Экономикалық мәдениет түсініг

   Нарыққа өту кезеңінде экономикалық өмір әлеуметтану зерттеуінің ең маңызды  объектілерінің біріне айналды. Экономикалық әлеуметтану жеке ғылыми пән ретінде  өндірістік қатынастарға экономикалық факторлармен қатар адам факторы  да әсер ететіндігін көрсеткен басқару тәжірибесіне жауап ретінде ХХ ғасырдың ортасында АҚШ-та пайда болды.

   Экономикалық  әлеуметтану немен айналысады? Осы  ғылыми көзқарастың әлеуметтанумен және экономикалық ғылымдармен салыстыр-ғанда өзіндік ерекшелігі неде? Бұл пәннің өзіне тән ерекшелігін анықтау үшін басқа ғылымдармен сәйкес келмейтін өзіндік зерттеу пәнін және әдісін анықтап алу қажет.

   Экономикалық  өмірге әлеуметтану тұрғысынан қарау, оны адамдар арасындағы қатынастардың  бір саласы ретінде қарастыру  біздің түсінігімізді айтарлықтай  кеңейтіп тереңдете түседі. Ол бүгінгі күнде заман талабына сай болып отырған нарық, өндіріс, тұтыну т.б процестердің экономикалық саралау саласында қандай да бір қосымша немесе қосалқы құрал болып саналмайды. Экономикалық әлеуметтану экономиканы ондағы әрекет етуші әлеуметтік топтардың белсенділігінен, олардың мүдделерінен, мінез-құлқы мен өзара әрекеттесуінен қозғау алатын әлеуметтік процесс ретінде сипаттайды.

   Экономикалық  теория көп жағдайда материалдық, қаржылық, ақпараттық ресурстардың дайын өнім мен қызметке айналу қатынастарын зерттейді. Әлеуметтану өз кезегінде тікелей адамның іс-әрекетіне және әлеуметтік байланыстарға көбірек көңіл бөледі. Экономика екі ғылымның да зерттеу объектісі болып табылады, алайда әрбір пән экономикалық құбылыстарды зерттеп-білуде өз көзқарастарын ұсынып, әр түрлі міндеттер қояды, мәліметтерді жинау мен талдауда өз әдістерін қолданады.

   В.В.Радаев атап көрсеткендей, “экономикалық  теория үйреншікті нәрсеге редукция шығарады, ал экономикалық әлеуметтану  үйреншікті нәрсеге проблемалық сипат береді”. Экономистер жай адамға қиын материяларды (бағалардың қалыптасуы, қаржы ағымдарының қозғалысы т.б.) түсіндіре отырып, дұрыс мағына қисынына, кәдімгі адамдардың мінез-құлқына әкеліп тірейді. Әлеуметтанушылар, керісінше, күнделікті өмірде біз дұрыс мағына деңгейінде қабылдайтын “жай ғана” істермен айналысады. Неге тұтынушылар әр түрлі дүкендерге барады және бірдей затқа әр түрлі ақша төлейді? Неге кәсіпкерлер іскер әріптестерін қатаң түрде белгілі бір адамдар тобынан таңдап алғысы келеді? Неге қатардағы жұмысшылар өз әріптестерінің жалақысының мардымсыз жоғарылауына қызғанышпен қарап, “қатардағылар” мен “басшылар” табысының арасындағы үлкен айырмашылықты қалыпты нәрсе деп қабылдайды? Әлеуметтанушылар бұл сұрақтарға жауап іздей отырып, адамның мінез-құлқын күрделі әлеуметтік байланыстардың нәтижесі деп қарастырады.

     Қазіргі күнде экономикалық әлеуметтану  ықпалына енген сұрақтар бұрынырақ  белгілі бір деңгейде индустриалды  әлеуметтану, еңбек әлеуметтануы, аймақтық әлеуметтануы, басқару  әлеуметтануы, ұйымдастыру әлеуметтануы және басқа да сол секілді шектес бағыттарда қозғалған еді. Бұл пәндер экономикалық әлеуметтанудың пәнаралық ғылыми бағыт ретінде қалыптасуы үшін іс жүзінде тұжырымдық негіз дайындап берді. Олардың соңғысы - жұмыссыздық пен жұмыспен қамту, өндірістік ұйымдардың құрылымы мен түрлері, еңбек қатынастары, үй шаруашылығының қызмет етуі, әлеуметтік-экономикалық инфрақұрылым, кәсіпкерліктің дамуы және басқа мәселелер ортақ тақырыпқа ие болды.

   Экономикалық  әлеуметтану зерттеудің пәнаралық жаңа саласы бола тұра, қатып қалған шекаралары жоқ, басқа пәндердің әдістері мен ұғымдары үшін ашық және әлеуметтік-экономикалық білімді енгізудің жаңа салаларын іздеу жолында тұр. Ондағы негізгі санаттар мен тұжырымдамалар, экономикалық құбылыстарды әлеуметтану тұрғысынан сараптау әдістері енді-енді жасалуда және ол зерттеулер әлі соңына дейін анықталған жоқ.

   Тәжірибе  көрсеткендей, кез келген ғылымды  пән ретінде анықтау көп жағдайда табысты бола бермейді, ол оның проблемалық  ауқымын кеңейтеді немесе бұрмалай түседі. Экономикалық әлеуметтануды пән ретінде қарастыра отырып, біз бұл ғылыми бағыттың тұрғылары мен қызметтері жөніндегі түсініктердің алуан түрлілігіне негізделетін боламыз.

   Көптеген  зерттеушілер Ю.В.Веселов көрсеткен  экономикалық әлеуметтанудың объектісін түсінудегі жалпы принциппен келіседі: “Экономикалық әлеуметтану экономиканы аса кең әлеуметтік жүйенің бір бөлігі ретінде қарастырады”. Жалпы алғанда, пәндік ауқымды анықтауда түрлі әдістемелік мақсаттарға: позитивистік және түсіндірмелі әлеуметтануға келіп тірелетін екі негізгі көзқарас қалыптасқан.

   Бірінші көзқарас – экономикалық әлеуметтану, экономикалық (өндіріс, бөліп беру, айырбас, материалдық қорларды тұтыну) және қоғамдық өмірдің экономикалық емес (саясат, мәдениет, дін, отбасы, білім беру т.б.) салаларының өзара байланысы ретінде қарастырылған уақытта макроәлеуметтану талдауына жақындау болады. Экономикалық проблемаларды шешуде технологиялық, техникалық және ұйымдастырушылық аспектілермен қатар экономикалық өмірдің әлеуметтік аспектілері болатыны да кеңінен айтылуда. Бұл жерде әлеуметтану пәні әлеуметтік жүйенің элементтері ретінде әлеуметтік қатынастар, байланыстар, құрылымдар болып көрінеді.

   Осыған  орай Т.И.Заславская және Р.В.Рывкина  экономикалық әлеуметтануға “қоғамдық өмірдің екі - экономикалық және әлеуметтік салаларының өзара байланысын тиісінше екі жақты - экономикалық және әлеуметтік процестердің өзара байланыстары негізінде зерттейтін ғылым” деген анықтама береді . Әлеуметтік саланы олар қоғамдағы топтардың жағдайының әр текті болуымен байланысты әлеуметтік теңсіздік қатынастарының саласы деп түсіндіреді.

   Олар  функционалистік дәстүр рухында  экономикалық әлеуметтану объектісінің “өзегі” деп “экономиканы дамытудың  әлеуметтік механизмі” санатын ұсынады. Бұл ұғымның астарында “әлеуметтік топтардың экономикалық мінез-құлқының тұрақты жүйесі, сонымен қатар осы топтардың бір-бірімен және мемлекетпен материалдық игіліктер мен қызмет көрсетуді өндіру, бөліп беру, айырбастау мен тұтыну бойынша өзара әрекеттесуі” түсіндіріледі. Бұл ұстанымды Г.Н.Соколова да қолдайды. Ол экономикалық әлеуметтану, экономикалық процестердің өрбуінің сипатына тәуелді болатын табиғатты, өзіндік ерекшелігі бар мүмкіндіктер мен әлеуметтік механизмдерді өзінің пәні ретінде қарастырады деп жазды.

   Екінші  көзқарас зерттеудің алғашқы тармағы “экономикалық мінез-құлық” санаты деп санайды. Бұл дәстүр Вебердің іс-әрекет әлеуметтануы мен түсіндірмелі әлеуметтануына барып тіреледі. Бұл ұстаным В.В.Радаевтың дәрістер курсында жақсы жүйеленіп берілген: “Экономикалық әлеуметтану экономикалық әрекетті әлеуметтік әрекеттің нысаны ретінде зерттеп-біледі. Онымен қоса экономикалық әрекет шектелген ресурстарға өз қажеттіліктерін қанағаттандыру мақсатында күш көрсетпейтін әдістермен бақылау орнатуды іске асыруды білдіреді”.

   Экономикалық  әлеуметтану экономикалық іс-әрекетті зерттейтін ғылым деген көзқарасты В.И.Верховин мен А.И.Кравченко да қолдайды.  Оны микроәлеуметтану көзқарасына жатқызуға болады, өйткені бұл жерде топтар, жеке адамдар әрекетінің және экономикалық мүдделердің көп бейнеде көріну нысандары қарастырылған. Мәселен, В.И.Верховин экономикалық мінез-құлықты әлеуметтанушылық зерттеу пәнінің бөлінуінің бастапқы тармағы деп анықтап, экономикалық мінез-құлықтың нақтылы үлгілерін саралайды: жұмыс күші нарығындағы “ізденіс”; инвестициялық әрекет; қор нарығы жүйесіндегі “рефлексивті” әрекет; директивті экономикадағы жоспарлаушының әрекеті. Ол зерттеу пәніне экономикалық әрекеттің субъективті жақтарын (тұлғалық, топтық, институционалды, бұқаралық мінез-құлықтың ерекшеліктері) қоса қарастыру аса маңызды дейді.

   А.И.Кравченко  экономикалық әлеуметтану – ол қоғам  өмірінің түрлі салаларындағы (өндірісте, айырбаста, бөліп беру мен тұтынуда) үлкен әлеуметтік топтардың өнімдері ретінде адамдардың мінез-құлқы  жайлы ғылыми білім жүйесі деп  санайды. Ол экономикалық әрекеттің көрінуінің нысандарын және адамдардың экономикалық мүдделерін білдіруін, сонымен қоса адамдарға экономикалық институттардың (жеке меншік, еңбек бөлінісі, тауарлар мен еңбек нарығы, қаржы институты т.б.) ұзақ және қысқа мерзімді әсер етуінің механизмдері мен құрылымдарын зерттейді.

   Экономикалық  әлеуметтанудың пәндік саласын түсіну үшін бөліп қарастырылған екі  көзқарас арасындағы айырмашылық шартты болып табылады, олардың екеуі  үшін де экономикалық процестердің әлеуметтік реттеуіштерін анықтау және экономикалық факторлардың әлеуметтік процестер мен адамдардың мінез-құлқына әсерін анықтау өте маңызды.

   Экономика саласындағы әлеуметтану зерттеуінің негізгі салалары төмендегідей:

   - экономикалық институттардың (жеке  меншіктің, айырбастың, келісім-шарт қатынастарының, ақшаның, қаржы нарығының) эволюциясы;

   - қоғамның экономикалық және кәсіби  стратификация мен икемділік,  экономикалық теңсіздік, кедейшілік  және байлық проблемалары;

   -  әлеуметтік қатынастар мен адамдардың  экономикалық қимыл-әрекеттерінің әр түрлі типтерінің қалыптасуы;

   -  адамдардың еңбек нарығындағы әрекеті, өндіріс және формальды емес экономика саласындағы еңбек әрекеті;

   - экономикалық сана мен ойдың  дамуы (құндылықтар, таптаурындар, мінез-құлық үлгілері);

   -  экономикалық ұйымдардың құрылымы;

   -  кәсіпкерлік және бизнес нысанының  әлеуметтануы;

   - өндірістің, бөліп берудің, айырбас  пен тұтынудың т.б. әлеуметтік-экономикалық  механизмдері.

   Экономикалық  әлеуметтанудың негізгі  міндеті – экономикалық құбылыстар мен процестерді осында әрекет ететін жеке адамдар мен әлеуметтік топтардың мүдделері, мүмкіндіктері тұрғысынан әлеуметтану тұрғысынан түсіндіру, сонымен қоса нақтылы бір қоғамның экономикасына әлеуметтік және мәдени факторлардың әсер етуін зерттеу болып табылады.

   Экономикалық  әлеуметтану бізге экономикалық дамудың әлеуметтік механизмдерін біртұтас жүйе ретінде тереңірек түсінуге жол ашады: нарықтық қатынастардың қалыптасуы мен қызмет етуі жағдайында адамдардың экономикалық іс-әрекеті; шаруашылық және қаржы институттарының қалыптасуына саяси және әлеуметтік әрекеттердің, қоғамдық пікірдің, дін мен мәдени дәстүрлердің әсерін ашу.

   Экономикалық-әлеуметтік білімнің алғашқы элементтері қайта  өркендеу және жаңа заман дәуірінде  пайда болған. Алайда мұндай білімнің теориялық сипаты ХVІІІ ғасырда бастау ала бастады. Бұл уақытта философтар Шарль Луи Монтескье, Клод Гельвеций, экономистер Адам Смит, Томас Роберт Мальтус, Жан Шарль Сисмондидің, философ және социалист-утопистер Уильям Годвин, Анри Сен-Симон, Шарль Фурьенің ойлары құнды болды. Осы кезеңнің өзінде тәжірибешілердің, өндірісті басқарушылардың экономикалық-әлеуметтанушылық білімге жүгінген алғашқы жәйттері пайда бола бастады. Бұл тұрғыда ең жарқын мысал - Роберт Оуэн.

   ХVІІІ  ғасырда экономикалық әлеуметтану  дамуының “философиялық-экономикалық” кезеңі аяқталып, “өзіндік әлеуметтану” кезеңі басталды .

   Огюст Конт (1798-1857) - француз әлеуметтанушысы және философы. Ол дәстүрлі философиядағы дерексіз конструкциялар мен заңдық ойлардағы шашыраңқы эмпирикалық байытуларға қарағанда қоғамдық өмірдегі диахроникалық және синхроникалық аспектілердегі құбылыстарды ғылыми зерттеп-білуді ескере отырып, “әлеуметтану” ұғымын енгізді.

   О.Конт қазіргі заманды анықтап-тануға талпыныс жасап көрді. Ол жаңа әлеуметтік тәртіптің бірқатар ерекшеліктеріне  көңіл аударды:

   1) еркін кәсіпкерлік пен бәсекелестікке  негізделген экономикалық жүйенің  қалыптасуы;

   2) жұмыс күшінің қалада шоғырлануы;

   3) өндірісте ғылым мен техниканың  жетістіктерін пайдалану; 

   4) басшылар мен жалдамалы жұмысшылар  арасында жасырын немесе ашық қарама-қарсылықтың пайда болуы;                         

   5) әлеуметтік теңсіздіктің күшейе  түсуі; 

   6) табыс табуға бағыт ұстану.

   Конт  индустриалдық қоғам мен өндірістің адамға және мәдениетке әсер ету теориясын  дамытты. Оның теориясы бойынша, өндіруші мен ойлап табушының түйсігі өрлеуді тудырады. Өндірістің дамуы адамның өмір сүруін жеңілдетіп қана қоймай, сонымен бірге тұлғаны жоққа шығарады және әлеуметтік тәртіпті бұзады.

   Карл  Маркс (1818-1883) - неміс әлеуметтанушысы, философы және экономисі. Ол жасаған қазіргі заманғы капиталистік қоғамның бейнесі кең тарады. Маркс капитализмге күшті сыни және идеологиялық сипат берді.

gn="justify">   Маркс көтерген ең танымал тақырып “жатсыну”  болып табылады. Маркстың пайымдауынша, адамдар табиғатынан еркін, үйірсек  және жасампаздыққа бейім. Алайда адамның табиғи мүмкіндіктерінің көрінуіне кедергі болатын белгілі бір тарихи жағдайлар туатын болса, онда олар табиғи бейімділіктерінен айырылып қалады. Мұндай парасаттан жұрдай қылатын жағдайлар қоғамдағы барлық топтар тарапынан болады, атап айтқанда, қазіргі капитализм көптеген адамдарды тәуелді етіп, оларды қинап, экономикалық механизмнің жатсынған бөлшегіне айналдырып жіберді. Өз еңбегін және оның өнімін бақылаудан айырылған жұмысшы жатсына бастайды, өз еңбегінен, айналасындағы адамдардан және ақырында өз-өзінен шеттеле бастайды. Маркс атап кеткендей, жұмысшы еңбек процесінде өзін орнықтыра алмайды. Керісінше, өзін жоққа шығарып, бақытты емес, бақытсыз деп санайды. Ол үшін  еңбек-дене және ақыл-ой күштерінің еркін ойыны емес, қаны мен сүйегін жансыздандыру және сананы бұзу. Сонымен, жатсыну социоцентристік серпіндердің (өзімшілдік, атомизация), шығармашылықтың жоқтығының (кертартпалық, еңбектің бір сарындылығы) күшеюіне, әрекеттерді бақылаудан (енжарлық), дербестіктен (адамдарды басқарушы заттар фетишизмі) бас тартуына барабар. Адам табиғаты өз мәнін жоғалтып алады. Оларды қалпына келтіру жатсынудан арылған жағдайда ғана мүмкін болады, ал оны тудырушы әлеуметтік жағдайлардың төңкерісін, тапсыз коммунистік қоғамның орнауын талап етеді.

   Герберт Спенсер (1820-1903) - ағылшын әлеуметтанушысы және экономисі, өз еңбектерінде әлеуметтік даму және әлеуметтік эволюция мәселелеріне баса назар аударды. Ол “әскери” және “өндірістік” қоғамның полярлық қарама-қайшылық үлгісін жасай отырып, қазіргі қоғамға дәстүрлі қоғамды қарама-қарсы қояды. Спенсер жаңа әлеуметтік құрылыстың маңызды белгілерін ашты. Олар - дамудың, қиратудың және реттеудің шешуші факторлары болып саналатын әлеуметтік күрес пен бәсекелестік. Міне, осылар қоғамдағы әлеуметтік-экономикалық айырмашылықтардың ең маңызды қайнар көзі болып табылады. Жеңіске жеткендер меншік иелерінің тобын құрады, ал жеңіліс тапқандар - жалданбалы жұмысшылар және т.б. тобын қалыптастырады; жеңілгендердің ерте ме, кеш пе абырой сезімі оянады және оның салдарының бірнеше нұсқасы болады.

   Фердинандт  Теннис (1865-1936) - неміс әлеуметтанушысы және тарихшысы. Ол жаңа әлеуметтік құрылыстың маңызды белгілерін сипаттап берді. Теннис Gesellschaft (қазіргі қоғам) пен Gemeіnschaft-ты (дәстүрлі қоғам) бір-біріне қарсы қояды. Қазіргі қоғамда адамдар өзінің жеке қасиеттерін, ұқсастығын жоғалтып, құпиялы жалданушылар, жұмысшылар, сайлаушылар, тұтынушылар мен көрермендер, т.с.с.  топтарға механикалық түрде біріге отырып, сахнаға шығады. Оған үлкен нарықтары, аудиториясы, тыңдарман қауымы, электораты, ұлттық ұйымдары бар қазіргі қоғамның көлемі кінәлі. Мұндай жағдайда тұлғааралық байланыстар бүркемеленеді. Бұл жағдай өмір сапасының нашарлануына, бюрократия мен үкіметтің жекеленуіне алып келіп, тоталитарлық режимнің пайда болу қаупін тудырады.

   Э.Дюркгейм (1858-1917). Ол “аномия” ұғымын енгізе отырып, адамдар - өз мүдделері үшін күресіп таласуға дайын тұратын өзімшілдер деп санады. Олар тек мәдени ережелер, нормалар мен құндылықтар арқылы байланысқа түскен жағдайда ғана “бәрінің барлығына қарсы соғысынан” құтылып, үйлесімді әлеуметтік өмір сүруге қол жеткізе алады. Қандай да бір тарихи жағдайларда мәдени ережелер өзінің реттеуші күшін жоғалтады. Сол кезде аномия жағдайы туады, қоғамды ұйымдаспағандық пен астан-кестеңдік жайлап алады. Адамдар өздерін түп-тамырларынан үзіліп қалғандай сезініп, өзін-өзі өлтіруге қол жұмсайды. Дюркгейм қазіргі қоғам аномиялық жағдайдың туындауына ықпал етеді деп есептеген.

   Дюркгейм  қандай да бір әлеуметтік фактілердің  себептерін басқа бір әлеуметтік фактілерден іздеуге шақырып, психологизмнен бас тартады. Оның көрсеткен кестесінде адамның мінез-құлқы шын мәнінде пайдакүнемдік сипатынан айырылады. Алайда, сонымен бірге, адамның өзі жеке адам ретінде әлеуметтік қызметпен алмастырылады.

   Көптеген  әлеуметтанушылар секілді ол да әлеуметтік-экономикалық прогресте шешуші рөлді жеке меншік, бәсекелестік пен еркін кәсіпкерлік емес, адамдардың ынтымақтастығы мен бірлігі, әлеуметтік қатынастар мәдениеті, еңбектің микро-макро деген деңгейдегі әлеуметтік ұйымдасқандығы атқарады деп санаған.

   Макс  Вебер (1864-1920) - неміс әлеуметтанушысы, ХІХ-ХХ ғасырлардағы ең ықпалды тұлғалардың бірі. Ол қазіргі қоғамды саралай отырып, “дәстүрлі” және “капиталистік” қоғамды бір-біріне қарсы қояды. Олардың айырмашылығы мына өлшемдер бойынша көрінеді: жеке меншік нысаны, технологияның басым түрі, жұмыс күшінің нарығы, экономикалық бөліп берудің әдістері, заңдар табиғаты, кең таралған дәлелдемелер. Вебердің сөздері бойынша, капитализм дегеніміз “пайда соңынан ылғи қуалап жүру” және “бос жұмыс күштер нарығын дұрыс ұйымдастыру”.

   Вебер ерекше ментальдыққа - “этосқа” ие болатын  кәсіпкерлер мен жұмысшылардың  ерекше табы болады деп санайды. “Этос” немесе “капитализм рухы” табыс  себебін, аскеттілік, парыз сезімін  қамтиды. Этостың қайнар көзі протестантизм болып табылады.

   Вебер ұйым теориясы шеңберінде бюрократия құбылысына сипаттама жасап, бюрократиялық жүйені әлеуметтік-экономикалық жағынан дамыта түсуде нақтылы әдістемелік ұсыныстар берген.

   Вебер әлеуметтануының негізгі принципі - бюрократия теориясының арқауын құратын ұтымдылық. Капитализмнің ең маңызды белгісі - бәрі де мойындап отырған таным құралы ретіндегі ғылымның рөлі болып табылады.

   Вебердің  айтарлықтай жетістіктеріне әлеуметтік дауларды экономикалық тұрғыдан талдауын жатқызуға болады. Экономикалық мінез-құлықты ол әлеуметтік мінез-құлықтың ең ұтымды түрі деп қарастырады.

   Ғалым өнеркәсіпте ірі-ірі эмпирикалық  зерттеулер жүргізді және мұндай зерттеулердің  әдістемесінің дамуына айтарлықтай  үлес қосты.

   Вебер, жан-жақты әлеуметтанушы бола тұра, әлеуметтануда ең бастысы  шаруашылық өмірді талдау деп есептеді. Ол әлеуметтік-экономикалық өмірді зерттеп-білгенде мінез-құлық санаттарына сүйенді және мінез-құлықтық тұрғыдан қарауға үгіттеуші болды.

   Талкотт Парсонс (1902-1979) қоғамның төмендегідей негізгі белгілерін бөліп қарастырды:

   1) экономика, өзінің жаппай өндірісімен, бюрократиялық ұйымымен, жан-жақты қамтушы нарығымен, ақшасымен қоғамда жоғары рөл атқарады;

   2) төрт кіші жүйенің толық жіктелуі (бейімделушілік, мақсатты бағыттаушы, интегративті, қолдаушылық);

   3) әлеуметтік үйлестірудің негізгі  механизмі болып табылатын құқықтық  жүйенің дамуы; 

   4) стратификация;                             

   5) әлеуметтік өзара байланыстардың  күрделі жүйесінің жанама түрде  кеңеюі.

   Ол  экономикалық қатынастарды талдауға көңіл  бөледі, іс-әрекет теориясы тұрғысынан адами әрекеттің субъектісі көбіне жалпы құрылымдардың элементі ретінде  көрінеді. Немесе іс-әрекет жүйелері ішінде шешуші рөл нормативтік құрылымдарға беріледі .

   Парсонс қазіргі және дәстүрлі қоғамның үлгілері тарихи қоғамдарды шынайы бейнелейді деп есептемейді; керісінше, ол оларды үзіліссіз сызықша бойында орналасатын қоғамдағы талдамалық нүктелер ретінде қарастырады. Ол келесі “паттерн-өзгермелілікті” бөліп көрсетті: мәртебені негіздеу, бағалау өлшемі, эмоцияның рөлі, әлеуметтік құрылымның анықтылық деңгейі.

   Ғылыми  пән өзінің ерекше амалдарын жасап  шығаруға мүмкіндік беретін, дербес қалыптасқан теориялық аппараты құрылған кезде ғана өз орнын тапты  деп есептеледі. Теориялық бекітілімдер, санаттар мен ұғымдар танымның жалпыға мәні бар схемасын қалыптастырады, құбылыстар мен процестердің ең құнды ерекшеліктерін, белгілерін және заңдылықтарын көрсетеді. Басты әлеуметтанушылық-экономикалық санаттардың шеңберін анықтап алу әлеуметтік-экономикалық процестерді зерттеудің әдістемелік негізін жасауға мүмкіндік береді.

   Экономикалық  әлеуметтанудың іргелі ұғымдарына ең алдымен экономикалық мінез-құлық, экономикалық әрекет, экономикалық сана мен ой, экономикалық мәдениет, шаруашылықты ұйымдастыру, экономикалық институт және басқалар жатқызылады. Экономикалық және әлеуметтанушылық ғылымдардың бір-бірін толықтыруы, нарықтық құбылыстарды зерттеудің өзектілігінің жоғарылауы деңгейіне қарай нарықтық терминология экономикалық әлеуметтануға жақындай түседі. Олар: нарықтық экономика, жақсы тұрмыс экономикасы, формальды және формальды емес экономика, жеке меншік, жекешелендіру, жеке адамдар мен шаруашылықтардың нарықтық мінез-құлқы, жұмыспен қамту және жұмыссыздық, еңбек нарығының икемділігі және т.с.с.

   Басқа да арнайы әлеуметтану теориялары сияқты экономикалық әлеуметтану да әлеуметтік қатынастарды зерттеуде түсіп отырған  саласының мәнін ашатын жалпы  әлеуметтану категориялары мен  өзіндік ерекшелігі бар ұғымдарды  қолданады. Ғылымның бұл саласын  алға тартып отырған көптеген санаттарға байланысты келесі топтарға бөлуге болады.

   1. Жалпы ғылыми (тұжырымдамалық) категориялар - құрылым, жүйе, функция, процесс, байланыс, тұрақтылық, өзгерушілік, даму және т.с.с. Олар жалпы әдістеменің тілін құрайды, экономикалық және әлеуметтік салаларды, экономикалық қатынастар мен процестерді реттеудің әлеуметтік механизмдерін сипаттау құралы ретінде қолданылады.

   2. Жалпы әлеуметтік категориялар - басқа да әлеуметтік ғылымдардың сөздігінен алынған. Айталық, экономикалық теориядан - нарық, өндіріс, тұтыну, айырбас, бөліп беру, жеке меншік, бәсекелестік, жұмыспен қамту, трансакциялар және т.б. сияқты терминдер қолданылады. Философиядан - қоғамдық сана, қоғамдық қатынастар, заңдылықтар, мәдениет; әлеуметтік психологиядан - ұжым, тұлға, дәлелдеу, сәйкестендіру; жалпы әлеуметтанудан - әлеуметтік қатынастар, топтар, ұйымдар, институттар, әлеуметтік құрылым, стратификация және басқалар.

   3. Өзіндік ерекшелігі бар категориялар - экономикалық әлеуметтанудың жеке санаттары болып табылады, оның әлеуметтік-экономикалық құбылыстарын (экономикалық әрекет, шаруашылық ниеттемесі, экономикалық стратификация, экономикалық мүдделер, стереотиптер, келісім-шарттық қатынастар, әлеуметтік-экономикалық қолдау жүйелері және т.б.) танып-білудегі амалдарды білдіреді.

   Әлеуметтанушылық  зерттеу барысында бұл категориялар операциялық процестен өтіп, эмпирикалық талдауға жатқызылады. Мысалы, шаруашылық ниеттемесі, нарықтық өзгерістерге көзқарас, мамандық пен іс-әрекет түрін таңдаудағы түрткі себеп, респондент үшін жұмыс орнының түрлі сипаттамаларының маңыздылығы, оның жоғары жалақысы бар жұмыс табуға ұмтылысы, кәсіпкерлікке көзқарасы және басқалар сияқты эмпирикалық индикаторлар көмегімен анықталады.

   Экономикалық  әлеуметтанудың категориялар жүйесі келешегі бар экономикалық-әлеуметтанушылық мектептер мен бағыттардың дамуының арқасында байи түседі. Олардың қатарына экономикалық мінез-құлық, ұтымды таңдау, адам капиталы, жаңа институционализм теориясы және басқалары кіреді.

   Экономикалық  әлеуметтану экономиканың әлеуметтік аспектілерін зерттейтін ғылым болғандықтан, экономикалық және әлеуметтік ұғымдарды анықтап алу қажет. “Әлеуметтік” дегенде, сол қоғамдағы жеке адамдар мен топтардың нақты орны мен уақыты жағдайында ортақ іс-әрекет процесінде топтасқан қоғамдық қатынастардың жиынтығы түсіндіріледі. Әлеуметтік адамдардың өзара әрекеттесуі барысында туындайды және бір-біріне қоғамдық өмірдегі құбылыстар мен процестерге әр түрлі қатынастар барысында көрінеді.

   “Экономикалық” деген ұғым адамдар арасындағы өндірісті ұйымдастыру мен материалдық игіліктерді тұтынумен байланысты қандай да бір қоғамдық қатынастарды білдіреді. Экономика өндірісті, еңбек нәтижелерін алмастыруды, өндірілген нәрсені таратуды, тұтынуды қамтиды. Экономика әлеуметтанушылық көзқарас тұрғысынан екі жақты қарастырылуы мүмкін - шаруашылық іс-әрекет және осы әрекеттерді реттеуші институттар жүйесі ретінде. “Шаруашылық” ұғымы экономиканың синонимі болып табылады және ол адам мен оның айналасындағылардың өмір сүруге қажетті игіліктерді өндіру мен тұтыну мақсатындағы өзара әрекеттесуі деп түсіндіріледі. Бұл тұрғыда экономика қоғамның жеке адам қажеттіліктерін қанағаттандыруы үшін шектелген қорларды пайдалану жайлы шешім қабылдайтын және оны іске асыратын саласы.

   Екінші  жағынан, қоғамда шаруашылық іс-әрекет процесінде белгілі бір экономикалық институттар қалыптасады. Әлеуметтік тәжірибе дәл осыларда ең қолайлы әлеуметтік-экономикалық нәтижені алуға мүмкіндік беретін, шаруашылық субъектілерінің нақтылы материалдық-техникалық ортамен өзара әрекеттесуінің тұрақты әдістерін бекітеді. Нәтиже жекелеген әлеуметтік топтар көзқарасы тұрғысынан алғанда аса мықты емес, алайда халықтың көпшілігі үшін ең қолайлысы, өйткені ол қоғамның шаруашылық іс-әрекетінің тұтастығын қамтамасыз етеді. Экономика бұл жерде материалдық сала ретінде емес, Парсонс бойынша, көбіне бейімдеу бағытына ие қоғамдық ресурстарды өндіру механизмі, институттар жүйесі ретінде қарастырылады.

   Қоғамдық  қатынастардың кез келген жүйесі (экономикалық, саяси және басқалар) адамдардың бір-біріне және қоғамға деген көзқарасын білдіреді. Экономикалық құбылыстар мен процестер өзінің әлеуметтік негізіне байланысты болады. Әлеуметтік процестер экономикалық процестер аясына кіреді немесе керісінше. Мысалы, қоғамдағы әлеуметтік теңсіздік көбіне адамдардың экономикалық ұстанымдарымен (меншікке ие болумен, табыс деңгейімен, кәсіби жұмыспен қамтылумен) анықталады. Экономика жеке адамдарды топтық және жекелік байланыстар жасауға итермелейді, олардың арасында өзара әрекеттесудің өзіндік ерекшелігі бар түрлерін жасап шығады, олардың мінез-құлық шеңберлерін белгілейді. Алайда, адамдардың мінез-құлқы тек ұтымды себептермен, экономикалық қинаумен ғана реттелмейді, сонымен қатар, ерекше тарихи және мәдени жағдайларда қалыптасқан әлеуметтік байланыстар, құндылықтар, мінез-құлық нормаларымен де реттеледі.

Экономикалық мәдениет түсініг