1930-1939ж саяси дағдарыстар



 

 

 

 

 

 

Мазмұны

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Кіріспе

 

ХХ ғасырдың 30-40 жылдары  арасындағы халықаралық қатынастар тарихы тым күрделі. Осы кезең  аралығында Германия, Италия, Жапония бастаған фашистік және милитаристік мемлекеттер Версаль-Вашингтон жүйесіне наразы болып, дүниені қайта бөлуге, негізінен Англия, Франция, АҚШ және олармен байланысты елдер бақылауында болған отар, шикізат көздері мен өткізу рыноктарын басып алуға жанталасты. Германия өз көршілерін табанына салуды, КСРО-ны талқандауды, Африка мен Таяу Шығыста жаңа отарлық империя құруды көздеді. Италия Жерорта теңізін «Итальян көліне» айналдыруды, Балкан түбегі мен Таяу Шығыс елдері, Африканың шығыс және солтүстігінің бір бөлігін өзіне бағындыруды жоспарлады. Жапония Қытай және Кеңес Одағының Азиялық бөлігін, сондай-ақ Бирма (Мьянма), Индонезия, Филиппин мен басқа «оңтүстік теңіз» елдерін өзіне қаратуды көздеді. Ең ірі фашистік-милитаристік мемлекеттер - Германия мен Жапония дүниежүзілік үстемдікке ұмтылды. Жапонияның басқарушы топтары өз мақсаты «дүниенің сегіз бұрышын бір шаңырақ астына, яғни Жапония қол астына біріктіру» деп ашық жариялады. Фашистік Германия үкіметінің басшысы Гитлер 10 ақпан 1939 жылы неміс әскери қолбасшылығының құпия мәжілісінде сөйлеген сөзінде өз саясатының мақсатын а) Еуропада үстемдік, ә) жүз жылдық дүниежүзілік үстемдік деп айқын белгіледі.

Екінші дүниежүзілік соғыс басталмай тұрып-ақ Италия, Германия және Жапонияның басқарушы  топтары агрессиялық жолға түсті. Италия Эфиопия (Абиссиния) мен Албанияны, Германия Австрия мен Чехословакияны басып алды. Жапония 1931 жылы Маньчжурияны (Солтүстік-Шығыс Қытай) оккупациялады, ал 1937 жылы Орталық Қытайда соғыс қимылдарын бастап, Пекин, Шанхай, Нанкин сияқты Қытайдың ірі қалаларымен қоса үлкен территорияларын өзіне қаратты. 1938 жылы жапон милитаристері Хасан көлі ауданында Кеңес Одағына, ал 1939 жылы Халкин-Гол өзені алқабында Моңғол Халық Республикасының территориясына енді. Кеңес және моңғол әскерлері басып алушылардың шабуылына тойтарыс берді.

Міне, осы сияқты елеулі оқиғалар орын алған ширек ғасырдай уақыт аралығындағы әлемдік тарихқа өзгеріс енгізген кезеңнің келбетін сомдап шығу, саяси-экономикалық дағдарыстардың себебін талдап, мәніне бойлау өз өзектілігін әлі күнге жоғалтқан жоқ деп санаймын. Сондықтан да осы шағын курстық жұмыста аталған мәселелердің байыбына баруға талпыныс жасалды.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

1-тарау. ХХ ғасырдың 1930 жылдарының бірінші жартысындағы халықаралық қатынастар: барысы мен дағдарысы

 

Бұл – қысқа ғана уақыт (5 жыл). Алайда осы уақыттың ішінде халықаралық  қатынастар елеулі түрде түбірінен өзгерді. Бұған дейін 1919 жылдан 1923 жылға дейін соғыстан кейінгі халықаралық қатынастар жүйесі қалыптасты. 1919 жылы – Париж конференциясы (Версаль келісімі және еуропа елдері арасындағы көптеген шарттар); 1922 жылы – Вашингтон конференциясы. Версаль-вашингтон жүйесін құрушылар көптеген жылдар бойы бейбіт түрде даму қамтамасыз етілді деп санады. Версаль-Вашингтон жүйесінің мызғымастығының кепілі – Ұлттар Лигасы болды. Аталған жүйені құрушылар бірінші дүниежүзілік соғыстың туындау себебі отарлау, әлемді бөлісу екендігін түсінді. Осы проблеманы жұмсарту үшін Ұлттар Лигасы «мандаттық жүйені» енгізді, яғни Ұлттар Лигасы отарларды басқаруға уақытша өкілеттік берді. Дегенмен бұл кейбір мемлекетті қанағаттандыра алмады.

30-жылдардың басында-ақ Версаль-Вашингтон жүйесінің өзін-өзі ақтамау белгілері біліне бастады. Мұның басты себебі неде? Бұл ірі державалардың алауыздығының салдары болды. Англия көшбасшы ролін алып жүре алмады. Сондай-ақ ағылшын үкіметінің антисоветтік позициясы да оның басшылығын басқа бағытта ойлануына кедергі жасады. Сол сияқты Версаль-Вашингтон жүйесі ғаламдық сипат иелене алмады. Өйткені құрлықтың 1/6 бөлігін алып жатқан СССР бұл жүйеге жатпады. Осы жағдайда Ұлыбританияның ролі арта түсті. Осындай жағдайда сөзсіз көшбасшы болуы тиіс әлемдегі ең бай АҚШ-та бұған қатысқысы келмеді, оқшаулану саясатын ұстанды. АҚШ өзі құрса да Ұлттар Лигасына да кірмеді. Ақыр соңында мұндай ахуал жаңа жарылыстарға алып келді.

30-жылдардың басында бұған тағы  бір тұрақсыздандырғыш фактор  қосылды: экономикалық дағдарыс. Дағдарыстар – нарықтық жүйенің ажырамас бөлігі, ол ауық-ауық орын алып тұрады. Өндіріс шырқау шегіне жетеді де, содан кейін құлдырау немесе дағдарыс орын алады. Орташа алғанда экономикалық дағдарыстар 10 жылда бір қайталанып отырады. 1929 жылы басталған дағдарыс ерекше болды. Біріншіден, өнеркәсіп өндірісі қысқарып қана қойған жоқ, ғасыр басындағы жағдайға бір-ақ түсті; екіншіден, ол ауқымды болды, бүкіл елді дерлік қамтыды. Бір ғана Еуропаның өзінде жұмыссыздық 30 млн. адамға жетті. Үшіншіден, ол 1932 жылы аяқталды, яғни 3 жыл болды. 30-жылдардың тарихқа «Ұлы дағдарыс» деген атпен енуі тегін емес. Батыс елдері дағдарыстан шығу жолдарын іздестірудің орнына бірін-бірі кінәлады. Нәтижесінде бұл дағдарыс бірінші кезекте ұтылыс тапқан елдерді, атап айтқанда Германияны қозғалтты. Немістер мұндай ахуалдың орнауына жеңушілерді кінәлады, өз үкіметін де әлсіз деп айыптады. Германиядағы тағы бір фактор – демократиялық немесе республикалық институттардың әлсіздігі. Германиямен қатар тағы бір зардап шекккен ел болды. Ол – Жапония. Осы кезге дейін Жапонияда едәуір территория болды: Корея, Сахалин, Тайвань. Ол неліктен бұған қанағаттанбады? ХХ ғасырдың басынан бастап ол Қытайға көз тіккен еді. Бірінші дүниежүзілік соғыстың нәтижесінде осы ниетін іске асырамын деп ойлады. Алайда бұған қолы жетпеді. Сондықтан да Жапонияның соғыс нәтижесіне көңілі толмады. Бұл кезде Жапонияда да демократиялық институттар әлсіз еді.

Германия мен Жапония өз аймақтарындағы шешуші елдер болды, бұл кейін  елеулі салдарларға алып келді.

Жапонияның сыртқы саясаты Қытайға қарай бағытталды. Жапонияның сыртқы істер министрі Танаканың меморандумы қалыптасты. Ол Жапонияның әлемді жаулап алу жоспары болды. Мұның бірінші қадамы Маньчжурия мен Монғолияны басып алу еді. Сөйтіп Жапония әрекет жасай бастады. Вашингтон жүйесі Жапонияның іс-әрекетіне орай күйреді. Еуропада да жағдай өзгерді.

Осындай жағдайда Францияның позициясы әлсіз болды. Ол іс жүзінде оқшау күйінде қалды. Яғни ол өзінің басты жауы Германиямен бірге қалды. Францияның сыртқы саясаты Еуропадан жаңа тірек іздей бастады. Бастапқыда Франция «шағын Антантаға» иек артты, яғни Румыния, Чехословакия, Югославия елдеріне үміт артты. Бірақ бұл әлсіз тірек еді. Сондықтан ол СССР-ге назар тікті. Алғашқыда ол 1932 жылы шабуылдамау туралы шартқа қол қойды, кейін әскери одақ құрды.

Германиядағы миллиондаған көңілі толмаған адамдар фашизмнің  базасы болды. Гитлердің билік басына келуіне жағдай жоқ болды. Өйткені  КПН мен СДПГ-нің сол қозғалысы  өте күшті болды.

30-жылдардың бірінші жартысында  дүниежүзілік істерде КСРО ықпалының өсуін 1934 жылы буржуазиялық-помещиктік Румынияның Кеңес мемлекетімен 1918 жылдың өзінде үзіліп қалған дипломатиялық қатынастарды қалпына келтіру жөніндегі факт айқын бейнелейді. Румын билеуші топтары осындай жолмен бірінші дүниежүзілік соғыстан кейін белгіленген шекараларды қарудың күшімен ревизиялауға ниеттенген агрессияшыл мемлекеттерге қарсы КСРО-ның дипломатиялық қолдауын арқа тұтуға тырысты. Румынияның Кеңес Одағымен байланыстарының қаншалықты маңызды екенін көрсете келіп, румын буржуазияшыл авторы былай деп жазды: «Румынияның тікелей немесе жанама қауіпсіздік проблемасы... румын ұлтының тағдырында қазірдің өзінде айқындаушы роль атқарған және әлі де атқаратын шығыстағы көршімен біздің өзара қатынастарымызды жеткілікті түрде ұқпайынша шешілуі мүмкін емес». КСРО-мен жақындасуға румын үкіметін демократияшыл күштердің күресі де итермеледі, ал бұл күштер тек шығыстағы ұлы көршімен достық және тығыз ынтымақтастық жолымен ғана Румыния өзінің тәуелсіздігі мен территориялык тұтастығын қорғай алатынын ұға білді. КСРО-ның Румыниямен дипломатиялық қатынастарының калпына келтірілуі ешқандай да кеңес территорияларының аннекциясын мойындау деген сөз емес.

Бейбітшілікті сақтауды жақтайтын  күштерді біріктіруге ұмтыла отырып 1933 жылғы желтоқсанда ВКП(б) Орталық Комитеті бейбітшілікті сақтау және агрессияны болдырмау мақсатында Еуропада ұжымдық қауіпсіздіктің тиімді жүйесін жасау жолындағы күресті өрістету туралы тарихи қаулы қабылдады. Ұжымдық қауіпсіздік идеясы Кеңес Одағы үшін де, бейбітшілікті сақтауға мүдделі капиталистік мемлекеттер үшін де мейлінше нақтылы да қолайлы еді. ВКП(б) Орталық Комитетінің Саяси Бюросы Европада коллективтік қауіпсіздік жүйесін жасаудың Сыртқы істер халық комиссариаты әзірлеген жоспарын мақұлдады. Бұл жоспарда былай делінген:

1. KCPO белгілі шарттар бойынша Ұлттар лигасына кіруге келіседі.

2. Ұлттар лигасы шеңберінде Германия  тарапынан болатын агрессиядан  бірін-бірі қорғау туралы аймақтық  келісім жасасуға КСРО қарсы  емес.

3. КСРО бұл келісімге Бельгияның, Чехословакияның, Польшаның, Литваның, Эстонияның және Финляндияның немесе осы елдердің кейбіреулерінің қатысуына келіседі, бірақ Франция мен Польшаның қатысуы міндетті.

Сондай-ақ документте КСРО-ның  осы халықаралық ұйымға кіруінің шарттары ретінде Ұлттар лигасы статусының кейбір баптарын қайта қарау қажет делінді. Атап айтқанда, халықаралық жанжалдарды шешудің құралы ретінде 12-баптың соғысқа рұқсат ететін пунктін алып тастау, сөйтіп бұл бапты Бриан-Келлог шартына сәйкестендіру жөнінде мәселе қойылды. Ұлттар лигасының барлық мүшелері үшін нәсілдік және ұлттық тең праволылық міндетті екені жөнінде пункт енгізу ұсынылды. Осылардың бәрінен империализмнің отаршылдық жүйесіне қарсы, халықтардың тең праволылығы мен суверенитеті жолында күресуші Кеңес Одағының дәйекті бағыты көрінді.

КСРО-ның, АҚШ-тың, Жапонияның, Қытайдың және басқа мемлекеттердің қатысуымен аймақтық Тынық мұхит  шартын жасасу туралы, АҚШ үкіметіне 1933 жылы қарашада берілген кеңес ұсыныстарымен  бірге Еуропадағы ұжымдық қауіпсіздіктің кеңестік жоспары дүние жүзінің  бөлінбейтіндігі жөніндегі концепция мен бейбіт қатар өмір сүру принципін бейнелей отырып, әр түрлі әлеуметтік-экономикалық жүйелер мемлекеттерінін күш-жігер біріктіру арқылы бейбітшілікті қамтамасыз етудің сенімді жолын көрсетті.

30 жылдары Германия  мен Жапония соғыс ошақтарына айналды. 1933 ж. фашистік диктатура орнағаннан кейін Германия империализмінің ең алдымен СССР-ге қарсы бағытталған екпінді күшіне айналды. Германияның фашистік үкіметі бүкіл дүние жүзін жаулап алып, үстемдік жүргізу жоспарын жүзеге асыруға тырысты. Жапония мен Италия да дүниені қайта бөлуді қалады. СССР-ге ғана емес, Ұлыбритания, Франция, АҚШ-қа да қауіп төнді. Капиталистік  елдердің антисоветтік топтары Германияны СССР-ге айдап салып, екеуін де әлсірету, СССР-ді фашистердің қолымен жою саясатын жүргізді. Капиталистік және социалистік жүйелер арасындағы басты қайшылық екінші дүниежүзілік соғыс алдында осылай байқалды.

1933 жылы фашистік Германия  мен милитаристік Жапония Ұлттар  лигасынан шығып, агрессия жолына  түскеннен кейін осы халықаралык ұйымды соғыс өртін тұтандырушылардың белгілі дәрежеде тосқауылға айналдыруына мүмкіндік туды.

Өкімет басына келген кезде герман фашизмінің халықаралық  қатынастар жүйесін жасау жөнінде  өз жоспары болған еді. Бұл жоспардың негізгі пункті: Германияның дүниежүзілік үстемдігін орнату, соғыс ашу жолымен тұңғыш социалистік мемлекетті жою болды.

Герман нацизмінің идеологтары  Кеңес Одағын тіпті мемлекет деп  атағысы да келмей, КСРО-на қарсы  қандай да болсын соғыс ашуды толық  заңды деп ашықтан-ашық жариялаудан  тайынбады. Гитлер өзінің «Майн-кампф» деген аты шулы кітабында былай деп жазды: «Біз, национал-социалистер соғысқа дейінгі кезеңнің сыртқы саясатының бағытын саналы түрде бекерге шығарамыз. Біз бұдан 600 жыл бұрын тоқтап қалған бағытта қозғалысты қайта бастаймыз. Біз германдықтардың Еуропаның оңтүстігіне, Еуропаның батысына белгілі қысым жасауын тоқтатамыз, сөйтіп өзіміздің назарымызды шығыстағы жерлерге аударамыз. Ең соңында, біз соғысқа дейінгі жылдардың отарлық және сауда саясатын аяқтап, болашақтағы территория жөніндегі саясатына көшеміз. Ал егер біз бүгін Еуропадағы жаңа жерлер туралы айтсақ, онда ең алдымен біз тек.... Ресей туралы ойлай аламыз».

1933 жылдың қаңтарында  Гиндербург Гитлерге үкіметті  қалыптастыруды тапсырды. Осылайша  Еуропаның ортасында жаңа мемлекет пайда болды. Гитлер барлық мәселені соғыс арқылы шешуге бағыт ұстады. Алайда ол: «Біз әлі соғысуға дайын емеспіз, бізге қайта қарулану қажет» деді. 1933 жылы Германия Ұлттар Лигасынан шықты. Бұл жалпы еуропалық ахуалға соққы болып тиді, шын мәнінде ол Версаль жүйесінің күйреуі еді. Бұған Англия жаңа жоспар ұсынды. Ол Англия, Франция, Италия және Германия төртеуі пактіге қол қойып, барлық даулы мәселелерді талқылап, шешуді ұсынды. Гитлерге бұл идея ұнады, өйткені мұндай жағдайда Германия толыққанды еуропа елдерінің мүшесі болатын еді. Алайда Франция бұған теріс қарады. Өйткені Германия территорияны қайтаруды талап етеді деп санады. Шағын Еуропа (Польша, Румыния, Чехословакия) да ағылшын ұсынысымен келіспеді (өйткені олар да Герман территориясын алған еді).

Германияда ашықтан-ашық фашистік диктатура орнатып, Гитлер толып жатқан мәлімдемелері мен  сөздерінде өзінің «Майн-кампфта» баяндаған  сыртқы саяси бағдарламасын тағы да растады. Мәселен, ол Германия қарулы күштерінің барлық түрлерінің қолбасшыларымен құпия кездесу кезінде 1933 жылғы 3 ақпанда «Шығыстағы тіршілік кеңістігін жаулап алу және оны аяусыз отарлау» қажеттігі жөнінде айтты.

Гитлерлік Германияның, ал сонымен  бірге фашистік Италияның және самурайлык Жапонияның дүниежүзін зорлықпен кайта  бөлуге ұмтылғаны ешкімге де құпия болған жоқ. Олардың «жаңа дүниежүзілік тәртіп» құру бағдарламасы КСРО-ны жоюмен қоса бірінші дүниежүзілік соғыс қорытындыларын сол соғыста жеңілген немесе құралақан қалған империалистік елдердің пайдасына ревизиялау, империалистік экспанцияны тежейтін қандай да болсын халықаралық-құқықтық нормалардан шын мәнісінде бас тартылды, халықаралық қарым-қатынаста күш қолдануды заңдастыруды, ал болашақта үш елдің - фашистік герман, итальян және жапон елдерінің дүниежүзілік үстемдігін орнатуды көздеді.

Агрессияшыл фашистік мемлекеттер  ұсынған халықаралық қатынастардың  қалыптасқан жүйесін қирату, сондай-ақ Версаль-Вашингтон жүйесін талқандауға  американ, британ және француз империализмінің  үстем позицияларын бұзуға бағытталған  болатын. Гитлер ашықтан-ашық былай деді: «Мынаны біржола және әбден ұғып алыңдар: біздің Версальға қарсы күресіміздің және бүкіл дүниежүзіндегі жаңа тәртіп орнату үшін күресіміздің мәні бір-ақ нәрсе және біз қандай да болсын шекарада тоқтап қала алмаймыз. Біз өз жүйемізді бүкіл дүниежүзінде жүзеге асырамыз, оны барлық халықтарға телиміз».

АҚШ-тың, Ұлыбритания мен Францияның басшылары фашистік агрессорлардың жоспарларына қалай қарады? Фашистік агрессияның таралуы өз мемлекеттеріне каншалықты мерт етерлік қатер төндіретінін елемеген болып, буржуазиялық-демократиялық мемлекеттердегі билеуші топтардың бір бөлігі гитлерлік Германия мен милитаристік Жапонияны Кеңес Одағымен қақтығыстырамыз, сөйтіп «екі қоянды бірдей өлтіреміз», Кеңес мемлекетін құртамыз және антикеңестік соғыстың барысында өздерінің кауіпті империалистік бақталастарын әлсіретеміз деп дәмеленді. Ал бүл елдердің неғұрлым көреген саясатшылары Гитлердің Ұлыбританияның отарлық монополиясына іріткі салып, Францияда оның бірінші дұниежүзілік соғыстың нәтижесінде алғанының бәрін тартып алмақшы екенін, Муссолинидің Жерорта теңізін «итальян көліне» айналдырмақ ниеті Англия мен Франция мүдделеріне соққы жасайтынын, Жапонияның Қытайға агрессиясы Қиыр Шығыстағы американ және Британ мүдделеріне қатер төндіретінін көре білді.

Әйтсе де соғыс алдындағы кезеңде  АҚШ-тың, Англия мен Францияның билеуші  тобында фашистік агрессорларды  «татуластыру» саясатын ұстанғандар  жеңіп шықты. Американ тарихшысы  Ф.Шуман Англияның, Франция мен  АҚШ-тың саясатын сипаттай келіп, Батыс  державалардың дәулетті алыптары «фашизмді дәріптеп, өздерінің мүдделері фашизм сақталған және кең таралған күнде қамтамасыз етілер еді деп ойлады», - деп жазды. Ол ол ма, бұл елдердің көптеген саяси қайраткерлері «фашистік үштікке ерік беру... Кеңес Одағына герман-жапон шабуылын жасауға әкеп соғады, осындай жолмен цивилизацияны «большевизмнен қорғап қалуға» болады. Франция, Англия және Америка «фашизм мен коммунизм бір-бірін жойғанша» бейтарап болып қалады деп үміттеніп, соған сенді.

Ағылшын билеуші тобының жоспарларын  баяндай келіп, лорд Ллойд 1934 жылы былай деді: «Біз КСРО-ға қарсы әрекет жасау үшін Жапонияға еркіндік береміз. Ол корей-манчжур шекарасын Мұзды мұхитқа дейін кеңейтіп, өзіне Сібірдің Қиыр Шығыс бөлігін қосып алатын болсын. ...Біз Германияның қарулануына еркіндік береміз... Біз Германия үшін Шығысқа жол ашамыз, сөйтіп оған мейлінше қажет болып отырған экспансия мүмкіндігін қамтамасыз етеміз. Осы арқылы Жапония мен Германияны өзімізден аулақтатуға және КСРО-ын ұдайы қауіп-қатерде ұстауға болады». Екі жылдан кейін Ұлыбритания премьер-министрі С.Болдуин былай деді: «Гитлер өз кітабында баяндаған, Шығысқа қарай қадам басса, менің жүрегім жарылып кетпес еді... Егер де Еуропада іс төбелеске дейін барса, онда мен бұл төбелестің большевиктер мен нацистер арасында болғанын тілер едім».

Гитлердің Германияда өкімет басына келісімен-ақ, бір жағынан, Англия мен  Франция арасында, екінші жағынан, фашистік мемлекеттер - Германия мен Италия арасында француз герман қайшылықтарын реттеу, ал ең бастысы - «Кеңес Одағын Батыс  Еуропадан оқшау қалдыру» мақсатында әскери-саяси одақ құруға әрекет жасалды. 1933 жылғы 15 шілдеде Римде халықаралық қатынастар тарихына «төртеудің шарты» деген атпен кірген, «келісім мен ынтымақтастық» шартына қол қойылды.

Бұл шарт Европаның шағын елдерінде өте-мөте абыржушылық туғызды, өйткені олар А.В. Луначарский жазғандай, төрт держава біріккен күнде өздерін «қатыгез бақташылар өзара талапайға салатын қотандағы қой сияқты» сезінетін еді.

Ұлы державалардың «қасиетті одағына» қарсы шыға отырып, француздың «Журнал» газеті былай деп жазды: «Польшаның сол аяғын, Чехословакияның оң қолын және Румыниянын екі аяғын кесіп тастамас бүрын, сондай-ақ Югославияны аяқ-қолсыз қалдырмас бұрын, ең болмағанда, әдет-ғұрып бойынша, солай істеу үшін аурудын келісімін алу керек кой». Шартқа қатысушылар арасында өрістеген алауыздықтар, Кіші Антанта елдері мен Польшаның күрт наразылығы салдарынан «төртеудің шарты» бекітілмеген күйінде қалды.

Германия өз позициясын нығайту үшін 1934 жылдың қаңтарында Польшаға шабуылдамау туралы пактіге қол қоюды ұсынды. Польша мұнымен келіседі. Осы арқылы ол ұжымдық қауіпсіздік жүйесін үзді, енді ол өзі арқылы совет әскерін өткізе алмайтын еді.

Соғыс қаупі жағдайында СССР бірнеше  елмен күш біріктіру арқылы ұжымдық  қауіпсіздік жүйесін құрып, басқыншыларды тежеу саясатын жүргізді. 1935 ж. Франциямен және Чехословакиямен өзара көмек шартын жасады. Совет мемлекеті елдің қорғанысын нығайтып, оның соғыс-экономикалық потенциалын дамытуға бағытталған шараларды жүзеге асырды.

2-тарау. 1935 жылдардан кейінгі кезең: халықаралық қатынастардың ширығуы

 

КСРО-ның Ұлттар лигасы шеңберінде бейбітшілік пен коллективтік қауіпсіздік  жолындағы табанды күресі оның халықаралық  беделі мен ыкпалының одан әрі  өсуіне жәрдемдесті. Ұлттар лигасының трибунасынан кеңес өкілдері Эфиопияға шабуыл жасаған фашистік Италияға қарсы экономикалық жазалау шараларын қолдануға шақырды. Кеңес үкіметі Итальян агрессиясын ақтаудың барлық айла-шарғысын қабылдамай тастады. Италия үкіметіне 1935 жылғы 22 қарашада жолдаған нотасында ол басқа да елдер сияқты толық праволы мемлекет болып табылатын Эфиопияға қарсы агрессияны барынша үзілді-кесілді айыптады. «Мәселені басқаша қою, -делінген нотада, - Ұлттар лигасы негіздерін теріске шығару, бұдан былай агрессияны қолпаштау және Кеңес үкіметі саясатының негізі больш табылатын, әрі сол үшін де Ұлттар лигасына кірген, жалпыға бірдей бейбітшілік сақтау мен нығайту ісінде халықаралык ынтымақ көріністерінің мүмкіндіктерін теріске шығару» болар еді.

Кеңес Одағы Ұлттар лигасының шеңберінде Еуропада ұжымдық қауіпсіздіктің аймақтық жүйесін - шығыс шарты дейтінді құру, сондай-ақ Тынық мұхит шартын жасасу үшін көп күш-жігер жұмсады. Империалистік мемлекеттердің реакцияшыл билеуші топтарының қарсылығы салдарынан бұл жобалар жүзеге асырылмай қалды. Әйтсе де 1935 жылы Кеңес Одағының Франциямен және Чехословакиямен өзара көмек туралы шарттар жасасуының сәті түсті, бұл шарттарда агрессорға коллективті түрде тойтарыс беру үшін белгілі бір негіз қаланды.

Көрнекті француз саясатшылары мен ғалымдары КСРО-мен тығыз  саяси ынтымақтастықты жолға қоюды жақтап, оны Франция үшін тек мүмкін боларлық қана емес, сонымен бірге өмірлік қажетті нәрсе деп санады. 1935 жылы Парижде басылып шыққан «Франция мен Кеңес Одағы» деген кітапта былай деп жазылды: «Франция сиякты мемлекет үшін Кеңес Одағымен, өзінің  ниеттері және  мұраттары  жөнінен  күшті  айырмашылығы  бар мемлекетпен тығыз ынтымақтастық орнату мүмкін бе? Екі ел арасындағы жақындасу олардың өмірлік мүддесіне сай келсе, режимдердің айырмашылығы қаншама терең болса да, ондай режимдердің ешқайсысы мұндай тиімді жақындасуға ешқашан да бөгет болмайтынын тарих дәлелдеді». КСРО-мен одақтасуға шақыра келіп, Эдуард Эррио 1935 жылы былай деді: «Сонымен, мен картаны зерттеп отырмын. Одан мен бізге қажетгі қарама-қарсы екінші жақ боларлық және соғыс бола қалған күнде екінші майдан құра аларлық тек бір елді ғана көремін. Бұл - Кеңес Одағы... Менің пікірімше, мұны даму логикасының өзі және тіпті қарапайым парасатты ой талап етіп отыр».

Халықаралық коммунистік қозғалыс фашизмге және жаңа империалистік соғыс қатеріне қарсы күресті ұйымдастыру мәселелерін өз қызметінің арқауы етті. 1935 жылы жазда Коммунистік Интернационалдың VІІ конгресі болып, онда бұл мәселелер терең жан-жақты талқыға салынды. VІІ конгрестің баяндамалары мен қарарлары фашизмге соғыс қатеріне қарсы күресте барлық коммунистік партиялардың айбынды программасы болды. Бұларда ВКП(б) мен Кеңес мемлекетінің осы күрестегі жетекші ролі атап көрсетілді. «Империалистердің жаңа дүниежүзілік соғысты әзірлеуіне байланысты Коммунистік Интернационалдың міндеттері туралы» қарарда былай делінді: «Социалистік және капиталистік дүние арасындағы негізгі қайшылык бұрынғыдан да шиеленісе түсті. Әйтсе де өзінің өскелең қуаты арқасында Кеңес Одағы империалистік державалар мен олардың вассалдарының қазірдің өзінде әзірленген шабуылын болдырмай, барлық соғыс өртін тұтандырушыларға қарсы бейбітшіліктің дәйекті саясатын өрістете алады. Сөйтіп, Кеңес Одағы тек таптық жағынан саналы жұмысшыларды ғана емес, сонымен бірге капиталистік және отар елдердегі бейбітшілікке ұмтылған барлық еңбекші халықты тартатын күшке айналды. Оның бер жағында КСРО-ның бейбітшіл саясаты империалистердің Кеңес Одағын оқшау қалдыруға бағытталған жоспарларын бұзып қана коймай, сонымен бірге бейбітшілікті сақтау ісінде соғыс өздерінің тәуелсіздігіне қатер төндіре отырып, ерекше қауіпке киліктіретін шағын мемлекеттермен, сондай-ақ қазіргі сәтте бейбітшілікті сақтауға мүдделі болып отырған басқа мемлекеттермен ынтымақтасуға да негіз қалады.

Ұлтшылдық және нәсілдік араздыққа  пролетарлық интернационализмді қарсы қоятын КСРО-ның бейбітшіл саясаты тек Кеңес елін қорғауға, социалистік құрылыс қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ғана кірісіп қойған жоқ, ол барлық елдер жұмысшыларының өмірін, барлық езілгендер мен қаналғандардың өмірін қорғайды, ол шағын ұлттардың ұлттық тәуелсіздігін қорғайды, ол азаматтың өмірлік мүдделеріне қызмет етеді, ол мәдениетті әскери тағылықтан қорғайды».

Бұл қарарда кеңес сыртқы саясатының 30-жылдары бұлжымай сақталған негізгі  принциптерінің - бейбіт қатар өмір сүру принципінің табиғи өзара байланысы айқын көрсетілді. Қарар кеңес сыртқы саясатын таптық мәнінен жүрдай етпекші болып, оны КСРО-ның «батыс демократтарымен» принципсіз ымыраласуы деп көрсетуге тырысатындарды әшкерелейді. Коминтерннің VІІ конгресінде сөйлеген сөзінде П.Тольятти былай деп мәлімдейді: «Мен Кеңес Одағының саясаты бейбітшілік саясаты екеніне күмәнданатын бірде-бір адам жоқ деп ойламын, Кеңес Одағының бейбітшілік саясатын жүргізіп отырғаны жөніндегі фактінің өзі қайсыбір кездейсоқ нәрсе емес. Қайсыбір өткінші коньюнктурамен байланысты емес. Бұл саясат - Кеңес өкіметінің өз табиғатынан, оның бүкіл даму тарихынан, оның өзін танытатын нәрсенің табиғи құбылысы».

Халықаралық пролетарлық  бірлік жолындағы күрес сол жылдары  жаңа күшпен өрістеді. Бұған испан республикашыларының фашизмге қарсы қаһармандық күресін халықаралық пролетариаттың қолдауы айқын айғақ бола алады. Испан Республикасы үшін интернационалдық бригадаларда 54 елдің өкілдері шайқасты.

Жалпы бұл кезең оқиғаларға толы болды. Бұл кездегі айтулы оқиға Мюнхен келісімі мен совет-герман пакті болды. 1935 жылдың көктемінен бастап Гитлер Версаль жүйесіне тікелей шабуыл бастады. Бірінші қадамы 1935 жылдың 16 наурызындағы Германияға жалпыға бірдей әскери міндеттілікті енгізу болды. Бұл Версаль келісімін тікелей бұзу еді. Гитлердің келесі қадамы Рейн аймағын басып алуы болды. Бұл шара ашық соғыс сипатын иеленді.

Гитлер батыс елдерінің  мұндай тәртіп бұзушылыққа қатаң  шектеу қоймайтынын түсінді. Өйткені  Гитлердің билікке келуін олар нақты  қауіп деп санаған жоқ. Оны  ұзақ уақыт мықты ұлттық лидер деп қана есептеді. 20-жылдардың ортасынан бастап батыс елдері Германияны әлсірету саясатын жүргізді. Германияда тыныштық орнату саясаты осылай туған еді. Оның авторы Ұлыбританияның премьер-министрі Чемберлен болды. Оның пікірінше, басты қауіп Германияның әрекетінде емес, ахуалдың даму барысына бақылау орната алмауда болды.

Жоғарыда айтқанымыздай  гитлерлік Германия дүние жүзілік соғысқа дипломатиялық, стратегиялық, экономикалық жағынан даярланды.

1936 ж. Германия мен  Жапония «Антикоминтерн пактісіне» қол қойды, бұған 1937 ж. Италия қосылды. Жапония 1931 ж. Қытайда, Италия 1935—36 ж. Эфиопияда, Германия мен Италия 1936—39 ж. Испанияда соғыс жүргізді. 1938 ж. Германия Австрияны қосып алды. Германия тарапынан қауіп төнгенде, Чехословакия (Э. Бенеш үкіметі) СССР көмегінен бас тартты. Англия, Франция «араласпау» саясатын ұстады. Олар 1938 ж. Мюнхен келісіміне қол қойып, Чехословакияның Судет облысын Германияның басып алуына келісті. Германия 1939 ж. наурызда Чехословакияны, Литваның Мемель облысын, сәуірде Италия Албанияны басып алды. Ұлыбритания мен Франция өз мүдделерін қорғап қалу үшін Польша, Румыния, Греция, Түркияның «тәуелсіздігіне кепілдік» берді. Франция Польшаны Германия шабуылынан қорғауға міндеттенді. Ұлыбритания, Франция үкіметтері қоғамдық пікірден сескеніп әрі Германияға қыр көрсету үшін 1939 ж. СССР-мен Москва келіссөздерін жүргізді. Бірақ олар ұжымдық қауіпсіздік шартына келіспеді. Совет Одағы сәтсіз келіссөзді тоқтатып, өз қауіпсіздігі үшін Германиямен өзара шабуыл жасаспау пактісіне (1939 ж. 23 тамыз) келісті.

1937 жылы жапон соғысқұмарлары әскери қақтығыстарды кең көлемде ұлғайта түсті. Қысқа мерзім ішінде маңызды сауда-өнеркәсіп орталықтары - Шанхайды, Пекинді, Тяньцзинді және басқаларын басып алды. Ұлттар лигасында сөз сөйлеген кеңес өкілі оның мүшелерін Жапонияның Қытайға қарсы агрессиясына тойтарыс беруді ұйымдастыруға шақырды. «Мен, - дейді ол, - Ұлттар лигасы... Испанияға да, сондай-ақ Қытайға да бүл елдердің одан кішіпейілділікпен сұрағанынан анағұрлым күшті көмек көрсете алады деп сенемін... Мен Ұлттар лигасының батыл саясаты бізді агрессияның қалған баска оқиғаларынан құтқарар еді деп кәміл сенемін». 1937 жылғы 3 қарашада Брюссельде шақырылған халықаралық арнаулы конференцияда КСРО «Қиыр Шығыста бейбітшілікті сақтауға мүдделі державалардың ынтымағын пәрменді іс-қимылын» жақтап сөз сөйледі. Бірақ Англия да, AҚШ-та  жапон агрессиясына бөгет жасағысы келмеді, өйткені оның ұлғая түсуі КСРО мен Жапония арасындағы соғысқа әкеп соқтырады деп үміттенді «Нью-Йорк таймс» газеті Брюссель конференциясынан түк шықпағанына түсініктеме бере келіп, бұған американ үкіметінің жауапты екенін атап көрсетті. «Құрама Штаттар өзіне тікелей төніп отырған қауіптен өзінің қарақан басын аман сақтау үшін шеттеп қалатынын дүние жүзі білуге тиіс еді. АҚШ саясатына басшылық еткен бір топ американдықтардың дүние жүзін фашистік үлгіде қайта бөлуді көзбе-көз көруге әзір екенін, бұған араласпаудың және мұндай қайта бөлудің сайып келгенде олардың өздері үшін қауіпті екенін ұқпайтынын диктаторлар сезуге тиіс еді».

Қытай халқы үшін осындай  ауыр кезде Қытайға дипломатиялық  және басқа көмек көрсеткен бірден-бір  ел Кеңес Одағы болды. 1937 жылғы 27 тамызда ол Қытаймен тиіспеу туралы шарт жасасып, өзінің достық сезімін  және жапон басқыншыларына қарсы  күресте ауыртпалығын жеңілдетуге әзір екенін атап көрсетгі. 1938-1939 жылдары КСРО Қытайға жалпы сомасы 250 миллион доллар несие берді, соның есебінен 900-дей самолет, 82 танк, 1200-ден астам зеңбірек пен гаубица, 9,5 мыңнан астам пулемет, тағы басқаларын берді. Ағылшынның буржуазияшыл тарихшысы К.Мидлмас КСРО Қытайды әскери материалдарымен жабдықтап, тағы да «агрессияға қарсы бостандық дүниесінің басшысы ретінде көзге түсті» деп атап көрсетті. Қытай халқының әділетті соғысына кеңестің 3,5 мыңнан астам әскери маманы қатысты. КСРО-нан барған 200-ден астам ерікті осы күресте каза тапты.

1930-1939ж саяси дағдарыстар