Д.А. Қонаев заманхаттарында Кеңестік Қазақстанның әлеуметтік - саяси жағдайдың көрініс табуы

 

 

Мазмұны

 

КІРІСПЕ

1. Д.А. ҚОНАЕВ ЖӘНЕ ЗАМАНХАТ МӘСЕЛЕСІНІҢ МӘН - МАЗМҰНЫ

1.1 Д.А. Қонаевтың қоғамдық - саяси қызметі…..………….………………….8-20

1.2 Д.А. Қонаев еңбектерінің тарихи дереккөздері ретіндегі маңызы.…......20-38

 

2. ҚОНАЕВ ЗАМАНХАТТАРЫ КЕҢЕСТІК ҚАЗАҚСТАН ТАРИХЫНЫҢ ДЕРЕКТЕРІ

2.1 Д.А. Қонаев заманхаттары республиканың экономикалық және мәдени дамуы жағдайының дереккөздері ретінде……………...…………………......39-48

2.2 Д.А. Қонаев заманхаттарында Кеңестік Қазақстанның әлеуметтік - саяси жағдайдың көрініс табуы……………………………………...………………..48-61

 

ҚОРЫТЫНДЫ

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ

ҚОСЫМШАЛАР

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

КІРІСПЕ

 

Жұмыстың жалпы  сипаттамасы:

Тақырыптың өзектілігі. Қазақстанның, тәуелсіз қазақ халқының өзінің төл тарихына деген қызығушылығының күннен күнге артып келе жатқан жағдайында, белгілі себептермен халыққа беймәлім болған әр түрлі тарихи деректердің жаппай жариялану жағдайында, сол тарихтың негізін құрайтын тарихи деректанудың маңызы ерекше арта түсуде. Өйткені, деректану - тарихи деректер туралы ғылым. Оның негізгі міндеті тарихи деректердің пайда болу заңдылықтарын және оларда тарихи процестердің (құбылыстардың) объективті бейнелеуін зерттеу. Қазақстан тарихының деректанулық негіздерін оқып үйрену, келешек кәсіби тарихшы мамандар даярлауда ерекше орын алады. Басқа да халықтар тарихы сияқты, қазақ халқының тарихы да өзінің тума төл деректерінің негізінде жазылады. Сондықтан ұлттық деректерімізді тани білу, еліміз тарихын оқып – үйренудің шешуші шарттарының бірі.

          Қазіргі таңда тарих ғылымының дамуы, тарихи зерттеулердің сапасы мен тиімділігінің артуы олардың дереккөздерімен, тарихнамалық зерттеулерімен анықталатындығы белгілі. Сондықтан да, тарих ғылымын зерттеуде белгілі бір деңгейде деректерді пайдалану міндетті болуға тиіс. Қазақ тарихында өз артына дерек қалдырған ғалымдар мен тұлғалар аз емес. Олар негізінен өз заманының көзі ашық азаматтары болды. Олар ертеден басталып, біздің заманға дейін жалғасын тауып келеді. Бұл қатарда біз Д.А. Қонаевты ерекше атап өте аламыз. Елде қырық жылдан астам билік еткен қайраткердің өз заманынан дерек қалдыруы заңдылық. Дінмұхамед Ахметұлының балалық шағы мен Мәскеуде оқыған студенттік сәттеріндегі өмірбаяндық деректерінен басқа бергі қоғам қайраткері дәрежесіне жеткен кезеңдерінен оқырмандарымыз Димекең өзінің естелік кітаптары мен қызметтес замандастарының, ізбасарларының жазған сан-алуан өмірбаяндық деректерінен жақсы таныс. Міне, қазақ халқынан шыққан ғасырларда ғана біртуар аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевты дүние жүзінің барша жұртшылығы жақсы таниды, құрмет тұтады, оның Қонаев деген фамилиясы әлемге әйгілі.

            Дінмұхаммед Ахметұлы Қонаев тарихымызда саяси қабілеттілігімен, ғылыми шеберлігімен белгілі болған тұлға. Оның бар ғұмыры мен қызметі елдің жағдайына оңды ықпал ету жолында өткен болатын. Үстіміздегі жылы белгілі қоғам қайраткерінің 100 жылдық мерейтойына байланысты Республикада айтулы шара өтіп, онда Елбасы Н.Ә. Назарбаев қайраткердің тағылымды ғұмыры мен еңбек жолына байланысты «...Қазақ Елінің қалың тарихында заман жүгін арқалаған талай тұлғалар болған. Аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев сондай біртуар болмыс иесі. Кеңестік кезең біздің тұтас тарихымыздың ажырамас бір бөлшегі. Сол кезде біз, көпшілігіміз өмір сүрдік, оны да көрдік, қазіргі заманды да көріп келеміз. Сол тарихтың ауқымды бөлігі Қонаев есімімен тікелей байланысты. Дінмұхамед Ахметұлы өз заманының перзенті болған ірі тұлға, көрнекті қайраткер» - деп атап өткен болатын.

          Қазақ тарихындағы Қонаевтың өмір сүрген және билік еткен кезеңі жалпы мемлекеттің тарихи өміріндегі маңызды уақыт болды. Дәл осы уақытта мемлекеттің барлық саласында: саяси, экономикалық, мәдени жақтарында түбегейлі өзгерістер жүріп жатты.

         Әрине, мемлекет жағдайының өзгеріске ұшырауы тарихта жаңаша сипаттарды тудырмай қоймады. Осы кезеңде басшылық етіп, мемлекеттің барлық саласымен тікелей байланыста болды. Бұл тұрғыда Д.А. Қонаевтың еңбектері Қазақстан тарихында дерек болуға міндетті. Сол заманды суреттеуге Димекеңнің еңбектері аса құнды дерек бола алады.

        Міне, осы көрсетілген мәселелер диплом тақырыбының өзектілігін дәлелдей түседі.

          Диплом жұмысының негізгі мақсаты: Д.А. Қонаевтың еңбектері мен заманхаттарына деректанулық талдау жасай отырып, олардың деректік маңызға ие екендігін дәлелдеу болып табылады. Қойылған мақсатқа жету үшін төмендегідей міндеттерді жүзеге асыруды көздедім:

- Д.А. Қонаевтың қоғамдық - саяси қызметін анықтау;

- Заманхатттардың тарихи  дерек ретіндегі маңызын ашып көрсету;

- Д.А. Қонаев заманхаттарының  республиканың экономикалық және мәдени жағдайындағы дереккөзі ретіндегі мәселесін қарастыру; 

- Д.А. Қонаев заманхаттарында  Кеңестік Қазақстанның әлеуметтік -  саяси жағдайының деректері  ретінде көрініс табуының маңызын талдау;

    Тақырыптың зерттелу деңгейі. Біздің зерттеп отырған тақырыбымыз – Д.А. Қонаев заманхаттарының деректік маңызын анықтау болып табылады. Атамыш мәселе аясында қазіргі таңға дейін жекелеген мақалалар мен азды-көпті ой-пікірлерді қоспағанда, арнайы жазылған ауқымды жұмыстар жоқтың қасы. Соған орай, біз қарастырып отырған тақырып кең әрі осы тұрғыдағы алғашқы зерттеулердің бірі десек, қате айтқандық емес.

 Дегенмен Д.А. Қонаевқа байланысты жазылған зерттеулер қатары жоқ емес. Ол зерттеулер Д.А. Қонаевтың өмірі мен қоғамдық қызметі жайлы тарихи тұрғыда жүргізілген зерттеулер болғанымен, біз солардың бірқатарын осы диплом жұмысымыз барысында пайдаландық.

 Өткен ғасырдың соңына қарай бірақатар авторлардың «Елу жыл ел ағасы», Г. Толмачевтың «50 встреч с Д.А. Кунаевым» («Д.А. Қонаевпен 50 кездесу»), «Естен кетпес ұлы есім», «Кемеңгер Қонаев» [5] атты еңбектері, сондай-ақ кезеңдік баспалардан шыққан К. Аудахиевтың, Ж. Аупбаевтың,  И. Жнмннейдің, К. Таукеновтың, Д. Кішібековтың, К. Смаиловтың, Я. Белоусовтың, Б. Тұрсымбаевтың, И. Тасмағамбетовтың, С. Сағдиевтың, С. Абдраимовтың, К. Ултакаровтың бірқатар мақалалары және Б. Тілегеновтың «Тұйық өмірдің құпиясы» атты [10] кітабы жарыққа шықты.

   Аталғандармен қатар қайта құру жылдарында Д.А. Қонаев өмірі мен қызметінің жекелеген жақтарын сынау сипатындағы басылымдардың да жырыққа шыға бастағандығы жасырын емес. Олардың қатарында болжамдық сипаттылығымен ерекшеленетін Кәрішал Асан атаның (Асановтың) «Тәуелсіздіктің белгілері» [11] атты кітабы мен Тоқтасын Беркімбаевтың «Оқшау ойлар» [12] атты мақалаласы бар.

           Д.А.Конаевтың  100 жылдығына байланысты 2012 жылы  көптеген ғылыми мақалалар мен  мерзімдік басылымдар шықты. Атап  айтсақ, «Мәдени мұра» [4] журналы саның №7 (40) Қонаевқа арнады. «Казахстанская правда» [13] газетінде бірнеше мақалалар жарыққа шықты. «Отан тарихы» ғылыми журналында да бірқатар Д.А.Қонаев жайында ғылыми мақалалары жарияланды. Атап айтсақ, 2012, №2 (58) санында жазушы О.Қауғабайдың «Д.А. Қонаевтың 12 қасиеті» [8] атты мақала, 2012, №4 (60) санында К. Тулепбаеваның «Роль Д. А. Кунаева в период великой отечественной войны» [14] атты мақала, 2012, №1 (57) санында Р. Кубеев Д.А. Қонаев басшылығы кезеңіндегі Қазақстанның дамуы және қазіргі Қазақстанның дамуындағы ролін айқындайтын «D.A. Kunaev – the leader of soviet Kazakhstan» [16] атты ғылыми мақала ағылшын тілінде жазылды. Сонымен қатар, О.Қауғабайдың 10-шы қаңтар, 2012 жылы №7 (389) «Президент және халық» газетінде «Қонаев Аспан асты елінде» [18] атты мақаласы жарияланған еді.

           Республикаға аты шулы «Аңыз адам» [17] журналы және

«Простор» [6] газет – журналы өз сандарын Д.А. Қонаевқа арнады.

 Диплом жұмысының деректік қоры. Қарастырылып отырған мәселе тікелей Д.А. Қонаевтың еңбектерін талдауға арналған тарихнамалық тақырып болғандықтан, оның деректік негізін Д.А. Қонаевтың өз еңбектері, сондай-ақ оның қызмет кеткен саласындағы республиканың директивті органдарының шешімдері мен қаулылары құрайды. Сонымен қатар Д.А. Қонаев замандастырының естеліктері, кезеңдік баспаның жекелеген мақалалары, мұрағат құжаттары және статистикалық мәліметтер біздің жұмысымыздың деректік негізі бола алады.

Сондай - ақ тақырыптың шынайылығын ашу барысында Д.А. Қонаевтың еңбектері жекелеген кітаптарда жарық көрген Д. Қонаев жасаған баяндамалары, мақалалары, сондай-ақ оның сөйлеген сөздерінің кезеңдік баспаларда жарыққа шыққан нұсқалары барынша пайдаланылды. Өз еңбектерінде Д.А. Қонаев өзінің ғылыми пікірлері мен халық шаруашылығын басқару саласындағы жетекшілік еткен негізгі принциптерін жазады [7, 366 б.].

 Д.А. Қонаевтың 1992 жылы жарық көрген «Өтті дәурен осылай» («О моем времени») атты еңбегінде және «Ақиқаттан аттуға болмайды» («От сталина до горбочева») деп аталатын 1994 жылғы еңбегінде бірнеше жылдың саяси оқиғаларын бейнеленеді. Онда автор өзінің балалық шағы мен оқу жылдары, қоғамдық қызметтегі алғашқы қадамдары және Қазақстанның өмірі жайлы да бірқатар мағлұматтар мен пікірлерін жазады.

Ал Д.А. Қонаевтың 1980 жылы Алматы қаласында  жарққа шыққан «Кеңестік Қазақстан» атты монографиясында және оның басқа да түрлі салаларға арналған мақалаларында қазақстандықтардың жүріп өткен 60 жылдық тағдыры жайлы көптеген пікірлерін айтады. Сонымен қатар саясибюроның Орталық Комитеті мүшесі және Қазақстан Компартиясының Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Д.А. Қонаевтың 1978 жылы Мәскеуде жарық көрген «Ленинская национальная политика КПСС в действии» атты жинаққа енген мақалаларындағы пікірлері Кеңестік Қазақстан халқының өмірінде орын алған бетбұрыстар мен шығармашылық табыстар аясында қайталанбас деректік құжаттар боп саналады.

 Д.А. Қонаев сөйлеген сөздері мен мақалаларында, сондай-ақ баяндамаларында Қазақстанның экономикасы мен мәдениетінің келешекте дамуы мәселесіне қатысты түбірлі сауалдарды қамтиды. Ол сонымен қатар республикадағы партиялық комитеттердің ұйымдастырушылық қызметінің әдістері жайлы, сондай-ақ жұмысшылардың ерлік еңбектері, колхозшылардың, өнеркәсіп өндірістеріне қатысты жоспарды орындау барысындағы инттеллигенцияның еңбектері жайында бірнеше айқын мысалдар келтіре отырып, сол заманның көріністерінен хабар береді.

 Ал Д.А. Қонаевтың кітаптарына келер болсақ, онда автор ауылшаруашылығындағы өндірістің тәжірибесі жайлы, әсіресе тың және тыңайған жерлерді игеру кезеңіндегі Қазақстанның жыл сайын Отанға қандай жолмен миллиардтаған пұт нанды әкелуінің салдарлары баяндалған. Бұдан бөлек автор бұл жетістіктердің барлығына шаруалардың табанды еңбегі мен ауылшаруашылығының жағдайын көтеруге бағытталған партияның үлесі бар екендігін айтады. Ал біз өз тарапымыздан, аталған жетістіктердің барлығы Д.А. Қонаевтың билігі тұсында орын алғандығын атап өткіміз келеді.

Жұмыстың зерттеу нысанына Д.А. Қонаевтың еңбектеріндегі Қазақстан  тарихына байланысты айтылған ой-пікірлер, саяси көзқарастар жатады.

           Диплом жұмысының хронологиялық шеңбері: Еңбегімізде негізінен біз Д.А. Қонаевтың өмір сүрген кезеңін қамтимыз. Яғни, ХХ ғасырдың басымен басталып, ХХ ғасырдың  соңғы ширегімен аяқталады.

          Диплом жұмысының территориялық ауқымы: Диплом жұмысының территориялық шеңбер бірлігіне Кеңес Одағы, соның ішіндегі Кеңестік Қазақстанның, яғни қазіргі Қазақстан Республикасының территориясын негізгі жұмыс көлемінде қамтимыз. Себебі, Д.А. Қонаевтың мекен етіп, билік еткен жері болып табылады.

        Диплом жұмысының сыннан өтуі: зерттеліп отырған мәселе отан тарихы және тарихи пәндер кафедрасында талқылаудан өтті.

         Диплом жұмысының ғылыми жаңалығы: Зерттеп отырған мәселе тікелей Д.А. Қонаевтың еңбектерін деректанулық зерттеу мен талдау болғандықтан диплом жұмысының ғылыми жаңалығы – мәселенің кешенді түрде зерттелуінде. Қазақстан тарихы ғылымында деректермен жұмыс жасау тарихқа шынайы сипат алып келеді. Д.А. Қонаевтың көзқарастарын, өз заманын сипаттауын және деректанулық талдау жасап, ғылыми айналымға енгізуде мынадай ғылыми жаңалықтар көрініс тапты:

- Тарих ғылымында, зерттеу жұмыстарында деректермен жұмыс жасау және оны талдау үлкен маңызға ие екендігі дәлелденді. Деректанудың тарих ғылымымен тығыз байланысты екендігі көрсетілді;

- Заманхаттар тарихи зерттеуде мәселеге байланысты біршама мәлімет беретіні дәлелденді;

- Д.А. Қонаевтың еңбектерінен басқа құжаттар мен мақалалар және кейінгі шыққан зерттеулер негізі қарастырылып, жан – жақты талданды;

- Д.А. Қонаевтың көзқарасына, іс – әрекетіне, ғылыми шығармашылығына ықпалының деңгейін анықтаудың методологиялық негізі жасалды;

- Д.А. Қонаевтың заманхаттары Қазақстан тарихында елдің экономикалық – мәдени, әлеуметтік – саяси жағдайына тікелей қатысы бар екендігі және толық дерек көзі бола алатындығы.  Д.А. Қонаев және оның еңбектері ел тарихының ажырамас бөлігі екендігі айқындалды;

          Диплом жұмысының методологиялық ұстанымдары. Диплом жұмысын жазу барысында жан-жақтылық, нақтылық және объективтілік принциптері басшылыққа алынды. Сонымен қатар диплом жұмысы барысында жалпы ғылыми (талдау, синтездеу, жалпылау және т.б.) және жеке ғылыми (тарихи салыстыру және деректерді талдау) зерттеу әдістері пайдаланылды.  

         Диплом жұмысының құрылымы кіріспеден, екі тараудан, қорытынды, пайдаланылған әдебиеттер тізімінен және қосымшалардан тұрады.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

1. Д.А. ҚОНАЕВ ЖӘНЕ ЗАМАНХАТ МӘСЕЛЕСІНІҢ МӘН – МАЗМҰНЫ

 

1.1 Д.А. Қонаевтың қоғамдық - саяси қызметі

 

Алғашқы тарауымызда белгілі қоғам қайраткері, Социалистік Еңбек Ері атағының иесі – Д.А. Қонаевтың заманхаттарының пайда болу объективтілігі мен деректік маңызы мәселерін қарастыратын боламыз. Мәселеге тікелей көшпес бұрын аса көрнекті мемлекет қайраткері, ҚазақКСР Ғылым Академиясының академигі, техника ғылымының докторы КСРО шетел ордендері мен медальдарының иегері Д.А. Қонавтың өмірі мен қызметі жайлы айтып өтуді жөн көрдік.

Аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, қазақ халқының ұлы перзенті Д.А. Қонаевтың үстіміздегі  жылы 100 жылдығын атап өткен болатынбыз. Халқымыздың жадында оның тұлғалық қасиеті, ұстанған ұстанымы, іскерлік қабілеті ілтипатпен әлі күнге дейін сақталып келеді. Қырық жылдан астам уақыт басшылық ету барысында Қазақстанның экономикасын, мәдениетін, ғылымын өркендетіп қана  қойған жоқ, республиканы Кеңестер Одағында алдынғы қатарға дейін көтерді.

         Дінмұхамед (Димаш) Ахметұлы Қонаев — аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, үш мәрте Социалистік Еңбек Ері, Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі, техника ғылымының докторы, КСРО шет ел ордендері мен медальдарының иегері.

         1912 жылы 12 қаңтарда Верный (қазіргі Алматы) қаласында, қызметкердің отбасында өмірге келген. Әкесі, Меңліахмет Жұмабайұлы, 1886 жылы туған. Алматы облысында ауылшаруашылық, сауда мекемелерінде жұмыскер болып істеген. Қазақ, орыс тілдерінде жаза, оқи білетін сауатты болған. Анасы, Зәуре Баирқызы 1888 жылы Шелек (бұрынғы атауы Чилик) ауданында (қазіргі Алматы облысы) туған, үй шаруасында бала тәрбиесімен айналысқан.

          Дінмұхамед Ахметұлы өзінің «Өтті дәурен осылай» атты ғасырлар пернесінен сыр шертетін естелік-эссе кітабында өз ата-тегі туралы былай деп сыр шертеді: «Н. Аристовтың деректеріне сүйенсек, Үйсіннен – Ақсақал (Абақ), одан – Қараша би, одан Бәйдібек туады. Біздің ата-бабамыз сол Бәйдібектің үшінші әйелі Зерептен туған Жалмамбеттің Ысты деген бел баласынан тарайды. Ал енді өзіме дейінгі жеті атамды қуалап айтсам былай:

 Жолын

 Нұрмамбет

 Азынабай

 Қонай

 Жетібай – Жұмабай

 Меңліахмет

 Дінмұхамед

            Ата-бабам тегіне тартып, қауға ұстаған кісілер екен. Шаруа баққанмен қара басының қасиетін қадірлей білген. Кісі есігін сағаламай, еңбегін емген. Олар осы күнгі Қапшағай өңірінен Күрті өзенінің оң жақ жағалауын, негізінен Іленің сол қанатынан мына Құйғанға дейінгі жерді қоныс етіпті. Ертеректе бұл жерлер төменгі Іле болысы, Жетісу губерниясы атанған. Қазір осы бір түгін тартса майы шығатын өңірді Алматы облысына қарасты Балқаш, Күрті аудандары жайлап отыр [1, 13 б.].

         Менің бабам Азынабайдан төрт ұл туады. Әулетіміз, неге екенін кім білсін, аңыз-әңгімелерге зер сала қоймаса керек, Азынабай жарықтық ағайынмен неге, не үшін араздасқанынан бейхабармын. Және ол қара қазақ үшін жатмінез емес. Әйтеуір бір түнде бүтін бір ауылды өре тұрғызыпты да, үдере көше жөнеліпті. Асау Іледен өтіп, Балқаштың оңтүстік күнгей бетін жағалай жүріп, Аякөзге жетсе керек. Одан әрі Тобықты жеріне қоныс аударыпты. Кісі еліне сіңісе қою қиын болды ма екен, жоқ бауыр басудың жолы солай ма, тегінде қыз айттыруға шамасы келмес, жөні құда түскен болар, екінші ұлы Қонайды Тобықтының қызына үйлендіреді. Бұған дейін ол кісі екі рет төсек жаңғыртыпты. Соның біріншісінен Жетібай деген ұл қалады. Ал кейінгі шешемізден бір ұл, бір қыз – Жұмабай мен Бұлантай туады [1, 14 б.].

           Қазақ тарихында кейде кішігірім рулар ел-жұртына танымал, сыйлы да құрметті болған аналарымыздың аттарымен аталып кеткені де белгілі. Мысалы Қонай атамыз Ысты руынан таралған. Ысты деген ру аты Жалмамбет атамыздың Сыланды атты бір әйелі оңтүстіктің қайнаған ыстығында қымызды бұзбай (ашытып жібермей) өте жақсы ұстаған көрінеді. Үлкен кісілер келіп: «Сіздің сақтаған қымызыңыз неге бұзылмай, ашымай сақталады?» деп сұрағанда ол кісі: «Сабаны жақсылап ыстап, суық сумен жиі-жиі жуып тұрса бұзылмайды», – деген екен дейді. Аталары кейде Сыланды келіннің атын ұмытып қалып, «Әлгі Ысты келіннің үйіне барып қымыз ішіп келейік» деп айта берген соң, «Ысты келін» аталып кетіпті. Кейініректе бүкіл сол ауыл, сол әулет, тіпті ру да Ысты атанып кетіпті деген аңыз бар.

           Міне, дәл осы секілді Қатығұлақ  атамыздың да ұрпақтары Қара  кемпір, Сары кемпірлер деп аталып кеткен дейді көнекөз қарттар. Сөйтіп, Қонай атамыздың да ата-тегі кейде «Сары кемпір балалары», «Сары кемпірлер» деп аталады.

           Сары кемпірлер Іле мен Шу  өзенінің аралығындағы кең алқаптарды  мекен еткен. Олар Алматы облысындағы  Іле өзенінің Сарытауқұм, Іле өзенінің сол жақ жағалауындағы Құйғаннан бастап, Балқаш көліне барып тірелгенше, содан кейін Жамбыл облысының Шу, Мойынқұм аудандарының Бетпақдалаға дейінгі жерлерді, Ақбастау, Көкбастау, Қопалы, Аңырақай деп аталатын алқаптарды мекендеген екен.Бұрынғы ата-бабаларымыздың негізгі күнкөрісі – мал өсіріп, сонымен күнкөру болған ғой. Ел аузындағы аңыздарға қарағанда Ыстылар, оның ішінде, әсіресе Қаракемпір, Сарыкемпір баласы кедейлеу болған екен. Бай ағайындары кедейлеріне «ана жер менікі, мына жер менікі» деп, күн көрсетпей қуалай берген соң Азынабай ашуланып, бір түнде өзіне қараған 60-70-тей түтінді ертіп, Аякөз арқылы Арқа жеріне, Тобықты еліне қоныс аударады. Көнекөз қарттардың айтуына қарағанда, Азынабай сол көшкеннен мол көшіп, Шыңғыс тауының бергі етегіндегі Арғынның Тобықты рулары мекендеген жерлеріне шетпұшпақтап қоныс тебеді. «Мен бұл деректерді Димекеңнің әкесі Меңліахмет ақсақалдың өз аузынан естіген едім», – дейді көпті көрген, кезінде партия-кеңес кезеңінде жауапты қызметтер атқарған Ізбасар Балтағұлов аға.

           Азынабайдың көшіп барған жері шұрайлы, ел-жұрты да сырттан келдің деп сыртқа теппей, алғашында қазақы бауырмалдықпен жақсы қарсы алады. «Өзі жақсы кісіге – бір кісілік орын бар» демекші, сол елге судай сіңіп, көп кешікпей қыз алысып, қыз берісіп, жекжат-жұрағат болып кетеді. Ол кезде Қонай атамыз да ержетіп, сол Тобықты елінің бір қызына үйленеді. Сөйтіп, Бұлантай атты қыз, Жұмабай атты ұл дүниеге келеді.

          Қазақта «Ағайын бар болсаң – көре алмайды, жоқ болсаң – бере алмайды» деген мақал өмірдің өзінен алынған ғой, Арқаға көшіп келген Азынабайдың жағдайлары бірте-бірте жақсарып, асына – ас, басына – бас қосылып, әл-қуаттары арта бастайды. Мұны кейбір қызғаншақтар көре алмай, көрсеқызарлық танытып, күндей бастайды. Малдарын ұрлап, тіпті кейде зорлық-зомбылықтар көрсетіп, ұрыс-керіс, жанжалдар да шыға бастайды. Кейде намысқа тиетін «Қаңғып келгендер, қарашы енді, жетіліп, тұмсығын көтеруін!» деген сияқты жанға бататын сөздер де естіліп жатады.

Осы бір келеңсіз жағдайларға төзімі таусылған Азынабай ақсақал жасы ұлғайған шағында Құнанбайға дейін барып, ел арасындағы кикілжіңді біршама басқан көрінеді. Кейінірек, Қонайдың өзі ержетіп, елмен ел, ру мен ру арасындағы татуластыққа шақырып, ел ішіндегі бірлі-жарым телі-тентектерге тыйым салуға күш салған көрінеді. Азынабай ақсақал бұл дүниеден аттанар шағында Қонайды шақырып алып:

         – Қарағым, Қонай, сен ержеттің. Мен болсам қартайдым. Төрімнен де көрім жақын қалды. Енді еліңе өзің ие бол. Мұнда бұл жақтың тентектері тыныштық беретін түрі жоқ. «Ер – туған жеріне, ит – тойған жеріне» деген дана халқымыздың мақалы бар емес пе!? Олай болса, елге қайту қамына кіріс. Солай болғаны дұрыс,– деген екен. Содан кейін көп кешікпей Азынабай ақсақал дүниеден озады. Ол кісіні сол топырақ бұйырған Арқа жаққа жерлейді.

           Дінмұхамед Ахметұлы өзінің «Ақиқаттан аттауға болмайды» атты естелік-эссе кітабында арғы аталары Азынабай мен Қонай туралы айта келіп: «Қазақта «Кірме мен күндестің күні бір» деген сөз бар. Сол айтқандай, Азынабай дүние салған соң артында қалған ұрпаққа тықыр таяна бастайды. Қонай қайын жұртының иықтағанын көтере алмайды. Көнекөз кісілердің айтуына қарағанда, кесек жаратылған, өр мінезді, батыр шалыс кісі екен. Ағайын-жұртына ақыл салып, ата қонысы Жетісуға қайта көшуге бел байлайды. Оған тобықтылар: «Бақ деген көшпелі, қыз алған күйеуге де кетеді, қыздан туған жиенге де кетеді» деп, қыздарын жібермеудің әрекетін жасайды. Ондағысы «енесіне кісен салынса, құлындары ұзай қоймас» деген ойлары болса керек.Қонай шарт кетеді: «Жанымды алсаңдар аларсыңдар, бірақ қанымды қалдыра алмаймын!» деп, әйелі мен қызын тастайды да, бес жасар Жұмабайын алып кетеді. Содан Қонайды арқа тұтқан ағайындары түгел Жетісуға қайта көшіп келіп, елдің шетіне іліккен жерге қоныс теуіп қалады. Ал Қонай атажұртына жетіп, осы Алматы өзенінің оң жақ жағалауын жайлапты [2, 14 б.].

          Осы бір аласапыран тұста оттай жанып, алмас қылыштай жарқылдап тұрған үлкен ұлы Жетібай жиырма бес жасында қыршын кетеді. Жас өлім атамызды біраз қажытып, еңсесін түсіріп кетеді. Артынша Күртідегі туған-туыстарын аңсап, тірісіне аманат, өлісіне салауат айтпаққа жолға шығады. Ол «Жау жоқ деме – жар астында, бөрі жоқ деме – бөрік астында» деген ауыр заман ғой. Аңдысқан жау алмай тынбайды. Қаскелеңнің тұсында жол бойындағы зиратқа тоқтап, әруақтарға тәу етіп, Құран оқып отырған сәтінде қастасқан жау опасыздықпен өлтіріп кетеді. Сөйтіп, онсыз да қара жамылып, қасірет шеккен Қырықжылқы деген келіні жиырма екі жасында жесір қалып, мұсылман мектебіне барып жүрген Жұмабай осылайша жеті жасында жетім қалыпты. Әрине, өлгеннің артынан өлмек жоқ.Тірі адам тіршілігін жасайды. Ағайын арқасүйер азаматының отын өшірмейміз деп, інісінің әйелі Қырықжылқыны Азынабайдың ортаншы ұлы Шолаққа қосады. Жұмабай солардың қолында өседі. Обалы нешік, қолдарының қысқалығына қарамастан, оны қатарынан кем қылмай өсіреді. Қырықжылқы он саусағынан өнері тамған ісмер екен, тігіншілікке жалданып, Шолақ ертелі-кеш қара жұмыспен шұғылданады. Тапқан-таянғанын Жұмабайдың оқуы мен жолына жұмсайды.

          Жұмабай алғыр бала болып өссе керек. Діни мектепте шәкірттердің маңдайалдысы болады. Оны бітірген соң елге барып дәріс береді. Араға екі жыл салып Алматыға қайтып келеді де, 1904 жылы Түркия арқылы Сауд Аравиясына сапар шегеді, осы жолы Мекке мен Мединеге қажылыққа барады. Содан 1905 жылы Үндістан мен Ауғанстан арқылы елге оралады. Сөйтіп, қажылық жол Жұмабай атамның сегіз ай уақытын алыпты» деп жазады Дінмұхамед Ахметұлы өз естелік кітабында [2, 15 б.].

          Дінмұхамед Ахметұлының әкесі Меңліахмет 1976 жылы тоқсан жасқа толарына үш-ақ ай қалғанда дүниеден озған. Анасы Зәуре Байырқызы сіңірі шыққан кедейдің қызы болса керек. Димекеңнің әке-шешесі жетпіс жылдан астам уақыт бірге ғұмыр кешкен. Ұлы адамды дүниеге келтірген Зәуре апамыз 1973 жылы сексен алты жасында дүниеден өткен.

          Қазақ халқының маңдайына біткен жарық жұлдызының ата-тегі, қай ұлыстан екендігі туралы ел-жұрт арасында әңгіме болғанда бәзбір «білімдарлар» жаңсақ деректер айтып, жұртты басқаша пікірге қалдырады. Дінмұхамед Ахметұлы аласапыран уақытта өткен өзінің балалық шағы туралы жазғанда: «Біз Верный қаласының Сарқанд көшесінде Иванов дегеннің үйінде («Үлкен станицада») тұратын едік. Мен сол үйде 1912 жылы қаңтардың 12 жұлдызында туыппын. Екі жылдан кейін әкем жанын жалдап жүріп еңсесі төмендеу шағын үй салды. Ұмытпасам әдірісі былай еді: Старокладбищенск (қазір бұл жерде ІІ Алматы вокзалы тұр. Оның бұлай аталуы – ол кезде көшенің солтүстік жағында ескі қорым бар еді) көшесі, 39. Кейін оны Вокзал, сосын Сталин атындағы, бертін келе Коммунистік даңғыл деп атады. Қазір ол Абылай хан даңғылы. Әрине, уақыт озған сайын дүние өзгермей тұрмайды, менің бар балалық шағым өткен сол үй әлдеқашан бұзылды. Оның орнына осы күні электр бұйымдарын сататын дүкені бар көп қабатты зәулім үй салынған.

          Біздің үйден сәл ғана жерде өзбек мешіті бар еді. Көш жерден көзге ұрынып тұратын. Қыздың жиған жүгіндей әрі шағын, әрі әдемі еді. Ораза айында, құрбан айтта әкем өзімен бірге мешітке ерте баратын. Жұма намазын да қаза жібермейтін. Сол кезде жеті-сегіздер шамасындағы біздер мешітті айнала жүгіріп, мұнараларына шығып, биіктен қалаға көз салар едік. Бәрі алақанға салғандай анық көрінетін. Әкей онымызды сезіп қалса кейіс білдіретін. Ал айт күндері көңілді оралатын. Біз де мәз-майрам боп, жылы-жұмсаққа, бал-шекерге бір тойып қалатынбыз. Әкем құрбан айтта құрбандық шалушы еді. Семіз қойдың төстігін отқа қақтап, үй ішіндегілерге түгел ауыз тигізетін. Соның дәмі әлі ауыздан кетпейді. Сосын жұмсақ бауырсақ, неше түрлі тәтті нанға толы дастарқан шетіне келіп отырып, күрең шайға бас қоятынбыз [2, 17 б.].

          Ескі Верный, оның көрікті жерлері әлі көз алдымда: Губернатор үйі, Әскери мәслихат ғимараты, Дворяндар мәслихат үйі, Кафедральды собор, Покров шіркеуі, сәулеті жағынан бірінен бірі өтетін мешіттер, көпестердің үлкенді-кішілі дүкендері, бір қабатты ағаш үйлер, ол кезде екі қабат үйлер ілуде-біреу, асфальт көше атымен жоқ, шаңы шығып жататын қара жол, есек мініп, түйе жетелеп жүрген жүргіншілерде тыным болмас еді. Бір ғажабы, аттап бассаң алдыңнан арық шығатын, арық толы су күндіз-түні ағатын, қанатын кең жайған қалың қараағаш, көкпен таласқан теректер жанға сая еді – міне, Верный қаласына тән кейіп осы» [2, 18 б.].

            Верный (қазіргі Алматы) қаласы. Орта мектепті бітіргеннен кейін, Қазақстан Өлкелік комсомол комитеті оны Москваның Түсті металл институтына оқуға жібереді. 1936 жылы шілдеде Мәскеу түсті металдар мен алтын институтын қызыл дипломмен бітіреді.  Институтты ойдағыдай аяқтаған соң, тау-кен инженері мамандығын алған Д. Қонаев Балқаш мыс қорыту комбинатының Қоңырат руднигіне жұмысқа орналасып, онда бұрғылау станогының машинисі, цех бастығы, руднигтің бас инженері және оның директоры болып істейді [2, 29 б.].

          Екінші дүниежүзілік соғысының қиын күндерінде ол тыл-дағы жұмысты ұйымдастыруда іскерлігімен көзге түседі. "Алтай полиметалл" комбинаты бас инженерінің орынбасары, Риддер руднигінің және КСРО қорғасын-мырыш өнеркәсібінің ең ірі кәсіпорындарының бірі — Ленингор кен басқармасының директоры қызметтерін атқарады. 1942-1952 жылдары Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің төрағасының орынбасары болып қызмет етеді. Осында жүргенде Қазақстан ғалымдары оған зор сенім көрсетіп, оны Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі және оның президенті етіп сайлайды. Тау-кен ісі саласының ірі ғалымы Д.Қонаев республика ғылымының дамуы жолында зор еңбек сіңіреді. Ғылыми - ұйымдық жұмыстарды жақсарту, ғылыми-зерттеулердің негізгі салаларын білікті кадрлармен нығайту шаралары оның басшылығымен жүзеге асырылады.

Д.А. Қонаев заманхаттарында Кеңестік Қазақстанның әлеуметтік - саяси жағдайдың көрініс табуы