ҚР Жер заңдары

    Мазмұны

    Кіріспе …………………………………………………………                                                        

    І. Тарау. Жер қатынастарын реттеу, отандық және шетелдік тәжірибелер

            I.1. Қазақстан Республикасының жер заңдарының    қалыптасуы   (1990-2004 ж.ж.) ……………………………….

       1.2. Шетелдік жер құқық қатынастарына  шолу……………..

    II. Тарау. Жер заңдарының принциптері мен міндеттері

            2.1. Қазақстан Республикасының   жер заңдарының    принциптері  ……………………………………………………

            2.2.  Қазақстан Республикасының   жер заңдарының     

            негізгі міндеттері ……………………………………………..

            ІІІ. Тарау.  Жерге   меншік құқығы, жер пайдалану     құқығы және  жерге өзге де  заттық құқықтар

    3.1. Жерге меншік құқығы ……………………………………

       3.2. Жерге меншік құқығының субъектілері 

       мен объектілері ………………………………………………..

       3.3. Жер  пайдалану құқығы …………………………………

       3.4. Жер пайдалану құқығының субъектілері 

        мен объектілері ……………………………………………….

    3.5. Сервитут – жерге заттық құқық  ретінде ………………..

    IV. Тарау.  Жер учаскесіне құқық шектері

           4.1. Жер учаскесіне құқық шектері  және жер учаскелеріне      құқықтарды табыстау ………………………………………… 

    4.2. Жер учаскелерін беру нормалары  …………………….. ..

    4.3. Бөлінетін және бөлінбейтін жер  учаскелері …………….

    Қорытынды. …………………………………………….….….

    Қолданылған әдебиеттер………………………………….…. 
     
     
     
     
     
     
     
     
     
     
     
     
     
     
     
     
     
     
     
     
     
     

       Кіріспе.

       Жер адамзаттың бірден бір тіршілік ететін мекені, адамзаттқа дүниедегі ең қажетті материалдық объект болып саналады.

       Адамзат қызметіндегі құқықтық қатынастар объектісі  болып табылатын жердің құндылығы оның өзгеше бір ерекшелілігінде, яғни ол -  мемлекет пен жеке және заңды тұлғалар арасындағы жер пайдалануға байланысты туындайтын жер қатынастарын реттеудің өзгеше кешенділігі, өйткені жерді ешқандай да мүліктік немесе табиғи объектілерге теңеуге болмайды.

       Кез келген мемлекет экономикалық негіз  жүйесінде табиғи ресурстарға меншіктік  тұлғасын құрайды және оларды игеруді, қолдануды заң арқылы белгілейді. Негізінен осы заңдардың маңызы мемлекеттік экономикалық жүйені анықтайды {18}.

       Жер, көптеген құқық саласының реттеу мәні болып табылады, яғни: конституциялық құқықта – жер бетінде мемлекеттік  шекараны анықтауда;  әкімшілік құқықта - әкімшілік құрылымдардың шекрараларын айқындауда; азаматтық құқықта –  жер учаскелерімен мәмілелер  жасасуда; неке - отбасылық  құқығында – ерлі зайыптылардың мүлкін бөлісуде; қаржы құқығында – жерге байланысты төлемдер бойынша; аграрлық құқықта – оны ауыл шаруашылығы үшін пайдалану барысында және т.б. {16}.

       Осы аталған салаларда құқықтық реттеудің  мәні ретінде жер қатынастарының әр түрлі аспектілері, яғни жердің: кеңістік –базистік, мүліктік, өндірушілік т.б. қасиеттері ескеріледі.

       Осы себепті,  жер-құқықтық реттеуде жер  қорын нақты бір жер санаттарына  жіктей отырып жер қорының бірыңғай құқықтық режимін осы санаттардың құқықтық режимімен үйлестіреді, яғни қандай да бір болмасын жер санаты құрамында жер учаскесін пайдалану осы жер санаты бойынша белгіленген мақсатты пайдалану құқықтық режиміне тәуелді болады.

       Жер, азаматтық заңдарда қозғалмайтын мүлік  болып саналады, бірақ та оның басқа қозғалмайтын мүліктерден айырмашылығы оның «толықтай» қозғалмауында. Яғни, қандай да бір қозғалмайтын мүлікті оны бөлектей отырып тұтастай басқа жерге көшіре алатын болса, жерді ондай көшіру мүмкін емес. Жердің көшіріліп, қозғалуы мүмкін болып табылатыны тек  оның құрамдас бөліктері болуы мүмкін (жер қыртысының жоғарғы құнарлы қабаты, грунттар, қазбалар т.б.), бірақ та жердің өзін тұтастай көшіру мүмкіндігі жоқ.

       Жердің  осы қасиетіне байланысты жер  – құқықтық реттеу құрамында басқа құқықтар саласында кездеспейтін, яғни жер пайдаланушылардың шекарасын анықтауды, жер пайдалануды қалыптастыруды және тағы басқа жерге қатысты қызмет әрекеттерді білдіретін жерге орналастыру қатынасы орын алады.

       Жер, территория ретінде, басқа қозғалмайтын мүліктерге тән емес,  табиғи (орман, пайдалы қазбалар, су, өсімдіктер ) мен жасанды объектілерді орналастыруда кеңістік базис қасиетіне ие.

       Жердің  басқа қозғалмайтын мүліктерден  тағы бір айырмашылығы, ол оның кеңістік шектеулілігінде, яғни оны үлкейту тек қосымша территорияларды қосып алу ретінде ғана іске асуы мүмкін, ал ол өз кезегінде басқа мемлекеттің жерін жаулап немесе тартып алу арқылы іске асуы мүмкін. Ал, бұндай жағдай басқа мемлекет пен халық үшін қиянат және ешуақытта да болмауы керек. 

       Қазақстан Республикасы жерінің жалпы аумағы 272,4 миллион гектарды құрайды және де көлемі жөнінен әлемдегі екі жүзден астам елдердің арасында, яғни Ресей, Канада, АҚШ, Қытай, Австралия, Бразилия, Аргентина және Үндістан елдерінен кейінгі тоғызыншы орынды иеленіп отыр.

       Осыншама  ұланғайыр жеріміздегі жер қатынастарын реттеу үшін қазіргі кезде тәуелсіз еліміздің жер заңдарының жүйесі қалыптасып отыр.

       Ұсынылып  отырған жұмыста, осы қалыптасқан  жер заңдарының ерекшеліктері  туралы сөз болмақшы.  
 
 
 
 

       І. Тарау. Жер қатынастарын реттеу, отандық және шетелдік тәжірибелер

         I.I. Қазақстан Республикасының жер заңдарының қалыптасуы   (1990-2004 ж.ж.)

       Қазақстан Республикасы мемлекеттік билігінің  тәуелсіздігі, оның мемлекетаралық қатынастағы  егемендігі, басқа бір мемлекеттің  билігіне бағынбауы, дербестігі, және де  сөзсіз сыртқы саясаттық құқықтық субъектілігі  мемлекетіміздің нақты заңдар жүйесін құруды талап етті.

       Аталған заңдар жүйесі Қазақстанның Конституциясына  және жер заңдары мен осыған сәйкес қабылданған нормативтік құқықтық актілерден тұрады.

       Экономикалық  және қоғамдық қатынастарда маңызды  роль атқаратын мемлекетіміздің  жер қатынастарын реттеуге бағытталған  жер заңдарының қалыптасуы, қабылдану  мерзімдеріне қарай төмендегілерді құрайды:

       - «Қазақ КСР-дегі   Шаруа    қожалығы туралы» Қазақ КСР-нің   Заңы,  1990 жылдың  21 –мамыры;

  • Қазақ КСР-нің Жер кодексі , 1990 жылдың 16-қарашасы;

       - «Қазақ   КСР-дегі   Жер   реформасы туралы» Қазақ КСР-нің   Заңы, 1991 жылдың  28 – маусымы;

       -  «Жер салығы туралы» Қазақ  КСР-нің   Заңы, 1991 жылдың  17 – желтоқсаны;

       - «Біріккен кәсіпорындарға, халықаралық  бірлестіктер мен ұйымдарға, шетелдік  заңды тұлғалар мен азаматарға  жерді пайдалануға беру тәртібі  Ережесін бекіту туралы» Қазақстан  Республикасы   Жоғарғы   Кеңесінің   қаулысы,    1992  жылдың 3-шілдесі;

       - «Жер қатынастарын реттеудің  кейбір мәселелері туралы» Қазақстан  Республикасы Президентінің заң  күші бар Жарлығы, 1994 жылдың 24 –  қаңтары;

       - «Жер қатынастарын реттеуді онан  әрі жетілдіру туралы» Қазақстан  Республикасы Президентінің заң  күші бар Жарлығы, 1994 жылдың  5 – көкегі;

       - «Жер  туралы» Қазақстан Республикасы  Президентінің заң күші бар  Жарлығы, 1995 жылдың 22 – желтоқсаны;

       - «Шаруа (фермер)    қожалығы  туралы» Қазақстан Республикасының   Заңы,         1998 жылдың  21 – мамыры;

       - «Жер туралы» Қазақстан Республикасының Заңы,         2001 жылдың  24 – қаңтары;

       - Қазақстан Республикасының Жер  кодексі,   2003 жылдың 20- маусымы.  

       1990 жылғы Жер кодексінің 1971 жылғы  Жер кодексінің негізгі айырмашылығы, ол, сол кездегі КСРО жер заңдарының негіздері бойынша енгізілген, жер учаскесіне қалыптасқан тұрақты пайдалану құқығы институтымен қатар иелену (тұрақты иелену және өмір бойы мұраға қалдырып иелену) құқығы институтын енгізді {7}. 

       Тұрақты иелену құқығымен жер учаскелері ауыл шаруашылығы және орман шаруашылығы өндірісімен айналысатын заңды тұлғаларға, ал өмір бойы мұраға қалдырып иелену құқығымен Республика азаматтарына шаруа қожалығын, жеке қосалқы шаруашылық, бау-бақша мен дәстүрлі халықтық шаруашылықтарын жүргізу үшін, сондай-ақ жеке үй мен сая жай құрылысы үшін беру белгіленді.

       Алайда, жерді   пайдалану институты  мен  иелену институтының айырмашылығынан  олардың ұқсастығы көп болды.  Басқы айырмашылық, ол жер қатынастары  субъектілерінің жерді нысаналы пайдалану айырмашылығымен ғана шектелді деп айтуға болады.

       1990-1995 жылдары қабылданған жер қатынастарын  реттеуге бағытталған нормативтік  құқықтық актілер сол кездегі  жерге байланысты тек мемлекеттік  меншік принципіне негізделді.

       Бұл принцип, Қазақстан Республикасының 1993 жылдың 28-қаңтарында қабылданған Конституциясында да сақталып қалды.

       1990 жылғы қабылданған Жер кодексінің  тағы негізгі бір жаңалылығы, ол жер  пайдаланудың тек  ақылы түрде жүргізілуі туралы  норманың енгізілуі. Аталған жаңалылық  жер қатынастарын реттеу мен  жерді пайдалануда экономикалық механизмдерді іске асыруға бастапқы негіз болды.  Жер пайдалануды ақылы түрде жүргізу 1991 жылдың 17-желтоқсанында қабылданған «Жер салығы туралы» Заңында нақтыланды, яғни мемлекет меншігінен жеке және заңды тұлғаларға пайдалану немесе иелену құқықтарымен берілген жер учаскелері үшін жер салығының базалық ставкалары белгіленді.

       Егемендік жылдарымыздың бастапқы кезеңдерінде қабылданған жер қатынастары  дамуы мен оларды реттеуге бағытталған  заң актілері арасында ерекше аталатын заң, ол 1991 жылғы «Жер реформасы туралы» заңы болды. Бұл заңның негізгі маңыздылығы, ол кеңес заманында қалыптасқан өндіріс саласы пайдаланымындағы жерлерді жеке және мемлекеттік емес тұлғаларға беру мүмкіндіктерін әперді.

       Ауыл  шаруашылығы мақсатындағы жерлерінде өндірістік шаруашылықтар, яғни кеңшарлар мен ұжымшарлардың жерлері сол шаруашылықтарла істейтін жұмыскерлерге бөлініп берілді {8} .

       Мемлекеттік шаруашылықтар мен ұжымдық шаруашылықтарды  жекешелендіру кезінде, оларда жұмыс  істейтін жұмыскерлерге жерді бөліп  беру барысында, экономиканың өтпелі кезеңдеріндегі ерекшеліктерге байланысты жер қатынастарын реттеу саласында «шартты жер үлесі» институтын енгізу қажеттілігі туындады. Жерге меншік, жер пайдалану мен иелену институттарынан оның айырмашылығы жерге құқық нақты жер учаскесіне емес, жекешелендірілген нақты шаруашылықтың жерлерінен  шекарасы  белгіленбестен нақты көлемге ғана белгіленген құқық болды.

       Шартты  жер үлесі иелерінің құқығы шартты жер үлесіне құқық куәлігімен куәландырылды.  Шартты жер үлесін  кез келген уақытта оның иесінің талабы бойынша, жерге орналастыру процедурасын жүргізе отырып, нақты жер учаскесіне айналдыруға мүмкіндіктер болды, бірақ-та көпшілік жұрт өздерінің жерге байланысты құқықтарын толық түсіне бермеді де, оларды тек шартты ретінде қабылдады.

         «Шартты жер үлесі құқығы»  өтпелі кезеңге ғана тән жер  құқықтарының бірден – бір  түрі және оның негізгі мақсаты  мемлекеттік ауыл шаруашылық  кәсіпорындарының жерлері есебінен  жаңа құрылымдар құруға ғана  бағытталған еді. Бұндай процедураны  көп уақытқа созу жер қатынастары саласында жүйелі жұмыстарды жүргізуге және де жер реформасының түпкілікті мақсаттарына жетуге өз зиянын да тигізді. Аталған құқықпен жер қатынастарын реттеуде оны мерзімі жағынан шегеру керек еді. Өйткені, шартты жер үлестері иелеріне берілген, осы үлесті жалға беру құқығы, ауыл шаруашылық өнімдерін өндірумен шұғылданатын субъектілердің жер пайдалануындағы тұрақтылығына кері әсерін тигізді. Үлес иелері жер иеленуші де жер пайдаланушы да болмаса да  иеленуші мен пайдаланушыға тән құқықтарды іске асыра алды, бірақ-та жерге байланысты ешқандай міндеттемелер оларда болған жоқ, тіпті жер төлемдерін де олар төлеуге міндетті емес болатын. Осы себепті әрбір шартты жер иесі жал шарттарын қысқа мерзімге ғана жасасты және де оңтайлы ұсыныспен келген басқа инвесторларға өз құқықтарын беріп отырды. Бұндай, «терісі кейін айналдырылған» кейінгі жер пайдалану жердің азып тозуына әкелді және де аграрлық секторды оның өнімдерін өндіруді жүйелеуге жол бермеді.

       Ауыл  шаруашылығы саласымен салыстырғанда  басқа өндіріс салаларында (халыққа қызмет ету, ауыр және жеңіл өнеркәсіп т.б.) жекешелендіру процесстері қарқынды түрде жүрді. Осы ретте жеке тұлғалар жекешелендірген жылжымайтын мүліктер астындағы жер учаскелеріне олардың құқықтарын сәйкестендіру, ондай жерлерді жекешелендіру мәселесі тұрды. Бұл мәселе экономикаға  жеке инвестицияларды әкелумен тікелей байланысты болды. Бірақ – та Конституция бойынша жер тек мемлекет меншігінде болуына себепті жерді меншікке беру мүмкіндігі болмады.

     Осы мәселе бойынша жұмыс істеген мамандар оны тек жердің заттық құқығы - жер пайдалану құқығын мәміле мәні ретінде тану арқылы ғана заңдастыру мүмкіндіктерін ұсынды. Осылайша ТМД елдерінде бірінші рет Қазақстанда, мемлекеттік меншік монополиясы жағдайында, жердің өзі емес оның жер пайдалану заттық құқығы мәміле мәні болып танылды.

       Бұндай институтты енгізген заң  актілері 1994 жылдың бірінші жартысында  қабылданған  «Жер қатынастарын  реттеудің кейбір мәселелері  туралы» және «Жер қатынастарын  реттеуді онан әрі жетілдіру  туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің заң күші бар Жарлықтары болды.

     Осы Жарлықтар бойынша, жерге меншікті Конституция нормасына сәйкес тек  мемлекет меншігі ретінде тани отырып жердің заттық құқығын мәміле мәні ретінде белгілеп жер қатынастарын нарықтық экономика категориясына енгізді. Бұндай мәселе  ТМД елдерінде бірінші рет болды және де жерге байланысты заттық құқықтардың онан әрі дамуына өз әсерін тигізді.

     Жер қатынастарын реттеуде мұндай ұқсас  әрекеттер Қытай және Израиль  елдерінде кездесетіні кейіннен белгілі болды. Осы Жарлықтар қабылданғаннан  бастап Қазақстанның жер заңдарының нарықтық қатынастарға бейімделуі кезеңі басталды.

       Бірақ-та, көпшілік үшін жер пайдалану құқығын  сатып алу, оның, яғни жердің жеке меншікке өтуімен парапар екені онша түсініксіз болды. Сол себепті кәсіпкерлер тарапынан жерді жеке меншік құқығымен беру мәселесі Елбасы мен Үкімет алдына нақтылай қойыла бастады.

       Жер табиғи ресурс, жаратылыс, адамзат қолымен  жасауға келмейтін жылжымайтын  мүлік, бүгінгі және келесі ұрпақтың еншісі,  сондықтан да, моральдік тұрғыдан оның жеке кісіге тиесілігінен бұрын қоғамдық мүдделілігі жерге меншік құқығын тек қоғамның - адамдар қауымдастығының прототипі болып табылатын мемлекет тұрғысынан іске асыру әлдеқайда әділеттілік еді.

       Бірақ та, кеңестік дәуірдегі тұтыну тұрғысынан тұрпайыланған қоғамдық меншікке деген көзқарас, көпшілікке түсінікті жерге жеке меншік институтын енгізу қажеттілігін туғызды.   

       Осы себепті және де нарықтық экономика  талаптарына сай, 1995 жылы 30 тамызда  республикалық референдумда қабылданған  Қазақстан Республикасының Конституциясынның 6 - бабына сәйкес, «Қазақстан Республикасында мемлекеттік меншік пен  жеке меншік танылады және бірдей қорғалады. Жер және оның қойнауы, су көздері, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі,  басқа да табиғи ресурстар мемлекет меншігінде болады. Жер, сондай - ақ заңда белгіленген негіздерде, шарттар мен шектерде жеке меншікте де болуы мүмкін.»{1}- деген конституциялық нормамен жерге жеке меншік құқығын енгізу мүмкіншілігі туды.

       Жерге меншіктің негіздерін, шарттары мен шектерін белгілейтін заң 1995 жылдың 22-желтоқсанында қабылданды, ол «Жер  туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің заң күші бар Жарлығы болды. Осы Жарлық бойынша жердің кейбір санаттарына жататын жер учаскелерін жеке меншікке берудің негіздері, шарттары мен шектері белгіленді, яғни жеке меншік құқығымен Республика азаматтарына жеке қосалқы шаруашылық, бау-бақша мен дәстүрлі халықтық шаруашылықтарын жүргізу үшін, сондай-ақ жеке үй мен сая жай құрылысы үшін беру белгіленді.

       Сонымен қатар, жеке және мемлекеттік емес заңды тұлғаларға, құрылыс жүргізу үшін жер учаскелері жеке меншікке беру белгіленді. Осындай құқық шетелдік азаматтар, азаматтығы жоқ адамдарды қоса алғанда, мен шетелдік мемлекеттік емес заңды тұлғаларға да таратылды {6}.

       Осы кезеңнен бастап Қазақстанның жер қатынастарын реттеу саласында мемлекеттік меншік пен жеке меншік құқығына бейімделген нормативтік актілердің жүйелері құрыла бастады.

         Жерге меншік енгізудің ең  алдымен психологиялық әсері  күшті болды, яғни қарапайым  халық нарықтық экономика заңдары, бұрындары қоғамдық меншікке негізделген заңдардың орын ала бастағанын және өткенге жалтақтаудың құрдымға кеткенінің дәлелі болды.

       2001 жылы 24 қаңтарда  қабылданған «Жер  туралы» Қазақстан Республикасының  Заңы мазмұны жағынан аталған  Жарлықтың бар нормаларын сақтап қалды және де жер қатынастарын реттеуде оны онан әрі жетілдірді. Бұл Заңның аталған Жарлықтан айырмашылығы, ол «Жер туралы» Жарлық бойынша мәміле мәні болып табылатын «тұрақты жер пайдалану» құқығы институтына елеулі өзгерістер енгізді. Осы Заң бойынша  «тұрақты жер пайдалану» құқығы тек мемлекеттік жер пайдаланушыларға ғана тиесілі болып белгіленді, ал бұрын бұндай құқық табысталған  субъектілер ұзақ мерзімді (49 жыл) уақытша жер пайдаланушылар болып танылды {5}.

       «Тұрақты  жер пайдалану» құқығын тек мемлекеттік жер пайдаланушыларға ғана тиесілі деп белгілеу аталған құқықтың заңдылық конструкциясына және оның мемлекеттік меншік құқығы режиміндегі нақты орнын белгіледі, яғни  «тұрақты –мерзімі белгіленбеген жер пайдалану» құқығының, жер учаскесі мемлекет меншігінде бола отырып, мәміле мәні болып табылуы мемлекеттік меншік пен жеке меншік аралығының ажыратылу белгілерінің бірте-бірте жойылу қаупін туғызды және «тұрақты жер пайдалану» құқығының 1995-2000 жылдары субъектілерге тегін берілуі себебінен жер қатынастарының онан әрі жетілдіруінде кері әсерін тигізу қаупін туғызды. Осы себепті аталған Заңда мемлекеттік меншік пен жеке меншіктің нақты ара қатынасы орнатылды. Тұрақты жер пайдаланудың осындай режимін белгілеудің дұрыс шешім екендігін осы заң қабылданғаннан соң жарты жылдан кейін қабылданған Ресей Федерациясының Жер кодексі де айқындады, яғни жер заңдары мейлінше ұқсас Ресей де тұрақты жер пайдалану құқығын тек мемлекеттік жер пайдаланушыларға тиесілілігін белгіледі.

       Осы келтірілген өзгерістен басқа, «Жер туралы» Заң, шартты жер үлесі құқығына да елеулі өзгерістер енгізді, яғни шартты жер үлесін жалға беру мүкіндігі туралы бұрынғы «Жер туралы» Жарлығымен белгіленген  норманы алып тастады және шартты жер үлесі иелерінің нақты құқықтарын белгіледі, оларды іске асыруда уақыттық шектеулер қойды.

       Аталған шаралар экономиканың өтпелі кезеңдеріне  тән уақытша нормалардан арылуға  және жер қатынастарын реттеуде қисынды  жүйелілікті орнатуға мүмкіндік  ашты.

       Шын мәнінде, «Жер туралы» Заңының мақсаты мен мазмұны жағынан ауыл шаруашылығы жерлеріне жеке меншік құқығын енгізу алдындағы дайындық, өтпелі кезеңдерде жіберілген кейбір қателіктерді түзету болып табылды.

       Алайда, осы заңмен бұрынғы жер заңдарының «нарықтық» нормаларын қайта қарау (мемлекеттік емес жер пайдаланушылардың тұрақты жер пайдалану құқығын – ұзақ мерзімді жер айдалану құқығымен алмастыру,  шартты жер үлесі құқығына шектеулер қою)  мемлекеттік меншіктегі жерді тегін берілген тұрақты жер пайдалану құқығы мен шартты жер үлесі құқығы арқылы тұтастай жекешелендіріп алуға мүдделілердің көңілінен шықпады және бұл заңға қатысты олардың тарапынан қоғам арасында заң туралы теріс пікірлер қалыптастырды.

       Осылайша  «Жер туралы» Заң  2,5 жылға жуық қана жұмыс істеді, бірақ та өзіне  қойылған (жоғарыда айтылғандар) біршама міндеттемелерді шешіп берді.

       2003 жылдың 20-маусымында, ұзақ талқылау, оның ішінде, кәсіби талқылаудан  саяси талқылауы басым болған  Қазақстан Республикасының Жер  кодексі қабылданды. Аталған заң  актісінің негізгі жаңалылығы  ол – жеке меншік құқығын ауыл шаруашылық жерлеріне де тарату арқылы жеке меншік құқығымен берілетін жерлердің ауқымын кеңейту {3}.

       Бұл мәселенің саяси сипат алуының  бірден – бір себебі, ол, ауыл шаруашылық  жерлерінің еліміздің аумағының  үштен бірінен көп жерлерді алып жатуы, байырғы халықтың көпшілігінің шөл және шөлейіт аймақтарда орналасып, ал негізгі құнарлы егістік жерлердің қазақ халқы аз қоныстанған солтүстік өңірлерде орналасуы еді. 

       Кодекс  нормаларында кері әсер тигізуі мүмкін бұндай мәселелердің алдын алуға бағытталған біршама нормалар қарастырылған (жерді жеке меншікке тек ақылы түрде беру, жекеге берілетін жер көлемдеріне шектеулер қою, жеке меншікте бола алмайтын жерлердің нақты тізбесі, жер аукциондары т.б.). Шын мәнінде, Кодекс бойынша бұған дейін қалыптасқан жеке меншік құқығындағы жер пайдалану құқығын заңдарда белгілеген нормаларға сай меншік құқығымен алмастыру заңдастырылды. 

       Тұжырым. Қазақстан Республикасының жер заңдары, экономикада нарық қатынастары дамуына орай,  негізінен, эволюциялық жолмен дамыды. Жерге байланысты заттық құқықтардың қалыптасуына және дамуына елеулі  мүмкіндіктер  берілді.

       Жер қатынастарын жетілдіру мен жер  заңдарындағы жаңашылдықтарды енгізу, оның саяси сипаттылығының басымдылығына  және депутаттық корпустың консервативті көзқарастығына байланысты негізінен Республика Президентінің  жігерлі ұсынысы арқылы іске асырылды  және олардың уақтылы және  өз кезегінде  қабылданғаны уақыттың өзі дәлелдеп отыр.    

       1.2. Шетелдік жер құқық  қатынастарына шолу

       Жердің  жеке меншік мєселелерініњ шешімі барлық мемлекеттерде де оның экономикалық және әлеуметтік шешімімен байланысты болуы себептігінен, көп ретте жер қатынастарын реттеу саяси сипатқа ие болып, жерге қатысты мәселелер күрделенеді.

       Нарықтық  экономика заңымен өмір сүріп  отырған елдердің көпшілігінде жер жеке меншікте. Алайда, ХХ- ғасырдың орта кезеңінен бастап жеке меншікке байланысты бұрын қалыптасқан түсініктер біршама өзгерістерге ұшырап отыр.

       Бұндағы басты мәселе, ол жердің ерекше қасиеттеріне, яғни жер – шектеулі табиғи ресурс болғандығынан және осыған байланысты жеке адамдардың жерге меншік құқықтары  қоғам мүдделілігімен тікелей байланысты болуында. Осы себепті жеке кісілердің жерге меншік құқығы қоғам мүддесі үшін заң түрінде ұдайы шектелуде.

         Жерге, жылжымайтын мүлік ретінде, тек оның заттық құқығы шегінде ғана меншік иелерінің биліктері жүреді және де мемлекеттің қатаң бақылауында болды {15}.

       Қазіргі уақытта әлемдік құқық жүйесінде  жердің жеке меншігіне елеулі шектеулер  қойылған. Басқа мүліктерге тән шексіз иелік  пен өкімдік жүргізу жерге байланысты құқықтарға тиесілі емес. Сонымен бірге меншік иесі қоғамдық мүддеде бола отырып оны өқоғамның заңдарымен пайдалану құқығына белгілеген міндетке мүдделі болған. 

       Шет елдік жер қатынастарына қысқаша  шолу осындай тұжырым жасауға арқау болады. Сонымен:

       АЌШ мемлекетінде жердің 50%-дан астамы жеке меншікте, ал 40%-ке жуығы қоғамдікі (оның ішінде, мемлекеттік меншіктің барлық деңгейінде: федералдық – 32%, штаттық және жергілікті – 16%).

       АҚШ-тың  кейбір штаттарында шет ел азаматтары жерге меншік құығымен ие бола алмайды. АҚШ-та 2,9 млн. меншік иесінің 1,6 млн. (56%) ауыл шаруашылығы саласында. Жерді меншік құқығымен иеленуге консервациялау бағдарламасымен және ауыл шаруашылығы өндірісінің құрылымдарын реттеу арқылы жүргізіледі. Жер штаттардағы тиісті үкімет органдарының арнайы шешімі бойынша сатылады. {20}

       Франция

         Жерге жеке меншік бар, ал заң бойынша жеке меншік иесі кез-келген азаматқа оны сатуға құқығы жоқ, бірақ өзінің учаскесін сол жерді жалға алушы мен фермерлерге сатуға құқылы. Жердің 50%-тен астамын жалға алушылар өңдейді.

       Францияның  Азаматтық кодекстің 540 - бабы бойынша, жер қатынастары сферасында жалға  алушының құқығы жоғары да, меншік иесінің  құқығы шектеулі және де шексіз билікке  құқығы жоқ. Кодекс бойынша егер жер  иесі жер учаскесін игере алмаса, басқа да жер пайдалану және жерді қорғау заңдарын бұзатын болса меншік құқығынан айырылуы мүмкін {20} 

       Алмания

       Бұл елде, жеке меншік құқығындағы ауыл шаруашылық жерлері мұраға қалмайды, олар сатылуы тиіс. Сонымен бірге  сатып алушының ауыл   шаруашылық жұмысын жүргізуге куәлігі (сертификаты) болуы керек.

       Жерді сатып алу-сату сияқты кез-келген мәміле,  мемлекеттік  органдардың рұқсатымен, қоғамның пайдасына зиян келтірмейтіндей  шарттарда жүргізілуі белгіленген. Жерді жалға алушы, оны соңынан меншік құқығымен алуға құқылы. Жалға алушы Жерді сатып алған жалға алушының басқа біреуге оны қайта сатуына заңда белгіленген мерзім ішінде шектеулер қойылған.

ҚР Жер заңдары