Ядролық қарудың зақымдаушы факторлары. 3

 

 

Жоспар:

  1. Кіріспе
  2. Негізгі бөлім
  1. Ядролық қарудың зақымдаушы факторлары
  1. Ядролық жарылыстар
  2. Қазақстандағы ядролық жарылыстар
  3. Невада- Семей қозғалысы

   ІІІ.  Қорытынды

 Пайдаланылған әдебиеттер

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Ғылымның жетістігі адамзат баласын ұшан-теңіз жетістіктерге жеткізді. Бақыт пен берекеге бөледі. Алайда, қай ғасырда да соғыс құралдарын ойлап шығару, жаңа түрін жетілдіру бәсекесі тоқтаған жоқ. Садақтан басталған соғыс қаруы атом бомбасына келіп жетті. Алпауыт елдердің жедел қарулануының нәтижесінде ХХ ғасырдың ғалымдары ядролық қаруды ойлап тауып, әр түрлі сынақтардан өткізді. XX ғ. ядролық қару-жарақтың қалыптасуына II дүниежүзілік соғыс себепші болды. Сонымен қатар жаңа, жасанды энергияның пайда болуы – адам ой-санасы мен ғалымдардың табиғат құпиясын жаулаған батылдығы. Ядролық энергияны игеру Англияда, Германияда, ал кең масштабта АҚШ-та басталды

Ядролық қару деп жарылыс кезінде ядролық реакцияның жүруінің      нәтижесінде болатын ішкі ядролық қуатты пайдалануға негізделіп жасалған қаруды айтады. Ол барлық белгілі зақымдау құралының ішіндегі ең қуаттысы. Ядролық жарылысының қуаты тротилдық эквивалентпен өлшенеді. Тротилдық эквивалент тоннамен (т), килотоннамен (Кт) және мегатоннамен (Мт) өлшенеді.Ядролық қару – жаппай қырып-жою қаруы. 
 
Атом бомбасы (Атомная бомба) — авиациялық ядролық бомбаның алғашқы атауы. Оның әрекеті жарылғыш тізбекті ядролық бөлінуі реакциясына негізделген. Термоядролық синтез реакциясына негізделген сутек бомбаның пайда болуымен жалпы "ядролық бомба" деген термин орнықты.[1] 
Ядролық қарудың өзінен, оны жеткізетін құралдардан (зымыран, торпедо, ұшақ, артиллериялық атыс), сондай-ақ қарудың нысанаға дәл тиюін қамтамасыз ететін әр түрлі басқару құралдарынан тұрады. Ол – ядролық және термоядролық болып бөлінеді. 
Ядролық қару жаппай қырып-жою құралы ретінде қысқа мерзім ішінде әкімшілік орталықтарды, өнеркәсіп және әскери нысандарды, әскерлер тобын, флот күштерін талқандау, қоршаған ортаны радиоактивтік ластандыру, жаппай бүлдіру, суға батыру, т.б. мақсаттар үшін қолданылады. Ядролық қару адамдарға күшті моральдық және психологиялық әсер етеді. Оның қуаттылығы тротилдік эквивалентпен бағаланады. Қазіргі заманғы бұл қарудың қуаты ондаған тротилден бірнеше ондаған млн. тротилге дейін жетеді. Арнайы әдебиеттерде ядролық қарудың қуаты килотоннамен (кт) және мегатоннамен (мт) де көрсетіледі. Бұл қаруды қарулы күштердің барлық түрлері қолдана алады. Ядролық қару қуаттылығы бойынша стратегиялық, оперативті-тактикалық және тактикалық болып бөлінеді.                   Ядролық қару жарылған кезде: екпінді толқын, жарықтық сәулелену, өтпелі радиация, радиоактивті зақымдану мен электр-магниттік импульс сияқты зақымданушы факторлар пайда болады. 
Өтпелі радиация (ядролық жарылыс кезіндегі гамма-сәулелену мен нейтрондар ағыны-әсері 10 – 15 с-қа созылады) сәуле ауруының пайда болуына әкеп соғады. 100 кт тротилдік эквивалентті ядролық жарық жер үстінде жарылған кезде жасырынатын жерден тыс орналасқан адамдар 1 км радиуста өлімге ұшырап, 1,7 км-де ауыр дәрежедегі, 1,9 км-де орташа, 2 км-ге дейін жеңіл дәрежедегі күйікке ұшырайды. Қоршаған орта мен онда орналасқан нысандардың радиоактивті зақымдануы ядролық жарылыс бұлтынан және радиоактивтік заттардың түсуінен пайда болады. 
Электр-магниттік импульс (ядролық жарылыстар кезінде пайда болатын қысқа мерзімдік электр және магниттік өрістер) антенналарға, сымдарға, кабельдік тармақтар мен байланыс құралдарына әсер етіп, істен шығарады. Ядролық қарудың жасалуы 20 ғасырдағы ядролық физиканың дамуымен байланысты болды. 20 ғасырдың 40-жылдарының бас кезінде АҚШ ғалымдарының тобы ядролық жарылысты жүзеге асырудың физика қағидаларын дайындады.

Ядролық қарудың алғаш сынақтан өткізілуі. Осыдан 64 жыл бұрын тамыздың 6-ы күні Жапонияның Хиросима қаласына американдық «Малыш» атты бомба тасталды. Бұл қаланы манхэттэндік жобаның зерттеуші тобы 1945 жылдың көктемінде Кокура, Нигата және Жапонияның ең көне әрі қасиетті болып есептелетін Киото қалаларының арасынан таңдап алды. Топқа математиктер, физик-теоретиктер, қопарушы мамандар мен метеорологтар кірді. 26 шілдеде «Индианаполис» крейсері «Малыш» атом бомбасын Тиниан аралына жеткізді. Тамыздың 9-ында Жапон елінің екінші қаласы - Нагасаки ядролық бомбаның құрбаны болды. Ондағы жарылыстан 70 мың адам қайтыс болып, тұрғын үйлердің 36 пайызы қиратылды .  КСРО-да академик И.В. Курчатов басқарған ғалымдар тобы ядролық қару жасады. 1947 ж. Кеңес үкіметіКСРО үшін атом бомбасының құпиясы жоқ екендігін мәлімдеді. 1949 ж. тамызда КСРО-да Семей полигонында бірінші атом бомбасын сынау өткізілді. 1952 ж. 1 қарашада АҚШ-та қуаттылығы 3 мт термоядролық қондырғы жарылды. Авиациялық бомба түріндегі термоядролық қару АҚШ-та 1954 ж. жасалды. КСРО-да термоядролық бомба 1953 жылдың 12 тамызында бірінші рет сынақтан өткізілді. 50-жылдардың ортасында АҚШ пенКСРО-да ядролық қаруды әр түрлі қашықтықтарға жеткізуге арналған әр түрлі кластар мен типтердегі тасығыштар жасалды. 1960 ж. КСРО-да Қарулы Күштердің ерекше түрі – стратегиялық мақсаттағы ракеттік әскер құрылды. АҚШ пен КСРО-дан басқа Ядролық қару 1952 ж. 30 қазанда Ұлыбританияда, 1960 ж. 13 ақпанда Францияда, 1964 жылдың 16 қазанында  Қытайда пайда болды. Кейіннен Ядролық қаруға Үндістан мен Пәкстанда ие болды. Қазіргі кезде кем дегенде 30 ел ғылыми-техникалық жағынан ядролық қару шығаруға дайын. АҚШ-та 1975 жылдың өзінде 30 мың бірліктен астам ядролық қару-жарақ түрі болды (әскери-әуе, әскери-теңіз күштері мен құрлықтағы әскерлердің иелігіндегі 80 мың стратегиялық және 22 мыңдай тактикалық түрі). Ядролық қаруды межеге жеткізу үшін әр түрлі алып ұшақтар жасалып, олар тұрақты әскери дайындыққа келтірілді. 1976 жылдың қарсаңында АҚШ-тың стратегиялық шабуылдаушы күштерінің құрамында 1054 құрлықаралық баллистикалық зымырандар (“Титан-2”, “Минитмен-2”, “Минитмен-3”), 400-ден астам ұшақтар (В-52 және В-111) болды, 41 атомдық сүңгуір қайық “Поларис А-3” және “Посейдон” зымырандарымен жарақтандырылды. Осы тектес атомдық қару түрлері басқа атомдық державаларда да жеткілікті дәрежеде. Сондықтан ядролық қару бүкіл адамзат үшін орасан қауіп болып есептеледі. Мысалы, Америка мамандарының есептеулері бойынша қуаттылығы 20 мт термоядролық қару 24 км радиустағы барлық тұрғын үйлерді жермен жексен етіп, оның эпицентрінен 140 км-ге дейінгі аралықтағы тіршілік иелерін жоя алады. Атом қуатын әскери мақсаттарға қолдануға байланысты қауіп халықтардың ядролық қаруға тыйым салу жолындағы қуатты қозғалысын тудырады. 

Республикамыздың аумағында ядролық қарудың сыналғаны әлемге әйгілі. Полигондар аймағы ұзақ жылдар бойы құпия сақталынды. Тек, Семей полигоны ғана көпшіліктің назарында болып, қалған сынақ аймақтарынан жұрт беймәлім болды. Шын мәнінде, қазақ даласының 19 млн.га. жері 40 жыл бойы ядролық сынақтың полигоны болды. Ол жерлер Семей, Азғыр, Нарын, Тойсойған, т.б. полигондары алып жатқан табиғи әсем, щұрайлы жайылымдар еді. Осы жерлер де 1949-1989 жылдар аралығында болған ядролық сынақтардың 27-сі атмосферада, 183-і жер бетінде, қалғаны жер астында жасалды. Атом қаруы сыналған елдермен салыстырсақ 225, АҚШ-та 1032, Қазақстанда 500-ден астам жарылыс жасалған. Бұдан біз Қазақстан жерінің қаншалықты зардап шеккендігін көреміз. Атом қаруы сол сияқты Ұлыбританияда, Қытай, Франция, Үндістан, және Пәкістанда сыналған. Оның үстіне, дүние жүзіне танымал ядролық сынақтың орталықтары – Капустин Яр Ресейде, Лобнор Қытайда, олар Қазақстанға шекаралас жақын жатқан аумақтар . 

1990 жылғы мәліметтер бойынша  сынақ жасалған жерлердің көлемі  облыстар бойынша 16686,1 мың га жерді  қамтыған. Ядролық қарудан тек  атом бомбаларын сынаумен шектелмей  полигондарды соғыс ракеталарын, т.б. техникаларды да сынақтан  қатар өткізіп отырған. Батыс  Қазақстан аумағында 1966-1979 жылдар  аралығында 24 рет ядролық қару  сыналған. Соның ішінде Азғыр  полигоны ғана 6,1 мың га жерді  алып жатыр. Осы аймақтарда радиактивті  заттардың шекті рауалы мөлшері (кадмий, стронций, қорғасын) бірнеше  есеге көбейіп кеткені анықталған. Мұндай сынақтар Үстіртте де 1968-1970 жылдары жасалған. Сол сияқты  ірі полигондар қатарына Атырау  облысының Тойсойған, Балқаш көлі  маңында Сарышаған, Ташкент – 4 сынақ  алаңдары мен Байқоңыр ғарыш  айлағы да жатады. Сынақтар кезінде  апатқа ұшыраған ракеталар, соғыс  техникалары қоршаған ортаға  өте қауіпті. Полигондардың ішіндегі  Семей өңірі ең көп зардап  шеккен аймақ. Мұнда атом қаруын  сынаудың ғылыми орталығы орналасқан, ол – Курчатов қаласы. Шығыс  Қазақстан облысының Абай, Бесқарағай, Жаңасемей, Абыралы аудандарының  аумақтары атом сынақтарының  ордасы аталып, ең көп зардап  шеккен экологиялық апатты аймаққа  айналды. Қазақстан жерінде атом  қаруларын сынау 40 жылға созылып, табиғи экожүйелер бүлдіріліп, жарамсыз  етті. Жалпы полигондар көлемі 33,6 млн. гектарға жетті. Полигондарға  пайданылған жерлердің ауа, сулары  арқылы мыңдаған шақырым жерге  тарайтыны белгілі. Қазірдің өзінде  Қазақстанда 2,6 млн. адам мутагенез  ауруымен есепте тұр. Оның басым  бөлігі Семей өңірінің тұрғындары. Радиация сәулесі әсері туралы  арнайы әдебиеттерде: «Адамдардың, жан-жануардың 70-80 бэрден жоғары  сәуле алуы қауіпті» делінген, ал адам, жан-жануарлар 250-300 бэр сәуле  дозасын алса, өмір сүре алмайды. Міне, осыған сәйкес, аса қауіпті, төтенше аймақта тұратын тұрғындар  жылына бір рет денсаулығын  тегін тексертіп, бойындағы радиация  деңгейін өлшетіп тұрса, осыған  орай ем-дом тегін көрсетілсе. 1950 жылдан бері 40 жыл бойы жарылыс  болған елді мекендерде сол  аралықта қайтыс болған адамдар  отбасыларына Жапония, Чернобыль, АҚШ-тың  Техас штаттарындағыдай жәрдемақы  төмен.

      Семей полигоны - КСРО ядролық сынақ полигондарының бірі, аса маңызды стратегиялық объектісі болды. КСРО заманында Қазақстан аумағында атом бомбалары сынақтан өтті. Ол үшін арнайы 18 млн га жер бөлініп, Семей ядролық полигоны ашылды. Бастапқысынды адамдарға, жануарлар мен табиғатқа тікелей зардабын тигізген ашық сынақтар жасалды. Сосын оларды жер астына жасай бастады. Атом бомбаларының жарылыстары сұмдық ауыр болды. Семей маңындағы радиациялық әсер аймағында тұратын 500 мыңдай адам осы сынақтан азап шекті. Семей ядролық полигонындағы сынақтардың жалпы саны 456 ядролық және термоядролық жарылысты құрады. Олардың 116-сы ашық болды, яғни жер бетіндегі немесе әуе кеңістігінде жасалды. Семей полигонында әуеде және жер бетінде сынақтан өткізілген ядролық зарядтардың жалпы қуаты 1945 жылы Хиросимаға тасталған атом бомбасының қуатынан 2,5 мың есе көп болды. 1949 жылғы 29 тамызда тұп-тура таңғы сағат жетіде көз ілеспес жылдамдықпен ұлғайып бара жатқан отты доп кенеттен Жер денесіне қадалып, оны шарпып өтіп, аспанға көтерілген. Отты шардан соң, сұрапыл қуат пен көз қарастырар сәуле бас айналдырып жібергендей бір сәтте жер қабығының ыстық күлі мен иісі көкке көтерілген. Жер лыпасының өртең иісі қолқа атар түтіннің ащы иісін қолдан жасалған жел әп-сәтте жан жаққа таратты. Таяу жерлердегі сирек ауылдарда тұратын адамдар дір ете түскен жер мен жарты аспанды алып кеткен от-жалынға таңырқап, үйлерінен қарап тұрған. Жалғыз түп шөп қалмаған, түтігіп қарайып кеткен даланың тұл жамылғысы. Жан-тәсілім алдында жанталасқан тышқандардың, қарсақтардың кесірткелердің өлі денесі табылған. Жаңадан келгендер бұл тозақты Семей ядролық сынақ полигоны ретінде белгілі № 2 оқу полигонында РДС-1 (зымырандық көрсеткіш снаряды) плутоний зарядан жер бетінде сынақтан өткізу жарылысы деп атады. Бұл КСРО-да тұңғыш атом бомбасыныңжарылуы еді. Полигонда жаңа таталды жұлдыздың тууын Лаврентий Берия, Сергей Курчатов, әскери бастықтар мен атақты ғалымдар, Кеңестік атом бомбасының толып жатқан идеологиялық, идеялық және техникалық аталары тасадан бақылап тұрды.

Ядролық қару – жалпы адамзаттың соры десек, Қазақстандағы ядролық полигондар – қазақтың ХХ ғасырдағы ең ауыр қасіреті болды. Өйткені, атомдық ядролық жарылыстар бүкіл бір аймақтың қоршаған ортасы мен табиғи генофонына, адамдардың геніне әсер етіп, қалыпты мөлшерден әлдеқайда жоғары радиоактивті заттар мен рентген сәулелері тіршілік атаулыға қауіп-қатер әкеліп, өте зиянды радионуклидтер тірі клеткаларға генетикалық өзгерістер туғызды. Бұған дейін жеті атасына шейін қыз алыспай, қан тазалығын сақтап келген елдің топырағында түрінен адам қорқатын құбыжық нәрестелер дүниеге келе бастады. Қазақстанның көптеген аймақтарында ересектер ауруы мен балалар өлімінің саны көбейіп, жалпы өмір сүру жасының ұзақтығы қысқарды. Атом қаруын сынау – ХХ ғасырдың ортасында елімізге, халқымызға келген бір зұлымдық. Бұрынғы Кеңес одағының жүйесі біздің жеріміз бен халқымызды, төрт түлік малдарымыз бен аң-құстарымызды түгелдей тәжірибе жасауға алынатын үй қояны секілді атом жарылысының астында ұстаған. Ұлы ақындарымыз Абай, Шәкәрім, ұлы жазушы Мұхтар Әуезовтер және басқа да қазақтың зиялы қауым өкілдері туып-өскен киелі өңірдің тас-талқанын шығарды. Таулар дүр сілкініп, жазиралы алқаптар улы далаға айналды. Бабалар қорымындағы ғасырлар бойы тұрған күмбезді зираттар, құлпытастар түгел қирап қалды. Ол кезде мұның бірін де газетке жазу түгілі, ешкімге айтуға болмайтын, бір дерек шыға қалса, қатал жазалайтын жүйе болды .  
1949 жылдан бері 60 жылдан астам уақыт өтсе де, әлі күнге дейін оның зардабы біткен жоқ! 20 жылдан бері сынақ жүргізілмесе де, осы күнге дейін балалар анасынан мүгедек болып туып жатыр. Себебі ананың қаны да, әкенің қаны да уланған. Жердің бәрі күйіп кетті.

Елбасының күш салуымен, халықтың қарсы тұруымен және ядролық сынақтарды тоқтату үшін ақын Олжас Сүлейменов басқарған «Невада-Семей» қозғалысының белсенді қызметінің арқасында 1989 жылы Семей полигонында жоспарланған 18 ядролық сынақтың 11-і тоқтатылды!

1989 жылдың ақпанында Семейдегі  атом полигонын табу үшін күресті  бастауға ұйғарған «Невада - Семей»  қозғалысының алғашқы митингісі  өткізілді. Оны басқарған – белгілі  қоғам қайраткері, ақын Олжас  Сүлейменов. Сол жылдың 6 тамызында  Семей облысының Қарауыл ауылында  ядролық қаруды сынауға мораторий  жариялау жөніндегі ұсынысты  КСРО және АҚШ Президенттеріне  үндеу қабылданды. Онда былай  делінген болатын: «Сайын даламыз  ядролық жарылыстардан қалтырап  бітті, сондықтан да онда ары қарай үнсіз қалу мүмкін емес. 40 жыл ішінде бұл арада мыңдаған Хиросималар жарылды. Біз келешекті қауіппен күтудеміз. Уайымсыз отырып, су мен тамақ ішу, өмірге нәресте әкелу мүмкін емес болып барады. Қазақстандағы ядролық қаруды тоқтату үшін, өз үйімізде бейбітшілік пен тыныштық орнату үшін, өз құқықтарымыз үшін күресу мақсатында біз «Невада - Семей» қозғалысын құрдық». Осы уақытқа дейін үнсіз тығылып келген халық бір дауыстан «ядролық қаруға жол жоқ!», «Сынақтар тоқтатылсын» деп мәлімдеді. Ядролық сынақтардың қатері жөнінде барлық бұқаралық ақпараттары құралдарында, телевидение мен газеттерде әңгіме бола бастады. Түрлі елдердің парламенттері өз сессияларында қозғалыс ұрандарын талқылап жатты. Радиациялық сәулелердің зардаптары жайлы дәрігерлер мен ғалымдардың ашық әңгіме қозғауға батылдары жетті. Бұқараның қысымымен Семей полигонындағы сынақтар саны азая бастаған еді. Халықтың бастамасымен тұңғыш ретКСРО Үкіметі ядролық қаруды сынауға тыйым салу – мораторий жасау туралы шешім шығарды. Қазақстан Республикасының егемендігі туралы Декларацияда ел ауағы ядросыз аймақ деп жарияланды. Қазақстан Президенті Н.Ә. Назарбаев Семей полигонын жабу туралы Жарлық шығарған күні – 1991 жылдың 28 тамызы. Сөйтіп тиянақтылық пен елімталдық көрсеткен қазақ халқы өз мақсатына жетті: ең үлкен полигон жабылып, атом қаруынан бас тарту әрекеті жасала бастады. Семей полигоны жабылғаннан кейін Ресейдің, АҚШ пенФранцияның полигондарында ядролық қаруды сынауға мораторий жарияланды. 1991 жылдың 29 тамызында Семей ядролық полигоны жабылып, 1992 жылдың мамырында оның базасында Курчатов қаласындағы Ұлттық ядролық орталық құрылды.

Бұл әлем бойынша атом қаруын ауыздықтауға жасалған алғашқы қадам болды! Ол – еліміз тәуелсіздік алмай тұрған кездің өзінде Елбасының жасаған тарихи шешімі!.  
Ядролық сынақтардан 7 елді мекенде орналасқан 1.5 миллионға тарта халық радиацияның зардаптарын өз жүрегінен өткізді. Сынақ әсері Қазақ¬станның үш үлкен облысын - Семей, Павлодар және Қарағанды аймақтарын да қамтыды. 1951 жылы әскери сынақты жүргізуші топтар, радиацияның адам денсаулығына әсерін бақылайтын арнайы медициналық зерттеулер жүргізетін топ құрып, бақылау жүргізіп отырған. Белгілі себептерге байланысты бұл зерттеулердің нәтижесі және зиянды зардаптары туралы көпшілік халыққа жария етіліп, хабарланбады. Жарылыстардың орын алуы жергілікті тұрғын¬дардың өмір сүру аймағын күйзеліске ұшыратып, қиын-қыстау күндер кештірді.

1991 жылдың 29 тамызында іс жүзінде  жаһандық ядро тарихында жаңа  дәуір басталды. Әлем жаппай қырып-жоятын  қарудан өз еркімен, саналы түрде  және біржақты негізде бас  тартқан ел, Қазақстанды үлгі  тұтуға мүмкіндік алды. 1993 жылы біздің еліміз ТМД мемлекеттерінің арасында бірінші болып ядролық қаруды таратпау жөніндегі келісім-шартқа  қол қойып, 1994 жылдың желтоқсанында әлемнің ядролық  державалары  Қазақстанның қауіпсіздігіне кепілдік  беретін  Меморандумға қол қойды.  Сөйтіп, 1994 жылы еліміз аумағынан  бүкіл ядролық қаруды  әкету аяқталса, келесі жылы бұрынғы  Семей ядролық полигонында соңғы  ядролық заряд жойылды. 1996 жылы  Қазақстан ядролық сынақтарға  толық тыйым салу  жөніндегі  Шартқа қол қойды. Ал 1997 жылы БҰҰ – ның Бас Ассамблеясы  Қазақстанның ядролық сынақтардан зардап шеккен өңірлеріне көмек көрсету жөнінде қарар қабылдап, 2000 жылы Семей полигонында  ядролық сынақтар жүргізетін ең соңғы  штольня жойылды. 2001 жылы 29 тамызда «XXI-ғасыр ядролық қарудан тазарған дүниені  қалайды» атты халықаралық конференцияда, 1992 жылы Қазақстан тәуелсіз мемлекет ретінде жер  бетіндегі стратегиялық қару-жарақ шартына, яғни Лиссабон хаттамасына қол қойып, ядролық қаруды таратпау жөніндегі өз  міндеттемесін қуаттады [2. 32-33]

Қазақстан Ядролық сынақтарға жан-жақты тыйым  салу (ЯСЖТС) туралы дайындық комиссиясымен  жергілікті жерлерде халықаралық мониторинг және әдіс-тәсілдер жүйесін инспекциялауды дамыту мәселелері бойынша өзара іс-қимылға үлкен маңыз береді. Осы ынтымақтастық шеңберінде 2008 жылы Семей өңірі аумағында интеграцияланған далалық эксперимент өткізілді.

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың бастамасымен БҰҰ аясында 2011 жылдың қазан айының 12 жұлдызы күні Астанадағы, Тәуелсіздік сарайында Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдың халықаралық күніне арналған шаралар төңірегінде «Ядролық қарусыз әлем үшін» атты халықаралық форум өткен болатын. Бұл халықаралық форумға БҰҰ, МАГАТЭ, ЕҚЫҰ, ЯСЖТКҰ, ШЫҰ, АӨСШК, ЮНЕСКО, ЕурАзЭҚ сияқты халықаралық және аймақтық ұйымдардың басшылары мен өкілдері, АҚШ, Жапония, Норвегия, Бельгия, Ұлыбритания, Франция, Ресей Федерациясы, Словакия, Швейцария, Пәкiстан, Ирак, Түркия, Корея, Моңғолия, Вьетнам және басқа да елдер парламенттерінің депутаттары, мемлекет және қоғам қайраткерлері қатысты.Әлемнің көптеген мемлекет басшылары мен  кемеңгер саясаткерлері бас қосқан келелі жиында алғашқылардың бірі болып  сөз сөйлеген Нұрсұлтан Назарбаев  Қазақстанның ядролық қарудан қаншалықты зардап шеккендігін, ендігі жерде сол  зардапты ешкімнің шекпеуін қалайтындығын  айта отырып, Қазақстан жер бетіндегі  қауіпсіздік пен бейбітшіліктің жақтаушысы екендігін жеткізді. Қазақстан жасаған бұл қадамның маңызы шын мәнінде уақыт пен кеңістікте алдыңғы кезекке шықты. Сондықтан 29 тамыздың біздің бастамамызбен БҰҰ тарапынан Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдың халықаралық күні деп жариялануын заңдылық деп қабылдаймыз», – деді президент. Осындай батыл қадамның нәтижесінде ғасырлар тоғысындағы 20 жыл бойы жаһандық ядролық қарсы тұрушылық қаупі айтарлықтай төмендеді. Оның сақталуы мен жүзеге асуы үшін мынадай белгілердің қабылдануы керектігін ортаға салып, ұсыныстар жасады. Ол біріншіден, Қазақстан өз аумағында  ядролық отынның халықаралық банкін орналастыруға дайын. Екіншіден, тұрақсыздықтың негізгі ошағы болып  отырған Таяу Шығысты ядролық  қарусыз аймаққа айналдырып, оны  ретке келтіретін халықаралық келісімнің құқықтық негізін нығайту. Үшіншіден, аса жойқын қуат көздерін әскери мақсатта, қару-жарақ жасауға пайдалануды  біржолата тыю қажет десе, төртіншіден, ядролық сынақ атаулыны біржола  доғару, ең бастысы, тоқсан ауыз сөздің тоқ етері – жер бетіндегі  сынақтарға және жаппай қырып-жоятын қуаты бар қару-жарақтар шығаруға біржола тыйым салынуы керек деп кесіп айтты. Сонымен қатар, Назарбаев «Жалпыға ортақ ядролық қарусыз әлем декларациясын» қабылдауды ұсынды. Мұндай байсалды байлам мен байыпты пікірді саммитке қатысушылардың бәрі дерлік қызу қолдады .Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың мәлімдеуінше, ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шартқа қазірдің өзінде 182 мемлекет қол қойса, 154-і ратификациялап үлгерген. Тұтастай алғанда, 20 жыл ішінде ядросыз әлем жолында маңызды қадамдар жасалды. Дегенмен, ашық күйінде қалып отырған көптеген күрделі мәселелер де жоқ емес. Оларға Елбасы жекелей тоқталды. Бүгінде Оңтүстік Азия мен Таяу Шығыстағы ядролық қарулануды халықаралық бақылаудың тиімді тетігі жоқ. Атом технологиялары мен материалдарының халықаралық лаңкестер қолына түсуінің қаупі зор.Қазақстан Республикасы өзінің тәуелсіздігін алғаннан бері ядролық қаруды таратпауға қатысты көптеген шараларды жүзеге асырып келе жатқандығы бәрімізге белгілі. Мысалы, айтар болсақ:

— 1991 жылы 29 тамызда ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Жарлығымен Семей ядролық сынақ полигоны жабылды.

— 1991 жылы Беларусь, Қазақстан, Ресей, Украина басшылары Стратегиялық ядролық күштерге байланысты Алматы декларациясында бұрынға КСРО-ның ядролық арсеналының қызметіне ортақ бақылау орнатудың, ядролық қауіпсіздіктің қажетті деңгейін ұстап тұруда қандай да бір іркілістерге жол бермеудің тетігін айқындады және стратегиялық шабуыл қаруын қысқарту саласындағы КСРО-ның халықаралық міндеттемелерін ұстанатындығын растады.

— 1992 жылғы 23 мамырда Лиссабонда осы елдермен АҚШ өкілдері аталған төрт мемлекеттің аумағында орналасқан стратегиялық ядролық күштерге қолданылатын Стратегиялық шабуыл қаруын қысқарту мен шектеу туралы шарттың ережелерін іске асыруға олардың жауапкершілік аясын нақтылайтын бес жақты Хаттамаға қол қойды. Сонымен қатар, Лиссабон Хаттамасында Беларусь, Украина және Қазақстанның ядролық қаруға ие емес елдер ретінде Ядролық қаруды таратпау туралы шартқа қосылу міндеттемелері тиянақталды.

— 1992 жылы Қазақстанда Қауіпті Бірлесіп Қысқарту бағдарламасы іске асырыла басталды. «Нанна-Лугар бағдарламасы» деп аталатын бұл бағдарлама шеңберінде 1991 жылы тәуелсіздік алғаннан кейін Қазақстан аумағында қалған ядролық, химиялық және биологиялық қарудың нысандары мен инфрақұрылымдарын жою және залалсыздандыру жөніндегі жобалар кешені, стратегиялық шабуыл қаруының демонтажы, экспорттық бақылау жүйесін құру, қорғаныс өнеркәсібін конверсиялау жүзеге асырылды.

— 1993 жылы 13 желтоқсанда Қазақстан Республикасының Жоғары Кеңесі Ядролық қаруды таратпау туралы шартты ратификациялады.

— 1993 жылғы 13 желтоқсанда Қазақстан Республикасының Жоғары Кеңесі ЯҚТШ-ны бекітті.

— 1994 жылғы 14 ақпанда Қазақстан Атом энергиясы жөніндегі Агенттіктің (МАГАТЭ) мүшесі болды. ЯҚТШ ережелеріне сәйкес 1994 жылғы 26 шілдеде Алматыда Қазақстан Үкіметі мен МАГАТЭ арасында Кепілдіктер туралы келісімге қол қойылып, ол ҚР Президентінің Жарлығымен бекітілгеннен кейін, 1995 жылдың 19 маусымында күшіне енді.

— 1994-1996 жылдардағы ядролық қарусыздану саласындағы белсенді іс-әрекетінің арқасында Қазақстан 1996 жылы бақылаушы мәртебесіне ие болды, ал 1999 жылдың 5 тамызында консенсус арқылы Қарусыздану жөніндегі конференцияның мүшелігіне қабылданды.Қазақстан, химиялық қаруы болмағанына қарамастан химиялық қаруды жасауға, өндіруге, жинақтауға және қолдануға тыйым салу туралы және оны жою туралы конвенцияның қатысушысы болып табылады. Қазақстан оған 1993 жылы 13 қаңтарда қол қойды және 1999 жылы 24 маусымда бекітті. Конвенцияның ережелерін орындау үшін ұлттық орган құрылған. Қазақстан өкілдері Конвенцияға қатысушы мемлекеттер конференциясының сессиялары мен жыл сайынғы отырыстарына тұрақты түрде қатысады.Барлық ядролық нысандар МАГАТЭ-нің кепілдігіне алынған және Қазақстанның барлық ядролық қызметі Агенттіктің ережелері мен стандарттарына сәйкес жүзеге асырылады.

— 1996 жылғы қыркүйекте БҰҰ Бас Ассамблеясының 51-ші сессиясы уақытында Қазақстан Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шартқа (ЯСЖТШ) қол қойды және 2001 жылғы 14 ақпанда оны бекітті. ЯСЖТШ қол қою арқылы Қазақстан Ғаламдық мониторинг Желісін құру тұрғысынан ЯСЖТШҰ Даярлық комиссиясымен белсенді ынтымақтаса отырып, шарт шеңберіндегі верификациялық тәртіпті нығайтуға қомақты үлес қосады. ЯСЖТШ ережелерін тиімді орындау мақсатында ҚР Үкіметі мен ЯСЖТШ Ұйымының Дайындық комиссиясы арасында Ядролық мониторинг құралдарына байланысты іс-әрекеттерді іске асыру туралы келісімге қол қойылды.

— 2002 жылдың 13 мамырында Қазақстан лаңкестікпен күресуді, жаппай қырып-жоятын қарулардың таратылуына қарсы тұруды, ядролық материалар мен қос мақсатты өнімдердің пайдаланылуын және қозғалысын бақылауды күшейтуді мақсат еткен Ядролық материалдар жеткізушілер тобының мүшесі атанды.

— 2002 жылғы 13 мамырда Қазақстан Ядролық Жабдықтаушылар Тобының (ЯЖТ) 40-шы мүшесі болды. ЯЖТ-ға қатысудағы біздің мақсатымыз лаңкестікке қарсы күрес, жаппай қырып-жою қаруының таралуына қарсы тұру шараларын жандандыру, ядролық материалдар мен қосарланған мақсаттағы өнімдердің пайдалануы мен қозғалысын бақылауды күшейту.

— 2005 жылы шілдеде Австрия СІМ-не – Баллистикалық зымырандардың таралуымен күрес бойынша Халықаралық кодексінің депозитариіне ҚР СІМ-нің Қазақстанның Кодекске қосылуы туралы хабарлайтын нотасы жіберілді. Бұл еліміздің Зымырандық технологияларды бақылау тәртібіне енуіндегі маңызды іс болып табылады.

— 2006 жылы 8 қыркүйекте Қазақстан көрші мемлекеттердің қатарында Семей қаласында Орта Азияда ядролық қарудан азат аймақ құру туралы шартқа қол қойды. Қазақстан алғашқы елдердің қатарында, Ресей мен АҚШ Президенттерінің 2006 жылы шілде айында ұсынған, Ядролық терроризм актілерімен күресі жөніндегі жаһандық бастамаға қосылды. 2007 жылғы маусым айында Астана қаласында Жаһандық бастаманың сыртқы істер министр орынбасарларының үшінші кездесуі өтті.

— 2005 жылдың шілде айында Қазақстан «Краков бастамасы» деген атаумен белгілі Жаппай қырып-жоятын қаруды таратпау саласындағы қауіпсіздік туралы бастамаға қосылды.

— Қазақстан Бактериологиялық және токсиндік қаруды жасау, өндіру және жинақтауға тыйым салу туралы және жою туралы конвенцияға қосылып, оны 2007 жылғы 7 мамырда бекітті.

— 2008 жылдың 1-30 қыркүйек кезеңінде бұрынғы Семей ядролық полигонында ЯСЖТШ Ұйымымен бірлескен Интегралды дала эксперименті (ИДЭ08) өткізілді. Аталған іс-шаралар кез-келген ортадағы ядролық жарылыстарды немесе оларды өткізуге дайындық жұмыстарын тіркеу бойынша инспекциялардың түрлі әдістерін дайындау мақсатында өткізілді.

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың биылғы «Қазақстан-2050» стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты халыққа арнаған кезекті Жолдауында былай, деген болатын: «Ядролық қаруды таратпау режімін нығайту жөніндегі бастамаларымыз — әлемдік тұрақтылыққа, тәртіп пен қауіпсіздікке қосқан сөзсіз үлесіміз. Әлемде алғашқы болып Семей ядролық полигонын жауып және атом қаруынан бас тарта отырып, біз жетекші ядролық державалардан — АҚШ-тан, Ресейден, Ұлыбританиядан, Франциядан және Қытайдан қауіпсіздігімізге берік халықаралық кепілдік алдық. Біз Орталық Азияда ядролық қарусыз аймақ құруда негізгі рөл атқардық және жер шарының басқа да аймақтарында, әсіресе, Таяу Шығыста осындай аймақтар құруға белсенді қолдау көрсетеміз. Біз әлемдік қауымдастықтың ядролық терроризм қатеріне қарсы тұрудағы күш-жігеріне қолдау жасаймыз. Қазір біз ядролық қатерді таратпау жөнінде одан әрі табанды шешімдер қабылдау қажеттілігі туралы батыл айтамыз. Ядролық қаруды таратпау туралы шарт таратпау режімінің арқауы болды және солай бола бермек. Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шарттың тезірек күшіне енуі таратпау режімін нығайтудың маңызды қозғаушысы болуға тиіс. 
Бұдан үш жыл бұрын БҰҰ-ның Бас Ассамблеясы 29 тамызды Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы іс-қимыл күні деп жариялау туралы ұсынысымды қолдады. Ядролық қарудан бастарту мәселесі – ХХІ ғасырдың ең ауқымды, әрі күрделі мәселелерінің бірі болып табылады. Егер әлемдік халықаралық қоғамдастық ядролық қаруға ие мемлекеттер ауқымының кеңеюіне қарсы саяси күш-жігер таныта алмайтын болса, оның салдарлары үлкен ауыртпалықтарға алып келуі мүмкін.

 

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

  1. «Ядросыз әлемге бағыт ұстануда ядролық қауіпсіздіктің жаңа амалдарын іздестіру — маңызды міндет»  dmk.kz/?p=9649 — Cached — Similar. 2011 ж.
  2. Дж. Кенен. Ядролық қаруды таратпау// Лос Ажелес – 2002 – 14 мамыр

     3.Жұмаханов  А. Қазіргі ядролық жағдай// Азаттық  – 2010 – 12 ақпан// http://www.azattyq.org/

   4.Назарбаев  Н.Ә. Бейбітшілік кіндігі. Астана: Елорда, 2001.  
   5. Жанайдаров О. Менің елім – Қазақстан. Алматы: Балауса, 2003.  
   6. Арай. Журнал. 1988. №10. 

 

 

 

 

 

 


Ядролық қарудың зақымдаушы факторлары. 3