Басқару эволюциясы

1- тақырып Басқару эволюциясы

Дәріс мақсаты: Өндірістің экономикалық тиімділігін арттыруда, прогресшіл техника мен технологияны енгізуде, түрлі ресурстарды ұтымды пайдалану есебінен түсімді арттыру және көздеген мақсаттарға жету жолында «Менеджмент» курсы зор ықпал етеді. Менеджменттің ғылым ретінде қалыптасуы және даму кезеңдері баяндалады. Сонымен қатар дәрістерде Қазақстанда менеджмент теориясы мен практикасының қалыптасуы жайында түрлі мәселелер қарастырылған.

Негізгі терминдер: ғылыми менеджмент, бихевиористік мектеп, топ менеджмент, ловер менджмент, мидле менеджмент

Дәрісте қарастырылатын сұрақтар:

  1. Менеджменттің даму кезеңдері
  2. Басқарудың негізгі мектептері
  3. Қазақстанда менеджменттің дамуы

 

  1. Менеджменттің даму кезеңдері

Басқару өнері және басқару  туралы ғылым адамдардың топ болып жұмыс істеу жағдайында және қоғамның үш саласында – саяси, экономикалық және сыртқы қауіптен қорғану жағдайында қолданылған.

Ертеден-ақ адамдар тобын  шоғырландырып, белгілі бір бағытта  жұмыс орындауға жетекшілік ететін ерекше қабілеті бар адамдар қажет болған. Мысалы, египет пирамидаларын салу соншалықты көп адамдарды ұйымдастыру, басқару шеберлігін талап еткені белгілі.

Менеджменттің теориясы мен практикасының дамуы бірнеше  кезеңдерге бөлінеді:

І кезең – ежелгі кезең. Алғашқы қауымдық құрылыста ру басшысының, қауымдық жетекшінің көмегімен, басшылығымен бірігіп тіршілік еткен. Б.э. дейінгі басқару принципінің жан-жақтылығын зерттеп сипаттама берген адам Сократ (470-439 жж.) болды. Платон (б.э. дейінгі 428-348 жж.) мемлекеттік басқарудың түрлерін талдаумен бірге басқару органдарының функцияларын анықтаған, ал Александр Македонский (б.э.дейінгі 356-323 жж.) әскерді басқарудың теориясы мен практикасын дамытты.

ІІ кезең – индустрияның даму кезеңі (1776-1890 жж.). Бұл кезеңде мемлекеттік басқарудағы еңбек бөлінісінің әртүрлі формаларын анықтап, мемлекет пен мемлекет басшысының міндеттеріне сипаттама берген ғалым – Адам Смит.

ІІІ кезең – басқаруды бір жүйеге (систематизация) келтіру кезеңі (1856-1960 жж.) Басқару ғылымы үнемі даму үстінде. Сондықтан басқару бағыттары, мектептері өзгеріп, жетіліп отырады. Қазіргі менеджмент ХІХ ғасырдағы өнеркәсіп революциясы кезінде туындаған. Өндірістің алғашқы түрлерінде, фабрикаларда адамдарды жұмыспен қамту және оларды біріктіріп, жұмысқа бағыттау қажеттілігі туындаған. Міне сондай жағдайда қабілетті жұмысшыны үйретіп, оқытып, кәсіпорын иесінің мақсатын орындау үшін пайдаланған адамдар болды. Олар – алғашқы менеджерлер болатын.

ІV кезең – ақпараттар кезеңі (1960 ж. – қазіргі уақытқа дейін).

Ал ақпараттар кезеңінде, яғни басқарудың дамыған мерзімінде математика мен компьютерді, электронды есептеу техникасын кеңінен қолдану арқылы басқаруды жетілдіруге мүмкіндік туды, сондықтан да  қазіргі баскару ісінде акпараттың атқаратын ролі ерекше.

 

2.Басқарудың негізгі мектептері

Менеджмент саласындағы  алғашқы зерттеулер классикалық мектеп арқылы жүргізілген. Алғашқы менеджерлердің көңіл аударған келелі мәселелерінің бірі өндірістің тиімділігі болды. Өндірістің тиімділігі жұмыс орнының ыңғайлылығына, жұмысшының бейімділігі мен шеберлігіне, әртүрлі жұмыстарға жұмсалатын шығындарға тікелей байланысты. Менеджменттің классикалық мектебінің өкілдері осындай мәселелерді шешу жолдарын қарастырды. Сол кездегі ғылыми ізденушілердің көзқарасы бойынша менеджмент дегеніміз өнер деп санады, себебі кез-келген адам жетекшілік, басшылық қызметін атқара алмауы мүмкін.

Жоғарғы дәрежедегі нағыз  менеджерлердің мінез-құлқының өзіне  тән ерекшеліктері мен қабілеті болуы тиіс. Мінез құлық белгілерінің концепциясын қарастыру сәтінде  «Менеджмент ғылым ба?» - деген сұрақ туындайды.

Менеджментті ғылым  ретінде қарастырып, ғылыми басқарудың негізін салған ағылшын ғалымы Фредерик Уйнслоу Тейлор (1856-1915 жж.) ғылыми басқару мектебінің дамуына жол ашты.

Өзінің «Управление  фабрикой» (1903 ж.), «Принципы научного управления» (1911 ж.) деген еңбектерінде Ф.Тейлор еңбектің түрлерін сараптап, жұмысшылардың еңбегіне хронометраж жасап, тиімділігін арттыру арқылы еңбекті ғылыми ұйымдастыру шараларын жүзеге асырды. Сөйтіп Ф.Тейлор менеджмент саласында революция жасап, менеджменттің ғылыми мектебі пайда болды.

Басқарудың классикалық  мектебінің енді бір түрі әкімшілік басқару мектебі болып саналады. Әкімшілік басқару мектебі менеджердің ролі мен қызметі жөніндегі мәселелерді зерттеген. Бұл идеяның негізін қалаған француз ғалымы Анри Файоль (1841-1925 жж.) Ол менеджменттің қазіргі кездегі қолданылып жүрген мынандай функцияларын анықтаған: жоспарлау, ұйымдастыру, мотивация және бақылау.

Классикалық мектептің  негізгі белгісі өндірістің тиімділігін  арттырудың ең қолайлы жолын іздеу болып табылады.Классикалық мектеп әлемдік басқару ғылымының алғашқы іргетасын қалады.

30-шы жылдары менеджмент  саласында адамдардың қарым-қатынасы мектебі пайда болды.Оның негізін қалағандар психологтар мен социологтар. Бұл жағдайда ең басты көңіл аударатын мәселе, жұмысшының орындайтын міндеті емес, оның өзінің жеке басы, мінез-құлқы, көңіл-күйі болып табылады.

Өндіріс тиімділігін  арттыруда жұмысшының жеке басына қамқорлық, оның көңіл-күйі, демалысы, еңбек ақысының мөлшері де үлкен роль атқарады. Адамдардың жеке басына көңіл аударған бірінші ғалым Р.Оуэн болды. Басқа ғалымдармен бірге М.П.Фоллет те осы бағыттағы ғылымды дамыта отырып, басшылық стилін талдап, оның түрлерін анықтады.

Адамның жеке басының  қажеттілігін қанағаттандыру еңбек  мотивациясына ықпал ететіндігін, мотивация теориясының құрылымын анықтаған ғалым - Абрахам Маслоу. Ол адамдарда кездесетін қажеттілік иерархиясын ашып көрсетті.

Басқару шешімдерін қабылдау, оңтайлы шешімдерді анықтау есептеулер мен салыстыру арқылы және математикалық әдістерді қолдану арқылы жүзеге асырылатын болды. Басқаруда мәліметтер мен ақпараттарды қолдану кезеңі сандық мектеп өкілдері теориясымен дамыды. Сандық мектеп теорияшыларының ойынша басқарудың концепциясын дайындау, жоспарлау, математикалық талдаулардың нәтижесі арқылы ғана жүзеге асады. Шын мәнінде қазіргі заманда әрбір өркениетті елдің табыстарға жетуі математикалық-техникалық прогрестің көмегі екендігіне сөз жоқ.

3. Қазақстандағы  менеджменттің дамуы

Менеджмент туралы сөз  болғанда біз ең бірінші Әбу Нәсір Әл Фарабиді еске аламыз. Әбу Нәсір Әл Фараби (870-950 жж.) ғылымның әр алуан саласында аса маңызды, құнды пікірлер, тұжырымдар қалдырған кемеңгер ғалым, данышпан ойшыл, энциклопедист адам болған.

Әл Фараби басқару мен патшалық құруға, яғни жоғары өкіметтің негізі болып табылатын басқару саясатына зор мән берген. Ұлы ойшыл басқару екі түрлі болады деген: «Егер басқару әділеттік бағытқа жеткізетін әрекеттерді, мінез-құлықтарды, ер қасиеттерін нығайтса, ол – қайырлы басқару. Оған мойын ұсынатын қалалар мен халықтар – қайырлы қалалар мен халықтар» - дейді ол. Ұлы ойшылдың ойынша бұл принциппен қабыспайтын басқару қиялдағы бақытқа ғана жеткізеді. Шындығында ол бақыт бола алмайды. Өйткені ол қаладағы теріс әрекеттер мен жаман қасиеттерді нығайтады, сондықтан ондай басқару – надандық басқару болып саналады.

Әбу Нәсір Әл Фараби азаматтық  және ғылым туралы еңбектерінде саясат пен этиканың арасындағы өзара тығыз байланысты талдай отырып, мемлекет қайраткерлерінің алдына қойған мақсатын жүзеге асыруда және бақытқа жетуде қажетті жағдайлар жасауда өз көрінісін табатын «мемлекетті басқару өнеріне» баса назар аударды. Ол бұл мәселені өзінің саяси идеясына сай нақтылайды. Оның ойынша басқару өнерінің басты бір ерекшелігі – адамдар мен әлеуметтік топтардың үйлесімдігіне жету, яғни олардың мұң-мүддесін ескеру. Бұл мәселе қазіргі біз өмір сүріп отырған тарихи кезеңдегі қоғамда, атап айтқанда, аса ірі әрі ауқымды экономикалық және әлеуметтік өзгерістер болып жатқан еліміз үшін өте маңызды.

Еліміз өркениетті ел қатарына жету үшін халықты азық-түлікпен, киіммен қамтамасыз ететін, кәсіпорындарды шикізатпен қамтамасыз ететін ауыл шаруашылығы өндірісін тиімді басқара білу өзекті мәселелердің ең бастысы екеніне сөз жоқ.

Қазақстанда менеджмент негіздеріне арналған оқу құралын ең бірінші 1992 жылы ағылшын ғалымдарының теориясын негізге ала отырып, Орал ауыл шаруашылығы институтының профессоры К.Ғ.Ахметов жазып шығарды. Осыдан кейін басқару академиясының профессоры К.Б.Бердалиевтің басшылығымен «Басқару негіздері» оқулығы баспадан шықты.Соңғы кезде Қазақстанның экономист- ғалымдары менеджиент ғылымы жайында көптеген оқу құралдарын шығаруда.

Қазіргі жағдайда республиканың  мектептерінен бастап, барлық жоғары және орта білім беретін оқу орындарында  менеджмент негіздерін оқытып, үйрету бағдарламаға енгізілді. Оның себебі нарықтық экономикада өндірістің тиімділігін арттырып, өнім өндіріп, оны сатып, пайда келтіру үшін, тұтынушылардың сұранысынан шығатындай тауар және қызмет ұсыну тек қана кәсіпорынды басқарудың барлық қыр-сырын толық білген жағдайда ғана мүмкін. Сондықтан да елімізде менеджмент теорияларын жан-жақты меңгеріп, оны өмірде қолдана білу, кездескен жағдайларға байланысты шешім қабылдауға бейімделіп, менеджментті дамыта түсу - әрбір басшының міндеті.

Осы уақытқа дейін  менеджменттің бірнеше анықтамалары белгілі. Ғылым ретінде менеджменттің теориялық негізін қалаушы ағылшын ғалымы Ф.Тейлордың анықтамасы бойынша «Менеджмент дегеніміз – ережелер мен принциптерге (қағидаларға) негізделген шынайы, іргелі ғылым». Осы ереженің дәлелі ретінде Ф.Тейлор алғаш рет менеджментті ғылым ретінде талдай келе, өзінің ғылыми еңбегін жазды («Управление фабрикой», 1903 г.). Мұнда ол фабрикада жұмысшылардың еңбегін мамандандыру, мөлшерлеу, жұмыс мөлшеріне қарай еңбек ақы төлеу, т.б. басқаруды ғылыми негіздеу жолдарын айқындап берді. Тейлор ілімін көрнекті зерттеушілер жалғастырып, өмірдегі пайдасын атап көрсетті сонымен бірге кәсіпорындар басшылары да Тейлор ережелерін басшылыққа ала отырып айтарлықтай табысқа жетті.

Республикамыздың нарықтық экономикаға өтуіне байланысты барлық кәсіпорындарда «менеджер» қызметі пайда болып, қазіргі менеджерлер, бұрынғы жоғарыдан бұйрық арқылы ғана өз міндетін орындайтын басшы емес, әр істің басы-қасында болып, ұйымның барлық деңгейіндегі іс-әрекеттерге қанық, іс жүзінде болып жатқан жағдайларды талдау арқылы шешім қабылдап, оны жүзеге асырушы маман қызметкерлер. Ондай қызметкерлер менеджмент негіздерін толық меңгерген, менеджерге қойылатын талаптарды нақты білетін, басқаруда бар теориялармен ғана шектелмей, ой-өрісі жоғары, жаңашыл, кез-келген тұйықтан шығатын, тапқырлық қасиеті мол, тәуекел етуге дайын,жедел шешім қабылдауға қабілетті адамдар болуы тиіс. Яғни, менеджер дегеніміз заңды, экономиканы жақсы білетін, ұйымдастыру мәселелерімен шұғылданатын жан-жақты білімді, білікті кез-келген адам. 

Кәсіпорын жұмысының  нәтижесі ондағы әр саланы басқаратын менеджерлердің біліктілігіне, іс-тәжірибесіне, сөйлеу шеберлігіне тікелей байланысты болғандықтан, ұйым мүшелерінің де көзқарасы, көңіл-күйі өзгеріп отырады.

Бақылау сұрақтары:

1.Менеджменттің даму кезеңдерін атаңыз.

2.Менеджмент мектептері.

 

Ұсынылатын  әдебиеттер тізімі:

1. Ахметов К. Ғ. Менеджмент  негіздері, Ақтөбе-Орал 2005ж.

2. Ахметов К.Ғ. Менеджмент  негіздері, Алматы, 1993ж.

3. Бердалиев К. Менеджмент: лекциялар курсы- Алматы, 2005ж

2- тақырып:  Ұйым туралы түсінік

Дәрістің мақсаты: Ұйым құруды, ұйымның алдына қойған мақсатын зерттеуді, ұйымның құрылымын анықтауды үйрету .

Негізгі терминдер: ресми ұйым, бейресми ұйым, жабдықтаушылар, тұтынушылар, бәсекелестер, кәсіподақ, технология, үкімет заңдары, саяси орта.

Дәрісте қарастырылатын сұрақтар:

  1. Ұйым туралы түсінік және ұйымның түрлері, сипаттамалары
  2. Ұйымның ішкі ортасының элементтері және сыртқы ортамен байланысы
  3. Менеджердің міндеттері, менеджерге қойылатын талаптар

 

 

1. Ұйым туралы  түсінік, ұйымның түрлері, сипаттамалары

Менеджмент туралы сөз  болғанда ең бірінші біз «ұйым» сөзінің  мағынасын түсінуіміз керек. Себебі менеджмент тек қана ұйым бар жерде  жүзеге асырылады. Менеджмент дегеніміз басқару, бірақ ол мысалы, машинаны, станокты басқару емес, ұйымды, ондағы адамдарды басқару болып табылады.

Ал ұйым дегеніміз саналы түрде барлығы бірігіп, бір мақсатты көздеген адамдар тобы. Ұйым болу үшін белгілі бір талаптар орындалуы қажет:

  • ұйым болу үшін өздерін сол топтың бір бөлігі деп есептейтін кем дегенде екі адам болуы керек;
  • кем дегенде көздеген бір мақсаты болуы керек;
  • мақсатқа жету үшін бірігіп, жұмыс істейтін мүшелері болу керек.

Міне, осы аталған талаптар орындалған жағдайда ұйым пайда болып, құрылады.

Әрбір ұйым қандай да бір мақсат көздеп, сол мақсаттың нәтижесіне жету үшін әрекет етіп, өмір сүруі қажет. Ұйымдардың іс-әрекеті, басқару әдістері мен стилі, мақсаттарының жай немесе күрделілігі әртүрлі болады. Тек қана бір ескеретін жағдай, тиімді жұмыс атқарып, көздеген мақсатына жету үшін барлық ұйымға тән ұйымның жалпы сипаттамалары болады.

Ұйымның сипаттамалары:

1. Ұйым көздеген мақсатына  жету үшін қолда бар ресурстарды  толық пайдалана білуі керек. Ресурстар жалпы түрде еңбек, қаржы және материалдық ресурстар болып бөлінеді. Осы аталған ресурстардың әрқайсысының өз орны, міндеті арқылы ұйымның мақсатына өз үлестерін қосып, пайда келтіруі тиіс.

2. Ұйымда еңбек бөлінісі  және еңбектегі бірлесу тәртібі  қатаң сақталуы қажет. Мысалы, мамандығы, жауапкершілігі,өндіріс саласына байланысты еңбек бөлінісі жүзеге асатын болса, барлығы бірігіп, ұйымның мақсатын орындау үшін іс-қимыл жасауы еңбектегі бірлесу қағидасын сақтау болып табылады.

Еңбек бөлінісінің екі  түрі бар – тікелей және көлденең еңбек бөлінісі тәртібі.

Тікелей еңбек бөлінісі – жоғарыдан төмен (немесе сатылап бөлу) қызметкерлердің лауазымына, жауапкершілігіне қарай бөлінеді, ал көлденең еңбек бөлінісі – деңгейі, лауазымы, жауапкершілігі бірдей болған жағдайда, салалары мен мамандығына қарай бөлінеді.

3. Ұйым мақсатына жету үшін сыртқы ортамен тығыз байланыста болуы керек. Мысалы, ұйым барлық ресурстарды сыртқы ортадан алады және өнімді немесе қызметті сыртқы ортаға шығарып, нарықта сатады, яғни ұйымның барлық іс-әрекеті, тіршілігі сыртқы ортамен қарым-қатынасына тікелей байланысты.

4. Ұйымда өндіріс салаларына  байланысты бірнеше бөлімдер  болса, оның әр саласы өзінше  дамуы арқылы бүкіл ұйымның  дамуына ықпал етеді. Бірнеше  бөлімдердің болуы, егер ұйым  күрделі болса, оны басқаруды  да жеңілдетеді.

5. Ұйым дамып, табысқа  жетуі үшін міндетті түрде адамдарға міндеттер жүктеп, еңбек бөлінісі арқылы ұйымның құрылымын құру, басшы қызметкерлерді іріктеу, оларға жауапкершілік жүктеу қажет. Бұл жағдай басқару, ұйымдастыру арқылы ғана жүзеге асады, яғни, ұйымға тән сипаттама - оны басқарудың қажеттілігі.

Ұйымның сипаттамалары келесі схемада көрсетілген.

 

 



 


 


 

 

 

 



 


 

 

 

 

 

1-сурет. Ұйымның сипаттамалары

 

Ұйымның түрлері. 

Ұйымдар ресми және бейресми болып екіге бөлінеді.

Мемлекетке заң бойынша тіркелген, өзінің дербес есеп шоты (банкте), мөрі бар ұйымдар ресми ұйымдар болып саналады (мысалы, АҚ, шаруа қожалықтары, биржалар, өндірістік кооперативтер т.б.). Ресми ұйымдардың жарғысы, сол жарғыға байланысты өз ережелері мен принциптері болады, статистикалық , салық т.б. мекемелеріде тіркеліп, есеп беріп отырады.

Ал бейресми ұйымдар ешқайда заңмен тіркелмеген, мөрі, есепшоты жоқ, өздігінен пайда болып, кейіннен жойылып кетуі мүмкін. Бейресми ұйымның да жетекшісі болады, бірақ оны арнайы ешкім сайламайды. Бейресми ұйымның жетекшісі өзінің адамдарды баурап алатын қасиетімен, ерекше ұйымдастырушылық қабілетімен, сөйлеу шеберлігімен адамдарды өзіне тартып, басқалар соның айтқанын орындап, тек соны ғана тыңдайды.

Бейресми ұйымдар әртүрлі  бағытта болады – кейбіреуі қоғамға  пайдалы, екінші біреуі зиян келтірушілер тобын құрайды. Сондықтан менеджер өз ұйымында бейресми топ бар ма, егер болса, ол топтың іс-әрекеті қандай бағытта екенін анықтауы тиіс.

Мысалы республикамызда тұтыну тауарлары саудасымен айналысатын жеке саудагерлер (олар да бірнеше адамдар тобын құрайды: біреулері шетелге қатынап тауар әкелсе, екінші біреулері сатумен айналысады) нарықтың дамуына ықпал етеді, егер сондайлар есірткі бизнесімен шұғылданса, тек зиян келтірушілер болып саналады.

Ұйымның ішінде бейресми топ пайда  болған жағдайда оның мүшелері ұйымның  басшысын емес, өз бейресми тобының  басшысын жақынырақ санап, соның  айтқанын тыңдауы жиі кездеседі. Сондықтан ұйымның басшысы бейресми топтардың іс-әрекетін қадағалап, олардың ұйымға қандай ықпалы бар екеніне көңіл аударуы тиіс. Ресми басшы бейресми топтың басшысын анықтап, онымен тіл табыса алса, ол топ мүшелеріне айтқанын орындата алады, яғни бейресми ұйымға оның басшысы арқылы ықпал ету қажет.

2. Ұйымның ішкі ортасының элементтері және сыртқы ортамен байланысы.

Ұйымның ішкі ортасы.

Қандай ұйым, кәсіпорын  болмасын «өмір сүріп», өзінің мақсатына  жету үшін менеджер ең бірінші ішкі ортаның элементтері мен сыртқы ортаның әрекеттеріне көңіл аударуы  тиіс.

Ұйымның өзі адамдар  құрған жүйе болғандықтан, оның ішкі ортасының элементтері қабылданған басқару шешімінің нәтижесі болып табылады, олардың негізгі түрлері мыналар: мақсаты, құрылымы, міндеттері, технология, адамдар.

  • Мақсаты – бұл ұйымның жұмысының соңғы нақты нәтижесі. Яғни – рентабельділігі. Ұйым өзінің жұмыс

жоспарын дайындау алдында негізгі мақсатын анықтап, оны ұйымның мүшелеріне таныстырады, ұйым мүшелері өз жұмысының нәтижесі не екенін, қандай болатынын білу арқылы соған жетуге талпынып, еңбектенеді. Әртүрлі ұйымның мақсаттары, әрине, өзінің таңдап алған бағытына байланысты әртүрлі болады (түрлі өнімдер өндіру, қызмет көрсету, білім беру т.с.с.). Сонымен бірге ұйымның бөлімдерінің де өз алдына түрлі мақсаттары болады және олар ұйымның негізгі мақсатына жетуге бағытталады. Негізгі мақсатқа жету жолындағы кіші мақсаттарға - нарық үлесін, өнімнің жаңа түрін өндіру, өнімнің, қызметтің бұрынғыдан да жоғары сапасын т.б. жатқызуға болады.Әрбір ұйымның мақсатының орындалу дәрежесі сол ұйымның экономикалық тиімділігін – рентабельділігін көрсетеді.

Ұйымның құрылымы көздеген мақсатқа жету жолына орай алдын-ала зерттеу, ойластыру арқылы құрылады.

  • Құрылымы дегеніміз – еңбекті (жұмысты) адамдарға кездейсоқ бөлу арқылы емес,

мамандықтарына, салаларына, функцияларына, деңгейлеріне сай бөлу арқылы пайда болады. Ұйым мүшелерінің  көздеген мақсатына жету үшін басқару деңгейін қисынды үйлестіру (тікелей және көлденең (көлбеу) еңбек бөлінісі арқылы) ұйымның құрылымын көрсетеді. Ұйым құрылымының түрлері кейінгі тақырыптарда толық қарастырылады.

  • Міндеттер жеке адамдарға емес, құрылымдағы қызмет орнына жүктеледі. Әрбір

қызмет орнының негізгі мақсатқа үлес қосу үшін бекітілген арнайы міндеттері болады және ол белгілі бір уақытта, белгілі бір әдіспен орындалуы тиіс.

Міндеттердің үш түрі болады:

а) ададмдармен жұмыс істеу;

ә) заттармен жұмыс  істеу (техника, құрал-жабдық, шикізат т.б.;

б) мәліметпен жұмыс істеу.

Әр қызметкер өзіне жүктелген міндеттеріне сай адамдармен, мәліметпен, заттармен жұмыс атқаруы арқылы бөлімдердің және ұйымның мақсаттарын орындайды.

Ұйым мүшелері өз міндетін атқару үшін сол орындалатын жұмыстың технологиясын білуі тиіс.

  • Технология дегеніміз – шикізатты түрлендіру жолы, яғни көздеген мақсатқа жету

үшін құрал-жабдықтар  мен шикізаттың, сол жұмысқа сай  білімнің басын біріктіріп жұмысты  орындау. Сондықтан міндеттер мен технология бір-бірімен тығыз байланысты. Қызметкерлер де, жұмысшылар да өз міндеттерінің орындалу технологисын жоғары дәрежеде меңгеруі қажет.

Технологияның орындалу тәсілі әртүрлі болуы мүмкін, ол адамның біліміне, сол істі қандай дәрежеде меңгеруіне, тәжірибесіне де байланысты. Мысалы, А.Смиттің «Богатство народов» (1776 ж.) деген кітабында келтірілген түйреуіш (булавка) жасау технологиясын өзгерту арқылы ең бірінші өндірістік революцияға жол ашылды десе де болады. Мұнда бір түйреуішті бір адам жасағаннан гөрі біреуі сымды түзетіп, екіншісі кесіп, үшіншісі ұштап т.с.с. бірнеше адамдар өз функциясын орындаған (бір түйреуіш жасау үшін 18-дей жұмыс атқарылуы қажет) жағдайда күніне 10 адам 48 мың дана жасайтын болған, егер бір адам өзі ғана дайындаса, онда күніне бар болғаны 20 дана жасаған болар еді. Қазіргі кезде өнім өндірудегі күрделі процестердің барлығы дерлік конвейерлік жүйе арқылы жүзеге асырылады.

Технологияны жетілдіруге  ағылшын ғалымдары Эли Уитни (стандартизация), Генри Форд (автомобиль жинау), Джоан  Вудворд, Джеймс Томпсонның еңбектерін атауға болады.

Технологияның ең тиімді түрін таңдау орындалатын жұмыс  процесіне және адамдарға байланысты. Ұйымдардағы барлық жұмыс адамдардың қатысуы арқылы ғана жүзеге асады. Ұйымдағы жұмыстардың қай түрі болмасын жақсы аты мен жаман аты сол ұйымдағы адамдарға қатысты.

Сондықтан ұйымның ішкі ортасының ең басты элементінің  бірі – адамдар. 

  • Адамдардың ұйымдағы іс әрекеті үш түрлі көріністе анықталады: адамның жеке

басының ерекшелігі, адамдармен қарым-қатынаста топ арасында өзін көрсетуі, сонымен бірге менеджердің жетекші, лидер ретінде өзін көрсетуі, яғни, жеке адамға және адамдар тобына ықпалы.

Адамдар сыртқы түрімен  бір-біріне қалай ұқсамайтын болса, олардың ішкі жан-дүниесі онан да өзгеше, әртүрлі болатыны белгілі. Адамдардың мінез-құлқынан басқа олардың жұмысқа икемділігі, тәрбиесі, талғамы, діни ұғымы көзқарастары да соншалықты әртүрлі болады. Сондықтан менеджер ұйымның мақсатына жету үшін адамдардың басты роль атқаратынын үнемі естен шығармай, адамгершілік факторын бірінші орынға қойғаны жөн. Ұйымның ішкі ортасының өзгеріп отыратын элементтерін талдай отырып, олар бір-бірімен тығыз байланыста екенін, ажырамас бірлікте ғана әрекет ету арқылы көздеген мақсатқа жетуге болатынын байқадық, оны схема түрінде былайша көрсетуге болады:

Ұйымның сыртқы ортамен байланысы. Әрбір ұйымның басшысы ішкі ортаның элементтерін реттеп, негізгі мақсатқа бағыттап отыруға міндетті екеніне сөз жоқ, бірақ ұйымның табысы сыртқы ортаның өзгерістеріне де тәуелді, себебі ұйым сыртқы ортамен үнемі байланыста болатын ашық жүйе ретінде дамиды.

Менеджер сыртқы ортаның  ұйымға қалай әсер ететінін қадағалап, әртүрлі өзгерістерге бейімделіп отыруы тиіс. Сыртқы орта ұйымға тікелей және жанама әсер ететді.

Тікелей әсер ететін факторлар.

  • Жеткізушілер (жабдықтаушылар). Ұйым барлық ресурстарды сыртқы ортадан

алады. Мысалы, қаржы, еңбек ресурстарын, шикізатты, техника, құрал-жабдықтарды, энергияны, белгілі бір бағамен, белгілі бір уақыт аралығында басқа ұйымдардан алып отырады, міне осындай ресурстармен қамтамасыз етіп отыратын мекемелер жеткізушілер (жабдықтаушылар) болып саналады. Ресурстар қажет кезінде жеткізілмесе, онда ұйымның жұмысына кедергі болып, тоқтап қалады. Сондықтан олар тікелей әсер етуші фактор болып табылады.

  • Кәсіподақ. Нарықтық экономикаға өтуге байланысты көптеген мекемелерде

кәсіподақ ұйымы өз жұмысын  тоқтатқан жағдайлар кезедеседі, бірақ ол дұрыс емес. Ұйым мүшелерінің  мүддесін қорғаушы, оларды еңбекпен қамтамасыз етіп, келісім шарттың орындалуын қадағалайтын кәсіподақ болуы тиіс. Әрбір ұйымда еңбек қатынастары заңдарының сақталуы кәсіподақ келісімі арқылы жүзеге асырылады сондықтан әрбір кәсіпорындағы кәсіподақ ұйымы еңбек заңдылықтарын сақтамаған жағдайда  жаза қолдануға хұқылы.

  • Мемлекеттік органдардың заңдары мен қаулы-қарарларын орындамаған ұйым заң

алдында жауап береді. Әрбір ұйымға тән белгілі бір  шектеулер, жеңілдіктер, салық төлеу  міндеті, еңбек тәртібін сақтау, бухгалтерлік есеп-қисапты ережеге сай жүргізу  т.б. әртүрлі заңдылықтар белгіленген. Ұйым осындай заңдылықтар мен ережелерді уақытында орындап отыруы тиіс.

  • Тұтынушылар. Әрбір кәсіпорынның мақсаты - өндірілген өнімдерін, қызметтерін

тұтынушыларға ұсынып, олардың  тілек-талабынан шығып, қажеттілігін қанағаттандыру. Егер тұтынушылардың сұранысын алдын-ала зерттеп, анықтамаса, онда өнімдер сатылмай, ұйымның шығындары ақталмайды, сондықтан тұтынушылардың талабымен санасу арқылы ғана ұйым мақсатына жетеді.

  • Бәсекелестер. Ұйым көздеген мақсатына жету үшін басқа да бәсекелес

ұйымдардың іс-әрекеттерімен  санасуына тура келеді. Бәсекелес  ұйымдардың нарықта алатын орны, өндіріс ауқымы, сату шапшаңдығы, басқа да ерекшеліктері, баға деңгейі, жарнамаларының тиімділігі, жаңалығы, тәжірибесі, өнім сапасы, қызметкерлердің білім деңгейі, жалпы бедел іосы ұйым үшін ерекше роль атқарады. Әрбір ұйымның бәсекелестік қабілеті жоғары болған жағдайда ғана табысқа жетеді. Сол себепті, кәсіпорын өзімен бәсекелес, даму деңгейі жоғары ұйымдардың жұмысын үнемі бақылап отыруы тиіс, бұл жағдайда кәсіпорын әрқашан алға шығып, дами түседі.

Тікелей әсер ететін факторлардан басқа да, сыртқы орта ұйымға экономикалық тұрғыда, технологиялық, әлеуметтік-этикалық және саяси тұрғыда ықпал етеді.

Ұйымға жанама әсер етуші факторлар.

  • Сыртқы экономикалық орта – инфляция, баға деңгейі, несие алу, салық саясаты,

қаржы жүйесі, еңбек ақы мөлшері, жұмысшылардың білімі, кәсіби шеберлігінің деңгейі т.б. ұйымның жұмысына әсер етеді.

  • Сыртқы технологиялық орта. Әрбір кәсіпорын технологияның соңғы

жетістіктерінен хабардар болуы тиіс. Ол үшін ұйым байланыс құралдарымен толық жабдықталып, мәлімет-ақпараттар, жаңалықтар мезгілінде қызметкерлерге жетіп отыруы қажет. Технология - өнім өндіру мен қызмет көрсетудің, оған басшылық етудің маңызды элементі болып табылады. Технологияның өзгеруіне жаңаруына байланысты кадрлармен қамтамасыз ету тәсілі де біршама өзгеруі мүмкін.

  • Сыртқы әлеуметтік-этикалық орта – адамдардың көзқарасына, тәрбиесіне,

тілек-ықыласына, зиялылығы  мен біліміне, сенімі мен дәстүріне  қарай қалыптасады. Кез келген адам белгілі бір әлеуметтік ортада жарық  дүниеге келеді, ата-ана мен балалардың қарым-қатынасы басталып, адамзат ұрпағының қалыптасу жолы басталады. Осындай күрделі құрылыс адамдар ортасын қалыптастырады және адам баласы қоғамға тәуелсіз ешқандай өмір сүре алмайды. Басшы әлеуметтік ортамен санаспай болмайды. Менеджер үшін әлеуметтік көзқарас, сенімділік, бағалылық өте маңызды:

Басқару эволюциясы