Д.Эйзенхауэр соғыс және соғыстан кейінгі жылдарда

 


 


І – тарау. Эйзенхауэр  тұлғасының  қалыптасуы

 

1.1  Д.Эйзенхауэр  әулеті. Эйзенхауэрдің  балалық  және  жастық  шағы

 

1.2  Д.Эйзенхауэрдің  әскери  мансабының  басталуы

 

ІІ – тарау. Д.Эйзенхауэр  соғыс  және  соғыстан  кейінгі  жылдарда

 

2.1  Д.Эйзенхауэр  соғыс  жылдарында

 

2.2  Д.Эйзенхауэрдің  президенттік  қызметі

 

2.3  Тақырыпты  оқытудың  әдістемесі

 

Қорытынды

 

Пайдаланған  әдебиеттер

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Кіріспе

Тақырыптың  өзектілігі  1991  жылдан  кейін  Евразияның  саяси  картасының  түпкілікті  өзгеруіндегі  тұлғалардың  рольін  қайта  бағамдау  қажетінен  туындаса  керек. Адамзат  тарихындағы  екінші – дүние  жүзілік  соғыстың  тағылымдарын  үнемі  сараптап  отыру  әрбір  жаңа  ұрпақтың  алдындағы  қажырлы  міндет. Екінші  дүние  жүзілік  соғыста  Америка  Құрама  штаттары  елеулі  роль  атқарды. Осы  кездегі  АҚШ – тың  саясатына  ретроспективалық  шолу  жасау  қызықты  да  тағылымды. Әсіресе, Соғыс  жылдарындағы  Батыс  Одақтастардың   қолбасшысы  Дуайт  Эйзенхауэрдың  қызметіне  баға  бере  отырып  мұны  бағамдау  өзін  өзі  ақтайды. Батыс  Одақтастардың  әскери – саяси  иерархиясында  Д.Эйзенхауэрдың   орны  салмақты  еді. Европадағы  Батыс  Одақтастардың  экспедициялық  күштерінің  жоғарғы  бас  қолбасшысы  лауазымындағы  оның  қызметі  АҚШ – тың  1950  жылдардағы   ішкі  және  сыртқы  саясатының   өзіндік  алғышарты  еді. Соғыс  жылдарында  Д.Эйзенхауэрдің  саяси  қайраткер  ретінде  қалыптасуы  жүрді. Осы  жылдардағы  оның   қызметіне  талдау  жасау  НАТО  қарулы  күштерінің  Бас  қолбасшысы  ретінде  Эйзенхауэрдің  саясатын  дұрыс  бағалауға, 1953 – 1961  жылдары  АҚШ – тың  президенті  қызметін  атқаруы  кезеңіндегі  оның  саяси  бағытын  түсінуге  жәрдемдеседі.

Ұлы  Отан  соғысы  әлі  күнге  дейін  барлық  қоғамдық  ғылымдардың   назарында. Кеңес  Одағының   ыдырауымен  Ұлы  Отан  Соғысын  объективті  зерттеуге  мүмкіндіктер  алынды. Соған  қарамастан  қызу  пікірталастар  толастар  емес. Айта  кету  қажет, Батыс  тарихшылары  да, қазіргі  Ресей  тарихшылары, Қазақстан  тарихшылары  да  екінші  дүние  жүзілік  соғыстың   объективті  картинасын  қалпына  келтіру  үшін  көп  еңбек  етті.1

Кеңестік  және  Қазақстандық  тарихи  әдебиетте  Д.Эйзенхауэрдің  өмірі  мен  қызметіне  арналған  арнайы  зерттеу  монографиясы  жоқ. Біздің  диплом  жұмысымызда  оның  әскери – саяси  және  мемлекеттік  қызметінің  негізгі  бағыттарын  айқындау  міндетін  қойдық. Екінші  дүние  жүзілік  соғыс  жылдарында  Д.Эйзенхауэрдің  қолбасшылығымен  жүргізілген  одақтастардың  әскери  операцияларына  талдау  жасау - әскери  тарихшылардың  біліктілігінде. Біз  бұл  салада  маман  болмағандықтан  Д.Эйзенхауэрдің  әскери  қабылетіне  баға  беруден  бойымызды  аулақ  ұстадық. Айта  кететін  нәрсе, батыс  тарихнамасында  Д.Эйзенхауэрдің  қолбасшы  ретінде  рольін  асыра  бағалайтындар  жеткілікті. Олай  дейтін  себебіміз, қарамағындағы  одақтастар  әскеріне  басшылық  жасап, әскери  операцияларды  жүзеге  асырғанда, қарсыластарына  қарағанда  оның  әскерінің  материалдық  және  техникалық  әлуетінің  әлдеқайда  басым  болғанын  ескеру  қажет. Бұлай  болатын  себебі, кеңес – герман  майданындағы  аса  ірі  шайқастар  бұл  кезде  артта  қалған  еді. Москва, Сталинград, Курск  даласындағы  шайқастарда  және  1944 – 45  жылдардағы  әскери   операциялар  кезінде  Герман  әскерлерінің  сағы  сынған  болатын, олар  сондай – ақ,  ауыр  моральдық – саяси  жеңіліске  ұшырады.

Біз  диплом  жұмысымызда  Д.Эйзенхауэр  қызметінің   әскери  аспектісінен  гөрі, саяси  аспектісіне  ден  қойдық. Оның  президенттік  кезеңі – 1953 – 1961 – кеңес – американ  қатынасындағы  маңызды  белес. Белгілі  бір  дәрежеде  президенттің  інісі  Мильтонның: Эйзенхауэр  кеңес – американ  қатынастарына  үлкен  мән  берді  деген  пікірмен  келісуге  болады.2 Осы  жылдардағы  үміттер  мен  кірбіңдер  тарихтың  тағылымды  тәжірибелері. Батыс  тарихнамасында  Д.Эйзенхауэр  дәуірін – бейбітшілік  жылдары, бітімгер  ретінде  бағалайды. Алайда, мәселе  бұдан  да  терең  зерттеуді  талап  етеді.

Д. Эйзенхауэрдің  саяси  қызметі, «қырғи  қабақ  соғыс»жылдарынан  бастау  алып, оның  НАТО  блогы  қарулы  күштерінің  бірінші  Бас  қолбасшысы  болған  уақытына  сәйкес  келеді. Бұл  кезеңде  АҚШ  халықаралық  аренада  бірінші  және  алдыңғы  шептерге  шыққан  еді. Осы  бір  әскери  саяси  бағытта  «күш  факторы» маңызды  роль  атқарды. «Күш  позициясынан» саясат  жүргізудің  шебер  орындаушысы  рольіне  барынша  сәйкес  келген  АҚШ  пен  Батыс  үшін  жеңімпаз  Д.Эйзенхауэр  болды. 1970 – 80  жылдары  Эйзенхауэр  қызметінің  осы  қырларына  қатысты  маңызды  құжаттар  жарыққа  шықты. Бұл  құжаттар  Эйзенхауэр  қарамағындағы  Әскери  Әуе  күштерінің  генералы  К.Спаатстың  Орталық  Европа  мен  Шығыс  Германияда  авиациялық  соққылар  беру  туралы  штаб  бастықтары  комитеттерінің 1945  жылдың  24 – қаңтарындағы  директивалары  еді. Директиваның  мәні  Кеңес  Қарулы  Күштеріне  жәрдем  көрсету  желеуімен  олардың  Батысқа  жылжуын  қиындату, Кеңес  ықпал  аймағына  жататын  аудандардың  экономикасын  бүлдіру  болды. 1945  жылдың  соңында  Эйзенхауэрдің  штабы  Кеңес  Одағына  20  атом бомбасын  тастау  және  Европада  КСРО  мен  соғысудың  «Тотэлити»  жоспарын  жасады. Эйзенхауэр  1949  жылы  штаб  бастықтары  комитетінің  арнайы  комиссиясы  дайындаған  «Дропшот»  жоспарына  белсенді  қатысты, ол  бойынша  социалистік  елдерге  қарсы және  оларды  оккупациялау  үшін  тотальды  ядролық  соғысты  тұтандыру  көзделді.3

Мұның  барлығы  да  Д.Эйзенхауэрдің  бейбітшілікті  құрушы  деген  образына  сәйкес  келмейді. Эйзенхауэрдың  президенттігі  жылдары  ауыр  антисоветтік  рецидивтер  болып  тұрды.1960  жылы  Свердловск  облысындағы  тыңшы – ұшақ  «У – 2» нің  атып  түсірілгені де  жеткілікті. Мұндай  саяси  арандатулар  кеңес – американ  қатынасын  күрт  шиеленістірді. Кеңес  Одағының  агрессивтік  саясаты  да  бұған  түрткі  болды. Дегенмен  екінші  дүние  жүзілік  соғыстың  ауыр  жылдарында  кеңес – американ  ынтымақтастығының  тарихы  белгілі  бір  дәрежеде  генерал  Д.Эйзенхауэрдің  қызметімен  байланысты,  оның  барысын  зерттеу,- сөз  жоқ  үлкен  қызығушылық  тудыра  бермек.

Д.Эйзенхауэрдің  президенттігі – американ  тарихының  тағылымға  толы  кезеңі. Бұл  жылдары  « салқын  соғыста» шырқау  шыңына  жетті. Д. Эйзенхауэрдің  саяси  өмірбаяны  өткеннің  материалдары  негізінде  екі  «астам  держава»  арасындағы  «салқын  соғыстың»  ешқандай  болашағының  болмағандығынан  хабардар  береді. Қазіргі  НАТО  мен  Ресей  және  Қазақстан  арасындағы  қарым  қатынастарды  бағамдауға  да  жәрдемдеседі. Соғыс  және  соғыстан  кейінгі  жылдардағы   Д.Эйзенхауэрдің  көзқарастарына  талдау  жасау, оның  ең  бірінші  кезекте  АҚШ – тың  глобальды  мүдделерін  қорғаушысы  ретінде  көрінетіндігін  білдіреді.

Диплом  жұмысын  дайындау  барысында  кеңес  одағында   жарыққа  шыққан  негізгі  деректер  мен  әдебиеттер  пайдаланылды. Қайта  құру  жылдарында  Орталық  басылымдарда  Д.Эйзенхауэрдің  өмірі  мен  қызметіне  қатысты  бұрын  беймәлім  болып  келген  материалдар  жарыққа  шықты. Абилиндегі  (штат  Канзас) Дуайт  Эйзенхауэр  кітапханасының  материалдарымен  кеңес  жұртшылығы  алғаш  рет  танысты. Эйзенхауэрдің  ұлы  Джон  Эйзенхауэр  әкесі  туралы  екі  өмірбаяндық  кітап  жазды. Диплом  жұмысын  жазудың  барысында, өкінішке  орай  тақырыпқа  қатысты  Қазақстанда  бірде  бір  еңбектің  жарыққа  шықпағандығының  куәсі  болдық. Сондықтан  осының  орнын  толтыру  барысында, біз  аталған  тақырыпты  таңдап  алған  едік. Тақырыптың  негізгі  өзектілігіде  осында  болса  керек.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

І – тарау. Д. Эйзенхауэр  тұлғасының  қалыптасуы

1.1  Д.Эйзенхауэрлер  әулеті. Д. Эйзенхауэрдің  балалық  және  жастық  шағы

Д.Эйзенхауэрдің  ата  бабаларының  тегі  Германиядан  шыққандар  еді. Олар  протестанттардың  менониттер  сектасына  жататын. Діни  қуғын – сүргіннен  қашып  Эйзенхауэрлер  әуелгіде  Швейцарияға, ал  1741  жылы  Солтүстік  Америкаға, Пенсильванияға  қоныс  аударды. Болашақ  президенттің  анасы  жағынан  ата  бабаларыда  Европадан  Америкаға  қашқан  протестанттар  еді. Олар  1730  жылдан  бастап  Вирджинияда  тұрды. Бұл  әулеттің  шежіресіне  қарап  отырсақ, олардың   тамырларындағы  неміс, ағылшын, скандинавтардың  қанын  айқын  байқауға  болады.

Д. Эйзенхауэрдің  атасы  Якоб  Эйзенхауэр  өзі  тұрған  елді  мекен  Элизабетвилде  (Пенсильвания) «Өзен  бауырластығы»  деп  аталған  сектаның  басшысы  міндетін  атқарды, өйткені  оның   мүшелері  өзен  бойын  мекендейтін. Секта  мүшелерінің  басым  көпшілігі  қарапайым  егіншілер  тұғын. Тұрмыс  пен  киім  киістегі, жүріс – тұрыстықтағы  қарапайымдылық; аса  ауыр  күнә  ретінде  соғыстан  безу, бас  тарту – олардың   өмірлік  кредосын  құрайтын. «Өзен  бауырластығы» мейлінше  тұйық  өмір  сүргенімен  ХІХ – ғасырдың  60 – 70  жылдарындағы  қарқынды  даму, капиталистік  қатынастар  үстемдігі  секта  мүшелерінің  ішінде  де  әлеуметтік  жік  тудырып, жартылай  патриархальдық  дәстүрлердің  бұзылуына  алып  келді. Якоб  Эйзенхауэр  бұл  жылдары  салыстырмалы  түрде – ауқатты  адам  болды.

1861 – 1865  жылдардағы  Азамат  соғысынан  кейін  Якоб  Эйзенхауэр  мен  оның  сектасы  мүшелері  алыстағы  Канзас  штатына  жол  тартты. Солтүстік  пен  Шығыстан  келген  қоныс  аударушылар  үшін  мұнда  жаңа  мүмкіндіктер  ашылды. Көп  ұзамай  қоныс  аударушылар  Канзас  штатының  Лекомптан  елді  мекенінде  өз  колледжін  ашты. Осы  колледждің  ең  алғашқы  студенттерінің  бірі  Якоб  Эйзенхауэрдің  ұлы – Дэвид, яғни  болашақ  Дуайт  Эйзенхауэрдің  әкесі  болды. Колледжде  Дэвид  инженерлік  істерді  үйренді. 1885  жылы  Дэвид  өзінің  курстасы  Ида  Стауэрге  үйленіп, мұралыққа  100  акр  жер  мен  2  мың  доллар  алған  болатын. Алайда, уағызшының  баласы  фермер  болғысы  келмей, өзінің  жеке  ісін  ашады, бірақ  оның  компаньоны  алаяқ  болып  шығып, ол  барлық  ақша – мүлкінен  айырылады. Күйзеліп  масқара  болған  Дэвид  Эйзенхауэр  Техас  штатына  күн  көріске  кетіп, болмашы  жалақыға  темір  жолшы  болып  орналасады. 1886 жылдың  11 – қарашасында  жас  жұбайлардың   тұңғышы  Артур  дүниеге  келеді. Дэвидтің  бизнестегі  екінші  әрекеті  де  сәтсіздікке  ұшырайды. «Әкем, - деп  еске  алатын  Дуайт  Эйзенхауэр, - екі  рет  сәтсіздікке  ұшырады, бірақ  шешем  күлетін  де  қоятын  және  онан  сайын  еселей  жұмыс  істейтін»4

1889  жылдың  19  қарашасында  жас  отбасында  келесі  бір  ер  бала – Эдгар  дүниеге  келсе, 1990  жылы  үшінші  ұл  болашақ  президент – Дэвид  дүниеге  келді. Жас  семьяның   Техастағы  өмірі  оңай  болған  жоқ. 1891  жылы  Эйзенхауэр  отбасы  Канзас  штатына  қайтіп  оралып  Абилин  қалашығында  тұрақтайды. Дэвид  жергілікті   май  шайқағышта  механик  болып  жұмысқа  орналасады. Оның  айлық  жалақысы  50  доллар, бұрынғы  теміржолшылығынан  көп еді, бірақ  ол  «өзін  қызықтырған  іспен  айналысуға  деген  идеяның»5 жетегінде  бола  берді.

ХІХ – ғасырдың  соңында  Абилин  бар  болғаны  5  мың  тұрғыны  бар  шағын  қалашық  еді. Ол  темір  жолдың  Батыстағы  соңғы   станцияларының  бірі  болды. Бұрынғы  ковбойлар  қаласы  Батыстағы  маңызды  темір  жол  тарабына  айналды. Қалашық  сондай – ақ, қылмыстың  ошағы  болды. Абилин   полициясы  бастықтарының  көпшілігі  өз  ажалынан  өлмейтін. ХІХ  ғасырдың  соңында  қаладағы  тәртіп  орнатуға   тырысқан  полиция  бастығы – Тазы  Билл  туралы  аңыз  елдің  есінде  ұзақ  сақталды. Ол  елу  қылмыскерді  өз  қолымен  атып  өлтіріп, өзі  де  1870  жылы  қылмыскерлер  қолынан  қаза  тапты.

Эйзенхауэр  Абилин  қаласына  деген  сүйіспеншілігін  өмір  бойы  сақтады. Оған  бұл  қалаға  келу, дос  жарандарымен   кездесу, кафе  барларға  бару, ескі  таныстармен  бірге  бір  сәт  отыру  ұнайтын. Д.Эйзенхауэрдің  керемет  әскери  мансабы  Абилинді  дүр  сілкіндірді. Д. Эйзенхауэр   Европадағы   одақтастар  қарулы  күштерінің  бас  қолбасшысы  болған  кезде  оған  Абилиндік  жерлестері  тарапынан  хаттар  толастамайтын. Ал  Д.Эйзенхауэр  уақыт  тауып, оған  жауап  беруге  тырысатын. Мақтаныш  сезімі  кернеген  абилиндіктер, тіпті, «Эйзенхауэр  күнін» ұйымдастырды. Бұл күндері   Эйзенхауэр  портреттері  көшелерге  молынан  ілінетін. Эйзенхауэр  үшін  көрсетілген  мұндай  қошемет, әрине, оған  ғанибет  болып, жан  дүниесін  қобалжытатыны  да  растын. Бұған  ол  сыпайылықпен  «Егер  абелиндіктер  мені  дәріптеп, атымды  атамай, титулым  бойынша  ұлықтайтын  болса, онда  мен  үйге  келгенде  өзімді  жат  адамдай  сезінетін  боламын. Әскери  шеннің  ең  жаман  жері, ол  адамды  оқшауландырады, ал  бұл – жолдастық  қатынасқа  кедергі  жасайды. Мен  үйде  бұрынғы  жолдастарыммен  болғым  келеді»6 Сондықтан  ол  Абилинде  болған  кезде, ешуақытта  генерал  формасын  киген  емес.

Эйзенхауэрлер  отбасы, мейлінше  қарапайым  тіршілік  етті. 1882  жылы  Рай, 1894  жылы  Поп, 1898  жылы – Эрл, 1899  жылы  кенже  інісі – Мильтон  дүниеге  келді.  Сонымен, Эйзенхауэрлар  отбасында  алты  ұл  дүниеге  келіп, бірде – бір  қыз  бала  болған  емес. Үлкен  отбасын  асырау  ата – аналарға  оңайға  түспегенге  ұқсайды. Эйзенхауэрларда  ешуақытта  артық  ақша  болған  емес. Алайда, 1898  жылы Эйзенхауэрлар  отбасында  маңызды  жаңалық  болды. Дэвид  пен  Ида  Абилин  қаласындағы  екі  қабатты  сәнді  үйдің  егесі  болды. Бұл  үйді  Батысқа  қоныс  аударған  Дэвидтің  ағасы  Авраам  қалдырып  кетті. Келісім  бойынша  белгілі  бір  мерзімге  аренда  құнын  төлегеннен  кейін – Дэвид  біржолата  үйге  иемденетін  болды. Эйзенхауэрдің  материалдық  жағдайлары  жақсарғанымен, әлеуметтік  жағынан  өзгерістер  бола  қойған  жоқ. «Эйзенхауэрларды  білгендердің  барлығы  силағанымен, олардың  ешқандай  әлеуметтік  мәртебесі  жоқ  еді. Олар  қарапайым, кедей  адамдар  болды»7

Канзасты  шарпыған  ХІХ – ғасырдың  аяғы  ХХ – ғасырдың  басындағы  әлеуметтік  дауылдар  Абилиндегі, оңтүстік – шығыс  көшесі, 4 – үйді  айналып  өтті. «Өзен  бауырластығы»  сектасының   дәстүрлеріне  сәйкес  Ида  мен  Дэвид  балаларын  діни  догмалардың  қатаң  шеңберінде  тәрбиеледі. Эйзенхауэрлердің  үйінде  дін, сенім  ғана  емес, сондай – ақ, болашақ  президент  бойына  сіңірген  қасиетті  дәстүр  болды. Ол  атеизм мен  коммунизмнің  ымырасыз  қарсыласы  екенін  атап  өткенді  тәуір  көретін. Оның  бірде: «Мен, мен  білетін  адамдардың  ішіндегі  ең  діндарымын» дегені  бар.

Ата  аналары, балаларын  үй  шаруашылығындағы  міндеттерін  атқаруға, оның  ішінде  тамақ  дайындауға  да  үйретті. Д. Эйзенхауэрдің  өмірбаяны  зерттеушілер, оның  егде  тартқан  шағында  да, асханада  бірнәрсені  пісіріп  әуре  болғанды  ұнататынын  атап  көрсетеді. Дэвид  өте  білімдар, оқымысты  болып  қалыптасты. Ол  ағылшын  және  неміс  тілдерін  кіршіксіз  меңгерді, грекше  еркін  оқыды. Сабырлы  да  салиқалы  Дэвидтің  балаларымен  айналысып, тәрбиесіне  мән  беретіндей  немесе  уағыз  айтатындай  жағдайы  да  болған  емес. Еңбексүйгіштікке  жеке  өнегесімен  үлгі  көрсетті. Соған  қарамастан  семья  басшысының  өмірде  қол  жеткен  табысы  мардымсыз  еді. Дегенмен  қайтпас  қажырлылық  танытқан  Дэвид  Эйзенхауэр, 1904  жылдың  31  желтоқсанында  инженерлік  диплом  алуға  қолы  жетті. Бұл  Дэвидтің  өмірдегі  орнығуының  куәсі ретіндегі  бағалы  реликт  ретінде  әлі  күнге  дейін  Д.Эйзенхауэр   музейінде  тұр.

Эйзенхауэрдің  балалары  жастайынан  темірдей  тәртіпке, еңбек  сүйгіштікке  тәрбиеленді. Абилин  газеті  редакторы  Харгер  былай  деп  еске  алады, балалар «бау  бақша  өнімдерін  сатып, мектепке  қажетті  киім  кешек  пен  басқа  нәрселерді  өздері  табатын». Ауқатты  отбасының  әйелдері  балалардың  өнімдерін  сатып  алуға  барынша  кінәмшіл  болып, алған  құрлы  мазасын  алатын. Зерттеуші  Маркус  Чайлдстың  айтуынша, бұл  «ағайынды  бауырлар  үшін  жеккөрінішті  жұмыстар  еді»8  Бұл  жұмысты  бәрінен  де  жақсы  атқарған  Дуайт  еді, оның  қоршаған ортаға  бейімделгіштігін  зерттеушілер  жазады. Кейіннен  өзімен  Маккартурдың  айырмашылығын  айта  келіп  Эйзенхауэр «Ол – аристократ. Маған  келер  болсақ, мен  қарапайым  отбасынан  шыққан  адаммын».9

Үлкен  және  кіші  бауырлары  сияқты  Эйзенхауэр  үйде  әртүрлі  жұмыстар  атқарды: ыдыс  жуу, үй  сыпыру, бау  бақшада  жұмыс  істеу  т.б. Балалар  өте  тату  отбасында өмір  сүрді. Эйзенхауэр  бауырларының   барлығы  әкесі   мен  шешесінің  бірде - бір  рет  ұрысқанын  көрмегенін  жазады. Отбасындағы  темірдей  тәртіп, балалардың  қалыптасуында  шешуші  роль  атқарды. Егер  балалардың  бірі  өз  міндетін  дұрыс  атқармаған  жағдайда, олардың міндетті  түрде  қайтадан  орындауын  талап  етілді. Д. Эйзенхауэрдың  шешесі  Ида, өздерінің  діни  қауымында  өте  беделді  болды. Оның  қарапайым  кеңестерін  алмаған  секта  мүшелері  аз  болатын.

Эйзенхауэрлардың  отбасында  әрқашан  пацифистік, соғысқа  қарсы  көңіл  күй  үстем  болды. Мұндай  пацифизмнің  түп  тамыры  «Өзен  бауырластығының» діни  көзқарастарынан  туындайтын. Дуайт  Эйзенхауэр, шешесінің  соғысты  жек  көргенін  еске  алып  отыратын, оның  ойынша  соғыс  «адамдарды  тағы  хайуандарға  айналдырады». Бұл  көңіл  күй  балаларға  да  берілді. Балалардың  маңызды  шешім  қабылдауына  ата  аналары  араласқан  емес. Д. Эйзенхауэрлардың  отбасы  спортшылар  болды. Барлық  дерлік  отбасы  мүшелері  спортпен  айналысты. Американ  Батысының  дәстүрлі  ұғымдары  бойынша  нағыз  еркектің  дене  күші  мығым  болуы  керек. Бұл  Абилинде  айрықша  мәнге  ие  еді. Өйткені  Абилин  ковбойлық  Батыстың  өзіндік  «астанасы» болатын. Бандитизм, пышақтасу, қанды  қол  қарақшылық, есеп  айрысудың  орнына  спорт  келді. Сондықтан  Эйзенхауэрлардың   негізгі  әуестігі  спорт  болды. Дуайт  бокстан  қала  біріншілігіне  қатысып, болашақ саяси  қарсыласы  Уэсли  Мерифильдпен  жекпе – жекке  шыққаны  да  бар.

Мерифильдпен  төбелестен  кейін  ата – аналары  жағынан  ешқандай  ақыл  айтып  мезі  ету  немесе  жазалау  болған  емес. Үрейі  ұшып  қорыққан  анасы, оның  адал  шайқасқа  қатысқанын  естіп  тынышталды, бұған  төзімділікпен  қарады, осындай  ұрыс  керістерде  баланың  мінезі  шынығады  деп  есептейді. Жас  Дуайт  Эйзенхауэр  мінезі  мен  бейімділіктерінің  қалыптасуында  отбасы  ғана  емес, мектебі  мен  құрдастары  да  белгілі  бір  роль  атқарды. Кейбір  зерттеушілер  ағайынды  Эйзенхауэрлердің  өмірін  Марк  Твен  кейіпкерлерімен  салыстырады. Мұның  белгілі  бір  дәрежеде  шындыққа  саятыны  да  бар.

Д. Эйзенхауэр  дүниетанымының  қалыптасуында  оның  кітапқа  деген  құмарлығын  да  атап  өткен  жөн. Қолбасшылар  Ганнибал, Напалеон, АҚШ – ғы  азамат  соғыстары  тарихи  оның  сүйікті  тақырыптары  болды. Үлкен  қызығушылықпен  оқып  шыққан  жазушылар  мен  олардың  кітаптарын  атап  шығуға  болар  еді. Л.Баньенның «Пилигриммдер  прогрессі», Конан  Дойлдың  рыцарлық  серілер  туралы  жазған  «Ақ  компаниясы», Марк  Твеннің  «Король  Артур  сарайындағы  янкилері» және  т.б. Абилин  қаласының  кітапқұмары  Джо  Хаудың  үйіне  ең  көп  баратындардың  бірі  Дуайт  Эйзенхауэр  болды. Дуайт  мектепті  жаман  бітірген  жоқ. Әсіресе, Дуайттың  тарих, математика  және  ағылшын  тілінен  бағалары  өте  тәуір  болды. Мектеп  бітіргенде  үлгірім  көрсеткіші  бойынша  ол  31  түлектің  ішінен  үшінші  болып  тұрды.

1909  жылы  мектепті  бітіргеннен  кейін  Д.Эйзенхауэр  біршама  уақыт  қай  мамандықты  таңдарын  білмей, бір  жарым  жыл  бойы  жергілікті  майшайқау  зауытында  жұмысшы  болғаны  бар. Май  шайқау  зауытында  жұмыс  істеу  оңай  болған  жоқ. Сөткесіне  14  сағаттық  ауыр  жұмыс – жасөспірімді  шынықтырды. Абилиндегі  көп  достарының  ішінде, дәрігердің  баласы  Свид  Хезлеттің  мамандық  таңдаудағы  жәрдемі, оның  өмірінде  шешуші  роль  атқарды. Балалардың  арасындағы  бір  біріне  деген  жақындық  нағыз  достыққа  ұласты. «Біздің  нық  достығымыз, - деп  есепке  алады  Д.Эйзенхауэр, - оның  қайтыс  болған  1958  жылға  дейін  созылды».10 Свид  оның  әскери – академияға  тапсыруына  кеңес  берген  еді. Ақысыз  әскери  академияда  оқу  да  аз  роль  атқарған  жоқ. Дуайт  қабылдау  емтихандарына  барынша  табандылықпен  дайындалды. Сөйтіп, 1911  жылы  Уэст – Поинттағы  әскери  академиясының  кадеті  атанды. Төрт  жүз  жылдық  Эйзенхауэрлер  әулетінде  бірде  бір  әскери  жоқ  еді. Бұл  діни  нанымдарынан  туындайтын. Алайда, Эйзенхауэрлар  әулетіне  қашанда  прагманизм  тән. Қажет  болған  жағдайда, олар  діни  соқыр – сенімдерден  де  жоғары  тұра  білетін. Өзінің  пацифистік  және  діни  көзқарастарына  қарамастан  Дуайт  Эйзенхауэрдің  анасы, оны  сөккен  жоқ. Бұдан  кейінгі  жылдарда  және  президент  болғаннан  кейін  де, ол  өзінің  терең  діндәрлығының  бейбітшілік  үшін  күресуге  міндеттейтінін  атап  өткенді  жөн  санайтын, бірақ  іс  жүзінде  халық  аралық  өмірде  ол  қатаң  саясат  ұстанды. Сонымен  Д.Эйзенхауэр  1911  жылы  Уэст – Пойнттағы  әскери  академияға  қабылданды. Достары  мен  отбасымен  қоштаса  отырып, ол  «бірде  бір  рет  артына  қараған  емес. Бұдан  кейінде  ол, тек,алдыға  қарады,жаңа  мақсаттарға, мәселелерге, бастауларға  жұмылу  оған  тән  болды».11

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

1.2  Д.Эйзенхауэрдің  әскери  мансабының  басталуы.

 

Д. Эйзенхауэр  өмірбаянын  жазушылардың  көпшілігі, оның  әскери  мамандықты  кездейсоқ  таңдағанын  атап  өтуден  шаршамайды. «Байқамай  солдат  болған» немесе  «түсінбей  солдат  болған» деген  анықтауыштар  оның  қыр  соңынан  қалған  емес. Тіпті, оның  інісі  Эдгар  да  Дуайт  тегін  оқуы  үшін  әскери  мамандық  таңдады  деп  есептейді.

Уэст – Пойнтта  кадет  Дуайт  Эйзенхауэр  аса  бір  ыждаһатты  оқуымен  көзге  түскен  жоқ. Академияның  шарттары  оны  толығымен  қанағаттандырды. Сабақ  басталысымен  Эйзенхауэр  өзін  жақсы  спортшы  ретінде  көрсетті. Оның  спорттағы  табыстары  курстас  кадеттері  арасында  өте  танымал  етті, алайда, дүниетанымдары  әртүрлі  адамдармен  оңай  тіл  табыса  алатын  мүмкіндігі  де  бұған  себеп  болды. Уэст – Пойнтта  оның  іздегені  алдынан  табылды  деседе  болады: оның  алдынан  тамаша  спорттық  мансап  ашылды. 1912  жылдың  маусымында  американ  футболы  бойынша  көзге  түскен  Дуайт, - Американ  армиясының  командасы  құрамына  алынды. Газеттердің  барлығында  Дуайт  туралы  көп  айтылатын. Д. Эйзенхауэр, басқа  да  спорт  түрлері: бокс, күрес, фехтования, жүзу  т.б. айналысатын. Оның  есімі  мен  портреті  барлық  спорттық  басылымдарда  жарық  көрді. Дуайттың  ең  жақсы  көретін  ойыны  футбол  болды. Армияшылардың  клубы  «Карлслай  индеецтеріне» қарсы  ойнаған  кезде  Дуайт  атақты  Үлкен  Джим  Торнға  қарсы  ойнады. Жанкүйерлердің  Дуайтқа  таңған  дақпырт  аттары  «Канзас  циклоны», «Канзастан  шыққан  Торнадо» және  т.б. болды. Алайда  ойындардың  бірінде  тізесінен  жарақат  алған  Д.Эйзенхауэр  өмір  бақи  аяғын  сылтып  басатын.

Дегенмен  Д.Эйзенхауэр  өзінің  спортпен  әуестігін  тастаған  емес, футболды  тастап, ол  бейсбол, жүзу  және  гимнастикамен  айналысты. Оның  ұлы  Джонның  айтуынша, ересек  жаста  да  Эйзенхауэр  өте  күрделі, тек  кәсіпқой  гимнастардың қолынан  келетін  брустік  жаттығулар  жасайтын. Елу  жастан  кейін  де  ол  теннисті  жақсы  ойнады. Еңкейген  жасқа  дейін  Д.Эйзенхауэр  гольфті құрметтеді. Алайда, академия  қабырғасында  жүргенде  Дуайт  үшін  тағы  бір  жағымсыз  жәйт  болды. Бірінші  оқу  жылының  аяғында  оған  капрал  шені  берілді, бірақ  көп  ұзамай  ол  қатардағы  жауынгер  шеніне  төмендетілді, өйткені  Эйзенхауэрдің  тәртіптілігі  де  сыр  бере  бастады. 1952  жылы  Дуайт  Эйзенхауэр  президент  сайлауы  кезінде  жеңіске  жеткеннен  кейін, ол  Уэст – Пойнттағы  архивінен  өзіне  қатысты  көптеген  құжаттардың  көшірмелерін  алдырды. Ондағы  көзге  түсетіні  кадет  Эйзенхауэрдің  алған  сөгістерінің  көптігі. Көп  жағдайларда  оның  дабыл  көтерілген  жағдайда: «Тұрыңдар!» әміріне  сәйкес  қимылдай  алмай  қалатындығы  себеп  болған. Бұдан  бөлек  Эйзенхауэр  кйім  формасын  бұзғаны, асханаға  кешіккеніне, сапта  тұру  ережесін  бұзғанына  байланысты  сөгістер  алған. Мұның  барлығы  алған  жарақатына  байланысты  болса  керек.

Д. Эйзенхауэр  1915  жылы  Уэст – Пойнттағы  әскери  академияны  бітіргеннен  кейін, оған  АҚШ  армиясының  лейтенанты  атағы  берілді. Алайда, әскери  академияны  Эйзенхауэр  үздік  бітірді  деп  айтуға  болмас  еді. Оның  армиядағы  болашағы  да  бұлыңғыр  тұғын, өйткені  төрт  жылғы  баға  көрсеткіштері  орташа  болды  және  тізесіндегі  жарақаты  да  сыр  беретін. Кейде  Эйзенхауэр  Аргентинаға  кетіп  ковбой  болуды  да  армандайтын. Дегенмен  табиғи  оптимизм  Дуайтты  тастаған  емес. Ол  Филиппинде, тропикалық  аймақта  қызмет  етуге  дайындалды. Бірақ, алыс  түкпірде  Техас  штатының  Сан – Антонио  елді  мекеніне  жақын  Сэм  Хьюстон  фортында  әскери  қызметін  бастады.

Уэст – Пойнтта  түлегі  лейтенант  Эйзенхауэр  1915  жылдың  15  қыркүйегінде  қызметіне  кірісті. Техас  штаты  оған  жат  еместін, мұнда  да  Канзастағыдай  шетсіз  шексіз  ен  дала  ковбойлар  Канзастағыдай  климат  пен  ландшафт. Қызметінен  бос  уақытында  атқа  мініп  қыдыру, прерий  далаларында  құйғындатып  атпен  шабу  оның  сүйікті  ісі. 1916  жылдың  1 шілдесінде  Дуайт  Эйзенхауэр  Мария  Даудқа  үйленді. Мария  Даудтың  әкесі  Джон  Дауд  Техас  штатының  өте  ауқатты  адамдарының  бірі  еді. Бұл  Дуайт  үшін  үлкен  жеңіс  болды. Өйткені  Дуайттың  күйеу  жігіттікке  үміткер  ретінде  бәсекелестері  де  көп – ақ  еді, оның  үстіне  үлкен  әлеуметтік  суайырықты  жеңу  қажет  болды. Осы  үйлену  тойының  құрметіне  Дуайтқа  әскер  басшылығы  тарапынан  аға  лейтенант  шені  берілді.

Мария  Даут  Абелиндегі  Эйзенхауэрлер  отбасында  өте  жылы  қабылданды. Бойдақ  өмірдің  еркіндігіне  үйренген  Дуайттың  адуынын  басуда  Мария  Дауд  үлкен  роль  атқарды. Бұдан  былайғы  уақыттың  барлығында  өзінің  қызметтен  тыс  бой  жазу, көңіл  көтерулерінің  барлығын  Мариямен  келісіп  отыратын  болды. Зерттеушілердің  барлығы  дерлік  осы  пікірді  құптайды.

Д.Эйзенхауэр  аға  лейтенанттық  киімін  киіп  жүргенде  Европада  қанды  соғыс  жүріп  жатқан  еді. АҚШ тың  соғыстан  бойын  аулақ  ұстап, оқшаулануын  жақтаушылар  елде көп  болды. АҚШ  билеушілері  соғысқа  кірігуге  асыққан  жоқ, дегенмен  Германияның  жағдайы  белгілі  болысымен, Антанта  жағында  соғысқа  кірісу  АҚШ  үшін  өте  тиімді  тұғын. Бұл  кезде  Д.Эйзенхауэрдің  жеке  жоспарында  да өзгерістер  болып  жатты. Ол  сол  кездегі  әскердің  жаңа  түрі  әскери - әуе  күштері  құрамына  өтіп, әскери  ұшқыш  болғысы  келеді. Бірақ  отбасылық  кеңестегі  шешім  бұған  мүлдем  қарсы  болып, Дуайт  өз  райынан  қайтуға  мәжбүр  болды. Әсіресе, Мария  Даудтың  шешесі  мисис  Даудтың  сөзі  шешуші  роль  атқарды. Бұл  Марияның  Эйзенхауэрдің  шешіміне  араласқан  ең  соңғы  араласуы  еді.

Жас  жұбайлардың  отбасылық  тіршілігі  өте  қарапайым, тіпті, жұпыны  деп  те  айтуға  болатын  жағдайда  өмір  сүріп  жатты. Аға  лейтенанттың  жалақысы  сән  салтанатты  өмір  сүруге  мүмкіншілік  берген  жоқ. Бұл  таза  армия  гарнизонының  өмірі  еді. Алайда, тағдыр  қайда  апарса  да, барған  жерлерде  «Эйзенхауэрлар  клубы» болды. Ақ  көңіл  де, көпшіл  Эйзенхауэрлардың   қайда  жүрсе  де  жаңа  достары  көп  болды. 1917  жылдың  24  қыркүйегінде  Эйзенхауэрлар  отбасында  тұңғыш  нәресте  дүниеге  келген  кезде, оны  Дуайт  атасының  құрметіне – Дэвид  деп  атады.

1917 жылдың  6 – сәуірінде  АҚШ  Германияға  соғыс  жариялады. Американ  кәсіпқой  мамандарының  алдында, ендігі  жерде  жаңа  мүмкіндіктер  ашылды. Соғыс  бастала  салысымен  Д.Эйзенхауэрдің  капитан  атағын  алуы  кездейсоқ  емес. 1917 жылдың  1 – сәуірінде  Дуайт  жаңа  қызмет  орнына, Техас  штатындағы  Леон  Спрингсте  орналасқан  57 – і  жаяу  әскер  полкына  келді. Бұл  полк  Европадағы  әскери  іс  қимылдарға  қатысу  үшін  мұхиттың  арғы  жағындағы  сапарға  дайындалып  жатты. Эйзенхауэрдің  арманы  да  осы  еді. Соғысқа  қатысу, оның  мансаб  алуына  жәрдемдесті  және  әскери  өнердің  барлық  ұңғыл – шұңғылын  іс  жүзінде  тану  үшін  қажетті  жағдайды  жасады.

Д. Эйзенхауэр  өз  ісіне  барынша  ұқыпты  қарап, барлық  күш  жігерімен  Европадағы  майдан  ұрыстарына  дайындады. 57 – полкта  Дуайт  алғаш  рет  өзінің  ұйымдастырушылық  қабылетін  көрсетті. Эйзенхауэрдің  тағдырын  офицер  мамандарға  деген  мұқтаждық  шешті. Ол  соғысқа  жіберетін  жауынгерлерді  даярлау  ісінде  үлкен  қажырлылық  танытты. АҚШ  әскери  күштеріндегі  тұңғыш  танкі  бөлімдерін  даярлау  міндеті  де  Д.Эйзенхауэрдің  үлесіне  тиді. Болашақ  соғыстағы  әуе  күштері  мен  танкілердің  шешуші  роль  атқаратындығы  алғаш  сезгендердің  бірі  Эйзенхауэр  болды.12  Оның  бұл  саладағы  еңбегі  де  елеусіз  қалған  жоқ. Ол  1918  жылдың  17 июнінде  майор  атағын  алса, осы  жылдың  қазан  айында  подполковник  шенін  алды. Танкистер  құрамын  даярлаудағы  елеулі  еңбегі  үшін  подполковник  Эйзенхауэр  медальмен   марапатталды. Оның  әскери  бөлімі  армиядағы  ең  үздіктердің  бірі  болды. Д. Эйзенхауэр  Европадағы  әскери  майдан  ұрыс  алаңдарына  сұранып  тоқтаусыз, жоғарғы  жаққа  өтініштер  жіберумен  болды. Алайда  ең  соңғы  өтініш  қанағаттандырылған  кезде  Германия  тізе  бүгіп, бітімге  қол  қойылды  деген  хабар  келді. Осылайша, Д.Эйзенхауэрдің  нағыз  қанды  соғысқа  қатысу  арманы  бұл  жолы  орындалған  жоқ.

Соғыс  аяқталғаннан  кейін  АҚШ  армиясында  заңды  қысқару  жүрді. Әскерден  қысқартылғандардың    ішінде  Дуайт  Эйзенхауэр  болды. Эйзенхауэрлердің  отбасын  тағы  бір  қырсық  күтіп  тұрды. 1921  жылдың  2 – қаңтарында  қызамық – скарлатина  ауруынан  үш  жасар  Дэвид  қайтыс  болды. Бұл  Эйзенхауэрлар  отбасындағы  үлкен  бақытсыздық  еді. Дэвид  Дэнвер  қаласында  нағашы  аталарының  үйінен  жерленді. Баласының  өлімі  Дуайттың  ұнжырғысын  түсіріп  жіберді. Соғыстан  кейін  Д.Эйзенхауэр  бірнеше  жұмыс  ауыстырды. Олардың  бірден  бірі  оның  жаны  қалаған  емес. Д. Эйзенхауэр, тіпті, армияны  біржолата  тастау  туралы  да  ойлана  бастады, дегенмен  үмітсіз  де  еместін. Оның  жолы  болды  да...13

1922  жылы  ол  Панама  каналы  аймағына  жіберіліп  онда  1924  жылдың  19  қыркүйегіне  дейін  қызмет  етті. Оның  лауазымы  мен  қызмет  орны  да  өте  қарапайым  тұғын, бірақ  оның  жолы  болды, өйткені  онда  АҚШ  армиясындағы  ең  білімді  мамандардың   бірі  генерал  Коннердің  қарамағында  жұмыс  істеді. «Айктың  (Дуайт) алысқа  шабатынына» Коннэр  күмәнданбайтын. Ол  Эйзенхауэр  үшін  күшін  де  тәжірибесін  де  аяған  емес. Коннэрден  Д. Эйзенхауэрдің  түйгені  екінші  дүние  жүзілік  соғыстың  сөзсіз  болатындығы  концепсиясы. Дуайттың  ол  қашан  басталады  деген  сұрағына  15 – 20, мүмкін  30  жылдан  кейін  болар  деп  жауап  беретін. Генералдың  экономикалық, саяси  және  әскери  уәждері  өте  салмақты  еді. Соғыстың  болатыны  рас  болса, әскердегі  қызмет  жаңа  мазмұнға  ие  болды.14

Панамада  немесе  одан  басқа  жерлерде  болсын, Д.Эйзенхауэрлардың  үйі  әріптестері  үшін  өте  тартымды  болды. 1923  жылдың  3  тамызында  Мария (Мәми) екінші  ұлын  Джонды  туған  кезде, бұл  тенденция  онан  сайын  кең  құлай  жайды. Үлкен  соғыстың  болатындығына  деген  сенімділік  Д.Эйзенхауэрді  онан  әрі  ізденуге  итермеледі. Соғыс  теориясы  мен  тактикасына  қатысты  жүздеген  кітаптарды  қайта  қарап  шықты. Генерал Коннермен  сұхбаттасудың  өзі  өзіндік  бір  үлкен  мектеп  болды. Генералдың  кеңесі  бойынша  орасан  зор  кітаптар  оқылып, сонан  соң  пікір  алысу  жүрді. Генерал  Коннердің  рекомендациясы  бойынша, майор  Эйзенхауэр  1925  жылы  Бас  штабтың  Канзас  штаты  Ливенварт  Фортындағы  командалық – штабтық  колледжіне  қабылданды. Бұл  сол  уақыттағы  АҚШ – тағы  ең  беделді  әскери  оқу  орны  еді. Бұл  оқу  орнын  1926  жылы  бітіріп, үлгірімі  бойынша  275  тыңдаушының  біріншісі  болып  тұрды. Болашақ  үшін  бұл  маңызды  алғышарты  еді. Әскери  министірлікте  және  армия  штабында  көп  үміт  күттіретін, әрі  қабылетті  офицер  ретінде  Эйзенхауэрдің  есімі  жиі  айтылатын  болды.

Д.Эйзенхауэр соғыс және соғыстан кейінгі жылдарда