Бастауыш сынып оқушыларының эстетикалық қабілетін дамытудың жолдары

Жоспар

 

 

Кіріспе..........................................................................................................................3

1 Бастауыш сынып оқушыларының эстетикалық тәрбиесінің теориялық негіздері................................................................................................................5

1.1 Педагогика ғылымында «Эстетикалық тәрбие» ұғымының анықталуы.....5

1.2 Бастауыш сынып оқушыларына берілетін эстетикалық тәрбиенің түрлері...9

2 Бастауыш сынып оқушыларының  эстетикалық тәрбиесін қалыптастырудың жолдары..............................................................................................................17

2.1 Бастауыш сынып оқушыларын көркем шығармалар арқылы эстетикалық сезімге тірбиелеу................................................................................................17

2.2 2-сыныпта ана тілі сабақтарында оқушылардың эстетикалық  тәрбиесін қалыптастыру тәжірибесі....................................................................................26

Қорытынды.................................................................................................................31Пайдаланылған әдебиеттер тізімі............................................................................33

Қосымша 1

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Кіріспе

 

 

Курстық жұмыстың көкейкестілігі. Қазақстан Республикасы бастауыш білімнің мемлекеттік стандартында бастауыш сатыдағы оқыту “оқушыда жалпы адамзаттық құндылықтар мен адамның айналадағы дүниемен жекебас-тұлғалық қатынасын (этикалық, эстетикалық, адамгершілік тұрғысынан) тәбиелеу” мақсатын көздейтіндігі айтылған. Халыққа білім берудің бүкіл жүйесін қайта құру жағдайында бұл мақсатты іске асыру үшін эстетикалық тәрбиесінің ең маңызды бағыттарының бірі – ана тілі пәні арқылы, яғни көркем шығармалар арқылы оқушының әсемдік сезімін қалыптастыруға басты көңіл бөлінуде [1].

Соған қарамастан бастауыш сынып оқушыларын эстетикалық тұрғыдан тәрбиелеуге  көркем шығармаларды пайдалану жөніндегі  теориялық жағынан негізделген  ғылыми-әдістемелік ұсыныстар мен  дидактикалық кешендердің жоқтығы  арасында қайшылық әлі де айқын көрінеді [2]. Бұл мәселе курстық жұмыстың көкейкестілігін көрсетеді.

Халқымыздың кемеңгер ойшылдары (Қорқыт ата, Әл-Фараби, Ахмет Иассауи, Ж.Баласағұни, т.б.), қазақ ағартушылары, қоғам қайраткерлері (М.Жұмабаев, М.Дулатов, Ы.Алтынсарин, А.Құнанбаев, т.б.), шетел психолог-педагогтары (Н.Крупская, А.Луначарский, П.Блонский, Д.Лихачев, С.Шацкий, Л.Выготский, С.Рубинштейн, А.Бакушинский, т.б.) еңбектерінде табиғат, қоршаған орта, өмірдегі және өнердегі сұлулықты түсініп, қабылдау болашақ ұрпақтың жан-жақты дамуының басты құралы екендігі қарастырылған. 
Бүгінгі таңда педагог ғалымдардың қазақ қолданбалы өнері және эстетикалық тәрбие теориясы мен тәжірибесінің зерттеліп отырған кезеңдегі жай-күйін, өзіне тән ерекшеліктері ғалымдар: А.Жүнісбаева, Ө.Қамақов, 
Б.Әлмұхамбетов, Ж.Балкенов, Е.Асылханов, Қ.Ералин, Қ.Ижанов, 
Ү.Ибрагимов, З.Ахметова, Қ.Болатбаев, С.Ұзақбаева еңбектерінде арнайы зерттелген. 
  Баланы жастайынан эстетикалық тәрбиелеуге Мағжан Жұмабаев ерекше назар аударды. Ол қазақ мектептерінің мұғалімдері үшін “Педагогика” оқу құралын жазды. Онда ғалым-педагог эстетикалық тәрбиені “сұлулық тәрбиесі” деп атап, тәрбиенің міндеті ”баланы дұрыс, пайдалы, жоғары нәрседен ләззат алуға, төмен, пайдасыз нәрседен жиренуге үйрету” екендігін ескертеді. М.Жұмабаев «Жаратылыстың Һәм өнердің сұлу заттары адам жанында сұлулық сезімдерін оятады». Үлбіреген гүл, сұлу ай, жұлдызды таң, міне осылар сықылды жаратылыстың сұлу заттары, көріністері адам жанына бір ләззат, бір сұлулық толқынын оятып туғызбай қоймайды.

Дәл осы ойды Ы.Алтынсариннің еңбектерінен байқауға болады. Ы.Алтынсарин эстетикалық  тәрбие проблемаларын қозғайтын  арнайы еңбектер жазып қалдырмаса да оның эстетикалық көзқарастарын  педагогикалық қызметінен көруге болады.

Орыс халқының педагогтары К.Д.Ушинский, В.А.Сухамлинский,  А.С.Макаренко  да эстетикалық тәрбие мәселелеріне ерекше көңіл бөлді. “Мәдени дағдыларды қалыптастыру” атты мақаласында  А.С.Макаренко бұл жөнінде “Жақсы айтылған ертегі - мәдени тәрбиенің  басы, егер әрбір отбасының кітап  сөресінде ертегілер жинағы тұрса, қандай жақсы болар еді”,-деген [3].

Қазіргі мектеп практикасын талдау да бастауыш сатыда көркем шығармалар арқылы оқушыларды эстетикалық тәрбиелеу  қажеттігін айғақтай түседі.

Курстық жұмыстың нысаны – бастауыш сынып оқушылары.

Курстық жұмыстың пәні – бастауыш сынып оқушыларының эстетикалық тәрбиесін қалыптастырудың мәні.

Курстық жұмыстың мақсаты: бастауыш сынып оқушыларының эстетикалық тәрбиесін қалыптастыру жолдарының педагогикалық және әдістемелік  жолдарын негіздеу.

Курстық жұмыстың міндеттері:

1. Ұлы адамдардың, ғалымдардың пікірлеріне  сүйене отырып, “Эстетикалық тәрбие” ұғымының мағынасын түсіндіру .

2. Бастауыш сынып оқушыларының өмірінде эстетикалық тәрбиенің алатын орнын насихаттау.

3. Бастауыш сынып оқушыларының эстетикалық тәрбиесін қалыптастырудың жолдарын ашып көрсету.

Зерттеу жұмысында қолданылған әдістер:

    1. пікірталас, әңгіме әдісі, түсіндіру, әңгімелесу, көрнекілік әдісі, әдебиеттер мен жұмыс, бақылау жүргізу, тест, анкета, талдау.
    2. Тақырыпқа бай педагогикалық, әдістемелік әдебиеттерді жинақтау, талдау.
    3. Озат мұғалімдер тәжірбиелерін жинақтау, қорыту.

Курстық жұмыстың құрылымы: кіріспеде жұмыстың мақсат – міндеттері анықталып, зерттеу объектісі, зерттеу пәні және әдістері таңдап алынды.

1 бөлімде ұлы адамдар мен педагогтардың пікіріне сүйене отырып эстетикалық тәрбиенің маңыздылығы дәлелденді. Бастауыш сынып оқушыларына арналған эстетикалық тәрбиенің түрлері анықталды.

2 бөлімде бастауыш сыныптарда оқушыларды эстетикалық тәрбиелеуде көркем шығармаларды пайдаланудың әдістемелік жолдары көрсетілген. Озат мұғалімдер және жеке рактикамның тәжірибесі негізінде дәлелденген.

Бастауыш сатыда оқушыларды эстетикалық  бағытта тәрбиелеудің маңыздылығы  жөнінде қортынды жасалды.

 

 

 

 

 

1 Бастауыш сынып оқушыларының эстетикалық тәрбиесінің теориялық негіздері

 

1.1 Педагогика ғылымында “эстетикалық тәрбие” ұғымының анықталуы

 

 

Философиялық тұрғыдан алып қарайтын болсақ “эстетика” деген сөздің өзіне былайша түсініктер берген. “Эстетика”- көркемдік таным теориясы, әсемдік туралы, көркем шығарманың жалпы заңдары туралы, адамның болмысқа эстетикалық қатынасы туралы ғылым, өнерге деген көзқарас, өнерді қабылдау, сезіну, түйсіну, түсіну.

Ал, ”эстетикалық” дегеніміз не, бұл сөз нені білдіреді? Бұл гректің сөзі, оның тікелей аудармасы “сезінушілік” (чувственное) дегенді білдіреді: Мұнда көру, есту, түйсіну, талғам арқылы – адамдардың сезінуі.

Эстетикалық тәрбие адамның рухани бейнесін қалыптастырудың соншама  ауқымды саласын қамтиды. Кейде  эстетикалық тәрбие деген ұғымды “көркемдікке тәрбиелеу” деген ұғыммен  қатар алады.

“Көркемдікке тәрбиелеу” дегеніміз - өнер құралдарымен тәрбиелеу деген  сөз. Ал эстетикалық тәрбие дегеніміз  – Ильишаның айтуы бойынша  өнердегі, табиғаттағы және бүкіл  қоршаған өмірдегі әсемдік құралдары  арқылы тәрбиелеу деген сөз. Сондықтан көркемдікке тәрбиелеу эстетикалық тәрбиемен пара пар емес оның өте маңызды, бірақ құрамдас бөлігі болып табылады [4].

Батыстың белгілі философы И.Кант (1724-1804) “Этикалық тәрбие адамның эстетикалық тыныс – тіршілігімен байланысты ” деген еді. Этика мен эстетика бір-бірінсіз өмір сүре алмайтыны шындық. Ал бұл екеуінен де жұрдай, не бұлары бір-бірімен қиыспайтын адам бұрын да болған, қазір де бар. Эстетикалық талғамды тәрбиелеу – адамның көңіл-күйіне, мінезіне қатысты мәселе. Айталық, көркем сөз бен картиналарды адам іштей бағалап, жан дүниесімен сезініп, терең ойға шомылып, ұнағанына қуанып, ұнамағанына реніш білдіріп отырады. Егер адам осындай көңіл күйіне түспесе, эстетикалық тәрбиеміздің пәрменсіз болатындығы түсінікті. Эстетикалық талғамнан эстетикалық ұғымды ажырата білу ләзім. Эстетикалық талғам – адамның түрлі өнер салаларынан алған түсініктерінің жиынтығы. Эстетикалық ұғым оның іргетасы, ол шәкірттердің жас өзгешеліктеріне байланысты өзгеріп отырады [5].

Эстетикалық (сұлулық) тәрбие беру балалардың өскен ортасына, жасына және ұлттық ерекшелігімен байланысып жатады. Мысалы, бізге төменгі сынып оқушыларының шығарма кейіпкерлерінің іс-әрекетіне таң-тамаша болып қайран қалатыны, олардың кейіпкерлерге баға беріп, өздеріне үлгі ететін кісінің жан-жүйесінің нәзік жақтарына көңіл қоя білмейтіні, шығарманың көркемдік мәнін түсіне бермейтіні, ал олар адамның сыртқы тұрпатына ғана көңіл аударып, бұлардың ішкі астарына зейін қоймайтындығы, шығармаларда құйқылжытып жылдам орындалатын әуездерді ұнататыны байқалса, жоғары сыныптардағы ересек шәкірттердің музыкалық шығармалардың орындалу шеберлігімен дауыс ырғақтары гармониясына көңіл бөле бастайтыны белгілі.

Дала ойшылдары жас өскіннің эстетикалық тәрбиесіне ерекше көңіл  бөлген, олардың жыр-толғауларынан  жақсы байқалады.

Аса мәнді эстетикалық түйіндерді кейіннен ұлы Абай мен Сұлтанмахмұт аз айтпаған. Олар әннің, жырдың көркемдігін  көкірегі ояу, жаны сезгіш, ойы қырағы адам шарықтаған шығармашылық қиялдың  негізінде ұғынады деп түсіндірген. Бұл жерде біз табиғатпен үнемі  етене араласып жүрген қазақ халқының ойлау және қиялдау жүйесінің  сыр-сипатын жақсы аңғарамыз. Ойшыл-ақын Сұлтанмахмұт Торайғыров: “Халықтың  әні кетсе, әдебиеті жесір қалады, сәні кетеді. Сәні кетсе, жаны кетеді”,- деп тегіннен-тегін айтпаған [6].

Осы ойды Абай қырық үшінші қара сөзінде  ары қарай толықтырады. ”Ол хабарлардың ұнамдысы – ұнамды қалыппен, ұнамсызы – ұнамсыз қалыппен, әркешік өз суретімен көңілге түседі… Жан қуатыменен адам хасия қылған өнерлері де күнде тексерсең күнде асады. Көп заманнан тексермесең, тауып алған өнеріңнің жоғалғандығын және өзіңнің ол мезгілдерден бір басқа адам боп кеткендігіңді білмей қаласың”- деп Абай мұнда адамның көркем шығармашылығының негізінде эстетикалық сезімді жатқызады. Абай өзінің шығармаларында эстетикалық түсініктерге, әсемдік, сұлулық, талғам және т.б. эстетикалық категорияларға арнайы талдау жасамағанымен оның өлеңдерінде осы түсініктерді қамтитын мазмұнда шумақтар аз емес.

Халықтың ауызекі шығармашылығын Абай өзінің педагогикалық идеяларын  таратуда, әсіресе, адамгершілік-эстетикалық  тәрбиесін жүзеге асыруда қажетті  құрал ретінде пайдаланады.

Мәселен, қарасөздерінде мақал-мәтелдерді талдау, ертегі, аңыз сюжеттерінде, салт-дәстүрлерге  тоқталу, адамдардың этикасын, мәдениеттілігін  сипаттау арқылы балалар мен жастарды адамгершілікке, әсемдікке баулып ақыл-кеңес  береді. “…Мақалдарды халықтың өмірімен, тарихымен тығыз байланыста алып қараған, оларды қоғамдық мәні тұрғысынан бағалап, өзінің қазақ тарихына, этикасына, дініне, дүниетанымына деген көзқарасына  сәйкес талдаған.

Егер топтап айтар болсақ, мақал  мен мәтелдерді талдау барысында  Абайдың көтерген мәселелері адамгершілік, ынтымақтастық, татулық, әділдік, еңбекшілдік, адалдық, талапкерлік, талаптанушылық, ел тарихы. Бұл мәселелерді жеке, жалаң түрде алмай, мақалдарды талдау барысында зұлымдық, сұрқиялық, екіжүзділік, барымташылық тәрізді мінез-құлықтарға қарсы қоя отырып қарастырды”.

Жастарға адам баласының сыртқы сұлулығы мен ішкі жан-дүниесінің үйлесімділікті болғаны дұрыс екенін ескерте  отырып, Абай өзінің “Он сегізінші  қара сөзінде” “адам баласына жыртықсыз, кірсіз, сыпайы киініп…таза кимек  дұрыс іс”, ал  “өз дәулетінен артық киінбегі, не киімі артық  болмаса да, көңіліне қуат тұтып, тым  айналдырмақ –кербездердің ісі” деп түсіндіреді. “Кербездің екі  түрлі қылығы болады: бірі бет-пішінін, сақал-мұртын, мүшесін, қас-қабағын  қолдан түзетіп, шынтағын көтеріп, қолын  тарақтап әуре болмақ. Біреуі атын, киімін “айран ішерім”, деп солардың арқасында сыпайы, жұғымды жігіт атанбаққа, өзінен кейінгілерге “әттең дүние-ай, осылардың атындай ат мініп, киіміндей киім кигеннің не арманы бар екен?” деген болмаққа ойланбақ. Мұның барлығы – масқаралық, ақымақтық. Мұны адам бір ойламасын, егер бір ойласа, қайта адам болмағы – қиын іс. Кербез дегенді осындай кер, кердең немеден безіңдер деген – сөзге ұқсатамын. Тегінде адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озады. Онан басқа нәрсемен оздым ғой демектің бәрі де – ақымақшылдық”- деп кісінің кісілігін киімінен емес, адамгершілігінен, білімі мен мәдениеттілігінен көрінетінін ұғындырады.

Сонымен қатар ол жоғары адамгершілік қасиеттердің мінез-құлық мәдениеттілігіне байланысты екенін ескеруді де ұмытпайды,”…ғылымды, ақылды сақтайтұғын мінез…бұзылмасын!…мінезде азғырылмайтын ақылды, арды сақтарлық  беріктігі, қайраты бар болсын! Бұл  беріктік бір ақыл, ар үшін болсын!”,- деп балалар мен жастардың  көрсеқызарлыққа, жеңілтектікке, біреудің орынсыз сөзіне ермеуге шақырады, адамды сұлу, көрікті көрсететін мінез  деген ұғымға жетелейді.

Балалар мен жастардың әсемдікке, сұлулыққа деген көзқарасын қалыптастыруда Абай өлеңдерінің рөлі ерекше. “Қуатты  ойдан бас құрып, еркеленіп шығар  сөз” деп ұлы ақынның өзі айтқанындай, оның өлеңдеріндегі туған жердің сұлу табиғаты, қазақ ауылының көріністері, адамдардың көңіл-күйі сан алуан  сезімдерімен ұласып музыка үніндей  естіледі.

Мұндай суреттемелер “Жаз”, ”Күз”, ”Жазғытұрым”, ”Желсіз түнде жарық  ай”, т.б. өлеңдерінде ереше әсерлі көрсетілген.

Өлеңдегі табиғаттың әсем көрінісі, күн шұғыласы, адамдардың, жан-жануарлардың іс-әрекеттері – бәрі де балалардың қиялына қанат бітіріп, күнделікті тыныс-тіршіліктегі көріністерге көңіл  тоқтатып, оны эстетикалық тұрғыда  қабылдай білуге үйретеді.

Абай қазақ қыздарының нәзік  жанын, ибалы қасиеттерін, мінез-құлқын, жүріс-тұрысын, сұлу мүсінін, адамгершілік, ар-ұждан тазалығын, бүкіл болмысын тамаша бір теңеулермен әсерлі жырлап, олардың мәртебесін көтеріп, жүрек  сезімін өлеңге қосты.

Мысалы:

Қақтаған ақ күмістей кең маңдайлы,

Аласы аз қара көзі нұр жайнайды.

Жіңішке қара қасы сызып қойған,

Бір жаңа ұқсатамын туған ойды.

Маңдайдан тура түскен қырлы мұрын,

Ақша жүз, ал-қызыл бет тіл  байлайды.

Нәзік бел тал шыбықтай бұрындайды.

Қалаң қара шашы бар жібек тамды,

Торғындай толқындырып көз таңдайды…

Осылайша әдемі кейіптеумен  бірге:

Бұлардың кейбірінің мінездері,

Ешнәрсе көрмегенсіп бұртақтаған.

Кейбірі жайдары, ашық боламын деп,

Орынсыз адамдармен жыртақтаған –  деп қыз-келіншектерге мұндай одағай мінездің әркімге ұнай бермейтінін  ескертуді әсте ұмытпайды.

Абай эстетикалық тәрбиенің  құрамы ретінде халық музыкасының  маңызына да тоқталады. Қазақтардың  жарық дүниеге келгеннен өмірінің соңына дейінгі әнге, өлеңге, музыкаға деген көзқарасын, солардың ықпалымен  қалыптасатын эстетикалық сезімін  “Біреудің кісісі өлсе, қаралы ол”, өлеңінде жан-жақты терең таныммен жүрекке жеткізеді.

Абай, әсіресе, халық арасынан шыққан әнші-күйшілердің, ақын-жыршылардың  өнеріне зор құрметпен қарап, жастарды оларды үлгі тұтуға бағыттап отырған [7].

Эстетикалық тәрбие туралы пікір айтқан адамдардың бірі – Шоқан Уалиханов.

“Ата көрген оқ жонар” дегендей, Шоқанның көркемдік танымының қалыптасуына әкесі Шыңғыстың ықпалы айрықша  болды. Шыңғыс қырғыз-қайсақтардың (қазақтардың  – Ұ.С.) салт-дәстүрін, тұрмыс-тіршілігін, мәдениетін, өнерін зерттеген орыс ғалымдарымен, жазушыларымен байланыста болды, оларға қажетті материалдар  жинауға көмектесті.    

Шоқанның халық шығармашылығына  деген сүйіспеншілігінің қалыптасуына, көркемдік талғамының жетілуіне, ой-өрісінің, рухани әлемінің кеңи түсуіне бірнеше  факторлар (шартты түрде) әсер етті (өскен  ортасы,табиғат, туыс-жолдас, өнер адамдары т.б. жанұясы, әке-шешесі, әжесі; орыс достары).

Бала жасынан әжесі Айғанымнан ертегі, аңыз-әңгімелерді, тарихи оқиғалар мен XVIII ғ. Жоңғар көтерілісіне қатысқан батырлар туралы естеліктерді естіп  өсуі Шоқанның туған жер, ел, Отан алдында  жауапкершілігіне арттыруды, халық  мұрасын бағалап, сүйе білуге үйретті. Оның ой-өрісінің кеңеюіне, көркемдік  талғамның жетілуіне орақ ауыз, от тілді ақын-жыршылар (Жұмағұл, Жанақ, Арыстанбай, Орынбай, Шөже, Нұрымбай), бал  таңдай әншілер, саусағынан өнер тамған күйшілерден естіген қазақ халқының тарихи шындығын бейнелейтін әндер  мен лирикалық әуендері, эпикалық жырлары мен толғаулары, тарихи күйлері әсер етті [8].

Эстетикалық тәрбие туралы құнды пікір  айтқан адам – Ыбырай Алтынсарин болды. Оның дүниетанымдық көзқарасының қалыптасуына, халқына халық мұрасына: ауызекі шығармашылыққа әдет-ғұрып, салт-дәстүрге деген сүйіспеншілігінің артуына, эстетикалық талғамы мен сезімінің дамуына өскен ортасы (табиғат, отбасы, туыс-достар, өнер адамдары т.б.) әсер етті. Әсіресе, қазақтың мәдениетін, өнерін терең білетін, ақыл-ойы жоғары, сөзге шешен, елге сыйлы атасы Балқожаның ықпалы ерекше болды.

Ыбырай осы бала жастан халықтық педагогикадан алған тәлім-тәрбиесін, үлгі-өнегесін, көңіліне түйгендерін  оқу-ағарту ісі арқылы қазақ балаларының  бойына сіңісті ете білді. Балаларды  ауызекі шығармашылығын қадірлеуге, ондағы халықтың басынан өткен қилы-қилы тарихи кезеңдерге әділ баға бере білуге үйретті, оны ерекше әсермен, жоғары эстетикалық сезіммен қабылдауға баулыды.

Ы.Алтынсариннің де эстетикалық  тәрбие проблемаларын қозғайтын  арнайы еңбектер жазып қалдырмағаны белгілі. Бірақ, Ы.Алтынсариннің эстетикалық  көзқарастары оның педагогикалық қызметінен көрініс тапты.

“Қазақ хрестоматиясына” енгізілген ауыз әдебиетінен жинаған материалдардың мазмұны тек қана танымдық, адамгершілік, өнегелік және ақылгөйлік сипатқа ғана емес, ол сондай-ақ жоғары эстетикалық  талғамның жан-жақты қалыптасып дамуына, әдемілікті түсіне білуге, нағыз  сұлулықты сыртқы жылтырақтардан ажырата  білуге тәрбиелейтін ықпалымен де құнды [9].

Белгілі педагог Мағжан Жұмабаев:

“Тәрбие төрт түрлі: дене тәрбиесі, ақыл тәрбиесі, сұлулық тәрбиесі һәм құлық  тәрбиесі. Егер адам баласына осы төрт тәрбие тегіс берілсе, оның тәрбиесі түгел болғаны”-дей келіп,”Жаратылыстың  һәм өнердің сұлулық заттары адамның сұлулық сезімдерін оятады. Үлбіреген гүл, күңіренген арман, сылдырлаған су, былдыраған бұлақ, шексіз-шетсіз қара көк теңіз, түрлі шөптермен толқынданған дала … міне, осы сықылды жаратылыстың сұлу заттары адам жанында бір ляззат, бір сұлулық толқынын оятып, туғызбай қоймайды”- деп атап көрсетеді.

Шетел ғалымы Г.Маркет: Эстетикалық  қызығу, эстетикалық қажеттілікке қарағанда  белгілі бір құнды нәрсені  меңгеру мақсатына бағытталған  ұмтылыс” дейді. Бұл жерде ол эстетикалық  қызығу үлкен бір мақсаттан туындаған  іс-әрекет пен саналылық, жеке адам мен эстетикалық объектісінің арасындағы тығыз байланыстық екенін айтады [10].

Зерттеуші Жолдасбеков С.А. өз еңбегінде:

“Эстетикалық қызығушылық деп  біз эстетикалық құндылығы бар  объектіге мақсатты танымдық қатынасты  түсінеміз. Эстетикалық қызығушылық  объекті мен субъектінің эмоциялық  әсер толқыны мен түсінігі арасында пайда болады”, дей келіп, “эстетикалық қызығуды өмірдегі, болмыстағы адамға қажетті эстетикалық құндылықтар  мен құбылыстарды танып білу мақсатымен өз қалауы бойынша нысаналы іс-әрекет екенін ескерсек, мұндай іс-әрекетті бастауыш класс оқушыларының бойында ерте қалыптастырып, эстетикалық қызығушылықты  жас кезден оятудың маңызы зор  екені күмән туғызбайды”- деп қорытынды жасайды. [11].

 

1.2 Бастауыш сынып оқушыларына берілетін эстетикалық тәрбиенің түрлері

 

 

Есімі соңғы кездері жұртшылыққа  мәлім бола бастаған Ө.Тілеуқабылұлы  “Шипагерлік баянда” жан сұлулығы мен тән сұлулығы жайлы біраз  пікірлер айтқан. Адамның жайдары  мінезі, сөйлеу шеберлігі, әдемі киінуі, денесін жинақы ұстауы оны көркемдікке баулитындығын айта келіп былай дейді: ”Әр пенденің тұлғалық бітімі бет әлпеті, өз түсі, ылпалық киім жарасымы: мінездемелік ұнасымды тақілеттер бір-бірімен айқындық парықталыс белгілеп танымал кісілер көргеннен жазбай танитын бітіске ие болуы жарақтық".

Ғұлама адамның киген киімі  қонымды әрі жарасымды, таза болса, оның көңілін көтеріп, жанының жайдарлы болуына себеп болады дейді: ”Пенде көркі,- деп жазды ол,- ылпалық  жарастылық, яғни жапырақтық, жарасақтылық … “ дей келіп, ылпа әрі толық, әрі орамды, әрі жылы, жарасымды  әрлі болмағы мен сәнді болмағы  шарт…”.

Ортағасырлық шипагерлік бұл арадағы  негізгі түйіні – адам денесі таза, кірқожалақтан аулақ болса, одан түрлі жаралар аулақ жүреді. Сондықтан  да баланы жас кезінен тазалық  сақтау әдетіне дағдыландыру қажет.

Дене тік және сұңғақ болып қалыптасуы бала үшін ат үстінде мығым отыруы, жүріс-тұрысын үнемі бақылап отырғаны абзал.

Ғұлама дененің көркем болып  қалыптасуы үшін мынадай кеңес береді. Тамақты жемеу, өйткені ол дененің  терлеп, әрі жағымсыз иіс шығаруына  себепші болады. Адам көбінесе жеміс-жидектерді көбірек жеуді әдетке айналдыру  қажет. Дала ойшылы тамақты көп жеген  адам рабайсыз семіреді, сөйтіп тән  сымбаттылығынан айрылады дей келіп, “ішуі жаманның, тышуы жаман”, “Жөнсіз  ас кекіртеді, одан қалса семіртеді” дегендей тұжырымдар жасайды.

Орта ғасырлардағы келесі бір қазақ  ғұламасы шежіре-тарихшы Қадырғали  Жалаири, ұлың батыр болсын, ал қызың  көркем сұлу болсын дейді. Оның осы  түйіні Құран Кәрімдегі ер адамның  күші мен көркі, зеректігі мен  батырлығы үйлесіп жатуы тиіс дейтін қағидалармен үндеседі. Ал, қыз  баланың жайдарлы, сымбатты болуы  өмірдің сәні және ұрпақтың көркем болып жалғасуының негізі. Ғұламаның, - “Үйдегі нәрселер үй иесіне сай” деуінің өзінде де үлкен мән жатқан жоқ па? Мәселен, кейбір салдыр-салақ  тұратын отбасынабара қалсаң дүниелері  шашылып, шаң басып, бөлмесі қолаңсып жатады. Үй ішіндегілердің ұқыптылығы мен тазалығы жан мен тән сұлулығымен орайласып жататындығы белгілі [12].

“Адам эстетикасы” дегенде біз  нені түсінеміз?

Енді осыған тоқталайық:

1. Сыртқы келбет (түр-тұрпат). Сән.   

 Сыртқы келбет пен мінез-құлық  тығыз байланысты. Ол туралы: ”әлем-жәлем киім”, “тұрпайы, арсыз түр”, “жасанды күлкі”, т.б. тіркестер жоғарыдағы ойымызды дәлелдей түседі. Адамның сыртқы түрі, келбеті оның мінез-құлқына адам мәдениетінің бір бөлігі ретінде кіреді. Оның үстіне, көбінесе, адамның мінез-құлқы оның сыртқы түрінен, киім киісінен, жүріс-тұрысынан, т.б. көрініп отырады. Мысалы, адамның театрға джинсы шалбармен келуі – мәдениетсіздік және әдемілік емес.

Сыртқы түр деп нені айтамыз? Бұған кіретін құбылыстар: киім, фигура, келбет, бет-әлпетінің өзгерісі, дене құрылысы, бой, салмақ, мүсін (“Фигура” сөзі латын тілінен аударғанда “сыртқы  түр”, “бейне” дегенді білдіреді).

Мүсін – адам денесінің әдеттегі, үйреншікті қалпы. Шағын бойлы, сымбатты, мүсінді адам бойлырақ көрінеді. “Қайындай  сұлу, сымбатты”, “мүсінсіз ат сиыр сияқты”, т.б. тіркестер – бұған  дәлел. Мүсіннің дұрыс болмауы денсаулыққа  әсер етеді, тынысты тарылтады. Иықты  тіктеу, ішті тарту, басты жоғары ұстау, бұғақты шығармау, аяқты сүйретпеу, т.б. Міне, мұның бәрі – дұрыс мүсіннің элементтері. Мүсін жаттығулар, гимнастика арқылы қалыптасады. Шығыста көбінесе жүкті төбесіне қойып тасу қанқаның түзелуіне септігін тигізеді деп  саналады.

Мүсінді де, мүсінсіз де адамдар бар. Артық салмақ олардың көңіл-күйін  бұзады.

Мысалы, Америкада 42 жастағы Уолтер Хадсоннің салмағы 550 кг (мәліметтер 1988 жылы алынған). Көптеген артистер өздерінің  салмағының артып кетпеуін қадағалап  отырады. Олардың кейбіреулері қызық  нәтижелерге жеткен. Мысалы, 47 жастағы  Рэкел Уэлч 168 см боймен 50 кг-ға төмендесе, Жаклин Биссеннің бойы 170 см, салмағы 54 кг.

Артық толысудың себептері:

  1. Кең тараған себебі – тамақты көп ішіп, аз қимылдау. Қарапайым халық жалқау адамдар толық (семіз) болады деп санайды.
  2. Жасы ұлғаюы себепті зат алмасудың бұзылуына байланысты ауру.
  3. Баланы сәби шағында күшті тамақтандыру семіздікке алып келуі мүмкін. Балаларды шектен тыс тамақтандырмау керек.

         4. Тұқым қуалаушылық.

Адам өзінің пішінін қадағалауы қажет. Әйелдер кейде сәнді, әдемі  көйлектер тігеді, шаштаразға барады, беттерін әрлейді, ал пішіндері туралы “ұмытып кетеді”. Шын мәнінде  мүсінді, сымбатты болу - әдемі.

Бұл бастауыш сатыдан бастап, бала санасына құйыла беретін мәселе.

Сыртқы түр, киім, шаш, т.б. туралы сөз  еткенде жазушы А.П.Чеховтың “Адамда  бәрі де әдемі болуға тиіс: келбеті  де, киімі де, жаны да, тәні де” деген  сөзін еске алмауға болмайды.

Мінез-құлықтың мәдениеті тек өзінің келбетімен, түр-тұрпатыңмен ғана адамдарға  жағымды әсер қалдыра алуыңмен анықталады. Киім жақсы тігілген, үтіктелген, аяқ  киім тазартылған, шаш таза, көзқарас жылы, тілектес, бетті әрлеу мен  иіс-су шамасынша болуы керек. Кеште  сәнді киім, жұмыста спорттық киім болғаны дұрыс, керісінше емес. Мінез-құлық  үлгісін де байқау, сақтау қажет.

Мәселен, күлкі қарапайым болуы  тиіс. И.Мержаев жазғандай: ”Ауызды кең ашып күлуге болмайды. Сықылықтап күлу, басқа да айналадағы жұрттың мазасын алатын күлкілер сияқты орынсыз”[13] .

2. Этикет. Этикеттің негіздері.

“Этикет” сөзі француз тілінен  алынған, “мінез-құлықтың белгіленген, тұрақталған тәртібі”, “қоғамда қатынаса білудің түрлері” дегенді білдіреді.

Қоғамның дамуының басында ешқандай этикет болған емес. Ежелгі Римде император  Цезарьға “Цезарь” деп сөйлеген. Императорлық биліктің әрі қарайғы даму сатысында оған қаратып сөйлеудің ерекше ережелері жетіле бастады.

Тәрбие мен өзін-өзі тәрбиелеу  адамның темпераментін ескере отырып, оның мінез-құлқының жағымды жақтарын қалыптастыруға және адамның өзгелермен қарым-қатынас жасауы үшін кедергі  жасайтын қажетсіз қасиеттерін жете білуге келіп тіреледі. Мінездің кейбір сипаттарын қарастырайық.

Сыпайылық – бұл адамдарға деген  құрмет. Ізгі ниетті қарым-қатынас. Сыпайылыққа  – дөрекілік, дөкірлік, тұрпайылық, арсыздық қарама-қайшы. Қарым-қатынаста  сыпайы болғаны адамды айналадағы адамдар  жоғары бағалайды, ал мұндай қасиет сыпайы адамның өз басына жеңіл болады, себебі туысқандарға, достарға, таныстарға:”Рахмет! Қайырлы таң!” деп айту аса  қиын емес. Сол себепті де “Ештеңе  де сыпайылық секілді жоғары бағаланбайды және оңай берілмейді” деген сөз  бар.

Әдептілік, өнегелік – бұл өзіңізді басқа адамның орнына қоя білушілік.

Бұл – жеке және қызмет бабындағы  қатынастарда шама-шарықты білу сезімі. Өнегелі адам басқа адамдардың қасиеттерін  кемсітпейді, ал биязы, сыпайы адам өз қасиеттерін сыйлайды. Өз пікіріңді  біреуге күштеп танытуға, әбес сұрақтармен  адамның жеке өміріне араласуға, мазасын алуға болмайды. Басқа  адамның хаттарын оқу, сізді қанша  қызықтырып тұрса да, адамға тесіле қарау дұрыс емес.

Егер қонақ абайсызда ыдысты сындырып алса, оған ренжігеніңізді көрсетпегеніңіз  абзал. Әрине, қуанышты да, көрсетудің керегі жоқ. Кінәсін мойнына алып, өкініп, жазасын тартқаннан кейін  де адамға оның кінәсін айта беру - әдепсіздік. Жасаған қайырымдылығын, жақсылығының үшін үнемі алғыс айтқызуды талап  ету де - әдепсіздік. Өзіңіздің таныс  адамыңызды қолайсыз жағдайда көріп  қалсаңыз, оны байқамаған қалып танытыңыз  және оны есіңізге алмаңыз да.

Тілектестік, жақсылық тілеушілік басқаларға көмек беріп, олардың жайын түсініп, қайғысына ортақтасу, сол сияқты олардың табыстарына қуана білуден  көрінеді. Күншілдік, қызғаншақтық –  бұл басқаларға да табыс пен бақыт  тілемеу. Қызғаншақ адамның басқаны  күндеуден басқа қолынан ештеңе келмейді. Қызғаншақ адамдармен достаспауға, араласпауға тырысыңыз.

Ойын кезінде немесе сеанс үстінде  әңгімелеспейді және түсінік бермейді. Тек тыңдап, көру керек. Тіпті, егер бағдарлама қызық болмаған жағдайда сыпайылық үндемей отыруға міндеттейді.

з. Киім туралы.

Киімге қойылатын бірінші талап  – мұнтаздай тазалық. Киім, шаш, тырнақ, мойынның, т.б. қайсысы болса да бәрібір. Ұқыпсыздық, кір, таза еместігін сезіну, әр уақытта қолайсыздыққа туғызады және айналадағыларды сыйламаушылықты білдіреді [14].

Бастауыш сатыда эстетикаға эстетикалық  талғам қалыптастыратын жол-ол-көркем шығармалар.

Көркем шығармалар негізінде экологиялық, этикалық, эстетикалық мұраттарды оқушылардың  табиғатқа ізгілік қатынасын  қалыптастырумен тұтастықта қарастыру белгілі бір методологиялық жүйені талап етеді. Көркем шығарманы жалпы эстетикалық дүниетаным тұрғысынан қабылдау моделін жасау оның рухын тұтас қалпында оқушы бойына сіңіруге мүмкіндік береді.

Осы орайда зерттеу мәселесін жүзеге асыруда сабақта белгілі бір  ұстаным болуы қажет. Көрнекті ғалым  М.Н.Скаткиннің “Дидактиканың даму тарихы білімінің мазмұнында, сипатында, дүниетанымдық қызметінде, ойлау  ерекшеліктерінде де көрініс табады”,- деп айтқанындай сабақ үстіндегі  оқушылардың жеке ерекшеліктерін ескеру сияқты дүниетанымдық сипаттағы  оқыту принциптері сияқты оқушылардың  табиғатқа ізгілік қатынасын  қалыптастыра оқытуды арнайы принцип  ретінде тануды қажет етеді.

Бастауыш сынып оқушыларының эстетикалық қабілетін дамытудың жолдары