Тұрақты даму концепсиясы

Тұрақты даму концепсиясы

 

Адамзат қоғамының алдында  түрған экологиялық мәселелер оның дамуының барлық атрихи кезеңдерінде орын алып отырды. Бірақ, өндірістік қоғам  мен демографиялық жарылыс кезеңінде  адамзаттың табиғатқа теріс әсерінің нәтижелері ғаламдық сипатқа ие болды. Экология мәселенің мәні – табиғаттағы  қалыптасқан тепе-теңдікті бұзбай, миллиардтаған адамдарды жерде  қоныстандыру және олардың барлық қажеттіліктерін  қамтамасыз ету. Қазіргі Жердегі  тіршілік адам қызметінің сипатына тәуелді.

Қазіргі кезең адамының ерекше биоcфералық қызметі – биосфераны қорғау мен сақтап қалу қызметімен анықталып отыр. Экологиялық мәселелердің алдын алу үшін адам ретсіз дамудан тиімді, реттелген табиғат пен қоғамның даму заңдарына негізделген дамуға өтуі тиіс. Тек осы кезде ғана адамзат қоғамының дамуы үздіксіз, ұзақ уақыттық, бірқалыпты жағдайда, табиғи және әлеуметтік дағдарыссыз дамиды. Мұндай дамуды – тұрақты даму деп атайды. Бірақ бұл үшін адамдардың сана-сезімі, олардың мақсаты мен адамгершілік бағыттылығы өзгеруі тиіс.

Планетадағы тіршілікті қорғау бүкіл адамзаттың бірігуін талап  етеді.

1987 жылы БҰҰ-ның Дүниежүзілік  қоршаған орта мен даму комиссиясы  «Біздің жалпы болашағымыз» атты  есебінде «қоршаған орта үшін  қауіпсіз, жолда экономикалық дәуірге»  аяқ басуға шақырды. 

Алғаш рет «тұрақты даму»  концепсиясы ұсынылды.

«Тұрақты даму» дегенде  қазіргі уақыттың қажеттілігін қамтамасыз ете отырып, болашақ ұрпақтардың өзінің қажеттіліктерін қамтамасыз етуіне қауіп туғызбайтын даму деп түсіну керек. «Біз ата-бабаларымыздың Жерін мұраға алған жоқпыз. Біз оны өзіміздің балаларымыздан қарызға алдық» (БҰҰ материалдарынан)

1992 жылдың маусым айында  Рио-де-Жанейро қаласында өткен  БҰҰ-ның қоршаған орта мен даму  бойынша өткен конференциясы  «Тұрақты даму» концепсиясын  және «ХХІ ғасырдың күн тәртібіне»  атты ауқымды бағдарламасын қабылдады. Бұл бағдарламада шешілуі болашақта тұрақты дамуды қамтамасыз ететін жалпы мәселелер қарастырылған.

Мәселе 

Мәселенің қысқаша мәні

1

2

Кедейлікпен күрес

Дүние жүзінде 157 миллиардер, шамамен 2 мың миллионерлер және 1,1 млрд-тан  астам күндік табысы 1 АҚШ долларынан кем адамдар бар. Кедейлікті болдырмау жолдары: еңбек ақыны қамтамасыз ету; кедейлердің өзін-өзі қамтамасыз етуі мен бай елдерден тәуелділігін кеміту; еңбекке жарамды халықтың санын арттыру; табиғат ресурстарын сақтау мен тұрақты даму; білім беру жүйесін жетілдіру; отбасын жоспарлау; қаржылық көмек.

Тұтынудың құрылымын өзгерту

Адамзаттың бай бөлігінің  шектен тыс ысырап етуі – қоршаған ортаның бұзылуы мен табиғат  ресурстарының сарқылуының себебі болып табылады. Сонымен қатар  кедей адамдар өмірге қажетті  минималды мөлшерімен қамтамасыз етілмейді. Энергетикалық және шикізаттық пайдалануды  қысқарту; экологиялық таза технологияларды  дамыту

Халық және тұрақтылық

1993 жылы дүниежүзіндегі  халық саны 5,5 млрд.-тан астам болды.  Ғалымдардың болжамы бойынша  2020 жылы 8 млрд.-қа жетеді.

Халықтардың денсаулығын  қорғау мен жақсарту

Халықтың денсаулығы қоршаған ортаның жағдайына байланысты болады. 2000 жылға қарай денсаулық сақтау саласындағы стратегиялық міндеттер:

1) СПИД-пен күреске жұмылдыру;

2) Туберкулезбен және басқа зілді аурулармен күрес

3) бала өлімін кеміту;

4) халық денсаулығын бақылайтын  тиімді ұйымдар құру;

5) еркектер мен әйелдердің  өздерінің балаларының саны мен  туылу уақытын анықтауға құқығын  қамтамасыз ету;

6) халықты ауыз су, таза  азық-түлікпен қамтамасыз ету;

7) балалардың денсаулығын  қорғау

8) қоршаған ортаны денсаулыққа  зиян қалдықтардан қорғау

Тұрақты тұрғын жерлер (урбанизация)

2000 жылға қарай дүниежүзінің  халқының жартысы қалаларда тұрады. Қоғамның урбанизациясы экономикалық  даму процесінің бір бөлігі  болып табылады. Қалаларда жалпы  ұлттық өнімнің 60%-ы өндіріледі. Қала халқының санының артуы  дамыған және дамушы елдерде  бірдей.

Атмосфераны қорғау

Атмосфераға қалдықтарды  шығарудың негізгі көзі – энергияны  өндіру мен тұтыну

Жер ресурстарын тиімді пайдалану

Топырақтың құнарлылығы  су және жел эрозиясы мен хмииялық, физикалық деградация нәтижесінде  төмендейді. Топырақтың деградациясының  себептері шектен тыс мал жаю; ормандардың кемуі; ауыл шаруашылық қызметі; жерді шектен тыс пайдалану  жіне т.б.

Ормандарды жоюмен күрес

Ормандар топырақ пен  суды, атмосфераны қорғауда, өсімдіктер мен жануарлардың биологиялық алуантүрлілігін  сақтауда маңызды рол атқарады. Үкіметтерге  орман шаруашылығының тұрақты дамуына  арналған ұлттық бағдарламаларды жасап, жүзеге асыру қажет.

Шөлденумен құрғақшылықпен күрес

Шөлдену – бұл ауа райының  өзгеруі мен адам қызметінің нәтижесінде  топырақтың деградациялану процесі. Бұл  процеске көбіне құрғақ жерлер ұшырайды. Шөлдену мал жайылымдарының деградациясы мен азық-түлік өнімдерінің кемуіне әкеліп соқтырады. Құрғақшылық пен шөлдену кедейлік пен аштықтың да себебі болып табылады

Мұхиттарды қорғау мен  тиімді пайдалану

Теңіз суының ластануының  шамамен 70%-ын құрлықтағы үлкен және кіші қалалар, өнеркәсіп, құрылыс, ауыл шаруашылығы мен туризм құрайды. Мұхиттар шектен тыс балықтар мен  былқылдақденелілерді (жылына 90 млн  т.дейін) аулаудан, жағалаулар мен маржан рифтерінің жағдайының нашарлауынан зардап шегеді.

Тұщы суды қорғау мен тиімді пайдалану

Бүгін тұщы су мәселесі маңызды  экологиялық мәселелердің бірі болып  отыр. 2000 жылға қарай төмендегі  міндеттер шешілуі тиіс:

1) қалалардың әрбір тұрғынын  бір адамға шаққанда ең кемінде  күніне 40 литр ауыз сумен қамтамасыз  ету;

2) өнеркәсіптік, тұрмыстық  шайынды суларды залалсыздандыру ережелерін анықтап,жүзеге асыру;

3) барлық ауылдық аудандардың  тұрғындарын экологиялық қауіпсіз  сумен қамтамасыз ету.

Улы химиялық заттарды қолданудың қауіпсіздігін арттыру

Химиялық заттар бүкіл  дүние жүзінде қолданылады. 10000-нан  астам химиялық заттар бар. Олардың 1500-нің үлесіне дүниежүзілік өндірістің 95% келеді. Қазіргі уақытқа дейін  әлі улы және қауіпті өнімдермен сауда жасау туралы жалпы келісім  жоқ.

Қатты қалдықтар мен шайынды  суларды жою

Тұрмыстық қалдықтар мен  шайынды сулардың мөлшерінің жылдам артуы қала халқының денсаулығы мен  қоршаған ортаға қауіп тудырады. Жыл  сайын 5,2 млн адам, оның ішінде 4 млн  балалар шайынды сулар мен  қатты қалдықтарды дұрыс тазартпау  нәтижесінде ауырып, қайтыс болады. 2025 жылға қарай қалдықтардың мөлшері 4-5 есе артуы мүмкін.

Радиактивті қалдықтарды  жою

Радиактивті қалдықтар туғызатын  қауіп оларды өсіру мөлшерін кемітуді, қауіпсіз тасымалдау мен жоюды талап  етеді. Жыл сайын АЭС-дің жұмысы нәтижесінде 200 мың м3 төмен, ал 10 мың м3 жоғары радиоактивті қалдықтар түзіледі.

Балалар мен жастардың  тұрақты дамуды қамтамасыз етудегі  ролі.

Даму бағдарламалары жастарға қауіпсіз болашақты және оның ішінде денсаулыққа қолайлы қоршаған ортаға, жоғары өмір сүру жағдайына, білім алу  мен жұмысқа кепілдік беруі керек. Жастар планета халқының 1/3-не жақын  бөлігін, ал көптеген дамушы елдерде  – жартысын құрайды. Білім беру дәрежесін  арттыру қажет. Жастарға білім беруде қоршаған ортаны қорғау мен даму мәселелеріне көп көңіл бөлінуі қажет.

Тұрақты даму мақсатындағы ғылым мен білім беру

Қазіргі кезде ғылыми-зерттеулер адамзаттың тіршілігін сақтау мақсатында жұмыс істейді. ХХІ ғасырда биосферада қауіпті өзгерістер болуы мүмкін. Ғалымдар төмендегі мәселелерді  зерттеуде; ауа райының өзгеруі, ресурстарды тұтынудың артуы, демографиялық  тенденциялар, ортаның деградациясы, энергия мен ресурстарды пайдалану, биосфераның космостық зерттеулері, ортаның адам денсаулығына әсері  және т.б. Бағдарлама әр түрлі жастағы  адамдардың қоршаған ортаны қорғау  мен даму мәселелері бойынша білім  алуын қамтамасыз етуі керек. Экологиялық  білім беру – адамзаттың тұрақты  дамуының қажетті шарты


 

Сонымен қатар конференцияда  Мәлімдеме мен екі концепция  – климаттың өзгеруінің алдын алу, ормандарды қорғау мен биологиялық алуантүрлілікті сақтау мәселелері бойынша қабылданды.

Бұл мәселелерді кешенді  ғылыми тұрғыдан шешуге болады. Бұл  үшін экология, экономика және әлеуметтік дамудың барлық негізгі топтарын біртұтас кешен түрінде қарастыру  қажет.

БҰҰ-ның конферециясы барлық елдердің үкіметтерін тұрақты дамудың ұлттық концепцияларын қабылдауға шақырды. Қазақстан Республикасының Үкіметі ұсынған «Қазақстан Республикасының тұрақты дамуға көшу концепциясы» бекітілді. Республиканың экологиялық саясаты оның экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.

Республика Президенті Н.Ә.Назарбаевтың БҰҰ Бас Ассамблеясында жасаған  баяндамасында тұрақты дамуға жетудің  түйінді мәселелерін шешудегі еліміздің белсенді қызметін дәлелдейтін нақты мысалдар келтірді. 1992-1998 жылдар аралығында Қазақстан тарихта бірінші болып ядролық полигонын жауып, ядролық қарудан бас тартты, Аралды сақтап қалуға арналған интеграциялық процестердің ұйытқысы болды.

Қазіргі уақытта экологиялық, экономикалық,әлеуметтік мәселелерді  интеграциялау саласындағы саяси  іс-шараларды анықтау жолдары  іздестірілуде. Олар:

  • Бұзылған экожүйелерді қалпына келтіруді қамтамасыз ету;
  • Суды тиімді пайдаланудың нақты шараларын анықтау;
  • Жерді пайдалану, ауыл шаруашылығының тұрақты дамуын жүзеге асыруға, биологиялық алуантүрлілікті сақтауға бағытталған үйлесімді іс-шараларды қабылдау.

Биологиялық алуантүрлілікті  сақтау концепсиясына сәйкес биологиялық  алуан түрлілікті қорғаудың Ұлттық баяндамасы қабылданды.

Тұрақты дамуды қамтамасыз ету құралдарымен байланысты мәселелерге  мыналар жатады:

    • Қаржы ресурстары және оларды пайдалану механизмі;
    • Экологиялық қауіпсіз технологияларды қолдану; тұрақты дамуды ғылыми және ақпараттық қамтамасыз ету. Бұл мәселелердің біздің Республикамыздың тұрақты дамуын қамтамасыз етуде маңызы ерекше.

Бұл мәселелерді шешудің  міндеттері «Қазақстан Республикасының экологиялық қауіпсіздік» концепциясында қарастырылған (Қазақстан Республикасының Президентінің шешімімен бекітілген. 30 сәуір,1996 жыл). Республиканың экологиялық қауіпсіздігі дегенде ең алдымен қоршаған ортаға антропогенді немесе табиғи әсердің нәтижесінде жеке адамға, қоғамға, табиғат пен мемлекеттің өмірлік маңызды қажеттіліктерін нақты және мүмкін болатын қауіптен қорғауды қамтамасыз ету процесін түсінеміз. Экологиялық қауіпсіздік жүйесіне биосфера мен сыртқы антропогенді және табиғи факторлар арасындағы теп-теңдікті ұстап тұруға бағытталған медициналық, биологиялық, экологиялық, құқықтық іс-шаралардың жиынтығы жатады. Алда тұрған маңызды мәселенің бірі адамды қоршаған ортаға мүмкін болатын шекті экологиялық қысымды, яғни экожүйелердің өзара байланыстары, қарым-қатынастары, олардың біртұтастығы сақталатын антропогенді фактордың әсер етуінің максималды деңгейін анықтау болып табылады.

Қазіргі кезде Қазақстан  территориясының көптеген бөліктері  күшті антропогенді әсерге ұшыраған. Арал маңы аймағы экологиялық қатер аймағы болып табылады. Мұнда шаруашылық қызметінің нәтижесінде қоршаған орта қайтымсыз өзгерістерге ұшыраған, Аралдың экожүйесі бұзылып, халықтың денсаулығының төмендеуі мен өлімнің артуы байқалып отыр.

Қазақстан Республикасының  «экологиялық қауіпсіздігінің стратегиялық мақсаты мен міндеттеріне» экологиялық  білім және тәрбие беру жүйесін жасау  мен дамыту жатады.

 

 

Рим клубы

 

Адамдар планетамыздағы орасан күшке ие болды. Сондықтан олар енді саналы және табиғатты аялаушы болу керек, өздерінің табиғаттың тағдырына  жауапкершілігін сезінуі керек. Планетамыздың болашағы адамдардың күш-қуатын қайта бағыттауына байланысты. Адамзат жер планетасының тағдырына жауап беруі тиіс.

Әлеуметтік теория құрамында  оның экотехника, экодаму, экологиялық  тәрбие мен мәдениет экологиялық  сана, т.с.с. бағыттары маңызды болып  келеді. Адамзат әрекетенің едәуір бөлігін әлеуметтік-экономикалық мәселелер  алады, сондықтан да қоғамдық өмірді экологиялау ерекше маңызға ие болады. Әлеуметтік экологияның ғылым ретінде қалыптасуы 1972 және 1974 жылдардағы Рим клубының алғашқы баяндамаларынан басталды. Оларды әлеуметтік-экономикалық және табиғи үрдістердің даму бағытын зерттеуге математикалық ұқсату әдісі қолданылды. Американдық ғалым Джим Форрестердің «Әлемдік экономика» кітабында көпқұрамды ғаламдық үрдістердің болашағы дамушы ұқсатушы модельдермен берілген.

Егер бұрынғы болжамдар  оптимистік сипатта болса, экологиялық  салдарды ескере отырып, жасалған болжам пессимистік болды. Өйткені ХХІ  ғасырдың ортасында барлық минералдық ресурстар сарқылады және табиғи орта шамадан артық ластанады. Рим клубының тапсырыстарымен М.Медоуздың басшылығымен орындалған. «Өсудің шегі» (1972ж.) және М.Месарович пен Э.Пестельдің «Адамзат бұрылыс шегінде» еңбектері негізінен Дж.Форрестердің болжамын растады. Сонымен, өркениеттің алыс болашақта емес, нақты уақыт аралығында аяқталатыны туралы көңіл көншітпейтін болжамы айтылды. Сондықтан осы мәселені зерттейтін және ғаламдық қауіптің алдын алатын ғылым саласына қажеттілік туды. Ондай ғылым болып табиғи ортаның ерекшеліктеріне сәйкес адамзат қоғамының оған үйлесімділік мүмкіндігін зерттейтін әлеуметтік экология қалыптасты. Адам әрекеті өте көпқырлы болғандықтан, жалпы теориялық мәселелермен айналысатын әлеуметтік экологиядан оның қолданбалы салалары: адам экологиясы, инженерлік экология, геоэкология, урбоэкология, ауыл шаруашылық экология, т.б. бөліне бастады.

Жалпы, қазір әлемде экологиялық  дәуірге өту туралы заңды құбылыс  жүріп жатыр. Оған өту міндетті түрде  болуы керек, өйткені адамның  тағдыры соған байланысты.

Беделді мемлекеттік емес халықаралық ұйым – Рим клубы 1968 ж. құрылды. Оның мүшелері таяу болашақты  болжауды және әлемдік қауымдастықты  ғаламдық экологиялық-экономикалық қауіптік алдын алу қажеттігін мойындатуды  өздеріне мақсат тұтты. Олар компьютерлік жүйені талдау және көпсатылы бағынышты  жүйе негізінде ғаламдық экономикалық, техникалық, әлеуметтік және экологиялық  жүйелердің біртұтас дамуының моделін  жасауға тырысты.

Д.Медоуздың басшылығымен орындалған Рим клубының алғашқы  баяндамасы – «Өсу шегі» 1972 жылы жарияланды. Оқиғалардың:ресурстардың сарқылуының  жалғасуы;ресурстардың шексіздігі; халықтың өсімінің және техногенездің шектелуі; тұрақтану үрдістері қарастырылды. Баяндамада тоқырау мерзімі жақындатылды және өнеркәсіп өсімінің қарқынын сақтау адамзатты ғасырдың аяғында апатқа әкелетіні айтылды.

«Әлемдік динамикада»  және «Өсу шегінде» экология-экономикалық құраушылар және биосферадағы көптеген факторлар әлемнің ала-құлалығы жеткілікті ескерілмеді. Сондықтан Рим клубының М.Месерович пен Э.Пестельдің басшылығымен әзірленген келесі жобасында – «Адамзат бұрылыс шегінде» экономикалық даму мен экологиялық жағдай болжамдарында қарқынды аймақтарды саралаулар қолданылды. Әлем 10 аймаққа бөлінді және әлемге ғаламның опат емес, әр аймақта, әр кезде болатын опаттар қауіпті деген қорытынды жасалды. Жалпы олар өсуді шектеу қажеттігі туралы қорытындыға келеді.

Осы идея Рим клубының кейінгі  еңбектерінде және БҰҰ даму және қоршаған орта комиссиясының жұмысында көрініс  тапты.

 

Тұрақты даму жөнінде  Стокгольм конферециясы

 

Экологиялық тоқырау құндылықтарды  қайта қарауға мәжбүр етті, әлемдік  қауымдастықтың табиғи ортаның жағдайына, өркениеттің дамуының болашағына алаңдатушылығын  туғызды. Осы жағдай 1972 ж. Стокгольмде  қоршаған орта жөнінде Бірінші бүкіләлемдік конференцияны әзірлеуге және өткізуге сәйкес келді. Оған 113 мемлекеттің өкілдері қатысты. Конференцияның Бас хатшысы  Морис Стронг алғаш экодаму түсінігін  адамдардың игілігінің өсуі табиғи ортаның  сапасын нашарлатпайтын және табиғи жүйелерді аздырмайтын экологиялық  бағыттағы әлеуметтік-экономикалық даму ретінде қалыптастырды. Ол алғашқылардың  бірі болып адамзат қоғамының  экономикалық жүйеден экология-экономикалық жүйеге көшуі керек екені туралы қорытындыға келді. Экодаму идеясын  іске асыру қазіргі өте күрделі  және ең басты міндет болып табылады. Ол әлемдік даму бағытын түбірлі өзгертуді, ресурсты пайдалануды және бөлуд, экономикада және мемлекетаралық қатынастарда күрделі өзгерістерді ұйғарады.

Стокгольм мәлімдемесі әр түрлі елдерге экологиялық бағыттағы  процесті іске асырудың жолдарын ұсынды. Ұлттың және аймақтың міндеттерді орындауға  ұсынылған экодамудың принциптері  қалыптаспас бұрын әр түрлі елдердің ғалымдары мен мамандары қауымдастығының  үлкен жұмыстары қажет болды. Зерттеулер мен бағдарламалар жасау  бірнеше бағытта жүргізіледі.

    1. Әлемдік динамика туралы ақпараттарды қорытындылау, экономикалық өсудің және экономикалық маманданудың әр түрлі нұсқалары бойынша оқиғалар үлгісін және даму болашағын құрастыру;
    2. Биосфера жағдайының ірі аймақтың табиғат кешендерінің және климаттың техногендік әсерлер салдарынан өзгеруін ғылыми болжау;
    3. Қоршаған ортаға антропогендік жүктемені азайту үшін өндірісті сапалы экологиялау және табиғат ресурстарын реттеу мен экологиялық бағыттағы мүмкіндікті зерттеу;
    4. Экодаму және табиғат пайдалану басқару саласында ұлттық және аймақтық мәселелерді шешу үшін халықаралық ынтымақтастықты ұйымдастыру және үйлестіру

Мұндай міндеттер арнайы құрылымды – қоршаған орта жөнінде  БҰҰ бағдарламасын (ЮНЕП) құруды қажет  етті. ЮНЕП-тің алғашқы міндеттері экологияның кезек күттірмейтін өзекті мәселелері: жердің тақырлануы, топырақтың тозуы, тұщы су қорының сарқылуы, мұхиттардың ластануы, ормандардың отасуы, жануарлар мен өсімдіктердің құнды түрлерінің жойылуы бойынша ұсыныстар әзірлеп, мемлекеттерге қолдануға ұсыну.

Сондай жаңа уақыт талабына сай ұсыныстың бірі – экодаму  тұжырымдамасы болды. Онда алғашқы  рет экономиканың дамуын табиғат  жүйелерінің мүмкіндігіне сәйкестендіру  идеясы, теңгерушілік идеясы, экологиялық  және экономикалық талаптардың теңдестігі идеясы қалыптастырылды. Дамудың жаңа тұжырымдамасын М.Стронг қоршаған орта жөнінде Бірінші халықаралық конференциядағы (Стокгольм 1972ж.) баяндамасында ұсынды. Ол өзінің баяндамасында әлемдік қауымдастықты дамытудың үлігісін өзгертуді – экономикалық дамудан экологиялық-экономикалық дамуға өтуге шақырды. Нақ экологиялық-экономикалық жүйе болашақ дамудың үлгісі деп анықталды. Бұл тұжырымдаманың тартымды жағы – экологиялық-экономикалық жүйеге өте дамудың басты мақсатын өзгертеді. Тұжырымдаманың мәні – экологиялық және экономикалық теңдестік болғанда ғана даму болатынын мойындату. Адамзат шаруашылығын ұйымдастырудың жаңа түрі басқару қызметін және ұйымдастыру құрылымын түбірлі өзгертуді талап етеді.

Стокгольм конференциясынан кейін экодамуға байланысты көптеген еңбектер жаряиланды. Бірақ бұл тұжырымдама  ұзақ жалғаспады, біртіндеп тұрақты  даму тұжырымдамасына ауысты.

1983 ж. БҰҰ Бас хатшысының  бастамасымен қоршаған орта және  даму жөнінде халықаралық комиссия (МКОСР) құрылды. Оны Норвегияның  премьер-министрі Г.Х.Брутланд басқарды.

МКОСР баяндамасында экологиялық  бағыттағы дамудың экологиялық, экономикалық және әлеуметтік жақтарын қамтитын, болашаққа бірден-бір жол болатын тұрақты даму қажеттілігі дәлелденді. Комиссия қоршаған орта жөнінде БҰҰ Конференциясын шақыруға басты ұйытқы болды. «Брутланд Комиссиясының (1983-1993) міндеттері:

    • 2000 ж. дейін және одан кейінгі ұзақ мерзімде тұрақты дамуды қамтамасыз ететін қоршаған ортаны қорғау саласында ұзақ мерзімдік стратегия ұсыну;
    • Әлеуметтік-экономикалық дамудың әр түрлі сатысындағы елдер арасында экологиялық мәселелерді шешу үшін тығыз ынтымақтастық және мәселені халықтың саны, орналасуы, табиғат ресурстары, қоршаған орта жағдайын, дамуын ескере отырып шешу;
    • Ғаламдық экологиялық ұзақ мерзімдік мәселелерді түсінуге, сондай-ақ қоршаған ортаны қорғау мәселелерін шешуге көмектесу

Брутланд Комиссиясының  Баяндамасы жарияланғаннан кейін тұрақты  даму түсінігі халықаралық қолданысқа енді. Тұрақты даму деп табиғаттың экологиялық теңдестіктерін сақтай отырып қазіргі және болашақ ұрпақтың тіршілік қанағаттандыруды қамтамасыз ететін әлеуметтік-экономикалық даму үлгісін айтамыз.

МКОСР (1987 ж.) есебінде тұрақты  даму тұжырымдамасы мынандай негізгі  жағдайларды қамтиды.

  1. Адамзат болашақ ұрпақтың қажеттерін қанағаттандыруын шектемей, қазіргі ұрпақтың қажеттеріне сәйкес дамуға тұрақты және ұзақ мерзімдік сипат бере алады. Оның басты шарттары: адамдардың экологиялық қауіпсіздігін және қолайлы ортаның қажетті сапасын және экологияның қалпына келуін сақтау; қалпына келмейтін ресурстарды шығындауды қысқарту; табиғаттың тұқымдық қорларын жоюды тоқтату.
  2. Тұрақты дамудың негізі – ғаламдық ресурстарға және экологиялық потенциалға ұқыпты қарау. Табиғат ресурстарын пайдалануды шектеу абсолютті емес, салыстырмалы, техниканың қазіргі деңгейімен және әлеуметтік ұйымдасумен, сондай-ақ, биосфераның адамдардың әрекеттерін көтеру мүмкіндігіне байланысты. Тұрақты даму адамдар санының және оның өсу қарқынына жол береді, егер олар экология-экономикалық жүйелердің өндірістік мүмкіндігіне сәйкес келетін болса.
  3. Кедейшілік болмай қоймайтын бақытсыздық емес және өздігінен болмайды. Ұзақ мерзімде тұрақты дамуды қамтамасыз ету үшін адамдардың қарапайым қажеттіліктерін қанағаттандыру керек және олардың игі болашаққа үмітін жүзеге асыруына мүмкіндік беру қажет. Әлемде кедейшілік тұрақты болып тұрған жағдайда, барлық уақытта экологиялық және басқа апаттар болуы мүмкін. Кедей топтарға жататын адамдарға өздерінің үлестерін алуларына кепілдік болуы керек. Ол үшін шешім қабылдауға адамдар демократиялық жолдармен қатысуы тиіс.
  4. Тұрақты даму үшін бай мемлекеттер өздерінің әрекеттерін, мысалы қуат тұтынуды, экологиялық мүмкіндіктерге сәйкестендіруі керек, ал дамушы елдерге «Көмегі» ол елдердің табиғат ресурстарын шектен тыс қанауына әкелмеуі тиіс.
  5. Тұрақты даму өзгеріссіз үйлесімділік күйі емес, табиғатты пайдалану масштабы, қаржы жұмсау, техникалық даму қазіргі және болашақ қажеттіліктерге сәйкес өзгеріп отыратын үрдіс. Түптің түбінде тұрақты даму үшін саяси жігер қажет.

Тұрақты даму тұжырымдамасына  Т.А.Акимова, А.П.Кузьмин, В.В.Хаскин біршама  әділетті бағасын берді. Олар бұл  тұжырымдамада келіспейтінді келістіруге  тырысады: қазіргі және болашақ ұрпақтың қажеттерін қанағаттандыратын тұтыну өркениетін сақтау және табиғатты бүлдіруші  өркениетте табиғатты қорғау міндеттерін орындау мүмкін болады дейді. Бұл мүмкін емес.

Айта кету керек тұрақты  даму тұжырымдамасын өте жоғары маманданған, білікті ғалымдар жасаған.

Тұрақты даму түсінігі бірнеше  қырынан қарастырылды: саяси-құқықтық, экономикалық, экологиялық, әлеуметтік, халықаралық, ақпараттық. Соның ішіндегі экологиялық қырын қарастырайық.

Экологиялық:

    • табиғат пен қоғамның, биосфера мен адамның қатар дамуын, олардың үйлесімділігін қалпына келтіру, барлық өзгерістердің ноосфераны қалыптастыруды мақсат етуі (ноосферагенез);
    • қазіргі ұрпақтың ғана емес, болашақ ұрпақтың да негізгі тіршілік қажеттерін қамтамасыз етуінің нақты мүмкіндіктерін сақтау;
    • табиғат ресурстарын ұтымды пайдалану әдістерінің теориясын жасау және іске асыру;
    • ноосфералық дамудың экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету;
    • тұйық циклмен алғаш аз қалдықты, одан кейін қалдықсыз өндірісті кеңейту, ойластырылған биотехнологияны дамыту;
    • органикалық отын жағатын энергетикадан біртіндеп қалпына келетін қуат көздерін (күн, жел, су, биомасса, жер қойнауының қызуы, т.с.с) пайдаланатын балама энергетикаға көшу;
    • табиғатты қорғаудың әкімшілік, экономикалық және құқықтық әдістерін жетілдіру;
    • биосфераның әртүрлілігін сақтауға тұрақты қамқорлық;
    • азаматтардың табиғатты өз үйіндей аялауын қалыптастыратын экологиялық тәрбие жұмыстарын, әсіресе жастар арасына дәйекті, жүйелі жүргізу;
    • экологиялық-өнегелік кодекс қабылдау және талаптарын бұлжытпай орындау.

Тұрақты экодаму түсінігі көпқырлы, әр елге әр түрлі. Тұрақты  даму тұжырымдамасы бүкіл адамзаттың болашағын қамтамасыз етуге бағытталған, сонысымен ерекше құнды.

 

БҰҰ Рио-де-Жанейро  конференциясы (1992)

 

1992 ж. маусымда Рио-де-Жанейрода  БҰҰ қоршаған орта және даму  туралы конференциясы (КОСР-92) өтті. Оған 179 мемлекеттің басшылары мен  үкімет мүшелері және сарапшылар, сондай-ақ көптеген мемлекеттік  емес ұйымдардың өкілдері, ғалымдар  және кәсіпкерлер қатысты. 

КОСР-92 ашылғанға дейін  әлемде үлкен өзгерістер болды. 20жыл  бұрын Стокгольмде аталған ғаламдық қауіпті құбылыстар бірнеше есе  күшейді. Адамзат Чернобыль оқиғасын басынан өткізді, Ұлы державалардың әскери текетіресі аяқталды, қарусыздану мен әскери бюджетті қысқартудың нақты мүмкіндігі пайда болды.

Жаңа тарихи жағдайда шекаралардың ашықтығы қалың бұқараның ақпараттануы, әлемдік демократияның өсуі адамдар  мен елдердің экономикалық теңсіздігінің, олардың планетамыздың ресурстарын  пайдалануға қатысуының өткір қайшылықтары айқын болды. Конференцияға бір  қатысушы айтқандай «суық соғыстың»  аяқталуы одан ауыр бай елдер мен  кедей елдер арасындағы соғыстың бастамасы болса аса ауыр қасірет  болады.

Сондықтан КОСР-92 ортақ идея ретінде төмендегі айқын жорамалдарды ұсынды:

    • тұрақты даму және әділетті әлем жолында, әсіресе дамыған елдер тарапынан ымыра мен құрбандық сөзсіз болады;
    • дамушы елдердің игілікке дамыған елдердің бақуаттыққа жеткен жолымен жүруі мүмкін емес;
    • әлемдік қауымдастық ұзақ мерзімдік тұрақты даму жолына түсуі керек;
    • осы жолға түсудің сөзсіз қажеттілігін барлық елдерде қоғамның барлық топтарының түсінуі және оған мейлінше жағдай туғызу талаптары.

Конференция бірнеше маңызды  құжаттар қабылдады. Оның ішінде:

    • қоршаған орта және даму жөнінде Рио ресми мәлімдемесі;
    • барлық түрдегі ормандарды қорғау және ұдайы өсіруді басқару жөнінде әлемдік ауызбірлік принциптері туралы мәлемдеме;
    • ХХІ ғасырдың Күн тәртібі – таяу болашақтың экология-экономикалық және әлеуметтік-экономикалық мәселелерін шешуге әлемдік қауымдастықты әзірлеуге бағытталған құжат.

Одан басқа Конференцияда  климатың өзнеруі жіне биологиялық  әртүрлілік  туралы Рамалық конвенция  әзірленді. КОСР барлық құжаттарының өзегі – тұрақты даму тұжырымдамасы.

Конференция Климат мәселесі және оны шешу қажеттігін мойындады. Рамалық конвенция 1994 ж. күшіне енді және 150 астам елде бекітілді. Конвенцияның мақсаты – атмосферада парник газдарының шоғырлануын климаттық  жүйеге қауіпті антропогендік әсер болдырмайтын, табиғи экожүйелердің  климаттық өзгеруіне бейімделуін  жеткілікті мерзімде, халықты азықпен  қамтамасыз етуге қауіп төндірмейтін және тұрақты негізде экономикалық өсімді қамтамасыз етуге қауіп төндірмейтін және тұрақты негізде экономикалық өсімді қамтамасыз ететін дәрежеде тұрақтандыру.

КОСР-92 құжаттарында мемлекеттердің тұрақты дамуға сай келмейтін  өндіріс пен тұтыну үлгілерін  қолданыстан шығаруға көңіл аударуын, дамыған елдердің табиғат ресурстарының  сарқылуына табиғи ортаның ластануына жауапты екенін ескертеді. Өйткені олардың экономикалық даму деңгейі өздерінің және басқа елдердің ресурстарын өлшеусіз пайдалануының нәтижесі және содан кейін ғана табиғи ортаның сапасын жақсартуға жинақталған капитал жұмсала бастады. Дамудың мұндай жолы дамыған елдерге де және дамушы елдерге де жарамсыз, өйткені ғаламның табиғат ресурстары сарқылу шегінде таяды.

Риода қабылданған құжат  бүкіләлемдік іс-әрекет бағдарламасы болуға тұрарлық масштабы бойынша теңдессіз  ниеттер. Құжат МКОСР «Біздің  ортақ болашағымыз» есебінде көрініс  тапқан идеология мен ұсыныстардың жалғасы және дамытылуы. Онда:

Адамзат тарихтың шешуші кезеңінде. Қалыптасқан дамудың  сипаты мен табиғат арасындағы қайшылықтар  шегіне жетті. Осы бағытқа одан ары  қарай жүру ғаламдық опатқа әкеледі, сонда табиғат адамзатқа өзін қорлағаны үшін жауабын ғаламдық өзгерістермен – климаттың өзгеруімен, шөлдермен, жердің тақырлануымен, атмосферадан қауіпті ультракүлгін сәулелердің  өтуімен, індеттермен және аштықпен береді.

Құжатта көптеген нақты мәліметтер және әр түрлі: халықаралық, мемлекеттік, адамдардың іс-әрекет салаларында тұрақты  дамуды қамтамасыз ететін: саяси, экономикалық, денсаулық сақтау, табиғат ресурстарын  ұтымды пайдалану және қорғау, құқықтық, заң шығарушылық, ғылыми,ағартушылық шаралар тізімі бар. Ол шаралардың барлығы экологиялық, табиғатты қорғау бағытында.

Онда: ХХІ ғасыр күн тәртібі... ғаламдық ымыра және ең жоғары деңгейде қабылданған даму және қоршаған орта жөніндегі ынтымақтастық туралы саяси міндеттер келтірілген. Оларды ойдағыдай жүзеге асыру жауапкершілігі ең әуелі үкіметке жүктеледі.

КОСР-92 жұмысымен қатар  Рио-де-Жанейрода Мемлекеттік емес ұйымдардың ғаламдық форумы өтті. Оған 165 елден, 7650 ұлттық және халықаралық ұйымдардан 17 мыңға жуық адам қатысты. Оның басталуы қарсаңында төмендегідей идеялық ұстанымдар қалыптасты:

    • экологиядан оқшау экономикалық даму Жерді тақырлануға әкеледі;
    • экология экономикалық дамусыз кедейшілік пен әділетсіздікті баянды етеді;
    • экологиясыз әрекет құқығы әрқайсымызға қатысты және бәріміздің өзін-өзі жоюына әкеледі.

Аталған ұстанымдар көптеген экологиялық қоғамдық ұйымдардың, әлемнің  әр еліндегі «жасылдар» партиясының  және «Гринпис», «Жасл крест», т.б. Халықаралық  ұйымдардың идеялогиялық қарулануының қорытындысы сияқты болды. Олардың  бағдарламалары тек қана экологиялық  насихат, қоғамдық экологиялық бақылау  және әрекет ету құқығы емес, табиғат қорғау әрекеттерін кеңейту және белсенділік арттыру мақсатында үкіметке саяси ықпал етуді қарастырады.

Аса маңызды экологияның  мәселелерді шешуге БҰҰ ролін  ерекше атау керек. БҰҰ тек қана қазіргі  кезде тұрақты даму стратегиясының бекуіне жан-жақты ықпал етіп қоймай оның кешегі кезеңде туындауына жағдай жасады. Осыдан 45 жыл бұрын, 1949ж. бірінші, ол 1955 ж. екінші табиғат қорғау жөнінде ғылыми-техникалық конференциялар өткізуге жетекші болды.

1962 ж. БҰҰ Бас Ассамблеясы  «Экономикалық даму және табиғатты  қорғау» атты арнайы қарар  қабылдады. 1982 ж.табиғи орта мәселелері  бойынша Конференцияда БҰҰ табиғи  ортаны қорғау бағдарламасы жасалды  және оны жүзеге асыратын арнайы  ұйым ЮНЕП құрылды. ЮНЕП МАБ,  ФАО, ВОЗ, МАГАТЭ, ЮНИДО және  басқа БҰҰ табиғат қорғау ұйымдары  мен бірге белсенді жұмыс істейді. 1976 және 1980 жж. БҰҰ Бас Ассамблеясы  табиғатты қорғау жөнінде біраз  қаулылар қабылдады, ал 1982 ж. БҰҰ  сессиясы барлық мемлекеттерге  планетамызды және оның табиғи  байлықтарын сақтауды міндеттейтін  «Бүкіләлемдік партиясын» бекітті. 

1983 ж.БҰҰ Бас Ассамблеясының  шешімімен қоршаған орта және  даму жөнінде халықаралық комиссия (МКОСР) құрылды. Оның міндеті  тездетіп ғаламдық экология-экономикалық  бағдарлама жасау және оны  таяудағы онжылдықтарда әлемде  жүзеге асыру жолдарын анықтау.  Ол жұмыс 1987ж. аяқталды және сол жылы Оксфорд университеті «Біздің ортақ болашағымыз» деген атаумен бағдарламаны жариялады. Онда алғаш рет тұрақты даму тұжырымдамасының негізгі ережелері мазмұндалды. БҰҰ Бас Ассамблеясының қаулысымен МКОСР баяндамасы барлық елдердің басшыларына (және БҰҰ жүйесінің басшы органдарына) өздерінің ұлттық бағдарламаларын жасау үшін және оны іс жүзінде орындауға таратылды. МКОСР шешімдері БҰҰ Бас Ассамблеясы мақұлдады және ЮНЕП кезекті «2000 ж.дейін және кейінгі кезеңде экологиялық болашақ» атты құжаттың негізіне алынды.

1997 ж. жоғары деңгейдегі  Рио кездесуінің мақсаттарын  жүзеге асыру бойынша әлемде 5 жылда істелгендерді қорытындылау  үшін БҰҰ арнайы сессиясы өтті. Осы ғаламдық кездесулер мен  конференциялардан басқа табиғат  қорғау және экологиялық тәрбие  жөнінде БҰҰ жекелеген географиялық  аймақта жүздеген аймақтың конференциялар, симпозиумдар өткізді. Әр түрлі  халықаралық үкіметтік және үкіметтік  емес ұйымдардың (МПО, МНПО), МСОП (Халықаралық табиғат қорғау одағы  және ВФДЖ(Бүкіләлемдік жабайы  жануарлар қоры) жұмыстарын үйлестіруде  де БҰҰ рөлі маңызды. Осының  бәрі табиғатты қорғауға қатысты  БҰҰ жан-жақты, дәйекті және  ұтымды саясатын көрсетеді. Оның  мысалы үкіметаралық (ЮНЕП,ЮНЕСКО,ФАО)  және үкіметтік емес ұйымдардың  бірлесіп даярлаған құжаты «Табиғатты  қорғаудың бүкіләлемдік стратегиясы»  болып табылады.

Тұрақты даму концепсиясы