Кеден Одағының жұмыс істеу ерекшеліктері: даму мәселелері мен келешегі

 

Ақтөбе облысының мемлекеттік  қызметшілерді қайта даярлау  және олардың біліктілігін арттыру  өңірлік орталығы

 

 

 

ӨЗІНДІК ЖҰМЫС

Тақырыбы: Кеден Одағының жұмыс істеу ерекшеліктері: даму мәселелері мен келешегі

 

 

 

 

Орындаған:

Ораққызы Сағыныш – жетекші

мемлекеттік бақылаушы –

жетекші маман

 

Қабылдаған:

Мусиралина Бұлбұл Оқасқызы – 

психолог, қайта даярлау 

кабинетінің кеңесші  – әдіскері

 

 

 

 

 

 

 

                                    Ақтөбе – 2013 жыл

 

 

 

 

Мазмұны:

Кіріспе........................................................................................3 – 4 бет

Негізгі бөлім............................................................................4 – 18 бет

I. Кеден Одағының даму  мәселелері және маңызы

1.1. Кеден Одағының даму мәселелері.....................................................4 – 9 бет

1.2. Кеден Одағының мәні және  маңызы................................................9 – 11 бет

II. Кеден Одағының келешегі

2.1. Кеден одағының алғашқы нәтижелері  және келешегі.................11 – 12 бет

2.2. Кеден Одағындағы өзекті мәселелер.............................................12 – 18 бет

Қорытынды................................................................................19 – бет

Пайдаланылған әдебиеттер..................................................................

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Кіріспе

Кедендік одақ – екі немесе бірнеше мемлекеттердің өз араларындағы кедендік шекараларды жою және бірыңғай кедендік тариф құру жөніндегі келісімі.

Тарихи деректерге сәйкес, кедендік одақ 19 ғасырда орныға бастаған. Франция мен Монако арасындағы (1865 ж.), Швейцария мен Лихтенштейн Князьдігі арасындағы (1924 ж.) одақ олардың алғашқылары болып табылады. Біздің кезеңімізге жақын уақытта Еуропалық экономикалық одақ (1957 ж.) – Еуропалық одақ (1993 ж.) және Еуропалық еркін сауда ассоциациясы (1962 ж.) құрылған. Кеңес Одағы дәуірінде социалистік мемлекеттер арасында Экономикалық Өзара Көмек Кеңесі (СЕВ) аясында кедендік мәселелер бойынша бірнеше келісімдер жасалған. Кейбір ақпараттық агенттіктердің мәліметі бойынша, әлемде 30 – дан астам түрлі сипаттағы интеграциялық бірлестіктер бар көрінеді.

Егер Кеден одағына  бірігу оқиғасының өзіндік тарихына назар аударатын болсақ, Қазақстан ТМД – ның басқа да елдерімен еркін сауда аймағын құрып, оған қатысушылар бір – бірімен сауда жасағанда өзіндік жеңілдіктерді пайдаланып келген болатын. Бірақ тәуелсіздік жылдарында экономикалық жағдайлары жақсарып, алыс – беріс ауқымын одан әрі тереңдете түсуді көздеген Қазақстан, Ресей, Беларусь елдерін қарым – қатынастың бұл түрі оншама қанағаттандыра қойған жоқ. Сондықтан осы үш елдің мемлекет басшылары 2006 жылдың 16 тамызында Қазақстан, Беларусь, Ресей арасында еркін сауданың неғұрлым жоғары сатысы болып табылатын Кеден одағын құру жөнінде шешім қабылдады. Содан бастап осы одаққа бірігу жөнінде дайындық жұмыстары басталды. 2007 жылдың 6 қазанында Кеден одағын қалыптастырудың 2008 – 2010 жылдарға арналған іс – қимыл жоспары бекітілді. 2009 жылдың 9 маусымында бірыңғай кедендік аумақ құрудың кезеңдері мен мерзімі мақұлданды. Осы шешім бойынша Кеден одағының әрекет етуі 2010 жылдың 1 қаңтарынан басталып, одақтың толыққанды жұмысын жолға түсіретін барлық қажетті үдерістер 2011 жылдың 1 шілдесіне дейін аяқталуы тиіс деп белгіленді. 2009 жылдың 27 қарашасы күні мемлекет басшыларының Минск қаласындағы кездесуінде Кеден одағының Кеден кодексі туралы шартқа қол қойылды. Бұл кодекс үстіміздегі жылдың 1 шілдесінен бастап қолданысқа енгізілетін болады.

Сөйтіп, жоғарыда айтып кеткеніміздей, үстіміздегі жылдың 1 қаңтарынан бастап осы одақты қалыптастырудың нақты қадамы ретінде үш мемлекеттің кедендерінен өтетін тауарлардың бірыңғай тарифы жұмыс істеуге кірісті. Яғни, Кеден одағы өзінің нақты мәнінде өмірге келді.

Бұл одақтың өмірге келуі  аталған үш мемлекеттің сауда – экономикалық саясатына елеулі өзгерістер енгізуді қажет етеді. Соның ең бастысы осы үш елдің ортасында тауарлар экспорты мен импортының баж салығынсыз жүргізілетіндігі. Яғни, осы үш ел шығаратын және бір – біріне саудалайтын тауарлар мемлекеттік шекаралардан өткен тұста олардан бұдан былай кедендік алым алынбайтын болды. Сонымен қатар, осы үш ел Кеден одағына біріккен соң өздерінен тыс үшінші бір елге қатысты бірыңғай сауда саясатын жүргізуге тиіс. Бұл саясат төмендегідей бағыттардан тұрады: бірыңғай кеден тарифтерін қарастыратын бірыңғай кедендік тарифтік саясат; тарифтік емес реттеудің бірыңғай шараларын бірлесе отырып қабылдап, өмірге енгізу; елдердің ішіндегі кеден заңдылықтарының біріздендірілуі.

Кеден одағының даму мәселелері

Қазіргі күні Кеден одағының шарттық – құқықтық базасын қалыптастыру жұмыстарын аяқтауға бағытталған 38 халықаралық келісім қабылданды. Мұның сыртында Кеден одағының аясында, ЕурАзЭҚ шеңберінде қабылданған 13 халықаралық келісім әрекет етуге кірісті. Кеден одағының жұмысын ретке келтіріп отыратын негізгі органдар құрылды.

Кеден одағының ең жоғарғы  органы Мемлекет басшылары немесе Үкімет басшыларының кеңесі болып табылады. Онда қабылданған шешімдерді жүзеге асыру одақтың негізгі жұмысшы органы – Кеден одағы комиссиясына тапсырылады. Мемлекет басшыларының 2007 жылдың 6 қазанында қол қойған келісіміне сәйкес Кеден одағы комиссиясының шешімдері осы үш елдің мемлекеттік аумақтарында бірдей қолданылады. Сонымен қатар комиссия тиімді жұмыс істеу үшін оған кедендік тарифтік және тарифтік емес реттеу саласында бірқатар өкілеттіктерді беру жоспарланып отыр және жүзеге асу үстінде.

Әрбір мемлекет Кеден  одағы комиссиясына өзінің бір өкілін ұсынады. Ол өкілдердің әрқайсысы бір – бір дауысқа ие. Қазіргі күні осындай тәртіппен Кеден одағында үш өкіл жұмыс істеуге кірісті. Олар: Қазақстан жағынан – Қазақстан Республикасы Премьер – Министрінің бірінші орынбасары Өмірзақ Шөкеев, Ресей жағынан – Ресей Федерациясы Үкіметі Төрағасының бірінші орынбасары Игорь Шувалов, Беларусь жағынан – Беларусь Республикасы Үкіметі Төрағасының орынбасары Андрей Кобяков.

Кеден одағын құру барысында  аталған үш мемлекеттердің басшыларының алдын ала жасалынған келісіміне сәйкес онда Қазақстанға өтпелі кезең  қарастырылған. Осы өтпелі кезең бойынша Қазақстан еліміз үшін неғұрлым қажетті деп табылатын 400 – ге тарта импорттық тауарлар түрі бойынша неғұрлым төмен кедендік баж салығын белгілеу құқығын өзінде қалдырып отыр. Мұның өзі дәрі – дәрмек секілді бірінші кезектегі қажетті болып табылатын тауарлардың Кеден одағына кірмейтін шет мемлекеттерден елімізге бұрынғысынша арзан бағамен келуіне мүмкіндік береді. Беларусь Республикасы, Қазақстан Республикасы және Ресей Федерациясы 2007 жылы қазан айында Душанбе қаласында Кеден одағы комиссиясы туралы шартта қол қойылды.

Осы жоғары ұлттық орган құрамына үш тараптардың өкілдері кіреді, оның шешімі үш мемлекеттердің аумағында  орындалу үшін міндетті. 
          2009 жылдың 1 қаңтарынан бастап Комиссия өзінің толық қызметін бастады. Комиссия отырысы әр сайын өткізіледі. Беларусь, Ресей және Қазақстан Кеден одағы комиссиясы Кеден одағының институционалды жүйесін, жаңа экономикалық кеңістік, тауарлардың еркін айналымын қалыптастыру, ұлттық өндірістегі тауарлармен өзара саудадағы кедендік процедураларын жою үшін құрылды.

Бұдан басқа Кеден одағы әрекеті  шеңберінде арнайы қорғау, демпингті  және компенсациялық қарсы шараларды  есептемегенде, кедендік баждар мен  экономикалық сипаттағы шектеулер  қолданылмайды. Кеден одағы шеңберінде үшінші елмен тауар саудасын реттеудің бірыңғай кеден тарифі және басқа да бірыңғай шаралар қолданылады.

 Жалпы, бүгінде  әлемде экономикалық ықпалдастықтың негізгі төрт сатысы бар. Олар мыналар: бірінші сатысы – еркін сауда аймағы, екінші сатысы – кеден одағы, үшінші сатысы – бірыңғай экономикалық кеңістік, төртінші сатысы – экономикалық одақ. Еркін сауда аймағына мысал ретінде ТМД – ны айтуға болады. Кеден одағы деп үшінші бір елдерден әкелінетін тауарларға қатысты бірыңғай кеден тарифі, ал жалпы айтқанда бірыңғай сауда саясаты қолданылатын екі немесе одан көп елдің ортақ кеден аумағы аталатыны белгілі. Яғни, кеден одағы дегеніміз одаққа мүше елдердің арасындағы еркін сауда аймағымен бірге осы елдердің тарапынан үшінші елдерге қолданылатын бірыңғай сауда саясатының комбинациясы болып табылады. Қазір әлемде 12 кеден одағы Дүниежүзілік сауда ұйымы аясында жұмыс істеп жатыр.

Жалпы, Кедендік одақ дегеннің өзі – бұл одаққа мүше – мемлекеттер арасындағы баж алымынсыз жүргізілетін сауда және үшінші елдер үшін кедендік баждардың келісілген мөлшері. Осының негізінде қаңтардың 1-інен бастап Қазақстан, Ресей және Беларусь елдері арасында баж алымынсыз сауда жүргізілетін болады. Бүгінгі күні сарапшылар сауда – экономикалық байланыс, кедергісіз тауар айналымын арттыру, негізгі өнімдер арасындағы бәсекелестік пен кедендік тарифтер мәселесін қоса алғанда, жаңадан қалыптасқан кедендік одақтың экономикамызға тигізер әсері жөнінде әрқилы пікір айтуда. Ең алдымен, аталған үш мемлекеттің арасында кедендік бақылау, санитарлық – эпидемиологиялық, фитосанитарлық, ветеринарлық, көліктік бақылау жүзеге асырылмайды. Яғни, Кедендік одақтың ішкі шекараларынан бақылаудың барлық осы түрлері алынып, тек шекаралық бақылау ғана қалады. Мұның тауарларды еркін жылжыту тұрғысында айтарлықтай әсер ететіні түсінікті. Сондай – ақ, әкімшілік кедергілер азайған соң, Одаққа мүше – мемлекеттер арасындағы сауда да жылдам жүрмек. Кедендік одақ аясында Біртұтас экономикалық кеңістік құру еліміз үшін шикізаттық емес экономиканы дамытуға мүмкіндік береді деп күтілуде. Ол үшін ең алдымен, сату нарығы маңызды. Өйткені, біздің экономикамыздың шикізаттық бағыты оның әлсіз жағы. Дегенмен, қазіргі әлемдік дағдарыс кезеңінде Қазақстанның негізгі экспорттық ұстанымын мұнай және өзге де қазба байлықтар қалыптастырып отырғаны анық. Әйтсе де, шикізатқа кіндігінен байланып қалған экономикамыз республика халқының өмір сүру деңгейін арттыруға тікелей ықпал ете алмайтынына көзіміз жетіп отыр. Сол себепті, отандық тауар өндірушілер өнімін үлкен нарыққа шығарғанда ғана бәсекелестік қабілетке ие болмақ. Бір есептен осы олқылықтардың орнын толтыру үшін де еліміз Кедендік одаққа кіргелі отыр. Ең бастысы, аталған Одақ көлемінде – 170 миллион адамы бар, жалпы ішкі өнімінің көлемі 2 триллион долларға жуық үлкен нарық ашылады. Мұның өзі тұтыну нарығының айтарлықтай әлеуетке ие екенін көрсетіп тұр. Алайда, біздің ел үшін Одақтың көлеңкелі тұстары да жеткілікті. Мәселен, Қазақстан мен Ресей арасындағы сауда айналымы былтыр 20 млрд. долларға дейін өсіпті. Десе де, Ресей Қазақстанға 8 млрд. долларға жуық тауарды артық әкелетін көрінеді. Бұл бір жағынан, Ресейдің өндірістік әлеуетінің мүмкіндігін әйгілесе, екінші жағынан экономикалық байланыстарымызда әлі де сыңаржақтылықтың барлығын көрсетеді. Мәселен, жұртшылық автокөлік бағасына қатысты көбірек алаңдаушылық танытуда. Өйткені, ресми зерттеулер қазіргі күннің өзінде Қазақстандағы көлік бағасының орынсыз қымбат екендігін анықтап отыр.

Егер көлікке қатысты статистикалық  мәліметтерге көз жүгіртсек, 2007 жылы елімізге 300 мыңнан астам көлік әкелінген екен. Оның 70 пайызы мінілген, ескірген көліктер. Бұлар негізінен Жапония мен Германия елдерінен жеткізіледі. Ал бұл көліктерге салынар Қазақстан мен Ресейдің арасындағы кедендік баж салығының айырмашылығы үлкен. Яғни, Ресейде Қазақстанға қарағанда кедендік баж 70 пайызға артық. Ендеше бұндай автокөліктер Ресейге қарағанда Қазақстанда 70 пайызға дейін арзан болуы тиіс екен. Бірақ мұндай ұсталған, ескі, шетелден әкелінетін автокөліктердің бағасы Ресейде де, Қазақстанда да бірдей. Бұл тұрғыда негізгі пайданы сатып алушылар емес, шетелден автокөлік тасымалдаушылар көріп отыр. Ұсталғанды былай қоя тұрып, жаңа автокөліктер саудасын алып қарасаңыз да жағдай солай. Оның үстіне жаңа автокөліктер саудасын екі-үш компания ғана монополияға айналдырып, бүкіл автонарық осылардың уысында. Ал кедендік баж бойынша жаңа көліктерге қатысты айырмашылықты құрап отырған 20-30 пайыз табыс сол компаниялардың қалтасына құйылып, сатып алушы бұдан еш пайда көрмейді. Әйтсе де, вице-премьер Ө. Шөкеев бұл мәселе жөнінде «Кедендік одақ іске кіріскеннен бастап автонарыққа монополия құрған жаңағы компаниялар көлік бағасын орынсыз арттыруға талпынса, бұнымен тиісті органдар айналысуы тиіс. Қажет болса Табиғи монополияларды реттеу агенттігі мен прокуратура және құқық қорғау органдары осы мәселені мұқият зерделейді. Өйткені нарықта баға құбылмауы шарт. Тіпті баға құбылса да, ол тұтынушыға айтарлықтай сезілмеуі керек», – деп мәлімдеген болатын. Сайып келгенде әр мемлекет өзінің экономикалық мүддесін қорғап бағатыны сөзсіз. Осы орайда, Кеден одағы жұмысын бастағанда әуелгі соққы отандық өндірушілерге тиетіні сөзсіз. Өйткені, олар Ресей мен Беларусьтің өнім өндірушілерімен ашық та, қатаң бәсекеге түседі. Мамандар бастапқыда ел экономикасының дамуы біраз баяулауы мүмкін дейді. Дегенмен, ашық нарық пен бәсекелестік екінші жағынан біздің кәсіпорындарымызға жаңа серпіліс әкелмек. Оның үстіне, Кедендік одақ аясында өнеркәсіптік әлеует 600 млрд. доллар шамасында деп бағалануда. Сол үшін де бұндай кеңістікке Еуразия құрлығында ғана емес, әлем елдерінде үлкен мән беріліп отыр. Көптеген сарапшылар қазіргі күні еліміздің салық саясаты Кедендік одақ аясындағы басқа мемлекеттермен салыстырғанда ыңғайлы әрі тиімдірек екенін айтады. Себебі, Қазақстан бұған дейін де ДСҰ-ға кіру мақсатында салық саясатына қатысты біршама шараларды атқарып, бұл бағыттағы заңнамалық құжаттарын әлемдік бағдарға ыңғайлай түскен болатын. Яғни, еліміздің өзге екі мемлекетке қарағанда салық саясаты озық. Әрине, әлемнің дамыған елдерімен салыстыратын болсақ, салық мәселесіне қатысты сауатты арттыру әлі өзекті күйінде екені рас. Сонымен бірге, Кеден одағы мен біртұтас экономикалық кеңістік көптеген мәселелерді басқаша шешуді қажет етеді. Осы орайда ел үкіметі осы жылдан бастап өндірісін жаңартып, экспортқа өнімін шығара алған өндіріс ошақтарына нақты қолдау ретінде 8 пайызбен несиелендіру шарасын қолға алмақшы.

Кеден Одағының мәні және маңызы

Одаққа бірігудің негізгі мәні одаққа мүше мемлекеттер ішіндегі кедендік тосқауылдардың болмауында және кез келген сыртқы тауарға, оның қай елге тасымалданатынына және ортақ шекарадан қай жерде өткеніне қарамастан бірыңғай кедендік талапты қалыптасуында. Келешекте біртұтас көліктік, энергетикалық, ақпараттық кеңістік құрылуы тиіс, интеграциялық процестер жеделдетіледі, толыққанды жалпы рынок қалыптасады, ұлттық экономикалар біртұтас кешенге бірігеді. Елдер әлеуметтік – экономикалық дамудың ортақ мақсаттарына келіседі, уағдаласқан құрылымдық, инновациялық, сыртқы экономикалық және әлеуметтік саясатты қалыптастырады.

Қазірге дейінгі 108 миллиард долларлық инвестициялардың бәрі дерлік шикізат секторына салынған. Ал өңдеу, қайта өңдеу салаларына инвестицияның жолы қиын. Инвесторлар елге келеді де халық санына қарайды. Рынок аясы тар болған соң, инвестиция тартуға тәуекел ете бермейді. Ал қазір бізге үлкен рынок ашылды.

Біздің тұтыну рыногымыздың 170 миллион адамға кеңеюі – қазірдің өзінде көзге көрініп тұрған мүмкіндік. Кеден одағы іске қосылған 1 қаңтардан бергі статистикалық мәліметке жүгінсек, 2009 жылғы қаңтар – сәуір аралығында Қазақстанның Ресейге экспорты 976, 9 миллион доллар болған. Ал биылғы сол төрт айдың экспорты – 1 686,7 миллион доллар. Демек, 72 пайызға артқан.

Қазақстан кезінде жылына шамамен 400 мың тонна ет өндірген еді. Соның 350 мың тоннадайы Ресейге жөнелтілетін. Ал қазір Қазақстанның Ресейге шығарып отырған мал еті асып кеткенде 2 мың тонна. Айта кетейік, ақшасын санағанда 7 – 8 млн. тонна астық экспорттағанша, 100  мың тонна ет шетке сатқан пайдалы. Сондықтан Қазақстан сиыр еті мен қой етінің экспортын 2014 жылы 64 мың тоннаға жеткізуді меже етіп отыр. Бұл мәселеде ілгерілеушілік бар. Тек соңғы 5 жылдың ішінде ет өндіру 22 пайызға артты. 2009 жылы біздегі ет өндірісі сойыс салмағымен 896,3 мың тоннаға жеткен. Сөйтсе де, амал не, қазірше ет экспорттаушы елге айнала қойған жоқпыз.  Сол себепті етті де өзімізден ауыстырып жатқан жоқпыз. Ет мәселесіне келгенде, тұтынудың әлемдік ұлттық мөлшері 1 адамға 48 келіден. Ал әрбір қазақстандыққа қазір 64 келіден ет тиеді. Негізінен сиыр еті мен қой еті.

Шекара бойлап мал тұқымын асылдандыруға, семіртуге, союға және ет өңдеуге арналған 100 – ге жуық кәсіпорын ашқалы отырмыз. Мұның бәрін алдағы 5 – 6 жылда салып бітіруіміз керек. Ет комбинаттары бізге Ресейдің ет базарына есік ашып беруі тиіс. Олардан кейін бұл істі жеке меншік шаруашылықтар жалғастырып, алып кетеді деп ойлаймыз.

Жекенің малы Ресейге ет комбинаттары арқылы сатылады. Ал ол комбинаттар  ет өнімдерінің тұрақты қорына сенімді  болуы үшін малдың кемінде жартысы  өздерінің шаруашылықтарынан шығуы  керек. Қалғанын халықтан сатып алады. Етті экспортқа өткізудің қазір басқа жолы жоқ.

Елбасымыз негізгі назарды Бірыңғай экономикалық кеңістіктің құқықтық базасын қалыптастыруға аударып  отыр. Ол кеңістіктің құқықтық базасы негізгі 20 құжаттан тұрмақ. Біз оларды дайындауды екі кезеңде жүргізіп, 2012 жылдың бірінші қаңтарына дейін бітірмекшіміз. Бірінші кезеңде – 2011 жылдың 1 шілдесіне дейін 14 келісімді, ал екінші кезеңде – 2012 жылы 1 қаңтарға дейін қалған 6 келісімді ратификациялау көзделіп отыр. Жаңа құрылым осы үш елге 2015 жылға қарай ішкі жалпы өнімді 15 пайызға арттыруға жағдай жасайды. Ол кезде үш елдің ішкі жалпы өнімінің көлемі шамамен 2 триллион АҚШ долларына жетеді деп межеленеді.

Біз бәсекеге қабілетті 50 елдің қатарына қосылуға ұмтылудамыз. Сол 50 елдің бәрі Дүниежүзілік сауда ұйымының мүшелері. Ол ұйымға мүше болу – нақты мақсат. Президент бізге ұйымға мына мерзімге дейін қалайда кіру деген міндет қойып отырған жоқ. Елбасымыз ұйымға біз үшін тиімді шарттармен кіру міндетін қойып отыр.

Кеден одағының алғашқы нәтижелері және келешегі

Елбасының халықаралық  ірі экономикалық жобасы — Кедендік одақ іске қосылды. Айта кету керек, саясаткерлер мен сарапшылар тарапынан әртүрлі  пікір айтылғанмен, бұл — келешегіміз  үшін керек. Сыртқы нарыққа шығып, ондағылармен бәсекеге түспесе, біздің бизнесіміз де бір орында қалып қоймақ, экономикамыздың да өрісі кеңеймейді. Президент айтқандай,

Кедендік одақ құрылысымен  кәсіпкерлерімізге Ресей және Беларусь елдерінің нарығына шығуға мүмкіндік  туып отыр. Осыған дейін 16 млн. халқы бар Қазақстанның сұранысын өтеген кәсіпорындарға енді 168 млн. тұрғыны бар үш мемлекетке өнім өткізуге жол ашылды. Бірыңғай кедендік аумақ 2010 жылдың 1 шілдесінен бастап қалыптаса бастады. Үкіметтің мәлімдеуінше, бұл елде бизнес ахуалды жақсартумен қатар шетелдік және отандық инвестицияларды тарта отырып экономиканың өңдеуші секторын дамытуға түрткі болады. Мысалы: Павлодар облысы кедендік бақылау департаментінің ұсынған ресми есептеріне көз жүгіртсек. Павлодар облысында 6 шекаралық кедендік бекет болса, өткен жылдың алты айында олардан өткізілген көлік құралының саны екі есеге артқан. Бұған жаңа кедендік кодекстің талаптары бойынша жолаушы және жүк көліктерін кедендік бақылаудан өткізудің уақыты азайтылғаны әсер етсе керек. Мәселен, қазір жеңіл көлік 5 минут ішінде, жүк көлігін 25-30 минутта бақылаудан өткізіледі.

Мамандар мүше елдердің арасында сауда жасауда бұрынғыдай лицензия, рұқсат, квота секілді  құжаттар талап етілмейтінін айтады. Осыған дейін Ресейге тауар экспорттауда және импорт әкелуде жыл сайын облыс аумағында 18 мың кедендік жүк декаларациясы толтырылса, қазірде оның қажеттілігі жоқ. Десе де, кедендік одаққа мүше елдер арасында сауда – саттық көлемін есептеуді жөн көргендіктен 2011 жылы 1 шілдеден бастап статистикалық есеп жүргізілді. Осы мәліметке сәйкес, Ресей Федерациясымен сыртқы сауда айналымы шамамен 1,2 млрд. теңгеге дейін жеткен. Бұл өткен жылғы көрсеткішінен 12,7 пайызға артық. Сауда-саттықтың 56,9 пайызын импорт құраса, 43,1 пайызы – экспорт. Яғни, біз әлі шетелден көп өнім әкелеміз. Десе де, мамандар жаңа кедендік ережелер одаққа мүше елдер арасында ғана емес, басқа да мемлекеттермен экономикалық байланысты арттыра түсетініне сенімді.

Кеден Одағындағы өзекті мәселелер.

Ең басты экономикалық жаңалықтарының бірі – Беларусь, Қазақстан және Ресей мемлекеттері құрған ортақ Кедендік Одақ. Кеңес үкіметі ыдырап, мемлекеттер тәуелсіздік алғаннан кейін бұрыңғы экономикалық қатынастар азая түсті. Бірақ, бірқатар мемлекет басшылары көрші елдермен тығыз экономикалық қатынастардың қажеттілігін түсініп, 1994 жылы ТМД Еркін сауда аймағы құрылды. ТМД елдері арасында екі жақты еркін сауда шарттарына да қол қойылды. Әсіресе, елбасымыздың интеграция мәселесінде атсалысуымен Шанхай ынтымақтастық ұйымы, ЕурАзЕС, Ұжымдық қауіпсіздік шарты тәрізді көрші елдер басшыларын бір үстел басына жинайтын, ынтымақтастықты талқылайтын бірнеше платформа өмірге келді. Бұл интеграциялық ұйымның басқаларынан ерекшелігі – бірінші рет ортақ кедендік одақ комиссиясы іске қосылып, кедендік одақтың басты сауда саясатының құралы, Бірыңғай кедендік тарифін белгілеуі. Жаңа құрылған одаққа әр түрлі пікірлер айтылып жатыр. Олардың басым бөлігі «Back to USSR», «Ресейдің тауары басып кетеді, бағалар шырқайды, өндірушіміз тұншығады» — деген пікірді басшылыққа алуда. Ал екінші жақ керісінше «Өндірушінің жағдайы жақсармақ, ауқымы кеңейеді» деген көзқарасты ұстанып отыр.

Кедендік одақтың елімізге әсерін қарастырғанда БАҚ көбінесе тек қана тұтынушы жағына көңіл бөледі. Әсіресе, көлік бағалары шырқап кетуіне  байланысты көп айтылып жатыр. Басқа елдерден ескі көлік импорттап, бізге сататын адамдардың бизнесі құлдырайды деген хабар да көп құлаққа шалынады.

«Қытайдан келетін алманың бағасы да, Түркиядан келетін тоңның бағасы да өседі. Тұтынушымыздың азырақ алма жеп, қыста ескі тоңын киюіне тура келеді. Кедендік одақтың сыртқы елдерге деген кедендік тарифтерін қалыптастырғанда көбінесе Ресейдің тарифтері негізге алынып, импорттық тауарлар қымбаттайды. Бұрынғы төмен кедендік тарифтеріміз қалғанда бізге жақсырақ болар еді. Арзанға сапалы тұтыну тауарларын алатын едік. Ал қазір Ресейдін сапасы төменірегін алуға тура келеді» – деп, өкінетін аз емес.

Жоғарыдағы ойлар, бізге  неолибералдық экономикалық көзқарасының қаншалықты сіңіп кеткенін көрсетеді. Неолибералдық экономикалық көзқарас Дүниежүзілік банкі, Халықаралық қаржы фонды, Дүниежүзілік сауда ұйымы және көптеген батыстық институттарының жұмысында негіз болған теория. Яғни, “Modus Operandi” ретінде осы теорияны қабылдаған. Бұл көзқарас бойынша, мемлекет еркін саудаға араласпауы керек және халықаралық бәсекелестікті тежейтін барлық жағдайларға жол берілмеуі керек. Дамыған мемлекетте бір тауар арзаңға өндірілетін болса, дамып жатқан ел, сол тауарды өзі қымбатқа өндірмей, арзан тауарға импорт арқылы қол жеткізуі. Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше болған ел — жергілікті өндірісті қорғау үшін субсидиялау, тарифтік емес қорғау саясатын және жоғары тарифтерді қолдана алмайды. Бұл өндірісі дамыған елдерге экспортты арттыру үшін тиімді жағдай, ал өндірісі әлі дамымаған елдер көбінесе ұтылады. Мәселен, Михалапоус және Тарр деген батыстық ғалымдар ТМД елдер арасындағы кедендік одақ құруға байланысты мақаласында тиімсіз деген тұжырымға келеді. Себебі, дамып жатқан елдер арасындағы ынтымақтастық технологияның дамуына оң әсер етпейді. Сонда, дамыған елмен біріксең, ол өз технологиясымен бөліседі мыс. 
Ал жалпы экономикалық интеграцияны алатын болсақ, бұл әр елдің тағдырында бар десек те болады. Өйткені, қазіргі жағдайда интеграциясыз елдің дамуы қиын. Делік, кішкене А мемлекеті жоғары импорт тарифтерін бекітіп немесе өндірушіге тікелей қаржы бөліп көмектессе, ол тек қана өз нарығында сата алады. Егер көрші Б еліне сатамын десе, халықаралық нормаларға сәйкес, А елінің өндірушісіне қатысты Б елі антидэмпинг шараларын қолданып, тауарды сатқызбайды. Б елі мұндай шараны өз өндірушісін шетелдік арзан тауардан қорғау үшін жасайды. Малайзия, Түркия сынды қарқынды дамып жатқан елдер интеграцияның пайдасын түсініп, импорттың орнын басатын саясат орнына экспортқа бағдарланған саясатқа өткен ғасырдың соңында көшкен. Бірақ олар толығымен нарығын ашып, еркін саудаға барудан бұрын, жоғары тариф пен квоталарды қолданып, өндірушісін қолдаған.

Ресейдің жоғары тарифтерді қолдануы, жергілікті өндірушіні қорғаудан туындаған. Кедендік одақтан бұрын, Ресейдін сыртқы елдерге кедендік тарифтері 15-20% аралығында, ал Қазақстандікі 5-10% аралығында болған. Кедендік одақтын әсерін зерттегенде тек ғана тұтынушы тұрғысынан қарасақ жаңылысамыз.

Одақ туралы біраз кәсіпкерлермен сұхбаттасқанда, көбісінің негативті көзқараста екені байқалады. Бұның себебі, бізде кәсіп жасайтын адамдардың көбісі саудамен, көбінесе импортпен айналысады. Қытайдан, Еуропадан, Түркиядан арзанырағын тауып, елімізде сатады. Әрине сауда жасап, табыс тапқан жақсы. Бірақ, ұзақ мерзімді, әсіресе, өндірістің даму жағын ойласақ, одаққа деген көзқарас басқа болар ма еді. Кәсіпкерлікпен айналыспайтын азаматымыз да шетелдік тауардың қымбаттағанын уайымдайды. Әсіресе көлік бағасына келгенде қынжылады. Ал бізде өндіріс дамымай жатса, әсіресе орта шағын бизнесіміз нашар болса, онда жұмыс орны қайдан болады, табысты қайдан аламыз? Арзан ескі шетелдік көлікті сатып алып, таксист боламыз ба? Қазір таксистің табысы да азайып кетті, өйткені таксист саны көбейді.

Біздің кәсіпкер мен инвестиция жасауға жағдайы бар азаматымыз зат әкеліп сатуға құмар немесе пәтер мен жер сатып алатын. Өйткені, тез баюдың жолы, әсіресе, дағдарыстан бұрын спекуляция шырқап кетті. Үй мен жерді сатып алып, кейін оның бағасы өскен соң сатуды кәсіп деп санайтындар аз емес. Осы кәсіпке көбелектей ұшып, күйіп қалғандар өте көп. Таксиге отырғанымда, жүргізушісі санын ұрып отырғанын көрдім. Кезінде құрылыс саласында жақсы жұмысы болған, екі джип машинасы және Алматының төңірегінде жері де. Кейін ақшаға ақша қосам деп, несиеге тағы да жер алған. Оның бағасы өскен соң сатамын деп отырғанда, дағдарыс болып кетті де, енді жерін сатып, көлігін арзандауына ауыстырып, соның арқасында күн көріп жүр.

Ал өндіріс саласына келсек, онымен айналасуға көп адам тәуекел ете қоймайды. Машақаты көп, құрылыс жоспарын бекіту бір жылға  созылып кетіп жатады, тексерушілер де көп, өндірілген тауарды сату үшін де жарнамалауды жақсы біліп, көп ақша жұмсау керек. Елімізде орта және шағын бизнесті қолдайтын мемлекеттік бағдарламалар бар, мараторилер де жарияланып жатады. Бірақ сонда да әлі түзететін жағдайлар аз емес. Парақорлықпен күрес және қаржы табу жағы қиындау. Банктердің несиесі жоғары, венчурлік капитал жоқтын қасы. Әсіресе, шағын бизнестің қаржы көздері өте аз. Егер кедендік одақ шенберінде қарастыратын болсақ, Ресей мен Белорусьтың жағдайы да мәз емес, біздегі шешілмеген түйіндер оларда да шешімін тапқан дей алмаймыз.

Ең жоғары трибуналардаң  орта және шағын бизнесті дамыту және экономиканы түрлендіру қажеттілігі  көп айтылады. Өйткені, біз экспортты  алсақ, оның тоқсан пайызынан асқаны шикізат. Ол да көбінесе ірі және шетелдік корпорациялардың экспорты. Ал шағын бизнес — мемлекеттін тірегі. Шағын бизнес жұмыс орнын қалыптастырады, әлеуметтік теңсіздікті азайтады. Әсіресе шағын және орта бизнестің ішінде өндіріспен айналасатындардың маңызы өте зор. Егер осындай өндіруші тұрғысынан қарайтын болсақ Кедендік одақтың әкелетін пайдалары да жетерлік. Тек қана алдымызда оларды дұрыс игеріп, қолдана білу міндеті тұр. 
Кедендік одақ біріншіден, біздің кәсіпкерді арзан шетелдік тауарлардаң қорғайды. Жеңіл өнеркәсіп саласын алайық. Айталық, отандық шапан өндіруші пайда табу үшін өнімін 11 мыңға сатуы керек. Ал, Қытайдан келетін шапанның бағасы кеденге келгенде 10 мың теңге деп есептейік. Кедендік одақ құрылмай тұрып, қытайлық өңдіруші 5 пайыз тариф төлегеннен кейін Қазақстан нарығына 10500 теңгеден сататын. Қытайдың өндірушісі жүз мыңдап шығарғандықтан өндіріс құны азырақ болады, жергілікті өндірушіміз онымен бәсекелестікте шыдамайды. Бағасын төмендетсе әрең күн көріп, өндірісін тоқтатады. Өндірісті бастауды ойлап жүрген инвесторымыз да бас тартады. Ал кедендік одақ құрылғаннан кейін кедендік тариф 20 пайызға өсіп, қытайдың шапаны нарығымызға кіргенде бағасы 12 мың теңге болады. Өндірушіміз 11 – 12 мың аралығында тауарын сатып, жағдайы келсе Ресей және Беларусь нарығына одақтан бұрыңғы жағдаймен салыстырғанда азырақ шығынмен экспорт жасай алады. 
«Қытай өнімдеріне қарсы бәсекелестік қабілетіміз күшейсе дағы Ресей мен Беларусь өнімдері Қазақстан нарығын басып кетеді» – дейтін де көп. Ресей және Беларусь тауарлырына одақ құрылмай тұрып та тариф болмаған. Яғни, басып кететіндей болса, бұдан бұрын да тежейтін саясат жүргізілмейтін, нарығымыз оларға ашық болатын. Тек қана, кедендік рәсімдеу және құжаттар үшін аз ақы алынатын және Қосымша құн салығы импорттаушы тарапынан дереу төленетін. Керісінше, біздің өндіруші Ресей нарығына тауарын жеткіземін дегенде Ресей тарапынан тарифтік емес тосқауылдарға және көптеген әкімшілік кедергілерге ұшырайтын. Кедендік одақ бұл тосқауылдарды азайтса, экспорттауға қолайлық болады. 
Кедендік одақтың тағы бір потенциалды артықшылығы — шетелдік инвестицияның келуі. Малайзия, Оңтүстік Корея және Тайвань (Қытай) сияқты мемлекеттердің дамуында АҚШ және Жапондық инвесторлардың маңызы зор. Малайзия экспортының 40 пайызға жуығы электроника өнімдері, текстиль 20 пайыз төңірегінде. Бұл елдер шетелдік инвестицияларды жоғары технологиялық секторларға бағыттай білген. Қазақстан да шетелдік инвесторлар жағынан жетім емес, 1993 – 2008 жылдары аралығында 90 миллиард АҚШ доллар көлімінде инвестиция тартылған. Бірақ бұл мөлшердің 69 пайызы кен қазу саласы мен геологиялық барлау қызметтері. Ендігі мақсат, экономикамыздың диверсификациясы үшін шетелдік инвестицияларды шикізаттан басқа салаларға тарту. Кедендік одақтың құрылуы шетелдік инвестицияның келуіне «тарифті аттап өту эффектісі» арқылы әсер етеді. Жоғарыдағы шапан мысалын қолданатын болсақ, Қытай өндірушісі 20 пайыздық тарифті төлемеу үшін фабрикасын Қазақстанда ашқан жағдайда ғана біздің өндірушімен бәсекелесе алады. Кедендік одақтан бұрын 15 миллиондық нарығы бар Қазақстанда фабрика ашуды тиімсіз санап, Қытай өндірушісі елімізге экспорттауды таңдайтын. Нәтижесінде, тек қана 10 шақты азамытымыз сатушылық жұмысымен қамтамасыз етілетін. Тарифтеріміз де өте төмен болғандықтан, Қытай компаниясына жергілікті өндірушіні шыдатпайтын. Ал кедендік одақ құрылғалы тариф өрлеп кетті және оған қоса 15 миллиондық нарық орнына 170 миллиондық нарыққа жол ашылды. Енді қытайлық компания одақ мүшелері мемелекеттер ішінде бизнесті жүргізуге ең қолайлысын таңдап, өндіріс ашуды ойлай бастайды. Бізде салықтар Беларусь пен Ресейге қарағанда төменірек. Ендігі жерде, жергілікті жұмысшыларды пайдалану және технология трансфері мәселелерін қолға алып, шетелдік инвесторларды тарту үшін кәсіпкерлік инфраструктураны дамытсақ, елімізге шетелдік технологиянын келуінін пайдасын көреміз.

Әрине, кедендік одақтың  құрылуынан және интеграцияның одан әрі жалғасуынан туындайтын біраз  мәселелер де бар. Ресейге экономикалық және саяси жақтан тәуелділігіміздің  артуы, тариф кірістерін бөлісу және тұтынушы үшін тауардың қымбаттауы сияқты қиындықтар туындауы сөзсіз. Жоғарыда көрсетілген одақтың пайда әкелетін жақтары да жергілікті кәсіпкер мен мемлекеттің өзара ынтымақтастығымен ғана көрініс табады. Әсіресе, саудамен айналысып, капитал жинаған кәсіпкерлер және басқа да инвестиция жасауға мүмкіншілігі бар азаматтарымыз интеграциялық процесстерден қорықпай, одан пайда табу жолын қарастыруы керек. 
Біріншіден, шетелдік инвесторлармен бірігіп, өндіріс ашуға, олардың тәжрибесін, технологиясын елімізге әкелуге қазір бір мүмкіндік туып жатыр. Екіншіден, өз мүдделерін мемелекетаралық платформада қорғау және сыртқы нарыққа шығу үшін жаңа ассоциациялар құру немесе бар болғандарын күшейту уақыты келді. Мәселен, Түрік елінің текстиль өндірушілері бірігіп Ыстанбул қаласында лабаратория ашқан. Оның сапа сертификаттарын кез келген мықты деген әлемдік деңгейде жұмыс істейтін киім сататын компаниялар қабылдайды. Кәсіпкеріміз кедендік одақтың мүмкіншіліктерін пайдаланып, аяққа тұрып алса ДСҰ-ға кіруіміз де жеңіл болмақ. Біз интеграциядан бас тарта алмаймыз. Бірақ оны бізге пайдалы бағытқа бұру – интеграцияны дұрыс түсініп, азаматтық позициямызды білдіріп, өз мүддемізді қорғауға тікелей байланысты.

Алайда,  біздің мақсатымыз  – Дүниежүзілік сауда ұйымына кіру. Өйткені бұл оған мүше елдерге өздерінің сауда – экономикалық мүдделерін көп – тарапты сауда келіссөздері барысында халықаралық сауданың жаңа ережелерін ескере отырып жүзеге асыруға жағдай жасайды. Елдің ішкі заңнамасын нарық экономикасына бейімдеуге де осы ұйым нормаларына сәйкестіктің көп көмегі болады. Елге капитал құю, оның ішінде тікелей шетел инвестицияларын тарту арқылы жаңа жұмыс орындарын құру, халықтың әл-ауқатын арттыру міндеттері дұрысырақ шешіледі. Мемлекеттік жүйе өкілдерінің тарапынан сауда шектеулері саясатын, сыбайлас жемқорлықты болдырмау жүзеге асырылады. Сонымен бірге біз өзіміздің ұлттық мүдделерімізді, ел қауіпсіздігін ұдайы назарда ұстауға тиіспіз.

 

 

Қорытынды

Сарапшылардың пікірінше, Кеден одағы Қазақстандағы миллиондаған адамның кәсібіне қауіп төндіреді. Елде сырттан тауар тасып әкеліп, оны ішкі базарда саудаға шығаратын бизнес түрімен айналысып жүрген соншама адам бар.

Бірыңғай кеден кодексінің күшіне енген соң тауар тасымалдап әкелетін кәсіпкерлер тағы бір жеңілдіктен  айырылды. Бұрын жеке кәсіпкерлер  Қазақстанға әкелетін тауарларын кеденнен өткізгенде оңайлатылған әдіс бойынша  рәсімдейтін. Кәсіпкердің тауарына қосылған құн салығы салынбай, ол әкеле жатқан затына онша көп емес мөлшерде кедендік баж салығын төлеп, тауарды тұтынушыларға жеткізетін.

Ал енді Қазақстан  бойынша ондай жеңілдік жасалмайтын  болды. Бұдан былай кеденнен тауар  алып өту үшін кәсіпкер фирмасын тіркеп, барлық салықтарды толық көлемде төлеуге міндетті болады. Бұл нақты заңдастыру үшін жасалып жатқан өзгеріс деп айтылып отыр.

Кедендік одаққа қатысты  жаңа өзгерістер қарапайым тұтынушыларға  да соққы болып тиеді деп санайды  Алматы кәсіпкерлері ассоциациясының президенті Виктор Ямбаев. Оның айтуынша, осы жағдайдың салдарынан тұрғындардың автомашина сатып алу мүмкіндігі шектеледі, ал Ресейдің бәсекеге қабілетсіз автокөліктеріне артықшылық жасалады.

Жаңа кедендік кодексті 1990 жылдарға қарай кері шегіну деп  бағалаған мамандар, бұл кодекс ірі қаржылық топтарға тиімді болады деген пікірге келіп отыр. Олар үшін нарықтағы бәсеке жеңілдеп, көздеген мүдделеріне жетуге жаңа мүмкіндіктер ашылмақ.

Сонымен қорыта келе, Кеден  Одағының Қазақстан нарығы үшін пайдасы  басым ба әлде теріс тұстары басым ба деген сұраққа жан – жақты пікір естуге болатынына көз жеткіздік. Дегенмен еліміздің Кеден Одағының мүшесі бола отырып қандай жетістіктерге жететінін уақыт еншісіне қалдыруға тура келеді.

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

 

1. www.abai.kz Ақпараттық порталы;

 

2. Дала мен Қала  газеті;

 

3. Егемен Қазақстан  газеті


Кеден Одағының жұмыс істеу ерекшеліктері: даму мәселелері мен келешегі