Ислам дініндегі әйелдің орны

Ислам дініндегі  әйелдің орны

 

Тарихқа қарасақ, Ислам діні келгенге дейін, әлемде әйел баласының кемсітіліп, көп қағажу көргенін байқаймыз. Әйел затын қорлықта ұстау, адам қатарында санамау, арын аяққа таптау, туған әке-шешесінің мұрасынан қағу сынды, т.б. жаман әдеттер араб қоғамында да бар еді.  
Ислам діні алғашқы уақыттардан бастап-ақ әйел затының жанұядағы әрі қоғамдағы орнын белгіледі. Өзіне тиесілі міндетін нақтылап, ар-ұяты мен абыройын қорғады. Сүйкімді қыз, сүйікті жар, аяулы ана ретінде беделін өсірді. Дініміздің әйелдерге зор қамқорлық жасауы – барша әйел заты үшін адамзат тарихындағы теңдессіз оқиға болды. Өйткені, өзге елдерде де әйелдің жағдайы тым аянышты күйде еді. Құран Кәрімде 176 аяттан тұратын «Ниса» («Әйелдер»), 98 аяттан тұратын «Мәриям» деп аталатын сүрелер тікелей әйелдерге арналған. Бұдан басқа, «Нұр», «Ахзаб», «Мұмтахина», «Тахрим», «Талақ» сүрелерінде де дініміздегі әйел адамның орны туралы кеңінен айтылған. Бұл – Ислам дінінің әйелдерге қаншалықты көңіл бөлгеніне дәлел. 
Араб қоғамында қыз баланы асыраудан қашатын, ұлды артық көріп, қызды болғанына күйініп, қатты ызаланатындар да бар еді. Бұндай жауыз мінездің асқынғаны сонша – жаңа туған нәзік жанды шарананы шімірікпестен тірідей өлімге қиып, аулаққа апарып көміп тастайтындары да кездесетін. 
Қыз баланы бетке шіркеу, сүйекке таңба санайтын надандық әрекет Құранда ащы сынға алынған: «Кейбіреулері қызды болғанын естігенде, ашудан жүздері түтігіп, түнеріп кетеді. Бұндай «жаман» хабардың салдарынан ел көзінен тасаланады. Бұл қорлыққа шыдап, оны асырап-бағу керек пе, жоқ әлде топыраққа көміп тастаған дұрыс па? Қараңдаршы, берген үкімдері қандай жаман?!» («Нахл» сүресі, 58-59-аяттар). 
Сол кезде Жаратушы Ие надандық дәуіріндегі осы бір тағылыққа тосқауыл қойып, қыз баланы өлтірмеуге шақырды: «Жарлы күй кешіп, тұрмыс-тіршіліктерің нашар болғандығы үшін балаларыңды өлтірмеңдер! Сендердің де, олардың да ризығын Біз береміз» («Әнғам» сүресі, 151-аят). 
Сондай-ақ, қиямет күнінде бейкүнә сәбилерге көрсетілген жауыздықтың есебі сұраққа алынып, жазасыз кетпейтіндігі ескертіледі: «Тірідей көмілген балаларыңа «Қандай кінә-ларың бар еді, нендей күнә үшін өлтірілдіңдер?», – деп сұралғанда…» («Такуир» сүресі, 8-9 аяттар). 
Бірде үлкен сахабалардың бірі өткенін еске алғанда, кейде қатты жылағысы, кейде күлгісі келетінін айтқан еді. Қасындағылар мұның себебін сұрағанда: «Жылағым келетін себебі – Исламға дейінгі кезде бір қызым бар еді. Төрт жасқа толғанда, көзін құртпақ пиғылмен шөлге ертіп апардым. Шұңқыр қазып жатқанымда, қызым ештеңеден бейхабар күйде менің үстіме жұққан құм-топырақты тазалаумен болды. Қазып болғаннан кейін, қызымды шыңғырып жылағанына қарамас-тан тірідей көміп кетіп едім. Сол бір қатігездігім есіме түскен сайын, еріксіз көзімнің сорасы ағады. Ал күлгім келетіні – жаһил кезімізде ұннан әртүрлі мүсін жасап, соған табынатын едік. Кейде соны отқа пісіріп жеп те қоятынбыз. Сол кезгі надандығымызға қазір күлкім келеді», − деп жауап берген екен. 
Демек, Ислам діні алғашқы уақыттардан бастап-ақ қыз ба-лаларға мейіріммен, аяушылық-пен қарауға шақырған. Тіпті бір жанұядағы балаларды да ұл-қыз деп алаламауға тәрбиелеуінің өзі қыз балаларға дініміздің зор көңіл бөлгенін байқатады. 
Адамзаттың асылы сүйікті пайғамбарымыз (с.ғ.с.) дінді на-сихаттай бастағанда, әйелдер қауымы да оған өте көп қолдау көрсеткен. Айталық, Хадиша анамыздың (р.а.) Исламды алғаш болып қабылдап, бүкіл байлығын дін жолында сарп еткені белгілі. Осы себепті пай-ғамбарымыз (с.ғ.с.): «Ел менен теріс айналған кезде, Хадиша маған сенді. Айтқандарымды ешкім қабылдамағанда, мені алғашқы болып растаған сол еді», – деп, оны өмір бойы ұмытпай, жақсылықтарын әрдайым еске алып отырған. Хадиша анамыз (р.а.) мұсылман болған соң, кейін қыздары Руқия, Зейнеп, Үммү Күлсім және Фатима да Ислам дінін қабылдаған. 
Қыздары пайғамбарымызды (с.ғ.с.) қатты жақсы көретін. Аяулы әкелерін қорғау үшін өжет мінезге де баратын. Бір күні пайғамба-рымыз (с.ғ.с.) Қағбада намаз оқып тұрған кезде, Әбу Жәһил бастаған бір топ мүшрік бұқпантайлап келіп, мүбәрак басына түйенің ішек-қарнын тастап жіберіп, айыздары қана сыртынан әжуалап күліп жатты. Олардың мазақтаған дөрекі дауыстарын естігенде, Фатима (р.а.) жан ұшыра жүгіріп келіп, мүшріктерге жер-жебіріне жете ұрысты. Жылап тұрып әкесінің үстінен аққан малдың қан-жынын тазалады. Әлгілердің аузына құм құйылып, дереу күлкісін тыйды (Хайсами Али ибн Әбу Бәкр, Мәжмауз-зауаид, VI,13, Каир, х.1407 ж.). 
Дін жолындағы осындай табанды ерліктері мен қажырлы еңбектерін бағалап пайғам-барымыз (с.ғ.с.) бірде: «Осы дүниеде де, ақыретте де құрметке ие болатын төрт әйел бар: Имранның қызы – Мәриям, перғауынның жары – Әсия, Хуайлидтің қызы – Хадиша, Мұхаммедтің қызы – Фатима», – деген еді (Ибн Исхақ Мухаммед, Сира, ред: М. Хамидуллаһ, Кония, 1981. Б. 228.). 
Ислам тарихында алғашқы шейіттің де әйел кісі болғаны баршамызға мәлім. Исламды жарыса қабылдап жатқандардың көпшілігін әйелдер құраған. Айталық, Әбу Бәкірдің (р.а.) үйінің қасына келіп, іштен дауыстап оқылған Құранға құлақ түретіндердің де біразы әйелдер еді. Өйткені, мүшріктер: «Әбу Бәкір әйел, бала-шағамызды жолдан тайдыратын болды», – деп уайымдаған (Рыза Саваш, Хаз. Мухаммед (с.а.в.) девринде кадын, Б. 81. Стамбул, 1991). 
Тарихшылар сахаба Омардың (р.а.) Ислам дінін қабылдаған қырқыншы ер кісі екенін, оған дейін 39 ер кісі, 10 әйелдің мұсылман болғанын айтады. Алайда, кейбір зерттеушілер Омар (р.а.) Ислам дінін қабылдаған кездегі мұсылман әйелдердің саны ер кісілерден де көп болғанын алға тартады (Бұл да сонда. Б. 82.). Әйгілі Ұхұд соғысына 14 әйел қатысқаны айтылады (Ибн Сағыд Мухаммед Әбу Абдиллаһ, әт-Табақатул-кубра, VIII, Б. 241. Бәйрут, 1968.). 
Ер кісілермен қатар әйелдер де пайғамбарымызға (с.ғ.с.) келіп серт беретін. 
«…Мұндай серттерін білдіру үшін кейде топ-тобымен келіп жатса, кейде 2-3 әйел бірге келетін еді. Олар серт беруге келгендерін айтқанда, пайғамбарымыз (с.ғ.с.) берген серттерін қабылдап, оларға керекті үгіт-насихат айтатын. Осындай серт беру оқиғасын Сәлма бинт Қайс былай баяндайды: «Ансарлы әйелдермен бірге топ болып келіп, пайғамбарымызға серт бердік. Расулулла (с.ғ.с.) бізге Аллаға серік қоспауды, ұрлық жасамауды, зинаға жанаспауды, балаларымызды өлтірмеуді, біреу-ге жала жаппауды, өзіне қарсы келмеуді насихат етті және «Күйеу-леріңді алдамаңдар» деді. Біз осы айтылғандарды орындауға уәде бердік. Үйге қайтып бара жатқанда, бір әйелге пайғамбарымызға қайта барып әлгі «Күйеулеріңді алдамаңдар» дегенінің мәнісі не екенін сұрауын өтіндім. Алла елшісі (с.ғ.с.) мұның «Күйеуінің рұқсатынсыз оның дүние-мүлкі-нен ешкімге ештеңе бермеу» екен-дігін түсіндіріпті» (Ш. Әділбаева, «Алғашқы мұсылман қоғамын-дағы әйелдер». Конференция материалы.). 
Мәдина кезеңінің алғашқы жылдарында мұсылмандар қатты қиналғанда, әйелдер алтын, күмістен жасалған жүзік, сырғаларын, алқаларын пайғамбарымызға (с.ғ.с.) әкеп табыстап, мұсылмандарға көп көмек көрсеткен (Бұл да сонда). Бұл да әйелдердің дін үшін барлық жанқиярлыққа бара білген ықыластылықтарын дәлелдеуде. 
Ислам тарихшыларының сөзіне сүйенсек, әйелдер дін үшін Исламдағы соғыстарда айтарлықтай белсенділік танытқан. Тікелей қару алып шайқасумен қатар, керек кездерінде түрлі қызметтер де атқарған. Айталық, Исламның алғашқы кезеңінде мұсылман болған әйелдердің кейбіреулері жасырын тыңшы-лық қызмет жасады. Олар мұсыл-мандарға мүшріктердің қитұрқы жоспарларын астыртын жеткізіп тұрды. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Мәдинаға ірге көтеріп, қоныс аудармақ болғанда, оған таң алагеуімде қастандық жасамақ болған мүшріктердің арам пиғы-лын мұсылмандарға алдын-ала хабарлаған Рукәйка бинт Әбу Сайфи еді. Сол түні Алла елшісінің (с.ғ.с.) төсегіне Әли (р.а.) келіп жатып, үй торыған дұшпандар пайғамбарымыздың қай уақытта үйден шығып кеткенін сезбей, айлалары іске аспай, сан соғып қалып еді (Ибн Сағыд Мухаммед Әбу Абдиллаһ, әт-Табақатул-кубра, VIII, Бәйрут, 1968. Б. 52.). 
Сол жолы Мәдинаға һижрет етіп бара жатып мүшріктерден жасырынып, үңгірді паналаған кездерінде пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бен қасындағы Әбу Бәкірге оның қызы Әсманың тамақ тасып, басқа да керек-жарақтарын жеткізіп тұрғаны тарихтан белгілі (Бухари Әбу Абдиллаһ Мухаммед ибн Исмаил, Сахих, IV, Станбул, 1981. Б. 13.). 
Ислам үкімдерін әйелдер де ер кісілерден кем меңгермеген. Бір ғана Айша анамыздың (р.а.) өзі дінге көп еңбек сіңірген. Сонымен қатар, ол көпшіліктің сый-құрметіне бөленген дін ға-лымы болған, пәтуа беретін биік деңгейден көрінген. Жастарының ұлғайғанына қарамастан кей сахабалар білмеген нәрселерін келіп Айшадан (р.а.) сұрайтын. Келтірген айқын дәлелдері Айшаның (р.а.) пікірін оларға еріксіз мойындататын. Тіпті, хазреті Омардың (р.а.) өзі білмеген нәрсесін хазреті Айша анамыздан (р.а.) үйренетін. Оның әсіресе сүннетке қатысты мәселелерді жиі сұрайтын бірден-бір адамы осы Айша анамыз (р.а.) еді. Хайра бинт Әби Хадра әл-Әсләми, Умәйма бинт Абд ибн Бижад, Рукайка бинт Хуәйлидтің қызы Умәйма, Зейнеп бинт Қайс (р.а.) секілді есімдерді де ұстаздық жасап, Ислам дінінің кеңірек тарауына үлес қосқан әйел кісілердің қатарында айта кетуге болады. 
Айша анамыздан (р.а.) та-биундардан Саид ибн Мусәииб, Әлқама ибн Қайс және Мәсрук ибн әл-Әжда сияқты хадис алыптары хадис риуаят еткен. Сахих хадис кітаптарында Айша анамыздың (р.а.) берген пәтуалары өте көп кездеседі. 
Хазреті Айша (р.а.) пайғам-барымыздың (с.ғ.с.) өмір бойы ешқандай қызметшіні ренжіт-пегенін, ешқандай әйеліне қол көтермегенін айтады. 
Алла тағала: «Сондай-ақ, олармен (әйелдермен) жақсы шығысыңдар. Егер оларды жек көрсеңдер, сендердің жақтырмаған нәрселеріңде Алланың көптеген жақсылығы болуы мүмкін» («Ниса» сүресі, 19-аят), – деп, отбасында ыдыс-аяқ сылдырлаған жағдайда сабырға келуге, әйелдің бір қылығы жайсыз көрінген жағдайда қатты ашуланып, қателіктерге ұрынбауға шақырады. Жаратушы Иеміздің қай ісінде де біз білмейтін талай хикмет, жақсылық жататынын еске салады. 
Әйелді ұру былай тұрсын, күйеуінің оған ренжуін де дұрыс санамаған Алла елшісі (с.ғ.с.): «Мүмін ер кісі мүмін бір әйелге ашуланып ренжімесін. Адам әйелінің бір мінезін ұнатпаса, басқа мінезіне риза болады», – деген (Mүслім, т.II, Б. 1091.). 
Тағы бір хадисте: «Мүміндердің иман жағынан ең кәмілі – көркем мінезде ең жақсысы, ал сендердің ең жақсыларың – жұбайларыңмен жақсы қарым-қатынаста болғандарың», – деген пайғамбарымыз (с.ғ.с.) әйелді қай кезде де сыйлауға, оған дөрекілік көрсетпеуге, олармен жақсы тіл табысуға шақырған. Осы тұрғыда: «Ақыретте күйеуі ұрған әйелдің жоқтаушысы мен боламын», «Күйеуіне қиындық тудырмай, баласын бағып, намазын оқыған әйелдер сөз жоқ жұмаққа барады», − деген хадистері де баршаға ой саларлық. 
Бір шаңырақтағы балалардың арасын алалағанды құп көрмеген Ақиық елші (с.ғ.с.): «Кімде-кімнің үш (екі я бір) қызы болса, соларға жақсы қараса, ақыретте жұмаққа барады», – деп, қыз балаға мейіріммен қарап, ұлдан кем көрмеуді өсиет еткен. 
Ислам діні әйел баласын ана ретінде аса қадір тұтқан. «Жұмақ – аналардың табанының астында», «Кімге жақсылық жасайын?» – деген сахабаға үш рет «Анаңа» деп жауап берген хадистері осыған дәлел. 
Құран Кәрім әйел мен еркектің ізгі амалдарда, ақыреттегі сыйда бір-біріне тең екенін ескертумен қатар, «Ерлердің әйелдердегі хақтары сияқты, әйелдердің де ерлерде белгілі хақтары бар» («Бақара» сүресі, 228-аят), – дейді. Шапағат пен мейірімнің үлгісі болған, барлық ісі жақсылық пен түсіністікке негізделген пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Әйел-дердің құқықтарын аяқасты етпеңдер, Алладан қорқыңдар. Өйткені, сендер оларды Алланың аманаты ретінде алдыңдар» (әл-Әжлуни, т. I, 36), «Сендердің ең ардақтыларың − жарлары мен балаларына жақсы қарағандарың. Араларыңда жанұясына ең жақсы қарайтын менмін» (Mүнәуи, т. III, Б. 495.), – деп әйелге жай емес, Алланың ер-азаматтарға тапсырған аманаты ретінде қарауға шақырды. 
Хазреті Омар (р.а.) бұл жайында: «Біз әйел баласының да жеке құқықтары болатынын Ислам келгенде барып біле бастадық», – деп еске алған (Ибн Исхақ Мухаммед, Сира, ред: М. Хамидуллаһ, Кония, 1981. Б. 46.). 
Ешқандай діни істе әйелге шектеу қойылмады. Олар да ер кісілермен қатар бір мешітте ғибадат жасады. Барлық діни міндеттер ерге де, әйелге де ортақ жүктелді (намаз, ораза, зекет, қажылық, садақа беру, т.б.). Алла тағаладан түскен әмірлерді әйелдер де қал-қадырынша орындауға тырысты (һижрет, жиһад, ілім үйрену, ғылымға үлес қосу, ұрпақ тәрбиелеу, дұға, т.б.). 
Әйел баласы қайта кей уақыттарда ер кісілерге қарағанда артық құқықтарға ие болды. Хайыз уақыттарында, босанғаннан кейінгі уақыттарда кейбір діни парыздарды орындаудан босатылады. Күйеуге ұзатыларда қыздың разылығы міндетті түрде ескерілді. Ол тіпті туған нәрестесін емізбей, ол үшін жеке қызметші жалдауға да құқылы болды. 
Сонау VII ғасырдан бастап қалыптасқан әдет бойынша мұсылман әйел қашан да өзінің ар-ибасымен, ақыл-парасат, сыпайы мінез, төмен етектіге тән әдептілігі, жан сұлулығы, биязы жүріс-тұрыс, Алланың бұйрығына сай әурет жерлерін жауып киінуімен, қай кезде де ұятын сақтаған имандылығымен ерекшеленген. 
Әйел баласының киімі жайында Құранда былай делінген: «Мүмін әйелдерге де айт: өздеріне харам етілген нәрселерге қарамасын, ұятты жерлерін зинадан, күнә атаулыдан қорғасын, мәжбүр көрінген жерлерінен (бет, екі қол, тобықтан төмен екі аяқ) тыс әдеміліктерін көрсетпесін. Және бүркеншіктерін омырауларына түсірсін. Көркін көрсетпесін» («Нұр» сүресі, 31-аят). 
Әйел баласына тән әурет жерін жабық кию үлгісі кемсітуден емес, қайта оны өте бағалы көздің қарашығындай көруден, сырт көзден, сондай-ақ, түрлі арсыздықтар мен кесірі қоғамға тиетін (зинақорлық, тастанды бала, түсік тастау секіл-ді) жамандықтардан сақтау үшін бекітілгенін ескерген жөн. 
Бұған қоса, Исламда әйелге күйеуінің ризашылығын көздеу, ерінің дүние-мүлкіне ұқыппен қарау, тек өз күйеуі үшін сәндену, неке қидырғанға дейін жігітпен оңаша қалмау, өзінің жаратылысындағы нәзіктігін сақ-тау, алыс сапарға жалғыз шықпау міндеттелді. Бұған қоса, қалыңдық сыйын иемдену, мұрагерліктен өз үлесін иемдену, сауда-саттықпен, табыс көзімен, ғылым-біліммен айналысу, ке-лісім-шарттарға отыру, меншік иесі болу құқықтары да әйелге ортақ. Ал отбасын асырау ісі күйеудің мойнына жүктеледі. Әйелінің материалдық және рухани қажеттіліктеріне күйеуі шариғаттың шеңберіне сай көңіл бөлуі қажет. 
Қорыта келгенде, Ислам дінінде әйелдің орны ерекше. Сондықтан әйелге деген құрмет зор болуы тиіс. Ислам діні әйелге Алланың аманаты ретінде қарауға шақырған. Ешбір құқын шектемеген. Қайта өз жаратылысына сай сүйікті жар, аяулы ана ретінде қашан да оның орнын жоғары бағалаған. Қоғам тәрбиесін қыз баланың ұяттылығымен ұш-тастыра қарастырған. Әйел затын жат пиғылдылардың бұзық әрекеттерінен қорғауға тырысқан. Осындай құрметке лайық бола білу үшін әйелден де белгілі бір міндеттерді талап еткен. Әйелдер қауымының дәрежесін ешбір дін дәл Исламдағыдай биіктете алған емес. 
Құдайберді БАҒАШАР, 
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ PhD докторанты, дінтанушы

 

 

 

 

"Ислам діні  әйелге құрметпен қарайды"

 
 

  Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өзінің "Қазақстан–2050 стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты" атты Қазақстан халқына Жолдауында жаңа кезеңдегі әлеуметтік саясаттың маңызды құрамдас бөлігі ретінде ана мен баланы қорғауды бірінші орынға қойды.

 

Мемлекет басшысының: "Бойжеткен, әйел заты әрдайым біздің қоғамның тең-құқылы мүшесі, ал ана – оның ең ардақты тұлғасы болды" деген көпшіліктің қолдауына ие болған тезисі халықты бір мақсатқа жұмылдыр-ған, мемлекеттік және қоғамдық деңгейге көтерілген басымдыққа айналды.

Бұл мәселеге кеңірек тоқталсақ, отбасы, ошақ қасының берекесі, ата мен  ана, ұл мен қыз секілді құндылықтарды  халқымыз қашанда қастер тұтқан және қастерлей де бермек.

Бұл жерде ата-ананың орнын өте  жоғары бағалайтын асыл дініміз –  Исламнан дәлел келтірген жөн  деп ойлаймын. Мұхаммед пайғамбарымыздың "Ата-ананың балаға бере алатын ең жақсы  мұрасы – жақсы өнегелі тәрбиесі" деген хадисі бар.

Бұл жерде ананың рөлі ерекше маңызды. Қазақ халқы: "Әйел күннің шуағынан жаралған" деп дәріптесе, Алланың  пайғамбары "Жәннат – аналардың  басқан ізінің астында" деп әйел қауымды ұлықтаған.

Елбасы Н.Ә.Назарбаев өзінің Қазақстан  халқына биылғы Жолдауында:"Біз әйел затына – анаға, жарға, қызға деген қапысыз құрметті қайта оралтуға тиіспіз. Біз ананы қорғап-қолдау-ымыз керек. Мені отбасында әйелдер мен балаларға тұрмыстық зорлық-зомбылық көрсету жайттарының көбеюі алаңдатады. Әйелді құрметтемеу деген болмау керек. Бірден айтайын, ондай зорлық-зомбылықтың жолы қатаң түрде кесілуі тиіс. Мемлекет әбден асқынған жыныстық құлдыққа, әйелге тауар ретінде қарайтын көзқарасқа айрықша қатаң түрде тыйым салуға тиіс" деп ерекше атап көрсетті.

Елбасымыздың осы ұлағатты сөзінің  аясында Қасиетті Құранның әйел мен  еркектің Жаратқан Иеміз – Алла тағаланың алдындағы құқығы мен  міндеткерлігі бірдей екендігіне куәлік беретінін атап айтқым келеді. Исламға  дейінгі кезеңде, яғни жаһилия заманында  кейбір араб тайпалары қыз балаларды  тірідей жерге көметіні туралы тарих  сыр шертеді. Алла тағала Құран аяттарын адамзатқа түсіре отырып, бұл әдетті кісі өлтіру қылмысымен тең санап, үлкен  күнә ретінде тыйым салды. Ислам  бейкүнә сәби қыздардың өмірін құтқарғанда, олар есейгеннен кейін әділетсіздік пен теңсіздіктің зардабын шеге берсін деп құтқарған жоқ, оларға барлық кезеңде, соның ішінде бойжетіп, әйел, ана болған шақта да жылы жүзбен әділ қарым-қатынас жасауды талап  етті.

Ислам әуелден-ақ адам баласы ретінде  еркек пен әйелдің құқығын  бір-бірімен тең санады. Құран  Кәрімде адам баласы екі жыныста  – еркек және әйел болып жаратылғаны  туралы айтылған. Мұхаммед пайғамбарымыз "Құптарлық істердің ең қайырлысы  – көркем мінез-құлық. Көркем мінез-құлық  – иманның жартысы. Кімде кім  өзінің сенімінің күшейгенін қаласа, өз жұбайына жылы махаббат сезімімен  қарайтын болсын" деген екен.

Елбасы Н.Ә.Назарбаев өзінің жолдауында: "Мен ажырасуға қарсымын, жастарды отбасы құндылығы, ажырасудың қасірет екендігі рухында тәрбиелеу керек, өйткені, оның салдарынан, ең алдымен, балалар зардап шегеді. "Әкесі қой баға білмегеннің баласы қозы баға білмейді".  Бала тәрбиесі – тек ананың емес, ата-ананың екеуінің де міндеті" деп баса айтты.

Барлық әлемдік діндер, соның  ішінде ислам да отбасын құру мен  бала тәрбиелеуге ерекше мән береді. Мұхаммед пайғамбарымыз былай деген: "Исламда неке қиюдан абзал іс жоқ. Кімде кім менің сүннетіме  сай өмір сүргісі келсе, үйленсін. Некелесіңдер, өсіп-өніп, қатарларыңды көбейтіңдер".

Ислам еркек пен әйелдің барлық ерекшеліктерін ескере келіп, отбасын  басқару рөлін ер азаматқа берген.

Қасиетті Құран кәрімде: "Ерлер  – әйелдердің қамқоршысы, өйткені  олар әйелдер үшін өздерінің мал-мүлкін сарп етеді" делінген. Сондай-ақ Мұхаммед пайғамбарымыздың "Нашар мінез-құлықты  адам ең алдымен өзі зардап шегеді. Ең үлкен кемшілік – өз айыбыңды көрмей, біреудің мінін іздеу" деген  хадисін мұсылман баласы күнделікті тіршілікте "кесе сылдырлағанда" еске алып отырады.

Отбасылық мәселелер дөрекілік, қияңқылықпен бірбеткейлікке салынып шешілмейді. Бұл мәселені кеңірек қарастырар болсақ, отбасындағы моральдық ахуал  және адамгершілік, отбасыны нығайтуға, отбасының берік болуына көңіл  бөлу секілді құндылықтар әрдайым  жоғары бағалануға тиіс екенін ерекше айтуға болады. Менің ойымша, өзара  құрмет пен түсіністік – салауатты  және берекелі отбасын құрудың, отбасында  дені сау нәрестенің туылуының кепілі екенін дәлелдеп жатудың өзі артық.

Мұхаммед пайғамбарымыздың бұл  жайында айтқан нақыл сөзі бар:"Әйел иілген қабырға іспеттес, оны түзетем деп әуреге салсаң, сындырып аласың. Ал әйеліңнің тілін тапсаң, иілген қабырғаң жаныңның жастығы болар" деген.

Мемлекет Басшысымыз өзінің жолдауында: "Біз Қазақстан қыздарының сапалы білім алып, жақсы жұмысқа ие болуы және тәуелсіз болулары үшін барлық жағдайды жасауымыз қажет.

Олар заманға сай болуға, сәнденуге тиіс және біздерде ешқашан  киілмеген, салтымызға жат киімдерге  оранып-қымтанбауға тиіс. Біздің  халқымыздың өз мәдениеті, өз дәстүрі мен салты бар.

Біз мұсылман үмбетінің  бір бөлігі екенімізді мақтан тұтамыз. Ол – біздің дәстүріміз. Бірақ бізде  зайырлы қоғамның дәстүрлері де бар  екенін, Қазақстан зайырлы мемлекет екенін ұмытпауымыз керек.

Біз елдің дәстүрлері мен  мәдени нормаларына сәйкес келетін  діни сана қалыптастыруымыз керек. Біз  өзін өзі ұстаудың ерекше үлгілерін  алуға тиіспіз. Мен жария етіп отырған стратегия біздің халқымызды орта ғасырларда емес, ХХІ ғасырда  өмір сүруге дайындайды" – деп ерекше атап өтті.

Шындығында, Ұлт көшбасшымыздың қыздарымыздың, жұбайларымыз бен аналарымыздың  қазіргі қоғамдағы орны туралы айтқан мағынасы терең, бағдары айқын ұлағатты сөздері біздің ұлттық ағартушыларымыздың көзқа-растарымен үндесіп жатыр.

"Қыз" – ардақты ана,  аяулы жар, ұрпақ жалғастырушы, яғни "қыз" деген ұғымға толассыз  сөздер толып жатқаны айдан  анық. Қыз бала – болашақ ана,  инабатты келін, ана-әже. Осы  үшеуі арқылы ұрпақ өсіріп, ұлт  қатарын көбейтеді. Мұхаммед пайғамбарымыз  қыз баланы қатты қастерлеген  мынадай даналық сөзі бар: "Қандай  отбасында болмасын, қыз бала  дүниеге келсе, сол күннен бастап, сол отбасының тілеуін періштелер  үздіксіз тілеп отырады". Ұлттың  бойындағы бар жақсы қасиеттерді  – тілін, дінін, әдет-ғұрпын, салт-санасын,  дәстүрін баласына, немере-сіне, немересінен  шөбересіне жеткізуші, жалғастырушы, дамытушы әрине, әйел-ана.

Өткен ғасырдағы қазақ әдебиетінің  алыбы Ілияс Есенберлиннің мынадай  сөздерін тілге тиек еткім келеді: "Ұлттың мінезін әйел-ана айқындайды. Әрбір халықтағы әйел-аналар шын  мәнінде ұлттың мінезін қалыптастырады.

Сірә, қазақ әйелдерінен артық  бостандық сүйгіш әрі ерікті әйел заты бүкіл Шығыстан табылмас. Ол ешқашан  жүзін тұмшалап, пәренжі жамылып  көрген жоқ, сүйе білді және махаббаты  үшін күресе білді, ауыл ақсақалдарымен бірге келелі кеңеске кірісуден  қаймыққан жоқ, ел басына күн туғанда  қару мен қалқан алып, қорамсаққа оқ салып, талдырмаш қана денесімен  атқа қонды. Қазақта талай-талай  ержүрек, дана әйелдердің аты аңызға айналған" деп жазады әйгілі "Көшпенділер" трило- гиясынын авторы.

Әріден келе жатқан әдепті берік  ұстанған халық қызын ешкімге  қорлатқан емес. Қазақ қашанда  қызын әлпештеп өсіріп, оң жақта  отырған қызға аңдап қарап, оның "ақылына көркі сай" болуын қадағалаған. Елімізде "қыз" сөзі және жалпы қыздарға байланысты халықтың ұғымында "қыз бала – елдің көркі, халықтың гүлі, өмір-тіршілігі" дегенді білдіреді. Қазақ халқында қызға берілген анықтама, оларға қойылған талап-тілектер, қызды еркелету, қызды тәрбиелеудің үлкен жолға қойылғанын көрсетеді.

Ата-бабамыз қашанда қыз балаға ерекше қараған. Өмірдің ащы-тұщысын  көріп ысыла берсін, тұяғы тасқа  салса кетілер, суға салса жетілер  деген оймен ұлын жел өтінде ұстаса, қызын аз күндік қонағым, алтынның сынығы, шұғаның қиығы деп, бөркінің төбесіне үкі қадап үлпілдетіп өсірген. Оны  аялап, мәпелеген.

Бүгінде қоғамның назары хижаб мәселесіне жиі аударылуда. Біздің зайырлы қоғамымыз  үшін қауіп хижабтың өзінде емес. Мәселе қазақтар үшін жат мәдениет пен идеологияның енуіне түрткі болатын,қазақи қалпымыздан, ұлттық менталитетімізден, береке-бірлігімізден  айыруға алғышарт жасайтын діндарлық  формасының өзгеру қаупінде болып тұр. 

Өткен тарихымызға көз жүгіртетін болсақ, қазақ халқында әйелдер күнделікті өмірде жүзін жауып жүрмеген,өзгелерден оқшауланып немесе ерлерінің рұқсатынсыз  басқалармен сөйлесу құқығынан  айырылып көрген емес.

Қазақтың бай сөздік қорында "хижаб" деген ұғым мүлде жоқ. Біздің ата-бабамыз "хижаб" сөзін әйелдер киіміне  қатысты қолданбаған.

Қазіргі уақытта хижаб туралы пікірта-ластарға, жат мәдениет ықпалына көзсіз еруге, бөтен идеологияның жетегінде кетуге қарсы тек дәстүрлі ислам ғана тұра алады.

Қазақ халқының ұлт және мемлекет ретінде қалыптасуында шариғат  ілімдері үлкен рөлге ие болды. Қазақ  халқының бүкіл әдет-ғұрып, салт-дәстүрлері ислам қағидаларымен үйлесіп, кірігіп  кетті. Ұлттың дүниетанымы оның дәстүрінен танылады. Сондықтан "дәстүрлі дін" ретінде ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан асыл діни құндылықтарымыз  ғана танылады.

Қазақстанда қазақ, өзбек, ұйғыр, татар, түрік, күрд, тәжік, қырғыздардың барлығының ата діні – ханафи мазхабындағы ислам болып табылады. Өйткені, Орталық  Азияда ғасырлар бойы тарап, бойға сіңген ислам діні ұлттық дәстүрлермен тығыз  астасқан. Бұл орайда әр ұлт өзінің ата дінін, дәстүрлі мазхабын ұстанғанда ғана тұтастығын, бірлігін сақтап қала алады.

Хижаб киюді үгіттеп жүргендердің сілтеме жасайтын аяты – Құранның "Нұр" сүресінің "Ей, Пайғамбар! Иман келтірген әйелдерге ұятты  жерлерін жауып, бөтен еркектерге нәпсіқұмарлықпен қараудан өздерін сақтансын деп  айт" деген 31-аяты болып табылады. Алайда арабтардың салт-дәстүрлерін  насихаттап жүргендер осы сүренің 30-шы аятына мән бермейді. Онда да "Ей, Пайғамбар! Иман келтірген еркектерге ұятты жерлерін жауып, бөтен әйелдерге  нәпсіқұмарлықпен қараудан өздерін  сақтансын деп айт" делінген. Олай болса, бұл қатар тұрған екі аятты  қосып оқығанда мәселе хижаб киюде  емес, Алла тағала еркекке де, әйелге де өздерін нәпсіқұмарлықтан бойларын аулақ ұстасын деп әмір еткенін  ата-бабамыз ежелден білген.

Егер "Нұр" сүресінде: "Ей, Пайғамбар! Иман келтірген әйелдерге ... жалаңаш  кеудесін көрсетпеу үшін иығына орамал жапсын деп айт. Әйел өз сұлулығын  күйеуіне, әкесіне, қайын атасына, балаларына, күйеуінің басқа әйелдерінен  туған балаларына, аға-інілеріне, олардың  ұлдарына, бала-шағаларға көрсете  алады", – делінген болса, бұл  жерде араб пен қазақтың салт-дәстүрлерінің  айырмашылығы бар. Қазақ атам "әр елдің салты әрбасқа, иті қарақасқа" деп айтқандай, арабтарда жақын  туыстардың бір-бірімен үйленуі  қалыпты жағдай болып саналады. Мұндай әдет қазақтың дәстүрінде мүлде жоқ. Қазақтар жеті атаға дейін қыз  алыспау дәстүрін қатаң ұстанған. Сондықтан өз ағасы, өз інісі саналатын  рулас туыстары, ауылдастары арасында қыз баланың ешкімнен қысылып, жүзін  жаппайтыны белгілі. Бұл дәстүр осы  күнге дейін берік сақталып келеді. Осы дәстүрдің арқасында қазақ  хал-қында атақты ғалымдар, әйгілі математиктер мен физиктер, майталман музыканттар, суретшілер мен спортшылар бар. Өйткені, "ана бір қолымен бесікті  тербетсе, екінші қолымен әлемді тербетеді" деген атадан мұра болып қал-ған  сөз бар.

Бағзыдан жеткен ешбір жыр-аңызда, ешбір тарихи деректе, ешбір бейнелеу өнерінің туындысында қазақ даласында  хижабпен жүрген әйел баласы туралы мәлімет  жоқ екендігін де атап өткім келеді. Мұхаммед пайғамбарымыздың өзі хадистерінде: "Алла Тағала сіздің сырт көрінісіңізге  қарамайды, иманды жүрегіңізге, парасатты  ақыл-ойыңызға мән береді" деген.

Осы ретте ХХ ғасырдың әйгілі саяси  қайраткерлердің бірі, Үндістанның  бірінші Премьер-министрі болған Джавахарлал  Неру өзінің "Дүниежүзілік тарихқа  көзқарас" атты кітабында өзінің ислам өркениетіне таңданысы  мен құрметін білдіре отырып, арабтардың хижабты басқа халықтардан –  римдіктер мен парсылықтардан алғандығын жазады. Оның пікірінше, "араб әйелдерінің  арасында жүзін жабу дәстүрі болмаған. Олар ер адамдардан бой тасалап өмір сүрген емес, керісінше қоғамдық орындарда  олармен бірге жүріп-тұрған. Бірақ  арабтар өздерінің жеңімпаз жорықтары  барысында Шығыс Рим (Византия) және Иран секілді ірі мемлекеттердің кейбір салт-дәстүрлерін сіңірген. Арабтар Византия империясын күйретіп, Парсы империясын толығымен жойды. Алайда өздері екі ел дәстүрінің жетегінде  қалып қойды. Әйелдердің еркектерден  оқшау-лануы тәрізді ғұрыптар арабтар  арасында Византия мен Иран дәстүрлерінің  әсерімен пайда болған. Бірте-бірте  гарем жүйесі қалыптасып, әйелдер  мен ерлер бір-бірлерінен бөліне бастады".

Өз кезегінде атақты американдық  тарихшы және философ, 11-томдық "Өркениеттер  тарихы" атты кітаптың авторы Уильям Дюрант Джавахарлал Нерудың сөзін  растай отырып, гарем мен хижабтың арабтардың дәстүріне омеядтық халиф Уалид-Екінші басқарған 743-744 жылдары енгенін атап көрсеткен.

Расында, Сауд Арабиясы тұрғындарының  әдет-ғұрыптары мен салт-дәстүрлерінің  жиынтығы қазірге дейін үстірт сипаттауға келмейтін айтарлықтай күрделі  әрі көп қырлы болып табылады. Көптеген жергілікті дәстүрлер барлық араб әлемі үшін бірдей, екінші бір  дәстүрлер сол өлкенің тарихи және табиғи-климаттық жағдайларына байланысты туындаған, үшінші бөлігі басқарушы  биліктің қатаң саясатының жемісі болып  табылады. Қалай болғанда да жергілікті өмір қалыпқа құюға келмейді.

Мысалы, осы күнге дейін шөл  далаларды мекен ететін көшпенді арабтар оазистер мен жайылымдар арасында су мен қорек іздеп көшіп  жүреді. Олардың дәстүрлі тұрақтары  қой мен ешкінің қара терісінен  тоқылған шатырлар болып табылады. Бәдәуилердің әйелдері паранжасыз еркін  жүріп, бөтен еркектермен еркін  сөйлесе береді. Бұған керісінше  қалада тұратын саудиялық әйел көшеге қара жаулық "хумара" мен басынан  аяғына дейін жауып тұратын "абая" кимей шыға алмайды.

Осы орайда айтатын тағы бір айқын  дәлеліміз – XX ғасырдың басында  Ататүрік түрік әйелдерінің құқықтарын шектейтін арабтан келген хижаб  кию секілді түрік қоғамына жат  салт-дәстүрлерді айыптап, әйел мен  еркектің тепе-теңдігін сақтайтын, ұлттық сана-сезімге тәрбиелейтін, Исламның бес парызын мойындайтын зайырлы  мемлекет құрғанын баршамыз білеміз. Мұстафа  Кемал басқарған заманда бұл  бауырлас мемлекетте ұлттық сана-сезімді  қалыптастыратын, тү-ріктердің дәстүрімен үйлескен ислам діні насихатталды. Қазір араб әлемінің өзінде де әйелдерге  хижаб кигізуге қарсы болып отырған  ел бар. Ол – Тунис. Тунис Республикасының  негізін қалаған бірінші Президенті Хабиб Бургиба 1981 жылы №108 заң шығарып, қыздарға мектептер мен университеттерде, әйелдерге мемлекеттік мекемелерде  хижаб киюге қатаң тыйым салған. Соның арқасында отыз жылдан бері Тунистің қыз-келіншектері, әйелдері еркектермен  тең дәрежеде қызмет атқарып келеді. Қазіргі уақытта Біріккен Араб Әмірліктерінде, Бахрейнде, Кувейтте, Оман Сұлтанатында, Ливанда, Мароккода хижаб кию  дәстүрі біртіндеп азаюда.

Зайырлы әрі демократиялық Қазақстанның азаматы ретінде біз де хижаб  мәселесіне қатысты баршаға ортақ  ұстаным қалыптастырмасақ, бара-бара қазақтың қыз-келіншектері қоғамдық орындарда  ерлермен бірдей жүріп-тұрып, қоғамдық қызметке еркін араласа алмайтын халге жетіп, өзінің тұлға ретіндегі, азамат ретіндегі әлеуетін толық  мәнінде жүзеге асыра алмайтын болады. Мұның айқын мысалын әйелдердің белсенділігі қашанда төмен болып  келетін араб елдерінің жағдайынан көріп отырмыз.

Біз санымыз жағынан асып-тасып  жатқан халық емеспіз. Біздің жағдайымызда әйел, еркек демей, әрбір азаматтың орны ерекше.

Қазақстандық әйел азаматтарымыздың ғылым-білімнің, техниканың, өндірістің дамуына қосқан елеулі үлесін ескерер  болсақ, әйелдердің қоғам өміріндегі белсенділігінің төмендеуінен бізге  өте үлкен интеллектуалдық залал  келері анық. Оның үстіне қоғам өмірінде тек әйелдер ғана қозғай алатын, бастама көтеріп, жүзеге асыра алатын ерекше мәселелер болады. Бұл әсіресе  ана мен бала мәселесіндегі сырт көзге байқала бермейтін көптеген өзекті мәселелерге тікелей қатысты. Осындай нәзік сезім-тал мәселелердің өз уақытында шешімін табуында әйел-аналардың  орны бөлек.

Қазақ халқы тарихының өн-бойында  өзіне тән діни қағидалар қалыптасқан. Бізге тек ата-баба жолын жалғастырып, өзіміздің дәстүрлі дінімізді сақтау керек. Халықтың ғасырлар бойы жинаған  рухани-діни құндылықтарын жинақтап, жаңғыртып, бүгінгі қоғам игілігіне  жаратуымыз қажет. Жан тазалығына, ар тазалығына негізделген, сыртқы көріністегі  емес, жүректегі иманды қасиет тұтқан ұлттық рухани құндылықтарымызға оралу, оларды кеңінен насихаттау арқылы хижабпен бүркемеленген жат идеологияға  тосқауыл қоюға болады.

Ұрпағымыздың ұлттық сана-сезімнен, ұлттық жадынан, ұлттық тарихы пен мәдениетінен айырылып қалмауы үшін біз сырттан  келген жат ықпалға тойтарыс бере білуіміз қажет.

 

 

 

 

 

 

 

Сонымен қатар,ер жігіт  қалыңдығына үйленер алдын қалыңмал (Мәһір) беруі керек:

«Әйелдеріңе мәһрлерін  беріңдер.Егер әйел оның кейбірін қабыл  етуден өз еркімен бас тартса,оны  өздеріңнің қажеттеріңе орай еркін  жаратуларыңа болады»(Ниса сүресі,4).

Шариғат бойынша,берілген мәһір әйелдің жеке мүлкі болып  табылады,оған қол сұғуға ешкімнің де хақы жоқ. Әрине, мәһірдің көлемі пәлен,түген  болуы керек деген дұрыс емес,әркім  шамасына орай әрекет жасайды.Пайғамбарымыз  с.а.с кезінде сахабалардың беретін  қалыңмалдары болмағанда Құран аяттарын оқып беріп,не болмаса бір ғана темір  жүзік сыйлап үйленгендері де болған.Кеңстік  кезеңде идеологияның ықпалымен  «уралап»шолақ белсенділер тап  осы қалыңмал мәселесін ту қылып  көтерген,қазақтың барлық соры осыдан туындап жатқандай алашапқын  болғаны бар.Әрине,бәріне шариғатты  кінәлі етіп көрсетті. Бірақ,шариғаттың үкімінде қыз баланың келісімі болмаса,әке- шешесі оны еркінен тыс тұрмысқа бере алмайды. Бұл сенімді хадистер арқылы бекітілген қағида.Дегенмен,Құдайдан басқаның көңілін табуға тырысқан белсенділер  шариғатқа бар күйені жағып,күстаналады.Егер имансыз әке қызын малға сатып  жатса,оған Исламның не кінәсі бар?! Саутсыздықтың  жүрген жері сол ғой қашанда –  шариғаттың қыр - сырын танып –  білуге ұмтылмайды, «осы маңда ауыл бар» ,- деп жобалап тарта береді...

Ислам ілімі бойынша,отбасындағы  мәселелерді ер мен әйел бірігіп,ойласып,ақылдасып  шешуі ләзім.Ер кісі әйелін қинауына рұқсат берілмейді:

«Уа,иман келтіргендер! Әйелдеріңе дөрекі болуға рұқсат етілмейді» (Ниса сүресі,19).

Ислам отбасын байлық негізінде емес,немесе тек төсек  ләззатына, сыртқы әдемілікке немесе басқа  да материалдық факторларға емес, ең әуелі сенім мен жақсылық,өзара  сүйіспеншілік пен махаббат негізінде  құруды насихаттайды. Дегенмен,байлықты да, басқаны да отбасына тіпті қажет  емес деп сөкпейді.Тек, бәрі де орнымен,жөнімен  болуы керек. Нура Мира атты ағылшын  қыз Исламды қабылдаған,мұсылманға тұрмысқа шыққан.Сол ханымның айтқан пікіріне назар аударалық:

« Мен ағылшын  қызымын.Білесіздер ғой,ағылшындар негізінен  алғанда тік мінезділігімен,қыңырлығымен ерекшеленеді.Мен де солардың бірі едім.Бірақ,Исламның кеңдігі мен  күш-қуатын сезінгеннен кейін оны  қабылдамауға шарам болмады.Мен  ешкім де теріске шығара алмайтын ұлы іліммен кездескенімді ұқтым.Қасиетті Құран адамдардың өмірін,соның ішінде олардың отбасылық өмірін реттеп отыратын кәміл заң екені анық. Маған әсіресе, Исламның теңдікке,адамдар  арасындағы сүйіспеншілікке шақырғаны  ұнайды,және де Исламның ақ пен қараны,бай  мен жарлыны бөліп- жармайтын  қарапайымдылығы қатты ұнайды.Өйткені,олардың  барлығы Аллаһтың алдында тең  дәрежеде.Ақыр соңында мұсылман күйеуіммен қырық жыл тұрғаннан кейін  мен өзім Исламды қабылдадым,мен  тіпті,осындай қымбат қазынаның  бұрын-соңды мен үшін жасырын  болып келгенін түсіне алмаймын. Мен  бұған ешкімді де кінәлай алмаймын, өйткені мен барлық нәрсенің өз уақытысында  екенін жақсы білемін.Аллаһ Таьала менің Исламға осынша уақыт өткеннен кейін келгенімді жөн көрген шығар,кім  білсін.

Исламдағы әйелдің  мәртебесі биіктігі соншалық,Батыс  әйелдерінің барлығы да бұған  тек қызыға,қызғана қарайды. Мұсылман әйелдері ие болып жүрген құқықтардан Батыстық әйелдер қанша семинарлар өтікізіп,қаншама алашапқын болып жүргеніне қарамастан,бәрібір мақұрым қалған».

Кей Шахата атты тағы бір ағылшын ханым Исламды  қабылдауды қалайды.Сөйтіп,қасиетті әкеймен (свещенник) ақылдасуды жөн санайды. Себебі,қасиетті әкей рухани тұрғыдан ең кемел,толыққанды жан саналады, басқаларға да рухани нәр береді деп біледі ғой.Бірақ,сөйткен қасиетті әкей оның айтқан ұсынысына айтар жауап  таппай,

- Сен әйелсің ғой,неге Исламды таңдамақсың? Исламда әйелдің дәрежесі күн сайын төмендеп келе жатқанын білмейтін бе едің?! –дегеннен басқа ештеме айта алмаған.

Бұл сөздер Кей Шахата ханымның қытығына тиеді,ызаландырады. Ақыл –кеңес сұрай келгенде естіген  уәжі мынадай болғандықтан,қасиетті әкейден үмітін түбегейлі үзеді  де, нық сеніммен Исламды қабылдайды.Өзі  бұл жайлы былай әңгімелейді:

« Біз,мұсылмандар,Ислам  жайлы Батыста қалыптасқан түсініктерді өзгерту үшін көп жұмыс істеуіміз  керек.Оған қоса, Ислам діні жайлы  жазылып, басылып жатқан өнімдерді  жан-жақты тексеріп отыруымыз қажет.Ислам  жайлы кері түсініктің қалыптасыуна жол бермеуіміз керек және дінімізді  жан-жақты түсіндіруіміз керек.Көптеген Еуропалықтардың Ислам жайындағы  түсінік –пайымдары тек көп әйелділік  пен әйелдердің ерлерге толық  тәуелділігімен шектеледі.Олар Исламдағы  әйелдің Батыстағы әйелдер әлі  күнге қол жеткізе алмаған  құқықтарға ие екенін біле бермейді».

Отбасылық өмірдің  ең күрделі мәселелерінің бірі- ажырасу.Ажырасу  төңірегінде сөз қозғамас бұрын  мынадай жәйтті ескерген жөн: Әйел –  еркекке аманат етілген,сондықтан  ер кісі оған қарауы,қамқорлық қылуы,жақсылық істеуі,ауыртпашылық түсірмеуі керек. Бұл жайында Аллаһ Таьала бірқатар ескертулер жасаған.

Ислам ажырасудың өзін негізінен табиғи заңдылықтарға  қайшы келеді деп есептейді.Ажырасу  – жұбайлардың және балалардың жан  –дүниелеріне ауыр соққы болатынын  және олардың психикасына да кері әсер етпей қоймайтынын бәріміз  білеміз. Мұндай соққылардан оларды отбасының жылуы сақтайтын еді.Енді,отбасы күйреген кезде,не істемек?!

Христиандық ілім ажырасуға  түбегейлі қарсылық білдіреді, «Ажырасуға болмайды! Бұл Құдайға ұнамды іс емес!» -деп уағыздайды.Дегенмен,жар  төсегі суыса,түсінбестік белең  алса, жұбайлардың табиғаты үйлеспесе,қайтпек  керек?!

Ислам ажырасуды  жақтырмайды,дегенмен,мәселенің мәнісіне бойлап,шындыққа тіке қарайды,сөйтіп ажырасуға  рұқсат береді.

Ажырасуды талап  ету ер кісінің құқығы болып табылады. Әйел ажырасуды талап етуі жөн  саналмайды.Себебі,әйелдің жүрегі сезімтал,мінезі шарт,сондықтан оның ойланбастан  қабылдаған шешімі соңынан опық жегізуі  мүмкін.Дегенмен, ері аса шектен шығып,шариғатты аттап өтіп жатса,әйелдің  талақ сұрауға толық құқы бар.

Әйтсе де,ер кісінің  де ажырасуды талап ету үшін белгілі  шарттар сақталуы тиіс.Ресми ажырасудың алдында істі туысқандардан құрылған отбасылық кеңес қарайды.Әрине  олар екеуін татуластыруға барын  салады.Көбіне,екеуі өз қателіктері  мен кемшіліктерін түсініп,қортынды шығаруға осының өзі жеткілікті болып  жатады. Егер туысқандардың татуластыру  үшін жасалған ұмтылыстарынан нәтиже болмаса, шариғат олардың әрбіріне өз жолымен жүруіне,бақытын іздеуіне рұқсат береді.

Дегенмен,ажарасу  осымен тамамдалды деуге болмайды.Өйткені, әйелдің бала туғаннан кейінгі немесе етеккірден кейін тазаруы аяқталуы керек.Кейде осы уақыттың өзі  жұбайлардың ажырасудан бас тартып,қайта  қосылуына жеткілікті болып жатады. Одан басқа ер кісінің ажырасуға  деген шешімі өздігінен жеткілікті болмайды,ажырасу толық аяқталу  үшін үш айдан тұратын «идда» деп  аталатын кезеңді күтеді.Бұл уақыт  аралығында әйелдің жүкті немесе жүкті еместігі, денсаулығының халі қадағаланады.Бұл кезде ер мен  әйел ажырасқан болып саналмайды,әйел басқаға тұрмысқа шыға алмайды.Осы  уақыттың өзі көбіне татуласумен  аяқталады. Ажырасудан бас тартып,ақ некені қайта қалпына келтіру  үшін ешқандайда ресмиліктің қажеті жоқ,тек ер кісі неке қатынасын жаңартуды  қаласа болғаны. Тек,үш талақ қағидасының  кеңшілігін түгесіп үлгерген болмаса...

Осы секілді әдіс-тәсілдер арқылы Ислам отбасын күйреуден  сақтайды.

Адам табиғатымен  үйлеспейтін өмір салтын ұстануға Ислам  діні қарсылық білдіреді.Сондықтан  христиандықтың тәркідүниелік (монашество),өмір бойы некесіз өту секілді ілімдерін  жоққа шығарады.

Жыныстық түйсік адам табиғатында айтарлықтай маңызға  ие.Заманауи ғылыми зерттеулер көрсеткендей,адамның  табиғи болмысын сақтау үшін қажетті  қағидалар арасында тамақ жеу,организмді сақтау және жыныстық қатынасқа түсу секілді туабітті түйсіктер ерекше мәнге ие екен.Осылардың қайсыбірін болмысын қолдан тұқырту әрекеті  адам ағзасы мен психикасына орын толтырмас апат әкеледі.Сондықтан  Ислам отбасын құрудан бас  тартуды жөн көрмейді.Әрине,отбасын  құруға кедергі болатын ең үлкен  себептердің бірі қаржылық жағдай екені  белгілі.Ислам бұл мәселені мемілекеттік деңгейде шешу керек деп біледі.

Дегенмен,тек қаржыны  сылтау етіп отбасын құрудан қашқақтауға  болмайды.Өйткені,Аллаһ Тағала әрбір  адамның қажет-мұқтаждығын біледі,және олардың әрбіріне көмек пен ризық  беруде жетіп-асады:

«Егер олар кедей  болса,Аллаһ Өзінің рахымымен оларды байытады». (Нұр сүресі,32.)

Ислам адамның осындай  табиғи түйсігін қоғамды берік ету  үшін бағыттайды.Мәселен,пайда болған күннен бері қарай Ислам діні жезөкшелік,гомосексуализм секілді қоғамдық індеттермен табанды  күрес жүрігізіп келеді.

Ал,көпәйелдік мәселесіне келсек,Ислам діні келгенге дейін  жәһилет дәуірінде арабтар үшін де, басқа елдер үшін де бұл үйреншікті өмір салты болатын.Мысалы: Қытайда  Ли-Цзидің заңы бойынша әрбір еркек 130 әйелге дейін иелене алған.Ал,Израильде  бір ер кісі жүздеп әйел алуына рұқсат етілген.Христиандық патша Ұлы  Карлдың 400 әйелі болған.

Ислам діні төрт әйелге дейін алуға рұқсат береді.Дегенмен,бұл  берілген рұқсат міндет емес – мұсылман міндетті түрде төрт әйел алуы керек  дегенді білдірмейді.

Сол кезде қоғамдық жағдайы қатарынан бірнеше әйел алуға дайын болуды талап етті. Себебі,жаугершілік көп болды,қараусыз қалған жесірлер мен жетімдердің  саны өсті. Оған қоса,елді сақтап қалу үшін демографиялық жағдайды күрт көтеру,азамат болып өсер ұрпақтың санын қайткенде  де тез көбейту мақсаты тұрды. Және,көшпелі өмір салтында ер кісінің  көмегінсіз әйелдердің күні тіпті қараң  еді.Осындай себептерге байланысты шариғат төртке дейін әйел алуға  рұқсат берді.Дегенмен,бұл рұқсатты қолданудың өзіндік шарттары да бар.Ең басты шарт – әйелдерінің арасын алаламау,бірін-бірінен артық санамау,бәріне бірдей сүйіспеншілікпен қарау,мүмкіндігіне орай жағдайларын жасау.Егер бұлай  ету қолынан келмейтін болса, бір ғана әйелмен шектелгеннен дұрысы жоқ:

Ислам дініндегі әйелдің орны