Мұстафа Шоқай және оның түркішілдік идеясы

Еуразия Ұлттық Университеті

ЖСФ кафедрасы журналистика факультеті

 

 

 

 

 

Тақырыбы: Мұстафа Шоқай және оның түркішілдік идеясы

 

 

 

 

 

 

 

                                                                               

                                                                                  Орындаған: Күмісбек Н.

 ҚЖ-11 тобының студенті

                                                                                      Тексерген: Маратова Д. М

Жоспар

Кіріспе..........................................................................................................1

Негізгі бөлім..............................................................................................3

         I тарау

Түркі әлемінің ұлы  перзенті

           II тарау

Мұстафа Шоқай  эмиграцияда 

Қорытынды................................................................................................14

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі...........................................................16

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Кіріспе

    Ел тәуелсіздігі, бас азаттығы үшін күрескен көзі ашық, көкірегі ояу қазақ зиялылары санаулы еді. Олардың санаулы болса да, алмақ асу, атқармақ шаруалары асқақ, биік болатын. Бірақ, өкінішке қарай, ол мақсаттарға басталмай жатып балта шабылды. Айтулы азаматтар айдаһар қоғамның аузында кетті. Мұстафа Шоқай да сол құрбандардың бірі еді... «Әділеттілік үстемдік құратын кез келеді, бірақ ол 50 жылға кешігіп жетеді» деген халық батыры Бауыржан Момышұлының сөзі бар-ды. Мұстафа ақиқатының айтылар күні де енді ғана туғандай. Мұстафа кім? Елінің патриоты ма, әлде сатқын ба?

     Тағдыр сыйлаған тәуелсіздік таңының атқанына да 20 жылдан асты. Өшкенімізді жығып, жоғалқанымызды тауып, ұмытқанымызды жаңғыртып, тарихымызды түгендеп жатқан осы бір жаңару кезеңдерімізде кешегі күні тіпті аттарын атауға болмайтын, бүгін ортамызға оралған Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсын, Міржақып Дулат, Мұстафа Шоқай сынды арыстарымыздың асыл мұралары мәдени өміріміздің жарқын беттеріне айналды. Кеңестік саяси зілзаладан жабылып қалған ұлттық рухани бұлақтарымыздан халқымыз мейірлене сусындап келеді.

     ХХ ғасырдың басындағы төл тарихымызға есімдері алтын әріппен мәңгілік жазылған ұлтымыздың осы алыптарының қазақ әлеміне шоқ жұлдыздай жарқырай шығуы – елдегі саяси, әлеуметтік-экономикалық жағдайлармен тығыз байланысты болатын. Бұл кездері, біріншіден, Ресей өзіне толық қаратқан Қазақстанда отарлау саясатын кең көлемде жүргізіп, әкімшілік құрылыс, халыққа білім беру, дін мәселесі, жер қатынастары сияқты қазақ қоғамы үшін аса маңызды салаларды өз уысына жиғанды. Екіншіден, Батыстан жылжып келе жатқан капитализм ұлттық өлкелерге де қадам басып еді. Бұлардың барлығы қазақ халқының саяси санасын оятып, Ресейдің отаршылдық езгісіне, әлеуметтік теңсіздік пен қанаудың сан түрлеріне қарсылықты күшейтіп, ұлт-азаттық көтерілістеріне жол ашты.

    Алаш алыптарының тобында Мұстафа Шоқайдың орны бөлек. Бір қоғамда туғанымен, тұлғалардың тарихи қалыптасу жолдарының әр түрлі болатыны белгілі. Әркімнің өз тағдыры, басқаға ұқсай бермейтін өзіндік сүрлеу бар. Мұстафа Шоқай өмірінің соңғы 20 жылдан астамын жат елде өткізді. Бірақ 1941 жылдың аяғында көз жұмғанша жас кезінде таңдап алған туған халқының тәуелсіздігі үшін күрес бір сәт толастамады. Өйткені оның бүкіл ұстанымының мәні мен мағынасы, арманы мен мұраты өз ұлтының, Түркістан аймағының саяси егемендігі, рухани бостандығы болды.   

     ХIX ғасырдың соңғы ширегі Түркістан тарихының ең қараңғы кезеңдерінің бірі еді. Бұл кезеңде патшалық Ресей Түркістанды жаулап алуын толық аяқтаған. Бұдан кейін Петербург өкіметі бұл жерлердегі билігін нығайтуға күш жұмсап жатты. Сонымен қатар Түркістанның кең даласын мүмкіндігінше жан-жақты қанау шараларын жүргізді. Ресейдің ішкі аймақтарындағы жері жоқ орыс мұжықтарының Түркістанға жаппай көшулерін тездетті.

   Түркістандағы жергілікті орыс билеушілері де осы саясатқа сай билік жүргізді. Меншікті жер мен мал-мүлікке ие болуға әбден құнығып алған орыс келімсектерінің Түркістанның жергілікті қазақ, қырғыз, өзбек, тәжік және түрікмен секілді халықтарының жерлерін иемденуіне тосқауыл болмады. Мұндай әділетсіздікке қарсы халық шарасыз еді. Өйткені жерлерінің қолдарынан тартып алынуына қарсы тұрарлық күш-қауқарлары жоқ еді. Әділетсіздікке қарсы бас көтеріп, қаруланып, жерін қорғауға тырысқандар ауыр жазаға тартылды. Халық жер дауына байланысты жүгініп барған орыс сот орындарынан көбіне оңды нәтиже ала алмады. Өйткені халық жергілікті жәрежеде орыс тілі мен заңдарын білмеуші еді. Түркістан осындай саяси-әлеуметтік және экономикалық тұрғыдан қиын жағдайға тап болып отырған тұста Шоқай дүниеге келді. [1]    

 

 

 

 

 

 

 

 

 

І тарау

     Халқының еркіндігін өзінің азаттығы деп білген, өз тағдырын ұлтының бақытынан іздеген, тарихи кезеңдегі көрікте шыңдалып, теориялық білімі мен кемелдігі жеткілікті сегіз қырлы саясаткер Мұстафа Шоқайдың қалыптасуында айрықша рөл атқарған аса маңызды факторларға соқпай кете алмай отырмын. Бұл – тұлға табиғатын аша түсудің тиімді жолы.

     Мұстафа Шоқай 1890 жылдың  25 желтоқсанында Сырдария губерниясы, Ақмешіт уезі Наршоқы жерінде дүниеге келген. Ол - белгілі Торғай датқаның немересі, Ер Шоқай - бектің ұлы. Нағашылары Хиуадағы қазақ хандары тұқымынан. Сол кезеңдегі қазақ балаларының тағдыры қандай болса, Мұстафаның да тағдыры сондай. Бірақ оның екі ерекшелігі болды. Бірінші, Мұстафа қазақ даласына белгілі үлкен шонжар, Хиуа ханының үлкен датқасы болған Торғай бидің немересі. Екінші, бала күнінде естігені — Хиуа хандығына бағынбау үшін қазақтардың қаншама соғысқаны, қай жерде қандай шайқастар болғаны, қазақ жігіттерінің ерлігі туралы әңгімелер. Өзінің туған анасы сондай соғыстарда қолына ту ұстап, топтың басында жүреді екен. Анасы ертегі-жырға өте құмар болған және баласына соның бәрін айтып беріп отырған көрінеді. Осы екі жағдай Мұстафа Шоқайды сол кездегі басқа балалардан бөлек, үлкен болашаққа бастаған деп ойлаймын. [2] Бұған тағы бір дәлел, Мария Шоқай өзінің «Менің Мұстафа» атты естелігінде былай: «Көп баланың ішінде Мұстафа аса зеректігімен ерекшеленген. Құранды да ең жақсы оқитын сол еді. Ата-анасы да, өзі де бұны үлкен мақтаныш санайтын. Үйіне келген кісілерге бала Мұстафа білгендерін айтып, сұрамаса да оқып беретін», - деп жазады.       

      Мұстафа Шоқай жазу-сызуды өз анасынан жасы беске толмай жатып үйренген. Сұлутөбе станциясындағы орыс мектебінде бастауыш білім алған ол 1902 жылы Ташкенттегі гимназияға түсіп, 1910 жылы үздік бітіріп шығады. Болашақ қайраткер 1910 жылы Санкт-Петербор университетінің заң факультетіне оқуға түсіп, оны 1917 жылы бітіреді. Студент шағынан қоғамдық-саяси өмірге белсене араласып, түркі-мұсылман студент жастарының қозғалысына қатысады. Балқан соғысына байланысты 1912 жылы Санкт-Петербордағы қазақ, татар, өзбек, башқұрт және әзірбайжан студент-жастары арасында Түркияны қолдау қозғалысы өріс алған кезде оның арасында Мұстафа Шоқай да болады.

 

      Ол 1915 жылы түркі-мұсылман халықтарының азаттық қозғалысына іріткі салу мақсатында орталық билік орындары құрған «Сират-ул-мустақим» («Тура жол») партиясына алғаш қарсылық танытқандар қатарында болып, студент жастар тобымен бірлесе отырып, зиялы қауым өкілдеріне «Сират-ул-мустақим» партиясын қолдамау жөнінде үндеу тастады. Бұл үндеу сол кезде татар тілінде жарық көріп тұрған «Сөз» газетінде жарияланды. 1916 жылы Ә.Бөкейхановтың ұсынысымен Мемлекеттік думадағы Мұсылман фракциясы жанындағы бюроға мүше болып, онда хатшылық қызмет атқарды. Түркістандағы көтерілістің себеп-салдарын тексеруге Мемлекеттік Дума Ташкентке арнайы комиссия аттандырғанда, оның құрамында депутаттар А.Керенский, Тевкелевтермен бірге Мұсылман фракциясы жанындағы бюро мүшелері Ш.Мұхамедияров пен Мұстафа Шоқай болды.

     Жергілікті халықтың жағдайымен терең танысу мақсатында Мұстафа Шоқай Ташкентпен ғана шектелмей, Самарқанд пен Әндіжанда болып, жергілікті жағдаймен танысты. Петроградқа оралғаннан кейін өзі жинаған материалдар негізінде 1916 жылғы көтеріліс кезінде билік орындарының Түркістан халқын аяусыз қуғын-сүргінге ұшыратқаны туралы Мемлекеттік Думада Мұсылман фракциясы атынан жасалатын мәлімдеме мәтінін әзірледі. 1917 жылы Ақпан революциясы нәтижесінде патша өкіметінің құлауын зор қуанышпен қарсы алып, қалыптасқан саяси ахуал Ресей империясында ұлттық езгінің тауқыметін тартқан түркі-мұсылман халықтарының бостандыққа жетуіне мүмкіндіктер туғызады деп үміттенді.

    1917 жылы сәуірдің 16-21-і аралығында Ташкентте өткен Түркістан өлкесі мұсылмандарының 1-ш съезіне қатысып, оның төралқасына мүше болып сайланды. «Бірлік туы» газетінің негізін қалап, оның алғашқы редакторы болды. Түркістан өлкесі жергілікті халқының мүддесін қорғауды мақсат еткен қоғамдық-саяси ұйымдардың қызметін үйлестіру үшін құрылған «Түркістан өлкесі мұсылмандарының орталық кеңесіне» төрағалық етті. Бірінші жалпықазақ съезіне қатысып, Бүкілресейлік құрылтай жиналысына депутаттыққа кандидат ретінде ұсынылды.

    1917 жылы Қазан төңкерісінен кейін Ташкенттегі жұмысшы-солдат депутаттар кеңесі жергілікті халықтың өзін-өзі басқару құқығын мойындаудан бас тартып, қарашаның 15-22-інде өткен кеңестердің 3-ші съезі қабылдаған «өлкедегі барлық билік еуропалық нәсіл өкілдерінен кұралған Түркістан Халық комиссарлар кеңесіне көшеді» деген қаулысын Мұстафа Шоқай нағыз әділетсіздік деп бағалады. Ұлттық қоғамдық-саяси ұйымдарды кеңестердің қырына алуына байланысты Мұстафа Шоқай жетекшілік еткен «Түркістан өлкесі мұсылмандарының орталық кеңесі» Ташкенттен Қоқанға көшіп, онда өлке мұсылмандарының төтенше съезін тез арада өткізу ісін қолға алды.

      1917 жылы қарашаның 28-інде өткен Түркістан өлкесі мұсылмандарының төтенше 4-ші съезінің төралқасына басшылық етті. Осы съезд шешімімен құрылған Түркістан (Қоқан) автономиясының 54 адамнан тұратын Уақытша Халық Кеңесі құрамына сайланды және жаңа Уақытша үкіметтің Сыртқы істер министрі болды. Уақытша үкіметінің төрағасы М.Тынышбаев қызметінен кеткеннен кейін оның орнына Мұстафа Шоқай сайланды.

      Ол сондай-ақ 1917 жылы желтоқсанда Екінші жалпықазақ съезіне қатысып, Алашорда құрамына сайланды. Съезд аяқталғаннан кейін Мұстафа Шоқай біртұтас автономия құру мәселесін қарау үшін Сырдария қазақтарының құрылтайын шақыру туралы тиісті қайраткерлерге жеделхат жолдады. Онда: «Сырдария халқына өз тарапымнан айтарым, тегінде Алаш баласының басы қосылатын кезі осы бүгін. Айрылсақ, мұнан соң жұрттың басын қосуымыз қиын. Алаш ұранына шаппайтын қазақ баласы болмас. Сырдария қазағы кешікпей Алаш туының астына жиналар деген үміттеміз» - делінген еді.

      Мұстафа Шоқайдың Сырдария өңірі қазақтарын Алаш автономиясына қосу жолындағы әрекеті нәтижесіз болған жоқ. 1918 жылдың бас кезінде өткен Сырдария облысы қазақтарының съезі «Алашорда өз алдына автономия жариялап, Түркістан (Қоқан) автономиясымен одақ болса, Сырдария қазақтары Түркістан автономиясынан шығып, Алаш автономиясына кіреді» деген қаулы қабылдады.

      18 қаңтар күні большевик күштерінің Орынборды басып алуымен бірге Бөкейханов басшылығындағы Алашорда өкіметі тарап кетті. Айдың соңында Түркістан өкіметі де большевиктер тарапынан біржола тарқатылды. Сонымен, большевиктер Алашорда мен Түркістан өкіметтері арасында басталғалы тұрған ынтымақтастықтың іске асуына мүмкіндік бермеді.

Алайда бұл жағдай Алаш көсемдері мен Түркістан Автономиясы  жетекшілерінің бір-бірімен тізе қоса жұмыс істеулеріне кедергілік келтіре  алмады. Түркістан Үкіметі құлағаннаннан  кейін қиын-қыстау күндерді басынан  кешірген Мұстафа Шоқай Қоқаннан Ташкенге, ол арадан Орынборға өтіп Алаш Орда жетекшілерімен бас қосты.

Олар ұлттық әрекеттің  бұдан кейінгі бағытын белгілеу үшін 1918 жылдың 30 тамызы мен 7 қыркүйегі  арасында Орынбор және Самара қалаларында  бірқатар жиналыстар өткізілді. Бұл  жиналыстарға Шоқайдан басқа Алаш көсемдерінен Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Дулат  және М.Тынышбаев қатысты. Сонымен  қатар Қоқан өкіметі мүшелерінен  Убейдуллах Хожа да осы жиналыстарға қатысушылардың арасында болды. Сонымен, Алашорда, Түркістан және Башқұрт  Өкіметтерінің өкілетті қайраткерлерінің басы осы жиналыстарда қосылды. Жиналыстардың  қорытындысында бұл үш өкіметтің  «Оңтүстік-Шығыс автономиялық Мұсылман Өлкелері Одағы»1 деген атпен бір федерация болу және қазақ және башқұрт әскерлерін бір армияға топтастыру туралы шешім қабылданды. Уәлиди жиналыстарда федерация жоспарының жан-жақты талқыланғанын айтады. Аталған федерация жоспары шамамен қазіргі Башқұртстан, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан және Түркіменстанды қамтитын 4.010.139 шаршы километрлік бір кеңістікті және 1917 жылғы есеп бойынша ұзын саны 15.673.680 адам және мұның 82 пайызын  мұсылмандар құрайтын халықты қамтыды.2

Сонымен, 5 қаңтар күні Түркістан  қаласында Сырдария қазақтары құрылтайында алғашқы қадамы басылған Алашорда мен  Түркістан автономияларының одағын құру жолындағы жұмыстар сегіз айлық  үзілістен кейін Орынборда Башқұрт  өкіметін де қосылып, кең түрде жалғастырылды. Өйткені айдай анық боп ортаға шығып отырған бір шындық бар  еді. Ол большевиктердің Ресейдің түркі  тілдес халықтарына өзін-өзі басқару  құқын ешқашан бермейтіндігі  еді. Мұны тек білектің күші найзаның ұшымен большевиктермен соғыса отырып қана алу мүмкін еді. Ал бұл үшін болса, күш біріктіру қажет еді. Мұның жолы Орта Азияның түркі  тілдес халықтарының бір федерация  төңірегінде одақтасуы еді.

1918 жылдың қыркүйек айында  Алашорда, Түркістан және Башқұрт  өкіметтері басшыларының жиналысында  белгіленген осы стратегия кейіннен  Шоқайдың Европада большевиктерге  қарсы жүргізетін идеялық күресінің  негізін құрады.

Осы федерация туралы қызық  бір кездесуді орайы келгенде атап өткен жөн. Ол кездесу Шоқай, Бөкейханов, Уәлиди және Тынышбаев  түрік ұлтшылдығының идеялық  негіздерін салушы Юсуф Акшора арасында 1918 жылы Уфа қаласында болған еді. Ол кезде Акшора Түркияның Қызылай  ұйымы атынан І дүниежүзілік соғыста  орыстарға тұтқынға түскен түрік  әскерлері мен офицерлерінің  Түркияға қайтарылуы3 мәселесіне байланысты Ресейде ресми сапарда жүрген еді. Акшора Уфадағы ескі досы Мүпти Ғалимжан Барудидың қонағы ретінде Ресей Мұсылмандарының Дін Істері Басқармасы болып саналатын Мұсылман Рухани Мәжілісінің ғимаратында тұрып жатқан еді. Сол ғимаратқа барған делегация Оңтүстік-Шығыс автономиялық Мұсылман Өлкелер Одағы туралы оған мәлімет берді. Сонымен қатар француз тілін білетіндігіне байланысты онан болашақ федерациялық мұсылман ұлттық өкіметінің Сыртқы Істер министрі қызметін қабылдауын өтінді.

Бірақ, 1918 жылғы 12 қыркүйекте өткен кездесуде Акшора өзіне  айтылған федерация пікіріне мән  бермеді.4 Түркия азаматы болуына байланысты Ресей ішіндегі қандай да бір саяси қозғалысқа белсене араласуының мүмкін еместігін алға тартып, өзіне ұсынылған қызметтен бас тартты.5 Сонымен қатар Акшора одақ атын «Шығыс Түріктерінің Федерациясы» деп атаудың дұрысырақ болатындығын көрсетті. Бөкейханов орыстардың бұл одаққа бойлары үйренгенге дейін, оған пантүркизм таңбасы басылуына себеп болатын атаулардан бойды аулақ ұстаудың қажет екенін, бірақ уақыт өте келе ол аттың да қабылданатындығын айтты.6 Сонымен, Шоқай мен серіктерінің Уфадағы Түркістан Федерациясы туралы пікірлеріне қолдау іздеу жұмыстары табыссыз аяқталды. Түркістан Одағы пікірі – Алаш көсемдерінің халықаралық жағдайды көріп байқағаннан кейін геостратегиялық жағдайға байланысты ұтымды пікірі. Ол кейін Шоқайдың күресінің белді пікірлерінің бірі болды.

II тарау

     Қоқан қаласын большевиктер жаулап алып, Түркістан (Қоқан) автономиясын құлатуына байланысты Мұстафа Шоқай шетелге эмиграцияға кетуге мәжбүр болды. 1918 жылы мамырда зайыбы Мария Горина Шоқаймен бірге Ақтөбеге, одан Екатеринбургке жетті. Онда кеңестік билікке қарсы оппозиция күштермен байланыс орнатып, большевиктер үстемдігіне қарсы күрес жүргізудің жолдарын қарастырды. Бүкілресейлік Құрылтай жиналысының Самарадағы комитеті мәжілістеріне қатысты. Осы комитеттің ұйымдастыруымен 1918 жылы қыркүйекте Челябинскіде шақырылған съезге қатыспақ болып барғанында өзге делегаттармен бірге Колчак әскерлері тарапынан тұтқынға алынды. Сәті түсіп, тұтқыннан босап шыққан соң 1919 жылы көктемде Маңғыстау арқылы Бакуге келді. Ол Әзербайжанда көп аялдай алмады. Аласапыран заман оны барған сайын елінен алыстата берді. 1919 жылы Грузияға өтіп, Тбилисиде екі жыл тұрды. Мұстафа Шоқай 1920 жылы Тбилисиде украиндықтармен бірлесе отырып «На рубеже» журналын шығаруды жолға қойып, оның редакторы қызметін атқарды. Сонымен бірге ол «Шафақ» («Таңсәрі») газетіне бас редактор болды.1921 жылғы ақпанның 25-іне дейін болып, осетиндік белгілі қайраткер А.Цалыковтың редакторлығымен шығатын «Вольный горец» және Грузия меньшевиктерінің «Борьба» газеттерінде істеді. 1921 жылы ақпанда қызылдар Грузияны басып алған соң Түркияға кетеді. Туыс ел болғанымен, онда да көп тұрақтай алмай, 1921 жылы көктемде Парижге келеді. Париж түбіндегі шағын Ножан-Сюр-Марн қаласында тұрақтайды.

    1924 жылы Түркістан ұлттық бірлігі ұйымы құрылып, оған мүше болады, кейін оны өзі басқарады. Ұйымның «Жаңа Түркістан» («Йени Түркістан»), «Жас Түркістан» («Яш Түркістан») журналдарын ұйымдастырды. Ол «Яш Туркестанда» Түркістан халқының мәдениеті, кеңестік биліктің бұл өлкедегі саясаты және 2-ші дүниежүзілік соғыс қарсаңындағы халықаралық қатынастар, т.б. тақырыптағы қоғамдық-саяси мәні өткір зерттеу мақалаларын жариялады. Оның атсалысуымен жарық көрген басылымдарда тек Түркістан өлкесі ғана емес, Әзірбайжан, Солтүстік Кавказ, Еділ-Жайық бойы, Қырым халықтары жөнінде қоғамдық-саяси мәні бар материалдар басылып тұрды.

     М.Шоқайдың халықаралық байланыстары тек түркі халықтарының өкілдерімен шектеліп қалған жоқ. Ол Украина мен Кавказ халықтарының Еуропадағы өкілдері құрған Прометей одағына кірді. Бұдан басқа, Парижде Кавказ, Түркістан және Украина халықтары достық комитетін ұйымдастырып, оның басшысының орынбасары болып сайланды. Мұстафа Шоқай «Кеңестер билеген Түркістан» және «Қазақ жеріндегі ашаршылық» деген мақалаларында ел жағдайын ашына баяндайды. «Мен большевик Сафаровтың айғақтарына сүйенемін. Ол – ВЦИК-тің Түркістан істері жөніндегі арнаулы комиссиясының мүшесі. Сафаров былай деп жазады («Правда», №133, 20 маусым 1920 жыл»): «Перовскіде (Сырдария облысы) патша жендеті Гержот деген билік етуде. Ол тұтас бір халықты – қазақтарды қырғынға ұшыратты. Соның кесірінен бір миллиондай қазақ аштан өлді», деп көрсетті қолында қайрат қылар дәрмен жоқ қайран ер Мұстафа Шоқай. [3]

      Мұстафа Шоқай Орталық Азия кеңістігінде ұлттық-аумақтық межелеу негізінде бірнеше кеңестік республикалардың өмірге келуін құптаған жоқ. Ол большевиктер бұл өлкеде бөле отырып билеу саясатын ұстанып отыр деп түсінді. Ал республикаларды «ұлттық» емес, «ұлыстық» республикалар ретінде қабылдады. Түркістанда кеңестік биліктің орнауы және оның қызметі, іске асырылған жер-су реформасы, мемлекеттік мекемелерді жергіліктендіру, байлар меншігін тәркілеу, көшпелілерді отырықшы тұрмысқа көшіру, ауыл шаруашылығын ұжымдастыру мәселелерін талдауда нақтылы мәліметтерге жүгіне отырып, тоталитарлық жүйені сынға алды және оның солақай саясатын әлем жұртшылығына паш етті.

      Кеңес өкіметі басшылығына Мұстафа Шоқай сыны өте жайсыз тиді. Сондықтан да кеңес өкіметінің үгіт-насихаты Мұстафа Шоқай сынына қарсы мақсатты түрде жұмыс істей бастады, ал бұл істің басында И.Сталиннің өзі тұрды. Мұстафа Шоқайдың еңбектерінде фактілік материал ретінде пайдаланылған түркістандық қазақ және орыс тіліндегі басылымдарды кеңестік билік орындары қатаң бақылауға алды. 1925 жылы мамырдың 29-ында И.Сталин РК(б)П Қазақ өлкелік комитетіне жолдаған хатында «Ақ жол» мен ақ гвардияшыл эмигрант Мұстафа Шоқай арасында идеялық бірліктің байқалатындығын жазды. Мұстафа Шоқай қайда және қандай ауыр жағдайда жүрсе де бүкіл түркі-мұсылман халықтарының қамқоршысы болуға тырысты.

      1940 жылы Парижге неміс әскері кіргенде, Мұстафа Шоқай тұтқынға алынып, бірнеше ай концлагерьде отырып шығады. Түрмеден босаған оны неміс-фашистері түркістандық соғыс тұтқындарынан құрылуға тиіс Түркістан легионын ұйымдастыруға тартпақ болды. Мұстафа Шоқай бұл ұсынысты соғыс тұтқындарының жағдайын жақсарту үшін пайдалану жолдарын қарастырып, нақтылы әрекеттерге барды. Бірақ көп ұзамай Мұстафа Шоқай Берлиндегі «Виктория» ауруханасында күмәнді жағдайда көз жұмып, қаладағы мұсылмандар зиратына жерленді.

     М.Шоқайдың шетелдегі саяси қызметінің ең таласты кезеңі гитлерлік Германиямен байланысы. Немістер оны 1941 жылдың жазында Франциядан Берлинге алып кетіп, өз мақсаттарына пайдалануды ұйғарған. Мұстафаны тұтқын түркістандықтардың тізімін жасауға, білімін, мамандығын анықтауға жұмсаған. Осы орайда айта кететін бір мәселе – орыс, славян емес тұтқындардың санын анықтау, олардың көңіл ауанын барлау мақсатында немістер 25 комиссия құрған екен, оларға кеңестік шығыс халықтарының 600-ге жуық адамы – саяси елауғандар тартылыпты.

     Тұтқындар лагерьлерін аралап, ондағы адам төзгісіз ауыр жағдайды көргеннен кейін және оны титтей де болса жеңілдете алар амалы жоқтығына күйзелген Мұсекең өзін пайдаланғысы келіп отырған неміс генералы (группенфюрер) С.Иоахим дегенге шарасыздықтан мынадай хат жазады: «Гете, Фейербах, Бах, Бетховен, Шопенгауэр сияқты ұлыларды тәрбиелеген ұлттың тұтқындарға жасап отырған зұлымдығын көре отырып, мен Түркістан легионын басқару туралы ұсыныстан және сіздермен әрі қарай жұмыс істеуден бас тартамын». Бұл өзіне үкім шығарумен барабар еді. Көп ұзамай ол 1941 жылғы 27 желтоқсанда Берлиндегі Виктория ауруханасында жұмбақ жағдайда көз жұмады. «Сүзектен қайтыс болды» деген анықтама толтырылады. Қазір зерттеушілер ол кімнің тарапынан болса да – немістердің, әлде серігі өзбек Вели Каюмнің (легион басшысы болғысы келгендіктен не немістердің жұмсауымен), не кеңес жансызының қолынан қастандықтан өлген деген болжамға келіп отыр. [3]

    Сонымен, М. Шоқай Парижде эмиграцияда жүріп, сырттай университетте оқиды. Үлкен түркологтардың қатарына қосылып, қазақ тілінде он шақты оқу құралын жазады. М.Шоқайдың Түркістан ұлттық тәуелсіздігі жолындағы түрікшілдік идеясы 1927-31 жылдары Стамбулда шыға бастаған «Жаңа Түркістан»журналында, кейіннен 1928-39 жылдар аралығында үзіліссіз шығып тұрған «Жас Түркістан» журналында жарияланып отырған.

      Оның «Түркістан жастарына» үндеуі – түрікшілдік қозғалыстың ұранына айналды. Ол былай деп өнегелі сөз қалдырды: «Бостандық, теңдік, бауырластық деген ұрандар дүниеге XVIII ғасырда пайда болды. Оларды жалындата жар салған Францияның саяси қайраткерлері. Осы ізгілікті іздегендер қараса біздің Құраннан, Інжілден, Будда ілімінен, Лев Николаевич Толстойдың философиясынан да таба алады. Шын мәніндегі шынайы бақыт пен махаббатқа деген жол соларда. Басқа жол жоқ. Бұл жолдан тайғандар жауыздыққа тап болумен пара-пар».

Мұстафа Шоқай Түркістандағы  кеңестік биліктің отаршылдық сипатын  алғаш таныған және онымен күресуге бүкіл ғұмырын арнаған, түркі  халықтары тарихында жаңа интеллектуалды көкжиекке көтерілген қайраткер  болды.

Алматы қаласында Мұстафа  Шоқай есімімен аталатын көше бар. Қызылорда  қаласындағы Экология университетіне Мұстафа Шоқай есімі берілген. Қайраткердің туған ауылына ескерткіші қойылған. Мұстафа Шоқайдың «Түркістан Советтердің үстемдігі астында», 2 томдық «Таңдамалылары», «Түркістандағы төңкеріс. Ақпан дәуірі» атты белгілі  еңбектері жарияланды.

2002 жылы Мәскеуде шыққан  «Ресейдегі азамат соғысы:оқиғалар, пікірлер, бағалар» деген кітапта  оның «Орта Азиядағы ұлттық  қозғалыс» атты еңбегі жарияланды. 2010 жылы Қасымхан Бегмановтың көрнекті қайраткер, қазақтан шыққан тұңғыш эмигрант Мұстафа Шоқай туралы түсірілген «Мұстафа Шоқай жолымен» деректі фильмі көпшілік назарына ұсынылды.

                    

 

 

 

 

 

 

 

 

Қорытынды

Мұстафа Шоқайдың бүкіл түркі  халықтарының басын біріктіретін бір  мемлекет құрғысы келгенін тарихтан білеміз. Ол бейбіт саясатты қолдады. Бүкіл  іс-әрекеті, өмір жолы оның бейбіт те азат азамат болғанын көрсетеді. Халқын да сондай кейіпте көргісі келді. Оның осы жолда өмірлік серігі болған Мария Шоқайдың естеліктері де осының дәлелі: «Мұстафа Шоқай шенқұмарлықтан аулақ болатын. Бірақ өзі қаламаса да, алдыңғы қатарда болуға мәжбүр еді. Ол Түркістанда Швейцария тәрізді мемлекеттік жүйенің болғанын қалайтын және армандайтын. Түркістан халқын қазақтар, қырғыздар, өзбектер, түрікмендер, тәжіктер мен қарақалпақтар құрайды деп білетін. Бұлардың ішіндегі саны жағынан ең көбі қазақтар еді. Саяси интрига мен адамдардың жағымпаздығына жиіркенішпен қарайтын. Ешбір ұлтқа дұшпандығы болмайтын. Мақалаларының бірінде «Рязань мұжықтары» деген ұғымды қолданып, орыс ұлтына антипатиялық көзқарасын білдіргенін айтқанымда, ол: «Мен халыққа қарсы емес, халықты басқарып отырған басшыларға қарсы, сөзбен күресудемін. Бұның екі арасын ажырата білу керек, кейде саяси демагогия да қажет. Егер мен күннен-күнге сепаратист болып бара жатсам, оған да кінәлі орыстардың өздері».

Ол өмірінің соңында тамыз  айының басынан қараша айының соңына дейін немістің бірнеше лагерін  аралап, тұтқындағы ондаған мың түркістандықтармен кездеседі, оларды өлім тұзағынан құтқарып алуды өзінің бірден-бір борышы санайды. Жаны күйзелген Мұстафа Германияның  билік орындарына жолдаған хатында: «Сіздер немістер өздеріңізді Еуропадағы ең мәдениетті халықпыз деп санайсыздар. Егер сіздердің мәдениеттеріңіз  менің көріп жүргендерім болса, онда мен сіздерге тұтқындардың шеккен азабын көрулеріңізді тілеймін. Сіздер XX ғасырда өмір сүре отырып, XIII ғасырда  Шыңғыс ханның жасаған зұлымдығынан асып түстіңіздер. Мәдениетті халық  екендіктеріңізді айтуға хақыларыңыз  жоқ» деп жазады. Осы хатты тапсырған  СС офицері: «пікіріңді тым тура айтыпсың, мұның артықтау емес пе?» дегенде  Мұстафа: « Егер сіздер осыған байланысты маған ату, не асу жазасын берсеңіздер  қарсылығым жоқ. Мұндай мәдени қоғамда  өмір сүргеннен гөрі өлгенім артық» дейді. Мұстафаның адал жары Мария Яковлевна  арқылы бізге жеткен осынау деректер ұлтын сүйген ұлы азаматтың ұлтшыл жүрегінің жерлестері тартқан азапты көріп қалай ауырғанын, жанының  қалай күйзелгенін әлемге жариялап тұрғандай.

Шындығында, қазақтар сол  кезде түркі халықтарының ішінде жетекші рөлге ие болатын. Бірақ ол осы жетекшілігін сол кезде Мұстафа айтқандай, пайдаға асыра алмады. Бәлкім, сол кездегі саяси жағдай осы арнамен кеткенде қазақ одан кейінгі жылдардағы неше түрлі зобалаңдардан аман қалар ма еді?

 Гуманист-ойшыл, демократ, энциклопедиялық білім иесі Мұстафа Шоқай ағартушы, Орта Азия мен Қазақстан халықтары тарихы мен мәдениетінің жоқтаушысы болды, ағылшын, француз, неміс, түрік және араб тілдерін өте жетік меңгерді. Бүкіл ғұмырын ол Орта Азия мен Қазақстан халықтарының ар-абыройын қорғауға, шындық үшін күреске арнады. Оның жан-жүрегі өле-өлгенше туған халқымен бірге болды.

Елім деп еңіреп өткен ер тұлға Мұстафа Шоқай  – ең алдымен Алаш қозғалысының қайраткері, Түркістан өлкесі халықтарының азаттық күрес жетекшілерінің бірі.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Сілтемелер

[1]    Қазақстанның  ашық кітапханасы: 

          Мұстафа Шоқай – Таңдамалы шығармалар І

[2]  Авторы: Әкім Тарази, жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты

[3] “Егемен Қазақстан» республикалық газеті. 7 ақпан, 2012 жыл

    «Түркі әлемінің көсемі» авторы: Ақайдар ЫСЫМҰЛЫ, журналист-заңгер.

 

Пайдаланған әдебиеттер тізімі

  1. «Алаш» қозғалысы. Алматы, 2008.
  2. Қойгелдиев М. Ұлттық саяси элита. 197-б.
  3. Мұстафа Шоқай, Мария Шоқай. Естеліктер 1988ж
  4. Мұстафа Шоқай. Таңдамалы. Том-1., Алматы, «Қайнар», 1998ж
  5. Мұстафа Шоқай. Таңдамалы 2-томдық Алматы: Қайнар. 1998ж. 24-25б.

1 Бұл одақтың атын Уәлиди әртүрлі береді: Оңтүстік-Шығыс Мұсылман Өлкелері Федерациясы, Шығыс Ресей Мұсылмандар Федерациясы, Шығыс Ресей автономиялық Мұсылман Өлкелері Одағы және Түркістан Федерациясы. Бұл туралы қараңыз: Тоған З. У. “Türkili ve Türkistan’ın Yakın Tarihi”. Істамбұл, 1975, 370-371-бет.

2 Сонда, 370-бет. Тоган бұл федерация жоспарынан бір картаны ғана шетелге алып кете шығады. Бұл карта үшін қараңыз: Сонда, 371-бет.

3 Ресейдегі тұтқын түрік әскерлері мен офицерлерінің қайтарылуы мәселесі жөнінде көбірек мәлімет үшін қараңыз: Гүвен Е. “I. Dünya Savaşında Rusyadaki Türk Esirleri ve Rusya Türkleri”. Жарияланбаған мастерлик диссертация. Мармара Ұниверситеті Түркият Институты, Істамбұл, 1996; Қарақартал О. Dünya Savaşı Sonunda Sibirya’daki Esir Türk Askerleri Sorunu ve Türk Dünyası Gazetesi. “Sibirya Araştırmaları” Дайындаған. Амине Гүрсой-Наскали. Істамбұл, 1997, 317-322-бет.

Мұстафа Шоқай және оның түркішілдік идеясы