Кәсіпорын шығындарын басқару. 2

Кіріспе

 

Мемлекет  экономикасының нарықтық қатынастарға өтуімен бірге кәсіпорындардың  өздігінен жұмыс істеуі, сонымен  қатар олардың экономикалық және заңгерлік жауапкершіліктері  артуда. Шаруашылық жүргізуші субъектілердің қаржылық тұрақтылығының мәні, сонымен  қатар олардың бәсекеге қабілеттілігі  жылдам артады. Шарушылықты тиімді жүргізе білу кәсіпорынның бәсекелестік жағдайында алға шығу шарты болып  табылады.

Қатаң бәсекелестік жағдайы  кәсіпорындардың шығындарды басқару процесіне, оларды есептеу  мен мониторинг жүргізудің жетілдіру  жолдарын іздеуге  үлкен қызығушылық  тудыруына әкеледі. Кәсіпорында  шығындарды басқару процесін ұйымдастыру  шығындардың жалпы деңгейін төмендетуге  көмектеседі. Бұл кәсіпорынға қосымша  бәсекелік артықшылықтарды береді.

Тақырыптың өзектілігі:Кәсіпорын қызметінің негізгі қаржылық нәтижесі пайда болып табылады, ол оның келешекте дамуының негізі және қаражат көзі қызметін атқарады. Өндіріс көлемін немесе шығарылатын өнімге бағаны өсіру арқылы пайданы арттыруға болады, бірақ бұл әрдайым мүмкін емес және мақсатқа сай келмейді. Сол себепті кәсіпорынның пайдасын арттырудың негізгі шарты өнім өткізілімі мен өндіріс шығындарын төмендету, сөның ішінде шығарылатын өнімнің өзіндік құнын төмендету болып табылады, осыған орай шығындарды басқару және ұйымдастыру кәсіпорын үшін маңызды мәселе болып табылады.

Барлық  кәсіпорындарда да шығындарды рационалды деңгейге дейін төмендету үшін резервтер  қалыптасқан, ол кәсіпорын қызметінің экономикалық тиімділігінің өсуіне, бәсекеге қабілеттілік деңгейін арттыруға  қол жеткізуге көмектеседі. Өнім бірлігін шығаруға шығындарды төмендету  кәсіпорынға айтарлықтай төмен  және икемді баға орнауға көмектеседі, ол бәсекелестер алдында маңызды  артықшылық береді. Сол себепті әрбір  кәсіпорын үлкен экономикалық нәтижеге қол жеткізу үшін шығындарды талдау мен оларды тиімді басқарудың маңызы зор.

Соңғы жылдары  шикізат құнының, материалдардың, энергияның өсуіне, сонымен қатар, несиені тұтыну үшін пайыздық ставкалардың, жарнамаға  деген шығындардың өсуіне байланысты өндіріс шығындарының өсуі тенденциясы  бақылануда. Нарықтық қатынастардың  қалыптастыру халықаралық тәжірибе мен нарықтық экономика кезеңіне өту ерекшеліктерін ескере отырып, өндіріс шығындарын басқару тәжірибесін  жетілдіруді талап етеді. Бұл  кәсіпорынға бәсекелестік жағдайында өмір сүруіне, пайданы максималдау  мен шығындарды минималдауға, кәсіпорын  қызметінің рентабельділігін қамтамасыз етуге  көмектеседі.

Шығындарды  басқарудың мақсаты - ылғи да шығарылатын  өнімнің бәсекеге қабілеттілігін және сонымен бір мезгілде кәсіпорынның қаржылық тұрақтылығын ұстап тұру. Шығындарды басқару кез-келген басқару  процесіне сай  кезеңдерді өзіне  қосады.

Шығындарды  дұрыс басқару үшін, біріншіден, оның мәнін сипаттайтын анықтама беру қажет, екіншіден, оларды нақты  белгілері бойынша топтастыру қажет, ол олардың басқару объектісі  бойынша шығын деңгейін белгілеуге көмектеседі және де кәсіпорында  шығындарды басқарудың негізгі әдістерін  зерттеп, жоспарлау, есептеу, бақылау, талдау жүргізу қажет.

Курстық жұмыстың мақсаты - шығындарды басқару жүйесінде тиімділікті арттыратын және өндіріс шығындарының оңтайлы деңгейін қамтамасыз етуге ықпалын тигізетін шараларды өңдеу, пайданы максималдау арқылы кәсіпорынның бәсекеге қабілеттілігін арттыру.

 Осы  мақсатқа сәйкес келесідей міндеттер  қойылды:

  • басқару мақсаты үшін шығындардың экономикалық мәнін ашу және олардың жіктелімін көрсету;
  • кәсіпорынның қаржылық тұрақтылығын талдау;
  • кәсіпорынның қаржылық шаруашылық қызметін талдау;
  • талданатын ұйым бойынша жиналған мәліметтер негізінде өндіріске кететін шығындарға талдау жүргізу;
  • шығындарды басқарудың қазіргі таңдағы әдістерін анықтау;
  • кәсіпорында шығындарды басқарудың тиімділігін арттыру жолдарын қарастыру.

        Курстық  жұмыстың зерттеу объектісі - «ҚазТарансОйл » АҚ-ның қаржылық-шаруашылық қызметі.

        Курстық жұмысымның құрылымы үш бөлімнен құрылған.

Бірінші бөлімде жалпы шығындардың экономикалық мәні және олардың жіктелімі, кәсіпорын шығындарын басқару, талдау қарастырылған.

Екінші бөлімде шаруашылық субъектісінің  қызметі барысында қалыптасатын жағдайды және шығындарын талдау, кәсіпорынның қаржылық тұрақтылығы мен өтімділігін  талдау, шығындарды калькуляция баптары  бойынша талдау толық қарастырылған.

Үшінші бөлімде қазіргі таңда  кәсіпорын шығындарын басқару жүйесін  жетілдіру, шығындарды есептеу әдістерін  жетілдірудің негізгі бағыттары, шығындарды басқарудың тиімділігін жоғарылату бойынша шаралар қарастырылған.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

1 Кәсіпорындағы шығындар құрылымын  ұйымдастыру мен басқарудың теориялық  негіздері

1.1 Шығындардың  экономикалық мәні және олардың  жіктелімі

 

Шығындар  өндіріске және  өнімді шығаруға қолданылатын  белгілі бір кезеңдегі  қорлардың ақшалай көлемін көрсетеді. Сонымен қатар, экономикалық категория  ретінде кәсіпорынның, кәсіпкерлердің, жеке өндірушілердің және басқа да шаруашылық етуші субъектілердің ақша түрінде берілген шығындарын,  айналымын  және өнімнің өтімін көрсетеді.

Шығындар  өндірісте жұмсалатын ресурстар (табиғи, еңбек,           
  құрал-жабдықтар, техника, ақпараттық және т.б.) жиынтығынан тұрады.

Өндіріс шығындары өндіріске қажетті  факторлардың төлемін көрсетеді. Осы  өндіріске қажетті факторларды  зерттеу дайындалған өнімді сатудан  түскен пайда көлемінің шығындарды жабуы мен жағымды пайда әкелуіне жеткіліктілігін қамтамасыз етуі қажет. Пайда кәсіпкерлік қызметтің дамуының кепілі болып табылады. Бірақ, аталған мақсаттарға қол жеткізу жұмсалған шығындар көлеміне тәуелді болады. Сол себепті өндіріс шығындары экономикалық талдаудың маңызды бөлігі болып табылады.  
Кәсіпкердің шығындар мен пайдаға деген өз көзқарасы болады. Белгілі бір шығындарды жапқаннан кейінгі пайда өндірістің жақсы мүмкіндіктерін қамтамасыз етуі қажет. Айтарлықтай тиімді өндірісті қамтамасыз ету үшін шығындар пайдадан аз болуы қажет.

Кәсіпорынның  шығындары туралы түсінік үш маңызды  жағдайға негізделеді:

  • шығындар  белгілі бір кезеңде өнімді өндіру кезінде қанша және қандай қорлар шығындалғанын көрсете отырып, қорларды қолдану арқылы анықталады;
  • қолданылған қорлар көлемі ақшалай және натуралды бірліктермен көрсетіледі, бірақ экономикалық есептеулерде шығындардың ақшалай көрінісіне жүгінеді;
  • шығындарды анықтау әрқашан белгілі бір мақсаттарға сай жүргізіледі, яғни ақшалай көріністегі қолданылған қорлар көлемін өнімді өндірудің негізгі функциялары және оның жалпы кәсіпорын немесе кәсіпорынның өндірістік бөлімшелері арқылы есептейді.

Кәсіпорынның  өндірістік  шешімдері  нарық  жағдайлары  мен  шығындар  арқылы анықталады. Өнім  көлемінің  өзгеруі  фирмалардың  ұсынатын  тауарлардың  мөлшері  және  оның  бағасымен  байланысты.  Өндірістің  шығындары  бухгалтерлік  және  экономикалық  шығындар  болып  бөлінеді. Бухгалтерлік  шығындар  бұл  өнімнің  өзіндік  құнының  құрамына  кіретін  нақты  шығындар.  Бұлар  шикізат,  материалдар,  жалақы,  амортизация,  салықтар  және  т.б.  Экономикалық  шығындарға  барлық  шығындар  жатады.  Соның  ішінде  кәсіпорынның өз  меншігіндегі  
сатып  алынбайтын өндіріс  факторларын  пайдаланбағандағы  айқынсыз  шығындар.

Кәсіпорын шығындары өндірістік белгісіне  қарай 3 түрге бөлінеді:

  • Өзіндік құн құрайтын өнімдерді өндіру және сатуға кететін шығындар.Бұл капиталдың ауыспалы айналымы арқылы сатудан түскен ақшалай түсімді жабатын ағымдағы шығындар;
  • Өндірісті ұлғайтуға және жаңартуға кететін шығындар.Әдеттегідей бұл жаңа немесе жаңғыратын өнімге жұмсалатын бір жолғы ірі күрделі қаржы шығындары;
  • Өндірістің әлеуметтік-мәдени, тұрғын-үй, тұрмыстық қызмет көрсету және осыған сәйкес басқа да мұқтаждарға кететін шығындар. Олар негізінде пайданың есебінен бөлінетін арнаулы қорлардан қаржыландырылады.[1]

Материалдық  құндылықтар  өндірісі, тауар саудасы, сонымен  қатар  қызмет  көрсету  адамдық,  материалдық,  ақшалай  ресурс  шығындарын  қажет  етеді. Бұл  қолданылған  ресурстар  соңында  әртүрлі  нысанда және  көлемде  өзіндік  құнға  негізделеді.

Аталған  шығындар,  өнім  және  қызмет  көрсетуге  аударылған,  өзіндік  құнға  қосылғандар  оларды  өткізу  бағасында  өткеріледі.  
Осылайша, өзіндік  құн - кәсіпорында өткізу  мақсатында  өндірілген өнім мен  қызмет көрсетулерге  кеткен  шығындардың  ақшалай  түрдегі  сомасын көрсетеді. Өзіндік  құн - өнім  өндіруге  жұмсалған барлық шығын.   
Өндірілген өнімнің  өзіндік  құнына  барлық  жұмсалған  шығындар: шикізат, материал, электр энергиясы,  амортизациялық  жарна,  еңбекақы т.б. кіреді.  Өзіндік  құн  сол  кәсіпорын  шығынының  жиынтық  көрсеткіші,  ол  әрбір  өнімге  жұмсалған  жалпы  шығын  сомасын  өнім  көлеміне  бөлу  арқылы  анықталады.

Сонымен, кәсіпорын  қызметінің  негізгі  көрсеткіштерінің  бірі  болып  өнімнің  өзіндік  құны  саналады, ол өндірістегі  өнім өткізілуінің  ақшалай  нысандағы  шығындар  жиынтығын  құрайды және  барлық  өндіріс  тиімділігін  анықтайды.

Өзіндік  құнның  экономикалық  міндеті - жұмсалған  шығындардың  орнын  толтыру  және  соның   негізінде  өндірістің  барлық  элементтерін  қайта  өндіру: өндірістік  қорлар  және  жұмыс  күші.  
Осы  жерде  кәсіпорынның   өзіндік  құнның   негізгі  элементі  болып  амортизация, яғни  шығындалған  материалдық  ресурстар  құны, еңбекақы - ол  шығындардың  бөлімдері  болып  табылады.  Сонымен  қатар  кәсіпорында  басқа  да шығындарды  жүзеге  асырады: өз  жұмысшыларына  
сыйақылар төлейді, банк  несиелеріне  пайыз  төлейді, әлеуметтік  объектілерді  ұстайды,  бюджеттік  емес  қорларға  аудрымдар  жүргізеді - бұл шығыстар  кәсіпорынның  қосымша  шығыстарын  құрайды.

Шығындар  жиынтығы  пайда  көлемін  анықтайды, олардың  көбейуі  екі түрлі  факторға  байланысты болады. Олар бағаның  өсуі және  өнімнің  өзіндік құнының  төмендеуі. Соңғысы тиімдірек  болып  табылады.

Өнімнің  өзіндік  құны - синтетикалық, кәсіпорын  қызметінің  барлық жағын бірлікте және өзарабайланыста сипаттайтын  жалпылама көрсеткіш болып табылады.  Ол  кәсіпорынның өндірістік-шаруашылық қызметінің  сапалы көрсеткіші. Оның  деңгейі мен динамикасы бойынша өндірістің басқару, жоспарлау, еңбек пен еңбекақының ұйымдастырылуы, техника мен технология деңгейін анықтауға болады. Өзіндік  құнның  мағынасы  сонымен  қатар  оның  атқаратын  қызметтерімен де анықталады:

  • өзіндік  құнда өндірістің қоғамдық шығындарының 5/4 бөлігі шоғырланады. Сондықтан да өнімнің өзіндік  құны  арқылы өндіріс құралдарының  жұмсалуы қамтамасыз етіледі;
  • өзіндік құн көтерме бағаны қалыптастыру базасы болып табылады, оның есептемей бағақалыптастыру  мүмкін  болмайды;
  • өзіндік құн негізінде табыс, жеке бұйымдардың рентабельділігі, яғни олардың өндіру мақсаттылығы  есептелінеді.

Өнімнің  өзіндік  құнын құрайтын шығындар  екі  түрлі  негізгі белгілер  бойынша  жіктеледі:

  • шығындардың  экономикалық  элементтері  бойынша;
  • калькуляциялық баптар бойынша.[2][3]              

Шығындарды  экономикалық элементтері  бойынша  жіктеу өндіріс шығындары сметасын дайындағанда қолданылады. Бұл жіктеу негізі  шығындардың әрбір элементінің  экономикалық сипаты  бойынша  біртекті  шығындарда  біріктіріледі, олар  жиынтық  өнімнің  өзіндік  құнын  құрайды. Сонымен қатар шығындардың  келесідей элементтері ерекшеленеді:

  • еңбекке төлем шығындары;
  • әлеуметтік сақтандыруларға аударымдар;
  • мемлекеттік қорларға жұмысбастылықтың қатысуымен аударымдар;
  • амортизация;
  • басқа шығындар.

Қарастырылып  отырған шығындар тобы заттай және тірі еңбек шығындары қатынасын  бекітуге, өнім өндірісіне барлық шығындар бағасын анықтауға мүмкіндік  береді. Шығындардың бұл тобы айналым  құралдарын жоспарлауға, материалды шығындар сомасын анықтауға пайдалынылады, ол өз кезегінде таза өнімді есептеуді  қажет етеді.[2]

Шығындарды  калькуляциялық баптар бойынша жіктеу оларды өз алдына  өндірістік  бағдары  бойынша  топтау, яғни  өндіріс  процесінде  пайда болу орны және өнімді өткізуді  көрсетеді.

Шығындарды  калькуляциялық баптар бойынша жіктеудің  негізі ол тікелей шығындарды өз алдына тәуелсіз бірыңғай экономикалық элементтері 

шығындар  бабы түрінде ерекшеленсе, ал  қосымша  шығындар   кешенді  шығындар бабында  көрсетілген:

  • шикізат және материалдар;
  • жартылай фабрикаттар және технологиялық мақсаттағы көмекші материалдар; 
  • өндіріс жұмысшыларына негізгі  және  қосымша  еңбекақы;
  • технологиялық мақсаттағы жанармай және энергия;
  • әлуметтік сақтандыруларға аударым;
  • цехтық шығындар;
  • жалпы шаруашылық шығындар;
  • коммерциялық шығындар;
  • жалпы өндірістік шығындар.

Шығындарды  калькуляциялық  жіктеу мағынасы - оның негізінде әртүрлі өнім түрлері  бірлігінің  өзіндік  құнын есептеуді  білдіреді.  
Ол өндірістің  әр түрлі учаскелерінде  өзіндік  құнды төмендету резервтерін іздестіруге мүмкіндік береді. Калькуляция - өнімнің, жұмыстың  өзіндік  құнын  шығындардың түр-түрі бойынша есептеу. Шығынның  түр-түрі бойынша өндірілген  өнімнің  бір өлшеміне  немесе орындалған жұмыстың әр түрлі көлеміне жұмсалған қаржының мөлшерін анықтау.[2][3]

Өзіндік құнның көрсеткіштерінің маңыздылығымен байланысты ол әртүрлі критерилер бойынша  бірнеше түрге жіктеледі. Өйткені  осы жіктеулердің кейбіреулері кәсіпкерге өзіндік құнды жақсы игеруге  мүмкіндік береді.

Қарастырылатын  құбылыстар мен объектілерді зерттеу, тану әдісінің бірі жіктеме болып  табылады, яғни объектінің жалпы анықталған жағдайлары мен олардың арасындағы заңды байланыс негізінде бөлімдерге бөлу. Жіктеме белгілері көбейген сайын объектіні тану деңгейі  де жоғарылайды. 

Шығындарды  есептеу жүйесін тиімді ұйымдастыру  үшін анықталған белгілері бойынша  экономикалық негізделген шығындар жіктемесін қолдану қажет. Бұл шығындарды тек жақсы есептеп және жоспарлап  қана қоймай, сонымен қатар, оларды нақтырақ талдауға көмектеседі. Ол жекелеген  шығындар арасындағы анықталған қатынасты  шығарады және олардың өндірістік өзіндік  құны мен рентабельділік көлеміне әсер ету деңгейін есептейді.

Басқару есебінде шығындар жіктемесінің мақсаты  басшыларға дұрыс, негізделген шешім  қабылдауға көмектесу. Сол себепті  шығындар жіктемесі процесінің мәні - бұл шығындардың басшылар әсер ете алатын бөлігін бөліп көрсету. Басқару есебі көздеген мақсаттарына өзінің функциялары арқылы жетуге бағытталған. Әр бір функцияның өз бағыты, мақсаты, міндеті, сонымен қатар, оларға қол  жеткізудің өзіндік әдіс-тәсілдері  бар.

Нарықтық  экономикада шығындар нақты (бухгалтерлік), нақты емес (имплицивті) және қайтарылмайтын шығындар болып бөлінеді.  
      Нақты шығындарға - кәсіпорынның пайдаланған ресурстары үшін төлейтін төлемдері жатады. Оларға шикізат, материалдар, отын, энергия, персоналдардың еңбекақысы, амортизация, көлік, сақтандыру және басқа өнім өндіру мен сату үшін жұмсалған шығындар жатады. Өнім өндірумен бірге, сатуға жұмсалған шығындар жиынтығы өнімнің толық өзіндік құнын құрайды. Сонымен бірге, өнімнің толық өзіндік құны тауарлық өнімді өндіруге кеткен шығындар динамикасы мен деңгейін анықтайтын негізгі көрсеткіштердің біріне жатады.

Нақты шығындар оперативті құжаттарда, қаржы есептерінде  есептелгендіктен бухгалтерлік шығындар деп те аталады.

Экономикада шығындардың балама түрлері шығындарды жоспарлауда, болжауда қолданылады. Шығындар ең үздік баламалы түрде пайдалану  тұрғысынан қарастырылса, оларды жіктелген  шығындар деп атайды.  
Мұндай шығындар балама нұсқалары бар болған кезде пайда болады.  
Оларды есептеу оңайға соқпайды, сондықтан экономикалық шешімдер қабылдау кезінде есепке алынады. Ондай шығындар өзінің құрамына сыртқы шығындар (жабдықтаушыларға сатып алған ресурстар үшін төлем төлеу шығындары) мен ішкі шығындарды (фирмаға қарасты ресурстарды пайдалану шығындары) қамтиды. Фирмаға қатысты мұндай ішкі шығындар баламалы түрдегі ең ұтымды ресурстарды пайдалануға байланысты есептелген төлемақы шығындарына тең болады. Мұндай шығындар нақты емес немесе имплицитті  шығындар деп те аталады. Сонымен қатар, баламалы шығындар ресурстардың шектеулі кезінде пайда болатындығын атап өткен жөн. Егер де ресурстар шектеулі болмаса, жіктелген шығындар нөлге тең болады.  Балама шығындары кейде қосымша шығындар деп те аталады.

Қайтарылмайтын шығындар деп қандай жағдай болмасын қайтарылмайтын, бір рет қана жұмсалатын шығындарды айтады.  
Сондықтан олар кәсіпорынның ағымдығы операцияларымен ешқандай байланыста болмайды. Ондай шығындарға жанама шығындарды жатқызуға болады.

Кәсіпорынның  оперативті қызметі бухгалтерлік шығындар мен бухгалтерлік табысты есептеу  және бағалаумен тікелей байланысты болса, ал экономикалық табыс бизнес-жоспар, инвестициялық жобалар жасауда  есептеледі. Кәсіпорын жұмысының  уақыт мерзіміне және де өнім көлемінің  өзгеру және өзгермеуіне байланысты шығындар тұрақты және өзгермелі болып бөлінеді.

Тұрақты шығындарға өнім өндіру көлемінің өзгеруіне қарамастан тұрақты болып қала беретін қысқа мерзімде өзгермейтін шығындар жатады.  Оларға әкімшілік персоналдың еңбекақысы, үй-ғимараттың жал ақысы,  
құрал-жабдықтың амортизациясы сияқты шығын түрлері жатады.  
Өндіріс көлемінің артуынан бір өнімге келетін тұрақты шығындар азаяды. Сондықтан кәсіпорын үшін тұрақты шығындарды есептеу қажеттілігі пайда болады.

Өз кезегінде  тұрақты шығындар қалдық және старттық шығындар  болып екі топқа бөлінеді. Қалдық шығындарға өнім өндіру мен сату жұмыстары толық тоқтатылса да, кәсіпорында әрі қарай орын алатын тұрақты шығындардың бір бөлігін атайды. Старттық шығындарға өнім өндіру мен сатуда қалпына келтіруге болатын тұрақты шығындардың бөлігі саналады.

Айнымалы (өзгермелі) шығындарға қысқа мерзімде өнім өндіру көлемінің артуы немесе азаюына қарай өзгеріп отыратын шығындардың түрлері жатады. Мысалы, оларға шикізат пен материалдар, энергия, негізгі және қосымша жұмысшылардың еңбекақысы шығын түрлерін жатқызуға болады. Әрбір нақты жағдайға байланысты кейбір кезде шығындар әрі тұрақты, әрі өзгермелі болып келуі де мүмкін.

Тұрақты және өзгермелі шығындардың жиынтығы жалпы шығындарды құрайды.

Кейбір  жағдайда шығындар аралас шығындар болып келеді.  
Олардың құрамында тұрақты және өзгермелі шығындар  компоненттері орын алуы мүмкін. Барлық тікелей шығындар өзгермелі шығындар болуы мүмкін, ал жалпы өндірістік, жалпы шаруашылық және коммерциялық шығындардың құрамында тұрақты және өзгермелі шығындардың құрамдас бөліктері болады. Мысалы, телефонға төлейтін айлық төлемде абоненттік төлем тұрақты бөлігін құраса, ал өзгермелі бөлігіне қалааралық және халықаралық телефон сөйлесулерінің саны мен ұзақығына қарай төленетін ақыны жатқызуға болады. Сондықтан шығындарды есептеуде тұрақты және өзгермелі шығындардың арасындағы айырмашылықты нақты көрсету қажет болады.

Қабылданатын  басқару шешімдерінің ерекшелігіне байланысты шығындар релевантты және релевантты емес болып бөлінеді. 
Релевантты шығындарға басқару шешімін қабылдауда маңызды рөл атқаратын шығындар кіреді. Жеке алғанда, өткен мерзім шығындары релевантты бола алмайды, себебі оларға әсер ету мүмкін емес. Сонымен қатар, жіктелген шығындар (мәселен, жоғалтылған пайда) басқару шешімдерін қабылдау үшін релевантты болады. Қабылданатын шешімдердің нәтижелеріне ерекше әсер етуіне байланысты шығындар тиімді және тиімсіз болып бөлінеді.

Қабылданған басқару шешімдері жоспарлау  үрдісімен тікелей байланысты болуы  тиіс. Өндірістік және коммерциялық қызметті орындауға байланысты болжанатын шығындар жоспарлау үрдісімен тікелей  байланысты болады.

Жоспарланатын шығындарға кәсіпорынның шаруашылық қызметіне туындайтын және өндіріс шығындарының сметасында қарастырылған кәсіпорынның тиімділігі  жоғары шығындары жатады. Олар нормалар, нормативтер, лимиттер және сметаларға сәйкес есептеліп, өнімнің жоспарлы толық өзіндік құнының құрамына кіреді.

Жоспарланбайтын шығындарға тиімсіз шығындардың түрлері жатады. Олар кәсіпорынның қолайсыз шаруашылық жағдайынан пайда болады немесе олардың болмауы да мүмкін. Мұндай шығындар тікелей жоғалтулар болғандықтан өндіріс шығындарының сметасына кірмейді. Олар тек тауарлық өнімнің нақты толық өзіндік құнында және бухгалтерлік есептің сәйкес есепшоттарында бейнеленеді. Оларға ақаулар мен өндірісте әртүрлі себептерге байланысты болатын тоқтаулардан болған жоғалтулар кіреді. Оларды жеке есептеу алдын-алу шараларын жүргізу үшін қажет болады.

Шығындарды  басқаруда кәсіпорында қолданылатын нормалар, нормативтер, лимиттер және сметаларға қатысты шығындарды топтау басты мәнге ие болады. Осы мәнге  байланысты өнімнің өзіндік құнына кіретін барлық өндірістік үрдісте  пайда болған нормалар байынша ағымдық  жылдың басында бекітілген шығындар топталады. Нормативтік есептің  негізінде шығындарды бұлай бөлу өндіріс шығындарының деңгейін ағымдық  оперативтік деп бөлудің басты  құралы болып табылады. [3]

Жоғарыда  келтірілген жіктемеде кәсіпорын  қызметінің функциясы мен сферасына  байланысты шығындары топтастырылған. Осы белгі бойынша шығындар жабдықтау-дайындау  технологиялық, коммерциялық-өткізу және ұйымдастыру-басқару болып бөлінеді.

Мұндай  жіктеме функционалдық есепті ұйымдастыруға  мүмкіндік береді. Соның әсеріне  шығындар кәсіпорын қызметінің функциялары  және сфера шеңберінде, содан кейін  калькуляция объектісі бойынша  жинақталады.  Шығындардың функционалдық  есебі ішкі шаруашылық есепті күшейтуге  және шығындар орталықтары арасындағы өзара байланыс пен өзара тәуекелділікті күшейтуге және жұмсалған шығындар жөнінде ақпараттарды нақты және дәл беруді қамтамасыз етеді. Бұл  менеджерлерге өнім өткізу жолдары, бағасы, құрамы және түрлері жөнінде  басқару шешімдерін қабылдауға және кәсіпорынның өндірістік-коммерциялық қызметінің тиімділігін арттыруға  ықпалын тигізеді.

 

 

1.2 Кәсіпорын шығындарын басқару және талдау

 

Қазіргі танда шығындарды басқару өз функциялары  арқылы кәсіпорынның ішкі қызметін, оның стратегиясы мен тактикасын басқарудың негізгі ақпараттық фундаменті ретінде  көрініс табуда. Осы жүйенің негізгі  бағыты - бұл жедел және болжалды басқарушылық шешім қабылдау үшін ақпараттарды дайындау. Егер қазіргі таңдағы авторлардың  шығындарды басқарудың мәні, мақсаты, міндеттері туралы пікірлерін жалпылап алатын болсақ, онда оларды төмендегідей көрсетуге болады.

Шығындарды  басқару - бұл кәсіпорынның ресурстарын  тиімді қолдану, өндіріс процесінің барлық кезеңдерінде ресурстарды үнемдеу  және олардан болатын пайданы  максимизациялау. Ол тек қана шығындарды азайтуды көздемейді, себебі басқарудың барлық элементтеріне тарайды.  
Шығындарды басқару арқылы кәсіпорын жоғары экономикалық нәтижелерге қол жеткізеді. [Қосымша А]

Шығындарды  басқару құралы болып кәсіпорын  шығындарының барлық көптүрлілігі табылады. Шығындарды басқару объектісі болып  ұйымның өзіндік шығындары, олардың  құрылу және азаю процесі табылады. Ал шығындарды басқару субъектісі болып  өндіріс бөлімшелері, басшылар және ұйым мамандары, яғни басқару жүйесі табылады.

Қазіргі таңдағы шарттарға байланысты шығындарды басқару жүйесін құрудың негізгі  мақсаты - ең тиімді тәсілмен баға анықтауында, сатып алушы сол бағаны  белгілі  бір тауар түрі мен қызмет үшін төлеуге келісуі қажет. Пайданы  максималдау арқылы қаржылық нәтижеге қол жеткізу.  
Сонымен қатар, пайда табудың негізгі факторлық желісі түпкілікті зерттеледі: шығындар - өндіріс көлемі – пайда.[7]  

Шығындарды басқарудың маңызды  міндеттері:

  • кәсіпорын қызметінің тиімділігін арттыру;
  • шығындарды басқарудың негізгі функциялары арқылы анықтау;
  • шығындарды жекелеген құрылымдық бөлімшелері бойынша есептеу;
  • өнімнің (жұмыс, қызмет) бір бірлігіне деген шығынды есептеу - өнімнің өзіндік құнын калькуляциялау;
  • шаруашылық шешімдер қабылдау барысында шығындарды бағалауға көмектесетін ақпараттық базаны дайындау;
  • бақылаудың және шығындардың өзгеруінің техникалық тәсілдері мен құралын анықтау;
  • кәсіпорынның барлық өндірістік бөлімшелерінде және өндіріс процесінің барлық кезеңдерінде шығындарды төмендету қорларын іздеу;
  • шығындарды нормалау әдісін таңдау;
  • өндіріс процесін, ассортименттік және баға саясатынын қалыптастыруды, инвестициялау нұсқасын таңдауды, өнім өтімі мен өндіріс көлемін болжауды  жетілдіру бойынша басқарушылық шешімдерін қабылдау мақсатында шығындарды талдауды жүргізу. [3][4]

Шығындарды басқарудың жоғарыда аталған  міндеттерінің барлығы кешенді  шешілуі қажет, тек осындай қадам  кәсіпорын жұмысының жылдам тиімді өсуіне ықпалын тигізеді және пайда  әкеледі.

Шығындарды басқарудың функциялары:

  • өндіріс шығындарын болжау, жоспарлау, нормалау және есептеу, өзіндік құнды калькуляциялау, инвестициялық қызмет пен капитал салымдарына деген шектелген (ұзақ мерзімді) шығындарды жоспарлау және есептеу;
  • шығындарды  әр түрлі бағыттары, сегменттері, өнімдері мен бөлімшелері бойынша,  көрсеткіш динамикасы, шығындар сметасы мен нормадан ауытқуы бойынша  бақылау және талдау;
  • белгілі бір шаруашылық қызметті басқаруда қолдану үшін, қызметті бақылау мен персоналды ынталандыру үшін ішкі сандық және сапалық ақпаратты қалыптастыру;
  • кәсіпорынның өндіріс процесінің барлық кезеңдері мен барлық өндірістік бөлімшелерінде шығындарды азайту резервтерін анықтау.

Шығындарды басқарудың негізгі  функциялары болжау және жоспарлау, есептеу, бақылау (маниторинг), реттеу және координациялау, сонымен қатар, талдау болып табылады. [4]

Егер  шығындарды басқарудағы институционалды  аспектілер жайында айтар болсақ, онда мынындай негізгі сауал туындайды: шаруашылық жүргізуші субъектінің ұйымдастырушылық құрылымының әрбір деңгейінде шығындарды басқарудың өзіндік қызметін құру қажет пе немесе шығындарды басқару саласында  осы уақытқа дейін қалыптасқан менеджерлерге қосымша өкілеттілік беру қажет пе.

Шығындарды  бақару жүйесінің негізгі элементтері  болып шығындарды басқару объектілері (бұл шығындардың деңгейі, құрамы мен құрылымы) мен шығындарды басқару  технологиясы (шығындардың нақты  көрсеткіштерінің жоспарлыдан ауытқуын анықтау үшін қажетті шараларды  жүзеге асыру) табылады.

Шығындарды  басқару жүйесін ұйымдастыру  кәсіпорынның  
қаржылық-шаруашылық қызметін ұйымдастыру мен оны басқаруға құрылымдық және процестік тәсілдерді аралас қолдануды талап етеді.  Процестік тәсілдің мәні кәсіпорынның барлық қаржылық-шаруашылық қызметін екі категорияға бөлуге болатындығында: негізгі бизнес-процестер және қосымша бизнес-процестер.

Негізгі бизнес-процестер өнімді немесе қызметті ұсынумен, оны сатумен және тұтынушыға жеткізумен байланысты. Олар өзіне  келесі  
бизнес-функцияларды қосады: шикізат пен басқа да материалдық ресурстарды жеткізуді қамтамассыз ету, өнімнің әр түрін өндіру, өнімнің өтімі мен маркетингі, кепілдік және сатылымнан кейінгі қызмет көрсету.

Кәсіпорын шығындарын басқару. 2