының  тұяғы Еуразия төсiн дүбiрлеткен  Қыпшақтардың тiкелей ұрпағы екенi белгiлi. Керек десеңiз, бiзде оған балама болатын – “тұраншылдық”, “түрiкшiлдiк”, “алашшылдық” сияқты өз идеялдарымыз бар. Бұл жағынан бiзге өздерiн  Ресейге сiңiп кеткен “Далалықтардың”  ұрпағы санайтындардың көзқарасы жақынырақ. Бiрақ бұлар әлi ұйысып, Ресейде  үлкен күш бола алмай отыр. Себебi орыстардың өзiндегi “далалықтарға” қатысты  пiкiр екiге жарылған. Бiрi – “моңғол-татарлар”  төңiрегiнде бiзде жаңсақ пiкiр  қалыптасқан, сондықтан қолдан жасалған жасанды тарихты әшкерелеп, ақиқатты айтатын кез туды” десе, Ұлы  орыстық шовинизммен уланған  кейбiр оқымыстылар – “қыпшақтар мен моңғол-татар шапқыншылығына байланысты қалыптасқан қазiргi қоғамдық ойға қозғау салмау керек” деген пiкiрден айнымай отыр. Олар егер Ресей тарихы жаңа көзқарас тұрғысынан талданса, ақтаңдақтар  ашылып қалып, “татарлардың” орыс мемлекетiнiң қалыптасуына қосқан орасан зор үлесiне әдiл баға беруге тура келедi деген уәж айтады. Бiр жағынан  “татар-моңғолдарға” басқаша баға берiп үйренген қазiргi билiкте оған онша ықылас бiлдiрiп отырған жоқ. Ондағы оқымыстылар мен қоғам  қайраткерлерiнiң Ресей шежiресiне қатысты екi түрлi позиция ұстанатындығын белгiлi тарихшы, Ресей мемлекеттiк  гуманитарлық университетiнiң президентi Юрий Афанасьевтың мына сөзiнен байқауға болады: “Кез-келген адамнан: “Дмитрий Донской кiм болған?” деп сұраңызшы. “Куликово шайқасы, татар езгiсiнен  құтылу” деп жауап бередi …Егер  “татар езгiсiнен құтылу” дегендi Дмитрий Донскойдың өзiне айтса, ол есiнен адасып кетер едi. Себебi, ол мойындайтын патша – татар  патшасы ғана болатын. Ал Мамай өзiн  хан жасағысы келген көлденең көк  аттының бiрi болды. Донской осыған қарсы шығып, заңды патшаны қорғаған. “Татарлардан азат болу” деген  сандырақты ол қабылдамас едi. Бiрақ  қазiр осылай сөз саптау бiздiң  тарихи қағидамызға айналып кеттi”... Ал Еуразияшылар идеясының бiзге  тиiмдi тұсы олардың славян-түркi байланысын қайта жандандырып, өңiрдегi алыс-берiске  жаңа сипат беретiндiгi. Олар Еуразия  құрлығындағы ортақ тарихи-мәдени құндылықтардан бас тартқан жоқ. Ұлы даланың  әлем өркениетiне қосқан өлшеусiз үлесiне оң баға берiп, орыс тарихы “татарлармен”  тығыз байланысып жатқанын мойындады. Сондықтан Еуразияшылдар Батысқа  бүйрегi бұрып тұратын отандастарына  қарсы шығып, Ұлы Даланы Русьтiң  Құдай қосқан көршiсi әрi стратегиялық әрiптесi деп таныды. Бiрақ бұл  мәселеге олар славяншылдық көзқараспен  үңiлдi. Өйткенi орыс өркениетi өзiнше  бiр әлем. “Бұл Еуропа да емес, Азия да емес, екеуiнiң арасындағы синтез”  дейдi олар. Тағы бiр ерекшелiгi Еуразияшылар, “татар-моңғол езгiсi” Ресей үшiн  қайырлы болды. Себебi Ресей Шыңғыс хан империясынан еуразиялық мемлекеттiлiктiң  эстафетасын қабылдап алды,-деген  пiкiр айтады. Николай Трубецкой  бұл жөнiнде былай деген болатын: “Мәскеу патшалығы Татар езгiсiнiң  арқасында құрылды. Мәскеу патшалары  “орыс жерiн бiрiктiрiп” үлгерместен  Ұлы моңғолдардың Батыстағы ұлысына  иелiк ете бастады. Мәскеу Қазан, Астрахан мен Сiбiр хандығын жаулап алған соң ғана күштi мемлекет болды. Орыс патшасы моңғол ханының мұрагерiне айналды. Осылайша Православ патшасы  Татар ханының орнын басып, хан  ордасы Мәскеуге ауысты”. Алайда Еуразияшылдарға  қарсы шығып, олардың мақсатын түкке  тұрғысыз деп тапқандар да бар. Мәселен  Григорий Флоровский “Еуразияшылдықты рухани сәтсiздiк”, — деп бағалаған. “Ресейдi Батыстан бөлiп тастауға болмайды. Бiз Еуропаға техникалық қажеттiлiктердiң  әсерiнен бет бұрдық. Ал Еуразиялық факторға келсек, Ресей Еуропа мен  Азияның арасындағы синтез емес. Еуропаға жиiркенiшпен қарап, Азияны қалап алған  Еуразияшылардың өздерi едi” деген  болатын. Жиырмасыншы жылдардың  басында Еуразияшылдар Федор  Достоевскийдiң: “Еуропа бiздi құл  ретiнде қабылдаса, Азияда бiз мырза  болдық. Еуропа бiздi татарлар десе, Азияда бiздердi еуропалықтар деп атады” деген пiкiрiн жиi қайталайтын. Қалай десекте Еуропа мен Азияның “ ортасында орналасқан” Ресей ешқашан империялық мұраты пен амбициясынан бас тарқан емес. Бiзге керегi де, сақтанатынымыз да осы. Оған Ресейдiң президенттiк кеңесiнiң мүшесi болған Сергей Карагановтың “Ресей өзiнiң байырғы империялық рөлiнен бас тартпайды... Ол барлық амалмен бұрынғыша жергiлiктi князьдердi ақшаға сатып алып, қажет болса керек жерге әскер де аттандырып тұрады. Бөлiп ал да билей бер, саясатын жүргiзе бер” — деген пiкiрi дәлел бола алады.. Француздардың “Орыстың бетiн тырнасаң, ар жағынан татар көрiнедi” деген тамаша мақалы бар. Бiрақ француздар осылай десе де орыстар тегiн тани алмай әлi бүлiнiп жатыр. Сондықтан “бүлiнгеннен бүлдiргi алудың” қажетi жоқ деп ойлаймыз.

Сәрсенбі, 26 Қазан, 2011 * Еуразиялық тұтастықтың озықтығы, осы кеңістіктегі интеграцияны құрудың өмірлік қажеттігі, ортақ бірлестіктің қағидаттары  мен бағдарламасы туралы идеяны Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев алғаш рет 1994 жылдың наурыз айында Мәскеу мемлекеттік  университетінің оқытушылары мен  студенттерінің алдында сөйлеген сөзінде  көтерген болатын. Бүгінгі күні сол  идея іске асып, өзінің жемісін бере бастады.*

Астанадағы Л.Н.Гумилев  атындағы Еуразия ұлттық университетінде  кеше өткен халықаралық ғылыми форум  осы мәселеге арналды. Оның тақырыбы «Қазақстан және жаңа әлемдегі еуразиялық идея» деп аталды. Оның жұмысына Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Басшысының орынбасары Б.Майлыбаев, Парламент депутаттары, М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің ректоры В.Садовничий, ЕурАзЭҚ Бас хатшысы Т.Мансұров, ТМД Атқарушы комитеті төрағасының орынбасары Е.Новожилов, Ресей Федерациясының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі М.Бочарников, Қазақстан мен Ресей Федерациясы жоо-ларының ректорлары, профессор-ғалымдары, оқытушылар мен студенттер қатысты.

Форум жұмысы Еуразиялық идеяның  тууы мен іске асуына арналған деректі  фильм көрсетуден басталды. Онда бір  кездерде көптеген адамдар скептизммен  қараған Президент Н.Назарбаев идеясының бүгінгі таңда жақсы нәтижелермен іске аса бастағандығы туралы қызықты деректер көлденең тартылды. Одан әрі форум жұмысын Қазақстанның Білім және ғылым министрі Б.Жұмағұлов ашып, жүргізіп отырды. Жиналғандарға құттықтау сөзін арнаған министр мәртебелі қонақтарды да таныстырып өтті. Содан кейін сөзді Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың құттықтауын оқып беру үшін Б.Майлыбаевқа берді.

Құттықтауында Нұрсұлтан  Әбішұлы форумға қатысушыларға  ыстық сәлем жолдай отырып, өзінің мемлекеттердің Еуразия одағы атты жаңа интеграциялық бірлестік құрудың  нақты бағдарламасы мен қағидаттары  туралы алғаш рет 17 жыл бұрын айтқанын еске алады. Ал ХХІ ғасырда сол идеяның іс жүзіне аса бастағаны 10 жылдық тарихы бар Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың нәтижелі жұмыс істеп жатқанынан көрінеді. Оның аясында нақты экономикалық міндеттері бар Кеден одағы құрылып, 2012 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енетін Бірлескен экономикалық кеңістікке жол ашылды, делінген құттықтауда. Одан әрі Н.Назарбаев бүгінгі күні Еуразия идеясының миллиондаған жақтастары бар екенін айта келіп, біздің елдеріміздің жаһандық әлемде өзіндік орнын алу жолы осы екенін алға тартады. Сонымен бірге, бұл идеяның іске асуына жалғыз саясаткерлер ғана емес, ғалымдар мен мамандар да белсене атсалысуы қажеттігін атап өтіп, форумның жұмысына табыс тілейді.

Келесі сөз Ресей Федерациясының Президенті Д.Медведевтің құттықтауын  оқып беру үшін Ресейдің Қазақстандағы  елшісі М.Бочарниковке берілді. Онда Д.Медведев форумға қатысушыларға сәлем  жолдай отырып, Тәуелсіздіктің 20 жылдығын атап өту қарсаңында Қазақстан мемлекет құрылысы мен әлеуметтік-экономикалық дамуда өзін халықаралық зор беделге  ие еткізген тамаша табыстарға жеткенін атап өтеді. Бүгінгі күні Ресей мен  Қазақстанның стратегиялық әріптестігі  интеграциялық үдерістердің жақсы  серпінмен дамуына жол ашып отыр. Біздің үйлесімді әрекеттеріміз толымды табыстарға қол жеткізді, дей келіп, одан әрі Дмитрий Анатольевич Бірлескен экономикалық кеңістікке жол ашқан Кеден одағының жақсы жұмыстарын атап өтеді. Біздің келесі баспалдағымыз интеграцияның ең жоғары деңгейі – Еуразия экономикалық одағын құру, дейді ол. Бұл бірлестік бізге технологиялық, жаңғырту, инновация салаларында тиімді кооперациялар құруға қосымша мүмкіндіктер береді. Мен форумда көтерілген пікірлер мен ұсыныстар Ресей-Қазақстан үнқатысуы мен ынтымақтастығының тереңдей түсуіне тың серпін берер деген үміттемін, деп аяқталады Ресей Президентінің құттықтауы.

Осыдан кейін сөзді  Б.Жұмағұлов алды. Еуразия идеясының тарихына үңілген ол бұл ойдың бүгін ғана туып отырмағанын, орыстың Н.Трубецкой, П.Савицкий, Г.Флоровский, П.Сувчинский, Г.Вернадский секілді ойшылдарының еңбектерінде де оның бар екенін атап өтті. Олар орыс тарихын бөле-жара емес, еуразиялық өркениет кеңістігімен тұтастыра отырып зерттеді. Ал ХХ ғасырдың екінші жартысында бұл идеяны Лев Гумилев өзінің еңбектерінде қайта тірілтіп, көптеген ғалымдардан «ең соңғы еуразияшыл» деген атақ алды, дей келіп, ғалымның еңбектеріне шолу жасады. Ғалымның негізгі идеялары Еуразия аумағының этногенез үдерістерін зерттеуден туған. Біздің халықтарымыздың әлемдік өзгерістер барысындағы комплиментарлық идеясы ортақ тарихи кеңістікті жоюға мүмкіндік бермеген шығар, деген қорытынды жасай отырып, Б.Жұмағұлов өткен ғасырдың 90 жылдарында бұл идеяның қағидатты түрдегі жаңа серпін алғанын айтты. Соның нәтижесінде еуразияшылдық идеясы 1994 жылы Мәскеу университетінде Н.Назарбаевтың аузымен «Еуразиялық одақ» деген атау алып, дамудың жаңа кезеңіне жалғасты. Сөйтіп, әлемдік тарихта тұңғыш рет айтулы Мемлекет басшысы бұл идеяны теориялық тұрғыдан ғана танып қоймай, мемлекетаралық деңгейде іске асыруға шақырды.

Одан әрі шешен Н.Назарбаев  идеясының бүгінгі күні нақты  саяси көзқарас қалыптастырумен қатар, қуатты экономикалық тұғырнамаға қол жеткізгенін айтты. Сондықтан Қазақстан Президентін ғаламшарлық ақыл-ойы бар пассионарлық тұлға деп бағалады. Еуразия идеясының қағидаттарын іске асыру адамзат өмірінің барлық салаларын да қамтиды. Соның ішінде білім, ғылым және инновация да бар, дей келіп, Қазақстан Президентінің бастамасымен Ғалымдардың еуразиялық клубы, Телевизия мен радионың еуразиялық академиясы, Университеттердің еуразиялық ассоциациясы және т.б. құрылымдардың өмірге келгенін атап өтті. Сөзінің қорытындысында осы салалардағы еуразиялық интеграцияның іс жүзіндегі жарқын көрінісінің бірі ретінде 2001 жылы Астанада М.Ломоносов атындағы ММУ филиалының ашылғанын көлденең тартты. Филиал жұмысының одан әрі дамуы және оның инновациялық-индустриялық дамудың негізгі мәселелеріне бағытталуы біздің халықтарымыздың арасындағы қатынастарды тереңдетудің маңызды факторына айналатынына сенімдімін, деді қазақстандық министр.

Сөз кезегі өзіне келгенде ММУ ректоры В.Садовничий Еуразия  идеясының қазіргі даму кезеңі Н.Назарбаев  есімімен тығыз байланысты екенін атап өтті. Одан әрі осы идеяның Қазақстан Президентінің аузымен алғаш рет ММУ-дің қабырғасында айтылғанын мақтан ететіндерін жеткізді. Қазір ол қажетті мазмұндармен толығып, іске асып келеді, дей келіп, соның бірі ретінде 10 жыл бұрын Қазақстанда ММУ-дің филиалының ашылғанын айтты. Еуразияшылдық идеясын іске асыру жолында сол жылдарда Қазақстанның Білім және ғылым министрі болған Қ.Көшербаевтың, Қазақстанның Ресейдегі елшісі болған Т.Мансұровтың айрықша еңбектерін атап өтуге тиіспін, деді ол.

ММУ-дің филиалы туралы айтқанда, ректор оның құрамында қазір 600-ден астам адам бес бағыттағы мамандықтар бойынша білім алып жатқанына назар аударды. Ондағы білім сапасы үздік оқитындар үлесінің Мәскеудегі ММУ-дің осы мамандықтар бойынша үздіктері пайызымен бірдей екендігінен көруге болады. Ал жалпы, бүгінгі таңда ММУ-де мыңнан артық қазақ студенттері білім алуда, деді ол. Сөзінің соңында В.Садовничий үстіміздегі жылдың қараша айында Мәскеу университетінің негізін қалаған М.Ломоносовтың 300 жылдығы болатынын қаперге салып, айтулы датаны мерекелеу шеңберінде қандай шаралар жасалатынына тоқталды.

Келесі сөз ЕурАзЭҚ  Бас хатшысы Т.Мансұровқа берілді. Ол Президент Н.Назарбаевтың Еуразия идеясының 1994 жылы алғаш рет Мәскеуде қалай жарияланғанын, ММУ-дан кейін оның ресейлік қаламгерлермен, журналистермен де кездесіп, оларға өзінің идеясының дұрыстығын дәлелдеп бергенін айтты. Мен ол кезде Қазақстанның Ресейдегі елшісі болған едім, сондықтан мен бұл идеяның таратылуының басы-қасында болдым деп айта аламын, деді Т.Мансұров. Сол кездерде-ақ Н.Назарбаевтың прагматик саясаткер ғана емес, стратег саясаткер екендігі танылды. Ол орталықтан қашу идеясы қаулап тұрған кездің өзінде мәскеулік сұңғыла саясаткерлерге болашақтың экономикалық интеграциямен тығыз байланысты екенін дәлелдеп берген еді.

Одан әрі ЕурАзЭҚ Бас  хатшысы ММУ-дің ТМД елдері көшбасшыларының арасынан Н.Назарбаев ең бірінші құрметті профессор атағын алғанын еске салып өтті. Одан әрі Еуразия идеясының іске асуында ЕурАзЭҚ-тың маңызы бар екеніне тоқталды. 2001 – 2008 жылдар аралығында ЕурАзЭҚ-қа мүше елдердің тауар айналымы 29 млрд. доллардан 123 млрд. долларға дейін артып, 4 есе өсті. Ал 2010 жылдан Кеден одағы құрылды. Осылай дей келіп, оның әріптес елдер үшін пайдасын тереңнен толғап, Еуроодақ елдерімен салыстыра отырып саралап берді. Соның ішінде іскер адамдардың кедендік бақылауларда күні бойы кідіретінін, ал бірінен өткен соң 900 метрден кейін екіншісіне килігетінін айта келіп, Алматыда болған бизнес-форумда олардың Кеден одағына қатты риза болғанын білдіргенін жеткізді. Ал 2012 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енетін БЭК – бұл нағыз толыққанды, өркениетті, еуропалық ортақ рынок сияқты құрылым болады, деді ол.

Осыдан кейін сөз ТМД  Атқару комитеті төрағасының орынбасары Е.Новожиловқа берілді. Ол өзінің жас кезінде қазақ жерінде 20 шақты жыл өмір сүріп, үлкен өмірге жолдама алғанына риза екендігін айтты. Мен еуразиялық интеграция идеясының көпұлтты қазақ жерінде туып және іске асып келе жатқанында табиғи заңдылық бар деп ойлаймын. Өйткені, нақ осы жер еуразияшылдық дәстүрлерге барынша бай, деді ол. Одан әрі ТМД Атқару комитетінің төрағасы С.Лебедевтің форумға қатысушыларға жолдаған құттықтауын оқып берді.

Форумға қатысушыларды М.Ломоносов  атындағы ММУ қазақстандық филиалының студенттері К.Акст пен Х.Әкімжанов құттықтады.

Таңертеңгілік отырыста соңғы  болып Қазақстан Парламенті Сенатының  депутаты Қ.Сұлтанов сөйледі. Өзінің сөзінде  ол Еуразия идеясының өміршеңдігін, оның қазақстандық, ресейлік ойшылдар мен сұңғыла саясаткерлер тарапынан қызу қолдау тапқандығын атап өтті. Сондай-ақ шешен ұлттық қауіпсіздік мәселесіне тоқталды. Біз интеграцияны қолдай отырып, елдің қауіпсіздігін де ұмытпауымыз керек, деді ол. Еуроодақ елдері интеграциясында үйренетін үрдістер көп, соның ішінде кез келген ел экономикасының үлкен-кішілігіне, халық санының көп-аздығына қарамай, бірдей дауысқа ие. Мәселен, Германия мен Сан-Мариноның дауысы бірдей. Ал біздің елдеріміздің Кеден одағындағы дауыс үлестерінің ұлттық қауіпсіздікке зиян келтіруі мүмкін деген алаңдаушылық тудыратыныны шындық, деп атап өтті ол.

Форум жұмысының кофе-брейктен кейінгі отырысында Парламент Мәжілісінің  депутаты К.Бұрханов, Астрахан мемлекеттік  университетінің ректоры Ю.Пименов  сөз сөйледі. Пленарлық отырысты жабардың алдында В.Садовничийге Білім  және ғылым министрлігінің ведомстволық наградасы табыс етілді. Содан кейін Т.Мансұровтың «Нұрсұлтан Назарбаевтың еуразиялық жобасының іске асуы» атты кітабының тұсаукесер рәсімі болды.

Түстен кейін форум  жұмысы бірнеше секцияда жалғасты. Олар: «Білім саласындағы Еуразия  идеясы», «Еуразия идеясы және еуразиялық экономикалық интеграцияның дамуы», Еуразия кеңістігіндегі математика мен информатика мәселелері, «Еуразия гуманитарлық кеңістігінің қалыптасуы мен дамуы», «Экологиялық мәселелер мен тұрақты даму» секциялары деп аталып, әңгіме аталған тақырыптар төңірегінде өрбіді.

Секция жұмыстары кезінде  Еуразия кеңістігі шеңберіндегі көптің көкейінде жүрген мәселелер талқы таразысына түсіп, сан қилы ой-пайымдар ортаға салынды. Мәселен, «Еуразия идеясы және еуразиялық экономикалық интеграцияның дамуы» деген тақырыпта сөз қозғаған Ресей Федерациясындағы Қазан мемлекеттік университеті халықаралық қатынастар кафедрасының доценті, тарих ғылымдарының кандидаты А.Белоглазов Қазақстан мен Ресей арасындағы интеграциялық үдерістер барысы, жай-күйі, посткеңестік кеңістік шеңберіндегі экономикалық интеграциялық мәселелер төңірегінде жан-жақты ой-пайымын жеткізді.

Ол «Білім саласындағы  Еуразия идеясы» секциясы барысында да көпшілікті толғандырып отырған келелі мәселелерге қатысты ой-пайымын ортаға салды. Мәселен, жаһандану заманына сай білім беру жүйесінің қалыптасуы, даму үдерісі төңірегінде қызықты ой-пікірлер де кім-кімді бей-жай қалдырмағаны анық. Бұл секция жұмысы кезінде оған қатысушылар посткеңестік кеңістіктегі елдерді еуразиялық интеграциялау идеясы жайында келелі әңгіме қозғады. Сала мамандары мұндай идеяны Қазақстан Президенті Н.Назарбаев алғаш рет 1994 жылы 29 наурыз күні ұсынғанын еске салды.

Бүгінгі таңда Н.Назарбаев  ұсынған Еуразия идеясы өз деңгейінде, шынайы түрде жүзеге асырылып келе жатқаны, мемлекеттердің Еуразия одағын құру посткеңестік елдердегі мемлекетаралық қатынастар тарихында айырықша оқиға болғаны, бұл өз кезегінде осы елдер арасындағы әріптестік байланыстарға жаңа сапалы кезеңге көшуге, өзара тың интеграциялық даму кезеңіне аяқ басуға серпін бергені де назардан тыс қалмады.

С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетіндегі педагогика және әлеуметтік жұмыстар кафедрасының доценті Л.Какиева Еуразиялық одақтың тәжірибе жүзінде іске асырылуы қоғамның сан салалы бағытында өзара байланыс орнатуға жол ашқанын, оның ішінде интеграциялық үдерістердің жоғары мектептің дамуына да өз ықпал-әсерін тигізіп отырғанын жеткізді. Жоғары білім қоғамдағы барлық өзгерістер мен үдерістердің қажеттілігін өтей алатын маңызды әлеуметтік институт болып есептеледі. Елдердің білім саласындағы ықпалдастығы БҰҰ мен ЮНЕСКО қызметінің де ең басымдыққа ие бағыттарының бірі саналатыны белгілі. Соңғы уақытта жоғары білімнің интернациялануы жаңаша қарқын алып келе жатқанын айтуға болады. Ал бұл өз кезегінде Еуразиялық ықпалдастық идеясының жүзеге асуына серпін болары сөзсіз, деді өз сөзінде Л. Какиева.

Бүгін халықаралық ғылыми форум «Математикалық модельдеу  және ақпараттық технологиялар», «Экономикалық ғылым және оны оқытудың бүгінгі мәселелері», «Экологиялық білім беруді жетілдірудің мәселелері», «Бүгінгі еуразиялық кеңістіктегі тіл мен мәдениетаралық коммуникация», «Еуразия әдебиеті» деген тақырыптар аясында өтетін дөңгелек үстелдер жұмысымен өз жалғасын табады

Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың осыдан 17 жыл  бұрын ТМД аумағында Еуразиялық қауымдастық құру туралы айтқан идеясы өмірде іске асып келеді. Қазір оның дұрыстығын аймақтың азуын айға білеген  саясаткерлері тегіс мойындап отыр. Осыған байланысты біз Сенат депутаты, экономика ғылымдарының докторы  Анатолий БАШМАКОВҚА жолығып, бірнеше  сауал қойған едік.

– Анатолий Афанасьевич, Парламент қабылдаған Декларацияда Президенттің еуразияшылдық идеясы өзінің тарихи тұрғыдан дұрыстығын дәлелдеп берді деп атап көрсетілді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың осы еуразияшылдық идеясының алғышарттары қандай еді? Бұл идеяның шығу төркіні қайда жатыр деп ойлайсыз?

– Кез келген серпінді идея даму кезеңдерді бастан өткізеді. Еуразияшылдық  идеясы алғаш, өткен ғасырдың бірінші  жартысында Еуропада қуғында жүрген орыс эмигранттарының арасында туған. Оның өзі бұрынғы ақыл-ойдағы идеологиялық құндылықтардың өзгеріп, жаңа көзқарастың пайда болуымен байланысты туған айрықша идея болды. 1921 жылы Еуропада жарық көрген орыстың еуразияшыл философтарының осы бағыттағы пікірлерін жинақтаған «Шығысқа шығу» атты еңбектің алғысөзінде: «Бұл мақалалар дүниетанудың апатты өзгерісі кезеңінде туған дүниелер. Болған және алдағы уақытта болатын өзгерістерден біз саяси, әлеуметтік-экономикалық дағдарыстарды ғана емес, дүниетану көзқарасында да терең өзгерістер болатынын болжап отырмыз», деп жазылған.

Демек, еуразияшылдық идеясының  сол кездегі туған жағдайы 90-жылдардың  басында біз бастан өткерген жайларға дөп келеді. Нұрсұлтан Әбішұлы философиямен арнайы айналыспаған адам болса да өзінің айрықша сезімтал қасиетімен осы идеяның өміршеңдігіне көзі жеткен сияқты. Сондықтан да ол осы идеяны іске асырудың артықшылығын көре білді және ол ақыл-ой жүйесінде ғана емес, нақты өмірде экономикалық интеграция түрінде қажеттілігін дәлелдеді. Сөйтіп, озық идеяны өмірде іске асыру бағытындағы жаңа көзқарастармен байытты. Біртұтас экономикалық шынжыр түрінде қалыптасқан кеңестік экономиканың қалпына келіп, қайта жұмыс істеуі мүмкін болмаған жағдайда жаңа интеграциялық құрылым қажеттілігі ауадай қажет еді. Ол Қазақстанға ғана емес, Ресейге де, Украинаға да, Өзбекстанға да және басқаларға да барлық жағынан тиімді болатын. Осы құрылымды Президент еуразиялық қауымдастық болуы керек деп үлкен көрегендікпен атаған. Бірақ бастары тәуелсіз ел атанудың эйфориясына шырмалған көптеген ТМД елдері лидерлерінің бұл идеяны қабылдауға саяси қарымы мен ерік-жігері жетпеді. Тек алысты болжай алған Нұрсұлтан Назарбаев қана оның өміршеңдігін көре білді.

Меніңше, Нұрсұлтан Әбішұлы  философияда «еуразияшылдық ағым»  деп аталған осы идеяны жақтаушылардың еңбегімен де жақсы таныс секілді. Өйткені, Ресей қол астындағы  халықтардың тарихын орыс тарихының тар шеңберінде ғана емес, жалпы еуразиялық өркениет ауқымында қарастыру қажеттігін ұсынған П.Савицкий, Г.Флоровский, Н.Трубецкой, Г.Вернадский және басқалардың еңбегін жалғастырушы, «соңғы еуразияшыл» атанған Л.Н.Гумилевті ол жоғары бағалайтынын көріп жүрміз. 30-шы жылдардың ортасында КСРО-да бұл ағым ғылыми айналыстан күшпен шығарылып, оны жақтаушылар айыпталғаны белгілі. Оларды ардақтау тұңғыш рет Қазақстанда ғана қолға алынды. Астанадағы Еуразия университетіне Л.Н.Гумилевтің есімінің берілуі де соның көрінісі.

– Ақыры еуразияшылдықтың теориялық негіздері туралы сөз қозғалған соң, сізден Л.Н.Гумилевтің пассионарлық теориясы туралы тұжырымын тарқатып беруді өтінер едім. Нұрсұлтан Назарбаевты біраз адамдар «пассионарлық тұлға» дегенді жиі айтады, соның мәнісі неде?

– Бұл – Л.Н.Гумилевтің еуразиялық философияны теориялық тұрғыдан байытқан ғылыми тұжырымы. Пассионар тұлға дегеніміз қоршаған орта мен өзін-өзі өзгертуге қабілетті адамдар. Сонымен бірге, ол адамның алда тұрған кедергілерді де еңсере алу қабілеті. Латын тілінен аударғанда «passio» деген сөз «құмарлық», «әуесқойлық» «ынтықтық» деген мағынаны береді екен. Нұрсұлтан Әбішұлының басынан да осы қасиеттерді көруге болады ғой. Сондықтан оны «пассионарлық тұлға» дегендер қателеспейді. Сонымен бірге, Л.Н.Гумилев пассионарлық тұлғаларды қоршаған ортаны өзгертуге қажетті күш-қуаты бар адамдар деп атаған.

Адамзат тарихындағы өз ортасын  өзгертіп, оны жаңа белеске көтеру үшін мақсатты түрде іс-қимыл ұйымдастыра  алған тарихи тұлғалардың бәрі де пассионарлық тұлғалар делінеді. Олардың бойындағы қасиеттерінің ең үлкені «белсенділік» және «іс-қимыл жасауға ынтықтық» дейді ғалым. Пассионарлық тұлға кейде көздеген мақсатына жету жолында өзін-өзі құрбандыққа да шалуы мүмкін екен. Пассионар тұлғаның осы қасиеті іс-қимылдың барлық бағыттарында да көрініс табады. Бұл қасиет тіпті адамның бала жасында-ақ көрініс беретін көрінеді. Л.Н.Гумилев оны адамның психикасына қанмен берілген қасиет деп те атайды. Олардың ерік-жігері орасан болады, сонымен бірге, олар іс-қимыл барысында өздерінің ашуы мен ақылын тежеп ұстауға қажетті қуатпен қамтамасыз етілген. Л.Н.Гумилев пассионар тұлғалар қатарына Жанна Д.Аркты, Александр Македонскийді, Наполеон Бонапартты жатқызады.

Ал енді осы қатарға  Нұрсұлтан Әбішұлын қалай жатқызбайсыз? Оның өмірбаянын біршама білеміз. Бала кезден ол өз ортасының алды болған, бұл – оның белсенділік қабілетінің белгісі. Жастық шағында барлық ойын-тойдың, мәдени шаралардың ұйытқысы болып, жаңа бірдеңе табуға ынтық болғанын, өз ортасын үнемі жақсартуға құштар болғанын жақсы білеміз. Днепродзержинскіге қазақтың 67 баласы барып, металлург мамандығына оқыған. Оқу бітіріп келген соң кейбіріне жұмыс табылмай, кейбірі басқа мамандыққа ауысып, кейбірі ауылына қайтып, солардың ішінен тек Нұрсұлтан Әбішұлы ғана озат металлург болып, сол жерден өзінің өмірлік карьерасын бастады. Мың градустық оттан беті қайтпай, қасқая қарап тұрған жігітті көзге елестетіп көріңіз.

Мектепте өте жақсы оқыған, оның үстіне белсенді, өнерлі, қолынан бәрі де келетін жас жігіттің басқа жұмыс тауып алуына болатын еді. Бірақ ол мың градус ыстыққа қазақ баласы да төтеп беріп, тамаша металлург бола алады дегенді басқаларға дәлелдеу үшін де сол жерден тапжылмаған. Мақсаткерлік жолында өзін құрбан етудің көрінісі осындай-ақ болар. Бірақ, ол құрбан болған жоқ, Алланың қалауымен сол жерден мың градустық қуат алып, жоғары өрледі. Енді, 1991 жылды көзге елестетіп көрелікші. 51 жастағы жігіттің мойнында Қазақстан сияқты алып республиканы бұрын жол түспеген қиыннан алып шығу міндеті тұрды. Қазақстан түгіл КСРО қол астында көзі тірі ешқандай адам көрмеген нарықтық экономика жүйесін құру қажет болды. Міне, сол кезде Нұрсұлтан Назарбаевтың бойындағы пассионарлық қасиеттері бар болмысымен ашылды.

Жоғарыда біз пассионарлық тұлғаның бойында «іс-қимыл жасауға құштарлық» болатынын айттық. Сонымен бірге, білмекке құмарлық, әуесқойлық болатынын да айттық. Міне, осы қасиеттер Нұрсұлтан Әбішұлының бойынан, әсіресе, сол кездерде үлкен көрініс берді. Ол іс-қимыл жасап, қоғамды өзгерту үшін күндіз-түні жұмыс істеді. Бұл қыздырманың қызыл тілі емес, іс жүзінде солай болған еді. Өйткені, мәселен, ол Парижден кешкі сағат сегізде ұшағына мініп, алты сағатта Қазақстанға келгенде бес-алты сағаттық уақыт айырмашылығын ескергенде мұнда таң атып, жұмыс күні басталғалы жататын. Өзін күтіп тұрған ұлан-ғайыр жұмыстарды қаңтарып қойып, дем алатын адам Назарбаев емес-ті. Ол ел тұрмай қызмет орнынан табылып, мемлекеттік істердің қалың ортасына түсіп жүре беретін. Сондықтан күндіз-түні жұмыс істеді дегеніміз қызыл сөз емес, нақты жәйт. Осындай тынымсыз еңбектің арқасында ол өз ортасын, яғни Қазақстан Республикасын биік белеске көтере алды. Ендеше, ол нағыз пассионар тұлға екендігін іс жүзінде дәлелдеген.

– Нұрсұлтан Назарбаевтың еуразияшылдық идеясының дәл осы кезеңде жылдам іске аса бастауының сыры неде деп ойлайсыз?

– Біз жоғарыда идея ерте туатынын айттық. Бірақ оны іске асыру қай уақытта кешеуілдеп жүреді, тіпті іске аспай, әуеде қалықтап тұрған қалпында ұмыт болатын тамаша идеялар да болады. Коммунистік құрылыс  идеясының классиктері идея іске асу үшін бұқараның үлкен тобын  баурап алуы керек дейді. Таптық мүддені  ғана ескеріп туған тұжырым болғанымен, бұл сөздің де жаны бар. Әлемнің қазіргі даму бағыты, ТМД елдерінің тәуелсіздік жылдарында қалай қарай дамуды өз іс-қимылы мен жүрісінен табуы еуразияшылдық идеясының қайта өрлеуіне табиғи үрдіспен жол ашты. Іс жүзінде жұмыс істей алатын интеграциялық құрылымдардың тиімділігін бәрі де көріп отыр.

Бүгінгі күні әлемде 240 интеграциялық  бірлестік жұмыс істейді екен. Соның ішінде біз Еуропалық Одақ, Солтүстік Американың NARTA, Оңтүстік Американың MERCOSUR құрылымдарының үлкен  тиімділікпен жұмыс істейтінін көріп  отырмыз. Осылардың ықпалы, тиімділігі интеграциялық құрылымдарды жасаудың қажеттілігіне қарсы шығатын саясаткерлердің көкірек көздерін аша түсті. Интеграциялық құрылымдар жеке біреудің шамшыл мүддесі емес, елдің, халықтың мүддесі екендігі іс жүзінде көрініп тұр. Одан бас тартудың өзі саяси көрсоқырлық болар еді. Міне, сондықтан да бүгінгі күні еуразияшылдық идеясы әбден пісіп-жетіліп, бұқараны баурап алды ғой деп ойлаймын. Демек, оның бүгінгі күні жылдам іске аса бастауы – табиғи заңдылық. Қазақстан, Ресей, Беларусь арасындағы экономикалық одаққа, меніңше, жақын уақыттарда Қырғызстан, Украина және т.б. мемлекеттер енетін шығар.

– Еуразиялық экономикалық одақ пен Еуроодақтың арасындағы ынтымақтастық қалай қалыптасады деп ойлайсыз?

– Меніңше, бұл екі құрылым  бір-біріне сұраныста болады. Өйткені, біздің Одақта рынокпен қатар, ресурс көздері мол. Еуропа нақ бізден энергиялық ресурстарды алуға мүдделі. Ал өз тарапымыздан біз де Еуроодақпен экономикалық ынтымақтастық жасауға мүдделіміз. Ондағы жоғары технологиялар мен сапалы тұтыну өнімдеріне деген сұраныс бізде үлкен. Сондықтан екі құрылымның бір-біріне деген тартылысы зор, ұмтылысы үлкен болары сөзсіз.

– Идея жоғары деңгейде ғана болмай, халықтың қайнаған ортасын  баурағанда ғана өміршең болады деген  де пікір бар. Сіздіңше, бұл идеяны іске асыруға әрбір қазақстандық үлес қоса ала ма?

– Әрине. Мен басқаларды айтпастан бұрын жеке өз басымның қосқан үлесімді айтайын. Жоғары мемлекеттік  органдарға депутаттық сауал жасай  жүріп мен Астана-Омбы-Астана бағытында  авиарейс ашуға қол жеткіздім. Қазір  Омбы өңірінде тұратын 120 мыңдай қазақ  пен бұрын Қазақстанда тұрып, қазір көшіп кеткен, бірақ мұнда  аралас-құраласы, туған-туыстары бар  орыс, украин, татар, т.б. халықтардың  өкілдері «СКАТ» авиакомпаниясының ұшақтарымен қуанышпен ұшып келіп жатады. Менің өз қызым да Омбы қаласында тұрады. Көп уақыт көре алмай, немерелерімді сағынып жүруші едім, енді екі аптада бір көруге мүмкіндік алдық. Осының өзі тамаша емес пе? Ал мен сияқтылар жүздеп емес, мыңдап саналады. Енді Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде Көкшетау-Барнаул жолын жөндету жөнінде депутаттық сауал жасамақшымын. Біздің учаскедегі 55 шақырымдай жол әбден бүлінген еді, соны жөндеп, қалпына келтірсек, екі елдің арасындағы қатынас тіпті жақсара түсер еді. Мұның өзі шекара маңындағы ынтымақтастықтың да жандануына жол ашады. Аралас-құраластық молайған сайын тауар айналымы өсіп, экономикалық тиімділік те арта түседі. Барлық уақытта экономиканың жандануына мүмкіндік беретін күретамыр-жол екендігі белгілі ғой. Сондықтан жолдарды қалпына келтірумен қатар, сұраныс бар жерде жаңа жолдар ашылғаны абзал. Міне, Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың идеясының іске асуына өз тарапымыздан осындай үлес қосып жатырмыз. Меніңше, идеяны жандандыра түсу жолындағы жаңа жоспары бар адамдар барлық жерлерден де табылары сөзсіз.

– Декларацияны әзірлеу  барысында айрықша пікірлер болды  ма? Мәселен, оның қажеттілігіне күмән  келтірген сияқты?

– Жоқ, ондай болған емес. Мен Декларацияны әзірлеу жөніндегі редакциялық комиссияның мүшесі болдым. Сондықтан барлық әзірлік жұмыстарына араластым. Демек, мен оны дайындау барысында қандай пікірлер айтылғандығына толық куәлік бере аламын. Ешқандай қарсы пікірлер болған жоқ, керісінше, дайындық жұмыстарына тартылған барлық әріптестерім зор ынтамен жұмыс істеді. Бәрі де осындай құжаттың өмірге келетініне қуаныш білдіріп, үлкен ықылас әрі белсенділік көрсетті.


Техногенді сипаттағы экстремалді жағдайлар