Тіл – жалпы азаматтық құндылық.

Тіл – жалпы  азаматтық құндылық.

Тіл кез келген танымдық іс-әрекеттің құралы, ойлаудың формасы және оны дамытудың негізі болып саналады. Тіл – қоғамның ең қажетті қатынас құралы. Сондықтан қоғамды дамытудың басты ұстанымы – мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту. Адам ойының жемісі, тіршілігінің көзі болып табылар бұл ерекшелік бүгінгі тіл білімінің де, әдістеме ілімінің де басты мәселелелерін құрайды. Осыған орай тілді тек құрылымдық негізде ғана емес, әлеуметтік, қоғамдық тұрғыдан талдап түсіндіру қажет. Тілді әлеуметтік проблемалар қатарында әлеуметтік құбылыс ретінде қарастыру, оның қоғамдағы орны мен қызметін анықтау бүгінгі күннің басты мәселелерінің бірі болып саналады. Оған тілдің әлеуметтік сипатын саралау, әдеби тіл мен диалектілердің арақатынасын қарастыру, тілдік форма мәселелеріне көңіл бөлу, т.б. жатқызылатындықтан, қазақ тілін оқыту негіздерін де бұл проблемалардан сырт қалдыруға болмайды.

Тіл тек қоғам  бар жерде  және оның тікелей ықпал  етуімен дамып отыратындықтан, қоғамдық нормалар және қалыптасқан ережелер тілді өркендетуші әрі жүйелеуші қызмет атқарары даусыз. Тіл үйрену мәселесі де қоғамдық қажеттіліктен туындайды. Барлық мемлекеттер бір-бірімен экономикалық, саяси қарым-қатынаста болғандықтан, тіларалық байланыс деңгейі жоғары. Сол себепті де қазақ тілін үйретуде оның жан-жақты тоғысқан  байланыстарына да назар аудару керек. Сөйтіп қазақ тілінің функционалды-семантикалық, прагматикалық, әлеуметтік ерекшеліктерін негізге алған дұрыс.  Себебі тіл мен қоғам өзара тығыз  байланыста қарастырылатын адамзат өмірінде маңызды орын алатын құбылыстар.

«Қазіргі кезеңде  халықаралық байланысы күшті  барлық елдерде тілдік қатынас мәселесіне ерекше мән беріліп отыр. Тілдік қатынастың бүкіләлемдік маңызы ел мен  елдің, ұлт пен ұлттың саяси байланысына  жан-жақты жол ашудан көрінеді» [1, 8]. Қазіргі қоғамда тіл үйренудің, тіл арқылы түсінісудің ерекше мәні, атқарар қызметі бар. Тіл қарым-қатынастың құралы бола тұра, адамдарың қоғамдық, әлеуметтік қызметін сұрыптауға, психофизиологиялық ерекшеліктерін анықтауға, мәдени нормаларын жүйелеуге мүмкіндік береді. Себебі тіл мен қоғам тығыз байланысты қарастырылатын, адамзат өмірінде маңызды орын алатын құбылыстар. Кез келген тіл қоғамның дамуына, өзгеруіне қалай әсер етсе, қоғам да тілдің сөздік құрамының толығуына, кемелдене дамуына немесе, керісінше тілдің тоқырауына ықпал етері сөзсіз. Оның айғағы ретінде тілдік реформаларды, тіл туралы заңдарды және әр жердегі тілдік жағдайды сөз етуге болады. Барлық тілдерде кездесетін дерлік кірме сөздер де сол қоғамдық жағдайлардың, халықаралық қатынастардың дамып жетілу жемісі. Демек, тілдік қатынас – тілдің әлеуметтік қызметін нақтылайтын адамдар қарым-қатынасының ерекше түрі.

Әлемдегі саяси-әлеуметтік мәселелерден тыс қалмаудың бірден бір жолы – ақпарат алмасу. Сондықтан  тіл білу арқылы адамдар дүние жүзіндегі қоғамдық, экономикалық, саяси жаңалықтармен, ақпараттармен хабардар болады. Тілді меңгеру оның қоғамдық табиғатын, өмірлік қажеттілігін ескеруден басталады. А.Байтұрсынұлы айтқандай, «тіл – адамның  адамдық белгісінің  зоры». Тілдің әлеуметтік саралануы, қоғамның тілге саналы түрде әсер етуі,  тілдік жағдай  тілдің қоғамдық құбылыс ретіндегі қызметін айшықтай түседі. Яғни адамзат баласының болашақ үшін қоғамдық, мәдени-әлеуметтік, экономикалық т.б. күресі, сан ғасырлық тарихы, рухани жаңғырулары ұрпақтан-ұрпаққа сол ұлттың тілінде сақталуы арқылы жетеді.  Ана тілінің өміршеңдік қызметінің қуаты мен құдіреті негізінде жаңа ұрпақ ұлтымыздың көне тарихы мәдениетін дұрыс танып білуге бастау алады. Осы бастаулар кешенді тіл ғылымының көкжиегінде ұлттық мәдениеттің көзі ретінде тағылымдық мәні зор ұлттық тлдің өн бойынан табылады. Осымен байланысты тіл табиғатының қыр-сыры өзге ғылым салаларымен (философия, әлеуметтану, мәдениеттану, этнография, т.б.) тығыз қарым-қатынастың негізінде танылып, зерделеніп отыр.

Өйткені ұлттық тілдің болмысын шынайы тану үшін тілдің өзіндік заңдылықтарын білу жеткіліксіз, оның түпкі тамыры сол тілде сөйлеуші этностың ғасырлар бойғы тарихымен, тұрмыс-салтымен, мәдениетімен, дәстүрлі менталитетімен тікелей байланысты екені сөзсіз. Сондықтан тілді үйретуде сол этностың дүниетанымымен, мәдениетімен, тарихымен біріктіре қарастыру мәселесі туындайды.

Тіл мен ой біртұтас ұғымдар. Тілдің ойды жарыққа шығарып, жеткізу қызметі сол ойдың қабылдаушы тарапынан қабылдану теткітері арқылы жүзеге асады. Мұның негізінде тіл де өзінің қоғамдағы қарым-қатынас құралы ретіндегі негізгі қызметін атқара алады. Тіл мен ойлаудың бірлігінің арнасында қарастырылатын өзекті мәселенің бірі – тіл мен оның дүниетанымдық қызметі. Қоғамның қай сатысында болсын, тіл мен ой бірлігінің егіз дамып, өзара байланысып, ұлттық болмысты айқындап, тілде көрініс табуы заңды құбылыс. Кез келген халықтың этномәдени тұрмысын ұлттық тілдің жетегінде, әлеуметтік мәдениеттің ауқымында, дүниетанымын қоғамдық ғылымдар аясында сөз ету мәселесі этнолингвистика ғылымында қарастырылғанымен, осы құбылыстың қоғамдағы әлеуметтік-мәдени өрісі – лингвомәдениеттанудың үлесіне тиіп отыр. Нәтижесінде тіл мен мәдениеттің шекарасында халық тілі мен ұлт мәдениеті, ұлт мәдениеті арасындағы қызметі анықталады. Бұл тілдің адамға, оның жан дүниесіне көркем тіл арқылы ерекше әсер ететін эстетикалық қызметімен астасады. Осымен байланысты қазақ тілінің дүниетанымдық қызметін өзгетілді дәрісханада үйретудің маңызы зор.  Дүниетанымның жинақы бой көрсетер жері – ұлттық дүниетаным.

Сондықтан жалпы  адамзатқа тән дүниетанымның  ұлттық ерекшелігін анықтау, құрылымын  зерделеу – жалпы адамзаттық дүниетанымға қосқан үлкен үлес. Ұлттық дүниетаным қайталанбайтын құбылыс. Ол сол ұлттың бүкіл бітім-болмысымен, қоршаған ортасымен, ділімен, шаруашылық жүйесімен, тіпті, табиғат құбылыстарымен тығыз байланысты. Әрине, ұлттық дүниетаным – тарихи өзгеріп отыратын жүйе.

Әр мәдениетте дүние, қоршаған ортаға деген сан  қилы көзқарас, түсінік қалыптасады. Себебі әр мәдениет заманына, діліне моральдік нормаларына қарай адамға, өмір-өлімге, адамның іс-әрекетіне, сұлулыққа тағы да басқа әр халықтың басында бар негізгі құндылықтарға байланысты өзінің көзқарас жүйесін қалыптастырады. Міне, осы көзқарастың көрінетін, таралатын, сақталатын құралы – тіл.

Тілдің рухани қазынаны сақтап, мұра ретінде ұрпақтан-ұрпаққа  жеткізуші қызметінің   мәні де тіл білімінде ерекше атап көрсетіледі. Осы тұрғыдан қазақ тіл білімінде  термин ретінде жаңадан қалыптасып келе жатқан, тілді танымдық қырынан анықтайтын тілтаным ұғымы мен дүниетаным ұғымы тығыз байланысты. Ой тіл арқылы ғана жарық көріп, тіл арасындағы түрлі деңгейдегі қатынастарды реттеп отырады. Керісінше, тілде адам санасында бар ойдың негізінде ғана сөздер, сөйлем құрылымдары, фразеологизмдер және т.б. түрінде тілдік формаға айналып,  тіл болып сыртқа шыға алады. Ұлттық ойлаудың, ұлттық дүниетанымның өзіне ғана тән ерекшелігін, нақтырақ айтқанда, әр ұлттың өз дәстүрі мен салты, әдет-ғұрпы, ұлттық ойындары, мақал-мәтелдері және т.б. осы сияқты қалыптасқан жүйесі ретінде көрініс табады.

Қазақ тілі – қазақ  халқының ана тілі. Қазақ тілі –  Қазақстан Республикасының мемлекеттік  тілі. Алайда, Қазақстанда мемлекеттік  тілді енгізу және дамыту мәселесі қазіргі уақытқа дейін толық  шешілген жоқ. Бұл мәселе уақыт еншісінде деп санаймыз. ХХ ғасырдың басында Абай өзінің жиырма бесінші сөзінде «Орысша оқу керек, хикмет те, мал да, өнер де, ғылым да - бәрі орыста тұр. Зарарынан қашық болу, пайдасына ортақ болуға тілін, оқуын, ғылымын білмек керек. Оның себебі олар дүниенің тілін білді, мұндай болды. Сен оның тілін білсең, көкірек көзің ашылады. Әрбіреудің тілін, өнерін білген кісі оныменен бірдейлік дағуасына кіреді, аса арсыздана жалынбайды.» - деген болатын. Әрине, мақсат орыс тілінен бір күнде бас тарту емес, қазақ тілі мен орыс тілін бір біріне қарсы қою да емес. Дегенмен, қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесін шын мәнінде алуы ғана мемлекетті мемлекет ете алады. Сондықтан, мемлекеттік, яғни қазақ тілін оқу қажеттілі туып отыр.

Қазір дүниежүзі елдері жаһандану дәуірін бастан кешіріп жатыр. Біз де әлемдік өркениеттің заманауи жетістіктерін өзімізге қабылдай отырып, әлемдік даму жолына түсуге ұмтылыс жасап жатырмыз. Дегенмен, жаһандану дәуірінде де ұлттық рухани құндылықтарымызды қадірлеп, бағалай алуымыз қажет-ақ. Әсіресе, солардың барлығының ең маңыздысы болып саналатын әрі егемен еліміздің мемлекеттік тілі ретінде қазақстандық қоғамды бір мақсатқа ұйытуға тиісті қазақ  тілінің мәртебесін көтеру – бүгінгі күннің аса маңызды мәселесі.

Тіл – ұлт болмысының көрінісі, ұлттық ой-сананың өлшемі. Сондықтан да ұлттық тіл мен ділдің бір-бірімен байланысы – өте күрделі. Бұл байланыстың қыр-сырын танып-білу, дұрыс түсіну, зерттеп-зерделеу қажырлы еңбек пен терең ізденісті қажет етеді. 
    Тіл – рухани барлық құндылықтың негізі болғандықтан, әлемдік мәдениет пен өркениеттің дамуынан тысқары қала алмайды. Белгілі бір ұлттың дамуы өзінің ұлттық тілін қазіргі жаһандану заманында сақтай отырып, оны одан әрі өркендетуге, қоғамдық қызметін сан сала бойынша кеңейтуге, сонымен қатар осы мақсаттағы іс-шараларының дұрыс ұйымдастырылып жүргізілуіне, демек мемлекеттік тілдік саясат пен бағдарламаларға тікелей байланысты.

Ал кез келген тілдің даму жолы мәдени-тарихи мазмұнды құрай  отырып, әрбір ұлттық ділді (менталитетті) басқалардан ерекшелейді. Әлемдік өркениеттегі кез келген мәдениет адам қолымен жасалған құндылық болғандықтан, ол таза табиғи үдеріс (процесс) ретінде таныла алмайды. Қай ұлттың болсын мәдениеті сол елдің сан ғасырлық қоғамдық-әлеуметтік дамуының негізінде қалыптасып, өркендейді. Тілді ұлттан, ұлтты тілден, айналып келгенде, тілді ұлт өмір сүріп отырған қоғамдық-әлеуметтік ортадан, қоғамдық қарым-қатынастан бөліп қарау мүмкін еместігі сондықтан.

Әлемнің бейне-көрінісі адам баласының дүниені қабылдауы, оны танып-білуі арқылы жасалып, тілмен таңбаланады. Әлемнің тілдік бейнесі тіл біліміне (лингвистика) тікелей қатысты мәселе болғанымен, оның шеңбе-рінен шығып, басқа ғылымдар аясында да зерттеліп-зерделенеді. Тілге қатысты мәселелер – сол себептен де кең ауқымды, көп қырлы құбылыс болып саналады. Оның сондай бір мәселесі – тілдің қоғамдық-әлеуметтік, қарым-қатынастық қызметі.

Әлеуметтік лингвистика  тіл білімінің тарихи лингвистика, этнолин-гвистика, лингвомәдениеттану, экстралингвистика, коммуникативтік  синтак-сис сияқты т.б. салаларымен тамырлас болып келеді. Егер тіл мен діл, тіл мен мәдениет, тіл мен қоғам бір-бірімен тығыз  байланыста болатынын ескерсек, әлемнің тілдік бейнесіндегі ұлттық бітім-болмысты анықтауға, сол арқылы ұлттық ділді пайымдауға әдебиеттану, әлеуметтану, мәдениеттану, ұлттық дүниетану (ұлттық философия) сияқты т.б. ғылымдар да ерекше мән береді.

Тіл, ең алдымен, қоғамдық-әлеуметтік құбылыс. Әлеуметтік тіл білімі –тіліміздің  қазіргі кездегі қоғамдық-әлеуметтік бағыттағы атқаратын қызметін зерттеп-зерделейтін қазақ тіл білімінің кейінгі кезде қолға алына бастаған саласы. Көптеген ұлт өкілдері тұрып, мекен етіп жатқан Қазақстан жағдайындағы қазақ-орыс тілінің, сондай-ақ қазақ тілінің еліміздегі басқа да тілдермен байланысы, олардың бір-біріне әсері мен ықпалы деген сияқты мәселелер – әлеуметтік лингвистиканың негізгі зерттеу нысаны  (объект) болып саналады.

Әлеуметтік тіл білімі, жоғарыда атап өткеніміздей, салааралық пән болғандықтан, негізінен, тілдің қоғамдық-әлеуметтік қызметін тіл және қоғам, белгілі жағдайға (қоғамдық, қызметтік т.б.) сәйкес сөйлеушілердің тілі ретінде қарастырады. Демек, ол, қоғамдық қарым-қатынас үдерісінде белгілі бір ұлт тілін түрлі әлеуметтік топтардың түрліше жағдайда қолданып-пайдалануын зерттеп-зерделейді. Соған ерекше мән бере отырып, оларды ғылыми тұрғыдан негіздейді.

Еліміздің қазақтармен  қатар бірнеше ұлт диаспорасынан  тұратын қоғамы соңғы жылдардағы саяси-экономикалық үдерістердің әсерінен бірталай өзгеріске ұшырады. Ол болса, қоғамның ұлттық-әлеуметтік құрамына мұқият назар аударуды қажет етеді.

Біздің қоғамдағы тілді  тұтынушылардың арасалмағы – әр алуан. Қазақтілділердің дені ауылдық жерлерде тұратын болса, тек орыс тілінде  және қазақша-орысша бірдей сөйлей алатындардың басым көпшілігі қалада немесе қалаға жақын елді мекендерде тұрады. Екі тілді бірдей білетіндер отбасында қазақ тілінде сөйлесе де, жұмыста және тағы басқадай жерлерде, көбінесе, орыс тілін пайдаланады. Сол себептен, қазіргі таңда тілдің қоғамдық қызметінің басымдығы мен пәрменділігін айқындайтын қала тұрғындарының тілі орысша болып отыр.

Өмір шындығы қостілділіктің қалыптасуы әртүрлі болатынын көрсетеді. Бұл ретте қостілділіктің белгілі  бір қарым-қатынастық жағдайға (қызметтік, кәсіптік, қажеттілік, мәжбүрлік, тілдік орта т.б.) байланысты қалыптасқан түрі бізде ерекше орында. Еліміздің қостілді (қазақша-орысша) азаматтары қоғамдық-әлеуметтік қарым-қатынастың түрлі жағдайы мен мақсатына байланысты бәлендей дайындықсыз, ешқандай қиналыссыз бір тілден екінші тілге еркін ауысып, екі тілді бірдей қолдана береді. Бұл ерекшелік, негізінен, қазақтарға тән. Әрине, бұның «қос тіл – қос қанатың» деген мақсаттағы өзіндік артықшылығы бар екені рас. Елбасы сөзімен айтсақ: «Қазақтардың жаппай қос тілді болуы – оларға осы заманғы ақпарат тасқынына жол ашатын ғажайып құбылыс» (Назарбаев Н.Ә. Тоталитарлықтан – саяси тұрақтылыққа және демократиялық Қазақстанға. «Егемен Қазақстан» газеті, 1997 жыл 14 желтоқсан).

Сондай-ақ, бұның жағымсыз жағы да бар екені жасырын емес. Бұл мәселеге кезінде заманымыздың заңғар жазушысы, академик М. Әуезов назар аударған екен. Ол өзінің «Ана тіл әдебиетін сүйіңдер» деген мақаласында орыс тіліне тым беріліп кеткен қазақ азаматтарын сынға алып, тіліміз бен әдебиетіміздің қадір-қасиетін айта келе, кез келген саналы азамат өз ана тілін жақсы білуге міндетті деген талап қояды. «Өз тілін, әдебиетін білмеген, қадірлемеген адам толық мәнді интеллигент емес деуге болады. Себебі, ол қандайлық білімді болса да, рухани ой тәрбиесінде сыңаржақ болады» (Әуезов М. Жиырма томдық шығармалар жинағы. ХХ том. Алматы, Жазушы, 1985 жыл. 411-413-бет), – дейді.

Қостілділіктің тағы бір келеңсіз жағы бар. Олардың басым көпшілігі, көп жағдайда, бір тілдегі ойын екінші тілге аударып жеткізеді. Назар аударсақ, қазақша телерадио  мен газет-журнал тіліндегі тіліміздің әдеби нормасына сәйкес келмейтін небір «тың қолданыстарды» екі тілді бірдей меңгергендер немесе екеуінің біреуін орташа деңгейде білетіндер айтып-жазып жүр. Себебі, олар өзі білетін тілдің өзіне бір табан жақынында (көбінесе орысша) ойлап, сол ойын екінші тілге аударып, соны ауызша немесе жазбаша түрде жолма-жол жеткіземін деп, қателесіп жатады.  «Әйтеуір, ойын жеткізді  ғой!» деген көзқарас дұрыс емес. Ол – тілдің табиғи қалпының біртіндеп бұзылуына апарады.

Тілдегі өзгерістер мен жаңалықтар жайдан-жай пайда бола салмайды. Оны тілді тұтынушылардың түрлі қажеттілігі туғызады. Олардың түрлі қоғамдық іс-әрекет кезіндегі тілді қолдануы – тілдік жүйедегі өзгерістердің шынайы сипатын көрсетеді. Тілдің қоғамдық қызметі әр тілдің өзіндік ерекшеліктерін айқындаумен қатар тілдік құралдар дәстүрлі қолданысына да әсер етеді, оның үстемдігі мен пәрменділігін де айқындайды.

Қалай дегенмен, қазақтармен қатар  көптеген ұлт өкілдерінен тұратын  қазақстандық қоғамның қазіргі қостілділігі (қазақша-орысша) барлық ұлт өкіліне  бірдей тән емес. Көбіне, қазақ қоғамы екі тілді, яғни қазақтар өз ана тілімен қатар орыс тілін меңгерген болып келеді. Қазақтардың орыс тіліне жетік болуына байланысты болар, еліміздегі басқа ұлт өкілдерінен олардың саны қаншалықты артық (60%) бола тұрса да, қазіргі таңда еліміздегі қоғамдық қарым-қатынастың бірқатар саласында, негізінен, орыс тілі үстем қолданыста болып отыр. Мәселен, техникалық сала, жаңа технологиялар саласы, ақпараттық технология (ІТ), экономика, бизнес, банк-қаржы жүйесі, жаратылыстану ғылымдары мен медицина сияқты т.б. салалардағы тіліміздің қолданыс аясы орыс тілімен салыстырғанда кенже қалып отыр.

Бұлай болып қалыптасуына кеңестік дәуірдің саясаты ықпал еткен  еді. Сол заманда еліміздің мемлекеттік  басқару орындарының тілі ғана орысша болып қойған жоқ, гуманитарлық ғылымдардан басқа ғылымдардың пәні де орысша оқытылып, орысша зерттелетін. Елге ең қажетті білікті мамандар мен кәсіп иелері орысша дайындалатын. Жаратылыстану мен медицина секілді ғылымдардың әдебиеттері көпшілікке арналған шағын кітапша түрінде немесе мерзімді баспасөз беттерінде ғылыми-көпшілік мақала ретінде ғана басылатыны болмаса, қазақ тілінде зерттеліп жазылмайтын, тек орыс тілінде жазылушы еді. Міне, соның зардабынан тіліміздің қоғамдық-әлеуметтік қызметінің үлкен бір саласы әрі тілдің дамып жетілуінің негізгі бір бағыты болып саналатын ғылым тілі дамымай қалған еді.

Сан алуан ғылым саласының терминдері ғана қазақшаланбай қалған жоқ, ғылыми стиль бойынша сөз саптау да, сөйлем құрау да, ғылыми ой-пікірді мәтін  ретінде жүйелі жеткізу де өз дәрежесінде қалыптаспады. Соның әсерін тәуелсіздік алып, өз алдымызға дербес ел болсақ та, күні бүгінге дейін айқын сезініп отырмыз. Бұған Елбасының мына бір сөзі де нақты дәлел: «Ұлттық сана-сезім үшін этикалық мәдениет пен тілді қорғап дамытатын қоғамдық институттар жүйесіне арқа сүйеу мейлінше маңызды. Мұның, әсіресе, білім беру жүйесі мен бұқаралық ақпарат құралдарына қатысы бар. Біз білім беру жүйесінің «қазақ тілін қалыс қалдыру» ұстанымына құрылғанын көрдік, онда ең бір ділгір де мұқтаж  кәсіптер мен мамандықтар бойынша қазақша білім ала алмайтын. Соның салдарынан ұлттың, әсіресе, қалаулы тобының тілді жан-жақты меңгеруге деген ынта-зейіні төмендеп кетті» (Назарбаев Н.Ә. Тарих  толқынында. Алматы: Жібек жолы, 2010 жыл.153-бет.).

Қазіргі кездегі қазақ тілінің қолданылатын қоғамдық салалары – әртүрлі, әр деңгейлі. Тілдік қолданыстың қоғамдық қызметін зерттеушілердің айтуынша, қазақ тілі: білім беру, денсаулық сақтау, ғылым, оның ішінде қоғамдық-гуманитарлық ғылымдар салалары бойынша біршама кеңірек қолданылады. Алайда, қазақ тілі мен орыс тілі арасындағы қызметтік (функциялық) шекара күні бүгінге дейін әлі нақтылана қойған жоқ. Сол себептен, оның қандай деңгейде екені туралы әлеуметтік-лингвистикалық зерттеулердің қажеттілігі қазір бізде жетекші орынға шықты. Әсіресе, қазақ-орыс қостілділігінің біздің қоғамдық өмір салтымыздағы бүгінгі функциясын айқындау туралы еңбектердің маңызы зор болып отыр.

Ел тәуелсіздігін  тіл тәуелсіздігімен астастыра  қарап,  туған тілдің тұғырын биіктету қамы қолға алынғалы да біраз уақыт болып қалды. «Қазақстан    Республикасындағы    тіл    саясатының    тұжырымдамасы», «Қазақстан Республикасындағы  Тіл туралы Заң»  сияқты  стратегиялық маңызы бар құжаттардың дүниеге келуі осы бағытта жасалған оң қадамдар.

Тіл қарым-қатынас құралы. Адамның ой-өрісін, мәдени дәрежесін, ақыл-парасатын, рухани байлығын көрсететін айна. Тіл мәдениетінің өзектілігі әрқашан ескеріліп, қай халық болса да бұл мәселені айналып өткен емес. «Өнер алды - қызыл тіл» деп қазақ халқы да сөйлеу шеберлігіне үлкен мән берген. Қазіргі таңда тіл мәдениетінің көкейтестілігі арта түсті.

Қазақстан Республикасы Президентінің  «Тілдерді қолдану мен дамыту бағдарламасында»: «Тілді дамыту - Қазақстан  Республикасы мемлекеті саясатының аса өзекті бағыттарының бірі» , сондай-ақ «Мемлекеттік тілді оқытудың саны мен сапасына көңіл бөлу керек» делінген. Елбасы Н.Ә.Назарбаев: «Қазақстанның болашағы қазақ тілінде» - деп тұжырымдайды.

Ал қазақ халқының тіл  келешегі мектеп оқушыларында. Көптеген ғылыми-педагогикалық әдебиеттерді, мерзімді баспасөз ақпараттарын талдап-зерттей келе, бүгінгі   күнгі   оқушылардың   сөз   саптауы   көңіл аударарлық көпшілігінің тіл мәдениеті    төменгі     деңгейде     деген қорытынды жасауға болады.   Олар   өз ойларын дұрыс,   түсінікті   етіп   жеткізе алмайды, басы артық бос сөздерді көп қолданып, ойын шашыратып жібереді. Кейбірі орысша     сөздерді     қосып,     араластыра     сөйлесе,     бірі     жаргонмен диалектілермен сөйлегенді сән көреді. Бұл мәселе туралы көптеп айтылып та,   жазылып   та   жатыр.   Мысалы   педагогика   ғылымының  докторы И. Нұғыманов пен 3. Қашқынбаева: «Оқушының жеке тұлға болып дамуы мен алған білімін іске асыруда сөйлеу тілін, әрекетін, сөйлеу мәдениетін, әдебін қалыптастыру педагогиканың қазіргі кездегі көкейтесті мәселелерінің бірі болып   табылады»   -    дейді. Бүгінгі таңда қазақ    мектептерінің    өзекті    мәселелерінің    бірі – оқушылардың  тіл мәдениетін көтеру, сауатты жаза алатын, өз ойын айқын жеткізе алатын азамат тәрбиелеу.

Қазіргі заманымызда қойылған басты талаптардың бірі - өмірден өз орнын таңдай алатын, өзара қарым-қатынаста өзін еркін ұстап, кез-келген ортаға тез бейімделетін, белгілі бір ғылым саласынан білімі мен білігін көрсете алатын, өз ойы мен пікірін айта білетін мәдениетті жеке тұлға қалыптастырып, тәрбиелеу. Оқушының жеке тұлға болып дамуы мен алған білімін іске асыруда сөйлеу тілін, әрекетін, тіл мәдениетін, әдебін қалыптастыру педагогиканың қазірдегі өзекті мәселелерінің бірі болып табылады.  
Жұмыстың негізгі мақсаты – оқушыларды қазақ тілі сабағында тіл мәдениетіне тәрбиелеудің теориялық-практикалық мәнін зерттеу. Осыдан келіп, жұмыстың негізгі міндеттері туындайды:

-    тіл мәдениеті ұғымына ғылыми түсінік беру;

-    оқушы жастардың тіл мәдениетінің төмен болуының себептерін саралау;

-    тіл мәдениетінің жоғары болуына қойылатын талаптарды айқындау;

-    тіл мәдениетінің даму сатысы қандай өлшемдер арқылыанықталатындығын көрсету;

-    тіл мәдениетін қалыптастыру жұмысының негізгі бағыттарын анықтау;

-    оқушыларды тіл мәдениетіне тәрбиелеудегі дидактикалық, әдістемелік ұстанымдарды негіздеу;

-    мектептің орта буынында тіл мәдениетін оқытуды саралу;

-    жоғары буын оқушыларын тіл мәдениетіне оқытуды тұжырымдау.    

Курс жұмысы кіріспеден, негізгі бөлімнен, қорытындыдан және әдебиеттер тізімінен тұрады. Негізгі бөлім екі тараудан құралған.

1. ТІЛ МӘДЕНИЕТІНІҢ ҒЫЛЫМИ-ТЕОРИЯЛЫҚ  НЕГІЗДЕРІ

1.1 Тіл мәдениеті  туралы ғалымдар көзқарасы Дүние жүзі тарихына үңілсек, көптеген халықтар Академияларындағы ғылым атаулы тілді зерттеуден бастаған. Тілдің тіл саясатының биік ұғымы, барлық мәні оның қолдануында. Тіл мәдениетінің деңгейі, оның зерттелуі әрі қоғамдық қызметі арқылы көрінеді. Тіл - қоғам өмірінің объективті құбылысы, ол бүкіл халық үшін бірдей және адамдар білген құбылыстардың алуан түрін түгел қамтиды. «Тіл - қоғамдық құбылыс» деген тезисті ұсынбағанмен, тілдің қоғам өмірімен байланыстылығы, қоғамдағы орны, ролі деген мәселелермен ХІХ В.Гумбольдт еңбектері кейініректе  туған лннгвистикалық  мектептердің тілдің әлеуметтік сипатына ерекше мән берулеріне түрткі болды. Бұл мәселеге Н.Я.Марр да ерекше мән берді. Жалпы тілді халықтың жан дүниесімен, ой-санасымен, тарихы мен мәдениетімен тығыз байланыста қарау В.Фон Гумбольдт, И.Гердер, Г.Пауль, В.Вундт, Г.Штейнталь, Э.Сепир, Б.Уорф, А.Потебня т.б. ғалымдардың есімдерімен байланыстырылады. Қазақ зиялылары: А.Байтұрсынов, М.Жұмабаев, М.Балақаев, К.Аханов, Т.Қордабаев, Ы.Маманов, Н.Уәлиев, Р.Сыздықова, А.Жапбаров, Ә.Болғанбаев, С.Исаев, А.Ысқақов, Р.Әміров, Қ.Жұбанов т.б. ғалымдардың еңбектерінде «тіл» ұғымының сан қырлы жағына тоқталады. Тіл табиғатының қыр-сырына терең жан-жақты үңілу – ғалым А.Байтұрсынұлынан бастау алып, Қ.Жұбанов зерттеулерімен өз жалғасын тапқан.

Ал, «Мәдениет» деген түсінікке тоқталатын болсақ, мәдениет - деген ұғымға беті-қолын  жуғаннан бастап, адамзат ақыл-ойының қазіргі жеткен ең соңғы биігіне  дейінгі барлық ұғым енеді, - деп  М.И.Калинин атап көрсетеді. Мәдениет, оқу-ағарту, ғылым, өнер т.б. рухани өмір табыстарының жиынтығы, - дейді тілші-ғалым М.Балақаев өзінің «Қазақ тілінің мәдениеті» атты еңбегінде. Мәдениет туралы түсінікке де әр ғалым әр түрлі анықтама береді. Қарап отырсақ, мәдениеттің өзі екіге бөлінеді екен. Материалдық және рухани мәдениет. Соның ішінде тіл мәдениеті рухани мәдениетке жатады. Ендігі жерде тіл мәдениеті сөз болмақ.

Тіл мәдениеті  оқушылардың тілін ұстарту міндетін жүзеге асырудың амал-тәсілдерін көрсетеді. Тіл мәдениетіне тән нормалар оқушылардың таза, нақты, лайықты әдеби тілмен сөйлеуге, диалект сөздер мен дөрекі сөздерді қолданбауға, сөйлеген сөздері жатық, әсерлі, түсінікті болуын қадағалайды. Сонымен қатар, олардың мәнерлеп оқуын, сондай-ақ өз ойларын логикалық тұрғыдан байланыстыра, жүйелі жазу дағдыларын қальштастыруға тиіс.

Осы мәселені зерттеу  тақырыбы ретінде ала отырып, алдымен  тіл мәдениеті дегеніміз не деген  сұраққа жауап іздедік. М.Балақаевтың  жоғарыдағы мәдениет туралы айтқан анықтамасын  ары қарай тіл мәдениетімен жалғастырсақ ол өз ойын былайша көрсетеді: «Тіл мәдениеті дегеніміз - тілдік тәсілдердің ширау, жетілу дәрежесі. Сонымен қатар, ол тіл жұмсаудағы ізеттілік, сауаттылық қана емес, тілдік тәсілдерді, фонетикалық, орфографиялық, орфоэпиялық, морфологиялық, синтаксистік, стильдік құбылыстарды ұқыпты, дұрыс қолдану дағдысы».

«Тіл мәдениеті  дегеніміз - сөйлеудегі, жазудағы сыпайылық, ізеттілік қана емес, сонымен қатар  айқын ойлылық, сөзді дәл айыру  шеберлігі, сөйлеу өнеріне шыныққандық», - деп анықтама береді Н.Уәлиев өзінің «Сөз мәдениеті» атты еңбегінде. Ал тілші-ғалым Р. Сыздықова: «Тіл мәдениеті дегеніміз - сөздерді дұрыс орнымен қолдану (лексикалық), дұрыс құрастыру (синтаксистік), дұрыс қиюластыру (морфологиялық), дұрыс дыбыстау (орфоэпиялық), сауатты жазу (орфографиялық), тілді әсерлі етіп жұмсау(лингвостилистикалық) нормаларын ұстану, орнықтыру, жетілдіру», - дейді.

«Тіл мәдениеті» негізінен «Сөз мәдениеті», «Сөзді орынды қолдану» деген ұғымды білдіреді. Өйткені, тіл мәдениетінің негізгі  зерттейтін объектісі - сөз,  сөздің дұрыс айтылуы, дұрыс жазылуы, дұрыс қолданылуы, сол арқылы ойдың айқын, әсерлі жетуі, екі ұштылықтың, күңгірттіктің болмауы. Соған орай тіл мәдениеті ғылымын үлкен екі салаға: ауызша сөйлеу мәдениеті, сөз қолдану мәдениеті деп бөлуге болады.

Сондықтан сөйлеу мәдениетіне байланысты өтілетін практикалық сабақтарда ауызша сөйлеу тілінің ерекшеліктеріне көп көңіл бөлініп, қателерді тіл фактілері негізінде талдап, сырын ашып көрсетудің пайдасы зор.

Тіл байлығы - сөз  байлығы. Ал сөз байлығы әр адамның  лексикасындағы қолданылатын сөздердің санымен байланысты болғанымен, негізгі байлық – ой байлығы, сол сөздерді қиюластырып, әсем де әсерлі ой мұнарасын қалай білуде. Себебі сөзді көп біліп, бірақ оны орынды, ойлы, образды жұмсай алмасаң, одан не пайда? Ал сөзге көп мағына сыйғызып, әр сөздің парын, мән-мазмұнын, стильдік бояуын дөп басып беру ойлау қабілетімен, оның шығармашылық сипатымен ұштасып жатады. Ал ой байлығына жету үшін тіл дамуының кешегісі мен бүгінгісін, лексикалық қабаттын баю, толығу жолдарын, тілде пайда болған жаңа құбылыстардың өміршеңдігін, бір сөзбен айтқанда, тілдің ішкі, сыртқы мүмкіншілігін жақсы меңгеріп, оған қамқорлықпен, жанашыр көзбен қадағалап отыру керек.

Сөз қолдану  мәдениетін арттыратын негізгі шаралардың бірі - тіл тазалығы. Тіл тазалығы дегенде, ойымыздың, сөзіміздің бөтен, бөгде элементтермен шұбарланбауын талап етеміз. Әрине, бөтен тілден сөз алмай, таза ана тілі материалының негізінде ғана өмір сүретін әдеби тіл деген болмайды. Көркем шығарманы, сондай-ақ, әдеби нормадан ешбір ауытқымай, бөтен тілдік элементтерді қоспай, сірестіріп, «таза әдеби» тілде де жаза беруге болмайды. Өйткені, көркемсөз шеберлері оқырмаңдарына өмірдің өзі көтерген саласын жан-жақты көрсету, олардың дүниетанымын, эстетикалық талғамын арттыру мақсатын көздейді.

Қандай адам болмасын, ой-өрісінің, білімінің, мәдениеті  мен рухани дүниесінің қаншалықты екені  оның жазған жазуынан, сөйлеген сөзінен  де байқалды. «Кісіге қарап сөз  алма, сөзіне қарап кісіні ал», - деп  ұлы Абай тегін айтпаған. Ана тілінің  мол байлығын игерген, құдіретіне түсінген, күшіне тағзым етіп, бас иген адам өзіне де, өзгеге де талап қоя алады, сөзді қалай болса солай қолдануға жол бермейді. Сөз мәдениеті мен өз мәдениетін қатар ұстап, екеуін бірге әлпештеп, қамқор болса, ана тіліне деген сүйіспеншілігі арта түсері даусыз.

Тіл – жалпы азаматтық құндылық.