Құқық бұзушылықтың алдын алу басты - міндет

Құқық бұзушылықтың алдын алу басты  - міндет. 

 

 

  Кәмелетке толмағандар арасындағы  құқық бұзушылықтың алдын алу,  қоғамдағы қылмыстың алдын алудың  аса маңызды аспектісі болып  табылады. Заңды, әлеуметтік пайдалы қызметке және қоғам мен өмірге ізгілікті көзқарас қалыптастырып, жастарды қылмыстық қызметке жол бермейтін қағидаларға тәрбиелеу қажет.   

Қазақстан Республикасында  кәмелетке толмағандардың арасында құқық бұзушылықтың алдын алу  және балалардың қадағалаусыз және қараусыз жүруінің алдын алу жөніндегі заңнаманы қалыптастыру және дамыту жұмысы қолға алынған. Бұл «Неке және отбасы туралы», «Отбасылық үлгідегі балалар деревнялары және жасөспірімдер үйлері туралы», «Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек туралы», «Еңбек туралы», «Қазақстан Республикасындағы арнайы мемлекеттік жәрдемақы туралы», «Дене тәрбиесі және спорт туралы» заңдары, кәмелетке толмағандар жөніндегі комиссиялардың, кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі ішкі істер органдарының қызметін реттейтін нормативтік құқықтық актілер және т.б.     

Кәмелетке толмағандар  құқық бұзушылығының алдын алуды  тікелей не жанама көздейтін құқықтың қайнар көздерінің осылайша  көп болуы қоғамдық қатынастардың кез келген саласында кәмелетке толмағандар тұлғасының дамуын қамтамасыз ететін қолдау жүйесіннің көзделгендігін көрсетеді. Әсіресе бұл қауіпті жағдайда тұрған және ерекше қорғау мен қолдауға мұқтаж жасөспірімдерге қажет. Балалар мен жасөспірімдерді тәрбиелеу мен оқытуда отбасының маңызы зор. Осыған орай мемлекеттіміз отбасының, соның ішінде кеңейтілген отбасының тұтастығын сақтауға аса назар аударып отыр.  

Отбасында тұрақтылық пен береке болмаса, осыған байланысты қоғам тарапынан көмек көрсету  әрекеттері сәтсіз болған жағдайда, тіршілік етудің балама орындарын пайдалану  мүмкіндігін қарастыру қажет.   

Ол дегеніміз, балаларды  тұрақтылығы бар, әрі берекелі отбасы жағдайына мейлінше жақындатылған мекемелерге тәрбиелеуге берілуі тиіс.   

Баланың келешегіне кері әсер ететін жағдайларды айтпағанда, олардың ата-анасынан айыруға жол бермейтін ұлттық бағдарлама жасаудың және оны іс жүзіне асыру қажеттігінің мәні зор.   

Кәмелетке толмағандар  құқық бұзушылығының алдын алудың ең маңызды алғы шарты болып табылатын, отбасындағы берекені сақтаудың  негізінде, субъективтік себептерден  басқа, өтпелі кезеңнің әлеуметтік-экономикалық жағымсыз құбылыстары жатыр. Ол ата-анасының материалдық жағдайының нашар болуына  байланысты балабақша мен мектептерге  бара алмауы нәтижесінде, соңғы жылдары  қараусыз, тастанды, үй-жайы жоқ, сөйтіп құқық бұзушылық жасауға баратын балалар саны көбейіп отыр.    

Сонымен қатар, әлі  де болса біліктілігі жоғары педагогтар жалақының төмендігіне байланысты саудамен айналысуға мәжбүр.   

 Қазақстан Республикасы  Президентінің Қазақстан халқына  Жолдауында жаһандық дағдарысқа  қарамастан мемлекеттің әлеуметтік  саясаты -  ең алдымен жұмыс орындарын көбейтуге, қамқоршылары баланы оқытуға, жағдайы келмеген кезде кәмелетке толмағандарға мемлекеттің есебінен жоғары және арнайы орта білім алу мүмкіндігін қамтамасыз етуге, мұғалімдер мен дәрігерлердің жалақысын өсіруге бағытталып отыр.  

 Кәмелетке толмағандардың  арасында құқық бұзушылықтың  және балалардың қадағалаусыз, ата-анасының  қарауынсыз қалуының алдын алу  жөніндегі мемлекеттік саясаттың  келесі бір бағыты білім беру саласындағы заңнаманы жетілдіру, оның дәл және біркелкі қолданылуына тиісті бақылау және қадағалау жасауды қамтамасыз ету болып табылады.    

Оқу орындары, кәмелетке  толмағандарға медициналық, кеңестемелік және басқа да көмек көрсететін, атап айтқанда осындай жәрдемге мұқтаж немесе қатыгездік құрбаны болған, ата-анасының мейірімін көрмеген және қудалау мен қанауға душар болған жасөспірімдерге қолұшын беретін базалық және анықтама орталықтарына айналуы тиіс. Нормативтік құжаттарда мектепке бару ережесін сақтау қиынға  соғатын, сондай-ақ мектепті тастап кететін кәмелетке толмағандарға арнайы көмек көрсетілетіні көзделіп, жастар арасындагы қылмыстың және кәмелетке толмағандар құқық бұзушылығының алдын алудың тиімді жолдарын табуға қатысты, ғылыми-зерттеу жүргізуде білім беру жүйесінің барлық буындарының арасында ынтамақтастық болуын ынталандыруға, сондай-ақ осындай зерттеулердің кең таралуы көзделуге тиіс. Осындай зерттеу нәтижелерінің негізінде білім басқармалары кәмелетке толмағандарға, заңға сәйкес мінез-құлық қалыптастыруға бағытталған бағдарламалар мен әдістемелік құралдар әзірлеп, білім беру мекемелерінің жұмыс тәжірибесіне енгізу керек. Жасөспірімдер арасындағы заңға қайшы мінез-құлықтың алдын алудың неғұрлым тиімді шарасы девиантты мінез-құлқымен ерекшеленетін кәмелетке толмағандарды, әсіресе қоғамға қарсы бағдарланған жасөспірімдер топтарының лидерлерін дер кезінде анықтауға және олардың айналадағы адамдарға теріс ықпал жасауына жол бермеу болып табылады. Тәжірибе көрсетіп отырғандай, осындай жасөспірімдерді арнайы оқу-тәрбие мекемелеріне орналастыру мүмкіндігі болғанда бұл жұмыстың пәрменділігі артады. Осының өзі құқық бұзушылықтың  қайталануын болдырмауға, сондай-ақ оларды ересек адамдардың тарапынан болатын теріс әсерден оқшаулауға мүмкіндік береді. Кәмелетке толмағандардың арасында құқық бұзушылықтың және балалардың қадағалаусыз, қараусыз қалуының алдын алу жөніндегі мемлекеттік саясаттың тағы бір бағытты әр түрлі қоғамдық ұйымдардың, бірлестіктердің, клубтардың және т.б. қызметін реттейтін заңнаманы жетілдіру болып табылады, себебі кәмелетке толмағандар құқық бұзушылығының алдын алу көбіне жасөспірімдердің бос уақытын  да ұйымдастырылатын әр түрлі қызметтердің жұмыс сапасына байланысты.   

 Мәдениет, ойын-сауық,  спорт және туризм мекемелерінің,  әлеуметтік қауіпті жағдайда тұрған кәмелетке толмағандарды көркемөнер, техникалық, спорт және т.б. үйірме, секцияларында үйренуге тарту, оларды отандық және дүниежүзілік мәдениет құндылықтарына баулу басты бағдарлама болуы тиіс.  

 Кәмелетке толмағандарды  тәрбиелеуде бұқаралық ақпарат  құралдары зор рөл атқарады. Бірақ, бұл істе айтарлықтай кемшіліктер бар екендігі барлығымызға белгілі. Мысалы: теледидар арқылы адам өлтіру, қатыгездік, қанкұйлы оқиғалар, алдап-арбау, эротикалық мағанадағы журналдар, фото суреттер, жарнамалар мұнын өзі келешек ұрпақтың мінез құлқының қалыптасуы мен даму процестеріне зиян келтіретіндігі айтпаса да түсінікті. Осы жағдайға байланысты бұқаралық ақпарат құралдары туралы заңда, жастарға арналған тиісті қызметтер мен мүмкіндіктерді БАҚ-ы арқылы тарату қажеттігі туралы норма императивті түрде баяндалу керек. Заңда бұқаралық ақпарат құралдарын есірткімен, зорлықпен байланысты материалдар көрсетуді мейлінше азайтуға, сондай-ақ зорлық пен қанауды жағымсыз жағынан көрсетуге мүдделі ететін, осыған ынталандыратын нормалар көзделуі тиіс. БАҚ-ы өз бағдарламаларын дер кезінде түзетуі аса қажет, олардағы ақпарат балалар мен жасөспірімдердің ақылын кемітпей, қатыгез етпей, дұрыс бағдар беруі тиіс. Сонымен қатар есірткі мен алкогольді пайдаланудың алдын алудағы, бұл заттардың зияны туралы ақпаратты барлық деңгейде таратудағы рөлі мен жауапкершілігі заң жүзінде анықталғаны жөн. Жоғарыда айтылғандай, кәмелетке толмағандардың құқық бұзушылық жасауының себептеріне кәмелетке толмағандар істері жөніндегі комиссияның, прокурорлық қадағалау, полиция, сот-тергеу органдарының  қызметін жетілдіру шаралары көзделіп, кәмелетке толмағандар құқық бұзушылығының алдын алудың тиімділігін арттыру үшін барлық құқық қорғау, мемлекеттік басқару органдарының, балалар мен жасөспірімдер мәселелерімен айналысатын жастар және қоғамдық ұйымдар мен мекемелердің өзара ықпалдасуын, қызметтерін үйлестіру жөнінде кешенді шараларды әзірлеу қажет. Осы мақсатта үйлестіруші орган, балалар мен жасөспірімдер құқық бұзушылығының алдын алу іс шараларын жүзеге асыру кезінде жинақталатын ақпарат, тәжірибе, білім мен мемлекеттік және мемлекетаралық деңгейде алмасуды жандандыруға тиіс. Осы орайда айта кететін бір жағдай, кәмелетке толмағандар істері жөніндегі комиссиялар, білім басқару мекемелері, ішкі істер органдары,  балалар мен жасөспірімдердің жалпы әлеуметтік нормалар мен құндылықтарға сай келмейтін мінез-құлқы, көп жағдайда есею процесімен байланысты болатындығын және есейген сайын олардың мінез-құлқы өзгеретіндігін, ал жасөспірімдерді тәртіп, құқық бұзушы немесе бастап келе жатқан құқық бұзушы деп анықтау көп жағдайда жастардың бойында тұрақты жағымсыз мінез-құлық қалыптасуына әкеліп соғатындығын да терең ескерілуі қажет деп ойлаймын. 

 

Алакөл аудандық Әділет басқармасының

бастығы Қ.Байболов

 

 

 

Құқықтық тәрбие – құқықтық мәдениетті жетілдірудің басты мақсаты

Добавить  комментарий

Баймұратова Кулмира Әбенқызы 
Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық 
қазақ-түрік университетінің доценті 
Түркістан қаласы

Құқықтық  тәрбие – құқықтық мәдениетті жетілдірудің басты мақсаты

Қазақстан Республикасының  Конституциясында — Қазақстан Республикасы өзінің  демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет  ретінде орнықтыратыны   аталған. Бұл  еліміз  үшін  мәртебелі  мақсат.  Сондай-ақ,   Қазақстан Республикасының Конституциясының  1 – бабында:  «Қазақстан Республикасының ең  қымбат қазынасы – адам  және адамның өмірі,  құқықтары мен бостандықтары»,  — деп  баян етілген [1]. 
Азаматтық қоғам мен құқықтық мемлекеттің қалыптасуының басты  алғышарттарының бірі – азаматтардың құқықтық білімін жетілдіру, құқықтық мәдиениетін қалыптастыру, әсіресе  оның  құрамды  бөлігі – адам құқығының мәдениеті. Адам  құқықтары туралы  ақпаратпен  жүйелі қамтамасыз  етудің  қажеттілігі  маңызды екенін ескерсек, онда   бұл салада  адам құқығы мәдениетін  қалыптастыруда  маңызды  құралдың   бірі  – білім  беру  ұжымдары  десек  қателеспейміз. 
«Адам құқығы туралы айтқан кезде  бүгін біз адам мен мемлекеттің арасындағы өзара қатынасын айтамыз»,- дейді М.Новицкий» [2]. 
Заңгер ғалымдарымыз: «Адам құқығы–адам мүдделерін қанағаттандыруға бағытталған, өзі заң арқылы қорғалатын болуы мүмкін іс-әрекеттің (мінез-құлықтың) өлшемі (шамасы)» — деп анықтама берген  [3]. Адамның құқықтары мен бостандықтары  табиғи және оған тумысынан берілген, ажырамайтын, табиғи ретінде танылады   және   ең  жоғары әлеуметтік құндылық болып табылады. Адамның құқықтары мен  бостандықтарын  сақтау  және  қорғау  мемлекет   функцияларының   бірі. 
Тұлға мен мемлекеттің  қарым – қатынасы  құқықтық   мемлекет   пен азаматтық қоғам  концепциясына сәйкес дамуда.  Мемлекет пен  адам құқығының  арасындағы  өзара  байланыстылығы және өзара  негізділігі құқықтық  мемлекеттің  басты мақсаты адам  және  азаматтың құқықтарын қамтамасыз  ету болып  табылатындығынан  көруге болады. 
Қоғам тәртіпке негізделіп, қалыптасып,  өмір сүреді. Қоғамдағы  тәртіп  түрлі әлеуметтік  нормалардың, адамдардың мінез — құлқын  реттейтін   қағидалардың  әсерімен, яғни күшімен орнатылады.  Құқықтық  нормаларды қолдану нәтижесінде құқықтық тәртіп орнығатыны,  ал  құқытық   нормалар  негізінен  заңнан  нәр алып белгілі  құқықтар мен  міндеттер жүктейтіні белгілі. Еліміздің заңдарын сақтау, оған мойынсыну- жауапкершілікті, түсіністікті, заңдарды  білуді және соған сәйкес мінез-құлық  пен  іс-әрекеттерді  үйлестіруді  талап  етеді. 
Қоғамның ең өзекті мәселелерінің бірі – қылмыстың,  құқық  бұзушылықтың алдын алу. Бұны бүгінгі таңда  барлық деңгейдегі шенеуніктерден бастап, құқық қорғау органдары қызметкерлері,  ұстаздар  мен  ата-аналар,  азаматтар  да түсінуде. Құқық  бұзушылық  жөнінде «Құқық бұзушылық дегеніміз – адамның қоғамға, мемлекетке немесе жеке тұлғаға зиян келтіретін, соңы заң алдындағы жауаптылыққа апаратын құқыққа қайшы әрекеті немесе әрекетсіздігі», — деп көрсетілген [4]. Қоғамда тәртіп орнамаса, ол құлдырайды, яғни  келешегі болмайды. Бұл бәрімізге белгілі және оны жақсы түсінеміз. Дегенмен, қоғамда қоғамдық тәртіпті бұзуға  бейім  азаматтар да кездеседі  және  бұл — құқық бұзушылықтың  орын алуына әкеп соқтырады, сондықтан құқық  бұзушылық — қоғам өміріне  тән  қауіпті  дерт. Құқық бұзушылықтың себептеріне қатысты  ықылым заманнан осы  күнге дейін  әр түрлі пікірлер айтылып келеді.  Солардың ішінде  құқықтық   нормаларды   бұзуына   ең  алдымен  әлеуметтік және  биологиялық  жағдайлар  әсер  ететінін  байқауға  болады. 
Жастар арасында  құқық   бұзушылықтың   алдын  алуға, қоғамдық тәртіпті сақтауға, заңды жауапкершілікті сезінуге  өз  үлесін қосатын,  атсалысатын субъектілердің  бірі — оқу орындары болып табылады. Оқу орнында  жасөспірімнің азаматтық, патриоттық, адамгершілік, салауаттық, құқықтық, мәдени, шығармашылық т.б. қасиеттерін  дамыту  және қалыптастыру процесі жүзеге асырылады. Бұл ұжым мүшелеріне   үлкен  жауапкершілік  пен  міндет  жүктейді. 
Құқық  бұзушылық  пен  келеңсіз  жағдайларды  барынша  болдырмау және  алдын алу,   оның  зияндылығы мен қауіптілігін түсіндіруде  — өскелең  ұрпаққа  құқықтық тәрбие беру,  оның  мақсат – міндеттерін   дұрыс түсіндірудің  маңызы  ерекше. Құқықтық тәрбие беру жан — жақты  тәрбиелеудің маңызды  бір саласы. «Құқықтық тәрбие  мақсаты – оқушыларда құқықтық мәдениет пен құқықтық әрекет – қылық қалыптастырып, оларды  құқықтық  заңдылық талаптарын түсінуге әрі мойындауға баулу», — деп анықталған [5]. 
Қазіргі «Білім туралы» Заңның талаптарын орындау әлі  де  көптеген экономикалық – материалдық, құқықтық – нормативтік базаны нығайтуды,  құқықтық тәрбиені  шығармашылықпен  ұйымдастыруды, жаңа технологияларды тәрбие жұмысында кеңінен қолдануды, шеберлікті  қажет етеді. Сондықтан  мұғалім жаңа   заңдылықтармен  танысып, оны жұмыс барысында басшылыққа  алып пайдалануды, оқу-тәрбие үрдісінде ұтымды, тиімді, мақсатты қолдану жолдарын,  тәрбиенің әдістерін,  түрлі  формаларын  біліп, жаңа технологияларды кеңінен қолданғаны жөн. Жастарды құқықтық  сауаттылыққа  тәрбиелеу – олардың  қылмысқа ұрынбауына, өздігінен өмірдегі мәселелерді шешуде дұрыс шешім қабылдауына, келеңсіз, жағымсыз  жағдайлардан  тартынуына,  қоғамға пайдалы іспен шұғылдануларына  жәрдемдеседі. 
Көп ұлтты тәуелсіз мемлекетті нығайту, өскелең ұрпаққа адамгершілік, патриоттық, азаматтық тәрбие  беру  біздің баршамызға  міндет  екенін өмірдің өзі дәлелдеп отыр. Құқықтық тәрбиені   ұстаздар қауымы    ата – аналармен, құқық   қорғау органдары қызметкерлерімен,  салауаттылық және денсаулық сақтау мекемелерімен, спорттық   ұйымдармен,  қоғамдық  бірлестіктермен  бірлесіп,  тәрбиенің өзге  түрлерімен  байланыстырып  жүйелі  жүргізер болса,  нәтижелі  болмақ. 
Оқу орны мен отбасында  балалар  әлеуметтік іс-әрекеттің алғашқы дағдыларын  қалыптастырып адамгершілік, әдеп,заңды мінез-құлық,  орынды әрекет- қылық, құқықтық нормаларды меңгере бастайды. Әлеуметтік нормалардың  негізгі маңызды түрі болып табылатын әдептік нормалардың құқытық сипаты болмағанымен, оның  ережелеріне сусындап өскен бала  әрине қоғамға  зиян келтірмейді, керісінше, өмірдегі өзінің орнын  тауып, елжанды, саналы азамат болып қалыптасады. Әдептік нормалар құқықтық нормаларға  негіз, арқау болып, белгілі бір дәрежеде адамның ар-ұятын, намысын қалыптастыруға, қоғамдық тәртіпті сақтауға ұйтқы болады.  «Құқықтық нормалардың басым көпшілігі әдептік нормалардан нәр алады, соларға арқа сүйейді. Неғұрлым құқықтық нормаларға  әдептік  нормалар арқау болса, соғұрлым заңдардың әділеттілік, адамгершілік мәні жоғары болады» [6]. 
Құқықтың тәрбие беру баланың жеке тұлғасын қалыптастырып, олардың бойына жоғары идеялык пен қоғамдық меншікке қатынасты көзқарасты дарытудың асыл міндеттерін атқарады. Мемлекетіміз жастарға құқықтың тәрбие беру ісіне үнемі маңыз беріп келеді. Қазақстан заңдарына терең құрмет сезімін қалыптастыру, оларды сөзсіз сақтау және орындау -ұзақ уақыт тәрбие жұмысын жүргізудің жемісі. Көбіне құқықтық сананың төмендегі, материалдық және рухани игіліктердің не екенін жөнді түсінбеушілік қоғамға жат қылықтарды туғызады. Сондықтан да әр оқушының санасына құқықтық нормаларды жеткізу, жеткізіп қана қоймай оның күнделікті мінез-құлық нормасына айналдыру үшін күресу құқықтық тәрбиенің міндеті болып табылады. 
Құқықтың тәрбие негізі отбасынан басталады. Оқушылардың тәртіп бұзуының бір жағы отбасында жатыр. Бізде отбасы әр қилы: маскүнемдікпен күн өткізетін, ұрыс -керістен көз ашпайтын, басқалардың, мемлекеттің есебінен арам жолға барып қалғысы келетін отбасылары бар. Осындай отбасында өскен баланың оқуға, еңбекке қалай қарайтыны өз-өзінен түсінікті емес пе? Мұндай отбасында тербиеленген бала өзімшіл болады, қылмыс жасауға бір табан жақын тұрады. 
Ауыл жастарының арасында құқықтық тәрбие жұмысын ұйымдастыруда олқылықтар бар. Жастар арасындағы насихат пен құқықтың тәрбие мәселесі жөнінде жоғары ұйымдары таранынан белгіленген шаралар жүзеге асырылып, қызметкерлердің жауапкершілігін арттыру қажет. Құқықтың тәрбие тура жолмен жүруге үйрететін әділеттілік әдістеріне сүйенеді. Адам мұндай жағдайда өзінің ар-ұятына жүгінеді.Оқушы өзінің айналасындағы адамдарды, әлеуметтік игіліктерді қате бағалауы мүмкін. Мұның өзі оның көбіне көп құқықтың тәрбиені бұзуына әкеліп соқтырады. 
Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан — 2030″ стратегиялық бағдарламасында Отан қорғау мен оның қауіпсіздігіне ерекше мөн бергені мәлім. Қарулы күштерінің бір тармағы ретінде ішкі әскердің де іргетасы қаланды. Ішкі әскер барлық қазақстандықтардың, қарапайым азаматтардың мүддесін қорғаушы — құқықтың тәртіп әскері. Бұл мектеп, отбасы және қоғам жұртшылығының құқықтық тәрбие жұмысын жүргізудегі басты бағытының бірі — оқушылар арасында заң тәртібін бұзушылықтың алдын алу шараларын жүргізуге кең жол ашып отыр. 
Құқықтың мәселелерді сөз ету, оны тыңдаушысына жеткізіп бере білу аса қиын өнер. Бүған тек қана білімді болу жеткіліксіз, сонымен бірге тәжірибелі, көпті көрген, адамдардың жүрегіне барар кілтті таба білер тәрбиеші болу маңызды. 
Оқушылардың мектептегі өмірі тұлғаның азаматтық қалыптасуының шешуші кезеңі болып табылады. Осы жылдары адамгершілігі, дүниетанымы, сенімдері, ұжымшылдығы, тәртіптілігі, өзіне және басқаға талап қоюы, адалдығы мен шыншылдығы, қайырымдылығы мен ұстамдылығы, жігерлілігі мен батылдығы қалыптасады. 
Бұлардың мазмұнына мемлекет заңдары және қоғамда өмір сүру ерекшеліктерін құрметтеу, қоғам заңдылықтарын бұзуға төзімсіздік, қоғамдық тәртіпті сақтау да енеді. Құқықтық мәдениет екі тұрғыдан қаралады: 1. Құқықтық мәселелер, құқықтық қатынастар, құқықтық мекемелер әрекетін оқушының білуі. 2.  Тұлғаның педагогикалық және психологиялық мәнінің құқықтық санаға әсері. 
Адамның құқықтық мәдениеті күрделі. Әңгіме адам, оның санасы, мінез-құлқы, жүріс-тұрысы туралы болғанда, көптеген сұрақтар туындайды. Құқықтық мемлекет демократиялық принциптерге сүйене отырып, әр адамның шығармашылық күштерін, ниетін, ойын, сезімі, ұмтылысын толық және еркін жүзеге асыру мүмкіндігін қамтамасыз етеді. 
Демократияны жетілдіру мемлекеттік және қоғамдық өмірдің құқықтық негізін бекітуге тікелей тәуелді. Мемлекет және қоғам өмірінің құқықтық негізін бекіту процесі төмендегідей маңызды шараларды жүзеге асыруды қажет етеді. 
- заңдылықтарды үздіксіз жетілдіру; 
- заңның орындалуын бекіту; 
-қоғамдық тәртіп орнатуға әрбір азаматтың қатынасуы. Бұдан заңдылық пен құқықтық тәртіптің бекітілуіне қамқорлық тікелей мемлекет мойынында болу қажеттігі шығады. 
Адамның жалпы мәдениеті мен оның құқықтық мәдениетінің арасында тығыз байланыс бар. Сондықтан да құқықтық тәрбиені адамгершілік тәрбиесі теориясының құрамды бөлігі ретінде қарастырамыз. 
Қоғамдық қайта құру кезеңінде құқықтың мәдениетті қалыптастыру барысындағы кемшіліктерді жеңу орын алады. 
Құқық қоғам мен қоғамның өрбір мүшесінің бүкіл өмірін қамтып жатады. Құқықтық мәдениеті төмен дамыған адам тек заңның өрескел бұзылған жағдайында ғана оған зейін аударады да, құқықтық талаптарды мойындамаған көп жағдайларды байқамайды. 
Заңды білмеу — құқықтық мәдениеттің елеулі кемшілігі. Заңды білмеу, оны бұзу жауапкершіліктен құтқармайды. Бұл жерде оқушы заң және құқықтық мәдениет ұғымын шатастырмау керек. Құқықтық мәдениет оқушыдан жан-жақты құқықтық білімдерді талап етеді. Адамның құқықтық мәдениеті — күрделі психологиялық құбылыс. Бұл құбылыс қоғамның, мемлекеттің көптеген маңызды салаларында көрінеді. Ең бастысы адамгершілікті адам тұлғасының сапалық қасиеттерін қалыптастыруға ықпал жасайтын тәрбие құралдарының бірі — орынды тәртіп және мінез-құлық тәрбиесінің жоғары деңгейінде болуы. Сонымен адамның құқықтық мәдениеті дегеніміз — орынды тәртіп пен мінез-құлық, жан-жақты құқықтық білімдері мен заңды құрметтеу, құқықты қорғау іс-әрекетінің терең бірлігі. 
Құқықты құрметтеу, әділдікті, борышты, жауапкершілікті, заңдылықты, сезіну — адам тұлғасының жоғарыдан көрінуі. Осыдан келіп заңдылықты сезіну құқықтық мәдениеттің құрамы екендігін түсіну қиын емес. 
Қазіргі кезеңде қоғамның бірте-бірте демократиялық дамуы жалпы білім беретін орта мектептерде мектеп басшыларынан, мұғалімдерден құқықтық тәрбиені зор шеберлікпен, шығармашылықпен іске асыруды талап етеді. 
Құқықтық   мемлекеттің  негізгі  белгісі  – халықтың  құқықтық  мәдениетінің  болуы.  Құқықтық  мәдениет қоғам   мәдениетінің негізгі салаларының бірі болып табылады. Ол  екі бөлімнен тұрады: жеке тұлғалардың мәдениеті және қоғамдық мәдениет.  Адамның   жалпы мәдениеті мен    құқықтық  мәдениет, құқықтық мәдениет пен   құқықтық   сана  өзара тығыз байланысты.  Құқықтық   мәдениет   құқықтық  санамен салыстырғанда  әлдеқайда  кең ұғым. Азаматтардың құқықтық мәдениеті олардың  қолданыстағы   заңдар  жөніндегі   білімінен  байқалады.  Барлық   заңдарды  білу қажеттілігі  мүмкін емес болса  да, негізгі  қоғамдық    қатынастарды   реттейтін  заң талаптарын  әрине   әрбір  азамат  білгені  жөн.  Азаматтар өздерінің негізгі құқықтары мен бостандықтарын, міндеттерін біліп, оны  өзгелердің және мемлекеттің мүддесіне  қайшы  келтірмей   түсініп саналы орындауы, мемлекет алдындағы өз жауапкершілігін сезіне білуі құптарлық іс. Заңгер ғалымдар Ғ.Сапарғалиев және А.Ибраева  өз еңбектерінде:  «Тұлғаның құқықтық мәдениеті –   құқықты  білу, ұғыну  (түсіну)  және құрметтеуден    тұрады. Ал мұның өзі құқықтық ұйғарымдарды жете түсініп барып орындаудан білінеді (көрінеді)» — деп  атап  көрсеткен [7]. 
«Жеке  тұлғаның  құқықтық  мәдениеті жөнінде, әсіресе мыналарды  баса көрсетуге болады: біріншіден, кез  келген азамат өзінің құқығын, бостандығы мен міндетін анық түсінуі әрі оны бағамдап, парықтай білуі, екіншіден, осыларды мүмкіндігінше,  іс жүзінде,  өз  өмір  тәжірибесінде пайдалана  алуы  тиіс»   [8]. 
Құқықтық  мәдениетті қалыптастырып  дамыту  еліміздің  болашағын айқындаушы  көрсеткіштердің   бірі десек, өскелең   ұрпаққа сапалы құқықтық білім  мен  саналы тәрбие  беру ұстаздар қауымынан білімділікті, құқықтық білімдерін үнемі жетілдіруді,   нормативтік — құықықтық  құжаттармен  үздіксіз танысып, жұмыс барысында  оларды басшылыққа алуды үрдіске айналдыруды, салалық мекемелермен, отбасымен  тығыз ынтымақтастық   қарым – қатынас орнатуды  және  қажырлы еңбекті  қажет етеді.    Келелі жұмысты атқаруда бала құқығын қорғау,  балаға қарым — қатынас мәдениетін көтеру, оның талабын ескеру  де нәтиже  береді  деп  ойлаймыз. Құқықтық саясаттың құрамдас бөлігі, елдің индустриялық-инновациялық дамуын қамтамасыз етудің, оның зияткерлік әлеуетін арттырудың маңызды шарты болып табылатын ғылыми және білім беру қызметін құқықтық реттеу болмақ. 
Ғылым-білім беру қызметінің құрамдас бөлігі, өз кезегінде, құқықтық білім беру, құқықтық насихат, яғни құқықтық мәдениет мәселелері болып табылады. Осыған орай, азаматтардың құқықтық санасын, оның ішінде мемлекеттік қызметшілер арасында заңгерлік сауаттылықты арттыру жөніндегі жұмысты жалғастыру қажет. Халық арасында интернет-ресурстарды қоса отырып, бұқаралық ақпарат құралдары арқылы құқықтық насихаттың сапасын арттыру мен көлемін кеңейту, заңнаманы және құқық қолданудың өзекті проблемалары бойынша, атап айтқанда, азаматтардың күнделікті өмірінде жиі қолданылатын құқық салаларында ғылыми зерттеулерді жандандыру қажет. 
Құқықтық саясат тұжырымдамасының қағидаларын іске асыру Республика Конституциясының негізгі идеялары мен принциптерін Қазақстанда құқықтық мемлекет құрылымының жаңа кезеңінің аясында өмірімізде жүзеге асыруға мүмкіндік береді. 
Қазақстандық заңнаманы Тұжырымдамада белгіленген мемлекеттің құқықтық саясатының негізгі бағыттарына сәйкес кешенді дамыту және тиімді пайдалану заңдылық режимін одан әрі нығайтуға, адам мен азаматтың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын сақтауға, еліміздің орнықты әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз етуге, қазақстандық мемлекеттілікті нығайтуға ықпал ететін болады. 
Құқықтық мемлекетті орнықтыруда еліміздің құқықтық мәдениетін көтеру басты мақсатымыз болмақ. Ол үшін құқықтық тәрбие талаптарын сараптап алғанымыз жөн. Сондықтан біздің ұсыныстарымыз төмендегідей болмақ: 
1. Жалпы білім беру мектептерінің алғашқы сыныптарынан бастап «Құқық негізі» пәнін оқытып, оның оқу бағдарлдамасына «Кәмелетке толмағандардың құқықтары мен міндеттері» туралы Конституциялық құқықтан, Әкімшілік құқығынан, Азаматтық құқықтан, Қылмыстық құқықтан нормалар енгізілуі тиіс. 
Кәмелетке толмағандардың құқықтарының бұзылуы және олардың құқықбұзушылыққа қатысулары мектеп оқушыларының өз құқықтары мен міндеттерін меңгермегендіктен туындайды. Мектеп оқушылары өздерінің құқықтары мен міндеттерін білетін болса келеңсіз жағдай туғызатын мұғалімдерді орнына қоя біледі және құқықтық мемлекеттің басты принципінің бірін орындауға мүмкіндік туындайды. 
2. Ауыл халқы құқықтық сауаттылық жағынан толық қамтылмай отыр. Оны Президенттің Жолдауларын насихаттауға барған кезде заңгерлер жақсы байқайды. Сондықтан әрбір ауданға қарасты ауылдарда аудандағы әділет бөлімінен құқықтық сауаттылықты көтеретін жоғары білімді бір заңгерден бекітілуі тиіс. Әйтпесе ауылдан қалаға келген, аудан орталығына ауылдан келген адамдардың құқықтық сауаттылық деңгейінің кемшілігі байқалып отырады. 
3. Құқықтық саладағы білімді арттыруға бағытталған, мамандандырылған интернет-сайттар ашылуы қажет. Азаматтардың еркін түрде құқықтық сауаттылығын арттыруға мүмкіндік туар еді. 
4. Ғалым, заңгерлерді, саясаттанушыларды, құқық қорғау, сот және өзге де органдардың неғұрлым тәжірибелі практикалық қызметкерлерін тарта отырып, құқықтық пәндердің оқытушыларын қайта даярлау және біліктілігін арттыруды жүзеге асыру;

Пайдаланылған әдебиеттер:

1.    Қазақстан Республикасының Конституциясы, Алматы, 2008 жыл 
2.    Г.Искакова, Н.Ғазизова,А.Сембаева, Қазақстан Республикасындағы адам құқығы, оқу құралы, Астана, 2008 ж,  9 бет 
3.    Ғ.Сапарғалиев, А.Ибраева, «Мемлекет және  құқық теориясы», Алматы, 2007ж, 198 бет 
4.    Ғ.Сапарғалиев, А.Ибраева, «Мемлекет және  құқық теориясы», Алматы, 2007ж, 181 бет 
5.    Бабаев С., Оңалбек Ж. «Жалпы педагогика», Алматы, 2005ж, 163-бет 
6.   Ғ.Сапарғалиев, А.Ибраева, «Мемлекет және  құқық теориясы», Алматы, 
2007ж, 197 бет 
7.   Ғ.Сапарғалиев, А.Ибраева, «Мемлекет және  құқық теориясы», Алматы, 
2007ж, 175 бет 
8.    А.Ә.Маханбетова, Р.С.Егізбаева, «Кәмелетке толмағандарды құқықтық мәдениетке тәрбиелеу», Алматы, 2010 ж, 20 бет

Запись опубликована 11.01.2012 автором Baimuratova в рубрике Баяндамалар.

 

Жасөспірімдердің құқық бұзуға мінез-құлқы

 Бөлімі: Құқық, азаматтық құқық, қылмыстық құқық, заңтану.

 23 Июл 2013

қазақша Диссертация 

Кіріспе 

Жұмыстың жалпы сипаттамасы. Диссертациялық жұмыс жастар арасындағы құқық бұзуға бейім мінез құлықтарға байланысты жасалған қылмыстардың криминологиялық сипаттамасына жан-жақты талдау жасауға арналған. Зерттеу жұмысында құқық бұзуға бейім жас адамдардың қылмысты жасау себептері мен жағдайлары, олардың жеке бас ерекшеліктері және қылмыстардың алдын-алу мәселелерін одан ары жетілдіру жолдары қарастырылған.

Зерттеу тақырыбының өзектілігі. Қазақстан Республикасында ересек адамдар арасында да, жастар арасында да қоғамға қауіпті қылмыс жасау барған сайын көбейіп келеді. Бұндай мәліметтерді біз Қазақстан Республикасының 2000-2007 жылдардағы Қазақстан Республикасы Бас Прокуратурасының 2006 жылға дейінгі статистикалық мәліметтерінен көруімізге болады. Мысалы, жыл сайын тіркелген (2000 және 2002 жылдардан басқа) қылмыстар саны бұл қаралып отырған кезең аяғында 61,2%-ға өскен.

Осы кезеңдерде Ішкі істер органдары жыл сайын  орта есеппен 15 мыңға жуық қылмыстың бетін ашып отырған. Олардың жартысынан астамын жасағандар жастар (14-29 жастағылар). Мысалы, 2000 жылы Республикамызда 150 790 қылмыс жасалса, ондағы жас адамдардың үлес салмағы 52,9% болған, 2006 жылы 57%-ға жеткен. Әсіресе, студенттер арасындағы жағдай өте нашар. Қарастырылып отырған кезеңдегі студенттер қылмысы 12,5%-ға өскен.

Кәмелетке толмаған 16-17 жасар жастардың аса ауыр қылмыстарының  өсу қарқыны 14-15 жастағыларға қарағанда  едәуір жоғары. Ал Қазақстанда 2000–2007 жылдары аралығында қылмыс жасағандар ішінде 16-17 жастағылар саны 35,5%-ға кеміген, ал 14-15 жастағылар керісінше 34%-ға көбейген.

Бұл жас санаттары  арасындағы қылмыстылық деңгейі  де едәуір өзгеше. Мысалы, 14-15 жастағы 10 000 адамға шаққанда 2000 жылы 778, ал 2006 жылы 507 қылмыс жасалса, мұндай көрсеткіш 16-17 жастағылар арасында 2000 жылы 2318, 2006 жылы – 3103, ал студенттер арасында 2000 жылы 257, 2006 жылы – 392,5 болған.

Сондықтан да қылмыспен  күресу үшін және оның алдын алу  үшін, бүгінгі таңда жас адамдардың қылмысқа барудағы негізгі себептерін анықтай отырып, оған қатысты ұсыныстар  жасалынуы аса қажет. Өйткені  қазіргі таңда Қазақстан Республикасы аумағында осы бағытта жұмыстардың  жеткіліксіз тұстары кездесуде. Мысал ретінде тоқталатын болсақ, соңғы жылдары криминологиялық зерттеулерде жастардың қарама-қарсы екі санатын – студенттер мен ішкі істер органдарының кәмелетке толмағандардың істері бойынша бөлімшелерінде есепте тұрған жастарды біріктіріп, зерделеу мақсаты алға қойылған жоқ. Жасөспірімдердің құқық бұзуға бейім мінез-құлқын оларға нашар әлеуметтік орта әсер еткендіктен, сол ықпалдан барып қалыптасқан бейморальдық, бірақ қылмыстық емес мінез-құлық (девианттық) деп қарастырады. Сонымен қатар, құқық бұзуға бейім мінез-құлық криминогендік деп те қарастырылады. Әрине, ондай мінез-құлықтан (делинквенттік) қылмыстың жасалу мүмкіндігі зор. Бірақ бұл жерде құқық бұзуға бейім мінез-құлықтың пайда болуына әсер ететін ортақ әлеуметтік жағдайлар ғана емес, жастарға тікелей әсер ететін кейбір келеңсіз жағдайларды, олардың жеке басының психикалық ауытқуларын қамтып зерделеуді қажет еді. Себебі соңғы жылдары Қазақстан Республикасында да күрделі криминогендік жағдай қалыптасты, онда қылмыстық көріністердің ауқымы жағынан да, азаматтың, қоғамның және мемлекеттің тірлік-тіршілігіне тигізетін келеңсіз ықпалы жағынан да едәуір ерекшеліктер бар. Сонымен қатар жастардың құқық бұзуға бейім мінез-құлық мәселесі сан қилы әрі күрделі сипат алған жағдай ұдайы өзгеріп отырады, мұның бәрі ғылыми зерттеулерді керек етеді. Жұмыста, 14-29 жастар аралығындағы адамдардың мінез құлқына қатысты бөлек қарастырады. Бұл Қазақстан Республикасы «Президентінің жастар саясаты туралы» тұжырымдамасына сәйкес келеді. Сонымен қатар, адам физиологиясының даму процессі осы аралықты қамтиды.

Тақырыптың  зерттелу деңгейі. Диссертацияның теориялық негізіне әлеуметтік-құқықтық ой классиктерінің: Аристотельдің, Гегельдің, Гоббстың, Канттың, Макиавеллидiң, Фейербахтың және басқалардың еңбектері алынған. Жұмыс барысында диссертант, сонымен қатар, мына ғалым-криминалистердің еңбектеріне сүйенді. Олар: А.И. Алексеев, Ю.М. Антонян, Г.А. Аванесов, А.Э. Жалинский, Л.Д. Гаухман, А.И. Долгова, К.Е. Игошев, В.Н. Кудрявцев, Н.Ф. Кузнецова, С.Я. Лебедев, В.В. Лунеев, Г.М. Миньковский, А.Б. Сахаров, Д.А. Шестаков және басқалар.

Сонымен қатар, отандық  ғалымдар: Н.М. Әбдіров, А.Н. Ағыбаев, Е.О. Алауханов, Т.К. Акимжанов, С.Б. Бимурзин, Ү.С. Жекебаев, Е.І. Қайыржанов, Н. Дулатбеков, М.С. Нәрікбаев, А.Х. Миңдағұлов, Ғ.С. Мауленов, С.С. Молдабаев, А.А. Смағұлов, Е.А. Онгарбаев, С.Е. Еркінов, А.Ш. Ещанов, Г.Р. Рустемова, Қ.Ш. Уканов, Л.Қ. Ерінбетова, Д. Бұғыбайқызының және Қазақстанның философ-педагогтары: Ғ. Есім, Ш.Е. Жаманбалаева, Б.А. Тойлыбаев, Қ.Г. Габдулина, Б. Әбдікерімұлы, Ә. Әбуов, А.Т. Құлсариева, Н.Ж. Байтенова, А. Масалимовалардың, Қазақстанның белгілі ақындары Н. Оразалин, Ғ. Жайлыбай, А. Әлімнің, заманымыздың белгілі педагог-ғалымдары: Ы. Алтынсарин, А. Құнанбаев, Ш. Уәлиханов және шетел ғалымдарының социология, психология, этика, педагогика, заңтану проблемалары және зерттеу тақырыбына қатысы бар өзге ғылыми пәндер бойынша еңбектері пайдаланылды.

Диссертациялық  зерттеудің мақсаты мен міндеті. Бұл зерттеудің негізгі мақсаты – жастар ортасындағы рухани және өнегелік қасиеттің деңгейін зерделеу. Жастардың құқық бұзуға бейім мінез-құлқының алдын алудың теориялық және тәжірибелік мәселелерін қарастыру.

Осы қойылған мақсатқа сәйкес зерттеу барысында мынадай міндеттерді шешілуі тиіс:

– құқық бұзуға бейім мінез-құлықтың биологиялық негіздерін зерделеу;

– құқық бұзуға бейім мінез-құлыққа әсер ететін әлеуметтік жағдайларды талдау;

– құқық бұзуға бейім мінез-құлықтың түрлері бойынша талдау және олардың ары қарай даму үрдістерін анықтау;

– құқық бұзушының бастапқы кезде қалыптаса бастаған мінез-құлқының алдын алудағы гуманитарлық және дұрыс бағыттарының ерекшеліктерін зерттеу және оларды негіздеу;

– құқық бұзушылық рецидивінің алдын алудың негізгі тәсілдерін анықтау;

– құқық бұзушылыққа тікелей және сақтандырып ықпал етуді жетілдіруге бағытталған ұсыныстар мен әдістемелік нұсқауларды даярлау және оларға дәлелдеме келтіру;

– педагогикалық үрдістің оларды қайта тәрбиелеудегі әдістері мен амалдарын ұтымды пайдалану.

Зерттеу объектісі. Жастар ортасындағы қылмыстылықтың жағдайын, құрылымын және динамикасын сипаттайтын мәліметтер қылмыстық жауапкершілігінің әртүрлі аспектілерін реттейтін бұрынғы және қазіргі отандық заңнамалардың нормалары мен институттары; жастар арасындағы қылмыстардың сот практикасының материалдары. Адам (оның ішінде құқық бұзушы адам) тіршілік ететін әлеуметтік тәжірибе саласы, оның әлеуметтік және биологиялық мінез-құлықтарының арақатынасының ғылыми тұжырымдары мен Қазақстан Республикасының заңдары болып табылады.

Зерттеудің  пәні. Жастар арасындағы қылмыстардың салыстырғандағы үрдісі оның ерекшеліктері мен детерминанттары, қылмыстың өсуіне ықпал тудыратын процесстер, қылмыскердің жеке басы, қылмыстардың алдын алатын құқық-қорғау органдары мен басқа субъектілердің қызметі.

Қорғауға ұсынылған диссертацияның негізгі тұжырымдары:

  1. Криминологиядағы биоәлеуметтік тұжырымдама – адамның құқық бұзуға бейім мінез-құлқының тетігі мен психикалық өзгерістердің (ынта мен құмарлықтың) сыртқы жағдайлармен өзара әрекеттестігі бар бағыт.
  2. Қоғамдағы агрессивтік деңгейдің төмендеуі, мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық саясатына ғана емес, адамның рухани және өнегелік жағын арттыруға бағытталған оқу-тәрбие жұмыстарына байланысты.
  3. Материалдық (физикалық) дүниенің құбылысын түсіндіретін себептілік – жеке және жалпы қылмыстық мінез-құлықта анықталынбайды, себебі ол жоқ.
  4. Адамның мінез-құлқын психикалық талпыныс (себептер) анықтайды, бірақ шешім қабылдау барысында адамның ырқы (ерік бостандығы) негізгі рөл атқарады. Ал, ерік болмаған жағдайда, есі дұрыс еместік және қылмысқа себеп болған нақты жағдай адамды жауапкершіліктен босатуға негіз болып табылады.
  5. Қоғам өміріндегі келеңсіз әлеуметтік мән-жайлар мен адамның жеке басының әлеуметтік жағдайы (жұмыссыздық, кедейшілік және т.б.) психикаға тікелей әсер етеді (ашу, ыза, кек пайда болады). Бұл нақты мән-жайлар адамға теріс ықпал еткенмен, қылмысқа себеп болмайды. Сондықтан, кез-келген іс-әрекет адамның жеке басымен тығыз байланысты.
  6. «Қылмыскердің жеке басы» деп аталатын криминологиялық санат «қоғамдық қатынастар жиынтығын» береді. Ол тәрбиелеу, оқыту және егу (бұл – құқық бұзушыққа жеке қолданылатын сақтандыру шарасы) арқылы жүзеге асырылады.
  7. Ұлттың рухы, имандылығы – діни әдептер негізінде қайта жандануға тиіс, оның нормалары қазіргі тәжірибе тұжырымдамасында көрініс табуы қажет. Онда отбасын нығайтуға, мектептегі оқуды және тәрбиені жақсартуға, идеологияны оңтайландыруға, жастар тәрбиесінің деңгейін көтеруге және олардың құқыққа қарсы мінез-құлқының алдын алуға бағытталған ұсыныстар «Жарлы отбасындағы балалардың денсаулығын қорғау туралы», «Жас отбасына медициналық-санитарлық көмек туралы», «Азаматтардың қалпына келген денсаулығын қорғау туралы» заңдардың қажет екендігі жайында ұсыныстар; кәмелетке толмаған құқық бұзушыларды, мектеп оқушыларын құқықтық тәрбиелеу жөніндегі, кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі бөлімшелердің қызметкерлеріне олардың диагностикалық әңгіме жүргізуі үшін даярланған әдістемелік ұсыныстар жасалынған.

Зерттеудің  ғылыми жаңалығы: Біріншіден, адамның дамуын және оның тұлға ретіндегі, биологиялық және әлеуметтік нысан ретіндегі өзара әрекеттестігіне түсініктеме беретін биоәлеуметтік тұжырымдама жасау болып табылады. Себебі, материалдық дүниедегі қылмыстарды түсіндіретін себептілік деген ұғым құқық бұзуға бейім (басқа да) мінез-құлықта мүлде жоқ (әйтпегенде, барлығы алдын ала анықталған болар еді). Құқық бұзуға бейім мінез-құлықтың түп-тамырында ырық еркіндігі жатыр, ол еркіндігін адам кейде (көбіне) ойланбай (пайымдамай) көрсетеді. Оның ішінде бейәлеуметтік тұжырымдама жасаудың келешегі зор, криминологтар оны ары қарай дамытуға тиіс. Адамның жеке басын, оның мінез-құлқының нысандарын, өмір тіршілігі мен тәрбиесінің әлеуметтік жағдайын, адамның психикалық және өнегелік қасиетін және де оның іс-әрекеті көрініс табатын нақты жағдайды бөлек-бөлек қарастыру мүмкін емес. Ал бұлардың барлығы өзара тығыз байланыста.

Екіншіден, криминологиялық  ғылым қылмыс жасаған адамды өз ақыл-ойын, ойластырылған іс-әрекетін басшылыққа алатын саналы адам деп ғана қарастырады, ал іс жүзінде олай емес. Себебі «саналы» деген ақылға қонымды, ал «санасыз» дегенді қисынсыз, интуиция бойынша істелген әрекет деп санау керек. Осыдан барып, адам қылмысты кейде нақты ұғынып, еркімен жасаса да, ол әрекеті қисынсыз, ақылға қонбайтындай болып шығады.

Үшіншіден, криминологиядағы қарама-қайшы тұжырымдаманың үзілді-кесілділігі мен біржақтылығын жоюға талпыныс жасалды. Оның себебі, биологиялық және әлеуметтік (социологиялық) тұжырымдамалар адамның қалыптасып, дамуын әрқайсы өз тұрғысынан бөлекше қарауға тырысады. Әрине әртүрлі тұжырымдамалардың өзара қиылысатын, жанасатын тұстары да болады.

Сонымен қатар, экономикалық, саяси, әлеуметтік, идеологиялық, мәдени-тәрбие және ұйымдық-басқару саласындағы, құқық бұзуға жағдай тудыратын жалпыәлеуметтік келеңсіз құбылыстар монографиялық деңгейде талданған, бөлініп алынған және топтастырылған. Ал жастардың тобын құрайтын өзінше бөлек әлеуметтік-демографиялық топқа қатысты жағдайлар ерекше деңгейде бөлініп алынған. Жастар ортасында жиі кездесетін бірқатар әлеуметтік-психикалық ауытқулар дараланып көрсетілген. Соңғы он жылдықтар ішінде алғашқы рет студенттер ортасына назар аударылған, себебі ол ортада рухани және өнегелік құндылықтың бағасыздануы нәтижесінде келеңсіз үрдіс бой көтере бастады. Соған байланысты криминогендік деңгейде тәрбиенің негізгі шетелдік және отандық тұжырымдамалары қарастырылды, нақты ұсыныстар даярланды. Ол жеткіншек ұрпақты тәрбиелеудің қазіргі тұжырымдамасын жетілдіруде өз көмегін тигізуі тиіс. Сонымен қатар алғашқы да, қайталанған да қылмыстардың алдын алудың негізгі бағыттарын қарастыра отырып (криминологиялық бағыттар), ішкі істер органдарының КТІБ қызметкерлерінің сақтандыру жұмыстарын жетілдіру жөнінде тиісті ұсыныстар жасалды.

Зерттеудің  теориялық және тәжірибелік маңыздылығы. Бұл диссертациялық зерттеудіңтеориялық маңыздылығы, оның жалпы тұжырымдамасы алынған жаңа ғылыми нәтижелер криминологиялық ғылымның дамуына елеулі үлес қосады, себебі олар құқық бұзуға бейім мінез-құлықтың себептілігі және оның алдын алуға қатысты қазіргі білім жүйесін толықтырады.

Диссертациялық  зерттеудің тәжірибелік маңыздылығы, бұл жұмыста келтірілген ережелер, қорытындылар, тұжырымдар және ұсыныстар заң шығару қызметтерінде, адамды рухани және өнегелік тәрбиелеу, қылмыстың алдын алу жұмыстарының тиімділігін арттыру мақсатында, сондай-ақ «Криминология» оқу курсын және кәмелетке толмағандардың істер жөніндегі бөлім қызметкерлерінің біліктілігін көтеруге арналған курстарды оқыту үрдісінде пайдаланылуы мүмкін.

Зерттеудің  методологиялық және әдістемелік негіздері. Диссертациялық зерттеудің негізі ғылыми теориялар мен тәжірибенің өзара байланысын анықтайтын әдіске негізделген. Құрылымына және оларды қолдану өрістеріне деген талаптарды анықтайтын философиялық ілімдер жүйесі болып табылады. Салыстырмалы-тарихи, салыстырмалы-құқықтық талдау әдістері. Социологиялық әдістер пайдаланылып, болжамдар жасау әдістері. Криминологиялық және этникалық-педагогикалық идеялар интерпретациясы қолданылған.

–                        формальды-логикалық, оның мәнісі – қылмыстың алдын алудың жас адамдарға қатысты қолданылатын құқықтық-қылмыстық тәсілдерінің белгілерін жан-жақты талдауда;

–                        статистикалық, ол жас адамдарға жасаған қылмыстар туралы статистикалық мәліметтерді жинақтауды және талдауды қамтиды;

–                        сауалнама тарату – Оңтүстік Қазақстан облысындағы жас адамдарға жасаған қылмыстар туралы қылмыстық істер сауалнамалары және арнайы бағдарламалар негізінде ішінара зерделеу;

–                        сұхбаттасу – зорлықшыл қылмыс жасаудың сылтаулары мен себептерін айқындау мақсатында жас адамдар құқық бұзушылармен әңгімелесу;

–                        аталған аймақтардағы ішкі істер органдары қызметкерлерінен жауап алу арқылы сараптық баға беру.

Жоғарыда көрсетілген  әдістердің жиынтығы ретінде бұл  зерттеу әдістемесі, сонымен қатар, қарастырылған проблеманы қозғайтын  нормативтік көздерді де қамтиды.

Диссертациялық  зерттеудің эмпирикалық базасын 2000-2008 жылдары Алматы қаласындағы қылмыстылықтың, әкімшілік құқық бұзушылықтың жайын, динамикасын және құрылымын, ішкі істер органдарының кәмелетке толмағандардың істер жөніндегі бөлім қызметін сипаттайтын қылмыстық және әкімшілік статистикасының мәліметтері құрады. 17-23 жастағы 175 студенттен және кәмелетке толмай қылмыс жасаған 16-17 жасар кәмелетке толмағандардың істер жөніндегі бөлім есебінде тұрған 96 жастан арнайы сауалнама жасалынды. Сонымен қатар зерттеудің эмпирикалық базасы білімнің басқа салаларындағы мамандардың да, оның ішінде криминологтардың да соңғы жылдарда жүргізген, криминологиялық басылымдарда жарияланған әлеуметтік зерттеулерінің нәтижелерін де қамтиды.

Зерттеу нәтижелерінің сыннан өтуі. Жүргізілген зерттеудің негізгі нәтижелері, теоретикалық ережелері, оларға сәйкестендіріліп жасалынған негізгі қорытындылар мен ұсыныстар, Д.А. Қонаев атындағы Универитетінің қылмыстық құқық, криминалистика және құқық қорғау қызметі кафедрасындағы талқылау барысында апробациядан өтті.

Диссертациялық  зерттеу жұмысының негізгі теориялық  қағидалары мен тұжырымдары келесі ғылыми конференцияларда ұсынылып, көпшіліктен  тиісті оң бағасын алды: «Теоретические и практические вопросы предупреждения преступности: в деятельности правоохранительных органов и институтов гражданского общества: международный опыт и национальная практика Казахстана» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда (Алматы қ.: Қазақстан криминологиялық ассоциация, 2007 ж.); «Уголовно-исполнительная система: перспективы реформирования и проблемы подготовки кадров»: атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда (Костанай қ.: Қазақстан Республикасы ӘМ ҚАЖК Қостанай заң институты, 2006 ж.); «Повышение правосознания правовой грамотности граждан в условиях развития правового государства и демократизации общества»: атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда (Алматы қ.: Д.А. Қонаев атындағы университет, 2007 ж.); «Актуальные проблемы борьбы с преступностью на современном этапе» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда (Алматы қ.: Қазақстан Республикасы ІІМ Академиясы, 2008 ж.).

Диссертациялық  зерттеудің нәтижелері, қорытындылары  және ұсыныстары Қазақстан Республикасы ІІМ Академиясының оқу үрдісіне ендірілді.

Жұмыстың  құрылымы мен көлемі. Диссертация мазмұны таңдап алынған зерттеу жұмысының мақсаты мен міндетіне және оның көлеміне сәйкес келеді. Жұмыс кіріспеден, екі бөлімнен, алты бөлімшеден және қорытындыдан, сондай-ақ пайдаланылған әдебиеттер тізімдері мен қосымшалардан тұрады.

 

Жұмыстың негізгі мазмұны

Кіріспеде диссертацияның өзектілігі, зерттелу деңгейі, мақсаты мен міндеттері, зерттеудің нысаны, қорғауға ұсынылған негізгі тұжырымдар, зерттеу жұмысының ғылыми жаңалығы, оның теориялық және тәжірибелік құндылығы, зерттеу жұмысының сыннан өтуі, диссертациялық жұмыстың көлемі мен құрылымы туралы деректер көрсетілген.

Бірінші бөлім «Құқық бұзуға бейім мінез-құлықтың қалыптасуының себептік тетіктері» деп аталады. Ол екі бөлімшеден тұрады.

«Құқық  бұзуға бейім мінез-құлықтың қалыптасуының биологиялық негіздері» деп аталатынбірінші бөлімшедеадамның биологиялық тұрғыдан қалыптасу және оның тарихы мен пайда болуына әсер ететін негізгі себептер мен тетіктері, сонымен қатар адам дамуындағы қоршаған ортаның әсері және ортамен өзара байланысы қарастырылған.

Құқық бұзушылықтың алдын алу басты - міндет