Түрік қағанаты. 2



 

Жоспар:

1.      Кіріспе

2.      Түрік қағанатының құрылуы, оның екіге бөлінуі

3.      Батыс Түрік қағанатының құрылуы, дамуы, құлауы

4.      Түргештердің шығу тегі, Түргеш қағанатының күшеюі, әлсіреуі

5.      Қорытынды

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Қазақстан жері ҮІ ғасырда аса қуатты держава - Түрік қағанатының билігінің астына түсті. Оның басқарушылары ашин руының түрік тайпасы әулетінен шықты. Қағанат құрылуы алдындағы түрік этносының өз қалыптасуы кезеңдесіп ІІІ ғасырдан ІҮ ғасырдың ортасына дейін Ганьсу, Шығыс Түркістан және Алтай аудандарында өтті. Алғаш рет "түрік" этнонимін еске алу қытай жылнамаларында кездеседі және 542 жылға жатады. Қытайлар түріктерді хұндардың ұрпақтары деп санады.

Тарихи сахнада Түрік қағанатының пайда болуы Бумын қаған атымен тікелей байланысты. Халық арасында оны "Ел қағаны" немесе "Ілік қаған" (бірінші қаған) деп атады. Мұның мағынасы "Бүкіл елдің патшасы" дегенді білдіреді. Бумын қағанның басшылығымен теле рулары мен тайпалары болып бірігіп, өздері билігінің астында болған "жуан-жуандарға" қарсы шығады.

Бумынның басшылығымен түріктер 552 жылы шайқастарда жуан-жуандарды талқандайды. Соғысқа араларында ең күшті Ашин руы бар түріктердің жуан-жуандардың қарамағынан құтылу тілегі себеп болды. Жуан-жуандарды соғысқа арандату үшін түріктер жуандар қағаны Анахуанның қызын өздерінің көсеміне әйелдікке айттырады. Бұл тілек Ананхуанның намысына тиеді, өйткені түріктер бұрын бұл туралы ештеңені ойларына алмайтын, олардың әскерлері үшін темір қорытып, жуандарға алым салықтарын мінсіз төлеп тұрған. Жеңіске өз тілектеріне орай түріктер жетеді. Бумын қаған оларға шабуыл жасап, талқандайды. Анахуань өзін-өзі өлтіреді, ал жуандардың тақ мұрагері өз өмірін сақтап қалу үшін көрші елге бас сауғалайды. өкінішке қарай, халық "Ел қағаны" деп атаған Бумын қаған сол жылы өледі.

Бумынның қазасынан кейін таққа оның кіші інісі Қараескі отырады, оның басшылығымен түріктер жуан-жуандарға Бұқрат тауында, Орхонның жоғарғы ағысының бір жерінде екінші рет соққы береді. Қысқа уақыт ішінде (552-554 ж.ж.) түріктер каи (татабтар), қидандар және оғыз-татарлар, солтүстікте енисейлік қырғыз тайпаларын жаулап алады.

Бұл жылдары түріктердің батыстағы әскери науқаны одан да белсендірек бола түседі. Оларды Түрік қағанатының негізін құрушы Бумын қағанның екінші бір інісі Истеми қаған басқарады. Ол ағасының көзі тірісінде 10 рулық-тайпалық бірлестіктерді (тайпаны) басқарды және бірнеше рет батысқа жорықтар жасады.

              Жужандарды 554 жылы толық талқандағаннан  кейін, көктемде, шөп өскен соң, тек салт аттылардан тұратын әскерімен Истеми Каспий теңізінің жағалауынан шығады. Кейін ақын Әбілқасым Фирдауси "Шахнамеде" - "Патшалар кітабында" жазғандай, Истеми иеліктері Қытайдан Әмударияға дейін созылып жатты. Бұдан бір жарым - екі жыл ішінде түріктер өздеріне бүкіл Орталық Қазақстанды, Жетысуды және Хорезм хандығын бағындырып алғаны көрінеді.

Истеми 561 жылы Орта Азияға орнығып алған эфталиттерге (Ақ ғұндар) қарсы соғыс бастайды. Эфталиттер жуан-жуандардың одақтастары болды, сондықтан оларға қарсы тұру үшін Истеми Иранмен одақ құрады. Несефа (Қарши) қаласының түбінде эфталиттер түріктерден ойсырай толық жеңіледі.

Парсылармен де күресе жүріп, Истеми Византиямен одақ құрады. Мәселе эфталиттер мұрасын бөлісуде түріктер мен парсылар (Иран) келісімге келе алмауында болады. Византиялық елші Менандр Истемидің ордасында болғанын өзінің жазбаларында былайша суреттейді: "Олар түстенді, және сол күнін шатырда тойлаумен өткізді. Ол түрлі бояулармен әдемі бүркілген жібек маталардан жасалған. Олар шарап ішті, бірақ біздегі жүзімді сығып алатындай емес. Олар пайдаланатын қайдағы бір тағылық сусын. Келесі күні олар (римдіктер) сондай жібекпен жабылған және қожалақтанған басқа баспанаға ауыстырылды. Мұнда да түрлі кейіптегі табынатындары (ардақтысы) тұрды. Дизавул (Истеми қаған) түгел алтыннан апталған былғары үстінде отырады. Бұл бөлменің ортасында алтын ыдыс-аяқтар мен әшекей бұйымдар самсап тұрады ... Келесі күні олар алтынмен қапталған ағаш бағандары, сондай-ақ алтыннан құйылған төрт тауыс құс бейнелі тіреуге орнатылған тағы бар бөлмеге келеді. Бөлменің алдындағы кең жерге арбалар ұзынынан қойылыпты, олардың үсті күміске, ыдыс-аяқ пен кәрзіңкелерге және күмістен құйылған, бізде жасалатындардан бірде кем емес төрт аяқты аңдардың мүсіндеріне толы".

Алайда 575 жылы Византия мен Рим өзара келісім жасасады. Түріктерге қарсы күреске олардың вассалдарын тарту үшін, Византия Закавказьеге және Кавказға да еніп кетуге талпынады. Бұған жауап ретінде бұл аймаққа түрік салт аттылары жойқын жорық жасайды.

Бірақ осыншама кең жерде мемлекеттігі әлі қалыптаса бастау шеңберіндегі Түрік қағанаты ұзақ уақыт тұра алмады. Еуразияның аса үлкен бөлігін қамтыған, әртүрлі тілдерде сөйлейтін және әртүрлі этностарды күшпен біріктірген көшпелілердің әскери империясы болып табылатын ұлы Түрік қағанатын бір орталықтан басқару қиынның қиыны еді.

Өздері мұздай сауытпен құрсанған, бақайшағына дейін қаруланған қуатты әскерге сүйенген жоғарыдан төменге дейін ел басқарған қағандар, тегіндер, шадтар, ябғулар, елтеберлер, тұтықтар және жергілікті рулық-тайпалық бірлестіктерді басқарған бектер үлкен қиыншылықпен қол жеткізген арайлы тәуелсіздіктің қадір-қасиетін терең түсіне қойған жоқ. Мансапқорлық пен таққұмарлық елді билеген Ашына әулетінің ұрпақтарын меңдеп алып, емі жоқ «ауруға» айналды. Осындай мерез пиғылға тосқауыл қою үшін кезінде данагөй Ашына Мұқан қаған әкесінің орнына баласы таққа отыратын дәстүрді бұзып, ағаның тағына іні отыратын жаңа салтты енгізген еді. Осылайша қаған ауысқанда таққа сарыауыз жас бала емес, ақыл тоқтатқан азамат ие болатын болды.        

Алайда айтарлықтай өсіп-өнген және қажетті деңгейдегі билікке қол жеткізе алмаған Ашына әулетінің өкілдері мемлекеттің тәуелсіздігінен гөрі өздері басқаратын аймақтардың тәуелсіздігін жоғары қоятын болып алды. Олар жергілікті жерлерден рулық-тайпалық негізде құралған айтарлықтай қуатты да садақты әскерлерімен жоғарғы билікті басып алуға болады деген зиянды пікір жетегіне ілесті. Мұның өзі оларды өзара ішкі соғыстарға алып келді. Нәтижесінде қағанат ішінде әртүрлі аймақтарды басқаратын бірнеше қаған қатарласа пайда болды. Бұл шырғалаң 20 жылдан астам уақытқа созылып, ақырында 603 жылы Ұлы қағанаттың екі мемлекетке – Батыс Түрік және Шығыс Түрік қағанаттарына бөлініп кетулеріне алып келді.

Түріктердің сорына қарай дәл осы тұста, бұрын Қытайды бытыраңқылықта ұстап келген Сәнбилердің Тоба әулеті тақтан тайдырылып, оның орнына қытай нәсілін жедел біріктіріп күшейтуді қолға алған қытайлық Суй әулеті (583-638 ж.ж.) өкілдері билікке келді. Олар өздерінің байырғы ата жаулары түріктерге қарсы «алыстағысымен бірлесіп, жақындағысына қарсы тұру, күштісінен бой тасалап, әлсізімен бірлесу» саясатын ұстанды. Бұл, әрине, жаңалық емес болатын. Көшпелі түріктердің өздері де мұндай арандату әдісін өзінің жауларына қарсы талай рет қолданған еді. Мұның өзі шын мәнінде дұшпандар арасына іріткі салып қана қоймай, оларды әдейі бөлшектеп, өзара іштей қақтығыстыратын бағыт еді. Түріктердің өзара жауласып, екі қағанатқа бөлініп кетулері олардың ішкі саясатына Қытайдың араласуын күшейте түсті.

Бұған қолайлы жағдай 603 жылы түркітілдес он Телес тайпалары біртұтас Түрік қағанатын 599 жылдан бері билеп келген Қара  Шұрын Түрікке қарсы көтерілгеннен кейін қалыптасты. Ол көтерілісшілерден бейтарап аймақ Тогонға қашып құтылды. Енді екіге бөлінген елдің Шығыс қағанатындағы билікке Жоңғар келсе, ал Батыс қағанат тағына Тарман отырды. Тарман Қара Шұрынның хансу әйелінен туған еді және әкесіне қарсы бас көтергендерді қатал жазалаумен жүйелі түрде айналысты және өзінің ішкі саясатын Дулу тайпалық одағына біріккен бес түрік тайпаларына сүйене отырып жүргізді. Анасы қытайлықтардан болса да, Тарман Батыс түріктерін қытайлықтарға тәуелсіз елге айналдыру үшін барынша күресті.

Батыс Түрік қағанаты - Түрік қағанаты ыдырап, екіге бөлінуі нәтижесінде пайда болған ерте ортағасырлық түркілер мемлекеті (603 - 704). Түрік қағанатында саяси-әлеуметтік қайшылықтардың шиеленісуі, оның дербестікке ұмтылған жеке бөліктерінде оқшаулану үрдісінің күшеюі, Шығыс және Батыс қағанаттарының құрылуына алып келді. Батыс Түрік қағанатының негізін Торэмен қаған қалаған деген ғылыми дерек те бар.

Аумағы

Батыс түрік қағанаты «ежелгі үйсін жерлеріне» ірге тепті, демек, оның аумағы ендік бағытта Қаратаудың шығыс баурайынан Жоңғарияға дейінгі жерді алып жатты. Қағанатгың негізгі этникалык-саяси ұйытқысы — «он тай-па» он-оқ будунның мекендеген жері де осы еді. Сонымен қатар ол Түрік қағанатының Шығыс Түркістан мен Орта Азиядағы (Самарқан, Маймург, Кеш, Нахшеб, Иштихан, Кушания, Бұхара, Амуль және Андхой) отырықшы-егіншілік шұраттарындағы басып алған барлық жерлерінің мұрагері болды. Батыс түріктеріне тәуелді деген аты ғана болған Соғды мен Бұхарада да қағанның өкілдері болды.

Шаруашылық-экономикалық жағдайы

Шаруашылық-экономикалық жағынан алғанда, қағанат екі негіздің — мал шаруашылығын көшпелі әдіспен жүргізуге негізделген қоғамның және бұл кезде феодалдық қатынастар едәуір дамыған отырықшы-егіншілік қоғамның ұштасуы болды. Бұл кезде феодалдық қатынастар Византия мен сасанилер Иранында дамыған болатын. Соғыс және сауда бәсекелестігіне қарамастан (бәлкім, соның арқасында да болар), феодалдық қоғамдық қатынастар Кавказ өңірінің Хазар патшалығының көшпелі ортасына, тиректер мен Алтайдың ертедегі түріктері жеріне өтіп ұлғая түсті. Батыс түрік (сондай-ақ Шығыс түрік каганатының) халықаралық шаруашылық және саяси байланыстар аясына тартылуында Соғды мен Жетісудың соғдылық көпестері ерекше рөл атқарды. Жетісудың құжаттарда көбінесе «соғды» қалалары деп аталатын қалалары ежелгі түрік дәуірінде тоқтап қана өтетін мекендер болған жоқ. Қалалардың соғды халқы да, түрік халқы да саудамен, қолөнермен, диқаншылықпен бірдей дәрежеде шұғылданды. Қала мен дала қағанат құрамында бірін-бірі толықтыратын және біріне-бірі өзара керек болып отыратын біртұтас шаруашылық-саяси организмнің екі бөлегі болды. Транзит сауда айырбасы да, ішкі сауда айырбасы да ақша айналысын туғызды, сөйтіп Батыс түрік қағанатының вассалдық шет аймақтарының да, орталығының да халқы осы айналыс өрісіне тартылды.

Қоғамдық -экономикалық қатынастары

Қағанатта қоғамдық-экономикалық қатынастардың дамуы Еуразияның басқа аудандарындағы осы сияқты үрдістерге байланысты жүріп, феодалдық қатынастардың орнығу арнасында жүргенімен, оның өз ерекшеліктері де болды.

              Батыс түріктері мемлекетінің бірінші басшысы — қаған, жоғарғы билеуші, билеп-төстеуші, әскербасы болды. Ол нақты алғанда Шығыс түрік қағанатына тәуелді болды, бұл оның таққа отыруына өз келісімін беретін немесе бермей де қоя алатын еді. Бірақ іс жүзіңде шығыс түріктері де ездерінің інілеріне талай рет бағынышты болды. Алғашында қаған тағына мұрагерлік бойынша қағанаттың сол қанатынан шұмұқ (ашна) фратриясының өкілдері отыратын, бірақ бұл тәртіп тұғлұқтар мен оншадыпыттар топтарының арасындағы өзара тартыс күресінде мезгіл-мезгіл бұзылып отырды. Кей кездерде қағанатта бірнеше қаған болып, олардың өкілеттік дәрежесі әр түрлі болды. Қаған мемлекеттің ішкі және сыртқы саяси істерінің бәріне басшылық етті, ру басшыларын тағайындады. Ол әулеттік фратриялардан шыққан шонжарларға сүйенді.

Суябқа жақын жазғы резиденция — Цзедань қағанның ордасы болған. Қаған тек билеуші ғана емес, сонымен қатар қағанаттың барлық жерінің иесі де болуы мүмкін. Алайда көшпелі қоғам жағдайында (дала халқын алатын болсақ) билік негізінен алғанда жерге емес, ол жерді пайдаланатын адамдар ұжымына жүргізілді. Техника мен жер суарудың тым қара дүрсін болуы жағдайында ауыл шаруашылығына жарамды жерлер тапшы, ал мал жайылатын жерлер кеп болды. Кәшпелі коғам жылжып көшіп, тіпті үдере көшіп кете алады, ал егіншілік ұжымы жөнінде бұлай деуге болмайды. Мал шаруашылығы ұжымдарының көшіп-қонып жүруі қағанаттың жоғарғы өкіметіне енжар қарсылық жасап, қағанат әскерлерінің қолы жетпейтін алысқа үдере көшіп кетуіне мүмкіндік беретін еді. VII ғасырдың бас кезінде Батыс түрік қағаны Ябғудың ордасында болған будда монахы Сюань Цзанның жазғандары қаған руының байлығы туралы біраз ұғым береді. Қағанды аң аулап жүрген жерінде кездестірген саяхатшы аңшылар киімдерінің сәнділігіне таң-тамаша қалады. «Қаған жасыл жібек желбегей киген, — дейді ол. — Оның қасына ерген екі жүзден астам тарханы бар, олар қамқа желбегейлер киген, шаштарын бұрымдап өрген. Басқа сарбаздары аңтерісінен тігілген ішік киген, бөріктері жұмсақ матадан тігілген, қолдарына айбалта, садақ, ту ұстаған. Аттары өңшең сайгүлік. Түйе, ат мінген адамдардың көптігіне көз сүрінеді». Одан әрі қағанның киіз үйі туралы айтқанда, оның алтынмен сәнделгені соншалық, тіпті «көз қаратпайды» дейді ол.

Мемлекетте қағаннан кейінгі екінші адам ұлық болған. Қағанаттағы жоғарғы лауазымдар — ябғу, шад және елтебер — қаған руының өкілдеріне тиесілі еді; оларды қаған вассал тайпаларды билейтін лауазымдарға қойған. Сот қызметтерін бұрықтар мен тархандар атқарды. Бектер — тайпа бастық- тары мен өкілдері — жергілікті жерлердегі ақсүйектер сословиесінің басты тірегі болған. Тағы бір категория — үй-қаған барынша назар аударарлық. Деректеме оны былай деп сипаттайды: «Дәрежесі ябғудан төмен қағандар болады. Сондай-ақ бір үй болып тұратын бір атадан тараған көп адамдар да (фамилиялар) өз басшысын үй-қаған деп атайды; түріктер үйді үй деп атайды, демек бұл үй қағаны деген сөз»'°. Әңгіме бұл жерде қауымның негізгі экономикалық бөлінісі партиархаттық отбасылық қауым жөнінде болып отыр. Қағанаттың қанауда болған бұқарасы мал өсіретін ерікті ұсақ қауым мүшелері болды. Батыс түрік қағанатында олардың қалай аталғаны белгісіз, бірақ шығыс түрік әлеумеггік терминологиясына ұксастырып, оларды «қара бұдун» («тобыр», «қара халық») деп атаған деп топшыланады. Әлеуметтік тұрғыдан алғанда тайпалар да, бір жағынан, ақсүйек тайпалар, ал екінші жағынан, оларға бағынышты, вассалдық, тәуелді тайпалар болып бөлінген.

Бағынышты тайпаларға және қарапайым көшпелі бұқараға жүктелген міндеткерліктер туралы жазба деректер аз. Солай бола тұрса да, басты міндеткерліктердін бірі әскери міндеткерлік (басқаша айтқанда «қанмен төлейтін салық») болғаны белгілі; бұл міндеткерлік бойынша, вассал тайпалардың барлық жауынгер-еркектері тайпа көсемі армиясының құрамына кіреді. Соғыстың негізгі ауыртпалығы, демек адам шығынының ең көбі бағынышты тайпалардын мойнына түседі. Кейде «келімсек» деп аталған бұл тайпалар соғыс шайқастары кезінде «алдағы шеп» ретінде пайдаланылған, яғни алғы шепке қойылған. Бұл дәстүр барлық жерлерге тараған. Бағыныштылық арқашанда алым-салық төлеумен қатар жүріп отырған. Оның үстіне бағындырылған тайпалардан, сондай-ақ соғыс қимылдары кезінде тұтқынға алынғандардан құлдар тобы қалыптасқан. Бірақ ертедегі түріктердегі «кұл» деген терминді жалпыға мәлім «классикалық» түрде түсінуге болмайды. Құл тайпалар — үстем тайпаға мал және аң терісі, т.б. түрінде салық төлеп тұруға міндетгі вассал тайпалар.

Түріктердін көршілес тайпаларға шапқыншылық жасағандағы мақсаттарының бірі кұлдар алу болған, бұл орайда, әдетте, ұлдар мен қыздарды алған. Мысалы, түріктің Баһадүр-қағанының 620 жылы бірнеше мың қыз баланы тұтқынға алғаны мәлім. «Жорықтарда тұтқынға алынған ұлдар мен қыздар, яшма мен жібек — мұның бәрі қаған меншігіне түседі», — делінеді сол кездегі құжаттардың бірінде11. Түріктің Білге-қағанының 720 жылы басмылдарды жеңуін баяндай келіп, автор түріктер «олардың (басмылдардың) ұлдары мен қыздарын алып, кейін қайтты»12 деп хабарлайды. Деректемелерде мұндай мәліметтер жиі кездеседі. Тұтқын балаларды үлкен от- басылы қауымда әдетте «бала қылып алып», шаруашылыққа пайдаланды. Мұның бәрі қағанатта құлдыктың басқа түрлері болғанын (мысалы, қол- өнерші, қала салушы, т. с. с. құлдар еңбегі болғанын) теріске шығармайды, бірақ құл еңбегін пайдаланудың негізгі түрі үйдегі, яғни отбасындағы құлдық деп есептеуге мүмкіндік береді.[1]

Тәуелділердің тағы бір категориясы болды. Білге-қаған ескерткішінің мәтіндерінде бектерге және халыққа арналған сөздер бар. Онда мынадай жол кездеседі: «... менің шың жүректен шыққан сөзімді сендер (бәрін) осыған (ескерткішке) қарай отырып, он жебе ұлдарына және олардың таттарына жеткізіндер!» Ертедегі түрік жазуларында таттар деп батыс түріктеріне тәуелді Жетісу аумағындағы отырықшы қоныстар мен қалалардың соғды тілдес тұрғындары айтылатын болуы керек; түрік қағандарына бағынышты болған бұлар саудамен де, ауыл шаруашылығымен де шұғылданған. Батыс түрік қағанатында әлеуметтік-экономикалық және саяси қатынастардың ала-құла, үстемдік ету мен бағыну түрлерінің алуан түрлі болуына қарамастан, Батыс түрік қағанатында таптардың құрылу және ертедегі феодалдық қоғамдық қатынастардың біршама тез қалыптасу үрдісінің жүргені анық. Қарапайым халық “қара бұдұн”, ал әлеум. құрылымның ең төм. сатысының тәуелді тобы “тат” деп аталған (қ. Тат). “Татсыз түрік болмас, бассыз бөрік болмас” деген көне мәтелге қарағанда түркі шонжарлары қарамағында таттар саны аз болмаған. Батыс Түрік қағанатында көшпелі мал шаруашылығы басым сала болды. Сонымен бірге Іле, Шу, Талас өзендері бойында егін ш. дамыды. Ежелден егіншілікпен айналысқан. Орталық Азия мен Шығыс Түркістандағы аймақтар да Батыс Түрік қағанатына қараған. Ұлы Жібек жолының Батыс Түрік қағанатын басып өтуі мұнда қалалық мәдениеттің өркендеуіне ықпал жасады. Құлан, Навакет, Суяб, Тараз, Меркі, Испиджаб қалалары сауда, қолөнер орталықтары ретінде әйгіленді. Қағанаттың халықаралық экономикалық және саяси байланыстар аясына тартылуына соғдылық көпестер үлкен рөл атқарды. Жетісуда егіншілік мәдениеті, құрылыс өнері, түрлі қолөнер кеңінен дамыды. Түркілер теңге соғуды игерді. Теңгелер түркі қағандары атынан соғылғанымен, олардағы сөздер соғды тілінде жазылды. Батыс Түрік қағанатында жазба мәдениет дамып, әдеби дәстүр қалыптасты. Батыс Түрік қағанатының халқы Көк тәңіріне, Ұмай анаға, Жер анаға, Су анаға тағзым етті. Қағанатқа Ұлы Жібек жолы арқылы әлемдік діндерді уағыздаушылар ене бастаған. 626 жылы қаған ордасына Үнді елінен Будда дінін уағыздаушы Прабхакарамитра он шақты серігін ертіп келген. 627 жылы келген қытайлық будда мамасы Сюань Цзянь түрік қағанының будда діні жөніндегі көзқарасы туралы жазып қалдырған. Сондай-ақ, Батыс Түрік қағанатында зороастра, несториан, манихей діндерін жақтаушылар да болған. Бұлардың қызметі халықты түрлі діндерге тартып, қағанаттың негізі—дәстүрлі діни наным-сенімді әлсіретуге, сол арқылы мемлекетті ыдыратуға бағытталған

. Батыс Түрік қағанаты Шегуй (610—18) мен Түн жабғу (618—30) қағандар тұсында күшейіп, мемлекеттің шекарасы кеңейе түскен. Шегуй қаған шығыстағы шекараны Алтайға дейін жеткізіп, бүкіл Тарым жазығы мен Памирге дейінгі аймаққа өз билігін жүргізген.

Бас қаған болып алған Шегуйдің тұсында Батыс түрік қағанаты қайта күшейіп, бұрынғы шеттеп кеткен аймақтарын күшпен қосып алып, дербес елге айнала түсті. Басқа түркі қағандары тәрізді Шегуй қаған да қытайдан әйел алып, осы елмен бейбіт қатынасты жолға қойды. 618 жылы ол қайтыс болғанда орнына отырған інісі Тоң ябғу көп кешікпей-ақ бұрын өз беттерінше Жоңғария аймағында бөлек конфедерация құрып, бөлініп кеткен Телес тайпалық бірлестігін қағанат құрамына қайтарды. Бүкіл Орта Азия Солтүстік Батыс Индияға дейін, Оңтүстік-Шығыс Еуропа далаларынан Ауғанстанға дейінгі үлкен аймақ батыс түріктерінің ықпалына түсті. Өмір бойы шығыс түріктерімен соғысып өткен Тоң ябғу ақыры Батыс түрікті дербес әскери империяға айналдырды. Садақты әскерін жүз мың адамға жеткізген ол батыста Византиямен, оңтүстік-шығыста Қытаймен бейбіт келісімге қол жеткізді. Түн жабғу қаған мемлекеттің батыстағы шекарасын кеңейту саясатын жалғастыра отырып, өзінің қысқы тұрағын Суябқа көшіріп, ал Мыңбұлақ деген жерді жазғы қонысына айналдырған. Жаңа жорықтар қағанат аумағын Әмударияның жоғарғы ағысы мен Гиндукушқа дейін жылжытуға мүмкіндік берген. Мұндай кең байтақ жерді берік ұстап тұру үшін Түн жабғу әкімшілік басқару реформасын жүргізген. Шығыс Түркістан мен Орталық Азиядағы жергілікті билеушілерге түркілік лауазымдар беріп, оларды өзінің орынбасарлары етіп тағайындаған. Сондай-ақ, қағанатқа бағынышты елдерге қатаң саяси бақылау орнату мақсатында қағанның қазынасына түсетін алым-салықты жинайтын өзі бекіткен бақылаушыларды (тудундарды) жіберіп отырған. Орталық Азияда өз ықпалын арттыру үшін Самарқан билеушісіне өз қызын тұрмысқа берген. Тохарыстанға өзінің ұлы Тарду шадты билеуші етіп қойды. Белсенді сыртқы саясат жүргізіп, 625 жылы Парсы еліне қарсы Византиямен келісімшартқа отырған. Түн жабғу император Ираклийдің Кавказға жасаған жорығына (628 — 29) қатысып, жаулап алған жерлерден Горе (Дербент) мен Тбилиси сияқты қалаларды өз үлесіне алады. Түн жабғудың әскери жетістіктеріне риза болған Ираклий Тбилиси қаласы түбінде оған өз тәжін кигізіп, қызы Евдокияны тұрмысқа беретінін мәлімдеген. 630 жылы түріктер Арменияға басып кірген. Бірақ қағанаттағы ішкі қайшылықтарға байланысты Кавказда көп тұрақтай алмай, кері қайтып кеткен. Толассыз жүргізілген жорықтар мен алым-салықтардың ауыртпалығына наразы болған халықтың бой көтерулерін сыртқы жаулар өз пайдасына пайдаланып отырған. Кейбір тайпалар Таң империясы қол астына өтіп кетіп отырған. Таң империясы оларға барынша қолдау көрсетіп, басшыларына шен-шекпен, мансап беріп, әскери күшке айналдырып, қағанатқа қарсы жұмсады. Тоң ябғу тайпалық этникалық мүдде аясынан шыға алмай, шын мәнінде, Бес Нүшеби тайпалық бірлестігінің көсемі деңгейінде қалып қойды. Сондықтан да оған қарсы Бес дулу бірлестігі, Қара Ертістегі қарлықтар көтеріліске шықты. Жергілікті жерлердегі осындай көтерілістерге Тоң ябғудың немере ағасы Бағашұрдың басшылық жасауы жағдайды күрделендіре түсті. Ақыры қаған осы туысының қолынан қайтыс болды. Бұл оқиға бір деректерде 628 жылы болған деп көрсетілсе, басқа бір деректерде 630 жылы орын алды деп көрсетіледі.

Көтеріліс жасаған Дулулардан бас сауғалаған Тоң ябғудың ұлы Тұра тегін әкесін қолдаушы Бес Нүшебилерге қашып барды. Олар болса биліктен ажырап қалмау үшін, оны қайтыс болған әкесінің орнына Ел Білге Ышбара қаған деген атпен қаған көтерді. Алайда ол қанша тырысса да қағанат ішіндегі ішкі тартысты баса алмады. Бұл саяси оқиғаларға Қытай да белсенді түрде араласа бастады. Оларда бұл тұста биліктегі Суй әулеті тақтан тайдырылып, оның орнына Таң әулеті келіп, соңғылар күшейе бастаған еді. Қытайдағы жаңа патшалық Батыс Түрік қағанатындағы, яғни «Он оқ еліндегі» 635 жылдан бастап Бес нүшеби және Бес түрік Дулу болып екіге бөлінген және билік үшін өзара тартысқан келеңсіз ахуалды өздерінің мүдделеріне шебер пайдалана білді. Олар айтысушыларды жасырын түрде өзара айдап салып, одан сайын бір-біріне қарсы арандата түсті.

Қатты жауласып алған түркілердің аталған тайпалық бірлестіктерінің әрқайсысы өздерін қытайлықтар шын ниетпен қолдап отыр дегенге сенімді болып, қағандарын қайта-қайта ауыстырумен әуестеніп алды.

Дулу мен нушебилер арасындағы 638 жылғы қантөгістен соң, олардың арасындағы шекара Іле өзені арқылы өтіп, қағанат оң және сол қанатқа бөлінді. Тайпааралық соғыстар 17 жылға (640 — 57) созылды, бұл қытай әскерлерінің баса-көктеп кіруіне қолайлы жағдай туғызды. 656 жылы Ашина Хэлу (Ашынақойлы) қаған қытай әскери қолбасшысы Су Динфаннан жеңілгеннен кейін Батыс Түрік қағанаты Таң империясының ықпалына түсті.Бұл оқиға Жұңғо жылнамаларында «Ашынақойлының бүлігін басу» деп аталады. 704 ж. Құлан қаласында түргештердің басшысы Үшлік (Учжилэ, Үшелік) Батыс Түрік қағанатының соңғы қағанын өлтірді. Оның Түргеш қағанаты құрылды.

Осылайша Батыс Түрік қағанаты тәуелсіздіктен мүлде айырылып, Қытайдың Таң империясының, яғни табғаштардың қоластына өтті.

              Білге қағанға қойылған VІІІ ғасырдағы ескерткіште бұл туралы былай жазылған: «…інісі ағасындай болмады. Ұлы әкесіндей болмады. Біліксіз қағандар [таққа] отырды. Әлсіз қағандар [таққа] отырды. Бұйрықтары (қолбасшылары) да біліксіз, әлсіз болған еді. Бектері, халқы түзу болмағаны үшін, табғач қағанның алдауына сенгендіктен, арбауына көнгендіктен, інілі-ағалының кектенгендігінен, бектер мен халықтың ымырасыздығынан түрік халқы орнатқан елінен айырылды. Хандық құрған қағанынан айырылды. Табғач халқына бек ұлдары құл болды. Сүліктей қыздары күң болды. Түрік бектері түрік атын жойды. Табғачшыл бектер табғач атын тұтынып, Табғач қағанға бағынды».

              Түргеш қағанаты (704-756)

              «Түргеш» этнонимі, шығу тегі.

Тарихымызда жиі жазылатын, бірақ елдің бәріне түсініксіз болып келе жатқан этнонимдер аз емес. Солардың бірі және бірегейі – «Түргеш» атауы. Осындай атпен орта ғасырларда біздің бүгінгі тәуелсіз Қазақстан аймағында жеке қағанат өмір сүргенін әлемдегі барлық тарихшылар толық мойындап отырса да, «Түргештердің өздері кімдер?» деген сауалға жауап беруге келгенде, олардың этникалық жағынан кейінгі қазақтарға тікелей қатысы барлығын айтуға бара бермейтініміз бар. Мұның басты себебі, біздің ойымызша, дәстүрлі тарихи деректерге жеткілікті мән бермеуімізден. Сондықтан да Түргеш қағанаты тарихын жазуға атсалысқан академик В.Бартольд бұл этнонимнің мән-мазмұнын түсіндіруден қашқақтаса, ал ежелгі түркілер тарихын қалпына келтіруде қыруар еңбек сіңірген Л.Гумилев Сары түргештерді мукрийлерден, ал Қара түргештерді аварлардан, яғни жужандардан шығарып шатасты. «Жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ жоқ» десек те, мынаны ескеруіміз керек: ХVІІ ғасырдағы шежірелік деректерде Үйсіндердің үшке – Сарыүйсіндерге (Сары түргештерге), Қара үйсіндерге және Қызыл үйсіндерге бөлінетіндері белгілі. Кейініректе олардың ықпалымен батыстағы көршілері Қаңлылардың бір бөлігі Сары қаңлылар аталса, арада екі ғасырдан соң шығыстан көшіп келген солтүстіктегі Қыпшақтардың бір бөлігі де Сары қыпшақтар аталып кетті.

              Егер Сары үйсіндерге, қосымшада көрсеткеніміздей, Түргештер жатса, ал соңғы екеуіне – Қара және Қызыл үйсіндерге Бес түрік Дулу бірлестігін құраған қалған төрт тайпалық әскери-әкімшілік бірлестік екіге бөлініп қараған. Олардың қытай жылнамасында көрсетілген аттары – Қойлау, Шимуген, Шыти, Шаныш. Бұлар Шу өзенінің батысындағы Қаңлылар ықпалындағы аймақтарды әскери-әкімшілік тұрғыдан біріктірген бес Нүшбе одағымен бірге «Он оқ елі» деп те аталатын. Жоғарыда айтылған деректерді талдаған, байырғы тарихымызды Қытайда тұрып жазып кеткен, әйгілі зерттеуші Нығмет Мыңжан: «Түргештер – Батыс Түрік қағанатындағы бес арыс ел Дулудың белді тайпасы» деген тұжырымға келген еді.

Тағы бір назар аударарымыз: VІІІ ғасырдағы Бес түрік Дулу құрамындағы Түргештерді Алаш атты тарихи тұлғаның басқарғаны. Дулу бірлестігінде және жалпы Түркі қағанатында қабылданған саяси жүйеге сәйкес, жергілікті тайпа бірлестіктерін басқаратындар «чор» деген лауазымға ие болатын. Сондықтан да бұл этносаяси бірлестік қытай жылнамаларында «Түргеш-Алаш-чор ұлысы» деп те көрсетілген. Қорыта келгенде айтарымыз, «Алаш» атауы VІІІ ғасырда «Түргеш» этнонимінің синониміне айналса, ал ХV ғасырдан кейін «Қазақ» этнонимі «Алаш» этнонимінің синониміне айналды.

              Түргештер - үйсіндер басқарған одаққа ежелгі уақыттардан бері кіретін Дулаттар тайпасының ірі рулық бірлестігінің бірі. Түргештердің өзі - қара және сары түргеш болып бөлінгені белгілі. (Кейбір тарихи деректер бойынша, "сары" және "қара") деген тайпа бөліктері этниқалық емес, саяси жағынан қарастырғаны жөн. Демек, Сақал қаған болған кезде түргеш кағанаты екіге бөлініп кетеді. Біревінде Сақал өзі қаған болған, ал екіншісінде халықты басқарған Сулық. Сақалға бағынатын халықты "сары түргеш" деп атаған, ал Сулыққа бағынған халықты - "қара түргеш".

Батыс Түрік қағанаты кезінде (603-704) қуаттанған бұрынғы үйсіндер орта ғасырда дулаттар деп атала бастады. Белгілі тарихшы-ғалым Нығмет Мыңжан ежелгі қытай жылнамалары негізінде "Қазақтардың қысқаша тарихы" деген өзінің кітабында былай деп жазады:

"Дулат тайпасының бес негізгі бөлімдері былайша бөлінеді:

1. Түргештер - Алаш - ұлыс (ел) Шора

2. Қойлау - Құлық - ұлыс Шора

3. Шимойын - (Чимучин) - Луй - ұлыс Шора

4. Ысты - Тоң - ұлыс Шора

5. Жаныс - Шопан - ұлыс Шора"

Дулаттар арасында ең ірі рулық бірлестік (тайпа), саны мен алып жатқан жері жөнінде ең үлкені Түргештер (Сары үйсіндер) болды. Міне, сол себепті де Батыс түрік қағанаты ыдырағаннан кейін ие болған жерлерінде түргештер "Он оқ халқымен" бірге Түргеш қағанатын құрады.

Батыс түрік қағанаты күшті мемлекет ретінде нығайған VІІ ғасырда Түргештер Тарбағатайдың батысынан Іле мен Шу өзендері аралығына дейінгі аралықта өздеріне туыстас Кергештермен бірге көшіп-қонып жүрді және олардың рубасылары біртіндеп Батыс түрік қағанатындағы билікті басып алды. Түргештердің дербес қағанаты 699 жылы негізделді. Оның алғашқы билеушісі Үшелік (Л.Гумилевте – Учжилэ) қаған еді. Ол туралы және оның қаған тағына қалай отырғаны туралы қытай жылнамаларында төмендегідей түсініктеме берілген: «Түргеш Үшелік – Батыс түріктің басқа бір бұтағы. Ол бұрын Құжыраның (Н.Мыңжанда – Ашына Құслы – Т.О.) қол астында Баға тарқан болған еді. Кейінірек Құшыра жазаның рақымсыз түрлерін қолданғандықтан, бұқарасы одан бойын аулақ салды. (Үшелік) өз ұлысына ерекше жанашыр болғандықтан, алыс-жақындағы Хулардың (қытайлықтар түркітілдестерді ұнатпай, осылай атаған – Т.О.) бәрі оған берілді. Оның қол астында әрқайсысы 7000 сарбазға қолбасшылық ететін 20 тұтықтық құрылды. Бұлар Суябтың солтүстік-батысына ірге теуіп, кейінірек бірте-бірте Суябты басып алып (қытай жылнамалары бұл оқиғаның 691 жылы болғанын айтады – Т.О.), ордасын сол жерге көшірді. Шекарасы солтүстік-шығыста Түрікпен, оңтүстік-батыста Ху мемлекеттерімен тұтасып, оңтүстік-шығыста Шижоу, Тиңжоу дуандарына дейін созылды. Елі әбден әлсіреген Құшыра патшайым У (Зэтян) билігі тұсында сарайға бағынды да, өз жұртына қайта баруға батылы жетпеді. Үшелік оның жер-суын өзіне қосып алды».

              Көріп отырмыз, Ашына әулетінің соңғы тұяқтарының бірі болып табылатын Құшыра қаған шын мәнінде беделден жұрдай болып, ақырында өзінің еліне сенбей, қашып кетіп, Қытайдың әйел патшайымына барып паналады. Мұның өзі Түргеш Үшеліктің мемлекет билігін өзінің қолына алуына толық жол ашты. Біздің ойымызша, осы Үшеліктің бұрынғы чор лауазымында Түргештерді басқарып жүрген тұстағы аты Алаш болған. Үшелік есімі оған қаған тағына отырған соң қосымша берілген деуге негіз бар. Үшеліктің бұрынғы Алаш екендігіне тағы бір дәлел – Алаш чор Бес түрік Дулу құрамындағы Түргеш ұлысын билеп тұрған кезде, осы Бес түрік Дулуға кіретін көрші Қойлау ұлысын Күл чор басқаратын. Үшелік Түргеш хандығына қаған болған тұста осы Күл чорды өзіне аламан сардар етіп алды. Бірақ Үшелік қайтыс болып, орнына баласы Саға (кейбір деректерде – Сақал) қаған тағына отырғанда Күл чор опасыздық жасап, оның көзін жою туралы қытаймен келіссөздер жүргізді. Жергілікті жерде, Сары түргештер арасында аса беделді Күл чор Түргештердің Сағадан кейінгі қағаны Сұлуға (Сүлікке) да қолбасшы ретінде қызмет жасап, оның арабтарға қарсы күресін басқарды. Мұның бәрі қытай жылнамаларында нақтырақ жазылған.

              Үшелік басқарған жаңа Түргеш қағандығының аумағы оңтүстік-шығыста Шаш (Ташкент) қаласынан Шығыс Түркістандағы Бесбалық, Турфан қалаларына дейін созылып жатты. Үшелік қаған өзінің мемлекетін оң қанаттағы және сол қанаттағы екі ордаға Бес Түрік Дулуға және Бес Нүшбеге) бөліп, бұрынғы Шу өзені бойындағы Батыс Түрік қағанатының астанасы Суяб қаласын негізгі астана жасаса, екінші кіші астана Қойлықты (Күнгітті) Іле бойына орналастырды. Қаған мемлекеттегі ең жоғарғы билеуші болды. Жоғарыда көрсетілгендей, 20 әкімшілік аймақтың әрқайсысында сақадай-сай болып, соғысқа даяр тұрған 7 мың адамдық әскерлер ұсталды. Соғыс жағдайында түргештер 150 мыңнан астам әскер шығара алатын еді.

Түрік қағанаты. 2