Судың ластануы. 3

                                             Судың ластануы

Ластануға судың барлық түрлері (мұхит, континенттік, жерасты) әр түрлі дәрежеде ұшырайды. Судың, әсіресе, ауыз судың сапасы халықтың денсаулығын анықтайтын маңызды факторлардың бірі болып табылады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметтері бойынша судың сапасының төмен болуынан  шамамен 5 млн. адам себепті өледі де, әр түрлі дәрежеде уланған немесе ауырған адамдардың саны  500 миллионнан асады екен.

Барлық сулардың құрамында еріген заттар болады. Судағы көп кездесетін элементтерге кальций, натрий, хлор, калий жатады. Судың тұздылығы, әдетте онда еріген химиялық заттардың жалпы мөлшерімен немесе құрғақ қалдықпен (г/л) анықталады. Теңіз суында шамамен 35 г/л тұз болады. Суда органикалық заттар, сонымен қатар патогенді ағзалар да болады. Сулардың ластануы су объектілеріне әр түрлі ластаушы заттардың келіп түсуіне байланысты болады. Ластаушы заттарға негізінен топырақ эрозиясының өнімдері, минералдық тыңайтқыштар, улы химикаттар және тағы басқа заттар (азот, фосфор және басқа биогенді элементтер мен олардың қосылыстары, органикалық заттар, пестицидтер, тұрмыстық қалдықтар, мұнай және мұнай өнімдері) жатады.

Ластаушы заттардың бір бөлігін атмосфералық жауын-шашын әкеледі. Сулардың канализация ағысымен, тұрмыстық қалдықтармен, өнеркәсіп орындарының қалдықтарымен, су транспортымен ластану үлесі де жоғары.

Белгілі мәліметтер бойынша қазір мұхиттың суына жыл сайын 30-дан 50 млн. тоннаға дейін мұнай төгіледі. Оның әр тоннасы 12 км2 суды қабықшамен жаба алады. 0,05 мг/л мұнай су құрамында болса, су ішуге жарамсыз, ал концентрациясы 0,5 мг/л болғанда көптеген су ортасымен байланысты ағзалар тіршілігін жояды. Ластанудың әсерінен балықтар мен тағы басқа ағзалардың миграциялық жолдары өзгереді.

Мұнайлы қабықша су бетінің шағылыстыру қабілетін өзгертеді. Ол жылу балансының өзгеруіне және ғаламдық жылу мен ылғалды тасымалдау құбылыстарына әкеледі. Мұнайдың айтарлықтай мөлшері жағалаудағы экожүйелерді жояды. Бұзылған экожүйелердің қалпына келуіне өте көп уақыт керек  еткізеді.

Егіншілікпен айналысатын аудандарда ауыл шаруашылығы судың негізгі ластаушы көзі болып табылады. Су топырақтың бұзылу өнімдерімен, тыңайтқыштармен, улы химикаттармен, мал шаруашылық кешендерінен шайылған сулармен ластанады. Мал шарушылық кешендері кейбір аймақтарда негізгі табыс көзі болып табылады. Алайда 100 мың ірі қара мал басы бар кешен қоршаған ортаны миллион халқы бар қаламен бірдей ластандырады.

Жер үсті немесе жер асты суларына химиялық заттардың, микроорганизмдердің немесе басқа заттардың түсуі судың ластану көзі деп аталады

 

Сулардың ластануы деп оған қауіпті заттардың түсу нәтижесінде оның биосфералық қызметінің және экологиялық маңызының төмендеуі деп түсінеді.

Суды 400-дей түрлі зат ластауы мүмкін.

Егер судағы санитарлық-токсикологиялық (судың мөлдірлігі, түсі, иісі, дәмі) көрсеткіштері, сульфат, хлорид, нитрат, уытты ауыр металдар мөлшері шектеулі межеден артып кетсе, су ластанған болып есептеледі. Тағы суда араласқан оттегі мөлшерінің азаюы, радиоактивті элементтердің, ауруға ұшырататын бактериялардың пайда болуы да оның ластанғанын көрсетеді.

Химиялық ластану өте кең тараған, тұрақты болып келеді және жиі кездеседі. Ол органикалық (фенолдар, синтетикалық бетті белсенді заттар, пестицидтер) бейорганикалық (тұздар, сілтілер, қышқылдар), уытты (мышьяк, сынап, қорғасын) және уытсыз болып келеді.

Бактериологиялық ластану суда патогендік бактериялардың, вирустардың (700-ге тарта түрі болады екен), қарапайым саңырауқұлақтардың пайда болуымен себептеледі. Мұндай ластанудың сипаты уақытша болып келеді.

Радиоактивтік ластану ұзақ тіршілік ете алатын радиоактивтік элементтердің (Sr-90, уран, радий-226, цезий және т.б.) суға өтіп кетуімен байланысты. Бұл элементтердің тіпті аз концентрациясының өзі өте қауіпті.

Механикалық ластану суға әртүрлі механикалық қоспалардың (құм, шлак, балшық, т.б.), сондай-ақ қатты қалдықтардың, сумен ағаш тасымалданғандағы қалдықтары түсуімен сипатталады.

Жылулық ластануға табиғи сулардың жылыған жерүсті және технологиялық суларымен араласып кетуімен байланысты. Мұндай ластану судың газдық және химиялық құрамының өзгеруіне, улы газдардың (күкіртсутегінің, метанның) бөлінуіне әкеліп соғады.

Өндірістік ластанудың көздері мыналар:

  1. электроэнергетика;
  2. химиялық және мұнай-химиялық өнеркәсіп;
  3. ағаш өңдеу және целлюлозалық қағаздық өнеркәсіп;
  4. қара металлургия;
  5. түсті металлургия;
  6. машина жасау өндірісі;
  7. көмір өнеркәсібі;
  8. мұнай өңдеуші өнеркәсібі;
  9. жеңіл өнеркәсіп;
  10. құрылыс материалдары өнеркәсібі;
  11. тамақ өнеркәсібі;
  12. тұрмыстық жиынды сулары;
  13. өзен және теңіз кемелерінің жиынды сулары;
  14. қыста қалалардың кір қарларының суға тасталуы.

Судың сапасы, ластану деңгейі үнемі бақылауға алынып отырады. Судың құрамындағы химиялық қоспалар, тұздық құрамы, еріген бөлшектер, температура әр түрлі болуы мүмкін. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ауыз судың 100-ден астам сапалық көрсеткішін ұсынған. Ал Қазақстанда ауыз су сапасы МемСТ 287482 бойынша 30 міндетті көрсеткішпен анықталады. Су бассейнінің ластануының негізгі себептері — тазартылмаған ағын суларды өзен-көлдерге жіберу. Бұған жол беретіндері: тұрғын-үй коммуналдық шаруашылықтар; өнеркәсіп орындары; ауыл шаруашылығын химияландыру: халық шаруашылығының басқа да салалары. Ағын суларға құйылатын лас сулар да бірнеше топқа бөлінеді. Оларды қоспалар (ерімейтін, коллоидты, еритіндер), лас сулар (минералдық, органикалық, бактериалдық, биологиялық) деп жіктейді. Лас сулардың ішінде тұрмыстық сарқынды суларда органикалық заттар 58%, минералдық заттар 42 тей болады. Өнеркәсіпте пайдаланылатын сулар мен синтетикалық жуатын заттармен сулардың ластануы өте қауіпті. Бұлар –химиялық ластану көздері. Соның ішінде сулы экожүйелердің пестицид, гербицид және басқа да химиялық улы препараттармен ластануы Қазақстанда кең етек алған. Мәселен, мақта мен күріш, жеміс- жидек, бау-бақша, теплица (жылы жай) зиянкестеріне қарсы бұрынғы Кеңес үкіметі кезеңінде өте көп химиялық заттар пайдаланылған Нәтижесінде, су ластанып, оның сапасы мен микрфлорасы және микрофаунасы, ірі хайуанаттар, құстар зардап шеккен. өз кезегінде химиялық заттардың зиянды қосылыстары азық –түлікпен адам организмін кері әсерін тигізді. Қазіргі кезде ашық өзен, көл суларымен қатар жер асты сулары да сарқынды, шайынды сулармен және еріген зиянды заттармен ластанып отыр. Оның негізгі ластану көздері мыналар:

  • өнеркәсіп өнімдерін сақтайтын қоймалар;
  • химиялық заттар және тыңайтқыштар;
  • тұрмыстық қалдықтар;
  • жер асты суларымен жалғанатын құбырлар;
  • ірі құрылыс учаскелері;
  • күзгі алаңдар, бұрғы-скважиналары болып табылады.'

Жер асты суларында әртүрлі жұқпалы аурулар тарататын микробтар, вирустар кездеседі. Қазақстан жағдайында өзен-көлдердің ластануы көбіне өнеркәсіп шоғырланған аймақтарда, полигондар мен мұнай-газ өндіретін жерлерде жаппай сипат алуда.


Судың ластануы. 3