Тәрбие ісіндегі жеке тұлғаның даму мәселелері. 2

     Жоспар

1.   Кіріспе

2.Тәрбие  ісіндегі жеке  тұлғаның даму  мәселелері

3. Жеке тұлғаны ұлттық  құндылықтарға бағыттап  оқыту 
 

 

  1. Кіріспе

Тәрбиенің негізгі  мақсаты жеке адамды қалыптастыру және оны жан-жақты дамыту. Ал бұл міндеттердің нәтижелі болуы жеке адамның қалыптасуына қандай жағдайлардың ықпал ететінін білумен байланысты. Тәрбие қоғамдық өндірістік және мәдени өмірдің белсенді қатысушысын даярлауды мақсат етіп қойған жеке адамды қалыптастырудың жүйелі үрдісі.

Педагогика үшін мәнді мәселенің бірі – “жеке тұлға” түсінігінің өзін айқындап алу. Адамның дамуында бір-біріне байланысты екі өзек байқалады, оның бірі – биологиялық, екіншісі – әлеуметтік. Шетел педагогикасы мен психологиясы жеке тұлғаның даму мәселесін үш негізгі бағытта қарастырады, яғни олар: биологиялық, әлеуметтік және биосоциологиялық. Осы бағыттар адамның дүниеге келген күнінен бастап оның дамуы мен қалыптасуында көрініс бере бастайды. Адам туғанда тек биологиялық тіршілік иесі болып танылады, жеке тұлғалыққа жету әлі ерте. Биологиялық нышандар мен қасиеттердің дамуы адамның өмір бойы мүшелік пісіп жетілуі және қалыптасуы үрдісінің сипатын көрсетіп отырады. Адамның биологиялық кемелдену және өзгеру үрдісі, оның дамуының жастық сатылары мен мінез-құлығында көрініп, осыдан балалық, жасөспірімділік, ересектік және қариялық табиғи бітістерін ажыратамыз. Жеке адам қоғам өмірінің өнімі болғанымен, оның тірі организм екенін ұмытпау керек. Әлеуметтік және биологиялық қатынастар жеке адамның қалыптасып дамуына әртүрлі әсер етеді.

Адамның табиғи дамуы сан алуан әлеуметтік сапалар мен қасиеттерді қабылдауымен тығыз байланыста бірге дамып отырады, бұл адамды қоғамдық тіршілік иесі ретінде сипаттайды. Мысалы, нәрестенің жақын адамдарды танып, күлімсіреуі, кейін тілге келуі, тік жүру қабілетін игеруі, үйдегі және көпшілік арасындағы қалыптары, еңбектеуі және т.б. Өсе келе ол білім игереді, моральдық қалыптар мен ерекшеліктерді орындайды, әртүрлі жұмыс істеу арқылы ептіліктер мен дағдылары қалыптасады және олардың барлығы да өмір барысында адамда пайда болып, дамып отырады.

Баланың қабілетін  дамытуда оның өзінің белсенділігі маңызды  және қажетті жағдай болып табылады. Бұл белсенділік баланың кез-келген әрекетінде: ойында, оқуда, еңбекте  көрінеді. Әрине бұл жағдай ересектердің бағыт-бағдар беруі арқылы жүзеге асады. Баланың қабілеті оның өз қолдауы табылған іс-әрекетінде қалыптасады және дамиды. Бала тек белсенді іс-әрекетте ғана жан-жақты дамиды да, жеке тұлға ретінде қалыптасудың реті туады.

Тұлға дамуы  туралы ізденістегі психологтердің айтуы бойынша әр адамның дамуы өз қолында, оны сырттан әсер етер күшпен дамытуға болмайды, тек оңтайлы ықпал жасауға болады. Осы пікірден туған білім беру мақсатының басқа да тұжырымы бар. Оқушы тұлғасын дамыту, ол оның толық өзіндік өсуінің, өзіндік қалыптасуының, өзіндік жетілуінің амалы ретінде қарастырылады. Сондықтан, мектеп мақсаты баланың табиғи күштері мен мүмкіншіліктерінің өзіндік ашылуына қолайлы жағдай жасау болып табылады. Ол үшін оқушы тұлғасының дамуын көздейтін білім беру үрдісін ұйымдастырудың түрлі әдістері мен амалдарын анықтап, жүзеге асыру қажет.

Сонымен, адам баласы тұлға ретінде өмір сүру барысында  өзінің қоғамдық мәнін сипаттайтын  көптеген әлеуметтік сапалар мен  қасиеттерді қалыптастырады, әрі  дамытады. Міне, осыдан ол ғылымда биоәлеуметтік  тұлға, субъект, яғни тарихи-қоғамдық қызмет пен таным иесі деп танылады. Демек, “адам” түсінігі осыдан биологиялық және әлеуметтік (қоғамдық), сапа мен қасиеттердің бірлігін білдіреді.  

1.Тәрбие  ісіндегі жеке  тұлғаның даму  мәселелері

 “Жеке тұлға”  түсінігін алатын болсақ, ол тек қана әлеуметтік сапа мен қасиеттерді игерген тұлғаны танумен байланысты. Л.С. Выготскийдің айтуы бойынша: “Жеке тұлғаның негізгі функциялары қоғамдық тәжірибені шығармашылықпен меңгеру және қоғамдық қатынас жүйесіне қосылу” [1]. Бұл тұлға қоғамдық тіршілік иесі сипатында көрініп, тіл игеруі, санасы, әртүрлі әдеттермен ерекшеленеді. Жеке адамдық қасиетке ие болу, оның табиғи биологиялық болмысына емес, қоғамдық қасиеттерге тікелей байланысты. Сонымен “жеке тұлға” дегеніміз адамның қоғамдық сипатын танытып, оның өмір барысында өзіне топтаған әлеуметтік сапалар мен қасиеттер жиынтығын білдіреді.

Жеке адамдық  сапалар өмір барысында қалыптасқандықтан, олар біреулерде айқын көрініп, басқаларда күңгірттеу болады. Олай болса, жеке адамдық  дәреже деңгейін қалай білеміз және оның өлшемдері қандай деген сұрақтар туындайтыны сөзсіз.

С.Л. Рубинштейн зерттеуі бойынша жеке адам өз қылығы мен іс-әрекетін саналы басқаруға  мүмкіндік беретін психикалық даму деңгейімен сипатталады, яғни өз әрекетін ойластыра біліп, жауапкершілікті сезіну қабілетінің болуы, өз бетінше дербес іс-әрекетін жасай білуі – жеке адамның мәнді белгілері. Белгілі философ-ғалым В.П. Тугаринов жеке адамның сапалық көрсеткіштері ретінде төмендегілерді атайды:

- саналылық;

- жауапкершілік;

- еркіндік;

- жеке басының  қадірі;

- даралық;

- қоғамдық белсенділік  пен бекіген саяси-идеялық бағыттылық.

Жеке адамдықтың критерийлерін (өлшемін) белгілеумен  В.П. Тугаринов бұл түсінікті адамның  жастық әрі психикалық кемелденуімен  байланыстырды.

Егер жеке адам өз сапа және іс-әрекетін қоғамдық прогресс бағытымен үйлестіре алса, өз бойына игерген сапа мен қасиеттерді неғұрлым айқын көрсете алса, өз іс-әрекетіне ерекше жасампаздық сипат бере алса, оның құндылығы арта түседі. Бұл тұрғыдан “адам” және “жеке тұлға” түсініктерінің сипаттамасы “даралық” түсінігімен толықтырылады.

Даралық бір  адамның екіншісіне ұқсамайтын, өзіндік  ерекшелігі мен өзгешелелігін сипаттайды. Даралық әдетте, мінез бен темпераменттің айрықша бітістері (салмақты, сабырлы, ашушаң), шығармашылық іс-әрекет және қабілетінің ерекшеліктерінің (ойлап тапқыш, ұқыпты) өзіндік көріністермен бөлектенеді. Аталғандар сияқты мұғалімнің де даралық белгілері оның терең білімдарлығында, педагогикалық ой-өрісінде, балаларға жайлылығы мен еңбектегі шығармашылығында танылуы мүмкін. Даралық түсінігі бір адамды екіншіден айырып, оған өзіндік қайталанбас сән беретін жалпылық және жалқылық қасиеттерді білдіреді.

Адамның қоғамдық тіршілік иесі сипатының толықтығы  үшін “индивид” түсінігін де білген жөн. Бұл латын сөзі қазақша “жекелік” дегенді білдіреді. Түсінік ретінде одан адамзат тегінің әрбір бөлек өкілін, оның сапа-қасиеттеріне қатысынсыз танимыз. Бұл тұрғыдан әрбір адам “индивид” бола алады. “Жеке тұлға” түсінігінің және онымен байланысты ғылыми категориялардың мәні осында.

Жеке адамдық  сапалар адамның өмір барысында  дамиды және қалыптасады. Сондықтан, педагогикадағы “даму” және “қалыптасу” категорияларының мәнін ашып беру маңызды.

Даму – бұл  жеке адам сапалары мен қасиеттеріндегі  сандық өзгерістер жүйесі. И.П. Подласый даму ұғымын былай түсіндіреді: “Даму дегеніміз адам организміндегі сандық және сапалық өзгерістер”. Адамның туған күннен бастап дене құрылымы мен әртүрлі мүшелері ұлғаяды. Ол сөйлей бастайды, сөздік қоры молая түседі, көптеген әлеуметтік-тұрмыстық және рухани ептіліктер мен еңбектік дағды және әдеттерді игереді. Бірақ адамның жеке адам болып дамуындағы басты белгі, ондағы сапалық өзгерістер. Оны мына мысалдардан түсінуге болады: тілдік қызметтің жіктелуі адамның танымдық қабілетін арттырады, сезімдік аймағын кеңейтеді. Танымдық қызмет барысында абстракт ойлау, логикалық ес дамиды, өмірге деген көзқарас пен наным-сенімдер орнығады. Еліктеушілік мінез-құлық бірте-бірте белсенді – жасампаз, шығармашылық іске ауысады, өз қылық әрекетін басқара алу мен өзіндік билік қабілеті көркейеді. Бұл өзгерістердің бәрінен адамның анатомиялық-физиологиялық кемелденуіндегі, жүйке жүйесі мен психикасының және танымдық пен шығармашылық іс-әрекетінің жетілуіндегі, дүниетанымдық, имандылық, қоғамдық-саяси көзқарастары мен нанымдарындағы бір-біріне кіріге байланысқан сандық және сапалық өзгерістер үрдісін білеміз.

Қалыптасу түсінігіне келетін болсақ, ол жеке адам дамуының нәтижесі ретінде оның кемелденуі мен  тұрақты сапалар мен қасиеттерді  иемденуін білдіреді.

Адам жөніндегі басқа ғылымдардағыдай педагогика үшін де ең басты мәселе – жеке адамның дамуы және сол дамудың көзі мен ықпал күштері. Идеалистік ағымдар бұл туралы әртүрлі тұжырымдар пайымдауда. Ғылымда ежелден бір-біріне қарама-қарсы келе жатқан теориялық пікірлердің дұрыс-бұрыстығына баға беруді оқырманныың өзіне қалдырып, оларға тек қана объективті сипаттам беруді өз міндетіміз деп есептейміз.

Идеализм өкілдері, қай бағттағы болмасын, жеке адамның  қалыптасуын алдын-ала болжастырылған бағдарламаға теліп, ол бағдарламадағы сапа мен қасиеттер өз беттерінше өріс алатынын уағыздайды. Ал тәрбие олардың ойынша, жәрдемші роль атқарып, сол бағдарламаның іске асуына көмектесуші ғана құрал.

Қазіргі заманғы  идеалистік философия, психология мен  педагогика әлеуметтік төңкерістер  мен күйзелістерге толы қоғам жеке адамның тозуына себепші, сондықтан да адам өзінің шын кемеліне жету үшін қоғаммен байланысын үзу қажеттігін дәріптейді. Бұдан шығатын қорытынды: адамдық мән рухани және әлеуметтік бостандықты алу үшін күрес емес, өз болмысының шын, ең жоғары сыр-мағынасын тану (экзистенциализм) немесе тәңірлік кемелге жақындау (неотомизм).

Идеалистік педагогикада жеке адам дамуы жөніндегі пікір-сайыста  бірнеше теориялық концепциялар бар. Олар: биологизаторлық бағыт: адамның  дамуы оның табиғи (биологиялық) жетілуімен байланысты, соның барысында оның дене құрылымы мен рухани қасиеттері қалыптасады. Адамдар арасындағы моральдық қатынастар биологиялық негізде орнығады (Аристотель, Ф. Мюллер, Э. Геккель, Шешендік Летурно, Ч. Ломброзо). психоаналитикалық бағыт: жеке адамдық қалыптасуда қоғам зиянды. Адамның дамуы мен оның мінез-құлқы толығымен жыныстық инстинктке тәуелді (З. Фрейд). Прагматикалық бағыт: адамның психикалық дамуы тума инстинктерге байланысты, әрбір адамда тұрақты нәсілдік қасиеттерді сақтаушы ерекше саналық гендер болады. Сондықтан да жеке адамдар мен әлеуметтік топтардың қоғамдағы орнын иеленуі олардың биологиялық болмысымен анықталуы тиіс, себебі әртүрлі халықтар мен нәсілдердің бірі табиғатынан дарынды, ал екіншілері – кемірек дамыған (Дж. Дьюи, Э. Торидайк).

Материалистік бағыттағы философия және оныың  көрнекті өкілдері жеке адамның дамуы  мен қалыптасуы туралы:

- ежелгі грек  философы Эпикур: адамның қоғамдағы  иеленген орнының әртүрлі болуы  оның табиғатынан емес, тұрмыстық  жағдайы мен таптық тұрғысынан;

- француз философы  Гельвеций: адам қоршаған орта, нәсілдік және тәрбиеге байланысты  біртұтас әсерлердің нәтижесінде  қалыптасады. Соның ішінде аса  маңыздысы – тәрбие;

- В.Г. Белинский:  адам табиғаттан, бірақ оны дамытып,  жасайтын қоғамнан;

- Н.Г. Чернышевский: адамдарды бұзықтыққа келтіретін  келтіретін табиғат не олардың  нәсілдік кемістігі емес, қолайсыз  қоғамдық жағдайлар мен жаман  тәрбие.

Осы күнгі педагогикада жеке адам дамуы жөнінде қалыптасқан  ой-пікірлер төмендегіше:

- Адамның қоғамдық тұлға ретінде қалыптасуына, оның дамуға деген табиғи қабілеті аса маңызды. Әр адам іс-әрекеттің түріне негіз болар нышанмен дүниеге келеді, сондықтан да адамның биологиялық және әлеуметтік даму мүмкіншілігі бір-бірімен тығыз байланыста, бірақ әлеуметтік фактордың рөлі басымдау.

Жеке адамдық  дамудың ықпалды көзі – тәрбие, қоршаған орта, табиғи нышандармен  қатар тұрса, ол адам қалыптасуына жетекші  фактор. И.П. Подласый: “Тәрбие –  қоғамға жеткілікті қалыптасып дамыған  жеке адамды бере алатын негізгі күш” – деп баса айтады [2]. Олай болса қоғамға қажет жеке адамды қалыптастырып, дамыту үшін тәрбие ісін дұрыс, мақсатты, ұйымдастыру керек деп ойлаймыз.

Адам дамуында тәрбиенің ықпалды күш екенін айта отырып, оның қоршаған орта мен  нәсілдік әсерлердің енжар объектісі деп тануға болмайды. Бұл үрдісте жеке адамның өз белсенділігі мен шығармашыл-жасампаздық іс-әрекетінің маңыздылығын ескеру қажет. Олай болса қазіргі күні тәрбие ісінде оқушыға, тәрбиеленушіге өзі дамушы субъект ретінде қарау аса маңызды.

Жеке адам дамуы мен қалыптасуында ықпал жасаушы әсерлер екі топқа бөлінеді: ішкі және сыртқы. Қоршаған орта және тәрбие – сыртқы әсерлер: табиғи икемділік пен құмарлықтар. Сыртқы тәрбие орта әсерлерінен пайда болатын сезімдер мен толғаныстардың жиынтығы – ішкі әсерлерге жатады. Жеке адамның дамуы мен қалыптасуы осы екі фактордың байланысынан болады. Тәрбие адамның ішкі жан дүниесіне ұнамды қозғау салып, (өзіне бағдарланған) өзіндік өңдеу белсенділігін арттыра алса ғана, адам өз дамуындағы қызметін орындай алғаны.

Балалар қабілеттілігі  – тарих азығы. Көптеген іс-әрекеттің  нәтижесінде адамдардың қабілеті қалыптасып, дамиды. Жай ғана психикалық процесстерден күрделі процесстерге дейін адамның іс-әрекет процессінде дамиды. Өмірлік практика әртүрлі заттарды қажет еткендіктен – қабылдау қабілеті дамиды; табиғатқа әсер етуі арқасында, оның өзгеруі нәтижесінде – ойлау қабілеті дамиды; өткен ұрпақтың тәжірбиесі жетіспегендіктен, жаңа орта жағдайына байланысты – елестету қабілеті дамиды.

Қазіргі психология мен педагогика адамның қабілетінің тұқым қуалайды деген теорияны жоққа шығарады.

Сонымен қатар, қазіргі психологтардың кейбіреулері тұқым қуалаушылық қасиеттердің болуын да айтады. Туа біткен анатомиялық- физиологиялық ерекшеліктерді қасиеттер  деп айтады.

Қасиеттер, дегеніміз, қабілеттің табиғи сілтемелері және олар қалыптасу мен даму процессіне әсер етеді. Қалыпты жағдайда қасиеттер адам қабілетінің қалыптасуына әрекет етеді, олардың дамуын жеңілдетеді.

Танымал психолог А.В. Петровский қасиетті дәнмен теңестіреді, сондықтан оған даму қажет. Мұны Петровский бойынша түсіндірсек, топыраққа тасталған дәннен масақ өсіп шығу үшін мынандай жағдайлар қажет: ылғалдылық, қалыпты температура және т.б. Сол сияқты адамның қасиеті бар, соны дамыту үшін жағдай жасалуы қажет. Өмірде, тамаша қасиеттері бар адамдардың өз мүмкіндіктерін пайдалана алмай, жетістіктерге жете алмай қалғандардың мысалы жетерлік.

Балалардың өздерінің  қабілеттерін оқу әрекетінде дамытуға мүмкіндіктері бар. Мектептегі оқыту  мен тәрбиенің арқасында балаларға  белгілі қоғамдық тәжірбие беріледі. Оқу бағдарламасының күрделенген түрлерін меңгере отырып, оқушылардың қабілеттері дамиды. Білім жүйесін меңгере отырып, балалар сана операцияларын меңгереді және өзінің сана қабілеттерін дамытады. Бастауыш сыныптағы дұрыс ұйымдастырылған оқу-тәрбие жұмысы оқушылардың жеке адам болып қалыптасуының алғы шарты.

А.Н. Леонтьев, С.Л. Рубинштейн, Д.Б. Эльконин, А.З. Запорожец  т.б. ғалымдар Пиаженің баланың психикалық дамуын әлеуметтік қатынастар жүйесіне біртіндеп және өте жай уақытта  кіретін индивид ретінде қарастыруын сынға алған. Индивидтің қоғамнан тәуелсіз болуы мүмкін емес. Олардың пікірінше, Пиаже бала туғаннан бастап адамдар ұжымына мүше болып, қоршаған адамдармен қатынасқа түсу дерегін есепке алмаған. Жалпы Пиаже «әлеуметтендіру» үрдісін қате түсінген. Оның ойынша «әлеуметтендіру» - бала санасының басқа саналармен қарым-қатынасы, ал қоғам – қоғамдық санамен сипатталады (Францияның әлеуметтік мектептерінің көзқарасы). Сонымен қатар, бала ойлауының дамуын, баланың әлеуметтік тәжірибесін есепке алмай, объектілермен қарапайым манипуляциялау дей келе, баланың алғашқы заттық әрекеті ересектермен қарым-қатынас жағдайында (ересек адамдар заттың әлеуметтік қызметіне қарай бала әрекетін ұйымдастырады) жүзеге асатындығын ескермеген. А.Н. Леонтьевтің пікірі бойынша баланың қоршаған заттық әлемге қатынасы үнемі қоғамды, әлеуметтендірілген. Пиаже еңбектеріндегі «бала-зат» қатынасына қарағанда, Л.С. Выготский, Д.Б. Эльконин т.б. көзқарастары бойынша «бала-ересек адам-зат» қатынасы әлдеқайда дұрыс.

2. Жеке тұлғаны ұлттық құндылықтарға бағыттап оқыту 

    Бүгінгі ғаламдану процесінде ұлттық құндылықтарды  сақтау мен өзінің бет-бейнесін, ізгі дәстүрлерін сақтау жолындағы күрес  ұлттық сананы сақтау күресі екенін түсіну.

    Ұлттық  тәрбие деп жеке тұлғаның ұлттық сана сезімі мен мінез-құлқының ана тілін, ата тарихын, төл мәдениетін және ұлттық салт-дәстүрлерді меңгеруі негізінде қалыптасуын айтамыз.

    Ұлттық  мәдени құндылықтар дегеніміз не? Қарапайым тілмен айтқанда ұлттық мәдени құндылықтар – белгілі бір  ұлтқа, ұлт азаматына тән зат, адами қадір-қасиет, яғни халық ғасырлар бойы жинақтаған ұлттық рухани және материалдық құндылықтар.

    Адамдардың  бойында қалыптасқан имандылық  қадір-қасиеттер рухани құндылықтарға, ал адамдардың қолымен жасалған тұтыну заттары мен кәсібі материалды құндылықтарға жатады.

    Өзімізді  өзіміз бағалай білуге бет бұру –  ұлттық байлығымызды игеру, ұлттық санамызды  дамыту. Ұлттық құндылықтарды іріктеп, оқыту процесіне енгізу арқылы ұлттың тұнып тұрған асыл мұралық рухани байлығынан болашақта ел билейтін ұрпақтарды сусындатып, отбасында да, мектепте де ұлтжандалылық пен отаншылдыққа баулып, өз халқын, өз мемлекетін көздің қарашығындай қорғайтын тұлғаларды тәрбиелеп шығару.

    Өз  ұлтын қадірлеп-қастерлеген, ұлт  қадірін білген азаматтың бірі Ж.Аймауытов: «Мен халыққа кіндігіммен байланып қалғанмын.Оны үзе алмаймын.Үзу қолымнан келмейді» - дейді. Сырым Датұлы: «Мен ағайынды екеумін:бірі -өзім, екіншісі-халқым» - дейді.

    Қазақ халқының осындай дәріптеуге, қастерлеуге, дамытуға тұрарлық ұлттық  рухани және материалдық құндылықтары туралы ұлағатты, құнды ойларын халық игілігіне, келешек ұрпақты, ел-жұртқа ие болар азаматтарды тәрбиелеуге неге қолданбасқа? 

    Қоғамдағы адамдар жасаған рухани, материалдық, мәдени құндылықтардың алмасуы оқыту  процесі арқылы жүзеге асырылады.Соның ішінде сын тұрғысынан ойлау жобасы арқылы оқыту – саналы процесс екенін айтқым келеді. Интеллектуалдық деңгейі жоғары тұлғаны қалыптастыру үшін, оны оқытып қана қою жеткіліксіз. Оны тұлға ретінде жан – жақты дамытуға қолайлы, оқытудың шығармашалақ түрін жасау қажет, яғни шығармашылық оқу әрекетін туғызу қажет. Бұл баланы, берілген оқу материалын жаттап алу ғана емес, керісінше өз бетімен білім алу үшін ізденуге үйретеді.

    Жеке  тұлғаны ұлттық тәрбие арқылы дамыта отырып, нақты әрекет арқылы оқытуда төмендегі құндылықтардың болуы қажет:

    - белсенді қарым-қатынас:  оқушы мен мұғалімнің әрбір мәселеде өз көзқарастарын білдіріп отыруы;

    - индивидтік: мұғалімнің әр жеке оқушының ерекшелігін дамытуы, қоғам алдындағы жауапкершілігінің болуы;

    - өзіндік тәртіп: өзіндік бақылау мен бағалауды, шешім қабылдауды үйрену және оны дамыту;

    - шыдамдылық: әр түрлі пікірлерді қабылдай алу, бір-бірінің пікірлері мен ерекшеліктерін құрметтеу, қабылдау. 

    «Адам мен адамның бір-бірімен араласу,өзара  қарым-қатынасында ғана адамның адамдығы өзі үшін де,өзгелер үшін де ашылады»,-дейді философ М.М.Бахтин.Оның пікірінше, диалог тұлғаны қалыптастырудың құралы ғана емес,оның адамдық болмысын да көрсетеді.Тұлғаның белсенділігі,өзін-өзі дамытып отыруға ұмтылуы өзгелерден бөлек жағдайда емес,өзге адамдармен диалогтық қатынастарға түсу кезінде жүзеге асырылады.Бірлескен қарым-қатынас негізінде оқушы-оқушы, мұғалім-мұғалім, оқушы-мұғалім арасында өзара құрметтеу, мойындау, түсіне білу және сыйластық әрекеттері пайда болып, толеранттық пен мейірімділік көзқарастары қалыптасады.

    Сонымен бірге сыни ойлау арқылы тұлға  бойында рефлексиялық сапаларды  қалыптастыру. Рефлексиялық сапа дегеніміз  білім мен тәрбиені өзіндік сана арқылы қабылдап, тұлғаның рухани дамуы, ғылыми ақпараттарды игеруі болып табылады.

    Оқушы бойында  рефлексиялық сапалардың қалыптасуы білім беруді ізгілендірудің нәтижесі болып табылады.Оқушының өзін тану үшін және өмірлік проблемаларын шешудің бірден-бір тәсілі - рефлексиялық басқаруды жүргізе алуы. Ол үшін төмендегі басты ерекшеліктерді дағдыға айналдыруың маңызы зор:

  • өз тәжірибесін пайдалана отырып, жаңа білім арқылы дүниеге өзіндік түсінік пен танымды қалыптастыру
  • өзге адамдардың ұсынатын идеяларына конструктивтік көзқараспен қарай алу
  • өзіне қарама-қарсы идеяларды жоққа шығаруға емес, түсінуге ұмтылу, одан өзі үшін нәтиже   
  • өз біліміндегі олқылықтарын көре білу және оны жоюдың жолдарын табу

    Рефлексиялық  әрекеттер барысында оқытудың жолдары  талданады, өзіндік шешім қабылдауға жағдай туғызылады.Сөйтіп, бала өзін-өзі  дамыту, тәрбиелеу, өз әрекеттерін ұйымдастыру мүмкіндігін алады.Өз ерекшелігі мен деңгейін таниды.

    Сонымен бірге оқушы тұлғасына шоғырланған  білім беру мұғалім тарапынан  әр оқушының өзіндік жақын даму аймағында  дербес қабілетін дамытуға түрткі болу,оларды оқыту мен оқу құндылықтары жүретін практикалық әрекеттерге баулу, баланың қолынан келетін істерін қолдау арқылы қиын проблемаларын шешуге көмектесу болып табылады.

    Оқушы тұлғасына шоғырланған  білім берудің  мәні неде?

    1.Оқушы  тұлғасына шоғырланған білім  беру – адамның қалыптасуы,тұлғаның өз мәдениетінің субьектісі болуына көмектесу, шығармашылық өмірге үйрету.

    2.Оқушы  тұлғасына шоғырланған білім  беру сырттан келетін тәрбиелеу  емес, адам бойынан адамдықты  табу,оны қолдау және дамыту  негізінде өзін-өзі реттеуге, тәрбиелеуге әкеледі.Сол арқылы өзіндік болмысы, санасы бар тұлғалық бейне қалыптасады.

    3.Оқушы  тұлғасына шоғырланған білім  беру – адамның дене және  рухани денсаулығы, адамгершілігі,  бостандығы.Ол – тұлғаны түсіну,өзара  түсіністік, ынтымақтастық қарым-қатынастың, салауатты өмір мен парасаттылықтың, өзіндік қатынастың негізін қалау.

    4.Оқушы  тұлғасына шоғырланған білім  беру тұлғаның қажеттіліктерін  қанағаттандыруға бағыттлады.Сондықтан  оның мазмұны баланың өзін  тұлға ретінде дамыту үшін, өз  өмірінің субьектісі болу үшін жағдай туғызуға негізделеді.

    Оқушы тұлғасына шоғырланған  білім беруде мұғалімнің құзырлылығы қандай? 

    «Тәрбиелеу  үрдісі оқушыны тәрбиелеуге емес, оқушы өзін өзі тәрбиелеуе әкелетін үрдіс болуға тиіс» - деп көрсетеді  Л.С.Выготский.

    Оқыту процесіне соңғы кездері жаңа жобалар мен озық технолоиялар енгізіліп жатыр.Оның мәні – тұлғаны өзінің әрекеттеріне талдау жасауға,өзі үшін маңызды мәселелерді анықтай алуға және шешу жолдарын таба білуге бағыттау.Осы орайда Д.Дьюи философиясының идеясын айтар болсақ, яғни өмірлік тәжірибеге негізделген өз білімін оқушының да, оқытушының да пайдалана білуі жүзеге асырылады.Сондықтан жаңа үрдісті тәжірибеге енгізуде мұғалімдердің сыртқы форманы ғана басшылыққа алмай, оның философиясын ұғыну маңызды шарт.Өйткені оқытудағы басты мақсат – алдындағы оқушыларға таза білімнің өзін бере білу емес, бүгінгі алған білімін өмірлік қажеттіліктеріне сай қолдана білуге үйрету.

    Осыған  сәйкес оқыту мазмұны құндылықтық, танымдық, әрекеттік- шығармашылық және тұлғалық қызметтерді қамтиды:

          құндылықтық қызмет: тұлға үшін мәнді бағдар жүйесін, өзіндік даму траекториясын таңдап алуы;

          танымдық қызмет: тұлғаның рухани дамуының негізі ретінде ұлттық мәдениет, дәстүр, жан-жақты ғылыми білімдерін игеруі

          әрекеттік-шығармашылық қызмет: тұлғаның оқу, еңбек ету, ғылыми, көркемдік және басқа да әрекет түрлерінде өз мүмкіндіктерін жүзеге асыруы, шығармашылық қабілетін қалыптастыру және дамытуы

          тұлғалық қызмет: өзіндік санаға бағытталған рефлексиялық қабілетті дамыту арқылы өзінің өмірлік мұратын дұрыс қалыптастыруды қамтамасыз етуі.

    Білім беру үрдісіндегі демократиялық  және гуманитарлық қарым-қатынастар оқушының танымдық қабілетінің дамуына, өз әрекеттеріне өзгеріс енгізе алуына, өзін үнемі  жетілдіріп отыруына ықпал етеді.Оқытудың осы тұрғыда ұйымдастырылуы әр оқушының жеке тұлғасындаағы өзіндік ерекшеліктері, өзіндік өмір тәжірибесі мен өзіндік құндылықтрын ескеру арқылы өзіндік және өзара бірін-бірі дамытуға жол ашады.

    Осылайша  қарастыру негізінде білім беру үрдісінде оқушының өзіндік сана, өзіндік таным, өзіндік білім алу, өзара қарым-қатынас, өз өмірінің субьектілігі сияқты педагогикалық рефлексиялық сапалары пайда болады және одан әрі дамиды деген тұжырым жасауға болады. 

    «Баланы тәрбие қылу – тұрмыс майданында ақылмен, әдіспен күресе білетін адам шығару деген сөз.Қалса өзін, асса барлық адам баласын әділ жолмен өрге сүйрейтін ер шығару деген сөз.Тұрмыста түйінді мәселелерді тез шеше білетін, тұрмыстың тұңғиық теңізін қалың қайратпен кеше білетін, адалдық жолда құрбан бола білетін, қысқасы, адамзат дүниесінің керек бір мүшесі бола алатын төрт жағы түгел кісі қылып шығару.Баланы мұндай адам қыла алу үшін тәрбиеші бар күшін, бар білімін жұмсап, жалықпай, шаршамай үйрете білу керек»[4,24 б.].  

    Пайдаланылған әдебиеттер

1.Қ.Бөлеев  «Болашақ мұғалімдерді оқушыларға ұлттық тәрбие беруге кәсіби дайындау».-Алматы, 2004. 

2.Д.Дьюи. «Демократия и образования».2000.

3. В.А.Сластенин,В.П.Каширин.  «Психолоия и педагогика».-Москва, 2004. 4.М.Жұмабаев. «Педагогика».1991 

4. Педагогика / под ред. В.А.Сластенина и др. – М., 2002.

5. Подласый И.П.  Педагогика. В 2-х кн. Кн.1. -М., 2002.

6. Қоянбаев Ж., Қоянбаев Р. Педагогика. – Астана, 1998

7. Саданова С.К., Саданова Ж.К. Тәрбие ісіндегі жеке тұлғаның даму мәселелері Вестник КАСУ №1 - 2005

Тәрбие ісіндегі жеке тұлғаның даму мәселелері. 2