Әлеуметтану ғылымының даму тарихы

Әлеуметтану ғылымының даму тарихы

  1. Әлеуметтану ғылымының пайда болуы.
  2. Әлеуметтанудың дамуындағы  классикалық кезең:
  1. О.Конт әлеуметтанудың негізін салушы;
  1. Г.Спенсердің әлеуметтанулық ой-пікірлері;
  2. К.Маркстың формациялық жүйесі;
  3. Э.Дюркгеймнің әлеуметтік институттар теориясы;
  4. М.Вебердің рациональді қоғамы;
  5. Т. Парсонстың «Әлеуметтік іс-әрекет» теориясы;
  6. Р.Мертонның «Ортаңғы деңгей» теориясы.

 

1.Қандай да ғылым болмасын белгілі бір объективтік қажеттіліктерге, өмір сұранысына байланысты пайда болады. Сондықтан біздің нақтылы ғылым туралы біліміміз шектеулі, біржақты, үстірт болмау үшін әрбір ғылымның шығу, пайда болу тарихын білу қажет.

Әлеуметтанудың шығуының түп-тамыры көне заманға ұласады. Бұдан мыңдаған жылдар бұрын грек ойшылдары әлеуметтануға  қатысты мәселелермен айналысқанын байқаймыз. Олар біздің жыл санауымыздан бұрынғы ІV ғасырда өмір сүрген гретің ұлы ойшылдары Платонның «Заңдар», «Мемлекет туралы» еңбектері мен Аристотельдің «Саясат», т.б. еңбектерінде әдет-ғұрыптарды, салт-дәстүрлерді, адамдардың өзара          қарым-қатынастарын зерттеп, оларды қорытып, қоғамды, оның әлеуметтік саласын одан әрі жетілдіруге бағытталған практикалық ұсыныстар жасады.

Платонның «Мемлекет туралы» еңбегіндегі негізгі тұжырым әлеуметтік мәселелерді сыни талдаулардан өткізіп, қоғамды жетілдіруге бағытталған саяси ұсыныстар жасау болып табылады. «Қоғам басшысынан бастап бұзылады» деп, ол зиялылардан адамгершілік тазалықты талап етеді. «Қоғамды билеудің негізгі құралы билік жасау емес, бедел». Платонның ойынша, мемлекеттің ойдағыдай өмір сүруін қоғамның негізгі үш құрамдас бөлігінің (өндірушілер, әскерлер, билеушілер) үйлесімді ықпалдастығы қамтамасыз етеді.

Аристотельдің пікірінше, мемлекеттің негізгі мақсаты қоғамда көптің бәріне ортақ игіліктер мен әлеуметтік әділеттілікке жету болып табылады. Бұған белгілі бір заңдар мен билік құрылымдарына негізделген берік мемлекеттік ұйымдар арқылы ғана жету мүмкін екендігі ескеріледі.Бұл мәселелер жаңа дәуірде Макиавелли, Руссо, Гоббс, т.б. еңбектерінде де өткір тұжырымдалған.

Әлеуметтану ғылым ретінде өзінің даму жолында негізгі төрт кезеңнен өтті:

1-кезең. Әлеуметтану ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың  20-30 жылдарының басында қоғамдық құбылыстарды баяндау сипатында болды. Бұл кезеңде ол философиядан бөлініп шығып, қоғам, адам, осылардың дамуы туралы мәселелерді зерттеудің, түсіндірудің жаңа ғылыми, әдістемелік тұжырымдарын іздестіре бастады.

2-кезең. Қолданбалы әлеуметтану ХХ ғасырдың 30-60 жылдарын қамтиды. Бұл кезеңде әлеуметтанудың әдістемелік және әдістік аппаратын дайындау басталды, әлеуметтану эксперименталды (практикалық) ғылымға айналды.

3-кезең. ХХ ғасырдың 60-90 жылдарын қамтитын кезеңде әлеуметтану өзінің теорияларын, алуан түрлі ой-тұжырымдарын өмірде қолдана бастады. Қазіргі кезде Батыс елдерінде парламент және президент сайлауларының қарсаңында нақтылы әлеуметтік зерттеулер жүргізіліп отырады.

4-кезең. Бүгінгі таңда әлеуметтану әлемдік шеңберде жүйелі білімге айналды. Бұл кезеңде әлеуметтану ғылымында алуан түрлі тұжырымдамалар, көптеген теориялар пайда болды.

2.Әлеуметтану ХІХ ғасырдың 30-40 жылдары өз алдына дербес ғылым болып қалыптасты. Оның негізін салушы француз оқымыстысы Огюст Конт. Ол 1839 жылы 6 томдық «Позитивтік философия курсы» атты еңбектің ескертпесінде мен әлеуметтік құбылыстарға тән іргелі заңдар жиынтығын оң зерделеуге қатысты жаңа терминді пайдалануға тәуекел етуге тиіспін деген болатын. Ол термин «Әлеуметтану» болатын.

О.Конт жүйесі боынша жеке адам, қоғам, жалпы адамзат өзінің дамуында міндетті түрде үш сатыдан өтеді.

Бірінші теологиялық немесе жалған сатыда (адамзаттың пайда болуынан бастап біздің заманымыздың 1300 жылына дейін) адам санасы құбылыстардың бастапқы немесе соңғы себептерін табуға тырысады. Ол «абсолюттік білімге ұмтылады». Теологиялық ойлау өз кезегінде дамудың үш кезеңінен өтеді: фетишизм, политеизм, монотеизм.

Екінші метафизикалық немесе абстрактілі сатыда (1300-1800) адам санасы құбылыстардың ішкі табиғатын, олардың мән-мағынасын қалыптасуының басты амалдарын ұғынуға, абстракциялар жолымен түсінуге тырысады. Олар сын тұрғысынан өткізіліп қаралады. Бұл кезең адамның интеллектуалды дамуының ғылыми түрін, яғни позитивизмді дайындады.

Ал, үшінші позитивті немесе шынайы ғылыми кезеңнің (1800 жылдан бастап) негізгі белгісі – мұнда ақыл-ой түпкі себептер мен мәндердің ақылға қонымсыз анықтамаларынан бас тартып, оның орнына заңдарды қарапайым зерттеуге, яғни «бақыланатын құбылыстар арасындағы тұрақты қатынастарға» жүгінеді.

О.Конттың пікірі бойынша қоғамның ілгері дамуының негізінде адамзаттың ақыл – ойының дамуы жатыр. Ал ғылым позитивтік сипатта болуы керек. Ол үшін нақтылы фактілерді оқып, үйрену керек. Ғылымдардың дамуы бір кезеңнен екінші кезеңге өтуі ретпен болады. Бұл арада басшылыққа алатын қағида – ғылымға қарапайымнан күрделіге, төменнен жоғарыға қарай дамуы тән. О.Конт әлеуметтік құбылыстарды зерттеуде әлеуметтік фактілерді бақылау әдісіне үлкен мән береді. Өйткені, бақылау ғылымға объективтілік береді. Оның еңбектерінде «бақылау» сөзінің екі мағынасы (кең және тар) байқалады. Кең мағынада, («жалпы бақылау өнері») бақылау позитивті әдіснаманы сипаттап, еркін құрылымға қарсы тұратын әмбебап амал болып табылады. Тар мағынада, бақылау әлеуметтануда қолданылатын ғылымның басты үш әдісінің («таза байқау; тәжірибе, салыстырмалы әдіс») бірі болып табылады.

О. Конттың ойынша, әлеуметтанудың  салыстырмалы әдісі салыстырудың бірнеше әдістерінен немесе тәсілдерінен тұрады.                    Біріншісі – адамдар мен жануарлар қауымдастықтарын салыстыру. Бұл әдістің құндылығы әлеуметтік ынтымақтастықтың неғұрлым  қарапайым және әмбебап заңдарын анықтауға мүмкіндік береді. Екіншісі – жер шарының әр түрлі аймақтарындағы адамзат қоғамының әр түрлі қатар өмір сүру жағдайларын салыстыру. Бұл әдіс ғаламшардың әртүрлі бөлігіндегі қазіргі халықтар арасындағы неғұрлым өркениетті ұлттардың бұдан бұрынғы жай-күйлерін анықтап, «адамзаттың іргелі дамуының қажетті және тұрақты тепе – теңдігін» негіздейді. Зерттудің  үшінші «объективті» әдісі – тәжірибе. Конт әлеуметтануда физикадағы сияқты құбылыстарды жасанды ету арқылы тікелей тәжірибе жасау мүмкін емес деп есептеген.

О.Конттың әлеуметтанулық тұжырымдамалары әлеуметтік статика және әлеуметтік динамика деген бөлімдерден тұрады. Олардың біріншісінің объектісі – «тыныштық қалпындағы» қоғам болса, екіншісінің                      объектісі – «қозғалыс қалпындағы» қоғам болып табылады. Әлеуметтік статика әлеуметтік организмнің құрылымын зерттейтін әлеуметтік анатомия болса, әлеуметтік серпін оның жүзеге асуын қарастыратын әлеуметтік физиология. Осы әлеуметтік динамикада Конт қоғамның ілгері дамуы туралы теорияны одан әрі жетілдіреді.

О.Конттың ой-пікірлері, идеясын одан әрі дамытқан ағылшын әлеуметтанушысы Герберт Спенсер (1820-1903 ж.ж.) болды. Оның көзқарасына қысқаша тоқтасақ, Г.Спенсердің әлеуметтану теорясы негізгі екі мәселеден тұрады. Бұл екі ой-пікір, идея Ч.Дарвинның биологиялық түрлердің пайда болу теориясының негізінде пайда болған:

  1. Қоғамды биологиялық организм ретінде қарау;
  2. Әлеуметтік эволюция идеясы.

Адам қоғамы тірі организмге ұқсас, сондықтан оған биолгиялық заңдар тән Ч.Дарвиннің биологиялық заңына сәйкес табиғаттағы жыртқыш жануарлардың тіршілік үшін күрес заңына қоғамдағы таптардың күресі ұқсас. Г.Спенсер тірі организмдердің жүйке жүйесін мемелекеттік басқару мекемелерінің қызметімен теңестіреді. Г.Спенсер қоғам мен организм арасында кейбір ерекшеліктер туралы,ой-пікір қозғады. Мысалы, қоғамдағы адам (индивид) қоғамнан біршама тәуелсіз тұрады, ал, организмнің бөліктер мен элементтері оның тұтастығын құрайды, оған тәуелді. Қоғамда, керісінше, тұтастық өзінің бөліктерінің, игілігі үшін өмір сүреді. Г.Спенсердің бұл ойлары қоғамды бір жүйе деп қарауға мүмкіндік беретіндей жол ашты.

Г.Спенсердің қоғамды организммен теңестіруі қоғамды іштей үш жүйелес салаға бөлуге әкеледі. Олар:

1) қолдаушы;

2) материалдық игілікті өндіру көзіне (экономикаға);

3) қоғамның жеке бөліктерінің  арасындағы.

Г.Спенсер эволюция деп аталатын үдеріске жалпы мынадай анықтама берді. Эволюция дегеніміз – қозғалыстың барысында зат белгісіз, байланыссыз әртектілік күйінен белгілі, өзара байланысқан әртекті күйге өтетін заттар интеграциясы. Кез келген эволюция материяны соның алдындағы тепе – теңдік, біртекті күйінен шығарып, әртекті бөлшектердің жиынтығына айналдырудан басталады.

Г.Спенсер қоғамның әлеуметтік ұрылымын талдай келе, әлеуметтік институттардың 6 тұрпатын атап көрсеткен. Оларға туыстық, білім, саяси, шіркеу, кәсіби және өндірістік тұрпаттар жатады. Өзінің еңбектерінде (Социология как предмет изучения. СПБ, 1986; Основные начала, СПБ,1897, Основание социологии, СПБ, 1906г.) әлеуметтік институттардың эволюциясын зерттеген. 
Г.Спенсер әлеуметтаншулардың ішінен бірінші болып, осы ғылымға жаңа ұғым, терминдерді қосты. Олар: әлеуметтік жүйе, әлеуметтік институт, әлеуметтік бақылау, құрылым және функция, т.б. Бірақ, ол бұларды өзінше түсінді.

 

О.Конт пен Г.Спенсердің кезінде әлеуметтану ғылымында өзінше ерекше ой-пікір айтып, әлеуметтанудың айырықша тұжырымдамасын жасаған Карл Маркс (1818-1883 ж.ж.) болды. Дегенмен, К.Маркстің әлеуметтану теориясында көптеген бағалы ой-пікірлер, тұжырымдар бар. Оны мыналардан байқауға болады:

1. К.Маркс мінсіздендірілген, абстракталы қоғам жағдайына  тән даму теориясына қарсы шығып, өзінің нағыз, шынайы фактілерге негізделген қоғамның объективтік –материалистік теориясын жасады, қоғамның дамуын “формация”, яғни, ерекше бір құбылыс ретінде қарастырды. Ол қоғамның дамуын мынадай формацияларға бөлді:

  1. Алғашқы қауымдық құрылыс;
  2. Құл иеленушілік;
  3. Феодализм;
  4. Коммунизм;
  5. Капитализм.

2. К.Маркс қоғамның даму  заңдарын түсіндіргенде, әр уақытта  экономиканы (яғни, өндірістік тәсілді, оның ішінде өндіргіш күштерді, оларға сәйкес өндірістік қатынастарды) ең басты, қозғаушы, шешуші күш  деп санады;

3. Қоғамның дамуын (детерменизм) бір формацияның, оған тән өндірісітік  тәсілдің екінші бір формациямен  ауысуымен байланыстырды;

4. К.Маркстың әдістемесінде  қоғам дамуының екі басты үлгісі  бар:

а) органикалық,

 б) механикалық. Біріншісі, әлеуметтік эволюциялық процесті түсіндіру үшін қолданылады. Басқаша айтқанда, бірінші үлгі қоғамды тарихи процесс ретінде қарастырады. Екінші үлгі, формацияның негізгі екі компоненті – базис пен қондырманы талдағанда, олардың арасындағы қатынастарды механизм ретінде түсіндіреді.

5. К.Маркс әлеуметтік құрылым (яғни, қоғамды таптарға, топтарға, жікке  бөлу) теориясын жасаған авторладың  бірі болды. Жікке, топқа бөлудің негізгі, басты белгісі өндірістік құрал-жабдықтарына меншік формасына байланысты екенін көрсетті.

Сөйтіп К.Маркс қоғамның әлеуметтік құрылымын экономикалық таптардың қатынастары арқылы анықталады деп көрсетті. Осыған орай К.Маркс жеке тұлғаны зерттеудің қажеттілігін айтып, оны қоғамдық қатынастардың жиынтығы деп түсіндірді. Маркстік әлеуметтанудың кемшіліктері де болды. Батыс әлеуметтанушыларын қоғам дамуының бірден-бір қозғаушы, негізгі күші тек экономикалық қатынастарда деген Маркстік теорияны сынға алды. Бұл жерде К.Маркс қоғамның рухани- мәдени факторларының мәні мен мазмұнын төмендетті деп айыптады. Экономикалық факторлардың рөлін жоғары, асыра-бағалап қараудың нәтижесінде жіктеу теориясының бір жақты, бір өлшемді екенін аңғартты. Мұнда ол тек қана өндірістік құрал-сайманды меншік қатынасы арқылы анықтап, жіктердің пайда болуына себеп болатын басқа әлеуметтік саяси факторларға, мысалы, өкімет, билік, мәртебелік, бедел, абырой, артықшылық, т.б. есепке алмады.

К.Маркс тарихтағы таптар арасындағы әлеуметтік ымыраға келу, ынтымақтастық мәселелеріне де көңіл бөлмеді. Ал, бұл кейінгілер қазіргі әлеуметтану ғылымында ең бір көкейтесті мәселелердің бірі болып саналады. Маркстік әлеуметтану теориясының тағы бір кемшілігі, оның басқа ілімдерден оқшаулануында болды. Осылардың бәріне қарамастан Маркстік әлеуметтану теориясы көп елдерге тарап, дамыды (әсіресе КСРО-да).

Әлеуметтанудың классикалық негізін салушылардың ірі өкілінің бірі, әрі өте беделдісі –Эмиль Дюркгейм (1858-1917 ж.ж.). Қазіргі әлеуметтану көбіне Э.Дюркгеймнің классикалық мұрасына сүйенеді. Өзінің әлеуметтануында ол әлеуметтік таным процесінің әдістемесіне көп көңіл аударды. Ал, бұл методология “социализм” деп аталады. Социализмнің мәні мен мазмұны әлеуметтілікте. Тек әлеуметтілік арқылы зерттеу, басқаша айтқанда, қандай да бір әлеуметтік құбылысты, процесті алмайық, олардың бәрі әлеуметтік ортамен байланыста өмір сүреді. Қоғам – ерекше құбылыс, оны табиғатпен, психикамен шатастырып, алмастыруға болмайды. Әлеуметанудың методологиясы (яғни, әдістемелері) жаратылыстану ғылымдарына ұқсас болуы қажет, әлеуметтану өз алдына ғылымға айналуы үшін оған белгілі бір жағдайлар қажет, осылардың ішінде оның тек қана өзі зерттейтін, өзіне ғана тән пәні мен таным әдістемелері болуы керек. Э.Дюркгеймнің пікірінше, әлеуметтану әлеуметтік нақты мәні бар, оған ғана тиісті қатынастарды, олардың сапаларын терең зерттеуі керек.  
Әлеуметтік нақтылықтың негізгі элементі- әлеуметтік фактілер, осылардың жиынтығынан қоғам құралады. Осы фактілер әлеуметтанудың пәнін құрайды. Оның басты мақсаты құбылыстарға түрткі болатын заңдылықтарды ашып тұжырымдау. Э.Дюркгейм әлеуметтік фактілерге бастапқы түсінікті (елестетуді) жапқызады. Ұжымдық ұғымға әр түрлі адам өмірінің моралдік, басқаша айтқанда, әдет-ғұрып, дәстүр, тәртіп ережелері, т.б. кіреді. Ал, олар объективті түрде өмір сүреді.

Э.Дюркгейм қоғамды ерекше субстанция ретінде қарастырды, оны топтық саны мен топтық мінез-құлық ерекшеліктерімен салыстыра отырып түсіндірген. Топ ойлайды, сезінеді, іс-әрекет, қимыл жасайды. Ал, бұл топтың мінез-құлқы оның әрбір жеке мүшесінің ой-сезім, іс-әрекетінен басқаша. Бұл постулатты (яғни, еш қандай дәлелді керек етпейтін жорамалдарды) Э.Дюркгейм барлық қоғамға қолданады. Әлеуметтік фактілер индивидтен (адамнан) тәуелсіз, ол да табиғат құбылыстары сияқты, бірақ, олар адамға еріксіз түрде әсер етіп, оның қоғамда бір тәртіппен жүруін талап етеді. Әлеуметтік фактілердің объективті сипатта өмір сүруі оларды зат ретінде зерттеуге итермелейді, онда жаратылыстанудың кейбір әдістері (мысалы, бақылау, салыстыру, гипотеза (болжам), эксперимент, т.б.) қолданылады. Әлеуметтік фактілер адам өмір сүруіндегі іс-әрекеттерінің бейнесі (суреті, образы), ал, бұл іс-әрекет белгілі және белгісіз болуы мүмкін, бірақ, олардың адамға сырттай ықпал ететін қабілеті болады. Жасөспірім бала дайын тұрған даму заңдарына жататын әдет-ғұрыптарды, діни сенімді, тәртіп ережелерін сол дайын күйінде қабылдайды. Бірақ, бұлар оның                   таным-түйсігінде өздерінше қызмет атқарып, объективті өмір сүреді. 
Әлеуметтік фактілердің объективтік өмір сүруінің тағы бір салдары- ол адамдарға әсер етер отырып, оларды белгілі бір іс-әрекет жасауға итермелейді. Сөйтіп әрбір адам әлеуметтік мәжбүрлікке душар болады. Мысалы, адамның құқықтық және адамгершілік ережелерінің бұзылуы, ол қоғамдағы жалпы жағымсыз құбылыстардың басымдылығынан туып отырады. Мұндай жағдайлар басқа да әлеуметтік фактілерде кездесіп отырады.

Э.Дюркгеймнің тұжырымдамасында әлеуметтану қоғамдық ғылымдардың ішінде ең басты орынды алады. Оның міндеті –тек қана әлеуметтік фактілерді зерттеумен шектелмейді. Ол басқа қоғамдағы ғылымдарды ғылыми әдістемелер, теорияларымен қаруландырады. Э. Дюркгеймнің әлеуметтік теориясының өзегін әлеуметтік келісім, ынтымақтастық (теория солидарности) теориясы құрайды. Осы теорияны зерттеуге оның ең басты еңбегі – “Қоғамдық еңбектің бөлінуі” арналған. Бұл еңбегінде ол әлеуметтанудың басты міндеті-әлеуметтік байланыстар мен қатынастардың табиғатын және осы әлеуметтік бірліктердің негізін анықтау деп санады.

Э. Дюркгейм қоғамның тұтастығының негізі-ұжымдық сана. Яғни әр қоғамда тарихи қалыптасқан салт-дәстүрлердің, көзқарастардың, моральдік ережелердің жиынтығы болады. Қоғам мүшелерінің көпшілігі осы аталғандарды өздерінің күнделікті өмірлерінде, іс-әрекеттері мен қызметтерінде басшылыққа алып отырады. Қоғам дамуының ХІХ ғ. аяғы мен ХХ ғ. басындағы өзгерістерге талдау жасай келе, Э. Дюркгейм ұжымдық санадағы өзгерістерге тоқталған. Оның пікірінше, экономикалық байланыстар әлеуметтік ұйымдастыруды, қоғамдық-еңбектің бөлінуін қамтамасыз етеді. Оның қоғамдық сананы біріктіру рөлі әлдеқайда төмен, өйткені діни сенім, әдет-ғұрыптар адамдардың санасында бұрынғыдай маңызды рөл атқармайды. Бұл –қоғамда адам одан біршама тәуелсіз, тыс тұрады да, оның бостандығы мен дербестігі қамтамасыз етіледі. 
Дегенмен, қазіргі қоғамды өткен көне қоғаммен салыстырғанда оның тұрақтылығын төмен, аномия (яғни, қоғамда адамдардың тәртібін, адамгершілік қасиеттерін басқарып реттеудің төмендеп кетуі) жағдайында болады. Э.Дюркгейм әдеттегі көне, архаикалық қоғамнан қазіргі индустриялды қоғамғаөту жолын талдай отырып, осы өтпелі кезеңде аномия құбылысының объективті орын алуын қорытындылайды. Оның пікірінше, аномия қоғамның белгілі бір кезеңінде адамның мінез-құлқының төмендеп, моральдық, яғни адамгершілік тұрғыдан басқару қиынға соғуынан, қоғамдағы негізгі әлеуметтік институттардың (яғни, мекеме, ұйымдардың) іс-әрекетінің тиімсіздігінен және әлеуметтік қайшылықтардың өсуінен байқалмақ.

Э.Дюркгейм нақтылы әлеуметтік зерттеулер негізінде соционализм постулатына сүйене отырып, адамдардың өзіне қол жұмсаудағы басты себебін анықтауға тырысады. Оның ойынша, адамның өзіне қол жұмсау әрекеті қоршаған әлеуметтік ортаның сипатына (түріне) байланысты болмақ. Нақтылай айтатын болсақ, оның тамыры ұжымдық байланыстардың деңгейі мен шапшаңдығына және әлеуметтік интеграцияның негізінде тетігінде жатыр. Э.Дюркгейм нақтылы әлеуметтік мазмұнда жиналған материалдар негізінде мынандай тамаша қорытындыға келеді: қоғамның даму деңгейі және интеграциясы жоғарылаған сайын адамның өз жанын қиюшылық әрекеті төмен болады және керісіншеде де солай. Осындай тұжырыммен Э.Дюркгейм әрбір әлеуметтік топтардағы өзін-өзі өлтірушіліктің түрліше деңгейін ашып берді. Мысалы, протестанттар мен католиктерді салыстырғанда бұл құбылылыс католиктерде бірнеше есе кем, ал, қалалар мен селоларды салыстырғанда қалаларда жоғары. Э.Дюркгейм өзін-өзі өлтірушіліктің 4 типін тұрпатын анықтап берді, олар: эгоистік, альтуристік, экономикалық және фаталистік. Бұлардың әрқайсысының өзіне тән құпиясы бар, шешілуі жолы жеке адам мен топтың қарым-қатынасына байланысты. Э.Дюргкеймнің бұл теориялық еңбегі қылмыстық істердің және девианттық (ауытқу) мінез-құлық әлеуметтануының негізін салды. Бірақ,    Э. Дюркгейм қылмыстық істердің психологиялық мотивтерін мойындамады. 
Ежелгі қоғамдар өміріне үңіле отырып және этнографиялық материалдардың негізінде Э.Дюркгейм діннің ерекше әлеуметтік тұжырымын да жасады. Ол дінді қоғамның өзі, қоғам барлық киеліктің, қасиеттіліктің шығатын көзі деп есептеді. Осыған орай әлеуметтік бірлікте дін шешуші рөл атқарады. Қоғам дінсіз өмір сүре алмайды. Дін қоғамдағы ең құнды, бағалы қасиеттерді бейнелейді.

Макс Вебер (1864-1920ж.ж) – батыстың ірі әлеуметтанушысы. Қазіргі әлеуметтану ғылымы М.Вебердің ой-тұжырымдарымен көп санасады. М.Вебердің әлеуметтану теориясы позитивистік теорияға қарсы шығу кезеңінде пайда болды. Позитивизмге қарсы шығу дәуірінде ол әлеуметтанудың өзгешелігін жақтай отырып, адам іс-әректін, қимылын “түсіну, ұғыну” теориясын қалыптастырады. 
М. Вебердің пікірінше, әлеуметтану қоғамның әлеуметтік-тарихи құбылыстарының субъективтік (яғни, адамның санасына, ойлауына байланысты) жақтарын, нақтылы айтсақ, адамның іс-әрекетінде, қызметінде оның мұң-мұқтажын, талап-тілегін, мақсатын, т.б. әр уақытта ескеріп отыруы керек. Осыған қосымша, әлеуметтану оны объектитілік пен эмпирикалық жағынан бақылап, тексеру жақтарын жоққа шығармауы керек. Оның басты міндеті – адамдардың іс-әрекетінің, қимылының мәнін, мағынасын, мазмұнын терең түсіну, ұғыну болып табылады. Осыларды еске ала отырып, қоғамның даму заңдарының себебін ашуға болады. 

М. Вебер өзінің әлеуметтану зерттеулерінде түсіну, ұғыну әдістеріне көп көңіл аударуына байланысты, оның әлеуметтану теориясы “түсіну, ұғыну теориясы” деп аталынды. Осыған орай ол нақтылы өмірге сәйкес методологиялық, логикалық жалпы ұғымдарды қалыптастырды. Бұл оның “идеалды типтер” әдісіне жақсы көрінеді. М. Вебердің пікірінше, идеалды тип (яғни, адалдықтың үлгісі шығармашылық қиял, елес жемісі.) Ол зерттелетін маңызды құбылыстарды адамның ой-пікірі мен идеализациясы (яғни, асыра дәріптеушілік, шындыққа теориялық бейнелеу – А.И.) негізінде жасалады.

Идеалды тип дегеніміз, ол объективтік эмпирикалық (яғни, тәжірибелік) шындықты бейнелеу емес, бұл зерттеуші ғалымның ойлауының, ой-пікірінің жемісінің теориялық құрылымы (яғни, идеясы). Идеалды тип зерттеушінің нақты материалды жүйелеп реттеудің бейне-кестесі. Идеалды типтік құрылымдар – бұл қажетті құбылыстар мен процестердің жалпы түйінді ұғымдары. Мысалы, “капитализм, “экономикалық адам”, “дін”, “хрестиандық”, т.б. М. Вебердің идеалдық типтерді осындай ұғымдар арқылы түсіндіруі оның “түсіну әлеуметтану” ілімінің негізі болып есептеледі. Осыларға сәйкес әлеуметтану өзінің шығу көзін, қалыптасу негізін адамның немесе адамдар тобының мінез-құлқынан бастауы қажет. Адам мінез-құлқын зерттеу әлеуметтанушыны әр уақытта қызықтарып отырады, өйткені әрбір адам өзінің тәртібіне, іс-әрекетіне белгілі бір мағына, мән береді, оны түсінуге тырысады. Осыған орай, әлеуметтану “түсіну” ғылымына айналады. М. Вебердің әлеуметтануы саналы адамның мінез-құлқы туралы ғылым ғана емес, сонымен бірге оның әлеуметтік іс-әрекеті туралы ғылым. Әлеуметтік іс-қимыл, әрекет адамның мінез-құлқымен бірдей, өйткені әлеуметтік іс-әрекет өзінше жеке – дара нысаланбайды, бағытталып өмір сүре алмайды, ол әр уақытта басқа біреуге бағытталды. М.Вебер іс-әрекеттің, қимылдың басқа біреуге бағытталуын тосу, күту, үміт ету (ожидание), дейді. Мұнсыз қандай да бір болмасын,                іс-әрекет, қимыл әлеуметтік болып саналмайды. Сонымен, түсіну әлеуметтануының пәніне саналы әлеуметтік іс-әрекет жатады. Бұл әлеуметтік іс-әректтің бірнеше түрлері болады. Олардың ең бастысы, мақсатқа сәйкес келетін іс-әрекет (целерацинальное действие). Бұл мақсатқа сәйкес келетін   іс-әрекет, тұлғаның ойлаған мақсатына жетуі үшін қолданылады. Бұл жолда тұлға өзіне сәйкес қажетті құралдарды қолданады. Сондықтан, М.Вебердің пікірінше, мақсатқа сәйкес келетін іс-әрекет, қимыл негізгі идеалдық тип болып саналады, ал, саналы емес іс-әрекет, оның төмендеуі әр уақытта тәртіптен ауытқуға (девиацияға) әкеледі. Әлеуметтік іс-әрекеттің ақылдығы, парасаттылығы, ақылға жеңдірушілігі – тарихи процесстің басты бағыты. Ақыл-парасаттылық, ақылға жеңдірушілік тек қана адам және топ тәртібінде ғана болатын қасиет емес, сонымен қатар шаруашылықты басқаруға, жалпы адам өмір салтына да тән қасиет. М. Вебердің пікірінше, капитализмнен бұрын болған қоғамдарда салт-дәстүр маңызды орын алды.                          

Ақыл-парасаттылық тек қана капиталистік қоғамдық өмірді ұйымдастырудың негізгі принципінде (яғни, басшылыққа алып отыратын ой-пікір) болады. Бұл жерде М. Вебер ойының тағы бір қыры ашылып отыр – ол экономиканы дінмен байланыстырады. “Протестанттық этика және капитализм рухы” деген еңбегінде М. Вебер діни-этикалық нұсқаулардың экономикалық іс- әрекетке ықпалын түсіндіруге тырысты. М. Вебер осы тұрғыдан діни сенімдердің, діни этиканың, әсіресе, оның адамгершілік ілімін капиталистік экономика дамуының негізгі ынталандыру факторы және адамдардың еңбек сүйгіштігін, ұқыптылығын, әділеттілігін, белсенділігін, т.б қалыптасуын қамтамасыз етіп отыратын фактор ретінде қарады. 
М. Вебер капиталистік қоғамды үнемі мақтамайды. Ол бұл қоғамның алуан турлі өлшемдерін, күрделілігін, ондағы орын алып отырған қайшылықтарды, әсіресе, алуан түрлі таптар мен топтар арасындағы қарым-қатынастарды жақсы біліп талдап отырды.

М. Вебер әлеуметтік топтарды зерттеді. Ол топтарды ең алдымен беделіне, мәртебесіне, қадіріне (престиж) және жай-күйіне,                             жағдай-тұрмысына қарай бөлді, олардың арасындағы дау-дамай, жанжалды дұрыс бейнелеп көрсетті. Ол шенеуніктік – бюрократтық аппараттың билікті пайдаланып, адамдарға көп қысым жасап отырғанын атап көрсетті. Ол осымен қатар Маркстің пролетариат диктатурасы туралы ілімін өткір сынға алды. Вебердің бұл пікірлері де көпшіліктің көңілінен шықты. М. Вебердің пікірінше, еуропалық өркениеттің (мәдениеттің) даму процесінде қоғамдық өмірде парасаттылықтың (әсіресе, экономикада, саясатта, ғылымда, исскуствода) күшеюі байқалады.  Батыс Еуропа капитализмінің дамуындағы ақыл-ой, парасаттылықтың ықпалын зерттеу оның “Протестантская этика и дух капитализма” атты еңбегінде негізгі тақырып ретінде қаралған. Бұл еңбегінде М.Вебер капитализмнің пайда болуына К.Маркс көрсеткендей жалғыз экономикалық алғышарттар себеп болған жоқ. Сонымен қатар әлеуметтік, рухани, мәдени, әсіресе, діни-этикалық алғышарттардың ықпалы тиді. Бұлардың ішінде протестанттық діни этика адамдардың санасына, шаруашылыққа саналы және ұқыптылықпен қарауды, ықыластықты, т.б. құндылықтарды сіңіре берді. Мұның өзі капиталистік кәсіпкерлердің, өндіріс қожайындарының шығуының, қалыптасуының қажетті алғышарттары да болды.

 

М. Вебер саяси әлеуметтануы дамытуға да үлкен үлес қосты. Өзінің әлеуметтік іс-әрекет тұжырымдамасына сүйене отырып, ол саяси билікті үш түрге бөлді:

1) харизматикалық;

2) дәстүрлік;

3) бюрократты.

Харизматикалық үстем ету – яғни соқыр сезіммен көсемге сенуге негізделген. Дәстүрлік – дәстүр мен салтқа негізделген; ал бюрократтық деп ресми қызметтегі адамдардың, азаматтардың мүддесіне нұқсан келтіріп, өз міндеттерін формальды түрде атқаратын үстем ету формасы. Осыдан барып “бюрократизм” деген ұнамсыз ұғым пайда болды. Бюрократизм – істің мәніне немқұрайлы формальды қарау, істі көпке созу. Екінші жағынан, мұның өзі бюрократтардың кәсіби деңгейі мен адамгершілік қасиеттерінің төмендігін, қызмет тәжірибесінің кемдігін дәлелдейді. 
Мұнда М.Вебер биліктің легитимдігі, яғни заңдылығын тілге тиек етіп отыр. Басқаша айтқанда, легитимдік дегеніміз, халықтың үстем етіп отырған саяси билікті мойындауы болып табылады. Демократиялық жағдайда мемлекеттік билік легитимді болуы үшін, ол халықтың қалауы бойынша қалыптасуы және көпшіліктің еркіне сай жүзеге асырылуы керек. Яғни мемлекттік биліктің иесін тура немесе жанама түрде белгілі бір мерзімге халық сайлайды және оның жұмысын бақылап отыруға мүмкіндік болуы қажет. Екіншіден, мемлекттік билік конститутциялық қағидаларға сәйкес жүзеге асырылуы тиіс. Осыған сәйкес жоғарыда көрсетілгендей М.Вебер легитимдіктің үш түрін көрсетті:

  1. харизматикалық легитимдік;
  2. әдет-ғұрып легитимділігі;
  3. ақыл-парасат, құқық легитимдігі.

Бұл тұрғыдан алғанда өкіметтің бюрократтық үстем ету түрі формальды, заңға сүйенген, құқықтық өкімет болды. Мұндай өкіметтік үстем ету еуропалық капитализмнің пайда болу кезеңінде шықты. Бұл басқа үстемдік етудің үлгісінен біршама жоғары тұрғанымен әлі күнге солқылдақтық танытып келеді. Бұл тығырықтан шығудың бір жолы, Вебердің ойынша, плебицитарлық демократияны дамыту.

Плебицит –ерекше маңызды мәселе туралы барлық халықтың ой-пікірін сұрау, анықтау негізінде үстемдік ету. Бұл жалпы халыққа саяси лидерді (мысалы, президентті) сайлауға мүмкіндік береді. Осыған орай жаңадан сайланған лидер елді халық атынан басқаруға мүмкіндік алады.  
М.Вебер әлеуметтік страфикация (жіктелу) теориясының негізін салды. Веберлік әлеуметтік стратификацияның өлшемі бойынша жалғыз ғана экономикалық факторлар, яғни меншік формасына ғана емес, сонымен бірге оған саяси (өкімет) және статус, престиж (қадір, бедел, мәртебе), өлшемдері қолданылады. Осыған сәйкес әлеуметтік стратификация (жіктелу) теориясы көп өлшемді болуы мүмкін деп тұжырымдайды.

Талкотт Парсоностың (1902-1979ж.ж.) көп еңбектерінің ішінде біз оның екі негізгі еңбегін, яғни әлеуметтік іс-әрекет, қимыл («социальное действие») және құрылымды-функциональды талдау («структурно-функциональный анализ») қарастырғанымыз орынды болады. Бұлардың қысқаша мазмұны мен мәні мынадай, қандай да бір әлеуметтік іс-әрекет, қимылдың болуында қажетті шарттар бар. Әрекет қимыл, біріншіден, оны жүргізетін адамды, екіншіден, нақты жағдайды, үшінші мақсатпен белгілі бір заң нормаларына (ережелеріне) сүйенген шартты жағдайларды қажет етеді.

Т. Парсонстың пікірінше, әрбір әрекет, қимылдың өзін-өзі ұйымдастыратын белгілі жүйесі, оның шартты белгілері (символдары) бар. Олар: мысалы, тіл, құндылықтар,                  іс-әрекеттің, белгілі бір нормативтік ережеге сәйкес, яғни іс-әрекеттің, қоғамда қабылдаған нормаларға, құндылыққа тәуелді болуы.

«Әлеуметтік іс-әрекет» теориясының ең негізгі ұғымы – «әрекеттер жүйесі».      Т.Парсонс әрекеттер жүйесіне әлеуметтік болмыстың, шындықтың (социальная реальность) алуан түрлі деңгейлерін, олардың бір-бірімен өзара белгілі бір байланысын жатқызады. Әрбір жүйе дұрыс іс-әрекет, қимыл, қызмет атқару үшін жүйенің құнды тұрпатын сақтау; интегация құрылымы, мақсатқа жету (целедостижение), бейімделу (адаптация) сияқты 4 шартты ескеру қажет. Басқаша айтқанда, бұл өзгермейтін (инвариантный) функционалды мәселелер жиынтығы. Ол әрбір жүйеде және оның бөліктерінде шешіліп отыруы керек. Т. Парсонстың қандай да бір теориялық құрылымын алмайық, оның әрқайсысында қайталанып отыратын ой өзегі, басты пікірі (леймотив) болады. Ол - әлеуметтік жүйенің тұрақтылығын көрсететін құрылым және оның зерттеу механизмі. Осы міндетті ойдағыдай шешуге Т. Парсонстың екінші теориясы, яғни «құрылымдық – функционалды талдау» бағытталған. Бұл теорияға сәйкес қоғам және оның жеке жүйелерінің белгілі бір функцияларды орындауы қарастырылады.

Әлеуметтану ғылымының даму тарихы