Аудит готовой продукции. 6

 

 

     АСТАНА

 

 

 

 

тарихи              тулгалар

 

 

 

 

 

 

ӘБУ НАСЫР ӘЛ ФАРАБИ

Әл Фараби 870 ж. Арыс өзенінің Сырдарияға келіп құятын жағасына орналасқан Фараб қаласында дүниеге келген. Толық аты-жөні әл Фараби Әбу Насыр Мұхаммед ибн Ұзлағ ибн Тархан, яғни әкесінің аты - Ұзлағ, ал арғы атасының аты - Тархан. Оның туған жері - ежелгі қазақ қаласы Отырарды арабтар Барфа, Фараб деп атаған, есімі осыдан келіп, Фарабтан шыққан Әбу Насыр болып аударылады. Қазіргі орны Оңтүстік Қазақстан облысы, Шәуілдір ауданының аумағы.

Әл Фарабиді неміс шығыстанушылары  ұлы, бірегей тұлға деп атап көрсетеді. Ғалым-энциклопедист, Ренессанс дәуірінің  қайнар бастауында тұрған ғұлама көзі тірі кезінде-ақ Аристотельден кейінгі "Екінші ұстаз" атанған. Жаратылыстану  ғылымын, білімін Бағдатта, Халебте (Алеппода) алған. Оны астрономия, логика, музыка теориясы, математика, этика, медицина, психология, құқық қызықтырды. Білімнің әр түрлі салаларын қамтитын 160 трактат жазған.

Исламмен, араб халифатымен байланысты барлық қалаларда болған. Ол сарайлық әбігершіліктен алыс өмір сүруді жөн көріп, ғұмырының соңғы жылдарын Сайф ад-Дауль Хамиданың қамқорлығымен Алеппо мен Шамда (Дамаскіде) өткізеді. Ол 80 жасында Шам шаһарында қайтыс болады. Сүйегі Кіші қақпалардың ар жағына қойылады. Ол жалпы теориялық ойлар әлемін жасап, өзіндік философиялық тұжырымдама ұсынды. Оның бұл көзқарастары қоғамдық пікірлерімен белгілі бір қақтығыстарға да ұшырады. Фараби өз шығармаларында араб, парсы, грек, үнді, түрік мәдениетінің жетістіктерін талдап, жақындастыра білді. Мұны "Үлкен музыка кітабы" атты еңбегінен де байқауға болады. Ол өз заманының ғылымын жүйелеуге ұмтылды.

Бұл ойын "Ғылым жігі жөніндегі сөз" атты трактатында көрсете білді. Фараби халыққа білім беруді армандады. Адамзат бойында ағарту мен дамуды біріктіргісі келді. Ұлы баба ұстанған мұраттың бір парасы мынадай: ғылымның қайнар көзіне ұмтылған адам өнегелі де жақсы тәрбиеленген болуы керек. Ең алдымен Құран, заң ғылымдарын оқуы керек. Адал, шыншыл болу керек. Бұзақылық, өтірік, алдау, арбаудан аулақ болу керек. Заңды тағайындарға жақындай отырып, заңдық негіздердің тірегін, сүнне мен шариғат ережелерін бұзбай, қажетті мүдделер арқылы еркін ойлы болуы керек.

Саяси этика мен философияның арқасында  шынайы бақытқа жетуге болатынын тапқан Фараби ізгілікті қала мен надан қаланы салыстырады. Бақыт пен лайықты өмірге барар жол, адам табиғаты, зиялы және этикалық кемелділік, нағыз әмірші жайындағы талдаулар әлі терең зерттеле қоймаған "Мемлекет қайраткерінің афоризмдері", "Азаматтық саясат", "Бақыттың жетістіктері" атты еңбектерінде өрбиді. Фарабише, бақыт - абсолюттік игілік. Адам кейбір заттарды (ақша, даңқ, қажеттілік және т. б.) өмірдің негізі деп ойлайды. Бірақ бақыттың не екенін танып-білу, оны мақсат етіп көздеп, сол мақсатқа жету үшін, үздіксіз соған қарай жүру үшін жанның теориялық жағын әбден жетік білу керек. Бұған тек ақылгөйлер ғана бара алады.

Фарабидің этикалық тұжырымдамасында негізгі орынды жақсылық санаты алады. Ойшыл "Әлеуметтік-этикалық трактатында": "Жақсылық негіздің атрибуты бола тұра, материяға кіреді, жақсылықтан жамандық болмысының жоқтығымен ажыратылады" - деп есептейді. "Музыка туралы үлкен трактатында" музыка ғылымының мәселелерін зерттейді (музыкалық дыбыстардың құрылысынан музыка мен поэзияның байланысына дейін). Музыканың жақсы жақтары мен оның тәрбиелік мәнін жан-жақты ашып көрсетеді. Музыканың әр түрлі жанрын жетілдіруде пайда болатын адам дарындылығының дәрежелерін талдайды. Әлеуметтік өмірдің шындығына тән кереметтілік тұрмыстық құбылыстардың шындығын көрсете білуде екенін дәйектейді.

Фараби адамзат құрметі үшін интеллект өте қажет нәрсе  деп есептейді. Ақыл халықтар арасындағы тартыстың (соғыстардың) мағынасыздығын көрсетеді. Содан олар "ең биік игілікке", яғни жер бетіндегі бақыт пен бейбітшілікке жету үшін "келісімге көшуіне тура келеді". Шынайы бақытқа жету үшін үнемі іздену мен оқу керек дейді. Өзінің "Әлеуметтік-этикалық трактатында" ғалым: "Үлгі-өнегенің арқасында бұзақылық та, керемет істер де шығады", - деп жазды.

Фараби "Ғылымды жіктеу және анықтау  туралы кітап" деген еңбегінде орта ғасырлық ғалымдардың ақырғы жігін ашып береді. Бұл кітап ғылым салаларының өзіндік жікке бөлінуімен ерекшеленеді.

Сайып келгенде, Әл-Фараби "Қайырлы  қала тұрғындарының кітабы", "Дүниедегі қозғалыстардың тұрақтылығы", "Музыканың үлкен кітабы", "Өлең сөз және шешендік туралы", "Өлең өнерінің қағидалары туралы трактат", "Логика", т. б. еңбектері - ғылым тарихында өзіндік орны бар дүниелер.

 

 

 

 

 

 

 

ЖҮСІП БАЛАСАҒҰН

 

Жүсіп Баласағұн өмірі жайында мәлімет мардымсыз. Ол 1017 жылы Қыз-Орду атымен белгілі Баласағұн қаласында дүниеге келген. Бұл қаланың орналасқан жері жөнінде түрлі пікір бар. Біріншісі Жетісуда, Шу жағалауында, Тоқмақ қаласынан алыс емес жерде десе, екіншісі Жамбыл облысының аумағында, Ақтөбенің жоғарғы жағы дейді. Кейбір деректерде Баласағұн қаласы Қарахан мемлекетінің қолөнер сауда орталығы болғанын айтады. Қағанаттың әлеуметтік-экономикалық өмірін отырықшы да көшпенді аралас шаруашылық құрады. Жүсіп Отырар, Шаш (Ташкент), Тараз, Шу жазығы, Ыстықкөл, Ферғана, Қашғар шаһарларында өркен жайған мәдени ортадан шыққан еді.

Білімді Фараб (Отырар), Қашғар, Бұхара қалаларынан алады. Араб, парсы тілдерінде еркін сөйлейді. Өзінің атақты философиялық-диалектологиялық "Құтты білік" дастанын Қарахан әулетінен шыққан Табғаш Қара Боғраханға арнады. Бұл үшін ақынға Хас Хаджиб (сарай министрі) атағы берілді. Поэманы толық көлемінде неміс тіліне аударысымен және түпнұсқасымен 1891-1900 жылдары В. В. Радлов ғылым әлеміне паш етті. 1896 ж. К. Керимов өзбек тіліне аударды. 1971 жылы Н. Гребнев "Бақытты болу ғылымы" деген атпен еркін аударма жасады. 1983 жылы С. Н. Иванов "Благодатное знание" деген атпен орыс оқырмандарына ұсынды. Ал 1986 жылы бұл дастанды ақын А. Егеубаев қазақ тіліне аударды.

"Құтты білік" поэмасы түрік тіліндегі энциклопедиялық шығарма болып табылады. Оны жазуда автор саяси әуенді басшылыққа алғандығын аңғару қиын емес. Ол қарахандар әулетіне жоғары дамыған Мавераннахр, Шығыс Түркістан тәрізді аудандарды басқарудың жолдарын үйретуге тырысты. Әрине, шығарма тек саяси трактат көлемінде қалып қоймай, орта ғасыр дәуірінің ғылым, мәдениет салаларын да қамтиды. Адам тағдыры, өмірінің мәні, орны мен әлемдегі рөлі жайындағы мәселелер де қаралады. Сонымен бірге, Баласағұн философиялық, шамандық, исламдық дүниетанымда болғандығын білеміз. Философияны поэзия арқылы жеткізу орта ғасырлық шығыстық үрдіс еді. Екінші бір қыры - исламға дейінгі әр түрлі нанымдар. Шығармадан шамандық түсініктер көрінеді. Исламдық идеология да елеулі орын алады. Бұл жайында А. Н. Романов пен С. Н. Иванов: "Жүсіп Баласағұнның "Құтты білік" поэмасы - ең алғаш, ең көне, әзірше жалғыз, мұсылман идеологиясының негізінде, осы идеологияны уағыздаушы ретінде түркі тілінде жазылған шығарма", - деп баға береді.

Баласағұнның жақсылық пен жамандық жайында айтқан мына бір ойын келтіре кетпесімізге болмайды: "Егер ол мейірімділер күшті, ал қатыгездер әлсіз болса, біз ауыр ойлардан тұнжырамас едік. Егер әлемде әділдік заң болса, тағдырымыздың қатыгездігіне наразы болмас едік".

Кітапқа көшпенділер тұрмысы мен аңшылық өнерін көрсететін нақыл сөздер, мақал-мәтелдер, тұрақты сөз тіркестері енген.

МАХМҰД ҚАШҚАРИ

Махмұд Қашқаридың толық аты-жөні Махмұд ибн Әл-Құсайын ибн Мұхаммед. Ол - XI ғасырда Қашқарда туып, Баласағұн қаласында өмір сүрген ғалым. Қарахандар ақсүйектері ортасынан шыққан. Әкесі Құсайын Мұхаммед Мавераннахрды жаулаушы Боғырханның немересі екен. Барыс ханның уәзірі болып (Ыстықкөлдің оңтүстік жағасы), кейіннен Қашқарға қоныс аударады. Сол жерде білім алып, әрі қарай Бұхара мен Нишапурде жалғастырады. Осы қалаларда оқып жүрген кезінде тіл, фольклор, этнография, география, жаңа жерге орнығу, түркі халықтарының менталитеті қызықтыра бастайды. Жинақтаған мол тәжірибесімен байқағанын ол өзінің басты еңбегі - "Диуани лұғати-ат-түрікте" зерделейді. Ғалымның бұл кітабы ерте орта ғасырлық түркі халқының энциклопедиясы есепті. Онда өте бағалы, кейбір жағдайларда таптырмайтын, XI ғасырда өмір сүрген көптеген түркі тайпалары жайындағы мәліметтер енгізілген. Сөздік этноним, топоним, рулық терминдер, әр түрлі қызмет атаулары, тағамдар мен сусын атаулары, үй, жабайы жануарлар, құстар, айлар мен апта күнтізбесі, дәрілік жабдықтар, астрономия, әскери, медициналық, діни т. б. атаулар қамтылған. Сол кездегі түркі халықтарының дүниені қабылдауы, этикалық нормалары мен құндылықтары, өзін-өзі ұстау әдеті тілге тиек етіледі. Әр түрлі тайпалар арасындағы тарихи-мәдени байланыстар, Қазақстан мен Орта Азия аумағында болған кейбір тарихи оқиғалар жайында (Мәселен, Ескендір Зұлқарнайын жорығы туралы) құнды мәліметтер бар. Тарихшылардың назарын өзіне аударған - шығармадағы дүние жүзінің түрікше картасы. Кітапта 400 мақал-мәтел бар. М. Қашқари оны 1072-1074 жылдары Халиф Әл-Мұқтадиға арнап құрастырған.

"... Түркі тілін үйренудің  қажеттілігін өмір талабы мен ақыл таразысы әбден дәлелдейді... Түрік, түрікмен, оғыз, жігіл, яғма, қырғыздардың сөздері мен сөйлеу мәнерлерін зерттеп, қажеттісін пайдаландым. Әрқайсысының тілі мен салты санама әбден қалыптасты. Соларды мұқият зерттеп, арнайы әліппелік тәртіпке келтірдім. Мәңгілік ескерткіш әрі таусылмас әдеби-көркем мұра боп қалсын деген ниетпен түркі елдерінің сөздігін жасап, кітапқа "Түркі сөздерінің жинағы" деп ат қойдым.

"Жинақты" сегіз бөлімге  топтастырдым... Әрбір тайпаның тілінен сөз жасауға болатын түбір сөздерін ғана алдым.

Түркі халықтарының... бәйіт-жырлары  мен... мақал-мәтелдерінен мысалдар келтірдім. Бұл кітапты пайдаланғандар кейінгілерге, олар өздерінен кейінгілерге жеткізсін деген ниетпен тағы біраз табылмайтын тіркестерді пайдаландым. Сөйтіп, бұл кітап ұрпақтан ұрпаққа халықтық мұраны қаз-қалпында жеткізу мақсатымен қиянға қанат қағып, әсемдік әлем - мәңгілік өмірге біржола жолдама алды", - деп жазды.

 

 

ҚОЖА АХМЕТ ЙАССАУИ

Қожа Ахмет Йассауи - сопылық поэзияның негізін салушы ақын, күллі Күншығыс мұсылмандарының рухани ұстазы болған ұлы ойшыл, діни қайраткер тұлға. "Мединада - Мұхаммед, Түркістанда - Қожа Ахмет" деген қанатты сөздің өзінен-ақ кезінде оның қандай қадір-құрметке бөленгенін аңғаруға болады. Әкесі Ибраһим Махмұд Сайрамда жасаған ғұлама кісі болыпты. Ахмет Йасы (Түркістан) қаласында дүниеге келген. Шешесі ертерек өледі де, жеті жасында әкесі дүние салады. Бала Ахметтің басты ұстазы, тәрбиешісі аталас туыс боп келетін Арыстанбаб екен. Ол өмірден қайтқаннан кейін, 17 жасында Йасы қаласына келеді. Дәл осы кезден бастап араб, шағатай, парсы, түркі тілдерінде өлеңдер жаза бастайды. Шығыс поэзиясы мен әдебиетіне көңіл қояды. Кейін Бұхарада Имам Жүсіп Хамаданидың діни медресесінде оқиды. Оны тәмәмдаған соң сопылық жолдың біраз ащы-тұщысын татып, көптеген қалаларды аралап, туған шаһары Түркістанға қайтып оралады да, Арыстанбаб қалап кеткен дәстүрді жалғастырады. Осында ол ислам дүниесі кең таныған кемеңгерге айналады... Ал 63 жасынан бастап қалған өмірін жер астында, яғни қылуетте өткізеді. Бұны Ахмет: "Пайғамбар жасына жеттім. Маған одан артықтың қажеті жоқ. Пайғамбар белгілеген мерзімнен артық өмір сүрудің керегі жоқ", - деп түсіндіреді. Қанша жыл ғұмыр кешкені жөнінде әр түрлі деректер бар. Бір деректе 73 жыл, келесілерінде 85 жас деп берген. Ж. Аймауытов ақынның 149-хикметіне сүйеніп, Йассауиді 125 жас жасаған дейді (онда 1041 ж. туған болады).

Әзірет Сұлтан атанған бабамыздың мәңгі өшпес асыл мұрасы - "Диуани хикмет" (Даналық кітабы) қыпшақ диалектілерімен  көне түркі тілінде жазылған. Түпнұсқасы сақталмаған. Бізге жеткені XV-XVI ғасырлардағы көшірмесі ғана. Ондай нұсқалар өте  көп. Олардың көбі Стамбұл, Қоқан, Ташкент, Мәскеу, Алматыда сақталған. Түркі тілдес адамдар Ахметтің "Хикметін" қиындықсыз оқи алды. Бұл шығарма түркі  халықтарының рухани жетістігі болып  табылады. Ол - шығармаларын оғыз-қыпшақ диалектісімен жазған ең алғашқы  дарынды түркі ақыны.

Исламның сопылық бұтағы VII-VIII ғғ. пайда болды. Ал "Диуани хикмет" мұсылмандық жолының негізгі  ережелері мен қағидаларын көрсетіп береді. Ұлы кітапта ақын исламдық төрт ұстынға - шариғат, тарихат, хақиқат, мағрипат мәселелеріне назар аударады. Шариғат - ислам дінінің заңдары, дәстүр-салттары. Тарихат - сопылық  ілім. Хақиқат - құдайға жақындау, қосылу. Мағрипат - дінді танып-білу. Ахметтің ойынша, шариғат, тарихат, мағрипатсыз  хақиқатқа (Аллаға жақындау) жетпек жоқ. Адамның өзін-өзі айқындауы оның рухани өмір танымынсыз, тіпті, қажет  болса, жанын берер шынайы берілусіз  мүмкін емес. Йассауи тақуалық пен  сабырлылыққа, тәубешіл болуға үндейді. Пайғамбардың "Иман жаны - ұят" деген  хадисін санаға құяды. Бұл дүниеде  жұмаққа апаратын алтын көпір  екен. Адамдарды әділдікке, қайырымдылық, мейірімділікке шақырады.

Оның жолын ұстанған шәкірттері мен сопылықты уағыздаушылар  түркістандық ғұламаны күллі әлемге таратты. Қожа Ахмет түркі халықтарының жаңа исламдық өркениеттегі халықтық ағымының арнасын анықтап берді. Ол жаңа діни идеологияны тәңірілік шамандықпен, зороастризммен біріктіре отырып, қоғамдық-әлеуметтік санаға сіңіруде көп еңбек етті.

Ахмет Йассауи арқасында сопылық  ілімнің философиялық жүйе ретінде  түркі халықтары рухани дүниетанымында шешуші маңызы болды. Егер түркі халқы  оған дейін Тәңірге сыйынса, енді олар бір Аллаға табынды. Осы арқылы олар Шығыс философиясы мен әлемдік діни пәлсапаны танып білді.

Әмір Темірдің бұйрығымен XIV ғасырда  Әзірет Сұлтан рухына арналып, Түркістанда архитектуралық ескерткіш орнатылды. Бұл жайында жергілікті халықта мынадай аңыз бар: "Қожа Ахмет Йассауи мазарын тұрғыза бастағанда, қара дауыл қабырғаларын ұшырып әкетеді. Осыдан кейін Темірдің түсіне шал (Қызыр) еніп, ол ең алдымен Ахметтің ұстазы Арыстанбабқа мазар тұрғызу жөнінде аян беріпті. Темір шалдың айтқанын екі етпей орындап, содан кейін барып қана өзі ойлаған жұмысына кіріседі".

Қажылыққа келгендер алдымен Арыстанбабтың басына түнеп, содан кейін барып Ахметке тәу еткен. 1982 жылдан бұл ескерткіш мемлекет қарауында. Керемет ғимараттың ұзындығы - 65,5 м, ені - 45,5 м, биіктігі 37,5 метрлік қақпалы порталы бар. Мазарда отызға жуық мешіт, кітапхана, залдар бар.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

МҰХАММЕД ХАЙДАР ДУЛАТИ

 

Ташкентте дүниеге келіп, Үндістандағы Кашмир уалаятында қайтыс болған. Атақты тарихшы, әдебиетші.

Мұхаммед Хайдар Дулатидің "Джаханнама" атты дастаны Моғолстан мен оған шекаралас облыстар бойынша жасалған әйгілі "Тарихи Рашиди" кітабына енген. Ата-бабалары оңтүстік-шығыс  Қазақстан аумағында, Моғолстан  мемлекетінің құрамындағы Қырғызстан мен Шығыс Түркістан жерінде  беделді саяси қайраткерлер болған. Олар ұлұсбектер, тархандар бола отырып, өздерінің мұрагерлік иелігі Маңғлай-Сүбенге  билік жүргізген. Әмір Болатшы (Пуладчи) XV ғасырдың орта шенінде Шағатай  мемлекетінің күйреу кезеңінде Тұғылық  Темірді осы мемлекеттің шығыс  бөлігінің ханы етіп тағайындады. Мұхаммед Хайдар Дулатидің тағы бір атасы - Әмір Хұдайдат ұлұсбек болған кезде  Моғолстан тағында алты ханды  ауыстырған. Мұхаммед Хайдар Дулатидің  арғы атасы Мұхаммед Хайдар мырза 1480 жылға дейін Қашғарияда билік  жүргізді. Оның әкесі Мұхаммед Хұсайын XV ғасырдың соңы, XVI ғасырдың басындағы  Моғолстанның шығыс бөлігінің басшысы  Сұлтан Махмұд ханның үзеңгілестерінің бірі болған. Мұхаммед Хайдар Дулатидің  анасы Хұбниғар ханым Жүніс хан  қызы екен, ал ол өзі шешесі жағынан  Сұлтан Саид пен Үндістанды билеген  Ұлы Моғолдар әулетінің негізін  қалаушы Захир-ад-дин Мұхаммед Бабырдың немере ағасы көрінеді.

Мұхаммед Хайдардың балалық  шағы Мұхаммед Шайбанидың өзбек көшпенділері қысымшылығымен Орта Азиядағы Темір  әулетінің мемлекеті өмір сүруін тоқтата бастаған кезеңінде, Моғолстанның күйреуі мен Қазақ хандығының өрлеген тұсында өтті. Сұлтан Махмұд хан мен Мұхаммед Шайбани арасындағы соғыс кезінде әкесі қаза болған соң, туыстары Мұхаммед Хайдар Дулатиді Қабылдағы Бабырға жөнелтті. Мұхаммед Хайдар Дулати Мауреннахрға жасаған  Бабырдың жорығына қатысты. 1512 жылдан Қашғардағы Сұлтан Саид қол астында  жүрген Мұхаммед Хайдар Дулати жоғары әскери және сарай ішіндегі қызметтерді  атқарды. Ол 1514 жылы Жаркент пен Қашғар үшін Әбу Бәкірмен болған соғысқа, сонымен  бірге Тибет пен Оңтүстік Шығыс  Қазақстанға, Қырғызстанға жасалған жорықтарға қатысты. Мұхаммед Хайдар Дулати хан  тағының мұрагері Әбу ар-Рашид  сұлтанға тәлім-тәрбие берді.

Бабырдың сөздері бойынша, Мұхаммед Хайдар Дулатидің бойында энциклопедиялық  білім болған. Ол барлық саяси оқиғалардың бел ортасында жүрді, саяси қайраткерлерді де білетін. Мұхаммед Хайдар Дулати Моғолстан, Орта Азия мен Қазақстанның, әсіресе, дулат тайпасының феодалдық бөлігінің тарихын жетік білген. 1541-1546 жылдары Кашмирде ол "Тарихи Рашиди" атты еңбегін жазды. Бұл еңбекті Мұхаммед Хайдар Дулати ұрпақтан ұрпаққа жеткізіліп отырған дулаттардың өткені туралы әңгімелерге, моғолдардың аңызына, моғол хандарының сарайларында сақталып қалған құпия құжаттарға, куәгерлердің мәліметіне және өз бақылауларына сүйене отырып, парсы тілінде жазды. Сонымен бірге, автор бұрындары өмір сүрген Жувейни, Жамал Қараши, Рашид-ад-дин, Әли Иазди, Әбдіразақ Самарқанди сынды атақты ғалымдардың тарихи туындыларын қолданды. Бұл туындыны архив мәліметтеріне сүйене отырып жазылған тарихи анықтама деуге толық негіз бар. Мұхаммед Хайдар Дулати қазақтардың орта ғасырлық тарихы туралы көптеген құнды мәліметтер қалдырды. "Тарихи Рашиди" атты еңбекте қазақ хандығының қалыптасуы туралы, мұнан кейінгі Жетісу мен Шығыс Дешті-Қыпшақта болған оқиғалар, Моғолстанның құлауы, феодалдық соғыстар, қазақтар, қырғыздар және өзбектердің сыртқы жауға қарсы күресте өзара одақтасуы туралы көптеген мәліметтер бар. Сонымен бірге бұл еңбекте XV-XVI ғасырлардағы Оңтүстік және Шығыс Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық жағдайы, орта ғасырлық Қазақстандағы Жетісудың тарихи жағрапиясы, қалалық және егіншілік мәдениеті туралы құнды мәліметтер бар.

1533 жылы хандық таққа қайта  отырған Абу-ар-Рашид, өз тайпаларынан  қауіп төне ме деген оймен, оларды қуғындай бастады. Мұхаммед Хайдар Дулатидің немере ағасы Саид Мұхаммед мырза Дулатты өлтірді. Мұхаммед Хайдар Дулати Үндістанға қашып кетті. Онда ол Ұлы Моғолдар сарайында әскерлерді басқарды.

Мұхаммед Хайдар Дулати 1551 жылы жергілікті тұрғындардың көтерілісі кезінде қаза болды.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

ШОҚАН УӘЛИХАНОВ

Шоқан Уәлиханов (шын аты - Мұхаммедханафия) Шыңғысұлы (қараша, 1835, Құсмұрын бекінісі, қазіргі Қостанай облысы, сәуір, 1865, Алтынемел, қазіргі Алматы облысы) - қазақтың ұлы ғалымы, ориенталист, тарихшы, этнограф, географ, фольклорист, ағартушы, демократ. Омбының кадет корпусын бітірген (1853), Петербург университетінің тарих-филология факультетінде лекция тыңдаған (1861-1862). Арғы атасы - Абылай. Оның үлкен ұлы Уәли (1741-1821) - Шоқанның туған атасы. Уәли өліп, әкенің бас мұрагері - оның үлкен ұлы Ғұбайдолла (Абайділда) Сібірге айдалып кеткендіктен, хан шаңырағы хандық, билік Уәлидің кіші әйелі Айғанымда қалды. "Уәлидің бәйбішеден туған балалары әкесінің Ресей қол астына қарағандығын мойындағысы келмей жатқанда, Айғаным мен оның балалары Ресейге адал ниетін сақтап қалды. Уәлиханның осы жесіріне Александр І аса бір ықылас білдірді. Сөйтіп, қазақ даласында оған сәулетті үй салып беруге әмір етті, сол үйде Шоқан Уәлиханов туып еді", - деп жазды П. П. Семенов-Тянь-Шанский. Балалық шағы әуелі Құсмұрында (әкесі аға сұлтан болғанда), кейін Көкшетаудағы ата мекені Сырымбетте халықтың қайнаған ортасында өткен. Уәлиханов жас күнінен тарихи өлең, жыр, аңыз, әңгімелерді қызықтап, соларға құлақ түріп өскен. Тіпті Құсмұрындағы шағының өзінде "Қозы Көрпеш-Баян сұлу" жырын жазып алғаны бар. Сырымбетте аңыз, жырлар сюжетіне сурет салатын болған. Сөйтіп, табиғатынан алғыр, зерек баланың рухани бағыт-бағдары ерте қалыптаса бастайды.

Ш. Уәлиханов әуелі Құсмұрында қазақ мектебінде оқып, арабша хат таниды. Дәстүр бойынша "жеті жұрттың тілін білуге" тиісті хан баласы Шығыс тілдерінен араб, шағатай тілін жасынан жақсы үйренген, кейінірек Орта Азияның түркі тілдерін меңгерген.

1847 жылы күзде 12 жасар Шоқанды  әкесі Омбыға әкеліп, орыс достарының көмегімен Омбы кадет корпусына оқуға орналастырады. Сібірдегі ең таңдаулы оқу орны болып есептелетін бұл корпус, декабрист А. Завалишиннің сөзімен айтқанда, "ағартушылық пен патриотизмнің өркен жайған жері" болатын.

"Корпуста ой-өрісі, білімі жағынан Шоқан тез өсті, орыс жолдастарын басып озып отырды. Екі-үш жылдан кейін-ақ Шоқан өз класындағылардан ғана емес, өзінен екі жас үлкендердің класындағыларды да идея жағынан басып озды" - дейді бірге оқыған досы Г. Н. Потанин. Шоқанның рухани өсуіне орыс әдебиетінің мұғалімі ориенталист Н. Ф. Костылецкий (1818-1867), мәдениет тарихы курсын жүргізген айдаудағы ғалым Гонсевский, әдебиетші В. П. Лободовский (Н. Г. Чернышевскийдің жас кезіндегі досы, кейін идеялас әріптесі) елеулі ықпал етеді. Костылецкий арқылы 1852 жылы Шоқан мен И. Н. Березин арасындағы тікелей достық қатынас басталады. Березиннің тапсырмасы бойынша Шоқан Тоқтамыстың "Хан жарлығына" талдау жасайды. Бұл - оның алғашқы ғалыми жұмысы.

Осылайша, Шоқан корпустың мұғалімдері  мен Омбының алдыңғы қатарлы  интеллигенциясының көзіне түседі. 14-15 жасар Шоқанға мұғалімдері болашақ  ғалым, зерттеуші деп қарайтын еді. Шоқан тарих, география кітаптарын бас алмай оқиды. Сирек кездесетін көне кітаптарды қол жете бермейтін фундаментальдық кітапханадан алып оқуға корпус басшылары оған арнайы рұқсат еткен. Орал, Еділ, Каспий алабын, Оңтүстік Сібір, Байкал, Алтайды зерттеген П. С. Палластың (1741-1811) "Саяхатын", Еділ, Каспий, Оралдың тарихы мен этнографиясын жазған П. И. Рычковтың күнделікті жазбаларын, әсіресе, кітаптардың туған жерге арналған беттерін қызыға оқыған. Жас Шоқанның білімдарлығын, Шығыс әдебиетін жақсы білетіндігін С. Ф. Дуров, П. П. Семенов-Тянь-Шанский, Г. Н. Потанин, Н. М. Ядринцев жоғары бағалаған.

1853 жылы Уәлиханов кадет корпусын  бітіріп, атты әскер корнеті атағын алып шығады. Сібір казак-орыс әскері 6-атты әскер полкіне офицер болып тағайындалады. Іс жүзінде Батыс Сібір генерал-губернаторының кеңсесінде қалдырылады. Бір жылдан кейін Батыс Сібір мен Қазақстанның солтүстік-батыс аймағын басқарған генерал Г. Х. Гасфорттың (1790-1874) адьютанты қызметіне белгіленеді. Екінші жағынан Батыс Сібір өлкесінің Бас басқармасы оны айрықша тапсырмаларды орындайтын офицер етіп ұстайды.

1856 жылы Шоқан М. М. Хоментовский  басқарған әскери-ғылыми экспедицияға қосылады. Экспедиция қырғыз елін жете зерттеуге, Ыстықкөл аймағының картасын түсіруге тиіс болады. Бұл Шоқанның ғылыми жұмыс жүргізуіне мүмкіндік ашады. Осы жылы ол "Манасқа" назар аударады. Іленің басындағы Манас жорық жасады деген қаланың орнын барып көреді. Маусымның ортасында Ыстықкөлге жетіп, оның шығыс, солтүстік-шығыс жағалауының, тау асуларының картасын түсіреді. Бірнеше маршрутта Шоқан Семенов-Тянь-Шанскиймен бірге жүреді. Онымен 1856 жылы көктемде Омбыда Гутковскийдің үйінде танысып, содан былай дос боп кеткен. 1856-1857 жылдары екеуі Жетісуда жиі кездесіп, бірге ғылыми жұмыстар жүргізген. Жетісу, Тянь-Шань сапарларында Семенов-Тянь-Шанский Орта Азия мәселесіне келгенде Шоқанды ғана бедел тұтқанын жазған.

Экспедицияда Шоқан ориентологиялық, энтомологиялық коллекция жинап, гербарий құрастырады. Жетісу, Ыстықкөл аймағынын фаунасы мен флорасын зерттейді. Ыстықкөлдің картасын жасауға қатынасады. Сол алаптағы қираған көне қалалардың мәдениетіне - көне заманғы суару жүйелерінің, архитектуралық мұралардың қалдықтарына, этнографикалар мен тас мүсіндерге үңіледі. Ресей қол астындағы Жоңғарияда, әсіресе, Іле бойында отырықшылықтың болғанын анықтайды. Алакөлден Тянь-Шаньға дейінгі жерді түгел шарлаған ол қырғыздың Бұғы, Сарыбағыш, Солту руларында болып, қырғыз халқының шежіресін, өлең, жыр, аңыздарын, "Манас" жырын жазып алады.

Ш. Уәлихановтың тарих, география саласындағы  даңқы Петербург ғалымдарына  жетіп, 20-дан жаңа асқан Шоқанды 1857 жылы 27 ақпанда Орыс География қоғамының толық мүшесі етіп сайлайды. Бұл - оның орыс ғылымы алдындағы зор еңбегін мойындағандықтың белгісі еді.

1858-1859 жылғы Қашғария сапары  Шоқанның ғылым ағартушылық саласындағы  творчествосы жаңа белеске көтеріліп, дәуірлеп өсуіне жол ашты. Петербургте Шоқан орыстың Шығысты зерттеуші ғалымдарымен, әсіресе, "Орыс География қоғамы" жазбаларының редакторы профессор А. Н. Бекетовпен, Азия департаментіндегі Е. П. Ковалевский, Ф. С. Остен-Сакенмен, Петербург университетінің профессоры, Құлжада консул болған И. И. Захаровпен тығыз байланыс жасайды. Захаровпен бірге Азия департаментінің жоғары мектебінде түркі тілінен сабақ береді. Ш. Уәлихановтың пәтеріне В. Б. Григорьев, В. П. Васильев, В. В. Вельяминов-Зернов т. б. жиі келіп тұрады. Петербургте Шоқан ғылыми, әдеби журналдарға қатысады, энциклопедияға мақала жазады. Шоқанның материалдарын Қазақстан, Орта Азия, Ыстықкөл туралы енбек берген А. Ф. Голубев, Д. И. Романовскийлер пайдаланады. Бас штабтың офицерлері одан алып тұрады.

Науқасы (туберкулез) меңдеген Шоқан  дәрігерлердің ақылымен 1861 жылы көктемде туған елге оралды. Ел ішінде тұрып, туған халқының екі бірдей қанаудың астында езілгенін көрген Шоқан 1862 жылы Атбасар округының аға сұлтаны болуға ризалық білдіреді. "Елдестеріме пайдамды тигізу үшін аға сұлтан болғым келді, оларды чиновниктерден, қазақ байларынан қорғамақ болдым. Сондағы ең алдымен көздегенім - өз басымның мысалы арқылы жерлестеріме оқыған аға сұлтанның пайдалы екенін көрсету еді", - депті ол Достоевскийге жазған хатында.

Аз өмірінде Ш. Уәлиханов Қазақстан мен Орта Азия халықтарының тарихына, географиясы, этнографиясы, фольклорына және қоғамдық-саяси құрылысына арналған көптеген құнды еңбектер қалдырды. Қазақстан географиясында - Балқаш пен Алакөлдің бұрын бір тұтас су айдыны болғандығы және Жоңғар қақпасынан соғатын Ебі желі туралы ғылыми деректерді алғашқы келтіруші де сол. Ол Березиннің "Хан жарлығына" рецензиядан кейін Жалайыридің "Жәми-ат-тауарихын" зерттеп, оның негізгі тарауларын алғаш рет орысшаға аударды, ондағы Шығыс терминдерінің сөздігін жасады. "Шайбани-наме", "Шежре-и түрік" Абулғазы туындылары негізінде теориялық мәні зор "Қазақтың шежіресі" атты еңбек берді. "Жәми-ат-тауарихты" Шоқан сирек кездесетін тарихи шығарма, қазақтың XV-XVI-XVII-ғасырдағы тарихи аңыздарының жиынтығы деп таниды. Кейін "Бабур-наме", "Тарих-и-Рашидиге" терең үңілген ол өз еңбектерінде солардың деректерін орынды пайдаланды. Өле-өлгенше Бас Штаб пен Азия департаментінің қызметкері болып есептеледі. Меңдеген ауруына шипа таба алмай, 1865 жылы сәуірде Шоқан Уәлиханов Алтынемел жотасының етегіндегі Көшентоған деген жерде Тезек ауылында қайтыс болады.

Заманында дүние жүзі ғылымына елеулі үлес қосқан Ш. Уәлихановтың барлық саладағы еңбектері әр кезеңде де жоғары бағаланды.

 

 

 

 

 

ЫБЫРАЙ АЛТЫНСАРИН

Ыбырай (Ибраһим) Алтынсарин, - қазақтың көрнекті ағартушы-педагогы, жазушы, этнограф, фольклоршы. Туып-өскен жері - Қостанай облысының Қостанай ауданы, Арқарағай. Осы өңірде, Тобыл өзенінің жағасынан топырақ бұйырған. Орынбор шекара комиссиясының қазақ балалары үшін ашқан мектебіне оқуға түседі (1850). Мектепті бітірген соң, Орынбор шекара комиссиясында әскери старшина болып қызмет атқаратын үлкен әкесі Балғожа Жаңбыршыұлының хатшысы болады (1857-1859). Орынбор облыстық басқармасында тілмаштық қызмет атқарады. 1860 жылы Орынбор бекінісінде (Торғай) қазақ балалары үшін мектеп ашу тапсырылады, әрі сол мектепке орыс тілінің мұғалімі болып белгіленеді.

Ыбырайдың бүкіл өмірін арнаған  ағартушылық-педагогтық қызметі осылай басталады. Тікелей өзінің араласуымен  халықтан жинаған қаржыға мектеп үйін және интернат салып, 1864 жылы 8 қаңтарда мектептің жаңа ғимаратын салтанатты түрде ашады.

Ұстаздық-ағартушылық қызметке қоса Ыбырайға басқа да жұмыстарды атқару жүктеледі. Орынбор генерал-губернаторының тікелей тапсыруы бойынша Торғайда төрт рет уездік судья болып (1868-1874), Торғай уездік бастығының аға жәрдемшісі (1876-1879) қызметін атқарады.

Ыбырай инспекторлық қызметке кіріскен соң оқу-ағарту жұмыстарын одан әрі жандандырып, Елек, Қостанай, Торғай, Ырғыз уездерінде бір-бірден екі кластық орыс-қазақ мектептерін ашады, оларды қажетті кітаптармен жасақтайды. Әсіресе, елдің көшпелі өмір салтын ескеріп, Ресейдің халық ағарту жүйесіне жаңа үлгілі білім беру тәсілін ұсыныс етеді. Нәтижесінде, 1888 жылы 10 сәуірде Омбыда бастауыш мектептер үшін қазақ жастарынан оқытушылар даярлайтын мұғалімдер мектебі ашылады. Ыбырай мұнан әрі қазақ жастары арасынан экономика, ауыл шаруашылығы, қолөнер кәсіпшілігі салаларына қажетті мамандар даярлайтын училищелер ашуға көп күш жұмсайды. Тіптен, Қостанайдан ашылатын ауыл шаруашылық училищесіне өзінің иелігіндегі жерін беретіні туралы өсиет қалдырады. Ыбырайдың қазақ қыздары үшін Торғайда, Қостанайда, Қарабұтақта, Ақтөбеде мектеп-интернат аштыруының тарихи мән-маңызы зор болды.

Ыбырай оқу-ағарту жұмыстарына  өз заманының ең озық әдістемелерін  қолдана отырып, білімнің балаларға  ана тілінде берілуіне айрықша мән береді. "Қазақ хрестоматиясы" атты оқулық, "Қазақтарға орыс тілін үйретудің бастауыш құралы" атты дидактикалық оқу құралын жазды. Бұл кітаптарындағы оқушыны отан сүйгіштікке, еңбекке, кісілікке тәрбиелейтін ғибратты шығармалары ешқашан да өзінің мән-мағынасын жоймақ емес.

Тек қана оқу-ағарту жұмыстары емес, Ыбырай сонымен бірге сол кездегі қоғамдық-саяси өмірге сергек араласып, ғылым-білімге, еңбек пен өнерге, дінге, этнографияға қатысты мақалалар жазды. Оның, әсіресе, көркем еңбектері қазақ әдебиетінің қалыптасуына айрықша ықпал етті.

Аудит готовой продукции. 6