Мақал-мәтелдердің тәрбиелік мәні



ӘОЖ 811.512.122'373.222                                       Қолжазба құқығында 

 

 

 

 

 

 

АККОЖИНА БАЯН КАНАТОВНА

 

 

 

ҚАЗАҚ ТІЛІНДЕГІ

ЖӘНДІК АТАУЛАРЫНЫҢ ЛИНГВИСТИКАЛЫҚ

ЖӘНЕ  ЭТНОМӘДЕНИ  ТАБИҒАТЫ

 

 

 

 

 

 

10.02.02 – Қазақ тілі

 

 

 

 

Филология ғылымдарының кандидаты ғылыми

дәрежесін алу үшін дайындалған диссертациясының

 

авторефераты

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Қазақстан Республикасы

Алматы, 2010

Жұмыс Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінің қазақ филологиясы кафедрасында орындалды

 

 

       Ғылыми жетекші:                             филология ғылымдарының докторы,

                                                                    профессор Б.Қ.Қалиев

 

 

       Ресми оппоненттер:                           филология ғылымдарының докторы,

                                                                     доцент М.С.Атабаева

 

                                                                     филология ғылымдарының кандидаты,

                                                                    доцент С.Қ.Суатай

 

 

       Жетекші ұйым:                                    А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі

                                                                     институты

 

      

      Диссертация 2010 жылы «11»  қараша сағат  14.00-де Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің жанындағы филология ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін беру жөніндегі Д14.09.04 диссертациялық кеңесінің мәжілісінде қорғалады.  

      

 

Мекен-жайы: 050010, Алматы қаласы, Достық даңғылы 13, кіші конференц-зал.           

 

 

      Диссертациямен Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ғылыми кітапханасында танысуға болады.

 

     

 

 

Автореферат 2010 жылы «09» қазанда таратылды.

 

 

 

 

 

Диссертациялық кеңестің ғалым хатшысы,

филология ғылымдарының докторы,

профессор                                                                           Г.С.Қосымова

                                              

                                                           КІРІСПЕ

 

       Жұмыстың жалпы сипаттамасы. Қазақ халқы үшін, яғни негізгі өмір сүру көзі – мал шаруашылығы болған дала қазағы үшін әбден таныс, тұрмыс-тіршілігінде де, тілдік жүйесінде де (паремиологиялық, фраезологиялық қорында да) жиі ұшырасатын, жалпы адамзат тіршілігімен біте қайнасып жататын табиғат құбылысының бір бөлшегі – жәндік атаулары күні бүгінге дейін тілдік тұрғыдан арнайы зерттелген емес. Байқап қарасақ, тілімізде жәндік атауларының өзі арнайы бір сөздік құрастыруға лайықты қоры бар, тілдің барлық жүйесінде (терминологиялық, диалектологиялық, паремиологиялық, фразеологиялық) кеңінен көрініс табатын  тілдің зерттеу нысаны бола алады. Ұсынылып отырған диссертациялық зерттеу жұмысы қазақ тіліндегі жәндік атауларының лингвокогнитивтік негізін, лексика-семантикалық және сөзжасамдық жүйесін анықтауға арналған.

       Зерттеу жұмысының өзектілігі. Жәндік атаулары негізінен биологиялық, зоологиялық оқулықтарда, ғылыми еңбектерде және ішінара түсіндірме сөздіктер мен орфографиялық сөздіктерде, терминдер сөздігінде жиі кездеседі. Бірақ бұндай атауларды тілдік тұрғыдан талдап, зерттеген арнайы ғылыми еңбек жоқтың қасы. Сондықтан тілдік қорымыздың оннан бірін құрап отырған жәндік атауларын жеке зерттеу нысаны етіп ала отырып, халықтың сол бір тіршілік иелері туралы таным-түсінігі мен психологиялық көзқарасын анықтау, халықтың  соларға берген сипаттамасын, теңеуін, өзге дүниені танытуда салыстыра қолдануын, адамның мінез-құлқы мен қимыл-қозғалысын әсірелеп танытуда әлгі жәндік атауларын тілге тиек етуін айқындау лексикология, терминология саласына қатысты тілдік зерттеулерде өзекті болады деп ойлаймыз.

      Тіліміздегі жәндік атауларын арнайы зерттеу – қазақ тіл білімі лексикология саласының тың, өзекті мәселелерін ашып бере алады; мән-мағыналары ашылмаған кейбір атауларды анықтауға, халықтың дүниетанымы мен жәндік туралы ұғым-түсініктерін айқындауға негіз болады.

      Зерттеу нысаны – қазақ тіліндегі төл және кірме жәндік атаулары, олардың мағыналары мен дүниетанымдық сипаты, жәндіктерге қатысты теңеулер, мақал-мәтелдер, жұмбақтар, фразеологизмдер, сондай-ақ афоризмдер, мифтік әңгімелер.

      Зерттеу пәні – қазақ тіліндегі жәндік атаулары, олардың семантикасы.           

      Зерттеудің мақсаты мен міндеттері. Жәндік атауларының лексика-семантикалық, сөзжасамдық және дүниетанымдық сипатын айқындау.

      Диссертацияда осы мақсатқа жету үшін мынадай міндеттерді шешу көзделді:

-         қазақ тіліндегі жәндік атауларын жинақтап, олардың   лексикалық,

сөзжасамдық  құрылымына талдау жасау; 

-         жинақталған жәндік атауларының ішіндегі төл атаулары мен кірме

жәндік атауларын жүйелеп, олардың уәждерін анықтау;

      - жәндік атауларын лексика-семантикалық топтарға бөлу; 

       - түркі тіліне ортақ       жәндік атауларын  саралап,   олардың   халықтық

дүниетанымдағы алатын орнын, одан туындаған наным-сенімдер мен ырым-тыйымдарды анықтау; 

-         жәндік   атауларына   қатысты     фразеологиялық және паремиологиялық

тілдік бірліктердің мән-мағынасын, маңызын ажыратып көрсету;   

-         жәндік атауларының уәждемелік сипатын анықтау;

-         күнделікті тұрмыстық бұйым атаулары мен киім-кешек атауларының

құрамындағы жәндік атауларының ұлттық-мәдени сырын айқындау;

-         жәндік атауларының ішіндегі қазақ халқы үшін киелі, қасиетті деп

саналатын жәндіктердің символдық мәнін ашу;

-         жәндіктерге   қатысты  жер-су атауларының мәнін, қойылу себептерін

сипаттау.

      Зерттеу жұмысының дереккөздері. Диссертациялық жұмыстың дереккөздері ретінде «Қазақ тілінің он томдық және он бес томдық түсіндірме сөздіктер», «Қазақ тілінің фраезологиялық сөздігі», «Қазақ тілінің салалық терминдер сөздігі», «Қазақ тілінің аймақтық сөздігі» және биология, зооология, жануартану оқулықтары алынды. Сондай-ақ,  қазақ жазушылары мен ақындарының көркем шығармалары, қазақтың мақал-мәтелдері мен жұмбақтары да қарастырылды.

       Зерттеудің әдіс-тәсілдері. Зерттеу жұмысында сипаттамалы, лексика-семантикалық, құрылымдық әдістер мен ғылыми талдаулардың лингвомәдениеттанымдық, лингвокогнитивтік, этнолингвистикалық тәсілдері қолданылды.

      Зерттеудің ғылыми жаңалығы мен нәтижелері:              

      - жәндік атаулары жинақталып, олар лексика-семантикалық топтарға (төл

және кірме атауларға) жіктелінді;

       - жәндік атауларына қатысты ұлттық аялық білім мен атаулардың антропоцентристік, лингвомәдениеттанымдық, лингвокогнитивтік мәні айқындалды;

       - жәндік атауларының лексикалық қабаттары мен сөзжасамдық құрылымы көрсетіліп, олардың лингвистикалық жүйесі сараланды;

       - жәндік атауларының уәждемелік сипаты анықталды;

       - жәндік атауларына қатысты теңеулер анықталып, олар адамның мінез-құлқын, көңіл-күйін бейнелеуде белсенді түрде қолданылатындығы дәйектелді;

      - жәндік атауларына қатысты фразеологизмдер мен мақал-мәтелдер сараланып, олардың дүниетанымдық сипаты көрсетілді.

       Зерттеу жұмысының теориялық және практикалық маңызы. Зерттеу жұмысының нәтижелері мен тұжырымдары тіл білімінің лексикология, терминология, этнолингвистика, лингвомәдениеттану  секілді салалары бойынша өзекті мәселелерді айқындауға және оларды теориялық тұрғыдан дамытуға үлес қосады. Зерттеу нәтижелері мен жинақталған тілдік материалдар фауна лексикасына қатысты зерттеулерде жаңа деңгейдегі антропоцентристік пайымдаулар жасауға мүмкіндік туғызады.

       Зерттеу   материалдарын     жоғары      оқу  орындарында лексикология, 

терминология, лингвомәдениеттану пәнінен дәріс беруде, семинар сабақтарын өткізуде және әртүрлі сөздіктер жасауда пайдалануға болады.

       Зерттеу жұмысы бойынша қорғауға ұсынылатын тұжырымдар:

       Жәндік   атауларын лингвистикалық   тұрғыдан  зерттеу – ат  қоюға

байланысты адамның ойлау қабілеті мен қиялын, дүниетанымын, халықтың рухани мәдениетін айқындап беретін бірден-бір көрсеткіш болып табылады.

       - Жәндікке берілген халық атауларының негізгі уәждемесі,   біріншіден,

сыртқы дене бітімі, түр-түсіне байланысты болса, екіншіден, жәндіктің жасайтын қимыл әрекетіне, жорғалаған, секірген, өрмелеген, ирелеңдеген, бұралаңдаған, бүкшиген, балпаңдаған, бүріскен, т.б. қозғалыстарына қатысты аталады. Оның өзіне тән қызметі мен өмір сүру тіршілігіне, қоршаған ортаға тигізер пайдасы мен зиянына және мекендейтін орнына, тіршілік ететін ұясына байланысты да атау беріледі.

-         Қазақ халқының дүниетанымында кең,   ауқымды     орын алған, өзіндік

күш-құдіреті мен адамға деген қатынасы негізінде тілдік қорда әртүрлі мағыналарға, сыни, бағалауыштық, коннотаттық мәндерге ие болған, мифологиялық, діни, пәлсафалық тұрғыдан ерекше бейнесі сомдалған, қазақ халқы үшін культтік мәні бар, символдық негізі бар  жылан – концепт бола алатындығын көрсетті.

      - Жәндік атаулары негізгі сөздік қорға кіріп, қазақ тілі лексиканың көне қабаттарынан саналады. Жәндік атауларының басым көпшілігі түркі тілдеріне ортақ  болып келіп, олардың сөзжасамдық құрылымы мен лексикалық мағынасы ұқсас болады. Бұл ұқсастық түркі халықтарының өткен тарихы мен мәдениетінен, таным-түсінігі мен дүниетанымдық деңгейінен  мол мәлімет береді.

      Жәндікке қатысты фразеологизмдер мен теңеулер, біріншіден, белгілі бір құбылысты атаудағы (номинация тарапынан) жетіспеушіліктің орнын толтыру үшін, екіншіден, тілдің коннотативтік қорын (бейнелі тілдік единицалар) байыту үшін тілде бар лексикалық бірліктерді түйдектеудің нәтижесінде жасалған.

      Жұмыстың талқылануы мен жариялануы. Республикалық ғылыми басылымдар мен жинақтарда диссертация тақырыбына байланысты 9 ғылыми мақала жарияланды.

     Зерттеу жұмысының құрылымы

      Жұмыс кіріспеден, екі тараудан, қорытындыдан және пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады.

 

Негізгі бөлім

      Зерттеу жұмысының кіріспе бөлімінде зерттеу тақырыбының өзектілігі, мақсаты мен міндеттері, зеттеудің негізгі нысаны, пәні, зерттеудің әдіс-тәсілдері, зерттеу дереккөздері, ғылыми жаңалығы, теориялық және практикалық маңызы, қорғауға ұсынылған тұжырымдар, жұмыстың жариялануы мен талқылануы туралы мағлұмат беріледі.                                     

Диссертацияның бірінші бөлімі «Жәндік атауларының лингвокогнитивтік

негізі» деп аталады. Бұл тарауда жәндік атауларының зерттелу дәрежесіне шолу жасалып, қазақ тілінің сөздік қорында бар жәндік атаулары топтастырылды. Киелі, қасиетті жәндік атаулары антропоцентристік аспектіде қарастырылды. Жәндіктерге қатысты ұлттық мәдени таным-түсініктен туындаған тілдік бірліктер лингвомәдени, лингвокогнитивтік тұрғыдан анықталды. Жәндік атауларының дүниетанымдық, символдық мәні ашылып, жәндіктерге байланысты мақал-мәтелдер мен теңеулер және оларға қатысты фразеологиялық тіркестер анықталды.

     1.1 Жәндік және жан-жануарлар атауларының зерттелінуі. Қазақ тіліндегі жәндік атаулары, халық дүниетанымындағы олардың мән-мағынасы, сипаты, номинативтік, терминологиялық жүйесі, ол атаулардың шығу негізі, уәждемесі, көркем мәтіндер мен мақал-мәтелдерде, нақыл сөздерде қолданысы, олардың этнолингвистикалық, лингвомәдени, дүниетанымдық (когнитивтік) сипаты мүлде зерттеуден тыс қалып отыр.

       Жануартану ғылымына сүйенсек, Қазақстанда мекендейтін  жәндіктердің 20 мыңнан аса түрі кездеседі екен. Демек, табиғат аясында өскен, әрі байқағыш, әрі сөз тапқыш қазақ халқы олардың бәріне атау беріп, айдар таққаны анық.  

      Қазақ тілінде жәндік атауларын арнайы зерттеген ғылыми еңбек жоқтың қасы. Дегенмен, қазақ тіліндегі жәндік атауына қатысты тың зерттеулер этнографиялық, мифологиялық, танымдық, философиялық тұрғыда талданып, мақала күйінде жарық көргендері де бар. Мысалы, Ғ.Ақпанбектің қарақұрт туралы халықтың таным-түсінігін, яғни «қарақұрт жеген қой семіз» деген наным-сенімін ғылыми тұрғыдан талдап көрсетеді [1,13]. Осы қатарға «Жылан» атауына қатысты жер-су аттары мен тайпа атауларының этимологиясын көне түркілір аңыздар негізінде зерттеуді көздейтін  Ғ.А.Меңлібаевтің  «Жылан тайпасы» және «Көшпелі ру-тайпалар арасындағы тарихи байланыстылық», «Жыланды атауы нені білдіреді» деген, «Бүгінгі жер атауы – бұрынғы ел атауы» атты мақалаларын, С.Жеңісқызының «Жылан символының мифтік семантикасы» атты мақаласын жатқызуға болады. Жыланның мифологиялық, діни тұрғыдан бейнеленіп, көнетүркілік таным-түсініктің сарқыншағы ретіндегі халық ауыз әдебиетінде терең сақталған бейнесі туралы мәліметтер С.Құрманұлының «Жылан жебеген тәуіп қыз» мақаласында,  Қ.Мұқтайдың  «Жыланның ойран ордасы» өлеңінде, С.Қондыбайдың  «Алпамыс» жырындағы жылан культінің сарқыншақтары» мақаласында, Т.Әсемқұловтың  «Жылан-қайыс» ырымының сипаттамасы», «Сарыжылан», «Жылан – Бапы ханның әлемі» атты мақалаларында, сондай-ақ З.Наурызбаеваның «Воинский инициатический ритуал кочевников «Жылан-кайыс» атты мақаласында кеңінен баяндалған [2].

      Жануартану ғылымында арнайы жәндік түрлері мен олардың табиғатын зерттеуге арналған еңбектерден бірқатар жәндік атауларымен танысуға және олардың адамға тигізер пайдасы мен іс-әрекеттері, тіршілік ерекшеліктері туралы мәлімет алуға мүмкіндік туды. Мысалы, Қ.Әмірғазиевтің «Насекомдар класы» (1978ж) еңбегінде жәндіктердің 16 класының жіктемесі, оның ішіндегі отряд топтамалары берілген. Г.В.Николаев пен Г.Ж.Орманованың «Құрлық буынаяқтылары» (2008ж) еңбегінде шыбын-шіркей, масалардан бастап, шегіртке, сараншаға дейінгі қатты қанатты, жарғақ қанатты, қос қанатты жәндіктер туралы сипаттама ұсынылған. С.Ордабековтың «Жануарлар мен жәндіктер тарататын аурулар» (1995) еңбегінде құрттардан жұғатын «жылауық», «қышыма», «аскаридоз», «острица», «оба», «іш сүзегі», «сары ауру», «тырысқақ», «кене энцефалиті» ауруларының түрлеріне медициналық сипаттама берілген. Қ.Қ.Уәлиеваның «Малға ауру тарататын омыртқасыз жәндіктер» (1971 ж) еңбегінде сорғыш құрт, таспа құрт, жұмыр құрт, тікенек басты құрттардың малға тарататын ауру түрлері (фасциоллоз, дикроцеллоз, т.б.) сипатталған. Ә.Т.Тілменбаевтың «Энтомология» (1994 ж) еңбегінде,  К.Түлешековтың «Насекомдар тіршілігі» (1982 ж) деген еңбектерінде жәндіктердің түрлері мен олардың топтары, отрядтары, класстары жік-жікке бөлініп, құрылысы мен тіршілік ету ортасы, адамға пайдасы мен зияны, көрсетілетін алғашқы көмектер мен жалпы сақтану шаралары туралы толық мәлімет берілген.

       Осы деректерді негізге ала отырып, жәндіктердің 1500-ға жуық атауын жинақтап, тілдің әр қырынан қарастыруға тырыстық. Ол үшін жәндіктердің әр алуан түрлілігімен, адамға, айнала қоршаған ортаға пайдалы ықпалы мен зиянды әрекеттерімен ерекшеленген белгілері басым болғандықтан, арнайы зерттеу бағытын таңдап алуды дұрыс көрдік.

       Жәндік атауларының түрлері, олардың халықтық атаулары, оларға қатысты мақал-мәтелдер мен тұрақты теңеулер, фразеологизмдер жіті талданады.  Әсіресе, халықтық атаулардың шығу негізі мен уәждемесіне кеңінен тоқталатын болғандықтан, құрылымдық лингвистика тәсілдерімен ғана емес, тіл біліміндегі антропоцентристік бағыттың зерттеу тәсілдерін де пайдаланамыз. 

       1.2 Жәндік атауларының топтастырылуы. Тіл білімінде лексика-семантикалық топқа немесе тақырыптық топқа  жәндіктердің ерекшелігі, түсі, мекендейтін орны, қызметі т.б. ортақ белгілеріне қарай топтастырылады. Тілімізде жәндік атауларының ғылыми және халықтық атаулары жиі қолданылып, баламалары жиі кездесетін болғандықтан, біз де оларды алдымен мекендейтін орнына,  пайдасы мен зияндылығына қарай топтастырғанды жөн көрдік. Әрине, лингвистикалық тұрғыдан бұлай болу дұрыс емес екендігін білеміз. Біздің бұл жердегі мақсатымыз – жәндік атауларын лексика-семантикалық немесе тақырыптық топтарға бөлу арқылы олардың мән-мағыналарын, ұғым-түсініктерін оқырмандарға таныстырып алу. Ондай топтар мыналар:

1. Бау-бақшаға, дәнді-дақылдарға, жемістерге зиян келтіретін жәндіктер;

2. Жан-жануарларға зиян келтіретін жәндіктер;

3. Адамда ауру тудыратын жәндіктер;

        4. Медицинада мен техникаға пайда келтіретін жәндіктер;

        5. Құм жәндіктері;

       6. Су жәндіктері;

7. Түн жәндіктері

1.3 Жәндік       атауларының      лингвокогнитивтік    мәні.      Тілді

антропоцентристік тұрғыдан зерттеуге негіз болатын  салалардың барлығы түптеп келгенде мынадай мәселелерді шешуді көздейді: 1) адамның тілге қалай ықпал жасайтынын анықтау, 2) тілдің адам санасына, ойлауына, мәдениетіне қандай әсер ететінін көрсету, 3) тілдің адамға қандай қызмет ететінін айқындау т.б. Басқаша айтсақ, тілді антропоцентристік бағыт адам арқылы тілдің табиғатын айқындау мәселесімен тікелей байланысты. Ғалым Ж.Манкееваның пікірінше, «Заттық мәдениет лексикасы – ұлттық, дәстүрлі мәдениетімізді тек атап қана қоймай, рухани танымдық та жүк арқалаған, тілдік құрал арқылы сақталған ұлттық топырағымыздың алтын өзегінің қайнар көздерінің бірі деп танылды» [3, 268].

      Әртүрлі халық бір затты өзінің күнделікті тәжірибесінде  қолданылатын жағынан танып, оны өзіне таныс құбылыстармен байланыстыратыны белгілі. Өмір шындығы мен тұрмыс-тіршілігі, тәжірибесі, салт-дәстүрі, наным-сенімі әртүрлі ұғым түрінде тілде сөзбен аталып бейнеленеді. Әр затты танып біліп, оны басқалардан ажыратқаннан кейін ғана оған ат қойылады. Бұл сияқты ажыратқыш белгілер (атаулар) әр қилы ұжымдық ортада әртүрлі болуы мүмкін. Тіл білімінде ол белгілер уәждер деп аталады. Мәселен, жәндікке берілген халықтық атаулардың уәждемелері, біріншіден, сыртқы дене бітіміне, түр-түсіне байланысты болса, екіншіден, жәндіктің жасайтын қимыл әрекетіне: жорғалау, секіру, өрмелеу, ирелеңдеу, бұралаңдау, бүкшиген, балпаңдаған, бүріскен, т.б. қозғалыстарына байланысты болады. Оның өзіне тән қызметі мен өмір сүру тіршілігіне, қоршаған ортаға тигізер пайдасы мен зиянына байланысты да атау беріледі.

       Жәндіктердің мекендейтін орнына,  тіршілік ететін ұясына сәйкес ат қойылады. Мысалы, мылтықшы – дәуіт жәндігінің халықтық атауы. Дәуіт айбат шеккенде артқы ұзын екі аяғын жоғары көтеріп, алдыңғы аяқтарына тіреп, ұзақ уақыт бойы діттеген дүниесін көздеп тұрған, қолына мылтық алған мергендей қозғалмастан тапшылмай тұрып қалады. Осы сыртқы бітім-болмысын мылтықшыға ұқсату негізінде дәуіт халық арасында  «мылтықшы» атанған. Ауызекі сөйленісте «мылтықшы жыланның көзін ойып ала береді» деп қолданады [4,514]. Молдабас – кесірткенің қосымша атауы. Оның сыртқы келбеті, әсіресе басы сәлде ораған молданың басына ұқсайтын болғандықтан, теңеу негізінде «молдабас» атауы халық арасына кең таралып, қолданымдық аясы да кеңейе түскен. Бұл атау сыртқы бітімін ұқсату, теңестіру уәжіне орай туындаған.

      Жәндіктердің ішкі, сыртқы бітім-болмысы мен тіршілігін мұқият бақылап, солардың қимыл-қозғалысынан жағымды не жағымсыз әсер алып отыратын байқампаз халқымыздың таным-түсінігінен туындаған бірқатар тұрақты тіркестермен маркерленген бірліктер қазіргі таңда жиі қолданылады. Айталық, бақа – ұзындау артқы аяқтары секіруге бейім келген, құйрықсыз су жәндігі. Одан мынандай атаулар мен тіркестер туындаған: 

     Бақа ауыз – арбаның оқтық ағашы енетін, алдыңғы дөңгелекке бекітілген ағаш. Бақа бас – жалпақ басты (етік). Бақа ине – кесте тігетін ине. Бақа көз – сыртына шығыңқы, томпақ көз. Бақа қыбыр – маңдымайтын, сылбыр қозғалыс. Бақа мойын – мойны қысқа. Бақа тамақ – бұғағы түсіңкі, салбыраңқы тамақ.

      Біздің зерттеуімізде, яғни жәндік атауларының ішінде халықтың дүниетанымында кең, ауқымды орын алған, өзіндік күш-құдіреті мен адамға деген қатынасы негізінде тілдік қорда әртүрлі мағыналарға, сыни, бағалауыштық, коннотаттық мәндерге ие болған, мифологиялық, діни, пәлсафалық тұрғыдан бейнесі ерекше сомдалған ЖЫЛАН атауын концепт ретінде қарастыруға әбден болады. А.Вежбицкаяның анықтамасы бойынша, концепт – бұл ақиқат әлемі туралы адамның мәдени-шартты түсінігін бейнелейтін «идеалды әлемнің объектісі» [5,15].

      Концепт ретінде қарастыру үшін жыланның жалпы тіршілігі, өзіндік ерекшелігі, айнала қоршаған ортаға қатынасы туралы мәліметтерді жинақтай келе мынадай жіктемелерге бөліп қарастырғанды жөн көрдік: 1) Жылан –қоршаған ортаға қауіпті жәндік; 2) Жылан – жер асты байлығының иесі; 3) Жылан – үйге кірген құт; 4) Жылан – қамшы; 5) Жылан – мүшел жылы; 6) Жылан – ырым нышаны, мифологиялық рудимент («Жылан-қайыс»); 7) Жылан – арғықазақ мифологиясындағы әйел бейнесі; 8) Жылан – түзу жолдың, өрімнің, жүрістің, ою-өрнектің үлгісі; 9) Жылан – арбаушы;  10) Жылан – зұлым, тілі ащы, зымиян, іші-бауырыңа еніп алып, бүлік тудыратын жағымсыз адам бейнесі.

      Қорыта келе айтарымыз, жылан культінің қазақ таным-түсінігінде, жалпы түркі халықтарының ой-санасында ерекше орын алатыны байқалады. Оған себеп, біріншіден, адамзат баласы пайда болғаннан бері өмірінде, тұрмыс-тіршілігінде біте қайнасып келе жатқан осы жәндіктің өзіндік мифтік тарихы. Екіншіден, әрі қорқыныш үрей тудыратын, әрі құт-берекенің иесі деп саналатын жыланның бейнесі халықтың сана-түйсігінде терең сақталып, тілінде, халық ауыз әдебиетінде, салт-дәстүрінде, наным-сенімі мен ырым-жоралғыларында өзіндік бейнесін қалдырған.               Сондықтан қазақ халқы үшін культтік мәні, символдық негізі бар жылан атауын концепт ретінде қарастыру арқылы ғана одан туындайтын тілдік бірліктерінің мән-мағынасын ашуға мүмкіндік туады деп есептейміз.

      1.4 Жәндік атауларының дүниетанымдық мәні. Дүниетаным адамның тұрмыс-тіршілігін, сана-сезімін, әлеуметтік, саяси жағдайларын, білім деңгейлерін, ұғым-түсініктерін анықтайды. Ұлттың басқа ұлттан ерекшеленуі, оның ойлау жүйесінен, рухани дүниесінен, әдет-ғұрыптарынан, салт-дәстүрлерінен, мінез-құлқынан  байқалады. Адамның осы қасиеттерінің барлығы адамның дүниетанымын қалыптастырады.

      Жәндіктердің адам танымында, ырым-тыйымдарында, наным-сенімінде ерекше орын алатыны, тіпті жыл мезгілдерінің өзгеру құбылыстарын сол жәндіктердің әрекетіне, қызметі мен қимыл-қозғалыстарына қарап болжауы, табиғат апаттарын сездіртетін жәндіктердің қасиеттерін қастерлеуі адам мен табиғаттың осы бір кішкене бөлшегінің арасындағы тығыз қарым-қатынасты, біте қайнасқан өмірді, тіршілік етер орны мен жұтар ауасы ортақ екенін байқатады. Жәндіктің адам өмірінде оның дүниетанымында айтарлықтай орын алғанын тілдік деректер (аңыз-әңгімелер, фразеологизмдер мен мақал-мәтелдер, жұмбақтар, нақыл сөздер) дәйектей түседі.

       1.4.1 Жәндіктердің символдық мәні. Адамдар дүниетанымындағы жәндіктерді де символ ретінде пайдаланады. Керлот Хуан Эдуардо «Словарь символов» деген еңбегінде: «Жылан – қуаттың, күштің символы дейді. Үндістанда жылан – өмірді жалғастырушы, мәңгіліктің, жанның  байлығы және кей жағдайда жасырын жатқан байлықтың символы деп есептейді. Сонымен қатар будда дінінде кобра жыланы – қорғаушының символы деп есептелінеді» [6,211]. Қытайда жылан – қулықтың және қауіптің символы. Қазіргі кезде жылан – медицинаның басты символы  – тілін сумаңдатқан жіңішке жылан XVI ғасырдан бастап қолданысқа енген. Бұл символды кеңес елі де 1924 жылы түпкілікті мақұлдаған. Жылан уының емдік қасиеті бар.

       Көбелек – қайтадан өмірге келудің символы, – дейді білетіндер. Өйткені бұл махаббатпен байланысты, отқа түсіп бара жатқан көбелектің бейнесі – адам жанының және көзсіздіктің символы. Көбелек Қытайда қуаныштың және ерлі-зайыптының бақыты деген қосымша мағына береді. Заирда, Орталық Азияда, Мексикада, Жаңа Зеландияда көбелек – адам жанының символы дейді. Ал Жапонияда көбелек – жас әйелдің, уақытша ашынаның, уақытша қызықтың символы деп, ал бір-бірімен билеп тұрған екі көбелекті жанұяның және ерлі-зайыптының бақытының символы деп білген. Бізде де көбелекті – «жеңілтектілік» деп ұқсақ болады. Өйткені қазіргі кезде «түнгі көбелектер» деген сөздер жиі қолданылып жүр. Түнгі көбелектер деп – қазақтың мінезінде бұрын болмаған қылықтар жасап жүрген қыздарды айтады. Айдаһар – алып күш пен ақылдылықтың белгісі. 

      Европалықтардың символы мен эмблемаларында құмырсқа  ара сияқты еңбекқорлықтың символы болып табылады. Құмырсқа – ХІХ ғасырда Скандинавия, АҚШ, Ұлыбританияда қайырымдылық қорымен айналысқан бірнеше қоғамдық ұйымдардың символы болған.

        Шегіртке – Египетте аштықтың, аурудың, көре алмаушылықтың символы. Шегірткенің пайда болуы барлық әлемге көптеген зияндығын әкелсе де, көне Қытайда оны «балалар амандығының» символы деп есептейді екен. Шекшек шегіртке (кузнечик) – Қытайда сәттіліктің эмблемасы. Ал Библия бойынша оны Құдай ашуының символы деп біледі.

      Қорыта айтсақ, қазақ халқы үшін жылан арбаушы күш-құдіреттің символы, қазыналы байлықтың қорғаушысы, құмырсқа – еңбекқорлықтың символы, шегіртке – ойсыздық, жалқаулықтың символы, көбелек – жеңілтекті, ақкөңілділіктің символы.

       Демек, белгілі бір халықтың дүниені көруі мен тануы, түсінуі мен түйсінуі, мәдени дәстүрлер контексіндегі образдар мен эталондар, стеоротиптер мен символдар әлемі тілде көрініс тауып, тіл арқылы жүзеге асатыны, тілдің мағыналық-мазмұндық жүйесінде бекитіні анық болды.

      1.4.2 Жәндіктерге байланысты мақал-мәтелдер мен теңеулер

      Мақал-мәтелдердің мазмұны көбінесе бір ғана ойды жеткізуді мақсат ете

отырып, оны айқындап дәйектей түсу үшін, өзге бір дүниемен теңестіре, салыстыра бейнелеу негізінде құрылады. Мысалы,  «Адам қатесіз болмас, Көл бақасыз болмас» мақалын алып қарайтын болсақ, «кез келген адам өмірде қателеседі, қателеспейтін адам болмайды» деген философиялық тұжырымды бақаның сусыз, яғни көлсіз тіршілік ете алмайтын физиологиялық ерекшелігімен салыстыру негізінде сипатталып отыр.  Осы секілді мазмұндағы мақал-мәтелдердің қатарына  «Жұмсақ ағаш құртқа жем, Жуас адам жұртқа жем», «Бақа жарығы сумен, Қатын жарығы ерімен», «Еңбексіз ит жер, бейнетсіз бит жер» деген мақалдар жатады.

      Келесі бір мақал түрінің мазмұндық құрылымы әсірелеу мақсатында айтылмақ ойды дәл жеткізуді көздейді. Мысалы, «айыр құйрық шаяннан айыр тілді адам жаман» деген мақалда адамның тілі айыр болмаса да, айырқұйрықты шаян секілді шағып, тістеп, жанына батырып, сүйектен өткізіп сөйлеу мінезі шаянның жеке физиологиялық ерекшелігі мен қорғаныштық мүшесіне теңелу арқылы салыстырмалы түрде бейнеленіп жеткізілген. Бұл жерде халықтың ұтқыр ойы, бейнелеу шеберлігі айрықша екені байқалады. Себебі, абстрактілі ұғымды заттық дүниемен оңтайлы үйлестіре теңестіру – күрделі ойлау жүйесінің жемісін көрсетеді.

      Енді бір мақалдардың мазмұндық құрылымы халықтың көпжылдық өмір тәжірибесінен, бақылап, зерделеп білген білімінен туындайды. Мысалы, «Жылан жылы жылыс болады, Жылқы жылы ұрыс болады, Қой жылы заңғар тоғыс болады» деген мақалдың мазмұны халықтың астрономиялық  білім тәжірибесінің негізінде туындаған ақпарат беруші мақалдар қатарынан орын алады.

      Тілімізде айдаһарға қатысты құрылған тұрақты теңеулерді мағынасына қарай сын-сипатты білдіруші теңеулер және іс-әрекет, қимыл-қозғалысты білдіруші теңеулер деп бөлуге болады.

Мақал-мәтелдердің тәрбиелік мәні