Каспии тенизи
Қ.Р. ҒЫЛЫМ ЖӘНЕ БІЛІМ МИНИСТІРЛІГІ
Атырау мұнай және газ институты
Қоршаған ортаны қорғау кафедрасы
РЕФЕРАТ
Каспий теңізін қорғау
Пәні:"Экология"
Орындаған!Нұршаханова Жанар. Экономика факультеті АжБ 13к\о
Тексерген! Шахманова А.
І. Кіріспе
ІІ. Негізгі бөлім
1.1 Каспий теңізінің су деңгейінің өзгеруі
1.2 Каспий теңізінің тіршілік көздері
1.3 Каспий экологиясына мұнай өндірудің қаупі қанша?
1.4 Каспий экожүйесі бақылауда
ІІІ. Қорытынды
Кіріспе
Каспий теңізі- Еуразия құрлығының орталығында, мұхиттардан алыста, оқшау жатқан тұйық су алабы. Дүние жүзіндегі ең ірі тұйық су айдыны, үлкендігіне қарап теңіз деп атайды. Ауданы 376 000 шаршы километр. Меридиан бағытында 1200 километрге созылған, орташа ені 300 километр. Жағалау сызығының ұзындығы 7000 км, оның Қазақстанға тиесілі ұзындығы 2340 км (солтүстік жағалауының басым бөлігі және шығыс жағалаудың солтүстік жартысы), қалғаны Ресей, Әзербайжан, Түрікменстан және Иран жерімен шектеседі. Беті мұхит деңгейінен 28м төменде жатыр. Ең терең жері 1025 м, орташа тереңдігі 180м. Ірі шығанақтары: Маңғыстау, Қазақ, Қарабұғазкөл, т.б. 50 тарта аралдар бар (ірілері: Құлалы, Шешен, Артем, т.б.)
Ірі түбектері Маңғыстау, Апшерон, Аграхан, Красноводск, Шелекен. Каспий теңізінде, өзен ағындары мен желге байланысты, судың циклонды араласуы байқалады. Су массасы батыс жағамен солтүстіктен оңтүстікке қарай қозғалады да, Апшерон түбегіне жеткенде екі тармаққа бөлінеді. Жел теңіз толқының туғызады, олардың биіктігі Апшерон шоңғалында 11 метрге жетеді.
Теңіздің қазақстандық бөлігі- солтүстік-шығыс жағалауы Атырау және Маңғыстау облыстарының аумағында. Солтүстік Каспий теңіздің басқа бөліктерінен өзінің алып жатқан географиялық орны, теңіз түбінің құрылымы, тұздылық және температуралық режимі, су теңгермесі және т.б. бойынша ерекшеленеді. Оңтүстік және орталық Каспийге қарағанда таяз солтүстік Каспий бөлігінің аумағы 80 мың шаршы километр. Оған келіп құятын өзендердің жылдық су ағымының жиынтығы- жалпы Каспийге құятын барлық өзен сулары ағымының 88%-ын құрайды. Теңіздің бұл бөлігі жануарлар дүниесі мен өсімдіктер әлеміне бай. Мұнда жануарлардың 2 мыңға жуық түрітіршілік етеді. Оның ішінде омыртқасыздар-1069, омыртқалылар-415, паразит жануарлар-325 түрі тіршілік етеді.
Каспий теңізінде өсімдіктердің 500 түрлері бар. Өсімдіктер арасында көк-жасыл және диатомды балдырлардың түрлері көп. Соңғы кезде қызыл және қоңыр балдырлар, майша-бақ, бұзаубас балық, дрейсен және жүрекше молюскілер өседі. Мұнда, Арктика теңіздерінен (Каспий итбалығы), Жерорта теңізі алқабынан қоныс аударған жануарлар мен балықтардың 15 түрі мекендейді.
Каспий теңізінің су деңгейінің өзгеруі.
Каспий теңізінде мұнай-газ өндіру және мұнай өңдеу кешендерінің дамуына байланысты Қазақстанның батыс өңірінде қалыптасқан табиғи, әлеуметтік, экономикалық жағдай. Каспий теңізі- әлемдегі шаруашылық маңызы зор ең ірі тұйық су алабы. Жыл бойына Каспий теңізінің деңгейі желқұма –желбөгет құбылыстарының нәтижесінде 0,5-1 метрге дейін ауытқып отырады. 1837-1990 ж. жүргізілген бақылау жұмыстарының нәтижесінде Каспий теңізінің су деңгейі мөлшерінің айтарлықтай өзгеруі 1930 және 1980-1990 ж. аралығына сәйкес келетіні анықтылған. 1929-1941 ж. су деңгейі 2 метрге төмендесе, 1977 ж. бұл көрсеткіш ең төм. абс. мөлшеріне (-29,01м) жетті. 1978-1995 ж. су деңгейі 2,35 метрге қайта көтеріліп, 1995 ж. бұл көрсеткіш-26,66м болды. (1сурет)
Каспий теңізінің су деңгейінің өзгеруі.
Су деңгейінің тұрақсыздығы- климаттың өзгеруінен теңіз суының молаюына байланысты болып отырған құбылыс. Жаз айларында, судың беткі қабатын күшті жел ығыстырып кетеді де, астыңғы қабаттан көтерілген суық су температураны 10-120 С-қа дейін төмендетеді. Қыс айларында судың орташа температурасы, солтүстігінде – «минус» 0,50 С, орталық бөлігінде +3-70С , оңтүстігінде +8-100 С. Солтүстігінде теңіз беті қарашадан наурызға дейін қатады, мұздың қалыңдығы 2 метрге жетеді, орталық бөлігінде қысы қатты жылдары ғана, таяз шығанақтары қатады.
Судың орташа тұздылығы 12,7%. Солтүстігінде Еділдің ағынына байланысты, су тұздылығының ауытқуы байқалады. Мұхиттармен салыстырғанда, Каспий теңізінде хлоридтер аз да калцийдің, магнийдің сульфаттары, карбонаттары көп. Судың конвекциялық қозғалысының нәтижесінде, қыс айларында, Солтүстік Каспий сулары вертикалды бағытта түгел араласады. Су балансының өзгеруіне байланысты Каспий теңізінің деңгейінің көп жылдық және ғасырлық ауытқулары болады.
Каспий теңізінің тіршілік көздері
Каспий теңізі ежелден құнды балық түрлеріне бай. Теңіз фаунасының негізін эндемик жануарлар (шаянтәрізділердің 60%-і, моллюскілердің 80%-і, балықтардың 50%-і) құрайды. Бекіре тұқымдас балықтардың дүниежүзіндегі өнімнің 82% және майшабақтар,
тұщы су балықтары (табан балық, көксерке, сазан т.б.) итбалықтары осы жерде ауланады.
Еділ бойында гидротехникалық құрылыстардың салынуына, теңізге өндірістен шыққан лас сулардың құйылуына және теңізден мұнай өндірілуіне байланысты, ауланатын балық мөлшері азаюда. Әсіресе бекіре тұқымдас балықтар мен майшабақтардың өнімі кеміп кетті. Қазірде Каспий теңізінің көптеген жерлерінде мұнай өндіріліп жатыр. Теңізден натрий сульфаты, мирабилит және эпсомит тұздары алынады.
Каспий теңізінің солтүстік бөлігі дүниежүзінде кездеспейтін аса сезімтал табиғи ортаның бірі болып саналады. Оның үстіне, бұл жағалауда сирек кездесетін- бекіре, итбалықтар, шоқыр, қара уылдырық сияқты аса құнды табиғи тіршілік көздері бар екендігі белгілі. Сондықтан бұл аймақ, ерекше қорғалатын табиғи қорық. Соңғы кезде балықтардың уылдырық шашатын жерлеріне жетуге кедергі келтіретін өзендерге салынған бөгеттер, судың радиациялық және химиялық жолмен ластануы және қаскөйліктің (браконьерлік) етек алуы бекіренің қорын азайтуда. Сондай-ақ, мұндағы қортпа, пілмайдың жылдан-жылға саны кеміп бара жатыр. Каспий миногасы, Еділ майшабағы, Каспий албырты, ақбалық, күтім- Қазақстанның «Қызыл кітабына» енгізілген. Жыл сайын 11 балық зауоты (Ресейдің, Әзербайжанның, Қазақстанның) Каспий теңізіне 75 млн. Балық шабақтарын жібереді. 1998 жылдан бері Атыраудағы 2 балық зауоты жылына 6 млн. Бекіре балығының шабағын дайындайды. Балықтар уылдырығын тұщы суға шашады, қор жинау үшін тұзды суға шығады. Мысалы: шортан, оңғақ, қызылқанат балық, алабұға теңіздің атырауына дейін өрістесе, қаракөз, табан, көксерке тұзды суда, ал бекіре тәрізділер судың өте тұзды жерінде тіршілік етуге бейімделген. Каспий теңізінде 2 тропиктік жүйе қалыптасқан (2 сурет). Солтүстік-шығыс Каспий аумағында құстардың 278 түрі мекендейді. Соның ішінде Қазақстанның және Ресейдің «Қызыл кітабында» енгізілген өте сирек кездесетін қалбағай, қарабай, сары құтан, бұйра бірқазан, т.б. бар. Ал Каспий итбалығытек қана Каспий теңізінде тіршілік ететін сүтқоректі. 1920жылы 1млн-нан астам ит балықтың 120мыңы ауланған болса, 1980 жылдың аяғында 360-450 мыңға дейін азайған итбалықтың 27 мыңы, 1990 жылы-13,8 мыңы, 1996 жылы-8 мыңы ауланған. 2000 жылы сәуір-тамыз айларында індеттен олардың 15 мыңы қырылды. Каспий итбалығының жаппай қырылуы- Каспийдің солтүстік бөлігіндегі гидрометеорология және экология жағдайлардың нашарлауынан теңіз жануарлары иммунитетінің төмендеуін көрсетеді. Каспий ойпатында өсімдіктің 88 тұқымдас, 371 туысқа бірігетін 945 түрі өседі. Соның ішінде 357 түрі жоғары сактыдағы өсімдіктерге жатады, 6 түрі- Қазақстанның «Қызыл кітабына» енгізілген. Ал теңіздің өзінде су өсімдіктерінің 728 түрі өседі. Теңіз өсімдіктері жамылғысының құрлық өсімдіктерінен көп айырмашылығы бар. Құрлықта, негізінен, гүлді өсімдіктер, ал суда балдырлар кездеседі. Солтүстік Каспийде негізінен қамыс, теңіз шөбі, шалаң, егеушөп, арамот, мүйізжапырақ өседі. Бұл өсімдіктер балықтардың уылдырығының су түбінде бекүі үшін қажет, сондай –ақ, су құстары мен кейбір балық түрлеріне керек болады.
Солтүстік Каспий жағалауының әсем табиғатына, оның экологиялық жағдайына атмосфераның, топырақ жамылғысының, судың ластануы үлкен қауіп төндіруде.
Каспий экологиясына мұнай өндірудің қаупі қанша?
Каспий теңізі қайраңында
кең көлемде басталған бұрғылау
жұмыстары теңізге қауіп
Атмосфераның ластануына мұнай-газ өндіретін және және оны қайта өңдейтін кәсіпорындар әсер етуде. Мысалы: 1998 ж Атырау облысы бойынша атмосфераға 135,1 мың тонна зиянды заттар(оның ішінде 132,8 мың тонна газ тәрізді заттар 2,3 мың тонна қатты заттар ) шығарылған. Бұл улы заттарды атмосфераға, негізінен, ескі технология жабдықтармен 3,5 мың мұнай ұңғымасы шығарылған. Мұнай кәсіпшілігінің ең басты экологиялық проблемасы- ілеспе газды іске жарату. Қазір жылына 800 млн3.газ ауада жанады. Мұнай кен орындарында мұнай өнімдерін өңдеу кезінде мұнай мен қалдық сулардың топырақ пен грунтқа төгілуі оларды ластайды. Солтүстік Каспий жағалауының мұнай өнімдері қалдықтарымен ластанған аумақ 194 мың га жерді алып жатса, төгілген мұнайдың мөлшері 1 млн. тоннадан асады. Теңіз деңгейінің көтерілуіне және мұнайдың теңізге төгілуіне байланысты теңіз суының құрамында мұнай өнімдерінің қалдықтары, фенол, хлорлы органикалық пестицидтер, аммонийлы азот, ауыр металдардың мөлшері рұқсат етілген шектен бірнеше есе жоғары екені анықталған. Судағы мұнай өнімдерінің ең жоғарғы концентрациясы мамыр- шілде айларында байқалады. Теңіз жағалауында мұнай және мұнай өнімдерімен, улы газдармен ластануы планктондар мен теңіз суында тіршілік ететін жануарлар мен өсімдіктердің жаппай жойылуына әкеледі. Теңіз түбіндегі шөгінділердің мұнай өнімдерімен ластануы бентостық тіршілік ететін организмдер мен моллюскілерге, сондай-ақ, су құстары мен балықтарға да зиянын тигізуде. Мысалы: 1900 жылмен салыстырғанда Каспий теңізінде балық аулау 3 есеге, яғни 500-600 мың тоннадан 180 мың тоннаға дейін азайды. Теңіз cуын ең қауыпты ластаушы заттың бірі – ыдырамайтын ауыр металдар (мыс, мырыш, барий т.б.). Судағы мыс пен мырыштың мөлшері 20 мкг/л яғни рұқсат етілген шектен 2 есе артық , ал барийдікі -50 мкг/л яғни 5 есе артық. Каспий жағалауы аймағының ластануы онда тіршілік ететін организмдерге ғана емес, жергілікті тұрғындардың денсаулығына үлкен қауіп төндіруде.
Кейбір ғалымдар, Каспийдің астынан мұнай сорып алып, байлыққа келеміз деген ойлардың дұрыс емес екендігін айтып та жүр. Оладың ойынша, теңізден бал татығын балығымен, қара, қызыл уылдырықтары, мұнайдан түсетін пайдадан жүздеген есе көп. Осы байлықтарды дұрыс пайдаланса, табиғат өзгеріссіз өз қалпында қалып, халық бұл байлықтардың пайдасын көре алады. Белгілі жүйемен ауланса, балықтар саны ешқашан да азаймайды екен.
Ал шетел алпауыттарына тек мұнай керек, ақша керек. Теңіздің ластанып жатқанында олардың шаруасы да жоқ. Қоршаған ортаға келтірген зияны үшін төлемдік айып пұл төлеу мәселелері, олармен жасалған келісім шарттарда қарастырылмаған көрінеді.
Бүгінгі күнге дейін, біздің мемлекетімізде, ерекше қорғалатын аймақтарда, қорықтарда пайдаланатын құжаттарда, зиянды заттардың зияны жоқ жоғарғы концентрациялардың мәндері және нормалары жасақталмаған. Сондықтан шетелдік мұнай компаниялары – теңізде құрлықта қолданылатын экологиялық нормалар мен шектемелерді пайдаланып келеді. Олардың сандық мәндерінің айырмашылықтарын салыстырсақ, өз қолымыздан Каспий теңізінің Солтүстік қайраңын ластауға жол беріп отырғандығымыз байқалады.
Кейінгі кезде Каспийдің итбалықтары қырылып, енді қызыл балықтарға қауіп төніп келе жатқандығы туралы мәліметтер орын алып, теңіздің кіші інжу-маржан аралдарынан- қорытпа, бекіре, севрюга тәрізді бекіре тұқымдас балықтардың ғана уылдырығымен, шабақ плпнктондарымен қоректенетін мнемиопопсис деп аталатын мөлдір түсті денесі іркілдеген теңіз жәндігі – медузаның көп мөлшерде табылғандығы туралы мәліметтер бар. Бұл жәндіктердің ойда жоқта қаптап кетуін ғалымдар түсіндіре алмай отыр, ал жебір жәндіктер асыл байлығымыз болып табылатын балықтарды құртуда. Көпшілік ғалымдар бұл құбылысты, теңіздің мұнай қалдықтарымен және де басқа заттармен ластануымен байланыстырып отыр.
Балық- бағалы байлық. Тек Каспий балығымен, қазіргі күні 5 мемлекеттің, жүздеген миллион адамдары қоректеніп отыр. Егер осы балық болмаса, осыншама халық қалай күн көрмек?
Каспий – ғажап теңіз. Атамекен газетіндегі мәліметтерге жүгінер болсақ, оның басқа байлықтарын былай қойғанда бағалы балығының өзінен 500 миллиард доллар пайда табуға болады деген жорамалдар бар. Сонда мұнайды өндіріп, қоршаған ортаны бүлдірудің не қажеті бар? Үкімет адамдары жәнеғ ақшасы мол адамдардың бұл проблеманы дұрыс түсінетін уақыты жеткен сияқты.
Лабораториялық зеттеулер бекіре ағзасының елеулі түрде сыққатқа шалдыққанын анықтап отыр. Оның уылдырығының сырты былжырап жұқарған. Еділ бойынан ауланған бекіренің етінде 1-5мг ауыр металдар- қорғасын, сынап пен калий бар екендігі анықталған. Бұлардан басқа- гербицит, пестицид сияқты улы заттар да табылған. Ауру балықтардың уылдырығы консервілеуге келмейді. Бірден қара қоймалжын сұйыққа айналады.
Егер Каспийде
үлкен экологиялық апат болса,халықаоралық
сот теңізді негізгі бүлдіруші
ретінде Қазақстанды айыптайды.
Теңіз тіршілігі қалпына келгег
Каспий экожүйесі бақылауда
Дүниежүзілік банкпен, БҰҰ бірлесе отырып, Каспий экологиялық бағдарламасын (КЭП) жасап, оны іске асыруда. Бұл бағдарламаның негізгі мақсаты- экологиялық тұрақтылықты дамыту және Каспий аймағының табиғи ресурстарын тиімді басқаруды қамтамасыз ету. КЭП-тің негізгі бағыттары:
1.Теңіз деңгейінің өзгерісі жағдайында жергілікті тұрғындардың тұрмысы мен шаруашылық жұмыстарының тұрақтылығын қамтамасыз ету.
2.Каспий теңізі мен оның биоресурстарын ластанудан арылтып, қоршаған орта жағдайын жақсарту.
3. Теңіздің экожүйесін сауықтырып, қалпына келтіру және оның биологиалық алуан түрлілігін сақтау.
4. Аймақта экологиалық қауіпсіздікті және қоршаган ортаның қалыпты жағдайын сақтап, ондағы тұрақты тіршіліктің дамуын қамтамасыз ету.
КаспНИРХ ғылыми-зерттеу институтында «Мұнайгаз кеніштерін игеру жағдайында Каспийдің экожүйесін сақтау проблемалары» деп аталатын халықаралық, ғылыми-практикалық конферендия болып өткен. Оның құрылтайшылары КаспНИРХ мемлекеттік кәсіпорнының филиалы мен «Лукойл-Нижневолжскнефть» жауапкершілігі шектеулі қоғамы.
Конференцияны өткізуге негіз болған мәселе мұнай беруші өңірлерді игеру барысында Каспий теңізінің экологиялық қауіпсіздік стратегиясы болды.
Конференцияға Ресейдің Астрахань облысының өкілдері, ірі мұнай компанияларының, жетекші ғылыми орталықтардың, ресейлік және казақстандык экологиялық ұйымдардың қызметкерлері қатысты. Конференцияда отыздан астам баяндамалар тыңдалды, олардың бәрі Каспий теңізінің қазіргі заманғы экологиялық ахуалына, оның биологиялық ресурстарын сақтауға, көмірсутекті кеніштердегі запастарды өндірістік жолмен игерудің болашағы, Каспийдегі мұнай-газ жобаларының коршаған ортаға әсерін бағалау жайлы болды.
Конференцияға қатысушылардың бәрі Каспий экожүйесінің қайталанбас ерекшеліктерін, оның қазірге дейін сақталып келген реликті және эндемикалық организмдерінің әлемдік маңызын атап өтті. Конференцияның осы кездері өтуіне Каспий теңізінін солтүстік бөлігіндегі мұнайгаз кеніштерін өндірістік игеруді бастау себеп болды.
Каспий бойы мемлекеттер жетекшілері Каспий теңізіндегі биоресурстарды сақтау басымдылығын ұдайы айтып келеді. Ол 2003 жылы Тегеранда қабылданған «Каспий теңізіндегі биоортаны сақтаудың шекті конвенциясында» да белгіленді. Осыған қарамастан қазірге дейін Каспий бойы елдерінде Каспий теңізінде мұнай алуды дамытудың техникалық және технологиялық шешімдері келісілген, теңіздегі биоресурстардың экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ететін бірыңғай мемлекетаралық саясат қалыптасқан жоқ.
Каспий теңізінің ерекшелігі мұнай-көмірсутекті шикізаттарды алудың ең мұқият каралған нұсқаларын алуды талап етеді. Ол үшін акваторийге лайық деп танылған бірнеше бәсекелес нұсқалардың экономикалық және табиғат қорғау талаптарына сәйкес тиімділігі есепке алынуы тиіс.
Қазіргі кезде тек қана «Лукойл» ААҚ-ы Солтүстік Каспийдегі мұнайгаз өндірісінде қалдықтар тастауды болдырмайтын, оларды теңіз жағалауына көмуді белгілеген жобаны ұсынды. Бұл технология бұрын да ААҚ тарапынан іздеу-зерттеу бұрғылау істерінде пайдаланылып көрілген екен.
Конференция қорытындысында Каспий бойы елдерінің үкіметтеріне, теңізде іс-әрекеттер жасап жатқан ұлттық жөне трансұлттық мұнайгаз компанияларына мынадай ұсыныстары бар үндеу жолдамақ болып келісілді:
- Каспий теңізіндегі биоортаны сақтаудың шекті конвенциясының ұсыныстарын өмірге енгізуді жеделдету, оған қосымша протоколдар әзірлеп қабылдау;
- ұлттық деңгейде Каспий теңізіндегі мұнай операцияларынын экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ететін нормативтік құқықтық құжаттарды әзірлеуді тездету;
- жасалған нормативтерді халықаралық деңгейде келісуді үйымдастыру;
- Каспий теңізінің бүкіл акваторийінде мұнайгаз өндіру кызметін стратегиялық экологиялық бағалауды жасауды ұйымдастыру;
- теңіздегі мұнай операцияларын жасауда теңіздегі ортаны ластауды болдырмайтын қазіргі заманғы қауіпсіз технологияларды пайдалану, мұнайдың авариялық төгілуін жоюдың аумақтық жүйесін жасау;
теңіздегі экожүйенің барлық жақтарын қамтитын, Каспийге кешенді мониторинг жасайтын халықаралық жүйе құруға кірісу; еңіз экожүйесінің мұнайгаз алуға әлсіздігін анықтайтын зерттеулерді қолдау басымдылығын орнықтыру, акваторийде балық шаруашылығы кадастрын кұру;
- мұнай операцияларының әсерін бағалауға байланысты істердің (оның ішінде сейсмобарлауды, гидробионатты қоса алғанда) орындалуына басты назар аудару;
Каспий бойындағы барлық бес елдің ғалымдары мен мамандарының мұнайгаз алудан биотопқа, қоршаған ортаға және халықтың денсаулығына келетін зиянды бағалайтын біркелкі тәсілдерді әзірлеуде бірлескен істерін күшейту;
- Каспий теңізіндегі биоресурстарды сақтаумен теңіздегі ортаның жағдайын бақылау саласында ғылыми, табиғат қорғаушылық және өндірістік үйымдардың ынталарын үйлестіру, оның ішінде халықаралық экологиялық орталықтар қүру арқылы, қажеттгіне баса көңіл аудару;
- теңіздегі шаруашылық істерінің нәтижесінде болуы мүмкін техногендік апаттардың (жер сілкіну, жердің жылжуы, цунами, т.с.с.) қаупіне баса назар аудару.
Конференция Каспийдің экожүйесін сақтау мәселелеріне арналған Мемлекеттераралық ғылыми кеңес құру қажет деп санайды және 2007 жылы осы проблемаларға арналған Екінші халықаралық конференция өткізуді ұсынады.
Қорытынды
Жердегі тіршіліктіңң дамуында, ауа мен судың орны ерекше. Бірақ өкінішке орай, су мен ауаның ластануына және экологиялық апаттарға қарсы жұмыстар мардымды түрде жүргізілмеуде. Қолында билігі бар, қаражаты бар адамдардың қомағайлығы артып, олар өздеріне керекті қара алтын мұнайды ғана ойлап жүр. Ал ауа мен су алтыннан да қымбат емес пе? Осы екі алтындай қымбат зат, адам баласын шыңға да шығарады, тұңғиыққа да батырады. Егер енді табиғатты қорғамасақ, сөз жоқ мұның соңы апатқа апарады, тіршілік жоғалады. Шамасы ХХІ ғасыр- экология дәуірі болады. Ең алдымен ауа мен судың ары қарай ластануына мүмкіншілік бермей, ластанған суларды тазартуымыз керек, осындай шаралар қолданылмаса, жердегі тіршілік біртіндеп жоғалады. Алғашқы кездерде шетелдік мұнай компаниялары өздерінің озық технологиялары барып, сондықтан мұндай қорықтарда жұмыс жасауға жинақты мол тәжірибиелері бар екендігін айтқан. Халықтың наразылығына қарамастан, билік басындағылар, шетелдік мұнай компанияларының өте сезімтал табиғи ортаға қол салуына жол берді. Бұл, Каспий аумағының қоршаған ортасының экологиясының нашарлап кетуіне соқтырды. Бұл жерде экологиялық апаттар жиілеп кетті. Көпшілік апаттарды халықтан жасыруға тырысады.
Қоршаған орта, бірімен-бірі араласып- құраласып жатқан әр түрлі компоненттерден тұрады. Олардың ара қатынасы өте күрделі, өзара байланыстары тығыз және әрқайсысының тек өзіне тән ерекшеліктері бар. Егер, осылардың біреуіі әр түрлі немесе құрып кетсе, онда біртұтас ағза іспеттес өмір сүріп жатқан жүйе, арқауы кеткен тоқыма бұйымдай тоз-тоз болып шашылып қалады. Аталмыш компоненттер қалыпты режимде жұмыс істеп тұрғанда, қоршаған орта үшін олардың маңызы бірдей, демек олар өзара тепе-теңдікте. Сол себептен, бірінің жоғын, оның атқаратын функциясын өзгелердің артық мөлшерімен толықтыруға болмайды. Сондықтан, табиғат- тамылжыған тал бесігің. Оны алақанға салып аялау әрбір азаматтың абыройлы борышы.
Қолданылған әдебиеттер тізімі
«ҚАЗАҚ ҰЛТТЫҚ ЭНЦИКЛОПЕДИЯСЫ»
Баешов А.Т. «Экология және таза су проблемасы»
Қасымов А.Г «Каспийское море»
Шабанова Л.В «Каспийская экологическая программа»
География оқулығы
«Дүние» N 6, 2005
Еназарова Ұ.А, Темірбеков А.Т. «Түркі тілдес елдер географиясы»
ҚАЗАҚ СОВЕТ ЭНЦИКЛОПЕДИЯСЫ»
Крицкий С. К. «Колебания уровня Каспийского моря».
«Дүние» N 1-2, 2005
С. И Варущенко «Изменение режима Каспийского моря»
«Дүние» N 11, 2004
«Атамекен» N 24 ақпан 2005
«Дүние» N 9, 2003

- Каспий
- Каспий банк
- «Каспий Банк» АҚ-ның негізгі даму бағыттары
- Каспийдің экологиялық ахуалы
- Каспийский бассейн
- Каспийский поход Петра I
- Каспийский поход Петра I и его последствия для Северного Кавказа. Петербургский договор 1723 г.
- Каскадная модель жизненного цикла ИС
- Каскадная модель жизненного цикла разработки ПО
- Каскадная модель жизненного цикла разработки ПО
- КАСКО это вид страхования автотранспортных средств от причиненного ущерба и угона
- Каслинское художественное литье – декоративно – прикладное искусство Южного Урала
- Касове виконання дохідної частини бюджетів
- Касові операції