Абай Құнанбаевтың музыкалық мұралары арқылы студенттерге эстетикалық тәрбие беру. 2

Қазақстан республикасының білім және ғылым министрлігі

М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті

 

 

Мәдениет және өнер институты

 

«Музыкалық білім» кафедрасы

 

 

 

 

ДИПЛОМДЫҚ  ЖҰМЫС

 

Тақырыбы:

 

 

«Абай Құнанбаевтың музыкалық мұралары арқылы студенттерге эстетикалық тәрбие беру»

 

 

 

 

Орындаған: 11401 топ студенті Естай Шынғалиев

 

 

Ғылыми жетекші: М.М. Нағымова п.ғ.к., доцент                                   ________

                                              (ғылыми дәреже, Ф.А.Ж..)                                             (қолы, күні)

 

Сарапшы:  М.Е.Ержанов п..ғ. д., профессор                                                    _____________         

                                              (ғылыми дәреже, Ф.А.Ж..)                                            (қолы, күні)

                                                               

                                  

«Музыкалық білім» кафедрасының меңгерушісі:

М.М. Нағымова п.ғ.к., доцент                                                       _____________

           (ғылыми дәреже, Ф.А.Ж..)                                                                           (қолы, күні)

 

 

 

Орал – 2008 ж.

 

МАЗМҰНЫ

 

 

 

Кіріспе ------------------------------------------------------------------------------------ 3

 

 

1  Абай (Ибраһим) Құнанбаевтың музыкалық мұраларының ғылыми-педагогикалық негіздері

 

1.1 Музыка тәрбиесін дамытудағы және қалыптастырудағы қазақ ағартушыларының музыкалық - педагогикалық  ой-пікірлерінің маңызы...................................................................................................................... 

 

1.2 Абай Құнанбаевтың композиторлық дарынының қалыптасуына ықпал еткен әлеуметтік орта, өмір жолы және музыкалық  - педагогикалық көзқарасы   ---------------- --------------------------------------------------------------

 

 

2 Абай (Ибраһим) Құнанбаевтың музыкалық  - педагогикалық көзқарасы арқылы студенттерге эстетикалық тәрбие берудің мазмұны

 

 

2.1 Абай Құнанбаев мұралары арқылы студенттерге эстетикалық тәрбие берудің әдістемесі...................................................................................................

 

 

2.2 Абайдың музыкалық мұралары арқылы студенттерге эстетикалық тәрбие беруге арналған эксперимент жұмысының қорытынды нәтижесін шығару, ғылыми-әдістемелік ұсыныстар беру...............................................

 

 

 

Қорытынды ..........................................................................................................

 

 

 

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі ..................................................................

 

Кіріспе

Зерттеудін көкейкестілігі: Ұлттық тәрбиені жолға қоюда басты кұрал ретінде пайдаланатын ауқымды материалдарды біз өткен дәуірден келіп жеткен ғұлама-ғалымдардың еңбектерінен іздеп тауып, қазіргі заман талаптарына сай пайдалану жолдарын қарастыруымыз - бүгінгі күн талабы. Осыған орай, қазіргі кезде ұстанып жүрген «Жоғары мектеп тұжырымдамасында»: «Әлемдік өркениет кұндылықтарын кайта бағалау, сол негізде адамдарда мәдениетті тәрбиелеудің қажеттілігі кең ауқымды ойлайтын әлеуметтік прогреске араласатын, өзін өзгерте отырып ықпал ете алатын ұстаздар тэрбиелеу» -делінген. Жас мамандарды оқыту мен тәрбиелеу мәселесіне ерекше мән беру туралы айта келіп Н.Назарбаев: «Жастар тәрбиесі басты мақсат екенін көрсетіп, алдағы отыз жыл ішінде мемлекетіміздің кандай бағытта даму керек екендігін белгілеп берді. Осы міндетті болашаққа іске асырушылар - жастарымыз» -деген еді. Бұдан басқа кейінгі кезде ұлттық құндылықтарды өмірге алып келу және оны халыққа тарату максатында қабылданған «Ұлттық мәдениет» туралы заңда: «Қазақстан Республикасы халыктарының мәдениетін өркендетуге, сақтауға, дамытуға және таратуга бағытталған шараларды қабылдау керек» -делінген.

Осындай кесек кұнды материалдардың бірі Абай (Ибраһим) Құананбаевтың музыкалық мұрасы екені үнемі айтылып келеді. Бұл ретте Абай мұрасының тарихи орнын дәріптеуде зерттеуші ғалымдардан алдымен Х.Досмухамедов, Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Жұмабаев, Ж.Аймаутов, Ш.Құдайбердиев, С.Сейфуллин сынды халқымыздың біртуар азаматтарын айтуға болады. Әрине, Абайтанудың қайнар бұлағының көзін ашқан, оның қазақ халқы үшін маңызын дәріптеп, әлем әдебиетінен алатын орнын көрсетудегі М.О.Әуезовтың орны бөлек. Философия саласынан акын мұрасының қоғамдық жеке тұлға үшін өмірлік мән мағынасына үңілген ғалымдар А.Машани, Ғ.Есім, М.Орынбеков, Б.Р.Қазыханова, Т.Қ.Айтқазин, Қ.Бейсенбиев, Т.Тәжібаев, әдебиеттанушы, тілтанушы-педагогтар Қ.Мұхаметханов, Х.Сүйіншәлиев, С.Мұқанов, Қ.Жұмалиев, М.Сильченко, Б.Кенжебаев, А.Нұрқатов, З.Ахметов, Р.Сыздықов, Т.Әлімқұлов, Ә.Жиреншин, М.Бөжеев, т.б. және басқа саладағы ізденушілердің сіңірген еңбегі зор. Өйткені олардың зерттеу жұмыстарының нәтижелері ақын шығармаларын тәлім-тәрбие жұмыстарында пайдалануға іргетас бола алды.

Абай мұрасында педагогикалық ойлардың бар екенін алғашкылардың бірі болып дәріптеген Ш.Әлжанов болды. Одан соң ақын шығармашылығын педагогикалык тұрғыда зерттеп келе жатқан белгілі педагог ғалымдар Қ.Б.Жарықбаев, С.Қалиев, А.Қ.Көбесов ондағы тәлім-тәрбиелік ойлар ауқымын нақтылап, тәрбиенің әр саласына, соның ішінде этнопедагогикамен байланысын ашып көрсетуге ұмтылды.

Эстетикалық тәрбие беру мәселелеріне қатысты Т.Тәжібаев. М.Х.Балтабаев, С.А.Ұзақбаева, М.М.Нагимова, Қ.Б.Сейталиев. С.К. Мұхамбетова, Б.Т.Махметова, ақын шығармалары арқылы оқу-тәрбие жұмыстарын ұйымдастыру мәселелеріне А.Көбесов, І.Р.Халитова, К.Шәймерденова, Г.І.Төретаева, К.Құнантаева, Ұ.Қансеитова, Қ.Ақбергенов және т.б. іргелі еңбектері мен жекелеген мақалаларын айтуға болады.

Ақын шығармалары арқылы эстетикалык тәрбие беру мәселесін айқындап зерттеуде, әдебиеттанушы ғалымдар Қ.Жұмалиев, Х.Сүйіншәлиев, А.Нұрқатов, Қ.Мұхаметханов, Т.Әлімқұлов, Қ.Ақбергенов, С.Таңкаев және т.б. жекелеген еңбектерінде ақын эстетикасы әдеби - көркемдік тұрғыда талданған.

Аталған ғалымдардың еңбегі аса маңызды екенінде дау жок. Десек те, акқынның ән өнерін эстетикалық тәрбие мақсатында эстетика санаттарымен қабыстыра отырып, ақынның музыкалық мұраларын пайдалану мәселесі көлемді ғылыми-зерттеу ретінде әлі көтерілмеген екен. Әрине, осыған орай жекелеген мақалалар мен өнертану бағытындағы кейбір еңбектерді айтуға болады.

Тарихи деректерге сүйенсек, Абай әндерін ең алғаш жинай бастаған А.Э.Бимбоэс, одан соң оларды жинаған А.В.Затаевич болды. Қазіргі кезде ақынның өзі шығарған 20 әні, 2 күй шығармалары ақын өлеңдеріне жазылған әндер - 60, ақын шығармашылығына арналған әр түрлі жанрдағы музыкалық шығармалар 15-ке жеткен, бұл әлі толыға береді. Осының өзі ғұлама ақынның музыкалық шығармашылығын эстетикалық тәрбие мақсатында пайдалануға мүмкіндік береді.

Абайтанушылардың осы уақытқа дейін оның ән өнері, әуен, біздіңше айтқанда, музыкаға катысты ойларын, көзқарасын музыкатану ілімі тұрғысынан және философия ғылымының эстетика саласы тұрғысынан зерттелмей келе жатқаны белгілі. Рас, бұл ретте В.П.Дернованың «Музыкальное творчество Абая» деген өнертануға байланысты кандидаттық диссертациясын айтуға болады. Бірақ, онда эстетиканың санаттары терең және тәлім-тәрбиелік тұрғыда акынның ән өнерінің эстетикалық тәрбиелік ықпалы тұрғысынан қарастырылмаған. Осыған орай, Ә.Шерубаев «...абайтану ғылымын зерттеушілер әлі күнге Абайдың осы өлендеріне арнайы тоқталып тұжырымды пікір айтқан жоқ. Рас бірді-екілі ғылыми еңбектерде ұлы ақынның музыкаға, ән өнеріне көзқарасы туралы жол-жөнекей сөз болғанымен, олар осындай үлкен тақырыпты егжей-тегжейлі ашып бере алмайды. Сондықтан Абайдың ән жайында айтқандары арнайы зерттеуді кажет ететін принципті мәселе сияқты» деген еді. Ж.Тұяқов, Қ.Исабаев және басқалар ақын әндерінің Ресей, Еуропа, Қытай, Германия (Тюрингияда), Түркия, Қырғыз, Өзбекстан т.б. елдерге таралуын зерттеген.

Музыкатанушы В.П.Дернованың «Ән -  қазақ халқының ұлы ақынының ағартушылык идеяларының жетекшісі болды» деуінің өзі тегін емес екеніне ақын әндерінің эстетикалық сипатын қарастыра келе көз жеткіздік, Музыка сезім әлеміне тікелей ықпал ететін және одан қалған әсердің көпке, тіпті кейде өмір бойы сакталатынын ескерсек, тақырыбымыздың мәні ашыла түседі. Осыған орай ақынның ән өнеріне қойған талаптарын жалпы музыкаға да катысты деуге болады. Өйткені, теле, радио арналарда қазіргі  ән, күйлердің сапасы жайлы айта келіп, кейбір әндердің адамды жалықтыратыны, қайталауларының орынсыз екені айтылып келеді, мысалы, бір әнде бір "ойлай берме" деген сөз 5 минутта 17 рет, тағы бір әнде осындай бір сөздің 3 минутта 15 рет қайталанғанын өзіміз де естіп, көріп жүрміз. Бұл шетелдік бір музыканттың тұжырымы бойынша "жаңаны үйрену" екен. Оның айтуы бойынша осындай көп рет кайталау арқылы сол әуенді адамның есінде сақтап қалуына мүмкіндік пайда болады екен. Әрине, көп рет қайталау -педагогикада, психологияда оқыту мен үйретудің немесе оқу мен үйренудің басты тәсілдерінің бірі. Психологияда бұндай кайталаулар емдеу кезінде илану (внушение) тәсілін қолдануға байланысты адам санасына бір пікірді орнықтыру (установка) мақсатында, не болмаса назарын басқа нәрсеге аудару максатында, релаксация, медитация және басқа да мақсатта қолданылады. Мұнда адам бір сөзді ести беріп, бас миының ойлауын тежеу не тоқтату арқылы санасын демалдыру үшін пайдаланады. Ал, көңіл көтеру, демалыс, не болмаса танып-білу мақсатында музыка тыңдау кезінде, мұндай орынсыз кайталанулар жалықтырады, сондықтан бұны "жұқпа әуен" деп те атайды.

Эстетикалық тәрбиенің басты мәселесі жастарды сырттан, шетелдерден келген сұрықсыз сурет (фото-суреттер), құлақты кесетін музыка (егер, ол музыкаға ұқсаса), эстетиканың ұсқынсыз, сайқымазақ санаттарына жататын адамды шошыту; қорқытып, зәре-құтын қашыру, өлтірудің неше түрлі әдістерін насихаттайтын кино, еркек пен әйел арасындағы махаббаттың көркем сипаты емес, оның ең бір сұрықсызы, тұрпайы жыныстық қарым-қатынастың хайуандық ұсқынсыз түрлері, қыздар мен ұлдар арасындағы тәртіпсіз, әдеп пен эстетикадан жұрдай мәмілелер т.б. жастардың эстетикалық талғамдарының қалыптасуына теріс әсерін тигізуде. Жастар сұрықсыз, ұсқынсыз, сиықсыз нәрселерді көркемдік санатына жатқызуға дайын. Бозбала мен бойжеткендер арасындағы әдеп пен әсемдік қағидаларына негізделген қарым-қатынастарды кейбір жастар "ескілік белгілері", "қазақпайшылық", "мамбет жорыктары" (мамбетские выходки) деп кіналауға дейін барады. Осы және басқа да жастар арасындағы келеңсіздіктерді жойып, олардың санасына эстетика мен әдеп қағидаларына негізделген, адамдар арасындағы қарым-қатынастың көркем сипатын орнықтыру эстетикалық тәрбиенің тиімді ұйымдастырылуына байланысты. Міне, осылар және басқа да, Абай (Ибраһим) Құнанбаевтың музыкалық мұрасын эстетикалык тәрбие мақсатында қолдануға байланысты материалдарды зерттей келе мынадай қайшылықтар белгілі болды: ақын музыкалық мұрасында эстетикалык тәрбие идеяларының болуы мен олардың ғылыми-педагогикалық негізделмеуі арасында; оның шығармаларында музыкатану пікірлерінің болуы мен олардың студент жастарға эстетикалык тәрбие беру практикасына ендірілмеуі арасында. Педагогикалык үрдісте Абайдың музыкалық мұралары арқылы студенттерге эстетикалык тәрбие берудің ғылыми-педагогикалык және әдістемелік жолдарын қарастыру басты мәселе ретінде танылып, зерттеу жұмысымыздың тақырыбын «Абай (Ибраһим) Құнанбаевтың музыкалық мұралары арқылы студенттерге эстетикалық тәрбие беру» деп аныктауға мүмкіндік берді.

Зерттеу мақсаты: Абай (Ибраһим) Құнанбаевтың музыкалық-педагогикалық мұралары арқылы студент жастарға эстетикалык тәрбие берудің мазмұнын анықтап, оны жүзеге асыруды ғылыми-педагогикалық, әдістемелік жақтан қамтамасыз ету.

Зерттеу нысаны: жоғары оқу орындарындағы эстетикалық тәрбие беру үрдісі.

Зерттеу пәні: Абай (Ибраһим) Құнанбаевтың музыкалық-педагогикалық мұраларындағы эстетикалық тәрбие беру идеялары.

Зерттеудің ғылыми болжамы: егер Абай (Ибраһим) Құнанбаевтың музыкалық-педагогикалық идеялары арқылы сабақта және сабақтан тыс жұмыстарда студенттерге эстетикалық тәрбие берудің ғылыми-педагогикалық негіздері қарастырылып, ақын шығармалары арқылы эсетикалык тәрбие берудің мазмұны айқындалып, әдістемесі жасалса, ақын шығармаларының кұндылығын ерекше сезіммен түсінуге жэне практикада шығармашылықпен колдануға бағытталса, онда бұл студенттердің эстетикалық сана, эстетикалық сезімі, эстетикалық іс-әрекетіне ұрымтал ықпал етеді.

Зерттеудің жетекші пікірі: студенттерге Абай музыкасы арқылы эстетикалық тәрбие берудің құрылымдық моделі, оны жүзеге асыру жүйесі олардың іс-әрекеті, сезімі мен талғамы, қажеттенуі мен мұратының бірлігі нәтижесінде және тың мазмұнды дәрістер мен сабактан тыс жұмыстар аркылы заман талабына сай тәрбие беруге мүмкіндік туғызады.

Зерттеу міндеттері:

  • сабақта және сабақтан тыс жұмыстарда студенттерге Абай (Ибраһим) Құнанбаевтың музыкалық мұралары арқылы эстетикалық тәрбис берудің ғылыми-педагогикалык негіздерін нақтылау;
  • ақын мұрасындағы музыкалық-педагогикалық ойларға сипаттама беру арқылы эстетикалық тәрбиедегі маңызын айқындау;
  • студенттерге   ақынның  музыкалық-педагогикалық  мұралары   арқылы эстетикалық тәрбие берудің моделін жасап, мазмұнын анықтап, әдістемелік жүйесін белгілеу;
  • студенттерге   эстетикалық   тәрбие   беруді    ақынның    музыкалық педагогикалық мұралары арқылы жүзеге асырудың әдістері мен мазмұнын тэжірибелік-эксперимент арқылы тексеру және ғылыми-әдістемелік нұсқаулар мен ұсыныстар беру.

Зерттеудің әдіснамалық және теориялық негіздері: философияның диалектика және гносеология саласына, эстетика туралы ілімге және тәрбиелеу теориясына негізделеді. Педагогикалық, психологиялық, жалпы адамзаттық және ұлттық құндылықтардың ақын шығармасындағы сипаты; білім тәрбие туралы мемлекеттік саясат пен жалпы адамзаттық тұжырымдар; олар музыканы қоғамдық-табиғи кұбылыс ретінде танып-білу және түсіндірмелеу оның тәлім-тәрбие практикасындағы мүмкіндіктерін белсенді пайдалануға жол ашады. Абайдың музыкалық мұрасын қазіргі эстетикалық тәрбиеге ықпалы тұрғысынан талдау, оның адамдардың сана, сезіміне, және іс-әрекетіне.әсерін жан-жақты қарастыруға шарт түзеді.

Зерттеу көздері: педагог, психолог, философ ғалымдардың ақын шығармаларына арналған еңбектері; Қазақстан Республикасының Ата заңы, "Білім туралы" Заң, Білім жэне ғылым министрлігінің жоғары мектеп және тәрбиелеу тұжырымдамасы; өнертанушы, этнографтардың ғылыми еңбектері мен практик педагогтардың пайымдаулары, нормативті құжаттар.

 Зерттеу әдістері: философия, педагогика, психология, өнертану, абайтану, мәдениеттану, ғылыми-әдістемелік әдебиеттердің негізгі ұстанымдарына талдау беру, олардың эстетика және эстетикалық тәрбие пікірлерін жүйелеу; бақылау, әңгімелесу, сауалнама, тестілеу жүргізу; тәлім-тәрбие жұмыстарына талдау, салыстыру, қорыту, жинақтау және сабақтан тыс жұмыстардың нәтижелерін негізге алу; эксперимент жұмысының нәтижесіне баға беру, оларды өңдеу.

Зерттеудің ғылыми жаңалығы мен теориялық мәнділігі:

- эстетикалық тәрбие беруді Абай (Ибраһим) Құнанбаевтың музыкалық- педагогикалық мұрасы арқылы жүзеге асырудың ғылыми-педагогикалық негіздері нақгыланды;

Абай (Ибраһим) Құнанбаевтың музыкалык-педагогикапық ойлары айқындалып, эстетикалық тәрбиедегі алатын орны анықталды;

Студенттерге эстетикалық тәрбие беруді ақынның музыкалык- педагогикалық мұрасы негізінде жүзеге асырудың моделі және әдістері, негізінде жүзеге асырудың моделі және әдістері, тәсілдеріне сипаттаулар берілді;

- Абай  (Ибраһим)   Құнанбаевтың  музыкалық-педагогикалық  ойлары арқылы эстетикалық тәрбие беру тәжірибелік-эксперимент түрінде тексеріліп, оның нәтижелеріне негіздей отырып, ұсыныстар мен нұсқаулар берілді.

Зерттеу нәтижелерінің практикалық мәнділігі:

студенттерге эстетикалық тәрбие беру жұмыстарына арналған «Абай (Ибраһим) Құнанбаевтың музыкалық мұралары арқылы студенттерге эстетикалық тәрбие беру» такырыбындағы арнайы курс бағдарламасы түзіліп, мазмұны белгіленді;

  • арнайы курсты ендірудің әдістері мен тәсілдері қарастырылып, оқу-тәрбие үрдісіне ендіру мүмкіндігі көрсетілді;
  • зерттеу жұмысының нәтижелерін «Педагогика» курсының эстетикалық тәрбие беру бөлімінде, «Музыканың тарихы»,  «Музыкалық этнография» пәндерін окытуда пайдалануға болады;
  • зерттеу материалдарын педагогикалық және педагогикалық емес жоғары оқу орындарының, педагогикалық және педагогикалық емес колледждердің, жалпы білім беретін мектептердің оқу-тәрбие үрдісінде пайдалануға болады.

Қорғауға мына қағидалар ұсынылады:

- Абай (Ибраһим) Құнанбаевтың музыкалық-педагогикалық көзқарасының қалыптасуына ықпал еткен элеуметтік-тарихи жағдайлардың сипаттамасы;

  • Ақынның музыкалық мұралары  арқылы эстетиканың санаттарына қатысы;
  • Ақын  мұрасындағы  музыкалық-эстетикалық ойлар  және  олардың эстетикалық тәрбиедегі маңызы және оны жүзеге асыру жүйесі;
  • Абай (Ибраһим) Құнанбаевтың музыкалық-педагогикалық ойларын 
    эстетикалық тәрбиеде пайдалануға арналған «Абай (Ибраһим) Құнанбаевтың 
    музыкалық мұралары арқылы эстетикалық тәрбие беру» арнайы курсының мазмұны.

Дипломдық жұмыстың құрылымы: дипломдық жұмыс кіріспеден, екі бөлімнен, кестелер мен үлгілер, суреттерден, қорытындылар, ұсыныстар, нұсқаулар, пайдаланған әдебиеттер тізімі мен қосымшадан тұрады.

Кіріспеде зерттеудің өзектілігі, нысаны, пәні, мақсаты, міндеттері, әдіснамалык негізі, жетекші пікірі, зерттеу әдістері мен кезеңдері, ғылыми жаңалығы, практикалық және теориялық мәні анықталып, зерттеу нәтижелерінің сынактан өтуі көрсетілді.

«Абай (Ибраһим) Құнанбаевтың музыкалық мұраларының ғылыми-педагогикалық негіздері» деп аталатын бірінші бөлімінде Абай Құнанбаевтың композиторлық дарынының қалыптасуына ықпал еткен әлеуметтік орта, осыған орай жазылған ғылыми-теориялық енбектер зерделенді.

Мұнда сондай-ақ ақын мұралары арқылы өскелең ұрпақка эстетикалық тәрбие беруге арналған бірқатар әр түрлі сипаттағы жұмыстар да талданып, осы жұмысты ұйымдастырудың педагогикалық-теориялық тұстары қарастырылды. Абай Құнанбаев мұраларындағы музыкалық-педагогикалық ойлар жүйеленіп, оның эстетика санаттарына катысы айқындалды, Абайдың музыкалық мұрасы арқылы эстетикалық тәрбие беруді ұйымдастыру жүйесі жасалып, моделі мен эстетикалық қабылдау және эстетикалық тәрбиеліліктің өлшемдері мен көрсеткіштері белгіленді.

Осы тарауда «Абай мұралары арқылы эстетикалық тәрбие беру» арнайы курсы түзілді.

«Абай Құнанбаев мұралары арқылы студенттерге эстетикалық тәрбие беру бойынша эксперимент жұмыстары» деген тақырыптағы екінші бөлімінде Абайдың музыкалық мұралары арқылы эстетикалық тәрбие беруге арналған эксперимент жұмысының мақсаты, міндеттері мен жүзеге асыру әдістері, тәсілдері, кезеңдері белгіленді.

Осыған орай, алдымен студенттердің эстетикалық тәрбиесіне ақын мұраларының ықпалы, білім, білігі анықталып, соның қорытындыларына негіздей отырып, тәжірибелік жұмыстың екінші кезеңінің мазмұны Абай Құнанбаев мұралары арқылы эстетикалық тәрбие беру әдістері мен тәсілдерінің сипаты берілді. Сондай ақ зерттеу жұмысының осы тарауында эксперимент жұмыстарының нәтижелері және оған педагогикалық түсініктер берілді.

Зерттеу жұмысының соңында теориялық пайымдаулар мен практикалық жұмыстардың нәтижелеріне негіздей отырып, қорытынды жасалып, ұсыныстар берілді.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

1  Абай (Ибраһим) Құнанбаевтың музыкалық мұраларының ғылыми-педагогикалық негіздері

 

1.1 Музыка тәрбиесін дамытудағы  және қалыптастырудағы қазақ  ағартушыларының музыкалық - педагогикалық  ой-пікірлерінің маңызы

Тәрбие сонау алғашқы қауымдық құрылыстан бастап, осы күнге дейін келе жатқан бір сәтте тоқтамаған үнемі даму үстінде болса да, әр заманда ол туралы қандай бір келелі пікірлер айтылса да, небір шаралар істелсе де, түйіні мен түйткілі көп үрдістердің бірі. Әр заман, әр дәуір өз проблемасын алып келіп, оның бұрыннан шешілмей келе жатқан мәселелері үсті-үстіне жамалып көбеймесе азайып отырған жоқ. Осындай түйткілді мәселелердің бірі -жастарға эстетикалық тәрбие беру. Болашақ педагог маман, бүгінгі студенттерге эстетикалық тәрбие беру мәселесі кейінгі кезде бәсеңдеп калған жайы бар.

Бұны қайтадан жандандырудың көп жолдарының бірі, халқымыздың көркемдік тәрбиеге байланысты ертеден келе жатқан ой-пікірлеріне сүйене отырып, солардың ішінен қазіргі заманғы эстетикалық тәрбие мәселелерін шешуге іргетас болатын ұрымтал ой-пікірлерді бүгінгі күн талаптарына сай пайдалану.

Ал, эстетикалық ойлар болса, ерте заманнан бері карай адамдардың санасында орын алған, сол кезден бері қарай бізге жеткен туындылардан табамыз. Атап айтсақ, «Күлтегін», «Оғызнама» жазба ескерткіштерінде бұл Отанға, халқына болған сүйіспеншілікпен күнделікті тұрмыс заттарындағы әшекей бұйымдар, әдемі бейнеленген суреттер, адамдардың кескін келбетінде, сөйлеген сөзіндегі тіл көркемдігінде көрініс тапқан. Одан кейінгі түркі дәуіріндегі ғүламалардың жазбаларынан эстетикалық мұратқа байланысты көркем идеялардан бастап, адамдар арасындағы карым-қатынас көркемдігі, ақыл-ой мен тағы да сол тіл көркемдігі, өнер, музыка, поэзия, тұрмыстық зат-бұйымдардағы талғамынан, өмір көркемдігіне болған мәлімелесінен байқаймыз.

Әр ұлттың интонациялық, ырғақтық ерекшеліктері, дыбыстық тәжірибесі және басқа да көптеген факторларға байланысты ұлтгық музыка өзіндік айырмашылыққа ие. Бұны халық музыкасын тыңдаған кезде анық байқаймыз. Осы күнгідей музыканың ұлттық ерекшеліктерін білдіретін қырлары жойылып, барлығы ұқсас болып бара жатқан кезде әр ұлттың мәдени, рухани-сезімдік өзгешелігін байқататын және сол негізде адамның жан-дүниесін тәрбиелейтін арнайы жұмыстар қажет-ақ. Бұны Абай сынды басқа да композитор, ғұлама, ғалымдар мен ақын, әнші, жыршылар шығармашылығы негізінде музыкалық-эстетикалық тәрбие арқылы жүзеге асыруға болады.

Ақын сусындаған мол байлық көзінің ең бастысы — шығыстың көркем әдебиеті және ежелден келе жаткан халыктың ауыз әдебиеті мұрасы, қазақ хандығы тұсындағы ақын-жыраулар мұралары және орыс мәдениеті арқылы таралған Еуропа әдеби мұралары екені айтылып келеді.

Ән өнерінің өзі болмысынан эстетикалық жүк көтеретіні белгілі.

Себебі, ол, алдымен «кұлақтан кіріп бойды алып» адамның сезім әлеміне арналады және оған әсерін тигізеді. Осыған орай ақынның композиторлық дарынының дамып, қалыптасуына ықпал еткен факторларды М.О.Әуезов, Б.Г.Ерзакович, А.Жұбанов, С.Акылбайұлы, Б.Елеуғожии, А.Агибаева, В.Дернова, П.Зарубин т.б. зерттеулерінде негіздей отырып, анықтауға күш салды. Сөйтіп оны әжесінің әлдиі мен атасының бесік жыры, медреседе әндетіп оқитын Құран сүрелерінің әуені, бала кезінен тыңдап өскен жыр-дастандардың әуені мен бозбала кезінде еліктеген халық композиторларының әндері, домбыра тартуға әуестігі және ән-күйге болған кұштарлығы, ақынның өзінің "құйма құлақ дарыны - деп топшыладық.

Алайда ақын әндерінің өзіндік жаңа сипатта туындауына себеп болған басты факторлар туралы айтқанда Д.Мельников, Қ.Байжанов, М.Мұхаметжанова, А.Махамбетова, М.Төлебаев, Л.Хамиди ұлттық сарын мен орыс, украин жалпы Еуропа музыкасының да әсері болғанын Е.П.Михаэлис, Н.И.Долгополов, заңгер А.А.Леонтьев (психолог емес), суретші П.Д.Лобановский, әнші Әлмағамбет, скрипкашы Мұха, әнші жары Әйгерім, музыкаға кұштар балалары Әбдірахман, Ақылбай және басқалардың әсерінің мол болғанын атап көрсетеді.

Осы және басқа да зерттеулерге сүйене отырып, ақын әндерінің ерекшеліктерін: созылмалы әннің дауыс толқынының өзгеріс-қозғалысына негізделетіні; музыкалық дыбыстардың бірінен бірі жоғарылы-төмен сатылап, әр түрлі үнмен айтылуы; осындай өзгеше бітім-құрылысына сәйкес әсем әуезділігі; адамның сезім күйін терең ашып бере алатын мәнділігі-деп көрсетуге болады. Тарихи деректерге қарағанда ғұлама, ақын, композитор Абайдың бірнеше күйлері болған, солардан бізге жеткені «Торжорға», «Май түні».

Зерттеуші ғалымдар А.Сейдімбеков, З.Ахметов, Е.Шомбалова, Б.Ғизатов, М.Алиасқарүлы, Т.Әлімқүлов, А.Ахметжанов, Т.Базарбаев, У.Бекенов, А.Ділманов, І.Жаканов т.б. Абай поэзиясының танымдық, тәрбиелік мәнін терең түсініп, оны адам мінезін, заманды түзетудің күшті құралы деп карастырады.

Ғұлама, композитор Абайдың музыкатану бағытындағы және ақьін поэзисының эстетикаға қатысы мен музыкадағы сипаты жайлы Б.Елеуғожин, Ә.Шерубаев, К.Ашимова, А.Қалмырзаев, А.Есенжанов, Ғ.Жүнісов, М.Нұрқатова, С.Күзембаева т.б. еңбектерін зерделей келе ақын шығармаларының мәніне, эстетика санаттары мен байланысы және эстетикалық тәрбиедегі мағынасын анықтауга ұмтылдық. Бұл ретте композитор Абайдың ән немесе музыка эстетикасына қатысты пікірлерін мына өлең шумақтарынан байқауға болады: «құр айқай бақырған, құлаққа ән бе екен», «домбыраға қол соқпа», «кұлактан кіріп бойды алар, жақсы ән мен тәтті күй», «...әуелесін қалқысын, от жалын боп шалқысын», «...салған ән көлеңкесі сол көңілдің ... шырқап, қалқып, сорғалап, тамылжиды, жүрек тербеп оятар баста миды ... ұйықтап жаткан жүректі ән оятар ... кейі зауық, кейі мұң, дертін қозғап ... әннің де естісі бар, есері бар, тыңдаушының құлағын кесері бар...ақылдының сөзіндей ойлы күйді тыңдағанда, көңілдің өсері бар...» - деп келтіреді ол. Бұларда ән өнерінің түпкі мәнінде белгілі бір ой-пікір жататыны айтылып, ән, әуен, музыканың эстетикалық санаттарға қатысы көрсетілген. Сондықтан эстетикалық тәрбие туралы сөз қозғағанда оның философияда кабылданған санаттары - көркем (прекрасное), қайғылы (трагедия), сайқымазақ (комедия), асқақ (возвышенное), ұсқынсыз (низменное) - дегендерді талдамай тұрып,

ақынның әр сөзіне осы санаттар тұрғысынан жуықтамай тұрып оны пайымдап, жүзеге асыру мүмкін емес.

Музыка өнері, оның ішінде Абай Құнанбаевтың әндері арқылы жастарды эстетикаға тәрбиелеудің маңызы - өлең сөздің мазмұнын музыка немесе ән арқылы байытумен ерекшеленеді. Ән - сөздің сезімге әсер ету қуатын арттырады. Абайдың композиторлық дарынының басты мәні музыкалық шығармаларының осы заңдылыкка сәйкестігі.

Эстетикалық тәрбиеге қатысты педагог - ғалымдардың ойларын жинактай келе және Абайдың музыкалық мұралары арқылы эстетикалық тәрбие берудін мазмұнын, әдіс - тәсілдерін ескере келіп, біз, ақын музыкалық туындылары арқылы эстетикалық тәрбие берудің үлгісін, Абайдың музыкалық мұралары аркылы студенттерге эстетикалық тәрбие берудің теориялык моделін жасадық (кесте-1, сурет-1).

Эстетикалық тәрбиенің мақсаты, міндеттері, құралдары мен әдістері, эстетиканың санаттары және оның ақын шығармаларына қатысына байланысты педагог, психолог, философ, әдебеттанушы, абайтанушы және басқа да ғалымдардың жоғарыда біз келтірген ой-пікірлеріне және Абайдың өзінің ән, күйге байланысты пікірлеріне сүйене отырып, болашақ музыка-педагогика мамандарына акын музыкалық мұрасы арқылы эстетикалық тәрбие берудің ұстыны-эстетикалык тәрбиенің аса маңызды кұрамдас бөлігі - өмірдегі, табиғаттағы, адамзат ой-пікірі мен іс-әрекетіндегі көркемдікті қабылдау арқылы сезіну, көре білу, оны түсіну және соның төңірегінде ой жүргізу екеніне көз жеткіздік.

Сол үшін эстетикалық тәрбие беруде көркем өнердің барлығына тән - қабылдау, эмоционалды әсерлену, қиялдануын, өзіндік танып-білуін дамыту, оларды жарату жолдары, тәсілдері т.б. меңгерту, олар туралы алғашқы білім, біліктер туралы түсінік беру кажет деген пікірдеміз. Осы мәселелерді шешуде мынадай жалпы педагогикалық талаптарды орындау қажет:

- жалпы көркем шығармашылықтың негізі өмір шындығын бейнелеу болғандықтан студенттерді коршаған ортаның көркемдігін көре білуі, оны сезіну, түсінуге үйрету-осыған орай Абай шығармаларынан тиістілерін пайдалану мүмкіндігін кең қолдану;

- эстетикалық  тәрбие   үнемі,   тұрақты,    бірізділікпен көркеменер 
туындыларын көріп, оқып, талдап, ой жүргізуді талап етеді, сол себепті 
студенттерді ақын әндерін    талдауға, ой жүргізуге үйрету, бұны ақын 
шығармалары негізінде ұйымдастыру;

- студент жастарды шынайы көркемөнер туындыларымен таныстыруға шарт түзу- ақынның ән шығармашылығы және оның өлеңдеріне жазылған шығармаларды пайдалану, өлеңдеріне ерекше көңіл қою;

- эстетикалық тәрбие талаптарын орындау үшін ой жүргізу, қиялдану, 
талдау, сараптау, тағы басқа ақыл-ой қызметіне жүгіну- ақын шығармаларын 
ойланбай тұрып түсіну мүмкін емес, оның болмысы адамды ойға жетелейді, 
міне осыны толық пайдалануға мүмкіндік туғызу;

Абай Құнанбаевтың музыкалық мұралары арқылы студенттерге эстетикалық тәрбие беру. 2