Атырау облысы қазба байлығы

Атырау облысы қазба байлығы

 

Өлке туралы, оның қазба байлығы хақында  И.И.Лепихин (1768-1769), П.С.Паллас (1763-1769), К.Г.Гнелин (1785), М.М.Ковановский (1887), Н.И.Андрусов (1887) және Н.П.Барбот-де Марни (1874-1889) сияқты зерттеушілер өз еңбектерінде сөз етті.  

 

1927-1931 жылдары бұл аймақта геолог А.Н.Волковтың басқаруындағы партия жұмыс істеді. Қорытындысында Индер күмбезінің топографиялық картасы жасалынды, су көздерінің жүйелі химиялық мінездемесі берілді. Алғаш рет схема түріндегі геологиялық карта пайда болды. Әрине, А.К.Волковтың атқарған қызметінің ішіндегі маңыздысы борат кенін табуы. Сөйтіп, ЦНИГРИ экспедициясы күшімен атқарылған мақсатты зерттеу жұмыстары еліміздің борат кеніне деген қажеттілігін қамтамасыз етуге алып келді. Содан 1935 жылы Индер борат кенішінің ашылғанын осы өлкенің әрбір азаматы жақсы біледі. 1935-1936 жылдары Н.И.Преображенскийдің  ғылыми  жетекшілігімен ЦНИГРИ (қәзіргі ВСЕГЕЙ) күрделі зерттеу жұмыстарын жүргізді. Экспедиция жұмысына профессор С.В.Малявкин, геологтар Н.И.Морочкин, А.В.Хабанов, М.Н.Годиевский, В.В.Мокринский, К.А.Иванов, т.б. қатысты. Ал 1932-1935 жылдары жүргізілген Индер көлінің тұз қабаттары мен оның басты қасиеттеріне физико-механикалық талдау жүргізумен академик Н.С.Курнаковтың басқаруы негізінде М.Г.Валяшко, И.Н.Лепяшков шұғылданады. 1936 жылы жүргізілген бұрғылау жұмыстарының нәтижесінде калий тұзы қабаттары анықталды.  1939-1940 жылдары Қазақ КСР-і геологиялық басқармасы тұз қабаттарына зерттеуді жалғастырды. Сөйтіп 1941 жылдың 26 ақпанында химия өнеркәсібі халық комиссариаты жанындағы экономикалық кеңесінің қаулысымен Индер геологиялық-барлау партиясы құрылды. Алғашқы ұйымдастыру бұйрықтары 1941 жылдың 20 мамырында жарық көрді. Партия бастығы болып Н.С.Борихин бекітілді. 

                                                                

 

1941-1957 жылға дейін барлық геологиялық барлау жұмыстары КСРО химия министрлігі арқылы жүргізілсе, кейін КСРО, Қазақ КСР геология министрліктеріне ауысты. 1941-1945 жылдары аудандағы геологиялық жұмыстар геологтар Я.Я.Яржемский, В.Г.Валяшко, А.А.Скробов, С.Ф.Иванова, М.В.Руднева, т.б. тығыз қатысуымен жүрді. 1945-1950 жылдардағы зерттеу жұмыстарының түпкі нәтижесінде Қызыл тау маңындағы кедей кен орынын және № 88 учаскесінің мүмкіндігін анықтауға қол жетті. 1950-1951 жылдары мұндай зерттеу жұмыстары кең қанат жая түсті. Бес жылдың ішінде 40 шаршы километр гипс қабаты бұрғыланып, №№ 90,93,94,95,96 кен орындарын анықтауға жол ашты. 1956-1961 жылдары С.С.Коробов пен Қ.Тұхфатовтың басқаруындағы экспедиция күшімен Индер күмбезінің 1:10000 және 1:25000 мөлшеріндегі (масштабында) геологиялық кескіндемесі жасалынды. 1958 жылы геология министрлігінің комиссиясы жұмыс істеп, Индер кен орындарының геологиялық және гидрогеологиялық жұмыстарының арнайы шарасы жасақталынды.

                                                                 

 

Индер тұзды күмбезін зерттеу барысында 1957-1987 жылдары аралығында 18 кен орны, 92 қалыптасу және 260 борлы қабат анықталды. Олардың арасынан  элювиалды бор кенін өндіретін № 98,99,100 және 102 учаскелер ашылды. Кешенді зерттеу жұмыстарының арқасында борат кенінің  геологиялық құрамы айқындала түсті. Тұз қабаттарында оның пайда болуы, қалыптасы кезеңдері тереңдей зерттелінді.Сатимолла кен орны 1964 жылдан бастап үш бағытта зерттелінді. 1967-1973 жылдары іздестіру бағдарлау, 1978-1982 жылдары алдын-ала, 1982-1985 жылдары нақты зерттеулер жүргізілді.          Ас тұзы Индер көлінің шарасында түзілген, аумағы 110 кв.км. өте құрғақ және ыстық климат жағдайында суының қарқынды булануынан еріген тұздардың су орнына тұнуы аса ірі тұз  қорының жиналуына әсер етіп, көл бетінің бірқатар жерлері тұзды қабатқа айналады. Индер көлі аса зор сопақ зеренді еске салады, оның түбі өздігінен шөккен ас тұзынан тұрады. Кеннің бүкіл беті түгелдей дерлік жаңа шөгіндімен жабылған. Шөгу жағдайы мен сапасына орай, Индер ас тұзы кені қатты пайдалы қазбалар кен орындары қорының жоғарғы 1-ші тобына жатқызылған. 

 

                                                                 

 

Аудан жерінде күні бүгінде калий-магнийлі тұзы, галит, гипс, бор, гравий, құмды қоспасы, тас, тастық балшық, тағы да басқа түрліөндірістік шикізаттар қоры зерттелініп, пайдалануға жол ашылды. Мәтенқожа, Шүгіл, Лебяжье, Круглый, Қыз, Алдаберген, Жабағы т.б. скважиналарында борлы тұз барлығы байқалады. Круглый зерттеу алаңында элювиалды борат қыртыстары барлығы анықталды.      

 

 

 

 

 

 

 

 

 

  Арман болған тәуелсіздік ақиқатқа айналды  

 

14.12.11ж.

Қазақ мұнайының қара шаңырағы Атырау өңірінің халқы Тәуелсіздік күнін сән-салтанатымен атап өтті.

Салтанатты жиында бүгінгі біздің тәуелсіздігіміздің қайнар көзі - қазақ халқының сан ғасырлар бойғы күресінде, азаттыққа ұмтылған қайсарлығында жатқанын тұшымды баяндамасында облыс басшысы Бергей Рысқалиев нақты деректермен айтты.

- Азаттық тарихы туралы айтсақ, он бесінші ғасырда Әз Жәнібек пен Керей хандардың бастауымен алғаш рет Шу бойында Ту көтерген қазақ хандығынан - кешегі Желтоқсан оқиғасына дейінгі аралықта сан ғасырлық шежіресі бар. Елдікті сақтаймын, еркіндік алып беремін деп арыстандай арпалысқан Абылай, Кенесары, Бөгенбай, Қабанбай, Исатай, Сырым, Есет сынды хандарымыз бен батырларымыз өтті өмірден. Еркіндікті, бостандықты жалынды сөздерімен жырлаған, күй асқақтатқан Махамбет пен Мөңке, Құрманғазы мен Дина сияқты ұлыларымыз, ұлт мүддесі үшін күресіп, репрессия құрбаны болған Мағжан Жұмабаев, Міржақып Дулатов, Халел Досмұхамедов сияқты Алаштың арыстары, сонау шерлі Желтоқсанда тоталитарлық жүйеге қасқайып қарсы шыққан Қайрат Рысқұлбеков сияқты боздақтар - ұрпаққа өнеге болар тұлғалар. Бүгінгі қасиетті мереке күні біз ұлт пен ел тәуелсіздігі жолында ғасырлар бойы күрескен ата-бабаларымыздың, боздақтарымыздың рухына бас иеміз, - деген аймақ басшысы Бергей Сәулебайұлы дамыған елдермен тереземіз тең болуға мүмкіндіктің мол екенін айтты.

Бүгінде республикамен бірге қарқынды дамып келе жатқан атамекен, қазыналы өлке - Атырау жері ерен істер, алып жобалар алаңы. Облыс жан-жақты дамып, Тәуелсіздіктің 20 жылдығын үлкен-үлкен жетістіктермен, бұрын-соңды болмаған тарихи жобалармен, биік көрсеткіштермен, ең бастысы, ежелден қаймағы бұзылмаған ата дәстүр, берік орнаған ынтымақ-татулықпен қарсы алып отыр.

Атырау - мұнайы мен газы, пайдалы қазба байлығы, өркенді экономиканың өрісін кеңейтіп, ел мен жердің ырысы мен ынтымағын асырып, талай батырлар мен ақындардың, күйші-жыршылардың қаны тамған қасиетті де киелі атырап.

Баяндамасында облыс басшысы  Бергей Рысқалиев осының барлығы айтуға оңай болғанымен, іс жүзінде талай қиындықты еңсеріп келген тәуелсіздіктің тәтті дәмін бүгінгі ұрпақ біліп, оны келешекке аманаттау үшін де егеменді ел атанбас бұрын Атырау өңірінің қандай кейіпте болғанына тоқталып өтті.

Алдымен сөз болғаны, көз алдымызға Кеңес Одағы кезінен қирап, экономикасы қаусаған, әкімшілік пәрмені әлсіреп, нарықтық тетіктері іске аспай, шаруашылық байланыстары үзілген, халық жұмыссыз босып, абыржыған тоталитарлық жүйенің бір бөлшегі болды.

Жердің, елдің байлығына қарамастан, облысқа жеткілікті көңіл бөлінбей, өңірдің тыныс-тіршілігі, шаруа жайы өскелең заман талабынан кенже қалғаны тұрғындарға жайсыз тиді. Бұл - өткен күннің еншісінде қалған шындық.

Десе де, облыс әкімі бұл айтылғандардан мұнайшылар, балықшылар, бұрғышылар, құрылысшылар қол қусырып отырды деп айтуға болмайтынын айтты. Себебі олар шөлейтті өлкенің өркендеуі үшін заманына сай ерен еңбектің үлгісін көрсетіп, жас ұрпақты тәрбиеледі. Бірақ өз қолдарымен өндірген қазба байлықтың ел игілігіне жаратуын көрмеді. Маңдай терлерінің қызығын Одақтың орталығы тамашалады. Бұл - ащы да болса шындық.

 

ЖАҢАРҒАН АТЫРАУ - ӘЛЕМГЕ ТАНЫМАЛ ҚАЗЫНАЛЫ АЙМАҚ

Мұнайлы өлкенің тәуелсіздік белесіндегі жемісті жылдарында, ел қолға алған ауыр жүкті көтере білді. Бүгінгі күні соның нәтижесі көз алдымызда айқын көрініс тауып отыр.

Облыс басшысы Рысқалиевтің айтуынша, жалпы өңірлік өнім 600 есеге, өнеркәсіп өнімінің көлемі 3,5 триллиондық межені, бүкіл елдегі инвестицияның 28% құрап, мемлекетіміздің экономикалық қуатының тірегі - мұнай мен газ тиісінше, 8 және 20 есе артық болды.

- Ерекше атап өтер жайт, Қазақстан мұнайының ғасырлық тарихы болса, «қара алтынның» игілігін тәуелсіздігімізді алғаннан кейін көрдік. Бұл Елбасының ерен еңбегінің, дана саясатының арқасында жүзеге асты. Инвесторларға икемді жұмыс жасауға толық кепілдік беріп отырған мемлекет саясаты облыста жүйелі жүзеге асып, қазба байлықты ел қажетіне жаратудың нақты мүмкіндігі ашылды. Жерімізде дүниежүзілік маңызды - мұнай қоры мол Теңіз кенішін, ғасыр жобасы саналған Каспий теңізінің қазақстандық бөлігін игеру сияқты ірі жобалар қарқынды жүруде. Одан басқа Атырауға ат басын бұрған 400-ден аса бірлескен кәсіпорындарда шетелдіктермен иық тіресе мыңдаған қазақтың жас жігіттері мен қыздары мамандықты, технологияны меңгеріп, еңбек етуде, - деген облыс басшысы бүгінгі салтанатты сәтте өңірдің, халықтың мақсат-мүддесін жауапкершілікпен сезініп, жергілікті атқарушы билікпен әріптестікте жұмыс жасап, облыстың қарқынды дамуына, тәуелсіздіктің баянды болуына атсалысып келе жатқан «Теңізшевройл», NCOC, Аджип, Шеврон, ҚазМұнайГаз, Ембімұнайгаз, КТК, АНПЗ сияқты басқа да көптеген шетелдік, отандық кәсіпорындарға облыс халқы атынан алғыс айтты.

Аймақ басшысы тәуелсіздікке келу жолында өтпелі кезеңнің қиындықтарын ең ауыр сезінген ауыл тұрғындары болғанын ашық айтты. Ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірудің күрт құлауы, дамымаған инженерлік желілер, халықты жұмыспен қамту және басқа да шешімі табылмаған әлеуметтік мәселелер село өміріне елеулі әсер етті.

Дер кезінде қабылдаған мемлекеттік саясаттың нәтижесінде құлдыраған шаруашылықтың бәрі жаңаша дамып, қазіргі таңда агроөнеркәсіп кешенінің дамуы тұрақтанды. Мал басын көбейтуде, егін өнімінде қазіргі күні айтарлықтай өсім бар.

Ауылдың тұрмысын, әл-ауқатын көтеру - басты назарда ұстап отырған аймақ басшысы бүгін облыс орталығында, аудандарда барлық проблемалар шешілді деп айтуға толық негіз барын тілге тиек етті. Сондай-ақ селоның тұрмысы да жақсарып, қажетті озық инфрақұрылым қалыптасып келетінін айтқан ол, - ендігі күш-қайратты, барлық қаражатты ауылдық жерлерге жарататынын айтып, халықты қуантты. Дәл осы қарқынмен алдағы екі жылда облыстың бүкіл ауылдарының басты-басты проблемалары шешілетін болды.

Қысқаша айтқанда, Тәуелсіздік жылдары облыс бұрын-соңды болмаған алып құрылысты аймаққа айналып, 200-ден астам білім беру, денсаулық сақтау, спорт, мәдениет ғимараттары, басқа да көптеген әлеуметтік маңызды нысандар бой түзеді. Оның бәрі қазір халыққа қалтқысыз қызмет етуде. Сондай-ақ өңірде тұрғын үй құрылысы жоғары қарқынмен дамып, республикада рекордтық көрсеткіштерге жетті.

Осы онжылдықта 36 мың тұрғын үйлер мен пәтерлер салынса, ал тек соңғы 3 жылда 15 мың отбасы жаңа қонысқа кірді. Олар сонау тоқсаныншы жылдардан бері үй ала алмай жүрген халықтың әлеуметтік осал топтарына, ардагерлер мен көпбалалы және жалғызбасты аналарға, мүгедектер мен балалар үйлерінің түлектеріне, сондай-ақ денсаулық сақтау, білім беру, құқық, мәдениет, спорт, басқа да әлеуметтік салалар қызметкерлеріне берілді.

 

Бүгінде қаланың өскені сондай, «Алмагүл», «Көркем», «Нұрсая», «Жерұйық», «Жетіқазына», «Жұлдыз», «Гауһартас» сияқты жаңа қалашықтар пайда болды. Сонымен қатар жеке тұрғын үй секторы қарқынды дамып, «Балауса», «Мирас», «Көкарна», «Самал» сияқты көптеген жаңа ықшамаудандар көз алдымызда күн санап көркейіп келеді.

Аймақтың ел экономикасы үшін қосып отырған үлесінің өзі айтарлықтай екені даусыз. Өңірдегі алып зауыттар мен онда өндірілетін отандық өнімдердің қанат жаюы тәуелсіздіктің жемісі екені айқын.

Ел Тәуелсіздігінің 20 жылындағы Атырау өңіріндегі тың өзгерістерді осылайша саралап жеткізген аймақ басшысы Бергей Рысқалиев салтанатты жиында халықтың қалаулысы, Отанына, туған жеріне еңбегі сіңген азаматтарға Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың Жарлығымен берілген мемлекеттік наградаларды табыс етті.

Айтар болсақ, «ТНС-групп» концерні заңды тұлғалар бірлестігі директорлар кеңесінің төрағасы Төкен Жұмағұлов, Мұнай және газ саласының еңбек ардагері Мақсұт Қилыбаев «Парасат» орденін, «АджипКҚО» компаниясының басқарушы директоры Умберто Каррара ІІ-дәрежелі «Достық» орденімен, Атырау облысы әкімінің орынбасары Айгүл Әжіғалиева, облыстық қаржы басқармасының бастығы Бауыржан Жантеміров пен Атырау бизнес және құқық колледжінің директоры Нұрлы Әйтиевалар «Құрмет» орденімен марапатталды. Сондай-ақ атыраулықтар облыс мәдениетіне айтарлықтай үлес қосқан дүлдүл өнер иесі Нариман Үлкенбаев пен Талапқали Зайнуллинге «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағы мен төсбелгілері табыс етілді. Бұдан басқа облыс басшысы бірнеше азаматтарға «Ерен еңбегі үшін» және «Шапағат» медальдері мен «Құрмет» грамоталарын табыс етті.

Тәуелсіздік күніне арналған салтанатты жиында атыраулықтар облыстағы Кеңес Одағы кезінде ең жоғары мемлекеттік награда «Социалистік Еңбек Ері» атағының иегерлері С.Дәулетқалиев, Ғ.Есмұратов, М.Енбаева, К.Асабаев, Қ.Жұмағалиев пен партия қызметтерінде еңбек етіп, Жылыой аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болған, қазіргі күні «АНАКО» ЖШС байқаушылар кеңесінің төрағасы С.Түгелбаевқа «Атырау облысының Құрметті азаматы» атағы куәліктері мен төсбелгілерін табыс етті.

Мәні мен мағынасы жарасым тапқан салтанатты жиын соңында атыраулықтар жергілікті атқарушы биліктің арнайы шақыртуымен келген Қазақстан және Татарстанның халық артисі Нұржамал Үсенбаева мен жергілікті өнерпаздар өнер көрсеткен тамаша концертті тамашалады.

 

 

 

Тұрсын ҚАЛИМОВА

Атырау облысы

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Қазыналы елдің қара алтыны сарқылмасын  

06.09.11.

 

Cайын даласында еркін өсіп, тұрмысы мен тіршілігін төрт түлік мал бағумен етене байланыстырған бабалардың заманында аспанға бұрқақша атқылап, әлемді тамсандырған қазақ мұнайына ғасырдан астам уақыт болды.

Ал ата кәсіпті ғана білген бабаларымыздың «қара алтынды» қауғамен тартып, түйемен тасымалдаған әрі сапалы өнім жағынан әлем мұнайынан кейінгі жетекші орынды иеленген Доссор мұнайына биыл 100 жыл толды. Ғасырлық ғұмырының тек соңғы жиырма жылында ғана қарапайым халықтың игілігіне несібе болған қара алтынды игерген Мұнайшылар күні мен Доссор мұнайының 100 жылдығы Атырау өңірінде өз дәрежесінде атап өтілді.

Қазақ мұнайының тарихы бастау алған қасиетті Атырау топырағындағы мұнайшылар күніне арналған шара еліміздің барлық аймағынан келген мұнай саласына қатысы бар мәртебелі меймандар мен мұнай саласы басшылары және ардагер мұнайшылар, облыс және қала басшыларының қатысуымен Махамбет атындағы облыстық қазақ драма театрында бастау алды.

Салтанатты шарада алғы сөз алған Атырау облысының әкімі Бергей Рысқалиев ұлы қазақтың дархан даласының жер астынан шыққан қара алтынды игеруші мұнайшыларды төл мерекелерімен құттықтап, алдымен Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың мұнайшылар қауымына арнаған құттықтау хатын оқып берді.

Елбасының қара алтынды өндірушілерге арнаған тілегін айтып жеткізген аймақ басшысы Б.Рысқалиев ел тарихында терең із қалдырған Доссордың ғасырлық тойының ерекшелігіне тоқталды.

- 1911 жылы Доссорда атқылаған алғашқы мұнай көшпенді қазақ ұлтының санасына сілкініс, даласына серпіліс әкелді. Доссор мұнайы қазақ елі мен жерін, қалың халқын әлемге паш етті. Десек те қазақ мұнайының игілігін халқымыз тек тәуелсіздік алғаннан кейін ғана көрді.

Қазақстанның дербес мемлекеттігін әлемге танытып, оның байлығы, соның ішінде жер қойнауы Қазақстанның халқына қызмет ететінін инвесторларға мойындатқан Президентіміз Н.Назарбаевтың сарабдал саясатының, табанды талабының, ерен күш-жігерінің арқасында осыған қол жеткіздік - деген аймақ басшысы Б.Рысқалиев Доссордың 100 жыл-дығының Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдығымен тұспа-тұс келуінің символикалық мәні зор деді.

Бұдан соң «Атырау өңірі еліміздің мұнай өнеркәсібінің бастауы да, бүгінгісі де, болашағы да» - деген аймақ басшысы Мақат ауданы мен Доссор елді мекенінде халықтың әлеуметтік жағдайының жақсаруында біраз жұмыстардың тындырылғанын айтып, алғаш мұнай өндірілген жылдары халық көп қоныстанған, алайда соңғы жылдары тұрғын саны азайған Қошқар, Комсомол мен Бекбике елді мекендеріндегі тұрғындарды инфрақұрылымы бар жақсы жерлерге көшіруде басты салмақ жергілікті әкімдікке түскенін айтты. Десек те жергілікті атқарушы билік алда дәл осындай жағдайдағы Ескене мен Байшонас елді мекендеріндегі тұрғындарды көшіруде «ҚазМұнайГаз»ҰК мен «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ басшылықтарымен келіссөздер жүргенін айтып жеткізді.

Төл мереке қарсаңында саладағы жетістіктермен қатар проблемалардың да қозғалуының себебінің артында жергілікті халықтың мүддесі тұрғанын айтқан облыс басшысы Бергей Сәулебайұлы мұнай-газ саласының ардагерлері мен бір топ мұнайшыны Алғыс хатпен марапаттап, мұнайшылардың еңбектеріне табыс тіледі. Қазыналы өңірдегі мұнайшылардың дүбірлі тойына келген «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ басқармасының төрағасы Қайыргелді Қабылдин мұнай саласындағы Балғымбаевтар, Өтебаев, Шырдабаевтар династиясы шоғырланған аймақтың мұнайшыларына «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ АҚ-тың төрағасы Тимур Құлыбаевтың мұнайшыларды төл мерекесімен құттықтаған лебізін айтып жеткізді.

Өз кезегінде мұнай-газ саласы ардагерлері мен мұнайшыларды құттықтаған сала басқармасы төрағасы Қайыргелді Қабылдин Қазақстан тәуелсіз мемлекет болғаннан кейін жерінің табиғи байлықтарын өзі игеріп, мұнай-газ саласын қарқынды түрде дамыта бастағанын айтты.

- 1911 жылдардан бастау алған Доссордағы мұнай өндірудегі жетістіктер барлық Батыс Қазақстанда мұнай іздеу, барлау және мұнай кәсіпшілігі жұмыстары үшін күшті серпін берді. Орал - Ембі мұнайлы ауданы бұрын Ресей империясындағы өндіру көлемі бойынша үшінші орында болды, - деген «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ-тың басқарма төрағасы Қ.Қабылдиннің айтуынша, ғасыр бұрын табылған қара алтын күні бүгінге дейін қарқынын азайтпады. Керісінше, ағымдағы жылдың жарты жылдығында ұлттық компанияға қарасты кен орындарынан 6 млн 311 тонна мұнай өндірілген. Биылғы жылы ұлттық компанияның бірінші тоқсандағы таза табысының өзі 59 миллиард теңгені құрады. Соған сай, ұлттық компанияның өндірістік қызметінің қорытындысы оның қаржылық нәтижелеріне де оң әсер еткен. Соның нәтижесінде «ҚазМұнайГаз»ҰК АҚ еліміздің бюджетіне 251,7 млн теңге салық және басқа міндетті төлемдер төлеген. Жалпы, 2020 жылға дейін «ҚазМұнайГаз»ҰК АҚ мұнай өндіру деңгейін 2 есеге дейін арттыруды көздеп отыр.

Еліміздегі жетекші ұлттық компанияның бүгінгі және болашақтағы жетістіктерін саралап жеткізген «ҚазМұнайГаз»ҰК АҚ-тың басқарма төрағасы Қ.Қабылдин «Доссор кен орнының игерілгеніне - 100 жыл» естелік төс белгімен Атырау облысының әкімі Б.Рысқалиевты, «ҚазМұнайГаз»ҰК АҚ басқарған Ұ.Қарабалин мен аймақта мұнай кен орындарының дамуына және ең алғаш елімізге шетелдік инвесторды тартып, инвестицияны тартуға негіз болған теңіз кенішінің ашылуына себепкер болған сол жылдардағы облыстың басшылары О.Көшеков, Е.Тасқынбаев және еңбегімен еленген мұнайшыларды марапаттады.

Мұнайшылар мерекесінің алғашқы күні шара аясында «Атамұнай» атты қазақ мұнайының шығу тарихы мен бүгінгісі баяндалған кітаптың таныстырылымы өтті. Тағы бір туынды, бұл - «Каспий: мұнай және мәдениет» атты фотоальбомы. Басылымға Маңғыстау, Атырау облыстарының және Ресей Федерациясының Астрахань облысының аумағы бойынша «ҚазМұнайГаз»ҰК-нің қолдауымен жасалған алғашқы ғылыми-публицистикалық экспедицияға қатысушылардың сирек кездесетін, оның үстіне алғаш рет жарияланып отырған фотосуреттер мен жолжазбалары және философиялық эсселері еніп отыр. Басылым туралы белгілі қоғам қайраткері Мұрат Әуезов «Батыс аймақтардың климаты төзгісіз болса да рухы күшті өңірлер» деп экспедиция сапарында еліміз тек қазба байлықтарымен ғана емес, табиғаты мен тарихи ескерткіштері, байырғы тарихымен, мәдениетімен ерекшеленуімен өзге мемлекеттер алдында мақтана алатынына көз жеткізгенін айтты.

Қазақ мұнайының атасы атанған Атырау өңіріндегі мұнайшылар күнінің екінші күні де маңыздылығымен ерекшеленді. «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқармасының төрағасы Қайыргелді Қабылдин, «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ-тың бас директоры Асқар Балжанов, «Ембімұнайгаз» ӨФ-ның басшысы Жұмабек Жамауовтар мен облыстағы ардагер мұнайшылар Атырау қаласындағы «Ембімұнайгаз» ӨФ мұнай даңқы мұражайы бар жаңа кеңсе ғимараты құрылысының іргетасын қалау салтанатына қатысты. Алғашқы кірпіштері тарихи күнмен сабақтас қаланған жаңа ғимарат 2 жылдан соң пайдалануға берілмек.

Мұнайшылар күніне арналған шаралар жалғасы Доссор елді мекенінде өтті.

Байбақты ата кесенесіне жөндеу жүргізген мұнайшылар аруағымен ұрпағын жебеген атаға арнап ас беріп, Доссор елді мекеніндегі «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру АҚ-тың демеушілігімен жүзеге асқан әлеуметтік нысандарды халық игілігіне берді. Ең алдымен 80 орындық «Ботақан» балалар бақшасы сән-салтанатымен ашылып, соңғы рет Доссордың 90 жылдығында жөндеу көрген дене шынықтыру кешені қайта жаңғыртудан өтіп, пайдалануға берілді.

Бұдан соң «Мұнайшы» мәдениет үйі аумағындағы жасыл желек көмкерген «Мұнайшылар» саябағында «Доссор мұнайына - 100 жыл» атты 13 метрлік мәрмәр тастан бой көтерген ескерткіш мұнараның салтанатты ашылу рәсімі болды.

Мұнай мұнарасы бейнесіндегі ескерткіштің өзгелерден артықшылығы, бұл артқы төрінде мәрмәр тастарда мұнай саласының ғасыр тарихы бейнеленгендігі болса керек. Мұнараның ең жоғары бөлігіндегі мұнайшының алақаны мен алақанның ортасында мұнай тамшысы бейнеленген. Көз тартарлық ескерткіш мұнайшылар үшін ғана емес, жалпы, қазақ халқы үшін маңыздылығымен қымбат болып қалары сөзсіз. Себебі осы ескерткіште бейнеленген бір тамшы көздің жасындай болған тамшы мұнай үшін ата-бабаларымыз қара жердің астынан шыққан қазынаны игеруде аянбай терін төкті.

Доссорда да салтанатты жиын болды. Ең алдымен «Доссор ғасыры» атты фильмді тамашалап, талай жылдардағы мұнай игерудегі қиыншылықпен бетпе-бет келген мұнайшылардың ерен еңбегінен сыр шерткен тарихи құжатты фильмін көрген соң, мұнай саласының майталмандарын марапаттау рәсімі өтті.

«ҚазМұнайГаз» АҚ-тың бас директоры Асқар Балжанов Қазақстан мұнай-газ өнеркәсібінің ғасырлық тарихына тоқталып, мұнайшылар үшін 90-жылдардың да өзіндік ауыртпалығы болғанын айтты.

- Мұнайшылар сол жылдары қаржыландыру азайып, өндіріс қарқыны төмендеп, Доссордағы көне кен орындарының жабылып қалудың аз-ақ алдында қалған жылдарды бастан өткерді. 2004 жылы мемлекеттік мұнай-газ өндіруші активтерді жаңадан құрылған «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ етіп біріктіру туралы шешім қабылданды, - деген Асқар Құмарұлы «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» ірі компаниясы құрылған соң, Доссор сияқты кен орындарының «екінші тынысы» ашылғанын мәлім етті.

«ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ-тың бас директоры А.Балжановтың айтуынша, «Доссормұнайгаз» мұнай өндіру басқармасы игеріп жатқан кен орындарының басым көпшілігі игерудің соңғы сатысында тұр. Сол себепті қолданыстағы кен орындарында мұнай өндіруді қарқындатуға және қабаттардың мұнай беруін арттыруға бағытталған түрлі геологиялық-техникалық шаралар қолға алынуда. Компания атқарып отырған кешенді жұмыстардың барлығы да ескі кен орындарының тынысын қайта жандандыруға бағытталып отырғандықтан, компания басшылығы болашақта сала мамандары ғасырлық тарихы бар Мұнайшылар күнін жақсы табыстармен қарсы алатынына сенімді.

Геологтардың зерттеулері жаңа кен орындарын табу мүмкіндіктерінің мол екенін пайымдап отырғандықтан, «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ мұнайшылардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайларын жақсарту мақсатына бөлініп отырған жұмыстар да қарқынын жоғалтпасы анық. Жалпы, компания тұтастай Атырау өңірінің инфрақұрылымын дамытуға өзіндік үлесін қосып келеді және жергілікті атқарушы билікпен арадағы келісімдерге сай аймақтағы мұнайшылардың әл-ауқатын арттыруда талай игілікті істің бастамасында көрінеріне еш күмәніміз жоқ.

«Мұнайшы» мәдениет үйіндегі салтанатты жиында мұнай саласындағы ауыртпалықты көре қалған аға буын мен заманауи техниканың дамыған заманында жұмыс жасап жүрген жас буын өкілдері сөз алып, қазақтың несібесіне бұйырған мұнайды игерудегі тың серпілістерді сөз етті.

Доссордың 100 жылдық мерейтойында Доссор елді мекенінде халық шығармашылығына арналған мәдени шаралар мен спорттан спартакиада өтіп, ҚР еңбегі сіңірген артисі Айгүл Үлкенбаева жетекшілік еткен «Керулен» этно-фольклорлық ансамблі мен Нұрғали Нүсіпжанов бастаған өнер майталмандары Доссор түнінде ән әуелетіп, күй күмбірлетіп, мұнайшылардың өз деңгейінде ұйымдастырылған мейрамынан көңілдері марқайған халықтың жүрегін тебірентіп, шат-шадыман көңіл күй сыйлады.

Доссор мұнайының 100 жылдығының аталып өтуіндегі игі шаралардың барлығы да сайып келгенде, ата-бабаларымыз аңсап кеткен армандардың орындалуына Тәуелсіз ел атануымыз негізгі себеп болғанын айтудың қажеті де болмас.

 

 

Табыс еселеніп келеді

 

Тәуелсіздік таңымен бірге елімізде атқарылған ұшан-теңіз игі істерге Атырау өңірі де салмақты үлесін қосып келеді. Қазыналы аймақ - еліміз бойынша жетекші индустриялық аймақ болып танылады.

Аймақта әлемдегі ең ірі және ерекше мұнай кен орнының бірі - Теңіз кешені игерілуде. Осы мақсатта 1993 жылы Қазақстан Үкіметі мен «Шеврон» корпорациясы «Теңізшевройл» бірлескен кәсіпорнын құрды. Тәуелсіз экономиканың алғашқы қарлығаштарының бірі болған бұл кәсіпорын мұнай-газ секторында қалыпты жұмыс жасап келеді. Өзі құрылған 1993 жылы 940 мың тонна мұнай өндірген компания ағымдағы жылы 26 млн тонна өндіруді жоспарлауда. Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың тікелей араласуымен құрылған «Теңізшевройл» компаниясы Егемен еліміздегі мұнай өндіруші жетекші компаниялардың біріне және облыста ең ірі компанияға айналып, бүгінде ел игілігіне қызмет етуде.

«ТШО» компаниясындағы «Екінші кезеңдегі зауыт» жобасын жүзеге асыру, өндірісті кеңейту мен мұнай өндіру көлемін ұлғайтып қана қоймай, ең озық технологияларды пайдалану есебінен тиімділігін арттыруға күш салуда. Компанияның биыл үшінші буын зауытының құрылысын салуды жоспарлап отыр.

Атырау аймағы үшін мұнай мен газ - өлкенің басты байлығы, экономиканың негізгі тірегі. Дейтұрғанмен, бүгінгі күннің талабы - экономиканың шикізаттық емес қуатты секторын жасақтауға серпін берілуде. Бүгінде өңірде машина жасау, құрылыс индустриясы, химия өнеркәсібі, минералдық тыңайтқышар, резиналық өнімдер және пластмасса өндіру сияқты шикізаттық емес салалар даму сатысында.

Инвестиция тартуда облысымыз  республикада - көшбасшы. Бұл көрсеткіш 2010 жылы 1 трлн 105 млрд теңгеге жетіп, республикалық көрсеткіштің 25% құрап отыр.

2003 жылдан бері индустриялық-инновациялық даму стратегиясы іске асырылуда. Оның аясында 120 жаңа өндіріс ашылып, 5000-нан астам жұмыс орны құрылды. Бұл облыстағы жұмыссыздықтың жойылуына әсерін тигізді. 2010-2014 жылдарға арналған Үдемелі индустриялық-инновациялық дамыту жөніндегі мемлекеттік бағдарламаның бекітілуі дамудың жаңа бағытын көрсетіп берді. Осы бағдарлама шеңберінде облыста 2010 жылы жалпы құны 32 млрд теңге 7 инвестициялық жоба іске асырылды.

Ағымдағы жылы құны 11,5 млрд теңге 12 инвестициялық жобаны іске асыру көзделген. Бүгінгі күні 4 жоба іске асырылып, пайдалануға берілді.

Аймақ үшін ғана емес, еліміз үшін маңыздылығы зор жобаларды айтсақ, 2016 жылы аяқтау жоспарланған мұнай-химия кешенінің құрылысы жобасы әлем назарындағы еліміздің жылына 800 мың тонна полиэтилен және 450 мың тонна полипропилен шығаруға мүмкіндігі барын паш ететін болады. Шикізат Теңіздегі газ кен орнынан алынады.

Атырау жылу орталығын кеңейту мен - Атырау мұнай өңдеу зауытын қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Бұл жобаны республикадағы мұнай өңдеу зауыттарын дамытудың 2009-2015 жылдарға арналған кешенді жоспары аясында жүзеге асыру мақсат етілген. Атырау мұнай өңдеу зауытының қазіргі технологиялық қуаты шектеулі, мұнайды тереңдетіп өңдеуге және мұнай өнімдерін ЕВРО-3, ЕВРО-4 стандарттарына сай келетіндей етіп шығаруға мүмкіндігі жоқ. Зауыттағы өңдеу тереңдігі бар болғаны 62 пайыз болғандықтан, осы жағдайдан шығу үшін зауытта ЭЛОУ-АВТ вакуумды блогын қайта жаңғырту, сондай-ақ баяулата кокстау, каталитикалық риформинг және крекинг қондырғыларын орнату, ароматты көмірсутегін өндіретін кешен құрылысын салу жоспарлануда. Бұл жұмыстарға 1 млрд 366 млн АҚШ доллары көлемінде инвестиция құйылады.

Сайып келгенде бұл жобалар мұнайды тереңдетіп өңдеу арқылы жоғары октанды бензин, авиаотынның көлемін көбейтуге, еуропалық талаптар деңгейіндегі жоғары сапалы мұнай өнімдерін шығаруға, қоршаған ортаға келетін зиянды әсерлерді төмендетуге толық мүмкіндік береді.

Қазыналы өңірдегі кәсіпті нәсіп еткен өңірде Шағын және орта бизнес нығайып, әлеуетті экономикалық орасан күшке ие болуда. Бүгінгі таңда өңірде шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 25 мың бірліктен асты.

Еліміздің өркендеуін мақсат еткен Елбасының Жолдауынан бастама алған «Бизнестің 2020 жылға дейінгі Жол картасы» бағдарламасы кәсіпкерлікті дамытудың аса маңызды кезеңі болып, ол үшін жаңа мүмкіндіктер ашып берді. Соның дәлелі мұнайлы аймақтағы кәсіпкерлік саласында серпін алған жобалар десек болады.

Тәуелсіз еліміздің Мемлекет басшысы Н.Назарбаев айқындап берген өзекті бағыттың бірі - көлік инфрақұрылымын дамыту.

Азия елдері мен Ресейді, Еуропаны жалғап жатқан Атырауды тоғыз жолдың торабы деуге болады. Сондықтан көлік инфрақұрылымын дамыту - облыс үшін аса маңызды басымдылықтың бірі болып қала бермек. Бүгінде мұнайлы өңірде күрделі жөндеуден өткен жолдар мен жаңадан салынған жолдар бір кездердегі батпақты аймақты тақтайдай тас жолы даңғылға айналған өңірге айналдырды.

Қорыта айтқанда, Елімізбен бірге Атырау өңірі де қай салада да екпінді дамып, Елбасының қолдауының арқасында бұрын болмаған биік белестерді бағындырды.

 

 

 

Қазақтың қазба байлығы әлем ғалымдарын Атырауға жинады

 

Атырауда еліміздің мұнай өндіру өнеркәсібінің қалыптасқанына 100 жыл толуын атап өту аясында алғаш рет геология саласына арналған халықаралық ғылыми конференция өтті.

Жиын жұмысына әлемнің сегіз елінен 200-ден астам білікті маман қатысып, екі күн бойына осы заманғы мұнай-газ геологиясы және геология ғылымы, оның жетістіктері мен түйінді мәселелерді шешу, іздестіру жұмыстарының өзектілігі, жаңа мұнай кеніштерін бағалау секілді мәселелер жан-жақты ортаға салынып жатыр.

Атырау облысы қазба байлығы