1978-1979 Ирандағы Ислам ревалюциясы



                    ҚР Білім және ғылым министрлігі

Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды  мемлекеттік университеті

 

 

       

   Курстық  жұмыс

 

тақырыбы:1978-1979 Ирандағы Ислам ревалюциясы

  

 

 

 

 

                                        Тексерген:

                                   Орындаған:  Кыдырәлиев М.

 

                                

 

 

                    

 

 

              Қарағанды 2012

МАЗМҰНЫ

КІРІСПЕ…………………………………………………………………………     3

1 Иран ислам революциясы және Иран Ислам республикасының жариялануы…………………............................    7

1.1  «Ақ революция» Шах режимінің дағдарысы...................…………………......   7

1.2 Антишахтық қозғалыстың женіске жетуі және Иран Ислам Республикасының жариялануы........................................................................................…………... 12

2  Революцияның иранның саяси құрлымына әсері және оның қарқынының қалыптасуы........................................................  21

2.1   Аятолла Хомейнидің Мемлекетті басқару туралы көзқарасы…….........…...  21

2.2 Жаңа конституцияның қабылдануы және оның алғашқы қадамдары……............………………………………....……………………….   30

Қорытынды………………………………………………………………….   39

Әдебиеттер тізімі ………………………………………………………….  41

                                                          КІРІСПЕ

 

Тақырыптың өзектілігі. Осыдан ширек ғасырдан астам уақыт бұрын кең көлемді халық көтерілісінің нәтижесінде Иранның соңғы шахы Мохаммед Реза Пехлевидің режимі құлатылып, Иран жерінде 2500 жыл өмір сүріп, адамзат тарихында айтарлықтай із қалдырып кеткен монархиялық жүйе жойылды. Орнында пайда болған Иран Ислам Республикасы құрылған кезінен бастап әлемдік қауымдастықтың көңілін өзіне аударып, назарын ұстауда.

Қазіргі кезеңде қалыптасқан геосаяси жағдайда Иран мемлекетінің орны ерекше. Әлемдік қауіпсіздікке нұқсан келтіріп, терроршыларды қолдап отыр деген АҚШ-ң айыптауларынан кейін Иран «зұлымдық белдеуі» елдерінің қатарына жатқызылып, әлемдік қауымдастық арасында оған үрейлене қарайтындар қатары көбейді. Әлемдегі зұлымдықтың дені қазіргі кезеңде ислам дінімен, мұсылман атымен байланысты болып тұрған заманда, Иранда ислам тәртібінің өмір сүруі және сақталуы бұл мемлекет көпшілік алдында құбыжық болып көрінуде. Шындығында да, алғашында, 70-жылдардың соңындағы Иран оқиғаларынан кейін, әлемнің әр-түрлі елдерінде лаңкестік мұсылман топтарының белсенділігі артып, халықаралық саяси лексиконда «ислам қауіпі» сөзінің пайда болып, бекиді.  Ширек ғасырдан артық уақыт өтіп, олардың Иранмен арадағы байланысы азайып, қарым-қатынастары іс-жүзінде үзілгеніне қарамастан, бұл сөз тіркесі әлі де болса Иранмен байланыстырылып айтылады.

Осылайша, Ирандағы ислам революциясы және оның нәтижесінде құрылған Иран Ислам Республикасы әлемдік қауымдастықтың ислам мәселесіне үлкен көңіл бөлінуіне әсерін тигізді. Көпшілік осы кезден бастап исламға әлемдік діннің бірі ретінде емес, оның қазіргі әлемдік саясаттағы рөліне көбірек көңіл бөле бастады. Ирандағы оқиғалардың ықпалымен америкалық ғалымдардың бірі: «Хомейнидің исламдық фундаментализмі осы заманның ең бір салмақты және түсініксіз эпидемиясы», - деп анықтама берген еді [1. 17 б.].

Иран мемлекетінің мәнісін түсіну Қазақстан үшін де айтарлықтай маңызы бар. Өйткені, Иран Каспий теңізі арқылы біздің көршіміз болып табылады және Қазақстан үшін маңызды сауда-эконмикалық әріптес. Сондықтан да, екі мемлекеттің арасындағы қарым-қатынастардың одан әрі табысты дамуы үшін көршілес мемлекеттің тарихындағы маңызды кезеңдердің бірін жақсы білу, оған дұрыс, шынайы баға беру біз үшін өте қажет. 

Курстық жұмысының деректік негізі. Курстық жұмысын жазу барысында Иран Ислам Республикасының басшыларының жеке басылып шыққан еңбектері мен олардың әртүрлі баспасөз құралдарына берген сұқбаттары дерек ретінде пайдаланылды. Сонымен қатар, 1979 жылғы Конституцияның мәтіндері де Курстық жұмыс үшін маңызды дерек болып табылады.

Ал осы тақырыпты қозғайтын ірі ғылыми еңбектердің көпшілігі негізінен Кеңес дәуірінде жазылып, оларда бұл оқиғаларға кеңестік идеология тұрғысынан баға беріледі. Яғни, негізінен бұл революцияға антиимпериалистік, антимонархиялық революция ретінде оң баға баға беріп, революция барысы мен Республика құрылғаннан кейінгі реакциялық элементтер сынға алынады.

Ирандағы Ислам революциясы  мен ислам республикасының құрылу мәселесін зерттеген ғалымдардың  бірі С.Л. Агаев болып табылады. Ол өзінің «Иран в прошлом и настоящем» [3] еңбегінде Иранның тарихындағы революциялық кезеңдерге шолу жасай келе аталған оқиғаларға терең талдау жасап, революцияның алғышартары мен себептерін, оның барысын және Иран Ислам Республикасының құрылуындағы алғашқы қадамдарын ашып көрсетеді. «Иранская революция, США и международная безопасность» [4] еңбегінде 1979 жылдың қараша айында Ирандағы америкалық елшілік қызметкерлерінің кепілдікте ұсталғаны баяндалады. Кепілдіктің 444 күні кезіндегі жалпы халықаралық жағдай мен Иранның ішіндегі саяси күштердің күресін сипаттай келіп, ол антиимпериалистік ұрандарымен бұл терроршылдық әрекеттерді ақтап көрсетеді. 

Тақырыпқа байланысты тағы бір көлемді  еңбек танымал кеңес тарихшысы, тарих ғылымдарының докторы, А.Б. Резниковтың «Иран: падение шахского режима» туындысы болып табылады [5]. Бұл шығарма Ирандағы ислам революциясының 1979 жылдың қаңтары мен ақпан айлары аралығындағы кезеңі сипатталады. Бұл кезең жалпы революцияға жеңіс әперген шешуші кезең ретінде бағаланып, автор сол кезеңдегі кеңестік идеология шеңберінде оқиғаларға өз бағасын береді.

 «Иранская революция 1978-1979 гг.»  [6] еңбегі біз қарастырып отырған тақырыпқа арналған бірден-бір үлкен еңбек болып табылады. Кітапта революцияның әлеуметтік, экономикалық және саяси себептері тереңнен қарастырылып, шах режимінің сәтсіздікке ұшырау себептері ашылады. Сол сияқты, осы еңбекте революцияның кезеңдері неғұрлым толық қарастырылып, олардың жүру барысындағы ерекшеліктерге сараптама жасалады. Сонымен қатар, «Иран:история и современность» [7], еңбегінде Иран Ислам Республикасының құрылу мәселесіне жан-жақты баға беріледі.

Жоғарыда айтып кеткеніміздей, қазіргі кезеңде Иран Ислам Республикасының  құрылу мәселесіне арнайы арналған көлемді  еңбектер жоқ. «Иран: ислам и власть»  [8], «Мусульманские государства у границ СНГ» [9] кітаптарында және Л.Куприяновтың «Иран: проблема власти в исламе» [10] сияқты еңбектерде бұл тақырып осы еңбектердің құрылымдық бөлімі ретінде қарастырылып, айтарлықтай үлкен орын алмайды. Солай бола тұрса да, бұл туындыларда Ирандағы ислам революциясы мен Ислам Республикасының құрылуына байланысты жаңа көзқарастағы  бағалар беріледі.

Аталған тақырыпты зерттеуде  «Азия и Африка сегодня» журналының бетіндегі басылымдардың өте  үлкен көмек тигізгенін атап кетуіміз керек. Соңғы жылдары бұл журналдың бетінде жарық көрген бірқатар мақалалар, курстық жұмысқа арқау болып отырған тақырыпты қозғап, осы мәселеге байланысты қазіргі кезеңдегі соңғы ойларды ортаға салады. Солардың арасында А.Гушердің [1], Н.Мамедованың [11], Хаким Фаршидтің [12], М.Арунованың [13] мақалаларын атап өтуге болады. Бұл мақаланы жазған адамдардың бірі кәсіби ғалым, екіншісі Ирандағы арнайы тілші, үшіншілері Иранның елшісі болғандықтан олардың туындылары жан-жақты көзқарастарды қамтып, аталған мәселеге байланысты неғұрлым толық ой қортуға мүмкіндік береді.                

Курстық жұмысының мақсаты. Қазіргі күнгі тарих ғылымының деңгейінде барынша шынайы жолмен Ирандағы ислам революциясының алғышарттары мен барысын қарап, құрылған Иран Ислам Республикасының мемлекеттік-саяси құрылысының мәнін ашып, оның мемлекеттік органдарының құрылысын анықтау. 

Курстық жұмысының мақсаттарынан келесі міндеттер туындайды:

- Мохаммед Реза Пехлеви  бастаған шах режимінің дағдарысқа  ұшырауының әлеуметтік-экономикалық және саяси себептерін анықтау;

- революцияның шынайы  себептерін, мақсаттарын ашу;

-  революция кезеңдерін анықтап, олардың ерекшеліктерін сипаттау;

- революция кезіндегі  жаңа мемлекеттік органдардың  қалыптасуы мен жұмысына анықтама  беру;

- аятолла Хомейнидің ислам мемлекеті туралы теориясын талдап, мүмкіндігінше осы теорияның іс-жүзіне асуын бағалау;

- Иран Ислам Республикасының  конституциясының сипаты мен  мазмұнын анықтап, оның жаңа мемлекет өміріндегі рөлін көрсету.  

Курстық жұмысының хронологиялық щеңбері. Курстық жұмысы, негізінен ХХ ғасырдың 60-жылдарынан бастап 80-жылдардың басына дейінгі аралықтағы Иран мемлекетінің тарихын қамтиды. Осы кезең аралығында шах режимі дағдарысқа ұшырап, құлады және Иран Ислам Республикасының негізі қаланды. 

Курстық жұмысының құрылымы. Курстық жұмыс кіріспеден, екі тараудан, қорытындыдан және әдебиеттер тізімінен тұрады.

 

      1 Иран ислам революциясы және Иран Ислам республикасының жариялануы

      1. «Ақ революция» Шах режимінің дағдарысы

            1979 жылғы революцияға дейін Иранды басқарған Пехлевилер әулеті билік басына ХХ ғасырдың 20-жылдары, Каджарлар әулетінің орнына келген еді. Әулеттің негізін қалаушы Реза-шах, екінші дүниежүзілік соғыстың қарсаңы мен басында ұстанған саясаты сәтсіздікке ұшырап, елді іс жүзінде ағылшын және кеңес әскерлері басып алғаннан кейін, тақты өзінің ұлы Мохаммед Резаға тапсыруға мәжбүр болды.

Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін Иранда қиын ішкі саяси  жағдай қалыптасты. Елдің әлеуметтік-экономикалық, саяси жағдайына наразы болған әр түрлі саяси және қоғамдық ұйымдар белсенділігі өсіп, олар монархиялық билікті шектеп, меджлистің рөлін күшейтуді талап етті. Иран халықтық партиясы (ИХП), Демократиялық партия және әртүрлі ислам саяси топтары шах билігіне үнемі қысым жасап, өз талаптарын қойып отырды. Олар әсіресе елді аяусыз қанап, тонап жатқан ағылшын компанияларына өз нарзылықтарын білдірді.

Жағдайдың одан әрі ушығуына 50-жылдардағы экономикалық жағдайдың  одан әрі төмендеуі өз әсерін тигізді. Елуінші жылдардың соңына қарай  экспорт көлемі күрт қысқарып, ақша құнсызданып, бұқара халықтың табыс көлемі азайып кетті. Тығырықтан шығу жолдарын іздеу барысында саясатшылар қайтадан Ағылшын-Иран мұнай компаниясын (АИМК) ұлттық меншікке қайтарып алу мәселесін көтерді. Осы ұстанымды көпшілік ирандық кәсіпкерлер, саудагерлер, ұсақ буржуазия өкілдері, қолөнершілер мен дін өкілдері қолдады. Бұл топтар, М.Моссадықтың басшылығымен 1949 жылы құрылған, Ұлттық майдан саяси ұйымының туы астына бірікті.   М.Моссадық халық арасында Иранның саяси және экономикалық тәуелсіздігі үшін, шах режимін шектеп елде саяси қуғынды тоқтатуды талап еткен көзқарастарымен танымал болды. Ол ақсүйектер ортасынан шыққан, Франция мен Швейцария жерінде оқып келген заңгер, беделді саясатшы болды. Жиырмасыншы жылдардың басынан бастап бірқатар үкіметтердің құрамында министрлік қызметтерді атқарып, кейін өзінің көзқарастары үшін қуғынға түседі [16, 27 б.].

1951 жылдың басында  Моссадық меджлиске мұнай өнеркәсібін  ұлттық меншікке қайтарып алу  туралы заң жобасын ұсынып, бұл  заң халықтың қысымымен 1951 жылдың 26 сәуірінде қабылданады. Үш күннен кейін меджлис Моссадықты премьер-министр ретінде бекітеді.

Моссадық ішкі күштер мен батыс елдері, бірінші кезекте Англияның көрсеткен қысымына қарамастан Ирандағы мұнай кәсіпорындары мен мұнай айдаушы зауыттарды өзі тағайындаған өкілдері арқылы бақылауға алды. Бірінші кезекте бұл шаралар ағылшындарға қарсы бағытталып, елден АИМК-ң қызметкерлері қуылып, 1952 жылдың қазан айынан бастап Англиямен елшілік қатынастар тоқтатылды. Моссадықтың бұл белсенділігі шах пен оның төңірегіндегілерді қатты үрейлендірді. Нәтижесінде, 1953 жылдың тамыз айында әскери төңкеріс ұйымдастырылып, Моссадық үкіметі таратылып, репрессияға ұшырады. Премьер-министр болып төңкерісті басқарған генерал Захеди тағайындалды. Жаңа үкімет елдегі барлық прогрессивтік ұйымдар мен баспасөз құралдарын жауып, талқандап, елде әскери-саяси режим орнатып қана қойған жоқ, олар сонымен қатар Англиямен елшілік байланыстарды қалпына келтіріп, Халықаралық мұнай консорциумын құруға келісім берді. Бұл консорциумның 40% акциясы сол баяғы АИМК-на, тағы бір 40% - америкалық монополияларға, қалғандары олардан ұсақ шет елдік компанияларға бөлініп берілді. Консорциум ел қазынасына шикі мұнайды сатудан түскен пайданың жартысын аударып отыруға уәде бергенімен, бұл уәделерін олар ешқашан толық орындаған жоқ.

Осы кезеңде Иран басшылығы  әскери, экономикалық және саяси салада Батыс елдерімен тығыз қарым-қатынастарға түсті. 1955 жылы Иран Бағдат пактісіне  қосылып, 1957 жылы АҚШ-ң Таяу және Орта Шығыс елдеріне әскер жіберу құқығын бекітетін «Эйзенхауер доктринасын» мойындайды. 1955 жылы қабылданған шет елдік инвестицияларды қолдау туралы заң және 1958 жылы шет елдік банктерге шектеулердің алынып тасталуы Иранда жүздеген америкалық, еуропалық және жапондық компаниялар мен банктердің пайда болуына әкелді. Алайда «ашық есіктер» саясатын жүргізу арқылы елдің экономикалық мешеулігін жеңу үміті ақталмады. Иран әлі де болса аймақтағы ең кедей елдердің бірі болып қала берді: елдің Жан басына шаққандағы табысы (130 АҚШ доллары) көрші Түркиямен салыстырғанда екі жарым есе төмен болды, ал орташа өмір жасы 27 жастан аспады, халықтың  85% сауатсыз болды [26, 228 б.].

Қалыптасқан жағдайда 50-жылдардың  соңы мен 60-жылдардың басында Иран жерінде кең көлемді ереуілдік  қозғалыс жүріп, оларда экономикалық және саяси талаптар қойыла бастады. Студенттердің белсенді бас көтерулері болып өтті. Халық пен әскер арасында қақтығыстар жиілеп, күрделі жағдайда шах екі реет меджлиске сайлауды тоқтатуға мәжбүр болды. Елде революциялық жағдайдың туындау қаупі пайда болды.

1963 жылы 23 қаңтарда алты  заң жобасы бойынша жалпы халықтық  референду өткізіліп, мына сұрақтар бойынша халық келісімі алынды: 1) жер реформасы, 2) ормандарды ұлттық меншікке алу, 3) жер реформасын қаржыландыру үшін мемлекеттік зауыттар мен фабрикаларды сату, 4) жұмысшылардың кәсіпорын пайдасын бөлісуге қатысуы, 5) парламентке сайлау заңын өзгерту, 6) сауатсыздықпен күресу үшін «ағарту корпусын» құру. 1963 жылдың наурызында үкімет әйелдерге еркектермен қатар сайлау құқығын берді. Кейін жоғарыда аталған реформалар туралы алты заңға тағы алты заң қосылып, оларда «денсаулық сақтау корпусын» құру, су көздерін ұлттық меншікке алу және тағы басқа жағдайлар қарастырылды. Иранда осы заңдар мен шараларды жүзеге асыруға байланысты әрекеттер «ақ революция» деген атқа ие болды.

Бұл реформаларды аграрлық саладан бастау көзделді, өйткені  ауыл шаруашылығындағы ескі тәртіптердің сақталуы Иранның капиталистік жолмен дамуындағы басты кедергі болды. Он жыл көлемінде жүргізілген аграрлық реформанлардың басты мәнісі - ірі жер иеліктерін шектеп, артық жерлерді шаруаларға жеңілдетілген шарттармен сату болды. 1960-1962 жж. заңдар бойынша елдегі жер иеліктерінің мөлшері 400 гектарға дейін шектелсе, 1963 жылғы бірқатар заңдар бойынша жер көлемі 20-100 гектарға дейін шектелді. Сонымен қатар, осы заңдар бойынша шаруа кооперативтерін құру қарастырылды [16, 28 б.].

Жалпы бұл реформаларды жүзеге асыру, жоғарыда айтып кеткендей, он жылдам артық уақытқа созылып, өте қиын және ауыр жүрді. Нәтижесінде ауыл шаруашылық өндірісінің даму көлемі көңіл толтырарлықтай болмады (1960-1975 жж. аралығында бұл көрсеткіш небары 1,5 есеге өсті) және жылдам өзгеріп кеткен ортаға икемделе алмаған шаруалардың әл-ауқаты жақсарып кеткен жоқ. Кедейленген шаруалардың саны өсіп, олардың 40% ауылдарды тастап, күн көріс табу мақсатында қалаларға көшуге мәжбүр болды.

Алпысыншы жылдардың ортасынан  бастап үкімет аграрлық саладағы өзгерістермен  қатар кең көлемді өнеркәсіптік даму концепсиясын қарастыра бастады. Иранның экономикалық дамуына 70-жылдары  жүріп өткен «мұнай дүмпуі» үлкен әсерін тигізді. Мұнай және мұнай өнімдерінен түскен пайданың мөлшері ондаған есе өсіп, 90 млрд долларға дейін жетті. Бұл үлкен қаражат елдің әлеуметтік-экномикалық мешеулігін жеңуге үлкен мүмкіндіктер ашып берді. Осы қаражаттың арқасында Иранда кең көлемді өнеркәсіп құрылысы басталды, жаңа құрал-жабдықтар сатылып алынып, шет елдік мамандар жалданды. Иран үшін жаңа өндіріс салалары – мұнай химия және газ, металлургия және машинажасау өндірістері пайда болды.

Нәтижесінде Иран даму қарқыны бойынша Азияда Жапониядан кейінгі екінші орынға шықты. Алайда, бұл дамудың нақты экономикалық және әлеуметтік негіздері болған жоқ, яғни мұнайдан түскен қаражат үнемді, жоспарлы жұмсалған жоқ. Мемлекет бірінші кезекте тартымды, бірақ қымбат нысандарды (атом электр стансасалары, технологиясы толық тексерілмеген зауыттар, орасан зор кемежайлар, әуежайлар) салуға көңі бөлді. Бұлардың көпшілігі ел мүмкіндіктерін, халықтың дайындығын ескерместен салынды.

Бюрократия және мемлекеттік сектормен  байланысты жаңа өнеркәсіптік-банктік буржуазияның әлеуметтік қолдауына сүйене отырып, елдің саяси өмірінде шахтың жеке басының билігі нығайды. Буржуазияның кедергісіз баюуына жағдай жасай отырып, өз кезегінде шах олардың сөзсіз бағынунын талап етіп, саяси ұйымдардың құрылуына рұқсат бермеді. Сыртқы жылтырақ, экономикалық жетістіктер мен кез келген оппозицияны жаншу жағдайында елде 70-жылдардың екінші жартысынан бастап дағдарыс өрши түсті.

Ирандағы әлеуметтік-саяси дағдарыс өзінің шарықтау шегіне 70-жылдардың  соңында жетті. Шаруашылық дамуында тепе-теңдік сақталмады, миллиондаған шаруалардың қалаға көшуі салдарынан жұмыссыздықтың өсті. Қымбатшылықпен күресті сылтауратып билік өкілдері негізінен базарларда шоғырланған ұсақ тауар өндірушілері мен саудагерларге қысым көрсете бастады. Бақылау топтары құрылып, айыппұлдар енгізіліп, сауда жасауға тиым салына бастады. Бұл көпшіліктің жағдайының нашарлауына әкеліп, елде билік басындағыларға наразылық өсті.

Осылайша елде революциялық жағдай қалыптасты. Көріп отырғанымыздай, жағдайдың осылайша өрбуіне бірнеше себептер болған екен. Біріншіден, елде әлеуметтік-экномикалық саясат жүргізілмеген. Шах билігінің жүргізген әлеуметтік-экономикалық саясаты, елдегі мұнайдан түсіп жатқан орасан зор пайдаға қарамастан, халықтың жағдайын жақсарта алмады. «Ақ революция» шеңберіндегі реформалар негізінен елдің өнеркәсіптік дамуына ерекше көңіл бөліп, толық мөлшерде халық мүдделерін, әсіресе шаруалардың мүдделерін ескермеді. Сол себепті шаруалар өз елінде өгей баланың күнін кешіп, реформалар толқынында адасып, тығырықтан қалай шығарларын білмеді. Көпшілігі қалаларға көшіп барды, алайда мұнда да олар білімсіз, мамандықсыз жұмыссыздардың қатарын толықтырды.

Екіншіден, елдегі саяси жағдай иран халқының көңілінен шықпады. Мохаммад Реза-шахтың орнатқан саяси режимі елде кез келген оппозицияны қудалап, жемқорлық, парақорлық, бассыздыққа жол берді. Сондықтан, 1979 жылдың қарсаңында Иранда қалыптасқан жағдайды объективті себептердің салдары деп мойындауға болады. Шах режимінен Жан-жақты қысым көрген қарапайым халық еріксізден өз құқықтарын қорғап билікке қарсы шығуға мәжбүр болған.     

 

1.2 Антишахтық қозғалыстың женіске жетуі және Иран  Ислам Республикасының жариялануы

 

Ирандағы революциялық оқиғалар 1978 жылдың қаңтарында Кум қаласында үкіметке қарсы шеруге оқ атылғаннан кейін басталды. Осыдан кейін толқулар елдің ондаған қалаларына таралды. Күрестің әртүрлі формалары: бейбіт шерулер мен жиындар, шет елдік фильмдерді көрсетіп жатқан        кинотеатрларды шабуылдау, отырған ереуілдер, баррикадалық соғыс тәсілдері қолданылды [16, 28 б.].

Оппозициялық қозғалысқа басшылықты өз қолына, басқа лайықты топ шықпағандықтан, шеиттік діндарлар алуға мәжбүр болды. Діндарлар халыққа шах режимі жойылсын, байлар мен кедейлер арасындағы айырмашылық азайсын, елден шет елдік, әсіресе американдық капиталистер қуылсын деген түсінікті ұрандарды көтерді.

Шах әрекеттер жасауға тырысты, бірақ режимді құтқарып қалу мүмкін болмады. Революцияның жетекшісі көп  уақыт бойында қудалауда жүрген аятолла Хомейни болды. Хомейниді шахқа қарсы насихат жүргізгені үшін, кезінде АҚШ-ң үлкен ықпалында болған үкімет қудалауына түсіп, Ирак жерінен елдегі жағдайды бақылауға мәжбүр болды.

Сол кезеңде Иранда студенттер толқулары  басталды. Наразылық қозғалысы өрлеп, көп ұзамай бүкіл үкімет жүйесі қозғалмай қалды. Халықтың қойған талаптарының бірі – Хомейнидің елге қайтуы болды. Үкімет халық талабын орындауға мәжбүр болып, Хомейнидің елге қайтуына рұқсат берді. Хомейнидің келуімен бұқара халық арасында америкалықтарға қарсы көңі-күйдің өскендігі соншалық, бастамасында бейбіт өтіп жатқан бас көтерулер нағыз революцияға айналып кетті. Иранның бұрынғы билеушісі Моххамед Реза Пехлеви 1979 жылдың 16 қаңтарында Египетке қашуға мәжбүр болды [3, 206. б.].

1978 жылдың соңында өнеркәсіп пролетариатының, әсіресе мұнайшылар көтерілісінен кейін елдің бүкіл экономикалық өмірі тоқтап, мемлекеттік аппараттың қирауы басталды. Орта және төменгі буын қызметкерлерінің жұмысқа шықпай қоюына байланысты министрліктерді қосқанда, көпшілік мемлекеттік мекемелерде жұмыс тоқтады. Іс жүзінде полиция да қызметін тоқтатты, олар тіпті жол қозғалысын реттемеді.

Қалыптасқан жағдайда, төменгілердің бастамасымен, солардың арасында жергілікті молдалардың белсенді араласуымен өмірлік маңызы бар қоғамдық функцияларды орындауды өз мойындарына алған әртүрлі комитеттер, көмек топтары, кеңестер құрылды. Бұл топтар іс жүзінде шерулерді ұйымдастырды, шерулер кезінде жол қозғалысын реттеді, шерушілердің өздерінің қауіпсіздігін қорғады, колонналардағы тәтіпті қадағалады. Тегеран және басқа қалалардың жекелеген кварталдарында тонаушылардан қорғайтын қорғаныс жасақтарын құрды. Қарулы жасақтар, сонымен қатар, жиі-жиі адам шығындары қоса болып отыратын, жолаушыларды, автомашиналар мен автобустарды тонау жиілеп кеткен үлкен тас жолдарды да қорғауға алды. Керек-жарақпен қамтамасыз ету барысында кедергілердің шығуына байланысты, еріктілер тобы азық-түлік пен отынның сауда бөлімдеріне түсуін қадағалап, олардың квартал тұрғындарының арасында тең бөліп отырды. Бағаны өсіру үшін күнделікті сұраныстағы тауарларды тығып қойған саудагерлердің лавкаларын бұқараның талқандаулары жиі-жиі болып тұрды. Осы топтар дін өкілдерінің шах билігіне наразылық ретінде сауданы тоқтатуды талап еткен күндерінде саудагерлердің  жасырын сауда жасамауын қадағалады [3, 198 б.].

Бұл әртекті топтар әлі-де болса толық мағнадағы билік  болмады, бірақ бұлар күнделікті практиканың талаптарына жылдам жауап беретін және өз орталарынан  лидерлік қасиеттері мен ұйымдастырушылық қабілеттері бар бастамашыл өкілдерін  алға шығарған,  халықтың революциялық бастамасынан туындаған билік негізі болды. Бұл өзін-өзі басқару ұйымдарының пайда болу барысында дін өкілдерінің рөлін асыра бағалау қателік болар еді. Жоғарыдан төменге дейін қатаң әкімшілік бағынушылыққа емес, діни көсемдердің моральдық беделіне сүйенген дін өкілдерінің ұйымдастырушылық құрылымы бұқараны идеялық басқаруға, үгіт-насихат жүргізуге, жоғарғы дін өкілдері жасап шығарған үндеулер мен ұрандарды халыққа жылдам жеткізу үшін айтарлықтай тиімді болды. Бірақ, өздерінің күнделікті қызметінде жоғарғы инстанциялардың тікелей әкімшілік нұсқауларын  емес, жалпы ислам заңдары мен принциптерін өзінше түсінуі мен интерпретациялауын басшылыққа алатын әр молда мен жоғарғы деңгейдегі діни қайраткердің формальдық тәуелсіздігі, «өздерінің» діни көсемдеріне соқыр сенетін, «бөтен» көсемге сындарлы қарайтын жақтастары мен ізбасарлары бар жоғарғы дін белсенділерінің исламға дәстүрлі бәсекелестігі – осының барлығы дін өкілдерінің бұқара халықтың революциялық әрекеттерінің формалары мен әдістерін тікелей анықтайтын ұйым ретінде қабілетін әлсіретті.

Осылайша революция  жеңіске жеткенге дейін орталық  билік органдарының қалыптасуы жүрді. Парижде жүрген Хомейнидің бастамасы  бойынша Ислам революциялық кеңесі (ИРК) құрылып, оның құрамы құпияда сақталып, бұл ұйымның алдына өтпелі, уақытша үкіметті құру, Құрылтай жиналысын шақыру және Заң шығару жиналысы – парламентке сайлау өткізу міндеті қойылды [3, 199 б.].

Хомейни 1979 жылдың 1-ақпанында  Иранға қайтып келгеннен кейін, Ұлттық майданға жақын буржуазиялық ұйым - «Иранды азат ету үшін қозғалысының» басшысы Мехди Базарганды, 1979 жылдың 5-ақпанында қабылданған ерекше фирманмен, Уақытша революциялық үкіметтің премьер-министрі етіп тағайындады. М.Базарганды премьер-министр ретінде таныстыру барысында Хомейни былай деді: «Мәртебелі инженер Мехди Базарган дін тұрғысынан таза, шариат талаптарына қайшы келетін қасиеттері жоқ. Бұл кәдуілгі үкімет емес, сондықтан халық оны тыңдауы қажет. Бұл үкіметке қарсы шығу – шариатқа қарсы шығу деген сөз. Біздің заң бойынша шариатпен құпталған үкіметке қарсы шығу қатаң жазаланады» [6, 127 б.].   

Базарган үкіметі тағайындалғаннан кейін елде қос билік орнады, немесе, дәлірек айтатын болсақ, билік  жоғалды. Өйткені, шах тағайындаған Шапур Бахтияр үкіметінің билік  жүргізетін шамасы болмады, ал Хомейни тағайындаған Базарган үкіметі толық билікті әлі қолына алмады. Осы аралықта төменгі билік органдарының қалыптасу просеці айтарлықтай жылдамдап, мүлде жаңа сипатқа ие болды. Пайда болып жатқан әр-түрлі топтардың, кеңестердің, жасақтардың арасынан екі түр айқындалды, олар: революциялық комитеттер және «ислам революциясының сақшылары».

Бір қызығы, жоғарғы дін  өкілдері ревкомдар мен «пасдарлар» («сақшылар») жасақтарын билік органдары  ретінде қарастырған жоқ және оларды Бахтияр үкіметін құлату үшін «төменнен» нақты билікті басып алуға шақырмады. Олар Бахтияр үкіметімен келіссөздер жүргізіп, өз өкілеттігін Базарган үкіметіне ерікті түрде тапсыруға шақырды, болмаса «джихад» жариялаумен қорқытты. Бір мезетте Хомйни Базарган арқылы әскери басшылықпен олардың бейтараптығы туралы келіссөздер жүргізді.

Хомейни мен жоғарғы  дін өкілдерінің бұл ұстанымының  екі маңызды шарттары болды. Біріншіден, олар революциялық жолмен бүкіл ескі мемлекеттік машинаны құлатуға тырыспады, Бахтияр үкіметін Базарган үкіметімен алмастыру арқылы ескі мемлекеттік аппараты қолға алып, оны өз бақылауларына алу көзделді. Екіншіден, дін өкілдері бұқараның революциялық бастамаларын кеңейтіп, ревкомдар мен «пасдарлар» жасақтарының шын мәніндегі халық билігінің органдарына айналуын көздемеді. 

Бірақ діндарлар халықты  күш қолданусыз қимылдау шеңберінде ұстай алмады, сөйтіп Бақтияр және әскерилермен билікті тапсыру шарттары туралы келісімге келе алмады. Солшыл бағыттағы Иран халқының партизан-федайларының ұйымы (ОПФИН) мен солшыл радикалдық Иран халқының моджахедтер ұйымы (ОМИН) жасақтары басты ұймдастырушылары болған Тегеран қаласындағы 1979 жылдың 10-12 ақпанында аяқ асты басталған көтеріліс Бақтияр үкіметін шайып кетті. 

Діндарлар 12 ақпанға дейін  Бақтияр үкіметі және әскерилермен келіссөздер жүргізіп, бір мезетте көтерілісшілерге қарулы әрекеттерді тоқтатып, көшелерден кетуге шақырды. Келесі күні, яғни 13-ақпанда Хомейни әскери қимылдар барысында көтерілісшілер тартып алған барлық қару-жарақты тапсыруға шақырды, осылайша дін өкілдерінің халықты қарусыздандыру ниеті анық байқалды. Ресми емес деректерге сүйенсек, көтеріліс барысында полицейлік учаскелерден, казармалар мен әскери қоймалардан тартып алынған 100 мыңға жуық мылтықтар мен басқа да қару халық арасында таратылған екен. Алайда, діндарлардың бұл талаптары іс жүзінде орындалмады [3,204 б.]. 

Көтеріліс жеңіске жеткеннен  кейін ревкомдар мен «пасдарлар»  жасақтарының дәрежесі жаңа сапаға ие болды. Олардың мүшелері түгел дерлік қаруланып, өздерін қарулы көтеріліс барысында монархияны құлатқан күш ретінде сезінгеннен кейін, ревкомдар мен «пасдарлар» жасақтары өзін-өзі басқару органдарынан революциялық биліктің өкілдеріне, революциялық бұқараның саяси диктатуралық құралына айналды. Шексіз, заң шеңберінен тыс, ашық күшке сүйенген билік – шын мәнінде диктатура болып табылады. 

Жағдайдың осылайша өрбуімен діндарлар одан әрі қарай келісе алмады. Ревкомдар мен «пасдарлар»  жасақтарын үндемей мойындай отырып, діндарлар бірқатар әрекеттер арқылы олардың арасындағы өздерінің ықпалын  көбейтіп, өз мүдделерінде қолдануға жағдай жасады.  Ревкомдар мен «пасдарлар» жасақтарының жаңа мүшелерін қабылдау жергілікті молдалардың ұсынысы арқылы жүргізіле бастады. Ревкомдар мен «пасдарлар» жасақтарының құрамына провокациялық мақсаттармен бұрынғы савакшылардың еніп кеткендігін сылтауратып, олардың арасын діндарлар өздеріне тиімсіз, бірінші кезекте солшыл көзқарастағылар мен көңілдегілерден тазарта бастады. Сол сияқты, дін өкілдері ревкомдар мен «пасдарлар» жасақтарының қызметін қаржыландыруды өз мойындарына алып, олардың мүшелеріне жалақы тағайындады. ИРК бастамасы бойынша Орталық революциялық комитет пен Ислам революциясының сақшылар корпусы (КСИР) құрылып, оның басшылығы аятолла  Махдави-Кяниге тапсырылды [5, 67 б.].

1978-1979 Ирандағы Ислам ревалюциясы