Қазақ мәдениетінің би өнеріне ықпалы
КІРІСПЕ
Тақырып өзектілігі. Қазақстан тәуелсіздік алған жиырма жыл ішінде талай-талай белестерді бағындырды. Ол халықаралық қатынастан бастап, елдің әлеуметтік, экономикалық, саяси және мәдени салаларының барынша қарқынмен дамуы арқылы көзге түседі. Бұл еліміздің рухани бай болуының, білімділігінің, байсалдылығы мен сабырлығының арқасында келіп жатқан үлкен жетістік. Қазақ халқы тарихтың талай соқпақтарынан өтсе де, небір қилы заманды басынан кешсе де ұлттық құндылығын бағалаған халық. Оның айғағы тіліміздің, дініміз бен діліміздің, ұлттық құндылықтарымыз бен өнеріміздің өлмей, атадан балаға мұра болып, қазіргі өркениетті күнге жетуі десек артық айтқандық емес. Соның ішінде ұлттық өнердің ажырамас бөлігіне айналған қазақ биінің орны ерекше.
Би -- көркем образдар жүйесі арқылы адамның дүниетанымын, ішкі сезімін, жан дүниесіндегі құбылыстарды бейнелейтін қоғамдық сана мен адам танымының формасы. Өнер өмірде болған оқиғаларды қаз-қалпында алмай, өзгертіп, түрлендіріп, көркем образдарды типтендіру арқылы сомдайтын эстетикалық құбылыс. Оны қоғамдық сананың өзге формаларынан даралайтын белгісі де адамның шындыққа деген эстетикалық қатынасы болып табылады. Өнердің мақсаты - дүниені, адам өмірін, қоршаған ортаны көркемдік-эстетикалық тұрғыдан игеру. Көркем шығарманың бел ортасында нақты бір тарихи жағдайда алынған жеке адам тағдыры, адамдардың қоғамдық қатынастары мен қызметтері тұрады. Олар суреткер қиялы арқылы өңделіп, көркем образдар түрінде беріледі. Шығарманың суреттеу тәсілі, құрылымдық келбеті, көркем бейне жасаудың материялдық арқауы өнер түрлерінің ерекшеліктерін айқындайды. Қазақ биі - ғасырлардан ғасырларға, ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан рухани азығымыз, мол мұрамыз екені белгілі. Ол халықтың тыныс тіршілігін, тұрмысы мен жағдайын, кәсібі мен нәсібін бейнелеп, заман өзгерген сайын құбылып, бірақ мән мағынасын жоғалтпай келеді.
Қазақ ССР-інің халық әртісі, Қазақ ССР мемлекеттік сыйлығының иегері Шара Жиенқұлова: «…Балғын санамда еміс-еміс жаратыла бастаған творчествомның бастау көзі не еді?..» дей келе: «Домбыра тарт десе, бәлсініп отырып алатын немесе жұрт арқасы қыза бастаса, қас қылғандай жоқ боп кететін Жұмабай да табылды. «Қаражорға», «Келіншек», «Айжан қыздарды» дөңгелеткенде өзіңнің де қалай дөңгеленіп кеткеніңді білмейсің. Күй ырғағына қарай ат болып шабам, ұршық иірем, киіз басам, күбі пісем - не керек, көрген-білгенімнің бәрін жұрттың көз алдына келтірем», - дейді ол ғұмырнамасының белгілі беттерінде. Расында да, өнер иелері арқалаған осы аманат, осы парыз бүгінде толық өтелді деп біз айта алмаймыз. Халық өнері, әсіресе, қазақтың ұлттық өнерін қай бағыты бойынша алсақ та, әлі де тынымсыз ізденісті, күрделі еңбекті, жүйелі ғылыми пайымдауды қажет етеді. «Қамажайды» білмейтін қазақ жоқ. Қазақ биі дегеніміз - Ш.Жиенқұлованың «Былқылдағы», Г.Талпақованың «Ерке баласы», Т.Ізімнің «Жезтырнағы», А.Татиева мен Г.Пішенбаеваның билері, Д.Әбіров, З.Райбаев сияқты ағаларымыз қалдырған «Қаражорға», «Келіншек», «Ұтыс биі», «Қоян-Бүркіт», «Асау ат», «Алтынай», «Аса таяқ», «Дауылпаз», «Айжан қыз», «Аққу», «Домбыра». Бұлар - тарихы тереңде жатқан қазақ биі туындыларының маржандары. Қазақ биінің классикасы, фольклоры, этнографиясы әлі де сол қалпынша орындалуда.
Қазақстан хореография өнерін, соның ішінде қазақ биінің тарихи негізін, қалыптасуын, сахнаға шығуын зерттеп-зерделеген еңбектер бар. Ал Мемлекеттік «Салтанат», «Алтынай» би ансамбльдерінің де шығармашылық жолдары Т.Ізімнің ізденістерінің арқасында ғылыми тұрғыдан қарастырылып, көпшілікке ұсынылды. «Наз» мемлекеттік би театры сияқты жас театрлардың репертуарындағы қазақтың ұлттық билері жалпы театрдың өсіп-өркендеуіне, оның шығармашылық жетістіктерге жетуіне зор ықпал тигізетінін зерттеу барысында көрдік. «Ұлттық салт-дәстүрдің «Наз» мемлекеттік би театр шығармашылығына ықпалы» атты диссертацияның мақсаты: тағы да бір би ұжымының шығармашылығын зерттеу болып табылады. Әрі бұл тың тақырып. Осы ұжымның шығармашылығы арқылы салт-дәстүрдің би өнеріне ықпалы қарастырылды. Міне, «Наз» Мемлекеттік би тетарының шығармашылығын зерттеу, театрдың Астана қаласының рухани даму жолдарына жасаған ықпалын зерделеу тақырыптың өзектілігін көрсетеді.
Тақырыптың ғылыми зерттеу дәрежесі. Бүгінгі күнге дейін «Наз» театрының шығармасы ғылыми тұрғыдан қарастырылмаған. Әр басылым беттерінде берілген мақалалар деңгейінде ғана сараланған. Осыған байланысты диссертациялық жұмысты орындау барысында конференция материалдар жинақтары мен ғылыми журналдар беттерінде мақалалар жарияланды.
Зерттеу жұмысының мақсаттары. Атадан балаға, ұрпақтан ұрпаққа мирас болып келе жатқан қазақ халқының ұлттық құндылықтарын ұлықтау, салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын дәріптеу, соның ішінде дәстүрлі би өнерінің көсегесін көгерту, ұмыт бола бастаған би қимылдарын қайта жаңғырту арқылы жастарға эстетикалық тәрбие беру, болашақ ұрпаққа би өнерінің құдіретін таныта отырып, қазақ өнерінде айрықша із қалдыру болып табылады. Сондай-ақ, ұлттық билеріміз арқылы ұрпақты салауатты өмірге, жан мен тән сұлулығына, адамгершілікке, отансүйгіштік, ұлтшылдық сезімге баулу негізгі мақсаттардың бірі. Қазақстанға белгілі балетмейстерлер, дәстүрлі өнердің шын жанашыры болып жүрген ұлтжанды Ағымбаевтардың еңбектерін халық арасында насихаттау да осы ғылыми жұмыстың ажырамас бір бөлігі болмақ.
Қазіргі қазақ мәдениетінің би өнеріне ықпалын зертеп, зерделей отырып, ұлттық бидің мән-мағынасын ашу, композициялық қойылымдардағы қимыл әрекеттердің қолданысын талқылау. Сонымен қатар қазақ ұлттық биінің дамуына үлесін қосып келе жатқан жаңа шығармашылық ұжым «Наз» Мемлекеттік би театрының және осы таетрдың кірпішін қалаған, шығармашылық бағытын қалыптастырған Еркебұлан мен Қадиша Ағымбаевтардың өнердегі жаңалықтарын насихаттау. «Наз» Мемлекеттік би театрының шығармашылық жолы мен ерекшелігін ашу, театр репертуарындағы салт-дәстүр негізіндегі би қойылымдарының алатын орнын айқындау болып табылады.
Зерттеу жұмысының міндеттері. Осы зерттеу жұмысын жазу барысында тақырыпқа қатысты мұрағаттық ісқағаздық құжаттар, мерзімді басылым материалдары, замандастардың естеліктері, сонымен қатар көрнекті ғалымдардың монографиялары мен мақалалары, олардың ғылыми сарапшылары мен пікірлестерінің көзқарастары айқындалды және зерттеуге алынды.
Зерттеу жұмысының тәсілдемелік және теориялық негіздері. Зерттеудің әдістемесі қазақстандық қоғамның әлеуметтік, саяси, мәдени, идеялық-дүниетанымдық, рухани-ізгілік және бүтіндей қазақи өркениет әсерінен және өнердің өзге түрлерімен әртүрлі байланыста дамитын жүйе ретіндегі ұлттық би өнері дамуының қалыптасуы мен динамикасының ерекшеліктерінің қажеттілігі белгіленген кешенді, театрлық-өнертанушылық талдау қағидаларымен негізделінді.
Өнертанудың, теориялық мәдениеттанудың, эстетиканың қазіргі заманғы тұжырымдамалары зерттеудің әдістемелік базасы болып есептеледі.
Зерттеу жұмысының әдіснамалық негізі. Зерттеу жұмысының әдіснамасы (қолданылатын әдістер мен зерттеу формалары, ғылыми ұстанымдағы салыстырмалы талдау). Зерттеудің әдіснамалық негізі өнертану ретінде қазақ билерінің «Наз» мемлекеттік би театры шығармашылығына ықпалын зерттеудің жалпы ғылыми әдістерін құрайды. Бұл мәселені зерттеудің негізінде тарихи талдау (саралау) әдісі бар. Осыған орай этнограф-ғалым Ө.Жәнібековтың «Эхо»[1, 182 б.], «Уақыт керуені» [2, 57 б.], хореограф-балетмейстер О.В.Голушкевичтің «Пять казахских танцев», «Школа казахского танца» [3, 48 б.], «Бақсы ойыны» [4, 19 б.], Әль-Фарабидың «Трактаты о музыке и поэзии» [5, 302 б.], С.Күзенбаеваның «Воспеть прекрасное» [6, 35 б.], А.Сейдімбектің «Қазақтың күй өнері», Е.Ерзаковичтің «Советтік Қазақстанның музыка өнері» [7, 32 б.], Ш.Жиенқұлованың «Тайна танца», «Қазақ билері» еңбектерімен қатар Д.Әбіровтің, Т.Ізімнің тағы да басқа ғалымдардың еңбектері зерттеу жұмысының негізі болды. Тақырыпты кешенді түрде зерттеуде сонымен қатар проблемалы-хронологиялық, жүйелі-құрылымдық және тағы басқа әдіс, тәсілдер қолданылды.
Жұмыстың ғылыми жаңалығы. «Наз» мемлекеттік би театрының шығармашылығы мен даму жолы, оның репертуарының жетілуіне, қоғамда беделге ие болуына қазақ халқының ұлттық билерінің ықпалы алғаш рет арнайы ғылыми түрде қарастырылып отыр. Берілген тақырып бұған дейін жарық көрген емес. Зерттеудің ғылыми жаңалығын мынадан көруге болады:
- «Наз» мемлекеттік би театрының ұлттық биге көзқарастарын зерделеу мәселесінде кешенді түрде зерттеу жүргізілді;
- берілген жұмыста тұңғыш рет кешенді түрде «Наз» мемлекеттік би театрының ұлттық биді дамытуы мен оның ықпалы зерттеу нысанына алынды және олардың Қазақстанның мәдениеті мен өнер саласына тигізген үлесі айқындалды;
- қазақ халқының би өнеріне қатысты жазылған қазақстанның көрнекті ғалым-өнертанушыларының еңбектері жүйелі және кешенді түрде зерттеу нысанына алынды, олардың ерекшеліктері, заманмен байланысы анықталды, олардың Қазақстан тарихына қатысты көзқарастары мен тұжырымдары қазіргі көзқарастарымен салыстырмалы түрде саралана қарастырылуы ұсынылып отырған ғылыми жобаның зерттемелік дәрежесі зерттеу жұмысының жаңалығы болды. «Наз» мемлекеттік би театрының шығармашылық өмірі мен қызметі және болашаққа берер мұрасын зерттеуге арналған іргелі еңбек және театр шығармашылығының алғаш рет зерттеу нысанына айналғаны жұмыстың ғылыми жаңалығы.
Жұмыстың ғылыми практикалық мәні. Осы еңбектегі материалдарды қазақтың дәстүрлі би өнері бойынша дәріс бергенде жоғары оқу орындарында пайдалануға, сонымен қатар, ғылыми еңбектер жазғанда қолдануға болады. Диссертацияның материалдары өнердің, мәдениеттің, эстетика мен руханилықты қарастыратын оқулықтардың және оқу-әдістемелік құралдардың негізін құрауы мүмкін.
Зерттеудің сыннан өтуі. Диссертацияның мазмұны мен нәтижелері республикалық маңызы бар және жергілікті басылымдарда жарық көріп, ғылыми арнайы әдебиеттерде баяндалды. Екі мақала Білім және ғылым саласындағы бақылау Комитеті ұсынған арнайы басылымдарда жарияланды.
Қорғауға ұсынылатын қағидалар:
- Ұлттық салт-дәстүрлердің «Наз» бм театрының өсу жолына тигізетін әсері мен беретін мүмкіндіктері;
- ұлттық салт-дәстүрлердің жалпы би өнеріне ықпалы, нақты көрсеткіштері;
- салт-дәстүрдің ұлт өміріндегі маңыздылығы, оны би арқылы жеткізудің жолдары;
- ұлттық бидің театр шығармашылығына пайдасын зерттей отырып, оны түрлендірудің бағыттарын қарастыру, нәтижесін бақылау;
- қазақ халқының би өнеріндегі ұлттық салт-дәстүрге негізделген билерді насихаттау арқылы өсіп келе жатқан жас театр ұжымдарына үлгі бола отырып, олардың болашақта ұлттық биді дәріптейтін ұжым болуына жол ашылады.
Диссертация құрылымы. Зерттеу жұмысы кіріспеден, екі тараудан, қорытындыдан тұрады. Пайдаланылған әдебиеттер мен қосымшалар жұмыстың аяғында берілген.
1. Қазақ мәдениетінің би өнеріне ықпалы
- ХХ ғасырдағы қазақ би өнерінің өсіп өркендеуі
Қазақ биі - бишінің қозғалысы мен дене қимылы арқылы көркем образды бейнелейтін, ұлттық сахна өнері. Қазақтың халықтық би өнері ерте заманнан қалыптасқан, халқымыздың аса бай ауыз әдебиетімен, ән-күйлерімен, дәстүрлі тұрмыс салтымен біте қайнасып келе жатқан ел мұрасы болып табылады. Халықтың көркемдік ойының бір көрінісі ретіндегі би өнері өзінің эстетикалық болмысында қазақ жұртының жалпы дүниетанымына сай арман-мұраттарын бейнелейтін қимылдар жүйесін қалыптастырған. Қазақ халқы ежелгі би өнерінің дәстүрі мен өрнегін сақтап, өзінің рухани қазынасымен ұштастыра отырып, ғасырлар бойы дамытқан. Қазақ биі халықтың тіршілік-тынысын, адамның табиғатқа көзқарасын, дүниетанымын айшықтайтын өнер ретінде өркендеуде.
Қазақтың би өнері туралы ұлы жазушы Мұхтар Әуезов: «Біздің қазақ халқы дарынды, өнерпаз халық, ән, күй деген мұрамызда шек жоқ. Ал бұл қазақ халқында биден қалған мұра өте аз. Қазақ биінің шығу тарихын халықтың тұрмыс-тіршілігімен астастыра қарайтын болсақ, ол халықтың психологиялық ерекшеліктерін өз бойына сіңірген өнер саласының бірі. Ел арасында қарапайым түрде ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан би өнерінің жаңаша бағытта кәсіби дамып жетілуі ХХ ғасырдың басынан бастау алады» - деп көрсетті [8, 27 б.].
XX ғасырдың 30-жылдары қазақтың материалдық рухани мәдениетінің қарыштап дамуына байланысты Қазақстанның мәдени өмірінде ұлттық опера және балет, драма театрларын, хореография мектебін, концерттік ұжымдарды, симфониялық, ұлт аспаптар оркестрлерін кұруға мүмкіндік алды. Осындай кезеңде кәсіби деңгейі жоғары би ансамблін кұру алға қойған мақсаттардың бірі болып саналды. Осыған орай Қазақстан жерінде «Қазақ ССР-нің Мемлекеттік ән би ансамблі» құрылды және ол халықтық-сахналық би өнерінің дамуында үлкен рөл атқарды. Бұл ансамбль 1955 жылдың қыркүйек айында Украйн ССР-нің еңбек сіңірген артисі, режиссер-хореограф Л.Д. Чернышеваның басшылығымен өмірге келді.
Би өнерін зерттеуші ғалым-педагог Н.И.Эльяш: «Ансамбль - балет өнеріндегі жаңа жанр. Оны біздің заман тудырды. Халық би ансамблі ең демократияшыл өнер. Оның кейіпкерлері дүниежүзінің қарапайым халқына жақын», - деп ХХ ғасырдың 30-шы жылдары Кеңестер Одағы көлемінде құрыла бастаған би ансамбльдерінің шығармашылық ерекшелігін атап көрсетті [9, 47 б.].
«Қазақ ССР-нің Мемлекеттік ән би ансамблі» де қазақ халық билерімен бірге осы ансамбльдер үлгісін ұстана отырып, өз репертуарына әлем халықтарының билерін енгізді. Би өнеріне ән-күй және әсем қимыл қажет десек, бұл екеуі халқымызға тән зор қасиет. Ән-би ансамблі өзінің қалыптасу жолын жаңа, тың ізденістермен бастады.
Қазақ билерін сахналауда халықтың көркем шығармашылық өнері үлкен рөл атқарады. Мұрағат материалдары мен баспасөз мәліметтеріне сүйенсек ансамбль 1956 жылы көктемде тың жерлерді игеріп жатқан Қазақстанның солтүстік өңіріне алғашқы гастрольдік сапарға шыққан. Еңбек процесін бейнелейтін, колхозды ауыл мен селоның өмірін суреттейтін жаңа би ойындары жарыққа шықты. Бұрын біріңғай қыздар немесе жігіттер билейтін болса, енді жұптаса көпшілік болып билеу орын ала бастады.
Бағдарламасын сол кезде Кеңес Одағының жер-жерлерінде құрылған осындай ансамбльдер үлгісінде дамыта отырып, бағдарламаға вокалды-хореографиялық композициялар еңгізілді. Л.Д.Чернышеваның қазақ би өнеріне қосқан жаңалығының да осы болғанын би өнерін зерттеушілер айтып жүр. Бұрын тек жеке би ретінде биленіп жүрген билер жаңаша театрландырылған түр алды. Ансамбльдің репертуары өзіндік көркемдік сипат алып, вокалды-хореографиялық және драмалық өнердің синтездік түрде дамуын шығармашылық бағыты етіп ұстанды.
Ән-би ансамблі өзінің қалыптасу жолын жаңа, тың ізденістермен бастаған болатын. Бұл кезең қазақ елінің эстетикалық принциптерін қалыптастыру кезеңі болды. Жас ансамбль осы жұмысқа білек сыбана кіріскен бірден-бір шығармашылық ұжым ретінде таныла бастады. Қазақ билерін жасаудың негізі - халықтың көркем шығармашылық өнері екенін түсінген ансамбль басшыларының алдында үлкен міндеттер тұрды.
Жоғарыда айтылғандай, жаңа заман көркемөнері шығармашылығының жаңа ерекшелігі ретінде үлкен өнер ұжымы құрылды. Негізгі мақсат - өз еліміздің бет пердесіне айналған, өз өнерін паш ететін ұжымды қалыптастыру және халықтық-сахналық билерді көрермен қауымға етене жақындату болды. Сондықтан ән-би ансамблінің репертуарынан алуан халықтардың ән-билері орын алды. Л.Чернышева қазақ сахнасында өзіне дейін қойылған халық билерінің лексикасын байыта отырып, жаңа билер қоюмен қатар тың тақырыптарға да билер қойды. Дәлірек айтқанда Л.Чернышева ансамбльдің шығармалық мүмкіндігін толық пайдалана отырып, кең ауқымды үлкен-үлкен вокалды-хореографиялық композициялар қойды.
«Алатау баурайында», «Тыңдағы той» атты музыкалы-хореографиялық композицияларда ауыл және қырман тойының көркі суреттелген. Бұл композицияларға ансамбль мүшелері түгел қатысып, қыздардың әсем лирикалық, жігіттердің шапшаң да ширақ билерінен және жұптаса биленетін көпшілік биден құралған болса, «Саяхатта» композициясында тек қана жігіттер өнер көрсеткен. «Көкпар», «Қазақша күрес», «Жігіттер» биінен және халық әні «Ай қабақтан» түзілген бұл композиция шын мәнінде ансамбльдің шығармашылық шыңына айналды, сонымен қатар ансамбльдің репертуарында жоғарыда көрсетілген үлкен-үлкен вокалды-хореографиялық композициялармен қатар «Киіз басу», «Айжан қыз», «Шашу», «Ата толғауы», «Шолпы», «Қос алқа», «Сылқыма» қойылымдары өзіндік өрнектерімен ерекшеленген билер болды.
Ансамбль өзінің алдына қойған мақсатын орындауда жер шарының түкпір-түкпірінде гастрольдік сапарда болып, қазақ өнерімен дүниежүзі халықтарын таныстырды. Әр концерт қазақ ән-би өнерімен таныстыру деңгейінде ғана өткен жоқ. Онда қазақ халқын ұлт ретінде танытып, халықпен халықты жақындата түсті. Қазақ деген халықтың өнеріне бас идірді. Өзінің жарты ғасырдан артық шығармашылық жолы бар осы “Қазақ ССР-нің Мемлекеттік ән-би ансамблі” қазақ музыка мәдениетінің ірі өнер ошағы бола отырып, ұлттық хореография өнерінің талай майталман орындаушыларын тәрбиелегені белгілі. Қазақстан хореография өнерін соның ішінде ұлттық биді насихаттау ансамбль мақсаттарының негізі болды. Л.Д.Чернышеваның сіңірген еңбегі айрықша зор екенін қазақ биін зерттеуші ғалымдардың еңбектерінен көруге болады.
Л.Чернышеваның шығармашылық бағыт-бағдарын жалғастырып келе жатқан З.Райбаев, Е.Рахмадиевтың «Қызыл отау» атты музыкалық шығармасына «Қыз ұзату» хореографиялық композициясын қойды. Елімізге өз шығармашылық ерекшелігімен белгілі болған балетмейстер З.Райбаев осы ансамбльді 1971-1972, 1974-1978, 1984-1994 жылдар аралықтарында басқарған.
Еліміздің білімді де білгір режиссер-хореографы З.Райбаев ансамбльді жаңа шығармашылық белеске көтерді. Одақ көлемінде белгілі балетмейстерлер шақырылып жаңа билер қойыла бастады. З.Райбаев сол кезден бастап Қазақстанда жеке би ансамблін құрсам деген ойын министрлікке білдірді.
Бұл келелі ой тек 1989 жылы іске асты. Қазақ ССР Министрлер Кеңесінің 1989 жылдың 20-ақпандағы №70 қаулысымен ән-би ансамблі Мемлекеттік «Салтанат» би ансамблі болып қайта құрылды. Бұл уақытта Қазақстанда «Алтынай» би ансамблі табысты еңбек етіп жүрген болатын.
«Алтынай» ансамблі шығармашылығын ұлттық бидің кең қанат жаюына бағыттаған болса, «Салтанат» би ансамблінің шығармашылығы дүниежүзі халықтарының биін орындауға бағытталған. Ең бастысы ансамбльдің сол кездегі алдыңғы қатарлы ансамбльдердің деңгейінен кем түспейтін, жан-жақты дайындығы бар хореография өнерін шебер меңгерген ұжым болып қалыптасуы болды. З.Райбаевтың басқарған уақытында ансамбль өзінің кәсіби деңгейінің жоғары екендігін көрермен қауымға көрсете білді. Себебі әрбір биді қойғанда оның ұлттық-психологиялық ерекшеліктерін ескере отырып, бишілердің сахнадағы қозғалыстарының ұсақ-түйектеріне дейін зейін қою З. Райбаевтың кәсіби ерекшелігін көрсетеді. Соның дәлелі ретінде мыналарды айтуымызға болады: Халық қаһарманы композитор Н.Тілендиевтің «Ата толғауы» шығармасына балетмейстер З.Райбаев қойған қыздардың лирикалық биі Қазақстан және Одақ көлеміндегі барлық үлкен концерттерде биленетін. Аталмыш бидің болмысынан халықтың мінез-құлқын еркін аңғаруға болады. Мұндағы би қимылдары қазақ халқының дала төсінде еркін өскен халықтың табиғатпен үндесіп жатқан дархандығын көрсетеді. Ал, оның жаңаша замануи бағытта өңделіп сахнаға шығарылуы өз көрермендерін табуына көп септігін тигізді. Жалпы, қазақ би өнерін жаңа заман талаптарына лайықтап, сахналық көріністер жасауға З. Райбаевтың қосқан үлесі зор деп айтуымызға болады. Дарынды балетмейстердің қойған билеріндегі негізгі көрініс қазақ халқының ұлттық болмысы мен мінез-құлқынан нақты мәліметтер беретіндігін де айта кетуге болады. Себебі, З. Райбаев өз еңбектерінде би өнерінің алға қойған жалпы мақсаты халықтық ерекшеліктерді кейінгі ұрпаққа жеткізу екендігін атап көрсетеді және де сол мақсатты өз жұмысында берік қағида ретінде ұстанады. Қойылатын бидің негізгі философиялық болмысын көрерменге дәлме дәл жеткізуде балетмейстрдің шеберлігі ерекше көрініс табады десек артық болмас.
Халық күйлерінің негізінде қойылған Қазақ ССР-нің еңбек сіңірген өнер қайраткері, балетмейстер Л.Смолянскийдің «Шопандар демалысы» биі де жігіттердің орындауындағы әзіл-қалжыңға негізделген би. Қолдарына таяқ ұстаған жігіттер шапшаң да екпінді қимылмен сахнада билей жөнеледі. Орындаушылардың бір-бірінің алдында өз ерекшеліктерін көрсетуде балетмейстер әр орындаушыға өз кейіпкерінің мінез-құлқын ашуда жігіттердің алуан түрлі қимылдарын қолдана отырып қол жеткізген. Олардың биінде күні бойғы ауыр еңбектен кейін бір жерге жиналып ойын-сауық құрған шопандар өмірінен елес береді.
Осындай ерекше қарқынмен дамып, халықтың асыл қазынасы болып саналатын би өнерін өз деңгейіне жеткізе орындаушы қатарын тағы бір би тобы толықтыра түсті. Ол 1955 жылы Л.Д. Чернышеваның басшылығымен өмірге келген ҚазССР-нің ән-би ансамблінің қайтадан мемлекеттік «Салтанат» би ансамблі болып құрылуы. Бұл ансамблдің тізгінін 1994 жылдан Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері Г.Орымбаева қолына алған болатын. Еліміздің экономикалық дағдарысты басынан кешкен сол кезеңдерде, өз бағыт-бағдарын ұстап қалған бірден бір шығармашылық ұжым осы «Салтанат» би ансамблі еді.
Бұл би ұжымының алғашқы шығармашылығы жөнінде Т.О. Ізім өзінің «Өркені өскен би өнері» деген еңбегінде «Ансамбльдің репертуары өзіндік көркемдік сипат алып, вокалды-хореграфиялық және драмалық өнердің синтездік түрде дамуын шығармашылық бағыты етіп ұстанды» деп нақты атап көрсетеді [10, 122 б.].
ХХ ғасырдың екінші жартысында қазақ би өнерінде айтарлықтар өзгерістер болғандығын жоғарыда атап көрсеттік. Ол өзгерістер кәсіби тұрғыдағы «Қазақ ССР-нің Мемлекеттік ән би ансамлінің» одан кейін мемлекеттік «Салтанат» би ансамбльдерінің құрылуы. Бұл өнер ұжымдары халықтың ұлттық биін негізге ала отырып, заманауи тұрғыдан вокалды-хореграфиялық және драмалық қалыпта дамытты. Әсіресе, бұл өзгерістерді мемлекеттік «Салтанат» би ансамблінің шығармашылық жұмыстарынан көруге болады.
Аталмыш өнер ұжымының табысты еңбектері жайлы профессор Т.О Ізім өз еңбегінде «Mіне, ансамбльдің біз саралаған жылдарында еңбек еткен өнерпаздардың барлығы да дерлік ұлттық өнеріміздің төрінде өзіндік орнын алған ірі шығармашылық ұжымдардың бірі болып танылуына ықпал жасады және соның жолында еңбек етті», - деп көрсетті [11, 57 б.]. Бүгінде іргесі бекіп, Қазақстанның кәсіби би өнерінің дамуына өз үлесін қосып келе жатқан «Салтанат» би ансамблінің бастауы болған, би өнерінің қара шаңырағына айналған «Мемлекеттік ән-би ансамблі» бүгінде тамырын терең жайып, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген ансамбліне айналды.
Көрермен қауымның жоғарғы эстетикалық талап-талғамынан шығып жүрген ансамбльдер өзінің көркемдік-идеялық мазмұнының байлығымен бірге сан жағынан да өсіп көбейіп келе жатқаны белгілі.
Мемлекеттік «Салтанат» би ансамблі қазақ би өнерінің кәсіби келбетінің қалыптасып, сахналық мәдениетінің өсуіне, елімізде би өнерінің шыңдала түсу кезеңіне мол үлес қосты.
50 жылдан астам шығармашылық жолы бар мемлекеттік «Салтанат» би ансамблі қазақ музыка мәдениетінің ірі ошағы бола отырып, ұлттық хореография өнерінің талай майталман орындаушыларын тәрбиелегеніне көз жеткіздік. Билерді сахналауда халық көркемөнерінің ықпалы ансамбльдің шығармашылық бағыт-бағдарын анықтайды. Қазақстан хореография өнерін соның ішінде ұлттық биді насихаттау ансамбль мақсаттарының негізі болды. «Салтанат» би ансамблінің шығарашылығы халық биінің дамуындағы кезеңдерінің біріне айналды.
Ал, 1969 жылы құрылған Мемлекеттік «Гүлдер» атты жастар эстрада ансамблі республикада би өнерінің дамуында жаңа леп әкелген ұжым болды. «Гүлдер» ансамблі туралы ғалым Т.О. Ізім «Өркені өскен би өнері» атты еңбегінде «...ансамбль қазақ эстрадасының негізін қалап, жол бастаушы өнер ұжымы болды. Ансамбль құрамына енген бишілер тобы жаңа би қойылымдарын жастық жалынды толық жігерлілікпен орындау арқылы көрерменін тәнті қылған бірден-бір өнер ұжымы»,-деп бағалайды [10, 123 б.].
Бишілерді басқарған Д.Б. Қиякованың осы орайда жаңа жол тауып, би өнеріне жаңа үрдіс енгізгенін бүгінде біреу білсе, біреу біле бермейді. Оның осы ансамбльге арнап қойған «Домбра», «Кесте» тағы басқа билері көрермендер көңілінің төрінен орын алған шығармалар. Жастығымен сахнаның көркіне айналған алғашқы орындаушылар өз шеберліктерімен таңдай қақтырған. Қазақ биінің эстрадалық үлгісін қалыптастырған Д.Б. Қияқова бидің рухани қажеттілігін дәлелдеген балетмейстрлердің бірі болды.
Ал, 1985 жылы Алматы облыстық филармониясы жанынан «Алтынай» фольклорлық би ансамблінің құрылуы осы кезеңнің бір жаңалығы болды. Ансамбль қазақтың ежелгі билерін қалпына келтіріп, сахналауды шығармашылық бағыты ретінде жұмыс жүргізген ұжым.
Би ансамблінің болмысы, оның шығармашылық жұмысы балетмейстер өнерінің деңгейіне тікелей байланысты екені белгілі. Осыны түсінген филармония басшылығы еліміздің белгілі өнер қайраткерлері Ш.Жиенқұлованы, Д.Әбіровті шақырып ел мұрасына айналған билерін ансамбль репертуарына енгізу арқылы жас өнер ұжымының сахналық шеберлігінің өсуіне ерекше ықпал етті. Бұл ансамбльдің үлкен өнер ұжымы санатына қосылуына аянбай еңбек еткен жанның бірі Мәскеу қаласындағы МХАТ-тың жанындағы К.С.Станиславский және В.И. Нимирович-Данченко атындағы театр училищесінің оқытушы-балетмейстері О.В Всеволодская-Голушкевич.
Ендеше бүгінде іргесі бекіп, Қазақстанның кәсіби би өнерінің дамуына өз үлесін қосып келе жатқан «Салтанат», «Алтынай», «Гүлдер» Мемлекеттік ансамбльдерінен осы өнердің ғажап үлгісін көріп, одан нәр алған би ұжымдары бүгінде тамырын терең жайып, көп салалы, кең өрісті өнер ошақтарына айналып отыр. Көрермен қауымның жоғарғы эстетикалық талап-талғамына жауап беретін ансамбльдер өзінің көркемдік-идеялық мазмұнының байлығы мен бірге сан жағынан да өсіп, көбейіп келе жатқаны белгілі.
«Фольклорлық және халықтық-сахналық билердің хореографиялық негізін әр халықтың ғасырлар бойы қалыптасқан би тілі құрайды. Хореографиялық өнердің әлемдік дамуының жоғарғы баспалдағы болып табылатын классикалық бидің өзі халықтың пластикалық би тілі негізінде туған, эстетикалық жағынан өңделген, мамандарды оқыту үшін жүйеге түсірілген билердің мазмұны мен бейнелерін ашып көрсету үшін балет өнері қайраткерлерінің шығармашылық қиялы мен қанықтырылып, техникалық жағынан байытылған.
Жалпыға белгілі осы шындықты ескере келе, бірінші қазақ сахналық билерінің қимылдарын байыту үшін, оларды ары қарай дамыту үшін, ұлттық ерекшеліктерін баса көрсету үшін халықтың хореография тарихынан қарапайым білімінің болуы, халық билерінің мазмұны мен аттарын және оларды орындаушылардың аты-жөнін білу жеткіліксіз болды. Дегенмен, бағалы этнографиялық сипаттамалар және ертеден келе жатқан қазақ халық билерін орындаушыларды көрген адамдардың әсерлі әңгімелері көркем ойға қозғау салып, қажетті хореографиялық құралдарды іздестіруде мол мәліметтер береді. Мұның өзі халықтық билердегі қимылдарды және оның орындалу сипатын оқып үйренуді қажет етті» - деген қазақ би өнерін зерттеуші Д.Әбіров «Қазақ би тарихы» атты еңбегінде [12,98 б.]. Яғни, ғалым өзі жасаған жұмыстарының нәтижесінде қазақ халық билерінің көптеген қимылдарын анықтаған. Олардың кейбір қимылдарына тоқтала кетсек:
Ырғақты қадам - иықты көтеру және түсіру, тізені шұғыл бүгу;
Тепең жорға - жорға аттың селкілдетпесіз жай жүрісі;
Шоқаң жорға - жорға аттың шоқырағы;
Шабыс - шабу;
Ытқыма - секіру (әр түрлі формада);
Айдаһарша иірілу - оралған жылан;
Тебінгі - атты тебіну;
Сүйіртпе - аяғын сүйрету.
Осы аталып отырған би элементтерінің барлығы да қазақ биінің өзгелерден айырмашылығы мен ерекшеліктерін айқындай түсетін элементтер екендігі даусыз. Оған дәлел ретінде мыналарды айтуымызға болады, Москвадағы Үлкен театрда өткен Бірінші бүкілодақтық халық билерінің фистивалінде «Насыбайшы» биін билеген қазақ халық бишілерінің бірі Ысқақ Быжыбаевтың шеберлігі жайында атақты балет тарихшысы, театртанушы Ю.Сломинский таңдана: «...мимикасы бай аса дарынды өз сезімін әзілмен суреттейтін керемет орындаушы. Міне, ол рахат сезімге ұйи отырып, насыбайдың бір шөкімін алып иіскейді, міне, ол түшкіргісі келеді: денесі ширатылып, көздері сығыраяды, бет-әлпеті тыжыраяды. Әйтеуір ол рахаттанған күйде түшкіреді, бір, екі үш рет - әр түшкіргенде секіріп және алға қарай ұшып түседі. Ешқандай натурализмсіз, бәрі көркем де нәзік, шеберлігіне таң қаласың»,-деп жазды [13, 68 б. ].

- Қазақ публицистикасының бастаулары
- Қазақстан 1960 ж. екінші жартысы мен 1980 жылдар – бірінші жартысы
- Қазақстан-2030
- Қазақстанда азаматтық қоғам мен құқықтық мемлекеттің қалыптасуы
- Қазақстанда аудиторлық қызметтің нормативтік-құқықтықтың реттеу- қағида негіздері
- Қазақстанда бағалы қағаздар нарығының қалыптасуы
- Қазақстанда бәсекеге қабілетті ауыл шаруашылығы мен азық-түлік өндірісін басқару мәселелері
- Қабылдау оптикалық модулінің қызыметті
- Қағазды ақшалай айналымның дамуы
- Қағазды ақшалай айналымның ерекшелігі және Қазақстанда оның дамуы
- Қазакстан Республикасының әлеуметтік экономикалық даму стратегиясындағы мемлекеттің рөлі
- Қазакстан Республикасының әлеуметтік экономикалық даму стратегиясындағы мемлекеттің рөлі
- «Қазақалтын»ТМК» АҚ туралы жалпы мағлұмат
- Қазақ және ағылшын тілдеріндегі қарсы мәндес Фразеологизмдер