Банк кұпиясы

Банк құпиясы  жалпы банк - клиент қарым-қатынасы құпиялылығының басты элементін  құрайды. Банк құпиясы Қазақстанда 1990-ншы жылдардың басында ғана пайда болды, өйткені сол кезде  үкімет бұрынғы тиімсіз социалистік  экономикадан тиімдірек нарықтық экономикаға  көшу реформаларын бастаған. Нарықтық экономиканың басты институттарының бірі жеке банктер жүйесі екені белгілі. Осыған байланысты банктердің җұмысын ретке келтіріп жолға қою үшін банк-клиент қарым-қатынасының құпиялылығы мен банк құпиясын қамтамасыз ету ауадай қажет болды.

Дегенмен, банк құпиясы Қазақстанда  пайда болып, мемлекеттің құзыретті  органдары тарабынан реттеліп дамығанына қарамастан, әзірге дейін еліміздің  құқық ғылымында оның тарихы мен  жалпы жағдайын талдап көрсететін зерттеулер жетіңкіремей тұр. Бұның себебі, меніңше, бір жағынан, күнделікті тіршілігімізде банк құпиясын салыстырмалы түрде жаңа институт және құқық ғылымы үшін жаңа тақырып (мәселе) деп атауға болады. Сонымен қатар, екінші жағынан, еліміздегі құкық ғылымының жақсы қарқынмен дамып отырған салалары болса бірінші кезекте азаматтық және банк құқығын атауымыз керек.

Қазақстанда банк құпиясы  пайда болғаннан бері ерекше және күрделі жағдайда дамыды, өйткені, жасыратыны жоқ, елімізде заң мен заңсыздықтың арасында көптеген жағдайларда анық меже болмай, заң мен заңсыздық шекарасы бұлдырланып, құбылып жүретіні белгілі.

2007-жылы елімізде басталған  экономикалық дағдарысқа дейін  Қазақстанда өткізілген реформалардың  нәтижесінде қалыптасқан банк  жүйесін қазақ үкіметі жер-көкке  сыйғызбай мақтап, бұрынғы Кеңес Одағына кірген елдердің арасында ең дамыған банк жүйесі деп ылғи мәлімдеп жүрді. Бұны ескере отырып, осындай «дамыған», «алдыңғы қатарлы» банк жүйесінде банк құпиясы қалайша реттеліп, қаншалықты қамтамасыз етілгені ғылым үшін, құқықтанушыларға және қарапайым халыққа да қызықты болар, өйткені банк құпиясы банк - клиент қатынасының және жалпы банк бизнесінің басты элементі екенін жоғарыда айтқанбыз. Осы тұрғыдан қарағанда, Қазақстанның «дамыған» банк индустриясында банк құпиясының алатын орны мен рөлін анықтау қызық болу керек.

Банк құпиясының қазақ заңнамасы бойынша құпияның бір түрі, банк құпиясының түсінігі мен анықтамасы, кейбір басқа құпия түрлерімен ара-қатынасы, банк құпиясының 1990-ыншы жылдардан бері құкықтық реттелуі, банк құпиясын құқықтық қамтамасыз ету деңгейі мен оны бұзғаны үшін заңнамада көрсетілген жауапкершілік және басқа да мәселелер болып табылады. 

Құқық бойынша  құпия түсінігі. Банк құпиясы құпияның бір түрі.

Басында банк құпиясы мәселесі қазақ құқық ғылымында аз зерттелді  деп жаздым. Зерттелмегендіктің салдарынан заңда жазылған банк құпиясының анықтамасына қарамастан ғалымдар арасында «банк құпиясы» түсінігі дегеннің өзі не екені жөнінде әзірге дейін ортақ пікір жоқ.

Бүгінгі күні қазақ заңнамасында бірқатар құпия түрі бар. Атап айтқанда, бұл категорияға төмендегідей құпия түрлерін жатқызуға болады:

1. Адвокат құпиясы.

2. Бала асырап алудың  құпиясы.

3. Банк құпиясы.

4. Дәрігерлік құпия.

5. Жеке өмір құпиясы.

6. Зейнетақы жинақтарының  құпиясы.

7. Коммерциялық құпия.

8. Мемлекеттік құпия, оның ішінде мемлекеттік және қызметтік құпия.

9. Қызметтік құпия (азаматтық  құқық бойынша).

10. Нотариус құпиясы.

11. Отбасы құпиясы.

12. Сақтандыру құпиясы.

13. Салық құпиясы және  т.б.

Құқық ғылымында қазақ  заңнамасында көрсетілген құпия (құпия мәлімет, құпиялылық) категориясын жүйелі зерттелген мәселелердің қатарына жатқызуға әлі ерте. Жоғарыда келтірілген құпиялар санатында банк құпиясының басқа құпия түрлерімен ара-қатынасын және оның жалпы орнын анықтауға зерттеулердің аздығынан және басқа да себептерге байланысты әзірше мүмкіндік жоқ. Дегенмен, еліміздегі құкық әдебиетінде банк құпиясын негізінен коммерциялық құпиямен салыстырып немесе коммерциялық құпия контексінде қарастырады. Жалпы, біздің ғылыми әдебиетімізде бұл мәселе жөнінде екі пікір қалыптасқан: біріншісі банк құпиясы коммерциялық құпиядан бөлек ерекше құпия түрі болып табылады десе (Тоқбаев Е., Черняков В., Шаяхметов А.), екіншісі банк құпиясы коммерциялық құпияның түрі немесе коммерциялық құпияға жатады дейді (Анасова Л., Омарова А.).

Менің ойымша, теория тұрғысынан, банк құпиясы коммерциялық құпияның бір түрі (немесе коммерциялық құпия  банк құпиясын қамтиды) деген пікірдің негізі бар, бірак «коммерциялық  құпия» мен «банк құпиясы» категорияларын қазақ заңнамасы контексінде  қарастыратын болсақ, коммерциялық құпия мен банк құпиясы екі түрлі құқықтық феномен болып табылады және олардың екі түрлі құпия екенін айқындауға болады. Жалпы банк құпиясының қазақ заңнамасындағы құқықтық табиғаты бойынша коммерциялық құпиядан бірнеше айтарлықтай айырмашылықтары бар.

Мысалы, Е.А. Тоқбаев қуаттағандай, қазақ заңнамасында «банк құпиясы» термині коммерциялық немесе кәсіби құпияның түрі ретінде қарастырылмай, азаматтық және қылмыстық құқық  сияқты құқық салаларында дербес түсінік ретінде қолданылады. Бұл зерттеушінің жазуы бойынша, басқа құпия түрлеріне қарағанда банк құпиясына мынадай ерекше нышандары тән:

1) банк құпиясы  [коммерциялық құпияға қарағанда. - Қ.Ә.] шектеулі реттеу күші бар  нормативтік құқықтық актілерімен  арнайы рәсімделуін қажетсінбейді;

2) банк құпиясына  жататын мәлімет ауқымы заңмен  анықталады;

3) бұл мәлімет  ауқымы кез келген банк, клиент  не корреспондент үшін ортақ  (бірдей) болып табылады;

4) бұл мәліметті алуға  құқығы бар тұлғалар тізбегі  заңмен тура көрсетілген;

5) бұл тізбек шектеулі болып табылады, яғни оны кеңітіп түсіндіруге болмайды;

6) клиенттің келісімінсіз  банк құпиясы мәліметін басқа  тұлғаларға беруге тыйым салынған.

Бұған қосарым, заңнама тұрғысынан, коммерциялық құпияның екі құқықтық режимі бар. Яғни, коммерциялық құпияны аралас режиміндегі институт ретінде қарастыруға болады. Бір жағынан, заңнама бұл құпияға не жататынын жеке және заңда тұлғалардың еркіне береді. Атап айтқанда, Қазақстан Республикасының «Жеке кәсіпкерлік туралы» заңының (2006-ж. қаңтардың 31-і) 1-бабының 10-тармақшасы бойынша, коммерциялық құпия - жеке кәсіпкерлік субъектісі айқындайтын және қорғайтын, заңды негізде еркін қол жеткізуге адамдардың шектеулі тобы ие болатын, жариялануы, алынуы, пайдаланылуы оның мүдделеріне залал келтіруі мүмкін ақпарат болып табылады.

Оның үстіне, заңнамада  коммерциялық құпияның негізгі қасиеттерін  ескеретін тағы бір ресми анықтама бар. Атап айтқанда, Қазақстан Республикасының  Азаматтық кодексінің Жалпы бөлімінің (1994-ж. желтоқсанның 27-сі) 126-бабының 1-тармағы бойынша, үшінші жаққа белгісіз болуына байланысты ақпараттың нақты немесе потенциалды коммерциялық құны болып, онымен заңды негізде еркін танысуға болмайтын және ақпаратты иеленуші оның құпиялылығын сақтауға шара қолданатын ретте, қызметтік немесе коммерциялық құпия болып табылатын ақпарат азаматтық заңдармен қорғалады.

Екінші жағынан, кейбір жағдайларда  коммерциялық құпияға не жататынын заңнама өзі анықтап береді. Мәселен, Қазақстан Республикасының «Бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы» заңының (2007-ж. ақпанның 28-і) 12-бабының 1-тармағына сай бастапқы құжаттар мен бухгалтерлік есеп тіркелімдерінің мазмұны коммерциялық құпияны құрайтын ақпарат болып табылады, оларға қол жеткiзуге басшылықтың немесе дара кәсiпкердiң рұқсаты бар адамдарға, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес мемлекеттік органдардың лауазымды адамдарына ғана рұқсат етiледi.

Бұл тұрғыдан қарағанда, банк құпиясы тек заңнамамен айқындалып, тек заңда көрсетілген мәліметті  банк құпиясына жатқызуға болады, жеке не заңды тұлғаларға бұл мәселе бойынша ешқандай ерік берілмеген. Демек, заң шығарушы органның позициясы айқын: коммерциялық құпия мен банк құпиясы заңнамада ылғи дербес аталып, бөлек реттеледі.

Қорыта айтқанда, банк құпиясының коммерциялық құпиядан негізгі айырмашылықтары  төмендегідей болса керек: банк құпиясының ауқымы мен құрамы тек заңмен (заңдармен) белгіленген және еш өзгертуге (заң шығарушыдан басқа) жатпайды; коммерциялық құпияның ауқымы мен құрамын қазақ заңнамасы, бір жағынан, кейбір жағдайларда өзі анықтайды, екінші жағынан, негізінен жеке және заңды тұлғалардың еріктеріне береді. Демек, соңғы құпия түрі құбылмалы (өзгермелі) болса керек, өйткені оның құрамын мемлекеттік емес тұлғалар қалаған кезде өзгерте алады, ал банк құпиясын құзыретті заң шығарушы айқындап заңмен бекіткеннен кейін оны ешкім өзгерте алмайды. Басқаша айтатын болсақ, ауқым мен құқықтық режим негізгі айырмашылықтар болып тұр. Осыған байланысты, менің пайымдауымша, қазақ заңнамасы бойынша, банк құпиясын коммерциялық құпияның бір түрі немесе коммерциялық құпия банк құпиясын қамтиды деп анықтау қате болса керек. Еліміздің заңнамасында бұл екеуі дербес құпия түрі деп қорытындылауға болады.

Банк құпиясының және оған қатысы бар тағы бір құпия түрінің  ара-қатынасын айқындауға тура келеді. Атап айтқанда, бұл қолданыстағы Конституцияда қөрсетілген «жеке салымдар мен жинаған қаражатының құпиялылығы» деген құпия түрі.

Нақтырақ айтқанда, Қазақстан  Республикасы Конституциясының (1995-ж. тамыздың 30-ы) 18-бабының 2-тармағынасәйкес әркiмнiң өзiнiң жеке салымдары мен жинаған қаражатының [астын сызған мен. - Қ.Ә.], жазысқан хаттарының, телефон арқылы сөйлескен сөздерiнiң, почта, телеграф арқылы және басқа жолдармен алысқан хабарларының құпиялылығы сақталуына құқығы бар. Бұл құқықты шектеуге заңда тiкелей белгiленген реттер мен тәртiп бойынша ғана жол берiледi.

Бұл норманың бейресми (доктриналық) түсіндірмесін алғашқылардың бірі болып Л.Ш. Берсүгірова берді. Бұл  құқықтанушының пікірі бойынша, «жеке салымдар мен қорғалымдардың [? - К.Ә.] Қазақстан Республикасы Президентінің «Банк және банк қызметі туралы» 1995 жылғы 31 тамыздағы заң күші бар Жарлығымен бекітілген. Онда банк құпиясы ұғымы білдіріледі. Банк құпиясына банк депозиторларының, клиенттерінің және корреспонденцияларының бар-жоғы, шоттардың иелері мен нөмірлері туралы, осы шоттар мен банктің өз шотындағы ақша қаражатының қалдығы мен қозғалысы туралы, банк операциялары (банк операцияларын өткізудің ортақ шарттарын есептемегенде) туралы, сондай-ақ клиенттердің банктің темір жәшіктерінде, шкафтары мен үй-жайларында сақтауға қойылған мүліктерінің сипаты мен құны, бар-жоғы, иелері туралы мәліметтер кіреді («Банк және банк қызметі туралы» Заңның 51-бабы [? - Қ.Ә.]). Банк өз депозиторларының клиенттері мен корреспонденцияларының операциялар мен депозиті жөніндегі құпияны, сондай-ақ банктердің темір жәшіктеріне, шкафтары мен үй-жайларында қойылған мүліктердің құпиясы сақталуына кепілдік береді. Өздерінің қызметтік міндеттерін атқаруына орай банк құпиясын құрайтын мәліметтерге қолы жеткен лауазымды адамдар, банк қызметкерлері және өзге де адамдар оларды жария еткені үшін қылмыстық жауаптылыққа тартылады. Банк құпиясын кез келген үшінші адамға шот (мүлік) иесінің жазбаша келісімі негізінде, сол сәтте оның жеке өзінің, сондай-ақ заңда көрсетілген басқа адамдардың қатысуымен тек шот (мүлік) иесі ғана аша алады. Шоттың бар-жоғы мен нөмірі (жасырын нөмірлерді есептемегенде) туралы анықтамалар қарыз алғанын растайтын құжаттар ұсынған жағдайда Банк басқармасының төрағасы немесе оны алмастыратын адам қол қойған жазбаша сұрау салудың негізінде шоттын иесі қарыз алушы, кепілші, кепілге алушы немесе қарыз беруші болып табылатынына қатысты банке беріледі. Жеке адамның шоттағы ақшалай қаражатының қалдығы мен қозғалысы туралы, сондай-ақ банктің темір жәшіктерінде, шкафтары мен үй-жайларында сақтауға қойылған мүліктерінің сипаты мен құны туралы мәліметтер нотариатта куәландырылған сенімхат негізінде жеке тұлғаның өкілдеріне беріледі; жеке тұлғаның банкте сақталған ақшалай қаражаты мен өзге де мүлкіне қамау салынған, мүлік жазалау шарасына тартылған немесе тәркілеу қолданылған жағдайда - олар бойынша қылмыстык іс жүргізуші анықтау және алдын ала тергеу органдарына; мұрагерлік істер бойынша іс жургізуші соттарға; мұрагерлік істер бойынша іс жүргізуші шетелдік консулдық мекемелерге беріледі».

Аударма мен редакция сапасына көңіл бөлмейтін болсақ, бұл түсіндірмеде біріншіден назар аудартатыны автордың «жеке салымдар мен жинаған қаражатының құпиялылығын» тек «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» заң күші бар Қазақстан Республикасының президенті жарлығының (1995-ж. тамыздың 31-і) (ары қарай - Банктер туралы 1995-жылғы жарлық) 50-бабында көрсетілген банк құпиясы контексінде қарастырып түсіндіреді. Және де бұл зерттеушіміздің түсіндірмесінен туындайтын қорытынды жалғыз-ақ - жеке салымдар құпиялылығы банк құпиясымен тығыз байланысты немесе бір түсінік болса керек. Бұл тұрғыдан, әрине, «жеке салымдар мен жинаған қаражатының құпиялылығы» мен «банк құпиясы» түсініктерінің ара-қатынасы туралы сөз қозғау да мүмкін емес. Бұл екі терминнің өзара алшақ және біріне бірі сәйкес келмейтіні ап-анық болғандықтан және Л.Ш. Берсүгірова өз пікіріне ешбір дәлел келтірмегендіктен бұндай түсіндірмемен келісу қиын.

Тура он жылдан кейін, 2009-жылы, аталған Конституция нормасына ресми түсіндірме де берілді. Атап айтқанда, 2009-жылғы тамыздың 20-сында Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесі «Қазақстан Республикасы Конституциясының 18-бабы 2-тармағын ресми түсіндіру және «Заңсыз жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы» Қазақстан Республикасы Заңының және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне заңсыз жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкестігін тексеру туралы» № 5 нормативтік қаулысын шығарды. Бұл қаулының резолюциялық бөлімінің 1-тармағына сай Қазақстан Республикасы Конституциясының 18-бабының 2-тармағымен кепілдік берілген, жеке салымдары мен жинаған қаражаттың құпиялылығы сақталуына құқығын, салымшының өзі туралы, оған тиесілі ақша немесе өзге мүлік, солардың ішінде, банктік салымдары, өзге де шоттары мен жинаған қаражаты туралы, шаруашылық жүргізуші субъекттердің жарғылық капиталдарындағы үлестері және өзге де мүлкі, сондай-ақ олармен жасалатын операциялар туралы салымшының заңмен қорғалатын кез келген, тұлғалардың шектеусіз тобы үшін жалпыға бірдей қолжетімді болып табылмайтын мәліметтердің жария етілмеуіне құқығы деп түсінген жөн.

Оның үстіне, аталған қаулының анықтау бөлімінің 1-тармағы бойынша, жеке салымдар мен жинаған қаражатының құпиялылығы бірқатар заңдармен қамтамасыз етіледі, оның ішінде Қазақстан Республикасы Азаматтық КодексініңЖалпы бөлімі (1994-ж. желтоқсанның 27-сі), «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының кодексі (2008-ж. желтоқсанның 10-ы), Қазақстан Республикасының «Жеке кәсіпкерлік туралы» заңы (2006-ж. қаңтардың 31-і), «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» Қазақстан Республикасының заңы (1995-ж. тамыздың 31-і), «Бағалы қағаздар рыногі туралы» Қазақстан Республикасының заңы(2003-ж. шілденің 2-сі) бар.]

Демек, Конституциялық Кеңес «жеке салымдар мен жинаған қаражаттың құпиялылығы» түсінігін, біріншіден, тек Банктер туралы 1995-жылғы заңның 50-бабына негізделген ұғым деп түсінбейді, екіншіден, оны банк құпиясынан алшақ деп анық түсіндіріп, оның құқықтық негізін және көлемі мен шегін анықтайды, үшіншіден, оның құрамын негізінен банк салымдары мен компаниялардың (серіктестіктердің) жарғылық капиталдарына салымдармен байланыстырады. «Салым» деген түсінікті тура мағынасында түсіндіретін болсақ және оны заңнамада қалай қолданатындығын ескерсек, Конституциялық Кеңестің түсіндірмесі қисынды екенін мойындауымыз керек.

Дегенмен, менің  пайымдауымша, еліміздін Негізгі  заңының 18-бабының 2-тармағындағы нормасында көрсетілген азаматтардың «жеке салымдары мен жинаған қаражатының құпиялылығы» деген конституциялық категория бұрынғы социалистік заманның сарқыншағы болу керек. Социалистік кезеңде коммунистік экономикаға жат буржуазиялық «банк құпиясының» қорғалуы, әлбетте, мүмкін болған емес. Сонымен қатар азаматтар мемлекеттік банкке қарайтын арнаулы сақтау кассаларына ақшалай салымдар салып жинағандықтан бұл қарым-қатынастар заңмен азды-көпті реттелген. Сол кезде қолданыста болған Қазақ ССР-інің Азаматтық кодексінің (1963-ж. желтоқсанның 28-і) 390-бабында«салымның құпиялылығына, оның сақталуына және салымшының талап етісімен-ақ, салымын алатынына мемлекет кепілдік береді» деп жазылған.[14] Бұны Г.С. Досжанова «банк құпиясы» түсінігінен мүлдем бөлек «салым құпиясы» деп атайды.[] Оқырманымызға «банк құпиясы» және Конституциямыздағы «жеке салымдары мен жинаған қаражатының құпиялылығы» түсініктерінің бір (бірдей) емес екені айқын болу керек. Бір қызығы, Г.С. Досжанова Қазақстан Республикасында «банк құпиясы институтының негізі болып Конституция табылады» деп, бұл ойын дәлелдеу үшін жоғарыда көрсетілген Конституцияның 18-бабының 2-тармағын келтіреді.  

 

III. Банк  құпиясының қазақ заңнамасында  пайда болуы. Негізгі заң актілері.

Қазіргі Қазақстан  Республикасының құкықтық мәртебесінің негізгі құқықтық ерекшеліктерінің бірі оның Қеңес Одағының мүшелерінің  бірі болған Қазақ Советтік Социалистік  Республикасының (ары қарай - Қазақ ССР) құқықтық мирасқоры болуында. Демек, Қазақстан Республикасының заңнамасы Қазақ ССР заңнамасынан бастау алады. Бұл мирасқорлық 1991-ж. желтоқсанның 16-сында қабылданған «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» конституциялық заңмен және 1993-ж. қаңтардың 28-інде қабылданған Қазақстан Республикасының біріншіКонституциясымен бекітілген.

Қазақ ССР социалистік  елдің бір бөлігі болғандықтан жеке кәсіпкерлік және жеке меншік ол кезде заңмен реттеу түгілі қудаланатын болған. Тек социалистік экономикадан нарықтық экономикаға өтеміз деп шешіп үкімет тиісті реформаларын бастағаннан кейін жеке кәсіпкерлік біртіндеп бас көтере бастады және жеке меншік жөнінде көптеген шектеулер жойылды. Алғашқы жеке банктер құрылып банк қызметі де кәсіпкерліктің бір түрі ретінде пайда болып дами бастады. Банк қызметін реттейтін Қазақ ССР-інің «Қазақ ССР-індегі банктер мен банк қызметі туралы» алғашқы заңы 1990-ж. желтоқсанның 7-сінде қабылданды (ары қарай - Банктер туралы 1990-жылғы заң). Көп ұзамай 1993-ж. сәуірдің 14-інде бұрынғы заңның орнына «Қазақстан Республикасындағы банктер туралы» жаңа заң қабылданды (ары қарай - Банктер туралы 1993-жылғы заң). Бұдан кейін 1995-ж. тамыздың 31-інде еліміздегі банк саласын реттейтін «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» заң күші бар Қазақстан Республикасы президентінің жарлығы шықты. Қазір бұл сала «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» Қазақстан Республикасының заңымен (1995-ж. тамыздың 31-і) реттеледі

Бір ғана банк саласын  реттейтін аталған үш заң актілерінің  қабылданып, қысқа мерзімде (бес  жылдың ішінде) бірін бірі ауыстырғанына қарағанда, ол кездегі заңнама тұрақсыз және орнықсыз болды. Дегенмен, 1995-жылдан бері бұл саланы реттейтін заңның (алғашында - жарлықтың) бүгінгі күнге дейін күшін сақтап жүргенін ескерсек, банк қызметін реттеуде біршама тұрақтылық пайда болды. Бірақ ол заңға (жарлыққа) көптеген өзгерістер мен толықтырулардың енгізілгенін де ұмытпау абзал.

Тағы бір  атап өтерлік жайт, жалпы банк қызметі  мен банк құпиясын тек аталған  заң деңгейдегі құқықтық актілер  ғана емес, басқа да қазақ заңнамасына  жататын нормативтік құжаттар реттейді. Олардың бастыларына:

1. Қазақстан  Республикасының Конституциясы (1995-ж. тамыздың 30-ы),

2. Республика  ратификациялаған халықаралық келісім-шарттар,

3. Кодекстер (мәселен, Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексі, Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексі),

4. Заңнамаға  кіретін басқа да құзыретті  мемлекеттік органдардың нормативтік  актілері (мәселен, президенттің, үкіметтің, Ұлттық банктің, Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігінің) жатады.

Банк қызметін реттеу мәселесінде  қаржы қадағалау органдарының, яғни Ұлттық банк пен Қаржы агенттігінің, ерекше рөлін айтуға тура келеді. Бұл салада жұмыс істейтін мамандарға қаржы қадағалау органдары өз билігін жүзеге асырғанда кейбір кезде заңға да қарамайтыны белгілі. Мысалы, Т. Кибатуллиннің айтуынша: «Ұлттық банктің өз қадағалауындағы тұлғалардың істеріне асыра сілтеушілікпен араласуынан анық болғанындай, заңнама қорғауының болмауы банктер Ұлттық банктің өзімбілермендікке негізделген билігінің асыра не теріс пайдалану мүмкіндігімен қарсыласа алмайды дегенді білдіреді. Заңдарды орындау не түсіндіру мәселелері Ұлттық банктің ресми адамдарының білуімен шешіледі және іс жүзінде реттеу жүйесі жиі-жиі құқықтық норма мен процедураларға азырақ, ал кез келген банктің Ұлттық банкпен жеке-дара әлеуметтік-бюрократиялық қарым-қатынастарына көбірек тәуелді болады»

Осыған байланысты елімізде қалыптасқан банк саласын реттейтін  жоғарыда көрсетілген нормативтік  құжаттар жүйесін тағы бір құжат  түрімен толықтыру орынды болар  еді. Бұл құжат түрі, оны тура және тар мағынада түсінетін болсак, заңнама  бойынша, нормативтік актілерге жатпайды. Ол құжат түрі Ұлттық банктің және Қаржы агенттігінің хаттары болып табылады. Қазақ заңнамасында хат деген нормативтік акт жоқ. Құқық теориясында бұндай құжаттарды әдетте құқық қолдану актілер санатына, яғни құқықты жасайтын емес, қолданатын құжаттарға жатқызады. Дегенмен, мемлекет органдарында қалыптасқан тәжірибеде кез келген құзыретті мекеме бір мәселе бойынша қарамағындағыларына жиі хаттар жібереді және бұл хаттар негізінен сол мәселе бойынша ресми пікір (түсініктеме) ретінде жазылады. Сол сияқты Ұлттық банк пен Қаржы агенттігі де кез келген өзекті мәселе бойынша өз пікірлерін хат түрінде қарамағындағыларына (қадағалауындағы тұлғаларға) жіберетін болды. Соның салдарынан аталған органдардың белден басып иемденіп алған мәртебесіне орай бұл хаттар нормативтік емес, құқық қолдану актісі болғанына қарамастан кей кезде іс жүзінде заңнан да жоғары күшке ие болады.

Жоғарыда келтірілген  Т. Кибатуллиннің пікірі ақиқат аулынан  алыс емес екенін еліміздің банк саласында  жұмыс істейтін заңгерлер растайды. Мысалы, 1998-ж. қазанның 5-інде Ұлттық банк пен Қаржы министрлігі барлық қазақ банкілеріне ортақ хат жіберді. Сол хат бойынша, аталған органдар банктерге заңнамаға тиісті өзгерістер енгізілгенге дейін кеден және салық орындары жіберген инкассалық өкімдердің орындау мерзімін бір жылға дейін ұзартуын ұсынды. Ал сол кездегі Қазақстан Республикасының «Ақша төлемі мен аударымы туралы» заңының (1998-ж. маусымның 29-ы) 38-бабы бойынша, егер берілген инкассалық өкім қарызгердің банк есебінде ақшасының болмағанынан немесе жеткіліксіз болғандығынан бір айдың ішінде орындалмаса, онда банктің бұндай өкімді орындамай қайтаруға қақысы болған

Қазақ құқығы бойынша, әр атқарушы мемлекеттік органның, Ұлттық банк немесе агенттік пен министрлік болсын, заңды өзгертуге не жоюға еш қақысы жоқ екені анық. Бұған қарамастан Ұлттық банк пен Қаржы министрлігі өз хатымен заң нормасының күшін жоюға тырысып, бір жағынан, банктердің құқын шектеуге, екінші жағынан, заң шығарушы - парламент - функциясын иемденіп алуға да ұмтылды. Бұл мысалды жалғыз кездейсоқ оқиға деп қарауға болмайды. Керісінше, бұл оқиға еліміздегі банк саласындағы күнделікті тіршіліктен үйреншікті кұбылыс десек ақиқат ауылына жақынырақ боламыз.

Жалпы мемлекет органдары, сондай-ақ қаржы қадағалау органдарының құқық пен заңды қаншалықты құрметтейтіні БТА банкісіне қатысты істе де анық көрінді. Атап айтқанда, 2009-ж. ақпанның 2-сінде Қаржы агенттігінің төрайымы республика үкіметінің отырысында БТА банкісі жөнінде қабылданған біріккен шаралар туралы баяндама жасады. Агенттік төрайымының айтуынша, БТА банкі «соңғы екі айда клиенттердің бірнеше төлем тапсырмасын орындамаған, бұл Банктің төлем қабілетсіздігінің белгісі ретінде бағалануы мүмкін және қолданыстағы заңнамаға сәйкес өтімділік коэффициентін бұзу ретінде анықталады. Осы көрсеткіштер Банктің қаржылық жай-күйінің нашарлауының маңызды индикаторы болып табылады. Банктің ірі қатысушыларының болмауын және оның қалыпты жағдайда қызмет атқаруын қолдау үшін қосымша капитал құюды қамтамасыз етуге қабілетті банктің соңғы бенефициарлық иелерінің ашылмауын ескере отырып, Банк салымшыларының мүдделерін қорғау мақсатында 2009 жылғы 1 ақпанда Қаржылық қадағалау агенттігінің Басқармасы «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының «БТА Банкі» АҚ-ның жаңадан шығарылатын акцияларын «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» Заңның 17, 17-2-баптарыныңнормаларына сәйкес сатып алуы жөнінде Үкіметке өтініш жасау туралы қаулы қабылдаған болатын. Қаржылық қадағалау агенттігі «Самұрық-Қазына» АҚ-мен бірлесіп, Банкті 251,3 млрд. теңге сомасына қосымша капиталдандыру қажеттілігі туралы қорытынды дайындады. Бүгінгі күні сауда-саттықтың ашылу сәтіне Қазақстан қор биржасында қалыптасқан бір жай акцияның бағасы 8401 теңгені құрайды. Қорыта айтқанда, капиталдың жеткіліктілік коэффициентін орындау мақсатында 29 915 425 дана жай акцияны жоғарыда көрсетілген нарықтық баға бойынша қосымша орналастыру қажет, бұл «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының 78,14% мөлшеріндегі үлесін қалыптастыруға алып келеді».

Дегенмен, бұл шаралардың бәрі заңға қайшы болып шықты, өйткені Қаржы агенттігі өз қаулысын шығарып үлгерсе де, жеме-жемге келгенде, Қазақстан заңнамасы бойынша, не Үкімет, не «Самұрық-Қазына» қорының жеке банк акцияларын сатып алуға құқығы жоқ екені анықталды. Осыған байланысты үкімет пен парламентіміз Қазақстан Республикасының «Ұлттық әл-ауқат қоры туралы» заңын (2009-ж. ақпанның 13-і) (ары қарай - Әл-ауқат қоры туралы заң) дереу дайындап қабылдауға мәжбүр болды. Талқыланып жатқан мәселелерге байланысты бұл заңның екі ерекшелігі бар. Атап айтқанда, Әл-ауқат қоры туралы заңның 19-бабына сәйкес осы Заң, 2009 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілетін 6-баптың 1-тармағының 3) тармақшасын және 9-баптың 3-тармағының 15) тармақшасын қоспағанда, алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

Демек, Әл-ауқат қоры туралы заң жалпы тәртіп бойынша ресми  жарияланған күнінен (2009-ж. ақпанның 13-інен кейін деген сөз) бастап күшіне енген. Ал 2009-ж. ақпанның 1-інен күшіне енген  екі ерекшелікті қарастыратын болсақ, олардың мазмұны төмендегідей болады.

Әл-ауқат қоры туралы заңның 6-баптың 1-тармағының 3-тармақшасы бойынша, ұлттық экономиканың бәсекеге қабілеттілігі мен орнықтылығын арттыру, ұлттық әл-ауқатты қамтамасыз ету мақсатында Қордың Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртіппен банктердің акцияларын сатып алу құқығы деген ерекше өкілеттігі бар.

Әл-ауқат қоры туралы заңның 9-баптың 3-тармағының 15-тармақшасына сәйкес Қордың жалғыз акционерінің [яғни Қазақстан Республикасы үкіметінің] айрықша құзыретіне банктердің акцияларын сатып алу және иеліктен шығару, сондай-ақ көрсетілген акцияларды сенімгерлікпен басқаруға беру деген мәселелер де жатады.

Бұған қарағанда, осы екі  өкілеттік, яғни «Самұрық-Қазына» қорының  банктердің акцияларын сатып алу  және үкіметтің банк акциялары жөнінде  шешім қабылдау құқығы, құзыретті  органдар БТА банкісіне қатысты  шешімдерін қабылдағанда заңнамада көрсетілмеген. Турасын айтқанда, бұл шешімдер қабылданған кезде заңсыз болған, өйткені шешім қабылдаған мекемелер оларда сол кезде болмаған құзыретті іске асырды. Осының бәрін түсіне отырып сондай шешім қабылдаған тұлғалар мен органдар өз әрекеттерін заңдастыру үшін post factum, яғни оқиға (заң бұзушылық) болып біткен соң, Әл-ауқат қоры туралы занды асыға қабылдап, оған керек нормаларды кіргізіп, сол нормаларды бұрынғы, өтіп кеткен күнімен (2009-ж. қаңтардың 1-інен) күшіне енгізді.

Осыдан зерттеу тақырыбына қатысты туындайтын мынадай маңызды ескертпе шығаруға болады. Атап айтқанда, Ұлттық банк пен Қаржы агенттігінің іс жүзіндегі мәртебесі мен рөліне байланысты олардың саясаты мен ұстанымы Қазақстанда банк құпиясы жөнінде қалыптасқан жағдайға тікелей әсер етіп аталған мемлекеттік ұйымдар осы жағдай үшін бірінші кезекте жауапты болу керек.

Тарихи шолуымызға оралатын болсақ, банк құпиясының қазақ заңнамасында пайда болғанына көп уақыт  бола қойған жоқ. Оны салыстырмалы түрде  жаңа деп қарастыруға да болады. Тұңғыш рет банк құпиясы Қазақ ССР-інің «Қазақ ССР-індегі банктер мен банк қызметі туралы» заңында (1990-ж. желтоқсанның 7-ісі) құқықтық қағидат ретінде көрсетілген. Бұл заңның 51-бабының 1-бөлігіне сәйкес Қазақ ССР банкілері өз клиенттері мен корреспонденттерінің операциялары, есептері және салымдары бойынша құпияны сақтауға кепілдік береді. Барлық банк қызметкерлері банкінің, оның клиенттері мен корреспонденттерінің операциялары, есептері және салымдары бойынша құпияны сақтауға міндетті.

Кейінірек бұл қағидат алғашқы заңның орнын басқан Банктер туралы 1993-жылғы заңның 38-бабының 1-бөлігіндеөзгеріссіз қайталанған.

Бұдан кейін құзыретті  құқық жасаушы орган аталған  құқықтық қағидатты өрістетіп және дамытып заңнама актісімен бекітілген толыққанды құқықтық (заңи) анықтамаға айналдырды. Атап айтқанда, «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» заң күші бар Қазақстан Республикасының президенті жарлығының (1995-ж. тамыздың 31-і) 50-бабының 1-тармағы бойынша, банк құпиясына банк депозиторлары, клиенттерi мен корреспонденттерi банк шоттарының[22] бар екендiгi, олардың иелерi мен нөмiрлерi туралы, сол есепшоттар мен банкінің өз есепшоттарындағы ақшаның қалдығы мен қозғалысы туралы, банк операциялары туралы (банк операцияларын жүргiзудiң жалпы шарттарынан басқа), сондай-ақ банкінің сейф жәшiктерiнде, шкафтары мен үй-жайларында сақтаулы жатқан клиенттер мүлiктерiнiң бар екендiгi, олардың иелерi, сипаты мен құны туралы мәлiметтер кiредi.

Банктер туралы 1995-жылғы  жарлықтан кейін банк құпиясына  қатысты қабылданған маңызды  заң актілерінің ішінде Қазақстан  Республикасының Азаматтық кодексінің Ерекше бөлімін (1999-ж. шілденің 1-і) атауға болады. Дегенмен, бұл заң актісі банк құпиясы түсінігіне айтарлықтай өзгеріс енгізбеді. Атап айтқанда, Азаматтық кодекстің Ерекше бөлімінің745-бабына сәйкес банк құпиясын жария етпеуге банк кепілдік береді. Банк құпиясын құрайтын мәліметтер тізбесі және оны беру негіздері банк қызметін реттейтін заң актілерімен белгіленеді.

Жоғарыда айтылғандай, 2001-жылы наурыз айында Банктер туралы 1995-жылғы  жарлық парламентте қайта қаралып  Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» заңы (ары қарай - Банктер туралы 1995-жылғы заң) деген ресми атау иемденіп алды. Оның үстіне, кейін банк құпиясының зани анықтамасы да сәл өзгертілді. 

 

IV. Банк құпиясының  түсінігі мен анықтамасы. Заңи  анықтама және бейресми анықтамалар. Доктриналық пікір-талас.

Банк кұпиясы