Діни экстремизм және терроризм

                            Діни экстремизм және терроризм

    Қазіргі кезде әлеуметтік патология құбылысы ретінде діни экстремизм әлеуметтік ғылымдарының әр түрлі салаларының назарын өзіне аудартуда. Оны саясаттанушылар, әлеуметтанушылар, конфликтология бойынша мамандар, әлеуметтік және мінез-құлық психологтары, теологтар, криминологтар, философтар, заңгерлер және басқа мамандық иелері зерттеуге талпынуда. Бұл зерттеушілер өз пәндерінің аспектілері бойынша зерделеу, зерттеу жұмыстарын жүргізіп жатса да, әлі де барлығының бірлескен ұжымдық кешенді зерттеу еңбектері жеткіліксіз. Себебі діни экстремизм өте күрделі әлеуметтік-құқықтық, саяси және этно-психологиялық мәселе бола отырып, көпаспектілі болып табылады, яғни артықшылық, діни алауыздық, жеккөрушілік, дінді саясаттандыру және тағы басқа сияқты ең шеткі қисынсыз көзқарастары мен әрекеттері арқылы пайда болатын қоғамға қауіпті құбылыс болып табылады.

      Терроризм  тарихи, этнопсихологиялық және  басқа да түбірі бар, көптеген  факторлардың әрекеттесуімен туындайды, әрі дамиды. Терроризмнің туындауы  мен дамуына, құқықтық мәдениеттің  төмендігі, саяси және әлеуметтік  есептеулердің қателігі, мемлекеттік  аппараттың әлсіздігі, шенеуніктердің  жемқорлығы және арнаулы қызметтің  төменгі кәсібилігі әсер етеді.

      Экстремизм  – ғасырлар бойы адамзатпен  жалғасып келе жатқан, өте күрделі  әлеуметтік-саяси құбылыс. Экстремизм  мемлекеттің, қоғамның, жеке бастың  өмірлік маңызы бар, кез келген  мемлекетке аса қауіп төндіретін  құбылыстардың қатарына енді. Қазіргі  таңда оның әрекеттерінің мынандай  жүйелі сипаттамасы көрінуде, террорлық  актілер сияқты, өкіметті күштеп  басып алуға шақыру, мемлекеттік  және қоғамдық қайраткерлерге, саяси  көшбасшылар мен белсенділерге  қауіп төндіру, кепілдікке алу, әкімшілік  және мекемелердің ғимараттарын  басып алу, шетел өкілдіктеріне  қарсы пикет және жарылыс, жаппай тәртіпсіздік және басқалай күштеу актілерін ұйымдастыру.

    Діни экстремизм – қоғам өмірінде құқықтық категориялық құбылыс ретінде, бір діни ұйымның, сектаның немесе басқа бір қылмыстық субьектілердің базасында құрылған, ең шеткі қисынсыз көзқарастардың жақтаушылары болып табылатын, басқа дүниетанымдар мен діни сенімдерге шыдамсыздықпен қарайтын, бір немесе бірнеше конфессия, секта және басқа қылмыстық субьектілердің  шеңберінде заңға қайшы тікелей қасақана мақсат ұстанатын, азаматтардың, тарихи қалыптасқан қоғамның, ұлттық мемлекеттің құқықтары мен заңды мүдделерін бұзуға бағытталған, діни ұйым, секта және қылмыстық субьектілер мүшелерінің немесе жеке сенуші тұлғалардың қоғамға қауіпті іс-әрекеттері.

      Діни экстремизм делінген ұғымның анықтамасы мына белгілермен дәлелденеді:

1)  Құқықтық категориялық  құбылыс;

2) бір діни ұйымның, сектаның  немесе басқа бір қылмыс субьектілердің  базасында құрылуы;

3) Ең шеткі қисынсыз  көзқарастың болуы;

4) Конфессия, секта және қылмыстық субьектілер шеңберінде заңға қайшы қасақана мақсаттың болуы;

5) Азаматтардың, тарихи қалыптасқан қоғамның және ұлттық мемлекеттің құқытары мен заңды мүдделерін бұзуға бағытталуы;

6) Қылмыстың субьектілері діни ұйым, секта және қылмыстық субьектілер мүшелері немесе жеке сенуші тұлғалар болып табылуы;

7) Олардың қоғамға қауіпті  іс-әрекеттерінің нақты болуы.    

      

    «Діни экстремистік ұйым ( секта ) – діни харизматикалық жеке тұлғаның, діни көзқарастары ортақ адамдардың, басқа қылмыстық субьектілердің ұйымдастыруымен немесе соттың діни экстремистік ұйым (секта) деп таныған жалпы діни экстремистік мақсаттарына байланысты құрылған ұйым (секта)». Бұл жерде экстремистік ұйымдарға тән нәрселер, біраз қосымша өзгешілігімен діни экстремистік ұйымдарға да тән болады:

  • діни экстремистік ұйым мүшелікке есеппен қабылдайтын және рөлдерді бөлісетін ұйым ретінде қалыптасады;
  • діни экстремистік ұйымда басшылыққа бағыну жүйесі бар ( екі-үш звенолы жоғары ұйымдастырушылықпен қамтамасыз етілген құрылым, жалпылық, қатаң тәртіп );
  • діни экстремистік ұйымның басында көшбасшысы болады, оның беделі мықты және бөгетсіз. Көшбасшыға ұйым мүшелері көзсіз бағынады және оларда ұйым басшысының оқытуының шындығына сенімді болады;
  • сенушілердің жүріс-тұрысы қатаң бақылауда болады. Ұйымның мүшелігінен шыққысы келген адам қысымшылдық пен қудалауға, қауіп төндіру мен азғыруға тап болады;
  • діни экстремистік ұйымның басшылары сенушілердің санасын жаулап алу үшін, психологиялық әсер ету жүйесін қолданады;
  • діни экстремистік ұйымда өзіндік субьективтік мәдениеті болады. Діни экстремистік ұйымның көптеген мүшелері күнделікті өмірінде

алдымен діни бірлестіктің талаптарын басшылыққа алады. Мемлекет пен қоғам алдындағы міндеттерін екінші кезекке тасталады;

  • діни экстремистік ұйымда құпиялылық сақталады ( ұйымның өмір сүруі, оның заңсыз істерін құпиялықта сақтауына байланысты, сондықтан ұйымның қатардағы мүшелері көшбасшыларынан бөлінген, бұл олардың көкірек көздерін аштырмайды, тек олар сырт көзге заңды орындаған сияқты жүре береді;
  • діни экстремистік ұйымның қауіпсіздігін барлық жағынан қамтамасыз етіледі ( сыбайластық қатынастарды саяси және құқық қорғау аясында пайдалану; тиісушіліктен қорғанудың жүйесін қалыптастыру; құқық қорғау органдарына қарсы бағдарлама дайындау; куәлер мен жәбірленушілерге қарсы психикалық және де физикалық әсер ету тактикасын қолдану, ұсталғанда, сотта және тергеудегі мінез-құлқы, діни экстремистік ұйымның тұтқындалған мүшелерін кепілдікке алынған адамдармен ауыстыру);
  • қасиетті жазбалардағы сөздерді бұрмалап, өздерінің түсініктері мен мақсаттарына қарай, міндетті түрде пайдаланып, әрі белсенді қолдану ( мысалы, кезіндегі белгілі бір қауымға немесе топқа бағытталған қасиетті жазба сөздерін, қазіргі адамдарға қарсы пайдалану );
  • жалпы шынайы дін қағидаларына қайшы келетін негізсіз аморалдық ұстанымдарға діни экстремистік ұйым мүшелері арасында жол беру, әрі рұқсат ету; 
  • қасиетті жазбаларға мүлдем қайшы сенім мен істерді өздеріне « қағида » етіп алуы;
  • қасиетті жазбалардағы мәтіндерді криминалды талдаумен бұрмалап, өз    мүшелеріне, әр түрлі әдістер мен тәсілдерді сендіру, әрі мүшелікке кіргізу үшін гипноз немесе басқадай жағдайлармен арбау;
  • діни экстремистік ұйымдарды құру, ұйымдастыру, қаржыландыру, қорғаштау және басқадай жәрдемдерді беретін қылмыстық ұйымдар, саяси күштер, арнаулы қызмет ұйымдары мен басқадай қолдаушылардың болуы.

      Экстремистік бағыттағы жасалған қылмыстарды жасаушы тұлғалардың көпшілігін ер адамдар құрайды. Ер адамдар мен әйелдер бұл жөніндегі қарым-қатынасында 89%  ер адамдар құраса, 11% әйелдер құраған. Жалпықылмыстық қылмыстар жасаудағы әйелдердің меншікті салмағы келтірілген көрсеткіштерден 3 еседен артық. Осы орайда әйелдер жасайтын экстремистік бағыттағы қылмыс деңгейінің өсуі орын алып отыр. Зерттеу жұмыстарының нәтижесі бойынша, экстремистік бағыттағы қылмыс жасап сотталғандардың үштен бір бөлігі ( 35,4% ) 25 – 29 жас аралағындағылар, 18 – 24 жас аралығындағылардың да көрсеткіші шамамен осылай ( 34,5% ). Осы қылмысты жасаушылар ішкі дүниетанымы тұрақталмаған, қалыптаспаған немесе ол үшін экстремизмнің немесе ұлтшылдықтың, шовинизмнің пайда болуы оның санасының ішкі ыңғайлығын қамтамасыз ететін қажеттілік т.б

      Діни экстремистік бағытта қылмыс жасаушы тұлға болып қалыптасуына діни экстремистік ұйымның басшыларының немесе идеологтарының идеологиялық үгіт-насихаты, әрі осы идеяларды өзіндік санасымен қабылдауы әсер етеді. Осының нәтижесінде оның санасында « менің жасайтын іс-әрекетім » діни қағидалармен негізделген делінген түсінік қалыптасады. Қалған адамдардың сенімі, дүниетанымы еш қызықтырмайды. Сонымен қатар осындай тұлғаның санасында « менің іс-әрекетімде ешқандай күнә болмайды, мен дұрыс жасап жатырмын, өйткені Құдайдың қалауын, әрі бұйрығын орындап жатырмын, сондықтан бұл ешқандай қылмыс болмайды » делінген ұғым қалыптасады.

    Қазіргі уақытта діни экстремистік бағыттағы әрекет еткендерді, яғни жеке қылмыскер тұлғаларды былайша саралап бөлуге болады:

  • Діни, саяси және басқа негіздер бойынша мемлекет, қоғам және азаматтарға қарсы қауіпті іс-әрекет жасаушы тұлғалар;
  • Мемлекеттің ұлттық заңдарды, мемлекеттік нышандар мен рәміздерді мойындамайтын, патриоттық мұраттарды қолдамайтын, халықтың денсаулығына қажетті шараларды қолдануда әрекетсіздік ететін және басқа да іс-әрекеттерді жасаушы тұлғалар;
  • Тарихи қалыптасқан қоғамның шариғатқа негізделген ұлттық салт-дәстүріне, діни сенімдеріне қарсы әрекет етуші тұлғалар;
  • Дін негіздеріне сәйкес келмейтін, өз бетінше діни ұйым немесе секта құрған, қылмыс жасаушы харизматикалық жеке тұлғалар;
  • Басқа мемлекетте туылып өскен, әрі басқа орта да тәрбиеленген, жергілікті жерге барлық тұрғыдан қалыптаса қоймаған, шетелден миссионер болып келген, шетелдің азаматы болған, қылмыс жасаушы тұлғалар.

 

              Діни экстермизмнің алдын-алу және күресу шаралары

      Қазақстан Республикасы Халықаралық заңдарға сай, Терроршылдыққа, сепаратизмге және экстремизмге қарсы күрес туралы Шанхай конвенциясы ( Шанхай, 2001ж. 15 маусым ) негізінде қабылданған Қазақстан Республикасы 2002ж. 18 сәуірдегі № 316 – ІІ Заңы, Қазақстан Республикасы, Қырғыз Республикасы, Тәжікстан Республикасы және Өзбекстан Республикасы арасындағы Шарт ( Ташкент қ., 2000 ж. 21 сәуір ) негізінде қабылданған Қазакстан Республикасы 2000 ж. 09 қараша № 97 – ІІ Заңы, Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасы арасындағы Келісім ( Пекин қ., 2002ж. 23 желтоқсан ) негізінде қабылданған Қазақстан Республикасы Президентінің 2003 ж. 2 маусымдағы № 1098 Жарлығы және де басқа Халықаралық заңдар сәйкес нормативтік актілері мен Қазақстан Республикасының « Экстремизмге қарсы іс-қимыл туралы » Заңы, Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексі мен басқа нормативтік құқықтық актілер негізінде діни экстремизмнің құбылыстарына қарсы заңды күрес жүріп жатыр.

      Діни экстремизммен  күресуде ең басты тізгінді  әлбетте – құқық қорғау органдары  алады. Себебі арнайы қызмет органдары ( ІІМ терроризм, сепаратизм және  экстремизмге қарсы күресу комитеті, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің  арнайы бөлімшесі ) бар. Әрі материалдық-техникалық, қажылық, кадрлік әлеуеті бар  болғандықтан негізгі күш осы  органдарға түседі.

    Ішкі істер Министрлігінің Терроризм, сепаратизм және экстремизмге қарсы күрес комитеті басшылығымен, барлық ішкі істер органдарының қоғамдық қауіпсіздік бөлімшелері діни экстремизмге қарсы пәрменді жүргізуі тиіс.

      Діни экстремизмге  қарсы күрес аясындағы негізгі  ұстанымдар мыналар болып табылады:

  • заңдылық – қарсы күрес шараларын қолданғанда Қазақстан Республикасы Конституциясының, Қазақстан Республикасының халықаралық шарттар мен келісімдерді және өзге де ұлттық заңнама мен нормативтік құқықтық актілердің талаптарын қатаң түрде сақтау;
  • кешенділік – діни экстремизм құбылыстарына қарсы күресте ескерту, алдын алу жұмыстарында негізгі күресуші субьектілердің бірігіп күресуіне күш салу;
  • тиімділік – діни экстремизмге қарсы күресте неғұрлым материалдық, қаржылық, ресурстық шығындарды азайту нәтижелеріне жету;
  • оперативтілік – адекваттық криминологиялық жағдайларға ескерту шараларының қолданылуы.

     Бұл жерде  діни экстремизмнің құбылыстарына  қарсы күрес аясындағы негізгі  ұстанымдар мен бағыттар айқындалды. Енді құқық қорғау органдары  ішіндегі діни экстремизммен  тікелей күресуші субьекті –  ішкі істер оргнадары болып  табылады.

      Діни экстремизм  құбылыстарын болдырмау мақсатында  ішкі істер органдары қызметкерлері  мына жағдайларды анықтауы тиіс:

  • діни экстремистік ұйымдардың көшбасшылары мен мүшелерін, сонымен қатар, экстремистік бағыттағы қылмыстарды жасауға бейім тұлғаларды анықтау;
  • қылмыстық әрекетпен анықталған тұлғаны құжаттарындыруда оперативтік-іздестіру шараларын жүргізу;
  • діни экстремистік әрекеттерге қатысқан тұлғаларға байланысты жекелеген профилактикалық шараларды пайдалану.

      Діни экстремистік  ұйымдардың мүшелері тарапынан  нақты құқыққа қарсы әрекеттерді  жібермеу үшін кешенді шаралардың өткізілуі тиіс.

       Діни  экстремизм құбылыстарына қарсы  күрес аясында ішкі істер органдары  қызметінің негізгі бағыттары  мыналар болып табылады:

  • экстремистік сипаттағы қылмыстарды ескерту, анықтау, жолын кесу және тергеу, сонымен бірге олардың салдарын азайту;
  • діни экстремистік құбылыстарға қарсы күрес жолында құқық қорғау органдары, діни және қоғамдық ұйымдардың бірлесіп әрекет етудің құқықтық базасын жетілдіру;
  • Қазақстан Республикасы аумағында діни экстремизмнің туындауына мүмкіншілік беретін факторлар мен жағдайларды саралау және оның таралу мен даму тенденциясын болжаулау;
  • діни фанаттарға жаппай қырып жоятын қарулар, радиоактивтік, токсилогиялық және өзге де қауіпті заттар, материалдар мен технологияларды қауіп төндіруге пайдалануға немесе қолдануға жол бермеу;
  • діни экстремистік ұйымдарды қаржыландыруға қарсы күресу:
  • локальдық немесе жаһандық компьютерлік желілерді экстремистік мақсаттарға қауіптендіруге пайдалануын немесе қолдануын болдыртпау;
  • діни экстремизм құбылыстарына қарсы күрестің эффектісін көтеру мақсатында қоғамдық ұйымдар және бұқаралық ақпараттық құралдарымен бірігіп жұмыс жасау;
  • діни экстремизмнің үгіттеріне қарсы күресу;
  • халықаралық қауымдастықтың антиэкстремистік әрекеттеріне, сонымен бірге халықаралаық ұйымдар және мемлекетаралық шеңберде антиэкстремистік операцияларға қатысу.

      Діни экстремизмді  алдын алудағы мемлекеттік ұйымдар  мен қоғамдық құрылымдар жүйесінің  атқарар жұмыстары көп болып  табылады. Діни экстремизмнің жалпы  алдын алудың негіздері мыналар  болып табылады:

1.Тұрақты экономика, адамдардың  іскерлік белсенділігі мен ынтасын  көтерудің негізінде нарықтық  қатынастарды қалыптастыру.

2. Жас адамдардың әлеуметтік, экономикалық және басқадай жағдайларын  жақсартуға, олардың өз бетімен  еңбекке және қоғамдық –саяси  өмірге араласуы үшін мемлекеттік  жастар саясатын қаржымен, заңмен  қамтамасыз етуге шаралар қарастырып, оны жүзеге асыру. Себебі діни  экстремистік ұйымдарға жастардың  көп тартылатындығы статистикалық  мәліметтерден байқалатын анық  нәрсе. Өйткені экстремистік ұйымдарда  жастарды тартуға мүдделі. 

3. Оқу орнындарында «  Мемлекет және құқық негіздері  » және « Құқықтану » пәндерін  оқытудың сапасын жақсарту. Оқылатын  сағат санын 50% -ға дейін көбейтіп, курс аяғында емтиханды міндетті  түрде алу. Бұл олардың құқықтық  санасы мен мәдениетін көтереді. Көптеген жастардың құқықты жақсы  білмегендіктен қылмысқа немесе  террористік-экстремистік ұйымдардың  арбауына тез түсіп қалады. Сонымен  қатар мектеп оқушыларына ( 9 – 11 сынып ) экстремистік ұйымдар мен  керітартпа ағымдар жөнінде лекциялар  немесе түсіндірмелер міндетті  түрде болғаны дұрыс. Себебі әсіресе  ауылдардан қалаға келген жастар  ( колледж, университетте оқу, жұмыс  ізеп барады ) көбінесе қалаларда  орналасқан экстремистік ұйымдар  мен керітартпа ағымдардың уағыздаушыларының  арбауына шырмалады.

4. Діни экстремистік бағыттағы  қылмыстардың алдын алуды жалпы  қоғамдық деңгейде қарастырғанда  Қазақстан Республикасы үшін  ең өзекті проблема – адамдарды, әсіресе жастарды жұмысқа орналастыру  мәселесін шешу қажет. Кейбір  жастар « дін » деген осы  екен деп керітартпа ағымдардың жетегінде кетеді. Олардың көбісі көптеген мекемелерде жұмыс істесе білу, әр түрлі адамдармен тіл табыса білу және де тағы да басқа жағдай бойынша ортаға бейімделу немесе басқа дүниетанымдағы, сенімдегі адамдармен шығыса алатындай тәжірбиелері өте аз. Яғни көбісінің санасында басқа діндегі адамдармен жұмыс жасауға істеуге болмайды ұғым қалыптасады. Сонымен қатар кейбір осындай жастар, отбасында діни сенім, жұмыссыздық мәселелері бойынша ата-ана, туыстарымен шекісіп қалатын жағдайлар, бір жағынан үйден кетіп қалу фактілері кездеседі. Көптеген жұмыс орындарында сыртқы келбетіне қарап ( дін жолында жүргендердің кейбіреулері сақал қояды ) жұмысқа қабылдамауы мүмкін. Бұндай кезде арнайы қоғамдық ұйымдар мен ресми діни ұйымдардың өкілдері осы мәселеге жоспарлы қараса, яғни жұмысқа орналасуға көмек беру, ал діни өкілдер сыртқы келбетімен байланысты жұмысқа орналаса алмай жүрген жастарға осындай мекемелерде өзін қалай ұстау керектігін, сырт келбетін қалай ұстайтындығын кеңестерін беретін болса, бұның нәтижесі жақсы болатындығы анық.

5. Заңды жалпыға бірдей  оқытуды және заңға тәрбиелеуді  ұйымдастыру. Діни ұйымдардың мүшелері  арасында құқық қорғау органдары  қызметкерлері құқықтық оқытуды  жоспарлы өткізгендері дұрыс.

6. Құқық бұзушылықтың  алдын алудың әлеуметтік базасын  нығайту қажет. Кейбір адамдардың  тұрмыстық жағдайын айтып барғандарға, діни экстремистік немесе керітартпа  ағымдар өздерінің беделін көтеру  үшін уақытша болса да, азын-аулақ  қаражаттай немесе басқадай жәрдем  береді. Сондықтан аз қамтамасыз  етілген отбасыларға, нашар тұратын  топтарға, ата-анасының қамқорлығынан  қалған жетім балалар, қарттар  үйлеріне мемлекет тарапынан  әлеуметтік қамқорлық пен жәрдемдер  берілуі тиіс.

7. Қазақстан Республикасы  Әкімшілік құқық бұзушылық туралы  кодекстің 375 бабы бойынша құқық  бұзушылықтар тіркелмеген діни  ұйым мүшелері немесе жекелеген дін жолын ұстағандары тарапынан жасалынады. Осыларға заңды түсіндіру жұмыстары пәрменді жүру керек.

Дүниежүзілік қауымдастық Лаңкестікке қарсы бірқатар халықаралық-құқықтық құжаттар қабылдады (Әуе кемелеріне жасалған қылмыстық және басқа да әрекеттер туралы конвенция (1963); Азаматтық авиация қауіпсіздігіне қарсы бағытталған заңсыз актілермен күрес туралы конвенция (1971); Лаңкестікті қаржыландыруға қарсы күрес туралы конвенция (1999), т.б. 1994 ж. БҰҰ-ның Бас Ассамблеясы 49-сессиясында қабылданған “Халықаралық лаңкестікті жою шаралары туралы” декларацияда Лаңкестікпен күрестегі халықаралық ынтымақтастық шаралары белгіленді. ТМД мемлекеттері арасында көпжақты келісімдер жасалып, Лаңкестікке қарсы орталық құрылды (2000). Орта Азия мемлекеттері 2000 ж. Ташкентте өткен саммитте “Лаңкестікпен, саяси және діни экстремизммен, трансұлттық ұйымдасқан қылмыспен, тұрақтылық пен қауіпсіздіктің басқа да қатерімен күресте бірлескен іс-әрекет туралы” келісімге қол қойды. Сондай-ақ Шанхай ынтымақтастық ұйымы шеңберінде халықар. Лаңкестікпен және экстремизммен күрес шаралары белгіленген.

 

 


Діни экстремизм және терроризм