Бейімбет Майлиннің сыншылдық, сатиралық бағыттағы публицистикасы
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІ ШӘКӘРІМ АТЫНДАҒЫ СЕМЕЙ МЕМЛЕКЕТТІК УНИВЕРСИТЕТІ ГУМАНИТАРЛЫҚ ФАКУЛЬТЕТІ
ҚАЗАҚ ФИЛОЛОГИЯСЫ КАФЕДРАСЫ
Қорғауға жіберілді:
«___» _______________2011 ж.
Кафедра меңгерушісі:
___________ ф. ғ. д. Сейітова Ш.Б.
ДИПЛОМ ЖҰМЫСЫ
Тақырыбы: Бейімбет Майлиннің сыншылдық, сатиралық бағыттағы публицистикасы
Диплом жұмысын орындаған: _____________
қолы
«____» _____________ 2011 ж.
Ғылыми жетекшісі:
_______________________
«____» _____________ 2011 ж.
Семей
2011
МАЗМҰНЫ
КІРІСПЕ.......................
1 ЖАЗУШЫ СЫНШЫЛДЫҒЫНЫҢ БАСТАУЫ, ӨРІС АЛУЫ ЖӘНЕ ЖАНРЛЫҚ АУҚЫМЫ
2 БЕЙІМБЕТ МАЙЛИННІҢ СЫНШЫЛДЫҚ, САТИРАЛЫҚ БАҒЫТТАҒЫ ПУБЛИЦИСТИКАСЫ: ТАҚЫРЫП ЖӘНЕ ПРОБЛЕМА
3 Б.МАЙЛИННІҢ СЫНШЫЛДЫҚ, САТИРАЛЫҚ БАҒЫТТАҒЫ ПУБЛИЦИСТИКАСЫНЫҢ СТИЛЬДІК ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ
ҚОРЫТЫНДЫ.....................
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН
ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ........................
КІРІСПЕ
Диплом жұмысының өзектілігі. Тума талант Бейімбет Майлиннің есімі кемелденген ұлттық әдебиетіміздің парақтарына алтын әріппен жазылды. Ол сол әдебиеттің ірге тасын қаласып, мазмұн-маңызын, көркемдік дәрежесін биікке көтерісті. Аласапыран заманның, соқтықпалы кезеңнің кедір-бұдырлы, соқпақсыз жолымен жүріп, туған әдебиетінің бар ауыртпалығын көтірісті, қаламгерлігін асқан іскерлікпен абыройлы атқарды. Ондағы ойы - қараңғылық, бақытсыздық күй кешкен, еңсесі езілген халқының озат ел санатына қосылуына, көкірек-көзін оятуға, өнер-біліммен сусындауына, сөйтіп бақытты, еркін өмір сүретін күнге жеткізуге, қарлығаштың қанатымен су сепкендей болса да, қаламымен өз көмек-жәрдемін беру. Аңсаған арман, өмір нысанасы - осы. Ол мақсаты бүкіл көркем сөз бен көсем сөздің арқауына айналды. Сол жолмен жүріп әдебиетімізде де, публицистикамызда да аса көрнекті, мол көлемді қазына қалдырды. Сондықтан да оның мұрасының шет-шегіне күні бүгінге дейін жете алмай жүрміз, жинап басын құрай алмай жатырмыз.
Халық мұңы, оның қуаныш-қайғысы, болашақтан күткен үміті, арман-мұраты, туған жер тағдыры - Бейімбеттің бірде қуана, құлшына, бірде езіле, ашына жазған тақырыптарының негізі, қайнары. Оны толғандырған адалдық пен арсыздық, ерлік пен ездік, тазалық пен арамдық, қарапайымдылық пен билікқұмарлық, әділеттілік пен қулық, махаббат пен азғындық, сыпайылық пен сыңарезулік, жуастық пен өктемдік сияқты тағы басқа өмірлік құбылыстар қайшылығын бейнелеу сан тарау болып көрінеді. Тереңірек үңілсек, ақиқатты ашық айту шектеулі кезде көптеген өрескелдіктерге көкірегі сыздап, іштей күйзелген суреткер неше түрлі шерлі шемендерді сәті түскен кездерде сын-сықақпен аузын аршып отырды. Ел басына түскен ауыр күндерді көзікен көріп, құлағымен естіген, ыстығына күйіп, суығына тоңып өмір кешкен Бейімбеттей азамат ар жүгін аттап кете алмады. Оның саяси хал-ахуалға бағындырылған қазақ елінің жағдайын жан дүниесімен ұғына білуі де, артында ор, алдында көр тұрса да, жоғарғы басшылық өзара жаулық пен араздықты, өш алуды, алауыздықты қоздырып, өршітіп жатса да сыншылдық бетінен қайтпауы да сондықтан. Отызыншы жылдарда да фельетондарды жазуын мүлдем тоқтатпай, жалғастыруы соған дәлел. Қаныпезерлік саясаттың қыл көпірінде тұрса да сол жолынан қайтпады. Ішкі қыжылын қусалықпен сақтай бермей қайратты да желмаядай желген қаламымен шығарды. Публицистикасындағы сын - соның жарқын көрінісі.
Сол кездегі сын-зерттеу, талдау материалдарында Б.Майлиннің негізінен ақындық, жазушылық, драматургтік өркен-өрісі туралы сөз қозғалады. Жала жабылып, «Халық жауы» деген сын да өршіді.
Б.Майлин репресияға ұшырап, жазықсыз атылған соң ауыз ашып, тіс жарып ешкім ештеңе айта алмады. Заман ызғарынан үркіп, жан тасалауға тура келді. Тек жазушы ақталып, елімен қайта қауышқаннан соң, мұрасы халқына қайтарылғаннан кейін жан-жақты зерттеу ісі кең арнаға түсті. Бейімбет Майлин толық ақталған 1957 жылдан бастап, оның бай мұрасын қайта зерттеу, алуан түрлі шығармашылық қызметін жұртқа жан-жақты жеткізу кеңінен қолға алынды. Қайта құру, жариялылық атты кезең басталғалы Б. Майлинді де қайта танып бағалау, жаңа көзқараспен зерделеу өрісі ашылғандықтан бұрын айта алмай жүрген ой-пікірді жаңғырту мүмкіндігі туды.
Енді әдеби құбылыстар мен ағымдарға, олардың жеке тұлғаларына сыни тұрғыдан зер салып, тереңірек үңіле қарап, басты ерекшеліктерін қазіргі таным тұрғысынан айқындау міндеті алға тартылды. Ол - Бейімбеттің де болмыс-бітіміне, шығармаларына өзгеше көңіл-көзбен ден қойып, ашылмай келген жақтарын ашу, зерде, таным елегінен қайта өткізіп әділ әрі ұлттық сипатта бағалау міндеті.
Сонымен, Б.Майлиннің фельетондары, очерктері мен мақалалары жеке-жеке талданып, кең түрде зерттеу обьектісіне айналған емес. Ал олардағы сыншылдық, сатиралық бағыт толық ашылмаған тың күйінде жатыр. Оған суреткер публицистикасының барлығы құрастырылып, толық шықпай жатуы не толық жинақтарына кірмеуі салқынын тигізбей қойған жоқ. Әсіресе, очерктер мен мақалалары жөніндегі пікірлерге көңіл толмайды. Жазушының кеңес өкіметінің барлық тірлігін қолдамағанын, керек десеңіз, жеріне жеткізе сынағанын терең зерттеп, кеңірек ашу ісі кенжелеп келді. Б.Майлин публицистикасындағы сыншылдықты бөле-жара алып, ғылыми тұрғыдан талдау жасауға бет бұрғанымыз - сол олқылықты толтырудағы бір қадам. Осыдан келіп зерттеудің өзектілігі туындайды.
Диплом жұмысының нысаны. Зерттеу жұмысының нысаны ретінде ҚҰ мұрағаты деректерін, Орталық архивтер мен құжаттар басқармасы, Мемлекеттік Қауіпсіздік комитеті архивтерінің материалдары, БАҚ жүйесі материалдарын, зерттеушілер еңбектерін негізгі назарда ұстадық. Б.Майлиннің «Алыптарды аралағанда» (1934), «Төрт томдық жинағы» (1933-1934), «Сойқанды содырлар» (1928), «Кесінділер» (1929), «Таңдамалы шығармалар» (1958), «Шығармалар. Алты томдық» (1960-1964), «Шұғаның белгісі. Әңгімелер» (1965), «Повестері мен әңгімелері» (1972), «Шұғаның белгісі. Повестер мен әңгімелер» (1974), «Таңдамалы повестер мен әңгімелер» (1977), «Қызыл жалау. Роман, повесть, әңгіме, пьеса, фельетон, очерктер» (1979), «Раушан – коммунист» (1980), «Шұғаның белгісі. Повесть және әңгімелер» (1981), «Бес томдық жығармалар жинағы», (1986-1988), «Ел сыры. Повестер, әңгімелер, өлеңдер, фельетондар» (1994), «Тұңғыш құрбан» (1994) туындылары және мұрағат материалдары деректілік негіз ретінде пайдаланылды.
Диплом жұмысының дереккөздері. Зерттеу жұмысында қаламгердің сыншылдық, сатиралық бағыттағы фельетондары мен очерктерінің тақырыптық, мазмұндық табиғатын таныту мақсатында сатира мен юмор элементтерін ұтымды қолдану ерекшеліктері өзара байланыста қарастырылды.
Диплом жұмысында Қ.Жармағамбеттің «Бейімбет Майлин творчествосы» (1958), «Бейімбет Майлин» (1962), Ә.Жиреншиннің «Бейімбет Майлин» (1958), Т.Нұртазиннің «Бейімбет Майлин творчествосы» (1966), Б.Наурызбаевтың «Бейімбет Майлиннің прозасы» (1967), «Дәуір суреткері» (1969), «Қазақ прозасындағы Б.Майлин дәстүрі» (1979), С.Ордалиевтің «Сөз зергері» (1982), «Бейімбет Майлин творчествосы» (1990), Р.Рүстембекованың «Б.Майлиннің драматургиясы» (1969), Т.Бейісқұлов «Бейімбет Майлин-публицист» (1979), «Қанатты қаламгер» (1983), «Дарын даралығы» (1994), С.Бейменшин «Майлының Бейімбеті» (1994) және тағы да басқа ғалымдардың еңбектерін басты назарға алдық.
Диплом жұмысының мақсаты мен міндеттері. Жұмыстың негізгі мақсаты – Б.Майлин публицистикасындағы сыншылдық, сатиралық бағытты зерттеу арқылы оның журналистикаға қосқан үлесін айқындау, сыншылдық, сатиралық бағыттағы публицистикалық мұрасын тақырыптық тұрғыдан кең көлемде қарастыру, аталмыш туындыларындағы көркемдік-идеялық ерекшеліктерді, қоғамдық-әлеуметтік көзқарастарды саралау, қаламгердің дара стильдік белгілерін жете зерттеп, оларды бүгінгі күн тұрғысынан жаңаша бағамдау. Осыған орай, аталған мақсатқа жету үшін алдымызға мынадай нақты міндеттерді айқындадық:
- Б.Майлиннің журналистік жолын, шығармашылығын саралау;
- жазушы сыншылдығының бастау көздерін, өріс алуын және жанрлық ауқымын нақтылы дәйектер негізінде талдау;
- Б.Майлиннің сыни публицистикалық туындыларының тақырыптық, мазмұндық аясын таныту;
- қоғамдағы, өмірдегі көптеген маңызды мәселелерді көтеру арқылы Б.Майлин публицистикасынының журналистикаға қосқан үлесін саралау;
- Б.Майлиннің сыншылдық, сатиралық бағыттағы публицистикасына қоғамдық тұрғыдан ықпал болған негізгі факторларды айқындау, сол арқылы оның шығармашыл ой-санасының ұшқырлығын дәлелдеу;
– Жалпы көсемсөзгерлігіндегі проблемалық тақырыптарды қозғауда деректерді сөйлете білуіне, амал-тәжірибесінің ұстаханалық мектеп ретінде қалыптасуына көз жеткізу;
- шығармашылығындағы сөзгерлігі, діттеген мұратын әлеуметтің жалпы тұрмысы нәтижесіндегі көрінісін қоғамдық өзгерістер жолындағы әдіс-тәсілдермен көрсетуін анықтау.
Диплом жұмысының зерттеу әдістері. Жұмыста талдау, салыстыру, сараптау, топшылау әдістері мен объективті-аналитикалық талдау, кешенді тәсілдер қолданылды.
Диплом жұмысының ғылыми жаңашылдық сипаттары. Б.Майлин сыншылдығының бастауы, өріс алуы және сатиралық бағыттағы публицистикасының тақырыптық, көркемдік қырлары, жанрлық ауқымының жүйелі түрде ғылыми мәселе ретінде қарастырылуы тақырыптың жаңалығын байқатады. Сондай-ақ жазушы өмірі мен шығармашылығының зерттелу кезеңдерін анықтап, қоғам шындығын еш өзгеріссіз сол күйінде жеткізу бағытындағы ұстанымдарына баса назар аудардық. Б.Майлиннің сыни публицистикалық туындылар жазудағы тәжірибесі - қоғамдағы, өмірдегі көптеген маңызды мәселелерді көтеруде қазіргі қаламгерлерге үлгі-өнеге болатын үйренерлік мектеп екендігін дәлелдедік. Қазақ журналистикасындағы Б.Майлиннің өзіндік орнын айқындауға тырыстық.
Жазушы шығармашылығына қатысты мерзімді баспасөз беттерінде, зерттеу еңбектерінде айтылған тұжырымдар мен ой-пікірлер бүгінгі күн талабына сай жүйеленді және жаңа дерек-пайымдаулармен толықтырылды.
Қорғауға ұсынылатын негізгі тұжырымдар:
– Б.Майлин талантты көсемсөз зергері ретінде танылды;
- көсемсөзгердің сыншылдық, сатиралық бағыттағы шығармашылық ерекшеліктері сараланып, оның кезеңдері анықталды;
- жазушының алғашқы тырнақалды туындыларынан бастап, кемел көсемсөз зергеріне дейінгі жолы мен қызметі екшелді;
- сыншылдық бағыттағы публицистикасының саясилылығы, көпшілік санасына ықпал етер психологиялық қуаты тұжырымдалды;
- қаламгердің сыншылдық, сатиралық шығармаларының поэтикасы талданды;
- Б.Майлиннің сыншылдық, сатиралық бағыттағы публицистикасының жанрлық ерекшеліктері талданып, пішіндік ізденістері сарапталды;
- көсемсөзгердің басқа
Б.Майлиннің қазақ журналистикасындағы орны айқындалып, публицистиканың жаңа пішіндері мен шығармашылық қарымын арттыруда өлшеусіз үлес қосқан ірі тұлға екендігі дәлелденді.
Диплом жұмысының теориялық және практикалық маңызы. Зерттеу жұмысында алынған ғылыми нәтижелер мен тұжырымдарды әдебиеттің теориялық мәселелерін оқытқанда, орта мектептердің жоғарғы сыныптарында және жоғары оқу орындарының филология факультеттерінің қазақ бөлімдерінде қазақ әдебиеті тарихын оқыту барысында, арнаұлы курстар мен семинарлар өткізуге, сондай-ақ гимназия, лицейлерде, қазақ тілі мен әдебиеті пәнін тереңдетіп оқытатын мектептерге оқу құралдарын, көмекші құралдар, курс жұмысы, реферат, бақылау жұмыстарын жазуда пайдалануға болады.
Диплом жұмысының құрылымы. Диплом жұмысы кіріспеден, үш бөлімнен және қорытындыдан тұрады. Жұмыс соңында пайдаланылған әдебиеттер тізімі берілді.
1 ЖАЗУШЫ СЫНШЫЛДЫҒЫНЫҢ БАСТАУЫ, ӨРІС АЛУЫ ЖӘНЕ ЖАНРЛЫҚ АУҚЫМЫ
Б.Майлиннің өмірі мен шығармашылығының зерттелуінде мынадай кезеңдерін байқай аламыз:
- Қаламгер ретінде қалыптасу, ақын, жазушы, журналист ретінде көріне бастау, оқу-ағарту саласында қызмет істеу, алашқа да, кеңес өкіметіне де көз тігіп, екеуіне де үміт арта, сеніммен пейіл білдіру, ақыры алашордадан суынып, оған салқын тарта бастаған кезеңі, яғни 1922 жылға дейінгі дәуір.
- Жазушы-журналист ісінің ең бір шабытты, шұрайлы шағы, бұрқырата жазып, тамаша туындылар берген, сөйтіп ел-жұрттың ілтипатына бөленген, байтақ қазақ даласына барынша танылып атағы аспандаған, ал бақталастары аяғынан шала бастаған кезеңі яғни 1932 жылға дейінгі он жыл.
- Солақай, содырлы сын тоқпағының астында қалып, есеңгіреген кезінде де повесть, роман, пъеса сияқты көлемді пығармалар жазып қалдырған, жалған жаланың бұлты қоюлана түсіп, «халық жауы» деген қара таңба салынған, тас зынданның астына қамалған, қорлық көрген, ақыры атылған кезеңі яғни 1932-1938 жыл аралығы.
- Оны ақтау үшін өткен күрес жылдары, ол туралы ауыз ашып айтуға болмайтын, тіліңді тістеп үн шығармайтын, күдік пен үміт арпалысқан кезең, яғни1957 жылға дейін. Бұл кезде оның туындылары туралы зерттеу жасамақ түгіл, ауыз алуға болмайтын.
- Соңына жарық алып түскен «жауларының» аузына құм құйылуы, жазушының ақталып, мұрасының халқына қайтарылуы, оның шығармаларын құныға оқу, зерттеу жүргізілуі, жинақтарының шығарылуы, бұл іске Қ.Жармағамбет, Т.Нұртазин, Б.Наурызбаев, С.Ордалиев, Р.Рүстембекованың белсене кірісуі, З.Қабдолов, С.Қирабаев, Т.Кәкішев, Т.Қожакеев, Ф.Оразаев, Р.Нұрғалиев, С.Ордалиев, Т.Бейісқұлов, Б.Сарбалаев, С.Байменшин тағы басқалар пікірлер қозғап, ой толғауы, Ғ.Мүсіреповтің, С.Мұқановтың және басқа да замандастарының толғанысқа толы сырлы естеліктері, мақалалары елеулі кезеңді құрайды, яғни бұл 1957-1994 жылдар арасы. Бұл аралықта туғанына 70, 80, 90, 100 жыл толуының салтанатты түрде өткізілуі және бар.
- 1994 жылдан бастап жаңа кезең туды. Жазушыны толық әрі әділ бағалап білуіміз жетпей жатқанын сезіндік. Ол қалдырған мол мұраны, асыл қазынаны түп-түгел жинап шығара алмай келеміз. Шығармаларын бір жақты талдап жүріппіз. Міне, сол олқылықтардың орнын толтырудың сәті туды, кезеңі келді. Есіл азаматты қан жылатып, көзін құртқан сайқал заманға, қатыгез саясатқа лағнет айтып қана қоймай, оны әшкерелеудің, бет-пердесін ашып, жұрттың санасына жеткізудің күні туды.
Б.Майлиннің ғұмыры мен творчествосының қыр-сыры түгел ашылды, айтылды, енді зерттейтін, талдайтын ештеңе қалған жоқ десек, қателесеміз. Сондай істің бірі Б.Майлин туындыларындағы сыншылдық, сатиралық бет-бағдары, сынға алынған объектілері мен қоғамдағы аяққа оралғы болып, елдің көксеген арманына жетуіне қырсық-қыңырлығын тигізген кертартпа кеселдерді мінеп-шенеуі болса керек. Ал ол қоғамдық шындықты публицистикалық туындыларында да өзі көргеніндей, сол күйінде көрсетіп, сол дәуір табиғатын әсірелемей, реалистік тұрғыдан танытуға шебер машықтанды. «Майлин - реалист,- дейді академик З.Қабдолов. - Оның поэзия, проза, драматургия салаларының қай-қайсысында жазған шығармаларын алып қарасақ та, тұнып тұрған шындық, ақиқаттан ауып басқан бір де бір адымы болған емес» [1, 96 б.]. Ал академик С.Қирабаев «Өмірде жұпынылықты сүйетін ол жазуда да әсірелеушілікке бармай, қарапайым шындықты қаз-қалпында суреттеуге шебер еді» [2, 12 б.] - деп жазды.
Сол ойын шегелей түсіп С.Қирабаев кейінгі кезде мынадай түйін жасайды: «Бейімбет шындықты боямай, жаңаның бәріне бас шұлғи бермей, реалист жазушы есебінде өмірде орын алған ұнамсыз құбылыстарды, халық үмітін алдауға құрылған шындықтың көлеңкелі жақтарын өз шығармашылығында үнемі ашып көрсетіп отырды» [3]. Осы тектес нығырлап, баса айтылған ой-пікірді басқа да зерттеуші ғалымдардан кездестіреміз. Олардың сондай тұжырымы негізінен көркем шығармаларына орай айтылған. Біз Б.Майлиннің реалистігіне, шынайы сыншылдығына, ақиқаттан аттамай жазғандығына публицистикасына зер салып, ой таразысынан, зерде елегінен өткізгенде де көз жеткіздік.
Социалистік реализм бағытымен, осы әдістің үлгісімен мол мұра жазған Б.Майлин өз кезіндегі қоғамдық құрылысты, тәртіпті бір жақты, тек оның жақсы нышандарын көрсетіп қоймай, зиянды ескіні, жаңаның ұнамсыз, халыққа пайдасыз жақтарын да күйрете сынады. Б.Майлин, қандай бір туынды жазбасын, ұстанған бағыт, жүгінген ағым - негізінен осы социалистік реализм. Бұл бағытты кейбір нысана еткендер құрылып жатқан социалистік қоғамның тек тәуір жақтарын көрсету деп білді. Ал Б.Майлин оны өзінше пайдаланды, біржақтылыққа ұрынбады. Кеңес өкіметін жақтамай, қарсы келген декаденттік, имаженизм, символизм, футуризм, натурализм сияқты ағымдарға да ауытқымады. Романтизмге де бой алдырмады. Ол халық аңсаған бостандық идеясына социалистік төңкеріс жеткізді деп үміт артқанын жоққа шығара алмаймыз. Әділдік болады деп сеніммен қарады ол. Сондықтан қылт еткен тәуір істі жазбауына болмайтын еді. Өзі өмір сүрген дәуірдің көлеңкелі жақтарын да, әділсіздік кездерін де, биліктегі адамдардың бұрмалаушылықтарын да, тіземен басып, тақымға қысып жасаған әкімшілігін де, солақай содырлығын да аша жазып, батыл сынады. Өз заманының толып жатқан мерездерінің соңтасын шығарған Б.Майлин сыншыл реализмге де жақын тұрды. Бір кезде Ә.Қоңыратбаевтың «Прозада ол сыншыл реализм мен социалистік реализм дәстүрін терең жалғай білген», [4] - деуі де сондықтан. Ал Т.Ахтанов «Ол сыншыл реализмнің соңғы биігі - Чехов арнасына түсті» [5, 165 б.] - деді. Осы түйіндерде мол шындық бар.
Б.Майлиннің өмірі мен қаламгерлік өнерін неғұрлым толық қамтып, пайымды ой-пікір қорытқан көрнекті ғалым Т.Нұртазин жазушы публицистикасының фельетон, очерк, мақалалардан құралатынына назар аудартқан болатын. Ол «Бейімбет Майлин творчествосы» атты монографиясында бұл мәселеге жеке тарау арнап, ең алғаш қаламгер шығармашылығының бұл саласын зерттеуге жол сілтеді. Тарау толық, жан-жақты зерттеуге жатпайды, мұнда Бейімбеттің сол жанрларда жазғандарына шолу жасалып, ой саларлық бағыт көрсетілген. Басқа зерттеушілердің жүйелі шұғылдануына, Бейімбет публицистикасының табиғатын, мазмұн-мәнін кеңінен ашып көрсетуіне бағдар болды.
Өз еңбегінде Т.Нұртазин, аз да болса, Бейімбеттің фельетоншылдығын баса әңгімеледі. «Жазушының саны көп, көлемі мол фельетондары әдебиетімізге сатира жанрының туып қалыптасуында басты қызмет атқарады» [6, 43 б.] - деген тұжырымын Т.Нұртазин «Қаламгер жүзге тарта фельетон жариялап, әзіл-күлкілік, сатиралық әдебиетіміздің іргесін қалады, бұл салада жаңадан жол тартты, соны дәстүр құрады», [6, 308 б.] - деп тиянақтаған. Сондай-ақ ол «очерк жанрының туу, қалыптасу, дамуында Б.Майлиннің рөлі ерекше» болғандығын, оның «мақалалары да әдебиетімізге елеулі қазына болып қосылғандығын» [6, 310 б.] атап айтты. Бірақ, Бейімбет публицистикасындағы сыншылдық жақтарды толығырақ талдап беруге Т.Нұртазин барған жоқ.
Б.Майлиннің фельетондары мен очерктеріне көбірек үңіліп, тереңірек зерттеген адам - қазақ әдебиеті мен журналистикасындағы аса білгір, белді ғалым, профессор Т.Қожакеев. Ол «Қазіргі қазақ сатирасы мен юморы» (1966), «Сатира және өмір» (1976), «Сатира - күштілер қаруы» (1985), «Көк сеңгірлер» (1992) кітаптарын және басқа бірнеше мақалаларын жазып, Бейімбет фельетондарының тақырыптық, мазмұндық және мақсаттық табиғатын танытуға елеулі еңбек сіңірген, сатирасының ерекшеліктерін біршама жіктеп берген. Бейімбеттің нағыз фельетоншы екендігін жеткізе дәлелдеу үшін ол сатира мен юмор элементтері бар көптеген өлеңдерін, әңгімелерін, фельетондарын негізге алды. Кейінгі жарияланымдарында өзі тауып, қолына түсірген Бейімбет туындыларын талдап, таразылап, түйген ой-пікірін толықтырып отырды. Сондай-ақ, Т.Қожакеев қаламгердің очерктері туралы талдау жасап, өмірге келіп жатқан жаңаны қызыға жазғандығына назар аударды.
Ғалымдар Б.Наурызбаев «Бейімбет Майлиннің прозасы» (1967), «Дәуір суреткері» (1969), С.Ордалиев «Сөз зергері» (1982), «Бейімбет Майлин творчествосы» (1990) деген еңбектерінде қаламгердің фельетон және очерк жазғандығын мойындап, жекелеген фельетоны мен очеркіне тоқталады. Сыншы Б.Сарбалаев «Бейімбет Майлин» (1988) атты кітабында жазушы шығармашылығын тұтас қарап талдайды, басқа зерттеушілер байқамай, қалтарыста байқалмай келген қырларын көрсетуге талпынады, Бейімбеттің «Ойлы сыншы, очеркші, оқшау фельетоншы» екендігіне, «осы саладағы мол мұрасын іздеп табу, жариялау, кең талдап түсіну, зерттеп тану, күнделікті әдебиет, оқырман кәдесіне асыру» міндеті тұрғанына назар аударады. Белгілі әдебиетші және очерк жанрының білгір зерттеушісі Т.Ыдырысовтың «Очерк туралы ойлар» деген еңбегінде (1969) Б.Майлин очерктерінде кеңестік дәуірдің бастапқы кезіндегі еңбек дүбірі, тыныс-тіршіліктің жаңа көрінген, жаңа деп есептелінген нышандарының қалай көрініс тапқаны талданған. 1995 жылы «Бейімбет Майлиннің журналистік шығармашылығы» тақырыбы бойынша қандидаттық диссертация қорғаған С.Байменшин жазушының бұрын зерттелінбей келген, ғылыми айналымға түспеген белгісіз кейбір туындыларын талдауында біршама фельетон, очерк, мақалаларына жекелей тоқтаған.
Сыншы Б.Сарбалаев «көрнекті қайреткер, ірі қаламгерлердің бір заты, жарты ауыз сөзі табылып жатса, оның өзі де үлкен игілік екені даусыз,» [7, 69 б.]-дейді. Осы тұрғыдан келсек, С. Ордалиевтің «Қызыл жалау», «Ел сыры», С.Байменшиннің «Тұңғыш құрбан» жинақтарын құрастырып шығаруы, - сөз жоқ, игілікті іс. Бұл кітаптарда Бейімбет Майлиннің көбіне фельетондары қамтылған. Кейбір әңгімелері, очерктері мен мақалалары енгізілген. Фельетондары біршама басы құралып жарық көргенмен, толық жинақ болып шықпай келеді. Очерктері де сондай күйде. Кезінде Т.Нұртазин «Қазір біздің қолымызда елуден астам мақаласы бар» [6, 308 б.] - деп жазған еді. Б.Майлин шығармаларының негізінде алты қандидаттық (Б.Наурызбаев «Бейімбет Майлин творчествосындағы эпостық жанрдың шағын түрлері, 1963», X.Кәрімов «Бейімбет Майлин әңгімелерінің тілі, 1965», Р.Рүстембекова «Бейімбет Майлиннің драматургиясы, 1965», М.Әлханов «Бейімбет Майлин прозасындағы жағымды герой бейнесі, 1966», Ф.Оразаев «Бейімбет Майлиннің стилі, 1970», С.Байменшин «Бейімбет Майлиннің журналистік шығармашылығы, 1995», бір докторлық диссертация қорғалды.
Қай адамның болса да өмірдегі нәрсенің бәріне сынай қарайтынын рас деп білсек, ол қалай да кем-кетікті, келеңсіздікті, оғаштықты, жарамсыздықты, қажетсіздікті көрмей тұра алмаса керек. Алайда, оларға әр қалай баға беріп, түрлі ой-пікір түйіп, бірі немқұрайды, сүлесоқ, мән бермей қарауы мүмкін, енді бірі ашу-ызаға бұлығып, бет-жүзің демей айтып тастап, әшкере етіп, масқара жасауы сөзсіз. Әрине, ар-ұяты бар, намысқа жүгінген, кемшілікпен келіскісі келмейтін жан-дүниесі, бүтін болмысы таза адам өткір сын айтып, өтімді сөзімен әшкерелемеуі мүмкін емес.
Мұндай қасиеттер адамға туа бітеді десек, шындыққа жата қоймас, дегенмен генетикалық тегінде бір негіз болуы ықтимал. Одан кейінгі жерде отбасында, өскен ортасында, қызмет істеген жерлерінде, алған білім-тәрбиеде адам санасына сіңген, сезіміне әсер еткен жайлардан қалыптасуы мүмкін.
Осындай ой жетегінде отырып, Б.Майлиннің текті жерден шыққанын, өмір қыспағын көріп, әжесінің мейірімді тәрбиесіне арқа сүйеп, ағаларының адамгершілік жанашырлығын сезінгенін еске түсіруге тура келеді. Бала кезінен ащы мен тәттінің, жаман мен жақсының ара салмағын сезініп өскен ол нені жек көріп, неден бойын аулақ ұстайтынын, нені жақтап мақтайтынын айыра білген. Сондықтан айналасындағының бәрін тек жақсы деп қабылдай бермей, жас кезінен сын көзбен қараған. Керек жерінде әжуалап сынап әшкере еткен.
«Қырық құрау жұлдыздай тесік, қиқайған қара үйде тұрған», «егін салып, шөп шауып, мал соңында салпақтаған Мырқымбайдың бір» - Б.Майлин әжесі Бойдастың кешкі ұйқыға кетерде: «Өмірімде көргенім - күңдік, құлдық, Бұл жалғанда бар ма екен біздей мұңдық?» - деп айтатын өлеңіндегі налу, шер шығару сезімін сан естіген. Осы өлең құлағына келген сайын жас жүрегін тілгілеп, жан-жүрегін сан толқытқан шығар. Ал екі шумақтың өзінде құлдық, күңдік өмірге наразылық, керек десеңіз, оны сынау аңғарылмай ма? Бейімбеттегі өмірге сынай қарайтын көзқарастың бастауы осында жатса керек.
Сондай-ақ бала кезінде көрген Көмек деген ақынның әсері де ізсіз қалмаған. «Біреуді жамандауға, мақтауға, күлкі қылып өлең шығаруға бұл кісі өте шебер болған» [8] деп Бейімбеттің өзі ризалықпен есіне алған Көмек өткір тілді, кемшілікті жасқанбай бетке айтқан ақын болыпты. Ол «Жаппас» дейтін нағашы еліндегі бір айтысқа түскен адамды тәлкек етіп:
Әкеңнің құны бар ма арбасқандай?
Итерсем, тұра қалып жармасқандай?
Құрбыңнан кем туғызған құдайдан көр,
Ортасын мұрыныңның мен басқандай?! [8] - деп өлең шығарған. Осыны Б.Майлин ұмытпай 1931 жылы «Мен қалай жаздым?» деген мақаласында келтіреді. Көмектің өткір, уытты осы секілді әжуалаулары да сезімтал Бейімбетке әсер етпей қалған жоқ.
Сол себептен Б.Майлин де сын айтуға ерте түсіп, алғаш Әржікей дейтін ақынсымақты тәлкек етіп, әшкере жасайды. «Біздің елде Әржікей дейтін өлеңші болды. Барлық кәсібі - байларды мақтап өлең шығару, байлардан ат міну, шапан кию еді. Осы Әржікейді тәлкек қылып, мысқылдап өлең жаздым. Бұл өлеңімді сол кездегі «өлең жаттаушылардың» бірсыпырасы жаттап алып айтып жүрді. Бұл - 1910 жылдардың шамасы еді» [8] - деп жазды Бейімбет. Жасында қатар өскен, Арғынбай қажы медресесінде, одан соң «Ғалия» медресесінде бірге оқыған, Бейімбет «Ауыл» газетіне тілшілікке тартқан, кейін республикаға белгілі журналист болып шыққан Нұршатай Рахымбаевтың айтуынша, Әржікей Дамбар болысының 6-ауылында тұрыпты, ол «ауыздыға сөз бермеген сол заманның мақтаұлы ақыны, әрі молдасы» болыпты. Бейімбет оны әжуалап тек өлең шығара салмаған, Әржікеймен айтысқа түскен. Н.Рахымбаев айтыс 1912 жылы өткенін мәлімдейді. Соны өзі көрген сыңайлы, сондықтан ол «Әржікейдің ақша алып, неке қиятынын, қызды малға, шалға сататынын, молдалардың педияға таласатынын, шариғаттың шатпағын түгелдей айтып Бейімбет оны қатты сынады. Ақырында Әржікей өзінің жеңілгендігін мойындады» [9] - деп жазды. Ол өлеңі еш жерде жарияланбағандықтан беймәлім қалды. Дегенмен көрген келеңсіздіктерді сынау, әжуалауға барар жолдағы алғашқы қадам бұл. Осыдан, басына таяқ та тиді. Арғынбай қажы да өз даңқын шығарып жүрген Әржікейді жақын тартып, сыйын беріп отыратын. «Сыйға - сый, сыраға – бал» демекші, Әржікей қажыны жер-көкке сыйғызбай мақтап жүретін. Міне, соны әшкере жасаған Бейімбетті қажы жақтыра қоймайды. Т.Нұртазиннің айтуынша, қажы Бейімбетті «екі жылдык оқудың бітуіне екі ай қалғанда мектептен шығарып жібереді» [6, 7 б.]. Б.Майлин бұл «соққыдан» мұқалып, мүжіліп кетпейді, сыншыл бағытынан таймайды. Оны алғашқы өлең, әңгіме, мақалаларынан да аңғара аламыз.
Осыған орай алдымен зерттеушілердің тұңғыш жарияланған мақаласы деп жүрген «Қостанай үйезі. Дамбар болысы» туындысында қыз ұзату, ас беру сияқты әдет-ғұрыпты тілге тиек ете отырып, келеңсіз жақтарын, яғни шығатын қаржының желге ұшқандай босқа шашылатын өрескелдігін сынайды, содан арылу керектігіне назар аударады. Шығарған малға өлікке жиналғандай қаптап кететін, еш кәсіп істемейтін, текке жататын «надан молда, жалған сопылардың» садақа деп сылтаулатып, құзғындардай таласатынын ашына әжуалайды. Өйткенше «мешіт-медресе, оқу оқыту жолына жұмсап, оқуға мұқтаж жарлы-жақыбайдың балаларына жәрдем беріп, соларды мұратына жеткізсе» деген ойын алға тартады.
«Ұл мен қызды бесіктен шықпай атастырып, бастарын шатастырып қою - қазақтың көптен сүйегіне сіңген дерт. Бұл екеуі бір-біріне пар болып өсе ме, жоқ, бірі құрай, бірі тал болып өсе ме, ол арасында қазекеңнің жұмысы жоқ. Тек алатын мал болса, өсе келе қызы сүймесе де қыз әкесі зорлап күйеудің босағасына ғана апаруды біледі» - деген Бейімбеттің сөзі әйелдің зорлыққа, күңдікке, теңсіздікке душар болған басын арашалау ниетімен жазған шығармаларының негізгі түйіні іспетті. Жастайынан көңіліне ұялаған осы принциптен ол айнымады, оны берік ұстанды.
Осы сөзбен басталған «Айыртау болысынан» деген жарты беттік мақаласында [10] Көкшетау уезі Айыртау болысындағы Шәріп деген кісі Жақып дегеннің баласына қызын зорлап ұзатқанын жазады. Бірақ, екеуінің тұрмысында береке болмайды. «Ықтиярсыз малданып, көрінгенге алданып, сандалған қазақ баласы, қайтейін» - деп күйінеді Бейімбет.
Қаламы әлі ұшталмаған балаң қаламгердің өзі білген оқиғаға құрылған әңгіме сияқты «Болған іс» туындысының да маңызы артпаса, кеміген жоқ. Мұнда жер сатуға құлшынғанның арты кімге зиян болатыны, кімнің маңдайына соққы боп тиетіні баяндалады. Қалада тұратын переселен Меколайға өздерінің тиесілі жерін сатып, сан соғып қалған, кедей болса да пысық Жанпейіс қана емес, бай Қажыбай ақсақал да тілін тістейді. Өктемдіктің буына бөккен, кеудемсоқ Меколай Жанпейістен алған жерін місе тұтпай «Жерімді толықтырып бер, болмаса ақшамды бер» деп қиғылық салады, соққыға жығады. Жаны қысылған Жанпейіс інісін шаптырып Қажыбайдан ақша сұратады, ол бермейді. Ақыры ол орыс байына тағы да жер беріп құтылады. Байға реніші қара қазандай Жанпейіс орыстың егініне Қажыбайдың жылқысын түсіреді. Меколай жылқыны айдап алып, төрт-бес күн қамап ұстайды. Қажыбай қымызын апарып, сыйлап, «тамыр-тамыр» деп қанша жалынғанмен бай орыс көне қоймайды да приставка дейін барып, жылқысын әрең қайтарып алады. Ашыққан малдан шығын да болады.
Бейімбет переселен Меколайдың қазақ кедейін де, байын да елемейтін менмен мінезін, астамшылдықпен, қысымшылықпен басқалардың дүниесін тартып алу әрекетін жеңіл-желпі сынайды.
«Пайда тапқыш» Жанпейісті «бүгін қақпанға түскен қасқырдай екі көзі жайнап», «есінен танып» қалған мүсәпір етіп көрсетеді қаламгер. «Меколай, күнде көріп жүрген адамбыз ғой, мені қинама, соқаның алдымен салған екі жер бидайым (осы күн де көктеп те қалған) бар, соны алып біт» деп жалынды» [10] - жазушы Жанпейістің бейшара күйін келеке етіп те, жаны ашып та осылай бейнелейді. Кедей ғой деп бұйрегі бұрмаған, бір емес, екі қайтара жер алған Меколайға ендігәрі секуге бола ма? Байыған үстіне баи түспек ойдағы Қажыбайды жазушы «әйтеуір жайлаудағы бос жерді сатамын деп, «бес тиын қоян, он тиын зиян» дегеннің кебіне ұшырады» - деп келемеждейді. Сонымен олар жерден айрылып бір ұтылса, оны сатқаннан пайда көрмей, зиян шегіп, екі ұтылды. Әңгіменің негізгі мәні де осында. Қазіргі уақытта жерді жекешелендіру қажет, сату керек дейтін коммерсанттарға сабақ емес пе бұл. Туындының маңызы бүгін де үлкен дейтініміз сондықтан. Артын аңдамай орашолақ ойлайтын қараңғы, ішкі дүниесі тайыз адамдардың жерді сатқанына реніші сезіледі жазушының.

- Бейнелеу өнері
- Бейнелеу өнерінің түрлерімен таныстыру. Батик техникасын жетк меңгеру
- Беларуская сатыра ваеннага перыяду (1941-1945)
- Белковые продукты
- Белорусская кухня. Особенности приготовления блюд из картофеля
- Белсенді туризм
- Белсенді туризмнің теориялық аспектілері
- Безработица и занятость: состояние, проблемы и пути регулирования (Россия, регион, город)
- Безработица и проблемы ее регулирования
- Безработица молодежи как социальная проблема
- Безработица: причины возникновения и пути преодоления
- Безробіття молоді як соціально-педагогічна проблема
- Безубыточность деятельности предприятия
- Безэквивалентная лексика