Лизинг. 19

                        Орал Қаржы Экономикалық колледжі. 
 

                  
 
 

                

                    Тақырыбы:    Лизинг 
 
 
 

                                              Орындаған:.

                                               Тексерген 
 
 
 
 
 
 

                                      Орал-2009.

                                       

 Жоспар.

 

Кіріспе.....................................................................................3 

1. Лизинг түсінігі, оның концепциялары.............................4 

2. Лизинг мәмілесіне  қатысушылар, олардың

    құқықтары  мен  міндеттері................................................5 

3. Лизинг түрлері....................................................................8 

4. Лизингтік төлемдер, түрлері және формалары..............10 

5. Қазақстан  Республикасындағы лизингтік 

     құрлымдардың  қалыптасуы............................................12 

6. Лизингтің  негізгі бағыттары............................................13 

7. Қорытынды........................................................................15 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 

                                             Кіріспе. 

    Лизингтік келісім түсінігі Аристотельдің  «Риторикасында» өте жақсы айтылған: «Байлықты құрайтын жеке меншік құқығы негізінде мүлікті иелену емес, оны (мүлікті) пайдалану». Бұл ой лизингтің негізгі идеясын өте жақсы анықтайды. Яғни, пайда табу үшін құралдардың немесе басқа да мүліктің меншікте болуы емес, табыс алуға оны пайдалану құқығының болуы да жеткілікті.

    Ағылшан авторы Т. Кларктың пайымдауынша, лизинг Аристотель өмір сүрген уақыттан көп бұрын белгілі болған. Ол біздің эрамызға дейінгі 1760 ж. Хаммурапи заңдарынан лизинг туралы бірнеше ережелер табады. Рим империясы да лизинг проблемаларынан қалып кеткен жоқ, олар Юстинианның Институцияларында көрініс табады.

    Негізінен лизингті американдықтар ойлап тапқан, кейінірек 60-шы жылдардың басында  американдық кәсіпкерлер мұхит  арқылы Еуропаға жеткізген деп есептейді. Бірақ ағылшын авторлары лизинг Англияда пайда болды, содан Солтүстік Америкаға көшіп, кейбір өзгертулермен ХХ ғасырдың екінші жартысында Еуропаға қайтып келеді деп есептейді.

    Англияда  қазіргі лизингке ұқсас операциялар  орта ғасырларда қолданыла бастаған. Оның заттары шаруашылық құралдар мен  аттар болған. Лизинг туралы алғашқы заңдардың бірі болып 1284 ж. Уэльс Заңы табылады.

    ХІХ ғасырдың басында Англияда өнеркәсіптің дамуымен, әр түрлі құрал-жабдықтар  өндірісінің ұлғаюымен бірге  лизингке берілетін тауарлар қатары да өсті. Мұнда теміржол көлігінің  дамуы мен таскөмір өнеркәсібінің дамуы маңызды роль атқарды. Басында көмір тасу үшін олар вагондарды сатып алды, соңынан оның тиімсіз екенін түсінді. Көмір өндірісі ұлғая берді, жаңадан шахталар ашыла бастады, вагондардың одан да көп көлемде қажетті болды. Шағындау кәсіпорындар бұл жағдайды ұтымды пайдаланып, капитал салуды шешеді. Олар теміржол вагондарын сатып алып, оларды лизингке береді. 

    Лизинг  ХХ ғасырдың 50-жылдарындағы американдық  өнер табысы болып табылады деп есептелінеді. Оны ондаған жылдардан кейін  американдық кәсіпкерлер Еуропада, содан кейін Жапонияда пайдаланған. Сонымен бірге лизингтік қатынастар туралы мысалдарды өте ерте кезеңдерден де кездестіруге болады. ІХ ғасырда Венецияда саудагерлерге лизинг негізінде саудалық кемелер және сол кезде өте қымбат болған зәкірлер (якорлар) уақытша пайдалануға берілген. Англияда орта ғасырда қазіргі замандағы лизингке ұқсас операциялар жүргізілген. Ол кездегі лизингтік опреациялардың негізі фермерлік құрал-жабдықтар және аттар болып табылады. ХІХ ғасырда Англияда өнеркәсіптің дамуына байланысты лизинг шарттарымен берілетін тауарлардың тізімі көбейе бастады. Бұл кездерде көмір өндіру өнеркәсібінің және темір жол көліктерінің дамуы ерекше роль атқарады.

              1. Лизинг түсінігі, оның концепциялары. 

    «Лизинг»  термині ағылшынның «to lease» етістігінен алынған және жалға алу (жалға беру) дегенді білдіреді. «Лизинг» жөнінде бірыңғай халықаралық танылған ұғым жоқ. Бұл терминді түрлі елдердің заңнамаларында, есеп беру және салық салу жүйелерінде күрделі, әрі әр түрлі мазмұнда айтылуымен түсіндіруге болады. Кең түрде алып қарағанда, лизинг деп сатып алу негізінде уақытша пайдалануға берумен байланысты мүліктік қатынастардың барлық кешенін түсінуге болады.

    Лизинг  түсінігінің шығуы мен қалыптасуына көптеген концепциялар мен көзқарастар бар. Лизингтің қаржылық-коммерциялық, құқықтық және техникалық аспектілері бар. Лизингтің қазіргі уақытта экономикалық және құқықтық әдебиеттерде шамамен есептегенде жүзден астам анықтамалары бар. «Лизинг» түсінігінің нақты және кең мағынасын осы анықтамаларды талқылау барысында келесі белгілеріне қарай көруге болады: лизингтік келісім-шарттың экономикалық бағыты мен құқықтық формасы; келісім уақыты; лизингтік келісімнің ортақ объектілері; келісімге қатысушылардың (субъектілердің) құрамы мен саны.

    «Лизинг» түсінігі шетелдік және отандық әдебиеттерде және кәсіпкерлік қызметтер тәжірибесінде де кең түрде қолданылып келеді. Осы салада қолданылатын терминдердің де бірыңғай мағынасы жоқ. Әр түрлі саладағы мамандар (заңгерлер, маркетологтар, банк қызметкерлері, кәсіпкерлер, сыртқы экономикалық қызмет сферасының жұмысшылары, т.б.), лизинг мағынасына сипаттама бере отырып, оны не инвестициялық және банктік қызметтерге, не арендалық қызметтерге, не болмаса іскерлік қызметтерге жатқызады. Олардың ойынша, лизинг тауар өткізу, көліктік-техникалық өнімдерін жеткізу, ұзақ мерзімді аренда, капитал салымдарын қаржыландыру, негізгі қорларды несиелендіру, ұзақ қолданылатын тауарлар экспортын несиелендіру, сыртқы экономикалық қызметтердің (сыртқы сауда, экспорттық-импорттық операциялар), т.б. қызметтердің формасы болып табылады.

    Қаралып отырған қатынастардың күрделілігі  мен қатысты жаңашылдығы,  оның заңды табиғатына қатысты көптеген көзқарастарды туғызады. Континенталды  Еуропада лизингтің құқықтық табиғаты жөнінде көптеген теориялар пайда болды. Бірақ, «Лизюроптың» бірінші сессиясында, лизинг дегеніміз не екеніне ешкім нақты анықтама бере алмады.

    Мысалы, Е. Кабатова лизинг жөніндегі шетелдік құқықтық теорияларын нақты талқылай келе, келесі 5 негізгі концепцияларды көрсетті:

  1. Лизингтік келісім-шарт өзіндік белгілері бар арендалық келісім-шарт ретінде қаралатын концепция.
  2. Лизингтік келісім-шарт сауда-саттықтың ұзақ мерзімді келісім-шарты деген концепция.
  3. Лизинг мағынасында тапсыру белгілері бар деген концепция.
  4. Лизинг үшінші жақтың пайдасына істелген келісім-шарт болып табылатын концепция.
  5. Кейбір авторлар лизингте және узуфруктта (мүлік құқығы – заң немесе келісім-шарт бойынша бекітілетін басқа біреудің мүлігін пайдалануға болатын құқық) пайда болатын қатынастың ұқсастығын атап өтетін түсінік.

      Мұнда мәселе шешудің екі негізгі  түрін айыра білу керек. Біреулері  лизингті азамат құқығының қалыптасқан  институты арқылы анализдейді:  аренда келісім-шарты, сауда-саттық, қарыз алу, тапсырыс беру және  т.б. Екіншілері қатынастың күрделілігі мен өзгешелігі оларды ерекше өзіндік қатынас ретінде қарауға болады деп дәлелдейді.

    Лизингтің көптүрлілігі жаңа күрделі сөздерді туғызады: «лизинг-несие», «несие-аренда», «аренда-сату», «лизинг-сатып алу», «жалдау-сатып алу», «сатып алу-лизинг». Сондықтан да бір жағдайда лизинг сауда-саттық-қаржылық немесе қаржылық-коммерциялық операция ретінде, басқа жерде – сауда-саттық-арендалық, үшінші жерде несие-арендалық келісім ретінде түсіндіріледі.

    Австриялық  көрнекті бизнесмен Вольфганг Хойер  «Еуропада бизнесті қалай жасау керек?» деген кітабында «Лизинг – арендалық келісім-шарт бола ма, әлде несие беру келісім-шарты ма?» деген сұраққа: «Лизинг жоғарыда аталған келісім-шарт түрлерінің екеуі де кездесетін келісім-шарттың жеке түрі болып табылады» деп жауап береді.

    Сонымен «лизинг» деп сатып алу негізінде  уақытша пайдалануға берумен  байланысты мүліктік қатынастардың  барлық кешенін түсінуге болады.

    Елдің экономикалық дамуы көбінесе өндірістік потенциалдың қолда бары мен дамуымен анықталады. Негізгі өндірістік қорлар (машина, құрылғы, көлік және басқа құралдар) өндірістік процестің тікелей факторлары болып саналады. Негізгі құралдарды жаңарту мүмкіндігін қамтамасыз ету жеке кәсіпорындардың, сонымен бірге тұтастай мемлекет экономикасын алғанда табысты дамытудың ең бір маңызды жағдайларының бірі.

    Осы мәселелерді шешудің ұтымды бір  жолы және тиімді қаржылық құрал болып  лизинг табылады.

    Лизинг, жоғары тиімді және ерекше икемді инвестициялық  құрал ретінде, өндірісте ғылыми-техникалық прогреске жетуді жүйелі қолдануға  мүмкіндік береді. Экономикалық тұрғыдан қарағанда лизинг бірнеше қызмет атқара алады. Біріншіден, инфляция жағдайында ақша бірлігінің сатып алу қабілетінің төмендеуі кезінде, шығындардан ақша қаражаттарын қорғауда, ол негізгі қорға қаражат салудың нысаны болып табылады. Екіншіден, лизинг өндірісті материалды-техникалық қамтамасыз етуде ең озық әдістердің бірі болып табылады.

    Айта  кететін жайт, қаржылық лизинг негізгі  қорды тікелей сатып алудан арзан  емес. Бірақ та, қажетті көлемде  қаржылық ресурстарға мүмкіншілігі жоқ кәсіпорындар үшін лизинг негізгі қорларды жаңартуға және сатып алуда тиімдірек тәсіл деп айтуға болады. Себебі, лизинг берушіге лизингтік төлемдерді төлеу кезеңдеп жобаланады. 

             
 
 
 

       2. Лизинг мәмәлесіне қатысушылар, олардың

                         құқықтары мен міндеттері. 

    Біздің  елімізде 2000 жылдың шілде айында қабылданған  «Қаржылық лизинг туралы» Заңға  сәйкес лизингтік келісімге қатысушы тұлғаларға анықтамалар берілген.

    Яғни, лизинг мәмілесіне қатысушылар ретінде физикалық тұлға ретінде кәсіпкерлер және заңды тұлғалар ретінде лизинг беруші мен лизинг алушы, және лизинг затын сататын сатушы ретінде қарастырады.

    Лизинг  беруші – тартылған ақша және өз ақшасы есебінен лизинг нысанасын өз меншігіне сатып алатын және оны лизинг шартының талаптары негізінде лизинг алушыға беретін мәмілесіне қатысушы. Лизинг берушінің бір мезгілде лизинг мәмілесінің басқа қатысушысы ретінде іс-қимыл жасауға құқығы жоқ.

    Лизинг  алушы – кәсіпкерлік мақсат үшін лизинг затын лизинг келісім шарты негізінде алатын лизингтік мәміле қатысушы.

    Сатушы – лизинг нысанасын сатып алу-сату шарты және лизинг шарты негізінде оны бұдан кейін лизинг шартының талаптарымен лизинг алушыға беру мақсатында лизинг берушінің меншігіне өткізетін лизинг мәмілесіне қатысушы. Сатушы қайтарма лизинг кезінде лизинг алушы ретінде де қатыса алады.

    Лизинг  қызметі – лизинг берушінің лизинг шартының талаптарын орындау жөніндегі қызметі.

    Лизинг  мәмілесі – лизингке қатысушылардың азаматтық құқықтар мен міндеттерді белгілеуге, өзгертуге немесе тоқтатуға бағытталған келісілген іс-қимылының жиынтығы.

    Лизинг  объектісі болып нарықта еркін айналуға тиым салынған негізгі құралдардың жіктелуіне жататын кез-келген жылжымалы және жылжымайтын мүліктер болып табылады. Оған үйлер, ғимараттар, машиналар, жабдықтар, құрал-саймандар, көлік құралдары, жер учаскелері және кез-келген басқа да тұтынылмайтын заттар лизинг нысанасы бола алады. Бағалы қағаздар мен табиғи ресурстар лизинг нысанасы бола алмайды. Заң актілерінде заттар мен жер уческелерінің жекелеген санаттарын лизинг нысанасы ретінде пайдалануға өзге де шектеулер белгіленуі мүмкін.

    Тұтынылмайтын заттар – пайдаланылған кезде тозатын, бірақ пайдалану процесінде табиғи қасиеттерін жоғалтпайтын жылжымалы және жылжымайтын мүлік.

    ҚР  «Қаржылық лизинг туралы» 6 маусым 2000ж. сәйкес, лизингке берушінің құқықтары мен міндеттері мыналар:

  1. Лизинг беруші:

    1) өзіне тиесілі төленбеген лизинг  төлемдерін, сондай-ақ шығынның орнын  толтыруды талап етуге;

    2) лизинг шартына сәйкес лизинг  алушының лизинг шартының талаптарын  орындауына бақылау жасауға;

    3) лизинг алушы лизинг нысанасын  қайтару жөніндегі міндеттемелерін  бұзған жағдайда мерзімі кешіктірілген  уақытқа төлем жасауды және  шығынның орнын толтыруды талап  етуге;

    4) осы Заңда көзделген жағдайларда  лизинг алушыдан лизинг нысанасын  талап етуге құқылы.

    2. Лизинг  беруші:

    1) лизинг алушымен келісілген лизинг  нысанасын лизинг шартының талаптарымен  лизинг алушыға беру үшін оны  сатушыдан өз меншігіне сатып  алуға;

    2) сатып алу-сату шартын жасаған  кезде лизинг нысанасы белгілі  бір сатушыға жазбаша хабарлауға;

    3) лизинг нысанасын лизинг алушыға  лизинг шартында келісілген талаптармен  беруге міндетті.

    3. Лизинг берушінің лизинг шартында  және Қазақстан Республикасының  заң актілерінде көзделген және  осы Заңға қайшы келмейтін  басқа да құқықтары болуы және басқа да міндеттерді атқаруы мүмкін. 

    Лизинг  алушының құқықтары  мен міндеттері

  1. Лизинг алушы:
  2. лизинг нысанасын лизинг шартының талаптарымен иеленуге және пайдалануға;
  3. лизинг нысанасының сапасына және жиынтықтылығына, оны жеткізу мерзіміне қатысты және сатушы мен лизинг беруші арасында жасалған шарт тиісті дәрежеде орындалмаған басқа да жағдайларда сатушыға талап қоюға;
  4. лизинг беруші лизинг шартының талаптарын елеулі түрде бұзған жағдайда лизинг беруші лизинг шарты бойынша лизинг алушы алдындағы өз міндеттемелерін орындағанға дейін төленуге тиісті лизинг төлемдерін тоқтата тұруға;
  5. лизинг беруші лизинг шартын біржақты тоқтатқан жағдайда ол аванс ретінде төлеген лизинг төлемдерін және басқа да сомаларды кері қайтаруды талап теуге;
  6. лизинг нысанасы жеткізілмеген, едәуір уақыт кешіктіріліп жеткізілен немесе лизинг нысанасы мақсаты бойынша пайдалануға кедергі келтіретін жойылмайтын кемшіліктерімен жеткізілген жағдайларда лизинг шартында көзделген талаптармен лизинг нысанасынан бас тартуға не лизинг нысанасын ауыстыруды талап теуге, лизинг шартын бұзуға;
  7. лизинг беруші лизинг шартының талаптарын орындамаса не тиісті дәрежеде орындамаса, залалдың орнын толтыруды талап етуге;
  8. егер лизинг алушы жауап бермейтін жағдаяттарға байланысты лизинг шартында көзделген пайдалану талаптары елеулі түрде нашарлап кетсе, лизинг сомасы мен лизинг төлемдерін тиісінше азайтуды талап етуге құқылы.
  9. Лизинг алушы:
  10. лизинг нысанасын лизинг шартында көзделген тәртіппен қабылдауға;
  11. лизинг төлемдерін дер кезінде төлеп тұруға;
  12. лизинг нысанасын лизинг шартына сәйкес оның мақсатына сәйкес пайдалануға;
  13. лизинг нысанасындағы қалыпты тозуды және тараптар келісіп алған өзгерістерді ескере отырып, лизинг беруші лизинг нысанасын оған қандай күйде берсе, сондай күйінде күтіп ұстауға;
  14. егер лизинг шартында немесе заң актілерінде өзгеше көзделмеген болса, лизинг нысанасын өз есебінен күтіп ұстауға (оның ішінде лизинг нысанасына байланысты қажетті коммуналдық төлемдерді жасауға) және оған техникалық қызмет көрсетуге, оның ағымдағы жөндеуін жүзеге асыруға;
  15. егер шартта Қазақстан Республикасының заң актілерінде көзделген және осы Заңға қайшы келмейтін басқа да құқықтарға ие болуы және басқа да міндеттерді атқаруы мүмкін.
 

    Сатушының құқықтары мен  міндеттері 

    Сатушының құқықтары мен міндеттері сатып  алу-сату шартының ережелерімен белгіленеді.

    Лизинг  шарты лизинг берушінің, лизинг алушының және сатушының қатысуымен жасалған жағдайда сатушының құқықтары мен  міндеттері лизинг шартына сәйкес белгіленеді. 
 
 

                           3. Лизинг түрлері. 

    Лизинг  жеке және заңды тұлғаларға белгілі бір мерзімге келісім-шарт бойынша берілетін мүліктерге уақытша бос ақша қаражаттарын инвестициялауға бағытталған кәсіпкерлік қызметтің бір түрі ретінде анықталады.

    Лизинг  түрлерін қарастырарда, келесі белгілер бойынша жіктейді:

    • мәмілеге қатысушылардың құрамы бойынша;
    • мүлік типтері бойынша;
    • мүліктің өзін-өзі ақтау дәрежесі бойынша;
    • аммортизация жағдайы бойынша;
    • мүліктің қызмет көрсету көлеміне байланысты;
    • лизингтік операциялар жүргізілетін нарықтың секторына байланысты;
    • салықтық және амортизациялық жеңілдіктерге қатысы бойынша;
    • лизингтік төлемдер сипаты бойынша.

    Мәмілеге қатысушылардың (субъектілердің) құрамы бойынша:

    тікелей лизинг – мұнда мүлік иесі объектіні лизингке өзі береді, яғни, мәмілеге екі жақ қатысады;

    жанама лизинг – затты делдалдар арқылы беру. Бұл жағдайда үш жақты келісім (жеткізуші – лизинг беруші – лизинг алушы) немесе көпжақты келісім болуы мүмкін, оған қатысушылар саны 4-тен 6-7-ге дейін жетеді. Олардың құрамында брокерлік фирмалар, трасттық компаниялар, қаржыландыру мекемелері және тағы басқалары болуы мүмкін.

    Мүлік типтері бойынша:

    қозғалатын  мүлік лизингі (машина-техникалық лизинг);

    қозғалмайтын  мүлік лизингі.

    Мүліктің өзін-өзі ақтау дәрежесі бойынша:

    толық ақтау бойынша  лизинг, мұнда келісімнің уақыты өткен соң, лизинг берушіге жалға алынған мүліктің құны толығымен төленеді;

    толық емес ақтауы  бойынша  лизинг, мұнда келісім уақыты өткен соң, жалға алынған мүліктің құны біртіндеп төленеді.

    Аммортизация  жағдайы бойынша лизинг бөлінеді:

    толық аммортизация лизингі, тиісінше, лизинг объектісінің құнының толық төлемі;

    толық емес амортизация  лизингі, мүлік құнының біртіндеп төленуін білдіреді.

    Жоғарыда  қарастырылған 2 белгілердің жіктелуі бойынша қаржылық және оперативті лизингті ажыратады.

    Қаржылық  лизинг – белгіленген жағдайларға байланысты белгілі уақытқа белгілі бір ақыға, белгілі бір мүлікті, белгілі бір сатушыдан, лизинг алушыға беруге байланысты, лизинг беруші өз меншігіне алуға міндеттенетін лизинг. Мұнда лизингке беру мерзімінің уақыты толық амортизация уақытымен дәлме-дәл келеді.

    Оперативті  лизинг – лизинг беруші тәуекелге мүлікті сатып алады және оны лизинг алушыға белгілі жағдай мен белгілі бір уақытқа уақытша иеленуге және қолдануға анықталған төлем бойынша жеткізеді. Сондықтан мұнда лизинг объектісі болып жоғарғы моральдық тозу дәрежесі бар жабдықтар қолданылады.

    Мүліктің  қызмет көрсету көлеміне байланысты:

    таза  лизинг – лизинг затының таза техникалық қызмет көрсетуі және ағымдағы жөндеуі лизинг алушымен жүзеге асатын лизингтің әр түрлілігі;

    толық лизинг – лизинг  затының техникалық қызмет көрсетуі және ағымдағы жөндеуі лизинг берушімен жүзеге асатын лизингтің әр түрлілігі;

    жартылай  лизинг – лизинг затының жартылай техникалық қызмет көрсетуі.

    Лизингтік операциялар жүргізілетін нарықтың секторына байланысты:

    ішкі  лизинг – ішкі лизингті жүзеге асырған кезде лизинг беруші, лизинг алушы және сатушы Қазақстан Республикасының резиденттері болып табылатын лизинг түрі.

    сыртқы  немесе халықаралық лизинг – халықаралық лизингті жүзеге асырған кезде лизинг беруші және лизинг алушы Қазақстан Республикасы резиденті болып табылмайтын лизинг түрі.

   Сыртқы  лизинг, өз кезегінде мынадай түрлерге бөлінеді: экспорттық және импорттық лизинг. Экспорттық лизингке шетел мемлекеті – лизинг алушы, импорттық – лизинг беруші болып табылады.

    Салықтық  және амортизациялық жеңілдіктерге  қатысы бойынша:

    жалған  лизинг – негізделмеген салықтық және амортизациялық жеңілдіктер алу арқасында пайда табу мақсатымен жасалған спекулятивті сипаттағы мәміле;

    қызмет  етуші лизинг – егер де келісім барысында жоғарыда аталған мақсаттар негізгі және анықтаушы болып табылмаған жағдайда.

    Лизингтік төлемдер сипаты бойынша:

    ақшалай төлеммен – барлық төлемдер ақшалай формада жүзеге асырылады;

    өтемақы төлеммен – төлемдер тауар жеткізу не қарама-қарсы қызмет көрсету формасында жүзеге асырылады;

    аралас  төлеммен – ақшалай және өтемақы төлемдері есептеледі.

    Ғалым В.В.Бочарев оперативті лизинг құрамына қысқа және орта мерзімді мүліктік лизинг түрін кіргізеді:

    рентинг – бір күннен бір жылға дейін мүлікті қысқа мерзімді жалға беру;

    хайринг – бір жылдан үш жылға дейін орта мерзімді жалға беру.

    Сублизинг – келісім-шарт бойынша рәсімделген лизинг мүлігін үш жаққа пайдалану құқығын бергенде пайда болатын қатынастың негізгі түрі.

    Қайтару лизингі – лизингтің бір түрі, ол бойынша сатушы лизинг нысанасын лизинг берушіге осы лизинг нысанасын лизинг алушы ретінде лизингке кері қайтарып алу талабымен сатады.

      

      4. Лизингтік төлемдер, түрлері және  формалары. 

   Лизингтік төлемдер деп лизингтік келісім-шарт бойынша лизингтік мүлікті пайдалану құқығы берілген лизингке алушының лизинг берушіге төлейтін жалпы сомасы.

   Лизинг  келісім-шартын бекіту кезінде оған қатысушы тұлғалар лизингтік төлемдерді есептеу формалары мен әдістерін, оларды төлеу кезеңділігін және тәсілдерін анықтайды. Лизингтік төлемдер – лизингке берушінің мүліктерді сатып алуға кеткен қаржылық шығындарын қайтаратын және белгілі бір сомада пайда алуға мүмкіндік беретін механизм болып табылады. Осыған байланысты лизингтік төлемдердің жалпы сомасына төмендегілер кіреді:

    • келісім-шарттың барлық мерзімінде лизингтік мүліктің толық немесе соған жақын құнын қайтаратын сома;
    • лизингке берушіге комиссиондық сый-ақы;
    • лизингке берушінің көрсеткен қосымша қызметтері үшін төленетін сома (мысалы, лизингтік мүлікті сақтандыру және т.б.);
    • лизингтік келісім-шартта көрсетілген т.б. шығындар, мысалы, мамандарды оқыту, лизингтік мүлікке техникалық қызмет көрсету, оған күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу және т.б.

    Сонымен бірге, лизингтік төлемдерді есептеу  кезінде мүліктерге салынатын салықты  ескеру қажет. Себебі, мүлік лизингтік келісім-шарттық барлық мерзімі ішінде лизингке берушінің балансында болады.

    Лизингтік төлемдерді анықтау негізінде төлеу  мерзіміне тәуелді лизингтік  төлемдердің жалпы сомасы және амортизациялық аударымдарды есептеу әдістері жатыр.

    Лизинг  есебі бухгалтерлік есеп жөніндегі  заңдардың талаптарына сәйкес жүргізіледі.

    Лизингтік төлемдердің жалпы сомасы тұрақты  өлшем болып саналмайды, ол лизингтік  мүліктің құнын қайтару жылдамдығына тәуелді. Яғни, лизингтік мүліктің құны аванс төлеу немесе алғашқы төлемдерді көбейту жолдарымен неғұрлым тез өтелсе, онда лизингтік мүліктің қалдық құнына есептелінетін өсім ақы сомалары соғұрлым аз болады. 

    

                              

   

 

      

 

 

 
 

    
 

   Лизингтік төлемдердің тепе-теңдік мөлшері келесі формуламен анықталады: 

Лт Ц+Н+П+С-О

Т

мұнда:

    Лт  – лизингтік төлемнің айлық мөлшері;

    Ц – объектіні сатып алу бағасы;

    П – процент сомасы;

    С – сақтандыру жарналары;

    О – лизинг мерзімі соңындағы объектінің қалдық құны;

    Т – лизинг мерзімінің ай саны.

    Жалпы лизингтік төлемдерді есептеу келесіні ескеріп жүзеге асырылады:

  1. Лизинг түрінің ерекшелігі;
  2. Лизинг алушы мен лизинг беруші алатын жабдықтарды пайдалану көлемі;
  3. Амортизация есептеу әдісі;
  4. Лизингтік төлемдер есептеу  әдістері;
  5. Төлемдердің тәсілдері.