Бүгін Астана мен
Алматы қалаларында «Жолаушылар
тасымалы» АҚ өз-өзіне қызмет көрсету
төлем терминалдарының (ӨҚТТ) біріккен
желісі арқылы темір жол билеттерін
сатудың жаңа қызметін ұсынды. Бұл
қызметті халық әр түрлі қызметке
төлем жасау үшін пайдалануда.
Жаңалық жолаушыға
алысқа және қала маңына қатынайтын пойызға
билетке тапсырыс беріп, оны қолма-қол
ақшаға сатып алуға және on-line режимде
жолаушыға көрсетілетін барлық қызмет
түрлері бойынша толық ақпарат
алуға мүмкіндік береді (пойыздағы
бос орындар, пойыздардың жүру кестесі және
т.б.).
ӨҚТТ арқылы
билетке тапсырыс беру кезінде жолаушыға
берілетін токен (тапсырыс пен төлемді
растайтын чек) арқылы жол жүру құжатын
вокзалдардың билет кассаларында немесе
өз-өзіне қызмет көрсету транзакциялық
терминалдары арқылы басып шығаруға болады.
Ескере кететін жайт, Астана–Алматы-Астана
бағыты бойынша қатынайтын «Тальго» пойызына
токен немесе жеке куәлікті көрсетсе жеткілікті.
Бірінші кезекте
жоба жолаушыларға көрсетілетін қызмет
сапасын арттыруға, темір жол
билеттерін сатудың аясын кеңейтуге бағытталған.
Қолайлы болу үшін алғашқы кезде ӨҚТТ
жанында «Жолаушылар тасымалы» АҚ өкілдері
кезекшілік жасап, жаңа қызметті қалай
пайдалану керектігін түсіндіріп, көрсетеді.
Жақын арада
Қазақстан Республикасының барлық
территориясында 1 мыңнан астам өз-өзіне
қызмет көрсету автоматтары іске қосылады
(қоғамдық орындарда, оның ішінде темір
жол вокзалдарында, ірі сауда орталықтарында
және т.б.).
Бүгінде онмыңдаған
білікті теміржолшы күн сайын
жүк және жолаушылар тасымалдарының
қауіпсіздігін және үздіксіздігін
қамтамасыз етіп отыр. Саланың бүгінгі
жағдайы мен даму болашағы туралы бізге
«Жолаушылар тасымалы» АҚ-ның президенті
Ақболат Жағыпаров айтып берді.
- Ақболат Ландышұлы,
өткен жылы атқарылған жұмыстарыңыз
бен 2011 жылға белгіленген жоспарларыңыз жайлы қысқаша
айтып берсеңіз.
- Бүгінгі күні
«Жолаушылар тасымалы» АҚ жолаушыларды
темір жол көліктерімен 106 бағыт
бойынша тасымалдап отыр, соның
14-і - халықаралық. Өткен жылы
барлық өнеркәсіптік-қаржылық көрсеткіштер
бойынша өсім байқалды. Нақты айтатын болсам,
компания 15 млн. астам адамды тасымалдады,
бұл 2009 жылмен салыстырғанда 6 пайызға
көп. Қаржылық нәтиже 1,9 млрд. теңгені құрады,
бұл оның алдыңғы жылға қарағанда 7 млрд.
теңгеге артық. Бір жұмысшыға шаққандағы
еңбек өнімділігі 24 пайызға артты. «Қазақстан
темір жолы» ҰК» АҚ басшысының тапсырмасына
сәйкес, шығыстарды оңтайландыру және
табыстарды арттыру жұмыстары жүргізіліп,
нәтижесінде экономикалық тиімділік 2,2
млрд. теңгені құрады. Сондай-ақ атап өтейін,
жолаушылар пойыздарының қозғалыс қауіпсіздігін
қамтамасыз ету бағытында бірде-бір кемшілік
болған жоқ.
Үстіміздегі
және алдағы жылдарға бірнеше
бағыттар бойынша басымдықтар
анықталды. Ол басымдықтар мыналар:
сервисті жақсартып, билеттерді
сату жүйесін жетілдіру; техникалық жағдай мен жылжымалы құрамды
тиімді пайдалануды арттыру; жүрдек қозғалысты
дамыту және вагон паркін жаңарту; нормативті-құқықтық
базаны жетілдіру.
- ҚР Көлік
және коммуникация министрлігінің
жуырда өткен кеңейтілген алқа
мәжілісінде вице-министр Азат Бектұров, осы және одан кейінгі
жылдары теміржол көліктерінің бағасы
қымбаттайтынын айтты. Бағалар қаншаға
және қандай бағыттарға қымбаттайтынын
айта аласыз ба?
- Расымен, «Жолаушылар
тасымалы» АҚ мен еншілес компаниямыз
«Қала маңы тасымалдары» АҚ
шығындарды азайту мақсатында 2011
жылдың 4 қаңтарынан бастап жолаушылар
тасымалы тарифтерін 10 пайызға арттырды.
Тариф мәселесі Табиғи монополияларды
реттеу агенттігімен және ҚР ККМ-мен алдын
ала келісілді. Бірден айта кетейін, билеттер
барлық бағыттардағы пойыздарда қымбаттаған
жоқ. Олар халықаралық пойыздар вагондарының
барлық түріне және республика ішіндегі
пойыздардың люкс (СВ) үлгісіндегі вагондарына
қымбаттады. Сонымен бірге, «Қала маңы
тасымалдары» АҚ-ның республикалық бюджеттен
субсидияланатын облысаралық бағыттарынан
өзге пойыздарда билет құны 10 пайызға
көтерілді. ТМД елдерімен салыстыратын
болсақ, бізде пойыз бағалары ең төменгілердің
қатарында. Бүгінде жолаушылар вагондары
паркінің 70 пайызының тозығы жеткен. Біз
әлеуметке бағдарланған компания екенімізді
жіті түсінеміз, сондықтан бағаның қымбаттауына
жіті мән береміз. Барлық іс-әрекеттеріміз
бен қадамдарымызды құзырлы мемлекеттік
органдармен алдын ала келісеміз.
- Вагондардың
70 пайызының тозығы жеткен дедіңіз.
Паркті жаңарту бағытында жұмыстар
атқарылып жатыр ма? Және бұл үрдіске
отандық өндірушілерді тарту мәселесіне
тоқталсаңыз.
- Қазір біз
Вагон паркін пайдаланудың техникалық
ресурсын және тиімділігін арттыратын
бағдарламаны жүзеге асырып жатырмыз.
2010-2012 жылдарға есептелген аталмыш
Бағдарлама шеңберінде вагондардың
техникалық жағдайы мен тұтынушылық сипатын
жақсарту бойынша Индикативті жоспар
әзірленіп, орындалып жатыр. Мысалға, 2010
жылы біз жылжымалы құрамды жөндеу жұмыстарын
100 пайызға орындадық, нақты айтқанда 122
вагонға күрделі-қалпына келтіру жұмыстары
жүргізілді. Осы қарқынмен 2011 жылы тағы
68 вагонды жаңартатын боламыз. Сонымен
бірге, биыл бес жолаушылар вагонын кембағал
жандарға лайықтап жаңартуды, 33 вагонға
кондиционер орнатуды, 111 вагонға бейнемониторлар
мен тоңазытқыштар орнатып, ішкі көріністерін
жақсартуды жоспарлап отырмыз.
Ал жаңа
вагондарды сатып алу бағытында
«ҚТЖ» ҰК-мен үлкен жұмыстар
атқарудамыз. Темір жол саласындағы
барлық оң өзгерістер Елбасының
жіті көңіл бөлуімен және қолдауымен
болып жатқанын атап өту керек. Президент Н.Назарбаев
«Болашақтың іргесін бірге қалаймыз!»
атты Жолдауында елдің алдағы он жылдағы
даму басымдықтарын айқындады. Міндеттердің
бірі - Үдемелі индустриялық-инновациялық
даму бағдарламасы. Осы стратегия аясында
2014 жылға дейін 8,1 трлн. теңге сомасына
294 инвестициялық жобаны жүзеге асыру
көзделіп отыр. Бұл тізімде «ҚТЖ» ұлттық
компаниясы іске асыратын жобалар да бар.
Осы ретте, Астанада бой көтеріп жатқан
«Тальго» компаниясымен бірлесіп жолаушылар
вагонын шығаратын зауытқа ерекше назар
аудартқым келеді. Зауытта бір жылда 150
вагон құрастырылатын болады. Аталмыш
жоба аясында 2010 жылы «Жолаушылар тасымалы»
АҚ мен қазақстандық-испандық бірлескен
кәсіпорын «Тұлпар-Тальго» ЖШС арасында
2011-2014 жылдар кезеңінде 420 жолаушылар вагонын
сатып алу жөнінде ұзақ мерзімді келісімшарт
жасалды.
Жолаушыларымыз
ағымдағы жылдың соңында-ақ алғашқы
отандық 17 вагонның жайлылығын
сынап көреді. Сондай-ақ Тверь
вагон құрастыру зауытымен жасалған
келісім негізінде биыл жаңа 22
жолаушылар вагоны елге жеткізіледі.
- Өзді-өзіне
қызмет көрсететін трансакциялық
терминалдарын (ӨҚТТ) іске қосу
жобасы қаншалықты өзін ақтап
жатыр және олар алыпсатарлардың
жолына тосқауыл болады деп
айта аламыз ба?
- Мұндай терминалдар
әлемде бірнеше жылдар бойы
жұмыс істеп келеді, оларды Ресей темір жолдарындағы
әріптестеріміз де қолданып отыр. Автоматтар
арқылы сатылған темір жол билеттерінің
саны күн санап артып келеді. Мәселен,
соңғы екі айда 2156 билет сатылды. Қазір
теминалдар Астана, Алматы, Қарағанды
және Ақтөбе вокзалдарында жұмыс істеп
тұр, жыл аяғына дейін Қазақстан бойынша
ӨҚТТ-ның 20-сы жұмыс жасайтын болады.
Терминалдар
билеттердің электронды жолмен
көптеп сатылуын белсенді түрде
дамытуға, адами факторларды және
билет кассаларындағы кезекті
азайтуға, сонымен қатар билеттерді сатып алу және
рәсімдеу процесінің ашықтығын қамтамасыз
етуге мүмкіндік береді. Заманауи технология
алыпсатарлардың «кәсібіне» де тосқауыл
қояры сөзсіз. Оның үстіне, бұл қолға алып
жатқан шараларымыздың бір ғана бағыты.
Мұндай келеңсіздіктерді жою бойынша
компанияда жүйелі әрі кешенді жұмыстар
атқарылуда. Мысалға, билеттердің сатылымына
қатысы бар қызметкерлер мен бөлімшелердің
жұмыс регламенті мен олардың қызметтік
нұсқамалары қайта қаралды. Билеттердің
автоматты түрде сатылу жүйесіне тиісті
өзгерістер енгізіліп, оларды жүзеге асыру
процесіне жан-жақты бақылау қойылды.
Құқық қорғау органдарымен бірлесіп вокзал
маңы алаңдарында 30-дан астам алыпсатарды
қолға түсірдік. Және бұл жұмыс жалғастырылуда.
- Жолсеріктердің
билетсіз жолаушыларды пойызға отырғызу фактілеріне өзіміз
жиі куә боламыз. Мұндай жағдайларға артта
қалған түйіткіл ретінде қашан қарай аламыз?
- Атап өткенімдей,
алыпсатарлармен болсын, билетсіздермен
болсын күрес жүйелі сипатқа
ие. Пойыз бригадаларының билетсіз
жолаушыларды тасымалдау іс-әрекеттерін жою мақсатында
қазір компаниямыздың өңірлердегі «Солтүстік»,
«Батыс» және «Оңтүстік» филиалдары жолаушылар
пойыздарына күтпеген жерден тексерістер
ұйымдастырып тұрады. Сондай-ақ ішкі істер
желілік бөлімшелерімен бірлескен іс-шаралар
жоспары әзірленіп, вокзалдар мен жолаушылар
пойыздарында жемқорлық құқықбұзушылықтардың
жолын кесу бойынша алдын алу жұмыстары
жүргізілуде.
«Қояндарды»
тасымалдаған жолсеріктерге қатаң
шаралар қолданылуда, тәртіптік
жазадан жұмыстан босатуға дейін.
Жағдайға нақты баға беру үшін өткен
жылы рейдтерімізге бұқаралық ақпарат
құралдарын шақырдық. Атқарылған шаралар
нәтижесінде өткен жылы билетсіз жолаушыларды
тасымалдау екі есеге азайды.
- «Астана-Өскемен»
бағытындағы пойыз Ресей Федерациясы
аумағына кіріп, уақытпен бірге, бірнеше қайталанатын
тексерістермен жолаушыларды әбігерге
салады. Төте болат жолдармен жүру қашан
мүмкін болады?
- «Шар-Жаңа
Өскемен» учаскісінде жаңа теміржол
желісінің ашылуымен және жолаушылардың
өтініштерін ескеріп, 2009 жылдың 22 шілдесінен бастап «Алматы-Защита-2»
бағытындағы №351/352 пойыз «Шар-Жаңа Өскемен-
Защита» өзгертілген жаңа бағыт бойынша
қатынай бастады. Аталмыш пойыздың жүру
кестесін өзгертумен Локоть, Третьяков,
Шемонаиха стансаларында шекаралық және
кедендік тексерулермен байланысты ыңғайсыздықтар
еңсерілді, онымен бірге, жол 10 сағатқа
қысқарып, пойыздарға бұрынғыдай төрт
емес үш құрам тіркелетін болды. Босаған
вагондар анағұрлым қажетті бағыттарға
ауыстырылды.
Бірақ «Локоть-Защита»
учаскісінен жолаушылар тасымалданатын болғандықтан «Астана-Лениногорск»
бағытындағы №376/375 пойыздың кестесі өзгеріссіз
қалды.
- Қазақстанда
былтыр халықаралық жаңа бағыттар
ашылды ма және биылға жоспарлар
қандай?
- 2010 жылы «Жолаушылар
тасымалы» компаниясы халықаралық
жолаушылар пойыздарын 14 бағыт бойынша қозғалысын
қамтамасыз етті. 2011-2012 жылдарға осы бағыттарды
сақтау келісілді. Сондай-ақ Қазақстан,
Беларусь және Ресей елдері арасында Біртұтас
экономикалық кеңістікті құру үрдісіне
сәйкес, елдер арасында жолаушылар тасымалын
ұйымдастыру үшін 2011 жылдың 1 шілдесінен
бастап Беларусь Республикасы теміржол
әкімшілігі құрылымының «Брест-Қарағанды»
бағытындағы №317/318 жаңа пойызын іске қосу
жоспарлануда.
- Қол жеткізілген
оңтайлы көрсеткіштерге қарамастан,
халық қызмет көрсетулердің деңгейіне, вагондардың
санитарлық-техникалық жағдайының нашарлығына
жиі сын айтып жатады. Бұл бағытта қандай
жұмыстар атқарылуда?
- Жолаушылардың
сөгістері жөнсіз деп айта
алмаймын. Жекелеген тұстарда қателіктер
барлығын мойындаймыз және оларды
біліп қол қусырып отырғанымыз жоқ.
Мысалға, өткен жылы «Астана-Мәскеу», «Алматы-Мәскеу»
халықаралық бағыттардағы пойыздардың
жайлылық деңгейі арттырылды. Вагондардың
дизайны, ішкі және сыртқы келбеті ұлттық
нақышқа сәйкестендірілді. Пойыздар жолаушыларынан
шексіз алғыстарын алып жатырмыз. Осындай
жұмыстарды биыл «Алматы-Ақтөбе», «Алматы-Атырау»,
«Алматы-Шымкент», Алматы-Петропавл» бағыттарындағы
пойыздарда жүргізуді көздеп отырмыз.
Онымен бірге, жолаушылар тамақ мен сусын
іздеп стансаларда кезбес үшін үш пойызға
мейрамхана-вагондарды қоспақпыз.
Сонымен
қатар билеттердің электронды
түрде сатылымын жетілдірудеміз.
Интернет арқылы сатылған билеттердің
саны бес есеге артып, айына
5 мыңды құрады. Бұл санды жыл
соңына дейін 50 мыңға жеткізуді
жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ билеттерді қолдан қолға
жеткізу бойынша ақылы қызмет енгізілді,
билеттерді интернет арқылы сатып алған
жолаушылар үшін жеке кассалар аштық.
Айта кетейін, теміржол билеттерін интернет
арқылы ресімдегенде қосымша ақы алынбайды.
Ал биыл билеттерді
төлем терминалдары арқылы сату қызметін,
жолаушыны пойызға электронды билетпен
отырғызу мүмкіндігін енгізуді көздеп
отырмыз. Онымен бірге, азаматтарға
телефон және мультимедиялық арналар
арқылы тәулік бойы қызмет көрсететін
республикаға ортақ Call-орталық құрылады.
- Осы уақытқа дейін
жеке меншіктен мемлекетке қанша
вокзал қайтарылғандығын білуге
болады ма?
- 2010 жылы «Жолаушылар
тасымалы» компаниясы, «ҚТЖ» ұлттық
компаниясы, «Вокзал-сервис» АҚ, Көлік
және коммуникация министрлігі
мен құзырлы мемлекеттік органдар
вокзалдарды ұлттық компанияның балансына
қайтару бойынша үлкен жұмыстар атқарды.
Бүгінгі күнге дейін компанияның уақытша
сенімді басқаруына «Теміржолмүлкі» АҚ-ның
меншігінде болған 164 вокзал өтті. Қазір
жергілікті атқарушы органдардың балансындағы
тағы 94 вокзалды беру мәселесі шешілуде.
Теміржол нысандарын
қайтару кезінде бірқатар түйіткілдерге
тап болдық. Мәселен, жер телімдері
мен ғимараттарға құқық беретін
құжаттар болмады, көптеген вокзалдар
әбден қирап біткен, олардың техникалық
жағдайы қанағаттанарлықсыз күйде болды.
Кейбір вокзалдар мақсатсыз қолданылып
келген, мысалға, жекелегенінде ауруханалар,
мектептер мен дүкендер орналасқан, тіпті
банкке кепілдікке қойылғандары болып
шықты. Яғни жолаушылалар үшін қарапайым
жағдайлар болған жоқ.
Вокзал ғимараттарын
қайтару мәселесін «ҚТЖ» ҰК-ның
президенті Асқар Мамин жеке
бақылауына алып, 2011 жылды «Вокзалдар
жылы» деп атады. Жайлылық, қызмет
сапасы мен қауіпсіздікті арттыру
мақсатында биыл кішігірім стансаларда
100 вокзал салып, 120-сына күрделі жөндеулер
жүргізуді жоспарлап отырмыз. Қазір вокзалдардың
бірыңғай дизайнын пысықтау үстіндеміз.
Қорыта айтқанда, «Жолаушылар тасымалы»
АҚ жолаушыларымыз вокзалдар мен пойыздарда
өздерін жайлы сезіну үшін барлық жағдайды
жасайды.
Жолаушы тасымалы тарифтерінің
өсуі күтіледі
21-Қаңтар, 2011 | 93 рет қаралған
Еліміздің экономикасында елеулі
орын алатын теміржол саласының биылғы
және алдағы 2012 жылы пойызбен жүру билетінің
құнын аздап та болса қымбаттататыны
жария етілді. Бұны қаңтардың 12-сі күні
Қазақстан Республикасы көлік және коммуникациялар
вице-министрі вице-президенті Азат Бектұров
журналистерге берген сұхбаты барысында
айтты.Оның айтуына қарағанда, бүгінде
көптеген компаниялар бағаларды өсіру
туралы ұсыныспен шығып жатқан көрінеді.
«Өйткені бізде жолаушы тасымалы тарифтері
өте төмен. Авиабилеттер бойынша сұрақтар
жоқ, Онда тариф стекасы өзгерген жоқ»,
- деп тұжырымдады вице-министр.
Тарифтерді қымбаттату
шарасының қолданылуы шығындардың
барлық дерлік түрлеріне бағаның
өсіп жатқанына байланысты екен.
Яғни электр қуаты да, жанармай да, тасымалды
қамтамасыз ету үшін қажет материалдар
да қымбаттаған. Оның үстіне жұмысшылар
мен қызметкерлерге төленетін жалақы
да инфляцияға сай жүргізілуі қажет индексация
бойынша өсіріліп отыруға тиіс.
Сондықтан мемлекеттік
бюджеттен бөлінетін субсидияның бар
екеніне қарамастан, жолаушылар тасымалы
әкелетін шығын деңгейін төмендету мақсатында
осындай шаралардың қабылдануы мүмкін
көрінеді.
Не деуге
болады? Бұндай өзгерісті көпшіліктің
қынжылыспен қабылдайтыны түсінікті
болар. Өйткені қарапайым адамның
ең көп күні түсетін салалардың
бірі – теміржол тасымалы. Онымен
жүрмейтін адамдар, сірә, аз болар.
Бұрын, мәселен, Батыс Қазақстан
жаққа Алматыдан қыста бір-ақ пойыз қатынайтын.
Оның өзі
ол жаққа ғана емес, әрі қарай
Мәскеуге баратын да, қайтатын. Дегенмен,
сол қыс кезінде ол пойызбен
адам жүріп жарымайтын.
Ал кейінгі
кезде сол Батыс Қазақстанға
төрт пойыз жүретін болды. Бесіншісі
сол өңір арқылы Мәскеуге барады. Дегенмен,
билет кейде жетіспей жатады. Оның үстіне
сол Қазақстан ішінде қатынайтын пойыздарының
вагондары ескірген.
Қазір алтыншы
пойыз қосылды. «Китайский» деп
аталады, өйткені вагондары Қытайдан
әкелінген. Бірақ оның айналасында
әңгіме, дау көп. Дегенмен, ол да
жүріп жатыр.
Осы теміржол
тасымалының бағасы кейінгі кезде
біршама тұрақтағандай болып
еді. Енді, міне, тағы да қымбаттайтын
болып жатыр. Бірақ қымбат болса
да, әйтеуір, кейініректе сатып
алуы тағы да әдеттегідей қиындамаса, болғаны. Солай болар деп сенгің-ақ
келеді, бірақ өткен жылы шілденің бірінен
бастап, тіпті оған дейін де жолаушылар
пойызымен сапар шеккен не шекпек болған
мыңдаған, он мыңдаған адамның билет қиындығын
көріп, соңы қалайда жуық арада жолға шығу
қажет болған соң, қымбатына сатып алуға
мәжбүр болғаны фактілерін қайда қоямыз?
Және де
бұл жердегі себеп билеттің
не пойыздағы орынның жетіспейтіндігінде
емес, сондай жетіспеушілікті қолдан
жасап, жолға шықпақ болған
азаматтардан қосымша пайда өндіріп
алуды ұйымдастыру әрекетінде. «Бұның артында
кім тұр?» деген сұрақты жауапсыз қалдырайық.
Нақты билетті нақты азаматтың сала басындағылардың
мемлекеттік бюджеттен субсидияланғандықтан
айтарлықтай төмен деген бағасына алуға
мүмкіндігі іс жүзінде көбіне жоқ болған
соң, қалған әңгіменің қажеті не?! Билет
бар, билет көп. Кез келген бағытқа, кез
келген пойызға.
Жаз кезінде
вокзалға кірсеңіз болды, сондай
билетті сатып алуды ұсынушылардан
аяқ алып жүре алмайсыз. Тек
бағасы әлдеқайда қымбат. Кейде
бірнеше есе. Кім көрінгенге жем болып алданғыңыз келмесе,
таныс-тамыр арқылы әрекеттенуге болады.
Бірақ сонда
бәрібір билеттің ақысы белгіленген
ресми бағадан біршама жоғары
болады. Ал енді осы жағдай
туралы әңгімені қорыта айтатын
болсақ, мынадай нәрсені мойындауымыз
керек. Мемлекеттің қарапайым көпшілікке
бюджеттен бөлінетін субсидия арқылы
көрсетуді мақсат ететін жақсылығы осындай
себептерге байланысты тиісті нәтижені
кейде беріп, кейде бермей жатады.
Еліміздің экономикасында
жетекші рөлдердің біріне ие «Қазақстан
теміржолы» ұлттық компаниясының «Жолаушылар
тасымалы» АҚ-ының «Оңтүстік» аймақтық
филиалының директоры Бейбіт Қойшығұловты
әңгімеге тартқан едік.
Орынбасар ДӨҢҚАБАҚ
Аталған аймақ еліміздегі
ең ірі өңірлердің бірінен саналатыны
белгілі. Оған Өскеменнен бастап Қызылордаға
дейінгі барлық теміржол бөлімшелері
қарайды екен. Бейбіт Табынбайұлының айтуынша,
қазіргі уақытта «Оңтүстік» филиал он
бес бағытқа қызмет көрсетеді. Былтырғы
жылдан бір айырмашылығы биыл №470 халықаралық
«Алматы-Симферополь» бағыты ашылыпты.
Кезінде кеңес дәуірінде болған бұл бағытты
жаз кезінде қайта жандандыру уақыт талабынан
туындап отырса керек. Сөйтіп алматылықтарды
және оңтүстік өңірдің демалушыларын
үстіміздегі жылы өздерінің Қара теңіз
жағасындағы сүйікті демалыс жайларына
жеткізген. Біраз мектеп оқушылары осы
бағыттың арқасында әлмеге әйгілі «Артек»
демалыс орталығында тынығып қайтыпты.
Шығыс пен оңтүстікті
қосатын теміржол магистралі
бойында да жаңалықтар баршылық.
Атап айтсақ Шар-Өскемен бағыты
бойымен қазір кідіріссіз жолаушылар
пойыздары қатынай бастағаны баршаға
аян. Осының арқасында № 151-152 «Алматы-Защита»
бағытына қатынайтын жолаушы пойызын
жаңа бағытпен жіберуге мүмкіндік туды.
Нәтижесінде жолда жүру мерзімі он жеті
сағатқа қысқарған. Бұрын мысалы, шекарадан
өтіп, Ресей жерінде сағаттап тұратын
болса, енді жолаушылар мұндай тауқыметтен
құтылды. Қазір Шардан Защитаға небәрі
төрт-ақ сағатта жетеді. Соңғы жылдары
тілге тиек етіп отырған аймақ бөлімшесінде
осындай жақсы істер, әрине, аз емес екенін
басшы сөзінен аңғарып отырдық.
Сондай-ақ, заман талабына
сай қызмет көрсету саласында да жаңалықтар
аз емес көрінеді. Оның ерекше атап айтатындарының
бір ғана емес бірегейі, қазір жолаушыларға
қызмет көрсететін Алматы аумағындағы
барлық кассалар интернет жүйесімен жұмыс
істеуге көшкен. Сонымен қатар Өскемен,
Тараз, Шымкент тәрізді Оңтүстік өңірге
қарайтын ірі вокзалдардағы касса жұмыстары
бөлімше тарапынан үнемі бақылауда болып,
назардан тыс қалмайтынына Бейбіт Қойшығұлов
бізді сендіргендей болды. Мерзім-мерзім
тексерістер жүргізіп, семинар-кеңестер
өткізуді, билетсіздермен күрес айлығын
ұйымдастыруды аталған филиал басшылары
тұрақты әдетке айналдырғандығын байқау
қиын емес. Көңілге қонақтайтын игі істердің
ішіндегі денсаулық саласы мамандарымен
бірігіп өткізген «Медбикелердің сапары»
айлығын бөле-жара айтуға болады. Бүкіл
жаз бойы жолаушылардың талабынан шығу
мақсатында біз сөзге тартқан мекеме қызметкерлері
жарғақ құлақтары жастыққа тимей жұмыс
істеген десек ақиқаттан алшақ кетпеспіз.
Мұнда жолаушылардан
түскен ұсыныстар, тілектер, ескертулер
әсте назардан тыс қалмайды екен. Олардың
бәрін орындап, жүзеге асырудың арқасында
қызмет көрсетудің сапасы өткен жылдарға
қарағанда едәуір жақсарғанын өзіміз
де пойызбен сапарға шыққанда байқап жүрміз.
Әрине, ілгерілеу бар. Төсек-орын мәселесі
де бір жүйеге түсіп, олардың көбісі қазіргі
таңда жаңартылған. Ал вагон парктерінің
60-70 пайызы өз қызметтерін атқарған, солай
бола тұрса да қолдарында бар дүниені
күтіп ұстап, жоқтан бар жасап, халыққа
қызмет көрсетіп жатқандарын да жасырмады.
«Жоқ» деп ауызды қу шөппен сүртуге болмас,
– дейді сөзін одан әрі сақтай түскен
Бейбіт Табынбайұлы. – Біз 2006 жылы осы
«Оңтүстік« филиалы бойынша үш құрама
алғанбыз. Өздеріңіз білесіздер олар қазір
«Алматы – Атырау» бағытында қатынап
жүр. Қытайдан сатып алынған, өте жақсы
вагондар. Барлық керек-жарақтардың бәрімен
жарақтандырылған. Қысқа таман Оңтүстіктен
төртінші құраманы №35-36-шы «Алматы-Астана»
пойызын жібереміз. Бұл да қытай вагондарынан
жасақталған. Өздеріңізде хабардар боларсыздар,
Шығыс көршіміздің вагондарына қатысты
көптеген сын, ескертпелер айтылды. Оның
бәрі экология және санитарлық жағынан
толық тексерістен өткен, «жарамды» деген
коммиссия шешімі бар, оның үстіне олардың
бәрі осыдан үш жыл бұрын әкелінген». Иә,
қазір елімізде осы вагон мәселесін түбегейлі
шешу мақсатында қолға алынып жатқан шаруалар
жоқ емес, бар. Оның бірі – отандық вагон
жасау зауыттары негізінде жаңа технологиямен
және заманауи жабдықтармен жұмыс істейтін
кәсіпорындардың құрыла бастауы дәлел
болса керек. Соның нақты нәтижесін көретін
күнде алыс емес. Бейбіт Қойшығұловтың
сөзімен айтсақ, жылдың басында «Оңтүстік»
филиалының вагон паркі жаңа 50 вагонмен
толығатын болса, ал жылдың аяғында 200-дей
жаңа вагон жолушылардың еңшісіне берілетін
тәрізді. «Ал келесі жылдары Оңтүстік
аймағының жолаушылар тасымалы бұдан
да гөрі биік сатыға көтеріліп, жағдай
бірте-бірте жақсара түсері сөзсіз», –
дейді басшы нық сеніммен,
Вакзалдар, теміржол
бекеттері бір кездері жергілікті
биліктін құзырына берілгенін
білеміз. Бірақ, бұл шешім көптеген
кереғар мәселелерді де туындатты.
«Қазақстан теміржолы «ҰК» АҚ-ның қарамағынан
шығып кеткеннен кейін олар тістегеннің
аузында, ұстағанның қолында кеткенін
еліміздің Парламент мүшелері де көтерді.
Оның үстіне вокзалдарға, теміржол бекеттеріне
билет сататын кассалар орналастыру үшін
оларды арендалауға тура келді. Бұл –
қосымша шығынға әкеліп соқты. Екіншіден,
олар жергілікті әкімнің немесе жекеменшіктің
қалауымен сауда орталықтарына, базарларға
айналып кете барды. Сөйтіп, бастапқы қызметінен
айрылып қалды. «Енді осы істі қайта қарау
мақсатында Ұлттық компания өз меншігіне,
яғни, «Жолаушылар тасымалы» АҚ-ның иелігіне
қайтару жөнінде шешім шығарылып жатыр.
Себебі көптен бері кейбіріне күрделі
жөндеу жұмыстары жүргізілмеді. Осының
салдарынан олар өз көріктерін жоғалтты.
Вокзал, – деген кез келген қаланың қақпасы
емес пе? Бұл дұрыс шешім деп ойлаймын»,
– дейді Бейбіт Табынбайұлы. Біз айтып
отырған аймаққа қарайтын үлкенді-кішілі
елді мекендерде барлығы 52 ірі-шағын вокзал
бар екен. «Бұлардың бәрі бірдей жолаушылар
талабынан шығады деп айта алмаймын, Өскемен,
Алматы, Тараз, Шымкент сияқты қалалардағы
вокзалдарымыз көңіл көншітпейді».
Бұл жөнінде: «Жолаушылар
тасымалы» АҚ-ның «Оңтүстік» филиалының
алдында да түйінді мәселелер
аз емес екен. Ең бастысының
бірі – осы аренда шаруасы.
«Біз вокзалдардағы касса жұмысына
толық есеп жүргізе алмай келеміз. Жергілікті
органдар тарапынан бақылау жоқ. «Касса
сенікі ме, саған керек пе, онда өзің қадағала,
өзің істе», – деген сөзді жиі естиміз»,
– деп қынжылады Бейбіт. Айтса айтқандай
күрмеуі қиындап кеткен бұл проблеманың
жақында оң шешілетініне сала қызметкерлері
зор үмітпен қарайды.
Қазір әңгімемізге
арқау болып отырған аймақтың
барлық бағыттарына қатынайтын
пойыздарда Бейбіттің мәліметінше
үш мыңдай жолсерік қызмет
көрсететін көрінеді. «Әрине, бәрін
жаман деп бір құрықпен айдауға болмайды,
олардың ішінде де, жолға шыққандардың
алғысына бөленіп жүргендері де баршылық.
Жоғарыдағы қазіргі басшылардың жүргізіп
отырған басты саясаты: бәрі жолаушылар
үшін. Осыдан екі-үш жыл бұрын билетсіз
жүрулер, артық жолаушылар алу сияқты
кемшіліктер орын алғанын ешкім жоққа
шығара алмайды. Қазір осы аталғандардың
бәрі үзілді-кесілді тыйылмағанмен әлде
неше есе азайды», – деп сеніммен айта
аламын», – дейді Бейбіт мырза. Осылай
десе де, кейде жолаушылар кассадан билет
таппай жүреді, ал вагондарда кейде бос
орындар көп кездесіп жатады. Сондықтан
да бізді бұның сыры неде? – деген сұрақ
жиі ойландыратын-ды. Орай келіп тұрғанда
оның мәнісін білмек болып, басшыдан суртпақтап
сыр тарттық. Сөйтсек, ол былай екен. Мысалы,
Отардан, Шудан отыратын жолаушылар болса
онда олардың орындарына билет сатылмауы
мүмкін. Содан барып кейбір вагондарда
бос орындар болады. Оны көрген жұрт «бос
орындар бар, ал билет неге жоқ?», – деп
ренжіп жатады.
Халықтың әлеуметтік
жағдайының жақсаруына байланысты
елімізде пойыз билеттерінің бағасы 2010
жылы көтерілуі мүмкін. Оның үстіне біздегі
баға көрші Ресейден әлдеқайда төмен екен.
Сондай-ақ әлемді шарпыған қаржы дағдарысы
қазақстандық жолаушыларға әсер етпеген
сияқты. Өйткені, Бейбіттің айтуынша, тіпті
биыл олардың саны өткен жылдармен салыстырғанда
он бес пайызға артқан. Бұл үрдістің ұзақ
сақталатын әрі жалғасатын түрі бар. Себебі,
«Жолаушылар тасымалы» АҚ-ның «Оңтүстік»
филиалының алға қойған мақсаттары біз
айтқаннан да әлдеқайда зор екенін әңгіме
барысында аңғардық.
“Жолаушылар тасымалы”
акционерлiк қоғамы “Жас Алаш” газетiнде
жарыққа шыққан (№17-18. 4 наурыз, 2011 жыл)
мақалаға байланысты мынаны хабарлайды.
Акционерлiк қоғам тасымалдау
үдерiсiн, жолаушыларға вокзалдар мен
жолаушылар пойыздарының сервистiк
қызметiн жетiлдiру мақсатында ауқымды
шараларды атқаруда. Мәселен, вагондарға
техникалық және жоспарлы жөндеу жұмыстары
дер кезiнде орындалуда.
Жолаушыларға тиiстi сервистiк
қызмет көрсету мақсатында пойыз
бригадаларындағы қызметкерлермен
күнделiктi этикалық нұсқамалық жиындар
өткiзiледi. Тексерушi органдар жолаушылар
пойызындағы жолсерiктердiң жұмысын бақылауды
күшейткен. Жолсерiктерге арналған арнайы
ереже жасалуда. Акционерлiк қоғам жолаушылар
тарапынан түскен әрбiр арыз, шағымға және
ескертуге жедел көңiл аударып, кемшiлiктi
жоюға қатысты шұғыл шешiм қабылдауда.
Бiрақ кемшiлiктер де жоқ емес.
Билеттердi сату тәртiбi тұрғындардың
сұранысына қарай, әр маусым байланысты
үйлестiрудiң икемдi жүйесiн қолданады.
Мақалада айтылған №45-iншi
Павлодар – Алматы бағытындағы жолаушылар
пойызына алдын ала билет сату транзиттiк
станса ретiнде мына нормада бекiтiлген:
Екiбастұз стансасына 36 плацкарт және
10 купе билетi; Ерейментау стансасына 10
плацкарт орын бөлiнген.
Жазғы маусымдық тасымалдау
кезiнде қосымша сатылатын билеттер
тұрғындардың сұранысына қарай үйлестiрiледi.
2011 жылдан бастап бұл пойызда алдын ала
сатылатын бiр плацкарт вагон (52 орын) және
бiр купелiк вагон (36 орын) белгiленген.
Яғни 45 күн бұрын аралық стансалар Қалқаман,
Екiбастұз, Шiдертi, Бозшакөл, Өлеңтi, Ерейментау
стансаларының тұрғындары билет сатып
ала алады.
Транзиттiк стансада орын
болмаған жағдайда, билет кассирi жолаушыға
пойыз жасақталған стансадан
немесе жақын стансадан билет
бар екенiн хабарлауға құқылы. Дегенмен
билеттi сатып алуды таңдау құқығы
жолаушыда сақталады.
“Жолаушылар тасымалы”
АҚ 2011 жылғы қаңтардың 4-iнде “Қала
маңы тасымалы” АҚ еншiлес компаниясының
шығынын азайту мақсатында темiр
жол көлiгiмен жолаушы тасымалдау
бағасын 10 пайызға көтердi. Әйтсе
де билет құнының жоғарылауы барлық
пойыздарға қатысты емес. Мәселен, халықаралық
бағыттағы барлық вагон түрлерiне және
республикаiшiлiк бағыттағы (СВ) аса жайлы
вагондарға ғана билет құны он пайызға
көтерiлдi.

