Жар таңдау

          Аллаһ Тағала бұл дүниеде әрбір нәрсені жұп жұбымен жаратқаны белгілі. Соның ішінде ақыл ес, сана сезім берілген Адам баласының жұпсыз болуы ерсі нәрсе секілді. Сондықтан да етек жеңін жиып, өзін алып жүре білетін кез келген адамның өзіне лайықты жар іздеуі құптарлық іс.

          «Таңдаған тазға жолығады» деген қағиданы былай ысыра тұрып, өзіңізге лайықты жарды жақсылап таңдағаныңыз абзал. Себебі, бұл өмірдің мәні де, мәнісі де, нығыметі мен берекесі де сүйікті жарыңызға қосылғаннан басталмақ. Жар таңдау көбінесе ер азаматтардың жұмысы. Әрине бұл жерде қыз баласының таңдау еркіндігі жоқ дегеннен аулақпыз. Екі жақ бірін бірі тапқаннан кейін қыз келісіп келіспейтіні жөнінде соңғы шешімін айтады. Осылайша екі жақ келісіп жатса жарасымды жұп құрылып жаңа өмір басталады. 
          Негізінен өмірлік жар деген, адамның есімі секілді онымен өмір бойы бірге болады. Болмысын бүтіндеп тұратын тең жартысы десек те артық болмас. Сол себепті де өмірлік жарыңызды ойланып, өмірлік екенін ойға алып барып таңдаңыз. «Қыз баласына қандай ер азамат абзалырақ?» деген сұрақтың жауабын тапқан секілдіміз. Діннен хабары бар, байсалды әрі дінді таза ұстанатын, сенімі берік және оны іс жүзінде амалға асыратын, жомарт, жағдайы жақсы, асырауға шамасы келетін, күшті, көрікті, жас, тақуа, сондай-ақ әйелімен жақсы қарым-қатынаста бола алатын, алған әйелін ұнатса сыйлайтын, ал ұнатпаса қорламайтын және зұлымдық жасамайтын адам ғана күйеу болуға әбден лайық көрінеді. Оған мына хадисті келтіруге болады: 
Әбу Һурайрадан (р.а.) риуаят етілген хадисте Аллаһтың (с.а.у.) елшісі: «Егер сендерге мінез-құлқы мен діні өздеріңе ұнайтын бір кісі келсе, онда үйлендіріңдер (қыздарыңды беріңдер). Олай істемесеңдер жер бетінде бүлік және ірі арсыздық болады», – дейді. Ал енді күйеу жігіттің жар таңдауына келер болсақ, ол дегеніміз – өз күйеуіне тақуалық, мінез-құлық, әдеп, ізгілік және сұлулық тұрғысынан абзал болған әйел. Абдуллаһ ибн Амр (р.а.) риуаят еткен хадисте Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Расында дүниенің баршасы нығымет, ол нығыметтің ең қайырлысы – әйел», – дейді. 
Сондай-ақ Әбу Һурайрадан (р.а.) риуаят етілген хадисте Аллаһтың елшісіне (с.а.у.): «Қайсы әйел жақсырақ?» – деген сұрақ қойылған. Сонда ол (с.а.у.): «Егер қарасаң – қуандыратын, бір нәрсе бұйырсаң – бағынатын және өзі мен малына қатысты мәселелерде өзіңе қарсы шықпайтын әйел»– деп жауап береді. Қандай әйел алу керектігі туралы Шал ақын «Әйел туралы» өлеңінде былай дейді:

Әйел алсаң, қарап ал ақылдысын,  
Сол болар басқадан да жақын кісің. 
Ағайынға, туысқа қайырылса, 
Дүниеде нағыз сол ғой мақұл кісің. 
Еріне аю, баласына қасқыр болса, 
Ондай қатын алғанның күні құрсын.

Осы турасында Жүсіп Баласағұн былай деген екен: 
Егер әйел алам десең үздігіп, 
Таңда жөндеп өте жіті көз тігіп. 
Тегі таза, құтты болсын тамыры, 
Ұяты мол, инабатты һәм ірі. 
Қол тимеген, болсын аттап шықпаған, 
Сенен басқа еркек бар деп ұқпаған. 
Сені сүйіп, сенен басқа іздемес, 
Жаман қылық, жарамсыз іс істемес. 
Ей, адамзат, ердің ері болсаңда, 
Қатарыңды ал, егер әйел алсаңдар. 
Мінезін айт, қарамай-ақ әріне, 
Болса мінез – жарасады бәрі де. 
Құр қоздырып нұрлы жүздің жылуын, 
Іздей көрме көрікті қыз сұлуын. 
Тапсаң егер ақылды қыз көз жетіп, 
Қапы қалмай, үйленіп ал тездетіп. 
Ақылды әйел мал да жинар, өндірер, 
Байып алып, өзіңе де өң кірер. 
Пейілді әйел көрікті де, текті ғой, 
«Әйел көркі – қылығында», – депті ғой! 
Ойы таза болса әйелің – асыл жар, 
Осы үшеуі бар-ақ жерде қосылар. 
Есті әйелдің етек-жеңі кең келер, 
Соны тіле, төрт құбылаң тең келер. 
Дәл осындай әйел тапсаң – ардақты, 
Соған тырыс – сол әкелер бар бақты!

          Хош делік, «Заманың түлкі болса тазы болар» демекші, дәл қазір есті де, етек жеңі берік қыздар азайып бара жатқан секілді. Сенен басқа еркек бар деп білмейтін, өзін болашақ жарына пәктікпен таза қалпында ұсынатын қыз қырқынның азайып бара жатқаны жасырын емес. Дүниенің қызығына алданып, көрікті жігіт көрсе таң қалып, қайтсем ұнаймын деп қамданып алтыннан қымбат арынан айырылып жатады. Топырақты бәріне шашпаймыз, Аллаға шүкір «Арым жанымның садақасы» деген арлы қыздарымыз баршылық. 
          Жігіт сылқымнның да сыналар тұстары көп. Қыз біткенді қолғапша ауыстыратын сері сымақтар тайраңдап жүр. Осылай жүре тұрайын, ал жарым ретінде таза, пәк, адалын аламын дейді. Сондағы айтқан уәжін қараңыз, өзінің өмірлік жарына тәжірибелі еркек ретінде көрінгісі келеді екен. Ондай мойны жуандарға ертең қосағың өзіңнен өткен тәжірибелі болса не істейсің десең, ашуланатынын қайтерсің бәтшағардың. Шындығында солай. Әділетті Аллаһ Тағала әділетінің бір тұсын осында байқатады. Отбасын құрғанға дейін кім қалай жүрсе, өзінің болашақ жары да құры қарап жүрмейді екен. Бұл өзің қандай болсаң, жарың да сондай деген қағидаға сүйенеді. Күмәніңіз болса, ақиқатты Құраннан іздеп көрейік. Қасиетті Құранда былай делінеді: «Зинашы ер зинашы немесе мүшрік әйелмен үйленуге лайық. Зинашы әйел де, зинашы немесе мүшрік ермен ғана үйленеді» («Нұр» сүресі, 3-аят). Сондай-ақ тағы да «Нұр» сүресінің 26-аятында: «Сұм әйелдер сұм ерлерге, сұм ерлер сұм әйелдерге, сондай-ақ игі әйелдер игі ерлерге, игі ерлер игі әйелдерге лайық» деп бұйырылады. «Үйленіңдер! Үйлену – менің сүннетім» деген Пайғамбарымыздың (с.а.у.) хадистеріне амал еткісі келіп жүрген бойдақтарға қолдауымыз бар. Қапы қалпай жақсы жардан таңдап ал! Адам жұп боп өмір сүрсе жол табар. Бірақ «Үйлену оңай, үй болу қиын» деген сөздердің астарына үңіліп, мазасызданып үйленуден кешеуілдеп жүргендер көп. Ерте үйлену ердің ісі, кеш қалудан сақтасын! Ең бастысы аласұрып асықпай, кейін жүріп кешікпей әрбір қазақтың жастары жұп-жұбын жарастықпен тауып, қосылса деген тілегіміз бар!

Жан іздеймін жалғанда жар болатын.

                                       Мінезі мен сәніне таңданатын, 
                                       Ерін разы қылу үшін қамданатын. 
                                       Көркем әрі жұп-жұмсақ мінезі бар 
                                       Жан іздеймін жалғанда жар болатын.

                                       Тілінен тек жақсы сөз шығатын, 
                                       Ерінің қас қабағын тез ұғатын. 
                                       Күйеуі қалағанда шақырса егер, 
                                       Ошақ жақта болса да кеп тұратын.

                                       Болса деймін молырақ ақылы бар, 
                                       Ақылы ғой әйелді сұлу қылар. 
                                       Өзіне қатысы жоқ жұмыстардан, 
                                       Ақылды әйел әрқашан алшақ тұрар.

                                       Қайда екен болашақ менің жарым, 
                                       Ойламайтын сенен басқа еркек барын. 
                                       Мені сыйлап, тек қана мені сүйер 
                                       Жан іздеймін болатын менің бағым.

                                       Иманды, ақылды әйел тапсаң қалма, 
                                       Имансыз ақылсыздан сақта Алла! 
                                       Менің жарым болса екен ең таза пәк 
                                       Қатарынан құлдардың сүйген Алла.

                                      «Сіз» деп жұмсақ сөзімен баурап алар, 
                                       Ерін сыйлап жұмаққа бірден барар. 
                                       Сағынатын аз уақыт жырақ кетсең, 
                                       Жанына тез баруға санаң ауар.

                                       Орамалы жарасқан, киімі де, 
                                       Мән беретін тек жабық киінуге. 
                                       Кәмілетке толып өзі мән бермесе 
                                       Қиын ғой ашық қызға киін деу де.

                                       Күлгенде жымиып қана қойса жетер, 
                                       Дауыстап күлу қызды арсыз етер. 
                             «Күлгенде Пайғамбарым (с.а.у.) жымиятын», - 
                                       Сахабалар деп еске алмас бекер.

                                       Жігітке ұятты болған жақсы, 
                                       Қыздың ұятты болғаны одан жақсы. 
                                       Деп Пайғамбар (с.а.у.) қалдырыпты өсиетін, 
                                       Осыған нәзік жандар құлақ асшы!

                                       Қайда деп іздей берем менің жарым, 
                                       Бойына жинақтаса мұның бәрін. 
                                       Осындай жар болса деп дұға қылам, 
                                       Тәңірім нәсіп етер болса бағым.

          Ақ көйлек киіп, армандап, сүйіп, «бізді тек өлім ғана ажыратады» деп некелерін қиғызған отбасылардың арасында ажырасу жиілеп барады. Қазақ қоғамы үшін кезінде сүйекке таңба саналатын осы келеңсіздік қазір қалыпты жайға айналған. Кеңестік дәуірде «кемелденіп», жаһандану «жандандыра» түскен бұл кесел – қоғамның өзек құрты секілді. Әдеп, иба, тыйым деген ұлттық тәрбиеге тән ұғымдарды алыс-жақын шетелдің азғындатқыш фильмдерінің арсыз тәрбиесі алмастырып, отбасылық жауапкершілік деген қасиетті ұғым ойыншыққа айналды.

          Отау құрғандардың АҚШ-та – 43, Англияда – 42, Ресейде – 41 пайызы ажырасып кететінін, ал ең «ажырасқыш» қалалар қатарына Нью-Йорк (51%) пен Мәскеу (49%) жататынын ескерсек, біздің кімдерге қарап көш түзеп отырғанымызды бірден ұғасыз. 

           Әрине, сіз көптеген замандастарыңыз тәрізді «бір-бірін шын сүйген ғашықтарды ешкім, ешқашан ажырастыра» алмайды деген пікірді ұстануыңыз мүмкін. Бұл пікірді мүлде жоққа шығаруға болмас. Алайда жантанушылар зерттей келе, махаббат дегеніңіздің өзі жүйкені жаулап алатын ауру екенін, ал осы «кесел» меңдеп, есі кетіп тұрған сәтте үйленгендердің 40 пайызы алғашқы үш-төрт ай ішінде, 30 пайызы бір жылдан соң ажырасып, үш жылға таяғанда, солардың 30 пайызға жетер жетпесі ғана отбасын сақтап қалатынын айтады. Психологтардың пікіріне сенсек, ең кемі екі-үш жыл бір-бірін жете танып барып, ақ некесін қиғызған отау иелерінің 80 пайызы шаңырағын шайқалтпай ұстап қала алады. 

          Қалай десек те, ежелден «әйелі ерге қарайтын...» ел болғандықтан және текті, әулетті, тұқымды еразаматтың кіндігінен таратып, соның атасының атын жалғастыратындықтан, отбасын құруда аса мұқият болу және жылы ұяны бұзып алмай ұстап тұруда жігіттерге жауапкершілік көбірек артылады. Сондықтан әңгімені жігіттердің жар таңдауда қателесіп кетпеуі үшін не істегені жөн екендігіне қарай бұрайық. 

           Қыз айттырудың қазақы салттан бөлек немесе әйел таңдаудың исламдық жолы да бар. Мұхаммед (с.а.с.) бұл туралы: «Жар таңдауда төрт нәрсеге көңіл аудару керек: байлығына, атағына, сұлулығына және дініне. Сен үшін ең абзалы дінді ұстанатын қыз, егер де керісінше болса, сен ұтыласың» деген. Оған алатын қалыңдықтың ең басты қасиеті – имандылығына қоса сұлулығы мен мінезінің биязы болуының да мәні зор екенін қосып қойыңыз. 

           Алайда қазір заман басқа. Ибалы қыздар аз болмағанымен, дінге ұйыған иманды қыздар қатары көп емес. Әсіресе, қаланың жағдайында беті 99 бояумен «сырланған» қыз сыртынан қарағанда үзілгелі тұрған гүлдей үлбіреп тұрғанымен, оның мінез-құлқы мен әдебін көргенде екі қолыңды төбеңе қойып, безіп кетуің ғажап емес. Олай болса қазіргі заман аруларын төмендегідей түрлерге бөліп қарастырып көрелік: 

           Бизнеследи. Бұл – өз дегенімен жүретін, айналасындағыларды «айдап өргізіп, иіріп жусатып» үйренген, билік десе ішкен асын жерге қоятын, өз мүддесін бәрінен жоғары қоятын, тәкаппар әйел. Әрине, олардың ішінде ақшадан адами құндылықтарды жоғары қоятындары да бар. Бірақ өте сирек. Өйткені бизнес заңы қатал. Ұтарыңыз: Үйіңде үнемі ақша болады. Бизнесте үлкен табыстарға жеткен әйелдер еркектер сияқты сыртқа емес, үйіне тасиды. Тұрмысың жақсы болады, шалқып өмір сүресің.  Ұтылатыныңыз: Әйеліңнің көлеңкесінде қалып, соның айтқанына көніп, айдауына жүріп, тіршілік кешесің. Кейде мұндай әйелдер ер мінезді, зор денелі, қайсар еркектерді таңдайды. Бұл жағдайда бизнеследидің бұйрығына әлгіндей азамат оңайшылықпен көнбейтіндіктен, ажырасып тынады. 

           От анасы: Ол бүкіл өмірін өзінің отбасына, балаларының тәрбиесіне, отбасының бақытына арнайды. Ондай әйелі бар үй қашанда мұнтаздай, бақ-берекеге толы. Ондай әйелдер ерінің ісіне жөнсіз киліге бермейді. Ұтарыңыз: Балаларыңыз тәрбиелі, үйіңізде береке, достарыңыз да, туыстарыңыз да риза. Ұтыларыңыз: Бизнеследи сияқты ойдан-қырдан ақша жасап, шапқылауды ұнатпайды. Отбасын қаржымен қамту барлық еркектер тәрізді сіздің мойныңызда болады. 

           Сылқым келіншек: Бұл – барын киіп, «байпағын қолына ұстап», той-томалақтан қалмайтын, тапқаныңды бояуы мен киіміне жұмсайтын ерке әйел. Ұтарыңыз: Жиын-тойда сырын білмейтін ел қызыға қарауы мүмкін.  Ұтыларыңыз: Тапқан табысыңда, отбасыңда береке болмайды. Сен тек оған ақша тауып киіндіріп, тойындыру үшін ғана керексің. Оның қолынан түк келмейді. Сондықтан өмір бойы ердің де, әйелдің де қызметін қатар атқаруға дайын болсаң, сылқым келіншектің етегінен ұста. 

          Бұл – айтылғанды ескеру-ескермеу өз еркіңіздегі шаруа. Десе де басыңыз көрге жеткенше өмірлік жолдас болар жанды табу жолында талғам да, таңдау да, талап та ерекше болуға тиіс. Бұл орайда дәрігерлердің, жантанушылардың да кеңесін ескерген абзал. 

           Айталық, сізге көзі оймақтай, ерні қаймақтай әдемі қыз ұнады делік. Адамның таңдауы ең алдымен, тән сұлулығына түседі. Сөйтіп, сіз өзгелерден ерекшеленіп тұрған сымбатты қызбен сырлас болдыңыз. Енді онымен жақын таныса келе, оны жар етуді ойласаңыз мынадай талаптарды жүзеге асыру қажет болады: 

           Біріншіден, оның өзін және туған-туыстарын зерттеңіз. Олай болмағанда сіздің балаңыз тұқым қуалау арқылы берілетін туабітті тән кемшіліктерімен туылуы мүмкін. 

            Екіншіден, оның өзінің және туған-туыстарының денсаулығына дa назар аударыңыз. Бұл сізді ұрпағыңызды тұқым арқылы берілетін (қояншық сияқты) әртүрлі дертті болуынан сақтайды. 

            Үшіншіден, оның айналасындағы достарына зер салыңыз. Өйткені ертең үйленгеннен кейін езуінен шылымы түспейтін немесе жігітті көйлекше ауыстыратын, болмаса көк мылжыңмен миыңды ашытатын достары сіздің де достарыңызға айналып, үйіңізден шықпайтын болады. Сондықтан егер сүйіктіңізді тастауға қимасаңыз, әлгіндей достарымен қарым-қатынасын үзуін өтініңіз. Болмаса, жора-жолдастары дұрыс, тәрбиелі ортадан өзіңізге лайықты басқа жар іздеңіз. 

           Төртіншіден, және ең бастысы, қыздың өзінің мінезқұлқынан басқа да қасиеттеріне жақсылап көңіл аударыңыз. Әйелді мынадай қасиеттеріне қарап таңдаңыз: өмірге деген құлшынысы жоғары, ақкөңіл, жайдары, мейірімді және сіздің туыстарыңызбен, достарыңызбен тез тіл табысып үйіріп алып кете алатындай жан болуға тиіс. 

            Алтыншыдан, өзіңіз үйленгіңіз келетін адамды жиырма төрт сағат бойы қасыңыздан көруге сенімді екендігіңізге әбден көз жеткізіңіз.  
Әдетте әдемі қызды көргенде жас жігіт бірден ақылын жоғалтып, өзінің тағдырын оның қолына ұстата қояды. Оның айналасындағы достарының, туыстарының болашақ жары туралы айтқан ескертулерін құлағына да ілмейді. Өйткені ғашықтық сезім оны соқыр әрі керең етеді. Әрине, бір көргеннен ғашық болуы да жоққа шығаруға болмайды. Бірақ олардың мыңнан біреуі ғана шын мәнінде, бақытты болуы мүмкін екенін жоғарыда айттық. 

            Әйел таңдау кез келген ер-азаматтың басына түсетін іс. «Қамшы сабындай» десек те, ғұмырыңның аяғына дейін өзіңмен бірге болып, тұрмыс кешетін және үрім-бұтағыңды өсіретін от анасын таңдау оңайға түспейді. «Жақсы әйел алғанның үйінен ырысы кетпейді, жаман әйел алғанның үйінен ұрысы кетпейді» дегенді бұрынғылар бекер айтпаған. 

      Қыз күнінде қырмызыдай жайнаған арудан ертең қандай әйел шығатынын дөп басып тану қиын. Бір қарағанда көзге көркем көрінгенмен, оның жан дүниесінің қаншалық сұлу екенін қалай танырсың?! Ал жан сұлулығы жоқ жерде отбасының болашағы бұлыңғыр. Сондықтан болар, біздің қазақ әуелі қыздың тегіне қараған. Тектілік дегеннің өзі қанмен біткен кішіпейілділік, ибалылық, имандылықтан бөлек атадан балаға, анадан қызға отбасы арқылы берілетін тәрбие деп те ұғыну қажет шығар. Сондықтан да бұрынғылар қалыңы қанша қымбат болса да, үйір-үйір жылқы, отар-отар қой айдатып, текті жерден қыз алған. Әрі қазақтың алдын ала айттыруы мен текті жерге құда түсіп, қыз алуы тұқымының тәрбиелі, иманды болатынының кепілі. Өйткені бала қашан ат жалын тартып мінгенше ана тәрбиесінде болады. Ал егер тәрбиелілік сол ананың тегінде жоқ болса, тұқымың тозды деген сол.

Қыз мақсаты – кету. Бойжете  бастағаннан екі көзі далада болады. Өзінің орнын басқа үйден іздейді. Құдай қыз табиғатын солай  жаратқан. Әкесі барын беріп, басына алтын құйып бақса да, қыз өзін туған үйінде уақытша адам санайды. Жігітке өзгенің босағасын пана тұту – намыс болса, қыз үшін–  бақыт. Әйтсе де қыз біткеннің  бәрі барған жерінен бақыт таба бермейді. Тәтті өмірді қиялдап барған жері ащы қасіретке душар етуі де мүмкін. Сондықтан әйел заты үшін дүниедегі  ең қиын нәрсе – күйеу таңдау. Әрине, жігіттер: «қыз жігітті таңдамайды, жігіт қызды таңдайды» деуі де мүмкін. Алайда жантанушы ғалымдар керісінше, таңдауды жігіт емес, қыздар жасайтынын, егер қыз жігітті таңдаса ғана келісімін беріп (тіпті жігіт басын шыр айландырып), отбасы құрылуы мүмкіндігін айтады. Ал жігіттер қызды өз үйіне келін етіп түсіретіндіктен, «мен алдым» немесе «мен таңдап алдым» деп ойлайды. Бұл жерде жігітке қыз таңдауын қабылдау немесе қабылдамау еркі қалады. Қабыл алса, өзін таңдаған қызды жар етеді, қабылдамаса, «мен саған ғашық едім, амалым не?» деген әнін айтып, бақытын басқа қыздан іздейді. Сондықтан қыздар: «мені кім таңдайды?» деп емес, «мен кімді таңдасам екен?» деген көзқарас ұстанғаны абзал. Мұны бір деп қойыңыз. Екіншіден, кімді, неліктен таңдағанын қыз өзі жақсы білуге тиіс. Енді осы жерде күйеуге шыққысы келетін қыз жігіт бойында қандай қасиеттер болғанын қалайтынына тоқтала кетейік.

1. Сымбаты. Қыздың көзі ал­дымен  жігіттің сыртқы келбетіне түседі. Келбеті келісті жігіттер ер­терек  «қолды» болып кететіндіктен,  қыздар сұлу болмаса да, сүйкімді  жігіттің сүйіктісі болғысы келеді. Мұндайда сыртынан қарап, жара­сым  таба қалған екі жасты көрсек  «бір-біріне лайық екен, тауып  қо­сы­лыпты» деп жатамыз. Алайда  жан­танушы ғалымдар «сыртқы  кескіні келісті екі адамның  бас қо­суы – өмірде екеуінің  керемет ба­қыт­ты өмір сүріп  кетуінің кепілі емес» деген  пікірде. Сондықтан тән сұлулығы  мен жан сұлулығы қатар адамды  таңдаған қыз қателеспейді.

2. Адамгершілігі. Мұны қазақ­тың  қызына күйеуді тегіне қарай  таңдауымен тікелей байланыс­ты­руға  да болады. Текті жердің бала­сы  адамгершіліктің ақ жібін атта­май­ды.  Ісіне – мығым, сөзіне –  адал. Адамгершілік тәрбиемен ке­летін  нәрсе. Яғни, жігіт тәрбиелі, текті  отбасыдан деген сөз. Ондай  жер­ге түскен келінге барған  жерін­де атасы – әкесіндей,  енесі – ана­сындай болады. Сондықтан  қыз жігіттің басқа қырларынан  гөрі адам­гершілігіне көбірек  назар ау­дарса, кейін өкінбейді. 

3. Білімі. Бұл заманның қыз­дары  қандай да бір жоғары, ең бол­мағанда  орталау оқу орнын бітіріп,  белгілі бір кәсіпті меңгермеген  жі­гітке қарамайды. Алайда «қалта­сын­да  дипломы бар жігіттің бәрі  ақылды» деген түсініктен аулақ  болған жөн. Күйеу – өмірдегі  сүйеу. Қыз осылай ойлайды.  Сон­дықтан қыз оның қанша  оқу бітір­ге­ніне емес, сол білімін  қажетке жарата алғанына немесе  жарата алатынына көңіл аударсын.

4.Дәулеті. Қай қыз болсын баратын  жерінің дәулетті болғанын жек  көрмейді. Сондықтан қыздар жігіттер  туралы: «Үйі, машинасы, жұмысы бар.  Әкесі шылқыған бай...» деген  сияқты әңгіме айтып, мақ­танғанды  жақсы көреді. Мүм­кін­дігінше қыз  ертеңгі күні өзін баспанамен, тіршілікке қажетті затпен қамтуға  қабілетті жігіттің етегінен  ұстауға ұмтылғаны құп­тар­лық,  әрине. Өйткені ажырасу­дың 70-80 пайызы жетіспеушілік­тен болады. Дегенмен жігітке тек байлығы  үшін ғана ерге шыққан қыз  бармағын тістеп қалады. Егер жі­гіт­тің дәулеті мен ақылы, адам­гер­шілігі сай келіп жатса, махаб­бат­тары жараса, жөні бөлек.

Сөйтіп, біз қыз жігітті қандай талаппен таңдайтынына қысқаша тоқталып өттік. Енді қызды кү­йеуге шығуға итермелейтін себеп­терге тоқталайық.

Бірінші себеп – табиғаттың заңымен  әйел жатжұрттық болған­дық­тан, ол өзінің өсіп-өнетін ор­тасын ертерек тапқысы, ертеңгі кү­ніне сенімді болғысы  келеді. Жан­танушылар «ертеңгі күнге  сенім­ділік­ті негізінен өзіне  сенімсіз әйел­дер ертерек іздейді» дейді. Ал өзіне сенімді әйел тезірек  күйеуге тиіп ке­туге тырыспайды. Өйткені ол кү­йеусіз де жан баға алатынына се­німді. Ал өзіне ұнайтын  өмірлік адамы кездесіп, екеуінің бірге өмір сүре алатынына көзі жеткенде, нақ­ты шешім қабылдайды. Өйт­ке­ні  ол алдына жылдамдатып күйеуге тиіп кетуді мақсат еткен жоқ. «Асық­қан  қыз байға жарымайды» деген осыған орай айтылған.

Екінші себеп – қыз қатарлас­та­ры­нан қалғысы келмейді. Оты­рып қалған қыздың миының бір шетінде «уақыт өтіп барады, қашан күйеуге тиер екенмін, көңілім жай­ланып адам сияқты өмір сүретін» деген ой жататын  көрінеді. Сон­дық­тан да ол жігітпен кездескен бой­да өзінің ең жақсы, сүйкімді жақтарын көрсетіп, оған ұнауға барын  салады. Мұны түсінген ер адам да әйелдің  тек жақсы жақ­та­рын көріп және өзі де жақсы жағы­нан көрінуге тырысады. Бұл – өзі­не сенімсіз қыздың жігіттің қандай екендігін бір жақты бағалауға, жі­гіт­тің де қыздың кемшіліктерін  көр­­мей қалуына әкеліп соғады. Сөйтіп, екеуі үйленгеннен кейін кә­­дуілгі қарапайым өмір бастал­ған­да қыз  өтірік қылымсып, жігіт мөлиіп, жасырып  келген мінездері көрініс береді. Осыдан келіп: «мен сені мұндай деп  ойламаппын» деп бір-бірінен жери бастайды. «Өл­дім-талдым» деп бір-бірін  сүйіп тұр­ған­да түпкі мақсат –қайтсе  де үйлену болса, енді мақсат– қалай  да ажы­расу болып шығады. Олай болса, үйленбей тұрғанда қыз өзінің мінезін  жасандылықпен жа­сырма­сын, сонда  жігіттің де шын бейнесін көре алады.

Үшінші себеп – тәрбиенің  әсері. Біз ұл баланы «асықпа, оқы, кәсіп  үйрен, қызметте биіктерге көтеріл, жағдайыңды жаса, сосын үйлен» деп  тәрбиелейміз. Ал қыз балалар­ды «бидайдың  барар жері диірмен, ертерек өзіңе  лайықты адам тауып алмасаң, отырып қала­сың» деп қор­қытамыз. Осы  қорқы­ныш сана­­сына ұялаған қыз  не болса да ертерек біреудің етегінен ұстап кетуге тырысады. Оның үс­тіне  біздің қоғам негізінен еркек­тер­дің  қолында болғандықтан, от­басын асырайтын, ақша табатын, киін­ді­ретін, тойындыратын да солар. Сондықтан «байтал шауып, бәйге алмас» дегенді санасына сіңірген әйел адам өзін асырайтын қамқор­шы­ны ертерек тауып алуға тыры­сады. Ал шын мәнінде, ақыл-ойы, бизнестегі қарымдылығы жігіттер­ден он есе  асып түсетін қыздар бар. Өзіне сенімді. Олар «ертең асы­рау­шы­сыз далада қалам-ау»  деген ой­мен емес, «жаратушының заңына лайық отбасылы болып, бала та­уып, аналық парызын атқаратын уақыт келді» деп ерге шығады.

Қыздар жігіттерге қалай қы­рын­дауды, олардың басын шыр айналдырып өзіне қаратуды жақсы меңгергенімен, олардың мінез-құл­қына, болмысына  қарай қанша түр­ге бөлінетінін  біле бермейтін­діктен, кейде «мысты»  алтынға ба­лап, алданып қалады. Сондықтан «иықтының бәрі сүйікті жар болады деп ойлайтын қыздардың назарына жігіттің қанша түрі барын сала кетейік.

1. Босбелбеу жігіт. Кей қыздар  «күйеуі ұрады екен» дегеннен  қор­қып, жуас жігіт іздейді.  Тым бос­белбеу, ынжық ер адам  өзге түгілі, өзін асырай да, қорғай  да алмайды. Ондай күйеудің  барынан жоғы.

2. Қатынбасша. Қазан-ошаққа араласып, не ішіп не жегеніңе де­йін  санап, есептеп, ызыңдап оты­ратын  ұсақ адам.


Жар таңдау