Ақыл – ой процестері

Ақыл – ой процестеріне ойлау, сөйлеу, қиял, елес, ес, зейін, түйсік, қабылдау, эмоция, сезімдер, ерік, темперамент, мінез, қабілет, тұлға, қарым – қатынас, іс –әрекет т.б. психологиялық үрдістер жатады. Мен солардың алғашқы бесеуіне тоқталып өтсем, яғни ойлау, сөйлеу, қиял, елес, ес үрдістеріне.

    1. Ойлау және сөйлеу

Ойлаудың  адам дүниетанымындағы маңызы

Адамның өз өмір тірішілігі мен күнделікті іс –  әрекетінде әр алуан мәселелерді  шешіп отыруына тура келеді. Осындай  мәселелермен күрделі істерді шешу жолында кездесіп отыратын қиыншылықтар қоршаған ортамызда бізге әлі де беймәлім құбылыстар мен сыры ашылмаған нәрселердің көп екендігін көрсетеді. Соған орай, біз дүниенің сыр – сипатын ұғыну үшін заттар мен құбылыстардың өзара қатыныстарының құпиясын тереңірек білуді, оларды ашып көрсетуді мақсат етеміз. Міне, осындай мақсат – мүдделерге жету жолында әрбір адам өзінің іс – әрекетінде заттар мен құбылыстардың белгісіз қасиеттерін, тәжірибесі мен білімінің, шама – шарқының жеткіліксіздігін аңғарады. Өйткені, әлем шексіз, соған орай дүниені танып білу да шексіз. Адамның ойы сол шексіз әлемдегі нәрселердің сырын, құпиясын білуге бағытталады. Әрбір адам ойланып – толғанғанда өзіне беймәлім нәрселердің сырын ашып, жаңалықты біледі. Мысалы, оқушы оқу материалының мәнін түсініп, есеп шығаратын болса – мұның өзі оған жаңалық ашқандай болып көрінеді.

Сонымен, ойлау  дегеніміз – әлеуметтік жағдаймен  ұштасқан, тілімен тығыз байланысты психикалық үрдіс, сол арқылы болмыстың, дүниедегі нәрселердің жалпы  және жанама бейнеленуі. Бұл бейнелену адам ойының талдау және біріктіру әрекеттері арқылы танылады. Бір сөзбен айтқанда, ойлау – сыртқы дүниедегі болмыстың жалпы жанама жолмен біздің санамыздағы ең биік сатыдағы бейнесі. Ойлау адамның өмір тәжірибесі мен прақтикалық іс – әрекеттері нәтижесінде пайда болып, тікелей сезім үрдісінің шеңберінен әлдеқайда асып түседі.

Ойлаудың  сезімдік таныммен және тілмен байланысы

Дүниетану тікелей  сезімдік үрдістер – түйсіну, қабылдау, пайымдаудан басталып, одан әрі ойлауға  қарай өрбиді. Таным үрдістерінің барлығы да тікелей сезімдік үрдістер – түйсіну, қабылдау, елестетумен байланысты. Елес – заттардың нақты бейнесін көз алдымызға келтіретін тікелей таным үрдісі – сезімдік танымнан абстрактылы ойға көшу аралығындағы көпір сияқты. Адамдардың сыртқы дүниені танып білуінің шындығы және оның санамыздағы бейнеленуінің теңдігі мен ақиқаттығы тәжірибесі, сондай – ақ, адамдардың табиғат пен қоғамға ықпал етіп, оларды өзгерту жолындағы іс – әрекетінің нәтижелері арқылы тексеріліп отырады. Тікелей сезімдік үрдістер барысында адам нәрселер мен құбылыстардың дара қасиеттерін, сол қасиеттердің жиынтығы арқылы нәрселердің тұтастығын бейнелейді, көз алдында жоқ заттың да бейнесін елестетеді. Дегенмен, адам тікелей сезім арқылы танып білген нәрселердің белгі қасиеттері мен мән – жайын терең бойлап, жете танып біле алмайды. Мұндай ерекшеліктерді білу тек ойлау және де заттар мен құбылыстардың өзара байланыстарын, бір тектес нәрселердің жалпылық белгілерін дерексіздендіру арқылы жанама жолмен жүзеге асырылады. Мысалы, заттардың, әсер еткен нәрселердің жылылығын, оның температурасын тек жанама әдіспен, термометр арқылы ғана анықтауға болады. Ал ондай жылылықты тері түйсігі арқылы не қолмен сипап анықтау оңайға түспейді.

Ойлау арқылы танып  білу тікелей сезімдік үрдістерге негізделінгенімен, олардың көптеген ерекшеліктерін тікелей сезім арқылы тану мүмкін емес және олардың мән – жайы айқын бейнеленбейді. Мысалы, осы заманғы физика ғылымдағы аса күрделі мәселелердің бірі – өте ұсақ қарапайым бөлшектер жайындағы теория. Мұндай өте майда типті, жай көзге көрінбейтін бөлшектерді микроскоппен де көре қою қиын. Біз осы бөліктерді тек ойлау арқылы ғана пайымдап білеміз. Абстрактылы дерексіз және жанама ойлану нәтижесінде сондай өте ұсақ бөліктердің бар екендігіне көз жеткіземіз, олардың өзіндік қасиеттері болатындығын аңғарамыз.

Сөйтіп, тікелей  танып үрдісі арқылы танып білуге болмайтын нәрселерді ойлау арқылы біле аламыз. Ойлаудың өрісі кең. Түйсіну  арқылы қозғалыс жылдамдығын қамту  мүмкін емес. Мысалы, бір секундте 300000 км шапшаңдықпен таралатын жарық қозғалысын түйсіну арқылы қамту мүмкін болса да, ой арқылы пайымдап түсінуге болады. Біз 1 секундта 50000 км шапшаңдықпен ұшатын планета аралық ғарыш кемесін ойлау арқылы түсіне аламыз, өйткені, ол жарық жылдамдығынан 6 есе кем. Ал мұндай шапшыңдықты, әрине, елестету арқылы білу мүмкін емес. Әрбр адамның шындықты танып білуі тікелей сезім мен ойлау арқылы бір – біріне ауысып, өзара байланысты түрде адам танымын толықтырып отырады. Осы ретте де біз ойлаудың нақты нәрседен абстрактылы нәрсеге ауысқанда ақиқаттан аыстамай, қайта оған жақындай түсетінін аңғарамыз. Сөйтіп, нақты пайымдаудан абстрактылы ойлауға, одан тәжірибеге көшіп отыру ақиқатты танып білудің диалектикалық жолы болып табылады.

Ойлау және сөйлеу. Адамның ойлау әрекеті тікелей сезімдік таным үрдістерімен ғана емес тілмен де, сөйлеумен де тығыз байланысты. Осындай ерекшелік адам психикасының жануарлар психикасынан сапалық өзгешелігін көрсетеді. Жануарлардың қарапайым ойы нақтылы әрекетке байланысты, ол жанама, абстрактылы ой бола алмайды.

Адам сөйлеу, дыбысты тіл нәтижесінде нәрселер мен құбылыстардың мәнді, тұрақты  белгілерін ой арқылы бейнелей алады. Бұл ретте тіл – адам ойының заттық қабыршағы болып табылады. Адамның ойы әрбір нәрсенің сипаты мен қасиеттерін сөз арқылы ажыратып көрсете алады. Сөйтіп заттар мен құбылыстарды әртарапты танып білуге мүмкіндік туады.

Адам тілдік материалдар негізінде ойланады. Өз ой – пікірлерінің жүйесін, нәрселер жайындағы нақты түсініктерін жасайды. Әрбір ойдың ақиқаттығы ой талқысы  мен арқылы қарастырылады. Адам ойының жүйелі болып, оның нәрселердің мәнін түсініп білуі сөйлеу арқылы жүзеге асып, өзгелерге жеткізіледі. Адамның ойы тілмен, анық сөйлеумен тығыз байланысты және ойлау осы тілдік материал арқылы өзінің шындығы мен ақиқаттығын бейнелей алады.

Ойлаудың қоғамдық мәні. Ойлаудың тілмен тығыз байланысты болуы және оның қоғамдық мәні адам ойлауы дамуының қоғамдық – тарихи сипатта болатындығын көрсетеді. Адамның  дүниетанымы, білімі және өмір тәжірибесінен  жинақтаған мағлұматтары ұрпақтан –  ұрпаққа мұра болып ауысып отырады. Бұл – тарихи фактор. Адам ақыл – ойының дамып жетілуі мен білімнің өсуі әрбір ұрпақ жасаған білім қорын меңгеріп, оларды әлеуметтік өмір қажеттіліктерін қанағаттандырып отыруға пайдаланады. Сөйтіп, тарихи даму адам баласының қоғам өміріндегі қарым – қатынасын нығайтады.

Ойлау үрдісінің психологиялық және логикалық  негіздері

Адамның дүниетанымы  қоғамдық – тарихи даму нәтижесінде  өрістейді. Ол табиғатқа әсер етіп, қоғамды өзінің белсенді әрекетімен байытады. Сөйтіп адамзаттың ғылыми білімі дамып, белгілі бір жүйеге түседі. Басқаша айтқанда, адамдардың танып білу үрдісінде тіл арқылы жинақталып қорытылған білімі мен оның нәтижелері жүйеленіп, ғылым салаларына бөлінеді. Мысалы, физика, химия, биология, тарих, социология, психология т.б. Танымдық үрдістердің осы тарихи дамуы және олардың ғылым жүйелеріне жіктеліп бөлінуі дүниетану теориясын немесе гносеологияны құрайды. Гносеология – философия мен логиканың дүниетану теориясын құрайтын құрамдас бөлігі, танып білудің теориялық негізі.

Таным теориясы – гносеология –философиялық пән. Ол дүниетанудың жалпы заңдылықтарын зерттейді. Адамзат тарихиның дамуында қалыптасқан “болмыс”, “материя”, “сана”, “сан”, “тартылыс” тәріздес басқа да ұғымы кең дәрежеде қарастырылады. Осындай таным теориясы мен философиялық принциптерге негізделетін ойлау үрдісі өзара байланысты және бір – бірін толықтырып отыратын жеке ғылыми пәндер – формалдық логика мен психология арқылы да зерттеледі.

Логика ғылыми ойлаудың формаларын, ұғымдар мен  пікірлерді, ой қорытындыларын және ойлау заңдарын зерттейді.

Ұғым – болмысты нәрселер мен құбылыстардың жалпы, мәнді және өзіндік белгі – қасиеттерін бейнелейтін ойлау формасы. Мысалы, “адам” деген ұғымның мәні оның өндіріс құралын жасап шығаратын қабілеті бар, дыбысты тіл арқылы сөйлесетін ақыл иесі екендігін білдіреді. Ал “емтихан” деген ұғымның мәнісі – оқушылардың, студенттердің білім деңгейін анықтап, олардың дәрежесін тиісі белгілермен анықтайтын оқу үрдісі. Ұғымдардың мазмұны пікірлер арқылы ашылады. Мұнда нәрсе мен оның қасиет – белгілері арасындағы байланыстар ашып көрсетіледі. Пікірлер екі түрлі тәсілмен құралады: а) тікелей қабылдау арқылы құралатын пікірлер. Мысалы, мына бала сабақты нашар даярлады. ә) жанама жолмен не ой қорытындысы, ой талқысы арқылы жасалатын пікірлер. Логика ғылымында пікірлер бұдан басқа да негіздерге сүйене отырып, түрлі – түрлі болып бөлінеді.

Ой қорытындылары  бойынша алғышарттар негізінде  ұғымдар мен пікірлердің байланысынан жаңа пікірлер аламыз не ой қорытындысын шығарамыз. Мәселен, үлкен алғышарт: Барлық металдар электр тогын өткізеді; кіші алғышарт: сынап та – металл. Қорытынды: олай болса, сынап та электр тогын өткізеді. Ой қорытындыларының мынандай үш түрін ажыратамыз: дедукциялық ой қорытындысы, оған металдардың электр тогын өткізетіні туралы жоғарыдағы мысалды келтіруге болады. “Дедукция” – латын сөзі, қазақша мағынасы – шығару. Ой қорытындысының бұл түрі бойынша ой жүйесі жалпы жағдайдан жеке, дара жағдайға қара өрбиді. Индукциялық ой қорытындысы – ой қорытындысының жекеден жалпыға қарай дамып отырған түрі. Ой қорытындысының үшінші түрі – традукция деп аталады. Оған аналогия арқылы жасалатын ой қорытындылары жатады. Бұл – дара жағдайдан жекеге қарай өрбіп отыратын ой қорытындысы. Дедукциялық ой қорытындысының кең тараған түрі – силлогизм. Формальдық логикада зерттелетін мәселелер – дұрыс ойлаудың формалары мен заңдарды қолдана отырып, нәрселер мен құбылыстардың ақиқаттығы мен шындығын танып білуді мақсат етеді.

Ойлау әрекетінің ерекше мәнді тағы бір жағы бар. Ол – ойлау үрдісінің өзі. Психология ғылымы әрбір дара адамда осы ойлау үрдісінің қалайша дамып, өрістеп отыратынын зерттейді. Оқыту үрдісінде ойлаудың дамуы, білімдерді ойлау әрекеттері арқылы меңгеру, ойын, оқу, еңбек үрдістерінде ойлауды дамыту мәселелері – психология ғылымы қарастыратын жайттар. Әрбір жеке адамда ойлау үрдісі қалайша пайда болып, дамып жетіледі деген мәселенің мән –жайы психологияда осы бағытта қарастырылады. Ал логика ойлауды таным үрдісі деп санап, шындықты, ақиқатты әр түрлі әдістер арқылы танып, білуге болатындығын анықтауды көздейді. Қорыта айтқанда, логика – ойлаудың жемісті болу жолдарын іздестірсе, психология – сол үрдістің даму заңдылықтарын зерттейді.

Ойлау – дербес үрдіс. Ойлауды психологиялық тұрғыдан зерттеу дегеніміз – оның ішкі, танымдық құпия мәнін және жемісті болуының себебін ашып көрсету, яғни психология детерминизм принципіне сүйене отырып ойлаудың мәнін зерттейді, әрбір адамның өзіндік ойлау ерекшеліктерін дамытып отыруға баса мән береді.

Ой  үрдісі мен ойлау әрекеттері

Ойлау үрдісінде  талдау мен біріктіру әрекеттері болады. Талдау дегеніміз – ой арқылы әрбір объекті мен болмыстың ерекшеліктерін, қасиеттерін, белгілерін ашып көрсету тәсілі. Талдау нәтижесінде айқындалған белгілер мен қасиеттер біріктіру (синтез) деп аталады. Талдаудың физиологиялық негізі – мидың жоғары бөлігіндегі қозу мен тежелудің өзара байланысты қызметі. Ал біріктірудің физиологиялық негізі – мидың жүйке жүйесіндегі уақытша байланыстардың түйісіп қосылуы. Талдау мен біріктіру – өзара байланысты әрекеттер. Олардың өзара байланысы мен айырмашылығы салыстыру арқылы танылады және сол тәсілден анық көрінеді. Салыстыру тәсілі жалпылау әрекетіне қарай ойысады. Мұнда заттардың жалпылық және мәнді белгілері ашып көрсетіледі. Ойлау әрекетінде абстракциялау, нақтылау, жүйелеу тәсілдері де жиі қолданылады. Ондай тәсілдер белгілі мәселелердің түйінін шешуде адамның психологиялық толғаныстарының түр сипатын бейнелейді.

Ойлау әрекетіндегі әр қилы тәсілдер мен амалдардың бәрі де жеке адамның ниет – тілегіне, мұқтаждығы мен қажеттілігіне тәуелді  болып отырады. Ойлаудың кез келген әрекетінің туындауы белгілі бір ынта – ниетке байланысты. Психологияда ойлаудағы ниеттің пайда болу себебінің мынандай екі түрі бар: 1. Арнайы танымдық ойлау. Әдетте, бұл белгілі тілек мақсатқа сәйкес пайда болады. 2. Арнаусыз ой. Ойлаудың бұл түрі сыртқы жағдайдың әсеріне орай туады. Мысалы, оқушының сабаққа дайындалуы жайында ойлануын арнаусыз, әрі оның өміріндегі үйреншікті, дағдылы ой деуге болады.

Ойлау және мәселені шешу. Адам белгілі бір мәселенің түйінін шешу барысында түрлі амал – тәсілдерді қолданып, алға қойған мақсат – міндеттерін орындап шығу үшін ойланып – толғанады. Ойлаудың бұл түрі міндет – мақсатқа сәйкес жүзеге асады.

Проблемалық ой – түрлі мақсат – міндеттерді  шешуде шиеленісті жағдайларды сезіп біліп, олардың мән – мағынасын түсінуді қажет етеді. Сөйтіп неше түрлі шиеленісті жайттардың белгілі себептермен байланысын, олардың құпия сырларын ашып көрсетуді көздейді. Ойлау әрекетінде ең әуелі сол мәселенің өзін анықтап алу – бірінші кезектегі міндет. Екіншіден, мұны анықтауға адамның білімі мен өмірлік тәжірибесі қажет. Үшіншіден, оқу барысында балалар өздігінен ойланып – толғанып, келелі мәселелерді шешуде әр алуан қиындықтарға кездеседі. Олардың бұл кедергілерді жеңуі – ойлану әрекетінде жаңалық ашумен бірдей.

Ойлаудың  түрлері және оның даралық ерекшеліктері

Біріншіден, ойлаудың түрі нақтылы іс – әрекет пен  қимыл – қозғалыс жайындағы практикалық  іспен ұштасқан. Бөбектердің ойы  осы іс – әрекеттермен байланысты. Екінші, бейнелі ойлау мектеп жасына дейінгі балаларда қарқынды дамып, олардың заттарды ұстап – тұтынуы нәтижесінде қалыптасады. Олар сол заттардың бейнесін көрнекі түрде қабылдап отырады. Үшінші, абстрактылы ой. Ойлаудың бұл түрі бойынша адамның ұғымды меңгеруі нәтижесінде пайымдау әрекеттері дамып, ғылыми түсініктері өрістейді.

Ойлаудың даралық  ерекшеліктері адамның танып  білуінің сапалық сипаттары мен  ерекшеліктерін қамтитын ақыл – ойдың қызметі болып саналады. Ондай салаларға өз бетінше ойлау, оның орамдылығы, ойдың тездігі мен ұшқырлығы сияқты қасиеттер жатады. Барлық ойлау әрекетіне тән басты қасиет – дара адамның әрбір нәрсенің мәнді қасиеттерін өздігінен ажыратып, олардан жаңа қорытындылар жасай білуі. Ойлау әрекетіндегі адамның мұндай сапалық қасиеті – нәрселердің мән – жайын дұрыс ұғынып, олардың жалпы заңдылықтары мен өзара байланысын ашып беруге қабілетті болатындығы. Мұндай әрекет ойлау жүйесін жетілдіріп, адамның ақыл – ойын өрістетеді. Адам ойлауының дамуына ықпал етуге бір мақсат – ойлау әрекетінің жасампаздық қасиетін арттыру, сөйтіп, адам ойының мүмкіндіктерін толық пайдалануды жүзеге асыру болып табылады.

 

 

Ой  болжамы арқылы жұмбақ мәселелерді  шешу

Ой болжамы  ғылымда гипотеза деп аталады. Болжам дегеніміз – әр түрлі деректер негізінде объектілер мен құбылыстардың байланысы, олардың себебі туралы қорытынды жасау. Бұл – ойлаудың дамуындағы өзіндік тәсілі. Алайда, мұндай шешім – ой болжамын анықтау жолындағы алғашқы қадам. Ал мәселенің шындығына жету үшін ой болжамының ықтималдық сипатын әлі де тексеріп, оны дәлелдеу керек болады. Осындай тексеруден кейін ғана ой болжам анықталса, ол ғылыми теорияға айналады. Егер тексеруде теріс нәтиже алынса, онда ол өзгертіледі не теріске шығарылады. Біріне – бірі қайшы ой болжамдары бір объектінің әр қилы қырлары мен байланыстарын түсіндіргеннен кейінгі басқа жағдайларда, екеуі бірдей ақиқат бола алмайды. Қазіргі кездегі позитивистер, заңдылықтарын қарастыруға міндетті емес, деректерді тек қана нақтылап тіркеп отыруы қажет дейді. Өйткені, олардың пікірінше, ой болжам тек “жанама” рөл атқарады да оның маңызы болмайды. Осы заманғы ғылыми эксперименттік зерттеулердің күрделене түсуі әр алуан әдіс – тәсілдерді қолдану арқылы құпиясы ашылмаған мәселердің сырын ашып отыр. Осы орайда, ғылыми тұрғыда құрылған ой болжамы адамның ойлау үрдісін дамытуға зор ықпал ететін қуатты күш болып саналады. Ойлау әрекеті – тек ғылыми болжам ғана емес, жұмбақ мәселелердің мән – жайын ұғыну үшін күнделікті тәжірибеде қолданылып отыратын күрделі психикалық үрдіс және адамның ақыл – ойының жемісі.

Сөйлеу  және қарым – қатынас

Адамзаттың жануарлар дүниесінен ерекшеленуі мен табиғатты меңгерудегі басты іс – әрекетінің бірі және өзіндік қасиеті – оның дыбысты анық тілі. Дыбысты тіл арқылы адамзат өзара қарым – қатынас жасап, іс – қимылы мен өмір – тіршілігінің бейнесін қалыптастырады, өмір тәжірибелерін ұрпақтан – ұрпаққа мұра етіп қалдырып отырады.

Тіл. Тіл дегеніміз – сөздік белгілердің жүйесі. Ал белгі – шындық пен болмысты бідіретін бөлшек. Осы белгінің қасиеттеріне орай әр тілдің екі түрлі мәні бар. Жалпы тілдік белгілерді психологиялық фактор әрі құрал деуге де болады. Тілдік белгінің бірінші мәні – оның қоғамдық – әлеуметтік мәні. Адамзат тарихында бұл белгілер қоғам арқылы қабылданып, әр түрлі нәрселердің мән – жайын түсіндіреді. Мысалы, көшелерде жүріп – тұру мен жол белгілері. Бұл – белгі, ал сөз – қару. Тілдік белгілердің екінші мәні – олар арқылы адамдар бір – бірімен қарым – қатынас жасап, пікір алысатындығы. Соған орай дара адам үшін әрбір белгінің мәні бар, олар оның саналы түрдегі іс – әрекетіне әсер етеді.

Тіл үш түрлі  қызмет атқарады: 1. Адамзаттың қоғамдық тәжірибесі. Бұл қызмет адамның тіл арқылы білімді меңгеріп, дүниені танып білуін қамтамасыз етеді. 2. Тілдік қатынас нәтижесінде адамдар тілдесіп, бір – бірімен түсініседі. Тілдің мұндай қызметін ғылыми атауда коммуникативті қызмет деп аталады. 3. Әрбір адамның өз мінез – құлқы мен іс – әрекетіндегі даралық тәжірибелерді күнделікті тіршілкте қолданылып отыруы, сөйтіп, сыртқы орта мен жағдайлардың өзгеруіне бейімделуі. Адам өзінің ғана емес, өзгелердің де тәжірибелерін қолданады, алға қойған мақсат – міндеттерін шешеді. Мұндай әрекеттер адамның ақыл – ойымен байланысты.

Ақыл – ой не интеллекті әрекет ең алдымен, іс –  әрекеттерді жоспарлайды, екіншіден, оны жүзеге асыруды көздейді, үшіншіден, орындалған іс – әрекеттердің жемісін алға қойылған мақсат – мүдделерімен салыстырады. Осындай ақыл – ой нәтижесінде әр адамның мінез – құлқында даралық ерекшеліктері қалыптасады. Және әрбір адамның тәжірибесі, оның іс – әрекет түрлері, өзгелердің ісі қоғамдық тәжірибелер арқылы байып, жаңа сипаттарға ие болып отырады. Адам өзінің іс – әрекеттерін жоспарлайды, ойлау арқылы оларды тиісті міндеттерді шешуге қолданудың жолдарын іздестіреді, жүзеге асыру тәсілдерін қарастырады. Мұның бәрі де тіл, сөйлеу әрекеті арқылы дамиды. Осы жайт тіл адамның ақыл – ой әрекеттеріндегі қатынас құралы екендігін тағы да бір қырынан ашып көрсетеді. Ал қатынас дегеніміз не? Адамдар өзара қарым – қатынас жасау нәтижесінде болмыс пен оқиғалар туралы жаңа мағлұматтарды меңгереді, білімін өсіреді, өздерінің әлеуметтік – тарихи тәжірибелерін дамытады.

Қатынас жасаудың қандай түрлері  бар? Адамның қарым – қатынасында  субъектіні (сөйлеуші адам) және объектіні (басқа адамдар, ал оның мәнін білдіретін құрал – тіл) ажыратып қараймыз. Қатынас әрекетіндегі объект – өзге адамдар және олардың санасы мен ниет – тілектері, сезім күйлері мен эмоциясы. Қатынас жасаудағы негізгі әрекет түрлі ең алдымен, білімдік маңызы бар жаңа хабарларды алмасу болса, екіншіден, сол қарым – қатынас жасау нәтижесінде адамдардың ниет – тілектерінің бағалы болуы, үшіншіден, белгілі іс – әрекеттер жасауға түрткі болатын себептер. Қарым – қатынас жасауда бұл жайттардың бәрі психологиялық жағынан түрліше мазмұнда болуы мүмкін.

Тіл арқылы адамдардың қарым – қатынас жасауы жеке адамдар (үш – төрт адам) арасында, не көптеген адамдар тобымен де болып отырады. Мұндай қатынас қоғамдық қатынас деп аталады. Бұлардан өзге топтар арасында да қатынастар болады.

Қарым – қатынас  сөйлеу әрекеті арқылы жүзеге асып отырады. Бұл ретте сөйлеу әрекетінің бірнеше сатылардан тұратын заңдылығы бар. Мұны сөйлеудің фазалары не сөйлеу әрекетінің сатылары еп атайды. Бұлар – а) сөйлеуге даярлық; ә) жоспарлау; б) жүзеге асыру; в) бақылау сатылары. Сөйлеудің көптеген сипаттары ойлау әрекетіне ұқсас. Ойлау әрекеті адамның танып білу мақсатын көздейтін болса, ал сөйлеу әрекеті арқылы қарым – қатынас жасау мақсаты көзделеді.

Ерте замандардан  бері адамдар арасындағы қарым –  қатынастың кең тараған түрінің  бірі – зат алмасу болып саналады. Этнопсихология әрбір тайпаның, халықтың ұлттық дәстүрге байланысты әдеп – ғұрып, мысалы, абысын – ажын арасында сақина – жүзік, білезік алмасу, ер – азаматтар арасында ер – тоқым алмасу, сауға тарту, сәлемдеме жолдау тәрізді қатынастың басқа да сан алуан түрлері саналады. Қатынас ым – ишара білдіру, бет құбылысы мен көзқарас арқылы түсіну сияқты түрлері де бар, айтылатын ой – пікірді, сезім – күй мен эмоцияны басқа адамдарға білдірудің тәсілі болып саналады. Коммуникативті әрекетсіз де жүзеге асады. Дегенмен, адамдардың қатынасында сөйлеу арқылы қарым – қатынас жасаудың маңызы зор.

Сөздік әрекет. Сөйлеу арқылы іс – әрекет пен қарым – қатынас жасау тілді құрал етіп пайдалану нәтижесінде жүзеге асады. Сөйлесу арқылы әр қилы істер мен мәселелердің түйіні шешіледі. Адамдардың тіл арқылы сөйлесуі, тілді құрал етіп пайдалану әрекеті – күрделі психологиялық үрдіс. Мұндай жағдай сөйлесу әрекетін тек психология ғылымы тұрғысынан ғана зерттеумен шектеліп қоймай, тіл білімі арқылы да қарастырады. Психология ғылымы тіл білімімен ерекшеленіп, оның түрлі жағдайда қолданылуы мен атқаратын қызметін, адамның мінез – құлық бағытын белгілейді. Соңғы 30-35 жыл ішінде тіл білімі мен психологияның түйсінуінен психолингвистика (тіл психологиясы) деп аталатын ғылым саласы пайда болды.

Сөйлеу әрекеті психология ғылымында өзекті мәселелер қатарына жатады. Соған орай сөйлеу әрекетінің атқаратын қызметтері ғылыми тұрғыдан мынадай үш түрлі салаға топтастырылып қарастырылады: 1. Сөйлеудің коммуникативті қызметі. Мұның мән – жайы жоғарыда баяндалған. 2. Сөйлеудің сангификативтік қызметін білдіреді. 3. Сөйлеудің экспресивтік қызметі – әр алуан хабарлар мен жай – жапсарлардың мәнерлі сөзбен, құлаққа жағымды үнмен, дауыс ырғағымен адамның жан дүниесін тебірентіп, өзгелерге жеткізілу тәсілі. Экспрессивті сөйлеуде әрбір сөз бен сөйлем адамның сезіміне әсер етіп, тұла бойын талап етеді. Сондықтан сөйлеу әрекетінің бұл түрі сөздерді нақыштап айту мен ой жүйесінің қисынды болуын талап етеді. Сөйлеген сөз, айтылған ой – адам психикасына күшті әсер ететін тітіркендіргіш.

Сөйлеу  физиологиялық механизмі.

Сөйлеу әрекетінің рефлекторлы сипаты

Сөйлеу түрлі  механизмдер арқылы жүзеге асып отырады, олардың нақты мазмұны мен  мәніне, мақсатына орай дамиды. Сөздерді қабылдағанда біз “сигналдардың” (2 – сигнал жүйесі, бұл – адамның сөйлеу әрекетімен байланысты жоғары жүйке қызметі) арқылы тітіркену нәтижесінде нәрселердің мән – жайын қабылдап, олар туралы хабар аламыз. Әрине ондай хабарлар саналы да, санасыз да болуы мүмкін. Осы орайда сөйлеудің физиологиялық негізі И.П.Павлов іліміндегі екінші сигнал жүйесіне негізделеді. Ал екінші сигнал дыбысты сөзбен, сөйлеу әрекетімен байланысты. Адам сыртқы тітіркендіргіштерге әсерленіп қана қоймай, оларды тең мағынада сөз арқылы бейнелейді. Халқымызда “Көз жеткізбегенді сөз жеткізеді” деген тамаша мақал бар. Мұның мағынасы тікелей таным арқылы бейнелейтін заттар мен құбылыстардың қасиеттері түйсік, елес үрдісінің шектелуі шеңберін тереңдете түсіп, олардың мән – мағынасы сөз бен сөйлеу әрекетінің бейнелеуші танымдық ерекшеліктері арқылы барынша ұғынықты бола түседі дегенге саяды.

Сөйлеудің динамикалық  локализациясы. 1861 ж. француз ғалымы П.Брока адамның ми қабығындағы сол жақ жарты шардың маңдай алабының үшінші бөлігінде төменгі қатпарларда дыбысты дұрыс айта алмай, сөйлеуде қиналатынын анықтаған. П.Брока мидың бұл бөлігін “сөздерді бейнелеудің қозғаушы орталығы” деп аталады. Кейінірек, 1874 жылы К.Вернике мидың осы бөлігінің самай жағындағы жоғары қаптарында сөздердің бейнелерін сезіп білу орталығы орналасқан деген қорытынды жасады. Дегенмен, мұндай көзқарастар мен зерттеулердің жеткіліксіздігін Д.Джексон (1835-1911 ж.) сынаған болатын. Одан кейінгі кезеңдерде физиологтар мен психологтар П.К.ААнохин, Н.Б.Бернштейн, А.Р.Лурия, А.Н. Леонтьев, Д.Н.Узнадзе, АҚШ-та Дж.Миллер т.б. өз зерттеулерінде сөйлеу әрекеті жөніндегі П.Брока мен К.Вернике түсініктерінің дәлелдері жеткілісіз екендігін ашып көрсетті. П.А.Анохин сөйлеу әрекетінің физиологиялық механизмін арнайы және бірнеше қызмет атқаратын өте күрделі, сөйлеуге арналған жүйе ретінде түсіндіреді. Ал екінші бір жүйе оны қамтамасыз етіп отыратын әрекет орталықтары екенін дәлелдейді. Сөйлеу механизмі – Н.И.Жинкиннің зерттеуі бойынша аса күрделі әрі сатылы үрдіс. Сөздерді қабылдау мен түйсіну күрділі механизмдер арқылы жүзеге асып отырады.

Сөйлеу әрекетінің бұзылуы – мидың белгілі алабының зақымдануына байланысты. Осындай зақымдану салдарынан адам сөзінің жүйесі және бірізділігі жойылып, афазиялық жағдайға ұшырайды. Афазиялар үлкен ми жарты шарларының белгілі бір алаптары жарақаттанып, ісік пайда болғанда, не түрлі ауруларға ұшырағанда пайда болады. Афазиялар динамикалық, эфференттік, афференттік қозғалысты және семантикалық, сенсорлық болып бөлінеді. Осы салада зерттеу жүргізген әйгілі психолог ғалым А.Р.Лурия еді. “Афазия” деген грек сөзінің мәнісі – мидың зақымдануы салдарынан адамның сөйлеу қабілетінің толық жойылуы, не өзге адамдармен қарым – қатынасындағы сөйлеу қабілетінің толық жойылуы, не өзге адамдармен қарым – қатынасындағы сөйлеу қабілетінің мардымсыздығы дегенді білдіреді. Сөйлеу қабілетінің мұндай кемістігінің түрлері әр қилы. Динамикалық афазияға ұшыраған адам сөздерінің реттік құрылымы бұзылатын болатын болса, ал эфференттік қозғалыс афазиясында сөздер мен сөйлемдердің грамматиалық жүйесі бұзылады.

Афференттік қозғалыс афазиясы – сөздерді буындарға бөліп айта алмай қиналудағы кемістік. Ондай адамдар жеке дыбыстарды да айта алмайды. Семантикалық афазия – әрбір сөздің грамматикалық құрылысы мен мәнін жеткізудегі кемістік. Мысалы, осындай кемістігі бар адам «әкесі», «ағасы» деген сөздерді дұрыс айтқанымен, «әкесінің ағасы» не «әкесінің інісі» деген сөздердің мәнін ажырата алмайды. Сенсорлық афазия ауруына душар болған адамдар сөздерді дұрыс қабылдай алмайды, олардың дыбыстық бөлшектерінің мәнісі түсінбейді.

Сөйлеуде кездесетін афазиялық кемістіктердің бәрі де – жан жүйесі күйзеліске болған немесе өзінің кім екенін де аңғара алмай, әр түрлі сандықтарды айтып, елірме ауруға ұшыраған, сөйлеу қабілеті бұзылған адамдарда болып отыратын құбылыс.

Сөйлеудің түрлері

Адамның сөйлеу әрекеті түрлі белгілеріне қарай  бірнеше түрге бөлінеді. Біріншіден, сөйлеу күрделігіне, өзінің психикалық және физиологиялық механизміне орай, көпшіліктің бірге қосылып айтатын сөзі – хормен сөйлеу және қарапайым түрде қайталау болып отыратын – жаңғырық сөзі болып бөлінеді. Осы негізде сөздер атаушы сөздер мен коммуникативті сөйлеу болып та бөлінеді. Ал сөйлеудің жоспарлы түрде мақсат – міндеттерді көздейтін түрі бағдарлы сөйлеу делінеді. Бұл орайда, сөздер үнемі бағдарлы түрде айтылатын белсенді сөйлеу мен сөйлеудің құрылысын талап ететін реактивті сөйлеу болып жіктеледі. Сондай – ақ, сөйлеудің тағы бір түрі қосалқы сөз деп аталады. Сөйлеудің қосалқы түрі сөйлеудің қалыпты құрылысын қатаң етпесе де, өздігінен сөйлеу түрі болып саналады. Қосалқы сөйлеуге, мәселен, жазба мәтіндерді оқу жатады. Сөйлеу әрекетін топтартырып ажыратуда ерекше маңызы бар жайт – сөйлеудің еркін болуы. Бұл сөйлеуді топтастырып бөлудегі үшінші негіз болып саналады. Ал төртінші негіз бойынша сөйлеу сыртқы және ішкі белгілеріне орай жіктеледі. Осы негізге сүйене отырып, сөйлеуді сыртқы сөз – дауыстап естіртіп сөйлеу және іштей сөйлеу (үнсіз сөйлеу) деп екі топқа бөлеміз.

Сөйлеудің адамдар  әрекетінде жетекші қызмет атқаратын түрі – коммуникативті сөйлеу. Ол күнділікті қарым – қатынас барысында кеңінен қолданылады. Сөйлеудің бұл түрі: а) монологтық сөйлеу (дара адамның сөйлеуі), ә) диалогтық сөйлеу (екі не бірнеше адамның сөйлесуі, әңгімелесуі), б) үнсіз (іштей) сөйлеу, в) жазба сөз болып төрт топқа бөлінеді. Сөйлеудің бұл салаларының әрқайсысының өзіндік ерекшеліктері бар.

а) Монологтық сөйлеу – сөйлеу әрекетінің кең таралған түрі. Мұнда айтылуға тиісті ой – пікір толық сипатталып, ұзағынан айтылады, әрбір жайт пен жағдай тыңдаушыларға жете түсіндіріледі. Соған орай ол жүйелі, дұрыс ырғақты, екпінді, бет, дене құбылыстары мен қимыл – қозғалыстар арқылы қажетті сөздерді өзгелерге жеткізудің әдіс тәсілдерін қамтиды.

ә) Диалогтық  сөйлеу – оқиға мен болмыс көбінесе нақты тақырыпқа құрылып, әрбір  сөйлем мен сөз алғашқы айтылған ойды ұштастырады. Бұл – сөйлеудің  ұтымды бір түрі.

б) Үнсіз (іштей) сөйлеу – адамның практикалық іс – әрекеті мен теориялық ой – пікірі жоспарланып, белгілі жүйеге салынуы. Мысалы, бір жерге бару үшін адам немен барады, қалай барады, алдымен соның бәрін жоспарлап алады. Мұнда ой талқысы, талдау сияқты әрекеттер болады. Ішкі сөйлеудің психологиялық мәселелері психолог А.Н.Соколовтың зерттеулерінде қамтылған.

в) Жазу сөзі –  мұны монологтық сөйлеудің бір түрі деуге болады. Жазу сөзі ауызша сөйлеуге қарағанда ой – пікірді кеңінен, жүйелі, ерікті түрде жеткізеді. Сөйлеу әрекетін үйретуді жазба сөзден бастаған дұрыс. Жазба сөз мәдениеті жоғары адам өз ойы мен пікірін ұтымды, бейнелі, әрі түсінікті етіп білдіре алады.

 

 

Сөйлеудің оқыту үрдісінде дамуы

Сөйлеу –  ақыл – ой иесі – адамның хайуанаттар  дүниесінен ерекшеленіп тұратын  тұрақты белгісінің бірі және өзара  қарым – қатынасының қуатты құралы.

Бала сөйлеуінің дамуы бірнеше сатылардан тұрады. Алғашқы саты – сөйлеуге дейінгі  кезең. Бұл кезең баланың екі  айлығынан 11 айға дейінгі сатысы деп  аталады. Екінші саты – баланың алғашқы  тілінің шығу кезеңі, 11 айдан 1 жыл 7 айға дейінгі аралық. Үшінші сатыда бала тілдің грамматикасын меңгере бастайды. Бұл кезең үш жасқа дейінгі уақытты қамтып, бүлдіршін сөздердің мән – мағынасын және қолданылуын, жеке сөздердің қызметін де түсіне алады. Бала тілінің шығуы оның дүниетаным шеңберін кеңейтіп, сөйлеу тілін дамытады. Балалардың жас ерекшеліктеріне сәйкес тілінің дамуын психологиялық тұрғыдан қарастырып, ғылыми жүйеге келтірген – әйгілі мамандар Л.С.Выготский мен Швейцария психологы Жан Пиаже.

Қазақ этносы баланың  тілін дамытуға айрықша мән беріп, оны бесік жырымен сусындатқан, бала кезінен – ақ оған қысқа – қысқа өлең – жыр, жұмбақ пен тақпақ, жаңылтпаш пен ән үйретіп, оның ақыл – ойын, пайымын, сөйлеу мәнерін өрістетуге тырысқан.

Ақыл – ой процестері