Ядролық қарудан бас тартудағы Қазақстанның бастамалары

Ядролық қарудан бас тартудағы  Қазақстанның бастамалары.

6 тамыз - халықаралық ядролық  қаруға қарсы күн. Қазақстан  аумағында 1949 жылдан бастап Семей  ядролық сынақ полигоны жұмыс  істегені мәлім. Онда 40 жыл ішінде, шамамен 500 жуық ядролық сынақ  жасалды. Тәуелсіздік алғаннан  кейін, Қазақстан полигонды жауып,  өз еркімен ядролық қарудан  бас тартқан алғашқы мемлекет  ретінде тарихта қалды.

1945 жылдың тамыздың 6-ында  Жапонның Хиросима қаласы, ал  енді 9-ында Жапон елінің екінші  қаласына - Нагасаки ядролық бомбаның  құрбаны болды. Нагасаки бомбаланған  Хиросимаға қарағанда аз зардап  шекті. Дей тұрғанмен бұл жайттар  салыстыруға келмес... 
   Міне осылайша, әлем жұртшылығы осы жылы ядролық қарудың күш қуаты мен қасіретін алғаш рет байқап көрген еді.

Осыдан соң көп ұзамай-ақ ол қаруға Совет үкіметі де қызығушылығын таныта бастады. Ядролық қарудың мүмкіндігін байқау мақсатында сынақ өткізуге Қазақстанның Семей аймағы таңдап алынды.

Сөйтіп, 1949 жылдың 29 тамызында Семейде алғаш атом бомбасы жарылды. Кей құжаттар бойынша 1949 жылдан 1991 жылар аралығында Совет Одағы Қазақстан жерінде 500-ге жуық ядролық сынақ өткізіпті. Семей полигонында ұзақ жылдар бойы ядролық зымыран қозғалтқышының жеке элементтері ғана емес, жер үсті прототипі де сыналған.

Семей өңірінде 40 жыл бойы сыналған ядролық зарядтардың жиынтық  қуаты Хиросимаға тасталған бомбаның қуатынан 2,5 мың есе асып түседі екен [1].

Ядролық қауіпсіздік жарты ғасырдан астам  уақыт бойы әлем назарында екені баршамызға мәлім. Көп жылдар оның шешімін іздестіруге әлем жұртшылығы қатысып келген. «Қырғи қабақ» соғыс  кезіндегі  бәсекелестікте бес алып мемлекеттің  қолында бүкіл адамзатты жоюға шамалы қару қорлары шоғырланған. Тек ядролық сынақтардың өзі  өмірге шексіз қауіп  төндіргені белгілі. Әлемде 2025 сынақ жүргізілген қазақ халқындай азап шеккен бірде-бір  халық болмағанын айтсақ артық болмас. Жоғарыда айтып өткендей аты  шулы «Семей полигонында» 500-ге жуық атом, сутегі бомбалары сыналып, олардың саны барлық сынақтардың  ¼-ін құраған, ал қауқары жағынан  Хиросима мен Нагасакидегі жарылыстардан 40 мың есе асып түскенін Ресейдің ресми мәліметтері жобалайды. КСРО-ның ядролық зобалаңынан 1 млн. қазақ халқы шейіт болып, осы күндері 500 мың адам неше түрлі ауру-сырқатқа шалдығуда. Туылған сәбилер арасында адам көрмеген, естімеген, ойламаған хайуан сияқтылары да кездесуде.

Тәуелсіз Қазақстанның тарихында  ядролық қарусызданумен тығыз байланысты. Бұл Қазақстанның дұрыс стратегиялық таңдау жасағанын, ядролық қарудан  бас тартқан ел мәртебесіне ие болғанын көрсетеді. Қазақстан адамзаттың бүгінгі және болашақ ұрпағы арасында үлкен жауапкершілік өнегесін көрсете  білді. Нақты қауіпсіздіктің тірегі ядролық арсенал емес, сыртқы бейбітшілік сүйгіш саясат, ішкі тұрақтылық, елдің тұрақты экономикалық және саяси дамуы болып табылатындығын өз мысалымен сенімді дәлелдеді.

1991 жылдың 29 тамызында Президент  Нұрсұлтан Назарбаев өзінің Жарлығымен  Семей ядролық сынақ полигонын  жапқаны туралы барша әлемге  жария етті. Сан жылдар бойы  халықты радиацияның «уымен»  улаған сынақтан қаншама азамат  құрбан болды, сау адам мүгедектің  күйін кешті. Ядролық сынақтың  жабылғанына 20 жыл уақыт өтсе  де, зардаптарын қарапайым халық  әлі де кешіп отыр [2]…

Қазақстанның ядролық  қарусыз мемлекет атануына жол салған тағы бір маңызды қадам -  президент  Нұрсұлтан Назарбаевтың өз елі Ядролық  қаруды таратпау туралы келісімшартқа қосылуға дайын екендігін мәлімдеуі болды. Ол осынау тарихи мәлімдемесін 1992 жылғы 18-23 мамырда Вашингтонға жасаған алғашқы ресми сапары барысында жария еткен болатын. Осы мәлімдеменің аясында Қазақстанның аумағындағы барлық ядролық оқтұмсықтарды залалсыздандырудың нақты тетіктері жасалды.

1992 жылдың 23 мамырында Лиссабон  өкілдері және АҚШ бес жақты  хаттамаға қол қойды. Ол хаттама  бойынша «Стратегиялық шабуылдық  қару-жарақтарды қысқарту және  шектеу келісім» жағдайының жүзеге  асыруы туралы олардың жауапкершілік  шеңберін айқындады. Сонымен қатар,  Лиссабон Хаттамасында Беларусия,  Украина және Қазақстанның Ядролық  қаруды таратпау туралы шартқа  ядролық қарусыз мемлекет ретінде  қосылуы жайлы міндеттемелер  қарастырылған болатын [3].

1993 жылдың желтоқсанында  ел Парламенті ЯҚТШ-ны бекітіп,  бір жылдан соң Қазақстан ядролық  державалардан қарусыздану жөніндегі  міндеттемелердің толық және  бұлжытпай орындалуын мойындаған  қауіпсіздік кепілдемесіне ие  болған. 1996 жылы Ядролық сынақтарға  жаппай тыйым салу туралы Шартқа  қосылса, 2006 жылы қыркүйекте өңірдің  басқа да елдерімен бірге Қазақстан  Орталық Азиядағы ядролық қарудан  ада аймақ туралы Шартқа қол  қойды [4]. Бұл игі қадам –  жаңа ядролық қарусыз аймақ  құру Азиядағы тұрақтылық пен  қауіпсіздікке қосылған маңызды  үлес болып табылды.

Қазақстан әлемдегі төртінші ядролық арсеналдан өз еркімен бас  тарта отырып, ядролық қатерді  жоюдың табанды жақтаушысы болып  қала берді. Бүгінде ядролық қаруды таратпау және қарусыздану мәселелерінде  Н.Ә.Назарбаевтың және Қазақстанның көшбасшылығын  халықаралық қауымдастық мойындады  да, ерекше құрметтейді де.

1994 жылдың 14 ақпанында Қазақстан  Халықаралық Атом Энергетикасы  Агенттігінің (МАГАТЭ) мүшесі болды. 1994 жылғы 26 шілдедегі ЯҚТШ ережесіне  байланысты Алматыда Қазақстан  Үкіметі мен МАГАТЭ арасында  Келісімге қол қойылды. Кейіннен 1995 жылдың 19 маусымында Қазақстан  Республикасы Президентінің жарлығымен  келісім ратификацияланды. Содан  бастап, Қазақстан территориясындағы  барлық ядролық объектілер МАГАТЭ  қарамағына өтті және Қазақстанның  бар ядролық әрекеттері Агенттіктің ережелеріне сәйкес жүзеге асырылып отыратын болды.

1994 жылдың 5 желтоқсанында  ОБСЕ-нің Будапешт саммиті кезінде  Ресей, АҚШ, Ұлыбритания Меморандумға  қол қойған болатын. Ол Меморандум  бойынша Қазақстан, Беларусь және  Украинаның ЯҚТШ-ға ядролық қарусыз  мемлекет ретінде қосылғаны үшін, оларға қауіпсіздік кепілдігін  ұсынған болатын. Бұл құжатқа  қол қойғаннан кейін Қазақстан  өз территориясынан барлық ядролық  қаруды шығаруға міндетті болды.  Кейіннен мұндай кепілдікті Қытай  және Франция мемлекеттері де  ұсынған болатын.

1995 жылы Қазақстан территориясынан  барлық ядролық қарулар шығарылды,  зымырандық қондырғылар жойылды.  Сонымен Қазақстан ядролық қаруды  шығарудан барлық талаптарды  орындағаннан кейін, қазақ жеріндегі  ядролық қару инфрақұрылымының  жоюымен және бұрындары әскери  салада жұмыс істеген өндірісті  қарапайым – азаматтыққа айналдырумен  айналысты. Тағы бір айта кетерлік  жайт, МАГАТЭ ядролық бұйымдарды  бақылауға, АЭС пайдалану, ядролық  бұйымдарға қорғау қою сияқты  Қазақстанға үйлестіру техникалық  көмек көрсету жоспарын жасап  берді. Онда Ұлыбритания, АҚШ,  Швеция және Жапонияда қатысқан  болатын [3].

Қазақстан Республикасы «ядролық қарудан азат әлемге қадам басу керектігі» туралы адамзатқа талай рет үндеу  тастады [5]. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев  «ядролық қаруды таратпау туралы Шарттың (ЯҚТШ) тиімділігін қамтамасыз ету  және оның ережелерін ядролық қаруды таратпау режимін нығайту мақсатында қазіргі заман ақиқатына лайықтандыру жөніндегі шараларды БҰҰ шеңберінде қабылдау керектігіне» ядролық державалардың  назарын БҰҰ Бас Ассамблеясының 62-ші сессиясында аударған болатын.

Сонымен қатар, Қазақстан  Ядролық сынақтарға жаппай тыйым  салу туралы Шарттың (ЯСЖТС) мүмкіндігінше  тез арада күшіне енуін және ыдырайтын  материал өндірісіне тыйым салу туралы Шартты (ЫМӨТШ) әзірленуін қалайды. ЯСЖТС-ті дайындау комиссиясы аясында Жаһандық бақылау желісін жаңадан құру және жергілікті инспекциялар құқығын  нығайту мәселелері бойынша отандық  дипломатия аталмыш құрылыммен белсенді түрде бірлесе жұмыс істеуде.

- 1994-1996 жылдардағы ядролық қарусыздану  саласындағы белсенді іс-әрекетінің  арқасында Қазақстан 1996 жылы бақылаушы  мәртебесіне ие болды, ал 1999 жылдың 5 тамызында консенсус арқылы  Қарусыздану жөніндегі конференцияның  мүшелігіне қабылданды.

Қазақстан, химиялық қаруы болмағанына  қарамастан химиялық қаруды жасауға, өндіруге, жинақтауға және қолдануға тыйым  салу туралы және оны жою туралы конвенцияның қатысушысы болып табылады. Қазақстан оған 1993 жылы 13 қаңтарда қол  қойды және 1999 жылы 24 маусымда бекітті. Конвенцияның ережелерін орындау үшін ұлттық орган құрылған. Қазақстан  өкілдері Конвенцияға қатысушы мемлекеттер  конференциясының сессиялары мен жыл  сайынғы отырыстарына тұрақты түрде  қатысады.

- 1996 жылғы қыркүйекте БҰҰ Бас  Ассамблеясының 51-ші сессиясы уақытында  Қазақстан Ядролық сынақтарға  жаппай тыйым салу туралы шартқа (ЯСЖТШ) қол қойды және 2001 жылғы  14 ақпанда оны бекітті. ЯСЖТШ қол қою арқылы Қазақстан Ғаламдық мониторинг Желісін құру тұрғысынан ЯСЖТШҰ Даярлық комиссиясымен белсенді ынтымақтаса отырып, шарт шеңберіндегі верификациялық тәртіпті нығайтуға қомақты үлес қосады. ЯСЖТШ ережелерін тиімді орындау мақсатында ҚР Үкіметі мен ЯСЖТШ Ұйымының Дайындық комиссиясы арасында Ядролық мониторинг құралдарына байланысты іс-әрекеттерді іске асыру туралы келісімге қол қойылды. Қазақстан ЯСЖТШ Ұйымының маңызды жұмыстарының бірі болып табылатын Дала эксперименттерін өткізуге маңызды үлес қосты.

- 2002 жылдың 13 мамырында Қазақстан лаңкестікпен күресуді, жаппай қырып-жоятын қарулардың таратылуына қарсы тұруды, ядролық материалар мен қос мақсатты өнімдердің пайдаланылуын және қозғалысын бақылауды күшейтуді мақсат еткен Ядролық материалдар жеткізушілер тобының мүшесі атанды.

- 2002 жылғы 13 мамырда Қазақстан  Ядролық Жабдықтаушылар Тобының  (ЯЖТ) 40-шы мүшесі болды. ЯЖТ-ға  қатысудағы біздің мақсатымыз  лаңкестікке қарсы күрес, жаппай  қырып-жою қаруының таралуына  қарсы тұру шараларын жандандыру, ядролық материалдар мен қосарланған  мақсаттағы өнімдердің пайдалануы  мен қозғалысын бақылауды күшейту.

- 2005 жылдың шілдесінде Қазақстан  «Краков инициативасы» деген  атпен белгілі Жаппай қырып-жою  қаруының таралуы саласындағы  қауіпсіздік бастамасына қосылды.  Бұл бастаманың мақсаты – күдікті  әуе және теңіз кемелерін, сонымен  қатар жаппай қырып-жою қаруымен  байланысты материалдарды тасымалдайтын  құрлық көліктерін ұстау үрдісіне  барлық мемлекеттерді жұмылдыру.

- 2005 жылы шілдеде Австрия СІМ-не  – Баллистикалық зымырандардың  таралуымен күрес бойынша Халықаралық  кодексінің депозитариіне ҚР  СІМ-нің Қазақстанның Кодекске  қосылуы туралы хабарлайтын нотасы  жіберілді. Бұл еліміздің Зымырандық  технологияларды бақылау тәртібіне  енуіндегі маңызды іс болып  табылады.

- 2006 жылы 8 қыркүйекте Қазақстан  көрші мемлекеттердің қатарында  Семей қаласында Орта Азияда  ядролық қарудан азат аймақ  құру туралы шартқа қол қойды.  Қазақстан алғашқы елдердің қатарында,  Ресей мен АҚШ Президенттерінің 2006 жылы шілде айында ұсынған,  Ядролық терроризм актілерімен  күресі жөніндегі жаһандық бастамаға  қосылды. 2007 жылғы маусым айында  Астана қаласында Жаһандық бастаманың  сыртқы істер министр орынбасарларының  үшінші кездесуі өтті. 2004 жылғы  6 ақпанда Қазақстан Республикасы  мен МАГАТЭ арасындағы кепілдіктерді  қолдану туралы келісімге Қосымша  хаттамаға қосылып, оны 2007 жылғы  19 ақпанда бекітті. [6. 10-11].

Қосымша хаттамада көзделген іс-шараларды  іске асырудың мақсаты – ядролық  материалдың мәлімделген бейбіт іс-әрекеттен әскери мақсатқа ауысуын  болдырмауға, сонымен бірге жалпы  алғанда мемлекетте мәлімделмеген  ядролық материалдар мен заңсыз ядролық іс-әрекеттің болмайтындығына  берік сенімділікті қамтамасыз ету.

- Қазақстан Бактериологиялық және  токсиндік қаруды жасау, өндіру  және жинақтауға тыйым салу  туралы және жою туралы конвенцияға  қосылып, оны 2007 жылғы 7 мамырда  бекітті.

- 2008 жылдың 1-30 қыркүйек кезеңінде  бұрыңғы Семей ядролық полигонында  ЯСЖТШ Ұйымымен бірлескен Интегралды  дала эксперименті (ИДЭ08) өткізілді.  Аталған іс-шаралар кез-келген  ортадағы ядролық жарылыстарды  немесе оларды өткізуге дайындық  жұмыстарын тіркеу бойынша инспекциялардың  түрлі әдістерін дайындау мақсатында  өткізілді. ИДЭ08 – ЯСЖТШ Ұйымы  құрылығаннан бері ұйымдастырылған  іс-шаралардың ішіндегі аса маңыздысы  болды. 

Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы 2008 жылы Қазақстанда Жаһандық бастаманың шеңберінде келесі іс-шаралар өткізілді:

- 6 маусымда Алматыда Ұлттық  ядролық орталықтың Ядролық физика  институтында «Атом-Антитеррор -2008»  атты терроризмге қарсы халықаралық  оқулары өткізілді.

- 11 қыркүйекте Өскемен қ. Ульба  металлургиялық зауытында «Жобалық  қауіп» атты екі күндік семинар  өтті [7. 5-6].

2009 жылдың наурыз айында  «Орталық Азия аймағының ядролық  қарудан азат аймақ» атты келісім  өз күшіне енді. Бұл келісім  – 2006 жылы Семейде Орталық  Азияның 5 мемлекеті бірлесе қол  қойған болатын. Бұл келісім  Орталық Азияның 5 мемлекетін  толығымен қамтыған, қауіпсіздік  саласындағы көп жақты алғашқы  келісім болды. Аймақтық және  әлемдік қауіпсіздікті сақтауда  біздің Президентіміздің қосқан  үлесі көп болды. Яғни, ядролық  қаруға тыйым салу, атомды бейбіт  түрде қолдану және халықаралық  ядролық лаңкестікке жол бермеу [8].

2010 жылы қыркүйекте біздің  ұсынысымызбен Астанада лаңкестікті қаржыландырудың жолын кесу және ядролық лаңкестікке қарсы күрес жөніндегі Жаһандық бастама конференциясы және Іске асыру мен бағалау жөніндегі топтың инагурациялық отырысы өтті. Сол жылдың қарашасында Ақтау қаласында БН-350 реакторынан алынған (700-ден аса ядролық бомба жасауға жететін), пайдаланылған ядролық отынды қауіпсіз жерге орналастыруға жеткізуде көлемі жөнінен теңдессіз жоба аяқталды. Тасымалдау жұмысы мүлтіксіз жүзеге асырылды. Осы жылдың қаңтарында Қазақстанда АҚШ-пен бірлесіп ядролық материалдарды тасымалдау кезіндегі радиологиялық оқиғаға дайын болу жөнінде оқу өткізілді. Бұған қоса, бұрыңғы Семей ядролық полигонында америкалық және ресейлік тараптармен ынтымақтасқан күрделі жұмыс аяқталып, нәтижесінде, ядролық сынақ өткізгеннен кейінгі таулы аймақта қалған жүздеген кило ядролық материалды консервациялау (сақтау) мен перманентті (үздіксіз) қауіпсіздік қамтамасыз етілді [9].

2010 жылы Ядролық қаруды  таратпау жөніндегі шартқа қатысушы  мемлекеттердің Шолу конференциясында  бірауыздан «Қорытынды құжатты», соның ішінде оның «ядролық  қарусыздану, таратпау және атом  энергиясын бейбіт мақсатта қолдану  бойынша Іс-әрекеттер жоспарын»  қабылдауды қуаттай отырып, ядролық  қарусыз әлемге қол жеткізу  мақсатын алға тартудың тиімді  және пайдалы тәсілі ретінде  қарусыздану мен таратпау саласындағы  білімнің маңыздылығын мойындады.

Ядролық қарусыз  әлем жөніндегі декларация - 2011 жылы 12 қазанда ҚР-ның Елордасы - Астана қаласында қабылданды. Бұдан бұрын Елбасы Н.Назарбаевтың бастамасымен БҰҰ шеңберінде белгіленген ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдың халықаралық күніне арналған шаралар аясында Астана мен Семей қалаларында ядросыз әлем құру мәселесіне арналған екі күндік халықаралық форум өтті. 2011 жылы 12 қазанда Астанадағы Тәуелсіздік сарайында өткен «Ядросыз элем үшін» атты форумға БҰҰ, МАГАТЭ, ЕҚЫҰ, ЯСЖТКҰ, ШЫҰ, АӨСШК, ЮНЕСКО, ЕурАзЭҚ сияқты халықаралық және аймақтық ұйым басшылары, өкілдері, АҚШ, Жапония, Норвегия, Бельгия, ¥лыбритания, Франция, РФ, Словакия, Швейцария, Пәкстан, Ирак, Түркия, Корея, Моңғолия, Вьетнам, т.б. елдер парламенттерінің депутаттары, мемлекет және қоғам қайраткерлері катысты. Қазақстаннан Президент әкімшілігінің жауапты қызметкерлері, Үкімет мүшелері, депутаттар, қоғам қайраткерлері, саясаткерлер, журналисттер болды. Қазақстан Президенті форумда ядросыз әлем жөнінде сөз сөйледі. Сөзінің соңында Нұрсұлтан Назарбаев осы жүзжылдықта біздің планетамыздың ядролық өзін өзі жою қатерінен толықтай арылатынына сенетінін білдірді. Залға жиналған төрткүл дүниедегі өзінің барлық ниеттестері мен пікірлестеріне осы бағытта жемісті еңбек тіледі. Президент сөзінен кейін баяндама жасағандар: БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мунның «Ядролық әлем үшін» халықаралық форумына қатысушыларға Жолдауында, АҚШ Президенті Б.Обаманың «Ядролық әлем үшін» атты Астана форумына қатысушыларға Жолдауын оқып берген АҚШ Энергетика министрінің бірінші орынбасары Д.Понеман, МАГАТЭ-нің Бас директоры Ю. Амона, Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шарт ұйымының (ЯСЖТШҰ) Атқарушы хатшысы Тибор Тот, АҚШ Конгресінің мүшесі Э.Фалеомаваеға, Германияныц экс-канцлері Г.Д. Геншер Елбасына, сондай-ақ форумға қатысушыларға құттықтау жедел- хатында, негізгі баяндамалардан кейін ядролық қарудан ада - бейбітшілікке қол жеткізу тақырыбындағы сессияда ТМД Атқару комитеті төрағасының бірінші орынбасары В. Гаркун, Ұлыбритания Парламенті Лордтар палатасының мүшесі Л. Уэйверли, Ресей саяси зертгеулер орталығының президенті В. Орлов, жаһандық қауіпсіздік институтының Президенті Д. Гранофф (АҚШ), АҚШ-тағы Канзас штатының губернаторы С.Браунбек, ЯҚТЖШ-ның атқарушы хатшысы Т.Тот, АҚШ мемлекеттік хатшысының көмекшісі Р.Готтемеллер, Норвегия Парламентінің депутаты М. Хоглунд, Жапония Парламентінің депутаты Х. Каваути, Жапония Парламентінің тағы бір депутаты Н. Такэмотон, ГФР Үкіметінің қарусыздану мәселелері жөніндегі өкілі К. Айххорн, Франция Сенатының мүшесі Амери де Монтескью, Ипр (Бельгия) қаласы мэрінің орынбасары Ян Брейн, АҚШ өкілі Пол Уокер, Таратпау проблемаларын талдау жөніндегі орталықтың директоры Уильям С.Поттер, БҰҰ-ның Орталық Азия бойынша өңірлік орталығының жетекшісі М. Енча, АӨСШК-нің атқарушы директоры Ч.Алдемир, АҚШ-тың Қазақстандағы бұрынғы елшісі Уильям Х. Кортни, БҰҰ-ның каруды таратпау және карусыздану жөніндегі орталықтың экс-директоры Ц. Исигури, Жапония халықаралық қатынастар институтындагғ орталық директоры Но-буясу Абэ және сессияға қатысушы модераторлар С. Лодгард, Т. Тот және О. Поттер Астана декларациясы жобасымен танысып, құжатты бірауыздан қабылдады [10].

2012 жылдың 29 тамызында Астанада  «Ядролық сынаққа тыйым салудан  – ядролық қарусыз әлемге»  атты халықаралық конференциясы  болып өтті.

Конференцияға 52 мемлекет пен 7 халықаралық  ұйымның делегациялары қатысты. Кездесудің соңында қатысушылардың Қазақстан президентінің ядролық  қаруды таратпау және ядролық қарусыздану  саласындағы бастамаларын қолдаған үндеуін қабылдады.

Халықаралық конференция – ядролық  қарусыз әлем жөніндегі Астана декларациясын  жүзеге асырудың бір бөлігі. Сондай-ақ, ол Семей ядролық полигонының  жабылуына 21 жыл толғанына және БҰҰ-ның  жариялауымен 29 тамызда атап өтілетін халықаралық ядролық сынақтарға қарсы іс-қимыл күніне орайластырылған [11].

Жоғарыда айтылып кеткен Қазақстанның бастамаларының ішінде ядролық  қарудан ерікті бас тарту мен  Семей сынақ полигонын жабуы  туралы шешімдер ерекше орынға ие. 2010 жылдың сәуір айындағы Қазақстанға сапар  кезінде, БҰҰ-ның Бас Хатшысы Пан  Ги Мун, қазақ елінің мұндай шешіміне жоғары баға берген болатын [8].

Қазақстанның қарусыздану  мен жаппай қырып-жою қаруын таратпау саласындағы саясаты халықаралық  қауіпсіздікті нығайту, мемлекеттер  арасындағы ынтымақтастықты дамыту, ғаламдық мәселелер мен қақтығыстарды  реттеудегі халықаралық ұйымдардың рөлін арттыру жолын ұстанатын  сыртқы саяси бағытымен айқындалады.

XXІ ғасыр адам баласының жаһандану кезеңіне аяқ басып, әлемді жаңарту бағытында көптеген ғылыми  өзгерістерімен таңдандыруда. XX ғасырдың 40-жылдарынан бастау алған  ядролық қарудың негізі,  адамзат қоғамының  қауіпті дертіне айналып,  «ядролық қару» бағыттары бүгінгі күннің өзекті мәселесіне айналуда. Ядролық қарудан бас тарту мәселесі – барлық қазіргі заманның ең күрделі мәселелерінің бірі болып табылады. Ядролық державалар клубының бақылаусыз кеңею қатері – ХХІ ғасырдағы аса көкейкесті проблемалардың бірі. Егер халықаралық қоғамдастық ядролық қаруға ие мемлекеттер ауқымының кеңеюіне қарсы саяси күш-жігер таныта алмайтын болса, оның салдарлары үлкен ауыртпалықтарға алып келуі әбден мүмкін.

 

  1. Ядролық қарудың тарихы//http://megamozg.kz/index.php?page=view_mat&id=1500&partition=other&subpartition=articles_historyworld/
  2. Экономика//29 Қыркүйек 2011//Бизнес & Саясат//№39(211) 29 қыркүйек - 5 қазан//Қазақстан – ядролық арсеналдан өз еркімен бас тартқан мемлекет//Мақпал САҒЫНДЫҚ
  3. http://www.wok.kz/diplomat/281/kaz_security/acme//Деятельность Казахстана по укреплению международного режима нераспространения оружия массового уничтожения
  4. - Сейсенұлы, Дәулет.Қазақстан — бейбітшілік эпицентрі: [Ядродлық қарудан азат аймақ туралы шартқа қол қойылды]// Егемен Қазақстан.-2006.- 9 қыркүйек.-5б.
  5. Назарбаев, Нұрсұлтан Әбішұлы.     Бейбітшілік кіндігі.- Алматы: Атамұра, 2003.- 256 б.:сурет.
  6. «Ядролық қауіпсіздік мәселелері» www.inform.kz/kaz/section/21595 – Cached –Similar
  7. stud24.ru/relations/yadroly…/71595-228250-page5.html
  8. дипломатия жаршысы, 1(34)2012, Мирослав Енча, Безопасный мир и Центральная Азия: взгляд на место и роль Казахстана, 32 бет
  9. 23 тамыз, 2012, Қазақстан – ядролық қаруды таратпау үдерісінің табанды жақтаушысы, «Егемен Қазақстан», Әңгімелескен Әлисұлтан Құланбай
  10. Айбын. Энциклопедия. / Бас ред. Б.Ө.Жақып. - Алматы: «Қазақ энциклопедиясы», 2011. - 880 бет.ISBN 9965-893-73-Х
  11. http://today.kz/kz/news/kazakhstan/2012-08-29/32006

Ядролық қарудан бас тартудағы Қазақстанның бастамалары