Кәсіптік білім берудің моделі

Кәсіптік  білім берудің моделі.

 

Кіріспе.

  1. Кәсіптік білім берудің моделін жасаудың ерекшеліктері.
  2. Кәсіптік білім беру мекемелері.

 

 

Модель (фр.тілінен modele, лат. modulus – өлшем) – белгілі бір зерттелетін нысанның ой түсінігі арқылы немесе материалдық түрде жасалған шартты үлгісі (бейнесі, сұлбасы, сипаттамасы, т.б.). Модель мен түп нұсқаны бір-бірінен абсолютті түрде айыруға болмайды. Қарастырылып отырған құбылыс немесе процесс абстрактылық нысандар мен математикалық заңдылықтар түрінде берілетін модель математикалық модель деп аталады. Модельдің ең қарапайым түрі нысандарды көрнекі етіп сурет, кескін, сызба формасында графиктік түрде көрсету. Модельдің екінші түріне – нысандардың, процестер мен құбылыстардың ауызша (қандай да бір тілдің көмегімен) суреттелуі, сипатталуы жатады. Үшінші түрі – ақпараттық-логикалық модель , ауызша сипатталған нысанды кескіндеп көрсету (формалау). Төртінші түрі – динамиканың ішкі заңдарын, өзара әсерін, қасиеттерін көрсететін физикалық нысандардың, құбылыстар мен процестердің математикалық түрде сипатталуы. Мысалы, белгілі бір физикалық процестің уақыт ішінде өтуін баяндайтын дифференциялдық теңдеулер жүйесі осы процестің моделі деп аталады. Модель ұғымы логика, математика, физика, химия, кибернетика, лингвистика, т.б. ғылым салаларында қолданылады. Ғылымда модель ұғымы әдетте модель жасау әдісін қолдануға байланысты аталады. Алгебра мен математика логиканың тоғысқан жерінде арнаулы пән – модельдер теориясы қалыптасты.

Әлеуметтанушылар бұл терминге көптеген анықтама береді. Кейбір жағдайда, ол теория деген сөздің синонимі ретінде, тағы да бір жағдайларда теориядан гөрі жалпылау деңгейде абстрактілі ұғымдар жүйесіне сілтеме ретінде пайдаланылады. Ол, сондай-ақ, себептік модельдердегі сияқты статистикалық модельді қолданылады. Қаңдай анықтама берілсе де, модельдер оны зерттеуде эмпиризмнен аулақ болып, теориямен шұғылдануды талап етеді.

Модельдер өзінің түп негізінде тұжырымдама мен  түсініктеме құралы ретінде құбылыстарды жеңілірек ұғыңдыруға тырысады. Әлеуметтануда құрылымдық функционализм алғашқы екі мағынада модель болып табылады, өйткені ол түсіндірудің кең құрылымы (қоғам организм секілді деп пайымдайтын метатеория) мен тұжырымдамалық топшылаулардың жиынтығын (қоғам бөліктері жалпының міндетін атқаруына қалай үлес қосатынын көрсететін теория) қамтамасыз етеді. Ұғымдар арасындағы қатынастар туралы гипотеза нақтыланып, ұғымдарды өлшеуге болатын тұста біз операциялык модель туралы айта аламыз. Бұл модельдер кейде диаграммалар түрінде көрсетіліп, математика терминдері арқылы неғұрлым ұтымды ұсынылуы мүмкін. Мысалы, регрессия немесе логлиния модельдері. Математикалық әлеуметтанудың маңызды жағы - модельді құрастыру - модельдерді диаграммалар тасқыны сатысынан бастап, математикалық бейнелеуге дейін жетілдіруге байланысты. Себеп-салдарлық модельдер кез келген түрде болуы мүмкін. Қандай анықтамаға ие болса да, модель-теориялық қызмет түрлері кешеніндегі құрал болып, назарымызды ұғымдарға немесе өзгерістерге және олардың өзара байланысына аударады.

Педагогикада

Оқытудағы модельдеудің екі аспектісі бар:

модельдеу оқушының меңгеруі қажет мазмұн іспетті;

модельдеу оқу  әрекеті, құралы іспетті, мұнсыз толық  мәнді оқу мүмкін емес.

Модельдеу көмегімен  күрделіні қарапайымға, көрінбейтінді  және түйсінілмейтінді көрінетінге, түйсінілетінге, белгісізді белгіліге келтіріп оқу, яғни, кез келген күрделі объектіні мұқият және жан жақты оқып білу мүмкіндігі туады.

Модельдер құрудың және оларды сәйкес құбылыстар, процестер, объектілер жүйесі негізінде оқып білу әдістерінің жиыны; зерттеу объектілерінің сипаттамаларын біліп алу немесе анықтап алу үшін, басқаруды жақсарту немесе нұсқа жөнінде сәйкес болжамды тексеру үшін, жаңадан құрастырылатын объектілерді жасау тәсілдерін тиімді ету үшін модельдерді зерттеу нәтижесін пайдалану әдістерінің жиыны. Модель, нұсқаны табиғи жағдайларда зерттеу кандай да болсын себептермен қиын немесе мүмкін болмағанда, кандай да бір объектіні зерттеу процесін жеңілдету керек болғанда қолданылады. Әдістер модельдің сипатына, оны қолдану алаңы мен зерттеу мақсатына тәуелді; өзінің қүрделілігі мен өлшемдері бойынша сол күйінде зерттеуге мүмкіндік бермейтін қандай да болсын объектілерді қайталап жасау. Модельдеу ғылым, техника, технология негіздері бойынша қабілеттерді дамытуға көмектеседі.

Модельдеу танымның әмбебап формасы ретінде қызметтің кезкелген саласындағы құбылыстардың өзгеруі мен зерттелуінде қолданылады. Модель зерттеу нысанасының орнын ауыстырушы. Модель - басқа жүйелер туралы ақпарат алудың құралы ретінде қолданылатын жүйе, зерттеу болып табылады.

Түрлері:

материалдық;

идеалдық (оймен танылатын).

  1. Кәсіптік мектепте алдын-ала кәсіби дайындауды және кәсіптік білім беруді ұйымдастыруда маңызды, кілттік сұрақ болып, кәсіптендіру бағытын, кәсіптік білім берудің педагогикалық процесінің мазмұны мен құрылымының моделін, кәсіптік білім беру мен алдын-ала кәсіптік дайындықты ұйымдастыруды, жартылай кәсіптік мектептің түлегінің тұлғасының моделін мектепті құрудың соңғы нәтижесі ретінде анықтау табылады.

Мұндайда келесі жағдаяттарды есепке алған жөн:

  • қаланың, облыстың, аймақтың шаруашылық спецификасын;
  • оқушылардың индивидуальды қызығушылықтарын, қабілеттіліктерін, бейімділіктерін мектеп бойынша толықтай есепке алу;
  • оқушылардың бір мамандық бойынша ары қарай білім алуы үшін, білім деңгейін;
  • кәсіби сыныптарда жұмыс істеуші, мұғалімдердің кәсіби деңгейін;
  • педагогикалық ұжымның басқа, көрші мектептермен бәсекелестік сапасы;
  • оқушылардың, ата-аналардың, оқу орнының ұйымдастырушыларының күтулері, нәтижелері;

Басқа жағынан,кәсіптік білім беруді ұйымдастыруды тежейтін келесі факторларды есепке алу қажет:

  • типтік оқу жоспарындағы сабақ жүктемелері;
  • альтернативті оқулықтардың жетіспеуі, жаңа ұрпақтың оқулықтарымен қамтамасыз етілу дәрежесі.
  • сәйкес педагогикалық мамандармен қамтамасыз етілу дәрежесі;
  • сәйкес матрериалдық-техникалық базаның болуы;
  • жергілікті аймақтың маман потенциалына сұранысы.

Кәсіптік және базалық деңгейлердің сәйкестігі, әртүрлі білім беру аймағындағы сияқты, олардың бірі қандай да мөлшерде өзгешеленуі мүмкін, яғни, алдын-ала кәсіптік дайындықтың және кәсіптік білім берудің әртүрлі моделдерін құру мүмкін.

Білім беруді кәсіптендірудің  кез келген формасы инвариантты компоненттің қысқаруына әкелмеуі тиіс.

Кәсіптік білім  беретін жалпы білім беру мекемесінің  моделі туыстас пәндердің  әртүрлі  комбинациясын, яғни, кәсіби білім берудің икемді жүйесінің мүмкіндігін қарастырады. Бұл жүйе өзіне оқу пәндерінің келесі типін қосады: базалық жалпы білім беретін (инвариантты компонент), кәсіптендіруші(инвариантты бөліктің кәсіби компоненті), элективті курстар және таңдау бойынша курста (вариативті компонент).

Базалық жалпы  білім беретін пәндер барлық мамандықтардың оқушылары үшін міндетті болып табылады. Кәсіптендіруші пәндер әрбір нақты  мамандықтың бағыттылығын анықтайды, сонымен қоса олар міндетті болып  табылады. Элективті курстар деп таңдау бойынша міндетті курстар түсініледі, және олардың бағыттылығы білім беру профилімен сәйкес келуі қажет. Элективті курстар үшін сағаттар оқу жоспарының мектептік вариативті компонентінде қарастырылған. Элективті курстар екі қызметтің бірін атқарады: берілген кәсіби стандарт деңгейінде негізгі кәсіби пәндердің оқытылуына қолдау жасау немесе ішкі кәсіби мамандандыру, индивидуалды білім беру аумағын құру.

Таңдау бойынша  курстар кәсіптің шегінен шығып, индивидуалды сабақтар, консультациялар және т.б. түрінде жүзеге асады, таңдау бойынша курстарға сағаттар базистік оқу жоспарының индивидуалды компонентінде қойылған.

Бүгінгі күні кәсіби білім беруді жасаушылар-Ы.Алтынсарин (К.У.Кунакова және т.б.) атындағы үздіксіз білім берудің Ұлттық (Қазақ) Академиясы -10-шы сынып оқушыларына үш бағыт бойынша мамандық таңдауды ұсынады: жаратылыстану-математикалық, әлеуметтік-гуманитарлық, технологиялық. Осылайша, кәсіптік білім беруді ұйымдастырудың бірнеше нұсқасын(моделін) бөліп көрсетуге болады. Кәсіби білім беруді ұйымдастырудың осы барлық формалары оқушылардың кәсіби білімді таңдау құқыған қамтамасыз етуі қажет. Сонымен қоса жасаушылар, кәсіби білім беруді жүзеге асыру үшін нақты әкімшілік-аймақтық сипаттағы шарттарды есепке алған.

    1. Үлкен қала шартында мектепішілік кәсіптендіру моделі ыңғайлырақ.

Бұл жағдайда мектеп бір кәсіптік болуы мүмкін және тек таңдалған бір кәсіпті жүзеге асырады (жаратылыстану-математикалық, немесе әлеуметтік-гуманитарлық, немесе технологиялық), немесе білім берудің барлық үш кәсібін ұйымдастыра отырып, көп кәсіпті болуы мүмкін. Кәсіптік білім беруді ұйымдастырудың берілген моделін енгізуде жалпы білім беретін мектептер нақты кәсіпке бағытталады, бірақ та оларға сол немесе басқа кәсіптендіру пәндерін элективті курстар мен таңдау бойынша курстар есебінде қоса отырып, сонымен қоса оқушыларға өздерінің индивидуальды кәсіби білім беру бағдарламаларын толықтай жүзеге асыру құқын беруі қажет. Әрбір кәсіптің ішінде бір немесе бірнеше мамандандыру бағыттары болуы мүмкін.

Таңдау мектептің іс-әрекетін анықтайтын көптеген аспектілерді есепке ала отырып жүргізіледі, соның ішінде оқушылардың индивидуальды қызығушылықтарын, қабілеттіліктерін және бейімділіктерін , алдын –ала кәсіби дайындықтың мазмұнын, мұғалімдердің кәсіби деңгейін,мектептің материалдық –техникалық базасын және т.б.

    1. Шағын қала шартында (облыс орталығы) кәсіптік білім беруді ұйымдастырудың желілік моделі ыңғайлырақ.

Бұл моделде нақты мектептің оқушыларына кәсіптік білім беру басқа білім беру мекемелерінің, басқа жалпы білім беретін мектептердің білім беру ресурстарын мақсатты бағытталған және ұйымдасқан түрде тартудың есебінде жүзеге асады. Осылайша, білім беру мекемелерінің желісі немесе білім беру процесінің барлық қатысушыларының: балалар, ата-аналар, мұғалімдердің қажеттіліктері мен сұраныстары қанағаттанатын білім беруші кеңістік құрылады. Ол негізгі екі нұсқада құрылуы мүмкін.

Бірінші нұсқа –«ресурстық орталық» моделі, бірнеше мектептің «ресурстық орталықтың» рөлін атқаратын жеткілікті материалдық және маман потенциалына ие бір мектептің жанына бірігуімен байланысты, ал оның жанына бірігетін мектептер- «магнитті» мектептердің рөлін атқарады. Бұл жағдайда берілген топтың әрбір мектебі оқытуды базалық жалпы білім беретін мектептердің пәндерін толық көлемде қамтамасыз етеді. Қалған кәсіби дайындықты «ресурстық орталық» өзіне алады.

Екінші  нұсқа- «әлеуметтік серіктестік». Ұсынылып отырған тәсіл орта жалпы білім беру мекемелерінің, мамандандырылған жалпы білім беретін мекемелермен (хореографиялық, музыкалық, спорттық, шығармашылық), орта және кәсіби білім беретін мекемелермен  кооперация құруын қарастырады.

Бұдан басқа  жергілікті жерлерде бір білім беру мекемесінің күшімен және соның құрамында мектеп ішілік кәсіптендіру ыңғайлы болып табылады. Бұл жағдайда жалпы білім беретін мекемелер бір кәсіпті немесе көп кәсіпті болуы мүмкін.

    1. Ауылдық аймақ шартындағы кәсіптік білім беруді ұйымдастырудың моделі.

Ауылдық қоғам  шартында кәсіптік білім берудің  моделін ұйымдастырудың ерекшеліктері  кәсіптік білім беруді ұйымдастырудың типінің, формасының және түрлерінің әртүрлілігімен шарттасқан.

Ауыл мектебінде кәсіби білім  берудің моделін қалыптастырушы факторлар болып, ауылдағы мектеп саны, білім беруші мектептің беделі, комплект-сыныптар саны, педагогикалық мамандар потенциалының болуы, қосымша білім беруді ұйымдастырудың мүмкіндігі, ресурстық мүмкіндіктер, географиялық орналасуы болып табылады.

Жоғарыда айтылған факторларды  есепке ала отырып, ауыл шартында кәсіптік білім берудің келесі қосымша  формалары ұсынылады:

    • білім берудің интернатты жүйесі;
    • пәндер бойынша білім берудің интенсивті циклдері;
    • жалпы білім беретін және кәсіптік пәндер бойынша сабақтардың апта және  күндермен кезектесіп отыруы;
    • 10-11сынып оқушыларының кәсібін әртүрлі жас бойынша анықтау;
    • қашықтықтан оқыту мүмкіндіктерін қолдану.

Сонымен қатар  кәсіптік білім беру аймағында кәсіптік білім беруді ұйымдастырудың мүмкін моделдерінің бірнеше нұсқасын К.Кунакова ұсынған:

    • ресурстық орталық болатын мектептерді құру;
    • кәсіптік мектептің немесе «магнитті мектептің» картасын құру;
    • мектеп ішілік кәсіптендіру.     

Осы нұсқаларды толығырақ қарастырайық. «Ресурстық орталық» мектебі келесілерді ұсынады: оқушы өзі үшін «туыстас» пәндерді блоктың жоғарылатылған деңгейінде оқуды таңдайды, мысалы, химия, биология,гографияны, физиканы. Ол өз мектебінде негізгі пәндердің негізін оқиды, ал берілген білім беру аймағын осы курстар толығырақ оқытылатын жерде оқиды. Бұл мектеп «ресурстық орталық» болып аталады. Оқушылар өздерінің білім алу траекторияларын өздері құрады. Осылайша, бір жергілікті жерде 5-6 «ресурстық орталықтар» құрылады. Бұл кезде оқушыларды тасымалдайтын арнайы транспорттың болуы қажет.

Кәсіптік мектептердің немесе «магнитті мектептің» картасы  бірнеше мектептердің бір ресурстық  орталыққа бірігуін дұрыс санайды. Берілген топтың әрбір мектебі жүзеге асыруға қабілетті кәсіптік оқытудың бөлігін алады, ал орталық өзіне қалған кәсіптерді алады.

Үшінші нұсқа: мектеп ішілік кәсіптендіру, оқушыларға бір мектеп қабырғасында барлық мүмкін негізгі кәсіптерді ұсынуды білдіреді. Мұнда кәсіптік оқыту басқа білім беру мекемелерінің ресурстарын тарту есебінде өткізілуі мүмкін: мектептердің, бастауыш кәсіби білім беру мекемелерінің, ЖОО-ның, қосымша білім беру мекемелерінің. Бұл мектеп «ресурстық орталық» деген атауға ие болады.

 

 

2)  Кәсіптік білім беру жүйесі – бұл кәсіби және жоғарғы білім беру мекемелері, оның ғылыми, және ғылыми-әдістемелік органдары және олардың басқару жүйесінің құрылымы мыналар болып табылады:

1. Бастауыш кәсіптік  білім; 

2. Орта кәсіптік  білім; 

3. Жоғары кәсіптік білім;

4. Жоғары білімнен  кейінгі кәсіптік білім; 

5. Қосымша кәсіптік  білім; 

 

Қазақстан Республикасында  «Білім беру туралы» заңының № 22 бабына сәйкес мынадай білім беру деңгейлері жүзеге асырылады:

1. мектепке дейінгі  оқыту және тәрбие;

2. орта білім;

3. жоғары кәсіптік  білім; 

4. жоғары білімнен  кейінгі кәсіптік білім; 

 

Бастауыш  кәсіптік білім беру – кәсіптік мектеп, лицейлерде жалпы 9-ші сынып білімімен кәсіби мамандықты меңгеріп шығады. Кәсіптік мектепте оқыту мерзімі – 2-3 жыл ; Кәсіптік лицейде – 3 жыл; кейбір кұрделі технологияларды үйрену – 4 жыл мерзімді талап етеді.

Орта  кәсіптік білім -кәсіптік колледждер мен , училишелерде оқу мерзімі 3-4 жыл. Жалпы орта білімі, не бастауыш кәсіптік білімі бар азаматтар өз кәсіп салалары бойынша қысқа мерзім ішінде , жеделдетілген бағдарламалар арқылы алуға болады. Колледждер мен училищелер тиісті лицензиясына сәйкес бастауыш және орта кәсіптік білім береді.

Қазақстан Республикасы президентінің 11 қазан 2001 жылғы № 1459 жарлығымен бекітілген «Қазақстан Республикасында 2005-2011 жылдарға арналған білімді дамытудың мемлекеттік бағдарламасына» сәйкес бастауыш кәсіптік білім мен, орта кәсіптік білім берудің бір бӛлігі техникалық және ауыл шаруашылық мамандықтары бойынша, еңбек нарығы сұранып отырған жаңа технологиялық талаптар негізінде, жоғары сапалы мамандар даярлай бастау. Қазақстан Республикасында мына оқу орындары жоғары білімді жүзеге асырады:

университеттер, институттар, академиялар, және оларға теңестірілген (консерваториялар, жоғарғы  мектеп, жоғарғы училищелер).

 

Қазақстан Республикасында  жоғарғы кәсіби білім берудің  мына құрылымдары берілген:

жоғарғы базалық  білім (бакалавриат), оқу мерзімі 4 жыл, оны бітіргенде «бакалавр» академиялық  дәрежесі беріледі.

Жоғарғы ғылыми-педагогикалық  білім алғысы келгендер үшін оқу мерзімі әр-түрлі болуы мүмкін:

(жоғарғы базалық  білім негізінде 2 жыл;) (арнайы  жоғары білім бойынша 1 жыл;) Оларға  «Магистр» академиялық дәрежесі  беріледі. Жоғарғы медициналық білім  берідің кейбір мамандықтары  бойынша, оқу мерзімі 7 жыл, оқу жылы интернатура мен аяқталады. Интернатурадан өтпеген клиникалық практикаға жіберілмейді.

 

Жоғарғы білімнен кейінгі кәсіптік білім  беру. Жоғарғы білімнен кейінгі кәсіптік білім үздіксіз білім беру жүйесінің жоғарғы сатысы болып табылады. Жоғарғы білімнен кейінгі кәсіптік білім алу үшін арнайы білікті мамандығы мен академиялық «Магистр» дәрежесі болуы керек. Кейбір ғылыми-педагогикалық кадрларды дайындау :

- клиникалық  ординатурада;

- аспирантурада; 

- адьюнктурада;

- жоғары оқу  орынының доктарантурасында;

- ғылыми-зерттеу  мекемелерінде; 

- ғылым кандидаттарын; 

- аға ғылыми  қызметкер; 

- ізденуші ( ретінде  жұмысқа алынады. 

 

Аспирантура мен адьюнктура – күндізгі бөлімі- оқу мерзімі 3 жылға дейін; Сырттан оқыту бөлімі үшін – 4 жыл; «Магистр» дәрежесі барлар үшін 2-3 жыл; Доктарантура мерзімі – 3 жыл; Докторлық диссертация қорғау мерзімі 2 жыл.

 

      2007 жылдың 16 қазанында жаңадан қабылданған «Білім туралы» Заңда техникалық және кәсіптік білім берудің мазмұны мен құрылымы елеулі өзгертілді.                          

       Білікті техникалық және қызмет көрсету еңбегінің кадрларын даярлау негізгі орта білім беру базасында (10 сынып) және кәсіптік лицейлерде, училищелерде, колледждерде және жоғары техникалық мектептерде жалпы білім беру базасында (12 сынып) жүзеге асырылатын болады. 

     Техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының басты міндеті – әмбебап және икемді дағдыларға ие үздіксіз білім беруге қатыса алатын мамандарды даярлау болып табылады.  
     Техникалық және кәсіптік білім беруге арналған оқу бағдарламалары біріншіден, техникалық және қызмет көрсету саласындағы жаппай қажет болатын мамандарды дайындау, екіншіден, мамандықтары мен практикалық дағдылары арқылы экономиканың барлық салаларындағы техникалық және қызмет көрсету еңбегі¬нің жұмыстарын орындайтын күрделі кәсіптерді игеру; үшіншіден, техникалық еңбектің жоғары білікті мамандарын даярлау және оларды қайта даярлау мен біліктілігін көтеру.

Білім берудің жаңа деңгейі – “орта білімнен кейінгі білімді” енгізіп отыр. Бұл деңгейдің кәсіптік оқу бағдарламалары гуманитарлық мамандықтар бойынша қызмет көрсететін және басқару еңбегінің кіші мамандарын даярлауға бағытталған. Әдетте бұл бағдарламаларды меңгеру 1-2 жыл мерзімді құрайды. Оларды меңгергендерге қызмет көрсету және басқару еңбегінің кіші маманы біліктілігі беріледі. 
       Кредиттік технологияға негізделген жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің үш деңгейлі моделі (бакалавриат-магистратура-докторантура Ph.D) заңнамамен бекітіліп отыр. Бұл Болон декларациясының ережелері мен халықаралық стандарттарға сәйкес келеді. Халықаралық білім беру стандарттары туралы сөз еткенде, олардың біріздендірілгендігін емес, үлгісінің жақсылығын, мамандар даярлаудың жоғары сапасы мен кәсібилігін айтады. Өйткені “білім беру стандарты” ұғымы шетелдерде біздегіден өзгеше түсіндіріледі. Білім беру стандарттары бар елдерде оқу процесіне қандай да бір регламент қойылмайды. Онда оқу орындары үлкен академиялық құқықтар мен дербестікке ие. 
      Жоғары білім мен одан кейінгі білім беру жүйесінде де елеулі өзгерістер болды. Бұрынғы заң бойынша жоғары кәсіби білім көпсатылы құрылымға ие болса, енді жоғары білім бірсатылы болады.   Енді жоғары білім беру халықаралық үрдістерге сәйкес тек бакалаврлық оқу бағдарламалары бойынша жүзеге асырылады. Бұл базалық білімі бар және еңбек рыногының өзгермелі талаптарына тез бейім¬делуге қабілетті кең профилді мамандар даярлауға мүмкіндік береді. Мәселеге бұлай келу мейлінше тиімді де дұрыс болып табылады. Сонымен қатар, жекелеген мамандықтар бойынша (олар медицина, ветеринария, әскери мамандықтар) дипломды мамандар даярлау да жүзеге асырылады. 
       Жоғары оқу орындары мен олардың филиалдарының қызметтерін реттеуге арналған нормаларына да назар аударған жөн. Дәлірек айтқанда, жоғары білімді мамандарды даярлау сапасын көтеру мақсатында бүкіл білім процесі тек бас жоғары оқу орнында жүзеге асырылады. “Білім туралы” Заңның 31 бабына сәйкес жоғары оқу орындарының филиалдары лицензияланған білім беру қызмет түрлерін жүзеге асыра алмайды. Сондықтан жаңа оқу жылынан бастап, бүкіл республика көлемінде жоғары оқу орындарының филиалдарына білім беру қызметін тоқтатуына тура келеді.    

 Жаңа заңға сәйкес магистратура жоғары оқу орнынан кейінгі деңгейге жатқызылады. 
Қазір жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ғылыми және педагогикалық кадрлар дайындайтын бағдарламалар арқылы жүзеге асырылады. Онда магистратурада оқыту мерзімі –1-2 жыл, ал докторантураның оқыту мерзімі 3 жылдан кем болмайды.

ҚР «Білім туралы» Заңынан кәсіптік білім беруге қатысты үзінді:

32-бап.  Техникалық және кәсіптік білім  беру

1. Техникалық  және кәсіптік білім беру негізгі орта және (немесе) жалпы орта білім беру базасында кәсіптік лицейлерде, училищелерде, колледждерде және жоғары техникалық мектептерде жүзеге асырылады.

Техникалық  және кәсіптік білім беретін ұйымдардағы  оқу процесі оқу-өндірістік шеберханаларында, оқу шаруашылықтары мен оқу полигондарында өндірістік оқыту шеберінің басшылығымен орындалатын теориялық сабақтарды және өндірістік оқытуды қамтиды.

2. Кәсіптік оқыту  тікелей өндірісте, оқу-өндірістік  комбинаттарында, оқу орталықтарында, курстарда, білім беру қызметін жүзеге асыру құқығына Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен берілген лицензиясы бар болған кезде және жұмысшылар даярлауды жүзеге асыратын заңды тұлғалардың оқу-өндірістік құрылымдарында жүзеге асырылуы мүмкін.

33-бап.  Орта білімнен кейінгі білім  беру

Орта білімнен кейінгі кәсіптік оқу бағдарламалары негізгі түрі колледж болып табылатын білім беру ұйымдарында іске асырылады.

Орта білімнен кейінгі кәсіптік оқу бағдарламалары бойынша мамандарды даярлау, тізбесін білім беру саласындағы уәкілетті орган бекітетін гуманитарлық мамандықтар бойынша жүзеге асырылады.

34-бап.  Жоғары техникалық мектептер

Жоғары техникалық мектептер техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі интеграцияланған білім беретін оқу бағдарламаларын іске асырады.

35-бап.  Жоғары білім беру

1. Жоғары білімді  жалпы орта немесе техникалық  және кәсіптік немесе орта  білімнен кейінгі білімі бар  азаматтар алады. Азаматтың конкурстық  негізде тегін жоғары білім  алуға құқығы бар.

2. Жоғары білім берудің кәсіптік оқу бағдарламалары негізгі түрлері университет, академия, институт және оларға теңестірілгендер (консерватория, жоғары мектеп, жоғары училище) болып табылатын жоғары оқу орындарында іске асырылады.

Инновациялық  білім беру бағдарламаларын енгізетін университеттер инновациялық университеттер болып табылады.

Жоғары оқу  орындарының филиалдары, лицензиялануға жататын білім беру қызметінің кіші түрлерін қоспағанда, білім беру қызметін жүзеге асыруға құқылы.

3. Жоғары білім  берудің кәсіптік оқу бағдарламаларын меңгеру бойынша қорытынды аттестаттаудан табысты өткен білім алушыға біліктілік және (немесе) “бакалавр” академиялық дәрежесі беріледі.

4. Білім беру  бағдарламаларын іске асыру және  ғылыми-қолданбалы зерттеулерді  жүргізу үшін жоғары оқу орындары инновациялық-білім беру консорциумын құруға және (немесе) оған кіруге құқылы.

36-бап.  Жоғары оқу орнынан кейінгі  білім беру

1. Жоғары оқу  орнынан кейінгі білімді жоғары  білімі бар азаматтар алады.

2. Ғылыми және  педагог кадрларды даярлау жоғары оқу орындарының және ғылыми ұйымдардың магистратурасы мен докторантурасында, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен жыл сайын бекітілетін мамандықтар тізбесіне сәйкес күндізгі оқыту нысаны бойынша шет елдердің жоғары оқу орындарына “Болашақ” халықаралық стипендиясының стипендиаттарын оқуға жіберу арқылы жүзеге асырылады.

Әскери мамандықтар  бойынша магистратураның кәсіптік оқу бағдарламаларын іске асыру  әскери жоғары оқу орындарының адьюнктурасында  жүзеге асырылады.

3. Кадрларды магистратурада даярлау жоғары білім берудің кәсіптік оқу бағдарламалары негізінде:

1) екі жылдық  оқу мерзімімен ғылыми және  педагогтік;

2) кемінде бір  жыл оқыту мерзімімен бейіндік  болып екі бағытта жүзеге асырылады.

Мемлекеттік қорытынды  аттестаттаудан табысты өткен және магистрлік диссертациясын көпшілік алдында қорғаған білім алушыға тиісті мамандығы бойынша магистр академиялық дәрежесі беріледі.

4. Докторантурада  магистратураның кәсіптік оқу  бағдарламалары негізінде кемінде  үш жыл оқу мерзімімен философия докторлары (PhD) мен бейіні бойынша докторлар даярлау жүзеге асырылады.

5. Жоғары оқу  орнынан кейінгі медициналық  және фармацевтік білім беру  резидентураны, магистратура мен  докторантураны қамтиды.

Резидентурада мамандануына қарай оқыту ұзақтығы екі жылдан төрт жылға дейін клиникалық мамандықтар бойынша тереңдетіле даярлау жүзеге асырылады. Резидентура туралы ережені денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган бекітеді.

37-бап.  Қосымша білім беру 

1. Білім алушылар  мен тәрбиеленушілерге қосымша білім беру, түрлерін білім беру саласындағы уәкілетті орган айқындайтын қосымша білім беру ұйымдарында жүзеге асырылады.

 Қосымша  білім берудің білім беретін  оқу бағдарламалары бойынша білім  алушыларға білім беру қызметтерін  көрсетуді бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білім берудің жалпы білім беретін оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдары шарттық негізде береді.

2. Кадрлардың  біліктілігін арттыру және қайта  даярлау қосымша білім берудің  білім беретін оқу бағдарламаларын  іске асыратын білім беру ұйымдарында, ғылыми ұйымдарда, өндірісте және мемлекеттік ғылым ұйымдары мен жоғары оқу орындарының ғылыми қызметкерлерінің “Болашақ” халықаралық стипендиясы бойынша әлемнің жетекші жоғары оқу орындарында, ғылыми орталықтары мен зертханаларында ғылыми тағылымдамадан өтуі кезінде жүзеге асырылады.

3. Білім беру  ұйымдарының педагог және ғылыми  қызметкерлерінің біліктілігін  арттыру бес жылда кемінде  бір рет жүзеге асырылады.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Бекіту  сұрақтары:

    1. Модель терминін қалай түсінесіз?
    2. Кәсіптік білім беруді ұйымдастыруда қандай шарттарды ескеру қажет.
    3. Бүгінгі күні кәсіби білім берудің моделін жасаушылар қандай кәсіби білім беру моделдерін ұсынады?
    4. Үлкен қала, шағын қала, ауылдық аймақтарда кәсіптік білім беруді ұйымдастыру ерекшеліктері.
    5. Кәсіптік білім беру кезеңдері мен мекемелері.
    6. Жоғарғы білімнен кейінгі кәсіптік білім беру туралы.
    7. ҚР «Білім туралы» Заңындағы кәсіптік  және техникалық білім беру туралы.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

  1. “Қазақстан”: Ұлттық энцклопедия/Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы “Қазақ энциклопедиясы” Бас редакциясы, 1998
  2. Биекенов К., Садырова М. Әлеуметтанудың түсіндірме сөздігі. — Алматы: Сөздік-Словарь, 2007. — 344 бет.
  3. Аутов П.Р. Роль трудового обучения в политехническом образовании школьников.-М., 1985
  4. Батышев С.Я. Профессиональная педагогика.- М., 1999
  5. Өстемиров К. Кәсіптік педагогика. Алматы, 2006,276 б.
  6. Батышев С.Я. Трудовая подготовка школьников.-М.: Педагогика,1981.- 192с.
  7. Кальней В.А.,.Капралова В.С., Поляков В.А. «Основы методики трудового и профессионального обучения ». М., Просвещение, 1987.
Кәсіптік білім берудің моделі