2003-2015 жылдарға арналған ҚР индустриалды-инновациялық стратегиясы



2003-2015 жылдарға арналған ҚР индустриалды-инновациялық стратегиясы.

 

Қазақстан Республикасының 2011–2015 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамы (бұдан әрі – Әлеуметтік–экономикалық даму болжамы) Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 27 тамыздағы        № 1251 қаулысымен бекітілген Әлеуметтік-экономикалық даму болжамын әзірлеу ережесіне сәйкес әзірленді [17].

Әлеуметтік–экономикалық даму болжамы макроэкономикалық көрсеткіштердің болжамын, әлеуметтік параметрлердің болжамдарын, елдің әлеуметтік–экономикалық даму үрдістері мен басымдықтарын, бес жылдық кезеңге арналған экономикалық саясаттың негізгі бағыттарын, үш жылға арналған мемлекеттік және республикалық бюджеттердің, Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының, Қазақстан Республикасының шоғырландырылған бюджетінің болжамдарын құрайды.

Әлеуметтік–экономикалық даму болжамы орталық мемлекеттік органдардың бес жылдық кезеңге арналған Стратегиялық жоспарларын және үш жылдық кезеңге арналған республикалық бюджетті әзірлеуге негіз болып табылады.

Экономикалық өсу

Қазақстан экономикасының дамуы 2009 жылы дүниежүзінің барлық елдерін қамтыған терең экономикалық дағдарысқа және экспорттық тауарлардың бағасы мен сұраныстың төмендеуіне бейімделу жағдайында өтті. Отандық банктердің сыртқы нарықтардағы қарыз алу мүмкіндігінің қысқаруы салдарынан экономиканы кредиттеудің төмендеуі экономикалық белсенділіктің бәсеңдеуіне айтарлықтай әсер етті. Банктердің өздері 2009 жылы берешекті ұзартуға және қайта қаржыландыруға байланысты кейбір қиындықтарды бастан кешірді.

2009 жылы экономиканың өсуі негізінен рецессияға жол бермеуге және экономикалық дамудың бәсеңдеуінің теріс салдарын жұмсартуға бағытталған мемлекеттік ынталандыру шараларымен қамтамасыз етілді. 2009 жылдың бірінші тоқсанында ЖІӨ–нің маусымдық және күнтізбелік факторларды есепке алмағанда, алдыңғы кезеңге қарағанда 3,4%–ға азайғаны байқалды. Экономиканың жалпы құлдырауы негізгі капиталға құйылатын инвестициялардың, банктердің экономиканы кредиттеуінің және Қазақстаннан экспорталатын тауарлардың дүниежүзіндегі ғаламдық тұтынуының қысқаруы аясында өтті. Экономиканың нақты секторының салаларындағы өндіріс көлемінің ең көп қысқаруы дәл 2009 жылдың бірінші тоқсанына келеді. Өнеркәсіп өнімінің көлемдері нақты есепте өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 4,6%–ға, оның ішінде тау–кен өнеркәсібінде 0,2%–ға, өңдеуде 11,8%–ға кеміді. Өсудің оң қарқыны ауылшаруашылық саласында 3,6% мөлшерінде сақталды. Құлдырау құрылыста байқалды, онда құрылыс жұмыстарының көлемі 4,2%–ға кеміді. Қызмет көрсету саласында, экономикадағы тұтыну және инвестициялық сұраныстың қысқаруына қарамастан, өсудің аз ғана – 0,9% оң қарқыны орын алды (сурет 4.5).

Экономикадағы сұранысты қолдаудың дағдарысқа қарсы шаралары екінші тоқсаннан бастап экономиканың салаларындағы іскерлік белсенділіктің төмендеу қарқынының бәсеңдеуіне және өсудің біртіндеп қайта басталуына ықпал етті.

Сурет  4.5 – Қазақстан экономикасы  дамуының 2009 жылғы басты көрсеткіштері  (өсу қарқыны %–пен өткен кезеңге)

 

Статистика агенттігінің есепті деректеріне сәйкес 2009 жылдың қорытындылары бойынша ЖІӨ нақты мәнде 1,2% өсіп, 17 007,6 млрд. теңгені құрады. 2009 жылы ЖІӨ оң өсімін сақтаудың негізгі факторлары ауылшаруашылық өнімдерін жинау көлемінің артуы, дүниежүзілік нарықтарда мұнайдың баға конъюнктурасының жақсаруы және мұнай өндіру көлемінің өсуі, әлеуметтік салалардағы тұрақты өсім болып табылады.

Жыл қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығындағы ЖҚҚ нақты көлем индексі 113,7%, өнеркәсіп 103,3%, қызмет көрсету саласында 98,5% құрады. Өнеркәсіптегі өсудің негізгі қозғалтқышы болып 7,5% өсіммен тау-кен өнеркәсібі табылып, өнеркәсіптің басқа салаларындағы іскерлік белсенділігінің құлдырауын болдырмауға мүмкіншілік туды.

Денсаулық сақтау және білім сияқты әлеуметтік салалардағы тұрақты өсім қызмет көрсету саласының терең құлдырауына жол бермеді.

Тұтынушылық сұраныстың және экономикадағы іскерлік белсенділіктің фискалдық ынталандыру шаралары 2009 жылы өндірістің терең құлдырауын болдырмай, әлеуметтік жағдайды тұрақты сақтап қалуға мүмкіндік берді. Үкіметтің дағдарысқа қарсы саясаты аясындағы қолға алынған шаралар, біріншіден экономикалық құлдыраудың әлеуметтік салдарын жұмыспен қамту деңгейін қолдау арқылы жұмсартты.

Инфляциялық процестер Инфляциялық процестер 2009 жылы тұтынушылық сұраныстың азаюы және жаһандық іскерліктің бәсеңдеуі жағдайында едәуір саябырлап, дүниежүзілік үрдістермен синхронды болды. 2009 жылдың ақпанындағы бір сәттік теңге девальвациясынан кейін импортталатын тауарлар бағасының аздап өсуі алғашқы үш айда байқалып, кейінірек тұрақтанды. Нәтижесінде   2009 жылдың наурыз айында инфляция деңгейі жылдық өлшемде қаңтардағы    8,7%–дан наурыздағы 8,9%–ға дейін көтерілді.

2009 жылдың қорытындысы бойынша инфляция деңгейі жылдық мәнде (2009 жылдың желтоқсаны 2008 жылдың желтоқсанына) 6,2% құрады, яғни 2000 жылдан бері ең аз деңгейді құрады.

Бюджет Дүниежүзілік тұтынудың жаһандық қысқаруы салдарынан Қазақстанның экономика салаларындағы іскерлік белсенділіктің бәсеңдеуіне байланысты 2009 жылы бюджет жүйесі табысының күрт төмендеуі байқалды. Егер         2008 жылы ЖІӨ 25,1% мемлекеттік бюджет арқылы қайта бөлінсе, 2009 жылы айтылған көрсеткіш 20,6%–ды құрады. Мемлекеттік бюджеттің табыстары         2009 жылы өткен жылмен салыстырғанда 13,1%–ға қысқарды.

Ел Үкіметі мемлекеттік бюджеттің едәуір тапшылығына бюджет шығыстарын оңтайландыру, әлеуметтік төлемдерді арттыру және дағдарысқа қарсы шараларды іске асырумен тұтынушылық сұранысты бюджеттік ынталандыру арқылы жол бермеді. 2009 жылдың қорытындысы бойынша мемлекеттік бюджет тапшылығы ЖІӨ–ге шаққанда 2,9%–ға өсті.

Жұмыспен қамту 2009 жылғы қорытындыларға сәйкес жұмыссыздық деңгейі халықтың экономикалық белсенді бөлігіне шаққанда 6,6%–ды құрады, яғни өткен жылғы деңгейде сақталды. Жол картасы жобасы бойынша инвестициялық жобаларды іске асыру, өндірістің құлдырауы салдарынан босап қалған экономика салаларындағы жұмыс орындарын толықтыруға көмегін тигізді. Жаңа жұмыс орындары экономикадағы жұмыссыздық деңгейін бақыланатын деңгейде ұстап тұруға мүмкіндік берді.

Негізгі капиталға инвестициялар 2009 жылы елдің ЖІӨ-нің оң өсу қарқыны көбінесе экономикадағы инвестициялық белсенділіктің арқасында қамтамасыз етілді. 2009 жылы негізгі капиталға инвестицияның нақты өсу қарқынының өткен жылмен салыстырғанда бәсеңдеуіне қарамастан, оның оң серпіні сақталып, көлемі  2,1%–ға өсті. Қаржыландыру көздеріне қатысты инвестицияның құрылымы бірқатар өзгерістерді бастан кешірді. Шетел инвестицияларының үлесі жалпы көлемнің өткен 2008 жылғы 25,3% көрсеткішімен салыстырғанда 37%–ға дейін өсті. Инвестициялардың мемлекеттік бюджеттегі үлесі 2008 жылғы            18,7% көрсеткіштен 19,3%–ға дейін өсті.

Өнеркәсіп өнімінің өсу қарқынының бәсеңдеуі және осы саладағы шаруашылық субъектілері табыстарының төмендеуі 2009 жылы инвестициялар қысқаруының басты себептері болды, өйткені мұнда 60%–дан астам капитал салымдары шоғырланады. Шаруашылық субъектілерінің өз меншігіндегі қаржыдан негізгі капиталға қаржы бөлуі 2009 жылы 14,4%–ға кеміді, бұл олардың инвестициялардың жалпы көлеміндегі үлес салмағының 40,5%–дан 34%–ға дейін төмендеуіне әкеп соқтырды.

Кредиттеудің құлдырауы, кредит ресурстарының шектеулілігі мен кәсіпорындар үшін олардың жоғары бағасы қарыз қаражат инвестицияларын қаржыландыру көздеріндегі үлестің төмендеуінің басты факторлары болып табылады. Егер 2008 жылы инвестициялары қаржыландыру көздеріндегі қарыздық қаражаттың үлес салмағы 15,5%–ды құраса, 2009 жылы ол 9,8%–ға дейін төмендеді.

Төлем балансының жағдайы Қазақстандағы төлем балансының ағымдағы шотының сальдосы 2009 жылы Ұлттық Банктің деректеріне сәйкес 3,4 млрд. АҚШ долл. көлеміндегі тапшылықпен қалыптасты. Сұраныстың жаңадан басталып көтерілуі және әлемдегі экспортталатын тауарлар бағасының өсуі 2009 жылдың екінші тоқсанынан бастап, экспорттың құн мөлшерінде артуын (2–тоқ.   9,4 млрд. АҚШ долл., 3–тоқ. 12,4 млрд. АҚШ долл., 4–тоқ. 14,0 млрд. АҚШ долл.) қамтамасыз етті. Экспорттың өсуі және оның импорттан асып түсуі сауда балансы сальдосының артуына себеп болды (2–тоқ. 2,1 млрд. АҚШ долл., 3–тоқ. 4,9 млрд. АҚШ долл., 4–тоқ. 6,2 млрд. АҚШ долл.). 2009 жылдың қорытындысы бойынша сауда балансы 15,2 млрд.АҚШ долл. құрады. Оң сауда балансына қарамастан 2009 жылы ағымдағы шоттың теріс сальдосының факторлары еңбек төлемі (1,3 млрд. АҚШ долл.), инвестициялық табыстар  (10,6 млрд. АҚШ долл.) және көрсетілген қызметтер (5,8 млрд. АҚШ долл.) бойынша капиталдың таза қайтуы болды.

Тікелей шетелдік инвестициялар елімізге кірген валютаның негізгі көздері болып табылды және оның көлемі 2009 жылы 12,6 млрд. АҚШ долл. құрады. Сыртқы қарыздар теріс баланс аясында тікелей шетелдік инвестициялар оң қаржы шотын (7,2 млрд. АҚШ долл.) және                             2,5 млрд. АҚШ долл. шамасында төлем балансы сальдосын қамтамасыз етті.

Әлеуметтік-экономикалық дамудың 2010 жылғы үрдістері туралы

2010 жыл, сарапшылардың пікірінше, нарық субъектілері арасындағы шаруашылық қарым қатынастарының бір қалыпты және біртіндеп қалпына келу, экономикалық өсу сатысына өту жылы болып табылады.

2010 жылдың басынан бастап ел экономикасында оң серпіннің орын алуы байқалуда. Өнеркәсіп өндірісінің көлемдері үстіміздегі жылдың қаңтар–шілдеде өткен жылғы сәйкесті кезеңмен салыстырғанда 11,0%–ға өсті, оның ішінде тау-кен өнеркәсібінде – 5,8%–ға, өңдеуде – 19,4%–ға.

Жүк тасымалдау көлемі 18,0%–ға артты.

Бөлшек тауар айналымы 2010 жылдың қаңтар–шілдеде 2009 жылғы тиісті кезеңмен салыстырғанда 13,3%–ға артты.

Ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің көлемін үстіміздегі жылғы     қаңтар–шілдеде 2009 жылғы сәйкесті кезеңімен салыстырғанда 1,3%–ға артық болды.

Сонымен қатар инвестициялық белсенділіктің және құрылыс секторындағы белсенділіктің төмендеуі байқалады.

Бағалау бойынша, 2010 жылы экономика салаларында оң серпін сақталады.

Өнеркәсіп өнімінің көлемі 2010 жылы, болжам бойынша, 7,5%–ға, атап айтқанда тау-кен өнеркәсібінде 5,1%–ға және өңдеуде 11,9%–ға өседі.

Мұнай өндіру көлемі болжам бойынша 2009 жылы 4,7%–ға өседі.

Өнеркәсіптік өндіріс көлемдерінің артуы, бағалау бойынша, көрсетілетін көлік қызметтері көлемдерінің 5%–ға өсуіне ықпал етеді.

2010 жылы тұтынушылық сұраныстың қайта қалпына келуі сауда көлемінің өсуіне ықпал етеді, бағалау бойынша, ол 8% деңгейде анықталып отыр.

Сыртқы және ішкі факторларды ескере отырып, ЖІӨ–нің нақты өсімі 2010 жылы 5% деңгейінде болжамданады.

Әлемдік сұраныстың артуы және еліміздің экспортын құрайтын негізгі тауарлар бағасының өсуі, экономикалық өсу қарқынының артуы экспорт пен импорт көлемдерінің артуына ықпал ететін болады.

2010 жылы экспорт 51,4 млрд. АҚШ долл., импорт –                                      30,1 млрд. АҚШ долл. көлемінде болжамдалады.

Инфляция 2010 жылдың соңына 6,0–8,0% деңгейінде бағаланады.

2010 жылы жұмыссыздық деңгейі, болжам бойынша 6,4% құрайды.       Дамудың сыртқы жағдайлары

2010 жылдан бастап, халықаралық ұйымдардың болжамдары бойынша әлемдік экономиканың өсуі күтілуде. 2010 жылдың шілде айындағы ХВҚ-ның нақтыланған болжамы бойынша әлемдік экономиканың өсуі 2010 жылы     4,6%–ды, 2011 жылы 4,3%–ды құрайды. Халықаралық сарапшылар 2015 жылға дейін әлемдік экономиканың орта есеппен 4%–ға өсуін болжап отыр. Елдердегі қаржы жүйесіне сенімділікті қалпына келтірумен қоса дағдарысқа қарсы белсенді шараларды жалғастыру көтерілуді жеделдетуге ықпал ете алады.

 

Орта мерзімді кезеңде әлемдік экономиканың жандануы мен оның өсу қарқындарының жоғарылауы сұраныстың артуы және ресурстарға әлемдік бағаларының өсуіне ықпал ететін болады.

2010 жылдан бастап әлемде мұнайды тұтынудың 2015 жылға дейін жыл сайын 1,5–1,7 %-ға өсетіні күтілуде.

ABARE-нің (Австралия Үкіметі жанындағы ауыл шаруашылығы, жер қойнауын пайдалану және энергетика саласындағы экономикалық зерттеулер бюросы) болжамдары бойынша 2010 жылдан бастап металдарды әлемдік тұтыну көлемі орта есеппен 2015 жылға дейін жылына 5–7%-ға өсуі күтілуде, бұл металдарға бағалардың көтерілуіне мүмкіндік тудырады.

Халықаралық ұйымдардың болжамдары бойынша 2011–2015 жылдары мұнайдың әлемдік бағасы барреліне 75–85 доллар шегінде болады.

Сонымен қатар, ғаламдық экономиканы қалпына келтірудің белгіленген үрдісі орта мерзімді кезеңде тұрақсыз болып қалуы мүмкін. Әлемдік экономиканың болжанып отырған өсіміне қарамастан, жағдайдың нашарлап кетуіне және әлемдік экономиканы қалпына келтіру кідірісіне алып келуі ықтимал бірқатар тәуекелдер мен белгісіздіктер бар.

Дамыған елдерде жекеменшік тұтыну мен инвестициялар жұмыссыздықтың өсуінің жалғасуы мен дағдарыстың салдарынан халық әл–ауқатының қысқаруы нәтижесінде төмен деңгейде қалуда.

Қаржы және нақты секторлары өз еркімен көтерілуге және сауығуға әлі де қабілетсіз болғандықтан, экономикаға белсенділікті қолдау үшін мемлекеттік құйюларды кенеттен тоқтату кезекті құлдырауға алып келуі мүмкін.

Қаржы секторындағы реформалар жағымды жылжуларға алып келмесе, жоғары жұмыссыздық пен экономика секторларының әлсіздігі салдарынан қаржы нарығының жағдайы қайтадан нашарлап кетуі мүмкін.

Дамыған елдердегі өсіп жатқан мемлекеттік қарыз экономиканы қолдау бойынша қысқа мерзімді шаралардың нәтижесі ретінде орта мерзімді перспективада сондай–ақ тәуекел болуыда мүмкін. Егер шетелдік инвесторлар өсіп жатқан мемлекеттік қарызды тұрақсыз және негативті фактор ретінде қабылдаса, мұндай елдерге инвестициялық ағымдар едәуір қысқаруы мүмкін.

Дамушы елдердегі монетарлық саясаттың қаталдануы экономика өсуінің біртіндеп жабылатын бюджеттік құюларға тәуелділігін сақтап қалады. Осыған орай Қазақстан үшін шикізат нарықтарында сұраныс стагнациясының қосымша тәуекелі пайда болады. Дамушы нарықтардағы экономиканы ынталандыру бағдарламаларының кенет жабылуы Қазақстан тауарларының экспортына зиянды әсер етеді.

АҚШ долларымен саудаланатын ресурстардың әлемдік бағалары серпіні құбылмалы болуы мүмкін және бір жағынан АҚШ долларының айырбастау бағамының өзгеруіне байланысты болады.

Әлемдік экономиканың даму үрдістері және Қазақстан экономикасы дамуының сыртқы жағдайлары әлемдік экономиканың серпініне, мұнайдың әлемдік бағасының деңгейіне және әлемдік қаржы нарықтарындағы жағдайға байланысты дамудың үш ықтимал сценарийін қарастыруға мүмкіндік береді.

1–нұсқада (пессимистік сценарий) орта мерзімді перспективада әлемдік тауар және қаржы нарықтарындағы жағдайдың нашарлауына қатысты барынша пессимистік болжамдар көзделуде.

Осы сценарий бойынша мұнайдың әлемдік бағасының (Brent)              2011–2015 жылдары бір барреліне 35 АҚШ долларына дейін төмендеуі, сондай-ақ 2011 жылы металдар бағасының 2009 жылдың ең төменгі деңгейіне дейін төмендеуі, 2012 жылдан бастап одан әрі шамалы өсуі болжанады.

Әлемдік қаржы нарықтары сыртқы қарыз алу үшін жабық болады.

2–нұсқада (базалық) әлемдік тауар және қаржы нарықтарындағы жағдай тұрақтанады деп болжануда.

2011–2015 жылдары мұнайдың әлемдік бағасы бір барреліне орташа     65 АҚШ доллары деңгейінде болады.

Орта мерзімді кезеңде металдардың әлемдік бағасы 10–15%–ға артады.

3–нұсқа бойынша (оптимистік сценарий) мұнайдың әлемдік бағасы    2011–2015 жылдары бір барреліне орташа 80 АҚШ доллары деңгейінде болады.

Орта мерзімді кезеңде металдарға әлемдік бағаның 20–25%-ға өсуі болжанады.

Әлемдік экономикадағы және әлемдік тауар нарықтарындағы ағымдағы жағдайды ескере отырып, барынша ықтимал 2-нұсқа болып табылады. Экзогенді параметрлердің шешуші мәндері осы нұсқа бойынша дамудың қалыптасқан үрдістеріне жақын.

Дамудың ішкі жағдайлары

Дағдарыс кезеңінен кейін Қазақстан экономикасы дағдарыстан кейінгі даму кезеңіне кіреді, ол өсуді қалпына келтіру кезеңі және экономиканың сапалы және теңгерімді өсуі кезеңінен тұратын болады.

Өсуді қалпына келтіру кезеңінде теңгерімді және сапалы өсу кезеңіне өту үшін негіз қалыптасатын болады.

Қазақстан экономикасы орта мерзімді кезеңде әлемдік экономикалық жүйедегі үрдістерге, әлемдік тауар және қаржы нарықтарындағы коньюнктураға тығыз байланыста бола отырып дамиды.

Дамудың сыртқы жағдайларын ескере отырып, 2011–2015 жылдары Қазақстан экономикасы келесі ішкі факторлардың әсерінен дамитын болады.

Әлемдік экономиканың жандануына және Қазақстанның экспорттық өнімдеріне сыртқы сұраныстың артуына қарай өнеркәсіп өндірісінің өсуі қалпына келеді. Осылайша, металлургия саласындағы және тау-кен өнеркәсібінің ілеспе салаларындағы белсенділік артады.

Бұдан басқа, 2011–2015 жылдары Қазақстанда мұнай және табиғи газ өндіру салаларында осы энергия ресурстарын өндіру көлемінің артуынан көрінетін белсенділік байқалатын болады.

Сонымен қатар, перспективада экономикалық өсудің тұрақты және серпінді қарқындарын қолдау үшін әлемдік экономиканың даму серпініне қатты байланысынан аулақтану қажет. Сондықтан, орта мерзімді кезеңде экономикалық дамудың тұрақтылығы экономикалық өсу көздерінің сұраныс пен ұсыныстың ішкі факторларына, олардың ішкі сұранысқа бағытталған шикізаттық емес салаларды және әлемдік нарықта бәсекеге қабілеттілігі бар салалардың өсуі мен дамуын қамтамасыз етудегі рөлін жоғарылатуға қайта бағыттауда болады.

Экономиканы әртараптандыру және шикізаттық емес салалардың дамуына Ел экономикасын үдемелі индустриялық-инновациялық дамыту жөніндегі 2010–2014 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарлама (бұдан әрі – ҮИИДМБ) жәрдем береді.

Экспорталатын тауаларға сұранысты қалпына келтірудің және қолайлы баға коньюнктурасының аясында Индустриаландыру картасының инвестициялық жобаларын іске асыру экономиканың өсуіне жақсы жағдай жасайды.

Ішкі өндірістің өсуі және сыртқы сауда көрсеткіштерінің ұлғаюы көрсетілетін көлік қызметтері және сауда көлемдері секторларындағы өсуді қалпына келтіруге ықпал ететін болады.

Бұдан басқа, шағын және орта бизнес саласындағы экономикалық белсенділікті арттыруға «Бизнес-2020 жол картасы» бағдарламасы шеңберінде іске асырылатын нақты сектордағы кәсіпорындарды сауықтыру және олардың қызметін ынталандыру шаралары ықпал ететін болады [4, 5].

Сонымен қатар, экономикалық дамудың одан арғы үрдісі көбінесе экономика секторларын мемлекеттік дағдарысқа қарсы қолдаудың жабылуы кезінде дамудың теңдестірілуін қамтамасыз етуге байланысты мәселелерді шешу сипатымен анықталады.

Банктердің ақша ұсынысының қажетті деңгейін және экономиканы кредиттеу көлемін қамтамасыз ету экономиканың өсуін ынталандыратын фактор болып табылады. Сыртқы борышқа қызмет көрсету бойынша негізгі соманы өтеу, банк активтерінің сапасының жақсаруы нәтижесіндегі банк секторының оңалуы екінші деңгейдегі банктердің кредиттеу белсенділігінің артуына жол ашады. Экономика субъектілерінің банк жүйесіне сенімін арттыру депозиттік базасының өсуін және ішкі көздердің есебінен банктердің ресурстық базасының толығуын қамтамасыз етеді.

Дағдарысқа қарсы шараларды (алдыңғы жылдардағы құйылымдар нәтижесіндегі инфляциялық қысым) іске асыру кезеңінде жиналып қалған ілеспе тәуекелдер және серпінді өсу кезеңіндегі (қарыз жүктемесі, экономиканың «қызып кетуі») экономикалық жүйеге тән тәуекелдер экономиканың дағдарыстан кейінгі қалпына келуі және өсуімен қоса жүретіні сөзсіз.

Ішкі әлеуетті толық іске асыру перспективада дағдарыстан кейінгі кезеңде нарықтағы бәсеке шиеленісіне дағдылану, сондай-ақ ұзақ мерзімді перспективадағы сынақтарға бейімделу үшін жеткілікті экономикалық өсудің тұрақты қарқынын қамтамасыз етеді.

Қазақстан Республикасының әлеуметтік-экономикалық дамуының нысаналы индикаторлары

Елдің 2011–2015 жылдары әлеуметтік-экономикалық дамуы 2020 жылға қарай Қазақстан Республикасының 2020 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспарында айқындалған әлеуметтік–экономикалық дамудың нысаналы индикаторларына қол жеткізуге мүмкіндік береді.

2020 жылға қарай 2009 жылғы деңгеймен салыстырғанда үш еседен артық экономиканың өсуінің қамтамасыз ету мақсатында 2015 жылға қарай нақты ЖІӨ–ні 20,0%–дан артық ұлғайту көзделеді.

Қазақстан азаматтарының әл–ауқаты деңгейін арттыру мақсатында жан басына шаққандағы ЖІӨ 2015 жылы 12 мың АҚШ доллары деңгейіне дейін жеткізілетін болады.

Ұзақ мерзімді кезеңдегі инфляция деңгейінің төмендеуіне оның деңгейін орта мерзімді кезеңде 6,0-8,0% дәлізінде ұстап қалу ықпал ететін болады.

Жұмыссыздық деңгейін 2020 жылға қарай 5%-дан аспайтын деңгейде қамтамасыз ету үшін 2011–2015 жылдары оның 5,5%–ға дейін төмендеуі жоспарланып отыр.

Экономикалық саясаттың мақсаттары мен міндеттері.  2011–2015 жылдарға арналған экономикалық саясаттың мақсаты – стратегиялық міндеттерді орындауға қажетті экономиканың сапалы және теңгерімді өсуін қамтамасыз ету болады.

Қолайлы макроэкономикалық ортада экономиканың сапалы, тұрақты және теңгерімді өсуін қолдау мүмкін. Өз кезегінде, орта мерзімді кезеңдегі экономиканың өсуінің теңгерімділігі мен тұрақтылығы шикізаттық емес секторды ішкі және де сыртқы сұраныстарға бағдарлау арқылы дамытумен қамтамасыз етілуі тиіс.

Экономикалық саясат шеңберінде қойылған мақсатқа жету үшін мынадай негізгі міндеттер шешілетін болады:

макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету;

экономиканы жаңғырту және әртараптандыру;

өңірлік деңгейде өндіріс факторларын тиімді пайдалануды арттыру.

Қойылған міндеттерді орындау үшін ақша–кредиттік, фискалдық және құрылымдық, инвестициялық және салалық саясаттар құралдарын теңгерімді пайдалануды қамтитын, макроэкономикалық саясатты іске асырудың біртұтас жүйесін қалыптастыру қажет.

Қазақстан экономикасын қалпына келтіру кезеңі экономиканы диверсификациялауға, қаржы секторын нығайтуға, іскерлік және инвестициялық ахуалды жақсартуға, адам ресурстарын дамыту және елдің индустриялық–инновациялық үдемелі дамуына ықпал ететін институционалдық базаны нығайтуға бағытталған теңгерімді саясат жүргізумен сипатталатын болады.

Орта мерзімді перспективадағы мемлекеттің экономикалық саясатының шешуші бағыттары дағдарыстан кейінгі дамуға дайындық, тұрақты экономикалық өсу, гүлдену және қазақстандықтардың әлеуметтік әл–ауқатты болуына қол жеткізу үшін адам капиталының бәсекеге қабілеттілігін арттыру және инфрақұрылымды дамыту мен индустрияландыру арқылы әртараптандыруды жеделдету болып табылады.

Әртараптандыру шеңберінде экстенсивтік, шикізат жолы арқылы дамудан индустриялық–инновациялық дамуға өту жүзеге асырылатын болады. Инфрақұрылымдық саясат шеңберінде жүргізілген энергетика, көлік және телекоммуникация салаларын жаңғырту экономиканы үдемелі әртараптандыру және шетел инвестицияларын елімізге тартуға ықпал етеді.

Қойылған басымдықтарды іске асыру негізі ретінде ақша–кредиттік, фискалдық, құрылымдық, салалық және инвестициялық реттеулер кіретін тиімді макроэкономикалық саясат шараларын біртіндеп өткізуді болжайды.

Ақша–кредит саясаты және қаржы секторын реттеу саласындағы саясат

Ақша-кредит саясатының негізгі мақсаты – бағаның тұрақтылығын қамтамасыз ету. Республикасының Ұлттық банкінің осы мақсатқа қол жеткізу Қазақстан жөніндегі шаралары экономиканың өсуін қолдау, депозит нарағындағы потенциалды дамыту, сонымен бірге банк секторларының кредиттік белсенділігін қалпына келтіруге ықпал етеді.

Ақша–кредит саясатының негізгі міндеттері:

экономиканың өсуінің тұрақты қарқынын ұстап тұратын инфляцияның төмен деңгейін қамтамасыз ету;

экономика салаларының бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ететін деңгейде теңгенің айырбастау бағамын қолдау.

Ақша–кредит саясатының шеңберінде қойылған міндеттерге қол жеткізу үшін отандық қаржы жүйесінің тұрақты жұмыс істеуін, сонымен қатар теңгенің айырбастау қалыпты бағамын және еліміздің төлем балансының тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған шаралар алдын ала қолданылады.

Үкімет инфляцияға қарсы саясаты шараларымен қоса инфляцияның төмен деңгейін қолдайтын болады.

Ұлттық Банк банктердің қысқа мерзімді өтімділігін, оны барабар деңгейде ұстап тұру мақсатында реттейтін болады.

Ұлттық Банк операциялары бойынша ставкаларды реттеу, қайта қаржыландырудың ресми ставкасын қосқанда, ақша нарығындағы жағдай мен инфляция деңгейіне байланысты жүзеге асырылатын болады.

Курс саясаты қазақстандық экономиканың ішкі және сыртқы бәсекеге қабілеттілігінің арасындағы теңгерімдікті қамтамасыз ету, әлемдік конъюнктураның үнемі өзгеруі шарттарында отандық өндірістің бәсекеге қабілеттілігіне теріс әсерін тигізуі мүмкін, яғни курстық саясатты жүргізу ұлттық валютаның нақты бағамының едәуір ауытқуына жол бермеу керектігін реттейді. Айырбастау бағамының саясаты дүниежүзілік бағалардың өзгеруіне, сыртқы сауда жағдайына, ішкі экономиканың дамуына негіз болуына байланысты барабар әсер етуі тиіс. Осы саясатты қатаң ұстанған жағдайда, мынадай факторлармен қоса алғанда, жаңа технологияларды, жабдықтарды пайдалану, еңбек сапасын арттырумен бірге, мемлекет шапшаң даму траекториясына шыға алады.

Экономиканың бәсекеге қабілеттілігі тек қана бағамдық саясатпен ғана ұсталмайды. Мұнда негізгі рөлді еңбек өнімділігін арттыру, өнімдерді жоғары құн салығымен өндіруді ұлғайту бағытындағы экономиканың құрылымдық бетбұрыс, сонымен қатар экспортты диверсификациялау шаралары атқаратын болады.

Қаржы секторын нығайту.

Орта мерзімді перспективада Қазақстанның қаржы жүйесін дамыту ғаламдық дағдарыстың тәжірибесін ескере отырып белгіленеді және тұрақтылықты, қаржы секторының ашықтығы мен тиімділігін қамтамасыз етуге бағытталады.

Ауқымды мемлекетттік қолдаудан бас тарту бірте–бірте жеке бастамаларды жылжытумен жүзеге асырылады.

Қаржы секторы дағдарыстан кейінгі кезеңде контрциклді реттеуге акцентпен макропруденциалдық жағынан реттеу және қаржы мен нақты активтер нарығындағы теңгерімдікті сақтауға ерекше көңіл бөле отырып, күшейтіледі.

Қаржы секторына сенімділікті қалпына келтіру, қаржылық қызметтерді тұтынушылар мен инвесторлардың құқығын қорғау тетіктерін ұлғайту және заңды мүдделері, қаржы ұйымдарында тиімді ішкі бақылау жүйесін және тәуекел–менеджментті енгізу, сонымен қатар олардың қызметінің ашықтығын арттыру жұмыстары жалғастырылады [49].

Мемлекеттік – жеке серіктестік және исламдық қаржыландырумен күшейтілген қор нарығы одан әрі қарай дамитын болады. Алматы қаласының өңірлік қаржы орталығын дамыту және құнды қағаздар айналымының барабар көлемін қамтамасыз ететін құнды қағаздар нарығын дамыту да қор нарығының ұлғаюына септігін тигізеді.

Жалпы еліміздің қаржы секторын дамыту Қазақстан Республикасының дағдарыстан кейінгі кезеңдегі қаржы секторының даму тұжырымдамасына сәйкес жүзеге асырылады.

Фискалдық саясат. Фискалдық саясат құрылымдық және ақша–-кредит саясаты шараларымен бірге экономиканы қалпына келтіруге және оның әрі қарай өсуін ынталандыруға жағдай жасауға бағытталады.

Экономиканы қалпына келтіру және әртараптандыруға қолайлы жағдай жасау, оның «қызып кетпеуіне» жол бермеу мақсатында экономиканың өсу кезеңінде мемлекет шығыстарын ұстап тұру және оның экономикалық құлдырау кезеңінде ұлғаюын көздейтін антициклдық фискалдық саясат жүргізіледі.

Экономиканың дамуын ынталандыру макроэкономикалық тұрақтылыққа зиян келтірмеуді ескерумен жүзеге асырылады.

Фискалдық саясат шеңберіндегі қолдау бір жағынан жиынтық сұраныстың деңгейін, мемлекеттік инвестициялар деңгейін, басқа жағынан – экономиканың өсуін қалпына келтіру есебінен инвестициялық белсенділіктің деңгейін қамтамасыз ететін мемлекеттік шығындардың деңгейін қолдау көзделіп отыр.

2003-2015 жылдарға арналған ҚР индустриалды-инновациялық стратегиясы