Ағылшын және қазақ мақал мәтелдері (табиғат құбылыстары компоненттері бойынша). 2

МАЗМҰНЫ 
 

І. Кіріспе ...............................................................................................................2-4

ІІ. Негізгі  бөлім ............................................................................................5-22

    2.1. Мақал-мәтелдердің  тарихына  қысқаша шолу ...............................5-7

    2.2. Мақал-мәтелдердің тілдегі қолданысы мен мағынасы ...................7-12

    2.3. Адамдық, махаббат және достық  мәселесіне  байланысты  қазақ

          және  ағылшын мақал-мәтелдері ........................................................12-14

    2.4. Еңбек, ғылым және білімге байланысты  қазақ және ағылшын

           мақал-мәтелдері....................................................................................14-15

    2.5. Өмір  және  өлімге, денсаулыққа  байланысты  қазақ  және

          aғылшын  мақал-мәтелдер.....................................................................15-16

    2.6. Табиғат құбылысының компоненттері қосылған қазақ және 

         ағылшын мақал мәтелдеріндегі ұқсастық пен  айырмашылық .........16-17

   2.6.1. «Жаңбыр», «кемпірқосақ»  және «қар»  сөзінің   мақал – мәтелдегі 

             қолданысы ......................................................................................17-21

    2.6.2. «Жел», «дауыл» және «боран»  сөзінің   мақал – мәтелдегі

             қолданысы ..................................................................................... 21-22  

ІІІ. Қорытынды ..............................................................................................23

ІV. Пайдаланылған  әдебиеттер .....................................................................24       

      
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 

КІРІСПЕ 

       Зерттеу жұмысының өзектiлiгi: Сонау ерте заманнан, сан ғасырлар бойы  халықтың өзімен бірге жасасып, екшеліп, ұрпақтан ұрпаққа мұра болып қалып  жатқан  ауыз  әдебиетінің  бай  баласының  бірі мақал-мәтелдер. Дастан, хиссаларға қарағанда мақал-мәтелдердің ерекше қасиеті көлемінің шағындығы, мазмұнының кеңдігі, тілінің өткірлігі, мағынасының тереңдігі. Дүниенің  қай халқы болса да, өз мақал-мәтелдерін жоғары бағалаған, керекті  жерінде заң орнына қолданып отырған. Оның басты себебі – халық  мақал-мәтелдерді  рухани ақылғойі деп түсінген, реті келгенде “екі ауыз сөз” ердің құнын да шешіп кеткен.  Мақал-мәтелдер қай халықтың да жан-дүниесінің, мінез-бітімінің, тыныс-тірлігінің айнасы; сол халықтың сөздік қорының байлығын жанытып қана қоймай, оның уақыт озған сайын құны артпаса арзымас қазына екенін де сездiрер  белгісі. Өйткені, мақал-мәтелдердің айтары-өсиет, ұлағат, тәлім, парасат, ізгілік. Міне, соған   байланысты шет тiлiн үйретуде және аударма жұмысында аса бiр қиындық тұғызатын тiлдiк бiрлiктер – осы фразеологизмдер мен мақал-мәтелдер. Оның себебiн тiлдiң фразеологаялық, паремиологиялық жүйесiндегi тұрақты тiркестердiң ұлттық сипатының, ұлттық нақтылығының ерекшелiгiмен түсiндiруге болады. Тiлдiк бiрлiктердiң тұтас мағынасын жете түсiнбей, тiркес құрамындағы сыңарлар мәнiн негiзге ала отырып аудару әртүрлi келеңсiз жағдайларға, "сәтсiздiктерrе" ұшыратуы әбден мүмкiн. Сондықган, мақал-мәтелдердiң тiларалық семантикасын салғастыра зерттей отырып, ондағы жалпы адамзаттық, жалпыхалықгық мәндiлiктер мен зандылықтарды және этностық   ерекшелiктердi, сондай-ақ ұлт,тiл, мәдениет және өркениеттiң өзара сабақтастығын айқындау да аса өзектi мәселелер қатарына жатады.

   Мақал-мәтелдердiң  тiл бiлiмiнде, оның iшiнде, қазақ және ағылшын тiлдерiнде әр тұрғыдан азды-көптi зерттелiп келгенi мәлiм. Зерттеу нысанына қатысты еңбектерге тоқталар болсақ, мақал-мәтелдердiң тiлдiк табиғаты, олардың басқа тұрақты тiркестермен ұқсастықтары немесе ерекшелiктерi А. Байтұрсынов, I. Кеңесбаев, Р. Сәрсенбаев, Б. Адамбаев, Ә.Қайдар, С. Нүрышев, F. Мұсабаев, М. Fабдуллин, F. Тұрабаева, салыстырмалы-салғастырмалы тұрғыдан А. Нұрмаханов, Э.Мұқышева, А. Донбаева, Д. Бегалықызының т.б. жұмыстарында қарастырылған. Жалпы және орыс тiл бiлiмiнде В. В. Виноградов, Н. Н. Амосова, М. Т. Тагиев, Н. М. Шанский, Г. Л. Пермяков, Л.A. Булаховский сынды ғалымдар соны бағыт, ұстанымдарымен,  құнды пайымдауларымен, нақты теориялық түйiн-тұжырымдарымен белгiлi. Ағылшын тiлiндегi ұлттық болмыс және ұлттық таныммен тығыз байланысты тұрақты тiркестердi, мақал-мәтелдердi жан-жақты, түбегейлi зерттеген ғалымдар - Н.Барли, А. Дундэс, А,Крикман, М. Куузи, Г.Мильнер, А. Тэйлер, Г. Л. Апперсон, Линда және Роджер Флавэлдер. Аталған ғалымдардың зерттеулерi жұмысымызда теориялық және әдiстемелiк тұрғыдан басшылыққа алынды.

   Дегенмен, халықтық ұғым-түсiнiктер мен рухани, мәдени кұндылықтардан мол мағлұмат беретiн қазақ және ағылшын тiлдерiндегi аталмыш бейнелi тiзбектер халықаралық, экономикалық, салааралық байланыстар кең өрiс алған осы кезеңге дейiн салғастырыла зерттелмей (бiрдi-екiлi мақалаларды есепке алмағанда) келдi.

   "Ұлт  пен тiл бiртұтас" деген қағидаға  сәйкес, қазақ және ағылшын мақал-мәтелдерiн тек тiлдiк емес, этнолингвистикалық тұрғыдан қарастыру бiрлiк астарындағы ұлттық болмысты тану жағынан да өзектi мәселе қатарына жатады.

   Сондай-ақ, этнолингвистика мен лингвомәдениеттану салаларының жалпы тiл бiлiмiнде дербес пән болып қалыптасқан тұсында мақал-мәтелдердi тiлдiң "таза" iшкi жүйесi (имманенттi жүйе) тұрғысынан қарағаннан гөрi, оларды тiлi мен мәдениетi алшақ жатқан басқа халықтардың (ұлттардың) тiлдiк бiрлiктерiмен салғастыра зерттеу арқылы олардың семантикалық құрылымындағы ерекшелiктерi мен ұлттық сипатты айқындау аса маңызды болып отыр.

     Зерттеудің нысаны. Тілдік  әрі тарихи-мәдени деректерге сүйене отырып, қазақ және ағылшын мақал – мәтелдерінің  өзара ұқсастық, ерекшелік жақтарын этнолингвистикалық және этномәдени тұрғыда қарастыру.

     Зерттеу  жұмысының  мақсаты мен міндеттері:

   Жұмыстың  негізгі мақсаты - қазақ-ағылшын  мақал-мәтелдерін  салғастыра зерттей  отырып, олардың  мазмұн  межесіндегі  ұқсастықтары  мен айырмашылықтарын,  ұлттық  сипатын  ашу,  олардың өмір сүру салаларында  қаншалықты  жиі  қолданылатынын  пайымдау,  әсіресе  табиғат  құбылыстарына   байланысты  мақал  мәтелдердің  қасиетін  ашу  қазақ   және ағылшын   тілінде.

   Зерттеу пәні. Туыстығы жоқ ағылшын және қазақ тілдеріндегі мақал – мәтелдерінің тіларалық ұқсастықтары  мен  ерекшеліктері.

   Зерттеу жұмысының құрылымы. Курстық жұмыс кiрiспе, екi тарау, қорытынды, пайдаланылған  әдебиеттер  тiзiмi  мен  қосымшадан  тұрады. 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 

НЕГІЗГІ БӨЛІМ 

    1. Мақал – мәтелдердің  тарихына  қысқаша  шолу
 

   Мақал-мәтелдердiң  қазақ және ағылшын тiлдерiнде  зерттелуiне тоқталмас бұрын отандық, әлемдiк тiл мамандары арасында пiкiрталас туғызған, белгiлi бiр салаға қатыстылығы жөнiнде мәселеге тоқтала кеткенiмiз жөн болар. Осы мәселе төңiрегiнде айтылған тұжырым-пайымдауларды зерделеу барысын да, үш түрлi ұстанымның қалыптасқандығы анықталды. Мысалы, фразеология саласынының  қалыптасуына, дамуына  өзiндiк үлес қосқан В.В. Виноградов, Н.М. Шанский, В.Н. Телия, М. Чернышева, М.М. Копыленко, A.B. Кунин, И.В. Арнольд, I.Кеңесбаев, Ә.Т. Қайдар, Б. Манасбаев т.б. сынды ғалымдар мақал-мәтелдердi осы саланың еншiсiне тиесiлi деп тауып, ғылыми негiздемелерiн ұсынды. Академик В.В. Виноградов «К области фразеологических единств относятся и многие фразовые штампы, клише, типичные для разных литературных стилей, и литературные цитаты, и крылатые выражения, и народные пословицы и поговорки», —деп фразеологияның зерттеу нысанын нақтыласа [4,133], келесi ғалым A.M. Ефимов зерттеу ауқымын одан әрi кеңейте түстi «К фразеологическим средствам языка относятся не только идиомы, но и поговорки, пословицы, афоризмы писателей, крылатые строки стихотворений, устойчивые формулы и обороты научно-терминологического характера, некоторые канцелярские штампы, производственно-технические выражения и т. Д» [5,182]

      М.М. Шанский «Фразеология современного русского 
народа» деген еңбегiнде мақал-мәтелдердiң фразеология 
саласына қатыстылығын сөз ете келiп, оларды «фразеологиялық 
сөйлемшелер» (фразеологические выражения) тобында [6,84], ал 
АА. Булаховский фразеологиялық оралымдардың (фразеологические обороты) құрамында қарауды ұсынды [7,54].

   Ағылшын тiлiнiң фразеологиясына қатысты кешендi зерттеулерiмен, дәйектi тұжырым, пайымдауларымен танымал А. В. Кунин де жоғарыда аталған ғалымдардың көзқарасын ұстанады. Ол «С нашей точки зрения фразеологическими единицами могут быть как словосочетания, так и предложения, вклучая и пословицы»,- дейдi [8, 1259]. Алайда, ғалым аталмыш тұрақты тұлғалардың құрылымдық-мағыналық ерекшелiктерiн негiзге ала отырып, оларды   «коммуникативтiк фразеологиялық бiрлiктер» деп атап, жеке қарауды ұсынды. Сондай-ақ, автор құрамындағы сыңарлары тура мағыналы болып келетiн мақалдар тобын яғни, "аll is wеll, thаt еnds wеll" (сөзбе-сөз ауд.: сәттi аяқталған iстiң бәрi жақсы), "Арреаrаnсеs аrе dесерtivе" (сөзбе-сөз ауд.: сыртқы түр — алдамшы), "Веttеr lаtе thаn nеthеr" (сөзбе-сөз ауд.: ештен кеш жақсы) тәрiздi оралымдарды фразеология аясынан тыс "фразеологиялық емес тұрақты құрылымдар" аясында қарастырды.

      Осы жоғарыда аталған тұжырымға қарсы  пiкiрдi ұстанушы белгiлi ғалымдар - Н.Н. Амосова, A.M. Бабкин, В.П. Жуков, М.Т.Тагиев, M.A. Филипповская, АН. Кожин т.б. Мақал-мәтелдердi фразеология саласынан тыс қарайтын ғалымдардың көпшiлiгi оларды ауыз әдебиетiнiң зерттеу нысаны қатарына жатқызады. Ал осы бағыттағы көлемдi зерттеулерiмен танымал ғалым Н.Н. Амосова мақал-мәтелдердi фразеология қорына жатқызуға болмайтынын олардың мазмұны жағынан да, сөйлемде атқаратын   қызметi   тұрғысынан да фразеологиялық бiрлiктердiң белгiлерiне   жауап   бермейтiндiгiмен   ұштастырады.

     Мақал-мәтелдердi жинақтап, сұрыптап, белгiлi бiр жүйеге келтiруде, тiлдiк бiрлiктер табиғатының кейбiр қырларын айқындауда зор еңбек сiңiрген ғалым Г.Л. Пермяков : «Пословицы могут быть объектом исследования в одинаковой мере и лингвиста и литературоведа - с различных точек зpeния» [ll,8] дей келе, аталмыш тұрақты тұлғалардың тiлшi  ғалымдар тарапынан да, әдебиетшi мамандар тарапынан да зерттелуi қажетгiгiн ескертедi.

   Осы  келтiрiлген ой-пiкiрлерге және өзiндiк  зерттеу нәтижелерiне сүйенер болсақ, мақал-мәтелдердiң тұлға тұрақтылығы, тiркес тиянақтылығы, мағына  тұтастығы, қолдануға  даярлығы тәрiздi сипаттары  оларды фразеологизмдер қатарына  қосып, осы   салада зерттеуге толық мүмкiндiк бередi.

   Ағылшын тiлiндегi жалпыхалықтық мұраны жинақтап, жариялау жұмыстары сонау көне ғасырдан қалыптасып, күнi бүгiнге дейiн дәстүрлi түрде жалғасып келедi. Тарихи деректерге сүйенер болсақ, өте   көне мақал-мәтелдер тiзбегiн қамтитын алғашқы  «Вооk оf   Рrоvеrbs in thе Оld  Теstаmеnt» атты топтама V ғасырда жарық көрген. Бұл жинаққа өте көне ағылшын мақал-мәтелдерi енген. Кейiнгi жинақтар халық игiлiгiне айналған осы iске етене араласып, зор еңбек сiңiрген оқымысты ғалым Дезидериус Эрасмус есiмiмен тығыз байланысты. Ротердамда дүниеге келiп, өз заманының ең ұлы да оқымысты ғалымдарының бiрi атанған Дезидериус Эрасмус бүкiл Еуропаны түгелге жуық аралай жүрiп, ағылшын мақал-мәтелдерiнiң жинағын құрастырған. Оның 1500 жылы «Соllесtаpеа» [50], 1508 жылы Венецияда «Сhiliаdеs» деген атпен жарияланған жинақтары 1515-1536 жылдары аралығында толықтырылып қайта басылып шықты.

   Артына  өшпес тарихи iз қалдырған ғалымдардың  бiрi Джон 
Хеуд өзiнiң алғашқы «А Diаlоguе Соntаining thе Numbеr in 
Еffесt оf аll thе Рrоvеrbs iп thе Еnglish Тоnguе» атты еңбегiн 1546 
жылы, кейiнгiлерiн 1550, 1555, 1560 жылдapы бастырып 
шығарды. Сондай-ақ, 1610-1680 жылдар аралығында бiрқатар 
мақал-мәтелдер жинақтары, атап айтқанда, 1612 жылы 
ағылшын шiркеу қызметшiсi Тhоmаs Drахе «Вibliоthеса 
Sсhоlаstiса Insthсtissimа оr, а Тrеаsuriе оf Аnсiеnt Аdаgiеs, аnd 
Sеntеntiоsh Рrоvеrbеs», 1639 жылы пастор Дж. Кларктың 
(Jоhn Сlаrkе) «Раrоеmiоlоgiа Аnglо-Lаtinа», 1640 жылы Дж. 
Хербэрттiң   «Оutlаndish Рrоvеrbs», 1659 жылы Дж.Хауэльдiң «Рrоvеrbs», 1670, 1678 жылдары Дж. Рэйдiң «Еnglish Рrоvеrbs» атты еңбектерi жарық көрдi. Дж. Хауэлдiң еңбегiнде ағылшын тiлiне басқа тiлдерден енген мақал-мәтелдер де қамтылса, соңғы жинақта тiлдiк орамдарға арнайы түсiнiктемелер берiлген.
 

    1. Мақал – мәтелдердің  тілдегі қолданысы  мен мағынасы
 

     Сан  ғасырлар  бойы дамып, қалыптасқан  ата-бабаларымыздың мәдениеті, рухани байлығы мен дүниетанымы, ділі бүгінгі ұрпаққа тіл арқылы ғана  жетті.  Тілдің  бұл  құдыреті  жөнінде   ғұлама  ғалым Ә. Қайдар өз  пікірін  төмендегіше өрбітеді: Этностың  шынайы  бейнесі, болмысы  оның  тілінде  ғана, тілі арқылы ұрпақ жадында сақталады екен. Этнос тілінде тек оның өзі туралы ғана емес, өзі жасап келе жатқан табиғи ортасымен қоғамдағы қарым-қатынастары туралы да, жан дүниесі, жүрек сыры, қуануы  мен  сүйініуі, ренжуі  мен күлуі, түс көруі, ұққаны мен түйгені, тануы мен талғамы, барлықтағы құбылысты өзінше бағалап бағамдауы бәрі-бәрі, біле білсек, өз тілінде өрнегін тауып, өзіне-өзін көрсететін айна іспеттес, -  деп этнос пен тіл байланысының нәзік тамырын дәл басып көрсеткен [1;28]. 

      Тіл арқылы адамзат өзінің сан ғасырлар бойы басынан кешкенін нақтылап айтсақ, ұлттың белгілі бір кездегі дүниетанымын, айналадағы құбылыстарды  түйсініп-қабылдауын, адамзат өмірінде   болатын   нақты   бір жайттарға  оң немесе теріс баға беруін және т.б. көрсетеді. Осындай айшықты  сөз  тіркестері  қатарына  тілдегі  фразеологизмдер, қанатты  сөздер мен  мақал-мәтелдер  жатады.

      Мақал-мәтелдер – қай  тілде  болмасын,  халық даналығының қайнар көзі, ақылман  ойшылдар,  ділмәр-шешендер,  айтқыш  даналар сөзінің мәйегі, ұйтқысы болып саналады [3]. Мақал-мәтелдер бізге сан ғасырлар бойы  халықтың  қоғамдық  даму  үрдісінде  қалыптасқан  ұстанымдары, әдет-ғұрпы,  салт-дәстүрі,  оның  тарихы, рухани  мәдениетінің  қайнар көздері  жайында  мол  ақпарат беретін  тілдік  қор болып табылады.

      “Мақал-мәтел – сөз мәйегі”, “Мақал – сөздің мұнарасы”, - деп, қазақ халқы ауыз әдебиетінің асыл жанрына аса құнды баға берген.

      Халық  қашан  да  өскелең  ұрпақты  тәрбиелеудің мәнін, оның қиындығы мен қуанышын, одан шығатын нәтижені біліп отырған. Осы тұрғыдан алғанда. Ауыз әдебиетіндегі шағын жанрлардың бірі – мақал-мәтелдер  баланың   ой-өрісін,  дүниетанымын, қиялын, тілін дамытуда, тәлім-тәрбиесінде  терең  мән  жатыр.

     Мақал-мәтелдер – ұзақ жылдар бойы халықтың іс-тәжірибесінен түйінделген даналық жемісі. Мақал-мәтелдер - әр кезеңде ата-бабадан ұлағатты сөз, парасатты ой ретінде ұрпақтың еншілеген мол қазынасы. Тоқсан  ауыз  сөздің  тобықтай  түйінінде халықтың  өмір  сүру барысындағы тәжірибесі, көңілге түйген  ақылының  кені  жатыр.

     Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде мақал мен мәтелге мынандай түсіндірме  берілген:  мақал – үлгі-өнеге  ретінде айтылатын жалпы халықтық  нақыл  сөз; мақал деп қысқа, образды, ұйқасты, тұжырымды нақыл сөзді айтамыз [6, б. 102]. Мәтел – тұжырымды. Бейнелі әрі ықшам нақыл сөз [6, б. 168].

      Тегiнде  мақал-мәтелдер қай халықтың да жан-дүниесiнiң, мiнез-бiтiмiнiң, тыныс-тiршiлiгiнiң айнасы; ол сол халықтың сөздiк қорының байлығын  танытып  қана  қоймайды,  оның  уақыт  озған  сайын құны артпаса арзымас қазына екенiн де сездiрер белгiсi. Кез-келген халықтың даналығы  мен  рухы  сол  халықтың  мақал-мәтелдерiнде  анық   көрiнiс беретiнi  ертеден  мәлiм. Ал басқа тiлдегi мақал-мәтелдердi бiлiп, түсiну – бұл  тiлдi  жақсы  меңгеруiне  көмектесiп  қана  қоймай,  сонымен  қатар басқа  халықтың  ой-бейнесiн  және  мiнез-құлқын  түсiнуiне көп үлес қосады,  дәнекер  болады. Мақал-мәтел, нақыл сөздер тілімізді байыта түсетін халықтың  асыл  қоры. Оның  жұртшылық  үшін пайдасы мен рөлі зор. Шетел  тiлдi  меңгертуде сол тiлдердегi нақыл сөздердi, мақал-мәтелдердi  үйретiп, жаттатқызу арқылы оқушының практикалық дағдыларын  қалыптастыру  әдiсi  белгiлi  нәтижелердi  көрсеттi.

     Мақал-мәтел  (лат. – proverbium,  adagium, франц - proverbe, неміс тілінде - Sprichwort, ағылшын тілінде - proverb) ауызша айтылған, ешбір әдеби  немесе  фольклорлы  шығармамен байланысы жоқ, бірақ нәтиже, ақыл, дәлелдеме  ретінде  жаппай  қолданылатын  афоризмдер. Мақал - мәтелдерді көптеген тілдердің  лингвистикасында  паремия  деген  терминде  қолданады.  Паремия  грек  тілінде  « paroimia »  мақал - мәтел  деген  мағынаны  білдіреді.

   Мақал-мәтелдер  -  халық  тарихы,  оның   әлеуметтiк  тiршiлiгi,  ақыл-өнегесi, даналығы мол көрiнiс тапқан, ой дәлдiгiмен, ықшамдылығымен ерекшеленетiн тiлдiк бiрлiктер  болып  табылады.

   Параллелизм  құбылысының  орын  алуына байланысты мақалдардың денi егiз жолды, қос тармақты болып келедi, сондай-ақ үш тармақты, төрт тармақтылары да кездеседi. Мақалда  айтылатын  ой не тура, не астарлы түрде  берiледi  және  көп  жағдайда үлгi, өнеге, өсиет айтуға құрылады. Ал мәтел, сөз тiркесi, қалыптасқан  нақышты орамды сөйлемше түрiнде келiп, көңiлдегi  ойды  емеурiн   арқылы   жеткiзедi   және  нақты  тұжырым,  қорытынды  пiкiр  жасалмайды.

     Ағылшын   тiл  бiлiмiнде  мақал  мен  мәтелдiң  ара  жiгi  нақты  ажыратылмай, бiртұтас  тұрақты тiркес ретiнде қарастырылады.

   Мақал-мәтелдер   өзге  тұрақты  сөз орамдарына (қанатты сөз, нақыл сөз т.б.) қарағанда, тұлға жағынан ықшам, мазмұны жағынан тұтас, әмбебап болады.

   Мақал-мәтелдердiң  тұлғасының тұрақтылығы мен тiлде  бұрыннан "дайын" материал ретiнде қолданылатын сипаттары оларды   фразеологизмдер қатарына қосып, осы салада зерттеуге толық мүмкiндiк бередi.

   Этнолингвистика  мен  лингвомәдениеттанудың  жалпы  тiл бiлiмiнде нақты сала  болып  қалыптасқан тұсында  мақал-мәтелдердiң  тiлдiк сипатын сараптап қана қою жеткiлiксiз, олардың ұлттық ерекшелiктерiн, этнолингвистикалық  сипатын ашу — бүгiнri  тандағы  өзектi  мәселелердiң  бiрi.

   Мақалдар  тiлдеri  қолданысы  мен  мағынасы  жағынан екi топқа бөлiнедi: тура  мағынада  және  ауыспалы  мағынада  қолданылатын  тұрақты  тiркестер.

   Бiрқатар қазақ және ағылшын мақал-мәтелдерiнiң құрамы мен құрылымы  және мағынасы тұрғысынан өзара сәйкестiктерi байқалды, абсолюттi  эквивалент, яғни теңбе-тең балама түрлерi де кездеседi.

   Ағылшын мақалдары көбiне бiр сөйлемнен  ғана құралса, қазақ мақалдарының  басым  көпшiлiгi  екi, не  бiрнеше  тармақты  болып  келедi. Қазақ  мақал-мәтелдерiндегі  айтылар  ойдың  басқа  бiр  жағдай, не құбылыспен   салыстырыла   жеткiзiлуiн  тiлдiк  ерекшелiктер  санатына жатқызуға  болады.

   Қазақ  мақалдарының белгiлi бiр ұйқасы дыбыс  үндестiгi, тұлға сәйкестiгi және мағына  үйлесiмдiлiгi  тәрiздi  шарттарға  негiзделiп құрылуы  қазақ  халқының  ертеден  шешендiк   өнерге,  ақындыққа  ерекше  көңiл  бөлуiмен  байланысты.

     Қазақ  мақал-мәтелдерiнiң  түпдерегi қазақ қоғамында қалыптасқан билер институтымен, яғни Майқы, Төле, Әйтеке есiмдерiмен, Абай, Ыбырай, Жамбыл т.б. шығармаларындағы мазмұнды сөз үлгiлерiмен, қоғам қайраткерлерiнiң қанатты сөздерiмен, жұмбақтар және дiни мазмұндағы шығармалармен, тығыз байланысты.

   Ағылшын    мақал-мәтелдерiнiң    ауқымды  тобы   қасиеттi  кiтап   Iнжiлден, В. Шекспир сынды   ағылшын  классикалық   әдебиетiнiң   ұлы тұлғаларының шығармаларынан, халықтық аңыз әңгiмелерден бастау алады. Сондай-ақ, испан, француз тәрiздi өзге мәдени қоғамдастықтардан ауысқан мақал-мәтелдер де паремиологиялық қордың толығуына септiгiн тигiзген.

   Қазақ және ағылшын паремиологизмдерiнiң қайнар көзiне байланысты негiзгi айырма мынада: қазақ  мақал-мәтелдерiнiң басым көпшiлiгi ауызша сөз үлгiлерi негiзiнде қалыптасқан, ағылшын мақал-мәтелдерiнiң көлемдi бөлiгi қасиеттi кiтаптан тараған үлағатты сөздер болып табылады, ауызша таралған   мақал-мәтелдер жетекшi орында емес. Сондай-ақ, Шекспир сынды классиктердiң қаламынан туындаған бейнелi тiлдiк бiрлiктер ерекше орын алады.

   Ағылшын тiлiндегi мақал-мәтелдердiң құрамында елдi-мекендердiң, атаулары мен кiсi есiмдерi жиi кездеседi.

   Туыс емес тiлдердегi бiрқатар мақал-мәтелдердiң өзара мағыналас болып келу қазақ  және ағылшын халықтарының өмiр тәжiрибесiнiң, көзi жетiп, көкейiне түйген ой-тұжырымдарының ұқсастығымен, астастығымен байланысты.

      Тiл-тiлдегi   мақал-мәтелдер   әрбiр халықтың тұрмыс-тiршiлiгi, дүниетанымы мен әдет-ғұрпы, салт-дәстүрi жөнiнде ақпарат көзi, яғни дүниненiң тiлдiк бейнесi болып табылады.

   Әртектес  тiлдердiң мақал-мәтелдерiн салғастырмалы  түрде зерттеу жұмыстары жалпы тiл бiлiмiн теориялық тұрғыдан соны тұжырымдармен толықтыра түседi және кейбiр практикалық мәселелердiң шешiмiн табуына септiгiн тигiзедi.

     Қай  елдiң мақал-мәтелдерiн алмасақ та, барлығының ең басты ерекшелiгi – тәрбиелiк  маңыздылығы.  Ағылшын  және  қазақ  тіліндегі  мақал-мәтелдердi үйрету негiзiнде бiз балаларды тек ағылшын және қазақ  халқының  көп  ғасырлық  өмiрлiк  тәжiрибесiмен,  әлеуметтiк, этикалық және эстетикалық көзқарастары мен дүниетанымымен таныстырып қана қоймай, ең  бастысы сол нақыл сөздер мен мақал-мәтелдердiң тәрбиелiк мәнiн  түсiндiрiп, сөздiк  қорын  байытамыз.

     Мақалдар  объективтік  дүниені  көркемдік  тұрғыдан  жалпылай  қорытады.

    Мақалдардың негізгі атқаратын қызметі сөйлеу  практикасында қолдану ерекшелігі арқылы ашылып отырады.

    Мақалдардың   тура  және  ауыспалы, бейнелі мағыналарының қатынасын қатаң еске алып, олардың біріншісінен екіншісіне ауысу процесін белгілі мәселеге халықтың көзқарастық өзгеру құбылысымен байланысты қарау керек.

     Мақалдар  дүниені көркемдік тұрғыдан бейнелегенде өзіне тән логикалық  заңдылықтары  арқылы  бейнелейді.

     Мақалдар    мен   мәтелдер     ұрпақтар   ойының   шежіресі мен халықтың рухани өмірінің практикалық энциклопедиясы. Мақалдар мен мәтелдер  ұрпақтар  ойының  қиыннан  қиыстырылған  жүйесі мен қоғамдық – тарихи  тәжірибеде  қорытылған  жиынтығы, даналық  ойдың  шежіресі  мен халықтың рухани өмірінің  практикалық энциклопедиясы. Олар - әлеумет өмірінің алуан саласы көркем образ түрінде бейнелеп,  адамның сонау  сәбилік  дәуірінен  сыр  тартып,  ұрпақтар  үнінің   жаңғырығынан  елес беретін  елгезек  жанр. Осындай  қасиеттерінің  арқасында ұрпақтан – ұрпаққа таралып, еңбекші бұқараның құдіретті еңбек ұраны мен ежелгі ережесіне  айналған  келісті  көркем сөз кестесін  халыққа әрқашанда қасиетті  мұра  ретінде  қастерлеп  отырған. Мысалы: «Келген дәулет – кеткен бейнет», «Ер тынысы –еңбек, ез тынысы –ермек» сияқты еңбектің неше  алуан  қасиетін   өмір  шындығынан  алып  түйіндеген тамаша мақалдар тудырған.

     Сиқырлы  сөз  құдіретті, табиғатын терең меңгерген поэтикалық дарынды дала данышпандарының шығармашылық фантазиясынан туындаған бұл шығармалар – еңбекші халық болмысының аса бір биік шыңы.

     Түптеп келгенде, мақалдар мен философиялық ойлау әдістерінің арасында тарихи туыстық бар. Оны мынандай ортақ белгілерден көреміз: біріншіден, мақалдар объективті өмір құбылыстарын қоғамдық – тарихи тәжірибе негізінде жалпылай қорыту арқылы бейнелейді. Осы тұрғыдан келгенде, мақалдар – жалпылай  қорыту сияқты ойлау әдісінің тұңғыш пішіні. Мақалдар  жалпылауыштық қасиеті тікелей емес, ауыспалы, астарлы   мағыналарда  көрінеді.  Өйткені  белгілі  бір мақалға арқау болатын өмір шындығы типтендіріліп алынатындықтан, ол шындық екінші бір жағдайларда ғана қолданылады.

     Мақалдардың негізгі ерекшеліктерінің  бірі сол, олардың қолдану орындары  мен ауыспалы мағыналары әр  түрлі ұрпақтар мен дәуірлердің  қөзқарастарына, тәжірибесіне сәйкес  өзгеріп отырады.

     Бұл  жағдайда  көптеген  мақалдар  өздерінің тура мағынасынан алшақтап, тек ауыспалы мағыналарда ғана қолданылатын болып, жалпылай қорытушылық ерекшелігін күшейте түседі. Мәселен, қазақтардың қалмақтармен  жауапкершілігі  кезінде туған «Жыға жығылмай ту жығылмас» мақалын алайық. Ол  тура  мағынасында   бізге тек тарихи құжат   қана  болып  табылады. «Жыға» деп соғыс кезінде қолбасылар киетін  сәнді, дәрежелі  бас киімді айтқан. Қай соғыста болмасын жауды жеңу  үшін  қолбасын  жығу  керек, сонда ту да жығылады, яғни жау жеңіледі. Сөйтіп, мақал өзінің алғашқы туу кезінде жауды жеңу үшін  әуелі оның қолбасын  жығу  керек деген жаугершілік практикасынан қорытылған  әскер бастығының   өсиеті  сияқты  мағынада  қолданылған.

      Ал  қазіргі   көне көз қариялардың сөз сараптау  практикасында бұл мақал  белгілі  бір  әрекетте негізгі, басты қиыншылықты жеңсең ғана табысқа жетесің деген ауыспалы мағынада қолданылады. Демек, бұдан мақалдың  тура  мағынасынан  гөрі  ауыспалы мағынасының жалпылауыштық  қасиетінің  күшті  екенін  көреміз. Көптеген  мақалдар өзін тудырған  тарихи  өткінші  оқиғалар мен жоғалып отырса, ал жүйесі  жағынан  мығым  жасалған  кейбір  мақалдар  тек  өзінің  тууына себеп болған тарихи жағдайға байланысты тура мағынасын ғана жоғалтып, алдыңғы ұрпақтардың дүниетанымына сай, алуан түрлі ауыспалы мағыналарға  ие  болу арқылы мазмұны жағынан жаңғырып отырады. Мұндай   мазмұндас   мақалдарға  дүниетанымдық  тұрғыдан  ғылыми  талдау жасағанда  мүмкіндігінше барлық қырынан  тексеріп,  барынша байыпты  қараған  жөн.

      Өмір  құбылыстарын  жалпылай  қорытатын  мақалдардың  жалпылауыш және типтік қасиеттері ауыспалы мағынасында арта түседі дегенде мақал жанрының тура мағынасының маңызы жоқ деген  ұғым тумайды. Қайта  оның   ауыспалы  мағыналарында  қолдану  аясының   кеңдігі оның  тура  мағынасымен тығыз байланысты. Олай  болса, мақал  жанрындағы тура және ауыспалы  мағыналар өзара диалектикалық байланыста болады. Оның басты ерекшелігін ашу – осы байланысты көрсетуде.

       «Сөздің көркі – мақал»  дегендей  мақалдың  көмегімен  айтайын   деген ойыңды ұнамды да, ұтымды  жеткізуге болады. Сондықтан да  мақал-мәтелдердің  өн  бойынан   поэзияға  тән жинақылық, үнділік,  саздылық, ұйқас  ырғақты кездестіреміз.  Сөздер көркем ұйқаса, сөйлемдері  ықшам, басы артық сөз болмайды. Мақал-мәтел – сөз мәйегі, асыл  саф алтыны. Мақал – сөз атасы.  Олардың  қайсысынан   болсын  проза, поэзияға тән ырғақ,  үйлесім, сөз, интонация – барлығы  бар. Негізінен мақал – мәтелдер  дыбыс үндестігіне негізделіп  жазылған.  Мақал-мәтелдер ойды  кейіптеу, теңеу арқылы жақсы беріледі. Оларда көп қолданылатын көркем өрнек – синтаксистік  параллелизм.  Мақал - мәтелдердің  өзара  айырмашылығы  бар. Бұл  айырмашылық  түйіндеу, құрылысы  жағынан  байқалады. Мақалда бір-бірімен   қарама-қарсы   ұғымдар  мен нәрселерді  салыстыру   арқылы  ой - пікірді айқындай түсу басым келеді. Мақал шендестіруге құралады, дәлелдеу  мен  қорытынды  пікір  бірдей  жүріп отырады. Ал мәтелде ғана бар  мағына  ашық  емес, қорытынды  пікір, дәлелдеу жоқ болады. 

2.3 Адамдық, махаббат және достық мәселесіне  байланысты  қазақ  және ағылшын мақал-мәтелдері 

      Мақалдар  тіпті жазу пайда болмаған кездің өзінде пайда болды. Олардың пайда болуының себептері алуан түрлі. Ешкім де   «көрінбейді» дей алмас. Өйткені мақал –тұрмыс айнасы. Ел ішіндегі мақалдар түгел жиналса, бір мың ғана емес, әлденеше  мыңға кетер.  Бірақ ол мақалдар бұл күнге шейін жиналып, басылып шыққан жоқ. Әркімнің өзінде, әр кітапта бытырап жүр. Біздің  алға  қойған  мақсатымыз, осындай түрлі тақырыптағы қазақша, ағылшынша мақал-мәтелдерді  жүйелеп, үндестігі, ұқсастығы мен айырмашылығына сай  белгілі бір топтарға топтап, реттеп алу.

       Қазақ мақал-мәтелдері мен ағылшын мақал-мәтелдерін салыстырғанда жасалу  тәсілдері бір-бірімен ұқсамаса да, мазмұндарында жақындық жақтары күшті сезіледі. Олардың көпшілігі: адамдық, адалдық, батырлық, білім, ақыл-ой, парасат сияқты жағымды, оң қасиеттерге жетелеу.

Ағылшын және қазақ мақал мәтелдері (табиғат құбылыстары компоненттері бойынша). 2