Валюталық жүйе мәні элементтер. 3

Қазақстан Республикасының  Заңы Жеке кәсіпкерлік  туралы

07.11.2011 05:34

1-тарау. ЖАЛПЫ  ЕРЕЖЕЛЕР

1-бап. Осы  Заңда пайдаланылатын негiзгi ұғымдар 
Осы Заңда мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады: 
1) бизнес-инкубатор – шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң қалыптасуы кезеңiнде өндiрiстiк үй-жайлар, жабдық беру, ұйымдық, құқықтық, қаржылық, консалтингiлiк және ақпараттық қызметтер көрсету жолымен оларды қолдау үшiн құрылатын заңды тұлға; 
2) бизнестің әлеуметтік жауаптылығы – жеке кәсіпкерлік субъектілерінің әлеуметтік, экономикалық және экологиялық салаларда қоғамды дамытуға қосқан ерікті үлесі; 
3) дара кәсіпкер – дара кәсіпкерлікті заңды тұлға құрмастан жүзеге асыратын және осы Заңның 6-бабының 3 және 7-тармақтарында көрсетілген критерийлерге сай келетін Қазақстан Республикасының азаматы немесе оралман; 
4) дара кәсiпкерлiк - жеке тұлғалардың кiрiс алуға бағытталған, жеке тұлғалардың өздерiнiң меншiгiне негiзделген және жеке тұлғалардың атынан олардың тәуекелi үшін және мүлiктiк жауапкершiлiгiмен жүзеге асырылатын бастамашылық қызметi; 
5) жеке кәсiпкерлiк - жеке кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң кiрiс алуға бағытталған, жеке кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң өздерiнiң меншiгiне негiзделген және жеке кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң атынан олардың тәуекелiмен және мүлiктiк жауапкершiлiгiмен жүзеге асырылатын бастамашылық қызметi; 
6) жеке кәсіпкерлікті мемлекеттік бақылау – мемлекеттiк органдардың өз құзыретi шегiнде жеке және заңды тұлғалардың Қазақстан Республикасы заңдарының және Қазақстан Республикасы Үкіметі қаулыларының талаптарын сақтауын қамтамасыз етуге бағытталған қызметi; 
7) жеке кәсiпкерлiктi мемлекеттiк қолдау - Қазақстан Республикасында кәсiпкерлiк бастаманы iске асыру үшiн жеке кәсiпкерліктi дамытуды ынталандыру, қолайлы құқықтық, экономикалық және әлеуметтiк жағдайлар жасау жөнiндегi мемлекеттiк шаралар кешенi; 
8) жеке кәсiпкерлiктiң инфрақұрылымы - өз iсiн ұйымдастыруға жәрдемдесудi, құқық, маркетинг, инжиниринг және менеджмент саласындағы ақпаратпен қамтамасыз етудi, коммерциялық негiзде материалдық-техникалық, қаржылық және басқа да ресурстармен қамтамасыз етуде қолдауды қоса алғанда, жеке кәсiпкерлiктiң жұмыс істеуі мен дамуының жалпы шарттарын қамтамасыз ететiн, құрылатын немесе жұмыс iстеп тұрған ұйымдар кешенi; 
9) жеке кәсiпкерлiк субъектiлерi - кәсiпкерлiк қызметтi жүзеге асыратын жеке және мемлекеттiк емес заңды тұлғалар; 
10) жеке кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң бiрлестiгi - жеке кәсiпкерлiк субъектiлерi өздерінің кәсіпкерлік қызметін үйлестіру, сондай-ақ жеке кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң құқықтарын, заңды мүдделерiн білдіру және қорғау қорғау үшiн құратын коммерциялық емес ұйым; 
11) жеке кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң бiрлестiктерiн аккредиттеу - кәсiпкерлiк мәселелерi жөнiндегi сараптамалық кеңестерде жеке кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң мүдделерiн бiлдiруге белгiленген критерийлерге жеке кәсiпкерлiк субъектiлерi бiрлестiктерiнiң сәйкестiгiн тиiстi мемлекеттiк органдардың тануы; 
12) индустриялық аймақ - коммуникациялармен қамтамасыз етiлген, мемлекет жеке кәсiпкерлiк субъектiлерiне өнеркәсiп объектiлерiн орналастыру және пайдалану үшiн Қазақстан Республикасының Жер кодексiнде және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында белгiленген тәртiппен беретiн ауыл шаруашылығы мақсатындағы емес жер; 
13) кәсiпкерлiк жөнiндегi уәкiлеттi орган - жеке кәсiпкерлiктi дамыту саласында басшылықты жүзеге асыратын мемлекеттік орган; 
14) кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі сараптамалық кеңес (бұдан әрі – сараптамалық кеңес) - орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы және өкілді органдар жанынан: 
жеке кәсіпкерлік мүдделерін қозғайтын нормативтік құқықтық актілердің жобаларына жеке кәсіпкерлік субъектілерінің аккредиттелген бірлестіктерінен және мүдделі коммерциялық емес ұйымдардан сараптамалық қорытындылар алу; 
жеке кәсіпкерлікті қолдау және қорғау, оның ішінде әкімшілік кедергілерді жою мақсатында мемлекеттік органдардың қызметін жетілдіру туралы ұсыныстарды талдап-әзірлеу жөніндегі жұмысты ұйымдастыру үшін құрылатын консультативтік-кеңесші орган; 
15) келушiлер мен тексерулердi есепке алу кiтабы – мемлекеттiк органдардың лауазымды адамдарының тексеру (бақылау) жүргiзу фактiсi туралы лауазымын, тегiн және тексеру нысанасын көрсете отырып, мiндеттi түрде белгi қою үшiн уәкiлеттi орган белгiлеген үлгiдегi журнал; 
16) коммерциялық құпия - жеке кәсiпкерлiк субъектiсi айқындайтын және қорғайтын, заңды негiзде еркiн қол жеткiзуге адамдардың шектеулi тобы ие болатын, жариялануы, алынуы, пайдаланылуы оның мүдделерiне залал келтiруi мүмкiн ақпарат; 
17) шағын кәсiпкерлiктi қолдау орталықтары - оқытуды, ақпараттық қамтамасыз етудi, консультациялық және маркетингтiк қызметтер көрсетудi, шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң жобаларына құқықтық, экономикалық және технологиялық сараптама жасауды жүзеге асыратын заңды тұлғалар.

2-бап. Қазақстан  Республикасының жеке кәсіпкерлік  туралы заңнамасы 
1. Қазақстан Республикасының жеке кәсіпкерлік туралы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді және Азаматтық кодекстен, осы Заң мен Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінен тұрады. 
2. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Заңда көзделгендерден өзгеше ережелер белгіленсе, онда халықаралық шарттың ережелері қолданылады. 
3. Жеке кәсіпкерліктің жекелеген түрлерін жүзеге асыру ерекшеліктері Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес белгіленеді. 
4. Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларда, Қазақстан Республикасының жеке кәсіпкерлік туралы заңнамасы жеке кәсіпкерлік субъектілері болып табылмайтын жеке және заңды тұлғаларға қатысты мемлекеттік органдар жүзеге асыратын тексерулерге қолданылады.

3-бап. Жеке  кәсіпкерлікті құқықтық реттеу  шектерi 
1. Жеке кәсіпкерлік Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес белгіленген негіздер бойынша ғана шектелуі мүмкін. 
2. Жеке кәсіпкерлікті шектеу Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес мемлекеттің айрықша құзыретіне жатқызылған мәселелер бойынша ғана орын алуы мүмкін. 
3. Мемлекеттік органдардың жекелеген жеке кәсіпкерлік субъектілерінің артықшылық жағдайын белгілейтін нормативтік құқықтық актілер қабылдауына тыйым салынады.

4-бап. Жеке  кәсіпкерлікті мемлекеттік реттеудің  негізгi мақсаты мен принциптерi 
1. Жеке кәсіпкерлікті мемлекеттік реттеудің негізгі мақсаты жеке кәсіпкерлікті дамыту үшін қолайлы жағдайлар жасау және мемлекеттің мүдделері мен тұтынушылардың құқықтарын қорғау болып табылады. 
2. Жеке кәсіпкерлікті мемлекеттік реттеудің негізгі принциптері: 
жеке кәсіпкерлік еркіндігінің кепілдігі және оны қорғау мен қолдауды қамтамасыз ету; 
кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға барлық жеке кәсіпкерлік субъектілерінің теңдігі; 
жеке меншікке (жеке кәсіпкерлік субъектілерінің меншігіне) қол сұғылмауы мен оны қорғаудың кепілдігі; 
Қазақстан Республикасында шағын кәсіпкерлікті дамытудың басымдығы; 
жеке кәсіпкерліктің мүдделерін қозғайтын нормативтік құқықтық актілердің жобаларына сараптама жасауға жеке кәсіпкерлік субъектілерінің қатысуы болып табылады.

5-бап. Жеке  кәсіпкерлік субъектілерінің мүдделерін  қозғайтын нормативтік құқықтық  актілердi 
әзірлеудің және қабылдаудың ерекшеліктерi 
1. Орталық мемлекеттік, жергiлiктi өкілді және атқарушы органдар жеке кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң мүдделерiн қозғайтын нормативтiк құқықтық актiнiң жобасын сараптамалық қорытынды алу үшiн, оның ішінде осы жобаны мүдделі мемлекеттік органдармен келесі әрбір келісу кезінде түсіндірме жазбаны міндетті түрде тіркей отырып, сараптамалық кеңестер арқылы жеке кәсіпкерлік субъектілерінің аккредиттелген бірлестіктеріне жiбередi. 
Жеке кәсіпкерлік субъектілерінің мүдделерін қозғайтын нормативтік құқықтық актінің жобасына сараптамалық қорытынды ұсыну үшін мемлекеттік органдар белгілейтін мерзім жеке кәсіпкерлік субъектілерінің аккредиттелген бірлестіктеріне жоба келіп түскен кезден бастап он жұмыс күнінен аз болмауға тиіс. 
2. Жеке кәсіпкерлік субъектілерінің мүдделерін қозғайтын нормативтік құқықтық актінің жобасына түсіндірме жазба нормативтік құқықтық актіні қолданысқа енгізуге байланысты жеке кәсіпкерлік субъектілері шығындарының азаюын және (немесе) көбеюін растайтын есептеу нәтижелерін міндетті түрде қамтуға тиіс. 
3. Сараптамалық қорытындыларды мемлекеттік органдар белгілеген мерзімде мыналар: 
республикалық деңгейде - жеке кәсіпкерлік субъектілері бірлестіктерінің одағы (қауымдастығы), шағын кәсіпкерлік жөніндегі республикалық бірлестік, жеке кәсіпкерлік субъектілерінің республикалық салалық бірлестіктері; 
облыстық деңгейде – жеке кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң республикалық, облыстық бірлестіктерінің филиалдары, шағын кәсiпкерлiк жөнiндегi республикалық, облыстық бірлестіктердің филиалдары; 
қалалық, аудандық деңгейлерде – жеке кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң республикалық, облыстық, қалалық, аудандық бірлестіктерінің филиалдары, шағын кәсiпкерлiк жөнiндегi республикалық, облыстық, қалалық, аудандық бірлестіктердің филиалдары табыс етедi. 
4. Сараптамалық қорытындылар жеке кәсіпкерлік субъектілерінің аккредиттелген бірлестіктері мүшелерінің жинақталған пікірін білдіреді, ұсынымдық сипатта болады және оларды мемлекеттік орган қабылдағанға дейін нормативтік құқықтық актінің жобасына міндетті қосымшасы болып табылады. 
Жеке кәсіпкерлік субъектілерінің аккредиттелген бірлестіктері сараптамалық қорытындыларды мемлекеттік тілде және орыс тілінде береді. 
5. Мемлекеттік орган сараптамалық қорытындымен келіскен кезде нормативтік құқықтық актінің жобасына тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізеді. 
Мемлекеттік орган сараптамалық қорытындымен келіспеген жағдайда жеке кәсіпкерлік субъектілерінің аккредиттелген бірлестігіне сараптамалық қорытындымен келіспеу себептерінің негіздемесі бар жауап жібереді. 
Жеке кәсіпкерлік субъектілерінің аккредиттелген бірлестіктері нормативтік құқықтық актінің жобасы бойынша ескертпелері бар бір сараптамалық қорытынды ұсынған және осы бірлестік сараптамалық кеңестің отырысын өткізуді табанды түрде талап еткен жағдайда, осындай отырыстың өткізілуі міндетті болып табылады. 
Бұл ретте сараптамалық кеңестің отырысы сараптамалық кеңес мүшелерін тікелей шақыру арқылы не нақты уақыт режимінде интернет-конференция өткізу арқылы өткізілуі мүмкін. 
6. Жеке кәсіпкерліктің мүдделерін қозғайтын нормативтік құқықтық актіні қолданысқа енгізу мерзімі жеке кәсіпкерлік субъектісіне қызметті Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленетін талаптарға байланысты жүзеге асыруға дайындалу үшін қажетті мерзімдер негізге алына отырып, белгіленуге тиіс. 
Нормативтік құқықтық актілердің қолданысқа енгізілу тәртібі мен мерзімдері жеке кәсіпкерлік субъектілеріне залал келтірмеуге тиіс. 
7. Осы бапта көзделген рәсімдер жеке кәсіпкерлік субъектілерінің мүдделерін қозғайтын нормативтік құқықтық актілерді қабылдаудың міндетті шарты болып табылады. 
8. Жеке кәсіпкерлік субъектілерінің мүдделерін қозғайтын нормативтік құқықтық актілердің жобалары оларды тиісті органда немесе сарапшылық кеңестің отырысында қарағанға дейін бұқаралық ақпарат құралдарында, интернет-ресурстарды қоса алғанда міндетті түрде жариялануға (таратылуға) тиіс.

2-тарау. 
ЖЕКЕ КӘСІПКЕРЛІК СУБЪЕКТІЛЕРІ ЖӘНЕ ОЛАРДЫҢ ЖҰМЫС IСТЕУ ЖАҒДАЙЛАРЫ

6-бап. Жеке  кәсіпкерлік субъектілерi 
1. Жеке кәсіпкерлік субъектісі болып табылатын заңды тұлға Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасында көзделген ұйымдық-құқықтық нысанда ғана құрыла алады. 
2. Жеке кәсіпкерлік субъектілері: 
шағын кәсіпкерлік субъектілеріне; 
орта кәсіпкерлік субъектілеріне; 
ірі кәсіпкерлік субъектілеріне жатқызылуы мүмкін. 
3. Заңды тұлға құрмаған, жұмыскерлерінің жылдық орташа саны елу адамнан аспайтын дара кәсіпкерлер және кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын, жұмыскерлерінің жылдық орташа саны елу адамнан аспайтын және жыл бойғы активтерінің орташа жылдық құны тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгіленген алпыс мың еселенген айлық есептік көрсеткіштен аспайтын заңды тұлғалар шағын кәсіпкерлік субъектілері болып табылады. 
4. Мыналарды: 
есірткі заттарының, психотроптық заттардың және прекурсорлардың айналымымен байланысты қызметті; 
акцизделетін өнімді өндіруді және (немесе) көтерме сатуды; 
астық қабылдау пункттерінде астық сақтау жөніндегі қызметті; 
лотереялар өткізуді; 
ойын және шоу-бизнес саласындағы қызметті; 
мұнай, мұнай өнімдерін, газ, электр және жылу энергиясын өндіру, қайта өңдеу және сату жөніндегі қызметті; 
радиоактивті материалдардың айналымымен байланысты қызметті; 
банк қызметін (не банк операцияларының жекелеген түрлерін) және сақтандыру нарығындағы қызметті (сақтандыру агентінің қызметінен басқа); 
аудиторлық қызметті; 
бағалы қағаздар нарығындағы кәсіби қызметтi; 
кредиттiк бюролардың қызметiн жүзеге асыратын дара кәсiпкерлер мен заңды тұлғалар шағын кәсiпкерлiк субъектiлерi болып таныла алмайды. 
5. Шағын кәсіпкерлік субъектілері жұмыскерлерінің жылдық орташа саны осы субъектінің филиалдарының, өкілдіктері мен басқа да оқшау бөлімшелерінің жұмыскерлерін қоса алғанда, барлық жұмыскерлері ескеріле отырып, айқындалады. 
6. Осы баптың 3-тармағында белгіленген шарттардың бірі артық болып кеткен жағдайда, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне Қазақстан Республикасының заңнамасында шағын кәсіпкерлік субъектілері үшін көзделген жеңілдіктер қолданылмайды. 
7. Заңды тұлға құрмаған, жұмыскерлерінің жылдық орташа саны елу адамнан астам дара кәсіпкерлер және жеке кәсіпкерлікті жүзеге асыратын, жұмыскерлерінің жылдық орташа саны елуден астам, бірақ екі жүз елу адамнан аспайтын немесе жыл бойғы активтердің орташа жылдық құны тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгіленген үш жүз жиырма бес мың еселенген айлық есептік көрсеткіштен аспайтын заңды тұлғалар орта кәсіпкерлік субъектілері болып табылады. 
8. Жеке кәсіпкерлікті жүзеге асыратын, жұмыскерлерінің жылдық орташа саны екі жүз елу адамнан артық немесе жыл бойғы активтердің жалпы құны тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгіленген үш жүз жиырма бес мың еселенген айлық есептік көрсеткіштен асатын заңды тұлғалар ірі кәсіпкерлік субъектілері болып табылады.

7-бап. Дара  кәсіпкерлік 
1. Дара кәсіпкерлік өзіндік немесе бірлескен кәсіпкерлік түрінде жүзеге асырылады. 
2. Өзіндік кәсіпкерлікті бір жеке тұлға өзіне меншік құқығымен тиесілі мүлік негізінде, сондай-ақ мүлікті пайдалануға және (немесе) оған билік етуге жол беретін өзге де құқыққа орай дербес жүзеге асырады. 
Некеде тұратын жеке тұлға жұбайын кәсіпкер ретінде көрсетпей өзіндік кәсіпкерлікті жүзеге асырған кезде ол жұбайдың кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға келісімі талап етілмейді. 
Жеке тұлға өзіндік кәсіпкерлікті жүзеге асыру үшін ерлі-зайыптылардың ортақ мүлкін пайдаланған жағдайларда, егер заңдарда немесе неке шартында не ерлі-зайыптылардың арасындағы өзге келісімде өзгеше көзделмесе, мұндай пайдалануға жұбайының келісімі қажет. 
3. Бірлескен кәсіпкерлікті жеке тұлғалар (дара кәсіпкерлер) тобы өздеріне ортақ меншік құқығымен тиесілі мүлік негізінде, сондай-ақ мүлікті бірлесіп пайдалануға және (немесе) оған билік етуге жол беретін өзге де құқыққа орай жүзеге асырады. 
Бірлескен кәсіпкерлік кезінде жеке кәсіпкерлікпен байланысты барлық мәмілелер бірлескен кәсіпкерліктің барлық қатысушыларының атынан жасалады, ал құқықтар мен міндеттер олардың атынан алынады және жүзеге асырылады. 
4. Бірлескен кәсіпкерліктің нысандары: 
1) ерлі-зайыптылардың ортақ бірлескен меншігі негізінде жүзеге асырылатын ерлі-зайыптылардың кәсіпкерлігі; 
2) шаруа (фермер) қожалығының ортақ бірлескен меншігі немесе жекешелендірілген тұрғын үйге ортақ бірлескен меншік негізінде жүзеге асырылатын отбасылық кәсіпкерлік; 
3) жеке кәсіпкерлік ортақ үлестік меншік негізінде жүзеге асырылатын жай серіктестік болып табылады. 
5. Ерлі-зайыптылардың кәсіпкерлігін жүзеге асырған кезде жұбайлардың бірі екінші жұбайдың келісімімен іскерлік айналымда ерлі-зайыптылардың атынан әрекет етеді, келісім дара кәсіпкерді тіркеу кезінде расталуы немесе дара кәсіпкердің қызметі мемлекеттік тіркеусіз жүзеге асырылған жағдайларда жазбаша түрде көрсетіліп, нотариалдық жолмен куәландырылуы мүмкін. 
Ерлі-зайыптылардың біреуінің іскерлік айналымда ерлі-зайыптылар атынан әрекет етуіне екіншісінің келісімі болмаған кезде іскерлік айналымда әрекет ететін жұбай дара кәсіпкерлікті өзіндік кәсіпкерлік түрінде жүзеге асыратындығы көзделеді. 
6. Жай серіктестік нысанын пайдаланатын дара кәсіпкерлік Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады. 
7. Дара кәсіпкерлер өз міндеттемелері бойынша, Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес өндіріп алынбайтын мүлікті қоспағанда, өздерінің барлық мүлкімен жауапты болады. 
8. Жеке тұлға өзіндік кәсіпкерлікті жүзеге асырған кезде өзіне меншік құқығымен тиесілі барлық мүлкімен, соның ішінде ерлі-зайыптылардың ортақ меншігіндегі үлесімен жауапты болады. 
Жеке тұлға жеке кәсіпкерлікті жүзеге асыру үшін ерлі-зайыптылардың ортақ мүлкін пайдаланған жағдайларда, оның борыштары бойынша өндіріп алу ерлі-зайыптылардың ортақ мүлкіне де қолданыла алады. 
Жұбайлардың жеке кәсіпкер болып табылмайтын әрқайсысының мүлкі өзіндік кәсіпкерлікті жүзеге асыратын жұбайының біреуінің борыштары бойынша өндіріп алуды қолдану нысанасы бола алмайды. 
9. Ерлі-зайыптылар кәсіпкерлігін жүзеге асырған кезде ерлі-зайыптылардың кәсіпкерлікті жүзеге асыруға байланысты борыштары бойынша өндіріп алу олардың қайсының іскерлік айналымда әрекет ететініне қарамастан, ерлі-зайыптылардың ортақ мүлкіне қолданыла алады. 
10. Дара кәсіпкер өз қызметін жүзеге асыру кезінде іскерлік құжаттаманың дербес бланкілерін, мөрді, мөртабандарды пайдалануға құқылы. 
11. Қазақстан Республикасының азаматтары мен оралмандарды қоспағанда, жеке тұлғаларға дара кәсіпкерлікті жүзеге асыруға тыйым салынады.

8-бап. Жеке  кәсіпкерлік субъектілерінің құқықтары  мен міндеттерi 
1. Жеке кәсіпкерлік субъектілері: 
1) егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше көзделмесе, жеке кәсіпкерліктің кез келген түрін жүзеге асыруға; 
2) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жалдамалы еңбекті пайдалана отырып, жеке кәсіпкерлікті жүзеге асыруға; 
3) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген тәртіппен филиалдар мен өкілдіктер құруға; 
4) Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жағдайларды қоспағанда, өндірілген тауарлар (жұмыстар, көрсетілетін қызметтер) бағасын дербес белгілеуге; 
5) жеке кәсіпкерлік субъектілеріне өтеулі негізде қаражат (қарыз) беруге; 
6) өзінің құқықтық қабілеті шегінде сыртқы экономикалық қызметті жүзеге асыруға; 
7) жеке кәсіпкерлік субъектілерінің бірлестіктерін құруға; 
8) жеке кәсіпкерлік субъектілерінің аккредиттелген бірлестіктері арқылы сарапшылық кеңестердің жұмысына қатысуға; 
9) бақылау және қадағалау функцияларын жүзеге асыратын құқық қорғау органдарына және мемлекеттік органдарға жеке кәсіпкерлік субъектілерінің құқықтарын бұзуға кінәлі тұлғаларды жауапқа тарту мәселелері бойынша жүгінуге; 
10) өз құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау үшін сот органдарына жүгінуге; 
11) жеке кәсіпкерлікті қолдау және қорғау мәселелері жөніндегі нормативтік құқықтық актілердің орындалмауына немесе тиісінше орындалмауына септігін тигізетін себептер мен жағдайларды жою туралы ұсыныстарды мемлекеттік органдардың қарауына енгізуге; 
12) әлеуметтік, экономикалық және экологиялық салалардағы жобаларды іске асыру немесе оған қатысу жолымен бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі шараларын өз қызметінде қолдануға құқылы. 
2. Жеке кәсіпкерлік субъектілері: 
1) Қазақстан Республикасының заңнамасын, жеке және заңды тұлғалардың құқықтарын және заңмен қорғалатын мүдделерін сақтауға; 
2) өндірілетін өнімнің (жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің) Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкестігін қамтамасыз етуге; 
3) Қазақстан Республикасының лицензиялау туралы заңына сәйкес лицензиялануға жататын жеке кәсіпкерлік түрлерін жүзеге асыруға лицензиялар алуға; 
4) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес азаматтық-құқықтық жауапкершілікті міндетті сақтандыруды жүзеге асыруға міндетті.

9-бап. Жосықсыз  бәсекені жүзеге асыруға жол  бермеу 
Жеке кәсіпкерлік субъектілерінің Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген еркін бәсекелестікке басқа жеке кәсіпкерлік субъектілерінің құқықтарын бұзу жолымен бәсекелестікті шектеуге немесе жоюға бағытталған іс-әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) тыйым салынады.

10-бап. Ішкі  нарықты қорғау 
Ішкі нарықты қорғау Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес тарифтік және тарифтік емес реттеу шараларымен жүзеге асырылады.

11-бап. Жеке  кәсіпкерлік субъектісі туралы  ақпаратты 
қорғау 
1. Коммерциялық құпияны қорғау коммерциялық құпияны құрайтын ақпаратты заңсыз алуға, таратуға не пайдалануға тыйым салудан тұрады. 
2. Жеке кәсіпкерлік субъектісі коммерциялық құпияны құрайтын ақпаратқа еркін қол жеткізу құқығы бар адамдар тобын айқындайды және оның құпиялылығын қорғауға шаралар қолданады. 
3. Ақпаратты қолжетімділік санатына жатқызу тәртібін, коммерциялық құпияны құрайтын ақпаратты сақтау және пайдалану шарттарын жеке кәсіпкерлік субъектісі айқындайды. 
4. Коммерциялық құпияны құрайтын ақпаратты заңсыз әдістермен алған, жария еткен немесе пайдаланған адамдар келтірілген залалды Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес өтеуге міндетті. 
5. Жеке кәсіпкерлік субъектісі немесе ол уәкілеттік берген адам өз қызметкерлерінен коммерциялық құпияны құрайтын ақпаратты жария етпеу туралы қол қоюын талап етуге, ал оны тексеруді жүзеге асыратын адамдарға Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапкершілік туралы ескертуге құқылы. 
6. Міндетті түрде жариялануға не акционерлердің, шаруашылық серіктестік қатысушыларының немесе өзге де белгілі бір адамдар тобының назарына міндетті түрде жеткізуге жататын ақпараттың тізбесі Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жеке кәсіпкерлік субъектісінің құрылтай құжаттарымен белгіленеді. 
7. Жеке кәсіпкерлік субъектісі тіркеу, бақылау функцияларын орындау кезінде және басқа да іс-әрекеттер жасау кезінде мемлекеттік органдарға және лауазымды адамдарға Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген, оларға жүктелген функцияларды іске асыру үшін қажетті ақпараттан басқа, коммерциялық құпияны құрайтын ақпаратты бермеуге құқылы. 
8. Мемлекеттік орган өзіне жүктелген функцияларды іске асыру барысында алған жеке кәсіпкерлік субъектісі туралы кез келген ақпарат, Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес ақпаратты басқа мемлекеттік органға беру жағдайларын қоспағанда, жария етілуге және таратылуға жатпайды. 
9. Құқық қорғау органдары прокурор санкциясы, тергеу органдарының қылмыстық іс қозғау туралы қаулысы негізінде не сот қаулысының негізінде жеке кәсіпкерлік субъектісінен де, мұндай ақпаратқа ие мемлекеттік органдардан да қажетті ақпаратты, соның ішінде коммерциялық құпияны құрайтын ақпаратты сұратуға және алуға құқылы. 
10. Заңды күшіне енген сот шешімі бар ақпаратты қоспағанда, коммерциялық және заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын ақпаратты жеке кәсіпкерлік субъектісінің келісімінсіз жария етуге болмайды. 
11. Жеке кәсіпкерліктің нақты субъектісінің қызметі туралы мәліметті ашпайтын, жинақталған ақпарат жалпыға қолжетімді болып табылады.

12-бап. Алғашқы  статистикалық деректер 
Жеке кәсіпкерлік субъектілерінің алғашқы статистикалық деректері Қазақстан Республикасының мемлекеттік статистика саласындағы нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес табыс етіледі. 
Мемлекеттік органдар Қазақстан Республикасының мемлекеттік статистика саласындағы нормативтік құқықтық актілерінде көзделмеген мәліметтерді талап етуге құқылы емес.

13-бап. Шағын  кәсіпкерлік субъектілерінің бухгалтерлік 
есепке алуды жүргізу мен қаржылық есептілік 
жасау тәртібi 
1. Осы Заңның 27-бабына сәйкес міндетті мемлекеттік тіркеуге жатпайтын дара кәсіпкерлерді қоспағанда, шағын кәсіпкерлік субъектілерінің бухгалтерлік есепке алу мен қаржылық есептілік жасауы Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есепке алу мен қаржылық есептілік туралы заңнамасында айқындалған тәртіппен жүзеге асырылады. 
2. Шағын кәсіпкерлік субъектілері Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есепке алу мен қаржылық есептілік туралы заңнамасы бойынша бухгалтерлік есепке алуды жүргізу мен қаржылық есептілік жасаудың оңайлатылған нысанын қолдануға құқылы.

3-тарау. 
МЕМЛЕКЕТТІК ОРГАНДАРДЫҢ ЖЕКЕ КӘСІПКЕРЛІКТІ ДАМЫТУ 
МЕН ҚОЛДАУ САЛАСЫНДАҒЫ ҚҰЗЫРЕТI

14-бап. Қазақстан  Республикасы Үкіметінің құзыретi 
Қазақстан Республикасының Үкіметі: 
1) жеке кәсіпкерлікті қолдау мен дамыту саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын әзірлейді; 
2) жеке кәсіпкерлікті қолдаудың мемлекеттік жүйесін қалыптастырады; 
2-1) жеке кәсіпкерлікке мемлекеттік қолдау көрсету тәртібін айқындайды; 
3) Үкімет жанынан жеке кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі консультативтік-кеңесші органдар құрады және таратады; 
4) орталық мемлекеттік жергілікті өкілді және атқарушы органдар әзірлейтін, жеке кәсіпкерліктің мүдделерін қозғайтын нормативтік құқықтық актілердің жобаларын сарапшылық кеңестердің қарауын ұйымдастырады; 
5) Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасына сәйкес шағын кәсіпкерлік субъектілерінен сатып алынатын тауарлардың (жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің) номенклатурасын және олардың көлемін (проценттік көріністегі) бекітеді; 
6) шағын және орта кәсіпкерліктің дамуын ынталандырады; 
7) өндірістік қызметті ұйымдастыру және халыққа қызметтер көрсету саласын дамыту үшiн меншікке кейіннен өтеусіз бере отырып мемлекеттік меншіктің пайдаланылмайтын объектілерін шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне мүліктік жалға (жалдауға) немесе сенiмгерлiк басқаруға беру тәртiбiн айқындайды; 
8) бәсекеге қабілетті салаларды құру мен жетілдіруді, жеке кәсіпкерлік субъектілерін дамытуды және олар шығаратын өнімнің сапасын арттыруды ынталандыратын мемлекеттік саясатты айқындайды және іске асырады; 
9) бәсекелестіктің дамуына және инновацияларға, материалдық активтерге, сондай-ақ ұзақ мерзімді инвестицияларға инвестициялар салуды ынталандыруға септігін тигізетін нормативтік құқықтық актілер әзірлейді; 
10) экономиканың жекелеген секторларында кластерлер құруды ынталандырады; 
11) жеке кәсіпкерлік субъектілерінің дамуы үшін кедергілерді жою мақсатында экономика салаларының жұмыс істеуіне талдау жүргізеді; 
12) Қазақстан Республикасының экономикасына инвестицияларды ұлғайту және инновациялар ендіруді жеделдету мақсатында ұлттық даму институттарын құрады; 
13) жекелеген салаларда жеке кәсіпкерлік субъектілері арасындағы бәсекелестікті дамыту үшін жағдайлар жасай отырып, осы салаларды тарифтік және тарифтік емес әдістермен уақытша қорғауды жүзеге асырады; 
14) ұлттық экспорттаушыларға қатысты басқа елдер орнатқан кедергілерді жоюға шаралар қабылдайды; 
15) жеке кәсіпкерлік субъектілерін келісімді бірлескен экспорттық саясатты жүргізуге ынталандырады; 
16) жеке кәсіпкерлік субъектілеріне ішкі және сыртқы нарықтардың жай-күйі туралы экономикалық ақпарат беруді ұйымдастырады; 
17) сапа менеджментінің жүйесін ендіруді ынталандыру жолымен ұлттық өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға жағдайлар жасайды; 
18) ұлттық экспорттаушылардың басқа елдердің аумағындағы мүдделерін қолдау жолымен сыртқы сұранысқа жағдай жасайды; 
19) жеке кәсіпкерлік субъектілердің персоналын көтермелейді, жеке кәсіпкерлік субъектілерінің және жұмыс берушілердің бірлестіктерімен өзара әрекет етеді; 
20) бәсекеге қабілетті салалар құру мақсатында жекелеген салаларды қолдау бағдарламаларын бекітеді; 
21) саланың немесе кластерлердің проблемаларын шешу үшін ғылыми-зерттеу ұйымдарын құрады, іргелі және қолданбалы ғылыми-зерттеулерді қаржыландырады; 
22) республиканың экономикасы үшін білікті кадрлар даярлау жөнінде мемлекеттік бағдарламалар әзірлейді; 
23) халықтың әлеуметтік қорғалмаған жігін жеке кәсіпкерлікке тарту жөнінде шаралар әзірлейді.

15-бап. Кәсіпкерлік  жөніндегі уәкілетті органның  құзыретi 
Кәсіпкерлік жөніндегі уәкілетті орган: 
1) жеке кәсіпкерлікті қолдау мен дамытудың мемлекеттік саясатын жүргізуді жүзеге асырады; 
2) жеке кәсіпкерлікті дамытудың бағдарламаларын әзірлеп, іске асырады; 
3) шағын кәсіпкерлікті қолдау мен дамытудың мемлекеттік шараларының орындалуын ұйымдастырады және үйлестіреді; 
4) жеке кәсіпкерлік субъектілерін қаржыландыру және оларға кредит беру жөніндегі шараларды жетілдіру туралы ұсыныстар әзірлейді; 
5) кәсіпкерлік ортаға, инвестициялық ахуалға және жеке кәсіпкерлікті дамытудың инфрақұрылымына талдау жүргізеді; 
6) жеке кәсіпкерлік қызмет саласында зерттеулер жүргізуді ұйымдастырады, Қазақстан Республикасының Үкіметіне кәсіпкерлікті дамытудың жылдық есебін жібереді; 
7) жеке кәсіпкерлікті қолдауды және дамытуды қамтамасыз ететін нормативтік құқықтық актілерді әзірлеп, Қазақстан Республикасының Үкіметіне ұсынады; 
8) республика өңірлерінде шағын кәсіпкерлік инфрақұрылымын қалыптастыру мен дамытуға септігін тигізеді; 
9) шағын кәсіпкерлік саласында кадрлар даярлау, қайта даярлау және олардың біліктілігін арттыру жүйесін қалыптастыру жөнінде ұсыныстар әзірлейді; 
10) жеке кәсiпкерлiк субъектiлерiн қолдау мен қорғау саласындағы бақылауды жүзеге асырады; 
11) жеке кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдарды ведомствоаралық үйлестіруді жүзеге асырады; 
12) орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың жанындағы сарапшылық кеңестердің қызметін үйлестіреді; 
13) шағын кәсіпкерліктің инновациялық, инвестициялық және индустриялық дамудың мемлекеттік бағдарламаларын іске асыруға қатысуы үшін жағдайлар жасайды; 
14) инвесторлар, грант беруші халықаралық ұйымдар үшін жеке кәсіпкерлікті қолдау және дамыту мәселелерінде жағдайлар жасайды; 
15) жеке кәсіпкерлік субъектілеріне әдіснамалық көмек ұйымдастырады; 
16) жеке кәсіпкерлік субъектілерінің тауарлардың (жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің) халықаралық нарықтарына шығуы үшін жағдайлар жасайды; 
17) жеке кәсіпкерлікті дамыту саласында халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асырады; 
18) жеке кәсіпкерлікті дамыту мен қолдау жөніндегі мемлекеттік саясатты насихаттайды; 
19) мемлекеттік органдар мен олардың лауазымды адамдары жол беретін жеке кәсіпкерлік субъектілерінің қызметін регламенттейтін Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзушылықтар туралы Қазақстан Республикасының Президенті мен Yкіметін хабардар етеді. 
20) уәкілетті мемлекеттік органдар әзірлейтін тәуекелдерді бағалау критерийлерін, ведомстволық есептіліктің және тексеру парақтарының нысандарын бірлесіп бекіту арқылы мемлекеттік органдардың тәуекелдерді бағалау жүйесін енгізу процесін үйлестіруді жүзеге асырады; 
21) осы Заңға сәйкес жеке кәсіпкерлік субъектілерін қолдау және қорғау саласында ведомстволық есептіліктің, тексеру парақтарының нысандарын, тәуекел дәрежесін бағалау критерийлерін, тексерулер жүргізудің жыл сайынғы жоспарын әзірлейді және бекітеді.

16-бап. Жергілікті  өкілетті органдардың құзыретi 
Қазақстан Республикасының жергілікті өкілетті органдары: 
1) шағын кәсіпкерлікті қолдау мен дамытудың өңірлік бағдарламаларын бекітеді; 
2) жергілікті атқарушы органдар басшыларының Қазақстан Республикасындағы шағын кәсіпкерлікті қолдау мен дамыту мәселелері бойынша есептерін қарайды.

17-бап. Жергілікті  атқарушы органдардың құзыретi 
Қазақстан Республикасының жергілікті атқарушы органдары: 
1) жеке кәсіпкерлікті қолдау мен дамытудың мемлекеттік саясатының іске асырылуын жүзеге асырады; 
2) жеке кәсіпкерлікті дамыту үшін жағдайлар жасайды; 
3) өңірлерде мемлекеттік бағдарламалардың іске асырылуы мен орындалуын қамтамасыз етеді және ол үшін жауапты болады; 
4) шағын кәсіпкерлікті қолдаудың өңірлік бағдарламаларын әзірлеп, іске асырады; 
5) өңірде шағын кәсіпкерлікті және инновациялық қызметті қолдау инфрақұрылымының объектілерін құру мен дамытуды қамтамасыз етеді; 
6) жергілікті атқарушы органдардың жеке кәсіпкерлік субъектілерінің бірлестіктерімен және нарықтық инфрақұрылым объектілерімен өзара қарым-қатынастарын дамыту стратегиясын айқындайды; 
7) сарапшылық кеңестердің қызметін ұйымдастырады; 
7-1) жергілікті деңгейде жеке кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдауды қамтамасыз етеді; 
8) шағын кәсіпкерлік субъектілері үшін мамандар мен персоналды оқытуды, даярлауды, қайта даярлауды және олардың біліктілігін арттыруды ұйымдастырады.

4-тарау. ЖЕКЕ  КӘСІПКЕРЛІКТІ МЕМЛЕКЕТТІК ҚОЛДАУ

18-бап. Жеке  кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдаудың  негізгi бағыттары 
1. Жеке кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау мынадай негізгі бағыттар бойынша жүзеге асырылады: 
жеке кәсіпкерлікті реттеу мәселелері жөніндегі заңнаманы жетілдіру; 
жеке кәсіпкерлікті қолдау орталықтарын, бизнес-инкубаторларды, технологиялық парктерді, индустриялық аймақтарды және жеке кәсіпкерлік инфрақұрылымының басқа да объектілерін құру және дамыту; 
бюджет қаражаты есебінен жеке кәсіпкерлік субъектілерінің қызметін оқу-әдіснамалық, ғылыми-әдістемелік және ақпараттық қамтамасыз ету; 
жеке кәсіпкерлікті қаржылық қолдау. 
2. Жеке кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау және дамыту: 
мемлекеттік органдардың жанынан жеке кәсіпкерлік проблемаларын зерделеу және оны дамыту ұсыныстарын әзірлеу жөніндегі ғылыми-зерттеу институттарын құру; 
орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың жанындағы сарапшылық кеңестердің қызметін ұйымдастыру; 
жеке кәсіпкерлікті қолдау мен дамытудың қаржы институттарын құру; 
бизнес-инкубаторлардың және индустриялық аймақтардың қызметін ұйымдастыру; 
жер учаскелерін, ғимараттарды, үй-жайларды сату не тұрғын үй-жайларды Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес тұрғын емес үй-жайға ауыстыру жолымен жүзеге асырылады. 
2-1. Жеке кәсіпкерлік субъектілерін қаржылық қолдау: 
1) тауарлардың (жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің) кепілдік берілген көлемін сатып алу; 
2) екінші деңгейдегі банктер арқылы кредит беруді ұйымдастыру; 
3) экономика салаларында әлеуметтік маңызы бар жобаларды ұйымдастыру және іске асыру үшін мемлекеттік гранттар беру; 
4) арнайы инвестициялық бағдарламаларды іске асыру; 
5) бюджет қаражаты есебінен қарыздар беру; 
6) жеке кәсіпкерлік субъектілеріне қаржы институттары беретін кредиттер бойынша сыйақы ставкасын субсидиялау; 
7) жеке кәсіпкерлік субъектілерінің кредиттеріне ішінара кепілдік беру; 
8) лизинг жолымен жүзеге асырылады. 
2-2. Мемлекеттік қаржылық қолдауға жататын жеке кәсіпкерлік субъектілерінің қызметі жүзеге асырылатын экономика саласын (салаларын) қаржылық қолдау тәртібін, нысанын, мемлекеттік қаржылық қолдау көрсету үшін тартылатын заңды тұлғаны (тұлғаларды), қаржылық қолдау мөлшері мен мемлекеттік қаржылық қолдау көрсету үшін қажетті басқа да талаптарды Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді. 
3. Шағын кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау мыналарды: 
шағын кәсіпкерлік субъектілерінің мемлекеттік қаржылық, материалдық-техникалық және ақпараттық ресурстарды, сондай-ақ ғылыми-техникалық әзірлемелер мен технологияларды пайдалануы үшін жағдайлар жасауды; 
шағын кәсіпкерлікті дамытудың мемлекеттік, салалық (секторальдық) және өңірлік бағдарламаларын әзірлеуді; 
шағын кәсіпкерлік субъектілерін мемлекеттік тіркеудің және таратудың оңайлатылған тәртібін белгілеуді; 
оңтайлы салық салу режимін белгілеуді; 
шағын кәсіпкерлікке кредит берудің бағдарламаларын қабылдауды; 
шағын кәсіпкерлікті қолдау мен дамыту үшін инвестицияларды, оның ішінде шетелдік инвестицияларды тарту мен пайдалану жүйесін жасауды; 
Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасына сәйкес тауарларды (жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді) сатып алудың кепілдендірілген көлемін қамтамасыз етуді; 
жұмыс істеп тұрған оқу және зерттеу орталықтарын, консалтингтік ұйымдар мен шағын кәсіпкерлікті қолдау мен дамытудың ақпараттық жүйелерін дамыту және жаңаларын құру жолымен кадрлар даярлауды, қайта даярлауды және олардың біліктілігін арттыруды ұйымдастыруды; 
ұлттық даму институттарын құруды қоса алғанда, осы баптың 1-тармағында көрсетілген бағыттар бойынша жүзеге асырылады. 
4. 2006.07.07. № 178-III ҚР Заңымен алып тасталды 
5. Индустриялық аймақтар жеке кәсіпкерлікті дамыту үшін экономикалық және ұйымдық жағдайларды қамтамасыз ету мақсатында құрылады. 
Индустриялық аймақтардың міндеттері: 
1) өнеркәсіп саласындағы жеке кәсіпкерлікті жедел дамытуға жәрдемдесу; 
2) жаңа өндірістер инфрақұрылымын құруға және дамытуға арналған шығындарды оңтайландыру; 
3) өндіріс тиімділігін арттыру; 
4) халықтың жұмыспен қамтылуын қамтамасыз ету болып табылады. 
6. Мемлекеттік органдар жеке кәсіпкерлік субъектілеріне жер учаскелерін, ғимараттарды, үй-жайларды сатады, не жер учаскесінің нысаналы мақсатын Қазақстан Республикасының жер заңнамасына сәйкес өзгертеді, не Қазақстан Республикасының тұрғын үй қатынастары туралы заңнамасына сәйкес сатып алу-сату шартына не рұқсатқа қажетті инфрақұрылымға қосудың техникалық шарттарын міндетті түрде қоса отырып, тұрғын үйді тұрғын емес үй-жай етіп қайта жабдықтауға рұқсат береді. Жеке кәсіпкерлік субъектілерін одан әрі инфрақұрылымға қосу сатып алу-сату шартына не рұқсатқа сәйкес жүзеге асырылады. 
7. Шағын және орта кәсіпкерліктің бастама ларын мемлекет тарапынан қаржылық қолдауды, оның ішінде негізгі қызметінің мақсаты қаржылық ресурстарға қол жеткізуді қамтамасыз ету болып табылатын, акцияларының бақылау пакеті ұлттық басқарушы холдингке тиесілі арнайы қор жүзеге асырады. 
Арнайы қордың негізгі міндеттері: 
1) жобалық қаржыландыру; 
2) жеке кәсіпкерлік субъектілерінің қатысуымен микрокредиттік ұйымдардың желісін дамыту; 
3) шағын кәсіпкерлік субъектілері екінші деңгейдегі банктерден кредиттер алған кезде оларға кепілдік беру жүйесін жасау; 
4) қаржы лизингін дамыту; 
5) шағын кәсіпкерлік субъектілерін оқыту және консалтингтеу; 
6) шағын кәсіпкерлік субъектілері үшін сапа менеджменті жүйесін енгізу жөніндегі операцияларды қоса қаржыландырудың гранттық жүйесін дамыту; 
7) арнайы қордың жарғысына сәйкес басқа да міндеттер болып табылады. 
Арнайы қордың міндеттерін іске асырудың тәртібі мен шарттарын ұлттық басқарушы холдинг айқындайды.

19-бап. Шағын  кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау  мен дамыту 
1. Шағын кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдаудың негізгі принциптері: 
Қазақстан Республикасында шағын кәсіпкерлікті дамытудың басымдығы; 
шағын кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдаудың кешенділігі; 
шағын кәсіпкерлікті қолдау инфрақұрылымының және жүзеге асырылатын шаралардың шағын кәсіпкерліктің барлық субъектілері үшін қолжетімділігі; 
шағын кәсіпкерлікті қолдау мен дамыту саласындағы халықаралық ынтымақтастық болып табылады. 
2. Шағын кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау мен дамыту: 
1) қаржылық қолдау көрсету; 
2) шағын кәсіпкерлікті қолдау орталықтарының желісін ұйымдастыру; 
3) бизнес-инкубаторлардың қызметін ұйымдастыру; 
4) бір жылдан астам пайдаланылмаған мемлекеттік меншік объектілерін шағын кәсіпкерлік субъектілеріне сенімгерлікпен басқаруға немесе жалға беру; 
5) өндірістік қызметті ұйымдастыру және халыққа қызмет көрсету саласын дамыту үшін жалға немесе сенімгерлікпен басқаруға берілген объектілерді шағын кәсіпкерлік субъектілерінің меншігіне Қазақстан Республикасының Yкіметі белгілеген тәртіппен көзделген шарттарды олар орындаған жағдайда шарт жасасқан кезден бастап бір жыл өткен соң өтеусіз беру жолымен жүзеге асырылады. 
Осы тармақтың 1) тармақшасын қоспағанда, осы шарттар сауда-делдалдық қызметті жүзеге асыратын шағын кәсіпкерлік субъектілеріне қолданылмайды. 
3. Шағын кәсіпкерлік субъектілерін қаржылық қолдау: 
1) тауарлардың (жұмыстардың, көрсетiлетiн қызметтердiң) кепiлдік берілген көлемiн сатып алу. 
Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасына сәйкес шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiнен сатып алынатын тауарлардың (жұмыстардың, көрсетiлетiн қызметтердiң) номенклатурасын және олардың көлемiн Қазақстан Республикасының Yкiметi айқындайды; 
2) екінші деңгейдегі банктер арқылы кредит беруді ұйымдастыру; 
3) экономика салаларында әлеуметтік маңызы бар жобаларды ұйымдастыру және іске асыру үшін мемлекеттік гранттар беру; 
4) арнайы инвестициялық бағдарламаларды іске асыру; 
5) бюджет қаражаты есебінен қарыздар беру; 
6) жеке кәсіпкерлік субъектілеріне қаржы институттары беретін кредиттер бойынша сыйақы ставкасын субсидиялау; 
7) жеке кәсіпкерлік субъектілерінің кредиттеріне ішінара кепілдік беру; 
8) лизинг жолымен жүзеге асырылады. 
4. 2009.13.02. № 135-IV ҚР Заңымен алып тасталды 
5. Шағын кәсіпкерлікті қолдау орталықтары халықты жеке кәсіпкерлікке тарту, жаңа шағын кәсіпкерлік субъектілерін құру мақсатында құрылады. 
Шағын кәсіпкерлікті қолдау орталықтарының міндеттері: 
1) кәсіпкерлік ахуалды, отандық және халықаралық нарықтарды, экономиканың салалары мен секторларын талдау; 
2) маркетинг және менеджмент саласында қызметтер кешенін көрсету; 
3) инвестициялық және бизнес-жобаларды әзірлеу жөніндегі қызметтерді, консультациялық және басқа да қызметтер көрсету; 
4) шағын кәсіпкерлік субъектілерінің инновациялық белсенділігін арттыруға жәрдемдесу; 
5) шағын кәсіпкерлік субъектілерінің кәсіби өсуіне жәрдемдесу; 
6) ақпараттық және сараптамалық ресурстарға қолжетімділікті қамтамасыз ету; 
7) семинарлар, тренингтер өткізу; 
8) шағын кәсіпкерлік субъектілерінің деректер базасын қалыптастыру; 
9) шағын кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ақпаратты және оны дамытудың проблемалық мәселелерін талдау мен қорыту болып табылады. 
6. Бизнес-инкубаторлар шағын кәсіпкерлік субъектілерінің қалыптасуына және дамуына жәрдем көрсету үшін құрылады. 
Бизнес-инкубатордың міндеттері: 
1) бизнес-инкубаторға орналастыру үшін шағын кәсіпкерлік субъектілерін іріктеу; 
2) шағын кәсіпкерлік субъектілеріне білім беру, маркетингтік, консалтингтік және басқа да ұйымдастырушылық-басқарушылық қызметтер көрсету болып табылады. 
7. Сауда-делдалдық қызметті қоспағанда, өндірістік қызметті және қызмет көрсету саласын ұйымдастыру үшін шағын кәсіпкерлік субъектілеріне бір жылдан астам пайдаланылмаған мемлекеттік меншік объектілері сенімгерлікпен басқаруға немесе жалға берілуі мүмкін. 
Шағын кәсіпкерлік субъектілерінің жалға алу немесе сенімгерлікпен басқару шарттарының талаптарын орындауын бақылауды республикалық және коммуналдық меншікке иелік етуге уәкілетті тиісті мемлекеттік органдар жүзеге асырады.

Валюталық жүйе мәні элементтер. 3