Мемлекеттік бюджеттің түрлері мен деңгейі

МАЗМҰНЫ

 

КІРІСПЕ........................................................................................................................3

 

1 МЕМЛЕКЕТТІК БЮДЖЕТ ДАМУЫНЫҢ  ТЕОРИЯЛЫҚ НЕГІЗДЕРІ 

    1. Негізгі қаржы жоспары ретінде мемлекеттік бюджеттің рөлі мен мәні. Мемлекеттік бюджеттің түрлері мен деңгейі...........................................................6
    2. Бюджеттік құрылым және бюджеттік процесті ұйымдастырудың негізі............................................................................................................................14
    3. Бюджет түсімдері мен шығыстарын жіктеу және бюджетаралық қатынастар..................................................................................................................19

 

2 ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ БЮДЖЕТТІК ЖҮЙЕСІНІҢ ҚАЗІРГІ ЖАҒДАЙЫ

    1. Қазақстан Республикасының бюджеттік жағдайы және Атырау облыстық бюджетін талдау........................................................................................................27
    2. Бюджеттік несиелеу, мемлекеттік борыш және инвестициялар......................56
    3. Мемлекеттік қаржылық бақылау........................................................................63

         

3 ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ МЕМЛЕКЕТТІК  БЮДЖЕТ ЖҮЙЕСІН ЖАҚСАРТУ ЖОЛДАРЫ 

    1. Бюджеттік жоспарлау мен болжамдаудың қазіргі кезеңдегі ерекшеліктері.............................................................................................................69
    2. Қазақстанның салық жүйесінің стратегиялық даму жоспары........................74
    3. ҚР бюджеттік жүйесін болжамдау (2010 – 2012 ж.ж.)....................................82

 

ҚОРЫТЫНДЫ...........................................................................................................87

 

ҚОЛДАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ...............................................................92

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

КІРІСПЕ

Зерттеу тақырыбының  өзектілігі. Егеменді Қазақстан Республикасында  нарықтық экономиканы қалыптастырып, оны одан әрі тереңдете дамытуда шешуші тұтқалардың бірі мемлекеттік  бюджет болып табылады.

Экономиканың дамуы көбінесе мемлекеттің қаржы жүйесінің жағдайына байланысты. Мемлекеттің дамуындағы қаржылық, несиелік, бюджеттік қарым–қатынастың ролі, орны және мәні өте маңызды екені белгілі, себебі жалпы ішкі өнімнің өсу қарқыны, жұмыссыздық пен инфляцияның деңгейі, валюталық курс және басқа да макроэкономикалық көрсеткіштердің оңтайлық деңгейіне жету осы қарым – қатынастардың ахуалына тәуелді.

Қазақстан Республикасында  экономикалық реформаларды жүзеге асыру  үшін қазіргі кезеңге дейін нарықтық экономика аумағындағы жинақталған жалпы қаржы қарым–қатынасының, оның ішінде бюджеттік қарым–қатынасының даму тәжірибелерін біліп, дұрыс пайдалану қажет.

Елімізде нарықтық экономика  жағдайында тиімді мемлекеттік бюджет пен салық жүйесінің қалыптасуының  ерекше мәні бар.

Бүгінгі таңда Қазақстан өз дамуында сапалық жағынан жаңа сатыға аяқ басты. Республикамыздың әлемдік бәсекеге барынша қабілетті 50  елдің қатарынан орын алуы және отыз корпоративтік көшбасыларын қалыптастыруы, экономиканың жаңаруы мен өсуінің жаңа бір бастамасы деп қарауға болады [1]. 

Нарықтық экономиканың даму жолын таңдаған кез келген мемлекеттің  шынайы тәуелсіздігі мен егемендігі үшін мықты әрі тұрақты қаржылық негіздің болуы міндетті. Ал, салықтар мемлекет бюджетінің кіріс бөлігінің  қайнар көзі болып қана қоймай, материалдық, экономикалық және құқықтық категория ретінде қарама-қайшылығы мол, күрделі құбылыс, әрі тауар өндірісінің барысына тікелей ықпал ететін және мемлекеттің экономикалық дамуының маңызды факторы болып табылады.

Отандық өнеркәсіптердің  бәсекеге қабілеттілігін жоғарлату, экономиканың нақты секторларының өнімдерін өсіру, республикадағы экономикалық тенденцияның негізгі сипаттамасы болып табылады. Экономикалық өсу әлі берік емес. Қазақстанның Ұлттық экономикасы қазіргі әр түрлі өзгерістерге сезімтал. Осы жағдайда мемлекеттің экономикалық дамуы азды-көпті дәрежеде салық салудың ілімі және тәжірибесін жетілдіру және оны басқару мәселелерін шешумен байланысты. Бірінші кезекте бұған салынған бүркелген резервтерді іздеу жатады, сонымен бірге салық төлеушілер үшін аз залалмен максималды тиімділікке жету оның әлеуеттік мүмкіндіктерін іздеу керек.

Салық салу өзінің экономикалық табиғатында ұдайы өндірісті  ынталандыру болып табылады. Демек  салық салу арқылы өндірістің дамуын ынталандыра отырып республикалық бюджеттің кіріс базасын кеңейтеміз. Осымен байланысты салықтық ынталандыруды жетілдіру бойынша зерттеулер біздің еліміздің елбасы Н.Ә. Назарбаевтың Қазақстан халқына жолдауында айтып өткендей Қазақстан Республикасының экономикалық  дамуы үшін ерекше өзекті мәселе болып табылады [2].

Мемлекеттік бюджет бойынша  зерттеулердің өзектілігі елдің  экономикасын дамытудың басымдылықты міндеттерін шешу мақсатында жұмылдырылатын капитал үшін жеңілдетілген салық  режимін қаматамасыз ету, инвестициялық  жобаларға қаржылық ресурстарды салуды ынталандыру, олардың іскерлік белсенділігін жоғарлату және тауар өндірушілер мен әсіресе шағын және орта бизнес субъектілері үшін қолайлы салықтық жағдайлар құрудың объективті мұқтаждығы болып отыр.

Қазақстан Республикасының  бүкіл қаржы жүйесін реформалау, оның негізгі тармағы – бюджеттік жүйені күрделі түрде қайта құруын мәжбүр етті. Сол реформалаудың логикалық жалғасы – ол жаңа бюджеттік заңнама жасау және қабылдау.

Қазақстан Республикасы Бюджеттік кодексінің ережелері  біздің республикамыздың бүгінгі күнгі қаржылық қарым–қатынас пен жалпы бюджеттік саясаттың даму жағдайын көрсетеді. Кодексте бюджеттік процеске қатынасушылардың барлық іс–әрекеттерінің тәртібі мен ережелері толық және жан–жағынан жазылып дәлелденген. Бұл бірыңғай құжатта мемлекеттің міндеттемелері мен функцияларын орындауға арналған ақша қаражаттарын қалыптастыру мен оларды жұмсау процестері толығымен анықталған.

«Қазақстан–2030» стратегиясында және жыл сайынғы елбасымыздың Қазақстан  халықтарына Жолдауларында баяндалған «Сенімді табыстылық стратегиялары», «Ұзақ  мерзімді приоритет-экономикалық өсу» үндеулері республикамыздың мемлекеттік бюджетін дамытуға  салықтық ынталандыруларды жетілдірудің қажеттігін және тәжірибелік мәнін жоғарлатады. 

Дипломдық жұмыстың мақсаты мен міндеттері. Ғылыми жұмыстың негізгі мақсаты – мемлекеттік бюджеттің қалыптасуы мен дамытуын теориялық және әдістемелік жағынан зерттеу, оны басқару үшін ғылыми негізделген ұсыныстар жасау болып табылады.

Қойылған мақсаттарға  сәйкес төмендегі міндеттерді шешу көзделеді:

- мемлекеттік бюджеттің  қызмет ету жүйесінің негізгі   принциптерін зерттеу; 

- республикалық және  жергілікті бюджеттердің дамуын  талдау;

- мемлекеттің кіріс  базасының масштабын және бюджетпен қамтамсыз етілуінің дәрежесін анықтау, жалпы мемлекеттің экономикалық дамуына салық жүйесінің әсерін бағалау;

- салықтық ынталандыруларды  жетілдіру бойынша мемлекеттік  бюджеттің дамуына болжам жасай  отырып, жақсарту жолдарына ұсыныстар  жасау.

Зерттеу пәні – мемлекеттік  бюджет пен оның даму мәселелері және бюджеттік жүйенің жетілдіру жолдарындағы  пайда болатын бюджетаралық қатынастар.

Зерттеу объектілері  – мемлекеттік бюджетпен айналысатын  мемлекеттік органдар, министрліктер, ведомстволар, Атырау облысы Индер  ауданы бойынша Статистика басқармасы болып табылады.

Зерттеудің теориялық  және әдістемелік негізі. Берілген зерттеудің теориялық негізі – нарықтық экономика жағдайындағы мемлекеттік  бюджет мәселелері қарастырылған, экономиканы  тұрақтандырудағы бюджет роліне әр түрлі  тәсілдерді және салық жүйесін жетілдіру бағыттарын бейнелейтін әлеуметтік – экономикалық даму облысындағы  классиктер еңбектерінен, отандық және қазақстандық ғалымдар жұмыстарынан тұрады. Сонымен қатар, таңдалған тақырып бойынша ғылыми – тәжірибелік конференция материалдары; Қазақстан Республикасы Үкіметінің кодекстері, заңдары және қаулылары. Зерттеудің ақпараттық базасын Қазақстан Республикасы Қаржы министірлігі, Қазақстан Республикасы Экономика және бюджеттік жоспарлау министірлігі, статистика агенттігі, ғылыми баспасөздер құраған болатын.  Дипломдық иялық зерттеулер негізінде жүйелік тәсілдер жатыр. 

Зерттеу үрдісінде эмпирикалық  және теориялық әдістер қолданылған, соның ішінде: бақылау, өлшеу, салыстыру  мен саралау, анализ және синтез, индукция мен дедукция, сонымен қатар, бюджет жүйесінің тиімділігін бағалау, қаржылық талдау, бюджеттік жүйе қызметін қарастыру әдістері, жалпы ғылымдық жүйелі талдау, статистика тәсілдері пайдаланылған.

Зерттеу жұмысының ақпараттық базасын ҚР ЭБЖМ және ҚР Қаржы министрлігінің, Қазақстан Республикасының статистика жөніндегі комитетінің статистикалық жинақтарының мәліметтері, Атырау облысы Индер аудандық Статистика ақпараттары, ғылыми-тәжірибелік конференциялар мен семинарлардың материалдары, ғылыми журналдар мен мерзімдік басылымдарда жарияланған мәліметтер құрады.

Дипломдық жұмыстың ғылыми жаңалығы - дипломдық жұмыста жасақталған Қазақстан Республикасының мемлекеттік бюджет түсімдері мен олардың көздерінің мемлекеттің экономикасы мен әлеуметтік жағдайына тигізетін әсерін сандық бағалау және мемлекеттік бюджетке қатысты жасалынып жатқан басқару стратегиялары мен жоспарлардың әлеуметтік-экономикалық тиімділігінің жаңа әдістері мен мехазизмдерін жетілдіруден және республиканың әр түрлі облыс, қала экономикалық көрсеткіштері арқылы әлеуметтік – экономикалық даму жүйесін салыстырудан құралады.

Дипломдық жұмыстың құрылымы. Дипломдық ия кіріспеден, үш бөлімге біріккен тоғыз тараудан, қорытындыдан, әдебиеттер тізімі мен қосымшадан тұрады. Жұмыс мазмұны компьютерлік теру түрімен мәтіннің 108 бетінде баяндалған 13 кесте және 22 суреттен тұрады. Библиография 79 көрсеткіш – арнадан алынған.

 

 

 

 

 

 

 

 

1 МЕМЛЕКЕТТІК БЮДЖЕТ ДАМУЫНЫҢ  ТЕОРИЯЛЫҚ НЕГІЗДЕРІ

 

1.1 Негізгі қаржы жоспары  ретінде мемлекеттік бюджеттің  рөлі мен мәні. Мемлекеттік бюджеттің  түрлері мен деңгейі

Бюджет – ол жалпы  қаржы категорияға қарағанда  бөлек, ерекше тұрған категория. Оның қаржыдан ерекшелігі тек қана абстракцияның басқа деңгейі мен қаржылық байланыстың әр түрлі дәрежеде болуына байланысты. Сондықтан, көптеген қаржылық байланыстардың ішінде бір–бірінен ерекше тұратын бөлек арнайы салаларды бөліп шығаруға болады. Сондай бір ерекше байланыс қоғамдық құндылық өнім бөлу аумағында мемлекет пен заңды және жеке тұлғалар арасындағы қаржылық қарым–қатынас болып табылады. Мұндай қаржылық қарым – қатынастың белгісі, біріншіден, олар мемлекеттің қатысуымен болатын құндылық бөлу процесінде орын алуы, екіншіден, жалпы мемлекеттік функцияларды атқаруға арналған орталықтандырылған ақша қаражаттар қорын қалыптастыру пен пайдалануына байланысты. Осындай барлық қаржылық қарым–қатынас мемлекеттік бюджет деген түсініктің экономикалық мазмұнын құрады.

Қазақстан Республикасының  Бюджеттік кодексінің 4-бабында бюджетке келесідей түсінік берілген: «Бюджет  – ол мемлекеттің міндеттері мен  функцияларын іске асыруын қаржылық қамтамасыз етуге арналған оның орталықтандырылған ақша қоры» [3]. Бюджеттің формасы – қаржылық жоспар, материалдық негізі – орталықтандырылған қор, экономикалық негізі – жалпы экономикалық қарым-қатынас, заңнамалық белсендіруі – заң.

Бюджет әр мемлекетке өзінің экономикалық, әлеуметтік және саяси функцияларын орындауға объективті ақшалай түрде қажет. Бюджет қай мемлекеттікі болмаса да мазмұндары бірыңғай категориялардан қалыптасады, яғни салық, займдар, шығын және тағы басқалары, сонымен қатар олар бір қоғамдық-экономикалық формациядан басқа функцияға ауысса да өздерінің мазмұнын өзгертпейді. Дәл осы ұғым бюджетті экономикалық категория деп дәлелдейді. Сондықтан, бюджеттің экономикалық түбі басқа да экономикалық категорияларға сай ақша түріндегі және соған сәйкес материалды негізі бар өндірістік қарым-қатынаста жатыр.

Бюджет қаржы жүйесінің орталық тізбегі болғандықтан, ол сол қаржының барлық негізгі, сапалы сипаттамаларына сай. Басқаша айтқанда, егерде «қаржы» жалпы ақша қарым – қатынас жүйесі болса, яғни мемлекеттік орталықтандырылған ақша қорын қалыптастыру және пайдалану процесі, онда бюджет өз алдына ақша қарым – қатынас жүйесін құрады, яғни бюджеттік қорды қалыптастыру және пайдалану процесі. Бюджеттік қор көптеген қоғамдық қажеттілік шығындарды (әлеуметтік, қорғаныс, т.б.) қаржыландыруға арналған орталықтандырылған ақша қоры [4].

Экономикалық әдебиет (заңдар, монографиялар, оқулықтар, ғылыми мақалалар) беттерінде «бюджет» термині әр түрлі ұғымда пайдаланылады, мысалы, ақша қаражаттарының кірісі мен шығысы формасында немесе ақша қаражаттарының негізгі орталықтандырылған қоры ретінде. Осыған қоса, әдебиетте мемлекеттік бюджетке ағы да келесідей анықтама берілген: бюджет – ол қаржылық жоспар; бюджет – ол басқарушылық жоспар; бюджет – ол заңнамалық құжат, коммуникация құралы, т.с.с делінген. Бірақ, бюджеттік салық саясатының мазмұны өте кең, себебі оған мемлекеттік басқару органдарының негізгі функциялары, мемлекеттің әлеуметтік – экономикалық дамуымен фискалдық саясаттың көрсеткіштері, бюджеттің көрсеткіштері және тағы басқа көрсеткіштер мен ережелер кіреді.

Бүгінгі күнгі мемлекеттің  бюджеті қаржылық қарым – қатынастағы әр түрлі қатысушылардың әлеуметтік – экономикалық мүдделерін қалыптастыратын күрделі және көп міндет атқаратын құрал. Бюджет арқылы орталық пен аймақтар арасындағы әлеуметтік шығындар мен салық бөлу, еңбекақы мен кіріс жөніндегі ымыраға келеді, бюджеттік дотациялар мен трансферттер бөлу арқылы мемлекет орталық және жергілікті мүдделерді қалыптастырып іске асырады. Ал, бюджет экономикалық құжат ретінде қоғамның саясаттық және әлеуметтік дамуын көрсетеді.

Құндылық бөлудің айрықша аумағы ретінде бюджет арнайы қоғамдық міндет атқарады, яғни ол жалпы мемлекеттік мүдделерді қаражаттандыруға қызмет етеді [4]. Бюджет қаражаттары арқылы өндірістің дамуы мен ұлғайтуының шығыстары, ғылыми – техникалық пен қоғамдық өндірістің салалық және аумақтық құрылымын жетілдіру қаражаттандырылады, ұжымдық шығындар (білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік сала) және басқа да шығындар қамтамассыз етіледі.

Бюдет іс–әрекетінің  ұйымдастырушылық формалары ретінде  кірістің түсуінің нақты түрлері, олардың  көлемін анықтайтын әдістер, бюджет тапшылығы мен оның шығыстарының көлемін есептейтін тәсілдер пайдаланады. Негізінде, бұл мемлекеттің арнайы заңнамалық актілер қабылдау арқылы реттейтін бюджеттік қарым – қатынастың белгілі формалары.

Алайда, мемлекеттік бюджет ішкі өнімді құндылық бөлу мен қайта бөлу процесіндегі мемлекет пен қоғамдық өндірістің басқа да қатысушылар арасында болатын ақша қарым – қатынасқа байланысты экономикалық категория. Бұл қарым – қатынас мемлекет ақша қаражаттарының орталықтандырылған қорын қалыптастыру және оны экономиканың дамуы мен қоғамдық мүдделерді қамтамасыз етуге пайдалану жолдары арқылы іске асырылады.

Бюджеттің әрекет етуінің  барлық ұйымдастырушылық және экономикалық формалары жоспарлы түрде жүргізіледі, себебі көптеген меншік формадағы шаруашылық өз алды болжам–жоспарлық жүргізуді талап етеді. Бұл, кезекті ретте, бюджеттік қарым – қатынастың осындай болжам–жоспарлық формада әрекет етуін талап етеді. Мемлекеттің ақша қаражаттары орталықтандырылған қорының қозғалысы жоспарлық форма мен бюджеттік байланыстың тұрақты сипаты негізінде болуы бюджеттік байланыстардың арнайы қаржы құжатында – бюджетте, яғни мемлекеттің негізгі қаржы жоспарында анықталады. Бұл құжатта бюджеттің экономикалық мазмұнын құрайтын барлық бөлу процестері қарастырылған.

Негізгі қаржылық жоспардың  арнайы кіріс және шығыс баптары  мемлекеттің ақша қаражаттарының орталықтандырылған қорын пайдалану бағыттары мен  оның қалыптасу көздерін көрсетеді. Негізгі қаржы жоспар мемлекеттің  жоспарлық әрекетінің нәтижесі болып  табылады, себебі мұнда қоғамның барлық мүшелерінің мүдделерін анықтайтын және оларды орындайтын мемлекеттің күш – жігері жарияланады. Қазақстан Республикасы Парламенті жыл сайын қабылдайтын «Республикалық бюджет жөніндегі» Заңға сәйкес мемлекеттің негізгі қаржы жоспарының көрсеткіштері ешқандай шартсыз орындалуға тиісті.

Қаржы жоспары ретінде  бюджет, бір жағынан, экономика мен  басқа да салалар дамуының қаржы  жоспарларына негізделеді, екінші жағынан, көбінесе соларды анықтайды [5]. Ол мемлекеттік бюджеттің жалпы экономикаға белсенді түрде ықпал етуіне шарттасты, яғни негізгі қаржылық жоспар барлық ұлттық экономиканың бюджеті болып табылады. Материалдық өндірістің дамуын ынталандырушы ретінде де мемлекеттік бюджеттің ролі өте зор. Бюджет қаражаттары жеке (бөлек шаруашылық субъектілер) және қоғамдық (барлық ұлттық шаруашылық) негізгі қорлар айналымдылығын қамтамасыз етуге де пайдаланады.

Мемлекеттің бюджеттік  – салық саясатында қаржылық жоспар – бюджет арқылы іске асырылады. Мемлекеттің  бюджеттік – салық саясаты  – ол халықтың ауқаттылығын жоғарлату мен экономикалық дамуды қамтамасыз етуге арналған іс–әрекеті. Бұл саясат – еліміздегі жұмыссыздықты қысқарту, инфляцияның қарқынын төмендету мен басқа да осындай мәселелердің шешуін қамтамасыз етуге бағытталған.

Осындай күрделі мәселелерді шешуге және еліміздің жалпы экономика жүйесін әсер ету үшін мемлекет өз қызметінде мемлекеттік қаржы басқарудың механизмдері мен құралдарын пайдаланады. Бюджет тарапынан негізгі құралдар ретінде мемлекеттік кіріс пен мемлекеттік шығыс табылады.

Мемлекеттік бюджеттің  экономикалық маңызы жалпы қаржы  қасиеттерімен сипатталады, яғни экономикалық маңызды әлпеттейтін әдіс жалпы  қаржы мен оның тізбектерінде  біртиптік функцияларға сәйкес. Сондықтан, мемлекеттік бюджет, барлық қаржы  жүйесі секілді бөлу және бақылау функцияларын атқарады. Сонымен қатар, «қаржы» категориясына қарағанда бюджет ерекше категория, оған келесі негізгі функиялар атқаруы тәнті:

  • Ұлттық табысты қайта бөлу;
  • әлеуметтік саясатты қаржымен қаматамасыз ету;
  • экономиканы реттеу мен ынталандыру;
  • ақша қаражаттарының орталықтандырылған қорын қалыптастыру мен пайдалануын бақылау [6].

Ұлттық табыс пен  жалпы ішкі өнімдерінің құндық бөліс  құралы ретінде мемлекеттік бюджет осы функция арқылы өзінің экономикалық маңызын тікелей әлпеттейді. Бөліс функция арқылы мемлекет ауқымында ақша қаражаттарын орталықтандыру мен оны жалпымемлекеттік мұқтаждықты қанағаттандыруға пайдалану іске асырылады. Ал бақылау функциясы мемлекет тарапына уақытында және толық қаржы ресурстар түсуі, орталықтандырылған қаражаттар бөлуіндегі пропорциялар жағдайы, сол қаражаттар үнемді және тиімді пайдалану жөнінде мәлімдейді.

Мемлекеттік бюджеттің  бөлу мен бақылау функциялары  бір бірінен бөлек емес, неғұрлым бірігіп, бір уақытта іске асырылады, себебі бұларда бюджеттік қарым-қатынастың барлық жағы бейнеленеді. 

Ақша қаражаттарын өндірістік және өндірістік емес салалары арасында қайта бөлу материалдық өндіріс  кәсіпорындардың ресурстарының  бір бөлігін алу арқылы іске асырылады. Содан кейін өндірістік емес сала  мекемелерін бюджеттік қаржыландыру жүргізіледі. Мұндай бюджеттік қаржыландырудың  ұлттық табысты пайдалануының құрылымын қалыптастыруда рөлі өте зор, себебі мемлекеттік бюджет экономика секторлары арасында ұлттық табысты қайта бөлудің маңызды құралы болып табылады.Әрине, қазіргі уақытта ақша қаражаттарының басым жағы орталықтандырылған қорға мемлекеттік сектордан түседі, бірақ жалпы мемлекеттік қажеттілікті қамтамасыз етуге жеке кәсіпкерлер мен әкономиканың мемлекеттік емес саласының басқа да субъектілердің қаражаттары тартылады [6].

Бөлу функциясының әрекет ету шекарасы бюджетпен қатынасқа  түсетін қоғамдық өндірістің барлық қатысушылар мен экономиканың барлық салаларымен анықталады. Бюджеттік  бөлудің негізгі объектісі болып  қосымша өнім (таза табыс) табылады, бірақ бюджет арқылы керекті өнімнің бір бөлігі қайта бөлінуі мүмкін, мысалы, материалдық өндіріс жұмыскерлерінің салықтық төлемдері және оларды пайдалануы.

Бюджеттің бақылау функциясының негізін бюджеттік түсімдермен  шығындар көрсеткіштері арқылы бюджеттік  ресурстар қозғалысы қалайды. Мысалы бюджетке уақытында немесе толық төленбеген салықтар мен түсімдер экономиканың кейбір салаларында даму қарқыны төмендегеннің белгісі жатады. Егер бюджет тарапынан қарастырылған құжаттар толық көлемде пайдаланбаса, онда экономика салалары мен іс–әрекет салаларда экономикалық конъюктура қажетті деңгейде еместігі. Сондықтан, бюджеттік көрсеткіштер экономикадағы осындай кемшіліктерді көрсете отырып, сол кемшіліктерді жою мен бұзылған қаржылық тәртіпті қалпына қайта келтіруге бағытталған нақты шара қарасытырып қолдануға негіз болады.

Қазіргі заманның шарттарына сәйкес бюджеттің бақылау функциясы  да өзгеруде, себебі ол өз мақсаттарын  іске асыруға кең тараған ақпарат  пайдалану, автоматталған жүйелер, қаржылық есептемелер, компьютерлер қолдану негіздерінде көп мүмкіншілік алады.

Бюджеттік механизм, бюджеттік  саясатты шынайы түрде іске асырушы  болып, бюджеттік қатынастарды нақты  түрде экономикалық және әлеуметтік сауалдарды шешуге бағытталады. Бұл  арада бюджет іс–әрекетінің объективтік  және субъективтік жақтарының арасындағы арақатынасты дұрыс түсіну қажет, себебі бюджеттің және оның функцияларының объективтік сипаты қатынас жүйесіндегі бюджеттің орны мен оның экономиканың даму деңгейіне тәуелді екенін анықтайды.

Мемлекеттік бюджетті, жалпы  басқа да экономикалық категориялар секілді мемлекет белсенді түрде болашақ және ағымды әлеуметтік – экономикалық міндеттерін нақты шешуде пайдаланады. Мемлекет бюджетті өзінің ұйымдастырушылық функциясын іске асырудың маңызды құралы ретінде қолданып, оны экономиканы басқарудың әсершіл құралына айналдырады. Бюджетті экономикалық басқарудың құралы ретінде пайдалануы мынадай маңызды қасиеттерімен дәлелденеді: ол заң күшіне ие; мұнда қоғамдық өндірістің дамуына бағытталған, оның тиімділігін жоғарлатуға, қоғам мүшелерінің мұқтаждықтарын қанағаттандыруға арналған бағдарламалар тікелей көрсетілген. Бюджеттік қатынастарды пайданлану құқықтық формада болғандығы оған өте үлкен ұтқырлы және ұйымдастырушылық мән береді.

Экономикада тауарлы  – ақша қатынас болғандықтан экономикалық пропорциялар екі формада көрініс табады, яғни натуралды – заттық және құндық (ақшалай). Натуралды – заттық форма қоғамдық өндірістің құрылымдық бөлімдері арасында материалды – техникалық құралдарды бөлуі мен оларды жұмыс күшімен қамтуды, ал құндық форма ақшалай қаражаттарды бөлуідің пропорциларын анықтауды қарастырады.

Ішкі өнім бөлудің  ақшалай формасының біршама дербестік  болуының салдарынан қоғамдық өндірістің құндық құрылымын реттейтін мүмкіншілік  болады және ол қажетті экономикалық нәтижеге жеткізеді. Құндылық құралдарды (қаржы, бюджет, несие және т.б.) пайдалану мемлекетке қоғамдық өндірістің құрылымын жетілдіру мен экономикалық процестердің тиімділігін жоғарлатуға мүмкіндік береді.

Реттеу құралы ретінде  мемлекеттік бюджет экономикалық салалық  және аумақтық пропорцияларын жетілдіруде, өндірістен тыс салалардың дамуын реттеуде, қаржы ресурстарын жалпы мүддеге сәкес қайта бөлуде пайдаланады. Ол еңбек, ақша және материалды ресурстарды пайдалануын ынталандыру, экономиканың барлық тізбектерінде жүйелі бақылауды іске  асыру мен басқа да әлеуметтік – экономикалық мақсаттарды шешуге мүмкіншілік береді. Экономиканы басқарудың белсенді құралы ретінде мемлекеттік бюджетті айтуға болады, себебі бюджет негізі – бюджеттік қатынастар қоғамдық өндіріс дамуы мен оның тиімділігін жоғарлату мүдделерінің алуан – алуан бағытында пайдаланады.

Мемлекеттік бюджетті –  экономиканы басқару құралы ретінде  сипаттай отырып, бұл құралдың ролі объективті алдын ала анықталғанын айрықша айту қажет. Оған дәлел, біріншіден, экономикалық байланыстарды жалпы реттеу нәтижесінде бюджеттік қатынастарды негізгі қаржы құжат арқылы формада пайдалану, екіншіден, мемлекеттік бюджеттің бөлу табиғаты негізінде оны қоғамдық өндіріске әсер ететін маңызды экономикалық құрал ретінде пайдалану. Бюджеттің мәні мен ролі оның экономикалық құрал ретіндегі ерекшелігімен дәлелденеді, яғни ол қоғамдық өнім бөлу саласының кең пайдаланатын құндық құралы болып табылады.

Экономиканың дамуына  байланысты оны басқару құралы ретінде  бюджеттік бақылаудың мәні ұлғаяды. Қоғамдық өндірістің ауқымы неғұрлым ірі болса, соғұрлым экономиканың өсу қарқыны жоғары, сондықтан ақша қаражаттарын уақытында қалыптастыру мен тиімді пайдалану процестерін бақылау өте маңызды.

Бюджеттің ролі экономиканы  ынталандырушы есебінде арнайы бюджеттік механизм арқылы іске асырылады. Осы механизмнің арқасында объективтік түрде бар қатынастарды экономиканың даму мүддесінде пайдаланудың мүмкіншілігі болады. Бюджеттік механизм – ол бюджеттік қатынастарды ұйымдастыруға мемлекеттің құрастырған және пайдаланатын арнайы формалар кешені мен қаржылық ресурстарды қоғамдық іс–әрекет салалары, экономика салалары және елдің аумақтар арасында қайта бөлуді қамтитын әдіс – тәсілдердің жүйесі.

 Бюджеттік механизмнің объективтік негізі мемлекеттік бюджеттің экономикалық мазмұнын құрайтын бөлу қатынастар процестері болып табылады. Экономикалық категория ретіндегі бюджеттің өзінің ішкі құрылымы бюджеттік механизмнің ішінде әр түрлі тізбектер бар екенін дәлелдейді. Сондықтан, бюджеттік механизм құрылымында кірістер, шығыстар, бюджетаралық байланыстар сияқты бюджеттік қатынастар топтары және соларға сәйкес ақша қаражаттарын қайта бөлудің әр түрлі формалары мен әдістерін енгізеді. Сол себепті бюджеттік механизмде бюджеттік қатынастар көрінісінің формаларына тәуелді келесі құрылымдық тізбектерді бөлуге болады, олар: ақша қаражаттарын мемлекет тарапына жұмылдыратын әдістер; әр түрлі іс–әрекет салаларына бюджеттік қаражаттар беру мен бюджет қалыптастыратын тәртіп пен формалар; ішкі бюджеттік бөлу мен қайта бөлу және олармен маневр жасайтын әдістер.

Бюджеттік механизмнің  жоғары айтылған тізбектері өз алдына сәйкес элементтерден қалыптасады. Мысалы, ақша қаражаттарды жұмылдыратын бюджеттік механизм салықтық және салықтық емес қаржы ресурстар түсетін  әдістермен сипатталады және өздерінің әлпеттерін нақты кіріс түрлерімен (қосымша құнға салық, акциздер, мүлік салығы және т.б.) іске асырылады. Мекемелер, кәсіпорындар мен ұйымдарға бюджеттік қаражаттар жіберу механизмі әр түрлі принциптер негізі мен бюджеттік ақша берудің әр түрлі формалары арқылы іске асырылады. Қаржы ресурстарын ішке бюджеттік бөлу мен қайта бөлу механизмі бюджет жүйесінің сәйкестік буындары тарапына бюджет қаражаттарының белгілі бөлігін бекіту мен бюджеттік реттеудің әр түрлі әдістерімен сипатталады.

Бюджеттік жүйе – мемлекеттің барлық қаржы жүйесінің маңызды құрамдық бөлігі болып табылады. Бюджеттік жүйе экономикалық категория ретінде мемлекеттің орталықтандырылған ақша қорын – бюджетті – қалыптастыру мен пайдалану бойынша заңды, жеке тұлғалар мен аймақтар арасындағы барлығы қаржылық қатынастар, бюджеттік қалыптасу мен атқарудың әдіс – тәсілдері және сол қатынастарды басқару органдарымен танысты. Басқаша айтқанда, барлық деңгейдегі бюджеттер мен Қазақстан Республикасының Ұлттық қоры және экономикалық қатынастар мен құқықтық нормаларға негізделген бюджеттік процесс пен бюджеттік қатынастар қосындысын бюджеттік жүйе деп түсіндіріледі.

2011 жылы қаңтар айының 1–жұлдызында күшіне енгізілген жаңа Бюджеттік кодекстің 6-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының бюджеттік жүйе құрамына келесі бюджет түрлері мен деңгейлері кіргізілген:

  • республикалық бюджеті;
  • облыстық бюджеті, республикалық маңызы бар қалалар мен астана бюджеті;
  • аудан бюджеті (облыстық маңызы бар қалалар бюджеті).

Бюджеттік заңнамаларға сәйкес бюджеттің барлық түрлері мен деңгейлері дербес болып есептеледі. Бюджеттік жүйе құрылымында Төтенше мемлекеттік бюджет пен Ұлттық қор қарастырылады.

Елдің бюджеттік жүйесінің  орталық орнын келесі қаржы жылға  Қазақстан Республикасының заңымен  бекітілген республикалық бюджет алады. Жаңа Бюджеттік кодекс бойынша республикалық бюджет салықтық және басқа түсімдер арқылы қалыптасқан және мемлекеттік биліктің орталық органдарының функцияларын қаржымен қамту және мемлекеттік саясаттың жалпы республикалық бағыттарын іске асыруға арналған орталықтандырылған ақша қоры ретінде анықталған.

Республикалық және жергілікті бюджеттер негізінде қалыптасатын және республикадағы төтенше немесе әскери жағдай кезінде енгізілетін  бюджетті Төтенше мемлекеттік бюджет деп атайды. Мұндай бюджет тек қана Қазақстан Республикасының Президентінің Жарлығымен енгізіледі және күшін жояды, егерде ел аумағында төтенше немесе әскери жағдай жарияланса.

Мемлекеттік бюджеттің түрлері мен деңгейі