Казақ батырлары

                              Қазақ батырлары

Бөгембай Ақшаұлы, Қанжығалы Бөгембай, кейбір әдебиеттерде Бөгенбай (1680, Қаратау бөктеріндегі Бөген өзені бойы — 1775, кейбір деректерде 1776, 1778, Ақмола обл. Ерейментау ауд. Қоржынкөл к. маңы) қазақ халқының жоңғар шапқыншылығына қарсы азаттық күресі тарихында ерекше рөл атқарған батыр, қолбасшы.18 ғасырдағы қазақ батырларының жасы үлкен ақсақалы, сондықтан оны халық аңыздарында ардақтап “Қанжығалы қарт Бөгембай” деп атап кеткен. Қарабалта түбінде қырғыздармен болған шайқаста Бөгембай батыр 77 жаста болған деседі. Арғынның қанжығалы руынан. Батырлар әулетінен шыққан. Атасы Әлдеуін батыр Есім хан әскерінің қолбасшысы, әкесі Ақша батыр Тәуке ханның 80 мың қолын басқарған сардар болған.

  • Бөгембай 1708 жылы (кейбір деректерде 1709 жылы) Әз Тәукенің бұйрығымен 30 мың жасақты бастап, қазақ елінің берекесін ала бастаған казак-орыстарды түре қуып, Еділден әрі асырып тастағаны туралы деректер бар. Осы ұрыста Бөгембай алғаш рет ерлігімен көзге түсті. Бөгембай жоңғарларға қарсы 100-ден астам шайқасқа қатысқан. “Қазақтың қамал-қорғаны” (Бұқар жырау) баїадүр Бөгембай қазақ халқының Абылай хан бастаған ұзақ жылдарғы ұлт бірлігі үшін күресінің ұйытқысы болды.
  • 1710 жылы Қарақұмда өткен үш жүз қазақтарының құрылтайында бүкілқазақтық жасақ құрып, жоңғар шапқыншылығына тойтарыс беру жоспары талқыланды, бұл жиында көшіп кетіп жан сақтауды ұсынғандар да болды, бірақ “сол кезде ерлігімен әйгілі болған рубасы Бөгембай мұндай әрекеттердің бәрін тыйды”. Осы құрылтайда Бөгембай батыр үш жүздің бас сардары болып сайланды.
  • 1726 жылы Бөгембай бастаған қазақ қолы Бұланты өзені бойында қалмақтарға қарсы күйрете соққы берді.
  • 1727 жылы көктемде Қожаберген басқарған қазақ-татар жасағымен тізе қосып, Бөгембай бастаған қазақ-ноғай-қарақалпақтың біріккен әскері Нияз, Аюлы тауларының етегінде жоңғарлармен болған шайқаста жеңіске жетті. “Аңырақай шайқасында” Орта жүз қолын басқарған Бөгембай батыр Қаракерей Қабанбай, Шақшақ Жәнібек, керей Жәнібек, т.б-мен тізе қоса отырып, қазақ елінің тұтастығын сақтап қалуда ерекше ерлік көрсетті. Бөгембай Жайық, Ойыл, Жем өзендері бойы мен Ерейментау, Қарқаралы, Аягөз, Түркістан, Шу бойы, Жетісу өңірі, Қырғыз жерлеріндегі, т.б. шайқастарда қол бастаған.
  • 1756 — 58 жылы бірінші рет Шығыс Түркістанға келген қытай әскерімен болған әйгілі Талқы соғысында қытай әскеріне қатты соққы беріп, оларды Үрімжіден асыра қуды. Бөгембай жасы ұлғайған шағында ауырып қайтыс болған. Мәйітін Түркістандағы Қожа Ахмет Иасауи мешітіне жерлеу үшін батырдың денесін таза арулап, былғарыға орап, қыс бойы сөреге қойып сақтаған.
  • 1776 жылы көктемде баласы Тұраналы мен қанжығалы Айтбай Аткелтірұлы бастаған елдің игі жақсылары батырдың сүйегін нарға теңдеп, Түркістанға жеткізіп, Қожа Ахмет Иасауи мешітіне жерлеген. Бөгембай батырдың денесі сөреге қойылған жер бүгінге дейін Ереймен өңірінде “Бөгембай сөресі” деп аталады. Бөгембай батырдың ерлігін Қожаберген жырау “Елім-ай” атты тарихи дастанында жырлап, “Ер Бөгембай” аталатын қисса арнаған. Бұқар, Үмбетей, керей Жанкісі, Сегіз сері Шақшақұлы Бөгембай туралы дастандар шығарған. Бөгембай батырдың баласы Тұраналы, немересі Бапан би, оның баласы Сәбден (Саққұлақ би) де өз заманында атақты адамдар болған. 1991 жылы Астана — Павлодар, ЕрейментауПавлодар тоғысқан жол торабында Бөгембай батырға арнап ескерткіш орнатылды.

 Жанқожа Нұрмұхамедұлы - батыр. Сыр бойы қазақтарының Хиуа, Қоқан хандықтарының езгісіне және Ресей отаршылдарына қарсы ұлт-азаттық көтерілісінің басшысы.

Өмірбаяны

 19 ғасырдың 20-жылдарынан бастап Сыр бойы мен Арал теңізінің шығыс жағалауын қоныстанған қазақтарға өз үстемдігін жүргізе бастаған Хиуа, Қоқан хандықтары 1830-1840 жылдары жергілікті халыққа өктемдігін одан әрі күшейтті. Хиуа хандығы Жаңадария, Қуандария, Қызылқұмнан өтіп, Қосқорған, Арал теңізіне дейінгі аралықтағы Сыр бойындағы қазақтарға шапқыншылықтар жасап, малдарын барымталап, әйел, бала-шағаларын тұтқынға алып кетіп отырды. Қоқандықтар шекара бекітіп, әкімшілік құрып, 1817 жылдан бастап салына бастаған бекіністерінен әркез жасақтар шығарып, бейбіт елді шауып, алым-салық жинап кетіп тұрды.[1]

 Осындай зорлық – зомбылықтан жапа шеккен қазақтар, жастайынан әділдігімен, батырлығымен елге танымал болған Жанқожаның төңірегіне топтасты. Жанқожа 17 жасында Кіші жүз құрамындағы Әлімұлы тайпасының жергілікті рулары сайлап алған Қылышбай ханның Хиуа бекінісіне жасаған жорығы кезінде жасаққа елеусіз еріп барып, ешкімге дес бермей тұрған қарақалпақ батыры Тықыны жекпе-жекте өлтіреді.

 Осы жорықта әділетсіздігі үшін Қылышбай ханның өзіне де қол жұмсайды. Бұл кездерде Жанқожа ауылы Қарақұмда жайлап; Ырғызды қыстаған. Қоқан хандығының Созақ бекінісіне орналасқан әкімдерінің жергілікті халыққа салынатын алым-салықтан тыс көрсеткен зорлықтары қазақтардың бас біріктіріп, бұл қамалға шабуыл жасауына себепкер болды. И. В. Аничковтың мәліметі бойынша, Қоқан әкімі Дәурен Созақ қаласының бектері Отыншы, Cушымен бірігіп, Сарман биді өлтіреді. Созақта тұратын, Құрман би араша түсуді өтініп, Жанқожаға арнайы хабар жібереді. Жанқожа елден қол жинап, Созаққа жорыққа аттанып, жолда Жаңақорған, Желек бекіністеріндегі қоқандықтарды қуады.

 1830 жылдың күзінде Созақ бекінісін қоршауға алып, көмекке келген қоқандық Таған палуанды жекпе-жекте қолға түсіреді. Одан соң Жанқожа жасақтарымен бекіністің дарбазасын бұзып кіріп, Созақты басып алды. Қоқан бектері Отыншы мен Сушыны қолға түсіріп, баласын өлтіргенің үшін Құрман биге тапсырады. Кейбір деректерге қарағанда, Жанқожа Қоқан хандығының Шымқорған, Қосқорған, Күмісқорған тәрізді бекіністерін де талқандайды. Хиуа хандығы Аллақұл ханның тұсында 1835 жылы Қуандарияның батысындағы Құртөбе деген жерге бекініс салып, онда 200 әскер ұстайды. Жанқожаға арқа сүйеп, алым-салық төлеуден бас тартып, Хиуа бегі Бабажанның озбырлығына көнбей жүрген сырдың төменгі сағасындағы қазақтарды тәртіпке келтіру үшін түрікмен [[Аймұхамед палуанды жасақтарымен жіберді.

 1836 жылы Ақирек деген жерде елге тізесі батқан осы Аймұхамед палуанды Жанқожа жекпе-жекте өлтіреді. Басшысы мерт болған палуанның жасақтары бас сауғалап қашуға мәжбүр болды. Жанқожа бұдан кейін де Сыр бойындағы қазақтарды хиуалықтардың езгісінен құтқару үшін, олардың бекіністеріне жиі-жиі шабуыл жасап отырды. Оның бұл жорықтары нәтижелі болып, Хиуа бекіністері көп шығынға ұшырады. 1845 жылды көктемінде Хиуа хандығы Сыр бойындағы қираған бекіністерін қалпына келтіру үшін 200 жасақ аттандырады. Жанқожаның жігіттері бұлармен ұрыс салып, кері қайтарады. 1847 жылы көктемде Хиуа бегі Уайыс-Нияздың әскері Атанбас, Ақирек, Қамыстыбасты жайлап отырған қазақтарға шабуыл жасап, 1400 үйді ойрандап, тонап кетеді.

 Осы жылдың тамыз айында Хиуа бегі Қожанияз бастап, қазақ сұлтандары Жанғазы Шерғазиев пен Елікей (Ермұхамед) Қасымов қоштаған шапқыншылар қазақ ауылдарын тағы да тонауға ұшыратады. Хиуалықтардың мұндай шапқыншылығы бір жылда бірнеше рет қайталанады. Тонауға ұшыраған елін қорғауға Жанқожа 700 сарбазымен қарсы шығады. Құрамында екі мың әскері бар хиуалықтар Жаңақала бекінісінің төңірегіне шоғырланады. Жанқожаға Ресейдің Райым бекінісінің бастығы Ерофив бастаған отряд көмекке келіп хиуалықтарды бірге талқандайды. 1847 жылы Райымға келіп, бекініс сала бастаған Ресей әскерлеріне Жанқожа қарсылық көрсетпеді. Сол кездегі Орынбор генерал-губернаторы В. Обручевпен жолығып сөйлескен Жанқожа оны мен орыс әскері жергілікті халықтың тыныштығын бұзбайтындығына және хиуалықтардың шапқыншылығынан қорғайтындығына келіседі. Бірақ кейін іс жүзінде керісінше болады.

 Патша шенеуіктері мен әскерлері ауық-ауық елдің тыныштығын бұзып, бұл кезде егде тартып отырған Жанқожаға да маза бермейді. Орынбор шекаралық комиссиясының Сырдария жүйесі бойынша өкілі И. Осмаловскийдің көмекшісі болып есептелінетін тілмаш Мұхамедхасан Ахмеров пара жинауға шабармандарын Жанқожа ауылына жұмсайды. Жанқожа оларды «орыс заңында мұндай салық мүлде жоқ» деп қуып жібереді. Мұндай келеңсіз құбылыстарға ашуланған Жанқожа көтеріліске шығуға мәжбүр болады.

 1856 жылы желтоқсанның соңғы күндерінде көтерілісшілер Қазалыны қоршауға алды. Қаратөбе манындағы Л. Булатовтың отрядына бірнеше рет шабуыл жасады. Көтерілістің бас кезінде Жанқожаның 1500-ден аса сарбазы болса, 1857 жылы қаңтарда олардың саны 5000-ға жетті. Жағдай Орынбор генерал- губернаторы В. А. Перовскийді қатты алаңдатты. Ол генерал-майор Фитингофт бастаған 300 атты казак, 320 жаяу әскер, 1 зеңбірек, т.б. қаруларымен қоса сұлтан Елікей Қасымов бастаған бірнеше жүз казак жасағы бар жазалау отрядын аттандырады. Екі жақ Арықбалықтың тұсында кездесіп, бірнеше дүркін шайқас болды. Бақайшағына дейін қаруланған жазалаушы отрядқа көтерілісшілер қарсы тұра алмай, шегінуге мәжбүр болды. Екі күн бойы ізіне түскен жазалаушы отрядтың көзіне көрінбей, көтерілісшілер Қызылқұмға ойысып кетті.

 Жазалаушы отряд жолда кездескен қазақ ауылдарын шауып, тонаушылыққа ұшыратты. Фитингофт бастаған жазалаушы отряд ақпан- наурыз айларында көтерілісші халыққа қарсы тағы бірнеше рет жорыққа шығып, қазақ ауылдарына адам айтқысыз жауыздықтар жасады. 1856-1857 жылы қазақтардан тартып алынып есептелмей, талан-таражға түскенді қоспағанда, 79567 сомның малы сатылды. Көтеріліс жеңіліс тапқаннан кейін Жанқожаға сатқындық жасаған рубасылар мен елағаларына ренжіп, Дауқара жаққа, одан Бұхар хандығы жеріндегі Ерлер тауына жалғыз кетіп қалады. Екі жылдан соң қайта оралып, Қызылқұмда жалғыз отырған Жанқожаны Елікей Қасымов бастаған казак отряды келіп өлтіріп кетеді.

 Қабанбай Қожақұлұлы, Қаракерей Қабанбай, Дарабоз — батыр, талантты қолбасшы. Азан шақырып қойылған есімі — Ерасыл. Ол 1692 ж. қазіргі Шығыс Қазақстан облысының Үржар ауданындағы Барлық тауында өмірге келіп, 1770 ж. сонда дүние салған. Қабанбай Найман ішіндегі Қаракерей руының Байжігіт тармағынан.

Жеті жасында  әкесі Қожақұл, он алты жасында ағасы Есенбай жоңғарлар қолынан қаза табады. Он алты жасар бала жау арасына жасырын барып, ағасын өлтірген жоңғар батырын өлтіріп, кек алған. Осыдан кейін Зайсандағы Керей ішіне кетіп, жездесі Бердәулеттің қолында болды. Осында жүріп жылқыға шапқан жабайы қабандарды жайратып, “Қабан батыр” атанды.

  • 1717 ж. Аягөз шайқасына, 1723 ж. Түркістан қорғанысына, 1726 ж. Бұланты шайқасына, 1730 ж. Аңырақай-Алакөл шайқасына, кейіннен Шыңғыстау, Ертіс бойындағы шайқастарға қатысып, Абылай ханның бас батырларының біріне айналды.
  • 1741 ж. Шыңғыстаудағы Шаған шайқасында ақбоз атпен топ жарып, жауға шапқаны үшін Дарабоз атанды.
  • 1751 ж. ол Сыр бойы, Шымкент, Сайрам, Ташкент қалаларын жоңғарлардан тазартып, Төле бидің билікке келуіне көмектесті. Жоңғарияға айдалып бара жатқан бірнеше мың қарақалпақты құтқарып қалады.
  • 1752 — 54 ж. Қабанбай басқарған қазақ әскері алдымен Іле, Балқаш, Қаратал өңірлерін жаудан тазартуға қатысты. Осыдан кейін Қарақол мен Нарынды, Үржар мен Қатынсуды, Алакөл мен Барлықты азат етіп, терістік бағыттағы Бөгембай әскеріне қосылды. Баспан-Базар, Шорға, Маңырақ шайқастарына қатысып, Зайсан, Марқакөл, Күршім өңірлерін азат етті.
  • 1756 ж. жоңғар билеушісі Әмірсананы қуып келген қытай әскерінің бетін қайтаруға атсалысты, Шонжы, Нарынқол, Кеген өңірлерін қырғыздардан қайтарып алуға қатысты.
  • 1758 ж. қыркүйекте Барлықтан Үрімжі қаласына 300 жылқы айдап барып, қазақ-қытай саудасын бастап берді. 500 адамдық қолмен келген қырғыз батыры Қарабекке ауырып жатқанына қарамастан қарсы шығып, жекпе-жекте Қарабекті өлтірген. Сол сәтте өзі де ат үстінен құлап түсіп, қазаға ұшырайды. Алматы облысындағы бұрынғы Андреев ауылына, Шығыс Қазақстан облысы Үржар ауданындағы Жарбұлақ ауылына, Алматы, Семей, Өскемен, Талдықорған қалаларындағы бір-бір көшеге, сондай-ақ Аякөз қаласында орналасқан танк дивизиясына есімі берілген. Үшарал қаласында батырға ескерткіш, Астана іргесінде ескерткіш-монумент орнатылған.
  • 1992 — 93 ж. бұрынғы Талдықорған және Семей облыстарында 300 жылдығы аталып өтіліп, үлкен ас берілді. Батырдың өмірі мен ерлік күресі Бұқар, Ақтамберді, Үмбетей, Дулат, Тәтіқара, т.б. ақын-жыраулар шығармашылығына арқау болған. Жазушы Қабдеш Жұмаділов “Дарабоз” тарихи романын жарыққа шығарды.
 

   Аты аңызға айналған ержүрек батырларымыздың бірі, XVIII ғасырдағы Қазақ елінің жоңғарларға қарсы ұлт-азаттық соғысындағы көрнекті қаһарманШапырашты Наурызбай Құттымбетұлы.

Құттымбетұлы  Наурызбай 1706 жылы Жетісу жерінде, Алатаудың баурайында дүниеге келген. Бұл кезде Ӏле, Талас, Алатау мен Қаратау аралығындағы қазақ пен қырғыз жоңғарларға тәуелді еді. Батырдың көзін ашқаннан естігені батырлар тұралы жырлар, аңыз әңгімелер болып, теңдессіз бай рухани ортада өсті. Екінші жағынан елге үстемдігін жүргізген басқыншы жаудың зорлығы мен зомбылығын да көрді. Мұның өзі жүрегінде оты бар жасты туған елін, атамекенін жаудан азат ету тұралы арманға жетеледі, батыр болуға құлшындырды. Наурызбай батырдың өмірі тұралы бүгінгі күнгі деректерде Шапырашты Наурызбай, Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай бабаларымыз Абылай хан айналасындағы бас батырлар қатарында бағаланады. Бұқар жырау осы үш тұлғаның жанындағы мынадай ірі батырларды атайды: Шақшақұлы Жәнібек, Сіргелі Қара Тілеуке, Қарақалпақ Қылышбек, Текеден шыққан Сатай мен Бөлек, Қаумен, Дәулет, Жәпек, Сеңкібай, Шойбек, Таңсыққожа, Мәмбет, Молдабай, Есенқұл және басқалар. Әдеби-тарихи деректер мен ел есінде сақталған аңыз-әңгімелер Наурызбай батырдың бүкіл халықтың ықыласына бөленіп, мақтанышқа айналуы 1727-1731 жылдардың шамасы екендігіне мензейді. Қазақ халқының жоңғар басқыншыларына қатарынан бірнеше рет қатты соққы беріп, ақыры үлкен жеңіске жетуі осы уақытқа сәйкес келеді. Алатау етегінде жоңғарлардың Шамалған, Қаскелең, Боралдай секілді атышулы батырлары өлім табатын сұрапыл шайқастарда Наурызбай бабамыз ересен ерлік көрсетеді. Қозыбасыда қалың қол бастап, бас батыр атағына ие болады.

Сырым Датұлы (1712—1802) — Ресей патшасының отарлау саясатына қарсы күрескен Кіші жүз қазақтары көтерілісінің көрнекті басшысы, атақты батыр, әйгілі шешен.

Шыққан тегі — Кіші жүздің Байұлы тайпасының Байбақты руынан. Өзінің асқан ақылдылығы арқасында өз ортасында тым ерте танылып, әділдігімен аты шыққан «Бала би» атанды.

XVIII ғасырдың  аяғындағы отарлық езгіге қарсы  ұлт-азаттық күрестің ұйымдастырушысы,  әрі көсемі. Сырым дүниеден озған  кезде оның асында 2000 жылқы, 2500 қой  сойылып, 5000 күбі қымыз ішілген және бірнеше жүз ақшаңқан киіз үйлер тігілген. Бұл, бір жағынан, оның байлығын, екінші жағынан, оның халық арасында беделді болғанын білдіреді.

Сырым 2000 шаңырақты басқарған. Сырым Датұлы өз халқының нағыз патриоты екенін таныта білген және отарлық бұғаудан елді босатуға зор үлес қосқан. Ол Ресейдің отарлау саясатын жүзеге асырған қазақтарға қарсы соғысты бастады. Сырым бастаған ұлт-азаттық көтерілістің негізгі себебі — патша саясаты мен Жайық казактарының жүгенсіздігі, олардың қазақ халқын қанауы болды. Халық көтерілісін Сырым батырмен бірге Барақ, Тіленші, Оразбай, Жантөре султан сынды елдің беделді азаматтары басқарды. Кіші жүздің байбақты, табын, шекті, кете және шеркес рулары көтеріліске қатысты. Көтерілістің бас кезінде Сырым батырдың 2700 сарбазы, Барақ батырдың 2000 және Тіленші батырдың 1500 сарбазы болды.

Райымбек  Түкеұлы (1705, қазіргі Алматы облысы — 1785, Алматы) — батыр, қолбасшы. Ұлы жүз албан ішіндегі алжан руының сырымбет тармағынан. Атасы Хангелді батыр 18 ғ-дың 1-жартысында жоңғарларға қарсы күресте аты шығып, 1733 ж. Төле, Іодар билер, Сатай, Бөлек батырлармен бірге Ұлы жүз қазақтары атынан орыс патшайымы Анна Иоановнаға елші жіберген. Райымбек 17 жасында жоңғар басқыншыларына қарсы күресте ерлік көрсетіп, батыр атанды. Қалмақтың Бадам, Іорын, Ағанас, Секер, т.б. хан, ноян, батырларын жекпе-жекте жеңіп, Қаратау өңірі мен Жетісуды жаудан азат етуге басшылық жасағандардың бірі болған. Торайғыр және Сөгеті таулары аралығындағы “Ойрантөбе” деген жерде өткен шайқаста ерекше көзге түсті. 1733 ж. Бөлек батырмен бірге жоңғарға елші болып барған. Райымбектің ерекше еңбегін оның есімі албан тайпасының ұранына айналғанынан да білуге болады. Көзі тірісіндекөріпкел”, “әулие” атанған. Ол Алматы алқабында Шілік, Жалаңаш өңірінде тоған қаздырып, су шығартып, егін ектірген. Жазушы Ж.Тұрлыбайұлы роман, ақын М.МақатаевРайымбек, Райымбек” атты поэма жазған. Алматы обл-нда Райымбек есімімен аталатын жер-су аттары көп кездеседі. Торайғыр тауындағы Айырлы асуының маңында “Райымбек бастауы” бар. Алматы обл-ның Нарынқол, Кеген аудандары бірігіп, қазірде Райымбек атымен аталады, онда батырға ескерткіш орнатылған. Батырдың бейіті Алматы қ-ндағы оның есімімен аталатын үлкен даңғылдың бойында. Бейітінің басына кесене — күмбез тұрғызылған. 1990 ж. “Райымбек” тарихи-этногр. қоғамы құрылды.

Казақ батырлары