Банктік ресурстар және олардың экономикалық мазмұны мен түрлері

   

    Кіріспе

 

Коммерциялық кәсіпорындардың  бір түрі ретінде, банктік мекеменің  ерекшелігі болып, оның ресурстарының  басым көп бөлігін меншікті капитал  емес, тартылған қаражаттар құрайтындығында. Банктердің қаражаттарды тарту мүмкіншілігі шектеулі және кез-келген мемлекетте Ұлттық Банк тарапынан реттелінеді.

Коммерциялық банк кәсіпорындардың, ұйымдардың, мекемелердің, халықтың және басқа банктердің қаражаттарын салым (депозит) түрінде және оларға сәйкес шот ашу арқылы тарта алады. Банктермен тартылған қаражаттар құрамы бойынша  әр түрлі, олардың негізгі түрлері  болып, клиентпен (депозит) жұмыс істеу  процесінде тартылған қаражаттар және де меншіктік борыш міндеттемелерін шығару арқылы тартылған қаражатттар жатады (депозиттік және жинақ сертификаттары).

 Банктік саясаттың  маңыздысы болып ресурс базасын  қалыптастыру табылады. Банкпен  пассивтік операцияларды жүргізу  процесіндегі ресурстық базаны  қалыптастыру оның активтік операцияларға  қатынасы бойынша тарихи маңызды  және айқындаушы рольді атқарады. Банктік ресурстардың негізгі  бөлігі банктің депозиттік операцияларды  жүргізу барысында қалыптасады,  несиелік ұйымның қызметтерінің  тұрақтылығы осы операцияларды  тиімді және дұрыс ұйымдастырудың  нәтижесіне байланысты. Осыған байланысты  ресурстық потенциалды өсіру  және оның тұрақтылығын пассивтарды  тиімді басқару арқылы қамтамасыз  ету өзекті мәселелердің бірі  болып табылуда. 

Салымдар банктер үшін ең негізгі өндіріс факторы болып  табылады, себебі, олар банктердің несиелерін қаржыландыру мен бағалы қағаздарды сатып алуға қажетті қаражат  көзін құрайды. Ал, банктер тарапынан  жүргізілетін операциялар, яғни несие  беру мен бағалы қағаздарды сатып  алу банктің ұзақ мерзімді жұмысын  қаржыландыруға қажетті пайда алуға  көмектеседі. 
       Бұл жүйені өзара байланысты үзіліссіз механизм ретінде қарастыруға болады. Ашып айтсақ, банктер тарапынан берілетін несие кіші және орта бизнестің, жалпы өндірістің дамуына әсерін тигізеді, яғни өндірістің өсуі – ол экономиканың өсуі, нәтижесінде экономикасы тұрақталған елдің халқының жағдайы түзеліп, банктерге өз артық қаражаттарын салып, банктің ресурстарының көлемін арттыруға себепші болады.  
Міне, депозиттік саясаттың еліміздің экономикасына тигізетін әсерінің зор екенін ескере отырып, мен курстық жұмысымда осы мәселе төңірегінде қарастыруды жөн көрдім. Курстық жұмыстың негізгі зерттеу объектілері болып - депозиттік операциялар және депозиттік саясат табылады.

Курстық  жұмыстың мақсаты – депозит ұғымының мәнін ашып, депозиттік саясатты жүргізудің қажеттілігін көрсетіп, коммерциялық банктер тарапынан жүргізілетін депозиттік саясатты дамытудың, оны тиімді түрде жүзеге асырудың жолдарын, әрине, депозиттік нарық басқа нарық сияқты қиындықсыз болмайды, сол қиындықтардан шығудың тиімді бағыттарын іздестіріп, мүмкіндігінше ашып қарастыру. 

Курстық жұмыстың міндеттері:

  • Банктердегі негізгі, тартылған қаражаттардың экономикалық мәні мен олардың құрамын жіктеу;
  • Депозиттік саясаттың даму дәрежесін көрсету;
  • Депозиттік операциялардың қазіргі жағдайда жақсарту жолдарын, банктің депозиттік қызмет сегменттерінің өсу факторларын және жаңа ойларды іздеу;     
  • Екінші деңгейлі банктердің тартылған қаражаттарын зерттей келе, қаншалықты дамығандығын анықтау болып табылады.

 Курстық жұмыстың құрылымына тоқталсақ, курстық жұмыс кіріспеден, үш тараудан, қорытындыдан және пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады.

Жұмысты жазу барысында келесідей авторлардың еңбектерін қолдандым: С.Б.Мақыш, Ғ.С.Сейітқасымов, Н.Н.Хамитов, Қ.Қ.Ілиясов, С.Құлпыбаев, С.Міржақыпова, және т.б.

      

І. БАНКТІҢ ТАРТЫЛҒАН ҚАРАЖАТТАРЫНЫҢ ТЕОРИЯЛЫҚ НЕГІЗІ

 

1.1.Банктік ресурстар және  олардың экономикалық мазмұны мен түрлері

 

«Банк ресурстары» термині  «несиелік ресурсы» терминіне қарағанда  кең ұғымды білдіреді. Банк ресурстары тек несиелеуге ғана емес, сол сияқты басқа да активтік немесе комиссиондық операцияларды қаржыландыру үшін пайдаланылады. Бүгінгі таңда банк ресурстары нарығының  құрылуында көптеген ерекшеліктер бар  деуге болады. коммерциялық банктер қызметінің тұрақтылығы үшін, ең бастысы, олардың баланстары өтімді болу керек, ал оның қамтамасыз етілуі, банктік ресурстар мен несиелік жұмсалымдар арасындағы көлемі және мерзімі бойынша тепе-теңдіктің сақталуын талап етеді.

Банк ресурстары нарығының  пайда болуымен қатар бағалы қағаздар нарығы қалыптасады. Сөйтіп банктер  жаңа қызмет түрлері  ретінде бағалы қағаздармен, факторинг, лизинг және басқа  операциялармен тікелей жұмыс жасай  бастады. Бұл, яғни банктің ресурстық  құрамына тек қана ақшалай қаражаттар емес, сол сияқты тауарлы-материалдық  құндылықтар және бағалы қағаздар кіреді дегенді білдіреді. Ұлттық(орталық) банкіміз «банктердің банкі» болып  табылатындықтан, коммерциялық банктер  ресурстарының бір бөлігі сол  банктен алған ресурстардан да құралады.

Банк ресурстары – бұл банктің пассивтік операциялары негізінде қалыптасқан және барлық активтік операциялар бойынша банк өтімділігін қамтамасыз ету және пайда табу мақсатында орналастыруға бағытталатын банктің меншікті және тартылған қаражаттарының жиынтығы.

Нарықтық қатынастарға өту  барысында банк ресурстарының құрылымында  біршама өзгерістер болуда. Меншікті қаражаттар қатарына, біріншіден, коммерциялық банктің акционерлік капиталы, резервтік  қоры, сол сияқты қосымша қорлары  кіреді. Тартылған қаражаттардың  жаңа түрлеріне: Ұлттық банктен және басқа да несиелік мекемелерден алатын несиелер, басқа банктердің, корреспонденттік шоттағы қаражаттар, лизингтік операцияларды жүзеге асырғаны үшін алынған тауарлы-материалды құндылықтар жатады.

Коммерциялық банктер  ресурстарының құрылымы олардың  мамандануы, әмбебаптығы және қызметінің ерекшеліктеріне қарай ерекшеленеді. Банк ресурстарының құрылымына мыналар  жатады:

- Банктің меншікті капиталы

- Банктің заемдық және тартылған қаражаттары    

Банк ресурстарының құрамындағы  меншікті капитал үлесі тартылған  қаражаттарға қарағанда өте төмен  болғандықтан барлық қаражаттарға деген  қажеттілігінің 10%-ға жуық бөлігі өтелсе, ал қалған бөлігі тартылған қаражаттардың үлесіне тиеді. [1]

Банк ресурстарының құрылымында  тартылған қаражаттардың үлесі  меншікті қаржаттармен салыстырғанда өте жоғары, олардың есебінен банктің активтік операцияларының басым бөлігі жүзеге асырылады.

Нарықтық қатынастардың  дамуына байланысты, сондай-ақ ескі банктік жүйе үшін уақытша бос  ақшалай қаражаттарды тартудың дәстүрлі емес тәсілдерінің болуы, тартылған  қаражаттар құрылымын толығымен  өзгертті десе де болады.

Банктік тәжірибеде тартылатын қаражаттарды жинақтау тәсілдеріне  байланысты екі топқа бөледі:

  • Депозиттік қаражаттар;
  • Депозиттік емес тартылған қаражаттар.

Депозиттік операциялар  активті және пассивті болып бөлінеді. Активті депозиттік операциялар  – банктің уақытша бос ақша қаражаттарын Орталық банкте және өзге корреспондент-банктердегі шоттарда орналастырумен байланысты операциялар. Олар банктің өтімді активтері ретінде, яғни жалпы активтердің өте аз бөлігін алады. Активтік депозиттер банктің өтімді қаражаттарына жатады.

Пассивті депозиттік операциялар  – бұл клиенттердің уақытша бос  ақша қаражаттарын белгілі бір уақытқа  және  пайыз төлеу шарты бойынша  тартумен байланысты операциялар. Бұл  операциялар көмегімен тартылған  депозиттер пассив жағының көр бөлігін  алады және банктік ресурстарын  қалыптастырудың негізгі көзі.

Қазіргі банктік тәжірибеде салымдардың, депозиттердің және депозиттік емес  ресурстардың шоттарының әр түрлері  кездеседі. Бұл банктердің жоғарғы  бәсекелестік нарықта банк қызметтеріне деген клиенттер топтарының сұранысын  қанағаттандыруға және олардың қаражаттары  мен уақытша бос қаражаттарын банктік шоттарға тартуға ұмтылуына  жағдай жасайды.

Экономикалық мазмұнына  қарай депозиттерді мындай топтарға бөледі:

    • Талап етілетін депозиттер;
    • Мерзімді депозиттер;
    • Жинақ салымдары;
    • Бағалы қағаздар түріндегі (депозиттік және жинақ сертификаттары) депозиттер.

Сондай-ақ оларды төмендегідей белгілеріне байланысты жіктеуге болады:

    • Мерзімдеріне қарай;
    • Салым иелерінің категоряларына қарай;
    • Қаражаттарды салу және қайтарып алу шартына қарай;
    • Пайыз төлеу тәсіліне қарай;
    • Банктің активтік операциялары бойынша жеңілдіктер алуына қарай;
    • Басқа.

Салым иелерінің категорияларына  байланысты депозиттік шоттар мынадай  түрлерге бөлінеді:

    • Жеке тұлғалардың шоттарына;
    • Кәсіпорындар және акционерлік қоғамдардың шоттарына;
    • Жергілікті билік ұйымдарының шоттарына;
    • Қаржылық мекемелердің шоттарына;
    • Шетелдік азаматтардың шоттарына.

Талап етілетін депозиттер – бұл салым иелерінің бастапқы талап етуіне байланысты әр түрлі  төлем құжаттар арқылы қолма-қол  ақшаларын алатын әр түрлі шоттардағы қаражаттар.

Отандық банктік тәжірибеде талап етілетін депозиттерге мыналар  жатады:

  1. Мемлекеттік, акционерлік кәсіпорындардың, сондай-ақ әр түрлі шағын коммерциялық құрылымдардың ағымдық шоттарындағы сақталатын қаражаттары;
  2. Әр түрлі мақсатқа тағайындалған қорлардың қаражаттары;
  3. Есеп айырысудағы қаражаттар;
  4. Жергілікті бюджеттер қаражаттары және олардың шоттарындағы қаражаттар;
  5. Басқа банктердің корреспонденттік шоттарындағы қаражат қалдықтары.

Талап етілетін депозиттік шоттардың артықшылығы олардың  иелері үшін жоғарғы өтімділігіне байланысты сипатталды. Талап етілетін депозиттік шоттарға қаражаттар, шаруашылық және басқа да операциялардың жүзеге асырылуы барысында түседі және пайдаланылады. Ал, кемшілігі: бұл шот бойынша  пайыз мүлде төленбейді немесе біршама  төменгі мөлшерде төленеді. Міне осыдан келіп талап етуге дейінгі шоттардың төмендегідей өзіндік ерекшеліктері қалыптасады:

  • Ақша салу және алу кез келген уақытта ешқандай да шектеусіз жүзеге асырылады;
  • Шот иесі банктен осы шотты пайдаланғаны үшін пайыз түрінде немесе комиссиондық ақы алып отырады;
  • Банктер талап етілетін шоттарда ақшалай сақтағаны үшін өте төменгі деңгейде пайыз төлейді, кейде төлемеуі де мүмкін;
  • Талап етілетін депозиттер бойынша, коммерциялық банк Орталық банкте сақталатын міндетті резервтерге жоғарғы мөлшерде аударымдар жасайды. [2]

Қазақстандық көптеген коммериялық банктерде талап етілетін депозиттердің үлесі тартылған қаражаттар құрылымында өте жоғары болып келеді. Бұл өте арзан ресурс болғанымен банктерде оларды ұзақ мерзімге орналастыруға байланысты қиындықтар туындайды. Халықаралық банктік тәжірибеде оларды ұзақ мерзімді активтерге айналдыруда депозиттік базаны сандық талдау әдісі қолданылады. Мұнда депозиттік базаны сипаттайтын көрсеткіштер есептелінеді:

І. Талданатын мерзім ішінде ресурстық  базаның өсімін көрсететін қаражаттардың (талап етілетін депозиттердің) шоғырлану деңгейі. Оны пайыздық қатынаста мынадай формуламен есептейді:

Шд=(Қсб)/Т

Мұндағы,

   Шд- қаражаттың шоғырлану деңгейі;

Қс – мерзімнің соңындағы қаражат қалдығы;

Қб – мерзімнің басындағы қаражат қалдығы;

Т-мерзім ішіндегі қаражат  түсімдері.

ІІ. Орташа сақталу мерзімі. Талап етілетін депозиттерге сақталатын қаражаттардың орта күнінің санын  көрсететін көрсеткіш, сол арқылы тартылған  қаражаттарды мерзімді активтерге  айналдыру мерзімін мыныдай формуламен анықтауға болады:

М= Қо*K/A

Мұндағы,

М-орташа сақталу мерзімі;

Қо- мерзім ішіндегі орташа қаражат қалдығы;

К- қарастырылған мерзім ішіндегі күндер саны.

А-мерзім ішіндегі алынатын немесе аударылатын қаражаттар сомасы.

ІІІ. Талап етілетін депозиттердің  азаймайтын(тұрақты) қалдығы немесе олардың табысты активтерге орналастыруға  болатын қаражаттарының бір бөлігі:

Ақо/T

Мұндағы,

Ақ- азаймайтын қаражат қалдығы;

Қо- мерзім ішіндегі орташа қаражат қалдығы;

T- мерзім ішіндегі қаражат  түсімдері. 

  

 

Сонымен қатар, депозиттік қоржынның  сапасын бағалауда депозиттердің  орташа мөлшер көрсеткішін пайдалану  қажет. Оның формуласы мынадай:

О=Жд

Мұндағы

О : депозиттің орташа мөлшері

Жд: депозиттің жалпы сомасы

 К: жасалған депозиттік  келісімшарттың  саны

Мерзімді депозит-бұл  банктерде белгілі бір мерзімге және пайыз төлеу шартында орналастырылған  клиенттердің уақытша бос ақша қаражаттары.

Бұл депозит түрі алдын  ала хабарлаудан кейін немесе мерзім бойынша алынуы мүмкін. Мерзімді депозиттер чектің көмегімен пайдаланылмайды, бірақ қолма-қол ақша түрінде  еркін аударылады. Егер мерзімге дейін  бұл салымды алатын болса, онда шот  иесі айыппұл төлеуге міндетті. Бұл  салымның ерекшелігі-талап еткенге  дейінгі депозитке қарағанда, оларға міндетті резервтердің төменгі мөлшері белгіленеді.

Мерзімді депозиттер мынадай  түрлерге бөлінеді:

  • Меншікті-мерзімді депозиттер;
  • Алдын ала алуы ескертілетін мерзімді депозиттер. 

Меншікті – мерзімді депозиттер сақталу мерзіміне қарай жіктеледі:

    • 30 күнге дейінгі;
    • 30-90 күнге дейінгі;
    • 90-180 күнге дейінгі;
    • 180 күннен 360 күнге дейінгі;
    • 360 күннен жоғары

Мерзімді депозиттердің  мынадай ерекшеліктері болады: есеп айырысу үшін пайдаланылмайды, әрі  мұндай шоттарға ешқандай да есеп айырысу  құжаттары толтырылмайды, шоттағы  қаражат баяу айналады; тұрақты пайыз  төленеді; пайыз мөлшерінің ең жоғарғы  деңгейі Ұлттық банк тарапынан реттеліп отырады; ақшаны алуы туралы салым иесінің  алдын ала хабардар етуі талап  етіледі; бұл шоттағы қаражаттар бойынша ең төменгі мөлшерде резервтер  белгіленеді.

Тағы бір кеңінен тарағалған депозиттердің түрі – жинақ салымдары. Олардың белгіленген мерзімі  жоқ, қаражатты алуда ескертуін  талап етпейді, салымның жоғарғы  шегі шектелген, ақшаны салу және алу  кезінде жинақ кітапшасын көрсетуі қажет.

Банктер үшін мұндай шоттар қосымша жұмыстарды талап етеді: операцияны рәсімдеу қиынырақ, кітапшаны жоғалту және ұрлатып алу жағдайына сай екі жақты тіркеу енгізу қажет және т.б. компьютердің көмегімен жасалған жеке бет шоты туралы көшірмесі негізінде жинақ салымдарымен басқа салымдарды ауыстыруға мүмкіншілігі бар.[1]

Жинақ салымдарының тұрақты  мерзімі болмайды. Бұл салымдардың  түрі бойынша, мерзімді депозиттерге қарағанда  төменгі мөлшерде пайыз төленеді. Жинақ салымдары жинақ кітапшалары  негізінде толтырылады.

Жинақ салымдарының мынадай  ерекшеліктері бар:

Ақшалай қаражаттар сақтауда тұрақты мерзімі болмайды;

Шоттағы қаражатты алдын  ала алу барысында ешқандай да ескерту талап етілмейді;

Ақшаны шотқа саларда  немесе шоттан аларда міндетті түрде  ақшалай қаражаттар қозғалысы көрсетілетін жинақ кітапшасының болуы талап  етіледі.

Отандық банктік тәжірибеде жеке тұлғаларға ашылатын жинақ салымдары  салым операцияларының мерзіміне  және мазмұнына қарай төмендегідей түрлерге бөлінеді:

  • Мерзімді жинақ салымдары;
  • Қосымша жарна қосатын мерзімді жинақ салымдары;
  • Ұтыс салымдары;
  • Ақшалай-заттай ұтыс салымдары;
  • Мақсатты және ағымдық салымдар;
  • Валюталық салымдар.

Мерзімді жинақ салымдарға тұрақты мерзімі белгіленетін және сол мерзім өткенше алуға мүмкін емес салымдар жатады. Мерзімді жинақ  салымдарына басқа жинақ салымдарға қарағанда жоғарғы мөлшерде пайыз  төленеді.

Қосымша жарна қосатын  салымдар – бұл шоттағы қаражатқа  алдын ала уәде бойынша үздіксіз ақшалай соманы қосып отыруға  болатын салымды білдіреді. Бұл  шотта жинақталынған соманы белгілі  бір күнде толық төленеді.

Мерзімді депозиттер мен  жинақ салымдарының бір түріне депозиттік және жинақ сертификаттарын жатқызуға  болады.

Депозиттік сертификат –  заңды тұлғаның банкке салған қаражатын  куәландыратын және оған салым мерзімінің өтуіне қарай банктен немесе оның филиалдарынансалған салым сомасы мен сыйақы мөлшерлемесіналуға құқық  беретін бағалы қағаз.

Жинақ сертификаты – жеке тұлғаның банкке салған қаражатын куәландыратын  және оған салым мерзімінің өтуіне қарай банктен неемесе оның филиалдарынан  салған салым сомасы мен сыйақы мөлшерлемесін  алуға құқық беретін бағалы қағаз.

Депозиттік және жинақ  сертификаты иемденуіне қарай екі  түрлі болып келеді:

  • Атаулы сертификаттар;
  • Мәлімдеуші сертификаттар.

Атаулы депозттік және жинақ сертификаттары бұл салым  иелерінің атына толтырылып беріледі. Ал, мәлімдеуші сертификаттарда салым  иесінің аты-жөні көрсетілмейді, яғни оны кім иеленсе, сол қаражаттың иесі болып саналады.

Депозиттік және жинақ сертификаттары сатылған тауарлар және көрсетілген қызметтер үшін төлеуге болатын төлем құралы немесе есеп айырысу қызметін атқара алады. Депозиттік сертификаттар көбіне ірі сомада шығарылатындықтан, оларды заңды тұлғалар сатып алады.

Әлемдік банктің тәжірибеде депозиттік сертификаттардың мынадай  екі түрі бар:

  • Аударылатын
  • Аударылмайтын

Аударылмайтын депозиттік сертификаттар  салым иелерінің қолдарында болып, уақыты жеткен соң банкке аударылады;

Аударылатын депозиттік сертификаттар  басқа бір тұлғаларға екінші нарықта  сатып алу – сату арқылы өтеді.

Жинақ сертификаты жеке тұлғаларға арналып шығарылады. Жинақ сертификатының мерзімі бір жылдан үш жылға дейінгі  мерзім аралығын құрайды. Жинақ сертификаты  тек жеке тұлғаларға ғана беріледі.

Мерзімді депозиттік және жинақ сертификаттары мерзімінен бұрын  төлеуге ұсынылуы мүмкін. Мұндай жағдайда банк сертификатты сатып алады, бірақ  төменгі мөлшерде пайыз төлейді.

Коммерциялық банктер  үшін бұл сертификат ресурсты жинақтау тиімділігімен, яғни, ірі соманың  белгілі бір мерзімге түсуін сипаттайды.

Осындай жағдайда, коммерциялық банктердің активтік операцияларын  қаржыландырудың басты көзі ретінде  пайдаланылатын тартылған қаражаттарды жинақтауда, коммерциялық банктерден депозиттік операцияларды ұлғайту талап етіледі.

Депозиттік операцияларды  ұйымдастыру барысында коммерциялық банктер баланс өтімділігін сақтай отырып, мынадай талаптарды ескеруі тиіс:

Депозиттік ресурстардың қаржыландыратын активтік операциялардың мерзімдері мен сомасына сәйкес келуі;

Депозиттік операциялар  банк пайдасын ұлғайтуға немесе болашақта  пайда алу үшін жұмыс жасауға  тиіс;

Депозиттік операцияларды  ұйымдастыру процесінде мерзімді депозиттер мен мерзімді салымдардың көбірек  тартылуына көңіл бөлу;

Салым  иелерінің санын  өсіру мақсатында, депозиттік операциялар  түрлерін ұлғайтып, қосымша қызмет көрсетіп, жеңілдіктер жасауға тиіс. 

Банктің депозиттік емес ресурстары банктің қысқа мерзімді өтімділігін  қолдау мақсатында тартылады. Оларға: банкаралық несиелер, Ұлттық банктің  несиелері, банктердің меншікті бағалы қағаздарын эмиссиялау нәтижесінде  тартқан ресурстары, сондай-ақ отандық  және шетелдік басқа да қаржы нарығынан  сатып алынған ресурстары жатады.

Банкаралық несие –  бұл коммерциялық банктердің бір  –біріне беретін несиелері. Банкаралық несие бұл басқа ресурстармен салыстырғанда өте қымбат ресурс болып табылады. Банкаралық несиенің негізін банкаралық депозиттер құрайды. Банкаралық депозиттер – бұл банктердің бір –бірінде ашқан корршотындағы қаражат қалдықтары.

Депозиттік емес қаражаттардың  бір түріне Ұлттық банктің коммерциялық банктерге қысқа мерзімді өтімділігін  қолдап отыру мақсатында беріліп  отырған мынадай несиелерін жатқызуға  болады: овернайт(бір түндік)  және овердрафт.

Овернайт – банктердің Ұлттық банктегі корреспонденттік шотында  дебеттік қалдықтың пайда болуына  байланысты бір түнге берілетін  несие.  Мысалға, оны бүгін кешке  алған жағдайда, ертеңіне кешке қайтаруға  тура келеді. Кей жағдайда, бұл несиені  алу жұмыс аптасының соңғы  күні несеме жұма күнге түссе, онда несие келесі аптаның бірінші  күні қайтарылуы тиіс. Овернайт заемдары бойынша Қазақстан Республикасы Ұлттық банкі сыйақы мөлшерлемесін белгілейді.

«Овернайт» заемдары бойынша  сыйақы мөлшерлемесі – ҚР Ұлттық банкінің екінші деңгейдегі банктерге, олардың Қазақстан Республикасы Ұлттық банкіндегі корреспонденттік шоттары бойынша есеп айрысуды дебеттік қалдықпен аяқтауы барасында бір түнге берілетін заемдары бойынша қолданылады.

  Овердрафт – банктік жұмыс күні ішінде банктердің Ұлттық банкте ашқан корреспонденттік шотында уақытша қаражат жоқтығына немесе жетіспеуіне байланысты ақшалай аударымдар мен төлемдер жасау мақсатында берілетін несие. [3]

Овердрафт заемдары бойынша  Қазақстан Республикасы Ұлттық банкі сыйақы мөлшерлемесін белгілейді. Бұл аталған несиелер қысқа мерзімді. Ұлттық банк екінші деңгейдегі банктерге бүгінгі күні орта және ұзақ мерзімде несиелерді бермейді.

Бағалы қағаздарды қайта  сатып алу негізінде сату келісімі (РЕПО операциясы) – қазыналық міндеттемелермен қамтамасыз етілетін қысқа мерзімді займның бір түрін білдіреді.

Мұндағы қарыз алушының міндеттемесі, яғни ол келісілген күні және алдын  ала белгіленген бағада, өзінің сатқан бағалы қағазын қайта салып алуды  көздейді.

Банктердің мемлекеттің  бағалы қағаздарымен жасайтын РЕПО және кері РЕПО операцияялары бойынша сыйақы мөлшерлемелерін Қазақстан Республикасы Ұлттық банкі белгілейді.

Қазақстан Республикасы Ұлттық банктерде вексельдерді қайта есепке алу және несие беру – бұл қосымша қаражатқа деген қажеттілікке байланысты коммерциялық банктердің Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкке өздерінің вексельдерін кепілге бере отырып, ресурстар тарту тәсілі.

  Қазақстан Республикасының Ұлттық банкі вексельдерді қайта есепке алуда ресми есептік мөлшерлемені белгілейді. [12]

Банктік ресурстарды тартудың жаңа бір формасына банктің вексельдерін жаьқызуға болады. банктер тек  қарапайым вексельдерді ғана шығарады. Банк вексельдерін шығарудағы артықшылықтарға: біріншіден, вексельді тауарлар мен  көрсетілген қызметтер үшін есеп айырысуда пайдаланады; екіншіден, вексельдер ссуда алу барысында  кепілдік ретінде жүреді; үшіншіден, вексельді жеке және заңды тұоғалар қолдана алады;  төртіншіден, вексельдердің  өтімділгі жоғары; бесіншіден, вексельдер бойынша дисконт мөлшерлемесі жоғары; алтыншыдан, вексельдің заңды немесе жеке тұлғаға өту барысында шектеулік  болмайды; жетіншіден, вексельдің мерщімі  әр түрлі болады.

Коммерциялық банктердің өздерінің меншікті капиталы мен  банктік ресурстар көлемін ұлғайту  мақсатында облигациялар арқылы қосымша қаражат тартады. Облигацияларды отандық тәжірибеде көбіне ірі коммерциялық банктер шығарып отыр. Мұндай қарыздық міндеттемелер түрлерін шығару бір жағынан, банк капиталын, екінші жағынан, оның ресурстарын ұлғайтуға мүмкінді береді. Бұл операцияларды ұйымдастырудың басты мақсаты – банктің өтімділігін жақсарту.

 

1.2. Депозиттік саясат және оның банк ресурстарын қалыптастырудағы рөлі

 

Тартылған қаражаттарды тиімді басқару банктің депозиттік саясатының жасалуын көздейді. Коммерциялық банктің  депозиттік саясаты салым иелерінің  ақшалай қаражаттарын депозитке  тарту және тартылған қаражаттарды тиімді басқарумен байланысты банктік  саясатты білдіреді.

Коммерциялық банктің  депозиттік саясат құрамына банк клиенттері (жеке және заңды тұлғалар), коммерциялық банк және мемлекетттік ұйымдар (ҚР Ұлттық Банкі, салық және жинақ бойынша  министрлік) жатады. Ал депозиттік саясат объектілеріне банктің тартылған  қаражаттары  (депозит, вексельдер және сертификаттар мен басқа да тартылатын қаражаттар) және банктің қосымша қызметтері (комплексті қызмет көрсету) кіреді.

Депозиттік саясат банктің  қаражаттарды тартумен байланысты стратегиясы  мен тактикасын қамтиды.

Депозиттік саясат – банктік  саясаттың құрамдас бөлігі ретінде  банктің депозиттік операцияларын  дұрыс ұйымдастыруға бағытталған  шаралардың жиынтығын білдіреді.

Банктік ресурстар және олардың экономикалық мазмұны мен түрлері