Инфляция және жұмыссыздық

Инфляция – елдегі жалпы  баға деңгейінің тұрақты өсуінен  ақшаның құнсыздануы. Бірақ бұл  барлық тауарларға баға өседі деген  емес. Инфляция деңгейі өте жоғары болғанының өзінде кейбір тауарларға баға тұрақты болады.

Мысалы: 1970-1980 жылдары АҚШ-та инфляция деңгейі өте жоғары болды, бірақ магнитофон, электр сағаттар, жеке компьютерге баға төмендеді.

Инфляция кешенді себептерден  туындайды, олардың ең маңыздылары  мыналар болып табылады:

- Мемелкеттік бюджеттің тапшылығы, яғни шығындардың түсімдерден асып кетуі. Егер мемлекет мұндай тапшылықты ақша эмиссиясы арқылы жоятын болса, айналымдағы ақша көлемі молаяды.

- Тауарлар мен қызмет өндіру көлемінің қысқаруы, тауар тапшылығы.

- Кейбір өндірушілердің монополиялық жағдайда болуы, яғни олардың өзінің өніміне жоғары баға қоюы.

- Өндіріс шығындарының өсуі, яғни шикізат, материалдар, жалақы шығындарының өсуі.

- Елдің экономикасының ашықтығы, оның әлемдік байланыстарының өсуі инфляцияны шеттен әкелу қаупін молайтады.

Инфляцияны болу себептеріне  байланысты сұраныс инфляциясы және ұсыныс инфляциясы бөледі.

Сұраныс инфляциясы – тауар көлеміне байланысты артық ақшаның пайда болуы. Бұл жиынтық сұраныс пен жиынтық ұсыныстың бір біріне сәйкес келмей, сұраныстың ұсыныстан артып кетуі. Мұны кей жағдайда «аз тауардың соңынан көп ақшаның жүруі» деп те атайды. Тауарларға сұраныстың өсуі бағаның өсуіне әкеледі. Мәселен, тауарға сұраныс өскенде AD қисығы AD1 қисығына жылжиды, нәтижесінде баға Р деңгейінен Р1 деңгейіне өседі (43-сурет)

Ұсыныс инфляциясы – өндіріс шығындарының өсуіне байланысты бағаның көтерілуі. Шығындардың өсуі шикізатқа бағаның өсуіне, мемлекеттің саясатына, кәсіподақтардың іс әрекетіне байланысты болуы мүмкін. Мысалы: кәсіпорындардың іс-әрекетіне келетін болсақ олар жалақыны көтеруді талап етуі мүмкін. Бұл жағдайда кәсіпорынның шығындары өседі де кәсіпкер тауар бағасын көтеруге мәжбүр болады. Суретте ұсыныс AS –дан AS1 жағдайына жылжығанда, баға Р деңгейінен Р1 деңгейіне өседі (44 –сурет)

Құрылымдық инфляция сұраныс инфляциясы мен ұсыныс инфляциясының ортасындағы аралық инфляция болып табылады. Ол салааралық сәйкестіктің бұзылу жағдайында туады. Жетілдірілген жаңа шикізаттардың, тауарлардың пайда болуынан сұраныс бір саладан басқа салаға ауысады. Ол сала нарықты толық қанағаттандыра алмағандықтан, саладағы тапшылық тауарлардың қымбаттауына әкеледі

Шведтік экономист Б.Хансен инфляцияны ашық және басылыңқы (жасырын) деп бөледі.

Ашық инфляция – бағаның тұрақты өсу жағдайында байқалады.

Басылыңқы инфляция – баға мен жалақы мемлекеттің қатаң бақылауында болғанда пайда болады. Ол тауар тапшылығында, өнім сапсының төмендеуінде, көлеңкелі экономикада, бартерлік іс-әрекетте байқалады.

Инфляцияны қарқынына  байланысты бірнеше түрге бөледі:

- Баяу инфляция – баға деңгейі жылына баяу (10 %-дан төмен) өседі.

- Қарқынды инфляция – Баға деңгейі жылына 20 %-дан 200 %-ға дейін жылдам өседі.

- Ұшқыр инфляция – айналымдағы ақша саны мен баға өте күрт жылдамдықпен 200%-дан жоғары 1000%-ға дейін өседі.

Ұшқыр инфляцияның мысалы ретінде бірнеше елдерді айтуға болады. 1920-1923 жылдары Германияда инфляция қарқынының орташа шамасы айына 322 %- ды құраған. Никарагуада 80-ші жылдардағы азамат соғысы кезінде баға 33000 %-ға өскен. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде  Венгрияда 1945 жылғы тамыз айы  мен 1946 жылғы шілде аралығында баға айына 19800 %-ға өскен. Ресейде жоғары ашық инфляция 1991-1995 жылдар аралығында болды, 1992 жылы баға 26 есеге өскен.

Инфляция деңгейі баға индексі арқылы өлшенеді.

мұндағы ТБИ аж(бж) – ағымдық жылдың (базалық жылдың) тұтыну бағасының индексі.

Инфляция деңгейін сандық есептеудің тағы да бір тәсілі «70 санының  ережесі». Бұл әдіс баға деңгейінің екі еселенуіне қажетті жылдарды жылдам есептеуге мүмкіндік береді. Ол үшін 70 санын жылдық инфляция деңгейіне бөлу қажет.

Инфляцияның әлеуметтік-экономикалық зардаптарына ең алдымен инфляциялық  салықты жатқызады. Ол заңды түрде  белгіленбесе де, барлық халық үшін міндетті төлем.

Инфляциялық салықты былайша  сипаттауға болады:

● мемлекеттің айналымға  қосымша ақша шығару нәтижесінде  табатын табысы (сеньораж);

● ақша қалдықтары құндарының (нақты) төмендеуі салдарынан ақша иелерінің  шегетін шығындары;

●кемімелі (регрессивті) салық, табысы төмен адамдар өз табысының  көп бөлігін инфляциялық салық  түрінде төлейді.

Халық үшін инфляциядан келетін  зиян оның болжануына байланысты болады. Соған орай инфляцияны болжанатын және болжанбайтын деп бөледі.

Болжанатын инфляцияны адамдар алдын ала біліп отырады. Сондықтан оған дайын болуы мүмкін. Мысалы, экономикалық субъетілер жылдық инфляция деңгейі 10 % болады деп жорамалдайтын болса, онда олар өздерінің атаулы (номиналды ) табыстарын өзгертеді: келісім-шарттарда жалақысын көтеруді, аренда ақысын өсіруді алдын-ала қарастырады. Банктік операцияларда атаулы пайыздық мөлшерлеме нақтыға қарағанда 10% -ға өседі.

Болжанбайтын  инфляция күтпеген жағдайда тосын пайда болады. Ол бағаның кенеттен өсіп кетуі салдарынан туындайды. Болжанбайтын инфляцияның әкелетін салдарлары:

- табыс пен байлықтың халық топтары арасында қайта бөлінуі: қарыз берушіден (кредиторлардан) қарыз алушыға (дебиторларға);

- халықтың нақты табысының төмендеуі, әсіресе тұрақты табыс алатын әлеуметтік топтардың (зейнеткерлер, бюджеттік сала қызметкерлері);

- халықтың жинаған ақша қорының құнсыздануы;

Инфляцияның қоғамға әкелетін экономикалық және әлеуметтік зардаптары:

1. Елдің ұлттық табысы мен байлығы қоғамның әр түрлі топтарының арасында қайта бөліске

түседі.

2. Инфляцияның жоғарғы қарқынмен өсуі ұзақ мерзімге жоспар жасауды қиын жолға қояды,

кәсіпкерлердің тәуекелін  өсіреді.

3. Қоғамның саяси тұрақтылығы бұзылады, әлеуметтік шиеленісті күшейте түседі.

4. Ұлттық тауарлардың бәсеке қабілеттілігі төмендейді, экспорт азаяды, жұмыссыздық өседі.

5. Шетелдің тұрақты валютасына сұраныс өседі, ол капиталдың шет елге ауысуына әкеледі.

6. Ақшаның құнсыздануы халықтың тұрмыс деңгейін төмендетеді.

7. Халықаралық қатынастарды, жұмыс күшін ұдайы өндіру шарттарын  бұзады, экономикалық қылмыстар  мен астыртын экономикалық дамуын  жеделдетеді.

Инфляцияға шалдыққан  мемлекеттер инфляцияға қарсы саясатты жүргізуге мәжбүр болады. Мемлекеттің  инфляцияға қарсы саясатын экономиканы  тұрақтандыру, баға мен жалақыны реттеу, қаржыны сауықтандыру, ақшаны эмиссиялауды қатал бақылауға алу сияқты жалпы  экономикалық шараларды іске асыру  арқылы жүргізіледі. Ал аса төтенше  жағдайда ақша реформасы жасалады.

Қазақстанда жоспарлы экономикадан нарықтық қатынастарға көшу терең эқономикалық дағдарысты жеңумен қоса жүргізілді. Өндірістің құлдырауы экономиканың барлық салаларында жүріп жатты.

Қазақстан Республикасындағы  өтпелі кезеңдегі инфляция себептеріне  мыналарды жатқызуға болады:

- ұлттық экономикада өндірістің терең құлдырауынан болған тауар тапшылығы;

- өндірілген өнімдерге энергетиканың, материалдардың, еңбектің жоғары мөлшерде жұмсалуы;

- өз тауарлары мен қызметтеріне бағаны негізсіз көтеруге мүмкіндік берген жеке тауар

өндірушілер монополизмі;

- мемлекеттік бюджеттің тапшлығы, оны бүркемелеу үшін мемлекет қағаз ақша шығарады;

- мемлекеттің өнімсіз шығындарының жоғары деңгейі;

- басқа мемлекеттердегі экономикалық дағдарыстардың ықпалы.

Реформаның барлық кезеңінде  инфляция экономикалық дағдарыстың  дәлелді сипаты болып табылады. Тұтыну бағалары 1992 ж. – 3006 %-ды, 1993 ж. – 2266 %-ды құрады. Инфляцияның айлық қарқыны  көбіне 30 % мөлшерінен асты, ал 1993 ж. қараша айында ол 55 %-ға жетті. 1994 ж. сегіз ай мерзімінде инфляция деңгейі 1993 ж. Осы  мерзіммен салыстырғанда 608 %-дан 759 %-ға көтерілді.

ҚР Ұлттық банкісі жүргізген  қатаң монетарлық саясат арқасында  жағдай өзгеріп, инфляция айына 18-19 % деңгейінде тұрақтанды. Инфляцияның жалпы деңгейін сипаттайтын тұтыну бағаларының  индексі 1997 ж. – 11,2 %; 1998 ж. – 1,9; 1999 ж. –17,8; 2000 ж. – 9,8; 2001 ж. – 6,4 %-ды құрады.

Жұмыссыздық – экономикалық теорияның бұрынғы және қазіргі  тарихындағы ең өткір мәселенің  бірі. Жұмыссыздықтың болуын әр түрлі  мектеп өкілдері әртүрлі түсіндіреді. Мысалы, мальтузиандық теория жұмыссыздықтың пайда болуын тұрғындардың тым артып  кетуімен түсіндіреді. Кейнстік теория бұл құбылысты нарықтық сұраныстың тапшылығымен дәлелдейді, еркін кәсіпкерлік  мектебінің теориясы – жұмыссыздық  жалақы деңгейінің өсуінен туындайтынын айтады, яғни ол еркін болып табылады. Еркін кәсіпкерлік теориясының  қазіргі өкілдері – “монетаристер” – осы көзқарастарды құптайды.

К Маркстың қорлану теориясы мен қазіргі технологиялық теория жұмыссыздықтың болуын біріншіден –  капиталдың қорлануымен, екіншіден  – техникалық прогресс жетістігінен болатындығын айтады.

Жұмыссыздық – бұл жұмыс істегісі келетін еңбекке жарамды халықтың өндірісте жұмыспен қамтылмауы. Жұмыспен қамтылмау өндірістің тиімділігін арттыру, сонымен бірге жұмысшы күшінің бір бөлігін жұмыстан босатуға мүмкіндік жасайтын немесе оның оның құрылымына, сапасына жаңа талаптар қоятын ғылыми техникалық прогрестің салдары болуы мүмкін. Нарықтық экономикада жұмыссыздық дағдарыстар кезінде көбейеді. Нарық жоқ жағдайда жұмыссыздықтың көбею себебі мемлекеттің өндіргіш күштерді орналыстарудағы тиімсіз құрылымдық саясаты болуы мүмкін.

Өнеркәсібі дамыған елдердегі  жұмыссыздықтың себептерін талдай отырып, шетел авторлары олардың жекелеген  түрлерін тудыратын нақты факторларын  қарастырады. Мысалы, АҚШ Конгресі экономикалық статистика бойынша комиссиясының  жүргізген зерттеуі, жұмыссыздықтың 70 түрін атаған. Олардың әрқайсысының өзінің ерекше себептері бар. Экономистер барлық жұмыссыздықтың түрлерін негізінен екі топқа жіктеп қарайды. Жұмыссыздықтың бірінші тобына – “жиынтық сұраныс өзгерісімен байланысты емес: фрикциондық, құрылымдық, технологиялық және басқа түрлерін” жатқызамыз.

Жұмыссыздықтың мынадай  түрлері бар:

▲ Жасырын жұмыссыздық - өндірісте және мемлекеттік аппаратта артық жұмысшалардың қолдануы. Қазіргі болмыста олардың жұмыстарын аз жұмыс күшімен атқаруға болады.

▲ Фрикциондық жұмыссыздық – адамдар бір жұмыстан басқа жұмысқа, бір жерден басқа жерге жұмыс іздеу мақсатында ауысуы. Сондай-ақ мұндай жұмыссыздық жас мамандардың оқу бітіргеннен кейін уақытша жұмыссыз қалғанда пайда болады.

▲ Маусымдық жұмыссыздық  – жұмыс күшінің тек маусымдық кезеңде жұмыс жасауы. Бұл кейбір ауыл шаруашылығы өндірісі саласында кездеседі, әсіресе қайта өндеу өнеркәсібінде т.б.

▲ Құрылымдық жұмыссыздық - өндірістік қуаттың жетіспеуінің нәтижесінде болады: жеке саланың дамуының кері пропорционалды болуынан және ескі саланы жабу мен жаңа саланы дамытудың нәтижесі ретінде қараймыз.

▲Технологиялық  жұмыссыздық – адамдарды машинамен ауыстырудың нәтижесі, біліктілікті өзгертуді немесе басқа мамандықты игеруді талап етеді.

▲ Циклдық жұмыссыздық - өндірістің құлдырауынан туындайды, яғни экономиканың циклдық дамуымен байланысты.

ХХ-шы ғасырдың 60-шы жылдары  М.Фридмен мен Э.Фелпс «ресурстардың  толық қамтылуы» және «жұмыссыздықтың  табиғи деңгейі» деген теорияларды  ұсынды.

Ресурстардың  толық қамтылуы – жұмысқа қосылмаған өндіріс қуатының деңгейін 10 -20 % деңгейінде ұстап тұру. Жұмыссыздықтың табиғи деңгейі – жұмыспен толық қамтылған жағдайдағы жұмыссыздық деңгейі, ол жалпы жұмыс күшінің 5,5 - 6,5 пайызын қамтиды. Айтылған көрсеткіштер әр елде әртүрлі болуы мүмкін.

Толық жұмысбастылық деген  жұмыссыздық мүлдем жоқ деген  түсінік емес. Толық жұмысбастылық  – циклдық жұмыссыздықтың болмауын білдіреді. Оның деңгейі фрикциондық  және құрылымдық жұмыссыздықтың қосындысын құрайды.

Нарықтық экономикада  міндетті түрде жұмысшылардың тиімді резерві болады және жұмыссыздықтың табиғи деңгейі сақталады.

Жұмыссыздықтың табиғи деңгейіне  бірнеше факторлар әсер етеді:

- демографиялық жағдайлар:

- жалақының минималды деңгейі;

- кәсіподақтардың саясаты.

Статистика агенттігі  жұмыссыздық деңгейін анықтау үшін халықты бірнеше топқа бөледі:

Бірінші топ, жұмыс күші құрамына кірмейтіндер. Оларға 16 жасқа жетпеген жасөспірімдер мен арнаулы орындардағы  адамдар зейнеткерлер, үй шаруашылығындағы әйелдер, студенттер.

Екінші топ, жұмыссыздар  – белсенді жұмыс іздеп жүрген еңбекке қабілетті адамдар.

Үшінші топ, жұмыс күші - жұмыс істейтін еңбекке қабілетті  адамдар.

Экономикалық белсенді халық (жұмыс күші) – бұл еңбекке  қабілеті бар және жұмыс істеуге  дайын адамдар. Оның құрамына жұмысшылар және белсенді жұмыс іздеп жұргендер  кіреді.

Жұмысыздық деңгейі - жалпы жұмыс күшінің ішіндегі жұмыссыздардың алатын үлесі.

Жұмыссыздық деңгейі төмендегідей өрнек арқылы анықталады:

мұнда ЖД – жұмыссыздық деңгейі ; ЖС – жұмыссыздар саны; ЖК - жұмыс күшінің саны.

Жұмыссыздық нәтижесінде  еңбекке қабілетті адамдардың бір  бөлігі өнім өндіруге қатыса алмайды. Нәтижесінде қоғамға зиян келеді. Осы зиянның экономикалық бағасы циклдық үзіліске әкеледі. Циклдық үзіліс- ЖҰӨ-нің нақты көлемінің әлуетті ЖҰӨ көлемінен аз болуы. Әлеуетті ЖҰӨ көлемі дегеніміз - жұмыспен толық қамтылған жағдайда өндірілген өнім көлемі.

Циклдық үзіліс = әлуетті ЖҰӨ - нақты ЖҰӨ

Кез - келген жұмыссыздық  деңгейімен байланыста болатын экономикалық зиянды анықтау үшін, әлемдік практикада Оукен заңы қолданылады. Бұл заң  американ экономисі Артур Оукеннің (1724-1780) есімімен аталған. Ол заң математикалық  тұрғыдан жұмыссыздық деңгейі мен  жалпы ұлттық өнім (ЖҰӨ) көлемінің  төмендеуі арасындағы байланысты көрсетеді. Оукен заңы бойынша: егер жұмыссыздықтың нақты деңгейі табиғи деңгейден 1% - ға асса, онда ЖҰӨ көлемінің төмендеуі 2,5% құрайды. Оукен заңын мынадай теңдеу арқылы көрсетуге болады:

мұнда Ү*- әлуетті ЖҰӨ көлемі; Ү – нақты ЖҰӨ көлемі; u – жұмыссыздықтың нақты деңгейі: u*- жұмыссыздықтың табиғи деңгейі; γ – Оукен коэффициенті.

Егер нақты жұмыссыздық  табиғи жұмыссыздықтан 1 пайызға жоғары болса, онда нақты өндіріс көлемі әлеуеттіден γ пайызға төмен болады.

Нақты жалақының  қатаңдығы және жұмыссыздықты күту.

Табиғи жұмыссыздықтың болуының бірнеше себептері бар:

1.Жұмыссыздықтан сақтандыру  жүйелерінің жұмыс іздеу уақытын  ұзартуы. Жұмыссыздырға берілетін  жәрдемақы олардың жұмысқа орналасуға  ынтасын төмендетеді, яғни жұмыс  іздеу уақытын ұзартады. Бұл проблеманы  шешудің бірден – бір жолы  еңбек нарығының инфрақұрылымына  мемлекеттік инвестиция салу (кадрларды  қайта дайындау, бос жұмыс орындары  туралы ақпаратты жеделдету т.б).

2. Табиғи жұмыссыздықтың  екінші себебі – жалақының  қатаңдығы. Жалақының қатаңдығы  «жұмыссыздықты күту» жағдайын  тудырады. Жұмыссыздықты күту нақты жалақы тепе-теңдік деңгейден жоғарлағанда пайда болады. Жалақы «қатаңдығы» жұмыс орындарының жетіспеушілігіне әкеледі. 45-суретте w/p0 тепе-теңдік жалақы деңгейі, w/p1 – қатаң жалақы деңгейі. Қатаң жалақы деңгейінде (w/p1) еңбек ұсынысы еңбекке сұраныстан артады (SL >DL), жұмысшылар сол жалақы деңгейінде жұмыс табуды «күтеді». «Жұмыссыздықты күту» (L2 - L1) аралығында пайда болады.

45-сурет

Жалақы қатаңдығының бірнеше  себептері бар::

1. Мемлекеттің ең төмен  жалақы туралы заң қабылдауы  жалақының еркін өзгеруін шектейді.

2. Кәсіподақтардың монополиялық  билігі. Көптеген елдерде жұмыс  күшінің біраз бөлігі кәсіподақтарға  біріккен. Жұмысшылардың жалақысы  тепе-теңдікпен емес, кәсіподақтар  мен фирма басшылары арасындағы  келіссөздер негізінде анықталады. Дамыған кәсіподақ қозғалысы  бар штаттарда жұмыссыздық деңгейі көбінесе жоғары. 1985 ж АҚШ мәліметтері бойынша, кәсіподаққа біріккен жұмысшылар үлесінің 10% -ға көтерілуі жұмыссыздық деңгейін 1,2 % -ға жоғарлатқан. Кейбір елдерде мыс., Швецияда жалақы проблемасы мемлекет деңгейінде шешіледі. Бұл елде кәсіподақтар жоғарғы деңгейде болғанымен жұмыссыздық деңгейі төмен.

3. Көптеген фирмалардың  білікті мамандардан айырылып  қалмау үшін жоғары жалақы  белгілеуі. Мұнда тиімді ынталандырылатын  жалақы жүйесі қолданылады. Бұл  жүйе «жоғары жалақы еңбек  өнімділігін арттырады» деген  ұғымнан туындаған.

Еңбек рыногы – бұл нарықтың ерекше түрі, онда жұмыс күші тауарын сату және сатып алу жүзеге асады. Осы жерде жұмыс күші құны мен жалдану жағдайы бағаланады. Еңбек рыногы тұрғындарды жұмыспен қамту көлемі мен динамикасын, жұмыссыздықтың сала бойынша, кәсіби – біліктілік, демографиялық және басқа да көрсеткіштерінің құрылымын көрсетеді.

Еңбек рыногында өте қабілетті  және іскер жұмыскерлерге қатаң  әрі қатал таңдау жүргізіледі. Ол еңбектің жоғары шапшандығын қамтамасыз етіп, іскерлік пен бастамшылдықты ынталандырады. Еңбектің тікелей әсер етуінің арқасында жоғарғы біліктілікті еңбектің дәрежесі көтеріледі, әрбір  жұмыс орнының бағасы өседі, жұмыскерге және оның еңбегіне талап күшейеді.

Еңбек рыногындағы тепе теңдік сұраныс пен ұсыныс негізінде  қалыптасады. Еңбекке деген сұраныс  мөлшері жалақы мөлшеріне кері пропорционалды байланыста болады. Жалақы мөлшері  көтерілген кезде фирмалар нарықтық тепетеңдікті сақтау мақсатында жұмыс  күшіне сұранысты төмендетеді, ал жалақы мөлшері төмендегенде еңбекке сұраныс  артады. Жұмыс күшінің ұсынысы  американ ғалым- экономисі П. Самуэльсонның  ойынша, төмендегідей факторлармен анықталады:

· тұрғындардың жалпы санымен;

· жалпы тұрғындар санындағы өз бетінше тұратындардың үлесімен;

· жыл немесе апта бойынша жұмысшының атқаратын орташа сағат санымен;

· жұмысшының жұмсайтын еңбегінің сапасы, саны және біліктілігімен .

Еңбек рыногы нарық түрлерінің ішіндегі ең жетілмегені болып табылады. Өзінің жұмыс күшін ұсынатын жұмыскерлер, әдетте, олардың еңбегіне сұраныстың бар немесе жоқтығы туралы мәліметтермен  толық ақпараттанбаған. Олар өзі  тұратын қалада бос жұмыс орнының  барын толық білмейді. Ал басқа  аймақта жұмыс орнының болуы  туралы тіпті хабарсыз. Нарық жағдайында экономикалық еңбекті ауыстыру заңы жұмыс атқарады. Оның мәнісі мынада: өзінің экономикалық, жағдайын жақсарту үшін белсенді жұмыс жасауы керек. Ол үшін білімін тұрақты жетілдіруі қажет және бүкіл өмір бойы еңбек  еткен кезеңде қызмет түрін өзгерткені абзал.

Мысалы, американдықтар өмірінің еңбек еткен жылдарында жұмыс  орнын орташа 7,5 рет ауыстырады. Жапонияда  жұмысшының белгілі бір бөлігі өмір ойы жалдамалы еңбек етуіне қарамастан – жұмыстарын 2,6 рет ауыстырады. Батыс Еуропада бұл көрсеткіш  Жапонияға қарағанда жоғары, бірақ  АҚШ –да төмен. Дамыған елдердегі  нарық өзінің өзгермелі конъюктурасына қарай жұмыскерлердің үштен екісін үнемі оқуға жібереді.

Қазақстанда еңбек саласына нарықтық қатынастарды енгізу 1991 жылы Қазақстан Республикасының «Еңбек ету туралы» Заңын қабылдаудан  басталды, онда жұмыссыздық, еңбек нарығы, еңбекке сұраныс және ұсыныс т.б. ұғымдар алғаш рет көрсетілді. Осы кезеңнен бастап жұмыссыздар  тіркеліп, олардың саны 4 мыңнан астам  адамды құрады, оның ішінде 75 пайызы әйелдер  болды. Ал 2003 жылы жұмыссыздардың арнайы мекемелер бөлімшелерін, экономикалық тетіктер жүйесін ендірді. Осы жағдайда мемлекет әлеуметтік саясатында бірнеше  шараларды жүргізуге міндетті: әсіресе, жұмыссыздарға жәрдем ақы төлеу, біліктілікті арттыру мен жаңа жұмыстың әлеуметтік орнын құру және т.б.

Еңбек нарығын реттеу жүйесінде  әртүрлі теориялық көзқарастар  қалыптасқан. Мәселен, кейнстік тұжырымдама  мемлекеттің белсенді саясатын жақтайды. Кейнс бойынша өндіріс пен  жұмысбастылық өлшемі ұсыныс факторларымен  емес, төлем қабілеті бар сұраныс  факторларымен анықталады. Сондықтан  жұмыссыздықтан құтылу жолдары: мемлекеттік  шығындарды көбейту, салықтарды азайту, қоғамдық жұмыстар ұйымдастыру. «Ұсыныс  экономикасының» өкілдері, керісінше, еңбек нарығына мемлекеттің араласуын  шектейді. өйткені, олар жұмыссыздықты  табиғи және әлеуметтік-экономикалық құбылыс деп есептейді. Қазіргі  мальтузиандықтар жұмыссыздықтың басты  себебі халық санының өсуі дейді. Сондықтан жұмыстағы тұрақтылықты сақтау үшін тууды шектеу саясатын ұстануды ұсынады.

Дамыған батыс елдерінде  еңбек нарығын реттеудің негізгі төрт бағыты бар:

1. Еңбек ресурстарының жұмысбастылығын көтеруді ынталандыру және мемлекеттік секторда

жұмыс орындарын көбейту  бағдарламасы.

2. Жұмысшылар мен қызметкерлерді қайта дайындау бағдарламасы.

3.Жұмысшыларды жалдауға  ықпал ету бағдарламасы.

4. Жұмыссыздықты әлеуметтік сақтандыру бағдарламалары (жұмыссыздарға жәрдемақы).

Қазақстан Республикасында  тұрғындарды жұмыспен қамтудың арнайы бағдарламасы жасалған. Еңбек нарығындағы  жағдайды ескере отырып, жұмыссыздарды  қайтадан оқыту шаралары қарастырылған, жастар, әйелдер, мүгедектерді жұмыспен қамтуға қамқорлықтар жасау көзделген. Кәсіпорындарда оларды жұмысқа алудың үлесі белгіленген.

Еңбек рыногын мемлекеттік  реттеудегі маңызды шара еңбек ресурстарының  сапасын көтеру және олардың құрылымын  жетілдіру.

Жұмыссыздарға әлеуметтік көмек  үш бағытта жүзеге асырылады:

▲ Жұмыссыздарға жәрдемақы. Оның деңгейі мен мерзімі әр елде әр түрлі. Жәрдемақы АҚШ-та жалақының 50%-н, Францияда 40%-н, Жапонияда 80%-н құрайды. Жәрдемақыны төлеу мерзімі АҚШ пен Италияда – 26 апта, Ұлыбританияда – 45, Канадада – 50 аптаға дейін барады.

▲ Жұмыссыздарға қаржылық көмек.

▲ Жұмыссыздар мен олардың  жанұяларына қаржылай көмек және коммуналдық қызметтерді өтеу.

Нарықты экономикасы дамыған  елдерде еңбек нарығын жанама реттеу қолданылады. Оның негізгі құралдары: мемлекеттің ақша-несие, салық және амортизациялық саясаты жатады.

Сонымен еңбек рыногын  мемлекеттік реттеу бұл – экономикалық, әкімшілік, заңнамалық, ұйымдастырушылық шаралар жиынтығы.

Ағылшын экономисі А.Ф.Филлипс 1958 жылы өзінің « 1862-1957 жылдардағы Ұлыбританиядағы  жұмыссыздық пен жалақы деңгейінің өзгерісі арасындағы арақатынас» деген  мақаласында 100 жылдық статистикалық  мәліметтерді өңдеу нәтижесінде  аталған екі көрсеткіш арасында белгілі тәуелділіктің бар екенін жазды. Филлипстың айтуынша, жұмыссыздықтың 2,5-3,0 %-ға өсуі баға мен жалақының  өсуін бірден баяулатады. Кейін американдық  ғалымдар П.Самуэльсон мен Р.Солоу  Филлипстің қисық сызығына өзгерістер енгізіп, жалақы ставкасын тауар  бағалары өсуі қарқынымен ауыстырды.

Инфляция мен жұмыссыздық  арасындағы кері тәуелділікті “Фиилипс қисығы” көрсетеді (46-сурет).

Абцисса өсінде жұмыссыздық  деңгейі, ординат өсінде тауар бағаларының  өсу қарқыны бейнеленді. Қисық  сызық өсі параметрлердің көрінісі. Егер үкімет жұмыссыздық деңгейі U1 (оған баға өсу қарқыны сай Р1 келеді) өте жоғары деп есептесе, онда оны төмендету үшін ынталандыратын бюджеттік және ақша-несие шараларын қолданады, олар өз кезегінде сұранысты көбейтеді. Бұл өндірістің ұлғаюына, жаңа жұмыс орындарының пайда болуына әкеледі. Жұмыссыздық нормасы И2 мөлшеріне дейін төмендейді, бірақ дәл сол мезгілде инфляция қарқыны Р2-ге дейін жоғарылайды

46- сурет

Мұндай жағдайлар экономиканың дағдарысқа ұшырауына әкелуі мүмкін, сондықтан үкімет несие беруді тежеу, мемлекеттік бюджеттің шығыстарын кеміту және т.б. шаралар жүргізеді. Нәтижесінде бағаның өсу қарқыны  Р3 деңгейіне төмендеп, ал жұмыссыздық өсіп, оның деңгейі U3 болады

ХХ ғасырдың 70 жылдары  көптеген елдерде Филлипс қисығын  теріске шығаратын, яғни бір мезгілде жұмыссыздық пен инфляцияның  болу жағдайлары байқалды. Экономикалық теорияда бұл құбылысты стагфляция деп атады. Сөйтіп жұмыссыздық пен инфляция арасындағы байланыс кері емес, тура тәуелділікке ауысты.

Стагфляциялық дағдарыс 1974-1975 жылдардағы ұсыныстың кенеттен өзгерісінен  пайда болды. ОПЕК елдерінің мұнай  бағасын көтеруі инфляция деңгейін 10 %-ға өсірді. Жанар-жағар майға, энергия  қуатына бағаның көтерілуі басқа  салалардағы өндіріс шығындарының өсуіне әкелді. Нәтижесінде энергоқуатын көп пайдаланатын саладағы кәсіпорындар күйзеліске ұшырап, монополистердің  бағаны одан да жоғары көтерулеріне қолайлы  жағдайлар туды. Сөйтіп өндірістің құлдырауы бағаның өсуімен қатар  жүрді.

Сонымен экономикалық реттеу тәжірибесі көрсеткендей, Филлипстің қисық сызығы тек қысқа мерзімді экономикалық жағдайларда қолдануға  келеді, өйткені ұзақ мерзімді жоспарда (5-10 жыл) жұмыссыздықтың жоғары болуына  қарамастан инфляция үдей береді.

Негізгі түсініктер

Сұраныс инфляциясы

Ұсыныс инфляциясы

Ашық инфляция

Жабық (ьасылыңқы) инфляция

Ұшқыр инфляция

Баяу инфляция

Қарқынды инфляция

Болжанатын инфляция

Болжанбайтын инфляция

Жұмыссыздықты күту

Табиғи жұмыссыздық

Циклдық жұмыссыздық

Құрылымдық жұмыссыздық

Фрикциондық жұмыссыздық

Еңбек рыногы

Филлипс қисығы

Талдау  сұрақтары:

1. Инфляцияның мәні мен түрлері..

2. Инфляция шығындары.

3. Инфляцияға қарсы саясат, оның әдістері.

4. Жұмыссыздықтың табиғи деңгейі.

5. Оукен заңы. Жұмыссыздықтың әлеуметтік-экономикалық зардаптары.

6. Еңбек нарығын мемлекеттік реттеу