Мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық жағдайындағы бюджеттін ролі

МАЗМҰНЫ

 

КІРІСПЕ………………………………………………..……………………............3

 

1. БЮДЖЕТТІҢ МЕМЛЕКЕТ ЭКОНОМИКАСЫНА ТИГІЗЕТІҢ ӘСЕРІ.....6

1.1 Бюджеттің әлеуметтік-экономикалық мәні, мазмұны және ролі................6

1.2 Бюджеттік саясаттың негізгі міндеттері мен жүйесін қалыптастыру қағидалары........................................................................................................22

 

2.ҚАЗАҚСТАННЫҢ ӘЛЕУМЕТТІК-ЭКОНОМИКАЛЫҚ ЖАҒДАЙЫНДАҒЫ БЮДЖЕТТІН РОЛІ..........................................................................................................................31

2.1 Қазақстан Республикасы бюджетінің құрылымы мен өсу қарқынын талдау..................................................................................................................31

2.2ҚазақстанРеспубликасының мемлекеттік бюджет түсімдері мен шығыстарының мақсаттылығы мен бағыттылығы..............................................40

2.3 Бюджет артықшылығының экономикаға тигізетін әсерi................................45

 

3.ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНДА БЮДЖЕТ ЖҮЙЕСІН ҰЙЫМДАСТЫРУ ЖӘНЕ ЖІТІЛДІРУ ЖОЛДАРЫ...........................................49

3.1 Қазақстан Республикасында бюджет жүйесін ұйымдастырудағы ерекшеліктері.........................................................................................................49

3.2 Қазақстан Республикасының бюджет жүйесін жетілдіру жолдары...............51

 

ҚОРЫТЫНДЫ...........................................................................................................57

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ......................................................59

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

КІРІСПЕ

 

        

Зерттеу тақырыбының өзектілігі. Бюджет мемлекеттің орталық-тандырылған ақша қорын жасау және оны ұдайы  өндіріс пен қоғамдық қажеттіліктерді қанағаттандыру мақсаттарына пайдалануға бағытталатын қаржылық қатынастардың  жиынтығы. Қаржылық  қатынастардың жиынтығы ретінде мемлекеттік бюджетке ең алдымен  жалпы қаржы категориясынан ажырататын өзгеше белгілер тән. Атап айтсақ, бюджеттік қатынастардың  бөлістірушілік сипаты бар,  және ол әрқашанда ақшалай нысанда жүзеге асырылады және мақсатты ақша қорларын қалыптастырумен және пайдаланумен қосарлана жүреді. Мемлекеттік бюджеттің бұдан басқа да өзгеше қасиетттері бар. Ақшалай қаражаттарды орталықтандыру экономиканың жүзеге асырылуын қамтамасыз ету үшін халық шаруашылығы масштабындағы үздіксіз айналымды ұйымдастыру үшін қажет. Мемлекеттік бюджет – мемлекет пен кәсіпорындар, ұйымдар, мекемелер  арасында қалыптасатын қаржылық қатынастар. 

Мемлекетке орталықтандырылған ақша қаражаттары дамушы мақсатты салаларды қаржыландыруға, қоғам деңгейінде әлеуметтік- мәдени шараларды жүргізу үшін, қорғаныс саласының мәселелерін шешу үшін және мемлекетті басқару шығындарын жабу үшін  қажет. Мемлекеттік бюджет арқылы халық шаруашылығының өндірістік және өндірістік емес аясындағы, аймақтар мен салалар арсындағы қаржылардың бөлістірілуі жүзеге асады. Осыған сәйкес , мемлекеттік бюджет қоғамның таза өнімінің  қозғалысын сипаттайтын және осының негізінде мемлекеттің орталықтандырылған қоры қалыптасып, пайдаланылады.

Бюджет-   мемлекет пен қоғамдық өндірістің басқа да өкілдерінің арасында қоғамдық қажеттіліктерді қанғаттандыру мақсатында қалыптасатын мемлекеттің орталықтандырылған ақшалай қаражаттарын бөлу мен қайта бөлу үрдісінде жүзеге асырылатын ақшалай қатынастарды көрсетеді.

Бюджет, осымен қатар, экономиканы мемлекеттiк реттеудiң, шаруашылық конъюктураға ықпал етудiң, дағдарысқа қарсы шараларды жүзеге асырудың қуатты құралы болып табылады.

Бүгiнгi мемлекеттердiң бюджеттерi олардың көпсалалы қызметтерiн бейнелейтiн күрделi құжат деуге болады. Ол – мемлекеттiк шығындардың және оларды өтейтiн қаржы көздерiнiң жылдық жоспары. Бюджеттiң жобасы жыл сайын заң шығаратын органда талқыланады және елдiң, штаттың парламентiнде немесе муниципалдық жиналыста қабылданады. Қаржылық жыл бiткеннен соң атқару үкiметiнiң өкiлеттi өкiлдерi, алдыңғы жылғы бюджет туралы қабылданған заң бойынша өздерiнiң табыстарын жинақтау туралы және жасалған шығындар туралы есеп бередi.   Орталық үкiметтiң бюджетi мен жергiлiктi бюджеттердiң арасында бюджет табыстарының көзiн бөлу туралы, ел масштабында қаражаттардыбөлу арқылы, орталық үкiмет жағынан жергiлiктi бюджеттердi қаржыландыру туралы жеңiл емес қатынастар пайда болады. Сонықтан, мемлекеттiк бюджет тек орталық үкiметтiң бюджетi емес, ол мемлекеттiк әкiмшiлдiк-территориялық үкiметтердiң барлық дәрежедегi бюджеттерiнiң жиынтығы болып табылады.

Бюджеттен тыс қорлар мақсатты мiндет атқаратын және мемлекеттiк бюджетке жатқызылмаған бюджетпен тығыз ұштасып жатады. Бюджеттен тыс қаражаттар ортылық және жергiлiктi үкiметқарамағында болады және олар, әрқайсы белгiлi қажеттер үшiн құрылған арнаулы қорларда жинақталады.

Бюджеттен тыс қорлар бюджеттi, сондықтан парламенттiк бақылауды айналып үкiметтiң экономикаға кiрiсуiнiң мүмкiндiгiн кеңейтедi.

Бюджетте мемлекеттiң шығыстары мен табыстарының құрылымы көрсетiледi. Шығыстар бюджеттiк ассигновациялардың бағыттары мен мақсаттарын көрсетедi.

Бюджет шығындарының бiрiншi орнына ие болушы әлеуметтiк баптар: әлеуметтiк жәрдемдер, бiлiм, денсаулық сақтау және басқалар. Бұл мемлекеттiк экономикалық саясатының басты мақсатын дәлелдейдi – әлеуметтiк-экономикалық құрылысты тұрақтандыру, нығайту және оны өзгермелi жағдайлармен үйлестiрудi.

Мемлекеттiк бюджеттiң шығындарының құрылымы сұранысқа және капиталдар салымының көлемiне реттеушiлiк сипатта әсер етедi. Осындай ықпал экономиканың салалық және аймақтық құрамына, әлем нарықтарында ұлттық бәсекелестiктiң қабiлетiне жасалады.

Мемлекеттiк бюджеттiң идеалдық орындалуы – табыстардың шығындардан артылуы немесе шығындардың табыстармен толық өтелуi және қаржылардың қалдығының болуы. Қалған қаражаттарды мемлекет болжамсыз жағдайлар туғанда, ұзақ мерзiмдi төлемдер жасауға немесе келесi жылдың бюджеттiк табыстарына айналдыру үшiн қолдана алады.

Шығындардың табыстардан артып кетуiiшкi және сыртқы мемлекеттiк заемдармен өтелетiн бюджеттiк тапшылықты тудырады. Мемлекеттiк заемдар мемлекеттiк құнды қағаздарды сату, бюджеттен тыс қорлардан заем алу және банктерден несие алу арқылы қамтамасыз етiледi.

Мемлекеттiк заемдар бюджет тапшылығын өтеудiң жалғыз ғана жолы емес.нарық экономикасы дамыған елдерде бюджет тапшылығын өтеу үшiн ақшаның қосымша эмиссиыся қолданылады.

Осы құралды үкiметтер әсiресе ерекше ситуацияларда, соғыс жағдайларында, ұзақ мерзiмге созылған дағдарыс кезiнде қолданылады. Мұндай эмиссияның салдары баршаға мәлiм. Бақылауға келмейтiн инфляция дамиды, ұзақ мерзiмдi инвестицияның стимулы жойылады, “баға-жалақы” спиралi жанданады, тұрғындардың жинақтары құнсызданады.

Мемлекеттiң жаңа заемдарының арқасында қарыз капиталдары нарығында несиеге сұраныстың өсуi, несиелiк қымбаттауға, есепке алу ставкасының өсуiне әкелiп соғады.

Бюджеттің, әлеуметтік-экономикалық мәнімен ,мазмұны және рөлімен бірге  бюджеттің экономикалық рөлін камтуында. Тақырып бойынша өзекті мәселе ҚР ның бюджет жүйесінің экономикасын анықтау, егеменді еліміздің республикалық бюджеті мен жергілікті бюджетінің айырмашылығын және жыл сайынғы кірісі мен шығысын анықтай білуіміз керек. Қазіргі жағдайда бюджет экономиканы мемлекеттік реттеудің, шаруашылық конъюктураға ықпал етудің, дағдарысқа қарсы шараларды жүзеге асырудың аса күшті құралы. Қазіргі мемлекеттік бюджет оның сан түрлі қызметін көрсететін күрделі де, көп қырлы құжат. . Сондықтан да алынған дипломдық жұмыс тақырыбым өзекті болып саналады. Берілген тақырып тек теориялық зерттеу үшін ғана  емес, сонымен қатар тәжірибелік жұмыс үшін де қызықты.

Дипломдық жұмыстың мақсаты: бюджеттің әлеуметтік-экономикалық мәнімен мен ролін мен қолдану жолдарын іздестіру. Осы мақсаттарды жүзеге асыру үшін келесідей міндеттерді шешу қажет:

-Бюджеттің  әлеуметтік-экономикалық мәні, мазмұны және ролін ашу.

-Бюджеттік саясаттың негізгі міндеттері мен жүйесін қалыптастыру қағидаларын қарастыру.

-Қазақстан Республикасы бюджетінің құрылымы мен өсу қарқынын талдау

-Бюджет балансы және бюджет артықшылығының экономикаға тигізетін әсерін анықтау.

Зерттеу объектісі болып Қазақстан Республикасының бюджеттік саясаттың негізгі міндеттері мен жүйесінің қалыптасуының негізгі қағидаттары қарастырылды.

Құрылымы: Кіріспеден, үш тараудан тұрады, бірінші тарау екі бөлімнен, екінші- үш бөлімнен ал үшінші тарауда екі бөлім және  қорытындыдан, пайдаланған әдебиеттер тізімінен тұрады.

Зерттеудің теориялық және әдістемелік негіздері. бюджеттің экономикалық мәні мен рөлі жайлы қарастырған еңбектер негіз болды, олар, А.Бердісүгірова- «Бюджет жүйесінің даму және жетілу кезеңдері». А.Смадиев-“Қаржы жүйесіндегі бюджеттің атқаратын рөлі, экономикалық мәні мен мазмұны” Б.Өтебаев – «Мемлекеттік бюджет», С.Өсербайұлы, «Бюджеттер арасында шығындарды бөлу». Омарбекова А.К., Әкiмбеков С., Баймұхамедова А.С., Жанайдаров У.А. «Экономикалық теория». Әубәкiров Я.Ә., Нәрiбаев Қ. Есқалиев М. «Экономикалық теория негiздерi». «Жалпы экономикалық теория» Шеденов Ө.Қ., Сағындықов Е.Н., Жүнiсов Б.А., Байжомартов Ү.С., Комягин Б.И. және т.б.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

1. БЮДЖЕТТІҢ МЕМЛЕКЕТ ЭКОНОМИКАСЫНА ТИГІЗЕТІҢ ӘСЕРІ

 

1.1 Бюджеттің әлеуметтік-экономикалық мәні, мазмұны және ролі

 

 

Жалпы қоғамдық өнімді құндық бөлудің айрықша саласын мемлекеттің шаруашылық жүргізуші субъектілермен және халықпен қалыптасатын каржылық қатынастары құрады. Бұл қатынастарға олардың мемлекет бірден бір қатысушысы болып табылатын бөлгіштік үдерісте пайда болатыны және қоғамдық қажеттіліктерді канағаттандыруға арналған ақшалай қаражаттардың орталықтандырылған қорын қалыптастырумен және пайдаланумен байланысты екені жалпы тиісті (тән) болып келеді.

        Мемлекеттік органдардың өздерінің функцияларын орындауы үшін басқарудың барлық деңгейлерінде тиісті қаржы базасы болуы тиіс. Осы мақсатпен әр елде аймақтардың шаруашылығын, әлеуметтік сферасын, әрбір әкімшілік-аумақтық бірліктерді абаттандыруды, заң шығарушы билікті, басқару аппаратын ұстауды және басқа шараларды қаржыландыру үшін олардың ақша ресурстарын жұмылдыруды қамтамасыз ететін бюджеттер тармақтарының желісі құрылады. Бюджеттердiң жекелеген түрлерінің кірістері мен шығындарын қалыптастыру, оларды теңдестіру процесінде заңмен реттеліп отыратын белгілі бір қаржылық өзара қарым-қатынастар пайда болды. Осы элементтердің барлығы - бюджет жүйесін ұйымдастыру мен құрудың қағидаттары, оның буындарының өзара қатынастары мен байланысының ұйымдық нысандары, бюджет құқықтарының жиынтығы - бюджет құрылысын құрайды.


Дүниежүзінің әр түрлі елдерінде бюджет құрылысы мемелекеттің құрылысына, аумақтық-әкімшілік бөлінісіне, экономиканың даму деңгейіне және нақтылы мемлекеттің басқа айрықша белгілеріне байланысты өзгешеліктермен ерекшеленеді.

Бюджет құрылысында басты орынды бюджет жүйесі алады, ол экономикалық қатынастарға және құқықтық нормаларға негізделген түрлі деңгейлер бюджеттерінің, сонымен бірге бюджет процесі мен қатынастарының жиынтығын білдіреді. Әр түрлі елдердің бюджет жүйелері өзінің құрылымы, бюджеттердің жекелеген түрлерінің саны жағынан түрліше болып келеді, өйткені олардың аумақтық құрылысы мен аумақтық бөлінісіне байланысты болады.

Бюджет жүйесінің құрамы елдің ұлттық-мемлекеттік құрылымымен анықталады. Мемлекеттің федеративтік және унитарлық құрылымы болуы мүмкін.

Федеративтік мемлекеттерде бюджет жүйесі үш буыннан түрады:

- мемлекеттік  бюджет немесе федералдық бюджет  немесе орталық мемлекеттің бюджеті;

- федерация  мүшелерінің бюджеттері (АҚШ-та - штаттардың, ГФР-да - жерлердің (ландтардың), Канадада - провинциялардың, Ресейде - федерация  субъектілерінің бюджеттері);

- жергілікті  бюджеттер.

Унитарлық (біркелкі) мемлекеттерде екі буынды бюджет жүйесі қолданылады: орталық (республикалық) бюджет және толып жатқан жергілікті бюджеттер. Екі жағдайда да бюджеттердің оқшаулану мен дербестігінің түрлі дәрежесі болуы мүмкін, бірақ, әдеттегідей, әлеуметтік-экономикалық процестерді басқаруды орталықтандыру деңгейіне байланысты төменгі бюджеттерге қатынасы бойынша белгілі бір реттеуші рөл орталық бюджетте сақталады.

Бюджет кодексіне сәйкес, мемлекеттік бюджет-араларындағы өзара өтелетін операцияларды есепке алмағанда, республикалық және жергілікті бюджеттерді біріктіретін, талдамалық ақпарат ретінде пайдаланылатын және бекітуге жатпайтын жиынтық бюджет.

Мемлекеттік (республикалық) және жергілікті (муниципалдық) бюджеттер кез келген басқа мемлекеттердегідей Қазақстан Республикасы қаржы жүйесінің орталық буыны болып табылады. Бюджет-мемлекеттің қажетті атрибуты және оның егемендігінің негізі. Бюджеттің көмегімен тиісті мемлекеттік және муниципалдық құрылымдарының ақша қорлары құрылады, бұл қорлар олардың жалпы маңызды міндеттерін орындауды қамтамасыз етеді, мемлекеттік билік пен жергілікті өзін өзі басқару органдарының функцияларын жүзеге асырудың қаржылық негізін жасайды. Бюджеттерде мемлекеттің қаржы ресурстарының аса ірі бөлігі шоғырландырылады. Бюджетте қаржы ресурстарын шоғырландыру мемлекеттің қаржы саясатын ойдағыдай жүзеге асыру үшін қажет.

Қазақстан Республикасы мемлекеттік бюджетінің басты бөлігі республикалық бюджетте шоғырланған.

Республикалық бюджет - бұл салықтық және басқа да түсімдер есебінен қалыптастырылатын және орталық мемлекеттік органдардың, оларға ведомстволық бағынышты мемлекеттік мекемелердің міндеттері мен функцияларын қаржымен қамтамасыз етуге және мемлекеттік саясаттың жалпыреспубликалық бағыттарын жүзеге асыруға арналған орталықтандырылған ақша қоры.

Жергілікті бюджет (әкімшілік-аймақтық бірліктердің бюджеттері)-облыстық бюджет, республикалық маңызы бар қаланың, астананың бюджеті, аудандардың (облыстың маңызы бар қаланың) бюджеті.

Бюджет кодексімен айқындалған салықтық және басқа да түсімдер есебінен қалыптастырылатын және облыстық денгейдегі жергілікті мемлекеттік органдардың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, оларға ведомстволық бағынышты мемлекеттік мекемелердің міндеттері мен функцияларын қаржымен қамтамасыз етуге және тиісті әкімшілік-аумақтық бірлікте мемлекеттік саясатты іске асыруға арналған орталықтандырылған ақша қоры облыс бюджеті, республикалық маңызы бар қала, астана бюджеті болып табылады.

Бюджет заңнамасымен айқындалған салықтық және басқа да түсімдер есебінен қалыптастырылатын және ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жергілікті мемлекеттік органдарының, оларға ведомстволық бағынышты мемлекеттік мекемелердің міндеттері мен функцияларын қаржымен қамтамасыз етуге және тиісті аудандағы (облыстық маңызы бар қаладағы) мемлекеттік саясатты іске асыруға арналған орталықтандырылған ақша қоры аудан (облыстық маңызы бар қала) бюджеті болып табылады.

Тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет Қазақстан Республикасының заңымен, жергілікті бюджеттер мәслихаттардың шешімдерімен бекітіледі.

Төтенше мемлекеттік бюджет республикалық және Қазақстан Республикасындағы төтенше немесе соғыс жағдайларында енгізіледі.

Төтенше мемлекеттік бюджетті бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган әзірлейді және ол Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген төртіппен Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен бекітіледі.

Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында төтенше немесе соғыс жағдайын енгізу және оның күшін жою туралы Президенттің Жарлығы төтенше мемлекеттік бюджетті енгізуге және оның қолданылуын тоқтатуға негіз болып табылады.

Төтенше мемлекеттік бюджеттің қабылданғаны туралы Қазақстан Республикасының Парламенті дереу хабардар етіледі.

Төтенше мемлекеттік бюджеттің қолданылу уақытына тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңның және тиісті қаржы жылына арналған барлық деңгейлердің жергілікті бюджеттері туралы мәслихаттар шешімдерінің қолданылуы тоқтатыла тұрады.

Төтенше мемлекеттік бюджет төтенше немесе соғыс жағдайы енгізілген мерзім ішінде қолданыста болады.

Төтенше мемлекеттік бюджеттің қолданылуы тоқтатылғаннан бастап республикалық және жергілікті бюджеттердің атқарылуы тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңға және тиісті қаржы жылына арналған барлық деңгейлердің жергілікті бюджеттері туралы мәслихаттардың шешімдеріне сәйкес жүзеге асырылады.

Қазақстан Республикасының жекелеген жерлерінде төтенше жағдай енгізілген ретте төтенше мемлекеттік бюджет енгізілмейді.

Қазақстан Республикасының бірнеше аймақтарының аумақтарында бір мезгілде төтенше жағдай енгізуге төтенше жағдайдың зардабы ұлттық мүдделерге және республиканың экономикалық қауіпсіздігіне нақты қатер төндіруі мүмкін болатын ретте ғана төтенше мемлекеттік бюджет енгізуге негіз бола алады.

Бюджет жүйесінін жұмыс істеуі бюджеттердің әр түрлі деңгейлерінің өзара байланысына негізделеді және оларды жоспарлау, әзірлеу, қарау, бекіту, атқару, бақылау тәртібімен, сондай-ақ республикалық және жергілікті бюджеттердің атқарылуы туралы есеппен қамтамасыз етіледі.

Қазақстан Республикасының бюджет жүйесі мемлекеттік бюджет жүйесіне кіретін барлық бюджеттердің бірлігі, дербестігі, толықтығы, реалистігі, дәйектілігі, жариялылығы және т.б. қағидаттарына негізделеді.

Бюджеттің бірлігі қағидаты бюджет жүйесін ұйымдық-экономикалық орталықтандырудың дәрежесін білдіреді. Бірлік қағидаты КСРО-ның бюджет жүйесінде неғүрлым толық көрінді. Қазіргі ксзде биліктің жергілікті органдарының дербестік алуымен және оларға қаржы ресурстарын иелену жөніндегі құқықтардың берілуімен байланысты бұл қағидат біршама әлсіреді. Бюджет жүйесінің бірлігі бірыңғай қаржы саясатын қамтамасыз етуге бағытталған және ең алдымен Қазақстан Рсспубликасы еегеменді мемлекетінің жалпы экономикалық және саяси негізін тірек етеді. Ол реттеуші кіріс көздерін пайдалану арқылы барлық деңгейдегі бюджеттердің өзара іс қимылына, төменгі деңгей бюджеттерінің теңгерімділігі үшін оларды қаржылық қолдауға, сондай-ақ ішінара қайта бөлудің мақсатты және аумақтық бюджет қорларын жасауға да негізделген.

Бюджеттердің бірлігі бірыңғай бюджет заңнамасын қолданумен, соның ішінде Үкімет бекіткен бірыңғай бюджеттік сыныптамасын, бюджет процесін жүзеге асырудың бюджет рәсімдерін пайдаланумен қамтамасыз етіледі. Бюджет жүйесінің бірлігі салық саясатын қоса бірыңғай әлеуметтік-экономикалық саясат арқылы іске асырылады.

Алайда бюджеттердің бірлігі бюджет жүйесін құрудың маңызды қағидаты болып отырған оның жеке буындарының дербестігін жоққа шығармайды. Бюджеттердің дербестігі қағидаты түрлі деңгейдегі бюджеттердің арасындағы

түсімдерді тұрақты бөлуді белгілейді және оларды жұмсаудың бағыттарын анықтайды.

Биліктің әрбір органы өз бюджетін жасайды, бекітеді және оны атқарады. Бюджеттердің жеке түрлерінің арасындағы кіріс көздері мен шығыстарды бөлуді шектейтін айқын құқықтар белгіленген. Жергілікті бюджеттердің атқарылуы

барысында қосымша алынған кірістерді, жергілікті бюджеттер қаражаттарының бос қалдықтарын жоғарғы бюджетке алып қоюға, тиісті өтемсіз жергілікті бюджеттерге қосымша шығыстарды жүктеуге жол берілмейді. Сонымен бірге бюджеттердің барлық түрлерінің шығыстары осы аумақтың (аймақтың) әлеуметтік-экономикалық даму мәселелерімен және биліктің тиісті органдарының нақты функцияларымен, құзырымен анықталады. Бюджет қаражаттарын пайдалана отырып, өзара талаптарды ссепке алу сияқты бюджет қаражаттары бойынша талаптардан да шегінуге жол берілмейді.

Бюджеттің толықтығы (толымдығы) бюджетке үкіметтің барлық қаржы операцияларының, оның жинайтын барлық түсімдерінің және жасайтын шығыстарының, Қазақстан Республикасының салық және бюджет заңнамаларында белгіленетін барлық түсімдердің толық тізбесінің бюджеттерде және Қазақстан Республикасының Ұлттық қорында міндетті және толық көрсетілуімен қамтамасыз етіледі. Сөйтіп, ол мемлекеттік билік пен басқару органдарының барлық кірістері мен шығыстарын бюджетке жинақтап, жұмылдырудың объективтік қажеттігін қамтып көрсетеді. Осыған байланысты барлық ақша түсімдерін, сондай-ақ бюджет шығыстарының көлемі мен нақтылы бағыттарын айқындау қажет.

Бюджет іске асатындай болуы тиіс, нақты экономикалық және саяси ахуалды, өндірістін, даму тенденциясын, жалпымемлекеттік қажеттілікті есепке алу қажет, Дүниежүзілік практикада бұл қағидат қазіргі кезде оны дәл қолдану бюджетке кірістерінің дербес көздері бар автономды түрде бөліп көрсетуге болатын аса коп шығыстарды жүктейтіндіктен орынды деп есептелмейді. Қазақстанда мемлекеттік қаражаттарды қалыптастырудың орталықтандырылған әдісі қабылданған, сондықтан 1998 жылдан бастап мемлекеттік бюджетке бюджеттен тыс қорлардың-зейнетақы, әлеуметтік сақтандыру және т.б. қорлардың қаражаттары енгізілген.

Реалистік қағидаты-параметрлердің экономиканың ағымдағы жай күйінің көрсеткіштеріне, сондай-ақ Қазақстанның және аймақтардың параметрлеріне және әлеуметтік-экономикалық дамуының бағыттарына сәйкестігі. Бюджеттің реалистігіне ішкі және сыртқы саясаттың негізгі бағыттары туралы Президенттің Қазақстан халқына жыл сайынғы Жолдауына сәйкес оларды Қазақстан Республикасының әлеуметтік-экономикалық дамуының индикативтік жоспарының, аумақтарды дамытудың экономикалық және әлеуметтік бағдарламаларының өлшемдеріне сәйкес келтіру арқылы қол жеткізіледі. Сондықтан оның көрсеткіштері көпнұсқалық есеп-қисаптармен негізделуі тиіс, бюджеттердің атқарылуына, ведомстволардың өткен кезеңдегі қаржы жоспарларына жасалған терең талдаудың нәтижесі, болжамдық бағалау есепке алынуы қажет. Дүниежүзілік практика бюджет ресурстарының қозғалысын ағымдағы жылға, анағүлым ұзақ мерзімге үлгілеуді, сондай-ақ оларды нақтылы жағдайлардың өзгеруіне байланысты қаржы жылы ішінде түзетуді пайдаланады. Реалистік қағидатына ең алдымен жеке қаржы жоспарын, сметаларды және жалпы тиісті деңгейдің бюджет жобасын жасау процесінде қол жетеді.

Реалистік қағидаты бюджет тізімдемесін бұрмалауды болдырмау және бұзылуын жою үшін қажет. Ол бюджетте мемлекеттің қаржы операцияларының шынайы көрсетілуін, бекітілген сомалардың бюджеттік арналымдардың атқарылуына сәйкестігін алдын ала қарастырады. Нақтылық дамудың болжамдары мен бағдарламаларының көрсеткіштеріне негізделетін және бюджеттік резервтердің болуымен нығайтылған кірістердің барлық көздері мен шығыстар бағыттарының есеп-қисаптарының негізділігімен анықталады.

Транспаренттілік қағидаты-бюджет заңнамасы саласындағы нормативтік құкықтық актілерді, бекітілген бюджеттерді және олардың атқарылуы туралы есептемелерді, мемлекеттің фискалдық саясатына қатысты басқа ақпаратты міндетті түрде жариялау, бюджет процесінің ашықтығы, мемлекеттік қаржылық бақылауды жүргізу.

Дәйектілік қағидаты дегеніміз мемлекеттік басқару органдарының бюджет қатынастары сферасында бұрын қабылдаған шешімдерінің сақталуы.

Тиімділік пен нәтижелілік қағидаты - бұл бюджеттік бағдарламалардың паспорты қарастырған нәтижеге жету үшін қажетті бюджет қаражаттарының оңтайлы көлемін пайдалана отырып белгілі бір нәтижелерге жетудің қажеттігіне қарай бюджеттерді әзірлеу және атқару.

Басымдық қағидаты - бюджеттік процесті республиканың немесе аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуының басты бағыттарына сәйкес жүзеге асыру.

Жауапкершiлiк қағидаты - бюджеттік процеске қатысушыларды бюджет заңнамасын бұзғаны үшін жауапқа тарту.

Бюджеттердің жариялылығы қағидаты бекітілген бюджеттер мен алдағы қаржы жылына арналған бюджет туралы заң мен өткен кезеңдегі олардың атқарылуы туралы есептердің жариялануы арқылы қамтамасыз етіледі.

Бюджет кірістерінің қалыптасуы (ең алдымен салықтар, алымдар арқылы) бюджет ресурстарының бағытталуы сияқты шаруашылық жүргізуші субъектілердің және қоғамның барлық мүшелерінің мүдделерін шалады. Сондықтан олар бюджеттің мазмұны, оны қалыптастырудың көздері, салық төлемдерін алудың тәртібі, сондай-ақ бюджет қаражаттарының бағыттары туралы хабардар болуы тиіс. Президент қол қойған Қазақстан Республикасының бюджеті заң мәртебесін қабылдайды және оның атқарылуы бюджет рәсімінің қатысушылары үшін міндетті болады. Заң, өткен кезендегі бюджеттің атқарылуы туралы есеп баспасөз бетіңде жарияланады. Осылайша бюджеттің кірістері мен шығыстарының көлемі, оның негізгі түсім көздері, шығыстарының бағыттары, тапшылық көлемі және оны жабудың әдістері (шығындарды қысқарту, кірістерді көбейту, қарыздар, ақша эмиссиясы) жария етіледі.

Бюджет жүйесін құрудың барлық қағидаттары өзара үйлестірілген және бірін-бірі толықтырып отырады, олар егеменді еліміздің Конституциясында және Бюджет кодексінде, “Жергілікті өкілді және атқарушы органдар туралы”, “Қазақстан Республикасының жергілікті мемлекеттік басқару туралы” арнайы заңдарда және басқа да заңнамалық актілерінде қамтып көрсетілген.

Нақтылы жағдайда бұл қағидаттардан жиі ауытқиды. Мысалы, кейде бюджеттің бірлігі қағидатынан аутқиды, өйткенi көптеген арнаулы және бюджеттен тыс қорлар пайда болады. Нақтылық қағидаты да өзінің маңызын жоғалтып барады: әр түрлі бюджеттен тыс қорлар жұмыс істеуі мүмкін, олар арқылы мемлекет қаржы қатынастарын саралауға ұмтылады.

Бюджет жүйесі реттеуші кіріс көздерін пайдалану, мақсатты және аймақтық бюджет қорларын құру, оларды ішінара қайта бөлу арқылы жүзеге асырылатын барлық деңгейлер бюджеттерінің өзара іс-қимылына негізделген.

Кірістер мен шығыстардың егжей-тегжейлі тізбесі мен топтамасы бюджеттік сыныптамамен айқындалады. Бірыңгай бюджеттік сыныптама сыныптау объектілеріне топтастыру кодтарын бере отырып функциялық, ведомстволық және экономикалық сыныптамалар бойынша бюджеттің түсімдері мен шығыстарын топтастыру болып табылады. Ол кірістердің сыныптамасынан, бюджет шығыстарынын функциялық және экономикалық сыныптамаларынан тұрады. Бірыңғай бюджеттік сыныптама Қазақстан Республикасы бюджет жүйесінің барлық деңгейлері бюджеттерінің көрсеткіштерінің салыстырымдылығын қамтамасыз етеді.

Бірыңғай бюджеттік сыныптама бірыңғай және бюджеттердің барлық деңгейлері үшін міндетті болып табылады. Оны бюджеттік жоспарлау жөніндегі уәкілеттi орган әзірлейді және республика Үкіметі бекітеді. Бюджет процесі бірыңғай бюджеттік сыныптама негізінде жүзеге асырылады.

Бюджет түсімдерінің сыныптамасы бюджет заңнамасына негізделген барлық деңгейлер бюджеттерінің түсімдерін белгілі бір сыныптамалар бойынша топтастыру болып табылады. Бюджет түсімдері сыныптамасының топтамасы санаттан, сыныптан, ішкі сыныптан және ерекшеліктен тұрады. Санаттар түсімдерді экономикалық белгілері бойынша топтастыру болып табылады. Сыныптар мен ішкі сыныптар түсімдердi олардың көздерi мен түрлері бойынша топтастырады. Ерекшелік бюджетке төленетін төлем немесе түсім түрін айқындайды.

Бюджет шығыстарының функциялық сыныптамасы барлық деңгейлер бюджетінің шығыстарын топтастыру болып табылады, ол мемлекет функцияларының орындалуын, республикада мемлекеттік саясаттың жүзеге асырылуын қамтып көрсететін функциялық және ведомстволық белгілер бойынша бюджет қаражаттарының жұмсалу бағыттарын анықтайды.

Бюджет шығыстарын функциялық сыныптауды топтастыру мынадай деңгейлерден тұрады: функциялық топтар, функциялық кіші топтар, бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері, бюджеттік бағдарламалар және ішкі бағдарламалар.

Функциялық топ - салалық белгілері мен функциялық бағыты бойынша бюджет шығыстарын біріктіру. Функциялық ішкі топ - функциялық топ ішінде бюджет қаражаттарын жұмсаудың баыттарын нақтылайды.

Мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық жағдайындағы бюджеттін ролі