Автомобиль көлігімен жүктерді тасымалдау

 

  «Автомобиль көлігімен  жүктерді тасымалдау»         
      1. Қоса беріліп отырған Автомобиль көлігімен жүктерді тасымалдау ережесі бекітілсін.  
      2. Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникациялар министрлігінің Автомобиль көлігі басқармасы (Ш.Қ.Маханов) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасының Әділет министрлігіне мемлекеттік тіркеу үшін ұсынылуын қамтамасыз етсін.  
      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Көлік және коммуникациялар вице-министрі Е.Ж.Қошановқа жүктелсін.  
      4. Осы бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелген күнінен бастап күшіне енеді және ресми жарияланған сәтінен бастап қолданысқа енгізіледі.     

  

 Автомобиль көлігімен жүктерді  
тасымалдау ережесі     

 Осы Автомобиль көлігімен  жүктерді тасымалдау ережесі  (бұдан әрі - Ереже) жүктерді  автомобильмен тасымалдауды ұйымдастыру  және жүзеге асыру тәртібін  реттейді.   
       Ереже Қазақстан Республикасының барлық аумағында қолданылады және барлық жеке және заңды тұлғалар үшін меншік нысандарына қарамастан міндетті болып табылады. 

1-бөлім. Автомобиль  көлігімен жүктерді  
тасымалдаудың жалпы ережелері 1-тарау. Ережеде пайдаланылатын негізгі ұғымдар      

1. Жүктердің автомобиль  тасымалдары - автомобиль жолдары  бойынша жүк автокөлік құралдарымен  жүзеге асырылатын жүктер тасымалдары.      

2. Автомобиль тіркемесі  (бұдан әрі - тіркеме) - қозғалтқышпен  жабдықталмаған және жүк автомобилімен  немесе ершікті тартқышпен құрамдағы  қозғалысқа арналған автокөлік  құралы. Термин жартылай тіркемелер  мен ұзартылма тіркемелерге қолданылады.      

3. Автопоезд - жүк автомобилі  мен тіркемеден (тіркемелі автопоезд), ершікті тартқыш пен жартылай  тіркемеден (ершікті автопоезд) тұратын  аралас автокөлік құралы.     

4. Жүк автомобилі - автомобиль  жолдары бойынша жүктерді тасымалдауға  арналған механикалық жетекті  автокөлік құралы.     

5. Жүк автокөлік құралы (бұдан әрі - автокөлік құралы) - жүк автомобильдерін, автомобиль  тіркемелерін, ершікті тартқыштарға  тіркемелерді, сондай-ақ мамандандырылған  автомобильдерді (жүктердің белгілі  бір түрлерін тасымалдауға арналған) қамтитын жүк автомобиль көлігі  жылжымалы құрамының бірлігі.     

6. Ершікті тартқыш - жеке қозғалтқышпен жабдықталған  және тек қана немесе көбіне  тіркеме мен жартылай тіркемені  тіркеп сүйреуге арналған автокөлік  құралы.     

7. Тез бүлінетін жүк  - шектеулі жарамдылық мерзімі  бар және тасымалдау мен сақтаудың  ерекше жағдайларын қажет ететін  жүк. 

2-тарау. Жүктің  автомобиль тасымалы шарттарын  
жасасу, өзгерту және бұзу тәртібі     

8. Тасымалдаушылар жасалған  шарттардың негізінде жүктерді  тасымалдауды жүзеге асырады  және тасымалдауға қатысты қосымша  қызметтерді орындайды.  
      Жүкті автомобильмен тасымалдау шарты бойынша тасымалдаушы өзіне жүк жөнелтуші сеніп тапсырған жүкті, оны тасымалдау шарттарын сақтай отырып, межелі пунктіне жеткізуге және оны жүкті алуға уәкілетті тұлғаға (жүк алушыға) беруге міндеттенеді, ал жүк жөнелтуші шартқа немесе тарифке сәйкес автомобильмен жүкті тасымалдағаны үшін ақы төлеуге міндеттенеді. Жүкті тасымалдау шарты 1-қосымшаға сәйкес тауар-көлік жүкқұжатын жасау арқылы ресімделеді.      

9. Жүкті автомобиль  көлігімен тасымалдауға арналған  шарт тасымалдаушы мен жүк  жөнелтушінің арасында Қазақстан  Республикасының Азаматтық  кодексіне , "Автомобиль көлігі туралы" Қазақстан Республикасының  Заңына, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес жасалады.     

10. Жүкті автомобиль  көлігімен тасымалдау шартты  тараптарының бірі екінші тарапқа  шартты өзгерту немесе бұзу  туралы ұсыныспен, осындай өтініш  үшін негіз болатын себептерді көрсету арқылы хабарласуы мүмкін. Шартты өзгерту немесе бұзу туралы ұсыныс алған адресат келіп түскен ұсынысты онкүндік мерзімде қарауы және ұсыныстың қабылданғаны туралы, не оның қабылданбағаны туралы хабарлама жіберуі тиіс.  
      Тараптар шарттың талаптарын өзгерту туралы немесе оны бұзу туралы келісімге қол жеткізген кезде, шартты өзгерту немесе бұзу туралы келісім де шарттың нысанында жасалады. 

3-тарау. Жүктерді  тасымалдауға қабылдау тәртібі     

11. Жүктерді жүк жөнелтушіден  қабылдауды тасымалдаушы тауар-көлік  жүкқұжаты мен жүкке ілеспе  құжаттардың негізінде жүзеге  асырады. Жүк жөнелтуші автомобиль  тиелуге келгенге дейін жүкті  тасымалдауға дайындауы (ыдысқа  салу, буып-түю, жүк жөнелтушілер  бойынша топтау), тауар-көлік жүкқұжаты  мен ілеспе құжаттарды, ал қажет  жағдайда, жүктер тиелетін орынға  өту құқығына арналған рұқсат  қағазын дайындауы тиіс.     

12. Жүкті жүк жөнелтуші  буылып-түйілген, ыдысқа салынған, пломбаланған, таңбаланған түрде, санын, тура  салмағын (көлемін) көрсетіп тапсырады.      

13. Тасымалдауға тапсырылатын  жүктің орамасында бүтіндігін  бұзушылықтар немесе жүктің зақымдалған  іздері (аққан, жыртылған, майысқан  жерлер және тағы басқа) болмауы  тиіс.     

14. Ыдысты қажет ететін  жүктер, оларды тасымалдау кезінде  жоғалудан, жетіспеуден, бұзылудан  және зақымдалудан сақтау үшін  тасымалдауға мемлекеттік стандарттарға  немесе техникалық шарттарға  сәйкес келетін, олардың толық  сақталуын қамтамасыз ететін  жарамды ыдыспен ұсынылуы тиіс.  
      Егер тасымалдауға ұсынылатын жүктің ыдысын немесе орамасын сырттай тексеру кезінде жүктің сақталуы үшін қауіп туғызатын кемшіліктер байқалатын болса, онда жүк жөнелтуші тасымалдаушының талап етуі бойынша байқалған кемшіліктерді жояды, жүк жөнелтуші әрекет жасамаған жағдайда тауар-көлік жүкқұжатының барлық даналарына тиісті белгі жасалады. Тауар-көлік жүкқұжатында көрсетілген себептерден туындаған келтірілген зиянды (тасымалдау кезінде жүктің жетіспеуі, бұзылуы және зақымдалуы) тасымалдаушы өтемейді.     

15. Автокөлік құралдарымен  тасымалдау үшін ресімделмеген  жүктер осы Ереженің талаптарына  сәйкес тасымалдауға жіберілмейді.      

16. Жүк жүк жөнелтуші  (жүк алушы) экспедиторының алып  баруымен тасымалданатын жағдайларда,  соңғысы жүкті жүк жөнелтушінің (жүк алушының) экспедиторы алып  бара жатқаны туралы тауар-көлік  жүкқұжатында белгі жасайды, сондай-ақ  оның тегін, атын және әкесінің  атын көрсетеді.     

17. Жүкті тасымалдауға  қабылдау кезінде экспедитор  немесе экспедитор-жүргізуші жүк  жөнелтушіге жеке басын куәландыратын  құжат пен тасымалдаушы растаған  жолдама парақты көрсетеді.     

18. Автокөлік құралдары  мен олардың ішіндегі тұлғалардың  жүк жөнелтуші мен жүк алушының  аумағына кіруі, егер бұл үшін  арнайы рұқсатнама ресімдеу қажет  болмаса, жолдама парақ бойынша  жүзеге асырылады.     

19. Үйіп, бос, құйып және  контейнерлермен тасымалданатын  жүктерді жүк жөнелтуші тапсырған  және тасымалдаушы қабылдаған  кезде бұл жүктердің салмағы  анықталуы және тауар-көлік жүкқұжатында  көрсетілуі тиіс.  
      Ыдысты және майда даралы жүктер тасымалдауға тауар-көлік жүкқұжатында жүктің салмағы мен жүк орындарының санын көрсету арқылы қабылданады. Ыдысты және майда даралы жүктердің салмағын жүк жөнелтуші оларды тасымалдауға бергенге дейін белгілейді және жүк орындарында көрсетеді. Жүктің жалпы салмағы таразымен өлшеу немесе жүк орындарында трафарет немесе стандарт бойынша салмақты есептеу арқылы белгіленеді. Жекелеген жүктер үшін салмақ тараптардың келісімі бойынша есептеу арқылы, өлшеу, көлемдік салмағы бойынша немесе шартты түрде белгіленуі мүмкін. Жүктің салмағы туралы, оны белгілеу тәсілі көрсетілген тауар-көлік жүкқұжатындағы жазуды жүк жөнелтуші жазады.     

20. Жүктің салмағын  белгілеуді жүк жөнелтуші мен  тасымалдаушы бірлесіп жүк жөнелтушінің  техникалық құралдарымен, ал жүк  терминалдарында - жүк жөнелтуші  мен жүк терминалының қызметкерлері  бірлесіп жүк терминалының техникалық  құралдарын пайдаланып жүргізеді.  
      Жүктерді жабық автокөлік құралдарына, сондай-ақ олардың жүк жөнелтуші пломбалаған жеке секцияларына, контейнерлерге және цистерналарға тапсыру кезінде жүктің салмағын белгілеуді жүк жөнелтуші жүргізеді.      

21. Ыдыстың немесе ораманың  ашылған іздері болмаған кезде,  тасымалдаушы жүк жөнелтушіден  таңбаланған нетто немесе брутто  салмағы бар жүктерді таңбасында  көрсетілген салмаққа сәйкес  қабылдайды.  
      Егер бір стандартты өлшемі бар жүк орындары бір жүк алушының атына берілетін болса, мемлекеттік стандарттарда көзделген стандартты орындарда салмақты, бруттоны және неттоны көрсету жағдайларын қоспағанда, әрбір жүк орнында салмақты көрсету міндетті түрде емес. Бұл жағдайда тауар-көлік жүкқұжатындағы "Салмақты анықтау тәсілі" деген бағанада "стандарт бойынша" деп көрсетіледі.     

22. Тауар сипаты жоқ  жүктердің саны жүк жөнелтуші  (жүк алушы) тасымалдаушымен бірге  жасаған өлшеу актілері немесе  таразыға тарту актілері бойынша  белгіленеді. Топырақты тасымалдау  кезінде оның мөлшерін белгілеу  геодезиялық өлшеу арқылы жүргізілуі  мүмкін.  
      Таразыға тарту актісі 5-10 автокөлік құралдарының бақылау өлшенуі негізінде жасалады, содан кейін тиісті маркалы бір автокөлік құралындағы жүктің орташа салмағы белгіленеді.  
      Жүктің мөлшерін геодезиялық өлшеу арқылы белгілеу кезінде жүктің жалпы салмағы геодезиялық өлшеудің көлемдік көрсеткіштерін зертханалық әдіспен анықталған жүктің жалпы салмағына көбейту арқылы белгіленеді.  
      Жүктің сипаты өзгерген немесе басқа тасымалдау жағдайлары кезінде жүк жөнелтушінің немесе жүк алушының, тасымалдаушысының талабы бойынша жүктің жаңа бақылау өлшенуі немесе көлемдік салмағын белгілеу жүргізіледі.  
      Тасымалдаушы барлық жағдайларда тасымалданатын тауар сипаты жоқ жүктердің мөлшерін немесе салмағын қосымша тексеруді талап етуі мүмкін. Тексеру нәтижелері тауар-көлік жүкқұжатына жазылуы тиіс.     

23. Ірі көлемді және  ауыр салмақты жүктер, бөлінбейтін  ірі көлемді және ауыр салмақты  жүктерді қоспағанда, тасымалдауға  қабылданбайды.     

24. Автокөлік құралын  асырып тиеу, жүктердің ішкі орамасының  дұрыс еместігі, сондай-ақ жүктің  қасиетіне, оның салмағына немесе  белгіленген мемлекеттік стандарттар  мен техникалық шарттарға сәйкес  келмейтін ыдысты және ораманы  қолдану салдарынан келтірілген  зиянды (шағылу, сыну, майысу, ағу және  тағы басқа) жүк жөнелтуші өтейді.  

4-тарау. Жүктерді  таңбалау тәртібі     

25. Жүктерді ыдыспен  немесе орамамен және майда  даралы жүктерді ұсақ жөнелтімдермен  тапсыру кезінде жүк жөнелтуші  әрбір жүк орнын мемлекеттік  стандарттарға сәйкес алдын ала  таңбалауы тиіс.     

26. Таңбада:  
      жүк алушының толық немесе қысқартылған атауы;  
      бару орны мен пункті;  
      жүк бірлігінің салмағы (брутто және нетто) көрсетілуі тиіс.     

27. Тауар-көлік жүкқұжаты  мен ілеспе құжаттарда келтірілген  деректер таңбаға толығымен сәйкес  келуі тиіс.     

28. Тасымалдау және  тиеу-түсіру жұмыстары кезінде  ерекше көңіл бөлуді қажет  ететін жүкті тапсыру кезінде  жүк жөнелтуші барлық багаж  орындарына: "ҮСТІ", "ШЫНЫ", "АБАЙЛАҢЫЗ", "ТӨҢКЕРІЛМЕСІН", "СУЫҚҚА ТӨЗІМСІЗ" деген арнайы таңба қоюы; жүкке  арналған құжаттар буылып-түйілген  орындарды "ҚҰЖАТТАР" деген  арнайы таңбамен белгілеуі тиіс.      

29. Арнайы таңбалау  белгілері осы Ережеге 2-қосымшада  көрсетілген.     

30. Таңбалау мынадай  тәсілдердің бірімен:  
      1) жүк орындарына белгілерді тікелей қою арқылы;  
      2) жапсырмалардың көмегімен жүргізіледі.  
      Таңбалау ыдыста немесе жүкте шаблон бойынша бояумен, штампылаумен немесе таңба соғумен жүргізілуі мүмкін.     

31. Таңбалау орамада  шартты белгілермен (таңбалармен), айқын жазумен, әріптермен, сандармен  немесе суреттермен (нышандармен) жасалуы тиіс. Таңбаның түсі ыдыстың немесе жүктің түсіне қарама-қарсы болуы тиіс.  
      Жүк орындарының таңбасы анық, түсінікті және берік болуы тиіс.  
      Таңба өшірілмейтін және қабыршақтанбайтын, күн сәулесіне төзімді, кез келген бетте жақсы ұсталатын және сумен шайылмайтын бояумен жасалуы тиіс.     

32. Таңбалық жапсырмалар  қағаздан, қатырмадан, матадан, фанерадан,  металдан, пластмассадан жасалуы  мүмкін. Жапсырмалардың беті ауа-райы  жағдайларының әсеріне шыдамды  болуы тиіс.     

33. Жапсырмаларға таңба  төмендегідей тәсілдердің бірімен  қойылуы тиіс:  
      1) типографиялық;  
      2) машинкамен басу;  
      3) трафарет бойынша штемпельдеу;  
      4) жаншу.     

34. Қағаздан және қатырмадан  жасалған жапсырмалар ыдысқа  желіммен бекітілуі тиіс.  
      Матадан жасалған жапсырмалар тігілуі тиіс.  
      Фанерадан, металдан, пластмассадан жасалған жапсырмалар бұрандармен, бұрандашегелермен, шегелермен бекітілуі тиіс.  
      Жапсырмаларды фанера, қатырма және қағаз жәшіктерге қағуға рұқсат етілмейді.  
      Жапсырмаларды жүктерге сыммен бекітуге, басқа бекіту тәсілі мүмкін болмағанда рұқсат етіледі.  
      Металл шыбықтар, құбырлар, қолайсыз немесе ұзын саптары бар сайман және тағы басқа сияқты жүктерді бірнеше жүк алушының атына тасымалдау кезінде, майлы бояумен шеттерін бояу арқылы таңба жасауға рұқсат етіледі, ол бойынша олардың бір партияға жататынын оңай анықтауға болады.     

35. Таңба:  
      1) жәшіктерде - бүйір жақтарының біріне;  
      2) қаптар мен теңдерде - кең жақтарының біріне жасалады.  
      Арнайы таңба екі шектес жаққа жасалады (3-қосымшаға сәйкес).     

36. Таңбаны бүйір немесе  тік жақтарына қою мүмкін болмаған  кезде, биіктігі 200 мм және одан  аз шағын көлемді жәшіктерде  ыдыстың шектес қабырғаларына  (оның ішінде қақпағына) таңба  жасауға рұқсат етіледі.     

37. Арнайы таңба, олар  белгіленуі тиіс "ОСЫ ЖЕРДЕН  СТРОПТАЛСЫН" және "АУЫРЛЫҚ  ЦЕНТРІ" деген белгілерді қоспағанда, негізгі таңбаның жоғарғы бұрышына  қойылады.     

38. Біртекті жүктерді  бір жүк алушының атына тасымалдау  кезінде барлық жүк орындарына  емес, бірақ ең кемі төрт орынға  таңба жасауға рұқсат етіледі.  Бұл жағдайларда таңбаланған  орындар:  
      1) фургондарда - есіктің жанында таңбасын сыртына қаратып;  
      2) ашық автокөлік құралында - тиелген жүктің жоғарғы қабатында шанақтың әрбір бойлық ернеуінің жанында екі орыннан таңбасын сыртына қаратып жиналады.     

39. Жүктерді үйіп, бос  және құйып тасымалдау кезінде  таңбалау жүргізілмейді. 

5-тарау. Жүктерді  пломбалау тәртібі     

40. Бір жүк алушыға  баратын тиелген жабық жүк  автомобильдерін, тіркемелерді, автокөлік  құралдарының жеке секцияларын,  контейнерлерді және цистерналарды  жүк жөнелтуші пломбалауы тиіс, ал жәшіктердегі, қораптардағы және  басқа ыдыстағы майда даралы  тауарларды пломбаланбаған автокөлік  құралымен немесе контейнерлермен  тасымалдау кезінде пломбалануы  немесе бандерольденуі тиіс.     

41. Жүкті пломбалау  кезінде тауар-көлік жүкқұжатында  пломбаның бар екенін көрсетіп  белгі жасалады.     

42. Бірнеше мекен-жай  бойынша тасымалданатын жүктің  сақталуын қамтамасыз ету үшін  фургон-шанақтың ішіне тасымалдаушы  шанақты жеке пломбаланатын секцияларға  бөлуге мүмкіндік беретін қоршаулар  орнатуы мүмкін.     

43. Жүргізуші автокөлік  құралдардың жүк бөлігін тиеу  және пломбалау кезінде болады  да, жарамды автокөлік құралдарда, жүк автомобильдің жеке секцияларында,  контейнерлерде және цистерналарда  жүк жөнелтушінің зақымдалмаған  пломбаларымен келген, сондай-ақ  жүк алушыға жүктің салмағы  мен жай-күйі және жүк орындарының  саны тексерілмей берілетін жарамды  бандерольденген ыдыстағы жүктерді  қайта өлшеу мен қайта санауға  қатыспайды.     

44. Жүк жөнелтушінің  пломбаларында жүк жөнелтушінің  қысқартылған атауы және бақылау  белгілері (сауда белгілері немесе  қысқыштың нөмірлері) болуы тиіс.  
      Тасымалдаушы пломбалаған кезде, пломбаларда тасымалдаушының атауы және қысқыштардың нөмірі болуы тиіс.     

45. Автокөлік құралына (фургондарға, цистерналарға және  тағы басқа) контейнерлерге, автокөлік  құралдың секцияларына, жеке жүк  орындарына ілінетін пломбалар  жүктерге тиісуге және олардың  бүтіндігін бұзбай пломбаларды  алуға мүмкіндік бермеуі тиіс.      

46. Пломбалар:  
      1) фургондарда немесе автокөлік құралдың секцияларында - барлық есіктерге бір пломбадан;  
      2) контейнерлерде - есіктерге бір пломбадан;  
      3) цистерналарда - люктің қақпағы мен құйып алу саңылауына бір пломбадан;  
      4) жүк орнында - бірден төрт пломбаға дейін жиектеу жолақтарының немесе басқа байлау материалдарының түйіскен нүктелеріне ілінеді.     

47. Брезентпен жабылған  автокөлік құралының шанағын  пломбалау, брезенттің шанақпен  біріккен жері жүкке тиісудің  мүмкін еместігін қамтамасыз  еткен жағдайда ғана жүргізілуі  мүмкін. Пломбалар біріктіргіш материалдың  шеттерінде автокөлік құралының  шанағымен түйіскен бірнеше жерге  ілінеді.  
      Автокөлік құралдарды - фургондарды (контейнерлерді) пломбалау алдында екі есік жапсырмасы диаметрі кемінде 2 мм және ұзындығы 250-260 мм күйдірілген сым бұраулармен бекітілуі тиіс.  
      Сымды бұрау диаметрі 6-10 мм және олардың аралығы 35 мм екі саңылаулы арнайы металл пластинкамен жүргізілуі тиіс.  
      Сым бұраулармен есік жапсырмаларын бекітуді, жүк тиеуді жүргізетін жүк жөнелтуші жүзеге асырады.     

48. Пломбалау үшін екі  қатарлас арналы саңылаулары  бар камералы қорғасын немесе  полиэтилен пломбалар, сондай-ақ  термиялық өңделген (күйдірілген)  диаметрі 0,6 мм сым қолданылуы  мүмкін.     

49. Пломбалар алдын  ала екі жіпке бұралған сымға  ілінуі тиіс. Сымды бұрау 10 мм  ұзындыққа төрт орам келетін  есеппен жүргізіледі.  
      Пломбаларды ілу тәсілдерінің схемалары 4-қосымшада келтірілген.  
      Екі қатарлас арналы саңылаулары бар пломбаларды ілу мынадай тәртіппен жүргізілуі тиіс. Пломбалардың әрқайсысына пломбалау сымының бір ұшы өткізіледі.  
      Сымның ұзын бос ұшы фургонның (контейнердің) есігіндегі есік жапсырмасының көзінен екі айналып, ал сонан кейін пломбаның бір және екінші саңылау арқылы өткізіледі. Осыдан кейін пломба қысқышпен қысылады.  
      Камералы қорғасын пломбаларды ілу кезінде сымның ұштары пломбаның кіру саңылаулары арқылы өткізіледі, 2-3 орамға бұралады және орамдар камераға тартылып, қысқышпен қысылады.  
      Камералы полиэтилен пломбаларды ілу кезінде сымның ұштары пломбаның кіру саңылаулары арқылы өткізіледі, содан кейін осы ұштар өз арасында екі ораммен бұралады, сымның бір ұшы екіншісін айнала, ал содан кейін екіншісі - осы Ережеге 4-қосымшада көрсетілген жүйелі тәртіппен біріншісін айнала бұралады.  
      Осыдан кейін жасалған түйін камераға әбден тартылады және пломба пломбалау қысқышымен қысылады.     

50. Пломбалау кезінде  есік жапсырмасының (цистерна  қалпағының қақпағы) көзі мен  пломбаның арасында пайда болған  ілгек 25 мм аспауы тиіс.  
      Пломбалар бедері екі жағынан анық және айқын шығатындай, ал сымды пломбадан суыруға болмайтындай етіп қысылады. Қысқышпен қысылғаннан кейін әрбір пломба мұқият тексерілуі тиіс және ақау табылған жағдайда (қысқыш таңбалары сандарының анық еместігі, таңбалардың кесілуі және тағы басқа) басқасымен ауыстырылады.     

51. Пломбалардың бақылау  таңбаларында нөмірленуі 001-ден 999-ға  дейін жүйелі тәртіппен жүргізілетін  әріптік және сандық белгілері  болуы тиіс.     

52. Пломбалардағы көмескі  бедерлі қойылған таңбалармен,  сондай-ақ дұрыс ілінбеген пломбалармен  тасымалдауға рұқсат етілмейді.     

53. Бандерольдеу жасалған  материалдар (қағаз таспа, бау  және тағы басқа) біртұтас (түйіндерсіз  және жалғамасыз) және біріктірілген  жерлерде жасаушының немесе жүк  жөнелтушінің айыру белгісімен (мөрмен  немесе штампымен) бекітілуі тиіс.      

54. Бандерольдеу, ол жасалған  материалды жыртпай жүкке тиісу  мүмкін болмайтындай етіп жасалуы  тиіс. 

6-тарау. Жүктерді  тиеу және түсіру.  
Жүктерді тиеу және түсіру пункттеріне  
қойылатын талаптар     

55. Егер шартта өзгеше  көрсетілмесе, жүктерді автокөлік  құралына тиеуді, жүктерді бекітуді, жабуды және байлауды - жүк жөнелтуші,  ал жүктерді түсіруді, бекіткіштер  мен жапқыштарды алуды жүк  алушы жүргізуі тиіс.     

56. Жүк жөнелтуші мен  жүк алушы тиісінше автокөлік  құралының ернеулерін және цистерналардың  люктерін ашу мен жабуды, цистерналардың  люктеріне шлангаларды салу мен  алуды, шлангаларды бұрау мен  ағытуды жүргізеді.  
      Жүк жөнелтушінің (жүк алушының) бақылау-өткізу пункттерінде брезентті алып жүкті тексеру және тексеруден кейін жүктерді жабу, цистерналардың люктерін ашу және жабу және тағы басқа жүргізілген жағдайларда, көрсетілген операциялар жүк жөнелтушінің (жүк алушының) күшімен орындалады.     

57. Түсіру-тиеу жұмыстары  кезінде тасымалдаушы   автокөлік құралына тиеудің белгіленген нормаларын сақтау, автомобильмен тасымалдауды орындау қауіпсіздігін және жүктің сақталуын қамтамасыз ету мақсаттарында жүктің салынуы мен бекітілуін бақылайды.     

58. Егер шарттың талаптарында  тиеу-түсіру жұмыстарын тасымалдаушы  жүзеге асыратыны көзделген болса,  соңғысы тиеу-түсіру жұмыстарын  жүргізу кезінде қызметкерлердің  автомобиль көлігінде еңбекті  қорғау және қауіпсіздік техникасы  ережесін сақтауын бақылауды,  сондай-ақ осы тармақта көрсетілген  ережелерді орындамау нәтижесіндегі  жазатайым оқиғаларды болдырмау  шараларының қабылдануын қамтамасыз  етуі тиіс.     

59. Жүктерді тиеу және  түсіру пункттері мынадай негізгі  талаптарға жауап беруі тиіс:  
      1) тиеу-түсіру және қосымша жұыстарды жүргізуге арналған Қазақстан Республикасының мемлекеттік стандарттарына сәйкес келетін штаттағы және қосымша жабдықтың болуы;  
      2) өртке қарсы, санитарлық-гигиеналық және экологиялық нормативтердің сақталуын қамтамасыз ету;  
      3) тиеу-түсіру жұмыстарын орындау кезінде жүктің сақталуын және жұмыс істеушілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету;  
      4) кез келген ауа-райы жағдайларында автокөлік құралдарының тиеу (түсіру) орнына еркін және қауіпсіз өтуін қамтамасыз ететін кіріс жолдарының болуы;  
      5) тәуліктің кешкі және түнгі уақытында жарықтандыру мемлекеттік стандарттарға сәйкес келуі және тиеу-түсіру жұмыстарын орындау қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған талаптарға жауап беруі тиіс;  
      6) механизация құралдарымен тиеу (түсіру) посттарының саны мен жабдықталуы қайта өңделетін жүктің түрі мен көлеміне сәйкес келуі және автокөлік құралдарының тиелу (түсірілу) үшін нормативтік уақыт шегінде тұруын қамтамасыз етуі тиіс;  
      7) қажетті құжаттардың сапалы және уақтылы ресімделуі мен өңделуін қамтамасыз етуге арналған жеке үй-жайдың болуы;  
      8) телефон және басқа байланыс түрлерінің болуы;  
      9) бақылау-өткізу пункттері, зертханалары, жөнелтілетін және келіп түсетін жүктің сапасы мен массасын анықтауға мүмкіндік беретін таразыға тарту және басқа жабдығы, сондай-ақ автокөлік құралдарының шанақтарын тез бүлінетін жүктерді түсіргеннен кейін тазарту, жуу және дезинфекциялау бойынша жұмыстар жүргізуге арналған арнайы орындарының болуы.     

60. Тиеу жұмыстарын  жүзеге асыру кезінде жүкті,  оның салмағы автокөлік құралы  шанағының барлық ұзындығы бойынша  біркелкі бөлінетіндей етіп, рұқсат  етілген салмақтық және көлемдік  параметрлерден асырмай орналастыруы  тиіс.  
      Үйіп тасымалданатын сусымалы жүктерді тиеу кезінде жүктің беті, жүктің қозғалыс кезінде шашылуын болдырмау мақсатында автокөлік құралы ернеулерінің жоғарғы шеттерінен шықпауы тиіс. Тасымалдаушы жүк жөнелтушімен бірге сусымалы жүктердің бүркемелермен жабылуын қамтамасыз етеді.      

61. Қабылдануы мен тиелуі  уақыт шығынынсыз мүмкін емес  ыдыссыз тасымалданатын майда  даралы жүктерді (металл шыбықтар, құбырлар және тағы басқа) жүк  жөнелтуші сыммен үш-бес жерден  бумаларға немесе орамдарға байлап  ірілеу тиеу бірліктеріне біріктіруі  тиіс. Буу беріктігі шығыранның  ілгегімен кез келген сым байламын  көтеру мүмкіндігін қамтамасыз  ететіндей болуы тиіс.     

62. Ыдыссыз ауыр жүктерде  іліп алу үшін арнайы тетіктері:  шығыңқы жерлер, рамалар, ілгектер, сырғалық саңылаулар және басқалар  болуы тиіс.     

63. Тегендерде тасымалдау  кезінде жеке жүк орындары (жүк  жөнелтушінің пломбасымен тасымалданатын  жәшікті жабық тегендерді қоспағанда), олардың тегендегі күйін және  бекітілуін бұзбай санын тексеру  мүмкін болатындай жиналады.     

64. Жүктер автокөлік  құралында жылжып кету, құлау,  есіктерге қысым түсіру, тасымалдау  кезінде жүктің қажалуы немесе  зақымдалуы болмайтындай етіп, сондай-ақ  тиеу, түсіру кезінде және жол  үстінде автокөлік құралдарының  сақталуын қамтамасыз ететіндей  жиналуы және мықты бекітілуі  тиіс.  
      Жүктерді шегелермен, қаусырмалармен және автокөлік құралын зақымдайтын басқа құралдармен бекітуге рұқсат етілмейді.      

65. Тиеу және тасымалдау  үшін қажетті құрал-жабдықтарды,  қосалқы материалдарды (сандалдар,  тіреулер, науалар, сым, қалқанды  қоршаулар және тағы басқалар), сондай-ақ жүктерді жылы ұстау  үшін қажетті құралдарды (көрпелер, төсемелер және тағы басқалар) жүк жөнелтуші беруі және қоюы, ал жүк алушы алуы тиіс.     

66. Белгілі бір жүкті  тасымалдауға арналған автокөлік  құралдарды қосымша жабдықтауды  және жарақтандыруды жүк жөнелтуші  тасымалдаушымен, ал Қазақстан  Республикасының заңнамасында белгіленген  жағдайларда, жол полициясы органдарымен  келісім бойынша ғана жүргізуі  мүмкін.     

67. Жүк жөнелтушіге  тиесілі барлық құрал-жабдықтарды  тасымалдаушы жүк алушыға жүкпен  бірге береді немесе жүк жөнелтушіге  оның тауар-көлік жүкқұжатында  көрсетуіне сәйкес қайтарады.     

68. Тасымалдаушы тиеу  пункттерінде жүктің автокөлік  құралдарына салынуы мен бекітілуінің  жол қозғалысы қауіпсіздігі және  автокөлік құралының сақталуын  қамтамасыз ету талаптарына сәйкес  келуін тексереді, сондай-ақ жүк  жөнелтушіге жүктің жиналуы мен  бекітілуіндегі байқалған оның  сақталуына қауіп төндіретін  жетіспеушіліктер туралы хабарлайды. Жүк жөнелтуші тасымалдаушының  талап етуі бойынша жүктің  салынуы мен бекітілуінен табылған  кемшіліктерді жоюы тиіс.     

69. Жүк жөнелтуші мен  жүк алушы тиеу-түсіру жұмыстарын  жүргізу кезінде қауіпсіздік  техникасының сақталуын бақылауды  қамтамасыз етеді.     

70. Жүктерді автокөлік  құралына тиеу және жүктерді  түсіру мерзімдері, сондай-ақ жүктерді  тиеумен және түсірумен байланысты  қосымша операцияларды орындау  мерзімдері шартта белгіленеді.     

71. Автокөлік құралдардың  тиелуге келген уақыты жүргізуші  жолдама парақты тиеу пунктінде  көрсеткен сәттен бастап, ал түсірілуге  келген уақыты жүргізуші тауар-көлік  жүкқұжатын түсіру пунктінде  көрсеткен сәттен бастап есептеледі.      

72. Тиеу және түсіру  пункттерінде (темір жол станцияларынан  басқа) кіру қақпалары немесе  бақылау-өткізу пункттері немесе  жүктерді талдау бойынша зертханалар  болған кезде автокөлік құралдың  тиелуге немесе түсірілуге келген  уақыты жүргізуші жүк жөнелтушіге  немесе жүк алушыға жолдама  парақты немесе тауар-көлік жүкқұжатын  кіру қақпаларының жанында немесе  бақылау-өткізу пунктінде немесе  зертханада көрсеткен сәтінен  бастап есептеледі.     

73. Жүргізушіге тиісті  түрде ресімделген тауар-көлік  жүкқұжаты мен жолдама парақ,  сондай-ақ тиелген немесе түсірілген  жүкке арналған өзге де қажетті  құжаттар тапсырылғаннан кейін  тиеу және түсіру аяқталды  деп есептеледі.     

74. Автокөлік құралдың  қақпалардан немесе бақылау-өткізу  пунктінен тиеу немесе түсіру  орнына және керісінше жүрген  уақыты автокөлік құралдың тиеліп  немесе түсіріліп тұрған уақытын  есептеу кезінде шегеріледі.     

75. Автокөлік құралдары  тиелуге келісілген уақыттан  бұрын келген жағдайда, егер жүк  жөнелтуші оларды тиеуге нақты  келген сәтінен бастап қабылдамаса,  автокөлік құралдары тиелуге  келісілген уақытта келді деп  есептеледі.     

76. Жүк жөнелтуші (жүк  алушы) тауар-көлік жүкқұжатында  және немесе жолдама парақта  автокөлік құралының тиеу (түсіру) пунктіне (нен) келген (кеткен) уақытын  белгілейді. 

Автомобиль көлігімен жүктерді тасымалдау