Стилистистикалық көркемдеуіш сөздердің жеткізілу қиындықтары
МАЗМҰНЫ
КІРІСПЕ.......................
1. Стилистика және оның міндеттері
1.1Стилистика және оның зерттеу әдістері......................
1.2 Тілдің стилистикалық көркемдеуіш сөздері және олардың қолданыс аясы...
2. Стилистистикалық көркемдеуіш сөздердің жеткізілу қиындықтары (І.Есенберлиннің «Көшпенділер» көркем шығармасы негізінде)
2.1 Стилистикалық көркемдеуіш сөздердің көркем әдебиет аудармасында алатын орны ..............................
2.2 Көркем шығармадағы стилистикалық тәсілдердің жеткізілу ерекшеліктері.................
2.2.1 Шығармада кездесетін метафора аудармасы.................
2.2.2 Шығармада кездесетін теңеулер аудармасы.......
2.2.3 Шығармада кездесетін эпитеттер аудармасы
2.2.4 Инверсия......................
2.2.5 Перефраз......................
ҚОРЫТЫНДЫ.....................
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ........................
КІРІСПЕ
Жұмыстың жалпы сипаттамасы. Адамзат аударма арқылы араласып - құраласады. Біз өмір сүріп жатқан әлемнің іштей белгілі бір жүйеге құрылғандығы, адам тіршілігінің кез келген қимыл-әрекеті өзінше шағын жүйе екендігі, онсыз әлемнің тұтас жүйесі жасалмайтындығы белгілі. Әлем халықтары тілдерінің арасында да қарым-қатынастың өз жүйесі, яғни трансляторы болуы керек. Тілдер арасындағы осындай байланыстырушы жүйенің ең қарапайым шешімі – аударма. Бұл тұрғыдан қарағанда аударма адамзатты біріктіріп тұрған факторлардың бірі деуге де болады.
Көркем аударма – аударматанудағы ең бір күрделі де күрмеулі сала. Көптеген зерттеушілердің аударма теориясы тұрғысынан көркем аударманы “Жалпы аударма” курсының дербес пәні ретінде қарастыруды ұсынатыны тегін емес.
Олай дейтініміз – көркем аудармада шығармашылық белгі-сипаттарының лингвистикалық және мәдениеттанушылық қырлары аударманың өзге түрлеріне қарағанда айрықша бедерленіп көрінеді. Ал көркем шығармаларды аударуда ерекше жауапкершілік жүктелетіндіктен, аудармашыдан лингвистика мен аударма теориясы саласында жеткілікті дайындықпен қатар, әдебиетшілік, мәдениеттанушылық, стилистік дарын да талап етіледі.
Зерттеу жұмысының өзектілігі. Қазақ тілінде жазылған көркем шығармаларды ағылшын тіліне аударуда шығарманы аудармашының оқырманға тұтастай жеткізуі мен автор мен аудармашының арасында тіл үндестігі мен рухани үндестігінің сәйкес болуы.
Зерттеу нысаны. Тіл табиғатын, сөз мағынасы мен қызметін анықтауға бағытталған аударма зерттеушілерінің танымдық тұжырымдары негізінде зерделенген көркем шығарманы аудару теориясының басты қағидалары мен ұстанымдары.
Зерттеудің мақсаты мен міндеттері. Зерттеудің мақсаты – көркем шығарманы аудару теориясының концептуалдық жүйесі мен когнитивтік парадигмасын тіл білімінің аудармалық сипатын танытар әрі әлемдік қордың маңызды ғылыми арнасын құрар қағидалар тізбегі ретінде анықтап-талдау. Ол үшін төмендегідей міндеттерді шешу көзделді:
ағылшын тіл біліміндегі аударматану теориясының даму ерекшелігін зерттеу, оның негізгі кезеңдері мен бағыттарына сипаттама беру;
шетел ғалымдарының тілдік тұлғасын ағылшын тілі мен мәдениетінің, әлемдік құндылықтарының негізгі бірліктерін жан-жақты меңгерген зерттеушілер ретінде бағалау;
қазақ тілінен көркем шығарманы аударудың концептуалды және когнитивтік тұжырымдамалық қорын дәстүрлі және тың бағытта негіздеп талдау;
аударматану теориясының танымдық негізде қалыптасып даму бағытын уәждейтін ұғымдық бірліктерді жүйелеу, олардың халықтық дүниетаныммен сабақтастығын, идеялық және мағыналық болмысын түсіндіру;
көркем шығарманы аударудың әдіснамалық негізі мен когнитивтік парадигмасын анықтау, сол арқылы тіл білімінің аудармалық сипатын таныту;
Зерттеудің ғылыми жаңалығы мен нәтижелері. Қазақ тілінің рухани қоры мен мұрагерлік қазынасынан бастау ала отырып, бүгінгі танымдық ұстанымдарға үйлесе жалғасқан көркем шығарманы аудару теориясының ғылыми негіздерін анықтап талдау арқылы өзекті мәселелерді шешу, көркем шығарманы аудару теориясының өзіндік даму бағыты қазақ ұлтының заңды динамикалық өсуінің, өркениетті өрлеуінің жемісі, қоршаған дүниені тануға талпынған болмысының тілдегі көрінісі ретінде танылды және көркем шығарманы аударуды жан-жақты меңгеруге ықпал ететін терминдер бір жүйеге келтіріліп, оларға ғылыми негізде түсініктеме берілуі.
Зерттеу дереккөздері. Қазақ тілінен көркем шығарманы аудару теориясының даму сипатын айқындау, оның когнитивтік лингвистика ұстанымдарымен сабақтасар тұстарын зерделеу үшін ХХ ғасырдың 20-жылдарынан бастап аударма саласында дүниеге келген зерттеу жұмыстары, арнайы когнитология саласында жазылған ізденістер мен лексикографиялық еңбектер негізге алынды. Сонымен қатар осы тақырыпты зерттеу кезінде В.Н.Комиссаровтың ,І.Кенесбаевтың, Ж.А. Жақыповтың,Г .Жұмайқызының,А.Семеновтың, А.В.Федоровтың, Н.К.Гарбовскийдің, Т.А Казакованың еңбектеріне сүйендім.
Зерттеудің теориялық маңыздылығы. Көркем шығарманы аудару теориясының ғылыми негізін анықтау арқылы, оның универсалды ұстанымдары мен ұғымдарын талдап көрсету негізінде жалпы лингвистика салаларының даму сипатын жүйелеу мүмкіндігі пайда болады. Зерттеудің нәтижелері, теориялық тұжырымдары мен ғылыми ұстанымдары көркем шығарманы аудару теориясы туралы маңызды қорытындылар жасауға мүмкіндік береді.
Зерттеудің практикалық мәнділігі. Дипломдық жұмыста ұсынылған көзқарастар мен пікірлер аударматану пәнін оқытуда, жоғарғы оқу орындарына арналған оқулықтар мен әдістемелік құралдар дайындауда, арнайы курстар мен семинарлардың жаңа бағдарламаларын жасап жинақтау барысында, сонымен қатар көркем шығарманы аударудың тарихы мен аударма мәтінінің стилистикалық, лексикалық сараптамасын меңгеруіне жан-жақтан қарастыру үшін пайдалануға болады.
Зерттеудің әдістері мен тәсілдері. Зерттеу барысында жинақтау, сипаттау, жүйелеу, салыстыру, дедуктивті-индуктивті тұрғыдан жіктеу, талдау, қорытындылау әдіс-тәсілдері кеңінен қолданыс тапты.
Зерттеу жұмысының құрылымы. Дипломдық зерттеу кіріспеден, әрқайсысы бірнеше бөлімдер мен тармақшалардан топталған үш тараудан, қорытындыдан, пайдаланылған әдебиеттер тізімінен және авторлық қосымшалардан тұрады.
1. Стилистика пәні және оның міндеттері
1.1 Стилистика және оның зерттеу әдістері
Стилистика – тіл білімінің бір саласы. Оның тарихы әріден басталғанмен, қазақ тіл білмінде стилистика мәселелерін зерттеуге жаңа-жаңа көңіл бөліне бастады. Орыс тіл білімінде стилистика мәселелерінің зерттелуі көптен бері қолға алынып, бұл саладан біраз еңбектер де жарияланды. Солардың ішінен А. М. Пешковский, Л. В. Щерба, В. В: Виноградов, Г.В. Винокур, А. Н. Гвоздев, А. И. Ефимов, В. П. Мурат сияқты зерттеушілердің еңбектерін атауға болады. Стилистиканың бірқатар проблемалық мәселелері 1954 жылы «Вопросы языкознания» журналы ұйымдастырған дискуссия материалдарында да қамтылған.
Журналда көтерілген негізгі мәселелер: стилистиканың мақсаты мен міндеті, тілдік құбылыстардың стилистикаға қатысы, функциональды стильдер, тіл білімінде стилистиканың алатын орны т.б. Ондағы сөз болған мәселелерді қорыту ретінде академик В. В. Виноградовтың мақаласы жарияланды. Осы дискуссиядан кейін стилистика мәселелерін зерттеу жұмысы жандана бастады, көп кешікпей стилистика жөнінде еңбектер жарық көрді.
Стилистикадағы негізгі ұғымдардың бірі – стиль. Оны осы күнге дейін әркім әр түрлі түсінеді. Себебі стиль терминінің мазмұны кең,оның жұмсалатын орны көп («Стиль» теримні әдебиеттану, бейнелеу өнері, музыка тағы басқа ғылым салаларында да кеңінен қолданылады). Стиль – латынша stylos (қазақша – жазу құралы) деген сөз. Латын тілінде кейіннен стиль сөзі «жазу мәнері» деген мағынада қолданылатын болған. Оның осы мағынасы Европа білімпаздарының арасына көп тараған. Орта ғасырларда Грецияда, Римде стиль – сөзге сендіру, нандыру тәсілі, стилистика – риторика (шешендік) өнері болып саналған. Үнді оқымыстылары стильді мәнерлеп сөйлеу, ал стилситиканы мәнерлеу туралы ғылым деп есептеген. Кейін, ұлттық әдеби тілдің қалыптасу дәуірінде, кейбір елдерде стиль белгілі бір әдеби жанрға тән тілдік құрал деген ұғымда қолданылды. Бұл ұғым Россияға да кең тараған болатын. Мысалы, Ломоносовтың үш стилі (жоғары, орташа, төмен) осы жанрлық принципке негізделген.
Сөйтіп, лингвистикада «стиль» жазу мәнері, сөзге сендіру тәсілі, мәнерлі сөйлеу және белгілі бір әдеби жанрға тән тілдік құралдар жүйесі деген сияқты көптеген мағынада қолданылып келген. Ал стилистика көбінесе шешендік өнері туралы ғылым ретінде танылған. Ол тек ХХ ғасырдың бас кездерінде ғана шешендік өнерінен бөлене бастайды. В. Г. Белинский былай дейді: «Сөйлеу өнерінің, әсіресе жазу өнерінің, зерттеуді өте қажет ететін өзінің техникалық жақтары бар». Белинскийдің пікірінше, тіл өнерінің осы «техникалық жақтары», яғни тілдің қолдану тәсілдері мензаңдылықтарын зерттеу мәселесі (риторика емес), стилистиканың үлесіне тиеді. Бірақ стильдің жалпыға танылған белгілі анықтамасы әзірге жоқ. Стиль терминінің алғашқы мағыналары қазір де жойылмағандықтан сол ұғымдар негізінде стилистиканы тіл білімінің маңызды саласының бірі деп тануға болады; стилистиканы дербес пән ретінде оқытудың мәні зор.
Стильдің ерекшеліктеріне:
а) тілдік құралдардың қолданылу нормасына сай таңдап құралуы;
ә) шектелген және арнаулы лексикалық құрам;
б) өзіне тән сөздердің мағыналық реңктері мен сөзжасам элементтері;
в) өзіне тән фразеология;
г) өзіне тән синтаксистік конструкциялар;
ғ) әр стильге лайық мәнерлегіш құралдардың құрамы мен қызметі жатады.
Қазақ әдеби тілінде бес функционалдық стиль бар:
1) ауызекі сөйлеу стилі;
2) ресми стиль;
3) ғылыми стиль;
4) публицистикалық стиль;
5) көркем әдебиет стилі.
Функционалдық стильдерді бұлайша таптастыру академик В. В. Виноградов атап көрсеткен тілдің қоғамдық-әлеуметтік қызметімен тығыз байланысты. Ондай қызметтер қарым-қатынас (ауызекі сөйлеу стилі), хабар, ақпарат беру (ресми және ғылыми стильдер) және ықпал ету, әсер беру (публицистикалық стиль мен көркем әдебиет стилі) қызметтері болып табылады. Сөз қолдануға қатысты стиль сөзі екі салада – әдебиет теориясы мен тіл білімінде пайдаланылады.
Стилистика – ең алдымен стиль туралы ғылым. Стиль деп белгілі бір тілдегі лексикалық, грамматикалық және фонетикалық тәсілдердің қолданылу принциптерін айтамыз. Бір ұғымды айтып, не жазып жеткізу үшін қажетті тілдік тәсілдерді сұрыптап қолдануға болады. Бұл ретте әсіресе тіліміздегі синонимдер мен оның варианттары көбірек пайдаланылады. Мұндай синонимдердің түрі әр алуан: лексикалық синонимдер мен фразеологиялық синонимдер, морфологиялық синонимдер (варианттар) мен синтаксистік синонимдер. Лексикалық синонимдерге мына тәрізді сөздер жатады:
1) Айту 1) Мылжыңдау
2) Сөйлеу 2) Көпіру
3) Міңгірлеу 3) Көку
4) Күмілжу 4) Оттау
5) Мыңқылдау 5) Бөсу
Бұл синоним сөздердің бәрі сөйлеудің әр түрлі сипатын білдіреді. Әр түрлі жағдайда қолданылады. Сондықтан олардың мағыналық реңдері біркелкі емес. Бірі жағымды, бірі жағымсыз, бірі кекесінді, бірі тұрпайы реңде қолданылатынын аңғару қиын емес. Біреудің сөзін сөйлеп, біреуді жақтау деген ұғымды тұрақты сөз тіркестері арқылы беруге болады.
Сияқты синонимдес фразеологизмдер біздің тілімізде көп кездеседі.
Тіліміздегі сөздердің лексикалық және грамматикалық мағыналарынан басқа осындай қосымша реңін эмоциональды-экспрессивті бояу дейді. Оларды сондай-ақ тілдің стильдік сапасы немесе мәнерлі тәсілдері деп те атайды. Стильдік сапа немесе мәнерлегіштік сипат тек лексика мен фразеологияға ғана тән құбылыс емес. Стильдік сапа – тілдік бірліктердің қай-қайсысына да тән құбылыс. Морфологиялық тұлғалар мен синтаксистік құбылыстардың да мәнерлегіштік сипатын дәлелдейтін көптеген мысалдар келтіруге болады: сөйлегіш, сөйлемпаз, сөзшең, сөзуар, сөз құмар т.б.
Бұл сөздердің де, жоғарыда келтірілген мысалдардай, эмоциональды-экспрессивті бояуы айқын сезіледі. Осы сөздерге мұндай өң, бояу беріп тұрған морфологиялық тұлғалар (форма) екенін аңғару қиын емес.
Осында «соғыс құмар» деген сөздің соғысқор, соғысшыл сияқты әр түрлі реңділікті білдіретін синонимдері бар. Ашушаң, ашуқой, ашуланшақ, ашуланғыш дегендердің де синонимдес екенін байқаймыз. Кейде мұндай рең дамыту тәсілімен де беріледі. Мысалы: көгілдір, көкшіл, көкшілтім, көктеу, көгірек, көк, өте көк, шымқай көк, тым көк.
Стильдеу – тілдік материалды ұйымдастырудың негізгі принциптері мен көзге айқын көрініп тұратын сыртқы тілдік белгілерге сәйкес көркемдік баяндауды саналы түрде құру. Сыртқы тілдік белгілер әлеуметтік ортаға, тарихи кезеңге, әдеби бағытқа, мектепке, жанрға, ресми құжаттарға, әлдебір жазушының жеке сөз саптау ерекшелігіне тән болып келеді. Стильдің басты түрі фольклорға, ауызекі-тұрмыстық тілге негізделген оқырмандарға мәнерлегіш әсер қалдыратын, эстетикалық жағынан барынша ықпалды стиль болып табылады. Стильдеу сан алуан идеялық-эстетикалық мақсаттарда: тарихи баяндау үшін, өткен кездердегі әлеуметтік топтың бейнесін қалыптастыру үшін, сатиралық немесе юморлық ыңғайда жұмсалуы мүмкін. Тарихи шығармалардың қай-қайсы да (роман, поэма, повесть, драма) сол дәуірге лайық сөздің қолданылуын талап ететіні белгілі. Мұндай мысалдар қазақ тілінде де баршылық. Мысалы, М. Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясында, Ғ. Мүсіреповтің «Оянған өлкесінде», Ә. Әлемжановтың, І. Есенберлиннің, Ә. Кекілбаевтың, М. Мағауиннің тарихи тақырыпқа жазылған шығармаларында көнерген сөздер (архаизмдер) мен историзмдердің, фразеологизмдердің мүмкіндігінше мол және орнымен қолданылғанына көзіміз жетеді. Мұндай шығармалары арқылы авторлар, бір жағынан, қазіргі қолданысымызда жоқ немесе өте аз ұшырасатын сөздерді айналымға түсіріп, тілдің байлығын арттырудың тағы бір жолын көрсетіп отырса, екінші жағынан, көркем бейнелер жасауда мүмкіндіктің молая түскенін дәлелдейді. Мұндайда әңгіме жекелеген лексикалық б ірліктер мен фразеологизмдер төңірегімен шектеліп қалмаса керек. Стильдеу барысында синтаксистік құрылымдар сияқты күрделі тілдік құралдардың да архаизм тұрғысынан жаңартылып отырғанын да назардан тыс қалдырмау керек. Оның үстіне, мұндай жэайларды тек авторлық баяндау тұрғысынан ғана емсе, кейіпкерлердің сөздер және бұл екеуінің (авторлық баяндау мен кейіпкер тілі) байланысы жағынан бірлікте қарастырған жөн.
Стилистика – тіл білімінің тілдік тәсілдер жүйесін синхрондық және диахрондық жағдайда зерттейтін тіл ғылымының саласы. Стилистиканың қарастыратын мәселелері әр түрлі деңгейдегі тілдік құралдардың мәнерлегіштік мүмкіндіктері, олардың стилистикалық мәні мен бояулары, сондай-ақ қарым-қатынастың сан алуан аялары (сфера) мен жағдайларындағы сөздердің қолданылу заңдылықтары, әр аяға байланысты қолданыс тілін пайдалану, ең бастысы – тілдің қолданылуының коммуникативтік заңдылығы мәселелері болып табылады. Стилистикада тіл деңгейлерінің барлық салаларындағы құралдар жұмсалады. Стилистика саласына синтаксистен – кітаби тілмен салыстырғанда ауызекі сөйлеу тілі конструкцияларының айырмашылықтары; белгілі бір жағдайға байланысты шағын аяда қолданылатын конструкциялардың қолданылуы мен қызметін анықтау; сөздердің орын тәртібі жайы; синтаксистік конструкциялардың мәнерлегіштік қасиеттері; сондай-ақ тілдің синтаксистік фигуралары; семасиологиядан – сөздер мен сөз оралымдарының бейнелілік, метафоралық белгілерінің негізгі заңдылықтары мен тенденцияларына сипаттама беру; лексика мен фразеологиядан – жеке сөздер мен фразеологизмдердің қолданылу мүмкіндіктерін ашу; фразеологиялық тіркестердегі штамптар мен шаблондардың жұмсалу мүмкіндіктерін анықтау; тұрақты тіркестердің қолданылу қисындылығы; морфологиядан – септеу мен жіктеуде тұрған сөздердің синонимдік, варианттық мағыналары; сын есім шырайларын қолдану реттері т. б. мәселелер стилистикалық тұрғыдан зерттеледі (В. Виноградов). Осыдан стилистиканың қарастыратын және ол шешуге тиісті мәселелер туындай бастайды. Олар (М. Н. Ковтунова):
1) кең мағынадағы стиль ұғымына анықтама беру; жалпы стиль ұғымының ішінен функционалдықстильді айқындау; тілдегі стиль мен қолданыс тіліндегі стильдің ара қатынасын нақтылау;
2) қарым-қатынастың әр түрлі аясындағы тіл қызметінің заңдылықтарын анықтау;
3) функционалдық стильдерді таптастыру;
4) стилистикадағы лингвистикалық белгілер мен экстралингвистикалық факторлардың арақатынастраын белгілеу;
5) стильдегі объективті және субэективті (индивидуалдық) ұғымдар проблемасы;
6) функционалдық стильдер мен қолданыс тілі түрлерінің арақатынастары;
7) лингвистикалық стилситика мен әдебиеттану стилистикасыныңарақатынастары;
8) стильдердің өзара ықпалы және тұтастығы;
9) көркем әдебиет тілінің функционалдық стильдерге қатынасы;
10) стилистикалық нормалар мен олардың тарихи сипатын айқындау;
11) стилистикадағы диахрония мен синхрония мәселесі;
12) сөйлеу (произношение) стилі мен функционалдық стильдердің ара қатынасы және басқалары.
Стилистиканың өзіне тән зерттеу әдістері бар: семантика-стилистикалық, салыстырмалы, статистика-стилистикалық және диахрондық-синхрондық әдіс. Стилистиканы зерттеу мен оқып-үйренудің теориялық та, практикалық та мәні өте зор. Алдымен, лингвистикалық ой-өрісті өсіретінін айта кету керек. Кейінгі жылдарға дейін тілді функционалдық тұрғыдан зерттеуге көңіл бөлінбей келді. Екінші жағынан, тілдің даму процесіндегі, қазақ тілінің кең қолданыста бола алмаған жайларының орын алғаны да рас. Ал қазіргіджей, бұған дейінгі кезеңдермен салыстырғанда, көп жанрлы көркем әдебиет туындылары,баспасөз материалдары, әр саладағы ғылыми, публицистикалық еңбектер дүниеге келіп жатқанда, ондағы тілдік құралдардың қолданылуы қандай дәрежеде екенін айтуға әбден болады,демек, мұндай зерттеулер оқырмандарды да сөзді талғап қолдануға үйретеді.Стилистика-
Қазақ тілінің функционалды стильдерінің бір-бірінен өзгешелік белгілері осы уақытқа дейін айтылып келеді. Осы басты белгілер отандық тіл ғылымы мен орыс тіл ғылымының ортақ танымдық деңгейінің көрінісінің нәтижесінде қаралып келеді. Ол тек стилистика ғылымына ғана қатысты емес, тіл ғылымының басқа салаларына да қатысты деп айтуға болады. Бұның басты себептері - тілдегі функционалды стильдердің анықтамасы, зерттеу бағыттары, түрлері, стильдердің табиғаты, лингвистикалық тілдік кұрылымның болмысы, ортақ, бірдей немесе ұқсас қызметінің әмбебаптық сипаты,т.б.
Адамзат болмысының қоғамдық өмірде санасы, қабілеті,талғам-өрісі кеңейген кезде, ғылымның ғажайыптары игеріліп, жаңа техника мен компьютерлік жүйенің дұрыс немесе кері ықпалы жетілген тұсында стильдердің әр саласының атқаратын қызметі күннен күнге күрделеніп отыр.
Жоғары айтып өткеніміздей, қазақ тіл ғылымында функционалды стильдерді былайша топтастырып жүр: 1) ауыз -екі сөйлеу стилі; 2) ғылыми стиль; 3) ресми стиль; 4) публицистикалық стиль; 5) көркем әдебиет стилі.
Бүгінгі таңда стилистика ғылымының негізгі теориялық әрі практикалық мәні артып, функционалды стильдерінің қоғамдық қызметі артқаны белгілі, сондықтан тілдің стильдік табиғатты жан-жақты тану, тереңнен зерттеу талабын міндетке алып отыр. Стиль туралы М.Серғалиев 4 түрлі қасиетін былай түйіндейді:
1) Әдеби тілдің бір түрі; демек сол тілде сөйлейтін баршаға түсінікті сөздер мен конструкциялар;
2) Стиль-тарихи категория;
3) Стиль- қоғамдық қызметтің бір саласында жұмсалады;
4) Тілдік кұралдардың қалай болса тіркескен тобы емес, шартты тұйықталған тобы.
Бұл тұжырым стиль жөнінде айтылған "белгілі бір тілдегі лексикалық, грамматикалық және фонетикалық тәсілдердің қолдану принциптері" деген анықтамалардың кеңейген, қазіргі стиль мәселесіне терең үңіліп, әртүрлі қасиетін танудан туған деп айтуға болады.
Стилистиканың зерттейтін саласы — стиль. Біріншіден, стиль - тарихи категория. Тарихы көне дәуірден бастау алған, өз қоғамына қызмет етіп отырған мемлекеттік мәртебесін алған тілдің тарихын тану, функционалды стильдердің әр дәуірде біреуінің ерте, біреуінің кеш даму сатысын бастан кешіргенін жүйелеу стильдің тарихи категория екенін толық дәлелдейді. Екіншіден, стиль әдеби тілдің бір түрі болғандықтан, қазақ әдеби тілінің даму сатысымен қатарласа сөз болып жүр. Әдеби тілдің басты белгісі нормаланған, сұрыпталған тіл болу шартын көрсетсе ол стильдің негізгі ұстанымы болып табылады. Ауызша және жазбаша әдеби тілдің ортақ тілдік белгілерінің нәтижесінен де стильдің салалары бөлініп шықты. Үшіншіден, стиль қоғамдық қызметтің бір саласында жұмсалады, стильдерді жіктегенде осы қызметі толық анықталуы қажет. Мысалы: публицистикалық стильдің, ғылыми стильдің де, көркем әдебиет стилінің де қоғамдық қызметі белгілі ортада өз мақсатына жетті. Бұл функционалды стильдің экстралингвистикалық факторларға да байланыстылығына әкеледі. Лингвистикалық стилистика негізінен таза стилистиканың ерекшеліктерді сөз етумен қатар, басқа факторлар да қажетті екендігіне әлеумет назарына ілікті. Ол кез келген стильдің қоғамдық қызметі, қолдану аясы, қоғамға кызмет ету құзіреті, т.б. Мысалы: тоқырау жылдарында қазақ әдеби тілінің өркендеуіне (ол XX ғасырдың басында толық орнықты десек те) біріншіден, публицистикалық стильдің қызметі зор ықпал етті. Екіншіден, ол қолдану ортаға қоғамдық сапасының толық орнығуына әсер етті, адам санасының түрлі информациялық хабарға қанығуына жол ашты, үшіншіден, тілімізге енген көптеген сөздердің пайда болуы, іске асуы әдеби тілдің қатарынан орын алып халықтық қолданысқа жарауға болатын сөздер бұқаралық ақпарат кұралдары арқылы тарайды. Төртіншіден, стиль тілдік кұралдардың қалай болса, солай тіркескен тобы емес, шартты түрде тұйықталған тобы деген анықтамасының бір тармағына басқаша қарауға тура келеді. Белгілі ғалым Р.Сыздықова "Тілдік нормадағы функционалды стильдерге қарай ажыратып тануда олардың бір стиль шеңберінде тұйықталатын сипаты жоғын білу керек. Нормалардың бір функционалды стильдің ішінде ғана емес, азды-көпті стиль аралық "ауыспалы-тіркестер" жүріп жатады" дейді. Мысалы публицистикалық стильде ғылыми стильдің ерекшеліктері, көркем әдебиеттің элементтері кездесіп отыратыны белгілі стильдердің басты қағидаларының бірі екені оның сол стильге тән лингвистикалық белгілерінің толық қамтитын бөлігіне байланысты да тану мүмкіндігін көрсетеді. Мысалы: көркем әдебиет стильдерінде (бұл стиль түрінің де сан алуан іштей жанрларға бөлінуіне байланысты ерекшеліктері мен өзгешеліктері шығып жатыр) ғылыми стильдің де, ресми кұжат тілінің ауызша түрі немесе сот залынан көрініс суреттесе, заң тілінің де элементтері кездеседі. Ресми құжат тілі мен іс кағаздар тілінде де ғылыми стильге тән дәлдік, нақтылық бола отырып, реттілік көрсеткіштері, сөйлемдерінің тілдік кұрылымдық ерекшеліктерінің ұксас комплектерге жіктелген түрлерін кездестіруге болады.
Публицистикалық стильге БАҚ-тың тілі жатады. Ол қай кезеңде де қазақ әдеби тілінің толық орнығуына тікелей ықпал етуде. Егемендік кезеңде публицистикалық стильдің қызметі жаңаша қырынан көрінді. Қазақ тіл ғылымының барлық салаларына қатысты оның көкейкесті мәселелерінің негізгі түйін қорытындыларын осы публицистикалық стильде жазылған шығармалар беріп отырады.
Жаңа сөздердің енуі, сөз мағынасының кеңеюі, кейбір сөздердің мағынасы тарылуы, тіпті қолданыстан шығып қалуы, терминдердің енуі, жаңаша, мәндес тіркестердің пайда болуы - бәрі осы публицистикалық стиль арқылы танылды.
Публицистикалық стильдің орасан зор ақпарат таратушы қызметінен, оның жеке өз алдына зерттеу бағыттар-нысандары, қазақ әдеби тілін дамытудағы рөлі, жазылу мақсаты мен міндеттерін жете саралап қарайтын уақыт жетті.
Публицистикалық стильде сауатты, мәдениетті сөйлей алмаудың өзіндік себептері жоқ емес: біріншіден, қазақ тілінде көпшілік ортасында және ресми ортада сөйлеудің қажетті болмауынан (тоқырау кезінде казақ тілінде сөйлемеудің салдарынан), екіншіден, әрине бізге айтуға ауыз болсада айтпауға тиісті тілімізді қадірлемеуден, қадір-қасиетін бағаламаудан, үшіншіден, орфоэпиялық нормаларды сақтамаудан, ойдың логикалық желісін сақтамаудан, төртіншіден, ұлттың ойлау желісін жоғалту үстінде екенінде жасыруға болмайды, бесіншіден, сөздерді бір-бірімен үндестіріп айтысу, сөйлемдерді дұрыс құрамау сияқты толып жатқан кемшіліктердің ашып айту қажеттілігі туындап отыр. Публицистикалық стильде адамның жете танымдық қабілетіне де байланысты, әрі сөйлеу үстінде тілдік-құрылымдық қазақ тілінің заңдылықтарын дұрыс игермеуге байланыстылығын баса айтуға тура келеді. Бұл тек қана публицистикалық стильдің өзіне де тікелей қатысты салаға тән кемшілік екені белгілі.
Публицистика (латынша: publicus – көпшілік, әлеумет) – қоғам өмірі үшін маңызды мәселелерді талқылау деген ұғымда жұмсалады. Публицистикалық
стиль қоғамдық талапқа сай жазылған шығармалардың негізінде қалыптасады. Белгілі бір тілде публицистиканың өз алдына бөлек стиль болып қалыптасуы қоғамдық сананың өскенін, артқанын көрсетеді. Тілдің басқа стильдері сияқты публицистикалық стиль де бірыңғай болып келмейді. Бірқатар лингвистер публицистикалық стильдің жазбаша түріне саяси тақырыпқа жазылған газет, журналдардағы мақалалар, памфлет, очерк т.б. шығармаларды, шешендік сөздерді публицистикалық стильдің ауызша түріне
жатқызып жүр.
Бір сөзбен айтқанда, стилистика - лингвистиканың бір саласы болып табылады, ол ой мен сезімді сақтай отырып хабардың сан-алуан тәсілмен жеткізілуіне арналған лексикалық, грамматикалық, фонетикалық және жалпы тілдік құралдарды зерттейді.
Бір жағынан, тіл стилистикасы тұрақты сөз тіркесі, синтаксис,сөздік ерекшелігі мен функционалды және тіл асты стильдер сиякты тілдік ішкі жүйенің ерекшелігін зерртесе, екінші жағынан, - әртүрлі тілдік шаралардың мәнерлі, эмоционалды және бағалаушы қасиеттерін қарастырады. Сөз стилистикасы дара нақты мәтіндерді зерттейді, тек қана тіл грамматикасы мен стилистика сияқты белгілі нормаға сай емес, сонымен қатар осы нормалардан ауытқу негізінде де мазмұнның беру жолдарын қарастырады.
Стилистика пәнін дұрыс түсіну үшін тіл - тілдесу құралы ретінде әртүрлі жағдайда және әртүрлі мақсатта қолданылатынын айта кеткен жөн. Бір ақиқат дерегі жөніндегі мәлімдеме әртүрлі форма қабылдауы мүмкін, мысалы, тілдесудің түріне қарай – ресми, іскерлік немесе тұрмыстық, әңгімелесушілердің әлеуметтік тәнділігі және олардың арасындағы қарым-қатынасына, әңгіме тақырыбына сөйлеушінің субъективті, эмоционалды қатынасына және ақыр соңында, оный ахуалды қалай бағалайтынына тәуелді. Жоғарыда аталған факторлар факультативті, яғни, тілдесу барысында олардың барлығының бір уақытта көрсетілуі міндет емес.
Мәтінді талдау барысында сөйлеу ақпаратынын екі түрі белгілі екенін есте сақтау қажет:
а) хабардың өзектілігін құрайтың, қатынас акт ахуалымен ешбір байланыста болмайтын ақпарат;
ә) қатынас актының қатысушылары мен шарттарымен байланысты қосымша ақпарат.
Хабарламада бар ақпаратты қарастыра келе,сөз мағынасын толықтыратын тура мағынаға ие сөздер эмоционалды, мәнерлі, көркемдеуіш және функционалды-стилистикалық құрамдас бөліктерден тұратын ауыспалы мағына білдіретінін де байқағанбыз. Мысалы, girl, maiden, lass, lassie, chick, baby, young lady сөздері бірдей тура мағынаны білдіреді және бұл сөздер қатарын бір қызға біркелкі қолдануға болады, бірақ бұл аталған сөздер қолданысы қыздың сипатына қарай емес, оның сөйлеушінің оған қарым-қатынасы және әлеуметтік ахуалға қатысты болмақ. Сөздердің біріншісі girl стилистика жағынан бейтарап сөз және ол барлық синонимдік қатардың доминант сөзі, яғни ол қалған сөздердің орнын оңай баса алады. Бұл сөздің тілде ауыспалы мағынасы жоқ. Ал топтың қалған сөздері белгілі-бір ауыспалы мағынаны білдіреді. Maiden – көнерген және әдеби сөз. Lass,әсіресе, lassie сөзі ауыспалы мағынаға ие: бұлар жылы сөздер,сонымен қатар олар диалектке жатады.Chick, сөздері сленг қатарына жатады, сонымен қоса baby ұнамды, жағымды коннатацияны білдіреді,яғни көбіне жақсы қыз деген мағынаны білдірсе керек. Young lady көбіне ирониялы болып келеді. Ауыспалы мағыналар тек қана жалпыға бірдей мағынаны емес, сонымен қатар белгілі-бір салада іске асуы мүмкін, сөздердің қолданысы контекстке тәуелді.
Ақпараттың берілген екі түрінің айырмашылығын басқа жағынан да қарауға болады, яғни тіл қызметі төңірегінде. Ақпараттың алғашқы түрі тілдің интеллектуалды-коммуникативті тіл қызметімен байланысты. Екіншісі, яғни қосымша ақпарат, - басқа қызметтермен қоса,яғни: сөйлеушінің сезімін жеткізу, прагматикалық қызмет, яғни белгілі-бір оқиғаға оқырманның көңіл-күйі және түрткі болуы,тыңдарманның көңілін аулау, хабарды дұрыс қабылдауға түрткі болу және ең ақырында, эстетикалық қызмет, яғни эстетикалық сезімге берілетін әсер. Әртүрлі авторлар (К.Бюлер,Р.Якобсон және т.б.) тіл қызметінің әртүрлі топтастыруларын ұсынған болатын. Алайда қарастырылып өткен топтастыру стилистика саласында толық қарастырылған, сондықтан бұның өзі жеткілікті деуге әбден болады.

- Стилистические особенности прозы У. Голдинга на примере романа "Повелитель мух"
- Стилистические особенности рекламных текстов
- Стилистические параметры рекламного текста
- Стилистические фигуры речи в романе А. Нотомб «Антихриста»
- Стилистические черты в произведениях Г. В. Свиридова на стихи А. С. Пушкина
- Стилистический анализ жанра рецензии на дипломную работу
- Стилистическое использование неологизмов в языке рекламы
- Стереоатомный анализ гетеродесмических кристаллов активированных хромом
- Стили и методы управления персоналом
- Стили руководства
- Стили руководства и их влияние на психологический климат коллектива
- Стили руководства и их влияние на формирование морально-психологического климата в коллективе
- Стили руководства и их влияние на формирование морально-психологического климата в коллективе, на примере отдела снабжения ООО «Талдинск
- Стилистика и ее предмет