Қаржылық бақылау агенттігінің қаржы нарығы және қаржы ұйымдарына жүргізген бақылауларына талдау



1. Қаржылық бақылау және оның функцияларының мазмұны мен сипаттамасы

 

1.1 Қаржылық бақылаудың және оның функцияларының мәні мен маңызы және ҚР қаржы бақылауының ұйымдастырылуы

 

Қаржылық бақылау – қаржы жүйесінің барлық буындарының ресурстарын жасау, бөлу және оларды пайдаланудың негізділігін тексеруге бағытталған айрықшалық қызмет.

Қаржылық бақылау қаржыны  басқарудың функциялық элементтерінің бірі. Ол басқарудың қаржылық жоспарлау, қаржыны оперативті басқару сияқты басқа элементтерінмен тығыз  байланысты және бір мезгілде жүзеге асырылады.

Қаржылық бақылаудың болуы экономикалық категория ретіндегі  қаржыға бақылау функциясының тән  болуымен объективті түрде шарттасылған. Бұл функция арқылы қаржы бөлудің  қалыптасып отырған үйлесімді, қорлардың  ара салмағы, оларды қалыптастырудың көздері, пайдаланылуы туралы ескертіп отырады. Қаржының бақылау функциясы материалдық игіліктерді өндіру, айырбастау, бөлу және тұтыну процесіне қоғам, ең алдымен мемлекет тарапынан ықпал жасауға мүмкіндік береді. Бірақ бұл мүмкіндік тек қоғамдық қатынастарға ғана адамдардың қатысуымен, мынадай белглі бір шарттардың кезінде: бақылаудың айрықша орандарын ұрғанда; оларды білікті мамандармен толықтырғанда; бұл органдардың құқықтарын реттемелегенде шындыққа айналады.

Бақылау функциясы – қаржының ішкі қасиеті, ал қаржылық бақылау қаржыға тән объективті мазмұн ретіндегі бақылау функциясын практикалық қолдану болып табылады.

Ғылыми негізделген қаржы саясатын, тиімді қаржы механизмін қалыптастыруға жәрдемдесу қаржылық бақылаудың мақсаты болып табылады. Қаржылық бақылаудың көмегімен қаржы жоспарларының орындалуы, қаржы-шаруашылық қызметінің ұйымдастырылуы тексеріледі. Басқа жағынан, қаржылық бақылаудың нәтижелігі қаржылық жоспарлауда, оперативті басқаруда пайдаланылады. Қаржылық бақылаудың өзгешелігі – оның ақша нысанында жүзеге асырылатындығында.

Қаржылық бақылау мыналарды  тексереді: экономикалық заңдар талабының  сақталуы; жалпы қоғамдық өнім мен  ұлттық табыстың құнын бөлу және қайта  бөлу үйлесімдерінің оңтайлылығы; бюджетті жасау және оның атқарылуы (бюджеттік бақылау); шаруашылық жүргізуші субьектілердің, мемлекеттік мекемелердің, қоғамдық ұйымдар мен қорлардың, басқа заңи тұлғалардың еңбек, материал және қаржы ресурстарының қаржылық жай-күйі және оларды тиімді пайдалану.

  Қаржылық бақылаудың іс-әрекетінің сферасы бақылаудың басқа түрлерімен: әкімшілік, құқықтық, әлеуметтік, техникалық, саяси бақылаумен жиі тура келуі мүмкін. Шаруашылық ұйымдардың қаржы жағы шаруашылық қызметпен тығыз байланысты болатындықтан қаржылық бақылауды шаруашылық бақылаудан бөліп алу қиынға түседі, ал кейде мүмкін болмайды, өйткені қаржы операцияларының көбінде шаруашылық қызметтің басқа процестері қамтып көрсетіледі.

Қаржылық бақылаудың функциялары:

  1. қаражаттардың жұмсалуын тексеру (шығыстардың сұралған сомаларға сәйкестігі және мемлекет қаражаттарының тиімділігі)
  2. қаржы жүйесінің барлық буындары бойынша мемлекеттік ресурстарға қаражаттарды жұмылдырудың уақыттылығы мен толымдылығын тексеру;
  3. есеп және есептеме қағидаларының сақталуын тексеру;

Бақылауды жүзеге асырудың негізгі қағидаттары мыналар болып табылады:

  • Бақылаудың реттілігі, жаппайлылығы, әмбебаптылығы;
  • Бақылаудың превентивтілігі, яғни оның алдын алу сипаты;
  • әрекеттілік, нақтылық, жариялық – бұларға бақылау жұмысын дұрыс ұйымдастырғанда, негізделген әдістерді қолданғанда, істі ұқыпты зерделегенде, нақты ұсыныстар енгізгенде ғана жетуге болады;
  • бақылаудың алаламаушылығы (біреуге тартпаушылық);
  • бақылау органдары қызметкерлерінің тәуелсіздігі.

Қаржылық бақылаудың міндеттерін, олардың түрлерін, нысандары  мен әдістерін, субъектілері мен объектілерін бақылауды жүзеге асырудың деңгейіне қарай қарастырған жөн, яғни ол микро немесе макродеңгейде жүргізіледі.

Макродеңгейдегі қаржылық бақылау  – бұл бүкіл мемлекет ауқымында  қаржыны ұйымдастыру мен оның іс-әрекет етуін бақылау. Оның міндеттері мыналар болып табылады.:

  • ақшалай қаражаттардың орталықтандырылған қорларын қалыптастырып, тиімді пайдалану процесін қамтамасыз ету;
  • қаржы қатынастарын іске асырудың қолданылып жүрген нысандары мен әдістерінің объективті қажеттіліктеріне нысандар мен әдістердің сай келуін бақылау;
  • қаржы ресурстарын неғұрлым тиімді пайдалану, салалар мен аймақтардың қаржы ресурстарына деген қажеттілігін оңтайлы түрде және саралай отырып қанағаттандыру, азаматтардың әлеуметтік-мәдени сферасының қызметтеріне деген қажеттіліктерін барынша қанағаттандыру мақсатында оларды салалар мен аумақтар бойынша бөлудің алшақтықтарын анықтап, жою және басқалары.

Бұл деңгейде мемлекеттік қаржылар бақылаудың объектісі болып көрінеді.

Жиынтық қаржы жоспарлары (сметалары), аумақтық, салалық тұрғыда олардың татқарылуы туралы есептер бақылаудың предметі болып табылады. Әр түрлі қаржылық көрсеткіштер және жоспарлардың (сметалардың) және есептердің бірқатар өндіргіштік көрсеткіштері талданады, жинақтап қорытылады және осының негізінде қаржы қатынастарының нысандары мен әдістерін жетілдіру жөнінде ұсыныстар жасалады.

Биліктің заң шығарушы органдары мен басқарудың мемлекеттік  органдары бұл деңгейде бақылау  субъектілері болып келеді.

Микродеңгейдегі қаржылық бақылау – меншіктің барлық нысанындағы шаруашылық жүргізуші субъектілер деңгейіндегі бақылау.

Микродеңгейдегі қаржылық бақылаудың міндеттері:

  • кәсіпорындардың қаржы саласында қолданылып жүрген заңдардың сақталуын қамтамасыз ету;
  • шаруашылық жүргізуші субъектілердің бюджет алдындағы міндеттемелерін орындауының дер кездігі мен толымдылығын қамтамасыз ету;
  • қаржы ресурстары өсуінің ішкі өндірістік резервтерін табу;
  • ресурстардың барлық түрлерін ұтымды пайдалануға, бухгалтерлік есепті дұрыс жүргізуге, есептеме жасауға және басқаларға жәрдемдесу.

Шаруашылық жүргізуші  субъектілердіңқаржы-шаруашылық қызметі  бұл деңгейде бақылаудың объектісі, ал қаржылық көрсеткіштер (табыс, пайда, өзіндік құн, аударымдар, салықтар және т.б.) оның предметі болып табылады. Қаржылық бақылауды кәсіпорындардың экономикалық службасы, оның жеке мамандары жүзеге асырады. Бұл мақсатқа тәуелсіз аудиторлық ұйымдар да тартылады.

Қаржылық бақылаудың тиімділігі көп жағдайда оны ұтымды ұйымдастырумен, бақылаудың субъектілерін, олардың құқықтары мен міндеттерін айқын етіп анықтаумен, қаржылық бақылауды жүргізудің нысандарын және әдістерін дұрыс ұйымдастырумен анықталады.

Жалпымемлекеттік қаржылық бақылауды мемлекеттік билік  пен басқарудың мына органдары жүргізеді: Президенттің аппараты, Қазақстан Республикасының  Парламенті, Үкімет, жергілікті өкілетті органдар депутаттардың жиналыстары, жергілікті әкімшілік органдар. Бақылаудың бұл түрін Республикалық бюджеттің атқарылуына бақылау жасау жөніндегі есеп комитеті де жүргізеді.

Құқықтық мемлекет құрылысының  тұжырымдамасын негіздей отырып қаржылық бақылауды жүзеге асырудағы заңнамалық органдардың ролі күшейе түседі. Сондықтан бақылаудың субъектісі ретіндегі Қазақстан Республикасы Парламентінің функциясы және бақылаудың тиісті түрі – парламенттік депутаттық бақылау бөлектесіп көрсетіледі. Бұл бақылаудың объектісі:

  • Мемлекеттік бюджеттің шығыстарын шамдандыратын кез келген шараларды бекіткен кездегі;
  • Бюджеттегі шығыстардың қабылданған заңдардың мақсаттарына сәйкестігін тексеру кезіндегі;
  • Бюджеттің жасалуына тексеріс кезіндегі мемлекетік шығыстар болып табылады;

Қазақстан Республикасының  Парламенті мыналарды бақылауды  жүзеге асырады:

    • Бюджет ресурстарының түсу көздеріне, оларды үкіметтің де, заңнамалық органның да үнемді пайдалануына;
    • ақша қаражаттарының ысырапқорлығын кесіп тастауға;
    • мемлекеттік меншіктің пайдаланудың, мемлекеттік кәсіпорындардың жұмыс тиімділігіне, мемлекеттік меншікті мемлекет иелігінен алуға және жекешелендіруге;
    • арнаулы қорлар қаражаттарының пайдаланылуына;
    • әр түрлі партияларды қоса, қоғамдық ұйымдардың ақшалай табыстарының көздеріне, жарғылық мақсаттарға сәйкес бұл қаражаттарды пайдалануға.

Республикалық бюджеттің  атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитеті Қазақстан Республикасының  Президентіне тікелей бағынатын  және есеп беретін мемлекетік қаржылық бақылаудың жоғары органы болып табылады. Республикалық бюджеттің атқарылуына бақылау жасау жөніндегі есеп комитетінің негізгі міндеттері мен функцияларына мыналар жатады:

    • республикалық бюджетің атқарылуы жөніндегі заңдар мен басқа нормативтік актілердің атқарылуына бақылау жасау;
    • республикалық бюджеттің атқарылуымен байланысты мәселелер бойынша мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау;
    • республикалық бюджеттік бағдарламалардың орындалуына және мемлекетің қажеттіліктерін қаржыландыруға бөлінетін республикалық бюджет қаражатының пайдаланылу тиімділігін бақылау;
    • мемлекеттік қаржылық бақылау объектілерінің республикалық бюджеттің түсімдері мен оның шығыстарын атқару сәйкестігіне, қаржы есептемесі мен тиімділігін бақылау
    • бюджеттік инвестицияларды бақылауды жүзеге асыру;
    • ҚР Парламентіне қарауға республикалық бюджеттің орындалуы туралы есепті тапсыру және т.б.

ҚР Үкіметіне бақылау сферасында кең өкілеттіліктер берліген. Үкімет республика дамуының индикативтік жоспарын, экономиканың сфералары мен секторларының, салалардың, аймақтардың даму бағдарламаларын, инвестициялық қызметтің маңызды бағыттарын жасап, қарау процеіснде алдын ала бақылауды жүзеге асырады. Республика Үкіметі мемлекеттік бюджеттің жасалуы мен атқарылуын бақылап отырады, мемлекеттің қаржы саясатын жүзеге асырады.

Қаржы министрлігі, оның Қаржылық бақылау комитеті және мемлекеттік  сатып алу комитеті және аумақтық қакржы органдары әлеуметтік-экономикалық сфераның қаржы саласын тексереді. Олар жоспар, смета және қаржы тәртібінің сақталуын, кірістерді есептеудің дұрыстығын, толымдылығын және дер кезділігін, мемлекетің қаражаттары жұмсалуының заңдылығы мен мақсатқа сәйкестілігін, бухгалтерлік есеп-қисаптың және есептеменің дұрыстығын бақылап оытрады. Қаржылық бақылау комитетінің маңызды функциясы бірлескен және шетелдік кәсіпорындарды, экспорт-импорттық операцияларды валюталық бақылау болып табылады.

Мемлекеттік бақылауды Қаржы министрлігінің заңды тұлға құқығындағы Қазыналық  комитеті де орындайды. Қазынашылық  органдарының негізгі міндеттерінің  бірі республикалық бюджеттің кассалық атқарылуын ұйымдастыру, жүзеге асыру және бақылау болып табылады.

Қаржы министрлігінің Салық комитеті, оның аумақтық органдары есептелген салық және бюджетке төленетін басқа  міндетті төлемдердің, өсімдер мен  айыппұлдар сомаларының бюджеттерге толық және дер кезінде түсуіне салықтық тексерулерді жүзеге асырады.

Экономика мен қаржы қызметі  сферасында қаржы тәртібін сақтауға Қазақстан Республикасының экономикалық және жемқорлық қылмыстықпен күрес  жөніндегі агенттігі (қаржы полициясы) де қатысады. Ол заңмен белгіленген өкілеттіліктері шегінде жедел-іздестіру қызметн, алдын ала тергеу және анықтау, әкімшілік іс  жүргізу арқылы экономика мен қаржы қызметі сферасында адам мен азаматтың құқықтарына, қоғам мен мемлекет мүдделеріне қылмыстық және құқыққа қайшы өзге де қол сұғушылықтың алдын алуға, оны анықтауға, жолын кесуге, ашуға және тергеуге бағытталған құқық қорғау қызметін жүзеге асыратын арнаулы мемлекеттік орган болып табылады.

Агенттік (қаржы полициясы) органдарының негізгі міндеттері мыналар болып табылады:

    1. өкілеттігі шегінде мемлекеттің экономикалық қауіпсіздігін, кәсіпкерлік қызмет субъектілерінің, қоғам мен мемлекеттің заңды құқықтары мен мүдделерін қамтамасыз ету;
    2. салықтарды төлеуден жалтарынуға байланысты қылмыстардың, экономика мен қаржы саласындағы өзге де қылмыстар мен құқық бұзушылықтардың алдын алу, оларды анықтау, жолын кесу, ашу және тергеу;
    3. экономика саласындағы сыбайлас жемқорлық пен қылмысқа қарсы күрес ісінде мемлекеттік саясатты әзірлеуге және іске асыруға қатысу;
    4. агенттік (қаржы полициясы) органдарының қарауына жатқызылған мәселелер бойынша халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асыру.

Агенттіктің (қаржы полициясының) аумақтық және мамандандырылған органдары  тиісті әкімшілік-аумақтық бірлік шегінде  уәкілетті органның функцияларын жүзеге асырады.

Экономикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында экономика және қаржы  қызметі сферасындағы қылмыстар  мен құқық бұзушылықтардың алдын  алу, оларды анықтау, жолын кесу, ашу  және тергеу жөніндегі басшылықты, сондай-ақ заңдарда көзделген шектерде салааралық үйлестіруді және өзге де арнайы атқарушылық және рұқсат етушілік функцияларды жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының орталық атқарушы органы уәкілетті орган болып табылады.

Барлық деңгейлердің өкілдікті органдары (маслихаттар, депутаттардың жиналысы) қаржылық бақылауды бюджеттерді және олардың атқарылуы туралы есепті қарау және бекіту процесінде жүзеге асырады. Яғни, олар бақылауды екі нысанда – алдын ала және кейінгі нысандарда жүзеге асырады. Ағымдағы бақылау бар болғанымен олардың қызметінде негізгі болып саналмайды. Бақылаудың негізгі әдісі тексерулер болып табылады. Бақылаудың объектісі ақша қаражаттарының жергілікті қорлары болады.

Қаржы органдары жүргізетін бақылау  барлық нысанда жүзеге асырылады  және де алдын ала және ағымдағы бақылау оның айрықша нысаны болып табылады. Бақылаудың негізгі әдістері тексерулер және есептемені шоттық тексеру. Салалық басқармалардың (бөлімдердің) мамандары тексеріске ревизиялық бригадалар құрамында тартылады.

Ведомстволық қаржылық бақылауды  республика министрліктері, ведомстволары, жергілікті органдардың басқармалары мен бөлімдері ведомстволарға қарасты кәсіпорындарға, ұйымдарға, мекемелерге жүргізеді. Ведомстволық қаржылық бақылау алдан ала, ағымдағы және кейінгі бақылау нысанында жүзеге асырылады. Бақылаудың негізгі әдістері қаржы жоспарларының жобаларын қарау, тексерістер мен тексерулер болып табылады. Бақылау объектісі ақша қаражаттарының орталықтандырылмаған қорлары болады.

Ішкішаруашылықтық бақылауды шаруашылық жүргізуші субъектілердің экономикалық службалары – бухгалтериялар, қаржы бөлімдері және т.с.с. жүргізеді. Бұл орайда бас (аға) бухгалтер маңызды роль атқарады. Мұнда субъектінің өзінің, сондай-ақ оның құрылымдық бөлімдерінің өндірістік және қаржы қызметі бақылаудың объектісі болып табылады. Әр шаруашылық органдарда, жергілікті атқарушы органдарда ішкішаруашылықтық бақылауды жүзеге асыру үшін бұл қызметтерден басқа бақылау – тексеріс бөлімдері, топтары құрылады. Ірі шаруашылық бақылау қаржылық бақылауға тән барлық нысандарда жүзеге асырылады. Оның негізгі әдістері тексерулер мен тексерістер болып табылады. Коммерциялық құрылымдарда (акционерлік қоғамдарда, жеке меншік кәсіпорындары мен фирмаларда, бирожаларда, банктерде және т.б.) ішкішаруашылықтық бақылаудың құрылтайшысы немесе меншік иесі, сондай-ақ оның тапсыруымен аудиторлық фирмалар жүзеге асырады.

Қоғамдық қаржылық бақылауды еріктілік  және ақысыз негізде топтар, жекелеген  тұлғалар (мамандар) орындайды. Қоғамдық бақылаудың органдарына шаруашылық жүргізуші субъектілердегі, ведомстволардағы әкімшіліктің қызметіне жүргізілетін кәсіподақ ұйымдарының бақылауы жатады. Бұл органдардың қызметіндегі қаржылық бақылау негізгі бақылау болып саналмайды. Әр түрлі қоғамдық ұйымдар (саяси партиялар, жастардың, шығармашылық одақтардың, ғылыми, табиғатты қорғау, спорт, соғыс және еңбек ардагерлерінің ұйымдары, қайырымдылық қорлары) қаржылық бақылауды өз күштерімен жүргізеді. Сондай-ақ аудиторлық фирмаларды да тарта алады. Бақылаудың объектісі – табысты алу көздерін және жарғылық міндеттерге сәйкес оның пайдаланылуын тексері.

Нарыққа өту жағдайында қаржылық бақылаудың рөлі мен маңызы артпаса ешқандай кемімейді. Қазақстан аумағында  кеңестік дәуірде қаржылық бақылау  айтарлықтай дәрежеде дамыды. Түгелдей дерлік мемлекеттік меншік жағдайында мемлекет экономика мен қаржылық процестерге қатаң, жан-жақты бақылау жасауға ынталы болды. Шаруашылық жүргізуші субъектісінің қаржы-шаруашылық қызметі мемлекеттік басқару органдары мен қоғамдық бақылау органдары (Халықтық бақылау комитеті) тарапынан қос бақылаудың қарамағында болды.

Басқарудың әкімшілік нысанынан  нарықтық нысанына өту кезеңіндегі  қаржылық бақылау айтарлықтай әлсіреді. Халықтық бақылау комитеті жойылды, ведомстволық бақылау іс жүзінде  қысқарды, мемлекетік орган тарапынан  болатын қаржылық бақылауды жүзеге асыру жөніндегі қызмет тарылды.

Нарықтық қатынастар жағдайында экономикалық тұтқалар мен ынталандырмаларға  жақсы бақылаушылар деген сенім  білдірілді. Алайда мұндай көзқарас салық  төлеуден бұлтарушылық нысанындағы  экономикалық қылмыстардың өсуіне, мемлекетік меншіктерді тегін беру немесе символикалық сомаға сату түріндегі талан-таржға жеткізді және басқалары.

Нарық жағдайында жалпы экономиканың, жеке шаруашылық жүргізуші субъектісінің  қаржылық бақылауды қоғам дамуының басқа кезеңдерінен де үлкен дәрежеде қажетсінетінін шет елдердің тәжірибесі, республиканың өзіндік тәжірибесі көрсетіп отыр.

Мемлекеттің алдында жан-жақты, жүйелі, кешенді бақылауды, соның ішінде қаржылық бақылауды да ұйымдастыру  міндеті туып отыр. Бұл шаруашылық жүргізуші барлық субъектілер мен олардың қаржы-шаруашылық қызметінің барлық жақтары қаржылық бақылаумен қамтылуы тиіс дегенді білдіреді. Қойылып отырған міндетті іске асыру үшін қаржылық бақылау мына бағыттарда дамуы тиіс:

  • мемлекеттік бақылауды нығайту
  • тәуелсіз аудиторлық бақылауды дамыту;
  • түрлі бақылаушы органдар мамандарының еңбегін компьютерлендіру;
  • бақылаудың барлық органдарының қызметін үйлестіру және басқалары.

 

1.2 Қаржылық бақылау түрлері мен нысандары, әдістері

 

Қаржылық бақылаудың сыныптамасы субъектілердегі айырмашылықтарға, бақылау іс-қимылдарын жүргізудің уақытына, бақылауды жүргізудің тәсілдеріне (әдістеріне) негізделген. Осы белгілерге қарай, қаржылық бақылау үш бағыт бойынша: түрлері, нысандары, оны жүзеге асырудың әдістері бойынша жіктеледі.

Қазақстан Республикасының қазіргі қаржылық бақылау жүйесі оны жүзеге асыратын субъектілерге (бақылауды жүзеге асыратын органдарға немесе ұйымдарға) қарай мемлекеттік, қоғамдық, аудиторлық бақылау болып ажыратылады. Бұл талданған жіктемелерді келесі кестеден көруге болады.

 

Кесте – 1 Қаржылық бақылаудың түрлері бойынша жіктелуі

Қаржылық бақылау

Мемлекеттік

Қоғамдық

Жалпы-мемлекеттік

Ведомстволық

 

 

Қоғамдық ұйымдардың: кәсіподақтардың, партиялардың, жастардың, бұқаралық қозғалыстардың, ғылыми-техникалық, мәдени-ағартушылық, спорт, шығармашылық, ардагерплердің, түрлі қорлардың бақылауы

 

Ішкі-шаруашылықтық

Парламенттік

бақылау

Аудиторлық бақылау


 

Жоғарғы кестеден көріп отырғанымыздай, мемлекеттік қаржылық бақылау (сыртқы және ішкі) – мемлекеттік қаржылық бақылау объектілерінің республикалық және жергілікті бюджеттердің атқарылуы, олардың атқарылуы бойынша есепке алу мен есептемені жүргізу, олардың атқарылуын бағалау, мемлекеттің гранттарын, активтерін, мемлекет кепілдік берген қарыздарды мемлекеттік мекемелердің тауарларды (жұмыстар мен көрсетілген қызметтерді) өткізуден түсетін өз иелігінде қалатын ақшаны пайдалану бөлігіндегі қызметінің Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкестігін тексеру.

Мемлекеттік қаржылық бақылау  объектілері – Қазақстан Республикасының  Үкіметі, жергілікті атқарушы органдар, бюджетке түсетін түсімдерді алуға және бақылауға жауапты мемлекеттік органдар, республикалық және жергілікті бюджеттерден қаржыландырылатын мемлекетік мекемелер, олардың ведомстволық бағыныштағы ұйымдарды, бюджет қаражаттарын алушылар, мемлекеттің гранттарын, активтерін, мемлекет кепілдік берген қарыздарды пайдаланатын жеке және заңды тұлғалар.

Мемлекеттің қаржылық бақылау  органдары – Республикалық бюджеттің  атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитеті және ішкі бақылау жөніндегі  орталық уәкілетті орган.

Мемлекеттік қаржылық бақылау  мынадай типтерге бөлінеді:

  1. сәйкестікке бақылау жасау – мемлекеттік қаржылық бақылау объектісі қызметінің Қазақстан Республикасы заңдарының талаптарына сәйкестігін бағалау
  2. қаржылық есептемені бақылау – мемлекеттік қаржылық бақылау объектісінің қаржылық есептемені жасауының және табыс етуінің анықтығын, негізділігін және уақыттылығын бағалау;
  3. тиімділікті бақылау –  мемлекеттік қаржылық бақылау объектісінің республикалық немесе жергілікті бюджет қаражаттарын, мемлекет активтерін, мемлекет кепілдік берген қарыздарды, мемлекеттік мекемелердің тауарларды (жұмыстарды, көрсетілген қызметтерді) өткізуінен түскен ақшаны үнемділікпен, нәтижелікпен және өнімділікпен пайдалануын тексеру мен бағалау.

     Мемлекеттік қаржылық бақылау мынадай түрлерде жүзеге асырылады:

    1. кешенді бақылау – мемлекеттік қаржылық бақылау объектісінің нақты кезеңдегі қызметін жаппай әдіспен тексеру және бағалау;
    2. тақырыптық бақылау – мемлекеттік қаржылық бақылау объектісінің нақты кезеңдегі қызметін жекелеген мәселелер бойынша жаппай әдіспен тексеру және бағалау;
    3. үстеме бақылау – мемлекеттік қаржылық бақылау объектісіне қатысты ақпарат алу қажеттігіне байланысты үшінші тұлғаларды бақылау, ол операциялардың бірдейлігіне қарай бір-бірімен өзара байланысты құжаттарды салыстырып қарауды білдіреді. Үстеме бақылау тек қана мемлекеттік қаржылық бақылаудың негізгі объектісімен өзара қатынастар мәселелері бойынша және тексеріліп отырған мәселе шеңберінде жүргізіледі.

Мемлекеттік қаржылық бақылауды  жүргізу құпиялылық режимін қамтамасыз ету ескеріле отырып, тәуелсіздік, объективтілік, анықтық, ашықтық, құзырлылық, жариялылық қағидаттары міндетті түрде сақталып жүзеге асырылады.

Мемлекеттік қаржылық бақылауға  қойылатын бірыңғай талаптар мемлекеттік  қаржылық бақылау стандарттарымен айқындалады.

Мемлекеттік қаржылық бақылау стандарттарын  мемлекеттік қаржылық бақылау органдары, мәслихаттардың тексеру комиссиялары, ішкі бақылау службалары, олардың  қызметкерлері мен мүшелері орындауға  міндетті.

Бақылау нәтижелері бойынша мынадай актілер қабылданады:

  1. қорытынды
  2. Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің қаулысы
  3. мәслихаттың тексеру комиссиясының қаулысы
  4. ұсыным
  5. нұсқама
  6. бақылау актісі
  7. бақылау жүргізу туралы есеп

Сыртқы бақылауды республикалық деңгейде Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитеті, жергілікті деңгейде мәслихаттардың тексеру комиссиялары жүзеге асырады.

Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитеті ҚР Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік қаржылық бақылаудың жоғарғы органы болып табылады. Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитеті туралы ҚР Президенті бекітеді. Мемлекеттік қаржылық бақылау жалпымемлекеттік және ведомстволық бақылау арқылы жүзеге асырылады.

Жалпымемлекеттік қаржылық бақылау  ведомстволық бағыныштылығы мен  меншік нысанына қарамастан бақылаудың кез келген объектісіне қолданылады. Бақылаудың бұл түрін мемлекеттік  билік пен басқару органдары  жүргізеді. Мемлекеттік қаржылар жүйесінде бақылау салықтық, бюджеттік бақлыау, сақтық және банктік қадағалау, кедендік бақылау және т.б. болып ажыратылады.

Салықтық бақылау салық  заңнамасының атқарылуы, бюджетке салық  және басқа төлемдердің, жинақтаушы зейнетақы қорларына міндетті зейнетақы жарналарының толық және дер кезінде аударылуын қамтамасыз етеді. Салықтық бақылаумен меншік нысандарына қарамастан, барлық шаруашылық жүргізуші субъектілер, сондай-ақ табыс табатын азаматтар қамтылған.

Бюджеттік бақылау тексерістік  және таңдамалық қызметтің мынандай түрлерін кіріктіреді: елдің негізгі қаржы жоспарының – мемлекеттік бюджеттің кірістері мен шығыстары бойынша орындалуын бақылау; қаржылық ақпаратты, соның ішінде салықтық бақылаудың нәтижесін жинау, бұл ақпаратты талдау және бюджетке қаржы ресурстарын қосымша тарту жөнінде ұсыныстар жасау; шығындардың белгіленгеннормалары мен нормативтерін бақылау арқылы мемлекеттік бюджет қаражаттарының тиімді, ұтымды жұмсалуын қамтамасыз ету; өндірістік емес, мақсатсыз шығындарды, иесіздікті, ысыраптар мен ұрлықтарды жою және одан сақтандыру. Бюджеттік бақлау бюджеттен қаржыланатын мемлекеттік кәсіпорындарда мекемелер және ұйымдарда, сондай-ақ мемлекеттік емес сектордың жұмыс жасайтын, қызмет көрсететін, шаралар жүргізетін кәсіпорындарында жүзеге асырылады.

Банктік қадағалау кредит ресурстарын қалыптастыру және олардың қозғалысы барысында, күрделі құрылыс процесінде, кәсіпорындардың кассалық тәртіпті сақтауын тексеру кезінде, қолма-қол ақшасыз есеп айырысқанда және басқа жағдайларда жүргізіледі. Банкттік қадағалаумен, бақылаумен кредит-есеп-қисап қатынастарына қатысты барлық шаруашылық субъектілер қамтылған.

Сақтандыру сферасындағы қаржылық бақылау, қадағалау сақтық қорлар қаражаттарының дер кезінде, толық қалыптасуын, мақсатты жұмсалуын, сақтық операцияларының дұрыс жүргізілуін, сақтандыру туралы заңнаманың талаптарын сақтық қатынастарға қатысушылардың барлығының орындалуын жүзеге асырады.

Кеден органдары тауарлар  мен көлік құралдарын, оларды есепке алуды кедендік ресімдеу кезінде  де, сондай-ақ кедендік тексермеде де құжаттар мен мәліметтерді тексеру нысанында кедендік бақылауды жүргізеді; олардың тауарлар мен көлік құралдарына кеден шекарасы арқылы орналастыратын субъектілердің қаржы және сыртқы экономикалық қызметін тексеруді белгілеуге немесе жүргізуге құқы бар.

Барлық өкілетті органдар қаржылық бақылауды тиісті бюджеттің  жобасын және оның атқарылуы туралы есепті жыл сайын сессияларда  қараған кезде жүзеге асырады. өкілетті органдардың жоспар-бюджет және салалық  тұрақты комиссиялары маңызды бақылау  функцияларын орындайды, олар алдын ала сессияға дейін бюджеттің жобасы мен оның атқырылуы туралы есепті қарайды.

Қаржылық бақылау агенттігінің қаржы нарығы және қаржы ұйымдарына жүргізген бақылауларына талдау