Либералдык демократия



 

Демократия қазіргі қоғамның тиімді өмір сүруінің тәсілі. Сондықтан тереңірек зерттеу әдісін қолдану қажет. Әсіресе демократия принциптерін және оның тарихи даму барысындағы ерекшеліктерін ашып көрсетпей болмайды. Сонымен қатар азаматтарды демократиялық көзқарасқа тәрбиелеу жолдарын да қарастырған жөн.

 

Қазақстанда осы кезге дейін, ең бастысы, демократия дефицит дегендерге жауап ретінде Президент Н.Ә.Назарбаев 2007 жылы 16 мамырда өткен Парламент палаталарының бірлескен отырысында Қазақстанның демократиялық даму жолын саралап, Конституцияға енгізілетін өзгерістерді көрсетіп берді. Бұл реттегі Конституциялық раформаның нақты жаңалықтары не дегенде айтарымыз: Президенттік басқару нысаны сақтала отырып, мемлекеттік басқару жүйесіндегі парламентаризм күшейтіледі. Басқаша айтқанда, президенттік-парламенттік басқару жүйесіне көштік. Сөйтіп классикалық либералдық және неолибералдық демократия түрлерін Қазақстан өзінің соңғы 20 жылдық тәуелсіздігі тұсында жүзеге асырды деуге болады. Соның өзінде шынайы толыққанды демократияға қол жеткіздік деу, біздіңше, ертерек. Себебі либералдық демократияның осы екі түрінің де кемшіліктерінің барын өмірдің өзі көрсетіп отыр. Ал жетілген демократиялық республика теориясы бойынша астам байлыққа негізделген жеке мүдде белең алатын елде демократия патологияға ұшырайды. Себебі: халық еркінің және ортақ мүдделердің алғы шарты-мүліктік теңдік әділеттілігі. Ол бойынша байлар мен кедейлердің ара қашықығының тым алшақтауына, өмірдің барлық саласының бизнеске айналуына жол берілмеуі тиіс. Қоғам өмірінде адамгершілік құндылық жоғары қойылуы керек. Бұған, турасын айту керек, әлемнің ешбір елі қол жеткізе алмай отыр. Себебі капиталистік жүйедегі байлар өздерінің бар күш-қуатын және тәжірибесін пайдаланып, әділетті демократияға жол бермеуге тырысып бағуда. Сондықтан біздің Қазақстанда ондай көріністерге жол берілмеуі тиіс.

 

Осы ретте ең алдымен демократия принциптеріне байланысты теорияға мән берген жөн. Либерализмнің «әкесі» саналатын Локктың пікірінше, мемлекет өзіне белгіленіп берілген шекара шегінен шықпауы керек, өйтпеген күнде халықтың тарапынан азаматтық бағынбаушылық орын алады. Оның пікірінше адамдар үкіметтің жолсыздық әрекеттеріне қарсы тұратын құқы болуы қажет. Егер үкімет өз міндетін атқара алмаған жағдайда, оған халықтың араласуы орынды[2]. Қырғызстандағы жағдай, біздіңше, Локктың осы пікірінің дұрыстығын дәлелдейді.

 

Либералдық саяси бағыт саяси плюралистік демократия принциптеріне ерекше көңіл бөледі. Либералдардың пікірінше капитализмнің қоғамдық-саяси жүйесі ретінде өмір сүруінің кепілі плюралистік демократия болып табылады. Еркін экономикасыз еркін қоғам да болуы мүмкін емес. Өйткені нарықтық шаруашылық пен құқықтық мемлекет бірдей құндылықтарға негізделеді. Сол үшін де «Еркіндік меншікке зәру, меншік еркіндікті қамтамасыз етеді» дейді олар[3].

 

Либералдардың пікірінше, К.Маркстің қателігі оның тапсыз қоғам құру мүмкіндігіне сенгендігінде еді[3]. Эгалитарлы идеология көре алмаушылық, жалқаулық, опекундық этика рухы сияқты келеңсіздіктердің туындысы болып табылады. Элита идеясының өзі адамдар көпшілігінің оны көре алмаушылығына айналады. Ал, турасында кез келген қоғам өзінің элитасы арқылы жеңіске жетеді және сонымен бірге құриды, дейді олар.

 

Либералдық пікір бойынша мемлекет азаматтардың заң алдындағы теңдігіне кепілдік береді, олардың саяси өмірге және әлеуметтік-экономикалық салаларға қатысуын қамтамассыз етеді, сол арқылы әділеттілік принциптерін жүзеге асырады. Бірақ, олардың ұстанымындағы кемшілігі де, біздіңше, осы. Осы уақытқа дейін теңдік және еркіндік, еркіндік және әділеттілік антиномия проблемалары толық шешімін тапқан емес.

 

Дегенмен XVІІІ-XІX ғасырларда классикалық либерализмнің тікелей және жан-жақты ықпалының арқасында қазіргі демократиялық басқару жүйесі бастау алды. Осы ретте мынадай негізгі тұжырымдамаларды атауға болады. Халық билік субъектісі ретінде танылады; жеке адам биліктің бастапқы және басты көзі болып табылады; индивидуальді еркіндік және индивид құқы мемлекет заңдарынан жоғары қойылады; Парламентаризмнің, биліктің өкілетті органдарының басымдылығы таңылады; мемлекеттің іс-әрекет құзыры саласы шектелінеді. Ол негізінен мемлекеттің қоғамдық тәртіпті сақтау, азаматтардың қауіпсіздігі мен құқын қорғау ісімен ғана айналысуы тиіс. Мемлекет экономикалық, әлеуметтік және рухани-адамгершілік процестерге араласпауы қажет. Кейін бұл да неолибералдық теориямен алмастырылды.

 

Демократияның либералдық теориясы бойынша индивидуальдық және топтық автономияны мойындау, көпшіліктің азшылыққа билігін шектейді. Міне, осы және басқа да либералдық демократия теориясының болуы адамды еркіндікке жеткізу жолындағы үлкен алға басушылық болып табылады.

 

Бірақ осы айтылғандарға қарап либералдық демократияның теориясын кіршіксіз, нағыз жетілген деу артық. Бұл теория әлі де болса халық билігі идеалынан алыс. Себебі онда әлеуметтік-таптық шектеушілік, халық бұқарасына, азаматтардың кең саяси белсенділігіне күмәнмен қараушылық бар. Сол сияқты мұның кемшілігі: астам индивидуализм, адамның ұжымшылдық табиғатын елемеу, мемлекеттің қоғамдық өмір саласын реттеудегі рөлін төмендету болып табылады. Қазіргі кезде либералдық демократияның классикалық теориясының кемшіліктеріне жауап ретінде жаңа, осы заманғы демократиялық концепциялар қабылдауға ұмтылушылық бар. Бірақ, демократияны насихатшылдық айқай-шуға, қатып қалған догматқа және алған бағыттан, ұстаған принциптен қайтпайтын қайдағы бір діни сезімге ұқсас нәрсеге айналдырмай, оны ғылыми ақыл-ой арқылы сараптай білу және түсіну керек. Оны оқшау және жекелеген теориялардың монополиясы етуге де жол беруге болмайды. Сол сияқты оны бір жолата барлық уақытқа сай келетін догма ретінде түсіну қате, ол ылғи қозғалыста, дамуда болатын құбылыс.

 

Осы жерде айта кету керек, демократияландыру ісі біріңғай және тоқтаусыз ілгері басатын процес емес. Өйткені, әлемде «либералдық емес демократия», «гибридтік режимдер», «басқарылатын демократия», «авторитарлы демократия», «имитациялық демократия» дегендер орын ала бастады. Оның мәні-билікті демократиялық емес жолмен жүргізу үшін демократиялық институттарды сырттай шымылдық ретінде пайдалану әдісі болып табылады. Осыған байланысты элиташылдық және авторитарлы демократия үрдістерінің саяси сипатына келетін болсақ, бұл мәселе оның қаншалықты актуальды болуына қарамастан, жеткілікті зерттелмеген. Оны тереңірек түсіну – қазіргі Қазақстанның билік жүйесін демократияландыруға ықпалын анықтау үшін қажет.

 

Демократияға қатысты элита мәселесі бойынша көптеген пікір-таластар бар, бірақ олардың барлығына бірдей ұқсастық бар. Ең алдымен ол мынада: элитасыз қоғамның қалыпты өмірі болмайды. Оның үстем құқықпен басқаратыны да, халық бұқарасының үстінен қарайтыны да шындық. Элиташылдар әдеттегісінше демократияға оңшыл және сыни көзбен қарайды. Қоғамға күшті биліктің кәсіби басқару үшін керектігін дәлелдеп бағады. Сөйтіп, көп ретте авторитарлы элитаны жақтайды. Бірақ, көптеген батыстың саясаттанушылары элитаризм принциптерін демократия принциптерімен ұштастыруға тырысады. Соған қарамастан демократиялық теорияны билік құрылымына ыңғайлайды. Бұның да бір себебі бар. Олар бұқара басқаруға қабілетсіз дейді. Сөйтіп оны лидерлерге үнемі бас июге мәжбүрлейді, соның салдарынан тіпті демократиялы деген қоғамның өзі элитаны қалыптастырады. Міне, осыған байланысты элиташылдар көп ретте элитизм мен демократияның арасында компромисс болуын жақтайды. Осыдан келіп «демократиялық элитизм» ұғымы туындайды.

 

Бірақ, өкініштісі сол, олардың көбісі әлі де болса элиталық жұмыс атқарудың орнына, өздеріне деген элитарлық қамқорлық жағы басым. Профессор Ж.Жүнісованың пікірінше, Қазақстанда элитаның кезекті бөлшектену қаупі сақталуда. Ол жаңа саяси партиялар мен қозғалыстардың пайда болуына алып келуде. Сонымен қатар қазіргі жағдай халықтың элитаға бағыныштылығын күшейтуде[4]. Бұл пікірді, біздіңше, толық қолдауға болады. Демократияның қызығын олигархтар ғана, элита ғана көрмеуі керек. Демократия елдегі бір топқа артықшылық беретін болса, онда ол шын демократия емес. Заман талабына ілесіп, демократиялы ел болу үшін парадоксты «голландық аурудан» айығу қажет. Неғұрлым шикізат көп сатылатын болса, солғұрлым халықтың жағдайы нашарлайды, ал элита баи түседі. Демократияның қызығын элита көреді деген осы. Соңғы кездегі Украина мен Қырғыстандағы жағдайдың қаншалықты демократия мәселесіне қатысы бар? Бұл жөнінде М.Б.Олкоттың мына пікірі, біздіңше, дұрыс: «Украина мен Қырғыстандағы жағдайды конституцияны өзгерту, президент өкілеттігін қысқарту мәселелеріне қатысты дау-дамайдан гөрі элитааралық бақталастыққа жатқызған жөн сияқты»[5].

 

Дегенмен демократияландыру ісінде, біздіңше, мынадай жағдайларды реттеу қажет:

 

1. Қазақстанның әлемдік экономикаға ойдағыдай кірігуі және ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуі сапалық серпіліске жол ашып ғана қоймай, саяси реформалауға да, оның ішінде демократияландыру процесіне де, ықпал ететіні сөзсіз. Мысалы, Қазақстан экономикасының тұрлаулы түрде өрге басуы халықтың неғұрлым әлжуаз топтарын қорғауға, осы заманның әлеуметтік саясатын жүзеге асыруға жәрдемдеседі, ал ол өз ретінде демократияландыру процесіне тиісті ықпал етеді. Елдің ұзақ мерзімді болашағы, біздіңше, түптеп келгенде одан кем түспейтін терең демократиялық саяси рефермаларға тәуелді. Шындығында әлемнің дамыған 50 мемлекетінің қатарына қосылу үшін елдегі көп жағдайларды түзету керек.

 

2. Саяси жүйенің демократиялылығы оның ұлт менталитеті мен мүддесіне және оның патриотизміне сай келетіндігімен өлшенеді, халықтың қаншалықты саяси жүйеге ықпал ету дәрежесіне байланысты. Қазақстанда дереу батыс үлгісіндегі демократияны ендіру керек деп, көзсіз даурыққан кейбір саясаткерлердің, біздіңше, сабырлылыққа бой ұрып, қоғамның бүгінгі шындығына назар аударғаны дұрыс. Зерттеулер демократияның ұлттық ерекшеліктері болатынын көрсетіп отыр. Міне, сондықтан демократияның батыстық үлгілерін көзсіз көшіріп пайдаланудан бастарту басталды. Ол үшін адамгершілік, отбасылық құндылықтарды қайта түлету, БАҚ-тарда адамгершілікке жат қылықтарды нәсихаттауды тыю және бүкіл ағарту жүйесін қайта құру қажеттігі белгілі болды.

 

3. Қазақстандағы демократиялық реформалардың жалпыұлттық бағдарламасы кең және ол мыналарды қамтиды: мемлекеттік басқаруды орталықсыздандыру (децентрализация) мәселелері, жергілікті атқарушы биліктің сайланып қою принципін енгізу, Парламенттің және жергілікті өкілетті органдардың құзырын арттыру, жергілікті өзін-өзі басқаруды енгізу, соттық-құқықтық жүйені одан әрі жетілдіру, азаматтық қоғам институттарын дамыту, коррупциямен күрес.

 

Бұл аталған шараларды, Президент Н.Ә.Назарбаев атап көрсеткеніндей, екі саты да жүзеге асыру белгіленіп отыр. Бірінші сатыда, яғни 2006-2008 жылдары қазіргі жаңарған Конституция негізінде демократияны жүзеге асыру. Екінші сатысында, яғни 2009-2011 жылдары кең масштабта жүргізілетін демократиялық реформалар.

 

4. Қазақстандықтардың сайлауға қатысу мәдениетін дамыту өзекті мәселе және ол демократиялық сайлаулардың құқықтық және ұйымдастыру жақтарын жетілдіру ісімен байланысты. Қазіргі кезде сайлауларды өткізуде билік ресурстарын заңсыз пайдалану әдісі өте орынсыз, сондықтан оны азаматтардың өздерінің жүзеге асыратын қоғамдық бақылауының мәні үлкен.

 

5. Нақтылы социологиялық зерттеулер нәтижелері көрсеткеніндей, көптеген БАҚ құралдары әлі де болса билікке бағынышты, сондықтан объективті информацияны күту қиын. Оңтүстік Астана тұрғындарын «31-арна» хабарына сенетіндер 47,8%, бұдан кейінгі орынды КТК алады-36,9%, қалған телеарналарға сенетіндердің үлесі 15%-дан аспайды. Ал, Қазақстандық газеттердің ішінен «Время» және «Караванға» сенетіндердің үлесі 29,1% және 22,9%. Бұл ретте БАҚ құралдарын тәуелсіз ету үшін оны белгілі бір күштердің монополизациялауынан азат етпей болмайды. Оны жүзеге асыру үшін информациялық кеңістіктің дұрыс қызмет ету принциптерін заң жүзінде анықтау қажет. Заңда антимонополиялық шаралар нақтылы түрде белгіленуі шарт. Ұлттық айырмашылықтарды елемеу, сол секілді оларды жөн-жосықсыз тықпалай беру, біздіңше, демократияның, ұлтаралық қарым-қатынастардың мәдениеті жоғары екендігінің өлшемі бола алмайды.

 

6. Елдегі ұлтаралық қатынастың, тілдің, дінді ұстану мәселелерінің демократияға қатысы бар. Қазақстанда қазақ демократиялық көпшілік болса да, телеарналар, баспасөз қазақ ұлтының демократиялық құндылықтарын көтеріп, көркейту дәрежесіне жете алмай келеді. Қазақстанда 3 мың газет болса, соның 30-40-ы ғана қазақ тілінде, 800 журнал болса – соның бар болғаны 20-30-ы ғана қазақша екен. Бұл мәселелер туралы аз жазылып жатқан жоқ. Ал ұлттық ерекшеліктерінен арылған «қазақстандық ұлт» болмайтынын мойындау, біздіңше, орынды. Кейбір авторлардың қазақтың ұлттық қасиеттерінің мәнін, яғни тілін, ділін төмендетуі қорлау болып табылады. Ондай пікірлерге тиісінше тойтарыс беріп отыру қажет. Бұл ретте президент Н.Ә.Назарбаев қазақ ұлты мемлекет құрушы ұлт ретінде халықты топтастырушы күш екенін атап көрсетіп отыр.

 

7. Белгілі саясаткер Д.А.Калетаев екі палатадан тұратын парламентті жақтайды: «для снятия региональных и других противоречий», - дейді[6]. Қос палата федеральді құрылымға тән құбылыс. Оны әмбебап деуге келмейді. Біздің елде осы кезге дейін сенат палатасы дұрыс роль атқарған болар. Бірақ ол болашақ тұрғысынан келгенде қажетсіз қосалқы нәрсе, тіпті қаржылық шығын. Қазақстан сияқты унитарлы мемлекетке бір палаталы парламент жетіп жатыр. Одан демократияландыру ісі ұтылмайды.

 

Д.Калетаевтың пропорционалды және мажоритарлы сайлау жүйелеріне деген көзқарасы да, біздіңше, қайшылықты. Дюверже мен Дж. Сарториге сілтеме жасағанымен екі ұдай пікірде қалған. Мысалы, былай дейді: «Обычно мажоритарная система порождает двухпартийную систему и однопартийное правительство. Пропорциональная система полнее обеспечивает представительность, однако зачастую приводит к созданию каолиционного правительства». Одан әрі ол: «Мажоритарная однотуровая система голосования порождает двухпартийность»,[6] – дейді.

 

Сол сияқты пропорционалдық сайлау жүйесін ғана жақтаушылар елде тек сол арқылы тиімді демократиялық саяси жүйені қалыптастыруға үміт артады. Мажоритарлы сайлау жүйесін, біздіңше, жоққа шығарып, партияларды есепсіз қолдан жасап, «демократия деген осы» деп, көбейте беру, демократияның белгісі болғанымен, кепілі бола алмайды. Партиялардың шамадан тыс көп болуы, ұлы Абай айтқандай, елді бөлшектеп, ырду-дырду жасауы мүмкін. Қазір біз соны көріп отырмыз. Бұл ретте Президент Н.Ә. Назарбаевтың келешекте Парламентті екі партия өкілдерінен жасақтағанды жөн деп санағаны да есімізде.

 

Президент Н.Ә.Назарбаев 2010 жылы халыққа өз Жолдауында демократияландыру және құқық қорғау жүйесіндегі кемшіліктерді атап көрсете келіп, былай деді: Жаңа онжылдықта біз өзіміздің экономикалық жоспарларымыздың табыстарын дәйекті саяси жаңғырту арқылы бекемдеп, саяси жүйемізді жетілдіруді жалғастырамыз. Және мұнда құқықтық реформа маңызды рөл атқаратын болады. …«Басқаша айтқанда, жаңа онжылдықта бізге демократиялық мемлекеттегі құқық қорғау қызметінің жоғары халықаралық стандарттарына сәйкес келетін жаңа құқық қорғау жүйесі қажет. Менің тапсырмам бойынша, тиісті құжат жобасы дайындалды»[7]. Осыған байланысты Президент алдағы уақытта біздің заңдарымызды ізгілендіріп, олардың сапасын арттыру қажеттігін атап көрсетті. Осыдан, біздіңше, үлкен үміт күтуге болады.

 

Қорытып айтқанда түбегейлі демократияға қол жеткізу үшін таптық және топтық мүдделерді астам жоғары қоймайтын, жеке адам автономиясын мойындайтын, бюрократиялық кемшіліктер мен коррупциядан арылған, пікір тәуелсіздігі мен еркіндігіне қысым жасамайтын қоғамдық жүйе – мемлекеттің түбегейлі демократия құру жолындағы идеалы болуы тиіс.

Қоғамдағы болып жатқан терең өзгерістерге байланысты бізді қайтадан тарихқа үңіліп, сол уақыттан бүгінгі күннің мәселесінен шығу жолын іздеп және болашаққа сабақ алуға итермелейді. Либералдық-демократиялық идеялар қоғамдық-саяси өмірде елеулі орынға ие болып отыр. Осыған байланысты қазіргі таңда тарихтағы отандық либерализмге және парламентаризмге деген қызығушылық өте жоғары. Қазақ халқының демократия идеясының, либерализмнің айнасы ретінде Қазақстанда ұлттық саяси элитасын һәм зиялы қауымды танимыз. Бірақ тағдырдың қаталдығына байланысты бұл адамдар өз елінің азат болу және бақытты өмір сүру қалауы, тілегі немесе үміті үзіліп қалды. «Халық жауы» деп айыпталып 70 жылға тарих қойнауына кетті.

Еліміз алдымен егемендігін жариялап,одан кейін тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін бұрынғы идеялық шырмаулардан толықтай арылғаннан соң тарихымыздың «ақтандақ беттерін» қайтадан қарастыру мүмкіндігі туды. Бұл мәселені зерттеу біздің ойымызша өзіне белгілі бір жүелікті және жан-жақтылықты талап етеді.

Ресей монархиясы ХХ ғасырдың алғашқы жылдарынан бастап елде орын алған үздіксіз саяси дағдарыстың нәтижесінде құлады. Ақпан революциясының жеңісі саяси жүенің жоғары сатысы- республикалық құрылысқа көшуге жағдай туғызып, ұлттық езгінің күш-қуатын әлсіретуге мүмкіндіктер берді. Осы кезде жаңа бір билік жүйесі қалыптасып келе жатқанын сезінді. Билік басына бірінен соң бірі ауысып, түрлі ұйымдар ашылып жатты. Әр біруі өзіндік даму жолын ұсынды. Күрделі саяси жағдайда немесе саяси орманда адасып қалмау басты міндетке айналды.  Осындай арпалыс уақытында саяси күрес аренасына шыққан зиялы топтардың іс-әрекеттеріне тоқталуды жөн көрдік, өйткені олардың жасаған жұмыстарына қарап сол кездің толық тарихи суретін жасауға мүмкіндік бар. Әрине зиялы қауып болып аталуына белгілі себептер бар; көкірегі ояу, көзі ашық, жоғары-орта білімдері бар, саяси көз-қарастары қалыптасқан азаматтар болды. Бұл төңіректе Н.Ә.Назарбаев «Тарих толқынында» атты кітабында келесідей көрсетеді: «ХХ ғасырдың басында ұлттық бірлікті нығайту идеясын алға тартқан рухани-зерделі игі жақсылар қазақтың ұлттық идеясые жасау міндетін өз мойынына алды. Олар қоғамның түрлі тарабынан шыққандар, әрі ең алдымен дәстүрлі дала ақсүектерінің өкілдері еді. ХХ ғасырдың басындағы қазақ қоғамында зиялы қауым қалыптасуының ұрпақттар эстафетасы сияқты сипаты болғанын атап айтқан абзал. Ол тұста ой еңбегімен кәнігі түрде шұғылдану атадан балаға  жұғысты болып отырған.

Ұлт-азаттық қозғалысының басшылары Әлихан Бөкейханов (оқымысты-ғалым, Ресей Конституциялық демокатиялық партиясы Орталық Комитетінің мүшесі, І және ІІ Мемлекеттік Думаның депутаты), Ахмет Байтұрсынов ( ақын, аудармашы, лингвист, «Қазақ» газетінің редакторы), Міржақып Дулатов, Жақып Ақбаев, Мұстафа Шоқай, Мұхаметжан Тынышбаев, Бахытжан Қаратаев, Халел және Жанша Досмухамедовтер және басқалары – негізінен Петербург, Мәскеу, Варшава, Қазан, Омбы мен Орынбор жоғары оқу орындары, училищелерінің түлектері»[1. 156 б.].

Олар өз қызметінің басты мұраты қазақ халқының ұлттық төлтумалығын сақтау, сонымен бірге тарихи өткенін қалпына келтіріп, ұлттық санасын шыңдау деп санаған[1. 157 б.].Басқа сөзбен айтқанда қазақтың тұңғыш интелегенттері сол кезеңнің ұлттық сұраныстарына жауап беруге тырысты.

Ә.Бөкейхановтың төңірегіне жиналған азаматтар патша үкіметіне оппазицияда болған кадеттерді үлгі тұтқан. Бұл екі топтың саяси-қоғамдық, әлеуметтік-экономикалық көз қарастары бастапқы уақытта бір-біріне сәйкес келіп отырды.

Сонымен 1917 жылғы ақпанда Ресейде жеңіске жеткен буржуазиялық-демократиялық революция нәтижесінде ұлттың өзі-өзі билеу проблемасын шешу мәселесін қоюға, қазақ қауымының әлеуметтік-экономикалық дамуын жеделдетуге мүмкіндіктер туды. Бірден қазақ зиялылары Уақытша Үкіметімен тығыз байланыс жасап, сол арқылы түп мақсаттарын жүзеге асырмақшы болды. Бұл үкіметке тиген сенімдерінің негізінде, оның демократиялық бағытта жасаған қадамдары болды. Мәселен, сөз бостандығы саяси партиялар құру, бапасөз бостандығы, халықтың өз еркін білдіру құқұқтары т.с.с.[2. 25 б.]. Уақытша үкіметтің жергілікті органдарының әр түрлі дәрежедегі басқару жүйесінің чиновниктері болып Ғалиасқар Қуанышев, Балға Құрметов, Біләл Молдыбаев, Айдархан Тұрлыбаев, Мұхтар Саматов және басқалары тағайындалды. Әлихан Бөкейханов, Мұхаметжан Тынышбаев пен Мұстафа Шоқайұлы қазақ халғқының либералдық-демократиялық оптарының өкілдері ретінде танылды.[3. 89 б.]. Айта кететін бір жәйт, дәл осы үш қайраткер Ақпан революциясы жеңіске жетісімен қазақ интелегенциясы өкілдерінен кімдерді, қай орындарға тағайындауды ұсынып отырды.

1917 жылғы 7 сәуірде кадет Н.Щепкин басқарған Уақытша Үкіметтің Түркістан комитеті құрылды. Оның құрамына басқалармен бірге Ә.Бөкейханов пен Мұхаметжан Тынышбаев енді. Көп кешікпей Ә.Бөкейханов Торғай облысындағы, ал халықшыл О.Шкапский мен М.Тынышбаев Жетісу облысындағы Уақытша Үкіметтің комиссарлары болып тағайындалды. Ал М.Шоқаев, А.Бірімжанов, А.Кенесарин сияқты қазақ зиялылары Түркістан мен Қазақстандағы Уқытша Үкіметтің органдарында жауапты қызметтерге ие болды[4]. Ә.Бөкейханов өзі басқарған Торғай өңірінде Уақытша Үкіметтің шығарған заңдарының орындалуын талап етті. М.Тыншбаев пен Мұстафа Шоқайұлы  бүкіл Түркістан өлкесіндегі барлық басқару жүйесінің жұмысын жолға қойып, оны үйлестіру ісімен тікелей шұғылданды[4]. Барлық жұмыстар бір сарынды, ешбір кедергісіз өтті деп айтсақ қателесерміз. Өйткені жергілікті болыстар мен ауылнайлар орнығып алған жағдайдан айырылғысы келмеді (бұл заңды құбылыс), сол себепті қалыптасып келе жатқан жаңа билік жүйесіне өздерінің қарсылықтарын білдірді. Соған қарамастан Уақытша Үкіметтің әкімшілік органдары 1917 жылдың көктем мен жаз айларында қалыптасу фазасынан өтіп, қалыпты жұмысын жасау жалғастырды.

Қазақстанда Уақытша үкіметтің әкімшілік-мемлекеттік құрылымдары және алғашқы ұлттық қоғамдық-саяси ұйым қазақ комитеттері құрыла бастады. Қазақ комитеттерінің құрылуы қазақ қоғамындағы үлкен жаңалық болды. Аталған үкіметтің өлкедегі ұлттық тірегі болған. Түпкі мақсаты – ұлттық мақстат-мүддені қорғайтын, автономиялық мемлекеттік құрылымға жету жолында қазақ халқының ұлттық ұйымы ретінде қарастыру еді[2. 23 б.]. Бұл комитет болашақ Алаш қозғалысының қайраткерлерінің, соның ішінде тікелей ұсыныс жасаған, ұлттық интелегенциясының көпшілік тыныған жетекшісі Ә.Бөкейханов   және қазақ қоғамының белсенді азаматтарының бірлескен еңбектерінің нәтижесінде құрылған. Қазақ комитеттері 1917 жылдың наурыз айының екінші жартысынан бастап облыстық, уездік және болыстық деңгейде құрыла бастады. Қазақ комитеттері барлық дерлік аймақтарында құрылған[5]. Қазақ комитеттерінің пайда болуын ғалым М.Қойгелдиев орынды түсіндіреді: «...Қазақ комитеттері ұлт-азаттық қозғалыстың ақпан революциясынан кейінгі кезеңдегі даму нәтижесі, оның өзінің түпкі, негізгі мақсаты- мемлекеттік еркіндікке ұмтылысының табиғи көрінісі, ұлттық мемлекет болуға жасалған алғашқы қадамдары.»[6. 219 б.]   Түртіп, айта кетсек, барлық облыстарда Қазақ комитеттері жоғарыдан төмен қарай  құрыла бастайды. Құрылу процесін туралы хабарларды «Қазақ» газеті таратты. 1917 ж. 17 наурызда Орал қаласында облыстық комитет құрылды. Алғашқы төрағасы Ғ.Әлібеков болды. Мүшелері ретінде Д.Көсемғалиев пен Б.Қаратаевтар аталды[2. 24 б.]. Сол секілді Семей облыстық Қазақ комитеті 7 наурызда өлкеде қалыптасқан саяси хал-ахуалға байланысты шұғыл түрде құрылды. Комитеттің төрағасына Р.Мәрсеков, төраға серіктері болып Х.Ғабасов пен И.Тарабаев, қазынашылыққа Ә.Молдабаев және хатшылыққа Ә.Ермеков тұрды.[2. 24 б]. Бұдан басқа Ақмола облыстық Қазақ комитеті (төрағасы алғашқы да Е.Итбаев, кейін А.Тұрлыбаев), Жетісу  облыстық Қазақ комитеті (төрағасы И.Жайнақов), Сырдария   облыстық Қазақ комитеті (төрағасы Ә.Көтібаров). 1917 жылдың көктем айынан бастап Қазақ комитеттері араласпаған істер болмады десек артық айтпаймыз. Бұл жағдай, саналы түрде саяси элита қалыптасып, нақты іс-шараларға көшкенін аңғартады.

Жаңа билік жүйесін жергілікте жерлерде орындау, оның даму перспективаларымен таныстыру тағы да, қазақ зиялы қауымының мойынына түсті. Ең басты іс-шара съездер ұйымдастыру. Ә.Бөкейхановтың тікелей бастамасымен 1917 жылғы көктемде шақырылған ауылдық, селолық, болыстық және уездік азаматтық комитеттер өкілдерінің съезі Торғай облысындағы аса маңызды оқиға болды. Съезд аяқталғаннан кейін ауылдық азаматтық комитеттерді құру ісіне жетекшілік жасау үшін облыстық басқарма құрған комиссия Ә.Бөкейхановпен келісе отырып Ахмет Қадырғалиевты белгіледі[3. 91 б.]. Сонымен қатар, Оралда, Орынборда, Ақтөбеде, Ташкентте өткен өазақ съездерінде аграрлық және ұлттық мәселелер баса назар аударылса, А.Тұрлыбаев, Е.Итбаев және М.Дулатовтың басшылығымен Омбыда өткен қазақ ұйымдарының облыстық съезінде оқу-ағарту, қаражат (финанс), дін, әйелдер теңдігі мен земство қызметі жөніндегі кеңінен талқыланды. Ж.Ақпаев, Ә.Ермеков, Х.Ғаббасов жетекшілік еткен Семей облыстық қазақ съезінде әлеуметтік-саяси мәселелер сөзге тиек етілді[3. 92 б.]. Аталған съездер қабылдаған қаралардың барлығында дерлік Уақытша Үкіметке сенім білдіріп, оның «соғысты толық жеңіске жеткенше» жүргізу жөнінде саясаты қолдау тапты. Ерекше аталып, қарастырған мәселелер ауқымды болған съезд- Орынбор қаласында 1917 сәуірдің 2-8 аралығында өткен съезд. Бұл съезді дайындап, оны басқаруға сол жылғы шілдеде құрылған «Алаш» партиясының жетекшілерінің бірі болған Ахмет Байтұрсынов белсенді түрде араласты; съездің жұмысы А.Байтұрсынов, Сейітәзім Қадырбаев, Уәлихан Танашев, Омар Алмасов сияқты Алашорда қозғалысының белсенді қайраткерлерінің ықпалымен өтті және онда келешектегі «Алаш» партиясының кейбір бағдарнамалық тұжырымдары оған қатынасушылардың талқысына түсті, бұл біріншіден. Екіншіден, бұл съезд қабылдаған қарарлардың бір ған Торғай облысына қатысты болған жоқ, олар бүкіл Қазақстандық мәнге ие болды. Съезге жалпы алғанда 300-ден астам адам қатысты[3. 93 б.]. Сондықтан да Торғай оьлыстық қазақтар съезі қабылдаған қарарлар басқа өңірлеріндегі осындай бас қосулар үшін белгілі дәрежеде үлгі болды.          

Халықты тыныштандырып, белгілі бір саяси тұрақтылыққа жұмыс істеген қазақтың либералдық-демократиялық қозғалысының жетекшілері 1917 жылдың жазына қарай Уақытша Үкіметке деген сенімі әлсіреді Өйткені сайып келгенде Уақытша Үкімет Қазақстандағы жүргізген әлеуметтік-саяси мәселелер шешу саясаты, патша үкіметі кезіндегі саясатымен пара-пар болды.Мысал келтіре кетсек, басқа езілген халықтар сияқты, қазақ халқының өзін-өзі билеу, Қазақстанның өз алдына ұлттық-территориялық автомия болуы жөніндегі мәселені мемлекеттік дәреже деңгейіне көтеру деген үмітті Уақыттша Үкімет аяқ асты етті[3. 115 б.].

Осы жағдайды ұлт элитасы дер кезінде түсініп, жаңа әрекеттер жасауға көшті. Ә.Бөкейхановтың Кадет корпусына деген көз-қарасы күрт өзгеріп, партиядан шығып кетеді. Себептерін Ә.Бөкейханов өзі «Қазақ» газетінің 1917 жылғы 23 желтоқсанындағы 256 нөмірінде жарияланған «Мен кадет партиясынын неге шықтым» атты мақаласында көрсетеді. Нәтижесінде, Бірінші Бүкілқазақтық съезді ұйымдастырып, оны 1917 жылы 26 шілдеде Орынбор қаласында өткізді. Халел Досмұхамбетовтың төрағалымен, Ахмет Байтұрсыновтың, Әлмұхамбет Көтібаровтың, Міржақып Дулатовтың және Асылбек Сейітовтың хатшылығымен өткен съезде 14 мәселе қарастырылды[4]. Осы мәселелердің ішінен ең маңызды деп ұлттық автономия, жер, құрылтай съезіне дайындық және қазақтың саяси партиясын құры деп санады. Сонымен толық элитамыз қалыптасып тәуелсіздік жолына түсіп, азаттық үшін күресін бастады. Тарих беттерінде Алаш арыстары деп аталып, Алаш һәм Алаш орда қозғалысын құрды. Өзгермелі қоғамдық-саяси өмірде Алашорда қайраткерлері саяси  тарих сахнасына бірінен соң бірі көтерілген Сібір облыстық советі(Сібір автономиясы, желтоқсан 1917 ж.-қаңтар 1918ж.), Самара құрылтай жиналысы мүшелерінің комитеті (колуч, маучым-тамыз 1918 ж.), Уфа дерикториясы (қыркүйек-қараша 1918 ж.), Колчак үкіметі(қараша 1918 ж.-желтоқсан 1919 ж.), Кеңес үкіметі(наурыз-сәуір 1918 ж. және 1919 ж.- наурыз 1920) сияқты ресейлік саяси күштермен байланыстарында Алаш автономиясы мен Алашорда үкіметін ресми мойындатуға алдыңғы кезектегі міндет етіп қойды.

Осы кезде қазақ зиялылары басқа да партиялар мен ұйымдарға бірігіп жатты. 1917 ж. қараша айында Омбыда «Үш жүз» атты социалистік партия ашылды. Сонымен қатар жалпы жергілікті жерде мәдени ағарту жұмыстарымен (сауық кештерін қою, жазба газет шығару, т.с.) айналысқан ұйымдарды атап кетсек: Омбыда «Бірлік», Қызылжарда «Талап», Ақтөбеде «Жас тілек», Павлодарда «Ғылым», Орынборда «Еркін дала» тағы басқа.

Уақыт призмасынан қарасақ шынында да ақпан революциясы Ресей империясының құрамында болған қазақтар, титульды ұлтпен тең терезе принципін заңдастырды, олардың ресми үкімет органдарында қызмет қылуына мүмкіндіктер тудырды. Қазақстан-Ресей қарым-қатынастары динамикалық түрде дамыды бірақ, империялистік құрсаудан босанған Ресейлік саяси күштердің 1918-1919 жылдардағы қызметі алғашқы кезеңде демократиялық сипатта өрбігенмен бірте-бірте әскери-саяси сипаттағы диктатураға қарай бет бұрып кетуі ұлттық аймақтардағы, соның ішінде қазақ өлкесіндегі саяси күштердің ұлттық-демократиялық бағытты дамуына жасаған қызметтерің баянды етуге кедергі болды.

Бүкіләлемдік  саяси жүйеге өзгеріс әкелген осынау кезеңде зиялы қауым халқының болашағы үшін  қарулы күрес жолында да батыл қадамдарымен көзге түсті. Елі мен жері үшін күрескен қиын саяси жағдайда таңдаған жолынан тайынбай өзіндік тән қасиеті отаншылдық рухы бар – зиялы қауымын Қазақ елінің жауы мен досы мойындағаг. Бір сөзбен айтқанда, тарих беттерінде шыңдалып, елеулі орынға ие болғанына көзіміз жетіп отыр.

     

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Пайдаланған әдебиеттер:

 

 

1. Нұрсұлтан Назарбаев. Тарих толқынында- Алматы, «Атамұра» 1999 ж – 294б

2. Сайлаубай Е.Е. Алашорда үкіметінің шығыс бөлімі – Т.ғ. канд. ғылыми дәреж.алу үшін дайынд. дисс.- Алматы 2001, 157 бет.

Либералдык демократия